Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 93/94 Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жасауылдар институты тарихы мен қызметі

Мұқтар Ә.Қ.1 тарих ғылымдарының докторы, профессор e-mail: muktar64@mail.ru Жумабаев А.Ж.2 тарих магистрі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемл

ӘОЖ 93/94 Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жасауылдар институты тарихы мен қызметі

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № №2(14)2018

Тегтер: саясаты, Ресей, жасауылдар, институт, әлеуметтік, хандығы, Қазақ, орда, Алтын, қағанаты, Түрік, Сырым, батыр, Арынғазы, хан, Кенесары, хан.
Аңдатпа:
Мақалада дәстүрлі қазақ қоғамындағы жасауылдар институтының тарихы мен олардың атқарған қызметі талданады. Жасауылдар институты түрік қағанаты заманынан бастап, Алтын Орда, кейінгі хандықтар дәуірінде жалғасын табады. Мұрағаттық құжаттар олардың Қазақ хандығында да болғанын дәлелдейді. Жасауылдар хан маңында қызмет жасап, арнайы тапсырмаларды орындаушы, салық жинаушы, кейде елшілер қатарында да көрінеді. ХІХ ғасырда олар Арынғазы, Кенесары хан билігі кезеңінде айрықша көзге түседі. Мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі аясындағы № АР 05134572 ғылыми жобасын орындауға арналған.
Мазмұны:

Қазақ қоғамының дәстүрлі басқару жүйесінде жасауылдар институты және оның қалыптасуы тарихы, жасауылдардың қызметі бүгінге дейін арнайы зерттелді деу қиын. Ол турасында терең ғылыми ізденіс болмағандықтан  Қазақстанда жарық көрген зерттеу мәселесіне қатысты іргелі еңбектер(Зиманов С.,2009; Касымбаев Ж.,2002;  Ерофеева И., 2007; Мұқтар Ә., 2001; Мұқтар Ә., Сыдықов Е., 2015) мен мақалалар (Мұқтар Ә., 2010; Есқалиев С.А., 2012; Меңлібаев Ғ.А.,2010; Исенов Ө.,2012) да толыққанды ақпарат бере алмайды.  2001 жылы жарияланған Ұлттық энциклопедия: «біріншіден, жасауыл – ортағасырлық  түркі мемлекеттеріндегі әскербасының қасындағы шабарманы. Ол жорық кезінде әскерді қару-жарақпен, азық-түлікпен, мініс аттарымен қамтамасыз ету, тексеру, бақылау істерімен шұғылданған. Қала қорғанының қақпасын мезгіл-мезгіл ашып-жабатын күзет әскерлерін де жасауыл деп те атаған, екіншіден, жасауыл – 1576 жылдан казак-орыс әскерлеріндегі әскери атақ, шен ретінде қолданылған есауыл сөзінің қазақша дыбысталуы. Бұл шен 1775 жылы обер-офицер, 1798-1800 жылдары атты әскер ротмистрі атағына теңгерілді. 1917 жылдан кейін шен ретінде жойылды» деген түсініктеме береді(«Қазақстан». Ұлттық энциклопедия., 2001: 600). Мұның өзі де жасауылдың атқарған қызметін қажетті деңгейде аша алмайды. Өйткені мұрағаттық деректер жоғарыдағы түсінікке елшілікті де, салық жинаушыны да қосады.Жасауылдар туралы мәліметтер халық әдебиетінде жеткілікті. Мәселен,Ыбырай Алтынсарин «Мұжық пен жасауыл» әңгімесінде жасауыл қызметінің өзіндік ерекшелігін суреттейді. Ол бойынша  тапқан асыл тасын патшаға сыйлағысы келген мұжықтың оған кіру әрекеті арқылы  жасауыл қызметінің қыр-сырын анықтаймыз. Әңгімеде: «Мұжық мені патшаға жолықтыр деп тілек етті. He жұмысың бар? - деді олар. Патшаға сый алып келемін,- деді мұжық.  Жасауыл айтты: Патша саған не сый берсе, жартысын маған бер, болмаса жолықтырмаймын.  Мұжық бұған разы болды. Мұнан соң, мұжықты патшаға алып келісті. Патша тасын алып, мұжыққа алда разы болсын айтып, мың теңге беріп еді, мұжық аяғына жығылып: Тақсыр, мың теңгені алмаймын арқама елу шыбық салдырыңыз,- деді.  Патша бір мағнасы бар шығар деп, жасауылына бұйырды – ақырын ғана мұның арқасына елу шыбық соқ деп. Жиырма бес шыбығын салып болғанда, мұжық айтты: Енді маған болар, қалғанын бәлен жасауылға салдырыңыз, алған сыйымның жартысын не де болса соған бермекші едім. Бұл жасауылды шақыртып, оған келістіріп жиырма бес шыбық ұрдырды. Сонан соң, бұл айласына разы болып, мұжыққа патша екі мың теңге бергізді делінсе (Алтынсарин Ы.), Нұрпейіс Байғанин «Нарқыз» атты шығармасында:

«Мәмбет жарлық салады,

Жасауылдар жарлығын

Дереу қабыл алады.

