Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 902 (574) ШІЛІКТІ ДАЛАСЫ ЕЖЕЛГІ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЖЕРЛЕУ ҒҰРПЫНДАҒЫ ЖЫЛҚЫНЫҢ ОРНЫ

Жуматаев Р.С., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының аға оқытушысы Шакенов С.Т., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының оқытушысы

ӘОЖ 902 (574) ШІЛІКТІ ДАЛАСЫ ЕЖЕЛГІ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЖЕРЛЕУ ҒҰРПЫНДАҒЫ ЖЫЛҚЫНЫҢ ОРНЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № №2(14)2018

Тегтер: археология, Шілікті, корым, корған, жылқымен, жерлеу.
Аңдатпа:
Ғылыми жұмыста авторлар еліміздің түкпір-түкпірінде кең тараған археологиялық ескерткіштердің ішіндегі ерте көшпелілер мәдениеттерінің жылқы немесе оның бөліктерін қосып жерлеу ғұрпы кездесетін қорымдардың таралуы мен ерекшеліктеріне қысқаша сипаттама жасап, Қазақстан ерте темір дәуірі археологиясында маңызды орын алатын Шығыс Қазақстанның Мәйемер, Берел және Құлажорға сынды кезеңдеріне тоқталған. Аталған географиялық аймақтың бірден-бір көзге алтындай жарқырап түсетін қорымдар кешенінің бірі, ол – Шілікті даласындағы б.з.д. І мыңжылдықтың басы мен б.з. І мыңжылдығының алғашқы ғасырларын қамтитын ерте темір дәуірі ескерткіштері болып табылады. Мақалада осы жоғарыда айтылған жылқымен жерлеу ғұрпының тағы бір мысалы болып табылатын Шілікті IV қорымындағы № 12 оба, Шілікті V қорымындағы № 7 обаларда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының барысы мен нәтижелері толықтай көрсетілген. Соның негізінде жазылған нақ ғылыми жұмыс, Шілікті даласындағы ерте темір дәуірінен бастап кездесетін жылқы қосып жерлеу дәстүрі тарихи-мәдени сабақтастығын үзбей этнографиялық дәуірге дейін жеткенін баяндайды.
Мазмұны:

65ec027b3bed68438e85da53e9398dd3.jpg

Сурет 1. №12 обаның қабір шұңқырындағы жылқы


545c2c19a8fe09bfcc42d9650c70a9a1.jpg

Сурет 2. Жылқымен және қосымша бұйымдармен жерленген адам қаңқасы 


40ad0047aae5b14e5ccb615c7c3e9669.jpg

Сурет 3. №7 оба. Жылқы және ақыреттік заттармен бірге жерленген адам. 


Б.з.д. ІІ мыңжылдықтың соңында Еуразияның далалық аймақтарында жаңа мәдени-шаруашылық тұрпатының толыққанды орнығуы орын алады, яғни дала өркениетінің негізі қаланады. Осынау ұлан-ғайыр атырапта бір жағынан алып қарағанда түрлі санаттары бойынша бір-біріне етене жақын, екінші жағынан өзіндік ерекшеліктері бар салт аттылар өркениеті құлаш жайып, адамзат тарихының даму сатысына белгілі бір үлестерін қосты. Бүгінгі қазақ даласы да аталған тарихи үдерістің бір аумағы ретінде шығыстан батысқа батыстан шығысқа ағылған халықтардың ат дүбірінің куәсі болды. Оның айқын дәлелі ретінде еліміздің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылып, сол заманнан ақпарат беріп тұрған түрлі археологиялық ескерткіштер тобын атауымызға болады. Жалпы алғанда, Қазақстанның ерте темір дәуірі археологиясында жерлеу ғұрпы мәліметтерін зерттеу мен түсіндіруде жеткілікті дәрежеде тәжірибе жинақталған. Ақыреттік заттарды зерделеу арқылы ежелгі көшпелілер заманындағы материалдық және рухани мәдениетінің ерекшеліктері жан-жақты қырлары бойынша анықталған. Жерлеу ескерткіштері ең алдымен ежелгі халықтардың мәдениетіндегі сакральді нысандар қатарына жатады. Кез-келген жерлеу кешені жалпылай алғанда әлемнің жаратылуы туралы, соның ішінде о дүние жайлы анықтама береді. Киелі нысандар қатарына жататын жерлеу құрылыстары үшін олардың орналасуы мен тізбектелуі, ішкі құрылыстары мен ақыреттік заттарының бір-бірімен байланыстылығы және белгілі бір рәсімдік жүйеге негізделуі тән болып келеді. Сол себепті де ежелгі көшпелілердің жерлеу ғұрпындағы жылқының орны мен рөліне қатысты мәселелерді шешу барысында жерлеу ескерткіштеріне талдау жасау маңызды қадам болып табылады.

