Главная » Материалы » ҒТАХР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында)

А.Ғ. Ибраева¹, Ә.С. Темірханова². ¹Т.ғ.д., профессор. М. Қозыбаев ат. СҚМУ. ²Докторант. Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ. Нұр-Сұлтан қ., Қазақстан.

ҒТАХР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында)

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2 (22) сәуір-маусым 2020

Теги: декрет, облыс, әкімшілік-территориялық, автономия, АКСР, Қазақ, қазақ, сөздер:, Түйін, уез, өлке, Алаш, шекара, губерния.
Аннотация:
Аңдатпа. Мақалада 1917 жылғы Қазан революциясынан кейін Кеңес өкіметінің орнауымен байланысты болған саяси оқиғалар, Алаш қайраткерлерінің Ұлттық мемлекетті құрудағы қызметі, Қазақ Кеңестік Социалистік Автономиялы Республикасының құрылуы, Кеңестік жүйе жағдайындағы әкімшілік-аумақтық бөлініс мәселелері жан-жақты қарастырылған. Авторлар бұл мәселенің жан-жақты ашылуына ерекше мән беріп, Солтүстік Қазақстан өңірінің XX ғасырдың басындағы тарихына қатысты бұрыннан белгілі деректер мен ғылыми айналымға енгізіліп отырған архив басылымдары, мерзімдік баспасөз құжаттарын тиімді пайдалану арқылы, шынайы баға беруді мақсат етіп қойған. Алаш қайраткерлерінің ұлттық негіздегі Алашорда мемлекетін құру жолындағы күресі, бұл мәселеде Кеңестердің ешқандай ымырға келмейтін саясат ұстануы жайы да қарастырылған. Сонымен қатар, Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық Комитет (Қазревком) құрылуы мен оның Қазақ Кеңестік Социалистік Автоно¬миясын құрудағы іс-әрекеттері жайында мәліметтер келтірілген. Әсіресе авторлар, патша өкіметінің тұсында Ақмола, Семей губернияларының құрамына енген қазақтың қыруар жерлерінің қайтарылуы жайында және бұл мәселеде Алаш қайраткерлерінің ерекше рөлін тың құжаттар негізінде атап өтеді. Мақала зерттеушілерге, қызығушыларға және жалпы оқырман қауымға арналған.
Содержание:

Кіріспе. ХҮІІІ ғасырдың соңында тәуелсіздігінен айырылған Қазақстан ХІХ-ХХ ғасырларда да дүмпулі оқиғаларға толы болды. Ресей империясындағы үш төңкеріс, Азамат соғысы деп аталған қырғын, тағы басқалары байырғы Қазақ Даласын астан-кестең етті. Қазақ халқы үш ұйықтаса түсіне кірмеген қантөгістердің қаһарлы ізі қасіретке толы болды. Алаш көсемдерінің Тәуелсіздік жолындағы күресінің жемісі ретінде 1917 жылғы 13 желтоқсанда қазақтың өзіне тән ұлттық «Алашорда» үкіметі шаңырақ көтерді.

Материалдар мен әдістері. Тақырыпты зерттеу барысында Солтүстік Қазақстан облысының XX ғасырдың басындағы тарихына қатысты бұрыннан белгілі деректер мен ғылыми айналымға енгізіліп отырған архив басылымдары, мерзімдік баспасөз құжаттарын қарастыра отырып, объективті түрде баға беруді мақсат етіп қойылған.

Жоғарыда аталған зерттеу жұмысының негізгі дереккөздері архив құжаттарын, мәліметтік жинақтарды, шолуларды, белгілі қоғам қайраткерлерінің естеліктері мен мақалаларын, сол кезеңдегі баспасөз жарияланымдарын, тақырыптық құжаттар мен жинақтарды біріктіріп отыр. Күрделі кезеңдердегі тарихи оқиғаларды зерттеу барысында архивтік деректердің ғылыми айналымға молынан қосылуы тақырыпты ашудың ерекшелігі болып табылады және олар бір жүйеге келтіріліп, сыни тұрғыдан талданды. Ғылыми зерттеу барысында тарихилық, жүйелілік, салыстырмалы талдау, жинақтау, объективтілік, ғылыми таным ұстанымдары басшылыққа алынды. Мақалада нақты тарихи қажеттілік, тарихи тағылым, тарихи зерде негізінде қоғамдық-саяси мәселелер бойынша жаңа көзқарастар, ғылыми ойлар ескеріліп отырды.

Талдау.Қарастырылып отырған кезеңнен хабар беретін еңбектің бірі «Солтүстік Қазақстан облысы: туған өлке шежіресінің беттері» деген, орыс тіліндегі ұжымдық авторлары: В.С. Черников, И.С. Белетченко., Т.М. Канаева, П.Н. Осипов, С.М. Пресняков өлкеміздің ерте және орта ғасырларынан бастап, 1991 ж. тамыз бүлігіне дейінгі аралықтағы тарихына қатысты мәселелерді сөз етеді. Аймақтың көне мұрасын жұртшылыққа танымал ету мақсатында Г. Ахметжанова, С. Мәлікова, К. Оспанов және З. Тайшыбай бірігіп жазған «Атамекен атаулары» монографиясына Солтүстік Қазақстан облысы аумағының тарихи топонимикасы арқау болған. 2015 жылы жарыққа шыққан бұл еңбекте қазіргі облысымыздың жер-су, елді мекен атаулары тарихи және этнолингвистикалық тұрғыда зерттелген. Сондай-ақ аталған тақырып М. Бенюх, И. Енговатов, Қ. Қалиев,  С. Мәлікова, М. Мелехин, Қ. Мұқанов, Г. Мұқанова, З. Тайшыбай, В. Трусов, А. Тасболатов т.б. тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылардың зерттеулерінің өзекті жұмысы болды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі мен құрылымына кейбір теориялық түсініктеме «Справочник по истории административно-территориального деления Северо-Казахстанской области (29 июля 1936 – 1 января 2007» атты жинақта берілген.

Зерттеу нәтижелері. 1919 жылы, 10 шілдеде РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің шешімі бойынша Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық Комитет (Қазревком) құрылды. Қазревком болашақ Қазақ Кеңестік Автономиясын дайындап, құру міндетін алға қойды.

1919 жылы Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің және Халық Комиссарлар Кеңесінің декреті мен Қырғыз өлкесін басқару жөнінде Революциялық комитетінің қағидасы бекітілді, онда Қырғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы әкімшілік-аумақтық құрылымының негізі қаланған болатын. 1919 жылы 10 шілдеде №354 «Қырғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы туралы» Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің және Халық Комиссарлар Кеңесінің декретінде:

I. РКФСР-ің бөлігі ретінде Қырғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру, оның құрамына бұрынғы әкімшілік облыс шекараларын енгізу:

а) Семей облысы: Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан және Қарқаралы уездері.

ә) Ақмола облысы: Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл уездері және Омбы уездерінің бір бөлігі.

II. Қырғыз Автономиялы Республикасының орталық органдарын ұйымдастыру толық аяқталғанға дейін, уақытша Ақмола және Семей губернияларына бағынсын. Сібір және Түркістан құрамында уақытша қалған Қазақ облыстарында бірыңғай саясат жүргізу үшін, Сібір революциялық комитетінің және Түркістан Орталық Атқару Комитеті Президиумының құрамына Қазақ революциялық комитеті мүшелері енгізілсін; Қазақ революциялық комитеті мүшелері Қырғыз революциялық комитетінің директиваларын басшылыққа алады.

Ескертпе: Бір жағынан Қазақ революциялық комитеті мен екінші жағынан Түркістан Орталық Атқару Комитеті және Сібір революциялық комитеті арасында Қазақ Автономиялы Республикасына қатысты аумақ шекаралары туралы қайшылықтар туындаған жағдайда, бұл мәселелер РСФСР-дің орталық мекемелерінің қарастырылуына жіберілсін».

Бұл декретке Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің төрағасы М. Калинин, Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В. Ульянов (Ленин) және Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің хатшысы А. Енукидзе қол қойған.

Декрет пәрменіне сәйкес, Революциялық комитетке Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары мен Астрахан облысының бірқатар бөлігі, қазақтар көп қоныстанған аудандарды енгізуді қарастырды. Оны әрі қарай РСФСР үкіметі мен басқа көрші республикалардың келісімі негізінде Қырғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының аумағын түгендеу көзделді.

1919 жылғы шілдеде большевиктер партиясының орталық комитеті мен Кеңес үкіметі Қазақ өлкесін басқару жөнінде әскери-революциялық комитет құрды. Оны басқару орыс большевигі Пестковскийге жүктелді де, мүшелеріне - қазақтардан Сейітқали Мендешев, Әбдірахман Әйтиев, Сақыпкерей Арғыншиев, Әліби Жангелдин, Ахмет Байтұрсынов және басқалары бекітілді. Ревкомға шын мәнінде тиісті дербестік берілген жоқ. Ол, көбінесе большевиктер басқарған Түркістан майданының, дәлірек айтқанда, әскери командирлердің нұсқауымен жүруге мәжбүр болды. Осы құрамдағы басты тұлғалардың бірі, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов туралы кезінде И. Сталин РКП(б) Орталық комитетінің хатшысы Е.Д. Стасоваға: «Мен оны революцияшыл коммунист немесе тілектес деп санамаймын және санаған да емеспін, сонда да оның ревком құрамында болуы өте қажет» деп жазуына қарағанда, большевиктер Ахаңның халық арасындағы зор беделі мен білімін, ұйымдастырушылық қабылетін пайдалануды жөн көрген.

 1920 жылғы 7 мамырда А. Байтұрсынов Кеңес өкіметінің бірінші басшысы В. Ленинге жазған хатын мына сөздермен бастауы тегін емес еді: «Қырғыз (бұдан әрі – қазақ.- авт.) ревкомы құрылған уақыттан бері 10 ай өтті. Ревкомның он айлық жұмысының қорытындысын шығара келгенде, ол өзінің ештеңе тындырмағанын айтуға тура келеді».

Алаш көсемінің бұл хатында тек сол кездегі ғана емес, одан кейін де, Кеңес Одағының 70 жылдық тәжірибесінде орын алған кеселдің бетін ашқан көрегендікті байқаймыз. Өкінішке қарай, Компартия билігінің орыс емес ұлттар жөніндегі саясатының түп-тамырын ашып көрсеткен ғалым А. Байтұрсыновтың ой қорытындылары шындыққа айналды. «Кеңес өкіметінің басында тұрған адамдардың сан миллиондық ұлттың тағдырын мазақ етіп, оны ойынға айналдыруды ойламайтынын; патшалық саясаттың ұлтшылдық пен империалистік саясат ұстанғанын; бұратаналар деп аталған басқа халықтар жөнінде орыстарға ойына келгенді істеуге мүмкіндік берілгенін; бұратаналарға ешқандай құқық берілмегенін; қылмыс жасады деп айыпталған бұратаналардың негізсіз қатаң жазаланғанын даусыз факт деп мойындайтынына біз кәміл сенеміз. Бұған келіскен соң, орыс халқының ғасырлар бойы осы рухта, яғни бұратаналарға шексіз үстемдік ету рухында тәрбиеленгені де даусыз факт ретінде мойындалуға тиіс деп ойлаймын (ҚРОММ. 811-қ., 20-т., 568-іс).

