Главная » Материалы » 1920-1940 жылдардағы Түркістандағы кеңестік білім беру жүйесінің қалыптасуы

С.Б. Жанибай , Қорқыт Ата ат. Қызылорда мемлекеттік университетінің тарих мамандығының 2-курс магистранты

1920-1940 жылдардағы Түркістандағы кеңестік білім беру жүйесінің қалыптасуы

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 1(17) 2019

Теги: беру, Қазақстан, Түркістан, Қазалы, Білім, Мектеп.
Аннотация:
Мақалада ХХ ғасырдың басындағы қоғам өмірін қайта құрудың большевиктік бағдарламасында халыққа білім беру ісіне, мәдениет пен ғылымның мәселелеріне айтарлықтай орын берілген. Билік басына келместен көп бұрын В.И.Ленин мен оның пікірлестері әрбір ұлттық мәдениетке екі мәдениеттің бұқара халық мәдениеті мен қанаушылардың , буржуазияның мәдениеті бар екенін , әдебиеттің партиялық болуға тиістігін , ал мектеп ісін ұлтына қарай бөлуге жол берілмейтін ашық түрде мәлімдейді. Ресейде мемлекеттік билікті басып алғаннан кейін , большевиктер өздерінің мәдени жобаларын жүзеге асыру үшін нақты мүмкіндік алды. Олар жаңа мәдениет құрылысының мазмұны мен бағытын ұлт аймақтарында да уысынан шығармады. Кілт сөздер:Қазақстан,Түркістан, Қазалы, Білім беру, Мектеп.
Содержание:

Кіріспе. ХХ ғасыр басындағы  Қазақстанда ағарту ісі мен халықтың сауаттылық деңгейі мәдениет саласының мейлінше артта қалған және берекесі қашқан учаскесі болып  табылды. Ел тұрғындарының басым көпшілігі не оқи, не жаза алмады, миллиондаған балалар мектептен тыс қалды, педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігі өткір сезілді.  Оқу-ағарту мақсатына бөлінген қаржы мардымсыз еді. Ол қалаға, облысқа, губернияға, т.б. территориялық әкімшілік  бөліктерге бөлінген қаржының 2,5 процентінен аспай жататын. 1907  жылы, мәселен, Қазалы уезіндегі оқу-ағарту ісіне 1,8 мың сом ақша бөлініпті, бұл уезд бюджетінің 6 проценті ғана болатын, ал есесіне полицияның қажетіне бөлінген қаржы – 11,9  мың сом -  бүкіл ақшаның 38 процентін құрады (Сембаев,1962,173).  1915 жылы Түркістан  өлкесінің бюджеті 25 млн.сом болса, оның 575 мыңы ғана, яғни 2,3 проценті оқу ағарту ісіне арналыпты. Бөлінген қаржы жан басына шаққанда 13-26 тиыннан ғана тиетін еді (Өмірбеков,1936,13).

Әдістеме. Жалпы Қазақстан бойынша білімге жұмсалған қаржы 1913 жылы бір адамға шаққанда 40 тиынннан аспаған (Обидов, 1968, 127). Сондықтан большевиктер халық ағарту саласында кешенді және батыл шараларды жүзеге асыра отырып, ұлттық аймақта екі толағай мақсатқа жетудің ізіне түсті, біріншіден, сауаттылық пен білімнен шеттетілген қарапайым адамдардың сұранысын өтей отырып, олардың құрметі мен сеніміне ие  болу мүмкіндігін жібермеді, екіншіден, білім беруді кеңейтумен қалың көпшілікке беймәлім маркстік-лениндік идеологияны еңбекші халық санасына сіңіріп, социалистік қоғамның теориясы мен практикасын өмірге енгізді. Алғашқы кезде өлкедегі әліпбилік сауаттылық мектептері мен курстары депутаттар Кеңесінің, революциялық комитеттердің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың шешімдерімен және зиялы қауымның немесе сауатсыздардың бастамаларымен ашылды.Түптеп келгенде , қаржы тапшылығы  оқу-ағарту ісін алға бастыруға үлкен кедергі туғызды. Қаржының жетіспеуінен оқу орындары қажет мөлшерде ашылмады, оқулықтар мен оқу құралдары, мұғалімдер жетіспеді, балалар мектепке тартылмай қала берді, нәтижесінде сауатсыздық мәселесі асқына түсті.

Қазақ даласындағы оқу ағарту ісі. Сауатсыздар қатарының ұлғаюына мектеп жүйесінің баяу өсуі тікелей әсер етті. ХХ ғасыр басындағы Қазақстанда мектептердің төрт түрі болатын :

1.  Діни оқу орындары (мектептер мен медреселер);

2.  Жаңа әдістемелік мектептер;

3.  Орыс түзем мектебі;

4.  Орыс мектептері;

 Діни оқу орындарының  дәл саны мен құрылымы жайлы деректер өлке бойынша сақталмаған. Өйткені оларды ашу үшін патша әкімшілігінің арнайы рұқсаты керек болатын.  Ал, жергілікті жерлерде рұқсат қағаздың соңынан жүргісі келмеген болыстар, старшындар, молдалар көбінесе оқу орнын өз қалауынша ашып, оны арнайы санаққа, есеп-қисапқа кіргізбей отырды. Мектеп шәкірттерінің ата-аналары молданың еңбек ақысын өтеуге міндетті болды. 1917 жылы Ақмола облысында 15 мектеп пен медресе есепке алынып, оларда 970 шәкірт оқып жатқан екен (Ташкент, 1973, 19).

  Аталмыш жағдай кейінгі жылдарда да өзгеріп кете қоймады. «Әр жердегі қазақтың өнер-білімі қарайлас, (Сембаев,1962,254).  - деп жазды 1913 жылы А. Байтұрсынов,- сол себепті бір болыс, яки бір уезд елдегі оқудың таралуын көрсетсек , күллі қазақтағы оқуды шамалауға болады», Торғай облысында , дейді одан әрі автор, 1912 жылы  570109 қазақ тұрған екен, қазақ баласы оқитын 132  школ болған, яғни әрбір  3561 кісіге бір школдан келеді екен. Бар деген оқу орындарының өзі ауылдық жерде орналасқан еді. А. Байтұрсыновтың айтуынша, сонда оқыған балалар ілгері школдарға келіп оқымаса, тіршілікке пайдалы білім алып шыға алмайды. Азғантай үйренген орысша жазу-сызуынан қарайып, тілін ұмытып қалады (Байтұрсынов, 1993, 255). 

  Мектеп жүйесінің сұранысқа жауап бермейтін мынадай салыстырудан да байқауға болады. 1915-1916 оқу жылында бүкіл Қазақстанда 2011 мектеп болған екен. Бұларда 105мыңнан астам бала оқыпты, яғни әр мектепке 50 баладан келіп отыр. Әрине мұндай мектептерді шағын ғана оқу орны деп айтуға мүмкіндік бар. Егер сол жылдарғы өлке тұрғындарының үштен екісін қазақтар құраса, мектеп оқушылары қатарындағы балалардың 14-15 проценті ғана жергілікті ұлт өкілдерінің балалары болатын. Басқаша айтқанда қазақ балалары оқудан шет қағылып қала берді. Әсіресе қазақ қыздарының мектепке тартылуы нашар жүрді. 1915-1916  оқу жылында  олардың мектепте оқып жүргендерінің саны 2000-ға да жетпеді.

Білім беру жүйесі.  Мектептер мен олардағы оқушылардың саны осындай болғанда, оқытушы-мұғалімдер құрамы да айтарлықтай ұзап кете қоймады. Біріншіден, мұғалім кадрларын даярлайтын оқу орындары мардымсыз еді. 1878 жылы Орынборда алғаш мұғалімдік мектеп  ашылғаннан кейін 1917 жылға дейінгі  аралықта өлкеде қазақтан бар болғаны 300 мектеп маманы даярланыпты. Әрине, Қазақстаннан тыс жерлерде  - Омбыда, Қазанда т.б. қалаларда мұғалімдік  семинарияларды бітірген мамандар өлкеге келіп еңбек еткені рас. Бірақ олардың қатары онша қалың емес еді. Сол себепті де мектептердегі мамандардың біліктілігі, кәсіби шеберлігі, әсіресе ауылдық мектептерде  мейлінше төмен дәрежеде қала берді.