Ерте темір дәуірінің жылқы немесе оның бөліктерін қосып жерлеу ғұрпы кездесетін қорымдар негізінен еліміздің шығысында, орталығында және оңтүстік-шығысында орналасқан. Зерттеу тақырыбымызды толыққанды ашу үшін және алдымызға қойған міндеттерге қол жеткізу үшін әр аймаққа жеке-жеке тоқталайық. Бұл ең алдымен әр аймақтың қарастырылып отырған кезеңде түрлі тарихи-мәдени қауымдастықтардың құрамында, соған сәйкес оларда әртүрлі діни-мифологиялық түсініктердің болуына қатысты. Сондықтан да әр аймақ бойынша сипаттаулар жасап алып, солардың негізінде ортақ тұжырым жасау біздің ойымызша пайдалы болып табылады.

Сонымен, осы аталған географиялық аймақтардың ішінде ежелгі көшпелілердің әдет-ғұрыптарындағы жылқының маңызын анықтауда Шығыс Қазақстандығы ескерткіштердің орны айрықша. Аймақтағы ерте темір дәуірі ескерткіштері шартты түрде Майемер, Берел және Құлажорға кезеңдері болып үшке жіктелген. Б.з.д І мыңжылдықтың басы мен б.з. І мыңжылдығының алғашқы ғасырларын қамтитын осы тарихи кезеңдегі ескерткіштерде жылқыға қатысты ғұрыптардың өзіндік ерекшеліктері сақталған. Олар жайлы біз өзіміздің бұрынғы еңбектерімізде талдау жасағамыз [1].

Осылардың ішінде біздің қызығушылығымызды тудыратыны жылқы қосып жерлеу дәстүрі сақталған құлажорға типіндегі ескерткіштер. Аталмыш типке жақын үш обаны 1961 жылы С.С. Черников Шілікті даласынан ашқан болатын (№ 11, 23, 30 обалар, 5-сурет). Жерлеу құрылыстары мен табылған заттарына қарап С.С. Черников бұл обаларды Құлажорға ескерткіштерімен байланыстырып, б.з. І ғ. мерзімдеді және Құлажорға кезеңі ескерткіштерінің таралуын осы аймаққа дейін кеңейту туралы пікір қалдырады [2]. Алайда бұл обалардың ешқайсысында жылқы қосып жерлеу дәстүрі кездеспейді. С.С. Черниковтың оларды б.з. І ғ. мерзімдеуі де содан, өйткені ат арнау дәстүрі бар обалар сәл ерте уақытқа жатады. Дәл осы аймақтан қарастырылып отырған типке жақын обалардың онға жуығы Ә.Т. Төлеубаев басшылық еткен экспедиция тарапынан зерттелді [3].  Нәтижесінде жылқы қосып жерлеу ғұрпы кездесетін екі оба ашылды.  

Осы айтылған екі обаға кеңірек тоқталсақ. Бұл екі обаның бірі Шілікті IV, ал екіншісі Шілікті V қорымындарына жатады.

