Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 2(574) Қ-64 МҰСЫЛМАН БЮРОСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ 1919 ЖЫЛҒЫ КӨКТЕМ-ЖАЗ АЙЛАРЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

О.М. ҚОҢЫРАТБАЕВ, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті жанындағы Ж. Баласағұн ат. Түркістан өлкесінің тарихын зертт

ӘОЖ 2(574) Қ-64 МҰСЫЛМАН БЮРОСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ 1919 ЖЫЛҒЫ КӨКТЕМ-ЖАЗ АЙЛАРЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № №2(14)2018

Тегтер: Тұрар, І, съезі, Мұсылман, коммунистерінің, автономиясы, Түркістан, өлкесі, Түркістан, Түркістан, республикасы, бюросы, Мұсылман, басмашылар, қозғалысы, Рысқұлов, Түркістандағы, ашаршылық, ұлт-азаттық, қозғалысы
Аңдатпа:
Орталық Азия аймағында орнаған кеңестік билік жағдайында жергілікті түркі-мұсылман халықтарының ұлт-азаттық қозғалысының ұйтқысы, егемендік идеясының жаршысы – 1919-1920 жылдары Түркістан республикасында қызмет атқарған Мұсылман Бюросы болды. Мақалада Мұсылман Бюросының құрылуы мен 1919 жылғы көктем-жаз айларындағы қызметі тың мұрағат құжаттары негізінде жан-жақты зерттелініп, ғылыми талдауға алынған. Сондай-ақ Мәскеудің Түркістандағы ұлт саясаты, Мұсылман Бюросының егемендік жолындағы күресі, тарихи кезеңдегі күрделі саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени үрдістердің, ұлт-азаттық қозғалысының ішкі мәніне сараптама жасалынған.
Мазмұны:

Жарты ғасырлық отарлық езгі мен бірінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан туындаған ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдай, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі және оны монархиялық биліктің аса қатыгездікпен басып-жаншуы, 1917 жылғы қос революция, революциядан соң құрамына бірде-бір мұсылман өкілі кіргізілмеген Ташкенттегі кеңес билігінің оспадарсыз саясаты Түркістан өлкесін 1918-1919 жылдары сұрапыл ашаршылыққа ұшыратты. Түркістанның тұрғылықты халқын апаттан аман алып қалу мақсатында Тұрар Рысқұлов басшылығымен саяси билікке енді ғана араласа бастаған түркі-мұсылман жастары 1919 жылдың көктеміне қарай арпалыса жүріп аштықтың бетін қайтарып, 1 миллиондай мұсылман жұртшылығын ажалдан арашалап алады.

Түркістанды жайлаған сұрапыл ашаршылықпен күрес барысында мұсылман жастары саяси билікті қолға алмай жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мүмкін еместігін жақсы түсінеді. Бұл уақытта республикалық билікте жергілікті халықтардың өкілдері мүлдем жоқ болатын, оған бір жағынан, мұсылман зиялыларының саяси тәжірибесіздігі, большевиктік революцияны тосырқай, сенімсіздікпен қабылдауы себеп болса, екінші жағынан, орыс революционерлерінің шовинистік саясаты кедергі болды.

Сондықтан да, бұрын билікке сенімсіздік танытып келген мұсылман жастары 1919 жылы наурызда өткен Түркістан кеңестерінің VII съезі мен өлкелік партия комитетінің ІІ конференциясына белсене қатынасады. Съезде ұлт мәселесі қызу талқыланады. Түркістанға арнайы мандатпен келген П. Кобозев съезде былай дейді: «автономияның мәні тұрғысында алғанда мұнда тұрғындардың 95 пайызы мұсылмандар, бірақ билік орындарындағы көпшілік орыстар болып табылады» [1, 3-арт.п.]. Мұсылман жастарының атынан сөйлеген Т. Рысқұлов республика басшыларының шовинистік саясатын қатаң сынға алады: «Орыстар арасында мұсылман бұқарасы мен мұсылман қайраткерлеріне деген негізсіз сенімсіздік жайлаған... Мұсылман бұқарасы мен мұсылман қайраткерлеріне деген сенімсіздік – бұл кең етек алған ауру... Егер бізге, мұсылман еңбекшілерінің басшыларына сенім білдірген болса, онда жәбірлеу мен мазақтауларға, сенімсіздікке орын болмауға тиіс. Біз ортақ мүддеге, дос, жаңа құрылысқа көшкіміз келеді, сондықтан сенімсіздік болуы мүмкін емес. Жұмыс істесек барлығымыз бірге істеуіміз керек, бірақ біреулердің бағынышты, құлдық жағдайында, ал екіншілерінің қожа мен бастық жағдайында болмауы тиіс» [1, 5-арт.п.].

Мұсылман жастарының белсенді өкілдері съезде республикалық деңгейдегі қызметтерге сайланады. Аштықпен күресетін Орталық Комиссия төрағасы Тұрар Рысқұлов Түрікатком төрағасының орынбасарлығына қол жеткізеді. Мұсылман жастарының қысымымен ТКП ІІ конференциясы «партияның мұсылман бөлігіндегі партия жұмысына басшылық пен ұйымдастыруды» [2] жақсарту үшін Мұсылман Бюросын құру туралы шешім қабылдайды. Мұсбюро құрамына: Тұрар Рысқұлов (төрағасы), Низаметдин Қожаев, Юсуп Алиев, Құрбан Ибрагимов және Әбдіқадыр Мұхитдинов кірді [3]. Өлкелік партия комитеті 1919 жылы 6 сәуірде Мұсбюро туралы ережені бекітеді. «Мұсылман Бюросы, – делінген ережеде, – өлкедегі РКП (б) мұсылман ұйымдарының белсенді, жоғарғы басқару органы болып табылады, ол партияның орталық органының барлық құқығын және өлкелік партия комитетінің алдында есеп беріп, оның қолдауына сүйенетін үкімет мекемесі құқығын пайдаланады» [4]. Мәжілісте Т. Рысқұлов Мұсбюроның алдында тұрған міндеттердің орасан зор екенін атап көрсетті. «Өлкелік партия комитеті, – дейді Т. Рысқұлов, – осы уақытқа дейін мұсылман бұқарасы арасындағы жұмыстан қол үзіп, бұл бағытта ештеңе атқармады... Мұсылман Бюросы мұсылман бұқарасы үшін өлкелік партия комитетінің барлық жұмыстарын атқаруға тиіс» [5, 22-п.]. Ал, бұл жұмыстарды атқару үшін мұсылман өкілдерінің саяси қайраткерлері мен партия қызметкерлерін даярлау керек. Мұсылман бұқарасына түсінікті тілде, олардың өз ана тілдерінде саяси әдебиеттер бастыру мәселесіне тоқталды. Мұсылман Бюросына аталған міндеттермен қатар: «Иштракиун» газетіне басшылық ету; тікелей және Ұлт істері комиссариатының көмегіне сүйеніп үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу; партиялық және саяси әдебиеттерді ұлт тілдеріне тәржімелеу ісіне басшылық жасау; мұсылман қоғам және партия қайраткерлерін даярлап, оларды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту міндеті жүктеледі [5, 23-п.].

