Басты бет » Материалдар » УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕГІ РӨЛІ

ЖҮРСІНБАЕВ Б.А., Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, т.ғ.к.

УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕГІ РӨЛІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3(15) 2018

Тегтер: азық-түлік, комитеті, Қазақ-қырғыз, үкімет, Уақытша, сөздер:, Түйін, комитеті, «Шуро-и-Ислам», ұйымы, босқындар.
Аңдатпа:
Мақалада Уақытша үкіметтің билігі кезіндегі Түркістан өлкесінде құрылған ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу жолындағы қызметі мен рөлі жан-жақты қарастырылған. Әсіресе, ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың өлкеде қалыптасқан азық-түлік тапшылығын шешудегі белсенді әрекеттері, Жетісуда орын алған босқындардың орналастырудағы жан-қиярлық еңбектері талданады. Түйін сөздер: Уақытша үкімет, Қазақ-қырғыз комитеті, азық-түлік комитеті, «Шуро-и-Ислам» ұйымы, босқындар.
Мазмұны:

Уақытша үкімет патша өкіметінен елді ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайда қабылдап алды. Ақпан революциясына дейін-ақ елде азық-түлік тапшылығы сезіліп, қымбатшылық белең ала бастаған еді. Түркістан секілді шеткері аймақтарда соғыс шығынына деп жиналған түрлі алым-салымдар, 1916 жылғы көтеріліс барысында отырықшы және көшпелі шаруашылықтың күйзеліске ұшырауы жағдайды онан әрі ауырлата түскен болатын. Сондай-ақ бұл өлкеде Шығыс Түркістанға ауып кетіп, өзгерістен соң елге оралған Жетісу босқындарының да әлеуметтік жағдайы мүшкіл еді. Қалыптасқан осындай жағдайда өлкеге жоқшылық,  ашаршалық пен түрлі аурулардың таралу қаупі төнді. Осыған орай сол тұста «Бірлік туы» газеті былай деп жазған еді: «Бүгінгі өңшең жоқшылықтардың көбі сол соғыстан туып отыр. Бұлар соғыстың салдарынан пайда болған аурулар. Қандай ауру боса да, оның жазылу шарты – түп себебінің құруы. Әйтпесе, қанша емдеп, қақыртып, соқтырғанмен ол анық жазылмайды. Аурудың түп сабағын құртпай жазамын деген дәрігерлік емес, надандық» [1]. Түркістан өлкесіндегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарды осындай қиын әлеуметтік ахуал кезінде жергілікті халықтың мүддесін қорғаудан шет қалмады. Олар ең алдымен бар мал-мүлкінен айырылып, елге оралған Жетісу босқындарына көмек көрсетуді өздерінің басты борышы санады. Сол кездегі босқындардың саны жөнінде «Қазақ» газетінде мынандай мағлұмат берілген: «Мұхамеджан Тынышбайұлының жинаған мағлұматынша Қытай жеріне (Құлжа һәм Қашқар өлкелеріне) босқан қырғыз-қазақтың саны 164 мың адам екен. Сонан үстіміздегі июльдің біріне шейін қырылғаны 83 мың, жеріне қайтқаны 69 мың, Қытай жерінде қалғаны 12 мың адам екен. Біз бұрын қырғынға ұшыраған жалғыз қырғыз деп жүруші едік, Мұхамеджанның айтуынша, Жаркент уезіндегі албандардың (Ұлы жүз) босқыны қырғыздан кем емес екен» [2]. Қытай жеріне асқан босқындардың да жағдайы мәз емес еді. «Құлжа жаққа үркіп келген қазақтардың жай-күйі жаман; аштан қырылып жатыр, қатын-балаларын сатып жатыр, күн көргені жемтік. Азық беріп жәрдем жию тығыз керек. Мұсылмандар арасынан жиып болыса көріздер», – деген мазмұндағы хабарлар 1917 жылы «Қазақ» газеті редакциясына келіп түсіп жататын [3] Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитетіне жергілікті халықтардың атынан жіберілген шағымдардың мазмұнына қарағанда, Шығыс Түркістанға мал-мүлкімен барған қазақ-қырғыз босқындары онда да тоналып, елге қайтқанда құр алақан қайтқан. Мәселен, Верный уезіне қарасты Қызылбөрік болыстығының Қытай жеріне ауып кетіп, қайта орлған 500 түтін қазақтың қолында ешқандай мал болмаған [4, 10-11-п.].