Жолаушы мен жортушы

Жүрер жолдың торабын

Жасауылдар бағады» деп жырлайды(Байғанин Н.,2014:237).Ауыз әдебиетіндегі құнды ақпараттар Кенесары хан кезіндегі «Жасауылдар қырғыны» оқиғасымен  жетіп отыр. Зерттеуші П.Бисенбаевтың анықтауынша  олар Ұлттық Ғылым академиясының кітапханасында сақталған Н.Ахметбеков, О.Шипин, Қ.Қараевтың туындыларында көрініс табады(Бисенбаев П.,2011).  Зерттеуші Торғай  өңірінде  туып, «Жасауыл қырғанды»  көзімен  көрген,  егжей-тегжейін  түгел  білетін  адамдармен  тілдескен  ақын Нұрхан Ахметбековтың «Жасауыл қырған» жырын зерделейді.Ол арқылы Кенесары хан жасауылдарының зекет салығын жинауға шыққанын анықтауға болады. Тарихи зерттеулер мен мұрағаттық деректер осы анықтамаларды толықтыра, әрі тарқата түседі. Яғни жасауылдардың қызметі билеушінің нақты тапсырмасына байланысты болғандай.

  Моңғол заманында «жасауыл – моңғол әскер тәртібін бақылаушы, соғыста түскен олжаны есепке алып, билеуші адам» дегенді білдірсе, Алтын Орда мемлекетін басқару жүйесінде салық жинауды  даруғалар, басқару міндетін, әрі жергілікті халыққа әскери бақылауды басқақтаржүзеге асырған. Олардың атқаратын қызметтері жасауылдарға өте ұқсас. Кейбір жергілікті жерлерде олар салық жинау хақысын алушылар ретінде де көрініп отырды. XV-XVII ғасырларда әскерді азық-түлікпен жабдықтау үшін шаруалар мен қала тұрғындарынан алынатын заттай алым «тағар» деп деп аталған. Бұл алымдардың мөлшері белгісіз. Ибн Рузбихан Исфаханидің мәліметтеріне қарағанда, тағар түрінде әскер үшін азық-түлік, астық түріндегі (азық) та, салт мінетін аттар мен күш көліктері үшін (жем) жиналған. Тағар жинаумен диуан шенеуіктері (диуанийан) мен жасауылдар (йасавулан) айналысқан(Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). 2010:87, 546-547).  Яғни ортағасырлық мемлекеттерде жасауыл,  «йасавулан» билеушінің тікелей тапсырмасын орындаушы, әрі мемлекетте салық жинаушы болғандай.  Белгілі тарихшы М. Әбусейітова өз зерттеуінде  Өзбек хандығында жасауылдардың қызметін: «Абд ал-Азиз ханның қабылдауы туралы (29 желтоқсан 1670 ж.) тізімде былай делінеді: «қақпа алдында оларды, Бористі, Малай-бек (топчи-баши) қарсы алды (ол барлық садақшылардың, жаяу әскер мен зеңбіректердің, жасауылдың бастығы екен) ол Борис пен серіктері патша сарайына аттарымен кірмей, жаяу кіруі керек, өйткені ешқандай елші патша сарайына атымен кірген емес деді. Абд-Азим патшаның алдында кітапшылар әрқайсысы бөлек, көп кісі ежелгі заң ілімінен әңгіме айтып отырды. Ал патшаның алдында оның қылышы, садағы, болат қалқаны, арт жағында асатаяғы мен қылыштарын ұстап 12 адам кезекпен ауысып тұрды. Бұлармен қатар патша алдында екі жүз не одан да көп посох ұстаған жасауылдар, олардың сыртында екі қатар түзіп екі жүздей жазып алушылар тұрды» деп тарқата түседі(Әбусейітова М. Қазақ хандарының дипломатиясы.:9). Міне, осы дәстүр Қазақ хандығында да қолдауға ие болған. 1736 жылы Қазақ хандығында болып  Аға хан Әбілқайырмен кездескен  Дж. Кэстль хан жасауылдарын көріп, оларды ханның  адъютанты деп те атап» хан сарайы алдында тұрған Қалыбек жасауылды: «Сөзі пруссиялықтардың ежелден келе жатқан өлшеміне лайық әскер тәртібіне сай қысқа болса, дене бітімі жағынан сол қайран заманның нағыз үлгісі еді; бүкіл тыртиған бойы сүйек пен тері; тартылған терісі аузын жабуға жетпей, тістері ырсиып тұратын, епті және шапшаң қимылды жасауыл»- деп сипаттайды(Джон Кэстль.,1996:32). Әбілқайыр хан жанында Хангелді жасауыл үлкен беделде болған.  Олармен қатарлас тарихи деректерге Ақкете Алыбай, Киікбай және Жәнібек батыр тапсырмасын орындаған Қайып, 1737 жылы Орта жүзден Башқортастанға жіберілген 40 жасауыл түседі.  Тарихи құжатта Сібір драгун полкінің полковнигі И.Арсеньев: «Биыл Ноғай жолындағы Бурзян болысы Бырсаев ауылына Сібір, Ноғай жолдарынан 300 старшындары, жүздіктері  жиналды. Олар ақылдаса келе Орта жүз ханы Сәмекеге 12 адам елшілерін жіберіп, өздерін қол астына алуын және бірлесе орыстарға қарсы соғысуын сұрады. Содан қазақ ханы 40 жасауылын жіберіп, өзге болыстарға хатын таратты» деп Сібір губерниялық кеңсесіне хабарлайды(Избасарова Г. Башкирские восстания XVIII века, РМКАА. 248 қ., 17 т.,1164 кітап, 309 п.). Солардың ішінен Алыбай жасауыл Кіші жүз ханы Нұралының ұйымдастыруымен  1749 жылы 3 тамызда өткен кеңесте  Әбілқайыр хан өлтірілгеннен кейінгі жағдайды талқылауға қатысады. Мұндай маңызды мәселелерге әлімұлынан шекті, төртқара, қарасақал, шөмекей кете, байұлынан – алаша, ысық, адай, жетірудан - тама, табын рулары, Орта жүзден 17 адам, соның ішінде Жәнібек тархан, Қожаназар  батырлар қатысады. Жиынды жазбаға түсірген тыңшы А.Яковлев жасаған тізімнен Ақкете руынан Алтай би, Алыбай жасауыл, Арал мырза, Жорас батыр, Тонқашы би, Түнжолы би, Ризап би, Таңқы би, Сарт мырзаны, тама руынан Есет тарханды, адай руынан белгілі Мырзатайды және т.б. кездестіреміз (РИССА. 122 қ., 122/1 т., 1749, 4 іс). А.Яковлев жиналған қазақтар қазақ-жоңғар қарым-қатынасын реттеп, олардың қолындағы тұтқындарды қайтаруды, ол үшін Қарабай сұлтан мен 2-3 атақты старшындарды елші ретінде жіберуді және Жоңғар қонтайшысынан Барақ сұлтанды қолға түсіруге көмектесуін өтінді деп толықтыра түседі.