Түркістан майданы РВС, 1-армияның реввоенсоветі мен саяси бөлімі өкілдерінің мәжілісінде Орынборды Қазақстанға беру туралы мәселесі 10 қыркүйек күні Кирвоенком қызметкерлерінің ұсынысымен күн тәртібіне қойылды. Қазақ әскери ревкомының төрағасы С.С. Пестковский, әрине, Мәскеудің ұстанымын қолдады. Ал, компартия билігінің өкілдері А.А. Коростелев пен И.Д. Мартынов бастаған топтың тағы алты адамы керісінше, «орысы көп Орал облысы мен Ақтөбе уезін, Ақмола облысын Орынборға қосуды» жақтады. Сондай-ақ, жаңадан құрылатын Қазақ республикасының астанасын, сол елдің түкпірінен іздеу керектігін айтты.

Орынборды астана жасауға А. Байтұрсынов, С. Меңдешев және М. Тұнғаншин қарсы болды. Ахмет Байтұрсынов «мұндай жағдайда біз дауыс беруге қатыспаймыз» дегенге дейін барды. Өйткені, астанасы Ресейдің ішіндегі қала болған республикада дербестік болуы мүмкін емес еді. Орынбор губкомының, губерниялық атқару комитетінің және Түркістан майданы мен 1-армияның біріккен жиналысы шақырылып, оған «қазақ, башқұрт мәселелерін шешуге» Мәскеуден Михаил Калинин келіп қатысты. Ақыры, Қазақ автономиясының астанасы Орынборда қалды (Аристов, 1897). Расында да ұлан-байтақ Қазақстанды бір қиырда, Ресей жерінде жатқан Орынбордағы орталықтан басқару оңай емес еді. Сол себепті, кейін, 1921 жылы қыркүйекте Қазақ облыстық партия комитетінің хатшысы Г.А. Коростелев, сонымен қатар, Ташкентті қазақтың астанасы ету туралы 1920 жылы білдірген өз идеясын есіне алып, 1922 жылы Т. Рысқұлов Сталинге ұсыныс хаттарын түсірген.

1919 жылы 27 тамызда БОАК Сібір өлкесін басқару үшін, Сібір төңкеріс комитеті құрылып, оның әкімшілік орталығын Омбы қаласын белгілейді. Сол жылдың 23 қарашасында Петропавл уездік ревкомы, 8 желтоқсанда Ақмола және Семей уездік ревкомдары құрылды. Орталығы Петропавл болған Ақмола және орталығы Семей болған Семей губернияларына да Сібір ревкомының билігі жүрді. Оның құрамына Орал тауынан сонау Қиыр Шығысқа дейінгі шалқар аймақ енді. Осылайша, Сібревкомның құрамына өткен ұлан-байтақ қазақ жерлерінде 1916 жылы жүргізілген санақ бойынша саны бір жарым миллионнан асатын қазақ Кирревкомның билігінен тысқары қалып қойды. Сібревкомның басшылығына келген Смирновтың қолына ол кезде қосымша БК(б)П-нің Сіббюросын да басқару жүктеліп, құзырына орасан зор билік берілді.

1920 жылдың жазынан бастап, Қазақ кеңестік автономиясының құрылуын жариялайтын Бүкілқазақ Құрылтай съезін шақыруға дайындық жұмыстары жүрді. Омбыда «Кедей сөзі» газетінің редакция мүшелері М. Жұмабаев, Ғ. Тоғжанов, Т. Телжановтың болашақта құрылатын Қазақ республикасы жайында газет беттерінде жариялаған хабарларының халық арасында әсері зор болды. Қазақстанның барлық губернияларында Бүкілқазақтық съезге өкілдер сайланды.

1920 жылы 20 шілдеде Петропавлда Кеңестердің қалалық және уездік съезі, 21-27 шілде аралығында Көкшетау уезінде, 23-26 шілдеде Ақмолада, 2-5 тамызда Атбасарда Кеңестердің бірінші съезі болып өтті. Жалпы, жаздың аяғында Солтүстік Қазақстанның барлық өңірлерінде ревком таратылып, билікті жергілікті Кеңестерге тапсырды. Жергілікті өкімет билігі болып табылатын Петропавл ревкомының атауы кейінірек «Жұмысшы, шаруа және қызыләскер кеңестерінің Петропавл уездік атқару комитеті» болып өзгертілді. Бұл кезде Петропавл Омбы уезіне қарайтын. 1920 жылдың басында-ақ, әкімшілік-аумақтық құрылымды түбегейлі өзгерту қажет болды. Міндетті түрде жасалған өзгерістерді бекітетін және экономикалық дамудың тиімді жолдарын сәйкес келетін жаңа әкімшілік-аумақтық құрылым жүйесін құру қажеттігі туындады.

Қазақ әскери-революциялық комитетінің мүшесі әрі болашақ Қазақстан билігінің Бүкілресейлік Орталық атқару комитетіндегі өкілдігі алқасының төрағасы ретінде Әлімхан Ермеков 1920 жылғы 18 мамырда Мәскеуге барып, Қазақ республикасының шекара жігін анықтау, нақтылау, даулы мәселелерді одақтық мекемелер арқылы шешумен айналысты.

«Мәскеуге келген бетте мен В.И. Лениннің төрағалығымен өткен кеңеске қатысып, Қазақстандағы жағдайды баяндадым», – деп еске алады Ә. Ермеков. -Менің алдымда Сафаров жолдас баяндама жасады. Қызуқанды, батыл да шешен адам екен, шет аймақтардағы ұлттардың, оның ішінде қазақтардың тұрмыс-тіршілігі ауыр екенін қолға ұстатқандай, дәлелмен айтып берді. «Келімсектерден қысым көріп отырған жергілікті халықтың өз жерін қайтып беру керек. Тек, сонда ғана халқымыз бостандықты түсініп, революцияның жемісін тата бастайды- деді ол. Ленин бұл ұсынысты қолдап, Түркістанда таяу арада жер реформасын жүргізу қажеттігін айтты. Мен Столыпин реформасы дегеннің кезінде қазақтардың жері жаппай тарып алынғанын, Ертістің сол жағасындағы оншақырымдық жолақ 1904 жылы казактарға беріліп, қазақ халқының қуылып тасталғанын, Каспийдің солтүстік жағасына қазақтардың жолай алмай отырғанын...айттым» (Қыдыралина, 2012). Бұдан кейін бұрын Түркістан Республикасы құрамында болған қазақ жерлері түгенделіп, Қазақ автономиялы республикасының аумағы алғаш рет белгіленген болатын.

1920 жылы 9-10 тамызда БОАК жанында В. Лениннің төрағалық етуімен Қазақ автономиясының Сібірмен шекарасы, оның Ресеймен өзара қатысы туралы мәселелерді талқылауға арналған кеңес өтті. Осы жиналыс басталардың алдында Петропавл уезі қазақ болыстары қала-уездік съезі өткізіліп, онда Мәскеуде қазақ жерлерін түгендеуге байланысты болатын жиынға пікір білдірілді. Уездегі қазақ болыстары съезіне қатысушылар атынан РСФСР Ұлттар халық комиссариатына мынадай жеделхат жолданды:

«1920 жылғы 4 тамыз. Біз, Омбы губерниясы Петропавл уезі 15 болысының қазақтары Петропавлдағы қала-уездік съезге жиналып, болашақ Қазақ республикасының шегарасын анықтауға арналған комиссияның құрылуын қолдаймыз және этнографиялық, тарихи және экономикалық жағынан тығыз байланысты Петропавл уезі Қазақ Өлкесінің құрамына енуі керектігіне сенім білдіреміз. Осы құжатқа берілген түсініктемеде, осы жеделхатқа қол қойған болыстардың өкілдері туралы хаттаманың архивта сақталғаны көрсетілген. Олар, Келтесор, Сарайғыр, Тайынша, Жамантұз, Еменәлі, Таузар, Смайыл, Аққусақ және Анастасьев болысының қазақтары екен.

Мәскеу кеңесіне РК(б)П Сібір бюросы мен Сібірревкомның басшы қызметкерлері де дайындалды. Кеңеске қазақ халқының экономикалық және тұрмыстық жағдайларын жақсы білетін Сібір өлкесінің өкілі ретінде белгілі партия қызметкерлері В. Соколов пен Е. Полюдов баратын болып шешілді. Тақырыпты зерттеуші М. Малышева өз еңбегінде Сібірревком қызметкерлері дайындаған «Қырғызстан (Қазақстан) шекарасы туралы» деген құжаттың мазмұнына тоқтала келе, Сібірревком өзінің біржақты мүддесін қорғап, қазақ өлкесіне Петропавл, Павлодар, Семей, Өскемен және басқа Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аудандарын қосу негізін жоққа шығарғандығын көрсетеді.

Кеңесте В.И. Ленин Сібревком мен Ә. Ермеков бастаған қазақ делегациясының өкілдерінің пікірімен танысып, Сібревком ұсынысының халықтар арасындағы араздықты күшейтетінін айтып сынайды. Бұрынғы Дала өлкесінің батысы мен шығысындағы даулы аймақты бөлшектемей, жаңадан құрылмақ Қазақ автономиялы республикасына тұтас қалпында беруге нұсқау береді. Бұл нұсқаудың қазақ халқының пайдасына шешілуі, біздің ойымызша, сол кездегі Кеңес үкіметінің ауыр саяси жағдайымен байланысты болды. Осы жөнінде С. Бейсембаев өзінің «Ленин және Қазақстан» атты еңбегінде РСФСР Совнарком төрағасы В. Лениннің шекара мәселесіне байланысты өте әділ шешім қабылдағанын айтады (Бейсембаев, 1970).

1920 жылы 24 тамызда В.И. Ленин қол қойған «Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру» туралы декрет жарияланды (ҚРПМ. 140-қ., 1-т., 1а-іс, 1-п.). Декрет қабылданғаннан кейін, БОАК-тің және ХКК-і декретті жүзеге асыру барысында қаулы қабылдайды. Қаулы бойынша Қазақ Автономиясының құрамына мына облыстар кірді: Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары; Закаспий облысының Маңғыстау уезі; сол облыстың Красноводск уезіндегі 4 және 5 адай болыстары; Астрахань губерниясынан: Синеморье болысы, Бөкей ордасы, 1-ші және 2-ші Приморье округіне жапсарлас жатқан болыстар. Декреттің 11-ші тармағында: «Қазақ республикасының Ақмола және Семей губернияларының басшылығы қабылдай алатын орталық органдары түпкілікті ұйымдастырылғанға дейін соңғылары уақытша Сібір ревкомының қарамағында қала беретіндігі айтылған (ҚР ОММ 5-қ.1-т. 9-іс. 19-20-пп.).