Сәуір-мамыр айларында Түркістанның барлық облыстары, уездері мен қалаларында Мұсбюроның жергілікті ұйымдары құрылды. Ұйымдасқан түрде, жүйелі жұмыс істеуге кіріскен Мұсбюроға өз конференцияларын шақырып отыру құқығы берілді. 1919 жылы 18 сәуірде РКП (б) Орталық Комитеті Мұсбюроға Мәскеудегі Шығыс халықтарының коммунистік ұйымдарының Орталық Бюросымен өз бетімен тікелей радиобайланыс жасауына рұқсат етті [5, 32-п.].

1919 жылы 22 сәуірде Мұсбюро жетекшілері Мәскеуге, РКП (б) Орталық Комитеті мен Шығыс халықтарының коммунистік ұйымдарының Орталық Бюросына жіберген радиограммасында Ташкентте құрылған Мұсылман Бюросының атқарар жұмыстары мен жүргізер саясатына тоқтала келіп, былай деп жазады: «Мұсбюро Түркістанда кеңес өкіметінің экономикалық құрылысы мен өлке халықтарының 95 пайызын құрайтын мұсылмандардың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтын қайта құруға көмектеседі, әрі барлық іс мұсылман еңбекшілерінің ұйымдастыру деңгейіне байланысты болғандықтан, халықпен қарым-қатынаста партиядан ерекше күш-жігер жұмсау талап етіледі» [6, 34-п.]. РКП (б) Орталық Комитетінен Түркістан басшылығына мұсылман еңбекшілерін мемлекеттік құрылысқа нақты тарту мәселесі бойынша тиісті нұсқау беруді сұрайды.

Мұсылмандар арасынан мемлекеттік қызметке мамандар даярлау мақсатымен Мұсбюро жанынан ұйымдастырылған Ұйымдастыру-үгіт курсының тыңдаушыларына арналған бағдарлама даярланды. Бағдарлама бойынша тыңдаушылардың мынандай бағыттарда білім алып, мамандануы көзделді: конституция негіздері; экономикалық өмірдің негіздері; кооперация; кәсіподақ қозғалысы; мемлекеттік басқарудың түрлері; ұлт мәселесі; орыс тілі; түркі тілдері; іс жүргізу мен есеп-қисап; география; түркістантану; армия және әскери құрылыс және т.б. [7, 19-п.]. Курс бағдарламасы қоғамдық-саяси және экономикалық өмірдің көптеген қырларын қамтыған. Кейбір пәндер қазіргі таңда да өз мәнін жоя қоймаған, мысалы: «түркістантану», «түркі тілдері», «әскери құрылыс», «ұлт мәселесі», «кооперация», «мемлекеттік басқарудың түрлері мен әдістері» және т.б. Курсқа әр қабылдау кезінде 100 адамнан оқыды, оқуға негізінен партия мүшелері мен кәсіподақ мүшелері қабылданды. Тыңдаушыларға қойылар талап өте қатаң болды, оған негізінен бұрын қылмысты болмаған, жасы 18-ге толған, түркі тілдерінде сауатты, курста оқылатын міндетті пәндерді оқып-үйренуге қабілеті бар жергілікті халықтардың өкілдері алынды. Материалдық жағынан тыңдаушылар қызыл әскерлермен теңестірілді. Тыңдаушылардың отбасылары қызыл әскер отбасылары сияқты Әлеуметтік қамсыздандыру комиссариатының есебінен қамсыздандырылды. Дәрістер түркі тілдерінде оқытылды, ал мамандар жетіспеген пәндер орыс тілінде жүргізіліп, міндетті түрде тәржімеленетін. Курстың барлық шығынын төлеу Халық ағарту комиссариатына жүктеліп, ал тәрбие ісіне Мұсбюро жауап берді [7, 18-18-арт.п.]. Аталған курс Түркістанда мемлекеттік өмірдің түрліше салалары бойынша білікті мамандар даярлауға зор ықпал етті. Курсты бітірушілер қабілеті мен біліміне қарай кеңес, партия қызметіне, үкімет мекемелері мен комиссариаттарға, Қызыл армия бөлімдеріне жіберілді. Олардың арасынан кейінірек ірі қоғам қайраткерлері, ғылыми қызметкерлер, әскери мамандар өсіп жетілді.

Мұсылман Бюросы алғаш құрылған күнінен бастап-ақ Түркістанның түркі-мұсылман халқының құқығын қорғайтын саяси ұйымға айналды. Ашаршылықпен күрес айларында қоғамдық тамақтандыру орындарында белсенді қызмет атқарған Түркістанның 11 000 отаншыл жастары Мұсбюро құрылғаннан кейін жаппай партия қатарына өтіп, басқару ісіне қызу араласа бастады.

1919 жылы көктемге таман ашаршылықтың бетін қайтара алған мұсылман қайраткерлері мамыр айынан бастап Ферғана облысындағы қарулы қақтығысты тоқтату ісімен шұғылдана бастады. Ташкент революционерлері 1918 жылы ақпанда Түркістан Мұхтариятын («Қоқан автономиясын») қиратқаннан кейін [8, с. 41-52], жергілікті халық ортасында кеңестік билікке қарсы қарулы қозғалыс өрістей бастады. Орыс большевиктері бұл қозғалысқа «басмашылар қозғалысы» деген атау берді. Басмашылық топтар революцияға дейін де әрекет ететін, бірақ ол кезде мұндай топтарды – түрліше қылмыстары үшін сотталып, бірінші дүние жүзілік соғыс майданынан қайтқан солдаттардан көп мөлшерде қару-жарақ сатып алып, кәсіби қарақшылық жасаумен айналысқан адамдар құрған еді. Кеңес өкіметін зорлықпен, қарудың күшімен орнату мақсатындағы қанды оқиғалардан соң, жергілікті халықтың арасында бұл саясатқа наразылық туды да, олар қарулы топтарды осы саясатқа қарсы тұра алатын бірден-бір әскери күш ретінде қабылдады. Осылайша, қарапайым түрдегі қарақшылар топтары құрамына ондаған мың адамдарды біріктірген қарулы армияға айналып шыға келді, қозғалыс жалпы халықтық, ұлт-азаттық сипатқа ие бола бастайды. Саяси билік басындағы орыс революционерлері енді ұлт-азаттық сипат алып отырған жалпыхалықтық қозғалыспен соғысуға мәжбүр болды. Қарсыласушы күштердің ымыраға келуі күн өткен сайын қиындай түсті, себебі орыс революционерлері қарулы қозғалыстың ішкі мәнін түсіне алмады, оны қарақшылардың іс-әрекетіне жатқызып шатасты, ал қозғалысқа қатысқан жергілікті халықтар өзінің зорлық-зомбылығы мен заңсыз іс-әрекеттері жағынан патша үкіметінен асып түскен жаңа өкіметті заңды үкімет ретінде қабылдағысы келмеді. «Біз, Кеңестік Түркістан – аса қиын, ауыр жағдайда, лаулаған оттың ортасында қалдық, бізде революция, оны біз – Орта Азия большевиктерінің шағын тобы басқарып отырмыз. Айналамыздың бәрі – қаптаған халық, миллиондаған азиялық тобыр. Онда не болып жатқанынан мүлдем хабарсыз едік» [9, с. 400], – деп жазды Түркістанның большевиктік үкіметінің алғашқы басшысы Ф. Колесов өз естелігінде.