  ХХ ғасыр басындағы қазақ мектептерінің және бір қиналған жері оқулықтар мен оқу құралдарының , бағдарламалардың тапшылығы еді. Мектептерде татар тілінде шыққан әдебиетті пайдалануға тура келді. Қолайсыздық пен кемшілік бала оқыту ісін қиындатпаса, женілдеткен жоқ. Қалалық мектептерде оқу ісі біршама жолға қойылмағанмен ауылдық жерлерде оқу процесін ұйымдастыру бірізді бола бермеді.

  20-шы жылдары да, одан кейінде де оқу-ағарту ісіндегі, оның ішінде сауатсыздықты жою үрдісіндегі, кемшіліктерді сынаған жарияланымдар Қазақстанда аз болған жоқ. Әдетте кемшіліктер жекелеген басшылардың , мекемелер мен ұйымдардың оралымсыздығымен байланыстырылатын. Алғаш рет мәселеге саяси астар беру, большевиктердің ұлт-мәдениет саясаты патша әкімшілігі саясатынан көп өзгеше емес деген пікірді дәлелдеу 20-шы жылдар аяғына қарай Парижде жарық көрген «Кеңестер билеген Түркістан» атты кітапта жақсы орын тапты. Бұл кітаптың авторы Парижде эмиграцияда жүрген белгілі қазақ Мұстафа Шоқай еді. Шығарманың деректік көзін негізінен «Еңбекші қазақ» бетінде жариялаған материалдар құрады. Мұнда Риддер заводы жанындағы маманданған жұмысшылар даярлайтын, фабрика –завод мектебінде қазақтардың жоққа тән екендігі, өйткені онда қазақ тілін білетін оқытушы жұмыс істемейтін, Қазақстанда мектеп саны өскенмен олардың басым бөлігі үй жаймен қамтамасыз етілмей отырғаны, ал қаржыландыру патша заманы тұсындағыдан құлдырап кеткені «Еңбекші қазақтан» алынған фактілермен дәйектенген. Сырдария губерниясында қазақтар барлық халықтардың 79 процентін, еуропалықтар 9,5  процентін құрайтын, ал осы губенияның мектептерінде оқитын қазақ баласы бар болғаны 6 процент  қана, орыс балалары 53,2  процент екенін алға тарта отырып, автор «Кеңес үкіметі қазақтардың ақшасына орыс келімсектерінің баласын оқытады» деген  тұжырым жасайды (Шоқай,1992, 96-97).

  Большевиктердің мемлекет басшылығына әкелген 1917 жылғы Қазан революциясынан кейінгі ширек ғасырға жуық уақыт ішінде  халыққа білім беру саласында қол жеткен өзгерістердің екеуі айрықша атап өтуге тұрарлық. Бірі –білім берудің сындарлы  жүйесінің қалыптасуы, екіншісі – білім берудің жүйесін басқарып, реттеп отыратын партиялық, мемлекеттік және қоғамдық мекемелер жүйесінің орнағуы. Қазақстанда білім беру жүйесі 20 жылдар басында-ақ дүниеге келді. Алғашқыда ол үш бөліктен тұрды:

1.  Мектепке дейінгі білім беру орындары;

2.  Мектептен тыс білім беру;

3.  Мектептер;

4.  Кәсіптік-техникалық білім беру;

5.  Жоғары және орта арнайы білім беру орындары.

  Білім беру жүйесіне басшылық жасаудың екі буыны қалыптасты. Бірінші буын республикалық басқару орындары. Оған Қазақ өлкелік партия комитеті, Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен Халық комиссариаты Кеңесі, Оқу комиссариаты кірді. Екінші буынды жергілікті партия және кеңес органдары құрады.

  Білім беру мен басшылық жасаушы жүйелерге тән белгі сабақтастық пен бірізділік еді. Яғни, олардың әрқайсысы жеке-жеке жұмыс істеп тұрғанмен, шектеулі ғана міндеттерді шеше алады. Бар буынды немесе бөлікті сатылап өткенде ғана қабылдаған шешім мен алған білім толыққанды дәрежеге жететін.

  Сауатсыздық жалғыз мәдениет саласына қатысты құбылыс емес.Ол қоғамдық қатынастардан, материалдық өндіріс саласының даму деңгейінен, саяси идеологиялық ахуалдан, қоғамдағы рухани, танымдық талап-сұраныстардан туындайтын нәтиже. Мәселен, орта ғасырларда, одан да әріде сауатсыздықтың қаймағы бұзылмай тұрғанмен ол әркімді алаңдата бермеді.  Қоғамның  ілгерілеуіне басқа тарихи алғы шарттар қажет еді. Жаңа дәуірде адамдардың, әсіресе, ересектердің сауаттылығы прогресс үшін шешуші факторға айналайын деді. 1897 жылы өткен бүкілроссиялық халық санағы империядағы тұрғындардың 21,1  проценті ғана сауатты екендігін көрсетті (Москва,1997,47).

  Ал шет аймақтардағы отар өлкелердегі жағдай бұдан да сорақы еді. Айталық, Ақмола губерниясында 9 жастан асқандардың 14 проценті, Семей губерниясында проценті, Торғай облысында 6 проценті, Жетісу облысында 5 проценті, Сырдария облысында 5  проценті  ғана оқи білетіндер екен. Бұл жерде ескере кететін бір жай бар. Ол – халық санағы жүрген кезде есепке бірінші кезекте орысша оқи білетіндердің алынғаны. Орысша оқи алмайтындардың ана тіліндегі сауаттылығы екінші сортты құбылыс ретінде қағазға түсірілді. Осының өзінде де отар өлкелердегі бұратана халықтардың сауаттылық деңгейі мейлінше төмен екендігі көзге ұрып тұрды. 1897 жылы санақ қорытындысы бойынша түркі татар тілдерінде сөйлейтін халықтардың  әр мыңынан 96 еркек пен 50 әйел ғана оқи алатын күйде екен[9,126]. Арада 10 жыл өткен соң Түркістан өлкесіндегі сауаттылық 0,4  процентке ғана артқаны анықталды. Егер ғасыр басындағы Россияда 89 губерния мен облыс болса, сауаттылық деңгейі жағынан осылардың арасында Жетісу облысы 86-шы орында,Сырдария облысында  85-орында, Семей облысы  84-ші орында, Орал облысы 76-шы орында, Ақмола облысы 75-ші орында болатын.

  ХХ ғасыр басындағы Қазақстан сауатсыздық жайлаған өлке болатын. Мұның басты себебі саяси қатынастар шеңберінде жатты. Отарлаушы Россия шет аймақтардың мәдени рухани дамуын қамтамасыз етуге еш ынталы емес еді.Бұл – бір. Екінщіден, ол Қазақстанға Шығыстағы саясатын жүзеге асыру үшін қажетті плацдарм ретінде ғана қарады. 

  Россияның халық ағарту министрі Д.А. Толстой ХІХ ғасырдың аяғында қол астындағыларға жолдаған бір жарлығында былай деген екен: «Біздің отанымызда тұратын барлық бұратаналарды оқытудағы түпкі  мақсатымыз оларды орыстандыру және орыс халқымен мидай араластырып жіберу болып табылады. Орынбордың әскери губернаторы Сухтелен бұдан да  «асып» түсіпті: «Қырғыздарды жайландыру, оларды Еуропа халықтары жеткен биікке көтеру тәрізді өсіре ниетпен мен әуре болмаймын,- дейді ол. –Мен қырғыздардың мәңгі малшы, көшпенді болып қалғанын, ешқашан астық екпегенін, ғылымды ғана емес, тіпті қолөнерді де білмеген жан тәніммен қалаймын.

