Главная » Материалы » ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ

ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4

Теги: аударушылар, қоныс, арнайы, ұлттар, депортация, сөздер:, Түйін, күштеу, саясаты, қоныстандыру.
Аннотация:
Мақалада Ақмола облысына соғысқа дейінгі және соғыс жылдары күштеп қоныс аударылған халықтардың тарихы қарастырылған. Қоныс аударылған халықтар мен ұлт өкілдерінің құрамы талданған, олардың республикада халық шаруашылығындағы жұмыспен қамтылуы, қоныс аударушыларға қатысты жергілікті органдардың әлеуметтік саясаты және олардың жергілікті халықпен өзара қарым-қатынасы талданады.
Содержание:

УТЕГЕНОВ МАРАТ ЗЕННАТОВИЧ

ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ДОЦЕНТ

Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ

КАПБАСОВА ДИАНА СЕРИКБАЕВНА

Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ 2-КУРС ДОКТОРАНТЫ

ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ

Аңдатпа

Мақалада Ақмола облысына соғысқа дейінгі және соғыс жылдары күштеп қоныс аударылған халықтардың тарихы қарастырылған. Қоныс аударылған халықтар мен ұлт өкілдерінің құрамы талданған, олардың республикада халық шаруашылығындағы жұмыспен қамтылуы, қоныс аударушыларға қатысты жергілікті органдардың әлеуметтік саясаты және олардың жергілікті халықпен өзара қарым-қатынасы талданады.

Түйін сөздер: депортация, ұлттар, арнайы қоныс аударушылар, күштеу саясаты, қоныстандыру.

Ақмола обылысына қоныс аударылған халықтардың  тарихын зерттеу ең күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Өйткені, бұл облыстың тарихы Солтүстік-Қазақстан, Қарағанды және Көкшетау облыстарының тарихымен ұштасып жатыр. Облыстың құрамына енген аудандар алма-кезек ауысып отырды.

Кезінде КСРО саясатының құрбандығына ұшырап Қазақстанға арнайы қоныстандырылған негізінен азшылық болып есептелетін мұндай ұлттар, ұлт өкілдері республикамызда баршылық. Олардың қатарында немістер, поляктар, месхет түріктері, шешендер, ингуштер, балқар, қарашай ұлтының өкілдері бар. Егеменді еліміздің тең құқылы азаматтары болып есептеліп, республикамыздың экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген ұлт өкілдерінің туған жерінен қоныс аударуының негізгі себебі – жалған интернационализмді бетперде қылып ұстанған КСРО саясатында жатыр. Қиыр Шығыстан алғаш құрбандыққа ұшырап, жер аударылған кәрістер болатын. Кәрістер киген кепті арада аз уақыт өткеннен кейін поляктар, немістер, т.б. ұлт өкілдері киеді.

Депортацияланған халықтарды орналастыру және олардың тұрмыстық жағдайы депортацияланған халықтардың статусына байланысты болды. Мәселен, кәріс қоныс аударушыларының статусы «әкімшілік-қоныс аударушылар» болғандықтан, республикада орналастыру кезінде Қазақ КСР басшылығы оларды түзетуге мүмкіндік берді. Украин Кеңестік Социалистік Республикасынан қоныс аударылған поляктар мен немістер «кулак қоныс аударушылар» немесе «арнайы қоныс аударушылар» статусына ие болды, олардың үстінен бақылау ерекше қатал болды. Екінші Дүниежүзілік соғыс барысында депортацияланған Польша азаматтарының статусында маңызды өзгерістер болып жатты. Немістер, шешендер мен ингуштерге тағылған статус «арнайы қоныс аударылғандар» болды. Мемлекет басшылығы КСРО халықтарының теңдігін жариялағанына қарамастан, шын мәнінде жекелеген халықтарға қатысты саясат мүлде өзгеше болды. Оны біз үкіметтің халықтарды күштеп қоныс аудару саясатынан айқын аңғарамыз.

