Басты бет » Материалдар » ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЛАНДШАФТЫН ЗЕРТТЕУДІҢ КЕЙБІР МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Жанысбекова Г., М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, т.ғ.к. Таштанов Ж., М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, магистр

ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЛАНДШАФТЫН ЗЕРТТЕУДІҢ КЕЙБІР МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № №2(14)2018

Тегтер: талдау, ғылым, әдіснама, әлеуметтік, антропология, қасиетті, қасиетті, Оңтүстік, Қазақстан, қасиетті, зерттеулер, жерлердің, рухани, құндылықтары, географиялық, белдеу, рухани, жаңару
Аңдатпа:
Ұсынылып отырылған мақаланың шешуі тиіс ғылыми мәселесі мен жаңашылдығы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласынан туындап отыр. Дамудың жаңа циклына еніп келе жатқан әлем елдерінің арасында алдыңғы қатардағы орынды иемдену үшін қазақстандық қоғамның санасын жаңғырту талап етіліп отыр. Бұл жаңғырту негізінен қазақ халқының тарихи тәжірибесіне, оның ұлттық дәстүрлеріне де арқа сүйеуі тиіс. Ұлттық түп-негізге, өз тарихына, ұлттық дәстүрлеріне негізделу АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Жапония, Ресей және осы тәріздес G-20 кіретін басқа да алдыңғы қатарлы елдердің барлығына тән. Аталған және аталмай қалған басқа дамыған елдердің барлығы да өз тарихы мен дәстүрлерін өте жоғары бағалайды: яғни, ұлттық, діни мейрамдары мен киелі табыну орындары көптеген жағдайларда жалпыұлттық деңгейге көтерілген. Яғни, қазақ ұлтының бірегейлігін оңынан қалыптастырудың құрамдас бөліктерін айқындау үшін Оңтүстік Қазақстанның киелі жерлеріне байланысты туындаған ауызша аңыз-әңгімелер мен рәсімдердің рухани құндылықтарын жаңашылдықпен пайдалана отырып, жастарға патриоттық тәрбие беру мен сонымен бір мерзімде «Киелі Қазақстан» брендін де өмірге жылжыту қажеттілігі бірегей зерттеу әдіснамасын да қажет етеді.
Мазмұны:

Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақстанның киелі орындарының мәдени-географиялық белдеуі» ұлттық бірегейліктің тірегі екендігіне ерекше назар аударады [1].

Яғни, дамудың жаңа циклына еніп келе жатқан әлем елдерінің арасында алдыңғы қатардағы орынды иемдену үшін қазақстандық қоғамның санасын жаңғырту талап етіліп отыр. Бұл жаңғырту негізінен қазақ халқының тарихи тәжірибесіне, оның ұлттық дәстүрлеріне де арқа сүйеуі тиіс. Ұлттық түп-негізге, өз тарихына, ұлттық дәстүрлеріне негізделу АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Жапония, Ресей және осы тәріздес G-20 кіретін басқа да алдыңғы қатарлы елдердің барлығына тән. Аталған және аталмай қалған басқа дамыған елдердің барлығы да өз тарихы мен дәстүрлерін өте жоғары бағалайды: яғни, ұлттық, діни мейрамдары мен киелі табыну орындары көптеген жағдайларда жалпыұлттық деңгейге көтерілген.

Әдетте өтпелі кезеңдерде, аса күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайларда, тіпті кейде қоғам мен биліктің ықпал етуі нәтижесінде осыған дейін киелі саналып келген нысандардың шарапаттылығына сенім азаяды. Нақ осындай жағдай ХХ ғасырдың бас кезінде біздің халқымыздың зиялы қауымдарының барлығы дерлік, ал сонан соң тіпті ауқатты отбасылар мен дін иелері пролетариат диктатурасына бөтен тап ретінде  жойылған кезде Қазақстанда да орын алды. Атеистер қоғамы мұнымен де шектеліп қалып қойған жоқ: олардың келесі қадамы қалың халық табынатын жерлерді талқандау, жою болды. Ал, жалпы халықтың санасына күштеп енгізіліп жатқан, онда да тұрпайы түсіндірілген әлемді материалистік тұрғыдан тану біртіндеп сана мен мәдениеттің адам танығысыз өзгеріске түсуіне алып келді. Жаңа мәдени-иделогиялық түсініктерді қалыптастырған мемлекеттілігіміздің ұзаққа созылған кеңестік кезеңі жаңа адамның дінге, мистикаға, наным-сенімдерге деген қатынасының өзгеруіне алып келгендігін көпшілік зерттеушілер мойындайды. 1970-1980 жж. этнографтар елдің тіпті алыс қиырларында байырғы ұлттық сана-сезімнің тек қана азын-аулақ қалдықтары қалғандығын жиі-жиі жазып отырды. Қазақ ұлтының рухани тамыры үзілді.