1920 жылы 4-12 қазанда Орынборда Қазақстан Кеңестерінің бірінші Құрылтай съезі өтіп, онда Қазақ АКСР-і құрылғаны ресми түрде жарияланды. Съезд өкіметтің жоғарғы органдары – Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесін сайлады. Қазақ АКСР ОАК- нің мүшелігіне сайланған 75 адамның бірі – С.Сейфуллин болды. Қазанның 13-інде Қазақ ОАК Президиумының құрамына: С. Меңдешев (төраға), В. Радус-Зенькович, Ә. Жангелдин, С. Сейфуллин, Б. Алманов, Ж. Сәдуақасов, Ғ. Бөкейханов, Ә. Досов т.б. кірді.

Аса назар аударатын бір жай: С.Сейфуллиннің қатысуымен «Қазақ АКСР-і территориясында отарлаудың кез келген түріне тыйым салу туралы Декреттің» жасалуы еді. Құжаттың көшірмесі С.Сейфуллин басқарған Жер комиссиясының шешімімен 30 қарашада РКФСР Жер халық комиссариатына жіберілген. Декреттің қазақ жерін отарлауға заңды түрде шек қойған ең алғашқы құжат болып өмірге еніп, бұдан кейін жерді заңсыз алуға тыйым салудағы орнын ерекше айту керек. Дегенмен, қазақ жерлерін Қазақ АКСР-інің құрамына біріктіру оңай болған жоқ.

Батыс Сібірге қарап келген Ақмола және Семей облыстарын Қазақстан құрамына енгізуде Омбыдағы Сібір революциялық комитетінің (Сібірревком) мүшелері ашық қарсылық көрсеткенін айттық. 1920 жылдың екінші жартысында олар Қазақстанмен шекараны белгілеу мәселесін бес рет қарады. Тіпті, Қазақ АКСР-інің құрылғаны жарияланғаннан кейін де Ақмола және Семей облыстарын қайтару кейінге қалдырылды. Тарихи құжаттар С. Сейфуллиннің аталған екі облысты Қазақ автономиясына қайтаруда ерекше табандылықпен ұлт мүддесі үшін күрескен, қазақ елінің шекарасына байланысты талас тудырған мәселелердің қазақ халқының пайдасына шешілуіне зор үлес қосқан қайраткер екендігін дәлелдеп отыр.

Деректерден байқалғаны, Сібір революциялық комитеті мен арадағы мәселе қайшылықты болған. Сондықтан съезден кейін Қазақ АКСР-і Халықтық комитет Кеңесінің төрағасы В. Радус-Зенькович Сібірревкомға өкіл ретінде жіберілетін адам екі облыстың жұмысына басшылық ете білуі керектігін айтып, оған Н. Кулаков лайық дегенге тоқталды. Ал, мұның алдында Сібір бюросында жұмыс істеп, енді, республикаға қызметке шақырылған Әбілқайыр Досов: «Жергілікті жердің жайынан хабарсыз Кулаковқа бұл істі атқару қиын болады, комиссия құру керек» десе, үкімет төрағасы Сәкен Сейфуллин: «Қазақтар арасында мәдени-ағарту, газет шығару, тағы басқа жұмыстар жүргізу үшін Кулаковтың қасына қазақ қызметкерлерін қосу керек» деп, өз ұсынысын айтты (ҚРОММ 5-қ.1-т. 14-іс. 2-п.). Сонымен, Сібірревкомда құрылған Қазақ өкілдігін басқару Н. Кулаковқа жүктеліп, мүшелігіне Әйтиев, Ашмарин, Әділев, Нұрмақов, Сергеев, Шәріпов кірді. Өкілдіктің міндеттері төмендегідей болып белгіленді: Сібірревком құрамында уақытша қалып отырған облыстарда Қазақ АКСР-інің жоғарғы билік органдарының нормативтік актілерінің орындалуын қадағалау; Ақмола және Семей облыстарын әкімшілік және шаруашылық мәселелерін шешуге қатысу болып анықталды.

1920 жылы 19 қазанда Сібір бюросының мәжілісінде Сібірревком өкілі Е. Полюдов Ақмола және Семей губернияларын 1921 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақ АКСР-іне қосу туралы съезде қабылданған қаулыға қарсылығын білдірді. Оның ойынша «Съезд қазақ шовинизмі басым болған жағдайда өткен». Сібірревком қызметкерлері екі облысты Қазақстанға беруді қайткен күнде тежеуге тырысты. Бұл РК(б)П ОК Сібір бюросының мүшесі Яковлевтің Омбыдағы Қазақ өлкесі комиссиясының төрағасы Н. Кулаковқа 1920 жылдың 26 қарашасында жолдаған хатынан айқын көрінеді. Хатта, әзірге Ақмола, Семей облыстарын қазақ өлкесіне беру мүмкін еместігі, бұл Орталық Ресей үшін Сібірдегі астық дайындау жұмысына кедергі келтіретіні, азық-түлік дайындау тапсырысы негізінен осы екі облысқа жүктелетіні айтылған. Қазақ АКСР-інің орталық аппараты екі облысты қабылдап алуға, басқаруға дайын емес деген сылтаулар келтіріп, кейінге қалдырғанды дұрыс деп санады.

1920 жылы 11 қарашада РК(б)П ОК-і Сібір бюросы «Ақмола және Семей облыстарын Сібірден бөліп алып, Қазақ республикасына қосу» жөнінде комиссия құрды. Сібір жер бөлімінің бастығы В. Соколов басқарған комиссияның мүшелігіне Ф. Бородихин, Н. Ишмаев, И. Потемкин, қазақ өкілдігінен Ғ. Тоғжанов, Т. Телжанов, Е. Итбаев кірді. Комиссияға Қазақ Өкілдігімен талас тудырып отырған мәселелерді шешу жүктелді. 21 қарашада Сібір бюросының қазақ өкілдерінің қатысуымен өткен мәжілісте комиссия төрағасы В. Соколовтың бұрынғы Дала өлкесіндегі жер саясатын жүргізу жайындағы баяндамасы тыңдалды. Соколовтың ұсынысы мынадай: «...қазақ ауылдары көшпелі мал шаруашылығынан отырықшылыққа жаппай көшуі қажет. Орыс келімсектерінің еңбегімен өңделген жерлер Қазақ республикасына берілген жағдайда, ол жерлер күтім көрмей, қайтадан жарамсыз болып қалады». Қазақ өкілдігі атынан сөйлеген Н. Кулаков Ақмола және Семей облыстарында егінші отырықшылықтан гөрі мал шаруашылығын жүргізуді анағұрлым қолайлы санап, қазіргі өзекті мәселе сырттан қоныс аудару көшін тоқтату екендігін дәлелдеуге тырысты.

Мәселенің тұйыққа тірелуі Қазақ ОАК-і мүшелері арасында үлкен алаңдаушылық туғызды, Демек, орталықтың құзырына жүгіну қажет еді. Мәселені талқылай келе, Қазақ Орталық Атқару Комитеті 1920 жылы 10 желтоқсанда мынадай шешім шығарды:

«Мандат № 715. 11.ХІІ.1920.

Қазақ ОАК-і Президиумының мүшесі С. Сейфуллин жолдас Ақмола және Семей облыстарының іс жағдайымен таныс болғандықтан, сол облыстың өкілі ретінде 10. ХІІ. күнгі № 21 қаулымен Мәскеуге арнайы жіберілсін және Қазақ АКСР-інің өкілдерімен аталған облыстарды Қазақ республикасына қосуды тиянақтасын».

С. Сейфуллин үшін бұл Мәскеудегі басшылармен шешетін аса жауапты тапсырма болатын. Сондықтан, ол көп ойланып-толғанды, қазақ халқының болашақ тарихи тағдыры үшін бұл міндеттің үлкен жауапкершілікті талап ететінін терең ұғынды. Мәскеуде С. Сейфуллин Кеңестердің VІІІ съезіне қатысып, В. Лениннің ГОЭЛРО жоспары туралы баяндамасын тыңдады. Съезде БОАК төрағасы М. Калининмен кездесіп, Ақмола және Семей облыстарының қазақ халқына тән екендігін тарихи-этникалық дәлелдерге сүйене отырып негіздей келе, соңында мәселені шешу үшін Төтенше Комиссия құру керектігі жөнінде кеңес алды.

1921 жылы 16 ақпанда Қазақ ОАК-інің шешімімен Ақмола және Семей облыстарын Қазақстанға қосатын және олардың басқару аппаратын жасақтайтын Төтенше өкілдігі бар комиссия құрылды. Комиссияның төрағалығына С. Меңдешев, мүшелігіне С. Сейфуллин, Ә. Досов, Ғ. Әлібеков, П. Заромский кірді (ҚР ОММ 5-қ., 3-т., 24-іс, 165-п.). Төтенше Комиссия жайында Ереже бекітілді. Бұл жөнінде С. Сейфуллинге берілген №654 мандатта: «Қазақ ОАК-і Президиумының мүшесі С. Сейфуллин Ақмола және Семей облыстарын қабылдап алатын және оларды басқару аппаратын құратын Төтенше – Өкілетті Комиссияның мүшесі. С. Сейфуллиннің құқы мен  өкілеттілігі Қазақ ОАК-нің І сессиясында қабылданған комиссия туралы Ережеге сәйкес белгіленді»– делінген. С.Сейфуллиннің мұндай аса жауапты мемлекетаралық мемлекетаралық мәселе шешетін комиссияға мүше болуы кездейсоқ емес. Себебі, Қазақ республикасы аумағының тұтастығын қалпына келтірудегі көкейкесті мәселені шешуде С. Сейфуллин бұған дейін республикалық Әкімшілік комиссиясының құрамында істеген және Жер комиссиясын басқарып. тәжірибеден өткен, Ақмола және Семей облыстарының тарихи-этникалық және географиялық жағдайын жақсы білетін, мұның алдында осы мәселе жөнінде Орталықтағы басшылармен сөйлесіп кеңес алған, мойнына алған істі аяғына дейін жеткізе алатын табанды қайраткер болатын.

