Главная » Материалы » ОӘЖ 394:944 А 62 ДӘУЛЕТКЕРЕЙ ШЫҒАЙҰЛЫ (1820–1877) – КҮЙШІ, ДАРЫНДЫ КОМПОЗИТОР, ҰЛТТЫҚ КҮЙ ӨНЕРІНІҢ НЕГІЗІН САЛУШЫЛАРЫНЫҢ БІРІ

Т. ӘМИНОВ, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы инстиутының аға ғылыми қызметкері, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты, Нұр-Сұлтан қ.

ОӘЖ 394:944 А 62 ДӘУЛЕТКЕРЕЙ ШЫҒАЙҰЛЫ (1820–1877) – КҮЙШІ, ДАРЫНДЫ КОМПОЗИТОР, ҰЛТТЫҚ КҮЙ ӨНЕРІНІҢ НЕГІЗІН САЛУШЫЛАРЫНЫҢ БІРІ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 3(19), 2019

Теги: күй өнері, күйшілер, халық музыкасы, қазақ композиторлары, ақсүйектер, ұлы есімдер
Автор:
РІМақала атақты күйші-композитор, XIX ғасырдағы дала демократиясының даңқты өкілі Дәулеткерей Шығайұлы өмірі мен шығармашылығының маңызын ашуға арналған. Ол өзінің шыққан тегі бойынша далалық ақсүйектер өкілдерінің сол дәуірдегі неғұрлым атақты тобына жатады. Дәулеткерей өзі сұлтан болған кезінде үлкен абыройға, халық құрметіне бөленеді. Алайда, ата тегі мен шықан ортасына қарамастан, Дәулеткерей халқымыздың сүйікті композиторына айналады. Оның лирикалық нәзік күйлері қазақ халқының баға жетпейтін асыл қазынасы болып табылады. Өмірінің соңғы жылдарында Дәулеткерей өзінің білімі мен тәжірибесін жас орындаушыларға беруге тырысады. Шәкірттері оны құрметтеп «Бапас» (әке) деп атайды. Дәулеткерейдің музыкалық мұрасы осы шәкіртерінің арқасында біздің заманымызға жетіп отыр.
Содержание:

Кіріспе. Тәуелсіздік кезеңінің басты жетістіктерінің бірі қазақ халқының, мәдениеті мен дәстүрлерінің қайта жаңғыруы және ары қарай дамуы болып табылады. Осыған орай, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің  «Ұлы дала ұлағаттары» атты еңбегінде айтып кеткеніндей, тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерзімі мемлекетіміз үшін қалыптасу тұғыры болып қана қойған жоқ, бұл кезеңде қазақ елі өзгелерге де үлгі болатындай биіктерден көріне бастады. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы алған бағытыннан  жаңылмай, сүрінбей келеді. Елбасы сол мақалада: «Тәуелсіздік алған жылдары халықтың тұрмыс-тіршілігінде көптеген қиыншылықтар болды. Көп нәрсе жетпей жатты. Бірақ, соған қарамастан, мемлекетіміз азаттықтың алғашқы жылдарынан бастап ел мәдениетіне қолдау көрсетудің сындарлы бағдарламасын жасап, руханияттың шеттеп қалмауына барынша жол ашудың бағытын ұстанды», - деп айтқан еді [1]. Соңғы жылдары сол бағыттың айқын дәлелі ретінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары жарияланып, қоғамымыздың үдемелі дамуына жаңа серпін берді. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Ұлы даланың тарихымен таныстырып, руханият­ты сақтауға арналған алты жоба ұсынылғаны баршаға мәлім.«Көпшіліктің санасында тарихи үде­ріс­тер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі... Ұлы дала Әл-Фараби мен Яссауи, Күл­тегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абы­лай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дү­ние­ге әкелді. Сондықтан, біз біріншіден, атақты та­рихи тұлғаларымыз бен олардың же­тіс­тіктерінің құрметіне ашық аспан ас­тын­да ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағар­ту энциклопедиялық саябағын ашуы­мыз керек», - деп Елбасымыз өз мақаласында жазды.  Екіншіден, ол қазіргі әдебиеттегі, музыка, театр саласы мен бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар мен ақындар, ел билеген тұлғалардың галереясын ашу, үшіншіден, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік се­­рия­­ларды шығарып, тарату жұмыс­та­рын жүйелендіру және жандандыру қа­жеттігі туралы баяндады [2].

Талқылау. Дәулеткерей Шығайұлының өмірі мен шығармашылық өнері туралы құнды мәліметтер атақты композитор, академик Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі: Қазақтың халық сазгерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы очерктер» (Алматы: Дайн-Пресс, 2002), «Ән-күй сапары» (Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1976) «Классикалық зерттеулер: көп томдық» (Алматы: 2012. Т. 2, Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы) деген еңбектерінде құнды мәліметтер келтірілген. Ұлы күйшінің шығу тегі туралы, творчествосының қалыптасуына Ресей еліне барған  сапарының қатты әсер еткендігі, оның Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша кеңес төрағасы Г.В.Ващенкомен және басқа да орыс халқының зиялыларымен достық қатынаста болғаны, шығармашылық жолының негізгі кезеңдері жайында зерттеуші профессор Аравин П.В. «Даулеткерей и казахская музыка XIXвека» (М.: «Сов. композитор», 1984) және «Степные созвездия. Очерки и этюды о казахской музыке» (Алма-Ата, Жалын) деген кітаптарында жақсы сипаттама береді. Сондай-ақ, атақты музыка зерттеушісі, профессор А.В.Затаевич өзінің «500 песен и кюев казахского народа» (Алматы: Дайн-Пресс, 2002) деген еңбегінде  Дәулеткейдің шығармашылық өнеріне лайықты баға беріп, оның күйлерінің қазақ  халқының рухани байлығына айналғандығы туралы жазады.

Бұдан басқа, Дәулеткерей Шығайұлы туралы мәліметтер  «Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясында» /Бас ред. Б. Аяған. – Алматы, 2005),  «Қазақ халқының тарихи тұлғалары» атты қысқаша анықтамалықта (құраст. Ә.Көпіш), Орынбор облысының мемлекеттік архивінде (6-қор, 10-тізімдеме, 107-іс, 1-3-парақтар), ҚР Орталық мемлекеттік архивінде (4-қор, 1-тізімдем,  4458-іс, 36-шы парақ) және т.б. жинақталған.

Әдістер. Мақаланы жазуда негізінен талдау және тарихи-салыстырмалы әдісі қолданылған. Қазақ, орыс, татар және башқұрт халықтарының кейбір салт-дәстүрлеріне, музыкалық аспаптарының түрлеріне салыстырмалы сипаттама берілді.

Нәтижесі. Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан ұлан-ғайыр қазақтың Ұлы даласы дарындарға, елдің атын асқақтатқан даңқты тұлғаларға кенде болып көрген емес. Олар қай заманда болмасын Алаштың атын аспандатып, ұлттың намысына айнала білді. Сонау IX-Х ғасырда өмір сүрген Әбу Насыр Әл-Фараби, одан берідегі қазақ хандары мен атақты билері, олардың қай-қайсысы болмасын ұлы еліміздің брендіне айнала білді.  Сондай-ақ, қастерлі қазақ жерін ән-жырмен, күймен тербеген дарындарымыз да баршылық. Домбыраның құлағында ойнап, қос ішектен күй төккен Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина секілді күйшілеріміз қазақ күйінің құдіретін күллі әлемге паш етті. Мың адам тыңдап, бір-ақ адам түсінетін бұл өнер қазақтың маңдайына біткен батпандай бақ десек артық айтқандық емес. Күй – қазақтың жаны, ол халқымыздың елдігін, көңілінің кеңдігін білдіреді. Күй – құдірет, күй – кие [3].