Ал, адам болса әрқашан беймәлімді, тылсымды тануға құштар. Нақ осы қасиет идеологиялар алмасуы кезеңінде дәстүрлі діни көзқарастарға қайта оралуға немесе неодіни тәжірибелерге келуге, болмаса сиқырлы-мистикалық тәжірибені «жаңғыртуға», рухани ізденістер жасап, жаңаша киелілікті құру әоекетіне баруға ұмтылдырады. Ұлттық және ислам мәдениетіне қызығушылық пен мүдделіліктің қайта жаңғыру мәселесі тұтасынан алғанда кеңестік кезеңде жойылып кеткен немесе жойылудың алдында қалған киелі ландшафтты қайта жаңғырту немесе жаңадан жасауға алып келді.

Атеизмнің барлық ауыртпашылығын, «халыққа арналған апиынның» (дін) барлық түріне қуғындауларды посткеңестік республикалармен бірдей көрген Ресей Федерациясында соңғы онжылдықта ақиқатты және «киелілік» өрісін талдаудың жаңа әдістерін іздестіру басталып кетті. Қазіргі кезеңдегі зерттеушілердің қарастыратын сұрақтарына келер болсақ - дербес түсініктер мен терминдер базасы бар «киелілік» терминінің, киелілік тәжірибелерін іргелі мағынасын ашу, киелі географияны, биліктің киеліленуін әлеуметтік, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының қазіргі заманғы әдістерімен талдау – міне зерттеулердің толық емес тізімі осы.

«Киелілік» және «киелілендіру» ұғымдарын қарастыра отырып, олардың алғашқы, теологиялық мағынасы – қасиетті, әулие, құдай қараған деген діни ұғымдарына ғана мән беріп қоймауымыз керек. Биліктің киелендірілуі мәселесін зерттеуші Л.Г. Аврутина: «киелілік – бұл құпия, шапшаң бағынуды талап ететін тиым салынған, адамгершілік кемелділік қасиеті бар (немесе, керісінше, бұл жағдай қазіргі кезде адамгершілік жағынан мүлдем төмен билікті киелендіруге байланысты туындап отыруы да мүмкін) және тұрпайылыққа қарама-қарсы бірдеңе», - деп жазады [2]. Тұрпайылық – киелілікке қарама-қарсы ұғым, ол адам өмірінің әдеттегі, күнделікті, тұрмыстық өлшемін көрсетеді.

Киелілендіру және киелілік мәселесін тарихпен және қазіргі заманғы материалдармен байланыстыра отырып зерттеуді философиялық және дінтану еңбектері қазіргі заманғы дінтанудың классикасына айналған М.Элиаде жақсы жүргізді [3-8]. Негізінен ол тарихтың өн бойында діни санаға арқау болған және шынайы саяси процесстердің іс-барысы сүйенген тіректерді іздестіруге назар аударды. Ғалымдардың арасында қазіргі заманғы мән-мағынасындағы «киелі» және «тұрпайы» ұғымдарын М.Элиаде алғашқы болып енгізді. Сонымен қатар, ол  дәстүрлі өмір салты бұзылып, діннің қоғамдық санаға жасайтын ықпалының кеміген кездерінде де тұлғаның киеліні қабылдауға деген әр сәттік даярлығының бұзылмайтындығы, адамдардың жаңа, оның ішінде ұтымдылыққа негізделген қоғамда да киелі өріспен қарым-қатынасқа түсуге деген қажеттілігі мен мүдделілігінің өздері сезбесе де кемімейтіндігі туралы заңдылықты да негіздеп берді. Киеліліктің өзі болса ең алдымен тұрпайылықпен өзара байланыста және қарама-қарсылықта көрінеді. М.Элиаде «киелілік» және «діншілдік» деген ұғымдарды өзара айқын жіктеп берген: егер діни өріс киелілікке қажетті, негізгі бөлік ретінде тәуелді болса,  киеліліктің өзі діниге жатпауы да мүмкін, өйткені киелілік өрісі дінилік өрісінен әлдеқайда кең. Оның осы көзқарасын П.Труссон [9], А.Б.Гофман [10] да қолдайды. Осыған ұқсас көзқарас пен түсінік Қырымның киелі географиясын зерттеген Т.М. Фадеева [11] да айтқан.