№ 12 оба. Шілікті V қорымына кіретін оба Шілікті-Зайсан тас жолынан солтүстік-шығысқа қарай 100 м жерде, тау бөктерлерінің етегінде орналасқан. Обадағы қазба жұмыстары 2012 ж. жүргізілді [4]. Оба кішірек және орташа тастардың топырақпен араласуынан үйілген. Үйіндінің формасы домалақ. Обаның етегімен есептегендегі диаметрі 9 м, биіктігі 0,5 м. Үйіндінің үстінде ешқандай ойыстың белгілері байқалмады, тек орталық тұсында бірнеше ірі тастар анықталып тұрды.  Обаның үстіңгі қабаты ашылғаннан кейін, обаның орта тұсынан қабір шұңқырының іздерін анықтап тұрған тастар шоғыры ашылды. Қабір шұңқыры батыс-шығыс бағытында созылып, сәл ауытқушылықтар болды (ССШ-ООБ).

Осыдан кейін қабір шұңқырын толтырған тастардың бірінші қабаты алынып, одан арғы қабаттардың тастары ірілене түсіп көлемдері 50-60 см дейін жетті. Қабір шұңқырының солтүстік қабырғасының шығыс бұрышына таяу 85-90 см тереңдік деңгейінде жылқының жақ сүйегі мен қабырғалары кездесті. Тағы тереңдету жұмыстары жүргізіліп, 120 см жеткен тұста, солтүстік қабырға бойынан жылқы сүйектері ашылды. Анатомиялық қалпын сақтаған жылқы сол жақ бүйірімен жатқызылып, басы солтүстік-шығысқа қаратылған. Аяғының сүйектері мүлде сақталмаған, тонаушылардың әсерінен болса керек. Жылқының басына тастан төсеніш жасалған (1-сурет). 190 см жеткенде көне жер қабаты білінді. Осы тереңдікте қабір шұңқырының оңтүстік қабырғасынан тығыз орналастырылған тас жәшік ашылды. Тас жәшіктің ұзындығы 260см, ені 80 см, биіктігі 45-47 см. Тас жәшіктің өзі өте ірі сом тастардан құралған: солтүстік қабырғасына 4, оңтүстік қабырғасына – 6, батыс және шығыс бөлітеріне бір-бір тастан қойылған. Солтүстік және оңтүстік қабырғаларының тастары өте көлемді.

Тас жәшіктің орта тұсында, оңтүстік қабырғада адамның сол қолының сүйектері жатты. Сонымен бірге тас жәшіктің шығыс бөлігінің сыртында оңтүстік қабырғаға жабыстырыла қыш ыдыс қойылған. Көлемі келесідей: биіктігі – 22 см, түбінің диаметрі – 11 см, ернеуінің диаметрі – 10,5см, мойын тұсы – 9,5 см, орта тұсының диаметрі – 16 см, түбінен тұтқасына дейінгі аралық – 9,5 см. Ыдыстың түбі жайпақ, біраз шығыңқы бүйірі жайлап аса биік емес мойынға ұласып, сыртқа қайырылған ернеумен бітеді. Сыртқы түсі ашық сұр. Ернеуінен сәл төменде білік бар, соның үстіне бірнеше ойықтар жасалған. Тұтқаларының бірі сақталған, екіншісінің орны білініп тұр. Ізіне қарағанда бұл тұтқасы бұрынғы заманда сынғанға ұқсайды. Ыдыстың жанынан қойдың екі құйымшағы табылды.

Тас жәшіктің іші топырақпен, ұсақ тастардан тазартылған соң адамның қаңқасы толық ашылды. Қаңқаның жоғарғы жағы, сегізкөзге дейін толық сақталған. Төменгі жағы, яғни аяқ сүйектері болмады. Адамның бас сүйегі бөлек, шығысқа қаратылған. Осы жәйт мүрденің бастапқы қалпынан тонаушылар тарапынан қозғалғандығының анық көрінісі. Алғашқы қалпы бойынша адам шалқасынан, шығысқа қаратылып жатқызылған тәрізді. Адам сүйектері арасынан жылқының сүйегі кездесті, оның қалай түскендігі белгісіз (тонаушылардың әсері болар ?). Тас жәшіктің ішінен адамның екінші қолының маңынан бірнеше алтын заттар табылды. Олардың формалары келесідей: екеуі домалақ, енді біреуі тамшы тәрізді. Әрқайсысында екі тесіктен бар. Киімге ілу үшін арналған болуы керек.