  Ақкете Алыбай жасауыл Нұралы ханның 1749 жылы Орынборда өткен қазақ-орыс кездесуіне Кіші, Орта жүзден  қатысқан 72 адамның іщінде де байқалады. Алыбай белді тұлғалар  Жәнібек,Есет  тархандар, Шақшақ Бөкенбай, Жағалбайлы Серке, Ақкете Алтай батырлар, Бостыбай би,  Әжібай би баласы Әкім батыр, Ожырай кете Текелі батыр, кете Досқали батырлар қатарында аталады(РФ ОрОМА. 3 қ., 1 т., 22 іс). 1755 жылы қазақ-башқұрт қарым-қатынасы шиеленіскен кезеңде де жасауылдар ел тыныштығын қалпына келтіруге жұмыстанады. Мәселен, 1757 жылы 26 шілдеде Ақкете руынан Әжібай би ауылынан 14 башқұрт  Орынборға қайтарылды. Оны Ақкете Алыбай, Ертай, Шалдық (Жәдік болуы мүмкін - Ә.М.), Ожырай кете Арсыланбек т.б. ұйымдастырады. Кейін Орынборда жүргізілген тергеуде Ноғай жолы Үсерген болысының Мүталипов ауылының башқұрты Елдаш Абдрахманов берген жауабында  «Мен Кувате старшын бастауымен қазақ ордасында Ақкете руындағы Алыбайда тұрақтадым, кейін оның рұқсат етуімен Орынборға жіберілдім. Бүгінде оның қолында қызым қалды. Ал әйелім 1755 жылы елге келді» - деп хабарлайды (РИССА. 122 ., 122/1 т., 1757,  4 іс). Жалпы жасауылдар әрбір қазақтың руларында болған. 1748 жылы күзде Батыр сұлтан хан көтерілген кезеңде Шөмекей руының Бозғыл бөлімінен Жолай жасауыл белсенділік танытқан(Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках. 1961: 433) Яғни  Қазақ хандығы дәуірінде жасауылдар елдің қоғамдық-саяси қызметіне тығыз араласқан. Оны Қазақ хандығы тарихының маманы И.Ерофееваның зерттеулері де құптай түседі. О И.Ерофеева  жасауылдарды қазақ рулары әскерінің басшыларына қызмет ететін топ, ресми тапсырмалардың тікелей орындаушылаы  деп анықтай келе, олардың есімдері Орынбор шекаралық әкімшілігінің жоғары лауазымды тұлғаларының ресми құжаттарында және қазақ хандарының, сұлтандардың және батырлардың әртүрлі мәртебесі бар ресейлік шенеуніктерге жіберген хаттарының мәтіндерінде кездесетінін атап өтеді. Зерттеуші жасауылдардың негізгі міндеттері  әскерлерді жұмылдыру, олардың жауынгерлік дайындық жағдайы туралы ақпарат жинау, жауынгердің командирін тәртіпті сақшыларға тапсыру, шетелдіктердің адресаттарына хат-хабарларды жеткізіп беру және дала командирлеріне жазбаша хабарлама жіберу және т.б. болды деп нақтылайды(Роль номадов евразийских степей в развитии мирового военного искусства., 2010:323).Хан сеніміне ие болған олар елшіліктер қатарына да қосылған. Ол турасында тарихшы А.Сабырханов 1789 жылы Петербургке елшілікке жіберілген Егізғали сұлтанмен бірге аттанған жасауылды жаза отыра, «бұрын елшілік материалдарында кездеспеген «жасауыл» термині бұл жерде бірінші рет ұшырап отыр. Олардың әлеуметтік орнын анықтау қиын», - деген-ді(Сабырханов А.,1981). Біздіңше, олар елшілік құрамында өзара байланысты және қауіпсіздікті  қамтамасыз еткендей. Бұл мәселе Хиуа-орыс қарым-қатынасында да көрініс табады. 1739 жылы Елбарыс хан Иран шахының өзіне қауіп төндірген кезеңінде Санкт Петербургке Артық батыр бастаған елшілерін жіберген.  Құрамында 40 адам бар елшілік теңіз арқылы жүріп 15 қыркүйекте Астраханға, 1740 жылы 21 наурызда Москваға, 23 маусымда Ресей астанасына жеткен. Елшілік құрамында 25 ханның туыстары, 15 елшілік адамдары, соның ішінде көпес Аллаберді, Молда Нияз болған. Алдымен вице канцлер Остерманмен, 3 тамызда Анна Иоановна патшайыммен кездескен. Патшайым қабылдауына Артық батыр, Аллаберді және жасауыл жіберілген. Артық батыр қабылдау залында  жасауылдан хан хатын алып, оны оқып патшайымға табыстайды. Осы бір тарихи деректе: «В другой карете сидел купчина и ясаул, которой в руках держал ханской лист, зашитой в парчевом мешке» делінген(Веселовский Н., 1884: 68-81).  Яғни хан хаты жасауылдың қолында сақталған. Сонымен алғаш рет  жасауылдың жоғары елшілік құрамындағы қызметі анықталып отыр.

  ХҮІІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы жасауылдар түркімендер тарихында да кездеседі. Мәселен 1740 жылы 5 қыркүйекте Д.Гладышев: «түркімен халқында атақты старшындар – Бекінші аталық, Нияз Мұхаммет аталық, Азын-Mұхаммет батыр, Мұхаммет Ғали палуан, Ақ Мұхамметбай, Азына Халид, Мұхаммет жасауыл, Ұрды Қылыш жасауыл. Олар бірлесе 30 мың түркіменді басқарып, Хиуаға бағынады» деп көрсетеді(Ханыков Я.В.,1851). Құжат жасауылдардың түркімендер қоғамының алдыңғы қатарында болғанын растайды.  Жасауылдар қызметі Сырым бастаған азаттық қозғалысы кезеңінде де пайдаланылады. Ресей империясының 1785-1786 жылдары Кіші жүзде дәстүрлі басқару жүйесін жоюды қолға алған тұсында Сырым бастаған белді тұлғалар рулар арасындағы байланысты жасауылдар арқылы сақтауға күш салады. Ол сол бір тарихи жағдайда жүзеге асқан жаңалық болды.

   Жасауылдар институтына жаңа реформалар ХІХ ғасырда Қазақ хандығының белді тұлғалары Арынғазы мен Кенесары хан басшылығымен жасалды. Өйткені бұл кезеңде сыртқы ықпалмен Қазақ хандығының тұтастығы жойыла бастады. Бір жағынан Ресей, екінші жағынан Цин патшалығы Қазақ елінде жаппай өз хандарын бекітіп, ішкі талас-тартысты өршітті. Екі империя да дәстүлі басқару жүйесіне өзіндік билік жүйелерін енгізуге күш салады. 1816 жылы Кіші жүздің оңтүстігінде мойындалған хан сайланған Арынғазы бірден Кіші және Орта жүздер арасындағы ішкі бірлікті қалыптастыруға тырысады. Міне осы тұста ол ұсақ рулық бытыраңқылықты жою үшін әр ру басыларының билігін шектеп, жасауыл лауазымын енгізген. Хан олардың қызметіне жалақы төлеуді халық есебінен жүзеге асырады(Ахметова Ұ., 2004:68). Тарихшы Е.Бекмаханов атақты монографиясында Кенесары хан құрған мемлекеттік құрылымдағы жасауылдар қызметін толықтыра талдайды. Ғалым анықтауынша жасауылдар архив деректері  бойынша жергілікті жерлердегі билікті жүргізген  «Кенесары эмиссарлары» деп аталған. Кенесары әр руға өз жасауылдарын бекітеді. Олар алым-салық жинау барысын, жоғарғы үкімет шешімдерінің орындалуын бақылап, көшіп-қону аудандарын белгіледі, Кенесарыға қосылған рулардың көңіл күйін бақылады т.б. Жасауылдар ауыл-ауылға Кенесары ханның үндеулерін таратып, халықты көтеріліске шақырады(Бекмаханов Е., 1994.: 287).  Кенесары шайқастарда ерекше көзге түскен жігіттерді әлеуметтік жағдайына қарамастан көтермелеп, жасауылдыққа тағайындаған. Поручик Герннің мәліметіне қарағанда, Кенесары әскерінде «ерекше ерлігі үшін» бас сыйлық - үкімет қаруы берілген. Сыйлық беру мынадай ретпен жүргізілген - әдеттегі таяқ не құрықтан кейін найза, сонан соң селебе пышақ, одан кейін қайқы қылыш, одан әрі жасауыл атағы». Герн Кенесарының елшілерді қабылдауына  және осы бағытта өзіне 100 құрметті жасауылдан тұратын өкілдік жіберілгенін жазып алады.