Ақмола облысына арнайы қоныс аударушыларды орналастыру кезінде басшылық депортацияланған халықтарды жергілікті халық арасында барынша «араластырып» жіберу мүмкіндігін қолға алды. Қоныс аударылғандардың басым бөлігі облыстың ауылдық жерлеріне, яғни қазақ ауылдары мен орыс селоларына қоныстандырылды. Соның нәтижесінде билік басындағылар депортацияланғандарды аса үлкен территорияда шашыратып орналастыруға қол жеткізді. Қоныс аударылғандар өздерінің ешқандай қателік жасамағандарын жақсы түсінді, бірақ олардың ұлттық белгісі қалыптасқан жағдайға себеп болып отыр. Сондықтан қоныс аударушылардың басым бөлігі сәті салған кезде өздерінің тегін, ұлтын өзгертуге тырысты, әсіресе балаларының төл құжатын өзгертуге өтініш жасағандар өте көп болды [1, 134 б.].

Халықтарды Қазақстанға күштеп қоныс аударудың алғашқы жылдары, яғни 1937-1939 жылдар аралығында Ақмола облысы әлі болмағандықтан Солтүстік-Қазақстан облысы мен Қарағанды облысының аудандарына терең үңілуге тура келеді. Бұл әсіресе Қазақстан кәрістері мен поляк ұлттарына байланысты.

Солтүстік Қазақстан облысының құрамында болған, болашақ Ақмола облысының аудандарындағы қоныс аударылғандар санын көруге болады. Бұл мәліметтер 1938 жылдың 1 қаңтарында берілген (1 кесте).

1 кесте

Аудан атауы

Қоныс аударушылар саны

Ауылдық кеңестер саны

Сталин ауданы, ауылдар:

Шортанды

Ново-Кубаньский

Алтай

Ново-Кавказский

Пригородный

Октябрь

Подлесный

Байқал

Андреевский

Петровский

Барлығы:

2035

1611

862

897

1220

665

924

816

1693

1563

12 286

жоқ

жоқ

жоқ

жоқ

жоқ

жоқ

жоқ

жоқ

1

1

2

Соның ішінде: а) поляктар – 2 209 адам; ә) немістер – 555 адам; б) орыстар – 4 738 адам; в) украиндықтар – 1 806 адам; г) армяндар – 157 адам; д) өзбектер – 116 адам; е) грузиндер – 83 адам; ж) татарлар – 60 адам; з) қазақтар – 46 және т.б. ұлттар 1-ден 10 адамға дейін [2, 54 п.].

1937-1938 жылдары Қиыр Шығыста тұрып жатқан кәріс халқына «жапон тыңшылары» деген айып тағылып, жаппай депортацияға ұшырады. Кәріс қоныс аударушыларының басым бөлігін Қазақстан мен Орта Азияға шоғырландыру жоспарланды. Кәріс халқы негізінен күріш өсіру мен балық аулау шаруашылықтарымен айналысқандықтан, оларды күріш өсіруге қолайлы Қазақстанның оңтүстік аймақтары мен Арал теңізі жағалауына орналастыру көзделді. Алайда кәрістерден басқа халықтардың да республикаға депортациялануы оңтүстік аймақтардағы жер тапшылығын тудырды. Сондықтан кәріс қоныс аударушыларының бөлігі Қазақстанның басқа аймақтарына да жіберілді. 1937-1938 жылдары солтүстік аймақтағы кәрістер Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарына қоныстандырылды. Солардың бір бөлігі болашақ Ақмола облысының жерлеріне де шоғырландырылды.

Солтүстік Қазақстан аймағына қоныстандырылған кәрістердің тұрмысы төмен жағдайда еді. Кәрістер қоныс аударылғанға дейін Қиыр Шығыста үкіметке өздерінің барлық дүние-мүліктерін өткізген болатын. Қазақстанда карточка бойынша олардың барлығы қайтарылып берілуі тиіс еді. Алайда кәрістерге оның бір бөлігі ғана берілді. Сондықтан кәрістердің тұрмысы төмен дәрежеде қала берді. Кәріс колхоздарында алғашқы жылдары мал тапшылығы байқалды.

1939 жылы 3 маусымда Солтүстік-Қазақстанның облыстық атқарушы комитетінің отырысында кейбір кәріс колхоздарында ірі қара малдың әлі күнге дейін болмау мәселесі көтерілді. Мысалы, Келлеровка ауданында 101 кәріс шаруашылығында ірі қара мал мүлде болмаған. Петропавл ауданында – 47 шаруашылықта, Сталин ауданында (кейін Ақмола облысына енді) – 44 кәріс шаруашылығында ірі қара мал болмай шыққан.