№7 Оба. Шілікті V қорымында орналасқан [5].  Қазбаға дейін, оба беті жалпақ тас қабатпен жабылған қалпы кездесті. Обаның биіктігі 0,3 м, ауданы солтүстіктен оңтүстікке қарай 12 м 95 см, батыстан шығысқа қарай 11 м 20 см құрады. Обаның солтүстігінде шаршы пішіндес қосымша құрылыс байқалды. Қосымша құрылыстың ауданы батыстан шығысқа қарай 4 м50 см, солтүстіктен оңтүстікке қарай 2 м 70 см құрайды.

Обаның беткі топырақ жабындысын тазалаудан кейін, негізгі тас қабат құрылысы толық көрінді. Тас қабат өте тығыз етіп орналастырылған. Тас қабаты алынып, обаның орта тұсынан батыстан шығысқа қарай бағытталған жерлеу шұңқырының орны анықталды. Жерлеу шұңқырының іші ірі тастармен толтырылған. Тас үйінді жерлеу шұңқырын 1 м 80 см тереңдеткенде аяқталды. Жерлеу шұңқыры 2 м тереңдікке жеткенде, жылқы сүйектері көріне бастады. Жылқы сүйегі бастапқыда жерлеу шұңқырының солтүстік бетінен шықты. Жерлеу шұңқырын толық ашу барысында, жылқының басы солтүстік-шығысқа қарай бағытталып, аяқтары бауырына қарай бүгілген күйі жерленгені анықталды. Жылқының батыс жағында орта көлемдегі тастармен қоршалған адам қаңқасы шықты. Адам қаңқасы шалқасынан жатқызылып, басы жылқының басымен бір бағытта солтүстік-шығысқа қаратылып қойылған. Қаңқаның анатомиялық қалпы толық сақталған. Қаңқаның бас жағынан темір сынықтарының қалдығы және қола түйреуіш шықты. Қола түйреуіштің ұзындығы 21 см, бір жағы үшкір келген, екінші жағының басы доғалданып қайырылған.

Адам қаңқасының бас жағынан өте жақсы сақталған екі құмыра анықталды. Екі құмыра да қолмен жапсырылып жасалған. Бүйірі алмұрт тәріздес келген бірінші құмыраның биіктігі 22 см, ернеуінің диаметрі 9 см, түбінің диаметрі 11 см құрайды. Екінші аздап үлкендеу келген құмыраның биіктігі 38 см, ернеуінің диаметрі 10 см, түбінің диаметір 12 см құрайды. Аталған құмыра бүйірі алмұрт тәріздес жасалғанымен, мойыны ұзын етіп қолмен жапсырылып жасалған (2-3-суреттер).

№ 12, 7 обалар сыртқы құрылысы жағынан бір типтес болғанымен, ішкі құрылыстары бойынша сәл ерекшелік бар. Обаның екеуінің де қабір үсті құрылысы тас шеңберден тұрады. Қабір шұңқырлары терең, біріне адамды жерлеуге арналған тас жәшік жасалса, екіншісіне оның имитациясы берілген. Қабір шұңқырлары шығыс-батыс бағытында созылған. Екеуінде де жылқы жерлеу дәстүрі сақталып, жануарлар солтүстік-шығыс бағытына қаратылған. Жерлеу ғұрпы мен қабір үсті және қабір іші құрылыстарына қарай бұл обалар ерте құлажорға кезеңімен сипатталады. Ерте кезеңіне жататын ескерткіштер құрылысы жағынан дөңгелек пішінді, топырақ пен тас аралас үйінді болып келеді. Сонымен бірге олардың арасында қабір үсті құрылыстары сопақша немесе төртбұрышты үйметастар негізінде бір-екі қатар тас қоршаулар ретінде қарастырылып, қабір шұңқырлары батыс-шығыс бағытында, төменгі жағы кеңейе түсетіндігімен ерекшеленеді. Қабір шұңқыры төмендеген сайын қоңырау формалы болып кеңи түседі де, қабір ішінде тас жәшікте мәйіт бір жақ жанымен аяғы бүгулі күйінде жерленеді. Ал жылқы қабір жабындысы үстінде немесе мәйіттің қасында қатар тынығу түрінде бауырымен жатқызыла қойылады. Ақыреттік заттары екінші кезеңмен салыстырмалы түрде алғанда әлдеқайда бай болып келеді. Алтын, қола және сүйектен жасалған бұйымдар, әшекей заттар және қарулардан басқа негізінен қызыл бояулар кей жағдайда өрнегі бар әртүрлі қыш ыдыстар бірге қойылады.