  Е.Бекмаханов тарихтағы «Жасауыл қырған» оқиғасын архив деректерімен талдаған алғашқы ғалым. Ол 1936 жылы Торғай қаласынан Нұркинов жазып алған «Жасауыл қырған» дастанын саралады. Дастанда  Наурызбайдың 90 жасауылының 1844 жылы жаппастықтардан зекет жинау кезінде қырылып қалғаны келтіріледі. Жаппас руының ру басы зауряд-хорунжий Төлегеновтың зекет жинаушыларды бір түнде қалай қырып салғаны суреттеледі. Дастанда егжей-тегжейлі айтылатын фактілер жазба құжаттар арқылы расталған. Бұл арада ғалым Чкалов облысыны тарихи архивінен(бүгінгі Орынбор облысы мемлекеттік архиві-Ә.М.) тапқан билеуші сұлтан Ахмет Жантөриннің қысқаша хаты арқылы Наурызбайдың жасауылдарының қалай қаза болғанын және бұл оқиғаға жаппас руы тармақтарының қалай қарайтынын талдайды. Бұдан басқа, Омар Шипиннің «Жеті батырдың қысқаша  тарихында» да бұл оқиғаны көзі көргендердің сұраққа жауаптары келтірілген. Кенесары өз билігінде жасауылдарды кеңірек пайдаланған. Рулар арасындағы аса маңызды сот істерін, сондай-ақ өзінің кол астынан тыс жерлердегі рулардың бұларға талап қойған шағымдарын Кенесары тікелей өзі қарады немесе сол жерлерге арнайы жасауыл жіберіп қараттырды. Талап қойылған сот ісін қарауды негізінен үш топқа бөлуге болады: 1) Кенесарының қарауындағы рулардың барымта және адам өліміне байланысты қаралатын сот істері; 2) Кенесарыға бағынышты емес рулардың арыздары қаралатын сот істері, олар бұғ,ан жиі арызданатын; 3) Кенесарыға қарасты қазақтар мен патша бодандары арасындағы дауды шешетін сот ісі (Бекмаханов Е., 1994.:50-51, 286-289). Мұның барлығы Кенесары тұсындағы жасауылдар қызметінің айрықша күшейгенін айғақтайды. Біздіңше хан олар арқылы, ең сенімді жасауылдары арқылы өз тәртібін бекітті, дәстүрлі хандық басқаруды күшейтті, елді өз төңірегіне жинап бағындыра бастады.  Әрине мұндай жағдайда ол ең алдымен түркі дәуірінен келе жатқан жасауылдар қызметіне сенім қалыптасты.  Демек түркі дәуіріндегі «Елбасыларын алғаш таққа отырғызғанда жасауылдары мен мәртебелілері оны кигізге отырғызып, күн қозғалысы бағытымен тоғыз рет айналады»(Жолдасбаев С., 2010:1), Моғолстан мемлекетіндегі жиналыстар мен мерекелерде тәртіп пен рәсімдердің қадағалауын қамтамасыз ететін лауазымды адамдар – жасауылдар(Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)., 2010:196 ), Сібір хандығындағы ханның ұлыстарға жұмсайтыны жасауылдар(Сібір хандығы, 2018:1) деген тұжырымдар Қазақ хандығында да қатаң  сақталған.  Ол түркі дәуірінде бастау алып, Шыңғыс хан, одан кейінгі Алтын Орда заманында дами түсті, олар билеген аймаққа енгізілді. Дегенмен кейін құрылған хандықтар дәуірінде ол тікелей ел билеушілерінің ұстанымдарына сай ерекшеленіп отырған. Олардың бірі салық жинауда, екіншілері әскери-соғыс майданында, үшіншілері хан қарауылы мен жеке тапсырмаларын орындаушылықта, төртіншілері елшілікте көрініс табады.  Мұның барлығы жасауылдар тарихының кешенді зерттелу маңыздылығын дәлелдейді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  Алтынсарин Ы. Мұжық пен жасауыл /https:// kk.bookmate.com/reader/ofdAat57/  Пайд. уақыты 10:56; 12.05.2018

  Ахметова Ұ. Арынғазы хан (1786-1833) (жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы). – Ақтөбе: «А-Полиграфия» ЖШС,  2004. – 186 б.

  Әбусейітова М. Қазақ хандарының дипломатиясы // http://e-history.kz/media/upload/4232/2015/07/30/f4b91baff8e1c01be7903c998c723f5b.pdf/ Пайд. уақыты 23:26; 08.05.2018. 

  Байғанин Н. Шығармалары. – Алматы: «НұрлыPress.kz», 2014. - 288 б.

   Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында (Оқу құралы). – Алматы, «Санат», 1994. – 416 б.