Сол тұста бәрінен бұрын Шығыс Түркістаннан екі бағыт бойынша, Қашқар, Ақсу ауданы және Құлжа жақтан арып-ашып қайтқан босқындарды аңдыған қоныс аударушылардан нысанасына айналып, тағы қырылып кетпеуі үшін өзінің атажұртына, болмаса қауіпсіздеу жерлерге орналастырып, жай тауып беру ісі маңызды болатын. Сондықтан Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитеті сәуірдегі Жетісу облыстық қазақ-қырғыз съезінде жан-жақты талқыланып қабылданған босқындарды орналастыру туралы шешімін жүзеге асыруды қолға алды. Съездің шешімі бойынша Қашқар, Ақсу аудандары жақтан қайтқан босқындарды Пржевальск уезіндегі Ұлар, Семізбел, Тоң өңірлеріне, пішпек уезінің Қашқар, Сусамыр, Жұмғал аңғарларына, Нарын жақтағы Тоғызтарау, Құланақ, Андалы өңірлеріне, құлжадан қайтқандарды – Верный уезінің шығыс жағына және Жаркент уезінің Шонжа, Шөлтатыр аңғарларына, Бесқарағай, Қарқара, сондай-ақ Пржевальскідегі орыс шаруаларының көңіл-күйі дұрыстау жерлерге орналастыру қарастырылған болатын. Соған орай Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитетінің төрағасы И. Жайнақов Түркістан комитетіне съездің осы шешімін жолдап, босқындарды аталған жерлерге орналастыруға рұқсат сұрады. Бұл рұқсат Түркістан комитетінің мүшесі М. Тынышбаевтың араласуымен оң шешімін тапты [5, 303-304-б.].