Жоғарыда айтылғандардың ішінде ең бастысы ол біздің тақырыбымызға негіз болып отырған жылқы қосып жерлеу дәстүрінің таралуы. Шілікті даласынан осындай ғұрыптың ашылуы болашақта ерте темір дәуірі тайпаларының көші-қон үдерісіне байланысты және басқада келелелі мәселелердің басын ашуға септігін тигізеді.

Жалпы қарастырып отырған мәселе төңірегінде бірнеше ғылыми мақалалар жариялаған Е.Е. Кузьмина өлікке арналған жылқыны құрбандық малы ретінде сипаттай отырып, оны тірілер әлемі мен аспандағы аруақтар арасындағы байланысшы ретінде қарастырған [6].

Осы пікірді қолдай отырып З.П. Соколова жылқының құрбандыққа 2 мақсатқа байланысты шалынғандығын атап көрсетеді: 1) Жерленген адамды көлікпен қамтамасыз ету; 2) адамның жанына ас арнау [7].

Жылқы культімен байланысты көне фольклор мен мифологияны зерттеуші ғалымдардың ойынша, бұл мәселенің шығуына ертедегі ғұрыптық салттар мен дәстүрлер себеп болуы мүмкін. Сондықтан, жылқы бейнесі сипатталатын ежелгі мифологиялық түсініктердің реконструкциясын жасауда міндетті түрде археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерін басшылыққа алу қажет.

Біздің ойымызша жылқыны құрбандыққа шалуда төмендегідей мәселелер басшылыққа алынады. Біріншіден, жылқыны жаратушы күшке арнап құрбандыққа шалу: құдай-ана, табиғаттың өлуі мен тірілуі құдайы, аспандағы күн құдай және басқа да қанатты ат кейпіндегі мифологиялық түсініктің негізіндегі құрбандық. Екіншіден, жерлеу ғұрпына байланысты құрбандық. Жылқы – бұл өлілер әлемі мен тірілер әлемі арасындағы жалғастырушы болып табылатыны анық. Мұндай түсінік көне заманның дүниетанымында ғана емес, күні бүгінге дейін діни түсініктерде орын алып келеді. Оған қарапайым ғана мысал, жоғарыда сипатталған обалар орналасқан Шілікті өңіріндегі қазақтардың жерлеу ғұрпында жылқы малы әлі күнге дейін маңызға ие. Осы өлкедегі бейіттердің көпшілігінде жылқының бас сүйектері қойылған. Жергілікті халықтың айтуынша олар қайтыс болған адамның асына сойылған жылқылардың бастары. Мәселен, А.И. Левшин де қазақ халқындағы жылқымен қатысты дәстүрді байқап, оған қатысты былай деп жазады: «Кейде өлікпен бірге оның қару-жарағын, ат-әбзелдерін қосып көмеді, оған қоса, тіпті кейде жылқыны сойып, оның етін пісіріп жеп, сүйектерін бейіттің басында өртейді» [8].

Тұжырымдай келе айтарымыз, Шілікті даласындағы ерте темір дәуірінен бастап кездесетін жылқы қосып жерлеу дәстүрі тарихи-мәдени сабақтастығын үзбей этнографиялық дәуірге дейін жеткен.

Әдебиеттер тізімі:

1. Жуматаев Р.С. Ежелгі және орта ғасырлық көшпелілердің жерлеу ғұрпындағы жылқы: жазба деректер мен археологиялық мәліметтердің үйлесімі // «Қазіргі жоғарғы білім жүйесіндегі археология, этнология және музейтану» атты «VІІІ Оразбаев оқулары» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары / жауапты ред. А.Б.Қалыш. – Алматы: Қазақ университеті, 2016. –  106-112-бб.

2. Черников С.С. Отчет о работах Восточно-Казахстанской эспедиции ЛО ИА АН СССР в 1961 г. // Архив ИА. – Ф.11, оп. 2, д. 120.

3. Толеубаев А.Т., Умиткалиев У.У.,Жуматаев Р.С. Шілікті жазығындағы тас жәшікті жерлеу ескерткіштері // Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан археологиясы: қорытындылары мен келешегі 2011. – 2-том. – №29. - С. 118-124

4. Төлеубаев Ә.Т., Жуматаев Р.С. 2012 жылы Шілікті V қорымындағы жүргізілген қазба жұмыстарының қорытындылары // Қазақстан археологиясы мен этнографиясы бойынша материалдар мен зерттеулер. – Алматы: Қазақ университеті, 2014. –  3-14-бб.

5. Төлеубаев Ә.Т., Жуматаев Р.С., Шагирбаев М.С. Шілікті IV қорымындағы №7 обаның қазбасы нәтижесі // «Қазақстан мен іргелес елдердің тарихи-мәдени мұрасын зерттеудегі заманауи әдістер мен тұрғылар» атты «ІХ Оразбаев оқулары» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары / Жауапты ред. Ғ.Қ. Омаров. 1 бөлім. – Алматы: Қазақ университеті, 2017.  – 3-10-бб.

6. Кузьмина Е.Е. Конь в религии и искусстве саков и скифов // Скифы и сарматы. – Киев: Наукова думка, 1977. – С. 96–119.

7. Соколова З.П. Культ животных в религиях. – М.: Наука, 1972. – 213 с.

8. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. – Алматы: "Санат", 1996. – 656 с.

References

1. ZHumataev R.S. Ezhelgі zhaneortagasyrlyқ koshpelіlerdіnzherleugұrpyndagyzhylқy: zhazbaderektermenarheologijalyқ malіmetterdің үjlesіmі // «Kazіrgі zhogargy bіlіm zhүjesіndegі arheologija, etnologija zhane muzejtanu» atty «VІІІ Orazbaevokulary» halykaralyk gylymi-adіstemelіk konferencija materialdary / zhauapty red. A.B. Kalysh. – Almaty: Kazak universitetі, 2016. – 106-112-bb.

2. CHernikovS.S. Otchet o rabotah Vostochno-Kazahstanskojj espedicii LO IA AN SSSR v 1961 g. // Arhiv IA. – F.11, op.' 2, d. 120

3. Toleubaev A.T., Umitkaliev U.U., ZHumataev R.S. SHіlіktі zhazygyndagy taszhashіktі zherleu eskertkіshterі // Tauelsіzdіk kezenіndegі Kazakstan arheologijasy: korytyndylary men keleshegі, 2011. – 2-tom. – №29. S. 118-124

4. ToleubaevA.T., ZHumataev R.S. 2012 zhyly SHіlіktі korymyndagy zhүrgіzіlgen kazba zhұmystarynyn korytyndylary // Kazakstan arheologijasy men jetnografijasy bojynsha materialdar men zertteuler – Almaty: Kazak universitetі, 2014. – 3-14-bb.

5. Toleubaev A.T., ZHumataev R.S., SHagirbaev M.S. SHіlіktі IV korymyndagy №7 obanyn kazbasy natizhesі // «Kazakstan men іrgeles elderdіn tarihi-madeni murasyn zertteudegі zamanaui adіster men turgylar» atty «ІX Orazbaev okulary» halykaralyk gylymi-adіstemelіk konferencija materialdary / ZHauapty red. Ғ.K. Omarov. 1 bөlіm. – Almaty: Kazak universitetі, 2017.  –  3-10-bb.