Кәріс қоныс аударушыларының шаруашылықтарын, совхоздарда, МТС-терде, өнеркәсіп орындарында, шаруашылық және қоғамдық ұйымдарда  жұмыс істейтін жұмысшылар мен қызметкерлерді 1 қаңтар 1939 жылғы есепке алу кестесінде көрсетілген (2 кесте) [3, 89 б.].

2 кесте

Облыстың, ауданның және кәсіпорынның атауы

Шаруашылықтар саны

Ондағы адамдар саны

1.

2.

3.

Қарағанды облысы:

Ақмола ауданы

Әр түрлі мекемелерде

Солтүстік-Қазақстан облысы:

Сталин ауданы

Әр түрлі аудандық мекемелерде

«Жаламбет» кен орнында

29

77

169

116

310

837

Еркін түрде кәріс колхоздарына қоныстандырылған кәріс қоныс аударушылары үшін құрылыс жұмыстарын арнайы құрылыс конторасы «Спецстрой» жүргізді. 11 учаскелік құрылыс конторалары ұйымдастырылды, олардың негізгі міндеті қоныс аударушылар үшін құрылысты ұйымдастыру және басшылық жасау болды. Кәріс қоныс аударушылары үшін үй жобасының негізі ретінде Солтүстік Қазақстандағы украин қоныс аударушыларының ауылдарындағы құрылыстар типі таңдалып алынды [4, 23 п.]. Құрылыс жұмыстары кезінде нақты нормалар мен сандар болмады.

Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы неміс халқын күштеп қоныс аударуға алып келді, КСРО немістері жаппай сатқындық жасады деп айыпталды. Қазақстан территориясына күштеп қоныс аударылған немістердің саны Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының әр түрлі мұрағат деректері бойынша 182 598 адамнан 400 000 мың адамға дейін болуы мүмкін. Мұрағаттық деректер мәліметтерінің сандық көрсеткішінде осындай үлкен айырмашылықтың болуының өз себептері бар. Оның ең  негізгілерінің бірі – күштеп қоныс аударылғандардың Қазақстан аумағында уақытша ғана болуымен түсіндіріледі. Депортацияға ұшырағандар эшелондарға отырғызылып Қазақстанға жеткізілді, кейін орталықтан келген бұйрыққа сәйкес оларды Орта Азия республикалары – Қырғызстан мен Өзбекстанға қарай жіберді.

1941 жылдың 25 қазанына қарай Қазақстанда 467 мың немістерді қабылдау жоспарланды. Соның ішінде Ақмола облысына 62,2 мың адам және Солтүстік-Қазақстан облысына 62,2 мың адам қоныстандыру көзделді [5, 24 п.]. Соғыс кезеңінде немістердің материалдық-тұрмыстық жағдайы Қазақстанның барлық тұрғындарының жағдайы сияқты қиын болды. Неміс халқы үшін қиындықтар осымен аяқталмады, еңбек армиясына мобилизация басталып, немістер жаппай қара жұмысқа тартылды. ГКО-ның арнайы қоныс аударылған немістерді мобилизациялау туралы қаулылары еңбекке жарамды барлық неміс ұлт өкілдерін еңбек армиясына шақыруды көздеді [6, 168-175 бб.]. НКВД мәліметтері бойынша, 1942 жылы желтоқсанда СҚО қоныстандырылған 62473 адамның 11860-ы еңбек армиясына мобилизацияланды [7, 136, 143 бб.]. Қазақстанда немістерді  мобилизациялау 3 негізгі жолмен жүргізілді: әскери комиссариат, НКВД және жергілікті билік органдары арқылы. Неміс-еңбек армияшылары облыс аумағында, соның ішінде Петропавл қаласындағы ТЭЦ-1 құрылысында, мемлекетттік құрылыс-жөндеу конторасында (ГСМК-52) жұмыс істеді.

