Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 314.1 (574-25) ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӨНДІРІСТІК АХУАЛЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Г.А. Омарова, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, Алматы қ., Қазақстан

ӘОЖ 314.1 (574-25) ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӨНДІРІСТІК АХУАЛЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № №2(14)2018

Тегтер: Ұлы, санақ, халық, қаласы, Алматы, Қазақстан, соғысы, фабрика, Отан, зауыт.
Аңдатпа:
Мақалада Ұлы отан соғыс жылдарындағы Алматы қаласы халқының өсіп өнуі, 1939-1959 жж. болған екі санақ аралығындағы халықтардың динамикалық және ұлттық құрамындағы өзгерістерді, майданға жақын аудандардан өнеркәсіптердің Қазақстан территориясына және Алматы қаласына көшіріліп әкелінуі және Алматы қаласына орналастырылған кәсіпорындардың тізімдері қарастырылады.
Мазмұны:

Кеңес Одағының 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы өзінің көлемі жағынан, қиратуы, құрбандары мен салдарының орасандығы бойынша адамзат тарихында ешбір соғыс тең келмейтін Екінші дүниежүзілік соғыс (1939 ж. 1 қыркүйегі – 1945 ж. 2 қыркүйегі) болып табылады. Соғыс өрті Еуропаны, Азияны, Африканы – 22 млн. шаршы км. аса зор кеңістікті шарпыған. Оған 64 мемлекет, 1 млрд. 700 млн. адам, төрттен үш бөлігінен артық жер беті тұрғындары тартылған. 110 млн. адам қару асынды, яғни Бірінші дүниежүзілік соғысқа қарағанда 40 млн. адамға артып түсті. Аталған соғыстағы адам шығыны мен материалдық шығындардың есебіне жету өте қиын. Соғыста қаза болғандардың жалпы саны 50 млн.-ға жуық адам, яғни Бірінші дүниежүзілік соғыстан 5 есе көп, оның басым бөлігі Кеңес Одағының маңдайына жазылды – 26 млн.-нан астам адамынан айырылды. Бұл сан нақтылана келіп, 30 млн.-ға дейін жеткен [1]. 

Ұлы отан соғысы басталысымен, майданға жақын аудандардан өнеркәсіптерді аса қысқа мерзімде тылға көшіру басталды, соның көбі Қазақстан территориясына әкелінді. Қазақстанға майдан шебінен өнеркәсіп орындары екі кезеңмен көшірілді: 1941 жылдың қазан-қараша және 1942 жылдың шілде-тамыз айларында. Соғыс басталған уақыттан 1942 жылдың қазанына дейінгі аралықта барлығы 142 өнеркәсіп орналастырылды, 1943 жылдың қаңтарынан 110 зауыт пен фабрика қайтадан іске қосылды. Олар 28 наркоматтар мен басқармалар қарамағында болды [2]. Бірқатар кәсіпорындардың жабдықтары салынып жатқан өнеркәсіп кешендерін аяқтау үшін пайдаланылды. Мәселен Ақтөбе феррақорытпа зауытының құрылысына Запорожье феррақорытпа зауытының жабдықтарын алды. Алматыдағы автомобиль жөндеу зауытының аяқталмаған құрылысы Луганск ауыр машина жасау зауытының цехтары үшін база болды, республиканың оңтүстігіндегі тамақ өнеркәсібінің жаңа құрылыстары Украинаның 14 қант зауытының жабдықтарын алды. Көшірілген кәсіпорындар негізінде Қазақстанда станок жасау, оқ-дәрі өндіру және басқа да соғыс жағдайындағы қажет талаптарды қанағаттандыратын, соған мамандандырыла бастаған әртүрлі салалар пайда болды.

Эвакуацияланған зауыттар мен фабрикалар, негізінен, Қазақстанның бірнеше қалаларына орналастырылды, соның ішінде Алматы қаласына 34 зауыт, фабрика және жеке цехтардың жабдықтары әкелінді. Оларды төмендегі  1-кестеден көруге болады.

1-кесте. 01.01.1943 ж. Алматы қаласына орналастырылған кәсіпорындардың тізімі [3].

