Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 03.20 РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЫҒЫС АЙМАҒЫ, АЛТАЙ ӨҢІРІН ОРЫС ШАРУАЛАРЫМЕН ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ (мақсаты, барысы, нәтижелері)

Қарасаев Ғ.М., т.ғ.д., Мемлекет тарихы институты, Қазақстан, Астана e-mail: karasayev_gm@mail.ru

ҒТАМР 03.20 РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЫҒЫС АЙМАҒЫ, АЛТАЙ ӨҢІРІН ОРЫС ШАРУАЛАРЫМЕН ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ (мақсаты, барысы, нәтижелері)

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(14) 2018

Тегтер: саясаты., қоныстандыру, империясы, өлкесі, Ресей, Алтай, шығыс, Қазақстан, сөздер:, орыс, Түйін, шаруалары
Аңдатпа:
Мақалада автор ресейлік архив материалдары негізінде ХХ ғасыр басындағы Шығыс Қазақстан мен Алтай өлкесіндегі Ресей империясының қоныстандыру саясатының мақсаты, барысы мен нәтижелерін қарастырады. Түйін сөздер: Қазақстан, шығыс, Алтай өлкесі, Ресей империясы, орыс шаруалары, қоныстандыру саясаты.
Мазмұны:

ХХ ғасырдың басындағы Ресей империясының Қазақстанның Шығыс аймақтары, Алтай өңірін орыс шаруаларымен қоныстандыру ісі аса ауқымдылығымен, келетін шаруалардың сандарының молдығымен, оларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау мен жәрдемнің нақты іске асыруларымен ерекшеленді. Империя үшін оның өзіндік саяси және экономикалық себептері болды. Атап айтқанда:

- ХХ ғасырдың басынан бастау алатын Ресей империясының шығыстағы саясатының күрделенуі (Ресей-Жапон қатынасының шиеленісуі, Жапонияның Қиыр Шығыстағы территорияларға талаптары, Ресей мен Қытай арасындағы Қазақстанның шығысы, Алтай аймақтарына деген тартыстары);

- осыдан барып,Қазақстанның Шығысы, Алтай өңірін өнеркәсіптік (түсті металдар өндірісі, Ұлы Сібір темір жолын салу, т.б.), ауылшаруашылықтық тұрғыдағы игеруді жылдамдатудың қажеттілігі;

- Ресей империясының Орталық губерниялардағы жерсіз шаруаларды осы өңірлерге қоныстандыру арқылы олардың толқулары, наразылықтары мен жаңа жерлер алуға деген талаптарын қанағаттандыру;

- Қытаймен екі арадағы  шекаралық аймақтарды толығымен орыс шаруаларымен қоныстандырудың қарқынын жылдамдату;

- жаппай қоныстандыру арқылы Қазақстанның Шығысы мен Кенді Алтайды түгелімен орыстық өңір ету болды.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ жерлерін қоныстандыру одан бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда ерекше болды. Егер де бұрын Қазақстанның барлық жерлері сияқты бұл аймақтарға да орыс шаруалары негізінен өз күштерімен, жекелеп келген болса, енді бұл іс мемлекеттік маңызға ие болды. Орталық қоныстандыру Басқармасы, оның орыс шаруалары келіп орналасуға жататын барлық облыстар, уездердегі комиттеттері негізделді. Империялық жаңа құрылымдардың міндеті келетін қоныстанушылардың сандарын анықтау, оларға қажетті жерлерді дайындау болды. Сонымен қатар олардың барлығының қаржымен, егін шаруашылығына қажетті құрал жабдықтармен, тұқыммен, медициналық көмек көрсету, білім беру,т.б. қамтамасыз етілуі бақылауға алынды.

Қоныстандыру орындарының ең басты міндетіне қоныстанушылардың жекелей емес, ауымдарымен, селоларымен келіп орналасуларын, олардың қайтадан қайтуларын болдырмау кірді. ХХ ғасырдың басындағы Столыпинның аграрлық реформасының мақсаты да осындай талаптарды орындаудан туғандығы белгілі.

Ресей империясының бұл қоныстаныру саясаты жергілікті қазақтарды қыстаулары, жайылымдықтарынан түгелдей мал шаруашылығына қолайсыз аймақтарға ығыстыруы арқылы жүзеге асырылды. Ол жерлерде орыс мұжықтарының қоныстары, деревнялары, казак станицалары негізделді. Қоныстанушылар орналасқан жерлерге жергілікті қазақтардың таяп келулеріне, тіпті малдарының енулеріне де қатаң тиым салынды. Олардың егістікке пайдаланудан артық жерлері қазақтарға еселенген бағамен жалға берілді.

Сол мерзімдегі тарихи деректерден жерінен айырылған қазақтарға мемлекеттік тұрғыда көмектесу туралы ешқандай мәліметтер кездеспейді. Қазақ халқы өздерінің тарихи мекендерінде күйсіз, шаруашылықсыз,  теңсіз, бейшара, жерсіз топқа айналдырылды. Әскерилендірілген жергілікті патша әкімшіліктері, орыс казактары мен қоныстанушылары байырғы тұрғындар арасында  қорқыныш, үрей тудыруды, осы арқылы олардың қарсылықтарын болдырмауды мақсат етті. Қазақтардың малдарын тартып алу, ашық тонаушылыққа ұшырату, т.б. зорлық-зомбылық жасау, тіпті ешқандай себепсіз өлтіре салу қалыптасқан әдеттерге айналды.... Орыс билеушілерінің бейнесінде, - деп көрсетеді М. Тынышбаев,- олар адам емес, қайдағы бір  өмір сүруге құқығы жоқ зияндылар, сондықтан да оларға қарсы  кез-келген  қатал шараларды қолдануға болады.