Күн өткен сайын өршіп, қанатын жая бастаған қарулы қозғалысты басып-жаншу үшін орыс большевиктері Ферғанаға армия бөлімшелерін үсті-үстіне аттандырып жатты. Ферғанада ұлтаралық қақтығыс қолдан өршітіп, орыс мұжықтары қаруландырылды, армян ұлтшылдарының «Дашнакцютун» партиясының қарулы топтарының мұсылмандарға қарсы арандатушылық іс-әрекеттеріне ашық қолдау көрсетілді. Ферғана майданы қолбасшысының 1919 жылы 4 тамызда жасаған құпия мәлімдемесінде былай делінген: «кеңес өкіметі орыс шаруаларын қаруландырды. Қаруландырғанда да қорғаныс үшін емес, ұлттық қарақшыларды жою үшін қаруландырды» [10, 2-п.].

Қызыл әскердің сорақы істері сын көтермейді. «Ошқа басмашылар келген кезде, – дейді VІІ съездің делегаты Х. Құсанбаев, – бұл туралы Әндіжанға хабарланды да, ол жақтан қызыл гвардия бөлімдері келіп басмашыларды талқандады, бірақ артынан олардың өздері базарды өртеп, ескі Ошты тонай бастады; ал біраздан соң дашнактар келіп оларға қосылады да, тонау, зорлау, өртеуді жалғастырды. Тіпті балаларды да аямады, оларды өлтіріп, кескілеп тастады. Осылайша, Ош қаласы 5 тәулік бойы тоналды, соның салдарынан 2000 адам құрбан болды» [11, 68-арт.п.]. Халық Комиссарлар Комитетінің төрағасы К. Сорокин РКП (б) Орталық Комитетіне былай деп жазды: «Қызыл армияның сапалық құрамы... Ферғанада басмашылық қозғалыстың дамуына аз септігін тигізбеді..., қарақшыларға қарсы жіберілген бөлімдердің... өздері қарақшылықпен айналысып кетеді, ал қарақшылар жақындай бастаса тылға қарай қашады» [12, 4-п.].

Түркістан кеңестерінің төтенше VІІ съезі Ферғана облысы делегаттарының талап етуімен қалыптасқан жағдайды жергілікті жердің өзінде зерттеу үшін арнайы комиссия тағайындаған болатын, бірақ бұл комиссия сәуір айында Ферғана облысында болып ештеңе бітірмей оралады. Ферғанадағы қарулы қақтығысты басу үшін ең алдымен орыс революционерлерінің көзқарасын өзгерту қажет еді. Сондықтан да, 1919 жылы 22 сәуірде Мұсбюроның Ферғана облысының жағдайын талқыға салған мәжілісі ұйымдастырылады. Ферғана майданының құрылуына, дейді Мұсбюро төрағасы Т. Рысқұлов, мұсылмандар мен «Дашнакцютун» партиясының жетекшілігімен кешірілмес қылмыстар жасаған армяндар арасындағы ұлттық қақтығыс себеп болды. Халықтың қашып басмашылар қатарына қосылуына орыс большевиктерінің арандатушылығы мен Қызыл армия бөлімдерінің қанды қырғындары да қатты әсер етті. Жағдайдың қатты асқынып кетуіне байланысты Ферғанада тыныштық орнату ұзаққа созылатын іс болып тұр [13, 217-п.].

Мұсбюро мәжілісі Ферғана облысына қатысты мәселелерді талқылай келе мынадай қаулы жобасын қабылдайды: «1) Түрікаткомнан бұл мәселені шұғыл талқылап, Иргаш, Мадаминбек, Махкам және Хал-Қожа қосындарында жүрген барлық еңбекші мұсылмандарға кешірім (амнистия) жариялау, оларды өз қаруларын тапсырып, кеңес өкіметі жағынан өтуге, бейбіт еңбекпен шұғылдануға шақыру өтінілсін; 2) олардың өмірлерінің қауіпсіздігі қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де қамтамасыз етілсін және оларға өздерінің бүлінген шаруашылықтарын қалпына келтіру үшін материалдық көмек берілсін; 3) әлсіз халықтарды күштілердің ұлттық езушілігіне қарсы батыл күрес жариялансын...; 4) Қызыл армия қатарында арандатушы армян элементтерін қарусыздандыру арқылы тазалау жүргізілсін және сенімді жұмысшылар мен партия мүшелері қаруландырып, бейбіт тұрғындарға жасалатын кез келген зорлыққа тыйым салынсын» [14, 3-3-арт.п.].

Мұсбюроның талап етуімен Түрікатком 1919 жылы 29 сәуірде Ферғана облысына байланысты жаңа комиссия тағайындайды [14, 36-п.]. Комиссия құрамына: Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы К. Сорокин, Мұсбюро төрағасы Т. Рысқұлов, Ұлт істері комиссариатының, Түрікатком төралқасының және Өлкелік партия комитетінің бірнеше өкілдері кіргізілді. Комиссияға Ферғана облысына қатысты барлық шаралар туралы ерекше құқық берілді: кеңес органдарының қызметін қадағалау және тексеру; қажет кезде жергілікті кеңестер мен мемлекеттік ұйымдарды тарату; қызмет бабында қылмысты болған кеңес және партия қызметкерлерін тұтқындау; революциялық трибунал мен әскери-дала соттарына тарту және т.б. [15, 220-п.] Сондай-ақ, Түрікаткомның Ферғана халқына арналған үндеуі [16] жарияланды, бұл үндеуді Т. Рысқұлов пен К. Сорокин дайындаған еді.

Ферғана комиссиясы мамыр айында Ферғана облысында болып, жағдаймен танысып шықты. К. Сорокин мен Т. Рысқұлов қол қойған 1919 жылғы 9 мамырдағы № 9 бұйрық бойынша: мүшелері мен төрағасы үздіксіз маскүнемдікке салынғаны және уездегі кеңес жұмысын бетімен жібергені үшін Скобелев уездік атқару комитеті таратылып, орнына уақытша революциялық комитет ұйымдастырылды. Ревком құрамына Скобелев қалалық кеңесінен бір, Скобелев уездік партия ұйымы комитетінен екі және Скобелев қалалық Мұсбюродан үш адам мүшелікке кіргізілді [17, 29-п.].