Кәсіпорындардың

атауы

Кандай ведомствадан

Кай жерден және қашан келді

Орналасқан жері

Орналасқан

уақыты

Ескертулер

Тігін-тоқыма фабрикасы

ҚазКСР ЖӨХК


Харьков

1941 ж.

Алматы

15.12.1941 ж.

Барлығы

Дзержинский ат.

тігін тоқыма фабрикасы

ҚазКСР ЖӨХК

Ивантеевка

(Москва облысы)

12.12.1941 ж.

Алматы

15.04.1942 ж.

Ішінара

№2 аяқ киім фабрикасы

ҚазКСР ЖӨХК

Харьков-Москва

23.10.1941 ж.

Алматы

Іске қосылмаған

Ішінара

Мақта иіру фабрикасы

ҚазКСР ЖӨХК

Ст. Реутовск

(Мәскеу облысы)

27.12.1941

Алматы

15.09.1942

Ішінара

«Освобожденный

труд» фабрикасы

 КСРО тоқыма өндірісі 

Москва

3.12.1941-

4.1.1942 ж.

Алматы

Іске қосылмаған

1943 жылдың ақпан айында 2 аппараты қосылған

№17 консерві зауыты

 ҚазКСР Ет және сүт өнімдері ХК

Урюпинск

28.08.1942 ж.

Алма-Ата

28.09.1942

Барлығы

Темекі фабрикасы

ҚазКСР Азық-түлікХК


Харьков

20.10.-1941 ж.-

15.03.1942 ж.

Алматы

Іске қосылмаған

Барлық жабдықтары қолдан құрастырылған

«Трудовой Оқтябрь» консерві заводы

ҚазКСР Азық-түлікХК

Симферополь

30.12.1941-

13.03.1942

Алматы

1.01.1942

Барлығы

Кондитерлік фабрика

 ҚазКСР Азық-түлікХК

Москва,

Харьков

20.12.1941-

15.03.1942

Алматы

1.01.1942

Ішінара

Механикалық жөндеу зауыты

КСРО ЖерХК


Евпатория

ІІІ-1942 ж.

Алматы

20.05.1942

Барлығы

Авиарембаза №405

Азаматтық әуе флоты Бас Басқармасы

(ГУГВФ)

Харьков

20.11.1941

Алма-Ата

1/1942

Барлығы

Колганов ат. Электр техникалық зауыты

ЖҚХК 

Харьков

10.1941 ж.

Алматы

01.01.1942 ж.

Барлығы

Машина жасау зауыты

МашжасауХК

Ворошиловоград

12.1941

Алматы

ІІ-1942

Ішінара

№3 механикалық зауыты

ҚазКСР

МашжасауХК


Карачарово с.

(Москва қ.)

4.02.1942

Алматы

Х-1941

Барлығы

Трансметтің мастерскойлары

ЖҚХК

Киев қ.

VҮІІ-1941 ж.

Алматы

Х-1941

Барлығы

Көшіп келген зауыттар мен фабрикаларды орналастыру ісі аса қиын жағдайда, қыстың суық аязды күндерінде жүргізілді, электр қуаты және өндіріс орындарына қолайлы үйлер жетіспейтін еді. Алматыға көшіріліп әкелінген зауыттардың бірі Ворошиловоград қаласындағы паровоз жасайтын зауыт болатын. Одақтық үкіметтің шешімі бойынша Алматыда салынып жатқан автомобиль жөндеу зауытының негізінде орналасуға тиіс болды.

Қаланың партия ұйымы көшіріліп әкелінген зауыттарды қалпына келтіру үшін машиналар мен станоктарды тиісті орынға жеткізуге коммунистер мен комсомолецтерді ұйымдастырды. Олар күндіз-түні көшіріліп келген зауыттың жұмысшыларымен, инженер-техник қызметкерлерімен бірдей еңбек етті. Зауыт ұжымының қажырлы еңбегі өз нәтижелерін бере бастады. 1942 жылы 20 қаңтардан қалаға көшіріліп әкелінген зауыттың 164 жабдығы тиісті орындарға тиянақты орналастырылып, 1942 жылдың наурыз айынан бастап зауыт өз өнімдерін майданға бере бастады [4, 27 -б.]. 

Соғыс самолеттері үшін агрегаттар шығаратын Москваның авиация жасау зауыты аса қысқа мерзімде қалпына келтірілді.