Босқын қазақ-қырғызға жәрдем көрсету мақсатында Ташкент қаласындағы «Шуро-и-Ислам», «Тұран», «Шуро-и-улема» және «Еңбекші мұсылмандардың одағы» ұйымдары тарапынан халық арасынан жылу жинау жұмыстары қолға алынды. Бұл іске «Бірлік туы» газеті редакциясы да тартылды. 1917 жылыдң 14 наурызынан бастап бұл ұйымдардың атсалысуымен Ташкент қаласында «Аштарға жәрдем комитеті» құрылды. Осы комитет жиналған қаражатқа қалаға босып келген қазақтар мен қырғыздар үшін деп бір асқана ашылды. Бұл асқанада күніне 250-ден астам аштыққа ұшыраған қазақ-қырғыз босқындары тамақтандырылып тұрды [6]. Жетісу облысындағы «Милли-шуро» ұйымы да босқын қазақ-қырғызға көмек көрсетудің бел ортасынан көріне білді. Бұл істе «Милли-шуро» ұйымының Тоқмақтағы өкілі Ахун Манкуй белсенділік танытты. Бұл жөнінде «Бірлік туы» газеті бетінде Пішпек уездік Қырғыз-қазақ комитетінің Тоқмаққа жіберген Қалдыбай Ғидалдин деген өкілі былай деп жазған еді: «Өткенде уезной Қырғыз-қазақ комитетінің жұмсауымен аш қазақ-қырғыздардың хәлін біліп қайту үшін Тоқмақ қаласына бардым. Аштықтан қырылғандардың есебі жоқ. 2-3 күндей көмілмей қалатындар да болады екен. Ақырында сасып, шіріп бара жатқан соң орыс болсын, қазақ болсын бәрін жинап бір шұқырға тыға тастайтын көрінеді. Бұндай оқиғаларды көріп «Шура-и-Ислам» жамиғаты қаладағы сарт, ноғай һәм басқаларды шақырып, бір шара қарастыру амалына кіріскенде біреулер жәрдем берген, біреулер өлмесе-тұрмасын деп кетушілер де болды. .Әуелі бұл Тоқмақ қаласында қазақтан 10 мың сом алып, бір асхана ашып едік, бір жетіге жетпей бітіп қалып осы күні пішкек уезіндегі 45 болыс қазақ-қырғыз арасындағы 800 үй шамалы дүнгендер екі айдан бері қарай 1700-дей аштарды асырап келе жатқан көрінеді. Бұлардың Ахун Манкуй баласы дегені бас болып азақ-түлік жинап беріп, үстеріне күрке жасауға 20 мың бау қамыс беріп, оны тасып әкеліп беруге, отындарын әзірлеуге 7 ат арбамен жігіттер жалдап қойыпты. Бір уыс дүнгендер мұндай іс істеп жатқанда 45 болыс қазақ-қырғыздың істеп жатқан көзге көрінерлік істері жоқ» [7]. Түркістан өлкесінде Жетісу өңіріндегі қазақ-қырғыз босқындарына көмек ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар атқарылып жатқан кезде елде азық-түлік тапшылығы орын алып, оның соңы ашаршылыққа ұласты. Бұл жөнінде «Бірлік туы» газетінде: «Сырдариядағы азық-түлік комитетінің төбе ағасы августың 12-нде Мәскеудегі мемлекет кеңесінің төбе ағасы атына мынандай телеграм жіберді: «Сырдария облысына астық алып келу тоқтап қалды. Арнап жіберіліп отырған айға 300 вагон астық мұндағы халықтың жүз бөлігінің отыз бөлігіне ғана жетеді. Осы күні халық қабының түбін сілкіп жеп отыр. Халыққа жетерлік азық табуға мықтап кірісу керек. Облысқа жіберілетін азықтың айға бір миллион 200 мың  пұтқа шейін көбейтілсе екен. Осындай өтініш министрге һәм Түркістан аймағының азық-түлік управасына да жіберілген» [8], – делініп көрсетілді. Уақытша үкімет елдегі азық-түлік мәселесімен айналысатын арнайы мекеме азық-түлік комитеттерін құруды 1917 жылдың наурыз айынан бастап қолға алған болатын. Бұл комитеттерге қоғамдық-саяси ұйымдардан да өкілдер енгізілетін. Ол өкілдер азық-түліктің халық арасында дұрыс бөлінуін қадағалауды жүзеге асыратын. Осы мақсатта өлкедегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар азық-түлік комитеттеріне өкілдерін жібере отырып, жергілікті халықтың өз үлесін алуына бас-көз болуға тырысты. Мәселен, Үржарда ашылған азық-түлік комитетіне ондағы С. Аманжолов жетекшілік ететін Мұсылман комитеті өзінің бес өкілін енгізді. Сөйтіп, азық-түлік комитетінің басшылығының қоныс аударушыларға артықшылықтар жасауына жол бермеуді қолға алды [9, 82-84-п.]. Ташкент қаласындағы «Еңбекші мұсылмандардың одағы» ұйымы да өз өкілдерін өлкелік азық-түлік комитетіне енгізді. Бұл ұйымның атынан азық-түлік комитетіне енген өкілдер өздерінің бағдарламасына сәйкес барлық азық-түлік қоймаларындағы тауарлардың бірден тізімге алу бағытында әрекет жасады. Сонымен бірге ташкентте ғана емес, өлкенің өзге қалаларындағы мұсылман еңбекшілерінің тауарлармен қамтамасыз етілуін қадағалауды өзінің міндеті санады [10, 5-п.].