Жергілікті жердің өзінде жүргізілген бақылау Ферғанада орын алып отырған жағдайға негізінен Қызыл армия мен билік басындағы шовинистік пиғылдағы еуропалықтар кінәлі екені айқын болды. 1919 жылы 11 мамырда Әндіжан қаласынан Ташкентке, Түрікатком төрағасы А. Казаковқа жолдаған хатында Т. Рысқұлов былай деп жазады: «Ташкенттен Ферғанаға келген барлық делегаттардың пікірі, бұған арғы күрес жолдары туралы біздің пікіріміз дұрыс болып шықты: (Ферғана) майданы Қоқан оқиғаларынан бергі уақыттағы кеңес қайраткерлерінің теріс іс-әрекеті негізінде туған. Ферғана облысындағы барлық оқиғалар желісінен «Дашнакцютун» партияның арандатушылық әрекеті сезіліп отырады. Қызыл армия бөлімдері басмашылармен күресудің орнына жаппай маскүнемдікке салынған, қару мен патрондарды сол қарақшылардың өздеріне сатқан (әсіресе, армяндар), уездерден өткенде қарақшыларды жасырды деп кінәлап, бейбіт қышлақтарды тонаған. Армяндар жаппай сарт қыздарын зорлап, әйелдер мен балаларды кескілеген. Осының барлығы мұсылмандардың діни сезіміне тиіп, намысын қорлаған, содан олар қашып басмашылар тобына қосылған... Тек уездерде ғана емес, тіпті қалаларда да шын мәнінде кеңес өкіметі жоқ... Мұсылман коммунистерін Иргаш пен Мадаминнің жансыздары деп сенбей қуғындаған... Бақытсыз мұсылман коммунистері екі оттың – кеңестердегі жолдастары мен өздерін ерекше қатігездікпен жазалайтын қарақшы топтарының ортасында қалған... Партия ұйымдары өте көп залал келтірген (маскүнемдік, парақорлық күнделікті құбылысқа айналған) алуан түрлі лайықсыз элементтермен былғанған» [18, 75-75-арт.п.].

Комиссия Ферғана облысының көптеген қалалары мен елді мекендерінде болып, халыққа Түрікатком үндеуінің мәнін түсіндіреді, Мұсбюроның қызметі туралы баяндайды. Қызметінде берекесіздік пен тәртіпсіздік жайлаған қалалық-уездік атқару комитеттері таратылып, уақытша ревкомдар тағайындалады [19, 297-299-п.]. Қалалар мен уездерде Мұсбюроның жергілікті ұйымдары ашылады. Ферғана облысында мұсылман ұйымдары пайда болып, белсенді саяси қызметке кіріседі. Партия қатарында тазалау жүргізіліп, Скобелевте 150 адам, ал Әндіжанда 200 адам оның қатарынан аластатылды [20].

 1919 жылы 20 мамырда Түрікатком мәжілісінде Т. Рысқұлов Ферғана комиссиясының жұмысы жайлы баяндама жасайды. Ферғанадағы саяси ахуалды бәсеңдету үшін Қызыл армияның маскүнемдікке салынған бөлімшелерін алмастыру, арандатушы «Дашнакцютун» партиясын заңнан тыс деп жариялап, қылмысты мүшелерін сотқа тарту, облыстағы негізгі саяси-мемлекеттік билікті жергілікті халық ортасынан шыққан басшыларға тапсыру және т.б. ұсынады [21, 63-п.]. Ал, 1919 жылы 27 мамырда Ферғана комиссиясы өзінің № 36 бұйрығымен: «Дашнакцютун партиясының барлық мүшелерін, Қызыл армия қатарында есепте тұрмаған армян тұрғындарын... өздерінде бар барлық оқ-дәрімен атылатын қарулары мен суық қаруларын тапсыруға» [17, 15-п.] міндеттейді. Өлкелік партия комитетінің 30 маусымдағы мәжілісінде Т. Рысқұловтың «Дашнакцютун» партиясын заңнан тыс деп жариялауды табандылықпен талап етуімен, мәжіліс ол партияның Түркістан аумағында өмір сүруін тоқтату туралы қаулы қабылдады [5, 95-арт.п.].

Орыс революционерлерінің Түркістанның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тұрмыстық және діни ерекшеліктерін ескермей, ішкі Ресейде іске асырылып жатқан шараларды мұнда да күшпен енгізу саясатын ұстанғандығы Ферғанада қарулы қозғалыстың өршіп кетуіне әсер етті. «Қоқан автономиясын талқандау мен Бұқарадағы оқиғалар кеңес өкіметін мұсылман бұқарасына басқа қырынан танытты. Бұл оқиғаларда саяси басшылар дүние жүзі мұсылмандарына жағымсыз әсері болған толып жатқан, кешіруге болмайтын қателер жіберді және Ферғанадағы сияқты жаңа майдандардың ашылуына себепші болды» [22], – дейді Т. Рысқұлов ТКП IV съезінде сөйлеген сөзінде.

Мұсылман Бюросының қысымымен шовинистік ниеттегі әскери бөлімдер Ферғанадан шығарылып, орыс мұжықтары мен армяндардан қару тартып алынды. Армяндардың қылмысты топтары тұтқындалып, белсенді мүшелері Түркістаннан қуылды. Мұсылман Бюросы – мұсылмандар үшін үміт сәулесін тұтатқан ұйымға айналса, ал озбыр еуропалықтар үшін қаһарлы күшке айналды.

1919 жылдың маусым айына шақырылған Түркістан коммунистік партиясының ІІІ съезінің қарсаңында, яғни 24-30 мамыр аралығында Ташкент қаласында Мұсбюроның ұйымдастыруымен мұсылман коммунистік ұйымдарының І өлкелік конференциясы болып өтті. Конференцияға республиканың 5 облысынан және одан тысқары аймақтардан 130-ға жуық түркі-мұсылман делегаттары қатынасты. Атап айтқанда: Хатреддин Абдулаев, Илья Абдулиев, Яхит Абдулин, Мұстафақұл Абдураев, Рахымқұл Абдурасулев, Абдуразак Абдукахаров, Зуфур Абдурахимов, Халмутар Абдурахманов, Абумаев, Лазиз Азизов, Мухаметдин Азизханов, Айгулов Нармухамат, Исаак Акбаров, Зайнап Алиакбаров, Юсуп (Мухамедюсуп) Алиев, Алимамедов, Шаймардан Аллаяров, Хайдар Аминов, Сарыбай Арифов, Сұмбай Арифов, Абдулла Аулиани, Аспанқұл Ахмедов, Раушан Әбенқожынов, Әліқожаев, Мұхамедәлі Бағызбаев, Мәуленқұл Байзақов, Молдамұсылман Байтаев, Жолабек Батырбеков, Қандарбек Бөлебаев, Осман Бөлекбаев, Уәли Бурнашев, Ағзамқожа Бұрхандқожаев, Абдулла Газыханов, Абдулла Гайнулин, Рахматулла Ганиакбаров, Аманқұл Думатов, Абулқасым Жабаров, Түзел Жанбаев, Әлішер Жанкин, Жанов, Қожа Сопы Жорабаев, Убайдулла Иргазиев, Гүләм Ирисбеков, Сафар Ирматов, Исмайл Исеев, Ахмеджан Казиев, Аршет Каипов, Султан Камалидинов, Якус Кенгельдин, Әбдірахман Кеңдібаев, Абубекер Куняшев, Ішкұбат Қазақов, Ахмет Қарабаев, Құдратулла Қасымқожаев, Саидхан Қасымқожаев, Ибрагим Қожаев, Уманқожа Қожаев, Урманқо¬жа Қожаев, Молданарсұт Құлыбаев, Базарбай Құрманбаев, Абдукахар Құшбегиев, Кәрім Мамедов, Мансур Мансуров, Ишанкул Мирдусамасов, Мираким Мирзалиев, Миряхья Миризасов, Мирсалих Миркаримов, Пирназар Мурзаев, Мусаханов, Хайдар Мухамедмытаров, Зия Мухамедов, Құрбанжан Мухамедов, Рахматжан Мухамедшарипов, Абдукәрім Мухитдинов, Ахмед Сафа Мұхтаршакиров, Латып Мұғамедиев, Дүйсен Мыңжасаров, Мірсағатов, Тойбек Нарқұлов, Садық Нарынбетов, Әбдіғани Насыров, Дүйсебай Нысанбаев, Пантелеймон Осмаков, Жарылқасын Отарбаев, Юлчибек Пармахаматов, Кари Юлдаш Пулатов, Канмухамед Расулев, Газиз Рафиков, Пулатбай Рахматбаев, Әбдімомын Рыскелдинов, Тұрар Рысқұлов, Бердісабыр Сабыров, Мірсағат Садықов, Рахматулла Садықов, Алдашбек Сағымбаев, Сайдуәли Сайдахметов, Сайджан Сайдқожаев, Абдуразак Сайдханов, Сатыбалды Саманчинов, Егеш Саятбаев, Насрулла Таиров, Ахмедқары Тәжіқожаев, Мирзамурат Турдымуратов, Хафиз Түменев, Ағзамқожа Умарқожаев, Юлдаш Умбетов, Бабаяр Умурзаков, Насрулла Усмаров, Хафиз Фаворисов, Абдурахман Фахретдинов, Байнияз Хангельдин, Хамрақожа Хасанбеков, Қожа Сопы Хасанжанов, Карим Хасанов, Момынқожа Хусаинов, Мухамеджан Чанышев, Шариф Чембарисов, Шанасыр Шамансуров, Мухитдин Шамарданов, Абдурахмат Шамирзаев, Абдусатар Шарифов, Мухамед Шафаров, Мәмедәлі Эфендиев, Турдымурат Юлдашев, Молдазупар Юсупжанов, Садық Юсупов, Абдурахман Ягафаров.