Қазіргі заманғы ресейлік зерттеушілердің арасында бұл бағытты Л.А. Андреева да ұстанады [12]. Оның бірқатар монографиялары мен мақалаларында философиялық, тарихи-дінтанушылық және саяси кеңістіктіктегі киеліліктің сипатты белгілері мен ерекшеліктері, сондай-ақ биліктің киелілендірілуіне ықпал жасайтын нақты факторлар ерекшелендіріліп берілген. Орыс тілді зерттеулерде Қазақстанның киелі орындары туралы материалдарға негізінен өте-мөте аз орын берілген. Мысалы, 315 нысанды біріктірген «Сакральная география. Энциклопедия мест силы и святилищ» атты энциклопедялық жинақтың өзінде Қазақстанның киелі орындарының бірде-бірі енгізілмеген. Тіпті, тұтас ортаазиялық орындардан тек Тәжікстандағы Бобой-об тауы, Макшеват үңгірі және Қырғызстандағы Тахти-Сүлеймен тауы мен Чиль Үстін үңгірі ғана енгізілген [13]. Осы жерде «киелілік» туралы теорияның негізін қалаушы М.Элиаденің өзі де еңбектерінде «Солтүстік және Орталық Азияның халықтарының аспан құд0айлары» деген бөлімі болса да «Қазақстандағы киелілік» тақырыбын айналып өткендігін атап өту керек [7, 50-б.].

Бұл тақырыпты ғылыми тұрғыдан қарастыру мұнымен де шектелмейді. Е.А.Окладникованың «Сакральный ланшафт: теория и эмпирическое исследование» еңбегіне автордың киелі ландшафтты зерттеуге теориялық қатынас жасауды зерттеу, оның сапалық сипаттамасын және ресейлік Азияның киелі ландшафттарының кейбіреулоерін эмпирикалық зерттеулерді пайымдаулары енгізілген [16]. Сондай-ақ, автор иеротопия процессіне, яғни адам мекендеген жерлердің киеліліндірілуі мен оның жаһандану процесіне қарсылығы мәселесін де қарастырады. Өздерінің ғылыми зерттеулерінде ресейлік этнологтар Қазақстан мен Қырғызстан жер аумағына да өткен. Мысалы, И.В.Стасевичтің «Практика поклонения сакральным объектам и предметам в традиционной и современной культуре казахов и киргизов (в контексте изучения святых)»  [18]  атты мақаласында автор қазақтар мен қырғыздардың жекелеген рәсімдерінің жалпы сипатын қарастырмақ болған, дегенмен киелі нысандардың  саналуандылығы мен санының көптігі, модальдылығы және оның иерофанияларының амбиваленттілігі, манифестацияларының түрлері, киеліліндірілу және киесіздендірілу процесстері және т.с.с. оның назарынан тыс қалып кеткен, себебі оның бақылауларының қысқа мерзімділігі Оңтүстік, тіпті тұтас Қазақстанның тұрғындарының киелілікпен қарым-қатынас жасау тәжірибесінің терең мағынасын  толық ашуға мүмкіндік бере алмаған. Ресей Федерациясында «Киелілік» тақырыбын зерттеуді «дөңгелек үстел», «пікірталас» және, саналуан орталықтар мен порталдардың іздеу-зерттеу әрекеті түрлерінде де жүргізеді. Мысалы, бөлімдері бүкіл Ресейде кең тараған «Лев Гумилев орталығы» атты ақпараттық-талдаулық портал өз жиналыстарында «Киелі география» (19-шы жиналыс) деген тақырып бойынша пікір алмасып, «Тәжікстанның киелі картасын» жасады, «Армения - киелі география» атты лекториум, Элиста қаласында «Еуразияның киелі географиясы» халықаралық конференциясын, «Ақ Үнді» атты лекциялар курсын өткізді және 2010 ж. орталық директоры, этнолог П. Зарифуллинның авторлығымен дайындалған «Орыс киелі географиясы» атты монографияны жарыққа шығарды [14].