Жоғарғы кестеде көрсетілгендей қалаға бірқатар тоқыма, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің кәсіпорындары көшіріліп әкелінді. Бұл кәсіпорындар қаладағы өзі тектес кәсіпорындарға қосылып жұмыс істеді. Ал кейбіреуі бұрынғы күйінде орналасты, Реутовск мақта-мата тоқу фабрикасы (Москва облысы) өз алдына жұмыс істеді. Сол сияқты «Красная поляна», Дзержинский атындағы Ивантеевск фабрикалары,  «Освобожденный труд» (Москва қаласы) шұға фабрикасы, Харьковтың №3 тігін фабрикасы жұмыс істеді.

Мысалы, 1941 жылы Луганск қаласындағы паровоз шығаратын завод көшіріледі. Соның базасында Алматы ауыр машина жасау заводы ашылды (АЗТМ). Сөйтіп 1942 жылдың наурыз айынан бастап соғысқа қажетті  торпеда, мина және снарядтар шығара бастайды. Сонымен қатар Алматы фабрикаларында тігілген 25000 тонна жылы киімдер жіберілген. Соғыста атылған әрбір үшінші оқ Қазақстанда жасалды.

Алматы тек қана көшірілген зауыттар мен фабрикалардың қабылдаудың ғана емес, мәдени-ағарту мекемелер мен халықты қабылдаудың негізгі пунктінің біріне айналды. Сондай-ақ 25 ғылыми зерттеу институттары, жоғары және орта техникалық оқу орындары мен мәдени-ағарту мекемелері көшірілген-ді. Мәдени-ағарту мекемелерінің ішінде «Ленфильм» және «Мосфильм» орталық кино студиялары, Москваның моссовет атындағы драма театры, Киевтің мемлекеттік музыкалық комедия театры және Львовтің «Трембита» хор каппеласы болды [4, 30-31-бб.]. 

Соғыс аймақтарына жақын орналасқан Украина, Белоруссия және Ресей территориясынан орта және жоғарғы оқу орындары Қазақстанға  ауыстырылғандықтан, енді Қазақстан ірі оқу орындарының орталығына айналды. Соның ішінде Алматыға 12 жоғарғы оқу орны және 4 техникум, атақты Москва институттары: авиация, заң, сауда-кооператив, түсті металлургия және алтын, Бүкілодақтық мемлекеттік киноматография және т.б. институттары көшірілген еді.

Сонымен қатар соғыста жараланған солдаттарды емдеу үшін Алматы қаласында 11 әскери госпиталь ашылды, олар негізінен мектептерде, ЖОО және демалыс үйлерінде орналасты. Онда урология, көз және ортопедиялық бөлімшелері ашылып жұмыс жасады. Бұл жерде жараланған солдаттар емделіп, денсаулықтарын қалпына келтіріп алғаннан кейін солдаттардың 72% қайта соғыс алаңына кетіп жатты.

Сондай ақ, Қазақстан мен Алматы қаласына ірі өнеркәсіп ошақтарын, мәдени орталықтармен қатар халықтарды да көшіру жүзеге асырылған. ВКП(б) Орталық Комитеті мен Кеңес үкіметі соғыстың алғашқы күндерінен соғыс жүріп жатқан аудандардағы халықты ұйымдасқан түрде көшіріп алудың барлық шараларын қолданды. 1941 жылғы 27 маусымда  ВКП(б) Орталық Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі қоныс аударған халықтарды тасымалдауды ұйымдастыру, жол бойында адамдарды азық-түлікпен жабдықтау, оларды қоныстандыру және жұмысқа орналастыру жөнінде қаулы қабылдады. Республикалар мен облыстарда халықты қоныстандыру ісімен шұғылданатын басқармалар құрылды. Мұндай басқарма Қазақстанда 1941 жылғы шілде айында ұйымдастырылды. Қазақстанға көшірілген азаматтардың бірінші эшелоны 1941 жылдың шілде айында келді. Жалпы саны 2794 адам болды [5, 1-4-пп.].

Алматы қаласы соғыс болып жатқан аймақтардан эвакуацияланған халықтарға пана болды. Олардың ішінде режиссер, актер, суретші, жазушылар мен инженерлер бар еді. Айтар болсақ, Алматы қаласына ақын, драматург және атақты балалар жазушысы Самуил Маршак, жазушы Михаил Зощенко, балалар жазушысы, поэтесса Наталья Кончаловская, жазушы Сергей Михалков келді.