Азық-түлік комитеттеріне еніп алған кейбір пысықайлар онсыз да тапшы тауарды үстеме бағамен сатып, содан мол пайда таьу көзіне айналдырған еді. Мәселен, Шымкенттегі азық-түлік комитетінде осындай жағдайға кең жол берілген еді. Бұл жайлы «Бірлік туы» газетінде «Шымкенттен» деген тақырыппен жарық көрген мақалада былай делініп көрсетілді: «Ел арасындағы азық-түлік комитеттерінде арамдық көп. Комитетке сайланған елдің атқамінер мырзалары ұят, иманнан безіп жатыр. Бұлардың аштан қырылайын деп отырған жұрт хақында қайғылары жоқ. Бар ойлары – қара бастары. Осындай арамдығы тақырыпты Қоңырат ішінде бабалары датқа болған Мейірбек деген азаматтың бір баласы төрт жолдасымен бірге абақтыға жабылды. Бұрынғы заман болса, мұндай сасықтар бықсып жата бере еді. Енді, жақсы-жаманды ашып тұрған жаңа заманға тәңір жарылқасын» [11]. Азық-түлік комитетіне еніп алған мұндай алып-сатарларды әшкерелеуде Шымкенттегі «Шуро-и-Ислам», «Тұран» ұйымдарының өкілдері әшкерелеуде белсенділік танытты. Бұл ұйымдар Шымкент қаласының мұсылман тұрғындары атынан азық-түлік комитетіне жаңадан өкілдер енгізіп, тауарлардың әділ бөлінуін өз қадағалауына алды [11]. Өлкенің кейбір өңірлерінде құрылған азық-түлік комитеттерінің басшылары қатарында бұрынғыдай ұлыдержавалық пиғылынан арыла қоймағандар да болды. Ондай басшылары өңірдегі азық-түлік комитетіндегі тауарларды бөлуде қоныс аударушылардың пайдасын көздейтін. Мұндай жағдай Әулиеата уезінде орын алған еді. Соған орай уездік Қазақ-қырғыз кеңесінің төрағасы  Ә. Кенесарин уездегі болыстықардан өкілдер шақырып, азық-түлік комитетіне байланысты мәселе қарастырды. Осы жиналыста қабылданған шешімнің астарын «Бірлік туы» газетінде жарияланған «Әулиеатдан» деген мақаланың мынандай мазмұнынан да аңғаруға болады: «Азық-түлік туралы қазақ-қырғыздың азық-түлік комитеті уездік азық-түлік комитетінен бөлініп, өз алдына болсын деп қаулы қылынды. Осы уақытқа дейін уездік азық-түлік комитеті дала қазақ-қырғызына тиісті ақысын жеткізіп тұрғандай бір пайдасын тигізбеген еді. Азық берсе аз беруші еді. Оны да елге жеткізбей шаһардегі қуларымыз ала салып саудагерге сатып жіберіп қара басы пайдаланып жүруші еді. Комитет азық бөлгенде туралық дегенді тіпті ұмыт қылып жүр еді, азықты адам санына қарап бөлместен көбін шаһарға алып қалып һәм орыс поселкелеріне беріп, саны олардан неше есе көп келетін қазақ-қырғызға артылған сарқытын ғана беріп келген. .Ақмола облысынан біздің Әулиеата арналып жиырма мың пұт азық келмекші екен. Соның сегіз мың пұтын орыс поселктеріне, төрт мың пұты шаһарға, қалған сегіз мың пұты қазақ-қырғызға берілетін болып ұйғарылған. Уездің қазақ-қырғызы екіжүз мыңнан асады, орыстары жиырма мыңнан көп емес. Қазақ-қырғыздың оннан бірінен де аз келетін  орыстардың мұнша алып отырғаны, қазақ-қырғызға жан басына бір қадақ ширек беріп, орыс басына оналты қадақ  отырғаны заманның бостандық, теңдік деген жақсылықтарын іске асырып, тіршілікке кіргізгелі іс басында отырған жұрт адамдарының әділдігінің асқынғаны. Осы қиянатты көз көріп құлағы естіп отырған жұрт өкілдері қазақ-қырғыз өз алдына бөлек азық-түлік комитетін ашып, өз адамдары жан санына қарай бөліп беріп тұрсын деп қаулы қылып, облыстық азық-түлік комитетінен өтінбекші боды» [12]. Түркістан өлкесі мұсылмандарының қыркүйек айында «Шуро-и-Ислам» ұйымының ұйымдастыруымен өткен екінші съезінде де азық-түлік мәселесі арнайы қаралып, азық-түлік комитеттерінің жергілікті халықты қажетті тауарлардан қағып отырғаны айыпталып, олардың мұндай әрекеті ұларалық араздықты тудырады деп айыпталған болатын. Сондай-ақ азық-түлік мәселесіне байланысты мынандай мазмұндағы қаулы қабылдаған еді: «Түркістан мұсылмандарының екінші жалпы жиналысы уақытша үкіметтен түркістан аймағына кешіктірілместен нан-астық жеткізудің қамына кірісуді өтінеді. Аймақ халқы күнде нағыз  ашаршылық алдында; мұның аяғы насырға шауып кету қатері зор. Соңғы жылы бұрынғы мақта егетін жердің жартысына астық егіліп еді. Сонда да құрғақшылық болған себепті халық өзіне жетерлік астық ала алмады. Енді келер егін уақытына шейін  халықтың өте ашығып қалар түрі бар. Ең болмаса, халықтың осы аштықтан аман қалғанын құтқару үшін Түркістан мұсылмандарының екінші жиылысы мақта екпей барлық жерге астық шашуға халықты әзірлемек. Егер ашаршылықтан құтқаруға басқа шаралар табылатыны ақталса, бұл қаулыны бұзып, бұрынғыдай мақта егуге елді даярлау жалғасады. Азық-түліктің көбін шаһар халықтары өздері ғана пайдаланып, былайғы сырттағы халықтарды құр-алақан қалдырып жүр. Шаһарлердегі еуропалық халықтар азық-түлікте мұсылмандарға үлкендік қылуда. Бұл мұсылман халықтардың арасындағы орыстарға сенімсіздік көзбен қарап, олардың аралары бұзылуға сылтау болатын нәрсе. Жергілікті мұсылмандармен сүйіспеншілікте тұру орыстардың өздеріне пайдалы. Қайткенмен бұл жөнсіздікті құрту керек» [13]. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар азық-түлік комитетінің тұрғындарды алаламай, бәріне бірдей қызмет етуін қадағалап отырды. Мұндай әділдік сақталмаған жағдайда Әулиеатадағы Қазақ-қырғыз кеңесі секілді жергілікті халықтардың өзіне арнап азық-түлік комитетін құруға да әрекеттенді. Ә. Кенесарин жетекшілік ететін Әулиеата уездік Қазақ-қырғыз кеңесі мұндай өз алдына бөлек комитет ашуды көздегенімен оны жүзеге асыра алмады. Өйткені, сол кезде Әулиеата уезінде азық-түлік тапшылығымен қатар құрғақшылық белең алып, мал шығыны орын алып жатқан еді. Мұндай жағдай уездегі жергілікті халықтың өз алдына бөлек азық-түлік комитетін құруына мүмкіндік бермеді. Осы тұстағы Әулиеата уезінің қиын ахуалы  «Бірлік туы» газетінде былайша көрсетілген еді: «Сырдария облыстық Қазақ-қырғыз кеңесіне Әулиеата уезінен мынандай мағлұмат алынды: Мерке һәм Шу учаскелерінде су болмағандықтан бүкіл егін, шөп қурап кетті. Әлден-ақ топ-топ мал өліп жатыр. Жол жоқтықтан онда астық, шөп тасып апару мүмкін емес. Халыққа үлкен ашаршылық келейін деп тұрғандай жайы бар. Міне, осы хабарды білген соң облыстық қазақ-қырғыз кеңесі мынандай қаулы қылды. Жетісу темір жолын кешіктірмей Әулиеатаға шейін жеткізу үшін өте шұғыл қам қылу керек һәм осы туралы Түркістан комитетінен өтіну керек;  темір жолды Әулиеатаға шейін жылдам жеткіздіруге қолынан келген амалын қылсын деп» [14]. Түркістан өлкесінде қуаңшылықтың салдарынан мал азығы болар шөптің қурап кетуі салдарынан ендігі жерде  Қазалы, Перовск, Шымкент, Әулиеата уездеріндегі азық-түлік комитеттері халықты пішенмен қамтамасыз етуді де өз мойнына алған болатын. Перовск уездік ұлттық комитеті жергілікті халық арасына қолда бар пішенді сыртқа шығармау жөнінде үндеу таратып, азық-түлік комитеттері арқылы өзге өңірлерден пішен тасмалдау жөніндегі шараларды қарастыра бастады. Мұндай шаралар өзге жерлердегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар тарапынан да қолға алынған еді [15]. Бірақ мұндай әрекеттер көп жағдайда нәтижелі бола қоймады.  Осыған байланысты «Бірлік туы» газеті: «Әнеу күнгі аймаққа қараған қазақ-қырғыз жиылысында һәр елдің пішен-шөбі өзінен артылмайтын болса, шетке шығарылмасын деп қаулы болып еді. Бұл заманның ауырлығын, алдағы қыста жұрттан жоқ барлығын ескеріп қылынған қаулы еді. Һәр елдің өзіне керек нәрсені, өзінен артылатын болса, қолынан шығып кеткенде өзі мұқтаждыққа түсіп қалатын болмаса шетке шығармаққа еркі бар. Оның қолынан тартып алуға ешкімнің құқы жоқ. Бүкіл жұрттың пайдасына, ашықпасына көз-құлақ болып тұратын әр елдің өзінің комитеттері, ұйымдары. Біздің Ақмешіт уезі, Жүлек учаскесінде сырттағы тоғыз болыс елдің үшеінде-ақ пішен, шөп бар. .