Қазақстанға күштеп қоныс аударылған халықтардың  арасында шешен және ингуш халықтары ерекше орын алады. Бұл халықтардың басым бөлігі оңтүстік Қазақстанға орналастырылды. Дегенмен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы шешендер мен ингуштердің де саны айтарлықтай көп болды. Шешен-ингуш халықтарының республикадағы географиялық орналасуы елдің 15 облысын қамтыды. 1946 жылы 1 қаңтарда Солтүстік-Қазақстан облысында 14 776 шешен және 5 366 ингуш ұлтының өкілдері мекендеді [8, 2 п.].

Балқар халқының Ақмола облысына қоныс аударуы және саны жөнінде мағлұматтар НКВД-нің қоныс аудару бөлімінің Басшысы Аркадьевтің жазған анықтамаларынан көруге болады. Анықтамада Ақмола облысына 5 219 балқар 1944 жылы наурыз айында эшелонмен жіберілгені айтылады. Бірақ Ақмола облысына 5 124 балқарлық қана жеткізілгені туралы анықтамада айтылған. Яғни, 100-ге жуық адам жолда қайтыс болғаны күмән туғызбайды.

Сонымен қатар, НКВД-нің қоныс аудару бөлімінің Басшысы Аркадьевтің және НКГБ-нің 3-ші Басқармасы басышысының орынбасары Волковтың анықтамасында Ақмола облысына 60 330 шешен-ингуш халықтарының өкілдері жеткізілгені жөнінде ақпарат бар.

1944 жылы Ақмола облысына қоныстандырылған шешен-ингуш отбасыларының саны 10 540 болды. Соның ішінде колхоздарға 2 187 отбасы жұмысқа орналастырылды, ал басқа ұйымдарда 585 отбасы жұмыспен қамтылды. 1944 жылы депортацияға ұшыраған шешен-ингуш ұлты отбасыларының 6 592-сі тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Арнайы қоныс аударушыларға 215 мың рубль сомасына ауыл шаруашылық несиесі берілді. Дәл осы жылы оларға 970 тонна дәнді-дақылдар, 20,4 тонна жүн бөлініп берілді, өнеркәсіп орындары қоныс аударушыларға арнайы 8 383 пима, 341 былғары тері, 2 750 қой жүнін дайындады [9, 83-85 п.].  

Ақмола облысында шоғырланған арнайы қоныс аударылған халықтар туралы мәліметтердің басым бөлігі Ақмола облысының мемлекеттік мұрағатында сақталынған. 1955 жылдың 15 тамызында Ақмола облысының территориясында орналастырылған қоныс аударушылардың шаруашылық-тұрмыстық құрылысы туралы анықтамадан көптеген құнды мәліметтер алуға болады. Анықтама бойынша облыста арнайы қоныс аударылғандар ретінде санақта тұрған адамдар саны 68 409 адам, соның ішінде: немістердің саны – 40 508, шешен-ингуштер – 20 854, оуновшылар – 179 және басқа да контингент – 6 868 адам болған.

1955 жылы 15 тамызда еңбекке жарамды қоныс аударушылар арасында 1099 адам жұмыс істемейтіндер ретінде тіркелген, соның ішіндегі шешен-ингуштердің саны – 674 адам.

Солтүстік Кавказ арнайы қоныс аударушыларының (шешендер мен ингуштер) ішінде көбінесе қыздар оқымайды, себебі халықтың артта қалған бөлігі олардың мектепке барып білім алуы қажет емес деп санайды. Бірқатар аудандарда балалардың шағын бөлігі отбасындағы еңбекке жарамды адамның болмауынан мектепті тастап кеткен, сонымен бірге жылы киім мен азық-түліктің болмауы да мектепті тастауға себеп болды.

Ақмола облысына депортацияланған халықтардың тұрмысы, саны, жұмыспен қамтылуы және т.б. мағлұматтар көбінесе мемлекеттік құжаттарда берілген. Мәселен, 1945 жылы Қазақ КСР-нің ішкі істер Халық комиссарының орынбасары Николаевтың Солтүстік Кавказдан келген қоныс аударушылардың тұрмыстық және еңбек құрылысы туралы баяндамасында келесі деректер келтірілген:

Қазақ КСР-інде Солтүстік Кавказдан арнайы қоныс аударылғандардың 112 102 отбасысы, жалпы саны 470 мың адам мекендейді.