  Сонымен,кеңестер сауатсыздық мәселесін мемлекеттік маңызы бар іс дәрежесіне көтере отырып, оны салиқалы , жүйелі, тиімді жолмен шешуді таңдамай, күш қолдану, мәжбүр ету тәсіліне көшті.Ал, миллиондаған сауатсыздарды бір жылдан аз мерзім ішінде  оқу-сызуға  үйрету үшін қанша қаражат, мұғалім,оқулық, мектеп үйң т.б. керек екендігі, олардың бар жоғы есепке  алынбады. Қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған Кеңестер жүйесі өз қағазынан өзі жерініп, су аяғын құрдымға айналдырып жіберді. Тұтас  республиканы дүрліктірген қате шешім үшін жауап берген ешкім болмады. Әміршіл-әкімшіл жүйе осылайша бой көтере берген еді.

  1917-1920 жылдар сауатсыздықты жою жолындағы бетбұрысты  кезең болды. Оның басты қорытындысы қоғам мүшелерін оқу, жазуға үйрету мемлекеттік маңызы бар деңгейге көтеріліп, қалың бұқараның сауатсыздықтан арылуға ұмтылысын туғызды. Хат танымаушылықпен айналысатын мемлекеттік құрылымдар сүлбесі  аңықталды. Жинақталған тәжірибе өлкеде сауатсыздар қатары мейлінше көп болумен қатар негізгі күш-жігерді қай бағыттарда шоғырландыру керек екенін көрсетті. Әр істің бастауы қиын. Оқу құралдарының, қағаз қаламның тапшылығы, мектеп үйлерінің, мұғалімдердің жетіспеуі, бір жағынан, өлкенің шаруашылық мәдени потенциалының әлсіздігін көрсетсе, екінші жағынан сауатсыздыққа қарсы күрестің ұлғайған үстіне ұлғая беруінен туындаған еді. Үлкен істі ендігі жерде жоспарлы да ырғақты негізде жүргізу қажет болды. Соғыс қимылдарының аяқталуы, қазақ мемлекеттігінің құрылуы осыған мүмкіндік туғызғандай еді.

Кеңес билігі тұсындағы білім беру ісі. Кеңес өкіметінің нығаюымен әліпбилік сауатсыздықты жою үрдісі ұйымдасқан және жүйелі сипат ала бастады. Бұған ең алдымен Түркістан АССР Халық ағарту комиссариатының және Қырғыз революциялық комитеті жанынан мектеп бөлімінің құрылуы игі ықпал етті. Сауатсыздықты жоюдың басты мақсаты мен міндеттері, оның мазмұны Түркістан республикасы Халық ағарту комиссариатының қалалар мен селоларда ересек түрғындар арасындағы сауатсыздықты жою жөнінде курстар ұйымдастыру туралы 1918 ж. 26 шілдедегі Ережесімен және Түркістан Республикасы Кеңестері ОАК ересек адамдар үшін міндетті оқуды енгізу туралы 1919 ж. 3 желтоқсан Декретімен мейлінше анық белгіленді. Оның үстіне қос құжатта Мәскеудегі үкіметтің осы істегі негізгі құжаты РСФСР халқы арасында сауатсыздықты жою туралы Халкомкеңес Декретінен хронологиялық жағынан бұрын қабылданды.

  Ішкі және сыртқы қарсыластарын ашық майданда жеңген большевиктер Қазақ мемлекетін құрумен сауатсыздықты жоюға қолайлы ахуал туғызды.Бұған сауатсыздықты  жою жөніндегі төтенше комиссияның жергілікті құрылымдары мен халыққа білім беру комиссариаты қызметі қосылған соң оқу-ағарту ісі тәп тәуір жанданайын деді.1920 жылғы 17 қыркүйекте қабылданған  «Халық арасындағы сауатсыздықты жою туралы» декретімен  ол енді 8 бен 40 жас арасындағы сауатсыздарды жазу сызуға үйренуге міндеттеді. Сауатын ашып жүргендердің жұмыс күні бұрынғысынша 2 сағатқа қысқаратын болды. Декреттің орындалуы негізінен халық ағарту комиссариатына жүктелді.  1920 жылы бүкіл өлкеде мектептер саны 2413-ке жетіп, онда 144,9 мың бала оқып жатты. Әсіресе оқушы қазақ балаларының саны өскені көзге түсті. Егер 1914-15 оқу жылында  қазақ оқушылары барлық оқушылар қатарында 7,5 процент болса, 1920-21 оқу жылында бұл көрсеткіш 21,7 ке жетеді. Аласапыран алты жыл ішінде мектептер жүйесінің 40 процентке ,оқушылар санының 36 процентке ұлғаюына мұғалімдер қатарының өсуі де сай түсіп жатты: олар 3395-тен 4824-ке жетті (Алма-Ата, 1960,255).

  Оқу-білім ісінің бұлайша тез көтерілуіне большевиктердің бостандық, теңдік, туысқандық жайлы жариялаған құжаттары мен халықтың негізгі дейін құрайтын кедейлердің,  еңбек адамдардың көңіл-күйін өздеріне бұрып алуы тікелей себеп болды. Жылдар бойы патша әкімшіліктерінің табалдырығын тоздырып, ауылда мектеп ашуға рұқсат ала алмаған қарапайым адамдар большевиктік құрылымдардан қажетті шешімді тез ақ  алатын болған соң мәдениет құрылысына жаңа серпін бере алды.

  1927 жылы бүкіл өлкеде 3911 ғана мектеп жұмыс істеп тұрса, олардың әрқайсысына орта есеппен 80 оқушыдан, 2 мұғалімнен келді, бір мектеп  70 мың км ауданды қамтып отырды. Қазақстандағы осынау ауыр ахуалды Сырдария губерниясының мысалында байқауға болады. 1925-26 жылы  губернияда 2124 қазақ,  824 өзбек ,  694 орыс,  335 басқа да ұлт өкілдері хат танып шықса, 1926-27 жылы  2318 қазақ, 1039 өзбек,  677 орыс, 87 басқа да ұлт өкілдері сауатын ашады. Бұлардың ішінде хат таныған әйелдер тиісінше 680  және 987 еді ( 20 процент  шамасында).  Губерниядағы 16-45 жас арасындағылардың 95 проценті сауатсыз болғанмен екі жыл ішінде  хат танығандар бір процентке ғана артыпты. Жылына 150 мың адамды әліппеге үйретіп отырғанның өзінде үш жыл мерзім әрі 2,4 млн сом қаражат керек екен, ал 1927 жылы сауатсыздық жоюға бөлінген қаржы 28,4 мың еді. Осы мәлеметтер келтірілген партиялық құжатта сауатсыздық жою ісінің баяу қарқындау себебі қаражат пен күштің жетімсіздігі, мектепке тартылмағандардың сауатсыздар қатарын үздіксіз өсіріп отыруы деп көрсетілген. Шынында да 1927 жылы губерниядағы 8-14 жылы жас арасындағы балалардың  18,4 проценті ғана мектепке тартылған екен. Мұғалімдердің 75 проценті болар болмас ғана біліммен жұмыс істеп жатты. Ауылдар мен қышлақтардағы мектептер жертөлелерге орналасты.

  Халықтың мәдени білім деңгейін көтеретін кітапханалар, клубтар , оқу үйлері, қызылотаулар жүйесі революциядан бұрынғы жылдармен салыстырғанда бірнеше есе өскенмен қалың көпшіліктің қиналмастан бара қоятын мекеніне айналмады. Әсіресе көшпелі өмір салтынан қол үзбеген қазақ сияқты халықтар мәдени ағарту мекемелерінің тапшылығын тартты. Кейбір елді мекендерде кітапты пайдаланғаны үшін кітапханалар ақы алуды тәртіпке айналдырыпты, бұл да адамдардың оқу білімге ынтасын басқаны сөзсіз. 1927 жылы өлкенің ауыл селолық жерлерінде 1500-ге жуық оқу үйлері, шаруа үйлері, халық үйлері, кітапханалар, қызыл отаулар жұмыс істеп тұрды. Ауыл селолардағы 6 млн.ға жуық тұрғындарға 1,5 мың мәдени мекен мүлде аздық ететіні әркімге аян болса керек.