6. Kuz'mina E.E. Kon' v religii i iskusstve sakov i skifov // Skify i sarmaty. – Kiev: Naukova dumka, 1977. – S. 96–119.

7. Sokolova Z.P. Kul't zhivotnyh v religijah. – M.: Nauka, 1972. – 213 s.

8. Levshin A.I. Opisanie kirgiz-kazach'ih, ili kirgiz-kajsackih, ord i stepej. – Almaty, "Sanat", 1996. – 656 s.

Жуматаев Р.С., старший преп. КазНУ им. аль-ФарабиШакенов С.Т.,  КазНУ им. аль-Фараби

МЕСТО ЛОШАДИ В ПОГРЕБАЛЬНЫХ ОБРЯДАХ РАННИХ КОЧЕВНИКОВ ЧИЛИКТИНСКОЙ ДОЛИНЫ

В работе авторы на основе археологических памятников погребально-поминального характера анализируют сопогребение с конем или его части туши. Для анализа взяты материалы известных раннекочевнических памятников как Майемер, Берел, Кулажорга, в контексте преемственности культур. Одним из таких памятников раннесакской культуры являются курганы Шиликтинской долины, относящееся к началу І тыс. до н.э. В статье также приводятся отдельные захоронения с конем, зафиксированных при раскопках на могильниках Шиликти IV, курган №12, Шиликти V, курган №7. В итоге авторы приходят к мнению, что сопогребение с конем в Шиликтинской долине происходит в раннем железном веке и трансформируясь сохраняет преемственность культур.

Ключевые слова: археология, Шиликты, могильник, курган, захоронения с конем

Zhumataev.R.S., Shakenov S.T.

THE PLACE OF THE HORSE IN FUNERARY RITES OF THE EARLY NOMADS SHILIKTI VALLEY

The authors on the basis of archaeological monuments funeral character analyze sporepedia with a horse or part of the carcass. For the analysis the materials of known early nomadic monuments as Mayemer, Berel, Kulazhorga, in the context of continuity of cultures are taken. One of such monuments of members of PSU culture is the mounds Chilikti valley, referring to the beginning of the I Millennium BC the paper also provides a separate burial with a horse, recorded during excavations at the burial grounds, Shilikti IV, mound No. 12, Shilikti V, mound No. 7. As a result, the authors come to the conclusion that the contact with the horse in The shilikti valley takes place in the early iron age and transforming preserves the continuity of cultures.

Key words: archaeology, Shilikty, burial ground, kurgan, burial horse


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 4099

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Жуматаев Р.С., Шакенов С.Т..doc 0.77 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

902 (574) С.С.Черниковтің Шілікті жазығындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеуге қосқан үлесі ӘОЖ 902 (574) ШІЛІКТІ ДАЛАСЫ ЕЖЕЛГІ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЖЕРЛЕУ ҒҰРПЫНДАҒЫ ЖЫЛҚЫНЫҢ ОРНЫ УДК 902 «63» (574.13) ИЗУЧЕНИЕ КАМЕННЫХ КОЛЛЕКЦИЙ ЗАПАДНО-КАЗАХСТАНСКОГО НАУЧНО-КОЛЛЕКЦИОННОГО КАМЕННОГО ФОНДА И РЕГИОНАЛЬНОЙ ГЕОЛОГИЧЕСКОЙ ВЫСТАВКИ ДӘСТҮРЛІ МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАР ЖӘНЕ ПРОТОТҮРІКТЕРДІҢ ЛИНГИВИСТИКАЛЫҚ ГЕОГРАФИЯСЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ АСПЕКТ ҚОРЫҚ-МУЗЕЙДІҢ ЗЕРТТЕУ НЫСАНДАРЫ ҒТАХР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАМР 03.20.00 АҚТӨБЕ (БАЛАСАҒҰН) ҚАЛАСЫН ЗЕРТТЕУ КЕЗIНДЕГI ТАБЫЛҒАН ДЕРЕКТЕРГЕ ШОЛУ

Автордың мақалалары

ӘОЖ 902 (574) ШІЛІКТІ ДАЛАСЫ ЕЖЕЛГІ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЖЕРЛЕУ ҒҰРПЫНДАҒЫ ЖЫЛҚЫНЫҢ ОРНЫ