Арнайы қоныс аударылғандар республиканың 14 облысына, 145 ауданға орналастырылды.

Қоныс аударушыларды колхоздардың мүшелігіне қабылдау келесі облыстарда ең белсенді жүріп жатыр: Алматы облысы – 96,5 %, Қостанай – 85,4 %, Қарағанды – 80,2 %, Ақмола облысы – 79,6 %.

Қоныс аударушылардың арасында бірте-бірте еңбек тәртібі түзеле бастаған. Соның нәтижесінде еңбек өнімділігі арта бастады. Мысалы, Ақмола облысының кейбір аудандарында көптеген арнайы қоныс аударушылар колхоздарда дала жұмыстарының нормаларын асыра орындап жатты.

Алғашқы жылдары қоныс аударушылардың Қазақстандағы тұрмыс жағдайы өте төмен болған. 1948 жылы Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аудандарында егін дұрыс шықпай халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету күрт төмендеп кеткен. Соның ішінде арнайы қоныс аударушыларға да азық-түлік жетіспеді [10, 193-б].

1948 жылы 1 сәуірде КСРО ІІМ-нің қоныс аудару бөлімінің мәліметтері бойынша Ақмола, Ақтөбе, Көкшетау, Қостанай, Солтүстік-Қазақстан және Семей облыстарында азық-түлікті күшті қажет ететін 118 259 қоныс аударушы бар, 2 590 адам дистрофия ауруына шалдыққан, 18 өлім тіркелген.

Қоныс аударушыларға азық-түліктің жетіспеушілігін облыстар бойынша келесі мәліметтерден көруге болады:

Ақмола облысының аумағында 30 252 отбасы, 110 097 адам қоныстандырылған.

Облыс аумағында азық-түлікті шұғыл түрде қажет ететін 28 405 қоныс аударушы бар, олардың арасында дистрофия ауруы жаппай таралған.

Калинин ауданының 6 колхозында және Колутон темір жол станциясының жанындағы ауылда 84 адам аштыққа шалдыққан.

Есіл ауданының «Путь к социализму» колхозында 33 қоныс аударушы дистрофиямен ауырып жатыр. Молотов, Вишневск және Еркіншілік аудандарында да дәл осындай жағдай болды.

Совхоздарда жұмыс істейтін қоныс аударушылардың жағдайы өте ауыр болды. Азық-түліктерді жеткізу шектеулі. Азық-түлікті сатып алу мүмкіндігі жоқ, себебі қоныс аударушыларға желтоқсан айынан бері жалақы берілмеген.

1948 жылы желтоқсанда мұқтаж жандарға 200 тонна дәнді-дақылдар беріліп, 11 315 қоныс аударушыға бөлінді. Бірақ 17 090 қоныс аударушы ақшаның жоқтығынан дәнді сатып ала алмады.

Наурыз айында 73 тонна дәнді-дақылдар бөлінді. Алайда қоныс аударушылардың бір бөлігі ақшаның жоқтығынан оны сатып ала алмады.

Кәріс, поляк және т.б. халықтардың құқығын бұзушылық депортациядан бастау алып, әрі қарай орналастырылған елді-мекендерде, өмірдің барлық салаларында көрініс тапты. Күштеп қоныс аударылғандардың негізгі бөлігі қоныс аудару кезінде барлық мүлкінен айырылды, оның орнына айырбас түбіртектерді алды. Бұл түбіртектер бойынша жаңа қоныс орнында депортацияланғандарға жеке мүлкі қайтарылып берілуі тиіс болды, бірақ жағдай басқаша сипатта өрбіді. Айырбас операциялары келесі түрде өткізілді: мысалы, корейлік колхоздардың біріне айырбас түбіртек бойынша нанның орнына автомашиналар берілген.