  Қазақстан қалалары сауатсыздықпен қүреске айтарлықтай ықпал ететін биікке әлі көтеріле қойған жоқ еді. 1926 жылы өлкедегі 44 қалада бар болғаны 0,5 млн адам өмір сүретін. Қалалықтардың негізгі денін орыстар, украиндер, өзбектер, татарлар құрады. Ал  81 мың қазақ қала тұрғыны болып есептелмегенмен 3,8 млн ауыл село қазақтарын мәдениет бұлағынан сусындатуға бұлардың қауқары шамалы еді. Қала мұғалімдердің саны 3 мыңнан аспады.Түйіндей келгенде, қаланың  интеллектуалдық потенциалы өлкедегі сауатсыздықты жою ісіне мұрындық болардай дәрежеде емес еді.  Бұл да Қазақстанда хат танымаушылықты жеделдете құртуға ықпалды фактор бола алмады.

Адамның сауатты болуы үшін ол оқитын кітап, газет-журнал болуы керек. Осы тұрғыдан келгенде де Қазақстандағы жағдай мәз емес еді. 1926 жылы өлкеде қазақ тілінде 10 газет (тиражы 27,5 мың), 3 журнал (тиражы 7,5) шығып тұрса, 77 атаумен оқулық және басқа әдебиет (тиражы қулық және басқа әдебиет (тиражы 302,5  мың) жарық көретін. Татар, өзбек, қарақалпақ т.б аз ұлттар тілінде мерзімді баспасөз шығару жоққа тән еді. 1928  жылы  бүкіл Қазақстанда 39 газет,  журнал, бюллетень 221 мын тиражбен, 312 атаулы кітап 1,5 млн тиражбен жарияланған екен. Шамамен 4 адамға бір кітап, газет, журналдан келген. Сонда жарық көрген баспа өнімдері сауаттылардан артпай қала бергені сөзсіз. Сауатсыздарға қолға алып оқитын дүние ғана емес, қағаз-қарындаш та жете бермейді. Хат танымайтындар үшін қағаз-қалам тапшылығы аяздай батқанын жазушы А. Сейдімбеков «Қаныш берген қарындаш» деген деректі әңгімесінде келістіре суреттеген. Әңгіменің қысқаша мазмұны мынадай. 1927-28 жылдар шамасында Жезқазған өңірінің қазіргі Жаңаарқа ауданында тұратын он төрт-он бес мұғдарындағы бала Ж.Қалқаманов сауатсыздықты жою курсына барып жүреді. Оқу үшін қағаз, қарындаш, сияны әркім өзі табуы керек екен. Ал олар емге табылмайтын дүниелер. Сол тұста көзі қарақты бір азамат қызын оқыту үшін сынық қарындашты отыз қадақ бидайға сатып алған көрінеді. Айналып келгенде Ж.Қалқамановтың ендігі арманы қағаз бен қарындаш болады. Бір ғажабы ел ішінің жағдайы қаншалықты ауыр болса да «Оқу керек!», «Сауатсыздық жою керек!» деген мәселені халықтың қолдағанын көреміз.

20 жылдардан бастап КСРО-ны мекендеген түркі халықтарының жазуын латын алфавитіне көшіру мәселесі күн тәртібіне қойыла бастады. Кеңес үкіметі алдын-ала латынға көшу туралы мәселе бойынша  баспасөз беттерінде, жиналыстарда, пікір таластарын ұйымдастырды.

Осыған байланыста, 1926 жылы ақпан-наурыз айларында Баку қаласында Бүкіл одақтық бірінші Түркологиялық съезд өткізіліп, онда күн тәртібінде түркі халықтарының жазуы, орфографияның негізгі принциптері және олардың әлеуметтік мәні, терминология мәселелері, түркі халықтарының тарихы, этнографиясы, ана тілін оқыту методикасы т.б. көптеген көкейтесті мәселелер қойылды.  Осылардың ішінде ең маңыздысы, әлі үлкен талас-тартыс тудырғаны – түркі халықтарының тегіс латын алфавитіне көшуі жайындағы мәселе болды. Бұл съезге Қазақстаннан Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Әзиз Байсейітов, Біләл Сүлеев, Нәзір Төреқұлов делегат болып қатысты.  Қазақстаннан съезд президиумына А. Байтұрсынов сайланды.

Съезде түркі халықтарының латын жазуына көшуі жөніндегі пікір таласында делегаттар екі ұдайға бөлініп шыққан. Оның бірі –бұрыннан қолданылып келген, әрі нақтылы тіліне лайықталып, өзгертілген, ресми араб не орыс графикасын (мысалы, сол кезде чуваштар қолданып отырған) латынға ауыстырудың ешқандай не саяси идеологиялық, не экономикалық тиімділігі жоқ, сауат аштыру, оқыту ісіне де лайықталған араб графикасы мен қабылданбақшы латын жазуының бір-бірінен артық-кемдігі шамалы, керісінше, жазу таңбасын өзгерту сан ғасырлық жазба мәдениетінен, жазба дәстүрден қол үзу қауіпін тудырады дегенді айтты. Ал, екінші тобы-араб жазуы түркі тілдерінің фонетикалық жүйесіне сай келмейді, латын алфавиті түркі тілдерін европа мәдениетіне жақындастыра түседі дегенді дәлел етті. Алғашқы пікірлердің бірі – А.Байтұрсынов болды. Бұл жерде А.Байтұрсыновтың тұжырымдамасынан пантюрксистік немесе кеңеске қарсылық іздеу мүлде қисынсыз еді. Себебі ол араб жазуы арқылы ислам дінін уағыздауды көздеген жоқ, оның үстіне А. Байтұрсынов реформалаған қазақ жазуы қаракетті құран жазуынан мүлде алшақ екені айдан анық, пантюрксистік пиғылда болуы деу де орынсыз, ткерісінше, А.Байтұрсынов қазақ ұлтының, қазақ тілінің дербестігін (қазақтардың “іргелі жұрт” екендігін) қатты қолдаған адам. Шындығын айтқанда, мұның барлығы ақталғандық емес, А. Байтұрсынов сол кезде-ақ осы жазуға байланысты болсын, басқа жағдайда алып қарағанда да, жаңа “коммунистік” деген атпен жүргізіліп жатқан “рухани отарлау” саясатын түсінген еді. Сондықтан да, ол кезде Кеңес өкіметінің қалаған саясатына көнбеген адамға қандай айыпты болса да таңуға болушы еді.

А. Байтұрсынов алфавит мәселесіне байланысты ұстанған бағытынан қайтпады. Бакуде өткен съезден кейін де өз пікірін қайталап отырды. 1926 жылы желтоқсанда Қызыл-Ордада өткен латын әрпіне көшу туралы болған кеңесте баяндама жасап, былай дейді: “ ...Мен мәселенің ілім мен іс жүзіндегі жағын ала сөйлемекпін. Ең әуелі аңғартып өтетін бір нәрсе сол латын әрпін алу деген тіршілік мұқтаж қылғаннан ділгірлік қысып туғызып отырған мәселе емес....

Түрік жұртының 90%-ы баяғыдан бері араб әрпін пайдаланып келеді. Әрқайсысының арап әрпімен жасалған хат мәдениеті бар(хат мәдениеті-сауыттылық, оның жүзіндегі өнер-білім, ілім,  емле, үйрету әдісі, баспа әдістері, баспа мамандары, жазба мамандары, жазылған, басылған барша сөздер т.б. ). Хат мәдениеті бар халыққа бір әріпті тастап, екінші әріпті ала қою оңай жұмыс емес... Артық тұрған қаржы керек, артық түрған адамның күші, ісі керек.  Мұндай екі шығын екі жұмысты көтергендей қаржы мен қайрат қазақ түгіл, түріктің қай жұртында да жоқ...

  Он шақты күнде, он шақты миллион қаржымен біте қоятын жұмыс емес. Әріп алмастыру деген ел жағынан да, елдің шаруасы жағынан да ауырлығы зор мәселе екендігін еске ала отырып шешетін нәрсе дей келіп”, екі алфавитті 6 түрлі қырынан салыстырады да араб  алфавитін қолайлы деп табады.

  Бірақ, кеңес заманында ұлттық мүддеден идеологиялық қажеттілік басым тұрғанда А. Байтұрсыновтың қалай дәләлдеп бақса да ой-пікірі өтпейтін еді. Солай болды да. 1928 жылы өткен ҚазАССР Орталық атқару комитетінің  IV сессиясында қазақтың жаңа алфавитін 1931ж. енгізу туралы қаулы қабылданды.

  Ахмет Байтұрсынов мемлекеттік басқару істерінде жүрсе де, ғылыми жұмыстармен айналысса да, оқытушылық-ұстаздық қызметтен қол үзбеген. Ол 1921-1928 жылдары Орынбордағы Қазақтың халық ағарту институты (КИНО-Казахский институт народного образования) деп аталатын оқу орнында, 1926-1929 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогика институтында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. 1928 жылдың қыркүйегінде Алматыда Қазақ мемлекеттік университеті ашылады.

  1920 жылы маусым айында Қырғыз революциялық комитеті Халық ағарту бөлімінің, сол жылдың қыркүйегінде Кирревкомның өлкеде сауатсыздықты жою жөніндегі шаралар туралы нұсқауы мен бұйрығы шықты. Көп кешікпей сауатсыздықпен күрес жүргізу жөнінде төтенше комиссиялар құрыла бастады.Бірнеше айдың ішінде Қостанай губерниясының төтенше комиссиясы 347 мектеп, Орал губграмчекі 328  бастауыш саужой мектебін ашты.Оларда 653 саужой қызметкері 15 мыңнан астам адамды оқытты. Қостанайда сауатсыздықты жою күні өтті, оған барлық топтар мен драма үйірмелері жұмылдырылды. Осы және басқа да іс-шаралардың арқасында 1920-1921 оқу жылы республика бойынша 72,0 мың адам оқу мен жазуды үйренді.

  Алайда кейінгі жылдары хат танығандар саны күрт түсіп кетті. «Себебі- аштық, делінген 1922 жылы 8 шілдеде жазылған ресми құжаттардың бірінде, бірде-бір саужойлық қызметкер атқарған жұмысына не көк тиын ақы, не азық-түлік паегін алмады». Тек қана 1924-1925 оқу жылында  саужой жұмысының өрлеуі байқалды. Оған аштықты жеңу мен шаруашылықтағы табыстар ғана емес, 1924 жылдың басында «Сауатсыздық жойылсын» Бүкілодақтық қоғамының қазақ бөлімшесін құру да себеп болды. Қоғам сауатсыздықты жою «біркүндіктерін», «үшкүндіктерін», «айлықтарын», ұйымдастырды, кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді (Москва,1971, 408).

  1925 жылы «сауатсыздық жойылсан»  қоғамының мүшелері 40 мың адамнан асты, олардың тікелей қатысуымен сауатсыздықты жою дың 110-ға жуық пункті ашылды. Әйелдер арасындағы  жұмысқа зор назар аударылды. Біртіндеп хат танығандардың саны өсті. Егер 1922-1923 оқу жылында әліпбилік сауатты 4,1 мың адам меңгерді.Республика халқының сауаттылық деңгейі  1920 жылға 14,4 пайыздан 1926 жылы 25,2 пайызға дейін көтерілді (Сулейменов, Бисенов, 1967,108). Жастар мен комсомолдар сауатсыздықпен күрестің белсенді қатысушылары болды. Олардың бастамасы бойынша 1928 жылы мәдени жорық басталды,оның негізгі міндеті  сауатсыздықты,ішімдікке салынуды жеңіп шығу, тұрмыс мәдениетін нығайту болып жарияланды. 1930 жылы мәдени жорыққа комсомол-мәдени армияшылар қатысты. Республика комсомолы  соғысқа дейінгі бесжылдықтар ішінде саужой жұмысына өз қатарынан 65 мың адам бөлді (Жаманбаев, 1970,41). 30-жылдардың екінші жартысында  тұрғындары жаппай сауатты алғашқы кәсіпорындар, ұжымшарлар мен аудандар пайда болды. Түрксіб, Балқаш мыс қорыту комбинаты Шымкент қорғасын зауыты, Қарағанды көмір бассейні сияқты индустрия алыптарының жұмысшылары оқуды да, жазуды да үйренді. 1937 жылы іс жүзінде республиканың барлық комсомолы сауаттанды. Әліпбилік сауаттылық проблемаларын ойдағыдай шешуге халықтың білімге деген орасан зор құлшынысы көмектесті. Қарапайым еңбекшілер мектептер мен саужой пунктерінің құрылысына, оларды оқулықтармен, оқу-әдістемелік әдебиетпен, жазу құралдары мен қамтамасыз етуге қол ұшын берді. Саужой  науқанының барысы мерзімді баспасөз беттерінде кеңінен жазылды.  1939 жылы 50 жасқа дейінгі Қазақстан халқының сауаттылығы 83,6 пайызды  құрады. Қараңғылықтың толық жойылуына Ұлы Отан соғысы кедергі болды.
Халықтың жаппай сауатсыздығын жою қоғамның барлық өмірін мемлекеттендіру, мәдениет пен жеке адамға саяси-идеологиялық өктемдікті орнату жағдайында өтті. Мәселен, 20-жылдардың соңында қазақ жазуы араб графикасынан латыншаға, ал он жылдан кейін  латыншадан қазіргі кириллицаға ауыстырылды. Нәтижесінде бір адам амалсыздан бастауыш сауатын үш реет ашуына тура келді. Әрине, мұндай жүктемеге әркімнің шыдам күші жете бермейді. Латын  графикасына ауысу асқан қажеттілік емес екенін кезінде А. Байтұрсынов дәлелдеген болатын. Алайда тоталитарлық режим маманның жанайқайын тыңдауды қажет деп есептемеді. Мұның сыртында 1931-1933 жылдардағы аламат аштық бүкіл саужой жұмысының шырқын бұзды. Тұтастай алғанда, Ұлы Отан соғысына дейін хат  танымайтын  3-млн-ға жуық жанның әліпбилік сауатын  ашу, іркілістер мен саяси науқаншылыққа қарамастан , Қазақстандағы жаңа мәдениет құрылысының оң нәтижилерінің бірі болып табылады. Сауатсыз адамды оқуға және жазуға үйрету ұзақ іс  емес, бар болғаны бірнеше айды қажет етеді. Ол  Қазақстан жағдайында тым созылып кетті. Өйткені,  біріншіден, сауатсыздар мейлінше көп болды, екіншіден, соғыс, аштық, педогогикалық кадрлардың жетіспеуі, құралдардың, оқулықтардың тапшылығы, асығыс жасалған әліпби реформалары сияқты себептермен  бірнеше рет үзіліп қалды. Сауатсыздықты жою жұмысының табысы көп жағдайда көпшіліктің бастамасы және ынта-жігерімен анықталды. Социализм құру тұсында мектеп  ісін  ұйымдастыру да өзгеше көзқарас пен ұстанымдарды талап етті.  Жалпы, нақ мектеп білімі бойынша большевиктердің тыңғылықты бағдарламасы болды. К. Цеткиннің айтуынша «халыққа білім беру революцияны, ал революция халыққа білім беруді»білдірді.

  Мектептік білім берудің жаңа жүйесін құру ең алдымен салаға мемлекеттік басқарудың бұрынғы құрылымы өзгеруден басталады. Кеңестер мен олардың халыққа білім беру бөлімдері кезенде халық училищелерінің инспекцииясы атқарған функцияларды өздеріне алады, дін басылар тәрбте мен білім беру ісіне араласу құқығынаң айрылды. «Бірыңғай еңбек мектебі туралы» БОАК-нің 1918 жылғы 16 қазандағы Ережесіне сәйкес бұрынғы бастауыш училещелердің , гимназиялардың, реалдық учелещелердің және басқа да оқу орындарының орынына 2 сатыдан тұратын бірыңғай еңбек мектебі  бекітіледі; біріншісі, 8-ден 13 жасқа дейінгі балаларға арналса екіншісі,13 тен 17 жасқа дейінгі балаларды  қамтыды.«Аз ұлттар иектебі  туралы» 1818 жылғы 31 қазандағы қаулысымен Халық ағарту комиссарнаты «Россия Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасында тұратын барлық ұлттар бірынғай еңбек мектебі мен жоғары мектептің екі сатысында  да өзінің анна тілінде оқытуды ұйымдастыру құқығын пайдаланады» деп жариялады.

  Мектепте білім беру мәселелері өлкеде 1917 жылжың соңында 1918 жылдың  басында өткен Кеңстердің барлық деңгейдегі съездерінде талқыланды. Бұл жұмыс азамат соғысы мен шетел интервенциясы жағдайында да  жалғасты.  Қабылданған шаралар балаларды оқумен қамтуды біраз жақсартуға мүмкіндік берді. 1914/15 оқужылында 2011 мектеп жұмыс істеп тұрса 1920/21 оқу жылында республикада 2410 мектеп болды. Негізінен 1-ші  сатының мектептері ашылды. Оқушылырдың саны  артты. Қиыншылықтар да аз емес еді. Мәселен, ЖЭС жылдары мектептерді ұстау жергілікті бюджетке берілгендіктен бастауыш сынып оқушыларының саны 1921-1922 оқу жылындағы 172  мыңнан 1922-1923 оқу жылында 114 мыңға дейін, 1923-1924 оқу жылында 138 мыңға дейін кеміді. 1924-1925 оқу жылы мектеп жасындағы қазақ балаларының 12 пайызы ғана бірінші саты мектептерімен қамтылды [15,280-281-б]. Проблеманы көшпелі  және жартылай көшпелі негізгі типтік мектеп мекемесі боп жарияланған және «орасан зор кеңістікте шашырай орналасқан ауылдар мен қыстақтарда тұратын қазақ кедейінің балаларына мектеп оқуын жатақханамен қосу арқылы коммунистік бағытты білім мен тәрбие алуға мүмкіншілік беруге тиіс» коммуна мектебін құру да шешкен жоқ. Мектептегі білімді дамыту қажетті материалдық-техникалық базаның жоқ болуымен және мұғалім кадрлардың жетіспеушілігімен тежелді. Ақмола губерниясынан келген құжаттардың бірінде «Мектептер ауылдық жерде ыңғайлы ғимаратты жиі таппайды, төбесінде тесігі бар және ешқандай жиһазы мен оқу құралдары жоқ аянышты жеке меншік тоқал үйлерде қысылысады,.....мұғалім  ретінде  бұрынғы  діни мұғалімдер мен сауаты шамалы азаматтардың шақырылуы жиі болып тұратын жағдай» деп айтылған. 20-жылдардың соңына қарай мектепте білім беру жеткілікті шешілмеген күйде қалғаны бадырайып көзге түсті. Ол халық шаруашылығын индустриазациялау қисынына қарама-қайшы келді жаппай сауатсыздықты жою ісіндегі азды-көпті нәтижені жоққа шығарды, сауат ашуды меңгермеген жастар еңбектің индустриалды салаларына кіре алмады. Мәселен, 1929 жылы мектеп жасындағы балалардың тек 40 пайызы бірінші сатының мектептеріне барды. Ең төмен көрсеткіш қазақ және өзбек балаларында - 21 пайыз, тараншы және дүнган балаларында тиісінше 34 және 33 пайыз, орыстарда -60 пайыз татар балаларында -65 пайыз байқалды. Шұғыл шараларды қабылдау қажеттігі туды.

  1930 жылы 27 тамызда жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқуды республикада енгізу туралы Қазақстан ОАК мен Халком кеңесінің қаулысы жарияланды. Көшпелі халқы бар аудандарда жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқуды 8-жастағы балалар үшін 1931 жылдың көктемінен бастау көзделді. Бастауыш мектеп жасынан асып кеткен 11-ден 15 жас аралығындағы балаларды оқыту жеделдетілген түрде,екі жылдық және бір жылдық мектеп-курстар негізінде жүзеге асырылатын болды. Халық комиссарлары кеңесінің жанында жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқу жөніндегі Комитет жұмыс істеді. Осы тақілеттес комитеттер жергілікті жерлерде құрылды. Комсомол жалпыға бірдей бастауыш оқуды қамқорлығына алды, мектеп үйлерін жөндеуді ұйымдастырды, балаларды аяқ киіммен, ертеңгі ыстық аспен қамтамасыз етуді қолға алды. Сенбіліктер  мен жексенбіліктер, мәдени күштерді педогогикалық жұмысқа жұмылдыру, жалпыға бірдей оқудың барысын тексеру жөнінде жорықтар өткізілді. Оқулықтар мен әдістемелік әдебиеттер басып шығару ұлғайды. Халыққа білім беру ісіне жұмсалатын қаржы өсті.

  30-жылдардың соңына қарай жалпыға бірдей бастауыш оқуды жүзеге асыру іс-жүзінде аяқталды. 1937 жылы балаларды бастауыш оқумен қамту деңгейі 96 пайызға жетті. Ұлы Отан соғысы қарсаңында республикада 7,5 мыңнан астам мектеп жұмыс істеді, соның ішінде 5,2 мыңы бастауыш, 1,7 мыңы толық емес орта мектептер еді. Оларда 1 миллионнан астам бала, оның 628 мыңы 1-4 сыныптарда, 372 мыңы 5-7 сыныптарда 62 мыңы 8-10 сыныптарда оқыды. Жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқуға жататын мектеп жасындағы балалардың 98,9 пайызы оқумен қамтылды. Сонымен бірге мектептегі оқу ісіне бірсыпыра ірі кемшіліктерде тән  еді. Тотолиторлық режим мектептерді ресми саясаттың сөзін екі етпейтін және идиологияланған ұрпақты тәрбиелеудің құралына айналдырды. Оқулықтардың мазмұны пионер және комсомол ұйымдарының қызметі оқушылардың сана-сезімі мен мінез-құлығына сталинизмнің догмаларын ұялатты, кеңестік еместің бәрін жеккөрушілік рухында тәрбиеледі, партияның саясаты мен идиологиясын соқыр сеніммен қабылдауға машықтандырды. Алашордашылар немесе «халық жаулары» ретінде  жазаланған А. Байтұрсыновтың, С. Асфендияровтың, С. Сейфуллиннің, Х. Досмұхаммедовтың және т.б. кітаптары оқу жоспарынан алынып тасталды. 30-жылдардың басындағы аштық, қазақ ауылдарындағы ойран,зиялы қауымға қарсы ұйымдастырылған қуғын сүргін ұлттық мектептер үшін трагедияға айналды. Тек  1935-1936 оқу жылында алғашқы 11 қазақ баласы толық орта мектепті аяқтады. Келесі оқу жылында олардың саны әрең дегенде 40 адамға жетті. Мұғалімдердің көпшілігі толық емес орта біліммен жұмыс істеді, ол да оқудың сапасын көтермеді. Жыл сайын толық орта емес және орта мектептердегі оқушылардың төрттен бірі күзгі қайта емтихан тапсыруға қалдырылды. «Кадрлар бәрін шешеді» ұранды науқанның қызған кезінде мектептегі білім берудің функционалдық міндеті сыңаржақ түсіндірілді. Мәселен, БКП Қазақ өлкелік комитетінің пленумы «Мектеп туралы»  қарарында «қазақ мектебін нығайту және дамыту жөніндегі барлық жұмыс таяудағы екі-үш жылдатехникумдар мен жоғары оқу  орындарына қазақ контингенті мен қазақ орта мектебін бітіріп шыққандарға қажеттілігі қазіргі уақытта орын алып отырған айырмашылықты жою мақсатына бағынышты болу керек» деп ерекше атап көрсетті.