Құрылтай съезінің шешімдеріне қарамастан, жаңадан құрылған Қазақ Республикасының шығыс шегараларына қатысты түйткіл мәселелер 1921 жылдың басында да шешіле қоймады. Осыған байланысты 17 наурызда Ә. Әйтиевтің қолымен Мәскеудегі жоғары билік органдарына Сібірревкомның іс-әрекетіне наразылық хат жолданды. Сол кезде қазақтың бір сүйем жері үшін жан сала күрескен қайраткерлердің еңбегін көзге елестету үшін мына құпия құжатқа көз салайық. Қазақстан Орталық атқару комитетінің (КазЦИК) төрағасы әрі Қазақстан шегарасын реттеу туралы төтенше комиссияның төрағасы Сейітқали Меңдешев 1921 жылы 19 наурызда Петропавлдан Мәскеуге жолдаған шұғыл жеделхатында былай делінген: «Құпия. Мәскеу.Қазақстан өкілдігіне. БОАК мүшесі Мырзағалиевке. Шегара жөніндегі пікірім мынадай: Семей губерниясы, Ертіс және Павлодар аудандарын қалдыру туралы табанды болыңыз. Ал, Омбы қаласын Қазақстанға қосу жөнінде мәселе асқынатын болса, күштемей-ақ қойыңыз. Біздің өкіліміздің Ертіске шығуы (яғни, Ертіске қол жеткізу) туралы ұсынысымызды өткізу қажет. Ең болмаса, Омбы уезінің қазағы басым бөлігін алып, Ертіске қол жеткізумен шектелуге болар. Есіңізде болсын, бұл мәселені федералдық биліктің алдына қойғанда, бұл қазақтар Омбы уезінде қалса, сөзсіз қырғынға ұшырайды, біз оларды аман сақтап қалуға күш салып отырғанымызды жеткізіңіз.

 1921 жылдың 19 наурызында Төтенше комиссия мүшелері Петропавлға келді, одан кейін Омбыда Сибревкоммен екі жақтың 10 адамынан біріккен комиссия құрылып, 26 наурыздан 12 мамырға дейін жұмыс жасады. Комиссияның техникалық органы ретінде комиссия құрамынан бюро құрылып, оған жауапты хатшылыққа Михеев тағайындалды. Комиссияның ұйғаруымен таяу арада қосылатын екі облыста кеңестер сайлауына дайындық жұмыстарын жүргізу қаралды. С.Сейфуллинге еңбекші қазақ халқына кеңестер сайлауына байланысты үндеу құрастырып, оны газет бетіне жариялау және жемқорлық пен парақорлықты болдырмау кеңестік органдардың бақылауында екенін атап көрсету тапсырылды.

1921 жылдың 12 мамырына дейінгі аралықта комиссия 6 рет, бюро мәжілісі 15 рет жиналды. Бастапқыда ұйымдық мәселелерде келісімге келгенімен, мемлекетаралық шекараға байланысты мәселеде Сібір ревкомының өкілдері шовинистік, ұлтшылдық пиғылдарын айқын көрсетті. Өте тартысты жағдайда өткен 1921  жылғы 7 сәуірдегі біріккен комиссия мәжілісінде екі жақтың мүдделері қайшы келді. Мәжіліске Сібірревком жағынан Чуцкаев, Михеев, Дубровский, Темкин, Шиша, қазақтардан: Меңдешев, Сейфуллин, Заромский, Досов, Әлібеков, Сергеев, Әйтиев, Попов қатысты. Сібірревком жобасын қорғаған Чуцкаев: «Сібір мен Қазақ республикасының шекара дегеніміз тек шартты түрдегі түсінік, екеуінің арасына қалқан қою қажет емес. Сібір жерінде қалатын қазақтардың мүддесі орыс тұрғындармен бірдей қорғалады. Павлодар уезінің солтүстік бөлігі Сібірге қарауы керек, өйткені, бұл ауданның тұзды көлдері Сібір үшін өте маңызды» дегенді көлденең тартты. Бұл пікірге қазақ өкілдері келіспеді. Төтенше комиссия мүшелері Қазақ республикасын құрған уақытта оның негізіне этностық принциптер алынғанын, ал, экономикалық принциптің тек қосалқы ғана мәні бар екендігін айта келе, Сібірревком мүшелеріне мынадай талаптар қойды:

– Сібірревком жобасы бойынша Семей губерниясынан Павлодар уезінің бөлінуі шаруашылық дамуына нұқсан келтіретіндіктен, бұл талап орындалмайды;

– Қазақ өкілдігінің шекара жөніндегі нұсқасы қабылдануы қажет. Омбы уезінің қазақтар мекендейтін бөлігі толығымен Қазақ республикасына қосылады. Теміржол қатынасы Есілкөл станциясы арқылы жүргізілетін болады;

– Есіл уезінің 13 болысының Қазақ республикасына қосылуы – заңды нәрсе;

–   Бұқтырма уезі Семей губерниясының аумағында болғандықтан, Қазақ республикасына сөзсіз берілуі керек.

Қазақ қайраткерлері Сібірревком дайындап, ұсынған жоба қазақ мемлекетінің ұлттық тұтастығын бөлшектеуге әкелетінін түсінді. Сондықтан, екі жақтың біріккен комиссиясы «Шекара мәселесі жөнінде келісімге келе ал­ма­ғандықтан, ақтық шешім шығару БОАК-нің қарауына берілсін» деген қаулымен тарауға тиіс еді.

Дегенмен, қазақ өкілдерінің өзіндік көзқарастарын берік ұстауы мен табандылығы арқасында мәжіліс соңына қарай біріккен Сібір-қазақ комиссиясы бір шешімге тоқтады. С.Сейфуллин, Ә.Досов, С.Меңдешев және П.Заромский қол қойған қаулыда: Семей губерниясы 20 сәуірден бастап Қазақ өлкесіне беріледі – делінген.

7 адамнан құралған жетекші тобын құру мәселесі қаралды. төрағасы Ә.Әйтиев болып, Коротков,Барлебен, Асылбеков, Шәріповтерден құралған революциялық комитет облыс билігін қолдарына алды. Алда жаңа құрылған губернияның басқару аппаратын құру, оның материалдық-техникалық базасын жасауда Омбы жағынан берілуге тиіс көмек сияқты кезек күттірмейтін мәселелер тұрды. Төтенше комиссияның ұйғарымымен С.Сейфуллинге Ақмола губерниялық ревкомының жұмысына жәрдемдесу тапсырылды. С. Сейфуллиннің ұлт мүддесін қорғау жолындағы қайраткерлігі комиссия және бюро мәжілістерінде талас тудырған мәселелерді шешудегі белсенділігінен айқын көрінеді.

22 сәуір күнгі Михеев, Полюдов, Сейфуллин, Сергеев және Омбы губерниялық атқару комитетінен Голенковтың қатысуымен өткен мәжілісте Ақмола облысының халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету жайы қаралған. Екі республиканың азық-түлік халық комиссариаты өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, оған Ақмола губерниясындағы азық-түлікпен қамтылу жайын қарау, қажетті мөлшерде тауар бөлу мәселесін шешу тапсырылған. Белгіленген жұмысты соңына дейін аяқтап оның орындалысына көз жеткізу С. Сейфуллин ұстанған іскерлік қағидасы болатын. Сондықтан, С. Сейфуллиннің ұсынысымен аталған мәселе 30 сәуір күнгі мәжілісте қайта қаралып, Ақмола губерниясы уездерін астықпен қамтамасыз ету, мемлекетке астық және мал өнімдерін дайындауды тоқтату мәселелері оң шешімін тапқан.

1921 жылы 10 мамырдағы бірлескен комиссия мәжілісінде Ақмола және Семей облыстары әкімшілік жағдайында 10 мамырдан бастап, Қазақ республикасына қарайды деген қаулыға С.Сейфуллин де қол қойды.

Осы күні аса маңызды бірнеше мәселелер өз шешімін тапты. Атап айтсақ, мұның алдында 18 сәуір күні қаралғанымен аяқсыз қалған Омбы қаласындағы жоғарғы оқу орындарында Ақмола және Семей губернияларынан келгендерге 15% орын беру туралы Сібір халық ағарту бөліміне ұсыныс жасау мәселесі де Сейфуллиннің талап етуімен дұрыс шешімін тапты (ҚРОММ 5-қ., 2-т., 6а-іс, 37-п.).

1921 жылдың мамырда В. Лениннің араласуымен екі жақ келісімге келді. 11 мамырда Сібірревком және Қазревком өкілдері мәжілісінің шешімімен Ақмола және Семей губерниялары Қазақ АКСР-іне қайтарылды. 1921 жылы 12 мамырда С.Меңдешев пен РК(б)П ОК Сібір бюросының хатшысы В. Яковлев барлық партия органдарының Сібір қарамағынан Қазақ АКСР-іне берілгендігі, Семей және Ақмола губерниялық комитеттеріне Сібір бюросымен тікелей байланыс жасауды тоқтату, Орынбормен қатынас жасау жөніндегі актіге қол қойды (Алдажұманов, Қасымова, 2009).

Қазақстан мен Сібір өлкесі арасындағы талас тудырған мәселелерді шешу оңай болмады. РСФСР Үкіметінің төрағасы В.И. Лениннің қатысуымен мәселе оң шешімін тапты. Ақмола мен Омбы губерниясының шекарасына байланысты даулы мәселелер ел басқарған ұлт зиялыларының ерекше іскерлігі арқасында Қазақ АКСР-інің пайдасына шешілді. БОАК-тың 1922 жылы 26 қаңтарда қабылдаған «Кирреспубликаның шекарасы туралы» қаулысымен біржола хатталып, ресейліктер таласып жүрген солтүстік-шығыстағы ұлан-байтақ жерлер Қазақстан қарағамағына беріліп, қазақтың байырғы жерлерін біртұтас қалпында сақтап қалу ісі жүзеге асты.

 Жаңа қазақ автономиясы құрылса да, оның жер аумағын айқындап, заңды шекараларын белгілеу ісі жоғарыда айтылған себептермен, оның үстіне Солтүстіктегі «Есіл көтерілісі» деген бүлік салдарынан кешеуілдей берді. 1921 жылғы 12 ақпанда Петропавлға соғыс жағдайы енгізілді. Төрт ай бойы облыс аумағы соғыс өртіне шалынды (бұл туралы жеке тарауша бар.-авт.) Сәуірдің 20 –жұлдызынан бастап қана Петропавлдың Қазақ республикасы құрамындағы губерния орталығы екені жария етілді. 1921 жылғы 21 сәуірде Петропавл қала-уездік партия конференциясы өз жұмысын бастады. Осы жиында РКП(б) Қазақ бюросының өкілі Смағұл Сәдуақасов, жиналғандарды құттықтап: «Сіздер Петропавл қаласы мен уезі жас Қазақ республикасының құрамына енген жағдайда жиналып отырсыздар!» деді. Сол күндері Петропавлда болып, губернияның шегара мәселесімен айналысып жатқан Қазақ Орталық Атқару комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешевтің атынан «Петропавл қаласының барлық еңбекші тұрғындарына Үндеуі жергілікті «Мир труда» газетінің 1 мамырдағы санына басылып шықты: Тарихи маңызы бар, бірақ осы уақытқа дейін жарияланбаған Үндеудің қазақша нұсқасы мынадай:

«Петропавл қаласының барша еңбекшілеріне! 1921 жылы 28 сәуір. Жолдастар! Қазіргі кезде, губернияның Қазақ Республикасы құрамына берілуіне байланысты түрлі жымысқы алаяқтар, өсек-аяңшылар, ашық та жасырын дұшпандарымыз өздерінің қара ниетті контрреволюцияшыл пиғылдарын жүзеге асырмақ. Олар лай судан балық қармағандай, жоқтан барды құрастырып, «еңбекші орыстардың жағдайы қиындайды, шаруалар қатардан қалады-мыс» деп өсек таратуда. Қазақ социалистік республикасының басшы органдары атынан, мұндай жел сөздің өтірік екендігін мәлімдеймін. Бұл дегеніңіз, барып тұрған қаскөйлердің сөзі, бері қойғанда, адасқандықты білдіреді. Совет өкіметі, бұрынғыдай, бар байлықты шайқап-ішіп отырған отаршыларға илікпейді, олармен күресте ымыраға келмейді. «Біріңғай, бөлінбейтін Ресейді жақтаймыз» деп желіккен «ұлыдержавалық» үгітшілермен де, езілгендердің ұлттық сезімін күйттеп, Кеңес өкіметінің көлеңкесінде билікке ұмтылған қыр буржуазиясы - байлармен де аяусыз күреседі. КазЦИК төрағасы, Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің мүшесі: Меңдешев».