  Бисенбаев П. «Жасауыл қырғыны» жырындағы тарихи тұлғалар бейнесі // Абай институтының хабаршысы. -2011.- № 2(8)

   Веселовский Н. Прием в России и отпуск среднеазиатских послов в XVII и XVIII вв. (история, 1884) // Журнал Министерства народного просвещения. - С.-Петербург. -1884. -14 июль. –С.68-81

  Вяткин М.П. Батыр Срым. –М.Л.: АН СССР, 1947. -392 с.

  Джон Кэстль 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапары туралы.- Алматы: Атамұра, 1996. -96 б.

  Жолдасбаев С. Түркі дәуірін терең де мазмұнды зерттеуге қосылған жаңалық // Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Түркология. -2010. -№ 1-2

  Зиманов С. Общественный строй казахов первой половины ХІХ века и Букеевское ханство / Салық Зиманов. –Алматы: Изд-во «Арыс», 2009. -400 с.

  Ескалиев, С. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлар институты және Алыбай Жасауыл туралы бірер сөз // Жоғары оқу орнындағы білім,ғылым және инновация: кешегісі,бүгіні және келешегі: М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетің 80 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми -тәжірибелік конференциясының материалдары.- Орал, 2012. - 88-93 б.

  Ерофеева  И. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик. Изд. 3-е исправленное и дополненное. –Алматы: Дайк-Пресс, 2007. -456 с.

  Избасарова Г. Башкирские восстания XVIII века. iie.kz/?page_id=341;РМКАА(Ресей мемлекетінің көне актілер архиві)248 қ., 17 т., 1164 кітап,  309 п.

  Исенов Ө. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жасауылдар институты // М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің хабаршысы. - 2012. - №1. - 48-54 б.

  Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках (сборник документов и материалов)Алма-Ата: АН Казахской ССР, 1961. -741 с.

  Касымбаев, Ж. Последний поход хана Кенесары и его гибель (декабрь1846-апрель1847гг.) [Текст] / Ж. Касымбаев. - Алматы : Ана тiлi, 2002. - 200 с.

  Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 2-том. – Алматы: «Атамұра», 2010. – 640 б.

  Меңлiбаев Ғ. «Жасауыл қырған» оқиғасы туралы тарихи шындық немесе Жаппас шежiресiнiң белгiсiз бiр бетi // Алаш. -2010. - № 2. -79-87 б.

   Мұқтар Ә. Жасауыл Алыбай (Алыбай Қосакозұлы туралы  айғақтар) //  Егемен  Қазақстан. - 2010.  -25 қыркүйек.

  Мұқтар Ә. Азаттық таңы жолында. Монография.-Алматы, Ғылым 2001. -257 б.

  Мұқтар Ә., Сыдықов Е. ХҮІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақ хандығы. Монография. -Алматы: «Мерекенің баспалар үйі» ЖШС, Mereke baspasy, 2015. -688 б.

  Ресей Федерациясы Орынбор облысының мемлекеттік архиві(РФ. ОрОМА). 3 қ. 1 т., 22 іс

  Ресей империясының Сыртқы Саясат архиві(РИССА) 122 қ.,  122/1 т., 1749, 4 іс

  РИССА. 122 қ.,  122/1 т., 1757,  4 іс 

  Роль номадов евразийских степей в развитии мирового военного искусства. Научные чтения памяти Н. Э. Масанова: Сб. мат-лов межд. науч. конф. - Алматы: «Издательство LЕМ», 2010. -400 с. + 28 с. вкл.

  Сабырханов А. Ұлы бетбұрыс. –Алматы: Мектеп, 1981. -294 б.

  Сібір хандығы /https://studopedia.ru/5_162676_v-eneolit.html/ Пайд. уақыты 23:26; 08.05.2018.

  Ханыков Я.В.  Поездка из Орска в Хиву и обратно, совершенная в 1740-1741 годах Гладышевым и Муравиным. С.-Петербург, Типография МВД. 1851

References

  Altynsarin Y. Muzhyk and zhasauyl / https: // kk.bookmate.com/reader/ofdAat57/ Used at 10:56; 12.05.2018

  Akhmetova U.  Aringazy Khan (1786-1833) (manual for university students). - Aktobe: "A-Poligraphy" LLP, 2004. - 186 pages.

Abuseitova M. Diplomacy of Kazakh khans // http://e-history.kz/media/upload/4232/2015/07/30/f4b91baff8e1c01be7903c998c723f5b.pdf/ Used at 23:26; 08.05.2018. 

  Works of Baiganin N. – Almaty: «NurlyPress.kz», 2014. - 288 p.

  Bekmahanov E. Kazakhstan in 20-40 years of the XIX century (Tutorial). – Almaty, «Sanat», 1994. – 416 p.

  Bisenbaev P. «The image of historic figures in the Zhazayil Massacre» // Bulletin of Abai Institute. -2011.- № 2(8)

  Veselovskii N. Reception in Russia and the holiday of the Central Asian ambassadors in the 17th and 18th centuries. (history, 1884) // Journal of the Ministry of Education. - St. Petersburg. -1884. -14 july –С.68-81

  Vyatkin M.P. Batyr Srym. -Mil .: Academy of Sciences of the USSR, 1947. -392 p.

  John Carstel Visit to the Little Junction Governor Abilkair in 1736. - Almaty: Atamura, 1996. -96 p.

  Zholdasbaev S. News added to deep and meaningful study of Turkic era // International Kazakh-Turkish University named after K.A.Yasawi Turkology. -2010. -№ 1-2

  Zimanov S. The social structure of the Kazakhs of the first half of the nineteenth century and Bukeyevskoye Khanate / Salyқ Zimanov. -Almaty: Publishing house "Arys", 2009. -400 p.

  Escaliyev, S. Traditional Kazakh Society of Heroes Institute and Alybai Zhasauyl // Knowledge, Science and Innovation in Higher Education: Past, Present, and Future: Materials of the International Scientific and Practical Conference dedicated to the 80th anniversary of West Kazakhstan State University named after Utemisov M.- Uralsk, 2012. - 88-93 p.

  Erofeeva I. Khan Abulkhair: Colonel, politician, politician. Search 3 is corrected and added. -Almaty: Dick Press, 2007. -456 p.

  Izbasarova G. Bashkir uprisings of the XVIII century. iie.kz/?page_id=341; archives of the oldest acts of the Russian state 248, 17 t., 1164 books, 309 p.

  Isenov O. Institute of Growth in the Traditional Kazakh Society //. Bulletin of West Kazakhstan State University named after Utemisov. - 2012. - №1. - 48-54 p.

  Kazakh-Russian relations in the 16th-18th centuries (collection of documents and materials) Alma-Ata: Academy of Sciences of the Kazakh SSR, 1961.-741 p.  Kasymbayev, Zh. The Last Campaign of Khan Kenesary and His Death (December 1846-April 1847). [Text] / J Kasymbaev. - Almaty: Mother tongue, 2002. - 200 h.

  History of Kazakhstan (from antiquity to the present). Five volumes. Volume 2 - Almaty: "Atamura", 2010. - 640 p.

  Mendybaev G. Historical reality about Zhasuyul korgun or unknown face of Zhappas trunk // Alash. -2010. - № 2. -79-87 с.

  Muktar A. Zhazayil Alybay (evidence of Alybay Kosakozuly) // Egemen Kazakhstan. - September 25, 2010.

  Muktar A. Freedom on the way to the dawn. Monograph.-Almaty, Science 2001.-257 p.

  Muktar A., Sydykov E. The Kazakh Khanate of the XIX-XIX centuries. Monograph. - Almaty: "Publishing house of Mereke", 2015. -688 pages.

  State Archive of the Orenburg region of the Russian Federation (Russian Federation Oroma). 3 st 1 item, 22 cases

   External Political Archive of the Russian Empire 122, clause 122/1, 1749, 4 cases

  External Political Archive of the Russian Empire 122, clause 122/1, 1757, 4 cases 

  The role of the nomads of the Eurasian steppes in the development of world military art. Scientific readings in memory of N.E.Masanov: Sat. materials of international. sci. Conf. - Almaty: LEM Publishing House, 2010. -400 p. + 28 s. incl. 

  Sabyrkhanov A. Great flick. -Almaty: School, 1981. - 294 pages.

  Siberian Khanate /https://studopedia.ru/5_162676_v-eneolit.html/ Used at 23:26; 08.05.2018.

  Khanykov Ya.V. A trip from Orsk to Khiva and back, accomplished in 1740-1741 by Gladyshev and Muravin. St. Petersburg, Printing house of the Ministry of Internal Affairs. 1851

Муктар А.К.1   д.и.н., профессор, руководитель Атырауского областного государственного архива

e-mail: muktar 64@mail.ru

Жумабаев А.Ж.2    Атырауский государственный университет им. Х.Досмухамедова, магистр

E-mail: tarix212@mail.ru

История и деятельность института жасаулства в традиционном казахском обществе

  В статье анализируется история и деятельность  института жасаулства в традиционной  казахской обществе. Исторические источники доказывают что институт жасаулства  берет начало от  Тюркского каганата и продолжало свое развитие в Золотой Орде, в ханствах образованных на их территории. По архивным документам в Казахском ханстве  жасаулы всегда находились в подчинении хана и участвовали в сборе налогов и посольствах.  ХІХ веке они были верными помощниками Арынгазы, Кенесары хана. Статья выполнена в рамках реализации проекта № АР 05134572 Министерства образования и науки Республики Казахстан.

Ключевые слова: Тюркский каганат, Золотая Орда, Казахское ханство,социальные институты, жасауыл,  политика России, батыр Сырым, хан Арынгазы, хан Кенесары.

 

Muktar A.K.1

Doctor of Historical Sciences, Professor e-mail: muktar64@mail.ru

Zhumabayev A. Zh.2

Master’sin History, Kh.Dosmukhamedov Atyrau State University

E-mail: tarix212@mail.ru

History and Activities of Zhasauyl  Institution in Traditional Kazakh Society

  The article analyzes the history and activitiesof the institution of zhasauyl in the traditional Kazakh society. Historical sources prove that the institution of zhasauyl has originated from the Türkic Kaganate and continued its development in the Golden Horde, in the khanates formed in their territory. According to archival documents, in the Kazakh Khanate zhasauyls were always subordinated to the khan and participated in the collection of taxes and embassies. In the nineteenth century, they were faithful assistants of Aryngazy, Kenessary Khan. The article was implemented within the framework of the project №AP 05134572 of the Ministry of Education and Science of the Republic of Kazakhstan.

  Keywords: Turkic kaganate, Golden Horde, Kazakh Khanate, social institutions, zhasauyl, Russian policy, batyr Syrym, Khan Aryngazy, Khan Kenessary.

   

   


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 1097

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Жасауылдар институты мақала .docx 0.04 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ТАРИХ-И АЛФИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ ЖАЙЫНДА Орта Азияда мекен еткен қоңырат тайпалары жайлы кейбір мәселелер ӘОЖ 94 (100) МИХАИЛ VIII ПАЛЕОЛОГ БИЛІГІ КЕЗЕҢІНДЕГІ (1261-1282) ВИЗАНТИЯНЫҢ АЛТЫН ОРДАМЕН САЯСИ БАЙЛАНЫСТАРЫ ӘОЖ 94 (5) ТОҚТАМЫС ПЕН ТЕМІР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰНДЫЗША (1391 ж.) ЖӘНЕ ТЕРЕК ТҮБІНДЕГІ (1395 ж.) ШАЙҚАСТАР ТАРИХЫ 1920-ШЫ ЖЫЛДАРЫ ТҮРКІСТАН АКСР-ІНДЕГІ БИЛІКТІ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) АК-ОРДА: ОТ УЛУСНОГО ОБЪЕДИНЕНИЯ К НЕЗАВИСИМОМУ ГОСУДАРСТВУ УДК 94 (=5121):502 АЛТЫН ОРДА ХАНЫ ТОҚТАМЫСТЫҢ МӘСКЕУГЕ ЖОРЫҒЫ УДК 94 (574) : 316. 34 Қазақстандықтардың Украинаны азат ету жолындағы күресі мен ерліктері 94(574)»14/16»:355 Қазақ халқының әскери өнеріндегі батырлар образы ӘОЖ 94(574) «15/16» XV ғ. соңы мен XVI ғ. басындағы Қазақ хандығы тарихының мәселелері ҚАЗАҚСТАНҒА АРНАЙЫ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ ӘОЖ 94 (5) "1242-1259" АЛТЫН ОРДАНЫҢ САЯСИ ТАРИХЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ (1242-1269 жж.) ҚХР-ДЫҢ СОЛТҮСТІК-БАТЫС ШЕКАРА ӨҢІРІНІҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ, ЭТНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ ТАЛДАУ УДК 902.2/904 БРАСЛЕТЫ С ЛЬВИНЫМИ ЛИЧИНАМИ: К ИСТОРИИ ОДНОГО УКРАШЕНИЯ ӘОЖ 930:94(574) «16/17» ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР ҚАТЫНАСЫ АЛЫС ШЕТЕЛ ЗЕРТТЕУШІЛЕРІНІҢ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ӘОЖ (87013761225) УДК 94(547).02/.08 1727-1732 жылдар аралығындағы қазақ-жоңғар соғыстары ОӘЖ 94(574:347.963(092)ҚАЗАҚСТАН ДЕРБЕС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ (мемлекет қайраткері С.Есқараевтың туғанына 120 жыл) ЛАТЫНДАСТЫРУ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТАРИХЫ ХХ ғасыр басындағы тарих және діни мазмұндағы қазақ кітаптары УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ КӨНЕ ТҮРКІ ТАЙПАЛАРЫ ТАРИХЫНДАҒЫ ҰЛЫ ӘМІРШІ БӨГҮ ҚАҒАНҒА ҚАТЫСТЫ АҢЫЗДАҒЫ ЕСКІ ДІНИ НАНЫМДАР ӘОЖ 93/94 Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жасауылдар институты тарихы мен қызметі ӘОЖ 930.001.83 «ҮЛФӘТ» ГАЗЕТІ – БІРІНШІ ОРЫС РЕВОЛЮЦИЯСЫ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ӨМІРІНІҢ ДЕРЕК КӨЗІ ӘОЖ 94(574)16/19 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУБЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ СТАТИСТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДАҒЫ КӨРІНІСІ ӘОЖ 929.52 АКАДЕМИК М.Қ.ҚОЗЫБАЕВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ АЗАТТЫҚ КҮРЕСІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ 4(574) ҚАЗАҚ ҚАЙРАТКЕРІ Н.НҰРМАҚОВТЫҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫНА ҚАТЫСТЫ САЯСИ ҰСТАНЫМЫ ӘОЖ 01:7.07(574) ҚАЗАҚ КИНОДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ КЕЗЕҢДЕРІ ӘӨЖ 93/94 392.34/34.096 ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰҚЫҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІНІҢ ТАРИХИ БАСТАУЛАРЫ ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ МЕН ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ҮДЕРІСТЕР ӘОЖ 94:81(47+57) ХХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ КЕҢЕС ҮКІМЕТІНІҢ ТІЛ САЯСАТЫ

Автордың мақалалары

ӘОЖ 93/94 Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жасауылдар институты тарихы мен қызметі