Енді мұрағат деректеріне сүйенер болсақ, Қазақстанның барлық облыстарына эвакуацияланған халықтар орналастырылды. Қазақстанға 1941 жылы 15 қарашаға дейінгі аралықта 97696 адам келген, 1942 жылдың 1 қаңтарына дейінгі уақытта 288796 адам келіп, барлығы 386492 адамды құраған. Бұлардың саны 1943 жылдың 1 қаңтарына дейін 484149 адамға өскен, яғни 1 жыл ішінде 97657 адамға көбейген. Соның ішінде Алматы қаласына 1941 жылдың 15 қарашасынан (3016 адам) - 1942 жылдың 1 қаңтарына дейінгі аралықта (849 адам), барлығы 3865 адам келген. 1942 жылдың ішінде қалаға 22439 адам эвакуацияланған, олардың саны 1943 жылдың 1 қаңтарында 26304 адамға өскен [5, 5-8-пп.].

Келген халықтың жастық-жыныстық құрамы мынадай болған: 1943 жылдың 1 қаңтарына дейін Алматы қаласына барлығы 26304 адам эвакуацияланған. Келгендер ішінде әйелдердің үлесі басымырақ, олардың саны 40,1 % (10560 адам) құрады, ерлер болса - 20% (5260 адам), 14-16 жас аралығындағы жасөспірім балалардың үлесі - 5,2% (1360 адам), 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі - 34,7% (9124 адам) болған [5, 9-п.].

Эвакуацияланған халықтың жұмысқа орналастырылуы мен еңбекке қабілеттілерінің саны 3818 адамға жетіп, 1942 жылдың 1 мамырына дейінгі аралықта жұмысқа сонша адам орналастырылды, яғни 100% жұмыспен қамтылды. Ал, 1942 жылдың 1 маусымынан еңбекке қабілеттілер саны өсіп 7100 адамның 3828 адамы жұмысқа алынды, яғни 53,9%. 1.01.1943 жылдың мәліметі бойынша 7100 адам еңбекке қабілетті деп табылып, оның 3228 адамы жұмыспен қамтамасыз етілді, яғни 45,5% [6, 43-п.].

Ұлы Отан соғысындағы адам шығыны өте көп болып, соғысқа тартылған 1,2 млн. адамның 650 мыңдайы отанына оралмады, соғыстың құрбаны болды. Олардың ішінде 350 мыңға жуығы қазақтар еді, соғыста туысқандарын жоғалтқандардың есебі болмады. Егер соғыс қарсаңында республикадағы қазақтар Қазақстан халқының 39% құраса, соғыс аяқталғаннан кейін Қазақстанда жергілікті ұлт өкілдері тым азайып кетті. Мұның барлығы қазақтардың өз жерінде азаюына әкеп соқтырды және өзінің тарихи отанында өмір сүріп отырған қазақтар жалпы халықтың аз бөлігін құрады.

Алматы қаласына эвакуацияланған халықтар негізінен соғыс жүріп жатқан аймақтардан келгендер еді. Мысалы: 1941 жылдың екінші жартысынан қалаға 24202 адам, 1942 жылы – 19652 адам келіп, барлығы 43854 адамды құрады. Олар негізінен Ленинград қаласынан 1941 жылы – 1309, 1942 жылы – 2217 адам, Калинин қаласынан сәйкесінше 221 және 125 адам, Москвадан сәйкесінше 9540 және 2552 адам, Смоленскіден сәйкесінше 239 және 115 адам, Туладан сәйкесінше 111 және 54 адам, Орловтан  сәйкесінше 182 және 63 адам, Курскіден сәйкесінше 390 және 95 адам, Ростовтан  сәйкесінше 532 және 1057 адам, Белоруссиядан  сәйкесінше 0 және 218 адам, Литва мен Латвиядан  сәйкесінше 1534 және 0 адам, Украинадан сәйкесінше 9368 және 3963 адам, Қырым мен Молдавиядан  сәйкесінше 776 және 0 адам, Орбсоналдан сәйкесінше 0 және 835 адам, Кабардино-Балкариядан сәйкесінше 0 және 182 адам, Дағыстаннан сәйкесінше 0 және 6870 адам, Сталинград қаласынан сәйкесінше 0 және 235 адам көшіріліп әкелінді [7, 30-45-пп.] .