Тұрғындар әбден шарасыздыққа ұшыраған: олар естіп көрмеген  қорлық пен қанауды бастарынан кешіруде.

... Қырғыздардың орыс бодандығына енген кезінен бастап жарқын, қуанышты күн, бақытты бір сәт болған жоқ. Сол кезеңнен бастап ешкім, ешқандай ресми басшы қырғыздар үшін қайырымды іс, не осыған ұқсас ештеңе де атқарған емес.

... үкімет біріншіден, жабайы және  дөрекі жазалау шаралары мен тіліне, салтына, дініне қысым жасау арқылы жалпы жеке ұлт ретіндегі қырғыздарды жою негізінде барша өңірді орыстандыруға, екіншіден; әртүрлі әкімшілік шаралары, жарлықтары, ережелері арқылы қырғыздарды ешқандай құқықсыз заңнан тыс тобыр етуге, үшіншіден, олардың қанымен сақтап қалған және бабаларының сүйектері толған жерлерінен айыру, тақыр және өнімсіз жерлерге, ажал құшағына  қууға ұмтылуда ... ”[1].

Орыс отарлаушыларының қазақ даласындағы осындай зорлық зомбылықтары мен жүгенсіздіктері бодандыққа айналуымыздың барлық кезеңінде орын алып келді. Осындай жағдайлар туралы жазылған тарихи деректер аса молынан кездеседі. Мысалы, орыс отарлаушыларының қазақ даласындағы үнемі жүргізген қырғындарының бірқатары туралы Кенесары Қасымовтың 1841 жылғы 7 тамыздағы  Орынбор шекара комиссиясының  председателі генерал-майор Генске жазған арызындағы: “27-жылы Көкшетаудан екі жүз орыс,- бастығы команданың Минграву майор әлике шұбыртпалы деген елді шапты. Терісаққанда елу сегіз кісіні өлтіріп кетті, алған малдарының хисабы жоқ.

30-жылы Қараөткелден жүз орыс,- бастығы бір сотник ...алты жүз кісі жамиғы жеті жүз болып, бұларды алдап шақыртып алып, Қарағаш деген жерде жүз жиырма кісіні өлтіріп, өзгесі қашып құтылып жүр.

31-жылы Көкшетаудан бес жүз орыс,- бастығы подполковник Алексей Максимович деген Саржан сұлтанның ауылын, алтай, тоқа, қаракесек, алшын, жағалбайлыны шапты. Төртжүз елу кісіні өлтіріп, ... Алған  маллар  сондайлық хисапсыз ...” [2], - деген мағлұматтары жоғарыдағы айтылғандарға дәлел бола алады. Отарлаушылардың, солардың ішіндегі казак әскерлерінің  қазақ даласындағы орын алып келген жүгенсіздіктерін олардың бұл қылықтарына толығымен куә болған Ш. Уәлиханов та ашына баяндады. “Олардың (қазақтардың - Ғ.Қ.) күйреуге ұшырауларына,-деп жазады ғалым,- екінші кінәлі казактар. Бұл тонаушы тұрғындар өздерін барлық жерлерде көрсете білді. Қырғызбен қалай қатынас жасайды? Өте қарапайым. Олардың барлық жекеменшігі казактар үшін өздерінікіндей көрінеді, сондықтан да қырғыздың қойын тартып алу, өгізі не жылқысын ұрлап кету-жастықтан, еркеліктен басқа ештеңе емес деп бағаланады.

... Тіпті барлық Сібір әскерлері қырғыздар есебінен күн көреді деп айтуға болады” [3].

Келесі деректегі: “(1808-1819) Жеке Сібір корпусының командирі Генерал-лейтенант Глазенап ... Сібір жүйесі казак әскерлерін дұрыс бөле алды. 10 бесжүздік полктар мен екі атты артиллерия ротасын ұйымдастырды. Аталған құрылым жыртқыш қырғыздарды ауыздықтап, оларды бағындыра алды” [4] ,- деген айқындамадан отарлаушылар және олардың бағыныштыларына  айналған қазақтар  арасындағы қатынастың барысын білуге болады.

“Казактардың  қырғыздардың құқықтары мен меншігін силамау деген жоғары шегіне жеткендігі сондай, - деп жазады ХІХ ғасырдағы Батыс Сібір қазақтарының тарихын зерттеуші И.Ф. Бабков: - оларды ұсақ тонауға ұшырату мен күш көрсету жергілікті казактар басшылығы тарапынан жасырылып отырады-бұл барлығына белгілі жағдай. Пикеттік (шекара күзетіндегі,- Ғ.Қ.) казактар үнемі қырғыз малдарын аулауға шығатындықтан олардың арасында қақтығыс орын алады, алайда өзінің құқтарын қорғауға ұмтылған қарусыз қырғыз әрқашан өлімге дейін апаратын жеңіліс табады және мұндай жағдайда жергілікті казак басшылығы қылмысты жасырып, генерал-губернаторға дейін жеткізбейді” [5].

Ал ХХ ғасырдың басында Зайсан аймағында мұғалімдік қызмет атқарған Хафиз Сәрсекеев: “Көшкен елмен Алтай тауына шыққанымда  мұжықтардың (орыс қоныстанушы шаруаларының, - Ғ.Қ.) қазаққа қылып отырған зорлықтарының шет жағасын көрдім. Қара Ертіс елінің болысы Ахмеди Саржан ұғлының ауылдары жайлаудан қайтып келе жатып, Балақалжыр деген жердегі мұжық қаласының жанына қонды. Ауылдың келіп түскені-ақ сол еді, әлгі қаланың мұжықтары “8 атымыз жоғалып еді, ізі осында келді” деп сап ете түсті. “Атымызды тап, болмаса ізімізді шығарып бер” деп отырып алды. Қазақ пен мұжық барып ізді қараса із ескі, мұжық жаңа келген із деп бой бермейді. Сөйтіп тұрғанда мұжықтар жабыла атқа мініп, қалың халыққа жөнелісті. Барысымен шетте жатқан Іштікбай дегеннің бір айғырының үйірін айдай жөнелді. Іштікбай жылқысының соңынан шапқанда мұжықтар сол арада жұрттың көзінше мылтықпен басып салды, Іштікбай опат болды. Бұл іс туралы қаладан судиа мен доктор келіп өлген кісіні сойып, дознание қылып кетті. Іштікбайды өлтірген мұжықты абақтыға жапқан жоқ, кепілге берді.

Мұжықтардың түрі жаман болған соң қазақ өте қорқады. “Ақпыз бізге не қылады”- деп отыра алмайды. Бұл жақта мұжықтың малы жоғалса болыстар қазақтың қолынан тауып беруге подписка алады екен. Бұлай етпей амал да жоқ: малдан бас қымбат қой” [6], - деген хабарлама береді.

“Базардан қайтқан бір аттылы қазақ, деп жазылған төменгі айғақтамада, - жолды қысқарту үшін төтелей тартып, орыс поселкасының ішінен өтпей ме. Аттылы қазақтың орыс поселкасының ішімен жайбарақат кетіп бара жатқанын терезеден көрген С. Кузнецов деген келімсек жалмажан винтовкасын терезеден шығарып, әлгі қазақты атып өлтіреді. Артынан сот болады. Тергеуші Кузнецовқа “Сен әлгі қазақты неге атып өлтірдің” демей ме сонда Кузнецов тергеушіге шекеден қарап, “Ол неге біздің көшемен жүреді?! Оған орыс поселкасының ішімен жүруге кім рұқсат берді?!” дейді. (Бұл туралы Тұрар Рысқұлов бір емес, бірнеше рет жазды да)” [7]. Міне осындай аздаған тарихи мағлұматтардың өзі ғана қазақ халқының бірнеше ғасырларға созылған ресейлік отарлаудан көрген қасіретін паш ететіндігі айғақ.

Егер де ХХ ғасырдың басындағы ресейлік нақты мұрағат деректеріне назар аударатын болсақ, патшалық отарлаудың соңғы кезеңі - ХХ ғасыр туысымен басталған орыс шаруаларын Қазақстанның шығысы, Алтай өңірлеріне қоныстандырудың нәтижесінің жергілікті халыққа әкелген орны толмас зиянының одан ары жалғастырылғанына көз жеткізуге болады. Мысалы, жаңа ғасырдың басындағы Ақмола-Семей уақытша жерге орналастыру партиясы меңгерушісінің Мемлекеттік Жер мүлкі Департаментіне жазған хабарламасында: “1901 жылғыс 12 қыркүйектегі №14 ереженің№3 бабына және 1904 жылғы Ақмола-Семипалатинск және Омбы партияларындағы жобаланған тізімге, сонымен бірге сол жылғы Уақытша комиссия шешіміне орай Семей облысы Павлодар және Ақмола облысының Омбы уездерінде жаңа қоныстандыру учаскелері, солардың қатарында біріншісінде 4848 адамға арналған жалпы көлемі 88.330.22 десятина 14 участок, екіншісінде 7188 адамға арналған жалпы көлемі 117.963.50 десятина, ал барлығы 11966 адамдық 206.293.72 десятиналық 49 участок дайындалды” [8],- деп көрсетілді.

Келесі, Империялық Қоныстандыру Басқармасының ресми мәліметінде: “Семей облысындағы 1905 жылғы қоыстандыру учаскелеріне шаруаларды орналастырудың барысы туралы анықтамада: Өскемен уезінің Георгиевка болыстығында 551 адамға арналған 8331 қоныстану участогі, Покровское болыстығында 306 десятиналық 6 участок,Катон-Карағай болыстығының Катон-қарағай қонысында 510 десятиналық 33 участок, Балықты бұлақ қонысында 767 десятиналық участок, Зайсан уезі Қалжыр болыстығы Николаевск қонысының Жоғары Теректі аймағында 1692,25 десятиналық 30 участок, Алексеевск қонысының Орта Теректі аймағында 6138 десятиналық 90 участок” [9] дайындалғандығы туралы анықтама жасалынып, бұл жерлерден байырғы тұрғындарды аластатудың уақыты белгіленді.

Ал, “Семей ауданы бойынша қоныстандыру ісі меңгерушісінің 1906 жылдың 18 қарашасындағы “Алдыңғы көктемге Павлодар уезінің аудандарына 1000 жанұяға дейінгі жаңа қоныстанушылар келуі тиіс [10],- деген мәлімдемесі бұл өңірлердің орыс шаруаларымен қоныстандырудың жыл өткен сайын белсенділікпен іске асырылғандығын айғақ етеді.

Жергілікті патша әкімшіліктері, қоныстандыру комитеттері жаңадан келушілердің мүддесі үшін тұтастай қазақ ауылдарын  тарихи мекендерінен ығыстыруды іске асыра бастады. Мысалы: “Ақмола облысындағы жерге орналастыру мен қоныстанушыларға арналған жер бөліктерін дайындау басқармасының 1908 жылғы 26 маусымдағы мәжілісі жаңадан келіп орналасатындар үшін Ақмола облысы Омбы уезі  №2 Николаевск  және №5 Қорған әкімшілік ауылдарына қарасты “Кусак” мекенін (қазақтардан,-Ғ.Қ.) босату” [11],- туралы шешім шығарды.

Келесі, “Омбы уақытша комиссиясы 1904 жылдың 9 және 10 қарашасындағы Қорған болыстығында қоныстанушылар бөлігін ұйымдастыру туралы мәжілісінде бір ер адамға 15 десятина есеппен жалпы ауданы 202 адамға арналған 3497 десятина, соның ішінде 3168 десятина қолайлы жер бар Ақмола облысы Омбы уезі Қорған болыстығынан “Елеуке” қоныстанушылар бөлегі және 1 Қорған болыстығындағы 1 және Ү ауылдар құрамындағы №26 қырғыздардың пайдалануындағы жалпы әр ер адамға 15 десятинадан есептелетін 451 жанға арналған ауданы 6912 десятина, соның ішінде қолайлы жері 6889 десятиналы “Киікпай” қоныстанушылар бөлігін дайындау” [12], - және жергілікті тұрғындарды бұл жерден аластату туралы шешім шығарып, бұл жерлерден қазақтар толығымен шығарылды.

Осылармен қатар, “Ақмола облыстық қоныстанушылар бөліктерін негіздеу комиссиясының 1904 жылғы 23 маусымдағы келесі ұйғарымымен Ақмола облысы Омбы уезі Покровск болыстығының қырғыздар пайдалануындағы табиғи-тарихи ауданындағы Әкімшілік ауылға қарасты “Мұртұк” елді мекен аймағында жаңа қоныстанушылар бөліктері құрылды” [13].

1908 жылдан бастап барғысы келетін орыс қоныстанушыларының сандарының еселеп молаюына орай Қазақстанның шығысы және Алтай өңірінен жаңа жер бөліктерін дайындау одан ары жүйелі түрде жүргізіле бастады. Мысалы, Ресей Империялық Қоныстандыру Басқармасының мәліметтері бойынша 1908 жылғы жер бөлу және қоныстанушылар бөліктерін дайындау жұмыстарының жоспарыжасалынып, онда Семей облысы бойынша: “Павлодар уезінен 167000 десятина, 8250 бөлік,Қарқаралы уезінен 12000 десятина-600 бөлік,Өскемен уезінен 98000 десятина - 4900 бөлік,Зайсан уезінен 31500 десятина - 1600 бөлік дайындалғандығы” [14] жарияланса, 1909 жылыосы облыстағы “Павлодар уезінде 5583714 десятина, Қарқаралы уезінде 2870625 десятина, Өскемен уезінде 1310968 десятина, Зайсан уезінде 900000 десятина, Семей уезінде 6000000 десятинаны” [15] қамтитын жаңа учаскелер дайындалатындығы жарияланған.

Бұл мерзімде Қазақстанның аталған аймағынан жерсіз шаруаларға ғана емес, мемлекеттік шенеуніктерге, әскери қызметкерлерге де қалағандарынша жер беру ісі одан ары жалғастырылды. Осыған орай қазақ даласынан жер алуға ұмтылушылардың сандары да еселеп арта түсті. Оныбір ғана Мемлекеттік жер мүлігі Департаментінің Қоныстандыру Басқармасына 1906 жылғы 12 сәуірдегі жазған: “Отставкадағы полковник Михайл Золотовқа Семей облысындағы қазыналық жерден Сібірді отарлау туралы жасалған жоба негізінде тиісті жер бөлігін беруге ұсыныс жасайды,” [16] - деген дерек дәлелдей түседі.

Қазақстанның шығыс өңірлерінен әскери қызмет атқарғандардан тарапынан мүмкіндігінше молынан жер алу әсіресе 1904-1905 жылдардағы орыс-жапон соғысынан кейін молая түсті. Оған себептер патша әкімшілігінің шекаралық өңірлерді әскери игеруге деген ұмтылысы және жаңа аграрлық реформаның талаптары болды. Мысалы, оны императорлық Ішкі істер министрлігі Жер бөлімінің Императрица Мария Федоровнаға жазған: “Орыс-жапон соғысына қатысушы680Порт-Артур гарнизонының төменгі дәрежелі әскери қызметкерлері мен шаруалары Семей облысы Павлодар уезіндегі Кондаул учаскесіне қоныстандыруды сұрайды,алайда қоныстандыру басқармасының бастығы мырза оған рұқсат бермейді, сондықтан  Аса жоғары мәртебелі императрица сізен біздің осы өтінішімізді қанағаттандыруды сұраймыз” [17], - деген мазмұндағы ұсынысы бекіте түседі.

Осы мерзімде Империялық үкімет тарапынан қоныстану орындарын дайындауға байланысты қыстаулық үйлері, қорлары, т.б. құрылыстары қиратылып, жайылымдықтары босатылуға тиісті қазақтарға жаңа жайылымдықтар дайындау іске асырылмады, бұл мәселе отарлаушылардың міндеттеріне енбеді. Тек қана аз мөлшердегі ақшалай құн төлеу жұмысы ұйымдастырылды. Алайда бұл қаржылар жергілікті тұрғындарға келген шығындарын жаба алмады. Сонымен бірге бұл ашалай көмектің уақытында төленгендігі туралы да ешқандай деректер кездеспейді. Төмендегі ресейлік мемлекеттік мұрағаттарындағы мәліметтер бұған дәлел болатын сияқты. Мысалы, Дала Генерал-губернаторының 1905 жылдың 16 желтоқсанындағы Жерге орналастыру және жер ісі Бас басқармасына жіберілген хабарламасында 1906 жылғы қоныстанушылар қаржысы есебінен “1906 жылғы 12 желтоқсан мен 1907 жылдың 7 наурыз аралығындағы қоныстанушылар бөліктерін дайындау кезінде Ақжар қоныстандыру бөлігіндегі қиратылатын қыстаулар, солардың ішінде:Ақжарқыстауы146, Тегісбай қыстауы 120,Үш тоты Қызмойнақ қыстауы 120, Қарасу қыстауы 435,Үлкен намыс қыстауы 570, Терең құдық қыстауы 320, Жалғызкелді қыстауы 470, Қаракөл қыстауы 320, Айбас №1 қыстауы 55, Тасқұдық қыстауы 380, Сары өзен қыстауы 255, барлығы 3194 рубльге” [18],-бағаланғандығы көрсетілген.