  Ұлы Отан соғысы жылдары мектеп құрылысының проблемалары мен қиыншылықтары барынша шиеленісті. Жоғарғы сынып оқушыларының бір бөлігі Қызыл Армияның қатарына шақырылды немесе оқуды тастап, майданға кеткен әкелері мен ағаларын жұмыс орнында алмастырды. 1943/44 оқу жылында орта мектептегі оқушы-қазақтардың саны соғыстың алдындағы жылмен салыстырғанда 2 есеге жуық қысқарды. Мектептерді оқулықтармен, оқу құралдарымен, дәптер және басқа да керекті  жабдықтармен қамтамасыз ету нашарлады. Балалардың қаңғыбастығы мен панасыздығы кеңінен етек жайды. Соғыс мектеп мұғалімдерінің материалдық жағдайын нашарлатты.
Қазақстанның кеңестік мектебін жасақтау революцияға дейін қалыптасқан болар-болмас негіз бен алғышарттарды ішінара пайдалану арқасында жүрсе, жоғары білім ісінде тырнақ іліктірер мүндай мүмкіндік болмады. Патша заманынан қалған мардымсыз педогогикалық, ауыл шаруашылық және медициналық орта оқу орындары өлкенің мамандарға сұранысын мүлдем қанағаттандыра алмады. Сондықтан кәсіптік оқу орындарын ұйымдастыруға большевиктер қабылданған нақты іс шаралар жергілікті халықтың көңіл қалауына дөп келді және Қазақстандағы жаңа режимнің нығаюына қолайлы жағдай туғызған факторларды күшейтті. 1918 жылы наурыз айында Верный қаласында жұмысшы, солдат, шаруа депутаттарының Жетісу облыстық кеңесінің қаулысымен бар болғаны 22 адамы бар Жетісу ауыл шаруашылық училищесі ашылды. Біраз уақыттан кейін Жетісу облыстық Білім Комиссариаты Верный қаласындағы  мұсылман мұғалімдер семинариясын  1918 жылы 10 қарашада ашуға дайындықтың аяқталғаны туралы хабарлады. Училишенің құрылымында екі дайындық бір негізгі сынып құру көзделді. «Неғұрлым мұқтаж 60 оқушыға степендия берілетін болады» деп көрсетілді хабарламада. 1919 және 1920 жылдары Орынборда, Ордада, және Семейде халық ағарту институттары шаңырақ көтерді. Мұнда орта арнайы білімді мұғалім кадрлары дайындалды. Кәсіптік оқу орындарында оқығысы келетіндер жеткілікті еді. 1919 жылы қазақ жастарының бір тобы Қырғыз революциялық комитетіне өздерін Орынбордың үш жылдық мұсылман мұғалімдер курсының степендиаттары мен тағайындау жөнінде өтініш білдірді. Қырғыз революциялық комитеті оң шешім шығарды және өз мүшелерінің бірі С. Меңдешевке мұғалімдер курсының жағдайымен танысуды» тапсырды.

  Кәсіптік оқу орындары желісінің кеңеюі барысында жалпы біліми дайындығы әлсіз жергілікті жастардың жоғары оқу орындары мен техникумдарға арналған бағдарламаны меңгеруге шамасы келмейтіні анық байқалды. Студенттердің осы санаты үшін жұмысшы факулбтеттері ашылды. Қазақстанда тұңғыш жұмысшы факультеті 1921 жылы Орынборда  құрылды. Кеңес өкіметінің алғашқы он жылдығының соңына қарай республикада маман кадрларды 24 техникум дайындады, соның ішінде 14-і педогогикалық және 7-і ауыл шаруашылық мамандығы бойынша еді. Бұлардағы 3,5 мың оқушының 37,8 пайызы қазақ жастары болды.

  Кәсіптік оқу орындарын ұйымдастыру ісінде жинақталған тәжірибе, сондай-ақ экономика мен мәдениеттің маман кадрларға сұранысының өсуі толыққанды жоғары оқу орнын ашуды мейлінше талап етті. 1928 жылы 10 маусымда Халық комиссарлар кеңесі педогогикалық ауылшаруашылық және медициналық үш факультеті бар Қазақ мемлекеттік университетін ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдады. Университет жалғыз ғана педагогикалық , факультетпен 1928 жылғы қазан айында ашылды. Факультеттің үш бөлімшесінде 124 студент оқыды және 9 оқытушы жұмыс істеді. Басқа екі факультет үшін педогогтар мен студенттерді жинаудың сәті түспеді. Сондықтан 1930\31 оқу жылында университетті Қазақ педагогикалық институты етіп қайта ұйымдастыруға тура келді. Көп кешікпей Алматы малдәрігерлік 1929 ж., Қазақ ауыл шаруашылық 1931 ж., Орал педагогикалық 1932 ж. институттарының ашылуы болды. 1934 жылы 19 қаңтарда Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика және биология факультетт ерінде тұрақты сабақтар басталды. 54 студентке дәрісті 5 профессор 10 доцент оқыды.

  Республикада соғыс қарсаңында 20 жоғары және 118 орта арнайы оқу орындары бар еді, ал оларда 40 мыңнан астам  студент оқыды (Назарбаева, Әбжанов, 2004,84). 12 жұмысшы факультетінде 2,8 мың адам жоғары оқу орындарына түсу үшін дайындалып жатты. Маман даярлап шығару да өсті. Егер 1931 жылдың аяғында ҚазПИ-ді бітірген алғашқы 53 түлек жоғары білімі жайлы білім алса, екінші бесжылдықтың соңына дейін осы жоғары оқу орнының қабырғасынан  500-ден астам білікті маман өсіп шықты, Кәсіптік оқу орындары өнеркәсіппен құрылыс, көлік пен байланыс, ауыл шаруашылық, денсаулық сақтау, білім беру мен өнер үшін мамандар даярлай бастады. Тек қана 5 жыл ішінде 1936-1940 жж. жоғарғы оқу орындары мен техникумдары 24 мыңнан астам маманды халық шаруашылығына аттандырды.

  Алайда ұсыныстан сұраныс басым еді. Білікті мамандардың тапшылығы барлық жерде материалдық өндіріс салаларында да, әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымда да сақтала берді.Сондықтан Қазақстанға жыл сайын Москвадан, Украинадан, Өзбекстаннан және басқа да республикалардан жас мамандар жіберілді. Жоғары мектептің ең өткір және шешілмеген проблемасы профессор-оқытушылар мен студенттер  құрамында қазақтардың баяу өсуі алаңдатпай тұрмады. Жоғары оқу  орындары мен техникумдары көптеген қызметкерлері Сталиннің жеке басына табынудың құрбаны болды.
Соғыс жоғары мектептің қалыпты тіршілігін өзгертті. Россия мен Украинаның бірнеше жоғары оқу орындары эвакуациямен Қазақстанға келді, Қазақ тау-кен және ауыл шаруашылық институттарының, Қазақ мемлекеттік университетінің  құрылымы жаңа бөлімшелер, факультеттер, кафедралар мен зертханалар ашу есебінен кеңейтілді,. Оқу тәрбие процесі соғыс уақытың талаптарына сәйкес қайта құрылды. Қазақстанға көрнекті ғалымдардың үлкен тобының келуі республиканың ғылыми әлеуетінің  нығаюына қолайлы жағдай туғызды, олардың басшылығымен 130 кандидаттық және докторлық  диссертациялар қорғалды. Соғыс жылдары Алматы шет тілдер институты Шымкент құрылыс материалдарының технологиясы институты, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институты ашылды. Соғыстың соңғы жылдарында бірнеше жоғару оқу орындарының , әсіресі техникалық және ауыл шаруашылық жоғары оқу орындарының, әсіресе техникалық және ауыл шаруашылық жоғары оқу орындарының кейбір санаттарының білікті мамандары  мен студенттерін  Армия қатарына шақыру шектелді, уақытша жабылған жоғары оқу орындары – негізінен  мұғалімдер институттары қалпына келтірілді. 1945 жылы республиканың жоғары және орта арнаулы оқу-орындарында 45 мың адам оқыды.Қорыта айтқанда, Кеңес өкіметінің ширек ғасыры ішінде Қазақстанда халыққа білім берудің жаңа жүйесі қалыптасты. Саны және халықты қамтуы бойынша республиканың оқу-орындары ревролюцияға дейінгі кезеңнің көрсеткіштерін бірнеше есе басып озды.

Қорытынды

  Халық ағарту ісінің жетістіктеріне мектепке дейінгі және мектептен тыс мекеме желілерін, кәсіптік-техникалық  мектептерді, ФЗУ мектептерін, фабрика зауыт жеті жылдықтарын құруды да жатқызуға болады. Большевиктер білім беру проблемасын бірсыдырға шешті, алайда үрдістің маңызды жағын жойдасыз саясаттандырып жіберді. Тәрбие мен оқудың басына олар партиялық таптық принципті қойды. Халықтың педагогикалық жетістіктері мен талап-тілектері ұлттық мектеп тіршілігінен алыс қалды. Қазақстандағы жоғары оқу орындарына әлемдік озық тәжірибе жете бермеді. Жалпы адамзаттық құндылықтардан оқшаулану білім беру жүйесіндегі оралымдылық пен икемділікті әлсіретті.

Әдебиеттер

1.  Сембаев И. История развития советской школы в казахи. - Алма-Ата, 1962, 254 б.

2.  Өмірбеков Т. Қазақстан статистикалық жинағы. 1936. 173 б.

3.  Обидов И. История развития народный образование в СССР .  - Москва, 1968.136 б.

4.  Культурные строительство в Туркестанской собрание документов и материалов. - Ташкент, 1973, 141 с.

5.  Сембаев И. История развития советской школы в казахи. - Алма-Ата, 1962, 254 б.

6.  Байтұрсынов А. Таңдамалы шығармалары. - Алматы, 1993, 255 б.

7.  Шоқай М. Түркістанның қилы тағдыры. - Алматы, 1992, 96-97 б

8.  Итоги всесоюзной переписи население. - Москва1997, 212 с

9.  Казахстан за 40 лет: Стат. сборник. - Алма-Ата, 1960,420 б.

10.  Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. - Алматы, 1994, 408 б.

11.  Народное образование, наука и культура СССР. - М,1971, 22 б.

12.  Сулейменов Р.Б., Бисенов Х.И. Социалистической путь культурного прогресса отсталых народов. - Алма-Ата, 1967. 84 б.

13.  Жаманбаев К. Высшая школа в Казахстане. - Алматы, 1970, 97 б.

14.  Культурное строительство в Казахстане. Т2 - Алма-Ата, 1970. 137 б.

15.  Назарбаева Г, Әбжанов Х. Қазақстан: тарих, тұлға, теория. - Алматы: 2004.344 б.

References

1.  Sembaev I. Istorııa razvıtııa sovetskoı shkoly v kazahı. - Alma-Ata, 1962, 254 b.

2.  Ómіrbekov T. Qazaqstan statıstıkalyq jınaǵy. 1936. 173b.

3.  Obıdov.I. Istorııa razvıtııa narodnyı obrazovanıe v SSSR .  - Moskva, 1968.136 b.

4.  Kýltýrnye stroıtelstvo v Týrkestanskoı sobranıe dokýmentov ı materıalov. - Tashkent, 1973, 141 s.

5.  Sembaev I. Istorııa razvıtııa sovetskoı shkoly v kazahı. - Alma-Ata, 1962, 254 b.

6.  Baıtursynov A. Tańdamaly shyǵarmalary. - Almaty, 1993, 255 b.

7.  Shoqaı.M Túrkіstannyń qıly taǵdyry. - Almaty, 1992, 96-97 b

8.  Itogı vsesoıýznoı perepısı naselenıe. - Moskva1997, 212 s

9.  Kazahstan za 40 let: Stat sbornık. - Alma-Ata, 1960,420 b.

10.  Qazaqstan tarıhy kóne zamannan búgіnge deıіn. - Almaty, 1994, 408 b.

11.  Narodnoe obrazovanıe, naýka ı kýltýra SSSR. - M,1971, 22 b.

12.  Sýleımenov R.B., Bısenov H.I. Sotsıalıstıcheskoı pýt kýltýrnogo progressa otstalyh narodov. - Alma-Ata, 1967. 84 b.

13.  Jamanbaev.K Vysshaıa shkola v Kazahstane. - Almaty, 1970, 97 b.

14.  Kýltýrnoe stroıtelstvo v Kazahstane. T2 - Alma-Ata, 1970. 137 b.

15.  Nazarbaeva G, Ábjanov H. Qazaqstan: tarıh, tulǵa, teorııa. - Almaty: 2004. - 344 b.

С. Б. Жанибай

1Кызылординский государственный университет имени Коркыт Ата, магистрант 2 курса по специальности «История»

г. Кызылорда,Казахстан

Е-mail: symbat_tabyn4ik@mail.ru

Резюме

В этой статье рассматривается большевистская программа реструктуризации жизни начала ХХ  века, в которой  уделено большое внимание образованию, культуре и науке. Задолго до прихода к власти власти В.И. Ленин и его коллеги публично заявляют, что каждая культура двух культур – это культура массовой культуры и эксплуатации буржуазии, что литература должна быть партийной, а деление школьного дела -  по этническому принципу. После захвата государственной власти в России у большевиков появился реальный шанс реализовать свои культурные проекты. Они не потеряли содержание и направление строительства новых культур в регионах страны.

Ключевые слова:Казахстан, Туркестан, Казалы, образование, школа.

S. Zhanibay1

1Korkyt Ata Kyzylorda State University, 2-course  Master's Student of“History” specialty

Kyzylorda,Kazakhstan Е-mail: symbat_tabyn4ik@mail.ru

Summary

The present article considers the Bolshevik Program for the Restructuring of Life in the ХХ сentury that paid close attention to education, culture and science. Long before coming to power V.I. Lenin and his colleagues publicly declared that each culture of the two cultures is a culture of mass culture and exploitation of the bourgeoisie, that the literature should be a party literature, and the division of school business should be based on ethnical principle. After the seizure of state power in Russia, the Bolsheviks had a real chance to implement their cultural projects. They did not lose the content and direction of the construction of new cultures in the country\s regions.

Keywords: Kazakhstan, Turkestan, Kazaly, education, school.


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 200

Нет рецензий

Скачать файлы

Жанибай Сымбат 2 макала.docx 0.04 MB

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

1916 ж., Түркістан: патшалық отаршылдық жүйе дағдарысы ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ: КӨШІ-ҚОН ТАРИХЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ (1926-1959 Ж.Ж.) ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ 60-70 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ САЯСИ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ҚАЗАҚТАР МЕН ҚЫРҒЫЗДАРҒА ЫҚПАЛЫ Солтүстік Қазақстандағы "АЛЖИР" әйелдер лагерінің тарихы: тарихнама және мұрағаттық деректер ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні ЖОҒАРҒЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары Ұлттық идея «Мәңгілік Ел» және оның институционалдық реформа бойынша жүзеге асырылуы ӘОЖ 940.2 (574) ТҮРКІСТАН КОМИТЕТІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ МЕН ҚЫЗМЕТІ (1917 жыл) ӘОЖ 940.2 (574) ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ОҒАН РЕСЕЙЛІК ТҮРІК-МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ТИГІЗГЕН ЫҚПАЛЫ ҒТАМР 03.20 Кеңестік биліктің орнауы тұсындағы Оңтүстік Қазақстандағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметі ҒТМАР 03.20 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗІ- ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗДАНУ, БЕЙБІТШІЛІК САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ҰҒЫНЫСТЫЛЫҚ (1991-2013 жж) (тарихи-саяси бағыты) 902/904 Ф. Х. АРСЛАНОВА ЖӘНЕ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА ЕРТЕСАҚ МӘДЕНИ КЕШЕНІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ӘОЖ 391.745/749 ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР – «БЕТАШАР» САЛТЫ: САҚТАЛУЫ МЕН ЖАҢҒЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ӘОЖ 94(574): 20/30 373.016 ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ОҚУЛЫҚТАРЫНЫҢ АВТОРЛАРЫ АҚПАРАТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ТАСУШЫЛАРЫ РЕТІНДЕ: ТІЛ ТҰЛҒАЛАРЫН РЕТРОСПЕКТИВТІ Ш 1920-1940 жылдардағы Түркістандағы кеңестік білім беру жүйесінің қалыптасуы 03.20 МҰСТАФА ШОҚАЙ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ТАРИХТЫ ЗЕРТТЕУДІҢ МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ БОЛЬШЕВИКТЕРМЕН ҚАТЫНАСЫ ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ОРНАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ

Статьи автора

1920-1940 жылдардағы Түркістандағы кеңестік білім беру жүйесінің қалыптасуы