Аталған орталық «Киелі география» тақырыбымен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, ТМД елдерінің барлығымен байланыс орнатқан. Мысалы, Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне келіп танысқан соң ҚР Президенті Н.Назарбаевты орталықтың бірінші алтын медалімен (І дәрежелі) мараттамақ болып шешкен. Бұл оқиға 2016 жылы Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының елшілігінде болып өтті, Елбасыны марапаттаған медаль сол кездегі елші М.Тажинге берілді [15; Сурет №1-2] .

Қазіргі заманғы орыс этнологтарының зерттеулерінің теорялық тереңдігін мойындай отырып, дегенмен сырттан келген қандай ғалым болса да біздің киелі орындарымызды неғұрлым толық сипаттай алмайтындығын және «Мәңгілік Ел» деп аталған жерімізге жүрегімізді дірілдете  біржолата байлап тастаған, өзімізге күш беретін қасиеттімізге бас июдің барлық процессін талдай алмайтындығын айтуымызға тура келеді.

Жергілікті халықтың өмірінің киелілік жағы мен киелі орындарды пайымдап-түсінуді алғаш рет ортағасырлық «Рисоля» авторлары жасаған. Қазіргі кезеңде халықтың киелі және қасиетті орындардағы іс-әрекеті мен жүріс-тұрысын реттеп-бағыттау үшін саналуан «Зиярат әдебі» атты буклеттер мен брошюралар  баспадан шығарылып отырылады. Сонымен қатар, жергілікті тарихшылар мен өлкетанушылар киелі нысандарды, ландшафтты және осылармен байланысты киелі тұлғаларды сипаттауға ұмтылыс танытқан [19-22].

Сурет №1-2. – П. Зарифуллиннің марапатты М. Тажинге беру сәті және медальдің пішіні

2902da02514c04c715d003b169617ed1.png           e1ff5e4a1a3dcf8afecbf5777e60d044.png

 

«Бірегейлік» термині ең алғаш рет ғылыми айналыста ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында «ұлттық сана-сезім» ұғымының баламасы ретінде пайда болды. Дегенмен, бұл кезеңде терминнің мағынасын ешкім байыптап жатпады. Осыдан соң бірнеше жыл бойына бұл термин қолданысқа түспеген, тек 40-шы жылдардың басынан бастап қана ұлттық патриотизмге байланысты мәселелерді талдау-тұжырымдау кезінде ғана қайта айналып келді. Қызмет жасау мүмкіндігі мол және ағылшынтілді әдебиетте кең таралған термин ретінде «ұлттық бірегейлік» термині негізінен топтық (нәсілдік, діни, ұлттық) сананы белгілеу үшін ғана пайдаланылатын «ұлттық сана-сезім» терминін айналыстан ығыстырып шығарады [17].

Келесі ұғым - «киелілік» термині. Ол «киелілік» және «тұрпайылық» дихотомиясының арақатынасымен берілген. Киелілік модальдылығы киелілік манифестациясы ретінде қызмет атқаратын және ішкі ұғымдарының дербес классификациясы бар иерофониямен айқындалады,- деп көрсетеді дінтанушы ғалым М.Элиаде. Оңтүстік Қазақстанның киелі ландшафтын нақтылау  карта кеңістігінде шоғырландыру, сондай-ақ киелілік дәстүрлерінің барысына талдау жасау, «киеліліктің» тұрғындардың өмірі мен мәдениетінде алатын орнын нақтылау үшін, «қасиеттілік», «киелілік» тақырыптарын зерттеу үшін негізгі әдіс ретінде зерттеу әлемдік танымалдылыққа ие болған М.Элиаденің «киелілікті» зерттеу әдіснамасы алынуы қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер:

1 Назарбаев Н. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру // Егемен Қазақстан. - 2017. - 12 сәуір

2Аврутина Л. Г. Легитимация политической власти в России: история и современность. - Тула: Левша, 2002. - 236 с.

3 Элиаде М. Космос и история. - М., 1987. - 312 с.

4 Священное и мирское. - М.: МГУ, 1994. - 400 с.

5 Элиаде М. Мифы, сновидения, мистерии. - М.: REFL-book; - Киев: Ваклер, 1996. - 236 с.

6 Элиаде М. Миф о вечном возвращении. - СПб.: Алетейя, 1998. - 314 с.

7 Элиаде М. Избранные сочинения. Очерки сравнительного религиоведения. - М.: Ладомир, 1999. - 448 с.

8 Элиаде М. Аспекты мифа. - М.: Академический проект; Парадигма, 2005. - 370 с.

9 Труссон П. Сакральное и миф. – URL:http://nationalism.org/vvv/trusson-sacral-and-myth.htm.

10 Гофман А. Б. Религия в философско-социологической концепции Э. Дюркгейма // Социологические исследования, 1975. - С. 55-61.

11 Фадеева Т.М. Сакральная география Крыма. - М., 2011. - 224 с.

12 Андреева Л. А Религия и власть в России. Религиозные и квазирелигиозные доктрины как способ легитимизации политической власти в России. - М.: Ладомир, 2001.

13 Громов Д.В. Сакральная география. Энциклопедия мест силы и святилищ.  - Екатеринбург: Ультра. Культура, 2005. - 648 с. с илл.

14 Зарифуллин П. Русская сакральная география. - М.: Лимбус Пресс, Издательство К. Тублина, 2010. - 468 с.

14 Отчет Центра Л. Гумилева за 2013-2015 гг. 

15  Окладникова Е.А. Сакральный ландшафт: теория и эмпирическое исследование. - М.-Берлин: Директ-Медия, 2014. - 230 с.

16  Окладникова Е.А. Повседневные практики сакрализации обжитых пространств vs глобализация. Тр. Конференции «Таинственная Белорусь». - Минск, 2016.

17  Стасевич И.В. Практика поклонения сакральным объектам и предметам в традиционной и современной культуре казахов и киргизов (в контексте изучения святых) // Электронная библиотека Музея антропологии и этнографии им. Петра Великого (Кунсткамера) РАН– URL: http://www.kunstkamera.ru/lib/rubrikator/03/03_03/978-5-88431-206-7/

18 Қожа М. Святые места Южного Казахстана – Оңтүстік Қазақстанның әулие жерлері. - Шымкент: Алтын алқа, 2014. - 72 б.

19 Тарихы терең Түркістан. - Алматы: Білім, 2000. - 200 б.

20 Жабай Тоқсаба әулие. Ел аузынан жинап алып, жинақтап баспаға тапсырған Ораз Н. - Алматы: Нұрлы әлем, 1996. – 80 б.

21 Қазығұрт ата әулие. / Құрастырған Ергөбеков Қ. - Шымкент: Алтын босаға, 2016. - 64 б., 8 б. жапсырма.

22 Ергөбеков Қ. Ер Ақпан батыр. - Шымкент, 2014. -

360 б.



Жанысбекова Г., доцент Южно-Казахстанского государственного университета им. М.Ауезова, к.и.н.

Таштанов Ж., старший преподаватель Южно-Казахстанского государственного университета им. М.Ауезова, магистр

НЕКОТОРЫЕ МЕТОДОЛОГИЧЕСКИЕ ПРОБЛЕМЫ ИССЛЕДОВАНИЯ САКРАЛЬНОГО ЛАНДШАФТА КАЗАХСТАНА

Аннотация

 В настоящей работе сделана попытка обоснование методологии исследования темы «Сакральный ландшафт Казахстана»

Научная проблематика исходит из программной статьи Н. Назарбаева «Взгляд в будущее: модернизация общественного сознания», что и является его новизной, которая проступает через определение необходимых составляющих позитивной идентификации казахстанской нации с помощью инновационного использования духовных ценностей устных историй и практики сакральных мест Южного Казахстана в патриотическом воспитании молодого поколоения, с одновременным продвижением бренда «Қасиетті Қазақстан» ­- «Сакральный Казахстан». 

Для занятия места в передовой группе стран в мире вступающем на новый исторический цикл требуется модернизация казахстанского общества, которая должна базироваться на исторический опыт казахского народа, на его национальные традиции. Человек, как часть социальной структуры общества и/или государства  всегда испытывает потребность в прикосновении к неведомому. Именно это в первую очередь стимулировало в период смены идеологий не только возвращение к традиционным религиозным воззрениям или обращение к неорелигиозным практикам либо «возрождение» магико-мистических практик, но и духовные поиски, попытки создавать некую новую сакральность – все эти реалии повседневной истории Казахстана должны исследоваться на базе предлагаемой статьей методологии.