Қазақстандағы арнайы қоныс аударылғандардың басқа да мәселелері шешілмеді. Солардың ішіндегі ең негізгілері: жұмыспен, тұрғын үймен, азық-түлікпен қамтамасыз етілмеуі, сапалы білімнің берілмеуі және т.б. мәселелер. Аталған мәселелер қоныс аударушылардың статусы мен жергілікті биліктің оларға деген сенімсіз көзқарасынан туындады. Медициналық қызмет көрсетудің төмен дәрежеде болуы мен санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтауға мүмкіндіктің жоқтығы аурулардың туындауына және қоныс аударушылардың арасында өлім-жетімнің жоғарылауына алып келді. Мысалы, 1936 жылы тек Украин КСР-нен қоныс аударғандардың арасында келесі аурудың түрлері тіркелген: «корь – 2 283 рет, скарлатина – 140 рет, тиф – 45, асқазан аурулары – 3 189. Корь ауруынан 669 адам, скарлатинадан 38 адам қайтыс болған [11, 15-б].

Осылайша, депортацияланған халықтардың Солтүстік Қазақстандағы алғашқы өмір жылдары көптеген мәселелердің туындауымен ерекшеленді. Поляк, неміс және кәріс халықтарының жаңа климаттқа бейімделуі де аса ауыр жағдайда өтті.

Қазақстанға күштеп қоныс аударылған халықтар Кеңес үкіметінің оларға жасаған зорлық-зомбылығына қарамастан соғыс жылдары және соғыстан кейінгі жылдары да халық шаруашылығын өркендету үшін белсене еңбектенді. Олардың қазақ жерінде жасаған ерліктері туралы мыңдаған мысалдар келтіруге болады.

Жаппай репрессиялар мен депортациялар жылдарында Қазақстан жаппай қоныс аударуға ұшыраған халықтардың тағдыр тауқыметін бастан өткерді. Депотацияланған халықтармен бір шаңырақтың астында өмір сүрген қазақстандықтардың түйсігінде КСРО-ның тоталитарлық, империялық, ұлттық саясатына деген сыни, қарама-қайшы көзқарастарын қалыптастырды.

Халықтарға қатысты жүргізілген жаппай депортациялар, заңсыздықтар мен асыра сілтеушіліктер кеңестік қоғамның ауыр мұрасы болып табылады. Депортациялауға ұшыраған халықтардың құқықтарын қайта қалпына келтіру үрдісі кезең кезеңмен жүргізілді. Олар лагерлік экономиканың құру кезінде негізгі жұмыс күшіне айналды. 20-жылдарының ортасынан басталған адамның ар-намысы мен өмірін таптау ондаған жылдарға созылды.

Республиканың территориясы жер аударылғандар мен қылмыскерлердің шоғырланған аймағына айнала бастады.

Міне, кезінде КСРО-ның Сталин тұсындағы аз ұлттарға жасаған «интернационалистік» саясатының көрінісі осындай. Халықтар көсемінің қайтыс болуына байланысты ұлттар тағдырына қарсы жасалған қастандықтың темір құрсауы сəл-пəл босаңсығанымен көпке дейін үзіліп кете қоймағаны да көпшілікке белгілі. Ал үзілу КСРО-ның ыдырауымен мүмкін болды. Қазіргі кезде Қазақстанда жерінде 130-дан аса ұлттар мен ұлыстар өмір сүріп жатыр. Бұл халықтар үшін біздің еліміз екінші Отанға айналды, Қазақстанның туы астында ешбір рухани және әлеуметтік шектеулер мен қысымдарға ұшырамай өмір сүруге, еңбек етуге мүмкіндік алды. Депортацияның қайғылы тарихы полиэтникалық қазақстандық қоғамның қалыптасуының бір бөлшегіне айналды.

Аннотация

В статье рассматривается история насильственного переселения народов, депортированных в Акмолинскую область довоенные и военные годы. Анализируется состав переселенных народов и народностей, их занятость в народном хозяйстве республики, социальная политика местных органов в отношении переселенцев и их взаимоотношения с коренным населением.

Annotation

The article deals with the history of forced migration of people deported to Akmola region during the pre-war and war years. The article analyzes the composition of the resettled peoples and nationalities, their employment in the national economy of the Republic, the social policy of local authorities in relation to immigrants and their relationship with the indigenous population.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.  Садыков М.К. Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. – Алматы, 2005. – 428 с.

2.   ҚР ОММ, 1490 қор, 1 тізбе, 7 іс, 61 П.

3.   Кан Г.В. Корейцы Казахстана: Ист. очерк. – Алматы, 1994. – 240 с.

4.  ҚР ОММ, 1208 қор, 1 тізбе, 1 іс, 37 П. 240+8 б. илл. 91 б.

5.   ҚР ОММ, 1987 қор, 1 тізбе, 14 іс, 34 П.

6.  История российских немцев в документах (1763-1992). / Сост. В.Ауман, В.Чеботарева. - М., 1993. - 448 с.

7.  Из истории немцев Казахстана (1921-1975гг.). Сборник документов: АП РК // Отв. редактор Г.А. Карпыкова. – Алматы - Москва: Готика, 1997. – 376 с.

8.   СҚО ММ, 1189 қор, 1 тізбе, 1601 іс, 2 П.

9.   АО ММ, 268 қор, 3 тізбе, 69 іс, 99 П.

10.  К вопросу о положении спецпереселенцев из УССР в Северо-Казахстанской области в предвоенные годы // Материалы международной научной конференции «Аль-Фараби – Абай: проблема преемственности». Алматы, 2007. - С. 191-195.

11.  Абуов Н. А. Депортация народов в Казахстан в 1936-1957 гг. (на материалах Северо-Казахстанской и Кокчетавской области). Автореф. диссертации на соискание ученой степеникандидата ист.наук. Караганда, 2008. – 30 б.


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 414

Нет рецензий

Скачать файлы

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

ҚАЗАҚСТАНҒА АРНАЙЫ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ Қызылорда облысы Жалағаш ауданына 1960-шы жылдары қоныс аударған отбасылар УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ 902.2 Солтүстік Қазақстан аудандарында бaқтaшылықтың пaйдa бoлуы ӘОЖ 93/94 Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жасауылдар институты тарихы мен қызметі УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕГІ РӨЛІ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДАҒЫ ОМБЫ УЕЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӘСІПШІЛІГІ ҒТАХР 03.81.37 ТАРИХ-И РАШИДИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МОҒОЛСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖЕР-СУ АТТАРЫ ДЖ. У. БУШ ТҰСЫНДАҒЫ АҚШ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘӨЖ 94 (574.51) ҰЗЫНAҒAШ ШAЙҚACЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН НӘТИЖЕСІ ҒТАХР: 03.41.91 ШУ ӨҢІРІНДЕГІ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТӨРТКҮЛДЕРДІҢ СТРАТИГРАФИЯСЫ (Х-ХІІ ғғ.) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҒТАХР 03.20.00 ЕУРОПАДАҒЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТАРИХИ БІЛІМГЕ ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ТАРИХИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ҒТАХР 11.25.91 ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫ КЕҢЕЙТУ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕСІНЕ ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕГІ ИСПИДЖАБ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛАЛАР МЕН ЕЛДІМЕКЕНДЕР ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ "КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ" РӨЛІ ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ «КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ» РӨЛІ ҒТАХР 03.09.31ТАНЗИМАТ РЕФОРМАЛАРЫНА ЕУРОПАЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЫҚПАЛЫ ЖӘНЕ МҰСТАФА РЕШИД ПАША ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ ҒТАХР 03.09.03 РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ ҒТАХР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР 03.20.29 СКРИПКАШЫ ӘЛІМ АЛМАТ (ҒАЛЫМЖАН ӘБСӘЛАМОВ) ЖӘНЕ ОНЫҢ МУЗЫКАНТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ҒТАХР 03.09.31:03,20 СӘТТІҒҰЛ ЖАНҒАБЫЛОВТЫҢ «ДОСАН БАТЫР» ДАСТАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде) ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕКЕ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДЕПТІК ТӘСІЛДЕРІ ҒТАХР 03.20.09.31 СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.41.01 СОЛТҮСТІК-ШЫҒЫС КАСПИЙ МАҢЫ ЖӘНЕ ОҒАН ІРГЕЛЕС АУДАНДАРДАҒЫ САРМАТ МӘДЕНИЕТІ: ПРОБЛЕМАЛАР, ГИПОТЕЗАЛАР ҒТАХР 03.20.29 ХХ ҒАСЫРДЫҢ 30-ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ ҒТАХР 03.20.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ҒТАХР 03.20.09.25 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ ЭЛИТА МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ДІНИ ҰСТАНЫМДАРЫ (Ибн Рузбихан және Мұхаммед Әуез еңбектері бойынша) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАХР 03.19.00 ҚЫТАЙДАҒЫ МИГРАЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (ХХ ғ. аяғы – ХХІ ғ. басы) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАХР 16.00.00 ЛАТЫН ӘЛІПБИЛІ ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМЫ: ШЕТТІЛДІК СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ (1929-40 жж. ) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҒТАХР 03.20:03.29 ӘЛЕУМЕТТІК ТОП ҰҒЫМЫ АЯСЫНДА ДІНИ ЖАМАҒАТТАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ МӘСЕЛЕСІ ҒТАХР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАХР 03.09.55 1920-1930 ЖЖ. ШЕТЕЛДІК САЯСИ ЖӘНЕ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ САЯСАТЫ ҒТАХР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында) ҒТАХР 03.09.03 ПАТРИОТИЗМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ ҒТАХР 03.61.91 МАРАТ МҰҚАНОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ОРТА ЖҮЗ РУЛАРЫНЫҢ ТАРАЛУ АЙМАҚТАРЫ ҒТАХР: 03.20:03.09.25 ҒҰНДАРДЫҢ АТТЫ ӘСКЕРЛЕРІ ҒТАХР: 03.20:03.01.09 ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ КӘСІПҚОЙ ЭТНОГРАФТАРЫНЫҢ БІРІ ҚҰСАЙЫН ТӘКЕЖАНҰЛЫ ҒТАХР 03.01.17 КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІН АЙҚЫНДАУ: ТАРИХ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢ ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ АКСР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР 03.81.35 ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРКӘСІБІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖЫЛДАРЫНДА ЖӘНЕ НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ (1924-29 жж.) ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАХР 03.61.91 ТҰРМЫС-САЛТ ЖЫРЛАРЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ НҰСҚАЛАРЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ КОНТЕКСТІ ҒТАХР 11.25.19 COVID-19 ПАНДЕМИЯСЫ ЖАҒДАЙЫНДА «БІР БЕЛДЕУ - БІР ЖОЛ» ИНИЦИАТИВАСЫН ІСКЕ АСЫРУДЫҢ СЫН-ҚАТЕРІ ҒТАХР 03.61.91 ДОҢЫЗТАУДАҒЫ БЕСБАЙ ЖӘНЕ ИЗЕНАҒАШ ДІНИ-ТҰРҒЫН КЕШЕНДЕРІНІҢ МЕШІТТЕРІ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРДАҒЫ БАЛАСАҒҰН ЭТИМОЛОГИЯСЫ ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАХР 03.20:03.09.31 МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС ҒТАХР 03.29:03.20 ЕУРАЗИЯ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЭТНОЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ АЛҒЫШАРТТАРЫ ҒТАХР 03.20.00 ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР: ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ХАЛЫҚТАРДЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ҒТАХР 03.20.00 МҰРАЖАЙ ТОПТАМАЛАРЫНДАҒЫ ФОТОМАТЕРИАЛДАРДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК МАҢЫЗЫ ҒТАМР 03.20.00 НҰРБАПА ӨМІРЗАҚОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАН КЕЗЕҢІ ҒТАМР 03.20.00 РЕСЕЙ АРХИВ ДЕРЕКТЕРІНДЕГІ АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ КЕЙБІР ҚЫРЛАРЫ (1748–1772 ЖЖ.) ҒТАМР 03.20.00 КӨШПЕЛІ ТАЙПАЛАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРІНДЕГІ АНТ БЕРУ РӘСІМДЕРІ: САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРЫ ТУРАЛЫ

Статьи автора

Бірінші дүние жүзілік соғыс тұтқындары Жетісуда Charisma and "Politics of Proximity" in the time of the Revolution and Civil War Роль военной контрразведки «Смерш» в годы Великой Отечественной войны и подвиг нашего земляка ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ Абд ар-Раззак Самаркандидің «Матла ' ас-са ' дайн ва маджма 'ал-бахрайны» шығармасы ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