1921 жылғы 19 сәуірде, шығыс облыстарды қабылдап алу жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатқанда, Қазақ Орталық Атқару комитеті казак әскерлері иемденген жерлерді қайтарып алу туралы декрет шығарды. Бұл құжат тұңғыш рет «Мир труда» газетінде жарық көрді. Оның мәтіні мынау: «Патша үкіметі өз меншігіне тартып алған жерлерді қазақтың еңбекші халқына қайтарып беру туралы Декрет. а) Сібір казак әскерлеріне берілген жерлер;ә) Орал казак әскерлеріне берілген жерлер туралы.

1) Ертіс өзенінің оң жағалауындағы Семей губергниясының Өскемен, Семей, Павлодар уездеріне жататын, Ақмола губерниясының Омбы және Петропавл уездеріне қарайтын оншақырымдық жолақ және ескі тракт бойындағы оңтүстікке қарай Звериноголовск – Петропавл-Омбы бөлігі, яғни 1904 жылдың 31 мартында Мемлекеттік кеңес Сібір казак әскерлерінің меншігіне беріп, Патша бекіткен жерлер ежелден Ертіс өзенінің осы оншақырымдық жолағы аумағында қоныс теуіп, сол жерлерді казак әскерлерінен жалға алып келген еңбекші қазақ халқына қайтарылып берілсін.

2) Қазақ Респубикасы Жер халық комиссары Ертіс өзені бойындағы оншақырымдық жолаққа жататын жер қорын және Жайық өзенінің сол жағалауындағы оншақырымдық жолақ жерлерін сол жерлерді мекен ететін еңбекші қазақтарға бөліп берудің уақытша ережесін тезірек жасау тапсырылсын».

Біздің мемлекетіміздің қаз тұрып, қатарға қосылуы әуелі жер аумағын түгендеп плудан басталды дегенде, сол шаралардың қаншалықты қиын болғандығын ұмытпағанымыз да жөн. Өткенімізге байсалды, ашық көзбен қарау туралы ойланғанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың мына сөздері еске түседі. «Тарихқа қаралаушы прокурордың да, ақтаушы адвокаттың да керегі жоқ. – деген еді Елбасы, – Оған нағыз зерттеушілер ғана керек. Тарихқа сақтықпен қарау – бүгін де, ертең де қасыретті қателіктерді тағы да қайталамауымыздың ең жақсы, сенімді кепілі. Меніңше, жұрттың бәрін сыпыра жамандап, қара күйе жағудың таусылмастай тізбегін үзетін уақыт әлдеқашан жеткен-ақ сияқты».

1921 жылы 21 сәуір күні Петропавл қаласындағы Луначарский атындағы театрдың ғимаратында Петропавл қала-уездік II партия конференциясы өтті. Конференция төралқасына сайланған жеті адамның ішінде жергілікті коммунистерден Айсарин мен Бейсенов бар еді. Сонымен, Қазақ автономиялы республикасының құрамында Ақмола губерниясын құрған және губерниялық партия ұйымы мен губревкомның ұйымдасқанын жариялаған осы конференция болып табылады.

Партия конференциясын Орынбордағы Қазақ облыстық атқару комитеті атынан Қазақстан Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары, қазіргіше Республиканың вице-президенті Смағұл Сәдуақасов құттықтап, мінбеден «Қазақ республикасы және қазақтар арасындағы жұмыс туралы» баяндама жасады. Губревком атынан съезді Әбдірахман Әйтиев ашты. Съезге қатысушыларды Қазақ Орталық атқару комитеті атынан, ҚОАК төрағасының орынбасары Смағұл Сәдуақасов құттықтады. Хаттамада Смағұлдың сөздерінің қысқаша мазмұны беріліпті: «Қыр баласы өзін ғана, малын ғана ойлап еркімен жүрген шақта, Ресейдің отаршыл билігінің шеңгеліне тап болып еді... Енді бас еркі өзінде, өз елін өзі билейтін болады...» деп бастаған екен.

Жаңа құрылған губерниядағы бүкіл әкімшілік билік Әбдрахман Әйтиев басқарған губерниялық төңкеріс комитетіне берілді. Оның құрамына Барлебен, Коротков, Шәріпов, Иванов және Асылбеков сайланды.

БК(б)П Ақмола губерниялық партия комитетінің жауапты хатшылары (1921 ж. сәуір – 1928 ж. шілде): Котляр Соломон Осипович (1921 ж. сәуір-мамыр); Леонинок Михаил (1921 ж. маусым-қазан); Белаш Алексей Лукич (1921 ж. қараша – 1922 ж. қаңтар); Ветров Б.И. (1922 ж. ақпан-сәуір); Кузнецов Ф. (1922 ж. сәуір); Данилов (1922 ж. мамыр-шілде); Чернадьев Иван Сергеевич (1922-1926 ж.ж.); Райтер И.А. (1927 ж. қаңтар-тамыз); Гринблат Христиан Людвигович (1927-1928 ж.ж.) – болған.

1921 жылы 26 сәуірде КирЦИК төтенше өкілетті комиссиясы мен Бүкілқазақтық кеңестердің бірінші съезінің қаулылары және Сібір ревкомымен келісімшарт жарық көрді. Бұл құжат бойынша:

«1. Петропавл, Көкшетау, Ақмола және Атбасар уездері Омбы губерниясының құрамынан шығып, Россия Советтік федерациясының Автономияля Қазақ Социалистік Советтік Республикасына кіретін Ақмола губерниясын құрайды.

2. Жаңа құрылған Ақмола губерниясының орталығы Петропавл қаласы болып табылады».

Қайта құрылған губернияның құрамына (әкімшілік орталығы Петропавл қ.): Ақмола (75 болыс), Атбасар (51 болыс), Көкшетау (63 болыс) және Петропавл (44 болыс) уездері болды. Ақмола губерниясының аумағы 37 мың шаршы шақырым жерді алып, оған 15 уезд, екі жүзден астам болыс пен мыңнан аса елді мекендер кірді (СҚМА. 1-қ., 1-т., 1206-іс 38-п.). Құрамындағы қалалардың тізімі: Петропавл, Ақмола, Көкшетау және Атбасар.

Мәскеуден шығатын «Известия» газетінде бұрынғы уездік деңгейдегі ғана шағын қала Петропавл ұлан-байтақ губернияның орталығы болды деп жазылды. Алайда, солтүстік өңірде бүліншілік асқынып, Кеңес үкіметіне қарсы қарулы бас көтерулер өршіп тұрған жағдайда бейбіт үкімет билігін құру мүмкін болмады. Сондықтан, жергілікті атқарушы орган ретінде губревком әскери билік құру жөн деп есептеді.

1921 жылы 2 маусымда губерниялық партия комитетінің қаулысымен Петропавл уезінде 5 әкімшілік аудан құрылды. Олар: Булаев, Явленный, Новопавлов, Новорыбинский және Пресногорькое аудандары еді. Осылайша қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы орналасқан аймақта кеңестік тәртіпке негізделген әкімшілік-аумақтық бөлініс қалыптаса бастады.

1921 жылы 11 қыркүйекте Петропавлда губерния кеңестерінің тұңғыш құрылтайы болды. Бүкіл аймақты 4 ай 11 күн билеген губревком және Петропавл қала-уездік ревкомы жұмысын тоқтатты. 1921 жылғы 11-16 қыркүйек аралығында Ақмола кеңестерінің бірінші съезінде сайланған губерниялық атқару комитетінің 26 мүшесінің 9-ы ғана қазақтар болса, олардың өзі көп ұзамай түрлі сылтаулармен жұмыстан қуылған. Ал Кеңестердің өлкелік (республикалық) съезіне сайланған 47 делегаттың 15-і ғана қазақ ұлтының өкілдері еді. 1921 жылы 17 қыркүйекте доғарылып, советтердің губерниялық бірінші съезінде сайланған Ақмола губерниялық атқару комитеті билікке кірісті. Ақмола губерниялық атқару комитетінің басшылығы мынадай болып бекітілді: Әбдірахман Әйтиев – төраға, Шумский – оның орынбасары және экономика комиссиясының төрағасы, Патрикеев – азық-түлік комиссары, Бейсенов – әкімшілік кеңестің төрағасы, Қазыбеков – іс басқарушы. Атқару комитетінің құрамына: Сабыр Шәріпов, Ғаббас Тоғжанов, Жұмағали Тілеулин, кандидаттығына Жанұзақ Жәнібеков сайланды.

Қазақ автономиялы республикасына қосылған Ақмола облысында ұйымдастыру шаралары, жалпы алғанда, Семейге қарағанда, біршама ыңғайланып қалғанмен, әлі де көп қиындықтар тұр еді. Бұрынғы Сібревкомы негізінде құрылған губерниялық және уездік мекемелерде қазақ қызметкерлері аз болған еді. Большевиктік биліктің өз дегенін істету үшін халықты қорлап, билеп-төстеудің алуан түрлі заңсыз, жүгенсіз әрекеттеріне барғаны тарихи әдебиеттерде айтылмай келді. Тіпті «мақсат түзу болса, оған жету жолындағы күрес әдістерінің бәрі дұрыс» деген адамгершілікке жат ұран да көтерілді. Мұны сол съезде губерниялық ревком төрағасы Әйтиев те мәлімдеуге мәжбүр болды: «Губревкомның диктаторлық жұмыс әдістерін сынағандарға берер жауабым мынау: мұның аты – революциялық билік. Сондықтан, солай болуы заңды», деп ол қатыгездікті, заңсыздықты ақтады.

Мұндай солақай, содыр әкімшілік билік шегінен асып, қалың жұртшылықтың іштей қарсылығын туғызды. Шектен тыс ауырт-палыққа төзе алмаған кейбір шаруалар партия-кеңес қызметкерлерін азық-түлік комиссарларын өлтіріп те жіберді. Өздерінің ақыл-санасы жеткенше ұйымдасып, жаңа өкімет тәртібіне қарсылық жасап, ашық террорға баруға мәжбүр болды.

Бандитизм дегеннің түп-тамыры осында жатыр еді. Бұл – тарихи шындық. Әсіресе, Петропавл, Көкшетау, Өскемен уездерінде жұрттың бәрі «банды» атанып кетті. Бұл «бандиттер» өңірде тұратын, негізінен, қазақ жерлеріне қоныс аударып келген орыстар мен украиндер болатын. Олар мал бағып, көшіп-қонып жүрген момын қазақтардан гөрі көбірек және ашық қарсыласты. Сол себепті, Ақмола кеңестерінің бірінші съезі 1921 жылы қыркүйектің 13-індегі таңертеңгі мәжілісте мынадай қаулы қабылдауға мәжбүр болды: «Биліктің ревком сияқты түрінен атқару комитеті түріне ауыса отырып, губерниялық атқару комитетінің жаңа құрамы жергілікті мәселелерді шешуде жұмыстың әскери принциптерінен бас тартуы тиіс, губерниялық, уездік орталықтарда жеке-дара басып-жаншуға жол берілмесін, мәселелер халыққа ауыртпалық салмайтындай дәрежеде шешілетін болсын...». Солай бола тұрса да, делегаттардың мына сөздері басқару әдістерінің көпке дейін күш қолдану түрінде сақталатынын көрсетеді: Леонинок (губерниялық партия комитетінің жауапты хатшысы): «Сынау үшін сол сынның өлшемін білу керек... алдымызда қандай міндеттер тұрғанын білу керек» - деген (Тайшыбай, 2012). Кеңес билігінің алғашқы жылдары, мәселен 1921 жылы төменгі әкімшілік-аумақтық бірліктерді құруда берік сатысының болмауынан, Қазақстанда мыңнан астам болыстар, 8135 ауыл және селолық кеңестер болды.

Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының негізгі бөлігін жаңадан құрылған губернияның Петропавл уезі құрады (бұл уақытта оның құрамына Көкшетау уезінен Корнеев болысы қосып есептелді). 1921 жылы 15 қыркүйекте азаматтардың Бугровой, Краснояр, Налобин, Соколов, Сум болыстарының Ақмола губерниясының құрамында Соколов ауданын құру туралы, ал 28 қазанда бұл ауданның Петропавл уезіне кіруі жайлы өтініштері қанағаттандырылды. 18 қарашада Көкшетау уездерінен Заградов, Коновалов, Мариин (Марьев) болыстары қосылды. 1922 жылы 2 наурызда Қазақ АКСР ОАК Есіл уезі Белов болысы азаматтарының Петропавл уезіне қосу туралы өтінішін қанағаттандырды. Сол жылы Көкшетау уезінен Кеңес үкіметінің кулактар қолынан қаза тапқан белсенділері Иванов-Петровтың аттары беріліп, өзгертілген Милятин болысы да қосылды. Петропавл уезі құрылып, республиканың тұтас ауданына айналды. Оның маңызын арттыру үшін 1920-1924 жылдары әкімшілік бірлікті қайта құру жүргізілді.

1923 жылдың соңында губерния бойынша халықтың ұлттық және экономикалық ерекшеліктерін есепке ала отырып, ауылдық кеңестер мен болыстар ірілендірілді. Губернияда бұрын 233 болыс болса, олардың саны енді 59-ға дейін қысқарады. Губерния, уезд, әсіресе болыстар қатарын ірілендіру мақсатында экономикасы төмен жекелеген әкімшілік-аумақтық бірліктер ықшамдалды.

1924 жылғы 1 тамызға Петропавл уезіне қарасты ірілендірілген болыстардың тізімі:

1 Кесте

Болыс атауы

Болыс орталығы

Ауыл саны

Пресновская

Пресновка

14

Интернациональная

Мамлютка

12

Трудовая

Петропавловск

37

Булаевская

Булаево

17

Образцовая

Явленское

21

Урицкая

Марийнское

9

Ленинская

Богодуховка

9

Тонкерейская

Аул Ван (Дмитриевка)

10

Бейнеткорская

Полтавское

10

Кызыласкерская

Явленко с.

10

1924-1925 жылдары Қазақстанның ұлттық-аумақтық өз-өзіне билік етуі бойынша жүргізілген жұмыстары аяқталды. Оңтүстік облыстардың қосылуымен (Түркістан, Хорезм, Хиви республика аумағының 40%-мен 1,5 млн. халық) ұлттық мемлекеттік шекараны межелеу мәселелері аяқталды.Мұнайлы Маңғыстауды түркімендер мен әзірбайжандарға бергізбеген Қазақстан Үкіметінің сол кездегі басшысы Нұртас Оңдасыновтың абырой-беделінің, екіншіден, сол кездегі Геология министрі Шахмардан Есеновтің табандылығын ұмытпау керек. Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің қазақ жері бөліске түскелі тұрған тұста ұрда-жық Хрущевқа қасқайып тұрып тойтарыс бергенін аңыз етіп айтып жүрміз. Өте дұрыс! Үлгі болар ерлік! Бірақ, Тәшеновке дейін де жерді бөліске бермей, ел іргесін сөктірмей келген Үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов есімі көлеңкеде қалып келеді. Ел мен жер тағдыры таразыға түсіп, қылыш үстінде тұрғанда қарақан бастарының, әулет-жұрағатының қамымен кетпей, қалың халықтың қамын жеген, нағыз қас батырларша қорғай білген әрекеттерін әспеттеп жазу, жариялау, жастар санасына ұялату – бүгінгі біздің тікелей міндетіміз!

Қазақстан мемлекеттік жер бөлу жоспарына сәйкес, 1926 жылдары аудандастыру жұмыстары бойынша, КСРО алғашқыда Батыс, Шығыс және Оңтүстік деп 3 облысқа бөлді. Облыс шекараларын бөлген кезде аудандардың бір-бірінен айырмашылығына байланысты, оған деген ұқсастықтарды ескере отыра бөлу мәселелері қарастырылды. Мысалы, Батыс облыстарының аудандары мал өнімдерін шикізат ретінде дамыту, жаппай жылқы өсіріп, еттей өңдеу және және қой өсіріп, жүнін өңдеу жұмыстарына басшылық жасады. Облыстың ауыр өнеркәсібі мұнай, таскөмір, кен орындары, сонымен қатар, балық пен тұз өңдеу жұмыстары қатар жүрді. Шығыс облыстарының аудандары жер өңдеу мен мал шаруашылығын кеңінен дамыту мен болашақта тау-кен зауыттар ісіндегі байлықты дамытуды қолға алды. Оңтүстік облыстарының мал шаруашылықпен қатар, бүкіл Одақ алдында бағасы жетпес мақта өнеркәсібін дамытты. Шығыс облысы үшін: 1) Петропавл – құрамына Петропавл және Көкшетау уездері енеді; 2) Ақмола – құрамына Сарысу және Кеңгір өзендерінен оңтүстікке қарай орналасқан екі оңтүстік болыстарын қоспағанда, Ақмола уезі және Торғай уезінің шығысындағы 5 болыс және т.б. уездер енгізілген.

1927 жылдың соңында Қазақстанда басталған әкімшілік-аумақтық құрылымның өзгеруі елді әкімшілік-аумақтық аудандарға қайта құрудың бір бөлігі ғана болды. Қазақстанда әкімшілік-аумақтық аудандастыру жүйесін жүргізіп дайындау үрдісінде, көптеген қиыншылықтарға кездесті. Қазақстанның шаруашылығы мен табиғи жағдайының толық зерттелмеуіне байланысты жекелеген округтер мен аудандардың экономикасын тиімді дамуын анықтауда оңай болмады. Өндірістік қалалардың және ірі елді мекендердің аз болуынан округ пен аудандардың әкімшілік-аумақтық орталығын дұрыс таңдау, жекелеген аудандарда экономикалық және мәдени орталықтарын орнату қиынға түсті. Қазақ халқының көпшілігінде көшпенді және жартылай көшпенділік салты сақталғандықтан, байланыстың дұрыс болмауынан, Қазақ АКСР және әкімшілік-аумақтық құрылымын реттеу жұмыстары тежеле берді.

Қазақстан аумағында шамамен үш миллион шаршы шақырымды қамтитын 6 губерния мен 2 округ болды. Әр губернияның аумағы орта есеппен жарты милион шаршы шақырымдай жерді қамтыды. Уездер жер көлемі жағынан үлкен болды. Екі сатылы әкімшілік басқару орталықтары бір-бірінен алыс орналасқандықтан, байланыссыз қалды. Әкімшілік-аумақтық құрылымды бұдан әрі сақтап тұру жергілікті кеңестердің мәдени-ағарту және ұйымдық шаруашылық жұмыстарын қиындатты. Осы мәселелердің оңтайлы шешімін тауып, шара қолдану мақсатында Бүкілқазақстандық VI Кеңестер съезі (1927 жылы наурыз айында) шақырылды. Съезд республика басшылығына экономикалық аудандастыру қағидасын ұстана отырып, жаңа әкімшілік-аумаққа бөлініс жасауды тапсырды. 1928 жылы 17 қаңтарындағы Қазақ АКСР-дің ОАК VI-шақырылған екінші сессиясында жаңа округтік әкімшілік-аумақтық бөліну жоспары бекітілді. Бұл жобаға сәйкес жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктер – округ, аудан, ауыл, село және қалалық кеңестер енгізілді. Қазақстан аумағында 13 округ және 180 аудан құрылды. 1928 жылы 3 қыркүйекте Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің «Болыстық бөліністерді жойып, аудандар жүйесін енгізу туралы» Қаулысына сәйкес, Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының Орталық атқару комитетінің 1928 жылғы 17 қаңтарда болған екінші сессиясында бұрынғы Ақмола губерниясына қараған Петропавл уезі мен Атбасар және Көкшетау уездеріне қараған бірқатар болыстары есебінен Қызылжар округі құрылып, орталығы Петропавл қаласы болып белгіленді.

Бұл туралы қаулыда жаңа округке Ақмола губерниясының Петропавл уезінің аумағы толық қамтылып, оған Атбасар мен Көкшетау уездерінің кейбір болыстары қосылғаны, сөйтіп, округ аумағында барлығы 21 аудан болғаны айтылған. Жаңа округке: Арықбалық (орталығы Арықбалық селосы), Балқашин (орталығы Балкашин селосы), Бейнетқор (орталығы Кедей кенті), Булаев (орталығы Булаев селосы), Володар (орталығы Володар селосы), Ворошилов (орталығы Петропавл қаласы), Қызыләскер (орталығы Өрнек селосы), Қызылту (орталығы Қулыкөл селосы), Көкшетау (орталығы Көкшетау қаласы), Красноармейск (орталығы Ново-Сухотин селосы), Крестьянский (орталығы Көкшетау қаласы), Ленин (орталығы Явленка селосы), Октябрь (орталығы Володар селосы жанындағы мәдени тірек), Преснов (орталығы Преснов селосы), Пресногорьков (орталығы Пресногорьков селосы), Рузаев (орталығы Рузаев селосы), Трудовой (орталығы Петропавл қаласы), Төңкеріс (орталығы Майбалық көлі жағасындағы мәдени тірек), Урицкий (орталығы Мария селосы), Щучинский (орталығы Щучье селосы) және Еңбекшілдер ауданы (орталығы Казгородок кенті) қарады.

Бұрын Қызылжар аталып келген әкімшілік-аумақтық бірлік дәл сол 1928 жылы 10 мамырда Петропавл округі деп өзгертілген. Орталығы Петропавл қаласында болды. Екі жылға жетер-жетпес уақытта, яғни 1930 жылғы 23 шілдеде Бүкілресейлік атқару комитетінің қаулысымен Қызылжар (Петропавл) округі таратылып, Қазақ автономиялы республикасының Үкіметіне тікелей бағынатын мынадай іріленген аудандар құрылды: Арықбалық, Бейнетқор, Булаев, Қызылту, Көкшетау, Ленин, Октябрь, Преснов, Рузаев, Щучинск және Еңбекшілдер.

Ірілендірумен қоса, бұрынғы Петропавл округынан мынадай жаңа аудандар құрылды:

1.  Володар, Рузаев, Урицкий, Ленин және Октябрь аудандарының бір бөліктерінен – Айыртау (Володар с.) ауданы құрылды.

2.  Ворошиловтың бір бөлігінен, Трудовой ауданынан және Петропавл қаласының бөліктерінен – Петропавл (Петропавл қ.) ауданы.

3.  Петропавл ауданының бір бөлігінен – Мамлют (Мамлютка с.) ауданы құрылды.

БК(б)П Петропавл округтік комитетінің жауапты хатшылары:

1.  Гринблат Х.Л. (1928-1929 ж.ж.);

2.  Залогин Н.М. (1929 ж. тамыз);

3.  Баймағамбетов (1929 ж. шілде-желтоқсан)

4.  Брусенцов М.А. (1929 ж. желтоқсан – 1930 ж. сәуір);

5.  Фомин (1930 ж. мамыр-маусым);

6.  Зайченко (1930 ж. маусым);

7.  Просин (1930 ж. шілде-тамыз).

Бір айта кететін жайт, 1928-1930 жылдары Қазақстан мен Сібір арасындағы келісім комиссиясының актісіне сәйкес Петропавл округінен Ресейдің Омбы округіне Добровольский, Степановский, Шерлақ және Бостандық туы болыстары берілді. Жалпы, 1928 жылдан 1930 жыл аралығында ғана Солтүстік өңір 5 рет әкімшілік-территориялық өзгеріске түскен екен. Бұл науқанды екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең 1928-1932 жылдарды қамтыды. Бұған тән қасиет әкімшілік құрылымдардың жүйесін өзгертуге көп мән берілді, артық звенолар алынып, бұрынғы басқару жүйесіне қайтып оралу болды. Екінші кезең (1932-1939 жж.) негізінен территориялық өзгерістерді қамтыды, яғни облыс, аудан, селолық кеңестерді үлкейту немесе әкімшілік бірліктерді жаңадан құру еді.

Петропавл округтік атқару комитетінің төрағалары:

1.  Залогин Николай Матвеевич (1928-1929 ж.ж.);

2.  Озол Макс Индрикович (1929-1930 ж.ж.);

3.  Кульманов П.И. (мамыр-тамыз 1930 ж.).

Дәл осы арада авторлар тарапынан оқырманға мынадай бір ескерту ретінде лебіз білдірудің жөні келіп тұр. Осы еңбегімізде біз өлкеміздегі билік орындарының басшылары туралы әлденеше дерек келтірілді. Олардың атын аталды, кейбірінің жеке басының қасиеттері немесе мемлекет тарапынан алған марапаты мен атақ-абыройлары көрсетілді. «Осының керегі қанша?» деушілер де табылуы әбден мүмкін. Уақыт өткен сайын, сол адамдардың тұлғалық, қайраткерлік, тіпті қатардағы кісілік сипатына артық-кемді баға беріліп жатуы мүмкін екендігін түсінеміз. Біз оларды ерекшелеп, мақтап немесе дәріптеген жоқпыз. Соған қарамастан, өткеннің бәрі – біздің тарихымыз, алдағы шаруаны өз қалауымызша бағыттауға болар, алайда өткенді түзете алмаймыз. Қалай болған күнде де – ол заман біздің басымыздан өткен, осы күнге жоралғы, бастау тарихымыз. Біздің жүріп өткен жолымыз. Сол жолымыз неге басқаша болмады, деп өкінгеннен пайда жоқ және жетістігімізге мақтансақ та, кемшіліктеріміз үшін кешірім сұрағаннан не өнеді? «...Тарихқа сақтықпен қарау – бүгін де, ертең де қасыретті қателіктерді тағы да қайталамауымыздың ең жақсы, сенімді кепілі. Меніңше, жұрттың бәрін сыпыра жамандап, қара күйе жағудың таусылмастай тізбегін үзетін уақыт әлдеқашан жеткен-ақ сияқты», деген Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқандары әрқайсымызға сабақ болуға тиіс санаймыз.

Қорытынды. Міне, патша заманында ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен қазақ жерлерін жаңа құрылған Қазақ республикасының шаңырағының астына жинауға жұмсалған күш пен жігерді күн санап, тәтпіштеп, осылай түсіндірдік. Кеңес елін мекендеген басқа халықтар сияқты қазақ халқы да қайшылықтар мен қиындықтарға толы қаһармандық жолдан өтті деуге болады. «Елдік те, ерлік сияқты сын сағатта танылады», деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, сол кезде бүкіл қазақ бір кісідей елдік танытқан, халқы артқан сенімді адал атқарған қайратты ұлдарының еңбегіне сомдалған ескерткіштей, Тәуелсіз Қазақстанның көгілдір туы күн астында жиырма сегіз жылдан бері шалқи желбіреп тұр.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Алдажұманов Қ., Қасымова С. Сәкен Сейфуллин және Ақмола, Семей облыстарының Қазақ Кеңестiк Автономиялық Республикасына қайтарылуы. // Отан тарихы, 2009. – №2.– 89-100 б.

Аристов Н.Н. Заметки об этническом составе тюркских племен. – Санкт-Петербург, 1897. – С. 101

Бейсембаев С. Ленин және Қазақстан (1897-1924 ж.). – Алматы: Қазақстан баспасы, 1970. – 223 б.

ҚРОМА. 811-қор, 20-тізбе, 568-іс

ҚРПА. 140-қ., 1-т., 1а-іс, 1-п

ҚР ОМА 5-қ.1-т. 9-іс. 19-20-пп.

ҚР ОМА 5-қ.1-т. 14-іс. 2-п.

ҚР ОМА 5-қ., 3-т., 24-іс, 165-п.

ҚР ОМА 5-қ., 2-т., 6а-іс, 37-п.

Қыдыралина Ж.У. Алимхан Ермеков. – Алматы, 2012. – 125 б.

СҚМА. 1-қ., 1-т., 1206-іс., 38-п.

Тайшыбай З. Қызылжардағы жаңа билік тарихынан. Солтүстік Қазақстан, 11 ақпан, 2012. – 3 б.

References:

Aldajumanov Q., Qasymova S., Sáken Seıfýllın jáne Aqmola, Semeı oblystarynyń Qazaksr-na qaıtarylýy. // Otan tarıhy, 2009, №2. – 89-100 b. [in Kazakh]

Arıstov N.N. Zametkı ob etnıcheskom sostave túrkskıh plemen. – Sankt-Peterbýrg, 1897. – S. 101[in Russian]

Beısembaev S. Lenın jáne Qazaqstan (1897-1924 j.). – Almaty: Qazaqstan baspasy, 1970. – 223 b. ҚРОМА. 811-қор, 20-тізбе, 568-іс [in Kazakh]

QROMА. 811-qor, 20-tizbe, 568-is.

QRPА. 140-q., 1-t., 1a-is, 1-p.

QR OMА. 5-q.1-t. 9-is. 19-20-pp.

QR OMА. 5-q.1-t. 14-is. 2-p.

QR OMА. 5-q., 3-t., 24-is, 165-p.

QR OMА. 5-q., 2-t., 6a-is, 37-p.

Qydyralına J.Ý. Alımhan Ermekov. – Almaty, 2012. – 125 b.[in Kazakh]

SQMA. 1-q., 1-t., 1206-is 38-p.

Taıshybaı Z. Qyzyljardaǵy jańa bılik tarıhynan. Soltústik Qazaqstan. 11 aqpan, 2012. – 3 b.[in Kazakh]

МРНТИ 03.20:03.09.55

АДМИНИСТРАТИВНО-ТЕРРИТОРИАЛЬНЫЕ ВОПРОСЫ КАЗАХСТАНА В СИСТЕМЕ СОВЕТСКОЙ ВЛАСТИ

(на примере Северного региона Казахстана в начале ХХ века)

А.Г. Ибраева¹, А.С. Темирханова²

¹Доктор исторических наук, профессор. СКГУ им. М. Козыбаева.

г. Петропавловск, Казахстан.

²PhD докторант кафедры История Казахстана. ЕНУ им. Л.Н. Гумилева.

г. Нур-Султан, Казахстан.

Аннотация: В статье всесторонне рассматриваются политические события связанные с образованием Советской власти после Октябрьской революции в 1917 году, роль деятелей Алаш в созданий Национального государства, образование Казахской Автономной Советской Социалистической республики, вопросы административно-территориального деления в условиях советской системы. Особое внимание авторы уделяют всестороннему раскрытию данного вопроса, целью которой является объективная оценка ранее известных фактов истории северного региона Казахстана в начале XX века на основе внедряемых в научный оборот архивных материалов и периодических изданий.На основе собранных материалов рассматриваетсяборьба представителей Алашской интеллигенции за создание государства Алаш-Орды и политка Советов в этом вопросе.

Также приводится информация о создании революционного комитета по управлению Киргизским (казахским) краем (Казревком) и его деятельности в создании Казахской Советской Социалистической автономии.Особенно авторы отмечают особую роль деятелей Алаш в возвращении казахских земель, вошедших в состав Акмолинской, Семипалатинской губерний. Статья посвящена исследователям и всем кто интересуется данной проблемой.

Ключевые слова: казах, Казахская АССР, административно-территориальный, автономия, область, декрет, уезд, край, Алаш, граница, губерния.

IRSTI 03.20:03.09.55

ADMINISTRATIVE AND TERRITORIAL ISSUES OF KAZAKHSTAN IN THE SOVIET SYSTEM

(on the example of the Northern region of Kazakhstan in the early twentieth century)

A.G. Ibraeva¹, A.S. Temirkhanova²

¹Doctor of History, Рrofessor. M. Kozybayev NKSU.

Petropavlovsk, Kazakhstan.

²PhD student of the Department of History of Kazakhstan. L.N. Gumilyov ENU. Nur-Sultan, Kazakhstan.

Abstract:The article comprehensively examines the political events associated with the formation of Soviet power after the October Revolution in 1917, the role of Alash leaders in the creation of the National State, the formation of the Kazakh Autonomous Soviet Socialist Republic, and the issues of administrative-territorial division in the Soviet system. The authors pay special attention to the comprehensive disclosure of this issue, the purpose of which is an objective assessment of previously known facts of the history of the northern region of Kazakhstan at the beginning of the 20th century based on archival materials and periodicals introduced into the scientific circulation. Based on the collected materials, the struggle of representatives of the Alash intelligentsia for the creation of the state of the Alash-Horde and the politician of the Soviets in this matter is considered.

Information is also provided on the creation of a revolutionary committee to manage the Kirghiz (Kazakh) Territory (Kazrevkom) and its activities in creating the Kazakh Soviet Socialist Autonomy. The authors especially note the special role of Alash leaders in the return of the Kazakh lands included in the Akmola and Semipalatinsk provinces. The article is dedicated to researchers and everyone who is interested in this problem.

Keywords: Kazakh, Kazakh ASSR, administrative-territorial, autonomy, region, decree, County, territory, Alash, border, province.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 636

Нет рецензий

Скачать файлы

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

ТАРИХ-И АЛФИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА Орта Азияда мекен еткен қоңырат тайпалары жайлы кейбір мәселелер 1920-ШЫ ЖЫЛДАРЫ ТҮРКІСТАН АКСР-ІНДЕГІ БИЛІКТІ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) УДК 94 (574) : 316. 34 Қазақстандықтардың Украинаны азат ету жолындағы күресі мен ерліктері «Мәңгілік Ел» идеясы: саяси-философиялық негіздері және тарихи сабақтастығы ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ӘОЖ 94(574)930.2 САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАҒАНДАРДЫҢ АРЫЗ-ШАҒЫМДАРЫ ТАРИХИ ДЕРЕК РЕТІНДЕ (ХХ ғ. 20-30 жж.) ӘОЖ 930:94(574) «16/17» ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР ҚАТЫНАСЫ АЛЫС ШЕТЕЛ ЗЕРТТЕУШІЛЕРІНІҢ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ОӘЖ 94(574:347.963(092)ҚАЗАҚСТАН ДЕРБЕС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ (мемлекет қайраткері С.Есқараевтың туғанына 120 жыл) ЛАТЫНДАСТЫРУ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТАРИХЫ ХХ ғасыр басындағы тарих және діни мазмұндағы қазақ кітаптары 94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ ӘОЖ 93/94 Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жасауылдар институты тарихы мен қызметі УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕГІ РӨЛІ ҒТАМР 03.20 ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІ» АТТЫ КІТАБЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ ӘОЖ 929.52 АКАДЕМИК М.Қ.ҚОЗЫБАЕВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ АЗАТТЫҚ КҮРЕСІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ 4(574) ҚАЗАҚ ҚАЙРАТКЕРІ Н.НҰРМАҚОВТЫҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫНА ҚАТЫСТЫ САЯСИ ҰСТАНЫМЫ АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ «АЛАШ ОРДА» ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ (Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві материалдары бойынша) ӘОЖ 01:7.07(574) ҚАЗАҚ КИНОДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ КЕЗЕҢДЕРІ ӘӨЖ 93/94 392.34/34.096 ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰҚЫҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІНІҢ ТАРИХИ БАСТАУЛАРЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДАҒЫ ОМБЫ УЕЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӘСІПШІЛІГІ ҒТАХР 03.81.37 ТАРИХ-И РАШИДИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МОҒОЛСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖЕР-СУ АТТАРЫ ДЖ. У. БУШ ТҰСЫНДАҒЫ АҚШ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘӨЖ 94 (574.51) ҰЗЫНAҒAШ ШAЙҚACЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН НӘТИЖЕСІ ӘОЖ 94:81(47+57) ХХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ КЕҢЕС ҮКІМЕТІНІҢ ТІЛ САЯСАТЫ ҒТАХР: 03.41.91 ШУ ӨҢІРІНДЕГІ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТӨРТКҮЛДЕРДІҢ СТРАТИГРАФИЯСЫ (Х-ХІІ ғғ.) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҒТАХР 03.20.00 ЕУРОПАДАҒЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТАРИХИ БІЛІМГЕ ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ТАРИХИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ҒТАХР 11.25.91 ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫ КЕҢЕЙТУ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕСІНЕ ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕГІ ИСПИДЖАБ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛАЛАР МЕН ЕЛДІМЕКЕНДЕР ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ "КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ" РӨЛІ ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ «КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ» РӨЛІ ҒТАХР 03.09.31ТАНЗИМАТ РЕФОРМАЛАРЫНА ЕУРОПАЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЫҚПАЛЫ ЖӘНЕ МҰСТАФА РЕШИД ПАША ӘОЖ 94(574) БҮКІЛРЕСЕЙЛІК ҚҰРЫЛТАЙ ЖИНАЛЫСЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОҒАМДЫ-САЯСИ ЖАҒДАЙЫ ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ ҒТАХР 03.09.03 РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ ҒТАХР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР 03.20.29 СКРИПКАШЫ ӘЛІМ АЛМАТ (ҒАЛЫМЖАН ӘБСӘЛАМОВ) ЖӘНЕ ОНЫҢ МУЗЫКАНТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ҒТАХР 03.09.31:03,20 СӘТТІҒҰЛ ЖАНҒАБЫЛОВТЫҢ «ДОСАН БАТЫР» ДАСТАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде) ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕКЕ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДЕПТІК ТӘСІЛДЕРІ ҒТАХР 03.20.09.31 СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.41.01 СОЛТҮСТІК-ШЫҒЫС КАСПИЙ МАҢЫ ЖӘНЕ ОҒАН ІРГЕЛЕС АУДАНДАРДАҒЫ САРМАТ МӘДЕНИЕТІ: ПРОБЛЕМАЛАР, ГИПОТЕЗАЛАР ҒТАХР 03.20.29 ХХ ҒАСЫРДЫҢ 30-ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ ҒТАХР 03.20.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ҒТАХР 03.20.09.25 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ ЭЛИТА МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ДІНИ ҰСТАНЫМДАРЫ (Ибн Рузбихан және Мұхаммед Әуез еңбектері бойынша) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАХР 03.19.00 ҚЫТАЙДАҒЫ МИГРАЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (ХХ ғ. аяғы – ХХІ ғ. басы) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАХР 16.00.00 ЛАТЫН ӘЛІПБИЛІ ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМЫ: ШЕТТІЛДІК СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ (1929-40 жж. ) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҒТАХР 03.20:03.29 ӘЛЕУМЕТТІК ТОП ҰҒЫМЫ АЯСЫНДА ДІНИ ЖАМАҒАТТАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ МӘСЕЛЕСІ ҒТАХР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАХР 03.09.55 1920-1930 ЖЖ. ШЕТЕЛДІК САЯСИ ЖӘНЕ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ САЯСАТЫ ҒТАХР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында) ҒТАХР 03.09.03 ПАТРИОТИЗМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ ҒТАХР 03.61.91 МАРАТ МҰҚАНОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ОРТА ЖҮЗ РУЛАРЫНЫҢ ТАРАЛУ АЙМАҚТАРЫ ҒТАХР: 03.20:03.09.25 ҒҰНДАРДЫҢ АТТЫ ӘСКЕРЛЕРІ ҒТАХР: 03.20:03.01.09 ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ КӘСІПҚОЙ ЭТНОГРАФТАРЫНЫҢ БІРІ ҚҰСАЙЫН ТӘКЕЖАНҰЛЫ ҒТАХР 03.01.17 КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІН АЙҚЫНДАУ: ТАРИХ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢ ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ АКСР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР 03.81.35 ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРКӘСІБІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖЫЛДАРЫНДА ЖӘНЕ НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ (1924-29 жж.) ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАХР 03.61.91 ТҰРМЫС-САЛТ ЖЫРЛАРЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ НҰСҚАЛАРЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ КОНТЕКСТІ ҒТАХР 11.25.19 COVID-19 ПАНДЕМИЯСЫ ЖАҒДАЙЫНДА «БІР БЕЛДЕУ - БІР ЖОЛ» ИНИЦИАТИВАСЫН ІСКЕ АСЫРУДЫҢ СЫН-ҚАТЕРІ ҒТАХР 03.61.91 ДОҢЫЗТАУДАҒЫ БЕСБАЙ ЖӘНЕ ИЗЕНАҒАШ ДІНИ-ТҰРҒЫН КЕШЕНДЕРІНІҢ МЕШІТТЕРІ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРДАҒЫ БАЛАСАҒҰН ЭТИМОЛОГИЯСЫ ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАХР 03.20:03.09.31 МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС ҒТАХР 03.29:03.20 ЕУРАЗИЯ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЭТНОЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ АЛҒЫШАРТТАРЫ ҒТАХР 03.20.00 ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР: ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ХАЛЫҚТАРДЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ҒТАХР 03.20.00 МҰРАЖАЙ ТОПТАМАЛАРЫНДАҒЫ ФОТОМАТЕРИАЛДАРДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК МАҢЫЗЫ ҒТАМР 03.20.00 НҰРБАПА ӨМІРЗАҚОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАН КЕЗЕҢІ ҒТАМР 03.20.00 РЕСЕЙ АРХИВ ДЕРЕКТЕРІНДЕГІ АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ КЕЙБІР ҚЫРЛАРЫ (1748–1772 ЖЖ.) ҒТАМР 03.20.00 КӨШПЕЛІ ТАЙПАЛАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРІНДЕГІ АНТ БЕРУ РӘСІМДЕРІ: САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРЫ ТУРАЛЫ МРНТИ. 03.20.00; 03.01.21 МАТЕРИАЛЫ ПЕТРОВСКОГО ОБЩЕСТВА О РАЗВИТИЕ НАРОДНОГО ОБРАЗОВАНИЯ В БУКЕЕВСКОЙ ҒТАМР 03.09.31 XIX Ғ. БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ САЯСИ ТЫҢШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ ҒТАМР 03.81.37 ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ «БӘРІ ДЕ МАЙДАНҒА, БӘРІ ДЕ ЖЕҢІС ҮШІН!» ҰРАНЫМЕН ЖЕҢІСКЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ (Жамбыл облысының мысалында) ҒТАМР 03.20.00 АЛАШОРДА МЕН СІБІР ҮКІМЕТІНІҢ ӨЗАРА БАЙЛАНЫСТАРЫ ХАҚЫНДА

Статьи автора

ҒТАХР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында)