Главная » Материалы » ҒТАХР 03.61.91 МАРАТ МҰҚАНОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ОРТА ЖҮЗ РУЛАРЫНЫҢ ТАРАЛУ АЙМАҚТАРЫ

А.Д. АРЕПОВА¹. ¹Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология Институтының ғылыми қызметкері, әл-Фараби ат. ҚазҰУ-нің PhD докторанты.

ҒТАХР 03.61.91 МАРАТ МҰҚАНОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ОРТА ЖҮЗ РУЛАРЫНЫҢ ТАРАЛУ АЙМАҚТАРЫ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2 (22) сәуір-маусым 2020

Теги: арғын, қыпшақ, тарих, этникалық, ру-тайпалар, жүз, Орта, Мұқанов, М., сөздер:, Түйін, найман, керей, уақ, қоңырат.
Аннотация:
Аңдатпа. Саналы ғұмырының қырық жылдан астам уақытын ғылымға арнаған Марат Мұқанов артына мол мұра қалдырды. Ол, әсіресе, Орта жүз ру-тайпаларының шығу тегі мен этникалық тарихы, орналасу аймақтары туралы зерттеп, өз ізденістерінің нәтижелерін ғылыми тұжырымдап берді. 1974 жылы Марат Сәбитұлы Мұқановтың «Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза» атты еңбегі басылып шықты. Еңбекте негізінен Орта жүз рулары мен тайпаларының таралған аймақтарына географиялық сипаттама беріліп, олардың Ресей империясының құрамына кіруі және осыдан кейінгі қазақ руларының таралуындағы өзгерістер мен әкімшілік реформалар зерттелді. М. Мұқановтың кеңес билігінің күшейіп тұрған кезінде жазуы аталмыш еңбегін таптық көзқараспен қарауға негіз болғаны анық. Алайда сол кезге дейін жарыққа шыққан орыс саяхатшылары мен шенеуніктерінің еңбектерін, архив құжаттарын кеңінен пайдалана отырып жазылған ғылыми еңбек өте құнды. Әлі күнге дейін қазақтың этникалық тарихымен айналысқан зерттеуші қауым М. Мұқановтың бұл еңбегін айналып өтпейді. Мақалада Марат Мұқановтың «Орта жүз қазақтарының этникалық құрамы мен таралуы» еңбегі (1974 ж. жарық көрген) бойынша Орта жүз тайпаларының орналасу аймақтары қарастырылады. Қазақ халқының этникалық тарихымен алғашқылардың бірі болып ғылыми түрде айналысқан М. Мұқановтың осы салаға сіңірген еңбегі зерделеніп, ондағы тарихи-этнографиялық мәліметтерге талдау жасалады.
Содержание:

Кіріспе. ХХ ғасырдың 60-жылдары қазақтың этникалық тарихын зерттеу жұмыстарымен кей ғалымдар айналыса бастады. М.С. Мұқанов пен В.В. Востровтың тарихи этнография саласындағы «Родоплеменной состав и расселение казахов (конец ХІХ – начало ХХ вв.)» атты еңбегі 1968 жылы жарыққы шықты. Осы зерттеуден кейін Марат Сәбитұлы Солтүстік, Солтүстік-Шығыс, Орталық Қазақстан қазақтарының этникалық тарихына, құрамы мен орналасуына байланысты бірнеше ғылыми мақалалар жариялап, өз ізденісінің қорытындысын 1974 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан «Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза» деген көлемді монографиялық еңбегінде жинақтап берді.

Материалдар мен әдістер. Мақалада Марат Сәбитұлы Мұқановтың «Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза» еңбегіндегі Орта жүз тайпалары мен руларының XVIII ғасырдың ортасынан бастап ХІХ ғасырдың 20-жылдарындағы Ереже қабылдаудан кейінгі орналасу аймақтары негізгі деректермен салыстырмалы түрде сипатталады. Мақала тарихи этнография бағытында жазылған. Салыстырмалы сипаттау, талдау, ретроспективті әдістер қолданылады.

Талдау (тақырыптың зерттелуі). М. Мұқановтың ғылыми тұжырымдары өзінен кейінгі этникалық тарихымызға қатысты зерттеген ғалымдардың еңбектерінде қолданылып келеді. Ал тарихнамалық сипатта жазылған еңбектерде М. Мұқановтың тарихшы-этнограф ретіндегі қазақ шежіресінің өзекті мәселелерін қозғағаны, осы жолда көптеген жетістікке жеткені туралы айтылған. Ғалым дүниеден өткен соң О. Исмагулов оның өмірі мен қызметі жайлы естелік мақала жазды (Исмагулов, 1998: 114). Мұқанов мұраларын зерттеумен айналысқан Ә. Исаеваның еңбегін ерекше атап айту керек (Исаева, 2019).

Зерттеу нәтижелері. М. Мұқанов Орта жүз қазақтарының этникалық тарихымен ғылыми дәрежеде айналысты, бес томдық Қазақстан тарихындағы қазақ ру-тайпаларына қатысты параграфын жазу барысында ол өзіне дейін белгілі болған түрлі дерек көздерін өз зерттеулерінде толықтай пайдалануға тырысты, сонымен қатар далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Еңбектің басты құндылығы Орта жүз тайпаларын этникалық зерттеудегі проблеманың негізгі ерекшелігі мен спецификасын жан-жақты және нақты талдауы саналатынын зерттеуші Ә. Исаева өз еңбегінде атап кетеді (Исаева, 2019: 67). Зерттеуші ғалым өз зерттеулерін жасау барысында көптеген дерек қорларымен танысып шығады. Орта жүз руларының этникалық құрамы мен орналасу, таралу аймақтарын зерттеу кезінде ең алдымен араб-парсы, қытай, батыс еуропалық авторлардың, шығыстанушылардың жазып қалдырған мәліметтеріне сүйене отырып, өзіндік тұжырымдар жасады. Әсіресе ІХ – Х ғасырларды Қазақстан территориясында өмір сүрген тайпалар жайлы құнды мәліметтер беретін Тамим ибн-Бахр, Ибн Хордадбек, әл-Яқуби, әл-Факих, Қудама ибн-Джафар еңбектері, саяхатшы Ибн Фадланның еңбектерінде қимақ тайпалары туралы деректер кездесті. Парсы анонимді авторының «Худуд әл-әләм» еңбегінде неғұрлым толығырақ деректер, атап айтқанда, қимақтардың батыс бұтағы – қыпшақтар туралы да деректер кездесетінін айтады. ХІ ғасырға жататын Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегіндегі қыпшақ, йемек, аргу тайпалары туралы деректер, Насир-и Хұсраудың «Муфазат әл-гузз» еңбегінде алғаш рет «Қыпшақ даласы» ұғымының пайдаланылғаны туралы мәліметтер қазақтың этникалық тарихының толық картинасын жасауда көмегін тигізгені анық. Ал найман тайпасының шығу тегі мен таралу аймағын анықтау мәселесін шешуде «Ляо ши» («Ляо әулетінің тарихы») ІХ – ХІ ғасырлардағы тарихи кезеңді қамтитын қытай дерек көзінде кездесетін мәліметтерге сүйенді. ІХ – ХІІ ғасырлардағы түрік тайпалары қимақ, қыпшақ, қарлұқ, оғыз және т.б. туралы мағлұматтар Марвазидің «Таба и әл-хайауан» («Жануарлардың табиғи қасиеттері») атты еңбегінде кездесетінін, одан өзге де Плано Карпини мен Гиьльом де Рубрук жазбалары, «Құпия шежіре», Рашид ад-Диннің «Жылнамалар жинағы», т.б. деректердегі этникалық тарихымызға қатысты мәліметтерді өз зерттеулерінде пайдаланған М.Мұқанов тарихи кезеңдердегі тайпалар тарихын сипаттап берді. Моңғол шапқыншылығы тұсындағы, Ақ Орда, Қазақ хандығы құрылған кездердегі ру-тайпалар тарихы баяндалған деректер 1969 жылы жарық көрген «Материалы по истории Казахских ханств XV – XVIII вв. (Извлечения из персидских и тюркских сочинений)» атты жинақта, Сібір жылнамаларында кездесетін. Осы шығармалардың ішінде кездесетін ру-тайпалардың аттары мен олардың этникалық тарихына қатысты мәліметтерді зерделеген М. Мұқанов Орта жүздің тарихына қатысты өз ойларын осы еңбекте тұжырымдап берді.

XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап орыс баспа әдебиетінде Қазақстан мен оның халқы туралы материалдар жарық көре бастады. Автор ХІХ – ХХ ғасырдың басына дейінгі Қазақстан туралы мәлімет қалдырған шығармаларға тоқталады. Қазақ жеріне Империя тарапынан жіберілген тілмаш М. Тевкелевің жазбалары мен Орынбор губернаторы И. Неплюевтің қызметтік есептері үш жүздің көшпелі шаруашылығы мен олардың орналасуы, рулардың орысқа бағынуы туралы мәліметтерін сақтайды. Орынбор губернаторы Г. Волконскийдің «О киргиз-кайсаках, разделяемых обыкновенно на Большую, Среднюю и Меньшую орды» жазбасында кездесетін Орта жүздің көптеген тайпалары мен руларының саны мен көші-қон тұрақтары мәліметтер және «Описание капитана Андреева о происхождении Средней орды киргиз-кайсаков, собранных в 1790 году из разных сведений» жазбаларындағы Ертіс бойы мен Горькая шебі маңындағы қазақ руларының таралуы туралыс сондай-ақ архив құжаттары мәліметтері ғалымға толыққанды зерттеу жүргізуге мүмкіндік берді. Қазақстан жайлы ең алғашқы әдеби жазбалар қатарына 1627 жылы жазылып, бірақ 1773 жылы алғаш жарық көрген «Үлкен Сызба кітабын» жатқызады. Одан кейін Г.Ф. Миллердің «История Сибири», П.И. Рычковтың «История Оренбургская по учреждению Оренбургской губернии» және «Топография Оренбургская», И.Г. Георгидің «Описание всех обитающих в Российском государстве народов», Г.И. Спасский, Махонин, А.А. Шахматов, А.И. Левшин, В.В. Вельяминов-Зернов, И.Березин, Ш.Ш. Уәлиханов, М. Красовский, К. Струве, Г. Потанин, Н. Коншин, С. Идаров, А. Леопольдов, М.Н. Галкин, А.К. Гейнс, Н.А. Абрамов, Н.А. Аристов, Г.Е. Грумм-Гржимайло, И.И. Крафт, В. Маевский, Т. Седельников, А. Митаревский, М. Чернов сияқты зерттеушілердің еңбектері мен Ф. Щербина, В.К. Кузнецов, А.В. Переплетчиков т.б. басшылығымен Қазақстанда жүргізілген экспедиция материалдарына сипаттама беріп өтеді (Муканов, 1974: 6-22).

М.Мұқанов осы еңбегінде қазақ халқының құрамындағы ру-тайпалар тарихын тереңнен тартып, олардың атауының шығу төркінінен бастап, тарихи дәуірлердің әр кезеңіндегі мемлекеттік бірлестіктердің қайсысының құрамында болғанын саралап берген. Ақ Орда ыдырағаннан соңғы уақыттағы орта ғасырлық ру-тайпалардың қай мемлекеттің құрамында болғаны жайлы XV ғасырдың басында оның орнында бірнеше иеліктер пайда болғанын, олардың ішіндегі неғұрлым ірілері Ноғай Ордасы мен Өзбек хандығы болғанын, Өзбек хандығы немесе Көшпелі өзбек мемлекеті Сырдарияның төменгі және орта ағысы мен Солтүстік Арал жағалауынан солтүстікте Жайық пен Тобылға дейін және солтүстік-шығыста Ертіске дейінгі жерлерді, яғни кейін Орта жүздің тараған жерін алып жатқанын айтады (Муканов, 1974: 23-24).

Көшпелі өзбектер мемлекеті жергілікті экономикалық және этникалық негізде құрылған мемлекет еді. Әбілхайыр ханның қол астынан алғашқы Қазақ мемлекетінің бөлініп шығады.  XV ғасырдың соңында Қазақ хандығы мен Шайбани хан арасындағы қырқыстар нәтижесінде Шайбани хан Мәуереннахр территориясына кетеді де, оның Орталық Қазақстан территориясындағы ықпалы бәсеңдейді. Ал 1510 жылы Шайбани ханның өлімінен соң өзбек-қазақтардың Шайбани ұрпақтарына тәуелділігі толығымен жойылады. Қазақ хандары өздерінің қол астындағы ру-тайпаларымен бірге Орталық және Солтүстік Қазақстан далаларына қайта оралады. Осылайша бұрынғы Өзбек хандығының халқы қазақ деп атала бастады. XІV ғасырдың ортасына таман Шағатай ұлысының орнында Моғолстан мемлекеті құрылды, оның құрамына Жетісу мен Балқаш көлінің батыс жағалауы енді.

XVI ғасырдың басындағы Қазақ хандығындағы қалыптасқан саяси және әлеуметтік жағдайлар қазақ халқының қалыптасуына ықпал етті.

XVIII ғ. бірінші жартысындағы орыс-қазақ қатынастарының дамуы қазақтардың орыс бодандығына өтуіне байланысты Қазақстан территориясында үш жүзге бөліну туралы құжаттар қалды. Өкінішке орай, ешқандай құжатта Ұлы, Орта және Кіші жүзге қашан бөлініп, қашан құрылғаны туралы бір де бір ақпарат айтылмайды. Өзіне дейінгі мағлұматтарды саралай келе М. Мұқанов зерттеушілердің ортақ пікіріне сүйенеді: қазақ жүздері XVI ғ. басында құрылды деп топшылайды ол (Қазақстан тарихы, 2010: 308-314). «Жүз – қазақ хандығы мен халқы құрылғанға дейін жекелеген тайпалық одақтың территориясы саналған қазақ ру-тайпаларының топтаса орналасқан шаруашылық және географиялық аймағы. «Жүз» сөзінің өзі «бөлік», «жақ» дегенді білдіреді. Жүздердің қалыптасуының өзегінде жекелеген ру-тайпалардың тайпалық одаққа бірігуі жатты» (Муканов, 1974: 26). М. Мұқановтың бұл пікірі Жүздердің пайда болуы туралы тұжырымдардың арасында өзінің өміршеңдігін көрсетіп келеді. Саяси және экономикалық факторлар дами келе XVI ғасырдың басында қазақ халқының қалыптасуына ықпал етті деп санайды ол.

XVII – XVIII ғасырлар қазақ-қалмақ соғыстарымен тарихта қалды. XVIІ ғасырдың бірінші жартысынан бастап қазақтар мен қалмақтар арасында үздіксіз соғыстар жүргені белгілі. Екі көшпелі халық арасындағы соғыс жайылым жерлерге талас туғызды. Ертіс, Есіл, Тобыл бойындағы жайылымдарды иелену жолындағы тартыстарға Орта жүз тайпалары белсене қатысты. Қалмақпен соғыста қазақтар орыс билеушілерімен одақтас болуға ұмтылды. Әсіресе Сібір жерлері үшін қалмақпен тартыста Ресей патшалығы мен өз жайылымдарынан айырылып қалмау үшін шайқасқан қазақ хандарының мүддесі екі түрлі еді. Ресей патшалығының мақсаты – қазақ жерлерін де өзіне бағындыру болды.

М. Мұқанов орыстардың Сібір иеліктерін қорғауы мен қазақтардың көш жайылымдары үшін соғысы оларды жоңғарға қарсы біріктірді деп санайды. Осы бірігудің арты Кіші жүз ханы Әбілқайыр мен Орта жүздің бір бөлігімен бірге Сәмекенің орыс бодандығын қабылдауына дейін барды деген ой түйеді. Алайда Абылай сұлтан мен Әбілмәмбет хан өзіне қараған тайпалармен 1740 жылдың орталарына дейін ант беруден бас тарты. Осы кезден бастап ХІХ ғасырдың орталарына дейін Орта жүздің барлық ру-тайпалары Ресейге бағындырылды. XVIІІ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласына орыс шенділері келе бастады, олар ру басшыларының айтып беруімен және өздерінің бақылаған ру-тайпалар мен олардың саны және көш жолдары туралы ақпараттарды империя үкіметіне жеткізіп отырды. М. Мұқанов осы бағытта жазылған орын зерттеушілері мен шенеуніктерінің мәліметтерін, оған қоса өзі жасаған экспедициялық материалдарын қарастырып, Орта жүз тайпалары туралы толық картина жасап шығады. Орта жүзді зерттеу нысаны етіп алған М. Мұқанов оның этникалық құрамы мен тайпалардың таралу аймағын тарихи дамудың әр кезеңіне орай қарастырады.

Орта жүз территориясы батыста Кіші жүз жерімен Арал теңізі – Ырғыз өзені – Торғай өзені бойымен шектесіп жатса, шығыста Ертіс өзенінің аңғары – Алтай – Тарбағатай жоталарына дейін созылып жатты. Оңтүстікте Сырдария – Шу өзені – Балқаш көлі аңғары бойымен шектесіп жатты, солтүстікте Томск және Тюмень губернияларына дейін созылып жатты. (Муканов, 1974: 27). Орта жүз тайпаларының көш жолдары мен шекаралары туралы неғұрлым нақтырақ мәліметтер Ресей империясының билігі тарапынан нақты тапсырмамен жіберілген шенділердің материалдарында кездеседі. Қазақ жеріне келген орыс зерттеушілері мен шенділерінің  негізгі тапсырмалары тар ауқымды, мемлекеттік мүддеге сәйкес маңызды болғанымен, олар бақылауына түскен, жергілікті халық өкілдерінен естіген, көрген мәліметтерін жазып қалдырып отырған. М. Мұқанов Орта жүз ру-тайпалары туралы зерттеу жүргізгенде сол кезде белгілі болған тарихи-этнографиялық дерек көздерімен толықтай танысып, талдаған.

XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Орта жүз қазақтарының саны мен орналасуы, көш жолдары туралы Орынбор генерал-губернаторы Г. Волконскийдің еңбегіне сүйене отырып, М. Мұқанов барлық Орта жүз тайпаларының орналасу аймағын сипаттап береді.

XVIII ғасырдың екінші жартысындағы керей-уақ тайпаларының жайлауы Есіл өзенінің бойы мен Жайылма көлінің жағасында болса, қыстаулары Ертіс өзенінің бойында орналасқан. Наймандардың көшіп-қонатын жерлері Ертіс бойы мен Тарбағатай таулары, арғындардың қыстауы Баянауыл, Қызылтау, Далба Укітақазлық, Шыңғыс, Шаған, Торғай өзенінің бас жағы және Алатау тауларында болса, жазғы қоныстары Ерейментау маңы мен Нұра және Жалдысу өзендері бойында орналасқан.

Қыпшақтар Есіл, Обаған өзендері бойында және Жасыр, Бағар шатқалдарында, сондай-ақ бір бөлігі жазда Тобыл, Аят және Уст өзендерінің бойында көшіп жүрсе, қыстаулары Дала бекінісінен бастап Троицк бекінісінен өтіп барып, Уст-Уй бекінісіне дейін және Үй өзенінен Тобыл өзеніне дейінгі далалық аймақтарда орналасқан. Тағы бір қыпшақ тайпасының рулары қыста Шақаяқ пен Торғай маңында Қаратауға дейін көшіп жүрді, ал жайлауы Аман қарағай және Белібей шатқалдары маңындағы тұзды көл маңайында болған.

Арғындар Үшбұлақ, Аман-Қарағай, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы және Құшмұрын сыртқы округтерінде орналасқан. Сонымен қатар арғын тайпасының кей рулары Шу өзенінің оң жағалауын мекендегені туралы да айтады. Жазда Талас пен Ассы өзендерінің арасында көшіп жүрген (Муканов, 1991: 70).

Қазақ халқының құрамына енген қоңыраттар Қазақстанның оңтүстігін жайлады. Олардың жазғы көштері Қорғалжын өзеніне дейін жетті. Қоңыраттар Уәли хан билігі тұсында Орта жүзден ажырап, Ташкент, Бұхара, Қоқанмен шекаралас аймақтарда, Қаратау тауы мен Талас өзенінің бойын жағалай өзбектермен көршілесе, және Түркістан айналасын қоныстанды (Муканов, 1974: 70-73).

П.И. Рычков Орта жүзге найман, арғын, уақ-керей және қыпшақ кіретінін айта келе, «Орта жүз тайпалары бай болып келеді, айырбас саудаға жақсы аттар әкеледі» деп жазады (Рычков, 2011: 342).

XVIII ғасырдың соңына жататын келесі бір дерекке Сібір шекаралық шебінде тұрып, қызмет еткен капитан И.Г. Андреевтің жазбалары жатады (Андреев, 1998). Н. Масанов өз еңбегінде Андреевтің жазбаларына сүйеніп, XVIII ғасырдың соңындағы Орта жүз қазақтарының санын 176 000 үй деген мәлімет келтіреді (Масанов, 2011: С. 143). М. Мұқанов осы автордың ізімен XVIII ғасырдың соңындағы ру-тайпаларды былайша орналастырады. Сыбан-керей; олар жаз кезінде Шар және Қызылсу өзендерінің бойымен Уба форпостына қарсы жақта, қыста – Ертіс бойымен жайылма жерлерде және аралдарда көшіп жүреді;

Ақымбет-керейлер жазғы уақытта Шар өзенінің бойымен шептен жүздеген версттан аса Тарбағатай тауына («Дербүғатай тасы») және Қызыл шелек өзеніне қарай кетеді, қыста Ертіс бойындағы жайылма жерлер мен аралдарда, негізінен Шүлбі форпостына қарсы бетте көшіп жүреді;

Уақтар қойбағыш, жаныбай, шоға, сіргелі, бидалы және т.б. тармақтардан тұратын уақтар жазғы және қысқы уақыттарда Ертіс бойымен Талицк және Долон форпостарының арасында көшіп жүреді.

Семипалатинск бекінісінен төмен қарай Ертіс бойымен келесі рулар орналасады: шоқбатар керейлер Ертіс бойымен Талицк форпостынан Семипалатинск бекінісіне дейінгі жерлерде және бекініске қарсы Сементау тауында көшіп-қонып жүреді; Қаракерейлер (найман) тума, мұрын, байжігіт, қыржы, төртуыл, садыр және т.б. Шыңғыстау тауында көшіп жүреді; Тобықтылар да (арғын) Шыңғыстауды қоныс тепкен. Матайлар (найман) Шыңғыстаудың арғы жағында көшіп жүреді. Бура наймандар Ертіс бойында Семипалат бекінісі мен Долон форпосты арасында, аралдар мен займищелерде көшіп-қонады. Терістаңбалы наймандар Ертіс бойымен Долон бекінісіне қарсы көшіп-қонады. Арғынның бәсентиін руынің бір бөлігі Долон форпосты маңында көшіп жүрсе, тағы бір бөлігі Черемухова станицасына қарсы, одан ары қарай 200 верст қашықтықта Қыржан тауларына дейін көшіп жүреді. Ертіс бойындағы бәсентиіндердің қоныстары Долон форпостынан Ямышев бекінісіне дейінгі жерлерде орналасқан. Уақтың шоға руы ертістің аралдарында Грачевская станицасына қарсы бетте көшіп жүреді. Қаракесек арғындар Грачевская станицасынан 90 верст жердегі Дегелең, Сарыкөл, Қоңыр көлпе, Кең қазылық тау шатқалдарын қоныстанған. Алтайлар (арғын) Сарысу өзенінің жоғарғы ағысы бойында көшіп жүреді. Төртуыл арғындар Ертіс бойы Баянауыл тауларын мекен етеді. Ямышев бекінісінен бастап Железинск бекінісіне дейінгі Ертіс бойын мекен еткендерге келсек, тарақты арғындар Семияр Форпостына қарсы жерлерде бұлақтардан жиналған көл маңын қоныстанған. Қыпшақтың құлан-бұлан, ұзын, көлденең, бұлтұн, танабұға, қарабалық, торайғыр т.б. рулары Ертіс бойында Ямышев пен Железинск бекініістерінің арасындағы аралдар мен займищелерде көшіп жүреді. Атығайла (арғын) Чернорецк форпостына қарсы жерлерде көшіп-қонса, қанжығалылар (арғын) Черноярская станицасына қарсы аралдар мен займищелерде көшіп жүреді. Күрлеуіт қыпшақтар Песчаная станицасына қарсы займищелер мен аралдарда көшіп-қонады. Уақтар Осьморыжск форпостынна жақын маңдарда көшіп жүреді. Сыбан керейлер Пяторыжская станицасы маңында көшіп жүреді. Керейлер өзге де рулармен араласа Железинск бекінісіне дейінгі Ертіс бойында көшіп жүреді. Железинск бекінісінен Омбы бекінісіне дейінгі жерлерде атығай арғындар мен керей мен қыпшақ рулары көшіп-қонып жүреді. Сондай-ақ осы рулар араласып Покровская бекінісіне қарсы далаларда да көшіп жүреді. Оларға жақын Лебяжье бекнісіне қарсы жерлердегі Қамышлы көлі маңында уақ тайпасының бірнеше руы көшіп жүреді. Петропавловск бекінісінен бастап Пресногорьковск бекінісіне дейінгі аралықта, яғни Горькая шебіне жақын орналасқан жерлерде арғынның атығай, қарауыл, шақшақ рулары мен садыр наймандар көшіп-қонып жүреді. Атығай руының құдайберді, байымбет, майлы, балта, қойлы атығай, бабасан тармақтары Ертістің жоғарғы жағындағы Жаңғызтау тауы мен Нұра мен Есілдің жоғарғы ағысы және Қорғалжын көлдерін бойлай орналасқан. Қарауыл руының қылды (қалды), ноғай, батаман, жаулыбай, орақ, құттымбет, жауар және басқа тармақтары атығайлармен бірге Нұра, Есіл бойымен және Көкшетау мен Шұлбар шатқалында, Қылшақты өзенінің бойымен Имантау және Бұлаймы Апырытау тауларының бөктерлерінде көшіп жүреді. Шақшақ арғындар Алабұға өзені бойында және Ерейментау тауларында көшіп жүреді, кейде Торғай және Үлқоян өзендеріне шығады. Садыр наймандар Буқан және Қуқан өзендерінің және одан ары Сарысу өзенінің бойымен оңтүстікке қарай және Нұраның жоғарғы ағысы бойында көшіп жүреді. Арғынның қарауыл руының қырықмылтық, айдарке, қараман, тілек тармақтары Алабұға өзені бойы мен Ерейментау тауын мекен етеді, кейде Торғай мен Үлқоян өзендеріне шығып тұрады. Преснегорьковск дистанциясының шекарасында арғынның сарыжетім руы көшіп жүреді, жайлауы Торғай өзені мен оған құятын сағалары Сары торғай мен Қараторғайдың бойында, қыстауы Тобыл мен Алабұға өзендерінің жоғарғы ағысы бойында орналасқан (Муканов, 1974: 73-75). Арғындардың бір бөлігі Шудың оң жағалауында қыстап, Қаратау тармақтары мен Талас және Ассы өзендерінің аралығында жаз жайлаған (Муканов, 1991: 70).

Әрбір тайпаның, әр рудың өзінің ежелден бері қалыптасқан маусымдық көш жолдары болғаны белгілі. Алайда осы жолдар XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында айтарлықтай өзгеріске ұшырады. XVIII ғасырдың ортасынан бастап ХІХ ғасырдың орталарына дейін Орта жүз тайпалары Ресей империясының құрамына кіру процесін бастан кешті. Бұл кезде Ресей империясының шекарасы Сырдария өзенінің жағалауларына дейін жылжыды (Масанов, 2011: 142-143).

«Қазақ жерінің тарихы» атты еңбегінде толықтай әрі нақтылай жазады: «Орта жүз Тарбағатай қыраттары жүйесінің оңтүстігінен бастап Балқаш көлі, Сарысу өзенінің бас жағы, Қаратау таулары мен солтүстікте Оңтүстік Сібір жазықтарына дейінгі ұлан-байтақ жерді алып жатты. Батыста оның шекаралары Торғай өзенінің бас жағынан Обаған өзеніне дейінгі, шығыста – оңтүстік Алтайдан бастап Сәуір жотасын және Зайсан қазаншұңқырын қамтып, Ертіс алқабының оңтүстік жағалаулары арқылы өтті. Орта жүзді Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей және Уақ тайпалары құрады. Орта жүздің қыстаулары желден жақсы қорғалған, шұрайлы жерлер еді. Суы мол Ертіс, Есіл және басқа өзендер, Зайсан, Марқакөл көлдері, Көкшетау көл жүйелері, жазық далалар мен тау бөктерлеріндегі жайылымдықтар түгел дерлік Орта жүздің иелігінде болды» (Мұқанов, 1994: 6). 1822 жылғы заң актісіне сүйене отырып Орта жүз қазақтары басқалардан ерекшелігі, Сібір қазақтары деп аталды, олар қазақ даласының 23 000 шаршы миль жерін алып жатты деген тұжырым жасайды (Муканов, 1974: 82).

М. Мұқанов негізінен ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Орта жүз ру-тайпаларының орналасуы бойынша құнды мәліметтер береді. Осы кездердегі Орта жүз тайпаларының орналасу аймақтарын таратады. Орта жүз ру-тайпаларының орналасуы мен таралуы туралы ғылыми тұжырымдарына тоқталып өтейік. Керейлердің орналасқан аймағы Үшбұлақ, Аман-Қарағай, Ақмола, Қарқаралы, Аягөз, Көкпекті және Құшмұрын сыртқы округтері аймағы. Наймандар Көкпекті және Аягөз сыртқы округтері шеңберінде, сондай-ақ біраз бөлігі Баянауыл және Көкшетау сыртқы округтерін қоныс тепкен (Муканов, 1974: 93). Көкпекті округінің территориясы батыста Ащысу өзені бойымен Қарқаралы округі арғындарының қөш жолдарымен, солтүстікте – уақтардың көш жолдарымен Ащысу өзенінің төменгі ағысында шектесе келе, шығыста Ертістің оң жағалауына дейін созылып жатты. Қыпшақтар Орынбор ведомствосы жерлерінде орналасты. Сібір қазақтары облысының территорияларында қыпшақтардың көп бөлігі Орынбор ведомствосымен шектесіп жатқан Ақмола сыртқы округінде кездеседі. Аз тобы Омбы округіндегі казак әскерлерінің жерлерінде, Көкшетау және Құшмұрын сыртқы округтерінің территорияларын қоныс тепкен. Уақтар Ақмола, Баянауыл, Аягөз және Аман-Қарағай сыртқы округтерін қоныстанған. Қауымдасқан біраз ғана бөлігі Қарқаралы және Көкпекті қазақтарының арасында көшіп-қонып жүрді. Қоңыраттардың біраз бөлігі Орта жүзден алшақтап, Қазақстанның оңтүстік аймақтарына қарай көшіп кетті, одан ары қарай Ташкент, Бұхара және Қоқан шекараларына дейін барды. Алайда қоңыраттардың негізгі бөлігі Қаратаудың оңтүстік бөктерлерін – Түркістан аудандарынан оңтүстік-шығысқа қарай Бугун, Шаян, Арыс өзендерінің бойын мекендеп жүреді.

Қорытынды. М. Мұқанов өзінің Орта жүз қазақтарының этникалық құрамы мен таралуы туралы еңбегінде Орта жүз тайпалары мен руларының орналасу аймақтарын тарихи кезеңдердің әр бөлігіндегі жағырапиясын анықтап береді. Кеңестік кезеңдегі тыйым салынған тақырыптарға батыл қалам тартқан ғалым қазақ халқының этникалық тарихы, Қазақ ру-тайпаларының құрамы мен шежіресіне қатысты зерттеу жүргізді. Орта жүз тайпаларының әр түрлі тарихи кезеңдердегі этникалық тарихын ғылыми түрде жүйелеп берді.

Әдебиеттер және деректер тізімі:

Андреев И.Г. Описание Средней орды киргиз-кайсаков. – Алматы: Ғылым, 1998. – 281 с.

Жизнь и деятельность П.И. Рычкова. Т. 4. / Сост. и отв. ред. Г.И. Матвиевская. – Оренбург: ООО «Издательство «Оренбургская книга», 2011. – 456 с.

Исаева Ә.И. Көрнекті ғалым М.С. Мұқанов және ХХ ғасырдағы отандық этнология. – Алматы: ЖШС «Palitra Press», 2019. – 296 б.

Исмагулов О. Памяти Марата Сабитовича Муканова (1929 – 1998 гг.) // Отан тарихы. – 1998. – № 2. – С. 114.

Қазақстан тарихы: Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 2-т. Алматы: Атамұра, 2010. – 638 б.

Масанов Н.Э. Кочевая цивилизация казахов: основы жизнедеятельности номадного общества. – Изд. 2-е, дополненное / Сост. Л.Е. Масанова, И.В. Ерофеева. – Алматы:Print-S, 2011. – 740 с.

Муканов М.С. Этническая территория казахов в XVIII – начале ХІХ веков. – Алма-Ата: Қазақстан, 1991. – 80 с.

Муканов М.С. Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза. Алма-Ата, 1974. – 200 с.

Мұқанов М.С. Қазақ жерінің тарихы. Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1994. – 80 б.

References:

Andreev I.G. Opısanıe Sredneı ordy kırgız-kaısakov. – Almaty: Ǵylym, 1998. – 281 s.

Jızn ı deıatelnost P.I. Rychkova. T. 4. / Sost. ı otv. red. G.I. Matvıevskaıa. – Orenbýrg: OOO «Izdatelstvo «Orenbýrgskaıa knıga», 2011. – 456 s.

Isaeva Á.I. Kórnektі ǵalym M.S. Muqanov jáne HH ǵasyrdaǵy otandyq etnologııa. – Almaty: JShS «Palitra Press», 2019. – 296 b.

Ismagýlov O. Pamıatı Marata Sabıtovıcha Mýkanova (1929 – 1998 gg.) // Otan tarıhy. – 1998. – № 2. – S. 114.

Qazaqstan tarıhy: Kóne zamannan búgіnge deıіn. Bes tomdyq. 2-t. – Almaty: Atamura, 2010. – 638 b.

Masanov N.E. Kochevaıa tsıvılızatsııa kazahov: osnovy jıznedeıatelnostı nomadnogo obestva. – Izd. 2-e, dopolnennoe / Sost. L.E. Masanova, I.V. Erofeeva. – Almaty: Print-S, 2011. – 740 s.

Mýkanov M.S. Etnıcheskaıa terrıtorııa kazahov v XVIII – nachale HIH vekov. – Alma-Ata: Qazaqstan, 1991. – 80 s.

Mýkanov M.S. Etnıcheskıı sostav ı rasselenıe kazahov Srednego jýza. – Alma-Ata, 1974. – 200 s.

Muqanov M.S. Qazaq jerіnіń tarıhy. Almaty: Atamura-Qazaqstan, 1994. – 80 b.

МРНТИ 03.61.91

ТЕРРИТОРИЯ РАССЕЛЕНИЯ ПЛЕМЕН И РОДОВ СРЕДНЕГО ЖУЗА В ТРУДАХ М.МУКАНОВА

А.А.АРЕПОВА¹

¹Научный сотрудник Института Истории и этнологии имени

Ч.Ч. Валиханова, PhD докторант КазНУ имени аль-Фараби

Аннотация. Марат Муканов, посвятивший науке более сорока лет своей жизни, оставил богатое наследие. Он изучал происхождение и этническую историю племен Среднего жуза, территории расселения и научно формулировал результаты своих исследований. В 1974 году была опубликована работа Марата Сабитовича Муканова «Этнический состав и расселение казахов в среднем жузе». В работе в основном описываются географические особенности расселения племен и родов Среднего жуза, процесс их вхождения в состав Российской империи и последующие изменения в распределении казахских племен и административные реформы. Понятно, что труд М. Муканова в период советской власти послужило основой для классового подхода к этой работе. Однако научная работа, написанная при широком использовании трудов русских путешественников и чиновников, архивных документов до этого времени, считается очень ценной. Исследовательское сообщество, занимающееся этнической историей казахов, до сих пор не проходит мимо этой работы М. Муканова.

В статье рассматривается расселение племен Среднего жуза по труду Марата Муканова «Этнический состав и распространение казахов среднего жуза» (опубликовано в 1974 году). Изучена работа М. Муканова, одного из первых по изучению этнической истории казахского народа, проанализированы исторические и этнографические данные.

Ключевые слова: М. Муканов, Средний жуз, племена, этническая история, кипчак, аргын, найман, керей, уак, конырат.

IRSTI 03.61.91

TERRITORY OF DISTRIBUTION OF MIDDLE ZHUZ’SNOMADIC TRIBES IN THE WORKS OF M. MUKANOV

A.A. Arepova¹

¹Researcher of the Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology,

PhD student of the Al-Farabi Kazakh National University

Almaty, Kazakhstan

Abstract. Marat Mukanov, who devoted more than forty years of his life to science, left a rich legacy. In particular, he studied the origin and ethnic history of the Middle Zhuz tribes, the areas of their location, and scientifically formulated the results of his research. In 1974, the work of Marat Mukanov «Ethnic composition and resettlement ofKazakhs in the Middle Zhuz» was published. The work mainly gives information about the geographical description of the regions of the tribes and clans of the Middle Zhuz, their integration into the Russian Empire and the subsequent changes in the distribution of Kazakh tribes and administrative reforms. It is clear that the work ofM.Mukanov during the formation of Soviet power served as the basis for a class approach to this work. However, the scientific work written before, with the wide use of the works of Russian travelers and officials, archival documents, is very valuable.

The article deals with the place of residence of the Middle Zhuz tribes written in the works of Marat Mukanov «Ethnic composition and distribution of the Kazakhs of the Middle Zhuz» (1974). One of the first to study the ethnic history of the Kazakh people was the contribution of Mukanov to this sphere, his historical and ethnographic data is analyzed.

Keywords: M. Mukanov, Middle Juz, tribes, ethnic history, Kypshak, Argyn, Naiman, Kerey, Uak, Konyrat.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 39

Нет рецензий

Скачать файлы

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ: КӨШІ-ҚОН ТАРИХЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ (1926-1959 Ж.Ж.) ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ АКАДЕМИКТІҢ АМАНАТЫ ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ТОПОНИМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕГІ РӨЛІ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДАҒЫ ОМБЫ УЕЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӘСІПШІЛІГІ ҒТАХР 03.81.37 ТАРИХ-И РАШИДИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МОҒОЛСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖЕР-СУ АТТАРЫ ДЖ. У. БУШ ТҰСЫНДАҒЫ АҚШ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘӨЖ 94 (574.51) ҰЗЫНAҒAШ ШAЙҚACЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН НӘТИЖЕСІ ӘОЖ 94"04/14" ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЕУРОПА МӘДЕНИЕТІНДЕГІ ҚАЛАНЫҢ ОРНЫ ӘОЖ 82 (091), 801.73 «ДАНА ХИКАР ХИКАЯСЫ» ЖӘДІГЕРІ – АРМЯН ЖАЗУЫНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ҚЫПШАҚ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШІ 930.2 ҚАЛИ БІЛӘЛОВ – ЕЛІМІЗДЕГІ БІЛІМ ІСІНІҢ БІЛГІР ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҒТАХР 03.20.00 ЕУРОПАДАҒЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТАРИХИ БІЛІМГЕ ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ТАРИХИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕГІ ИСПИДЖАБ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛАЛАР МЕН ЕЛДІМЕКЕНДЕР ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ "КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ" РӨЛІ ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ «КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ» РӨЛІ ҒТАХР 03.09.31ТАНЗИМАТ РЕФОРМАЛАРЫНА ЕУРОПАЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЫҚПАЛЫ ЖӘНЕ МҰСТАФА РЕШИД ПАША ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ ҒТАХР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР 03.09.31:03,20 СӘТТІҒҰЛ ЖАНҒАБЫЛОВТЫҢ «ДОСАН БАТЫР» ДАСТАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде) ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕКЕ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДЕПТІК ТӘСІЛДЕРІ ҒТАХР 03.20.09.31 СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.41.01 СОЛТҮСТІК-ШЫҒЫС КАСПИЙ МАҢЫ ЖӘНЕ ОҒАН ІРГЕЛЕС АУДАНДАРДАҒЫ САРМАТ МӘДЕНИЕТІ: ПРОБЛЕМАЛАР, ГИПОТЕЗАЛАР ҒТАХР 03.20.29 ХХ ҒАСЫРДЫҢ 30-ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ ҒТАХР 03.20.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ҒТАХР 03.20.09.25 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ ЭЛИТА МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ДІНИ ҰСТАНЫМДАРЫ (Ибн Рузбихан және Мұхаммед Әуез еңбектері бойынша) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАХР 03.19.00 ҚЫТАЙДАҒЫ МИГРАЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (ХХ ғ. аяғы – ХХІ ғ. басы) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАХР 16.00.00 ЛАТЫН ӘЛІПБИЛІ ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМЫ: ШЕТТІЛДІК СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ (1929-40 жж. ) ҒТАХР 03.20:03.29 ӘЛЕУМЕТТІК ТОП ҰҒЫМЫ АЯСЫНДА ДІНИ ЖАМАҒАТТАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ МӘСЕЛЕСІ ҒТАХР 03.09.55 1920-1930 ЖЖ. ШЕТЕЛДІК САЯСИ ЖӘНЕ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ САЯСАТЫ ҒТАХР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында) ҒТАХР 03.09.03 ПАТРИОТИЗМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ ҒТАХР 03.61.91 МАРАТ МҰҚАНОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ОРТА ЖҮЗ РУЛАРЫНЫҢ ТАРАЛУ АЙМАҚТАРЫ

Статьи автора

ҒТАХР 03.61.91 МАРАТ МҰҚАНОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ОРТА ЖҮЗ РУЛАРЫНЫҢ ТАРАЛУ АЙМАҚТАРЫ