Осы күні обласной азық-түлік комитеті Әулиеата, Шымкент, Ташкент уездерінің азық-түлік комитеттеріне сендерге пішен керек пе, керек болса, пішен тауып берейік деп хабар айтып жатыр екен. Мұның тауып берейін деп отырғаны қай пішен? Түркістанда отын әзірлеуші уәкіл Бурлатовтың біздің Перовск уезінен даярлаған 7 миллион пұт пішені бар еді, сірә сол болса керек. Бурлатов ол пішенді отарбаға сексеуіл таситын крекештердің түйелеріне деп арнап жиған жоқ па еді? Енді мұнысы қалай? Мұндайды тексеретін комитеттеріміз, ұйымдарымыз емес пе? Қолымыздағы пішеннен айырылып, өзіміз тарығып қалсақ, ұяты, обалы кімге болады?» [16]. Құрғақшылық салдарынан Әулиеата уезіндегі малдардың шығынға ұшырап жатуына қарамастан азық-түлік комитеті жергілікті халыққа тауар беруде шектеуді жалғастыра берді. Жергілікті халықтың мүддесін қорғау мақсатында Ә. Кенесарин  жетекшілік еткен Әулиеата уездік Қазақ-қырғыз кеңесі Түркістан комитетіне және облыстық азық-түлік комитетіне мынандай мазмұндағы жеделхаттар жолдады: «Нанның кемтарлығы себепті тәртіпсіздік шығар деп біз бұрыннан-ақ ескертіп едік. Шаһардегі орыс халқы жан басына жарты қадақтан нан алып тұрады. Жергілікті халықтар (мұсылмандар) тіпті құралақан отыр. Шаһар халқын, шаһар управасын қолға алып, мұсылмандарға тиесілі нанды бергізуді сұраймыз» [17]. Әулиеата уездік Қазақ-қырғыз кеңесінің мұндай талап-тілектерін қанағаттандыруға  Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті қауқарсыздық танытты. Соның салдарынан уезде ашаршылық орын ала бастады. Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитеті азық-түлік комитетімен тығыз байланыс орнатып, онымен өзара түсіністікте жұмыс істеуге қол жеткізді. Облыстағы азық-түлік комитеті мен Қазақ-қырғыз комитеті бірлесе облыс халқын азық-түлікпен қамтамасыз етудің тиімді жолы астығы мол өңірлерге өкілдер жіберу  деп тапты. Соған орай Ақмола, Семей облыстарына құрамына ұлттық ұйымдардың өкілдері енгізілген топ жіберіліп, олар сол жақтан облысқа қажетті астық сатып алулары тиіс болды [18, 280-п.]. Бұл кезде Үржардағы Мұсылман комитеті азық-түлік комитетімен бірлесе отырып, көршілес Семей облысына өз өкілдерін жіберу арқылы өңір тұрғындарына қажетті астық қорын қамтамасыз етуге қол жеткізген де еді [9, 90-п.]. Түркістан өлкесіндегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар осылайша, Уақытша үкімет жағдайында Түркістан өлкесіндегі халық ағарту ісі саласын ұлттық мүддеге сай бұру бағытында қызу жұмыстарын жүргізді. Олар жаңа саяси ахуал ұлттық негіздегі ммектептерді қалыптастыруға, соның негізінде жергілікті халықтың сауаттылық деңгейін көтеруге мүмкіндік береді деп түсінді. Жалпы қорыта айтқанда, Түркістан өлкесіндегі қоғамдық-саяси ұйымдар жергілікті халықтың отарлық кезеңде қордаланған әлеуметттік мәселелерін шешуге талпыныс танытты деуге негіз бар. Олардың бұл бағыттағы жұмысы ең алдымен Жетісу өңіріндегі қазақ-қырғыз босқындарына көмек ұйымдастыруынан, жергілікті халықтың мүддесін азық-түлік комитеттеріне өз өкілдерін енгізу арқылы қорғауға деген талпынысынан, жер мәселесінде ұлттық мүддені қорғауға деген әрекетінен және халық ағарту саласында ескі билік кезінде көзделген орыстандыру саясатынан арылу бағытында атқарған іс-шарларынан айқын көрінді.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘЛДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1 Ташкент, 1 октябрь. // Бірлік туы. – 1917. – 1 октябрь.

2 Ішкі хабарлар // Қазақ. – 1917. – 24 июль.

3 Қойгелдиев  М. Алаш қозғалысы. – Алматы: «Санат», 1995. – 368 б.

4 ҚРОММ. 13-қ., 1-т., 11-іс.

5 Махаева А.Ш. Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы. – Алматы: «Ценные бумаги», 2007. – 357 б.

6 Аш қазақтарға жәрдем комитетінен // Бірлік туы. – 1918. – 3 март.

7 Ғидалин Қ. Жетісу қырғыздары жайы // Бірлік туы. – 1918. – 22 март.

8 Түркістан аймағында ашаршылық // Бірлік туы. – 1917. – 29 август.

9 ҚРОММ. 9-қ., 1-т., 22-іс. 

10 РМӘСТМ. 71-қ., 34-т., 1601-іс.

11 Шымкенттен // Бірлк туы. – 1917. – 20 октябрь.

12 Әулиеатадан // Бірлік туы. – 1917. – 12 декабрь.

13 Түркістан мұсылмандарының екінші жиылысы // Бірлік туы. – 1917. 19 сентябрь.

14 Әулиеата уезі // Бірлік туы. – 1917. – 29 август.

15 Тағы бір хабар // Бірлік туы. – 1917. – 29 август.

16 Ақмешіт уезіндегі комитеттер // Бірлік туы. – 1917. – 29 август.

17 Ашаршылық // Бірлік туы. – 1917. – 11 октябрь.

18 ҚРОММ. 9-қ., 1-т., 86-іс.

ЖУРСИНБАЕВ Б.А., 

к.и.н., доцент кафедры Таразского государственного педагогического университета)

Тараз, Казахстан

РОЛЬ НАЦИОНАЛЬНЫХ ОБЩЕСТВЕННО-ПОЛИТИЧЕСКИХ ОРГАНИЗАЦИЙ В ТУРКЕСТАНЕ В РАЗРЕШЕНИИ  СОЦИАЛЬНЫХ ПРОБЛЕМ  ПРИ ВРЕМЕННОМ ПРАВИТЕЛЬСТВЕ   

Резюме

В статье  всесторонне рассматривается деятельность и роль  общественно - политических организаций  Туркестанского края созданных  при власти  Временного правительства в пути  разрешения  социальных проблем  местного населения. Особенно анализируется  активные действия национальных общественно-политических  организаций в разрешении  продовольственных проблем и размещения  беженцев в Семиречье.

Ключевые слова: Временное правительство, Казахско-киргизский комитет, продовольственный комитет, организация «Шуро-и-Ислам», беженцы.

ZHURSINBAYEV B.A.

Candidate of Historical Sciences, Associate Professor of the Taraz State Pedagogical University

Taraz, Kazakhstan

THE ROLE OF NATIONAL SOCIAL AND POLITICAL ORGANIZATIONS IN TURKESTAN INSOLVING  SOCIAL PROBLEMS UNDER THE PROVISIONAL GOVERNMENT

Summary

The article comprehensively examines the activities and role of the socio - political organizations of the Turkestan Krai, established by the Provisional Government in the process of solving the social problems of the local population. In particular, the active actions of national socio-political organizations in solving food problems and housing refugees in Semirechye are analyzed.

Keywords: Provisional Government, Kazakh-Kyrgyz Committee, Food. Committee, Shuro-i-Islam organization, refugees.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 594

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

СОҒЫС КЕЗІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚТЫ АЗЫҚ-ТҮЛІКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕГІ КАРТОЧКА ЖҮЙЕСІ (1941-1945) ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ УДК 328.184 (569.4):327(73) Израильдік лоббизмнің АҚШ-тың сыртқы саяси бағытын қалыптастырудағы ықпалы жөнінде УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕГІ РӨЛІ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДАҒЫ ОМБЫ УЕЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӘСІПШІЛІГІ ҒТАХР 03.81.37 ТАРИХ-И РАШИДИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МОҒОЛСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖЕР-СУ АТТАРЫ ДЖ. У. БУШ ТҰСЫНДАҒЫ АҚШ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘӨЖ 94 (574.51) ҰЗЫНAҒAШ ШAЙҚACЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН НӘТИЖЕСІ

Автордың мақалалары

УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕГІ РӨЛІ