Ключевые слова: исследования, анализ, наука, методология, социальная антропология, сакральность, сакральный Казахстан, сакральный ландшафт, духовные ценности сакральных мест, географический пояс, духовная модернизация.



Zhanysbekova G., Associate Professor of the M. Auezov  South Kazakhstan State University, Candidate of HistorIcal Sciences

Tashtanov Zh., Senior Lecturer of the M. Auezov South Kazakhstan State University, Master of Arts

SOME METHODOLOGICAL PROBLEMS OF STUDYING THE SACRAL LANDSCAPE OF KAZAKHSTAN


Summary 

In the present work, an attempt is made to substantiate the methodology of research on the "Sacal Landscape of Kazakhstan".

The scientific issues are based on N.Nazarbayev's program "A Look into the Future: Modernization of Public Consciousness", which is the novelty of this paper, emerging through the identification of the necessary components of the positive identification of the Kazakh nation through the innovative use of spiritual values ​​of oral histories and practices of the sacred places of Southern Kazakhstan in patriotic education of the young generation, with the simultaneous promotion of the brand "Қасиетті Қазақстан" - "Sacral Kazakhstan".

To occupy a place in the advanced group of countries in the world entering a new historical cycle, modernization of the Kazakhstani society is required, which should be based on the historical experience of the Kazakh people, on its national traditions. Man, as part of the social structure of society and/or the state, always feels the need to touch the unknown. This is what first of all stimulated not only the return to traditional religious views or the appeal to non-religious practices, but also the "revival" of magic-mystical practices, but also spiritual searches, attempts to create some new sacredness - all these realities of Kazakhstan's everyday history should be investigated based on the proposed methodology.

Keywords: research, analysis, science, methodology, social anthropology, sacredness, sacral Kazakhstan, sacred landscape, spiritual values ​​of sacred places, geographical belt, spiritual modernization.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 810

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЛАНДШАФТЫН ЗЕРТТЕУДІҢ КЕЙБІР МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ.docx 0.48 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

УДК 327 (574+4):339.92 Қазақстанның Еуропа мемлекеттерімен энергетика саласындағы ынтымақтастығы ҚАЗАҚТЫҢ БАТА БЕРУ ДӘСТҮРІ – ІЗГІ ТІЛЕК ТІЛЕУДІҢ ӘДЕБІ РЕТІНДЕ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) 94(574) Бөрі батыр: аңыз және дерек (сыни талдау тәжірибесі) (5-012) ҚХР-ДЫҢ СОЛТҮСТІК-БАТЫС ШЕКАРА ӨҢІРІНІҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ, ЭТНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ ТАЛДАУ ЕРТІС ӨҢІРІНІҢ ҚАСИЕТТІ ГЕОГРАФИЯСЫНДАҒЫ ТҰЗДЫ КӨЛДЕР ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЛАНДШАФТЫН ЗЕРТТЕУДІҢ КЕЙБІР МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ӘОЖ 314.1 (574-25) ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӨНДІРІСТІК АХУАЛЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ӨЗБЕКСТАН – ОҢТҮСТІК КОРЕЯ: КЕЛІСІМДЕРДЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА. С. АСФЕНДИАРОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ҚЫТАЙ ДЕРЕКТЕРІ 902/904 Ф. Х. АРСЛАНОВА ЖӘНЕ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА ЕРТЕСАҚ МӘДЕНИ КЕШЕНІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ САРЫАРҚА ДАЛАСЫНЫҢ ШЫҒЫС АЙМАҒЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МҰРАЛАР* («BR05236868, Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу» атты жоба бойынша) «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ» ИНТЕРАКТИВТІ ҒЫЛЫМИ КАРТАСЫН АҚПАРАТТАНДЫРУ ЖОЛДАРЫ ОӘЖ 94(574): 20/30 373.016 ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ОҚУЛЫҚТАРЫНЫҢ АВТОРЛАРЫ АҚПАРАТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ТАСУШЫЛАРЫ РЕТІНДЕ: ТІЛ ТҰЛҒАЛАРЫН РЕТРОСПЕКТИВТІ ШОЛУ

Автордың мақалалары

ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЛАНДШАФТЫН ЗЕРТТЕУДІҢ КЕЙБІР МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