Енді халықтың 1939-1946 жылдардағы өсу динамикасын салыстырып көрелік.

1-кесте. Алматы халқының өсу динамикасы (мың адам есебінен) [8]

жылдар

саны

1.01.1939 ж.

230,5

1.01.1940 ж.

231,4

1.01.1941 ж.

238,5

1.01.1942 ж.

247,3

1.01.1943 ж.

257,8

1.12.1943 ж.

260,4

1.01.1944 ж.

260,6

1.08.1944 ж.

245,3

1.01.1945 ж.

235,1

1.01.1946 ж.

239,2

Кестеден көріп отырғанымыздай, қала халқының саны жыл сайын өзгеріп отырды,  1941 жылдан бастап халықтың саны күрт көбейе бастаған. Ең көп өсім, 1942 жылдың 1 қаңтарынан 1944 жылдың 1 қаңтар аралығында халықтың өсу динамикасы жоғары болған. Бұл өзгерістердің себебі, Алматы қаласына өнеркәсіп орындарының негізгі ошақтарының көптеп орналастырылуы, сонымен қатар мамандар мен жұмысшылардың және олардың отбасыларының да бірге көшірілуі көп ықпал етті. Ал 1944 жылдың тамыз айынан бастап халық саны төмендей бастады. Бұған себеп соғыстың саябырсып, неміс басқыншыларының кері шегіне бастаған кезі еді. Осыған байланысты реэвакуация басталды да, халық санының кемуіне әкелді.  

Осы жылдардағы халық санының өсіп-кемуіне мобилизациялау да өзіндік әсерін тигізді. Алматы қаласында 1941 ж. 1 қаңтардағы халық саны 238500 болса, соның 1938-1941 жж. 22 маусымға дейін 3153 адамы мобилизацияланды, ал 1941 ж. 22 маусымынан 31 желтоқсанға дейін 18758, 1942 ж. – 6051, 1943 ж. – 21114, 1944 ж. – 5547, 1945 ж. – 4011 адам әр кезеңде мобилизация бойынша шақырылып, 1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың 31 желтоқсанына дейін – 75481, ал 1938 ж. 1 қаңтарынан 1946 жылдың 1 қаңтарына дейін 78634 адам соғысқа алынған. Осы соғысқа кеткендердің көпшілігі қайтып оралған жоқ. Шайқаста қаза тапқандар қала бойынша – 12994 адам, госпитальда жарақаттан, аурудан – 3419, тұтқында қаза болған – 379 адам, хабарсыз кеткендер – 15308 адам, барлық шығын – 32100 адам болған [9, 6-п.].

Алматы халқы негізінен көші-қон арқасында өсті. 1939-1959 жылдардағы екі санақ арасындағы механикалық өсуді қарастырар болсақ, онда кеткендерге қарағанда келгендер басым болып, көші-қон үдерісі оң сальдоны көрсетті. Мысалы: 1939 жылы 17,1 мың, 1940 жылы 19,8 мың, 1941 жылы 6,4 мың, 1942 жылы 10,5 мың адам болса, 1943 жылы  8,2 мыңға, 1944 жылы –17,1 мыңға кемісе, 1945 жылдан бастап қайта өсе бастады 7,8 мыңға, 1946 жылы 32,1 мың, 1947 жылы 7,0 мың, 1948 жыл мен 1949 жылдары халық саны кеми бастады: 1948 – 5,1 мың, 1949 жылы  – 1,4 мың, 1950 жылдан қайта өсе бастады 3,9 мыңға, 1951 жылы 2,1 мың, 1952 жылы 2,7 мың, 1953 жылы 4,4 мың, 1954 жылы 3,8 мың, 1955 жылы 3,9 мың, 1956 жылы 4,3 мың, 1957 жылы 17,2 мың, 1958 жылы 16,0 мың, 1959 жылы 18,8 мың адам қосылды. Сонда, 1939-1959 жылдар аралығында көші-қон көрсеткіші өсу үстінде болып, тек 1944 (-17,1 мың) және 1948 (-5,1 мың), 1949 жылдары  (-1,4 мың) -адамның қаладан кеткендігі көрінеді [10, 19-п.].

1939 жылғы санақ бойынша Алматыда барлығы 230503 (ерлер – 50,1%, әйелдер – 49,9%) адам тіркелген, ал 1959 жылғы санақта 456481 (ерлер – 45%, әйелдер – 55%) адамға өсіп, 20 жыл аралығында қала халқының саны 2 есеге көбейген. 1939 жылғы санақта Алматыдағы негізгі ірі этностардың арақатынасы төмендегідей болды: – 25599 мың (11,1%), орыстар – 166431 (72,2%), украиндар – 16674 мың (7,3 %), татарлар – 5999 мың (2,6 %), еврейлер – 2231 мың (1,0 %), ұйғырлар – 4328 мың (1,9 %), мордвалар – 1481 мың (0,7%), белорустар – 1447 мың (0,6 %), өзбектер 1322 (0,6%) және басқа ұлт өкілдері – 4991 мың (2,0%) адам болған [11].

Ал 1959 жылғы санақта, 20 жыл аралығында қала халқының ұлттық құрамы мынадай болып өзгерді: қазақтар – 39410 мың (8,6%), орыстар – 333480 мың (73,1%), украиндар – 22989 мың (5,0 %), татарлар – 12458 мың (2,7 %), еврейлер – 8425 мың (1,8 %), ұйғырлар – 7974 мың (1,7 %), корейлер – 2474 мың (0,5%), белорустар – 2611 мың (0,6 %) және басқа ұлт өкілдері – 26660 мың (5,8%) адам [12]. Екі санақ аралығында қазақтар 1,5 есе, орыстар 2 есе, украиндар 1,4 есе, татарлар 2 есе, еврейлер 3 есе, ұйғырлар 1,8 есе, белорустар 1,8 есе, басқа ұлт өкілдері 5,4 есе көбейген.

Қорыта келе айтарымыз, 1939-1959 жж. аралығындағы Алматы қаласындағы әлеуметтік-демографиялық дамуда үлкен өзгерістер болды. Халықтың механикалық жолмен дамуының артуы, майдан аймақтарынан  көшірілген өнеркәсіп пен оқу орындары және солармен қоса келген мамандардың қоныс аударуының ықпалынан болды. Бұл қала халқының саны мен оның ұлттық құрамының өзгеруіне алып келді. Сонымен қатар ірі өнеркәсіп орындарының дамуы жұмысшы табының сандық және сапалық құрылымының өзгеруіне әсер етті. Қала ірі саяси, экономикалық және мәдени орталық ретінде дамып, көркейе түсті.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1  Асылбеков М.Х. Ұлы Отан соғысы тарихына әділеттік керек // Қазақ әдебиеті. ­ - 2014. – №38 (3358).

2  Оразов К.Ю. Рабочий класс Казахстана в Великой Отечественной войне. – Алма-Ата: Наука, 1975.– 131 с. (25 с.)

https://tengrinews.kz/strange_news/jizn-v-tyilu-alma-ata-v-godyi-velikoy-otechestvennoy-voynyi-254827/

4  Едігенов Н.Е. Алматы Ұлы Отан соғысы жылдарында. – Алматы: Ғылым, –161 б.

5  ҚР ОММ. 1987-қ., 1-т., 17-іс, 1-9-пп.

6  Алматы қалалық мұрағаты. 107-қ., 8-т., 46-іс, 43-п.

7  ҚР ОММ. 698-қ., 14-т., 260-іс, 70-п.; 280-іс, 30-45-пп.

8  Төлекова М.К. Жетісу халқы (1897-1999 жылдар). – Алматы,  2002. –164 б.; ҚР ОММ. 698-қ., 14-т., 508-іс, 6-п.

9  Российский государственный архив экономики. Ф. 1562, оп. 336, д. 220, л.19;

10  Итоги Всесоюзной переписи 1959 года КазССР. – Москва: Госстатиздат, 1962. – 172 с.

References

1Asylbekov M.H. Uly Otan sogysy tarihyna adіlettіk kerek // Qazaq adebietі. - 2014. – №38 (3358).

2 Orazov K.Ju. Rabochij klass Kazahstana v Velikoj Otechestvennoj vojne. – Almaty: Nauka, 1975. - 131 s. (25 s.)

3 https://tengrinews.kz/strange_news/jizn-v-tyilu-alma-ata-v-godyi-velikoy-otechestvennoy-voynyi-254827/

4 Edіgenov N.E. Almaty Uly Otan sogysy zhyldarynda. – Almaty: Gylym. –161 b. 

5 QR OMM. 1987-q, 1-t., 17-іs, 1-9 pp.

6 Almaty kalalyk muragaty. 107-q, 8-t., 46-іs, 43 p.

7 QR OMM. 698-q, 14-t., 260-іs, 70-p.; 280-іs, 30-45 pp.

8 Tolekova M.K. Zhetіsu halky (1897-1999 zhyldar). – A.,  2002, –164 b.

9 QR OMM. 698-q, 14-t., 508-іs, 6-p.

10 Rossijskij gosudarstvennyj arhiv jekonomiki. F. 1562, op. 336, d. 220, L.19;

11 Itogi Vsesojuznoj perepisi 1959 goda KazSSR. – Moskva, Gosstatizdat, 1962. –172 s.

Г.А. Омарова

Институт истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова

г. Алматы, Казахстан

ИЗМЕНЕНИЯ ДЕМОГРАФИЧЕСКОМ И ПРОМЫШЛЕННОМ СОСТОЯНИИ ГОРОДА АЛМАТЫ В ПЕРИОД ВЕЛИКОЙ ОТЕЧЕСТВЕННОЙ ВОЙНЫ

Резюме

В статье рассматриваются вопросы динамики развития народов и национальные изменения, произошедшие в межпереписной период 1939-1959 гг. в городе Алматы по причине Великой Отечественной войны, а также эвакуация промышленных комплексов вблизи фронта на территорию Казахстана (в частности, в город Алматы). Автор статьи указывает месторасположение эвакуированных промышленных предприятий в городе Алматы. Также  указываются соответствующие списки.

Ключевые слова: Казахстан, город Алматы, население, перепись, Великая Отечественная война, фабрика, завод.

G.A. Omarova

Ch/Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology Almaty, Kazakhstan

CHANGES IN DEMOGRAPHIC AND INDUSTRIAL СONDITION OF ALMATY DURING THE GREAT PATRIOTIC WAR

Summary

The present article discusses the dynamics of peoples development and national changes which took place in the intercensal period of 1939-1959 years in Almaty city because of the Great Patriotic War. In addition the author examines the evacuation of industrial complexes from near the front to the territory of Kazakhstan (in particular to Almaty). The article indicates the location of evacuated industrial enterprises in Almaty. Besides, the corresponding lists are indicated.

Key words: Kazakhstan, Almaty city, population, census, Great Patriotic war, factory, plant.

y, plant.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 101

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Статья ВОВ - Гульнар 14 июнь -посл вар.doc 0.11 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

УДК 327 (574+4):339.92 Қазақстанның Еуропа мемлекеттерімен энергетика саласындағы ынтымақтастығы ӘОЖ К94(574). 0846 ЖЕҢІС ҮШІН КҮРЕСКЕН АЗАМАТҚА ТАҒЗЫМ ҚАЗАҚ ӘЛЕМІ ҺӘМ ТҮРКІ ДҮНИЕСІ: ОРТАҚ ТАРИХЫ МЕН ЗЕРТТЕУ МЕТОДОЛОГИЯСЫ ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТЫ КОРЕЙ ЕЛІНДЕ АЯҚТАҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ 94(574) ЕКІ САНАҚ (1926-1939) АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫ ҚАЗАҚТАР МЕН ЖАПОНДАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ЫРЫМ-ТИЫМ, РӘМІЗДЕР, СЕМИОТИКАЛЫҚ ТАЛДАУ ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЛАНДШАФТЫН ЗЕРТТЕУДІҢ КЕЙБІР МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ӘӨЖ 323.113(=512.122) ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ БЕС ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ӨТКІЗІЛУ ТАРИХЫ (1992-2017 жж.) ӘОЖ 314.1 (574-25) ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӨНДІРІСТІК АХУАЛЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Автордың мақалалары

ӘОЖ 314.1 (574-25) ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӨНДІРІСТІК АХУАЛЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР