Басты бет » Материалдар » 902 (574) С.С.Черниковтің Шілікті жазығындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеуге қосқан үлесі

Төлеубаев Ә.Т. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасы, т.ғ.д., профессор; Абзалбеков М.Я. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының 2 курс докторанты

902 (574) С.С.Черниковтің Шілікті жазығындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеуге қосқан үлесі

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № №2(14)2018

Тегтер: қорған, Шілікті, Черников, археология, қорым
Аңдатпа:
Ғылыми жұмыста белгілі орыс-совет ғалымы С.С. Черниковтің археологиялық зерттеулері ішінде Шілікті жазығындағы сақтардың ірілі-кішілі обаларын зерттеуі жайында баяндалған. Оның ішінде С.С. Черниковтің атқарған маңызды да мол еңбегінің сараптамасы жасалып және жаңаша көзқарастармен қоса сын сөздері де айтылмай қалмады. Нақтылай айтқанда мақалада жекелеген обалардың құрылысы, қазба барысы мен нәтижелері және Шілікті мәдениетінің пазырық мәдениетімен салыстырмалы сараптамалары, сонымен қатар Шілікті даласында табылған алтын және де басқа жәдігерлердің ерекшеліктері жайында сөз қозғалған. Осының бәрін айта келе жалпы «сақ-скиф» ұғымына байланысты әртүрлі көзқарастар келтірілген. Жалпы авторлар С.С.Черниковтің Шілікті жазығындағы ерте сақтардың ескерткіштерін зерттеуге қосқан үлесін жоғары бағалай келе, бұл материалдардың мерзімделуі, әшекей заттардың алғашқы үлгілерінің шыққан жері, т.б. мәселелерді мәденигенездік тұрғыдан қайта қарауға тура келетінін ескерген жөн екендігін еске салады.
Мазмұны:

Белгілі орыс-совет ғалымы С.С. Черниковтің археологиялық зерттеулерінің ішінде Шілікті жазығындағы сақтардың ірілі-кішілі обаларын зерттеуі ерекше қарастыруға тұратын мәселе. Жалпы Шілікті жазығына С. Черников жеті мәрте экспедиция ұйымдастырған,  ол – 1949, 1952,1959, 1960-1962, 1971 жылдары болған. Экспедицияның есептеріне қарағанда осы жылдары профессор Черниковтің экспедициясы Шілікті жазығының орта шенінде 11 оба қазған. Оның бесеуі ірі, ал қалғаны  орташа және кішілеу обалар. Ал Шілікті жазығының шығыс шегіндегі Шаған-оба деп аталатын жерден 14 орташа және шағын обалар қазған [1, 25-27-бб.].

С.С. Черников зерттеген сақ заманы обаларының тек екеуінің ғана материалы арнаулы баспаларада, зерттеу еңбектерінде жарық көрді [2,11-67, 186-188-бб.; 3, 29-32-бб.]. Ал қалған обалардың зерттеу материалдары қысқаша есеп, немесе толық емес қалыпта әр жылдардағы оның қолжазба есептерінде сақталған. Ол материалдарды там-тұмдап Ә. Марғұлан атындағы   Археология институтының архивынан табуға болады [4, 34 б; 5;6;7;8].

Шаған обада қазылған 14 обаның, Шілікті жазығындағы №2,3,4,9,11,12,13, 31,35,60 обалардың қазбаларының материалдарын табу мүмкін болмай отыр. Ресей Ғылым академиясының Археология институтының Санкт-Петербург бөлімшесінің архивында да бұл материалдар әлі табылмай тұр. Рас С. Черников, өзінің Шілікті жазығында қазған көп ескерткіштерінен қызығарлықтай материалдардың шықпағанын жазып кеткен. Дегенмен де қазылған обалардың материалы, олардың қызықты-қызықсыз дерек бергеніне қарамастан сақталуы міндетті. Осы жерде бір айта кететін нәрсе, Кеңес заманы тұсында біздің ескерткішімізді қазған арнаулы ғылыми экспедициялардың өзі халықтық мұраға жүрдім-бардым қарағандығы шындық еді.

Дегенмен де С.С. Черников Қазақстан археологиясы тарихында Шілікті жазығы ескерткіштерін зерттеуге үлкен үлес қосқан ғалым ретінде қалады.

Біз енді ғалымның Шілікті жазығындағы 5 және 7 обалар жөніндегі материалдарына және пайымдарына тоқталсақ.

Черников Шілікті жазығының орталық бөлігінен барлығы 52 обаны тізімге алып, жоспарға түсірген. А 2000-шы жылдардың басында осы аумақтағы ескерткіштерді қайтадан тізімге алып паспортын жасаған Ә. Төлеубаевтың материалдары бойынша бұл жерде 72 оба бар [9, 140-157-бб/;10,218-б.].

С.С. Черников зерттеген 5-обаның диаметрі 66 м, биіктігі 6 м. Жердің бетінен аз ақ тереңдікте қабырғалары 7х7 м квадрат, ағаш қабірхана салынған. Қабірхананың қабырғалары  екі қатар бөренелерден тұрған. Төбесі бір қатар бөренелермен көлденеңінен жабылған. Қабірхананың шығыс жағынан жер асты дәлізі – дромос салынған. Оның да төбесін  бөренелермен жапқан. Соңынан ағаш қабірхананың үсті таспен жабылып, оның үстінен шым аралас топырақ үйген. Черниковтің пайымдауы бойынша обаның алғашқы кездегі диаметрі 45 м болған да, ал биіктігі 9 метрге жеткен. Ғалым бұндай қорытындыға, заманнан заман жауын-судың, желдің әсерінен обаның топырағы жайылыңқырап кетуімен байланыстырса керек. Зерттеушінің тағы бір пайымы бойынша оба соғылғаннан кейін бір 50 жылдай уақыт өткен кезде ақ тоналып кеткен [2,13-21-бб.] Тоналғанға дейін  адамның еті, шеміршектері толық ағып, босап қалған. Бұл жерде мына мәселеге мән беру керек сияқты. Ғалымның осы пайымдауларында белгілі бір негіз болғанымен, нақты осылай дәл цифрлармен көрсетіп ұйғаратындай ғылыми негіз жоқ еді. Біріншіден, Черников обаның алғашқы диаметрі 45 м болды дегенде, обаны салған кездегі шетін көмкерген тірек тастардың (крепида) көлемімен алған болуы керек (бұл чертеждегі өлшемге де жақын келеді). Ал уақыт өте келе оба қарама-қарсы екі жағына қарай есптегенде 24 метрге жайылды дегенге ешқандай негіз жоқ сияқты. Осындай мәселемен оба құрылыстарын зерттеуші кейінгі ғалымдар да ұшырасып жүр. Бірақ жауабын әлі дәл ешкім де таба алған жоқ. Біздің ойымызша, бұл мәселеде геоморфолог ғалымдардың пікіріне, кеңесіне сүйенген дұрыс шығар. Ал енді, обаның алғашқы тоналуы кезінде мәйіттің еті ағып кеткен еді, - дейді ғалым. Бұл мәселені де нақты шешуге  дәл ғылымдардың эксперттік тұжырымдары керек  десек қателеспеспіз.

Обаның қабірханасынан қазба барысында біраз құнды артефактілер шықты. Олар, 13 екі қырлы, тұрқы ромбыға ұқсас, ұңғылы жебе ұштары, алтын әшекейлер еді. Алтын түймелер бүркіт, басы мен құйрығы қосылып иіріліп жатқан қабылан, қабан, бейбіт құс, балық  түрінде кездеседі. Сонымен қатар алтын заттар ромбы, үшбұрыш қаңылтыр, пирамидаға ұқсас салпыншақ түрінде, белбеудің қапсырмасы, ұсақ сірке тізбелер түрінде кездеседі. Кейбір әшекей заттарға көк ақықтан көз салған [2, 24-44-бб.]

С. Черников жебе ұштарына Алтайдан, Енисейдің орта ағысынан, Қаратеңіз бойы, Кавказдан, Орта Азия, Алдыңғы Азиядан ұқсастықтар таба келіп, оларды б.з.д. VІІ-VІ ғасырлардың шегімен  мерзімдейді. Бұдан ертерек уақытқа мерзімдеуге шілікті жебелерінің өте әдемі, таза жасалуы мүмкіндік бермеді, - дейді ғалым. Жалпы, соңғы кездегі Қазақстан жерінен табылған жебе ұшын зерттеушілер Шілікті жебелері сияқты екі қырлы, ұңғылы жебелердің сонау қола дәуірінен бері келе жатқандығын ескере отырып, оларды тіпті б.з.д. VІІІ, тіпті ІХ ғасырларға жатқызады [11, 114-119-бб.].

С.С. Черниковтің №5 обадан тапқан артефактілері негізінен мыналар еді:

1. Қола жебе ұштары, 13 дана.

2.Бұғы бейнесіндегі түймелер, 14 дана;

3. Бүркіт-қарақұс, 9 дана;

4. Иірілген пантера-барыс, 9дана;

5. Қабан шошқа, 12 дана;

6. Жайын балықтың қаңылтырдан қиылған бейнесі, 1дана;

7. Қанатын екі жаққа жайып тұрған құс бейнесі, 1 дана:

8.Төрт қырлы, пирамида тәріздес салпыншақ;

9. Белбеу қайысына бекітілетін тілікше темір;

10. Әшекейдің төртбұрышты сынығы, тас орнатуға,  эмаль құйуға арналған дөңгелек, сопақша ұясы бар;

11. Биконус формасындағы ұсақ қоңырауша салпыншақтар, 2 дана;

12. Сопақша ромбы формасындағы, беті шұбарланған салпыншақтар, 18дана;

13. Дәл осындай, бірақ үшбұрышты салпыншақтар, 3 дана;

14. Сегмент түріндегі, шеті шұбарланған қаңылтыр;

15. Қаңылтырдан бірнеше орам қылып жасаған бисер, 303 дана;

16. Жартышар тәріздес өте ұсақ зерлер, 52 дана;

Сонымен қатар, гантел формасындағы ұсақ зерлер, тілік түріндегі алтын қаңылтырлар – барлығы 62 дана.

 Ал енді алтын заттардың жақын ұқсастықтарын б.з.д. VІ ғасырдың басына жататын Келермес, Кострома, Томақ және  скифтердің басқа да обаларынан табылған алтын заттардан  табады да, бірақ шілікті әшекейлерінің  геральдикалықалық тұрпатының қарапайымдау екенін ескере келіп алдыңғыларынан біраз ертерек болуы керек дейді [3, 30-б7].

С.С. Черников  қазған №5 обадан шыққан алтын әшекейлердің біразы №7 обадан да шыққан  еді. Олар: аяғын бауырына алып жатқан бұғы, бүркіт қарақұс, қаңылтырдан қиылған балық бейнесі, жиегінде шұбарлап салған өрнегі бар сегмент формалы қаңылтыр. Осы заттар мен қоса темір пышақ шыққан.

Ә. Төлеубаев қазған Бәйгетөбе обасынан шыққан алтындардың көпшілігі С. Черниковтің Шілікті жазығынан тапқан алтын түйме қапсырмаларына көбінде ұқсас болып келеді. Бәйгетөбеден шыққан алтындардың ішінде 5, 6 обаларда кездеспейтін мынадай бейнелер бар: мәлін-мысық тұқымдас жыртқыш, мүйіздерінің ұшы тоғысып тұрған, екі жаққа қараған бұғылар, біршама ірі арқар, қасқыр-қонжық, бесжұлдыз. Бәйгетөбенің алтындары 5, 6 обалардыкіндей қаңылтыр емес, көпшілігі алтыннан құйып жасалған. Құйма бейнелер де сақ заманының ертерек кезіне жатады. Оның үстіне, Бәйгетөбеде біраз кейініректе пайда болатын иіріліп жатқан пантера-барыстың, шошқаның, жайын балықтың, жиегіне шұбарлап өрнек салған түрлі қаңылтыр салпыншақтар  кездеспейді.  Жалпы сюжеттік құрылымына қарағанда Бәйгетөбенің алтындарындағы аң стилі Тарбағатай-Алтайдың фаунасында өмір сүретін аңдардың табиғи, шынтуайтты бейнелерін береді. Жалпы сақ-скифтердің аң стиліндегі натурализм де олардың өнерінің ерте кездеріне тән.

Шілікті әшекей жасау шеберлігіндегі сірке техникасы С.Черниковтің ойы бойынша міндетті түрде Алдыңғы Азия елдерінен келген үлгі. Ғалым шілікті алтын әшекейлерін Алдыңғы Азиядан табылған Зивие алтын көмбесінің материалдарымен байланыстырады және скифтер мен көне Алғы Азия елдерінің байланысы тіпті б.з.д. ҮІІІ-ҮІІ ғасырларында ақ басталған болуы керек деген А.А.Иессеннің ойын құптап жалғастырады. Жалпы, өткен ғасырдың 60-80 жылдарында көптеген ғалымдар  сақ-скифтердің көптеген технологиялық жетістіктерін Алдыңғы Азия елдерімен байланыстырып келген еді ( Грязнов М.П., Руденко С.И., т.б.). Бұл көзқарас бүгінге дейін өзінің нақты дәлелдерін таппады. Соңғы кездегі зерттеушілер бұндай, диффузионистік, миграционистік көзқарастарды қолдамайды.

Шілікті даласында осындай ескерткіштерді қандай тайпалар қалдырған деген мәселеге зерттеуші жауап беруге тырысқан. Ең алдымен, Шілікті ескерткіштерінің олардан солтүстікте жатқан Пазырық обаларынан өзгешелігін атайды. Біріншіден, Шілікті ескерткіштерінде өлген адамның жанына жылқы жерлеу ғұрпы мүлде жоқ. Екіншіден, шіліктіліктерде қыш құмыралар кездеспейді. Үшіншіден, шіліктіліктер пазырықтағыдай қабір шұңқырын терең етіп қазбайды. Төртіншіден бұлар пазырықтықтар сияқты мәйітті ағаш астауда жерлемейді. Ал енді Пазырықта кездеспейтін Шілікті обаларының ерекшеліктері тағы мынадай: олардың обаларының көлемі де өте үлкен; оба шым аралас топырақтан соғылған; қабірханадан шығысқа қарай жер асты дәлізі – дромос кетеді; киімдерінде алтын әшекейлер пазырықтықтардан әлде-қайда көп , - дейді С. Черников [2, 65-б.]. Шілікті мен Пазырық обаларының айырмашылығы Ә.Төлеубаевтың пайымдауынша тағы мынадайлармен ерекшеленеді: Шілікті қабірханалары екі қатар бөрене ағаштан соғылған; бұлар жер бетілік архитектуралық құрылыс; үш қабаттан тұрады – ағаш қабір, тас жабынды, топырақ жамылғы; Шілікті алтын әшекейлері көбіне құйма технологиясы бойынша жасалған, ал енді қаңылтыр материалы арқылы жасалғандарының қаңылтыры қалың; Шілікті патша обаларында фольга сияқты өте жұқа алтын мүлде кездеспейді. Сонымен, С.Черников осы айырмашылықтарды көрсете отырып, пазырық ескерткіштерін және шілікті обаларын қалдырған тайпалардың түрлі этникалық бірлестіктердің өкілдері екендігі жөнінде тұжырым жасайды. Біздіңше, Пазырық ескерткіштері мен Шіліктінің ертесақ ескерткіштерінің мәдени дәстүрін салыстыру аса дұрыс емес, өйткені олар түбінде сақ-скифтердікі болғанымен әр заманның ескерткіштері. Екеуінің арасында кем дегенде 400-450 жыл айырмашылық бар.

С.С. Черников өзінің осы пікірлерін жалғастыра келіп, Шілікті ескерткіштерінің мәдени ұқсастығы солтүстікке қарай Ертістің жоғарғы сағасына дейін ғана барып тоқтайды. Керісінше шілікті дәстүрі өзіне жақын мәдени ұқсастықтарды Іле бойы сақтарының (Бесшатыр), Сырдың төменгі ағысындағы сақтардың (Түгіскен) ескерткіштерінен табады. Зерттеушінің шіліктіліктердегі дромос дәстүрінің тіпті Орталық Қазақстандағы Беғазы ескерткіштерінің дәстүріне ұқсатуы да орынды салыстыру деп есептейміз. Осындай ізденістердің нәтижесінде ғалым,  мынадай қорытындыға келеді: б.з.д. І мыңыншы жылдықта Қазақстан аумағында үш ірі тайпалық одақ  өмір сүрді. Олар: оңтүстік-шығыста – сақтар, батыста – савроматтар,  солтүстік және солтүстік-шығыста – аримаспылар. Ғалымның пайымы бойынша, пазырық ескерткіштерін қалдырушылар аримаспылар, ал Шілікті, Іле, Сыр бойы ескерткіштерінің иелері – сақтар [2, 66-67-бб.]. Осы мәселелерге байланысты біздің пікіріміз мынадай: ғалымның пазырық және шілікті мәдениеттерінің (Шілікті мәдениеті деген ұғымды ғылыми айналымға алғаш рет кіргізген проф. Ә.Төлеубаев) ареалын, олардың таралу бағытын анықтауына біз толық қосыламыз. Ал енді, сақ атауымен белгілі тайпалар одағының таралу аймағын С.Черников тек Тарбағатайдың теріскейі, Жетісу, Сыр бойы аймақтарымен шектеуі біраз сұрақ тудырады. Қазақстан жерін және көрші аумақтарды б.з.д І мыңжылдықта мекендеген тайпалар одағын біз жалпы ортақ атаумен  –  сақтар дейміз. Қазақстан тарих ғылымының бүгінгі  ғылыми тоқтамдары бойынша сақтар бірнеше үлкен тайпалардан тұрады. Олар: тиграхауда сақтар, хаумаварга сақтар, парадарайа сақтар. Сақтардың әркездегі құрылымына аргиппейлер, иссседондар, аримаспылар, тіпті массагеттер де кіріп отырған. Осы тұрғыда,  сақтарға мәдени-этникалық жағынан өте жақын, бірақ өзінше дербестеу өмір кешкен савроматтар мен сарматтарды да атауға болады.

Бүгінде осы «сақ», «скиф» деген атаулардың ареалдық-географиялық қолданысы жөнінде де пікір айтқан дұрыс сияқты. Көне антик және шығыс жазбалар дәстүрі бойынша, ғылымда осы бір үлкен мәдени-этникалық бірлестіктің атауын біз бірде «скиф», енді бірде «сақ» деп атап жүрміз. Бір ғалымдардың пайымдарына қарасақ, еуразияның далалық аумағын б.з.д. І мыңыншы жылдықта мекендеген тайпалардың азиялық бөлігін сақтар деп, ал еуропалалық жартысын скифтер деп атау дәстүрі қалыптасқан [12, 43-58-бб.]. Деседе, Ресей ғалымдарының, кейбір Еуропа зерттеушілерінің арасында, б.з.д. І мыңыншы жылдықта Алтай қойнауы мен маңын, одан тіпті сонау Байкөлге дейінге аралықты, Оңтүстік және Батыс Сібір аумағын мекендеген тайпаларды скифтер деп атау дәстүрі қалыптасқан. Біздіңше бұл дұрыс емес. Бұл тайпалардың атауы жөнінде нақты жазба деректер жоқ болғанымен олардың мәдениеті біздің сақ-скиф мәдениеті деп жүрген мәдениетпен өте ұқсас. Сондықтан оларды сақ-скиф тайпалары деп атаған дұрыс болар ма еді!?

Жалпы К. Ақышев өзінің осы мақаласында қысқа қанжар (ақинақ), жебе ұштары, соғыс балтасы, найза ұшы, ауыздық-сулық, жерлеу ғұрпы материалдарын түгендей келіп  Тва, Сібір, Алтай, Қазақстан және Орта Азияның дадалық аймақтарын сақ тайпалық бірлестігі жайлады деген қорытындыға келеді [12,43-58-бб.].

С.С. Черников өзінің Шілікті жазығындағы сақтардың ескерткіштерін зерттеу барысында олардың шаруашылық-мәдени типі мәселесіне де үлкен мән берген. Ғалым, көшпелі мал шаруашылығының шығуы мәселесіне арнайы тоқталады.

Жалпы С.С. Черниковтің Шілікті жазығындағы ерте сақтардың ескерткіштерін зерттеуге қосқан үлесін жоғары бағалай келе, бұл материалдардың мерзімделуі, әшекей заттардың алғашқы үлгілерінің шыққан жері, т.б. мәселелерді мәденигенездік  тұрғыдан қайта қарауға тура келеді.

Әдебиеттер тізімі:

1. Омаров Ғ. Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірі. – А., 2014. – 25-27-бб.

2. Черников С.С.Загадка золотого кургана. Изд. «Наука». – М.,1965. – с.11-67, 186-188.

3. Черников С.С. Золотой курган Чиликтинской долины // КСИА, т. 98. – М.,1964. – С.29-32.

4. Черников С.С. Отчет о работе Восточно-Казахстанской археологической экспедиции за 1949 г. // Архив Института археологии им. А.Х.Маргулана. – Фонд11, дело 176, связка 13. – 34 с.

5. Черников С.С. Отчет о работе Восточно-Казахстанской  археологической  экспедиции 1953 года // Архив ИА КН МОН РК. – Фонд 11, дело 284, связка 20.

6. Черников С.С. Работы Восточно-Казахстанской археологической экспедиции в 1956 году // КСИИМК. – 1959. – Вып.73. – С.99-106.

7. Черников С.С. Предварительный отчет о работах Восточно-Казахстанской экспедиции ЛОИА АН СССР 1959 г. //  Архив ИА КН МОН РК. – Рукопись. 4 с.

8. О работе Восточно-Казахстанской экспедиции Ленинградского Отделения АН СССР в 1961 году // Архив ИА КН МОН РК. – Фонд 11, дело 810, связка 54. – 15 с.

9. Толеубаев А.Т. Золотые курганы Шиликты // Археология Казахстана. –Алматы, 2006. – С.140-157.

10.  Толеубаев А.Т.  Золотой курган из Шиликты-3 Восточного Казахстана // Проблемы эпохи бронзы и раннего железного века Казахстана. Избранные труды в 2-х томах.  – Алматы, 2013. – Т.1. – 519 б.

11.  Акишев К.А. Древняя культура саков и усуней долины реки Или. – А., 1963. – 298 б.

12. Акишев К.А. Саки азиатские и скифы европейские (общее и особенное в культуре) // Археологические исследования в Казахстане. – Алма-Ата,1973.

References

1. Omarov G. SHygys Kazakstannyn erte temіr dauіrі. – A., 2014. – 25-27-bb.

2.Chernikov S.S.Zagadka zolotogo kurgana. Izd. «Nauka». – M.,1965. – s.11-67, 186-188.

3.Chernikov S.S. Zolotoj kurgan CHiliktinskoj doliny // KSIA, t.98. – M.,1964. – S.29-32.

4.Chernikov S.S. Otchet o rabote Vostochno-Kazahstanskoj arheologicheskoj jekspedicii za 1949 g // Arhiv Instituta arheologii im. A.H.Margulana. – Fond11, delo 176, svjazka 13. – 34 s.

5.Chernikov S.S. Otchet o rabote Vostochno-Kazahstanskoj  arheologicheskoj  jekspedicii 1953 goda // Arhiv IA KN MON RK. – Fond 11, delo 284, svjazka 20.

6.Chernikov S.S. Raboty Vostochno-Kazahstanskoj arheologicheskoj jekspedicii v 1956 godu // KSIIMK. – 1959. – Vyp.73. – S.99-106.

7.Chernikov S.S. Predvaritel'nyj otchet o rabotah Vostochno-Kazahstanskoj jekspedicii LOIA AN SSSR 1959 g. //  Arhiv IA KN MON RK. – Rukopis'. 4 s.

8.O rabote Vostochno-Kazahstanskoj jekspedicii Leningradskogo Otdelenija AN SSSR v 1961 godu // Arhiv IA KN MON RK. – Fond 11, delo 810, svjazka 54. – 15 s.

9.Toleubaev A.T. Zolotye kurgany SHilikty // Arheologija Kazahstana. –Almaty, 2006. – S.140-157.

10.Toleubaev A.T.  Zolotoj kurgan iz SHilikty-3 Vostochnogo Kazahstana // Problemy jepohi bronzy i rannego zheleznogo veka Kazahstana. Izbrannye trudy v 2-h tomah.  – Almaty, 2013. – T.1. – 519 b.

11.Akishev K.A. Drevnjaja kul'tura sakov i usunej doliny reki Ili. – A., 1963. – 298 b.

12.Akishev K.A. Saki aziatskie i skify evropejskie (obshhee i osobennoe v kul'ture) // Arheologicheskie issledovanija v Kazahstane. – Alma-Ata,1973.


Толеубаев А.Т., КазНУ им. аль-Фараби,д.и.н., профессор

Абзалбеков М.Я., КазНУ им. аль-Фараби, докторант 2-го курса 

Вклад С.С. Черникова в исследование археологических памятников Чиликтинской долины

РЕЗЮМЕ

В данной статье рассматривается исследования советского археолога С.С. Черникова больших и малых размеров погребально-поминальных памятников Шиликтинской долины, относящихся к сакской культуре. В том числе, в историографическом аспекте, анализируются труды С.С. Черникова. Также проделан сравнительный анализ конструктивных особенностей и погребального инвентаря: керамики, предметов быта и изделия из золота и др. шиликтинской и пазырыкской культур сако-скифского круга. Рассматривая различные взгляды касательно сако-скифского мира, авторы высоко оценивают вклад С.С. Черникова. На основе новых материалов рассматриваются хронология артефактов, изготовление украшений и другие проблемы в плане культурогенеза. Исходя из этого данные проблемы требуют еще тщательного анализа со стороны современных ученых.

Ключевые слова: археология, Черников, Шиликты, могильник, курган


Toleubayev A.T.,al-Farabi KazNU, Doctor of Historical Sciences, Professor

Abzalbekov M.Y., al-Farabi KazNU, 2nd Year Master's Student 

S. S. Chernikov's contribution to the study of archaeological monuments of Shilikty valley

Summary

This article discusses the studies of large and small funeral monuments in Chilikti valley belonging to the Sak culture, by  the Soviet archeologist S.S. Chernikov.  S. Chernikov's works are analyzed, including the historiographical aspect. In addition, comparative analysis of design features and grave goods: pottery, household items and articles of gold, etc. chiliktinskaya and Pazyryk cultures of Sako-Scythian circle. Considering the different views on the Sac-Scythian world was made. The authors highly appreciate the contribution of S. Chernikov. On the basis of new materials the chronology of artefacts, jewelry making and other issues  are considered in terms of cultural genesis. Based on this, these issues require careful analysis by modern scholars.

Key words: archeology, Chernikov, Shilikty, burial ground, kurgan.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 894

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Абзалбеков М.Я., Толеубаев А.Т..doc 0.07 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

УДК 930.2 «1887-1917»+94(574) Отражение истории кочевых народов Центральной Азии в «Трудах» Оренбургской ученой архивной комиссии. ӘОЖ 902/904 (574.5) РАХАТ ҚАЛАШЫҒЫНДАҒЫ 2017 ЖЫЛЫ ЖҮРГІЗІЛГЕН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ІЗДЕНІС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ КЕЙБІР ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ ЛОКАЛИЗАЦИЯ СРЕДНЕВЕКОВОГО СТОЛИЧНОГО ГОРОДА БАЛАСАГУН 902 (574) С.С.Черниковтің Шілікті жазығындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеуге қосқан үлесі ӘОЖ 902 (574) ШІЛІКТІ ДАЛАСЫ ЕЖЕЛГІ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЖЕРЛЕУ ҒҰРПЫНДАҒЫ ЖЫЛҚЫНЫҢ ОРНЫ 902.2(574) ИЗ ИСТОРИИ АРХЕОЛОГИЧЕСКОГО ИЗУЧЕНИЯ ТУРГАЯ: К СОСТАВЛЕНИЮ ИСТОРИОГРАФИЧЕСКОГО ОБЗОРА ПО ЭПОХЕ БРОНЗЫ УДК 902.2 «СТОРОЖЕВЫЕ БАШНИ» ИСПИДЖАБА» (предварительные итоги) УДК 902/903 «632» (574) МЕЖДИСЦИПЛИНАРНЫЕ ИССЛЕДОВАНИЯ ПРИ ИЗУЧЕНИИ ПАМЯТНИКОВ КАМЕННОГО ВЕКА КАЗАХСТАНА* УДК 902, 929 ГОРОДИЩЕ ХАНКУРГАН – СТАВКА АБЛАЙХАНА

Автордың мақалалары

902 (574) С.С.Черниковтің Шілікті жазығындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеуге қосқан үлесі