Ендеше біздің осы мақаламыз сол құдірет иелерінің бірі де біргейі – Дәулеткерей Шығайұлына арналып отыр.

adffeca58bf766ac338ce1daa65f09f4.jpg

Дәулеткерей Шығайұлы 1820 жылдар шамасында қазіргі  Батыс Қазақстан облысының  Орда ауданында дүниеге келген. Профессор П.В. Аршавиннің жазуынша, көпке дейін Дәулеткерейдің нақты туған жылы белгісіз болып келген. Кейбір болжамдар бойынша, ол 1799 жылы Нарын құмының маңында орналасқан Қарамолаелді мекенінде дүниеге келген деп есептелген. Осыған сүйене отырып, Дәулеткерейдің 1939 жылы – 140 жылдығы, 1949 жылы – 150 жылдығы атап өткізілген болатын. Алайда П.В. Аршавиннің айтуынша, кейінірек зерттелген жаңа архив құжаттарында көрсетілгендей, Дәулеткерей 1799 жылы Қарамола ауылында емес, 1820 жылы Каспий теңізінің жағалуында Коневск қоймасының (ватага) жанында орналасқан Шығай сұлтанның ордасында (ставка) өмірге келген. Ал Дәулеткерейдің туған жылын анықтауға Ішкі орданы уақытша басқару кеңесі 1853 жасаған «Список управляющих родов Внутренней Киргизской орды» деген құжат негіз болып табылады. Сол тізімде сұлтан Дәулеткерей Шығаев, 33 жаста, 1852 жылдан бастап уақытша Ноғай руын басқарады деп көрсетілген (1853 жылы – 33 жаста) [4].

Дәулеткерейдің әкесі Шығай сұлтан ауқатты адам болған. Бірақ, академик Ахмет Жұбановтың айтуына қарағанда, Шығай он тоғызыншы ғасырдың алғашқы жартысында қазақ даласында орнаған жаңа жағдайды түсініп, тани қоятындай аса ақылды, көреген кісі болмаған. Ол сүйікті ұлы Дәулеткерейдің Бөкей хандығының қол астындағы ел-жұртты билеп-төстейтін әкім болады деп ойлап, оның  төре тұқымының мақсатынан өзін аулақ ұстайтынын білгісі де, ұққысы да келмейтін.  Сондықтан  Әкесі Шығай да, кейін Бөкей ордасының ханы Жәңгір  де Дәулеткерейді бала жасынан ел билеуге, төрелік салтанат құруға тәрбиелеген. Дәулеткерейдің әкесі Шығай мен оның әулеті – ұзақ жылдар бойы бұқара халықтың басына әңгір-таяқ ойнатып, қаққанда қанын, соққанда жанын алған би-манаптар болатын. Ел басқарып, жұрт қамын жеуге ешқандай өресі жетпесе де, сол заманғы қалыптасқан билік дәстүрі бойынша Шығай сұлтан Бөкей хан дүниеден өткен соң, Бөкей ордасының ханы болып шыға келді. Әйтсе де ол, тақ мұрагері бала Жәңгір ержетіп, жетілгенше сегіз жылдай ғана хандық құрды [5].

Сөйтіп, атақты музыка зерттеушісі, профессор П.В.Аравиннің «Даулеткерей и казахская музыка XIX века» деген кітабында жазғанындай, Дәулеткерей Шығайұлы өзінің шыққан тегі бойынша далалық ақсүйектер өкілдерінің сол дәуірдегі неғұрлым атақты тобына жатады. Дәстүр бойынша қазақ қоғамында «қара халыққа» үстемдік етуші таңдаулы әулеттердің өкілдері «ақсүйек» саналған. Ақсүйектердің бұқарадан бөлек айрықша құқықтары мен артықшылықтары болған. Қазақ тарихында Шыңғыс ханның ұрпақтары -  хансұлтандар «ақсүйектер» болып  саналып келді. Олар төре аталып, халықтың ерекше ілтипатына бөленді.  Сонау XVIII ғасырда билік құрған, осындай құдыретті  феодалдардың бірі Дәулеткерейдің арғы атасы Әбілқайыр 1723-1748 жылдары Кіші жүздің ханы болған. Әбілқайыр жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы және білгір қолбасшы болды. 1726 жылы үш жүздің қазақтары бас қосқан құрылтайда билер мен батырлар бірауыздан Әбілқайырды Қазақ хандығы әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлады.Зерттеушінің пікірінше, Әбілқайырдың басташылығымен 1731 жылы Кіші жүз қазақтарының өз еркімен Ресейге қосылуы оның асқан көргендігі мен батылдығын білдіреді. Бұл туралы орыс ғалымдары Н. Рычковтың, А. Левшин, В. Вельямин-Зернов, Л. Мейер, А. Добросмысловтың, М. Красовский, В. Витебский, Ф. Лобысевичтіңжұмыстарында, сондай-ақ кеңестік зерттеушілер Н. Апполова, М. Вяткин, Е. Бекмахановтың еңбектерінде егжей-тегжейлі жазылған [6]. 

Алайда, Қазақстанның Ресейге қосылуының жақсы жақтары болғанымен, оның қазақ халқының еркіндігі мен бостандығына келтірген зияны мен зардабы да аз болған жоқ.1731жылы Кіші жүз Ресейдің кұрамына қосылғаннан бастап, патша өкіметі казақ даласында ресейлік басқару жүйесін енгізуге ұмтылды. Ол осы мақсатпен 1734 жылы, кейіннен Шекаралық комиссия атанған, Орынбор экспедициясын кұрды. Батыс Сібір және Орынбор генерал-губернаторларының алдында өз қол астындағы қазақ жерлерінде хандық билікті жойып, Орта және Кіші жүзде ресейлік заң нормаларын енгізу міндеті тұрды. Бұл мақсатты шешу үшін «1822 жылғы Сібір қырғыздары (қазақтары) жөніндегі жарғы» мен «1824 жылғы Орынбор қырғыздары (қазақтары) жөніндегі жарғы» жасалды.Сібір кырғыздарынын (қазақтарының) облысы, негізінен, Орта жүз территориясын қамтыды және Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының құрамына енетін Омбы облысының әкімшілік қарамағында болды. Орынбор қырғыздарының (қазақтарының) облысы Кіші жүз территориясында орналасты және Орынбор генерал-губернаторлығына бағынды.Орынбор қырғыздарының (қазақтарының)  облысы жарғы бойынша ең алдымен әкімшілік бөліктерге, шекаралық сызық бойымен дистанцияларға (екі бекініс арасындағы қашықтық) бөлінді

1748 жылы Әбілқайыр ханды Барақ сұлтан зұлымдықпен өлтіргеннен кейін Кіші жүздің жаңа ханы Нұралы (Әбілқайырдың баласы) сол кездегі қоғамда саяси және экономикалық дағдарыстың кеңінен етек алған жағдайында халықтың сенімін ақтай алмады. Осындай қиындықтан шығудың жолын іздеген ағайынды Бөкей мен Шығай сұлтандар, Байбақты руынан шыққан Сырым батырдың ақылымен Еділ мен Жайық аралығындағы құнарлы жерлерге қоныс аударуға шешім қабылдайды.

Енді Дәулеткерейдің саналы өмірі өткен Бөкей ордасының тарихына қысқаша тоқтала кеткеніміз жөн болар. Еділ өзенінің төменгі Каспийге кұятын аймағын 1635 жылдан бастап Жоңғар шапкыншылығы кезінде бөлініп калған қалмақ ру-тайпалары мекендеген болатын. Оны қазактар «Қалмақ қыры» деп атады. 1771 жылы бұл жердегі қалмақтар екіге бөлініп, бір бөлігі Қазақстан жері аркылы өздерінің туып-өскен отаны – Жоңғарияға барып қосылды. Ал, екінші бөлігі батысқа қарай ығысып, Дон даласына көшіп кетті. Осы босап калған жерге 1801 жылдан бастап, патша өкіметінің рұқсатымен Кіші жүздің Бөкей сұлтан басқарған бес мың қазақ шаруашылыктары қоныс аударды. Мұның өзі Ішкі (Бөкей) ордасының құрылуына бастапқы негіз болды. Сол жылдары ағасы Бөкейдің билік құруына және жалпы сол орданың қалыптасуына Шығай сұлтан айтарлықтай еңбек сіңіреді. Профессор П.В. Аравиннің жазуы бойынша, ол Кіші жүздің ханы Жантөреге қарсы жүргізген жорықтарында Астраханның губернаторы Л.А. Кожевников пен астрахандық казак-орыстардың көмегін  жақсы пайдаланады.

Бөкей Сұлтан Орынбор әскери губернаторы князь Г.С. Волконскийге 1804 жылғы күздежазған хатында өзінің қызметтік тапсырмасымен інісі Шығайды Петербургке жіберуге рұқсат сұрайды [7]. 

  Орыс әкімшілігінің өкілдерімен кездесуі Шығайға қатты әсер етеді. Ол орыс тілін жақсы меңгеріп, көрші халықтың әдет-ғұрыптарымен танысады. Осының арқасында Шығайдың отбасының рухани дамуына орыс және украин мәдениеттері белгілі бір әсерін тигізеді.

Кейінірек уақытша хандық билік құрған кезінде Шығай сұлтан Дон казактарының да көмегіне үнемі сүйенеді. Мәселен, Дон казактары полкінің жауынгерлері оны бес жылы бойы іс-сапарларға шыққанында ықтимал қауіп-қатерлерден қорғап, жанында ілесіп жүреді. Шығайға қызмет барысында ұзақ уақыт орыс уряднигі Голубев кеңесші ретінде қолдау жасайды. Шығай сұлтан Голубев арқылы Орынбордың әскери губернаторы және Жеке Орынбор корпусының командирі П.К. Эссенмен тиімді келіссөздер жүргізеді [8].

Бөкей ордасы жан-жағынан Астрахань, Саратов, Орынбор губернияларының жерлерімен, Орал бойындағы патша әскери бекінісімен және Каспийдің солтүстік жағалауындағы балық кәсіпшілігі аймағымен шектесті. Оның ауқымы шығыстан батыска карай 200 шақырым және сол-түстіктен оңтүстікке карай 350 шақырым жерді алып жаткан ықшам әрі шағын хандық болды. Орынбор әкімшілігінің колдауымен Бөкей сұлтан 1812 жылы өзі құрған орданың ханы болып сайланды. 30-шы жылдардың аяғына қарай мұнда 20 мыңдай шаруашылық пен 80 мың адам қоныстанды. Бірақ жер мен жайылымдар біркелкі бөлінбеді. Қыска мерзім ішінде жердің үштен екі бөлігі қазақ феодалдары мен орыс помещиктері Юсупов пен Безбородконың жеке-меншік иелігіне өтті.

Оралдың әскери мекемесі Үлкен және Кіші өзен бойындағы, Қамыс-Самар көлі төңірегіндегі жерлерді казак-орыстардың пайдалануына алып койды.  Жайық өзені бойындағы жерлерді де Орал казак-орыс әскері иемденді. Қазақтарға Жайық өзенінен өтуге және казак-орыстардың өзен жағалауындағы белдеулеріне көшіп келулеріне катаң тиым салынды.

1815 жылы Бөкей хан кайтыс болғаннан кейін хандық билік оның баласы Жәңгірге көшті. Бірақ оның кәмелетке толуына дейін Орданы уакытша Бөкей ханның туған інісі, Дәулеткерейдің әкесі Шығай сұлтан басқарды. 1824 жылы Жәңгір патша үкіметінің жарлығымен хан деп жарияланды. Жәңгір хан тағына отырған соң, патша әкімшілігінің колдауымен, халықтың қоғамдық өмірі мен тұрмысының жекелеген жақтарын, сондай-ақ жергілікті басқарудың дәстүрлі жүйесін қайта құруға кірісті. Ол көшпенділердің отырықшылануын, олардың орыс хуторлары сияқты мекендер салуын, қырда пішен шабуын, ағаш өсіруді, малдың тұқымдарын асылдандыруын және ауыл шаруашылығы құрал-саймандарының жаңа түрлерін алдыруды, мектептер, училищелер, мешіттер ашуын және ауылдарда мал санының артуына, сауданың және баскарудың жаңа формаларына көшуді көтермеледі. Ол патша өкіметі билеушілері мен қазақ шонжарларының мүдделерін жаңа әдістермен ұштастыруға күш салды.

1827 жылы Жәңгір хан Нарын құмындагы Жасқұс мекенінде түрақты хан ордасын орнатып, елді осы орталықтан басқаратын болды. Сол жылы хан кеңесі құрылып, оған 12 ата Байұлы руларынан бір-бір биден кірді.  Жәңгір хан 1845 жылы қайтыс болды. Бұған дейін Қазақстанның барлық бөліктерінде хандық билік жойылған болатын. Өкіметтік топтар ішкі Ордада хандықты жоюды ұйғарды, хан билігі орыс шенеунігі баскарған Уакытша кеңестің қолына көшті [9].

Әкесі 1825 жылы қайтыс болып, Дәулеткерей немере ағасы Меңдігерей Бөкейхановтың тәрбиесінде болады. Меңдігерей Әбілқайыр ханның әулетінен шыққан Жәңгір ханнан кейінгі ең ауқатты сұлтан болған.  Оның меншігінде орасан зор көлемінде жері, сан мыңдаған жылқысы мен қойы, т.б. малы болған. «Дело по обвинению султана Мендикерея в притеснении казахов» деген құжатта 1848 жылы оның 2400 жылқысы, 50 түйесі, 60 сиыры және 3500 қойы болған және шеңбері 44 шақырымды қамтитын жер телімін иемденген деген мәліметтер көрсетілген [10]. 

Ол ең ірі қазақ руларына басшылық жасап, хан орнында болмаған кезде оның міндетін атқарып отырған.  Бөкей ханның ұрпақтары сол кездегі ең білімді адамдар болған. Меңдігерей де өз балаларына жоғары дәрежелі білім беруге тырысқан. Мысалы, Дәулеткерейдің немере ағасы Құшағали орыс тілімен қоса француз, араб, парсы, түрік, татар тілін жетік білген. Онымен бірге тәрбие алған Дәулеткерей де осындай білімді болуы әбден мүмкін. Меңдігерей жас Дәулеткерейді өзімен ертіп жүріп, оны Шыңғысханың ұрпақтарында жалғасын тапқан әдет-ғұрыптарға баулыған. 

Алғашқы уакытта жас Дәулеткерей сол елдегі жеке-жеке руларды басқарып көреді. Бірақ билікте жүрген адамның амалсыздан қатігез болатынын ол нәзік жүрегімен ерте түсінеді. Туысы Жәңгір ханның қарапайым қазақтардың жерін тартып алып, шұрайлы, өзен-сулы жайылымдарды, қыстауларды кең даламызға бойлай еніп келе жатқан орыс отаршылдарына беруі Дәулеткерейдің де ызасын келтірген. Тікелей қатыспаса да XIX ғасырдың орта тұсындағы Исатай-Махамбет көтерілісіне тілектес болған деген дерек те бар. Мұны оның «Жігер» атты күйінен байқауға болады. Көтеріліс басылған соң  Ресей патшалығы Бөкей хандығын жойып, барлық билікті өз қолына алады. Сол өлкенің генерал-губернаторы боп Жәңгір хан тағайындалады, енді оған бүкіл орта жүз бағынатын болады. Осы саяси өзгерістерден кейін қарапайым халық екі жақтан қыспаққа түседі: бір жағынан орыс патшалығына салық төлеуге міндетті болса, екінші жағынан жергілікті бай мен сұлтандардың қанауына тап болады. Осыған куә болған Дәулеткерей Ноғай руының басшысы болып тұрған кезінде өзіне тәуелді адамдардың жағдайын жеңілдетуге тырысады.

Енді Дәулеткерейдің шығармашылық өнерінің негізгі тұстарына тоқталып, оны ұлы күйшінің өмір жолымен қысқаша ұштастыра отырып, баяндауға кірісейік.

Дәулеткерей жас кезінен музыкаға бейім болған.  Ол кішкентай кезінде Меңдігерей сұлтанның шақыруымен келген қазақ ақындары мен күйшілерді ұйып тыңдайтын. Атақты музыка зерттеушісі, академик  Ахмет Жұбановтың айтуына қарағанда, Дәулеткерейдің туған жиені, Кеңес өкіметінің тұсында өмір сүрген Науша Бөкейханов күйшінің елу шақты күйін тартады екен. Даңқты сазгер туралы, құнды деректер берген де сол кісі көрінеді. Дәулеткерей бала кезінде молдадан оқып, мұсылманша хат таныған. Ресейде білім алып, кейін генерал дәрежесіне дейін жеткен хан Жәңгір Ордада балалардың орысша білім алуына да жағдай туғызыпты. Дәулеткерей орысша үйреніп, оқи да, жаза да алатын болған. Кішкентайынан-ақ оқымысты бала атанған.

Дәулеткерей туғанға дейін батыс Қазақстан өңірінде бірнеше күйшілік дәстүр болған көрінеді. А.Жұбановтың жазуынша, Дәулеткерей өскен орта жас баланың дүние танымына жан-жақты әсер етпесе де, оның шығармашылығы Бөкей ордасы күйшілерінің демократиялық бағыттағы музыкасы ықпалында қалыптасты. Сол бағыттың атақты күйшілері Соқыр Есжан, Байжұма және басқа да халық өмірімен біте қайнасып өскен домбырашылардың тартуымен қазақтың жалпақ сахарасына кеңінен жайылып кеткен еді.

Домбыраны тамаша орындаушы Мүсірәлі деген күйшіден  жас Дәулеткерей шеберлікке үйренген. Мүсірәлі арқылы ол Арынғазы, Жантөре, Әренжан сияқты атақты күйшілердің шығармаларымен танысады.Оның үстіне, сұлтандардың қысқы мекеніне айналған Ордаға он тоғызыншы ғасырдың қырқыншы жылдарының бас кезінде Саратовтан драма және эстрада артистері жиі шақырылған. Соның арқасында Дәулеткерей орыс және Еуропа музыкасымен жастайынан танысқан деген жорамал бар. Ол орыстың балалайкасында шебер ойнапты. Сондай-ақ гитара мен мандолинаны да тарта білген. 

ee49da540ad717e53bb572216e2e3a12.png

Бұл суретте 1854 жылы  француз саяхатшысы  Паулидің  сызған нобайымен Р. Чередеев салған акварельде күй тартып отырған Дәулеткерей, одан басқа да аспаптарда орындаушылар бейнеленген [6].

Ең қызығы – осы суретте ортада билеп жүрген еркек бейнесі бар. Жәңгір хан нөкерлері мен қызметшілірінің ішінде музыка атаулыға құрметпен қарайтын адамдар да аз болмаған. Сол себептен інісінің төре тұқымына лайықсыз өнер қуған қылығына ағасы Меңдігерей алая қараса да бай балаларының арасынан шыққан шебер әнші-күйшілерді көргенде, оны көп тежеуге дәті бармайды. Нәтижесінде Меңдігерей сұлтан Дәулеткерейдің күй қуған қылығын жастықтың ет пен терінің арасындағы жілігі шығар деп жүрсе де, кейін кемелденіп, кең құлаш сермеген бауырының қолын қағып, жолынан тайдыруға шамасы келмей қалады[5]. 

Қарапайым қазақтармен және көрші хуторлардағы орыс шаруаларымен тығыз байланыста болып, жас Дәулеткерей олардың тұрмыс-салтына назар аударады, сондай-ақ ол Басқұншақ көлінің маңында көшіп-қонып жүрген қарақалпақ, түрікмен және қалмақ тұрғындарымен де араласып, олардың да тұрмысымен, әдет-ғұрыптарымен танысады. Кейін ұлы күйшінің жақын достарының арасынан біз Жәңгір ханның бұрынғы аспазшысы, белгілі қарапалпақтың суырып салма ақыны Әлнияз Ходайқұловты кездестіреміз. Осы достықтықтың нәтижесінде Дәулеткерей шығармашылық қызметі барысында қазақ күйлерімен қатар, домбырамен орындау үшін қарақалпақ және түрікмен пьесаларын да өзінің репертуарына қосады. 

Дәулеткерей өзі сұлтан болған кезінде үлкен абыройға, халық құрметіне бөленеді. Орыс зиялыларымен араласуы, Ресейдің бірқатар қалаларында (Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербург, Симбирск, Нижний Новгород) болуы, өзге халықтың тұрмыс-салтымен, мәдени мұраларымен танысуы Дәулеткерейдің дүниетанымын кеңейтіп, шабытын қанаттандыра түседі. Ол 1859 жылы Мәскеудің Үлкен театрында Ч. Пуньидің «Катерина – қарақшының қызы» балетін көріп, Дж. Вердидің «Травиата» операсын тамашалайды [6].

Дәулеткерей Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша кеңес төрағасы Г.В. Ващенкомен (1791-1869) дос болған. Сол Г.В. Ващенконың ұсынуымен 1859 жылы Екінші  Александр патшаның ұлы, тақ мұрагері Николай Александровичтің кәмелетке толуына арналған сарай салтанатына қатысқан өкілдердің ішінде Дәулеткерей де болған еді. Оны делегация құрамына кіргізудегі мақсат – бірте-бірте ел басқару тәртібін үйрене берсін дегендік еді. Бірақ ол патша колонизаторларының сарайымен емес, озық ойлы Ресеймен, Пушкин елімен танысуға келген-ді. Ол осы сапардан көрмегенін көріп, естімегенін өз құлағымен естіп қайтады. Еуропа сазгерлерінің оркестр ойнаған шығармаларын тыңдайды. Өзі өлең жазбаса да поэзияны жүрегімен түсінетін күйші екі жылдан кейін Пушкинге, ақынның өзі оқыған лицей жанынан ескерткіш қоюға Бөкей ордасынан қаржы жиналған кезде, бірінші болып өз үлесін қосқан [8].

cea5996bc189cf1cae0838e4bc7a5c99.jpg

Бұл суретте Дәулеткерей солдан оңға қарай бірінші тұр [6].

Жоғарыда аталған қазақ зиялыларының делегациясының құрамына Ішкі ордадан екі адам ғана кіргізіледі, біріншісі – Ноғай руын басқарушы, Орынбордағы Неплюев кадет корпусының түлегі Едіге Сүйінішғалиев, екіншісі – Дәулеткерей Шығайұлы.

Делегация құрамы белгіленіп жатқан кезде Дәулеткерей Бөкей ордасынан Башқұртстан жеріне сапар шегіп кеткен болатын. Ол басқа сұлтандармен бірге Жәңгір ханның қызы Хадишаның Белебей елді мекенінің помещигі, полковник Тевкелевке тұрмысқа шығуына арналған үйлену тойына барған еді. Жолаушылар шамалы уақыт Орынборда дем алған соң, Қазан трактысы бойынша Белебейде орналасқан Касимово деревнясындағы полковник Тевкелевтің бай шаңырағына келіп тоқтайды. Екі аптаға созылған салтанатты үйлену тойында Дәулеткерей алғаш рет татар халқының ұлттық музыкасын тыңдап, ләззат алады. Сыбызғы мен сырнайда орындалған татар музыкасы арқылы ол орыс халқының музыкалық аспаптарымен де танысады. Бұл оны алдағы уақытта Ресей бойынша ұзақ сапар шеккенде көрші халықтың музыкасына қатты көңіл бөлуге бейімдейді.

Дәулеткерейдің Уфа мен Белебейге барған сапары оның музыкалық ой-өрісінің дамуына ерекше әсер етті деп айтуға болады. Ол Белебей уезіндегі башқұрттармен жүздесіп, олардың ұлттық аспабы кураймен орындаған ән-күйлерін тамашалайды. Курай аспабында күй шертудің өте күрделі екендігіне көзі жетіп, оның қазақ ұлттық аспаптарына ұқсас тұстарын айқындаған.  Орындаушылар курай аспабын тартқанда, аспапты даусымен яғни көмеймен сүйемелдейді екен. Қурайшылар көмеймен айту дәстүрін меңгерсе ғана ол ең шебер орындаушы болып есептелген. Қурайшының көмейінен шыққан қою да қоңыр үні аспаптың сұлу сазды әуенімен астасып тамаша жарасымын тапқанына Дәулеткерей назар аударған. Осы әуендерді кейін қазақтың домбырасы мен сыбызғысы арқылы да шығаруға болатынын дәлелдеген. Башқұрттар қурай аспабында бұлай ойнау әдісін «Үзляу» деп атаған. «Узляу» - алтай, тыва және хакас халықтарындағы көмеймен айту дәстүрімен туыстасып жатыр. Сонымен бірге ол осы сапарында башқұрттың үш шекті добырасының қазақ домбырасына ұқсастығы мен айырмашылығына да назар аударған.

Белебейге бара жатқан жолында Дәулеткерей  орыс әндерін тыңдап тамашалайды. Бұл әндерді ішкі Ресейдің аймақтарынан Уфа мен Орынбор губернияларына қоныс аударған орыс казактары мен шаруларының шебер орындағаны оған қатты әсер етеді.  Жалпы алғанда, Дәулеткерейдің Башқұртстанға шеккен сапары қазақтың ұлттық музыкасының сол өңірді мекендеген башқұрт, татар, жергілікті орыс казактарының музыкалық мәдениетімен тығыз байланыс орнатып, өзара араласып, бірін-бірі толықтырып, даму перспективасына жол ашады. Осыған орай, А.В. Затаевичтің айтуы бойынша, «...Дәулеткерейдің сол кездегі қоғамдағы орны мен біліміне сай, басқа халықтардың да қалыптасқан жағдайдағы музыкасы туралы белгілі дәрежеде хабары болған» [11].

Дәулеткерейдің Башқұртстан жеріндегі сапары жалғасып жатқан кезде Орынбор әкімшілігі құрметті қазақтар делегациясын Петербургке аттандыруға қызу дайындық жүргізеді. Осы ретте, П.В. Аравин зерттеу жүргізген архивтік деректерде көрсетілгендей, Г.В. Ващенконы Уақытша кеңесте ауыстырған полковник К.И. Герн Дәулеткерейге былай деп жазады: «Ішкі қырғыз ордасын басқару жөніндегі Уақытша кеңестің төрағасы болып тағайындалған соң,мен Сізге генерал-губернатордан келіп түскен бұйрықтың негізінде биылғы жазда С.-Петербург пен Мәскеуге баратын ордалықтардың қатарына қосылғаныңызды хабарлаймын. Сізді бұл сапарға менен бұрын осы қызметті атқарған Нақты статстық кеңесші Г.В. Ващенко тағайындап, оған Жоғары Мәртебелі Александр Андреевич (Катенин) келісімін берген. Осыған байланысты осы айдың 25-ші жұлдызында Сіздің Орынборға келуіңізді сұраймын, осы жерден басқа ордалықтармен бірге белгіленген сапарға аттанасыз» [12].

Архивтік деректерге сәйкес Дәулеткерей 1859 жыл 23 шілдеден 4 тамызға дейін Петербургке бару үшін Орынборда болған және ол Шекара комиссиясынан жолда ұстауы үшін Уақытша кеңестің есебінен 500 рубль күміс ақша алған [13].

1859 жылғы 4 тамызда Шекара комиссиясының төрағасы, белгілі дипломат және шығыстанушы В.В. Григорьев құрметті қазақтарды алыс жолға шығарып салады. Оларды алып жүретін коллеждік асессор Костромитиновқа осы сапарда орындауға мынадай қатаң нұсқаулар беріледі.

Біріншіден, Орынбордан Мәскеуге дейін жолда Самара, Симбирск, Арзамас, Нижний Новгород және Клязьмадағы Владимир қалаларына соғу белгіленеді.

Екіншіден, Мәскеуде құрметті қазақтар тобы Әскери губернатордың қабылдауында болып, Кремльдің сарайларын, Грановит палатасын, Тәрбие үйін, ең жақсы деген бір аурухананы, бірнеше фабриканы аралап шығуға тиіс еді.

Үшіншіден, бұған қоса, оларға Мәскеуде Үлкен театрдың екі қойылымын көру жоспарланды.

Төртіншіден, Мәскеуден Петербургке дейін далалық көшпенділер өз өмірінде алғаш рет жолаушылар поезымен баруға тиіс еді.

Бесіншіден, Петербургте қазақ «депутаттары» Эрмитажды, Арсеналды, Теңге сарайын, Таврия және басқа сарайларды, Минералогия мұражайын, Көпшілік кітапханасын, Зоология мұражайын, Ғылым академиясын, Ботаника бағын, Шыны зауытын аралап шығу жоспарланды. Бұған қоса, олар Кронштадқа, Петергофқа, Патша  Селосына, Павловскі мен Гатчинаға, Елагин, Каменный және Крестовск аралдарына баратын болды.

Жоғарыда аталған шаралардың көпшілігі орындалды, бірақ жолды қысқарту мақсатында саяхатшылар Самара мен Симбирскіге соқпай, Мәскеуге кешігіп қалмау үшін 11 тамызда бірден Нижний Новгородқа келіп тоқтады.

Дәулеткерейдің музыкалық ой-өрісі Нижний Новгородта жәрмеңке театрының қойылымдарынан алған әсерімен ғана емес, орыстың халық музыкасымен тереңірек танысуымен толықты. П.В. Аравиннің байқауынша, мүмкін сол сәттен  атақты күйшінің шығармашылық дарындылығының қалыптасуында маңызды рөл атқарған орыстың халық музыкасын байыпты зерделеуі бастау алады [6].

Дәулеткерей мен оның серіктері 1859 жылғы 13 тамызда Нижний Новгородпен қоштасып, Мәскеуге аттанады. Жолшыбай олардың ежелгі орыс қалалары Арзамас, Муром және Владимир арқылы өтіп, орыс тіліндегі әңгімелерді тыңдап қана қоймай, көрші халықтың вокальдық және инструметальдық муыкасымен жақын танысуға мүмкіндігі болады.

16 тамызда қазақ «депутаттары» Мәскеуге аман-есен жетіп, бір апта бойы жарқын әсерге толы оқиғаларға куә болады. Сол кезеңде Мәскеуде Қазақстаннан келген қонақтар қатысқан Жеке Гренадерлік корпус әскерінің салтанатты шеруі мен байқауы өтеді. Мұнда Дәулеткерей алғаш рет үрмелі оркестрдің музыкасын тыңдап, танысады.

П.В. Аравин зерттеген архивтік құжаттарда көрсетілгендей, Мәскеу әскери губернаторының Орынбор губернаторы генерал-адъютант Александр Андреевич Катенинге жазған хатынан мынадай үзінді келтіруге болады: «Ордалықтарға астананың көрікті жерлерін көрсету үшін мен оларға өзімнің шенеунигімді тағайындадым. Сол адамның басшылығымен олар: Жоғары мәртебелі бекіткен серіктестік – Стеарин фабрикасына, Гиктің парфюрмерлік фабрикасына, көпес Гамешиндердің шұға фабрикасына, Гучковтардың кілем және орамал фабрикасына, Сухарев мұнарасындағы бассейнге, Николаев теміржол станциясы мен вагондарына және телеграфқа барды. Бұған қоса, олар екі мәрте Үлкен театрды тамашалады және бір мәрте бақта қоғамдық серуендеу өткізді. Қырғыздарға (қазақтарға)  фабрикалар мен телеграф үлкен әсер етті, олар көптеген сұрақтар қойып, қызығушылық танытты. Оларға театр қойылымдары, бақтағы жарықтандыру мен фейерверк қатты әсер етіп, таң қалдырды [14].

Қазақ «депутаттары» 24 тамызда поезбен Петербругке келіп, «Москва» қонақ үйіне орналасады. Дәулеткерей мен оның серіктері 8 қыркүйекке дейін солтүстік астананың көрікті жерлерін тамашалаумен айналысады. Олар Эрмитажға, Теңге сарайына, Технологиялық институтқа және бұрыннан жоспарланған басқа да тарихи орындарға барады.

Қазақстаннан келген ордалық қонақтар 8 қыркүйекте Қысқы сарайда өткізілген тақ мұрагерінің кәмелеттік жасқа толуына арналған салтанатқа қатысады. Тақ мұрагерінің кәмелетке толуын мерекелеу Дворяндар жиналысында үлкен «бал» кешімен аяқталды, онда Дәулеткерей алғаш рет «бүкіл Петербургті» - сарайдың бетке ұстар нөкерлерін, жоғарғы сановниктері мен ақсүйектерін көрді.

Империяның құдіретті күшімен және жарқын тұстарымен, сонымен бірге  Орынбордан, сонау Мәскеу мен Петербургке дейінгі сапарда орыс халқының өмірімен танысу Дәулеткерейдің озық қоғамдық көзқарасы мен ұстанымдарының қалыптасуында сөзсіз ерекше орын алды деп айтуға болады.

Петербургке шеккен сапарының арқасында Дәулеткерейдің қазақ сазгерлері-күйшілерінің ішінен бірінші болып көптеген Ресей халықтарының мәдениетімен және тұрмысымен танысуға қолы жетті. Сапар барысында үкімет өкілдері Дәулеткерей мен оның серіктерін қарапайым халықтан оқшаулауға тырысып баққанымен, Ресей бойынша саяхат шегу оларға «империяның жарқын тұстарымен» ғана емес, орыстың кең байтақ жерімен де, оның шалғайдағы елді мекендерінде тұратын төменгі топтардағы кедей шаруалардың тұрмысымен де танысуға мүмкіндік берді [6].

Петербургтен қайтып оралғаннан кейін Дәулеткерей уақытын көбінесе Хан ордасында өткізетін болды. Орда төңірегінде орысша жиһаздалған үлкен ағаш үйде оның ағасы Құшақғали тұратын. Енді ол бүкіл бос уақытын, орыс адамдары әкелген әдет-ғұрыптарды мұқият ескере отырып, Уақытша кеңесінің мүшелері мен шенеуніктері арасында өткізетін. Шамалы мерзім өтісімен оған Қызылқұрт, Масқар және Төлеңгіт руларын басқару жүктеледі. Бұл рулардың тұрмыс деңгейі басқа рулармен салыстырғанда әлдеқайда төмен болатын. Алайда Дәулеткерей ел басқару қызметімен айналысып жүрген кезінің өзінде шығармашылық өнерін тоқтатқан жоқ. Ол күй шығарамын деген сұлтаумен үйін ауылдан оқшау тіккізіп, қыста – әкесі 1825 жылы салып берген ағаш үйден ұзап шықпайтын. Дәулеткерей күні өтіп бара жатқан сұлтан әулетінің мүшкіл халін көріп, оның келешегінен үміт күткен жоқ. Алайда айналасына әділдік көзбен қараған ұлы күйші өзінің өскен ортасына, билеуші таптың бұқара халыққа істеген зұлымдығына наразы бола тұрса да, сол ортадан бір жола бөлініп шыға алған жоқ [5].

Дәулеткерей бірте-бірте бұқара халықтан алшақтап, әлеуметтік салмақ кеміп, ойсырап бара жатқан төре тұқымының тарихи ғұмырының қысқалығын іштей қатты сезінді. Тарих сахнасына енді тың, жаңа күштер шыға бастады. 1830 жылдардың ортасында Батыс Қазақстан өңірінде Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов басқарған үлкен ұлт азаттық көтеріліс болды. Көтеріліс басылған соң орыс патшалығы Бөкей хандығын жойып, барлық билікті өз қолына алады. Сол өлкенің генерал-губернаторы болып осы мақаланың басында айтылғандай, Жәңгір хан тағайындалады, енді оған бүкіл орта жүз бағынатын болады. Осы саяси өзгерістерден кейін қарапайым халық екі жақтан қыспаққа түседі: бір жағынан орыс патшалығына салық төлеуге міндетті болса, екінші жағынан жергілікті бай мен сұлтандардың қанауына тап болады. Осыған куә болған Дәулеткерей Ноғай руының басшысы болып тұрған кезінде өзіне тәуелді адамдардың жағдайын жеңілдетуге тырысады.

Енді атақты күйшінің шығармашылық өнерінің кейбір негізгі тұстарына нақты  тоқтала кетейік. Академик А. Жұбановтың жазуынша, Дәулеткерейдің алғашқы күйлері он тоғызыншы ғасырдың қырқыншы жылдарының басында шыққан сияқты. Оларға «Қыз Ақжелең», «Қос алқа», «Керілме», «Желдірме», «Қоңыр» және басқа күйлерін жатқызуға болады. Бұл күйлердің көпшілігі үлкен қоғамдық құбылыстарға емес, жеке адамның басынан өтетін оқиғаларға арналғанын көрсетеді. Мәселен, «Қыз Ақжелең» - қызға, «Желдірме» - аттың желісіне, «Керілме» - кербез сұлулыққа, «Қос ішек» - домбыра тартудың кейбір техникалық жақтарын сипаттауға арналған. Аталған күйлер композитордың алғашқы қадамы, «ойын жолы», іздену кезеңі сияқты болып көрінеді [15].

Зерттеушілердің пікірінше, Дәулеткерейдің шығармашылық жолын үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңі – 1840-50 жылдар, бұл кезде ол жоғарыда аталған «Қыз Ақжелең», «Қос алқа», «Қоңыр», «Желдірме», «Ысқырма», «Қос ішек» деген алғашқы күйлерін шығарған. Бұл күйлер құрылымы жағынан қарапайым, мазмұны жеңіл, орындауы ыңғайлы, сол себепті халық күйлеріне жақын болып келген. Кейбіреулерінде орындаушылық тәсілдердің арнайы әдістері қолданылған. Мысалы, «Қос ішекте» негізгі әуен екі ішекте алма кезек жүріп отырады. Осыған ұқсас тәсіл «Ысқырма» күйінде де кездеседі.

Көркемдік сапасы жағынан жоғары деңгейде тұрған «Бұлбұл», «Қара қожа»,  «Мұңды қыз», «Жұмабике» сияқты күйлерін Дәулеткерейдің шығармашылық жолының екінші кезеңіне жатқызуға болады. Академик А. Жұбановтың айтуынша, «Бұлбұл» күйі Құрманғазы мен Дәулеткерейдің кездесуі кезінде дүниеге келген. Бұл күйді алғаш рет нотаға түсірген А.В. Затаевич былай деп жазады: «Великолепный образчик большого народного искусства! Пьеса необычайной поэзии и картинности, с ее задумчи выми речитативами чисто восточного характера, возникающими на мягком, колеблющемся фоне ровных триолей вступления и интерлюдий! Какие вспышки темперамента! И какое упоение красотами южной ночи – «соловьиной» без пустого и внешнего звукоподражания! Вещь, насыщенная волнующим содержанием, точно сказка Шехерезады...». А.В. Затаевичтің пікірінше, шығармаларын жеке адамның мінезіне, қасиетіне арнау  батыстың ұлы композиторларында да кездеседі. Музыкалық жағынан жоғарыда аталған күйлерге орыс зерттеушісі үлкен мән береді. Ол қазақ композиторының «Қоңыр» күйінен Эдвард Хагеруп Григтің музыкасының үндері естіледі дейді [11].

Осы кездегі ерекше күйлерінің бірі – «Салық өлген». Оны Дәулеткерей мезгілсіз қайтыс болған жиені Салық Бабаджановтың рухына арнаған. Мұрағат деректеріне сүйенсек, Салық өз заманындағы аса білімді, зиялы адамдардың бірі болған. Ол ұлы ғалым-ағартушы Шоқан Уәлиханов сияқты Орынбор кадет корпусын бітірген, хорунжи әскери атағы болған, ғылыми еңбектері үшін Ресей географиялық қоғамының мүшелігіне қабылданған. Саяси-әлеуметтік көзқарасы жағынан ағартушы-демократ болған. Дәулеткерей туысын ерекше құрметтеп, оған үлкен үміт артқан, бірақ белгісіз жағдайлармен ол кенеттен қайтыс болады. «Салық өлген» - Дәулеткерейдің ең қайғылы күйлерінің бірі [5].