Дала Генерал-Губернаторы кеңсесінің 1906 жылғы 14 қаңтардағы Бас Қоныстандыру Басқармасына жіберген: “АқмолажәнеСемей облыстарындағы қоныстандыру бөліктерін ұйымдастыруға орай қыстауларын қиратуға байланысты қырғыздарға төлеу үшін 1905 жылы 25141 рубль және 1906 жылы 9000 рубль қаржы бөлінді.

Биылғы жылы бұл мақсатқа 14582 рубль, ал келесі жылға Қоныстандыру басқармасының 2 қаңтардағы №4 хабарламасы бойынша 10000 рубль жұмсалады.

1-дәрежелі орман бөліктерінің дайындалуларына орай қыстауларының басқа жерлерге ауыстыруларына байланысты қырғыздардың өтініштерін іске асыру үшін биылғы жылдың 28 қыркүйегінде №5418... ұсыныс жасалды.  Бұл ұсыныс 1 топтағы қоныстандыру  ... және орман бөліктері негізделгендіктен қыстауларынан айырылған қырғыздардың өтініштерін орындаудың кешіктірілендігінен жасалды.Өз мерзімінде ақшаларын ала алмаған қырғыздардың жаңа жерлерге орналасуға мүмкіндіктері жоқ, сондықтан да олар  қоныстанушылар бөліктері мен ормандық саяжайларда қалуға мәжбүр болуда және осы арқылы қоныстандыру ісінің ойдағыдай жүруіне кедергі жасауда, орман шаруашылығына нұқсан келтіруде.

Қоныстандыру бөліктерін дайындау кезіндегі қырғыз қыстауларын көшіруге арналған қаржының көлемі 1902-1904 жылдар аралығындағы үш жылдық мөлшермен 23000 рубл. мөлшерінде, ал 1 деңгейдегі орман бөліктерін дайындау үшін жоғарыдағыдай есеп бойынша 8000 руб. мөлшерінде белгіленеді” [19],- деген мәліметтерінен қазақ даласын толығымен отарлау ісінің барысын  білуге болады.

Мысалы, Дала өлкесіндегі қоныстанушыларды орналастыру және жер өңдеуді іске асыруға арналған  Ақмола-Семипалатинск партиясыныңАқмола облысы Петропавловск уезі Құсмұрын  болыстығындағы “Қарасу” елді мекенінде қоныстанушылар бөліктерін негіздеуге байланысты бұзылатын  қырғыз құрылыстарының анықтамалығы туралы 1905 жылдың  23 тамыз күнгі Жер ісі және Мемлекеттік мүлік министрлігінежіберген мәліметінде жергілікті қазақтардың жылдап негіздеп, бірнеше ұрпақ бойы күнкөрістерінің негізіне айналған қыстауларының анықтамалығы, ондағы қиратылатын құрылыстардың анықтамалығы, сол үшін берілетін болымсыз көмектерінің мөлшері көрсетілген. Онда жазылғанындай: “Чудобай аймағындақиратылуға тиісті барлығы 21 қыстау уақытша комиссияның қорытындысымен - 1360 рубльге бағаланды.Соның ішінде: Бешубай Дайырбаевтың қыстауы – 1 жертөле, 1 асүй, 3 жабық және 1 ашық қора- 40 рубль; Сағымбай Дауматовтың қыстауы – 1 қыстау, 10 шаршы метр алаң, 1 асүй, 3 кіші жабық  және 1 ашық қора - 45 рубльге бағаланды” [20].

Осылармен қатар, жоғарыдағы аталған “Ақмола-Семипалатинск партиясының1906 жылдың 14 тамызындағы ұсынысымен Семей облысы Павлодар уезі Бескұдұқ болыстығындағы Галкин қоныстандыру бөлігін  ұйымдастыруға орай қиратылатын 6 қырғыз құрылыстарының анықтамалығы беріліп, солардың қатарындағы екі қыстауға барлығы:

1. Есмұханбет Бекеев – шымнан салынған бір қыстау, пеші бар бөлме, төбесі талмен жабылған, оның айналасында шарбақпен қоршалған 1 мал тұратын  төбесі сабан, шарбақпен жабылған қора- 50 рубль;

 2. Әбәш Азымтаев - ағаштан салынған 1 қыстау,пеші бар екі бөлме ағашпен қоршалған мал ұстайтын ашық қора-50 рубль” [21], - төлеу туралы шешім шығарылған.

Орыс мұжықтарының қазақ даласындағы өздерін еркін сезінулері, жүгенгсіздіктері мен күш қолданулары, жергілікті тұрғындардың одан көрген зардаптарына Семей ауданы қоныстандыру ісі өкілінің 1907 жылдың 24 ақпан күнгі: “Биылғы жылдың көктеміндегі қоныстанушыларының белсенді түрде келуі кезінде қырғыз жайылымдықтары жерсіз орыс шаруаларына беріледі деген қауесет тарады. Осыдан кейін қоныстанушылардың басым бөлегі белгіленген жерлерге орналастыруды немесе жаңа бөліктер беруді талап ете бастады.

Соның ішінде шаруалар егін шаруашылығын жүргізуге неғұрлым қолайлы қырғыз жерлеріне орналасуға тілек етті.

Ең қолайлы участок Павлодар уезіндегі үлкен шыршалы орман арасындағы  Александровск және Галкинск қоныстарына жақын үлкен жол маңайындағы  Кандагуль немесе Кабдангуль өңірі болды.

Қазан айының алғашқы күндерінде Галкинск қонысында болғанымда  мен өз еріктерімен орналасу үшін Кабдангульге келе бастағандықтарын білдім.

Мақсат қойған жерге жетіп, бороздалар тартып, белгілер және Томск губерниясы Ключи қонысынан бірге ала келген құрылыс ағаштарын қойып жатқан 250-300-дей шаруалар тобын кездестірдім.

Келгендермен әңгімеден олардың барлығы көрші Барнаул уезіндегі Кабинеттік Озерск ауданындағы Ключи, Гридеги, Аймагуль және т.б. қоныстарда уақытша тұрып жатқан шаруалар екендігі белгілі болды” [22],- деген мәлімдемесі дәлел болады.

Одан кейінгі, Империялық “Жерге орналастыру және Жер ісі Басқармасының бастығы Г. Глинканың 1907 жылдың 24 наурыздағы Дала Генерал-губернаторына жазған: “Дала өлкесіндегі мол санды әлі орналастырылмаған және мұнда тоқтаусыз келіп жатқан қоныстанушылар Сіздің мәртебеңізге сеніп тапсырылған өлкеден отарлау мүддесіне сай жеткілікті көлемдегі жер табу ісіне ерекше мән беруге мәжбүр ететіндігі белгілі.

Қоныстанушылардың жерге деген аса қажетті сұранысына арналған өңірлер қатарында Кавдангуль ауданы бар Семей облысы Павлодар уезіндегі Маралды болыстығы бар” [23],- деген хабарламасы отарлаушылардың жергілікті қазақтарды ата-мекендерінен толығымен қууды одан ары жалғастырғандығын дәлелдейді.

Семей аудандық қоныстандыру бөлімінің меңгершісі Фон Штеиннің: “Қаракөл”аңғарында кемінде 60-80 адамдық қоныстандыру учаскесін негіздеу жоспарланып отыр, ал мұның өзі тағы да 40-тан артық қырғыздардың қыстауларын орын ауыстыруға әкеліп соғады”[24],-деген қорытындысы да Қазақстанның шығыс өлкесін барынша орыстандырудың тоқтаусыз іске асырылып келгендігіне айғақ болады.

Көрсетілген уақыттағы бүкіл қазақ жері сияқты, оның шығысы, Алтай өңірлерін орыс шаруаларымен толығымен қоныстандырудың орны толмас зардаптары туралы патша әкімшілігіне жергілікті халық тарапынан үнемі жазылып келді. Бұған дәлел, Семей облысы Павлодар уезі 1 шаруалар учаскесі 11 болыстықтың бір топ қазақтары 1907жылдың 18 сәуірінде Министрлер Кеңесінің Төрағасына арнайы шағым түсіріп, өздерінің мүшкіл халдерін баяндап, көмек сұрады. “Жоғары мәртебелі Министрлер Кеңесінің Төрағасына,- деп жазылған онда, - ... біздің уездің бір ғана Тереңкөл болыстығында қоныстандыру учаскелеріне 63 қыстау, 507 шабындық жерлер, 461жаздық және күздік жайылымдық тұрақтары еніп отыр. Участоктарға тиісті 1 ден 3 шақырымға  дейінгі жерлерде  449 қыстау,  505 шабындық жерлер, 595 жаздық және күздік тұрақтар орналасқан. Болыстық бойынша барлығы 2350 жанұя, оның ішінде әлі қоныстанушыларға жерлері берілмеген 200 жанұя, казак және офицерлер жерлерінде тұратын 300 жанұя бар. Томск губерниясындағы учаскелерде 600 жанұя тұрады. Қоныстандыру учаскелеріне жақын жерлерде 449 жанұя орналасқан. Қазыналық дачалар аралығында  648 жанұя, барлығы  2197 жанұя.

Маралды болыстығында қоныстанушыларға 36 қыстау, 112 шабындық, 260 жазғы және күзгі тұрақтар, участоктардан 1-2-3 шақырым қашықтықтағы 90 қыстау, 45 шабындық, 90 жаздық және күздік тұрақтар өткен.

Бұл болыстықта барлығы 962 жанұя бар, олардың ішінде казак және офицерлер  жерінде 150 жанұя.

Томск губерниясында 50 жанұя, Кабинеттік (Құлынды даласы) жерлерде 219 жанұя тұрады.

Ұрық болыстығында қоныстандыру бөліктеріне 11 қыстау,  шабындық 81 шабындық, 80 жаздық және күздік  тұрақтар, солармен қатар 1-2-3 шақырым қашықтықта орналасқан 64 қыстау, 48 шабындық, 184 жаздық және күздік тұрақтар берілген.

Болыстықта барлығы 1751 жанұя, Томск губерниясында 910 жанұя, учаскелер жанында 75 жанұя, болыстықтың өзінде қыстайтын 50 жанұя бар.

Бесқұдық болыстығында қоныстанушылар учаскесіне 6 қыстау, 25 жазғы және 100 күзгі шабындық, 60 жазғы және күзгі тұрақтар өтті. Участоктан 4-1, 2 және 3 шақырым қашықтықтағықоныстанушылар иелігіне берілген 41 қыстау, 41 шабындық жерлер, 100 жазғы және күзгі тұрақтар орналасқан.

Бүкіл болыстық бойынша 1152 жанұя, оның ішінде казак және офицерлер жерінде  600 жанұя, Томск губерниясында 50 жанұя, Құлынды даласында (Кабинеттік жерлерде) 77 жанұя, қазыналық дачалық жерлерде 250 жанұя, болыстық жерде 175 жанұя орналасқан.

Мүлдем жер жетпегендіктен қырғыз халқы осы төрт болыстықтағы құнарсыз жерлерге ауысқан, солардың ішінде: Тереңкөл болыстығында 1450, Маралдыда 543, Ұрықта 546, Басқұдықта 425, ал барлығы 1152+ 1911+952+2350=6375 жанұя тұрады. Олардың 1550-і казактар мен офицерлер жерінде, ал сонымен қатар Томск губерниясының кабинеттік және губерниялық жерлерінде 1906 жанұя бар. Қоныстанушыларды қырғыздар жеріне орналастыруға байланысты өмір жағдайымыз мүлдемге өзгерді. Қоныстанушы шаруа әрбір ұсақ, ірі малдың байқаусызда оның жеріне еніп кеткендігі үшін қанаушылықпен айып алады. Өзіміздің жайылымдық жерлеріміз болмағандықтан барар жеріміз қалмады.

Олардың (қазақтардың,- Ғ.Қ.) қыстаулары казактардың оншақырымдық жүйелері арқылы кесіліп, Ертістің екі жағына шығарылған, тіпті бұл жерлердің көп бөлегі әскери участоктар құрамына еніп, офицерлер мен басқа да шенеуніктердің өмірлік пайдалануларына берілген. Олар бұл жерлерді  ауқатты адамдарға сатады, ал соңғылары өздерінің қалаулары бойынша оны қырғыздарға екі –үш есе бағаға жалға береді.

Офицер қайтыс болған жағдайда жер оның мұрагерлеріне, жесіріне, тағы дасқа туыстарына өтеді, ал жаңа қожайындар бұрыннан қабылданған ережені білмегендіктен  участогінде  ертеден бері байырғы жер иелері ретінде 50-100 жанұядан  тұрып келе жатқан қырғыздарды қудалай бастайды, осыдан барып соңғылары мүлдем лажсыздықтан және бағыныштылықтан сотпен құқықтарынан айырылған адамдардай жаңа жер иелерінің барлық талаптары мен әмірлерін орындауға мәжбүр болуда” [25]. Алайда олардың бұл өтініштерінің орындалғандығы туралы ешқандай құжат  кездеспейді.

Қазақ даласынан орыс шаруалары, казактары, әскери қызметкерлері, шеуніктері үшін осындай қоныстандыру бөліктерін дайындау жергілікті тұрғындарды жайылымдықтарынан айырып, кәсіптерін күйретті. Көшпелі мал шаруашылығы оларды асырап, өркендету құралынан айырылды. Нәтижесінде ХХ ғасырдың басындағы қазақ жұртының байырғы мекенінде ыдырауы, күйзелуі, ұрпағының амандығы мен болашағы жолындағы амалсыздан отаршыларға қарсы қарулы қарсылыққа шығуы, лажсыздан көрші елдерге бас сауғалауы оған дейін болмаған дәрежеде орын алды. 

Сондықтан да, Егемендікке қолы жетіп, Мәңгілік Ел болуға бет алған қазіргі ұрпақтың халқымыздың бірнеше ғасыр бойы Ресей отарлаушыларына бодандыққа түсуінің себептері және одан көрген зардаптарының қорытындыларын айқындап, сабақ ала білулері басты міндет деп есептейміз.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Тынышбаев М. История казахского народа. – Алма-Ата, 1993. – С.24-25

2. Национально-освободительная борьба  казахского народа  под предводительством  Кенесары Касымова. – Алматы: Гылым, 1996. – С.36

3. Валиханов Ч.Ч. Собрание  сочинениий в пяти томах.  Том 4. – Алма-Ата-1968. – С.31

4. Записки  Императорского  русского географического  общества. / под ред.  А.Н. Бекетова. 1861 книжка первая. Действительный член Николай  Абрамов. “Областной город  Cемипалатинск”. – Спб., 1861. – С.166

5. БабковИ.Ф. Записки  о  моей службе в Сибири. – Санкт-Петербург, 1912. – С. 85-86

6. Қазақ газеті. 1913 жыл / Құраст.: С.О. Смағұлова, Ғ.Қ. Әнес, Т.А. Замзаева. – Алматы: “Арыс” баспасы, 2009. – 304-305 бб.

7. // Жас Алаш. – 2016. – 26 шілде 

7. РГИА. Ф. 391, оп. 3, д. 81, л.25

9. РГИА. Ф. 391, оп. 3, д. 86, лл.41,41 об,-42 об.

10. РГИА. Ф. 391, оп.3, д. 90, л.23

11. ИАОО. Ф,354, оп. 1, д. 6, л.4

12. ИАОО. Ф. 354, оп.1, д. 3, лл. 276 об, 277

13. ИАОО. Ф. 354, оп. 1, д. 3, л.136

14. РГИА. Ф. 391, оп. 3, д. 773, л.24

15. РГИА. Ф. 391, оп. 3, д. 773, л.23

16. РГИА. Ф. 391, оп. 3, д. 86, лл.2-2 об

17. РГИА. Ф. 391, оп. 3, д. 86, л. 11

18. РГИА. Ф.391,оп. 3, д.274, л.4

19.РГИА. Ф.391,оп. 3, д.274, лл. 8, 9-9 об

20. РГИА. Ф.391,оп.3, д.274, лл. 14-16

21. РГИА. Ф.391, оп. 3, д. 274, лл. 25,26

22. РГИА. Ф. 391, оп. 3, д. 115лл. 40-40 об

23. РГИА. Ф. 391, оп. 3, д. 11, лл.48,49 об

24. РГИА. Ф. 391, оп. 3, д. 115, лл. 94, 94 об

25. РГИА. Ф. 391, оп. 3, д. 445, лл. 5, 7 об, 8,8 об, 9-10

Карасаев Г.М., д.и.н., Институт истории государства КН МОН РК,

г. Астана, Казахстан

 Политика Российской империи по переселению русских крестьян  в Восточный Казахстан и Алтайский край в начале ХХ века (цель, ход, итоги)

Резюме

  В данной статье автор на основе российских архивных материалов рассматривает цели, ход и результаты переселенческой политики Российской империи в начале ХХ века на территории Восточного Казахстана и Алтайского края.

Ключевые слова: Казахстан, восток, Алтайский край,Российская империя, русское крестьянство, переселенческая политка.

Karassayev G.M., Doctor of Historical Sciences, Institute of History of the State CS MES RK

Astana, Kazakhstan

The policy of the Russian Empire on the Resettlement of Russian Peasants  to East Kazakhstan and the Altai Territory in the early ХХ th century (Objectives, Progress, Results)

Summary

   In this article, the author, on the basis of Russian archival materials, examines the objectives, progress and results of the resettlement policy of the Russian Empire in the early XXth century in the territory of East Kazakhstan and the Altai Territory.
Keywords: Kazakhstan, East, Altai Territory, Russian Empire, Russian peasantry, segregation policy.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 803

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

__арасаев __.М.- Ресей имп(1).docx 0.05 MB __арасаев __.М.- Ресей имп(1).docx 0.05 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

Моңғолдардың Шығыс және Орталық Еуропаға жорықтары (1241-1242) ӘОЖ 94 (5) ТОҚТАМЫС ПЕН ТЕМІР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰНДЫЗША (1391 ж.) ЖӘНЕ ТЕРЕК ТҮБІНДЕГІ (1395 ж.) ШАЙҚАСТАР ТАРИХЫ Қазақстанда әкімшілік-аумақтық жүйені өзгертуге қатысты Ресей империясының заңнамасы Ресей Коммунистік (большевиктік) партиясының Орталық Комитеті қарамағындағы Дінмен күрес жөніндегі комиссиясы және мұсылман мәселесі ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ДЕМОКРАТИЯ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ» КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ МҰРАТЫ 930.1:94.02/08]574 Тәуелсіздік кезеңіндегі отандық тарихнамадағы қазақ-хиуа қатынастары ӘОЖ 2(574) Қ-64 МҰСЫЛМАН БЮРОСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ 1919 ЖЫЛҒЫ КӨКТЕМ-ЖАЗ АЙЛАРЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 930.001.83 СӘЛІМГЕРЕЙ ТЕВКЕЛЕВ: ШЫҚҚАН ТЕГІ ЖӘНЕ ДІНИ ҚАЙРАТКЕРЛІГІ ӘОЖ 323.31(574)(09) СЫЗДЫҚ СҰЛТАННЫҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ ӘOЖ 940.2 (574) OҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАНДА ҰЛТТЫҚ ҚOҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚҰРЫЛУЫ (ХХ ҒАСЫРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ШИРЕГI) ӘОЖ 94 (574). 02/.08 ЖОЛАМАН ТІЛЕНШІҰЛЫ БАСТАҒАН КӨТЕРІЛІС АЛДЫНДАҒЫ КІШІ ЖҮЗДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ЖАҒДАЙ ТЫЛОВОЙ ГЕРОИЗМ ЖЕНЩИН КАЗАХСТАНА В ГОДЫ ВЕЛИКОЙ ОТЕЧЕСТВЕННОЙ ВОЙНЫ: ПОВСЕДНЕВНОСТЬ И ЖЕНСКИЕ ИСТОРИИ ҒТАМР 03.20 РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЫҒЫС АЙМАҒЫ, АЛТАЙ ӨҢІРІН ОРЫС ШАРУАЛАРЫМЕН ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ (мақсаты, барысы, нәтижелері) ӘОЖ 473.94 / 94(5) МӘМЛҮК-ҚЫПШАҚ СҰЛТАНДЫҒЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӘЛЕМ ӨРКЕНИЕТІНЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ 03.20 МҰСТАФА ШОҚАЙ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ТАРИХТЫ ЗЕРТТЕУДІҢ МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ ҰСТАНЫМДАРЫ ҒТАХР 03.20 ҚАЗАҚ - ЖАПОН ТІЛДЕРІНІҢ ТАРИХИ ТАМЫРЛАСТЫҒЫ ӘОЖ 94 (574). 02/. 08 АҚ ОРДАНЫҢ САЯСИ ТАРИХЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ (XIII–XV ғғ. басы) ӘОЖ 316.32(574-25) ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ ҰЛТАРАЛЫҚ НЕКЕЛЕРІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДАМУ ТЕНДЕНЦИЯЛАРЫ

Автордың мақалалары

ҒТАМР 03.20 РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЫҒЫС АЙМАҒЫ, АЛТАЙ ӨҢІРІН ОРЫС ШАРУАЛАРЫМЕН ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ (мақсаты, барысы, нәтижелері)