Конференцияның мандат комиссиясы 130 мандатты шешуші дауыспен, 10 мандатты кеңесші дауыспен тіркеген, бірақ кейбір делегаттар шешуші дауыспен де, кеңесші дауыспен де екі рет тіркелген, өйткені кейбір делегаттардың қолында қос мандаттан болған. Мысалы, Әбдірахман Фахретдинов бір мезгілде Керкі партия ұйымынан және Керкі мұсылман коммунистер ұйымынан тіркелген болса, Хафиз Фаворисов конференцияға Мұсбюро төралқасы атынан да, Ташкент татарларының коммунистік секциясының атынан да қатынасқан. Сонымен қатар, Голодностепь уезінен келген мұсылман коммунистері – Хайдар Аминов, Құдратулла Қасымқожаев, Абдуразақ Сайдханов, Әбдіғани Насыров және Мирсалих Миркаримов шешуші дауыспен де, кеңесші дауыспен де тіркеуден өткен. Осы жайттарды ескеретін болсақ, конференцияға барлығы 130 адамдай делегат қатынасқан болып шығады. Жетісу облысының өкілі Қанай Боранбаев пен «Шығысты азат ету одағының» хатшысы Гасановтың есімдері делегаттар тізіміне енбеген, бірақ аталған қос қайраткер де конференция төралқасының құрамында болған.

Конференция жұмысына Түрікатком төрағасы А. Казаков, Түркістан Коммунистік партиясы Өлкелік комитетінің төрағасы А. Солькин, РКП (б) Орталық Комитеті мен БОАК-нің өкілетті өкілі П. Кобозев және Түркістан Әскери комиссарының көмекшісі Б. Шагабутдинов қатынасып, сөз сөйлеген.

Мұсылман бюросының төрағасы Т. Рысқұлов конференцияны салтанатты жағдайда аша отырып, өз сөзінде республиканың саяси-әлеуметтік ахуалына қысқаша шолу жасайды. А. Солькин, А. Казаков сынды шовинистік ниеттерімен танымал болған республика басшыларынан кейін жарыссөзге шыққан П. Кобозев Түркістанда жүргізіліп келген ұлт саясатын қатал сынға алады. Түркістан халқының 95 пайызы мұсылмандар болса, тек 5 пайызы орыстар, дейді ол, ал бірақ осы 5 пайыз орыстар өлкедегі барлық билікті өз қолдарында ұстап тұр, яғни бұл дегеніміз – Түркістанда ұлттық езгі, азшылықтың озбырлығы әлі де орын алып отыр деген сөз!

Конференция төралқасы мына құрамда бекітілді: Т. Рысқұлов (төраға), Гасанов (орынбасары), М. Эфендиев (Түркия коммунистерінің өкілі), Ю. Алиев және Қ. Боранбаев. Конференцияның күн тәртібіне: 1) ағымдағы жағдай; 2) жергілікті ұйымдардың баяндамалары; 3) мұсылман партия ұйымының жергілікті бөлімшелерін ашу және өлкелік Мұсылман бюросы мен жергілікті мұсылман секцияларының ережесін бекіту; 4) жергілікті партия ұйымдарының қызметі және кеңестер органдарымен қарым-қатынасы; 5) мұсылман коммунистік ұйымдарының І өлкелік конференцияның атынан Шығыс халықтарына арналған декларация қабылдау; 6) РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатына және Шығыс халықтары коммунистік ұйымдарының Орталық бюросына өкілдер жіберу; 7) Өлкелік Мұсылман Бюросының төралқасын сайлау.

Конференцияның күн тәртібінің алғашқы мәселесі бойынша Т. Рысқұлов көлемді баяндама жасап, басты назарды Түркістанның ішкі-сыртқы жағдайына аударды. Т. Рысқұлов армяндардың «Дашнакцутюн» партиясының Ферғана облысының бейбіт тұрғындарына қарсы жасаған зорлық-зомбылықтары мен келеңсіз іс-қимылдарын қатаң сынға алады. Түркістандағы билік тізгінін ұстаған орыс большевиктерінің жергілікті түркі-мұсылман қайраткерлері мен халықтарына сенімсіздік таныту арқылы оларды мемлекеттік басқарудан шет қалдыруға ұмтылып отырғандығы айыпталынды.

1919 жылы жазда Мұсылман Бюросының қызметі жандана бастады, оның құрамынан: ұйымдастыру-үгіт, редакция-баспа, мәдени-ағарту және әскери бөлімдері ашылады. Мұсбюроның әскери бөлімі Түркістандағы Қызыл армия бөлімдеріндегі мұсылман коммунистері ұйымдарының қызметіне басшылық жасады [23]. Әскери бөлім Қызыл Армия қатарында жергілікті халықтар өкілдерінің көбеюіне, олардың әскери өнерді үйреніп, мамандануына қолғабыс етті. Революциялық-әскери кеңестің Саяси бөлімі жанынан Мұсылман Саяси бөлімі құрылып, оның құрамына жергілікті халықтар өкілдерінен мамандар кіргізілді [24, 9-п]. Мұсылман Саяси бөлімінің ережесі бекітілді. Мұсылман Саяси бөлімінің меңгерушісі Революциялық-әскери кеңестің Саяси бөлімі коллегиясының толық мүшелігіне өткізіліп, Мұсбюроның өкілі ретінде Революциялық-әскери кеңестің барлық мәжілістеріне қатысуға құқылы болды. Мұсылман Саяси бөлімінің меңгерушісі болып Данияров бекітілді [25, 66-п].

Түркістан мұсылмандарын мемлекеттік іске тарту мәселесі бойынша Мұсбюро жүргізе бастаған шараларға билік басындағы еуропалық революционерлер қарсы шыға бастады. 1919 жылы маусымда Ташкент қаласында өткен ТКП ІІІ съезінде бұл мәселе бойынша үлкен пікірталас туды. Еуропалық коммунистердің өкілі П. Константинопольский былай дейді: «Егер ашық айтар болсам онда Түркістанда пролетариат жоқ. Жартылай пролетариат бар, езілген бұқара, езілген шаруа бар, ал біздің көзқарасымыз бойынша бұл топтар тарихи прогресті қозғаушы революциялық күш бола алмайды» [26, с. 42]. Бұл Түркістандағы еуропалық коммунистер ортасында кең тараған шовинистік пиғылдағы көзқарас болатын. Олар мұсылмандарды мемлекеттік басқаруға жібермей, отарлық басқару жүйесін сақтап қалуға тырысты.

Түркістандағы жағдайды жіті бақылап отырған Кремль қалыптасқан саяси ахуалға алаңдай бастайды. Еуропалық коммунистер және мұсылман коммунистерінің ұлт мәселесі бойынша өзара ымыраға келе алмауы жалпы жағдайды шиеленістіріп жіберді. Шиеленісті бәсеңдетудің жалғыз жолы – республиканың жергілікті халқын мемлекеттік іске қатыстыру болатын. Сондықтан да, 1919 жылы 10 шілдеде РКП (б) Орталық Комитеті Ташкентке Түркістанның жергілікті халықтарын мемлекеттік қызметке тарту туралы радиограмма жібереді. Радиограммада: «Түркістанның түз халықтарын, олардың партияға қатыстылығын міндетті түрде есепке алып жатпай-ақ, тұрғындардың сандық арақатынас көрсеткіші бойынша кең түрде мемлекеттік қызметке тарту қажеттілігі» [27, с. 736] тапсырылды. Ұсынылатын кандидаттарды мұсылман ұйымдары іріктесе жеткілікті екені, мұсылман ұйымдарының келісімінсіз мұсылмандардың мүліктерін тәркілеуге қатаң тыйым салынатыны атап көрсетілді. Радиограмма Түркістанда әртүрлі көңіл-күйде қабылданды, еуропалық коммунистер бұл шараны іске асыру мүмкін емес деп жар салды, өйткені тұрғындардың сандық арақатынасы бойынша үкімет мекемелеріндегі мұсылмандардың саны бірден 95 пайызға артар еді. Ал, мұсылмандар Мұсбюроның ұйымдастыруымен радиограммаға қызу қолдау білдіреді.

Түрікатком төрағасы А. Казаков радиограмманы халықтан жасырып қалуға тырысқан кезде, 1919 жылы 16 шілдеде Мұсбюро Ташкенттің ескі бөлігінде мыңдаған мұсылмандар қатынасқан жиын ұйымдастырып, радиограмманың мазмұнын қалың бұқараға жариялап жібереді. Мұсбюроның әрекетіне П. Кобозев қолдау білдіреді [28, с. 187-188]. Бірақ Түркістанның саяси өмірінде үлкен серпіліс тудырған радиограмма РКП (б) Орталық Комитетінің табансыздығының кесірінен іске аспай қалды. Бұл Кремльдің мұсылман халықтарына қатысты астарлы саясатының көрінісі болатын.

Мұсбюро бұл айларда РКП (б) Орталық Комитетінің солқылдақ саясатының кесірінен Түркістанның орталық саяси билігін өзгерте алмағанымен, республиканың аймақтарында күш ала бастайды. Мұсбюроның арнайы комиссиялары барлық аймақтарда тексеру жұмыстарын жүргізіп, облыстық, уездік билік орындарындағы толып жатқан келеңсіз істердің бетін ашады, шовинистік элементтерді ығыстырып, жергілікті қайраткерлердің жоғарылауына мүмкіндік жасайды. Сондай тексеру комиссиясының бірі – 1919 жылы шілде-тамыз айларында Сырдария облысының Әулиеата және Черняев уездеріне тағайындалған комиссия болатын.

Әулиеата мен Черняев уездеріндегі жағдайдың шиеленісіп кетуіне байланысты Мұсбюро арнайы комиссия тағайындайды. Комиссия төралығына Мұсбюро төрағасы Т. Рысқұлов бекітіледі [29, 82-арт.п]. Шешім өлкелік партия комитетінің 1919 жылғы 3 шілдедегі және Түрікаткомның 4 шілдедегі қаулыларымен бекітілді. Комиссия 1919 жылы 30 шілдеде Әулиеата қаласына келіп, тексеру жұмыстарын бастайды. Комиссия уезде қоғамдық тәртіп орнату үшін ең алдымен маскүнемдікпен күрес шараларын белгілейді. Спирттік ішімдік өндіріп, оны сатумен айналысқандарға қолдарындағы барлық спирт қоры мен құрал-жабдықтарды үш күн ішінде қалалық, уездік, селолық, болыстық және ауылдық атқару комитеттеріне тапсыру міндеттелді; өз бетімен тапсырушыларға кешірім болатыны, ал ішімдік даярлауды жалғастырушылар жұмысшы-шаруа үкіметінің пәрменін орындаудан бас тартушылар ретінде табан астында атылатыны ескертілді. Көшелер мен қоғамдық орындарда мас күйінде жүрушілер жазаға тартылды. Барлық атқару комитеттері мен мемлекет мекемелері аталған шараларды іске асыруға міндеттеліп, бұйрықты орындамаған мекемелер таратылып, мүшелері революциялық трибуналдың сотына жіберілді. Комиссия уездегі салық жүйесімен таныса келе, жергілікті халықтан ретсіз салық алуға тыйым салады. Салық алудың жоспарлы мөлшері белгіленіп, бұл іс тек жергілікті атқару комитеттерінің рұқсатымен ғана іске асырылатын болды. Ретсіз салық алушылар мен қарумен қорқытып мал-мүлікті тәркілеушілер сотқа берілді [30, 1-арт.п.]. Комиссия 1919 жылы 7 тамызда Әулиеата уездік атқару комитетін таратып, құрамына 5 мүше кірген ревком тағайындайды [31, 4-п.].

Мұсбюро ұйымдастырған осындай комиссиялар республиканың барлық аймақтарында жұмыс жүргізіп, жергілікті биліктегі шовинистік элементтерді тазалаумен айналысты. Мұсбюро үкіметтің экономикалық саясатына да белсене араласты.

Мұсбюроны республика басшылығы да еріксіз мойындай бастады. Енді қалыптасып жатқан Мұсбюро сауатты мамандарға зәру болды. Мұсбюроның ұсынысымен Өлкелік партия комитетінің 1919 жылы 23 маусымдағы мәжілісінде мұсылман зиялыларын мәдени құрылысқа тарту мәселесі қаралады. Мұсылман зиялылары арасынан жоғары, орта және төмен білімі бар адамдарды арнайы қызметке шақыру көзделді. Өлкелік партия комитеті сауатты мұсылман зиялыларының Мұсбюроға келіп тіркелуін талап еткен арнайы бұйрық шығаруды Түрікаткомда талқылау Т. Рысқұловқа жүктелді. 1919 жылы 23 шілдеде Түрікатком Т. Рысқұлов даярлаған № 213 бұйрықты жариялайды, онда республиканың барлық жергілікті кеңес ұйымдарына орталықта да, жергілікті жерлерде де мұсылман өкілдерінен интеллектуалды маман қызметкерлер даярлап, оларды партия және кеңес мекемелеріндегі қызметке жоспарлы түрде қатынастыру үшін мұсылман бұқарасы арасындағы орыс мектептерін бітірген жоғары, орта және төменгі дәрежелі білімі бар азаматтар мен мұсылманша жоғары және орта білімі бар азаматтардың және қоғамдық өмірдің түрліше салаларында еңбек етіп жүрген басқа да интеллектуалды мамандардың тізімін екі аптаның ішінде тапсыру міндетін жүктеді [32, 106-п.]. Сөйтіп, Мұсбюро осы бағыттағы барлық жұмыстарды үйлестіруші ұйым болып танылды.

Мұсбюро мұсылмандарға түсінікті тілде мерзімді басылымдар шығарып, тарату ісіне де ерекше көңіл бөлді. Жергілікті халықтардың тілінде әдебиеттер басып шығаратын баспалардың болмауы мен газет-журналдың жоқтығы себепті Ұлт істері комиссариатының құзырындағы «Иштракун» газетін Мұсбюроның қарамағына беруді талап етеді. 1919 жылы 30 маусымда Түрікаткомның шешімімен «Иштракиун» газеті Түрікатком мен Мұсбюроның ресми газеті болып қайта құрылды [32, 118-п]. Газет жергілікті халықтар тілінде үкіметтің барлық қаулылары мен шешімдерін жариялап отыруға міндеттенді. Бірақ республикадағы ең ірі екі бірдей ұйымның ресми органы болуына қарамай-ақ, бұл газет республикалық Полиграфия басқармасының қыспағынан құтыла алмады, орыс тілді газеттерге қарағанда «Иштракиун» қағаз тапшылығын үнемі шегіп отырды. Оның үстіне газет көлемінің шағындығы газет редакциясына тек ресми құжаттарды бастырып, ал қалған салалар бойынша даярлаған материалдарды жариялауға мүмкіндік қалдырмады.

Мемлекеттік басқару аппараты мен Түрікаткомның ағымдағы іс-құжаттарын орыс тілімен қатар, жергілікті халықтардың тілінде де жүргізу үшін Мұсбюро өз тарапынан тәжірибелі тәржімешілер жібергізді [32, 111-п]. 1919 жылы 27 шілдеде Өлкелік партия комитетінің мәжілісінде Мұсбюроның Халық Комиссарлар Кеңесі мен Әскери комиссариатқа жолдаған қатынас хаты талқыланады. Бұл құжатта тұрғындардың мұсылман бөлігіне қатысты құжаттардың Мұсбюроның мақұлдануымен ғана қабылданып, бір данасының міндетті түрде жергілікті халықтардың тілінде жазылуы тиіс екені атап көрсетілген.

1919 жылы күзде Мәскеуге барған Мұсбюро делегациясы 2000 пұт баспа қағаздарын сатып алып, Ташкентке жеткізеді. Сонымен қатар, түрліше саяси әдебиеттер, кеңсе мүліктері, Мұсбюро жанындағы фотография бөлімі үшін қажетті фото материалдары, географиялық карталар да әкелінді. Ташкентке келіп мұсылман баспаларында қызмет істеу үшін Мәскеуден тәжірибелі баспагерлер, аудармашылар, құюшылар, әріп терушілер шақырылды. Мұсбюроның мәдени-ағарту бөлімі үшін Қазан қаласынан бай кітапхана сатып алынды [33, 131-132-п.]. Делегация мүшелері Мұсбюродан тағы да 1000 маман шақырып, 700 пұт шрифт, 10 000 пұт қағаз және типография машиналарын сатып алу үшін қосымша 5 000 000 рубль бөлдіртуді өтінеді. Бұл шаралар жергілікті тілдердің қолданыс аясын кеңейте түсті.

Әдебиеттер мен деректер:

1 ӨРОМА (Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві). Р-17-қ., 1-т., 17-іс, 3-арт.п.

2 Туркестанский коммунист. – 1919. – 10 апреля.

3 ӨРПАА (Өзбекстан Республикасы Президенті аппаратының архиві). 60-қ., 1-т., 85-іс, 26-арт.п.

4 Известия ТурЦИКа. – 1919. – 27 апреля.

5 ӨРПАА. 60-қ., 1-т., 59-іс, 22-п.

6 ӨРОМА. Р-17-қ., 1-т., 257-іс, 34-п.

7 ӨРПАА. 60-қ., 1-т., 299-іс, 19-п.

8 Хасанов М.К. «Кокандская автономия» и некоторые ее уроки. // Общественные науки в Узбекистане. – 1990. – № 2. – С. 41-52.

9 Колесов Ф. Ворота Тамерлана // Война в песках (Материалы по истории гражданской войны в Средней Азии). Сб. ст. – М.: ОГИЗ, 1935. – С. 400.

10 РӘСТМА (Ресейдің әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік архиві). 122-қ., 1-т., 29-іс, 2-п.

11 ӨРПАА. 60-қ., 1-т., 99-іс, 68-арт. п.

12 РӘСТМА. 17-қ., 84-т., 27-іс, 4-п.

13 ӨРОМА. Р-36-қ., 1-т., 17-іс, 217-п.

14 ӨРОМА. Р-17-қ., 1-т., 10-іс, 3-3-арт. пп.

15 ӨРОМА. Р-17-қ., 2-т., 23-іс, 220-п.

16 Известия (Ферганского облсовдепа). – 1919. – 7 мая. – № 93.

17 ӨРОМА. Р-17-қ., 1-т., 699-іс, 29-п.

18 ӨРОМА. Р-17-қ., 1-т., 14-іс, 75-75-арт. пп.

19 ӨРОМА. Р-17-қ., 1-т., 695-іс, 297-299-пп.

20 Известия ТурЦИКа. – 1919. – 8 июня. – № 117.

21 ӨРОМА. Р-17-қ., 1-т., 14-іс, 10-іс, 63-п.

22 Туркестанский коммунист. – 1919. – 11 октября. – № 127.

23 Туркестанский коммунист. – 1919. – 23 июля.

24 ӨРПАА. 60-қ., 1-т., 236-іс, 9-п.

25 ӨРОМА. Р-17-қ., 1-т., 244-іс, 66-п.

26 Труды ІІІ съезда Коммунистической партии Туркестанской Республики РСФСР. – Ташкент: Изд. «Туркестанский коммунист», 1919. – С. 42.

27 Из истории гражданской войны в СССР (Сборник документов и материалов в трех томах). Том ІІ. Март 1919 г. – февраль 1920 г. – М.: Советская Россия, 1961. – С. 736.

28 Рыскулов Т. Революция и коренное население Туркестана. – Ташкент, 1925. – С. 187-188.

29 ӨРОМА. Р-25-қ., 1-т., 143-іс, 82-арт.п.

30 ӨРОМА. Р-17-қ., 1-т., 703-іс, 1-арт.п.

31 ӨРПАА. 60-қ., 1-т., 289-іс, 4-п.

32 ӨРОМА. Р-17-қ., 1-т., 244-іс, 106-п.

33 ӨРОМА. Р-17-қ., 1-т., 228-іс, 131-132-пп.

References

1 OROMA (Ozbekstan Respublikasynyn Ortalyk memlekettik arkhivi). R-17-k., 1-t., 17-is, 3-art.p.

2 Turkestansky kommunist. – 1919. – 10 aprelya.

3 ORPAA (Ozbekstan Respublikasy Prezidenti apparatynyn arkhivi). 60-k., 1-t., 85-is, 26-art. p.

4 Izvestiya TurCYKa. – 1919. – 27 aprelya.

5 ORPAA. 60-k., 1-t., 59-is, 22-p.

6 OROMA. R-17-k., 1-t., 257-is, 34-p.

7 ORPAA. 60-k., 1-t., 299-is, 19-p.

8 Khasanov M.K. «Kokandskaya avtonomiya» i nekotorye ee uroki. // Obshchestvennye nauki v Uzbekistane. – 1990. – № 2. – S. 41-52.

9 Kolesov F. Vorota Tamerlana // Voyna v peskax (Materialy po istorii grazhdanskoy voiny v Sredney Azii). Sb. st. – M.: OGYZ, 1935. – S. 400.

10 RASTMA (Reseydin aleumettik-sayasi tarihinin memlekettik arkhivi). 122-q., 1-t., 29-is, 2-p.

11 ORPAA. 60-k., 1-t., 99-is, 68-art. p.

12 RASTMA. 17-k., 84-t., 27-is, 4-p.

13 OROMA. R-36-k., 1-t., 17-is, 217-p.

14 OROMA. R-17-k., 1-t., 10-is, 3-3-art. pp.

15 OROMA. R-17-k., 2-t., 23-is, 220-p.

16 Izvestiya (Ferganskogo oblsovdepa). – 1919. – 7 maya. – № 93.

17 OROMA. R-17-k., 1-t., 699-is, 29-p.

18 OROMA. R-17-k., 1-t., 14-is, 75-75-art. pp.

19 OROMA. R-17-k., 1-t., 695-is, 297-299-pp.

20 Izvestiya TurCYKa. – 1919. – 8 iyunya. – № 117.

21 OROMA. R-17-k., 1-t., 14-is, 10-is, 63-p.

22 Turkestansky kommunist. – 1919. – 11 oktyabrya. – № 127.

23 Turkestansky kommunist. – 1919. – 23 iyulya.

24 ORPAA. 60-k., 1-t., 236-is, 9-p.

25 OROMA. R-17-k., 1-t., 244-is, 66-p.

26 Trudy III s”ezda Kommunisticheskoy partii Turkestanskoy Respubliki RSFSR. – Tashkent: Izd. «Turkestansky kommunist», 1919. – S. 42.

27 Iz istorii grazhdanskoy voiny v SSSR (Sbornik dokwmentov i materialov v treh tomah). Tom II. Mart 1919. – fevral 1920. – M.: Sovetskaya Rossiya, 1961. – S. 736.

28 Ryskulov T. Revolyuciya i korennoe naselenie Turkestana. – Tashkent, 1925. – S. 187-188.

29 OROMA. R-25-k., 1-t., 143-is, 82-art. p.

30 OROMA. R-17-k., 1-t., 703-is, 1-art. p.

31 ORPAA. 60-k., 1-t., 289-is, 4-p.

32 OROMA. R-17-k., 1-t., 244-is, 106-p.

33 OROMA. R-17-k., 1-t., 228-is, 131-132-pp.


О.М. КОНЫРАТБАЕВ

Директор Центра по изучению истории Туркестанского края

им. Жусипа Баласагуна при ТарГПУ, к.и.н., доцент

СОЗДАНИЯ МУСУЛЬМАНСКОГО БЮРО И ЕГО ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ ВЕСНОЙ И ЛЕТОМ 1919 ГОДА

Проводником идей суверенитета, организатором национально-освободительного движения коренных тюрко-мусульманских народов в условиях установления советской власти в центральноазиатском регионе выступало Мусульманское бюро, действовавшее в 1919-1920 гг.

В статье на основе новых архивных документов рассматривается история создания Мусульманского бюро и его деятельность весной и летом 1919 года. Проанализирована национальная политика большевиков в Туркестане, борьба Мусульманского бюро за отстаивание суверенитета Туркестана, особенность сложных политических, социально-экономических и культурных процессов данной исторической эпохи, а также национально-освободительного движения.

Ключевые слова: Мусульманское бюро, Туркестанская республика, Туркестанский край, Туркестанская автономия, І съезд мусульманских коммунистов, Турар Рыскулов, басмаческая движения, голод в Туркестане, национально-освободительное движения.

 

O.M. KONGYRATBAYEV

Director of the Zhusip Balasagun Center for the Study of History of Turkestan region, Candidate of Historical Science, Assistant Professor of TarSPU

ESTABLISHMENT OF THE MUSLIMS BUREAU AND ITS ACTIVITIES IN THE SPRING AND SUMMER OF 1919

The Muslim Bureau, acting in 1919-1920, acted as the conductor of the ideas of sovereignty, the organizer of the national liberation movement of the indigenous Turkic-Muslim peoples in the conditions of establishing Soviet power in the Central Asian region.

the article considers the history of the establishment of the Muslim Bureau and its activities in the spring and summer of 1919. The national policy of the Bolsheviks in Turkestan, the struggle of the Muslim Bureau for upholding the sovereignty of Turkestan, the peculiarities of the complex political, socio-economic and cultural processes of this historical epoch, as well as the national liberation movement are analyzed in this paper.

Key words: Muslim Bureau, Turkestan Republic, Turkestan region, Turkestan Autonomy, 1st Congress of Muslim Communists, Turar Ryskulov, Basmachi movement, famine in Turkestan, national liberation movement.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 912

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Қоңыратбаев О.М. Мұсылман бюросының құрылуы. Электоронды журналға. (15.05.2018).docx 0.04 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

МӘШҺҮР ЖҮСІП КӨПЕЙҰЛЫ ҚОЛЖАЗБАЛАРЫНДАҒЫ ҚАЖЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ Ресей Коммунистік (большевиктік) партиясының Орталық Комитеті қарамағындағы Дінмен күрес жөніндегі комиссиясы және мұсылман мәселесі ӘОЖ 2(574) Қ-64 МҰСЫЛМАН БЮРОСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ 1919 ЖЫЛҒЫ КӨКТЕМ-ЖАЗ АЙЛАРЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 940.2 (574) ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ОҒАН РЕСЕЙЛІК ТҮРІК-МҰСЫЛМАНДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ТИГІЗГЕН ЫҚПАЛЫ ҒТАМР 03.20 РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЫҒЫС АЙМАҒЫ, АЛТАЙ ӨҢІРІН ОРЫС ШАРУАЛАРЫМЕН ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ (мақсаты, барысы, нәтижелері) ӘӨЖ 940.2 Т 52 ТҮРКIСТАН ӨЛКЕСIНДЕГI ЖӘДИДШIЛДIК ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ҚЫЗМЕТI

Автордың мақалалары

ӘОЖ 2(574) Қ-64 МҰСЫЛМАН БЮРОСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ 1919 ЖЫЛҒЫ КӨКТЕМ-ЖАЗ АЙЛАРЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