Дәулеткерейдің жақын туысы Наушаның әңгімесіне қарағанда, күйшінің жиырмаға келген кезінде орындаушылық даңқы Орда тарапына ғана емес, тіпті одан да шет жерлерге жайылып, аты көпке мәлім боп қалған. А. Жұбановтың пікірінше, Дәулеткерей күйлерінің көпшілігі тыныштық, алаңсыз, мұқтажсыз өмірді суреттейді («Керілме», «Тұндырма», «Демалыс»), сонымен бірге өз ортасының қадірлі адамдарын көрсетеді («Ақсақал»,  «Ващенко»). Домбыраның бойындағы дыбыс техникасының барлық сырын толық меңгерген сазгер өзінің бірқатар күйлерінде жаратылыстың дыбыстарына еліктейді, соны домбыраға түсіреді, екі шектің аумағында құстың сайрағанына («Бұлбұл»),  адамның ысқырғанына («Ысқырма») еліктейді. Сөйтіп, Дәулеткерейдің бірқатар күйлерінде басқа орындаушылардан айырмашылығы – оның күйлері таза виртуоздық (техникалық) тұрғыда шығарылған. Бұл топқа жататын күйлер – «Қос ішек», «Кенжебай», «Тұндырма» сияқтылар. Сонымен қатар сазгердің бірнеше күйі белгілі уақиғаға, адамға, тағы басқа жаратылыс нысанына арналған («Қос алқа»,  «Тартыс») [16].

Дәулеткерей шығармашылығының соңғы үшінші кезеңіндегі күйлер философиялық тақырыптарға арналған. «Топан»,  «Жігер», «Шолтақ», «Көроғлы» сияқты шығармаларында мәңгілік өмір мен жалған дүние, өнер мен дарынды тұлғаның қоғамдағы рөлі туралы мәселелер қозғалады.

Дәулеткерей 1861 жылы Қызылқұрт елінің билеушісі боп тағайындалған соң, бір жылдан кейін күй атасы Құрманғазымен кездескен.  «Дәулеткерейдің Құрманғазымен әңгімелесіп, халық дәстүрі үлгісіндегі басқа да домбырашыларды көріп тануы, оның музыкалық творчествосына қатты әсер етеді», - деп жазады академик Ахмет Жұбанов. Екі суреткердің кездесуі ерекше бір тарихи оқиғаға айналады. Бірінен бірі күй алып, бір-бірімен пікірлесіп, бір кезде ата жауы болған «төре» мен «қараның» өкілдері шекараны білмейтін идеялық ынтымақ арқылы достасады [5].

Ал бұған дейін, Дәулеткерейдің творчестволық құлашы жаңа жайылып келе жатқан шағында, оның қалың бұқара халықпен еркін араласуына Жәңгір ханның қатал режимі кедергі жасайды. Исатай – Махамбет көтерілісінен кейін халық басына туған қара күн, патшаның отарлау саясаты, өлшеусіз озбырлық, жүгенсіз зұлымдық – әділдікті сүйетін күйшінің жанын түршіктірді, жексұрын заманнан жүрегін жирендірді. Нәтижесінде шен алып, шекпен киюден жеркенген, прогрессивтік көзқарасты Дәулеткерей есебін тауып, күйдің шын атасы Құрманғазымен кездесуді армандайды. Бұл ретте, ол өзінің қоғамдағы дәрежесінің жоғарылығына, Құрманғазының ескі салт бойынша төрелердің ата жауы екендігіне мән бермейді. Ол Құрманғазының асқан дарындылығын бағалап, оның алған бағытынан қайтпайтынына, шен-шекпенге, дәулетке бас имейтініне сүйсінеді. Дәулеткерейдің мұндай көзқарасын сезгеннен кейін, Құрманғазы шәкірттерін ертіп, талай рет замандасының үйіне келіп, домбыра сайысының қызу ортасында болып жүрді. Қазақстанның батысында домбыра өнерін кәсіпқойлық деңгейге көтерген екі сазгер бұдан былай шығармашылық даму жолдарында қоғамдағы әртүрлі дәрежелеріне қарамастан, үзбей араласып отырады [17].

 Ежелден сыншыл суреткер Дәулеткерей ендігі қалған шығармашылық құлашын өмірдің ұсақ-ұлан көріністеріне жұмсамай, салмақты әлеуметік құбылыстарға арнау жолына түседі. Нәтижесінде оның «Шолтағы», «Топаны», «Жігері» осы бір бағытта шығады. Сөйтіп, бұл күйлерде өмірдің үлкен философиясы қозғалады. Егер Құрманғазы және оның шәкірттерінің ең үздік музыкалық шығармалары дауылдатқан екпінімен, тастай тегеуірінділігімен, өршіл батылдығы, кең тыныстылығымен ерекшеленсе, Дәулеткерейдің халық тағдырын, елдің еркіндікке ұмтылу сезімін суреттеген «Топан», «Жігер» атты күйлері тегеурінділігімен қоса тақсірет көрген ержүрек адамның салмақты, салиқалы тебіреніс-толғанысын бейнелейді. Ахмет Жұбановтың пікірінше. Дәулеткерейде Құрманғазыға қарағанда лиикалық жағы басымдау келеді. Бірақ оның күйлерінде драмалық кезең де көрініс табады. Бұған «Салық өлген», «Топан» күйлері үлгі бола алады [17].

Зертеушілердің пікірінше, қай заманда және қай халықта болсын, композитордың шығармаларының жоғарғы шыңы, кульминациясы болады. Сол сияқты Дәулеткерей шығармаларының да кульминациялық шыңы бар. Мәселен, оның бұған «Жігер» күйі жатады. Бұл күйдің музыкалық жағынан өте терең, мелодиясы көркем, даму белестері өте заңды, ритм жағы да соншалықты үйлесімді екендігі дау келтірмейді. А.В.Затаевич те осы пікірді толығымен қолдай отырып, былай дейді: «Откуда только это название: «Жигер», т.е. Энергия? Если это и в самом деле – энергия, то не действенная и наступательная, а, если можно так выразиться, статическая, т.е. оказывающаяся в самом характере выражения мужественного и величаво скорбного раздумья и характеризуюшая скрытую мощь страждущей души».Ол «Жігер» күйін П.И. Чайковскийдің «Патетикалық симфониясының IV бөлімімен салыстырады [11]. Кейін А.Затаевичтің бұл пікірі атақты қазақ композиторы Ғ. Жұбанованың «Жігер» деп аталатын симфониясында жүзеге асқандай болды. Сөйтіп ұлы күйшінің музыкалық мұрасы кәзіргі замандағы симфония жанрында өз жалғасын тауып, ұлттық өнердің әрі қарай дамуына септігін тигізді.

Композитор А. Жұбановтың жазуынша, айналасына әділдік көзбен қараған Дәулеткерей өзінің өскен ортасына, олардың істеген зұлымдығына наразы болып тұрса да, сол ортадан бір жола, ат құйрығын кесіп, бөлініп шыға алған жоқ. Міне, ол сондықтан да өз басындағы осы қайшылықты, шешіліп жетпеген толқуды, бойын толық көрсете алмаған күшті «Жігер» күйі арқылы күңіренте ойнады. Ол сол «Жігер», «Тартыс», «Шолтақ», «Топан» сияқты күйлері арқылы өзі куә болған өмірдің қан-сөлін сорғалата отырып, сол өмірге суреткер ретінде өз үкімін айтқан [17].

  Қорытынды. Зерттеушілердің пікірінше, ата тегі мен шықан ортасына қарамастан, Дәулеткерей халқымыздың сүйікті композиторы болып саналады. Оның ішкі жан жүйесін тербете, жүректің нәзік сезімін оята, бұлбұлдай сызылтып, толқындай толқытып ойнаған лирикалық нәзік күйлері қазақ халқының баға жетпейтін асыл қазынасына айналды. Өмірінің соңғы жылдарында Дәулеткерей өзінің білімі мен тәжірибесін жас орындаушыларға беруге тырысады. Шәкірттері оны құрметтеп «Бапас» (әке) деп атайды. Солардың арасында кейін атағы шыққан домбырашылар – Баламайсан, Әлікей, Мақар, Тұрып, Салауаткерей, Сейтек, Науша Бөкейханов, Қали Жантілеуов. Дәулеткерейдің музыкалық мұрасы осы шәкіртерінің арқасында біздің заманымызға жетіп отыр [17].

Сөйтіп, Дәулеткерей, ұзақ уақыт өмір сүрмесе де артына өлмес, өшпес мұра қалдырып кеткен ұлы күйшілердің бірі ретінде тәуелсіз еліміздің тарихынан лайықты орнын алып отыр. Ол тек шебер домбырашы ғана емес, қазақ күйіне жаңалық енгізген, оны ілгері бастыруға жанын салған дарынды сазгер, күй мектебінің қажырлы бсшысы. Біз оның қазақтың әйгілі күйшісі, ұлттық күй өнерінің, соның ішінде төре күйлерінің негізін қалаушы ретіндегі өнегелі өмір жолын оқырман қауымға жеткізуден жалықпаймыз. Академик А. Жұбанов айтқандай, замандастары мен шәкірттері қастерлеп бізге жеткізген Дәулеткерей күйлері Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік оркестрі репертуарының алтын қорынан орын алды. Оның шығармаларындағы музыкалық тақырып желілері қазақ композиторларының  опералары мен симфонияларында, концерттік пьесаларында алтын арқау болып, сан құбылыс тауып, құлпыра естіледі [5].

Әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. Ұлы дала ұлағаттары // Егемен Қазақстан. - 2016. - 21 қыркүйек.

2. Назарбаев Н.Ә. Ұлы даланың жеті қыры // Егемен Қазақстан. - 2018. - 21 қараша.

3. Аманжол Қ. Күй – құдірет, күй  –  кие // Егемен Қазақстан. - 2017. - 17 қараша.

4.  ҚР Орталық мемлекеттік архиві (ЦГА РК). 78-қ., 2-т., 1010-іс, 5-6-пп.

5. Жұбанов А. Ғасырлар пернесі: Қазақтың халық сазгерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы очерктер. - Алматы: Дайн-Пресс, 2002.

6. Аравин П.В. Даулеткерей и казахская музыка XIX века. - М.: «Сов. композитор», 1984.

7. Орынбор облысының мемлекеттік архиві (ГАОО).  6-қ., 10-т.  107-іс, 1-3-пп.

8. Аравин П.В. Степные созвездия. Очерки и этюды о казахской музыке. - Алма-Ата: Жалын, 1978. - 184 с.

9. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. - Алматы, 2008. - 640 б.

10. ҚР Орталық мемлекеттік архиві (ЦГА РК). 4-қ., 1-т., 4458-іс, 36-п.

11. Затаевич А.В. 500 песен и кюев казахского народа. - Алматы: Дайк-Пресс, 2002. - 378 с.

12. Орынбор облысының мемлекеттік архиві (ГАОО). 6-қ., 10-т.,  7494-іс, 44-п.

13. ҚР Орталық мемлекеттік архиві (ЦГА РК).  4-қ.,  1-т.,  5997-іс, 1-п.

14. Орынбор облысының мемлекеттік архиві (ГАОО).  6-қ.,  10-т., 7494-іс , 106-107-пп.

15. Қазақ халқының тарихи тұлғалары (қысқаша анықтамалық). / Құраст. Ә. Көпіш.

16. Жұбанов А.Қ. Ән-күй сапары. - Алматы: Ғылым, 1976.

17. Классикалық зерттеулер: көп томдық. - Алматы, 2012. Т. 2;  Жұбанов А. Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы. - 404 б.

References:

1. Nazarbaev N.Á. Uly dala ulaǵattary // Egemen Qazaqstan. - 2016. - 21 qyrkúıek.

2. Nazarbaev N.Á. Uly dalanyń jeti qyry // Egemen Qazaqstan. - 2018. - 21 qarasha.

3. Amanjol Q. Kúı – qudiret, kúı  –  kıe // Egemen Qazaqstan. - 2017. - 17 qarasha.

4.  QR Ortalyq memlekettik arhıvi (SGA RK). 78-q., 2-t., 1010-is, 5-6-pp.

5. Jubanov A. Ǵasyrlar pernesi: Qazaqtyń halyq sazgerleriniń ómiri men shyǵarmashylyǵy týraly ocherkter. - Almaty: Daın-Press, 2002.

6. Aravın P.V. Daýletkereı ı kazahskaıa mýzyka XIX veka. - M.: «Sov. kompozıtor», 1984.

7. Orynbor oblysynyń memlekettik arhıvi (GAOO).  6-q., 10-t.  107-is, 1-3-pp.

8. Aravın P.V. Stepnye sozvezdıa. Ocherkı ı etúdy o kazahskoı mýzyke. - Alma-Ata: Jalyn, 1978. - 184 s.

9. Mýsın Ch. Qazaqstan tarıhy. - Almaty, 2008. - 640 b.

10. QR Ortalyq memlekettik arhıvi (SGA RK). 4-q., 1-t., 4458-is, 36-p.

11. Zataevıch A.V. 500 pesen ı kúev kazahskogo naroda. - Almaty: Daık-Press, 2002. - 378 s.

12. Orynbor oblysynyń memlekettik arhıvi (GAOO). 6-q., 10-t.,  7494-is, 44-p.

13. QR Ortalyq memlekettik arhıvi (SGA RK).  4-q.,  1-t.,  5997-is, 1-p.

14. Orynbor oblysynyń memlekettik arhıvi (GAOO).  6-q.,  10-t., 7494-is , 106-107-pp.

15. Qazaq halqynyń tarıhı tulǵalary (qysqasha anyqtamalyq). / Quras. Á. Kópish.

16. Jubanov A.Q. Án-kúı sapary. - Almaty: Ǵylym, 1976.

17. Klassıkalyq zertteýler: kóp tomdyq. - Almaty, 2012. T. 2;  Jubanov A. Qazaq kompozıtorlarynyń ómiri men tvorchestvosy. - 404 b.

Т. Аминов,

кандидат исторических наук, доцент, старший научный сотрудник Института истории государства КН МОН РК, г. Алматы.

ДАУЛЕТКЕРЕЙ ШЫГАЙУЛЫ (1820–1877) – ЗНАМЕНИТЫЙ КАЗАХСКИЙ КЮЙШИ, ТАЛАНТЛИВЫЙ КОМПОЗИТОР, ОДИН ИЗ ОСНОВОПОЛОЖНИКОВ НАЦИОНАЛЬНОГО ИСКУССТВА ИСПОЛНЕНИЯ КЮЕВ

Данная статья посвящена раскрытию жизни и творчества выдающегося композитора-кюиши, знатного представителя степной демократии XIX века Даулеткерея Шигайулы. По своему происхождению он принадлежит к наиболее знатной группе степной аристократии той эпохи. В свое время будучи султаном он пользуется большим уважением и доверием со стороны народа. Однако несмотря на свое знатное происхождение и принадлежность к особой среде, он становится любимым композитором своего народа. Его исключительно лирически тонкие по звучанию кюи превратились в бесценное наследие казахского народа. К концу своей жизни Даулеткерей всячески старается передать свои знания и опыт молодым исполнителям. Многочисленные воспитанники относились к нему с искренним уважением, почтительно называя его своим «Бапасом» (отцом). Благодаря своим последователям его музыкальное наследие дошло до наших дней.

Ключевые слова: великие имена, аристократы, казахские композиторы,народная музыка, кюйши, искусство кюя.

T. Aminov,  Ministry of Education and Science of the Republic of Kazakhstan, the Comitee

of Science, senior researcher of the Institute of Stateʼs History, Candidate of Historical Sciences, ass. prof, Nur-Sultan.

DUULETKERY SHYGAYULY (1820–1877) – THE FAMOUS KAZAKH YŞİ, TALENTED COMPOSER, ONE OF THE FOUNDERS OF NATIONAL KÜYARTS

This article is devoted to the disclosure of the life and work of the outstanding composer kuyshi, the noble provision of the degree of freedom of the XIX century Dauletkerey Shigayuly. He belongs to the most notable group of sedate aristocracy of that era. He enjoys great respect and trust from the people. However, he becomes a favorite composer of his people. His strict lyrical subtleties in sounding turned into an invaluable legacy of the Kazakh people. Towards the end of his life, Dauletkerey is doing his best to pass on his knowledge and experience to young performers. Numerous educators treated him with sincere respect, respectfully called him their "Bapas" (father). Thanks to our followers, his musical legacy has survived to this day.

Keywords: great names, aristocrats, Kazakh composers, folk music, kuyshi, kuy art.

Осы мақала «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы үшін өзектендіру, ғылыми тұрғыдан талдау және ақпараттық қамтамасыз ету бойынша аналитикалық талдамалық зерттеу жасау» мемлекеттік тапсырмасын орындау аясында жазылды.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь