Басты бет » Материалдар » 930.2(574) ОМАР ХАЙЯМНЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

¹ Ж.Е. Жаппасов, Н.А. Тасилова, А.Т. Ахметжанова, ¹Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихыкафедрасының доценттері, тарих ғылымдарының кандидаттары Е-mail: zhappasov-74@mail.ru, tasnaz@mail.ru, azhar59@mail.ru Қазақстан,

930.2(574) ОМАР ХАЙЯМНЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(14) 2018

Аңдатпа:
Бұл мақалада ортағасырларда өмір сүрген атақты философ-ғалым Омар Хайям Нишапуридің өмірі мен артында қалдырған бай мұрасы зерделеніп, адамзаттың рухани дамуына, кемелденуіне өз үлесін қосып, әлемдік деңгейде танылған ғұламаның тағдыры өзі өмір сүрген кезеңнің тарихы контексінде тарихи жазба деректер мен тарихнамалық еңбектердің негізінде қарастырылады. Әсіресе, кеңестік кезеңде рубаяларымен танылған ақынның шын мәнінде ғылымға қосқан үлесі зерттеліп, нақыл сөздерінің мән-мағынасына талдау жасалынады. Кілт сөздер: философия, ойшыл, рубаи, астрономия, Селжүк әулеті.
Мазмұны:

 «Әділетті болу үшін алдымен мейірбан болу керек. Мейірбан болу деген сүрінбейтін тұяқтың болмайтынын түсіну. Адамның бәрі қателеседі...» - осы бір дана сөздердің авторы атақты философ Омар Хайям Нишапури, парсы философ-ғалымы, көреген ойшыл, математик, дарынды ақын, астроном әрі шайыр болған. Омар Хайямның ғылыми мұрасы математика мен астрономия саласын жаңа сапалы деңгейге көтеріп, философиялық еңбектері ұрпақ тәрбиесінде таптырмас құралға, ал айтқан нақыл сөздері кейінгі ұрпаққа насихатқа айналды[1]. Оның толық аты – Ғиясаддин Әбу әл-Фатх Омар ибн Ибраһим Хайям Нишапури. Омар Хайям хижра шәмси жыл санағы бойынша 427 (бір мәліметтер бойынша біздің жыл санауымыз бойынша 1040 жылы туылған десе, кейбір еңбектерде 1048 жыл деп көрсетіледі) жылы Селжүктер әулеті билік еткен тұста дүниеге келген. Әкесі Ибраһим сол кезеңде лашық үй  жасаумен шұғылданған, сондықтан “Хайям” – осы кәсіпке байланысты берілген атау. Араб тілінде "хейям" - "шатыр" немесе "тоқушы" деген мағынаны береді екен. Ал Нишапур Омардың туған жерінің аты. Бұл қала Иранның солтүстігіндегі Хорасан өлкесінде ірі сауда-саттық орталығы болған, Қытай, Үндістан мен Орталық Азия, Араб елдерімен түрлі байланыстар жүргізген атақты қала болатын[2].

Омар Хайямның ұстазы Нишапурдың белгілі ғалымы  Насыреддин шайх Мұхаммед Мансұр деп есептелді. Ғұмыры Балх, Самарқанд, Мерв, Исфаһан, Рей т.б. ортағасырларда білім мен ғылымның орталығы болған қалаларда өткен. Ол математика, физика, астрономия, философия, дін негіздері мен тарих ілімдерін Балх қаласында жетік меңгерген болатын.

Омар әйгілі ғұламалардан дәріс алып, Аристотель мен ибн Синаның философиялық көзқарастарын қолдаған. Хорезми, Фараби, Бируни, Рудаки, Фердауси, Қысыраудың еңбектерімен сусындап, өзіндік көзқарасын қалыптастырған. Нишапурда бай кітапхана, жоғары және орта білім беретін медреселері көп болыпты. Омардың балалық шағы осы қалада өткен. Омар алғашқы білімді медреседен алып, әрі қарай Балх пен Самарқандта білім алған. «Ақиқат қажысы» деген лақап атымен танылған Хайямның ғылыми еңбектері әдеби шығармаларынан гөрі маңыздырақ болғанымен, оған жаһандық атақ әкелген де дәл сол рубаилері (рубаи – қос тармақты, төрт жолдан тұратын өлең, лирикалық поэзияның формасы) [3]. Оның үстіне ақынның рубаилері әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Кеңестік тарихнамада Омар Хайям көбінесе шарап пен махаббат туралы жырлаған адам ретінде танылған болатын. Бірақ бертін келе оның көптеген ғылым салаларын жетік меңгеріп, артынан құнды дүниелер қалдырғаны анықталып отыр.

Селжүктер әулеті билік еткен тұстағы ғалымдардың мүшкіл жағдайы туралы Омар Хайям: "Біз ғалымдардың қырғынға ұшырауының куәсі болдық, олардан тек ауыр азапқа шыдаған бірен-сарандары ғана қалды. Бұл тірі қалған ғалымдарға түгелінен беріліп өз ғылымын жетілдіруге және тереңдетуге қатыгез тағдыр мүмкіндік бермеді. Осы күні ғалым түрінде жүргендердің көпшілігі болар-болмас білгендерін зұлымдық мақсаттарға ғана пайдаланып, алдамшылық пен екіжүзділіктің шеңберінде қалып жүр, шындыққа өтірікті кигізіп жүр", - деген болатын өзінің "Алгебра мен әлмүкәбәла есептерінің дәлелдемелері" деген еңбегінде[4].

Селжүк сұлтандары ірі ғалымдарды сарай жанында ұстап, көптеген кеңестер алып отыратын болған. 1074 жылы Омар Хайямды Селжүк билеушісі Мәлікшаһ сарайына шақыртып, Исфахан қаласында қызметке алынады. Осы қалада салынған обсерваторияның жетекшісі болып 17 жыл қызмет етеді. Астрономиялық зерттеулердің нәтижесінде "Мәлікшаһтың астрономиялық таблицасы" деп аталатын селжүктер күнтізбесін жасап шығарады. 1079 жылы ресми түрде "Джалали" деп аталған күнтізбені дайындап шығарғанда оның ғалымдар арасында беделі өседі. Бұл сол кездегі юлиан және григориан күнтізбесінен анағұрлым дәл көрсететін күнтізбе ретінде мойындалған болатын[5].

Хайям да сұлтандар үшін жұлдыз бойынша таһлихнама (гороскоп) жасаумен шұғылданғаны мәлім. Ол, мәселен, ауа райын алдын ала болжауға әрекеттенген[7]. Бірақ та Хайям мұнда астрологиядан көрі азды-көпті тәжірибе жүзінде тексерілген белгі-нышандарға сүйенуі ғажап емес. Өйткені Хайямды өте жақсы білген Низами Самарқанди: «Мен Омардың алдын ала жұлдызға қарап болжауының бірнеше рет куәсі болдым. Алайда ол өз айтқандарына ешбір сенбейтін еді. Ұлы адамдар арасынан астрологиялық болжауларға сеніпті деген ешкімді көрген де, естіген де емеспін», - дейді. Бұған қарағанда Хайям жалған ғылым - астрологияны мансұқ еткені байқалады. Бұл жөнінде Хайям ұлы ұстаздары Фараби, Бируни, ибн Синалармен пікірлес болғанын көреміз. Заманның көптеген ірі оқымыстылары сияқты Омар Хайям да жан-жақты білімді, ғылымның көп саласында жемісті еңбек еткен ғалым. Оның жаратылыстану жөнінде жазылған бірсыпыра шығармалары бізге жеткен жоқ. Бізге мәлім еңбектері ішінде календарь реформасына байланысты жүргізген астрономиялық зерттеулерінің мәні зор. Хайямның кезінде Орта Азия мен Иранда Күн календары мен Ай календары қатар пайдаланылатын. Күн календары бойынша бір жылда 365 тәулік, ал Ай календары бойынша бір жылдағы тәулік саны одан 11 күн кем, яғни 354 тәулік бар деп алынған. Шынында, бұл санаулар тек жуық түрде ғана дұрыс. Осының салдарынан азаматтық немесе діни мейрамдар (наурыз, айт т. б.), түрлі маусымдардан басталып, аяқталу мерзімдері шатасып кетіп отырған. Міне, осы келіспеушілікті жою астрономдарға жүктеледі. Омар Хайям белгілі бір жүйемен високос жылдар қоя отырып, мүмкін болатын қатені барынша жоқ етуге тырысады. Хайямның календарының дәлдігін бағалауда ғылым тарихында бірнеше топшылаулар бар. Соның бірі бойынша, Омар Хайям әрбір 33 жылда 8 високос (кібісе) жыл коюға тиіс болған, 7 рет әрбір 4 жылдан кейін, 1 рет 5 жылдан кейін. Сонда 5 мың жылда барып жинақталған қате бір тәулік болады екен. Ал қазір біз қолданып жүрген григорьян календары бойынша мұндай қате 3333 жылда жиналады.

Тарихта Омар Хайямның аты діни заңдар мен медицинаның білгірі, математика мен астрономия ілімінің негізін жасап, жаңалық енгізген ғалым ретінде емес, ақын, өлеңдері мен нақыл сөздері ел аузында мәңгі сақталған тұлға ретінде қалды.

Ақын өмір мен өлім, жақсы мен жаман, жұмақ пен тозақ, қанағат пен обырлық, жастық пен кәрілік, махаббат пен зұлымдық, құштарлық пен тақуалық парқын төрт жолдан тұратын өлеңге сыйғызды. Оның рубайлары адамгершілік ұстанымдарға негізделген, ол әділетсіздікке қарсылық білдірді, қоршаған ортаға сын көзімен қарап, озық ойларын батыл айта білді. Өз ойын жеткізу үшін белгілі дәрежеде бейнелеу тәсілдерін қолданды. Мысалы, құмыра, пиала, дүкен, шеберхананы жырлау арқылы жаратушы мен әлемнің, адамның арақатынасын сипаттаса, адам мүрдесі топыраққа айналған жерден өсіп шыққан гүлді өмір мен материяның мәңгілік құбылысы ретінде бейнеледі. Ақын өлеңдерінде махаббатты жырлау арқылы метафоралық терең ой тұжырымдалды. Оның өлеңдерінен ақиқатқа талпыныс, тіршіліктің мәнін парықтау мен енжарлықты, екіжүзділікті әжуәлау сарыны байқалады. Омар Хайям өлеңдері аз сөзбен келелі ой айтуымен, қарапайым сөздердің өзара жарасымды үйлесім тауып, әуезді болып келуімен ерекшеленді.

ХІХ ғасырда Э.Фицджеральд ақын өлеңдерін ағылшын тіліне аударды (1859 ж.). Бұл аударманы ғалым Теннисон “жаңадан ашылған планетаға” теңесе, кей ғалымдар тақырып әуендерін өзінше өзгертіп, кейде қосымшалар енгізіп жіберген деген пікір де айтады[6]. Міне, осы аударма кітап парсы-тәжіктің ұлы ақынын Европаға алғаш рет алып келіп, оны Батыстың оқушы қауымымеп қауыштырған еді. Осыдан кейін Омар Хайям туралы, оның поэзиясы жайлы біріне-бірі қайшы, шым-шытырық пікірлер айтыла бастады. Онын ойлы, мұңлы өлеңдері көп көңіліне жол тапты. Дәл осы қарсаңда, атап айтқанда 1851 жылы неміс математигі Франц Вепке Парижде «Омар әл-Хайямидің алгебрасы» деген еңбек жариялады. Мұнда бұрын европа ғылымына бүтіндей мәлімсіз орта ғасыр ғұламасының алгебралық трактатының арабша тексті мен французша аудармасы келтірілген. Тарихтағы аса көрнекті алгебрашылардың бірі Европа ғалымдарымен алыс заманнан аса таяғын ұстап келіп осылай табысып еді. Алғашқы кезде ақын Омар Хайям және математик әл-Хайями екеуі екі басқа кісі саналып жүрді. Мәселен, 1897 жылы шыққан Брокгауз бен Ефронның энциклопедиясында ғалым, ақын болып, екі бөлек екі томда (42 және 73 томда) дара-дара жүр. Әрине, бұл жаңсақтық кейін жөнделді. Ол ол ма, Омар Хайямның ғылым мен өнердің өзге салаларында да еңбектері үлкен екені ашыла бастады (философия, физика, астрономия, тарих, музыка, медицина т. б.). Сөйтіп, Омар Хайям дүние жүзілік әдебиет және ғылым тарихындағы ұлы тұлғалардың біріне айналды. Ол кезде кедей-кембағал кісінің ұстаздық етуі, ғылым жолын қууы аса қиын болатын. Бұл үшін ғалым сарай төңірегінде хатшы, ақын, жұлдызшы (астролог), тәуіп мамандықтарының бірін атқару шарт. Бұл жағдайда ғалымның тағдыры билеуші әкімнің ақыл-парасатына, қас-қабағына, сарай мақындағы төңкеріс, айла-шарғыға тікелей тәуелді болатыны өзінен-өзі түсінікті. Хайям өмір сүрген толассыз соғыс жайлаған аумалы-төкпелі заманда алдыңғы қатарлы ойшылдар мен ғалымдар халі тым ауыр болды. Олар өз көзқарастарын надан да мен-мен сұлтандардың, пасық та залым дін басылардың ыңғайына қарай құбылтып отыруға мәжбүр болды.

Омар Хайям рубайларының Қ.Шаңғытбаев аударған нұсқасы (325 рубай) 1965 жылы жеке кітап болып шықты. Ө.Күмісбаев “Иранбақтың бұлбұлдары” атты жинағында бірнеше шығыс ақындарымен қатар Омар Хайям өлеңдерін 2004 жылы аударады. Омар Хайямның кесенесі Нишапур қаласында орналасқан. Бұл адам тіршілігін математика мен астрономияға бағыштады, өзін Әбу-әли Ибн Синаның шәкіртімін деп есептеді және поэзиямен қолы бос кезде ғана айналысты. Бірақ оның есімін өлмес даңққа бөлеген поэзиясы болды. Фирдоусиден кейін өзін ақынмын деп атауға жүрексінген адам үшін бұл нағыз ақындық бақыт қой!

Омар Хайям – жасынан тынығу дегенді білмеген жан, оны әркез математика мәселелері толғандырды[8]. Дегенмен ол поэтикалық ізденістері кезінде рухани тұрғыда жаны жай табатын десек қателеспеспіз. Бірақ бұл да еңбек етудің бір түрі екенін есте ұстағанымыз жөн. Исфаханда Омар Хайям арнайы философиямен шұғылданады. Ол, әсіресе, Ибн-Сина еңбектерін мұқият зерттейді. Осы кезде арабтың ақыны әрі философы Абу-л-Ала әл-Маарри еңбектерімен танысады. 1080 жылы Омар Хайям алғашқы философиялық еңбегін жазды, оны «Болмыс және болуға тиісті істер туралы трактат» деп атайды. Бұл кітап Иранның оңтүстік провинцияларының бірінің имамы әрі уәзір Фарстың хатына жауап ретінде жазылған. Имам Шығыс пен Батыс философтарының патшасы Абу-л-Хатх Омар ибн Ибрахим Хайямнан Алла Тағаланың әлем мен адамды жаратудағы құдіреттілігін түсіндіруді және дұғалардың қажеттілігіне қалай қарайтындығын сұрады. Бұл хат атақты ғалым, ислам идеологы Омар Хайямның исламға қарсы айтылған сөздерінің кең таралуынан туындалып отыр. Бұл хаттың мақсаты Омар Хайямды исламның маңызды діни міндеттерін мойындату болды. Жауап трактатында өзін Ибн-Синаның шәкірті деп жариялап, өз ойларын Аристотель дүниетанымын ұстанған философ ретінде түсіндірді. Бұл еңбекте Алла Тағалаға алғашқы себеп, ол болмыс өзгешелігі заңы, құдай өмірінен тыс деген идея айтылған. Бұл әлемде Алла Тағаланың бар екендігін мойындай отырып, табиғаттағы тізбектелген нақты өзгерістердің бәрі табиғат заңдылықтарымен түсіндіріледі деді. Әрине, Омар Хайям пікірі мен ортодоксиялық мұсылмандық қағидалары сәйкес келе бермейді. Сол себепті кезінде Омардың мұсылмандығына шүбә келтірушілер де болған.

Омар Хайям «Болмыс және болатын істер туралы трактат» деп аталатын алғашқы философиялық еңбегінен кейін «Үш сұраққа жауап: мәңгілік және детерменизм»,  «Жалпы ғылымның пәні туралы ақыл жорығы». «Ғұмыр туралы трактат». «Қажетті кітап (бар нәрселер хақында)» деген еңбектерін де жариялаған болатын. Бұлар өте қысқа, кейбіреулері бірнеше беттен ғана тұрды.

Омар Хайямның математикадан жазған 2 ірі еңбегі белгілі. Олар: «Алгебра мен әлмүкбәла есептерінің дәлелдемелері туралы». «Евклид кітабындағы қиын постулаттарға түсіндірмелер» деп аталады.
Бұл еңбектердің алдыңғысында алгебра, соңғысында геометрия мәселелері қозғалады. Хайям өз тақырыбына байланысты Аристотельдің, Фарабидің, Птоломейдің, Евклидтің еңбектерін басшылыққа алып отырды.  және математика, алгебра мен геометриялық есептерді шешудің шебері болған.

Омар Хайям «Алтын мен күмістен тұратын заттардағы алтын, күмістің мөлшерін анықтау өнері жөнінде» физикалық трактат жазған. Осымен қатар ол медицина тәуіптік өнерімен де көп шұғылданса керек. Бір нұскада Омар Хайям сұлтан Санжар жас шағында шешекпен ауырған кезде оны емдеп жазды деген дерек бар. Омар Хайямның ғылыми еңбектерінің салмақты жағы оның математикалық жетістіктерінде жатыр. Жоғарыда айтылған календарь формасы жөніндегі жұмыстары мен математикадағы күрделі табыстары Омар Хайямды орта ғасырлардағы дүние жүзілік ғылымының ең көрнекті өкілдерінің бірі деп айтуға мүмкіндік береді. Омар Хайям Фарабидің пікірін дамыта келіп, алгебраны дербес математикалық ғылым ретінде қарап, математика тарихында алгебра пәнін алғаш анықтаған ғалымдар қатарына жатады. Оның концепциясы бойынша: алгебра және әлмукабала өнері - ғылми өнер. Мұның мәні - белгісіз бола тұра басқа бір белгілі нәрсеге байланыстырып анықталатын абсолют сан немесе кесінді, алгебралық есептеулер теңдеу арқылы шешіледі. Егер Хорезми бірінші және екінші дәрежелі (квадрат) теңдеулерді бес түрге келтірген болса, Омар Хайям оларға үшінші дәрежелі (куб) теңдеулер түрін қосып, барлығы 25 түрлі теңдеулерді қарастырады. Үшінші дәрежелі теңдеулердің геометриялық шешуін табуда ол ескі грек математиктерінің дәстүріне сүйенгенімен, олардан әлдеқайда ілгері кетеді. Омар Хайям куб теңдеулердің әрбір түрі үшін олардың түбірін геометриялық жолмен салу тәсілін ұсынады. Ол әрбір теңдеу түбірін тиісті түрде сәйкестендіріп алған шеңберлер, параболалар, гиперболалардың қиылысу нүктелерінің координаттары ретінде табады. Толық болмаса да табылған түбірлерге зерттеу жүргізеді. Қорыта айтқанда, Омар Хайям - үшінші дәрежелі теңдеулерді тұңғыш рет саралап, оларды шешуді белгілі бір жүйеге салуға талпынған математик. Ол куб теңдеулерді алгебралық жолмен шешу әдісін қанша іздегенмен таба алмағанын мойындап, оны табуды болашақ ұрпаққа аманат етеді. Үшінші және төртінші дәрежелі теңдеулерді радикалдар арқылы шешу формулаларын Омар Хайямнан 400 жыл кейін, XVI ғасырда Европа математиктері табады (Тарталья, Кардано, Феррари т. б.). Омар Хайямның математика тарихында көрнекті роль атқарған тағы бір трактаты - «Евклид кітабындағы қиын аксиомаларға (постулаттарға) түсініктеме» деп аталады. Шығарманың атынан көрініп тұрғандай, бұл еңбекті ол ескі гректерден калған математикалық мұраларды түсіндіру, зерттеу негізінде жазған. Ежелгі грек геометрі Евклид өз тұсындағы геометриялық білім-мағлұматтарды белгілі бір жүйеге салып, қазіргі орта мектеп геометриясына (элементарлық геометрия) жуық түрге келтірген. Евклид кітабының бас жағында бірнеше аксиомалар келтіреді. Осы аксиомалардың біреуі 2000 жыл бойы математиктер арасында үлкен талас туғызып келді. Ол математика тарихында «бесінші постулат» немесе «параллель түзулер жөніндегі аксиома» деп аталады. Бұл аксиоманың тұжырымы мынандай: «Егер бір түзу екі түзуді қиып өтіп, олармен қосындысы екі тік бұрыштан кем болатын тұстас ішкі бұрыштар жасайтын болса, онда ол екі түзу созған кезде міндетті түрде өз ара қиылысады». Лобачевский бесінші постулатты оған қайшы келетін басқа аксиомамен ауыстырып, Евклид геометриясынан өзгеше евклидтік емес геометрияны жасап шығарды. Омар Хайямның геометриялық зерттеулері Евклидтен Лобачевскийге дейін созылған осы параллель түзулер теориясы тарихының жуан ортасынан орын алады. Омар Хайям Евклид аксиомасының орнына оған бара-бар келетін басқа аксиомалар енгізеді және бұлар арқылы сол бесінші постулаттың өзін дәлелдейді. Әрине, Хайямның дәлелдеуі мінсіз емес. Алайда оның дәлелдеу әдісі және осы дәлелдеу барысыңда пайдаланылған табанындағы бұрыштары тік, бұйір қабырғалары тең төрт бұрыш евклидтік емес геометрия тарихында өте маңызды роль атқарады. Бұлар кейін Шығыстың бір ірі математигі Насыреддиннің (XIII ғасыр) параллельдер теориясы жөніндегі жетістіктеріне негіз болады. Омар Хайям идеялары Насыреддин арқылы кейіннен Европа математиктеріне кеңінен мәлім болады. «Саккери төрт бұрышы» аталып кеткен әлгі төрт бұрыш Лобачевский зерттеулерінде де кездеседі. Бұл төрт бұрыш қазір «Хайям - Саккери төрт бұрышы» деп аталады. Жоғарыда аталған геометриялық трактатында Омар Хайям қатынастар теориясын және осыған байланысты құрамды қатынастарды айрықша қарастырып, аса маңызды идеялар айтады. Ежелгі гректер, мысалы, Евклид сандар мен геометриялық шамаларды бір-бірінен мүлде бөліп қараған. Олар сан деп тек бірдің жиынын, яғни бүтін оң сандарды ғана есептеген. Сондықтан да олар арифметиканы геометрияға қолдануға бүтіндей қарсы болған. Өз ара өлшемдес емес кесінділерді салыстыру үшін гректер арнайы түрде қатынастар теориясын жасаған. Омар Хайям Евклидтің осы қатынастар теориясын бүтіндей сынға алып, оның мықты және әлсіз жақтарын ашып көрсетпекке әрекеттенеді. Ол қатынастар теңдігінің Евклидтен бөлек, өзінше анықтамасын ұсынады. Бұл кесінділер қатынасын бүтін сандар қатынастары арқылы жуықтауға мүмкіндік береді. Омар Хайям трактатының үшінші бөлімінде құрамды қатынастарды қарастыра келіп, сан ұғымын кеңейту керектігі туралы өте тамаша қорытындыға келді. Омар Хайям бұл жерде Фарабиді тағы да тікелей дамытады. Ол кез келген үздіксіз шамаларды өлшеуге жарайтындай, бүтін сандардан әлдеқайда жалпы жаңа сандарды енгізуді ұсынады. Сөйтіп, Фараби мен Омар Хайям жүздеген жылдар бойы алшақ келген арифметика мен геометрия арасын байланыстыруға теория жүзінде тұңғыш қадам жасайды. Бұл тамаша идея ұзақ дамуды басынан кешіріп, кейін Европада нақты сандар теориясының шығуына әкеліп соқты. Омар Хайям заманынан бері 900 жыл өтсе де, керітартпашылар оның есімін халық санасынан біржола өшіре алмады. Кеңес ғалымдары тарапынан Омар Хайямның ғылми және әдеби мұраларын зерттеуде көп жұмыстар жүргізілді. Мәселен, Москва ғалымы Б.А.Розенфельд оның бізге жеткен бүкіл ғылми және философиялық трактаттарын орыс тіліне аударып бастырды. Ол және белгілі математика тарихшысы А. П. Юшкевич Омар Хайямның математикалық еңбектерін түгелдей талдау, саралау жолында көп жетістіктерге жетті. Бұл зерттеулер Омар Хайямның ғалымдық және ақындық алып бейнесін ашып көрсетіп, оның адам баласы мәдениеті тарихынан алатын өзіне лайық үлкен орнын объективті түрде бағалауға мүмкіндік беріп отыр.

Омар Хайям Санжар сұлтанның кезінде Хорасаннан кетуге мәжбүр болып, Мавераннахрға келгенде Әбу Тахир дейтін бай, билікті де білікті кісінің оң көзі түсіп ғалым үзіліп қалған ғылми жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік алады. Хайям Әбу Тахир туралы алгебралық трактатының кіріспесінде: «Даңқты, тендесі жоқ, қазылардың қазысы мырза Әбу Тахирдің көмегі мен ықыласы менің тынысымды кеңітті, оның мырзалығы мен жомарттығы арқамды жазып, мәртебемді көтерді. Оның қауымына жақындағаннан кейін мен өзімді тұрмыстың қиындығынан тастап кеткен философия мәселелерін сүйегіне дейін шағуға, егжей-тегжей баяндауға міндетті санадым», - деп жазады. Бұл үзінді Хайям заманында ғалымдар атақты мырзалардың материалдық қайырымына, жәрдеміне қаншалықты мұқтаж, зәру болғанын аңғартады. Олар қаласын-қаламасын күні үшін, әсіресе ғылым мен өнер үшін, надан, тәкаппар бай сұлтандарды марапаттап мақтауға мәжбүр болғаны сезіледі. Әбу Тахирден кейін Хайям Бұқара ханы Шамс әл-Мүлк, содан кейін Мәлік-шах сұлтанның қамқорлығында болады. Хайям әсіресе сұлтанның бас уәзірі жоғарыда айтылған Низам ол-Мүлкпен достасып, өзара жақсы қарым-қатынаста болған.  Бақталастар қолынан Мизам әл-Мүлк өлгеннен кейін көп ұзамай Мәлік-шах дүние салады. Оны да сарай төңірегендегі билеушілер мен қожа-молдалар қастандық жасап, у беріп өлтіріпті деген қауесет бар. Осыдан соң біраз төңкерістен кейін таққа Мәлік-шахтың баласы, кейіннен аты әйгілі болған сұлтан Санжар отырады. Ол астананы Мервке (қазір Мары қаласы, Түркменстанда) көшіреді. Ескі Мервте сұлтан Санжар құрметіне салынған зәулім күмбез әлі бар. Осы тұста Хайям өзінің «Наурызнама» атты еңбегін тамамдайды. Бұл еңбекте ежелгі мейрам - Наурыз, түрлі күнтізбелер, тарихи әңгімелер мен аңыздарға көп орын берілгем. Мәселен «Иран патшаларының салттары» деген тарауда Хайям олардың қонақжайлығы, еркөңілділігі, әділдігін сипаттайды, әсіресе зәулім үй салуға әуестігін, ғалымдарға қамқоршылығын баса айтады. «Олар үй салуға өте құштар еді, - деп жазады Хайям, - егер патша салтанатты сарай, қала-кент, керуен-сарай, қамал салдырса немесе канал қаздырса, ол құрылыс оның көзі тірісінде бітпей қалса оны аяқтау, жеріне жеткізу таққа отырған мирасқордың ең бірінші парызы болып саналған. Патшаның ұлы бұл жөнінде әкесінен де асып түсуге міндетті». «Қалам жане сөз туралы» тарауды Хайям ғалымдарға арнайды: «Ілгергі ғұламалар, - дейді Хайям, - қаламды патшалық сәні, жүрек хабаршысы деп атаған. Қаламсыз сөз, денесіз жан тәріздес, ал олар қаламмен және денемен қосылса онда мәңгі-бақи сақталмақ... Сөз қадірін білетін, ал қалам өнерін меңгермеген кісі жарымжан адам секілді, өйткені қалам қасиеті үлкен қасиет, оған еш нәрсе тең келе алмайды, ол адамды періштеге, шайтанды адам дәрежесіне көтере алады...», - деген болатын.  Низам әл-Мүлк қайтыс болғаннан кейін Хайям сарай төңірегінен аластатыла бастайды. Мұның басты себебі оның қайтыс болған уәзірмен аса жақын тұруы болса керек. Хайямның еркіндігі, дінге, саясатқа қайшы келетін мысқылды рубаяттары мен философиялық ойлары бұл араздықтың отын одан сайын маздатып жіберген сияқты. Дін басылары Омар Хайямды мұсылман жолынан тайды, ауытқыды деп айыптап көп қудалайды, ақыр аяғында қартайған шағында Меккеге тауап қылуға мәжбүр етеді. Бұл мәселенің егжей-тегжейін XIII ғасыр тарихшысы ал-Кифтидің «Кемеңгерлер тарихынан» еңбегінде: "Замандастары оның дінін даттап, ішкі ниеттерін сырын сыртқа шығарғаннан кейін, ол жанынан қорқып тілін тартып, қаламын тежеуге мәжбүр болды. Ол қажылыққа  құдайдан қорыққандығынан емес, құпияларының жария болғаны үшін кетіп еді. Бағдатқа келгенін естігенде, ондағы көне ғылым білгірлері бәрі жиналып Хайямға сәлем беріп, сөз тыңдауға ұмтылысты. Алайда ол райынан қайтқан сыңай білдіріп, ешкімді қабылдамай қойды. Қажылықтан оралғанда ол басқа еш жерге бұрылмастан туған қаласына келді, ертелі-кеш намазға жығылып, бірақ өз сыры өз ішінде болып ешкіммен араласпай, томаға-тұйық күн кешті. Астрономия мен философияда оған тең келген кісі болмады». Бұл үзіндіге қарағанда, Хайямның Кұран қағидалары мен шариғатты, қажылық пен намазды мойындағанын көреміз. Ол шын сырын ашық айтпай, бүркемелеп, білдірмеуге тырысқан, мұны Хайям өзінің көптеген рубаяттары, ғылми-философиялық трактаттары арқылы жүзеге асырған деп айтуға болады. Тарихшы Табризи «Хайям үй-орман құруға, отбасы бақытын ешқашан ойлаған емес, одан ұрпақ қалған жоқ, оның ұрпағы - рубаяттары, араб және парсы тілінде жазылған мәшһүр шығармалары» деген мағлұмат келтіреді. Хайям 1131 ж. Нишапур қаласында 83 жасында қайтыс болған. Ғалымның өлімінің басы-қасында болған туысы Мұхаммед ал-Бағдади мынадай деректер береді: «Ол алтын тіс шұқығышын алып тісін асықпай тазартты да қолына Әбу Әлидің «Шипа кітабын» алып метафизикасын баптап оқи бастады. Дара және көп жайлы айтылған жерге жеткенде, екі бет арасына тіс шұқығышын қойып, «хатшыны шақыршы, мен өсиет жаздырайын» деді. Сонан соң жалма-жан тұрып намазын оқыды, нәр татқан жоқ. Кешкі намаздан кейін сәждеге басын қойып: «О тәңірі, мен бар мүмкіндігім келгенше сені тануға ұмтылғаным өзіңе аян. Кешір мені, менің сені білуім - менің саған қарай сапар шегуім», - деп жан тапсырады. Әрине, Омар Хайям өлер алдында аузына Алланың атын алып, кешірім сұрауы, оның бүкіл ұзаққа созылған саналы өмірінде жаратқанды тануға бағытталды деп баға беруге болады. Өйткені адамның бүкіл өткен ғұмырындағы ғылым мен білім алуға, пайдалы ілім қалдыруға бағытталуының өзі үлкен мәртебе. Орта Азия жазушысы Низами Самарқанди (1110-1155 жж) Хайяммен замандас, сұхбаттас болған кісі. Ол өзінің «Төрт тарау немесе сирек айтылатын әңгімелер жинағы» деп аталатын кітабында Хайям жөнінде бірсыпыра мағлұматтар береді. Ол бір естелігінде ғұламаның ақыры, зираты жайлы тебірене жазады: «Хиджраның 506 жылы Балхының құлдар сатылатын базарындағы Әбусейт Жарра әмірдің үйінде қожа имам Омар Хайям мен оның шәкірті оқымысты Мұзаффар Исфизари отыр екен. Оларға кішілік ізет көрсетіп, қызмет етейін деп мен де қосылдым. Сонда әңгіме үстінде Омар былай деп еді: «Менің зиратым самал жел сансыз түрлі гүлдерді үрлеп әкеліп, көктем сайын құлпыртып тұратын жерде болады». Мен бұл сөздерге қайран қалдым, бірақ ондай адамның бекер сөйлемейтінін бұрыннан білуші едім. Хиджраның 530 жылы жолым түсіп Нишапурға келгенімде, сол ұлы адамның бетін топырақ жауып сорлы дүниенің жетім қалғанына төрт жыл болған екен. Ол маған да ұстаз болған адам еді. Жатқан жерін білетін бір кісіні қасыма ертіп, дұға оқу үшін жұма күні қабіріне бардым. Әлгі кісі мені Хира зиратханасына әкелді. Сол жағыма карап едім, бақты қоршаған дуалдың түбіндегі моласын көзім шалды. Бақтағы жайқалып тұрған алмұрт пен шабдалы ағаштарының жасыл бұтақтары зиратты гүлге бөлеп тұр екен. Сол арада Балхыда естіген сөзім есіме түсіп, еңіреп қоя бердім. Жер үстінде оған осыдан лайық орын табылмас»...

Омар Хайям - ең әуелі сырға толы, парасатты пайымдаулар мен ойға негізделген рубаяттардың авторы. Рубаят шығыс ақындары арасында мол таралған төрт жолдық  өлең формасы екенін жоғарыда айтқанбыз. Омар Хайямнан қалды делініп жүрген мыңнан аса рубаят бар. Олардың кейбіреулері бірнеше нұсқада кездеседі. Бұған қарағанда Хайямның рубаяттары алғашқы кезде қағаз жүзінде емес, ауыздан ауызға көшіп таралған тәрізді. Бұлардың басым көпшілігінде ол шариғаттың нұсқауларына қарама-қарсы бүл дүниенің қызығын паш етеді, адамның еркіндігін дәріптейді. Сондықтан да тарихшылар Хайямның рубаяттарын «шариғатты шағып алатын улы жыландар» деп тегін атап жүрген жоқ. Хайямның өлеңдері мұсылман дінінің қатып қалған қағидаларына, дүние молдалардың өтірік уағызына қарсы бағытталып, ащы мысқыл мен ажуаға толы болып келеді. Хайямның өлеңдеріндегі кереғар қайшылықтар, алуан түрлі контрастар оның ақындығын, дүниеге көзқарасын зерттеуші ғалымдар бұрыннан байқап, таң қалған жәйіттер. Жалпы, Омар Хайям өлеңдерін философиялық терең ойларды халыққа қонымды түрде жеткізудің жеңіл, ойға тез жатталатын құрал ретінде жатталып қалды.

Халық арасында Омар Хайямның есімі, еңбектері аса қымбат. 1934 жылы Хайямның творчествосын ардақтаушылар жиған қаржы-қаражатқа Нишапурда (имам Махрук мешіті қасында) ұлы ғұламаның моласына ескерткіш орнатылды. Ескерткіште парсы тілінде мынадай төрт жол өлең жазылған:

Хайямның моласына тізеңді бүк,

  Тілек тіле, ойдағы қайғыңды ұмыт.

  Ескерткіштің уақытын білгің келсе,

  Соңғы жолдың сандарын жинақтап шық.

Ең соңғы жолдың әріптеріне сәйкес цифрлардың (әбжад есебі бойынша) мәндерін қосса хиджра есебі бойынша ескерткіш соғылған жылы - 1313 жыл, яғни біздің календарь бойынша 1934 жыл шығады. Алайда тамаша ақын, асқан ғалымның өзі орнатып кеткен ескерткіші - оның поэзиялық, ғылыми мұралары екені даусыз. Еркіндікті, өмір қуанышын паш еткен асқақ рубаяттары оқушыларға қазір де дәл бұдан мың жыл бұрынғыдай рухани және көркемдік ләззат береді. Қайта дұние жүзінің сандаған тілдеріне аударылып, олар өлшеусіз кең өріс алып көпке ортақ болып отыр. Хайямның философиялық, ғылми идеялары да қазіргі ғылым мен философияның қарқынды тасқынының кұрамында өмір сүруде. Хайям аты қазақ халқына бұрыннан мәлім есім. Революцияға дейін-ақ ескіше оқыған ақындар, зиялылар Хайямды, оның шығармаларын білген. Дінді, дүмше молдаларды ажуа-сықақ еткен рубаяттары көптеген ақындарға үлгі болған. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сәбит Мұқанов өз кезінде Хайямның ұлылығын бір шумақ өлеңмен былай тұжырымдайды:

Төрт жолмен талай ойды еткен баян,

  Сондықтан да атағы әлемге аян.

 Мәңгіге төрт тағандап тұрып қалған,

  Не деген берік еді Омар Хайям.

 Омар Хайямның өшпес мұрасы математика, астрономия, философия, шәкірт тәрбиелеген ұстаз ретінде ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретіні хаһ.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.  Омар Хайям. Рубайат. Трактаты (сборник). - Москва: Эксмо, 2004.

2.  Омар Хайям. Самые мудрые притчи и афоризмы. - Москва: АСТ, 2016.

3.  Омар Хайям и персидские поэты Х-ХІ веков. - Москва: Белый город, 2006.

4.  Ақпанбек Г. Қазақтардың дүниетанымы. - Алматы: Қазақ университеті, 1989.

5.  Звездный каталог ал-Бируни с приложением каталогов Хайяма и ат-Туси. -Историко-астрономические исследования. -Вып. VIII. - 1962. - С.83-192.

6.  Идрис Шах. Суфизм. - М., 1994. - 193 – 201б.

7.  Климишин И. А. Календарь и хронология. - Москва: Наука, 1981.

8.  Сөнбес жұлдыздар. – Алматы, 1996.  - 194-215 бб.

Ж.Е. Жаппасов, Н.А.Тасилова., А.Т. Ахметжанова

КазНУ пмени Аль-Фараби

Алматы г., Казахстан

Омар Хайям - жизнь и творчество

Аннотация

  В настоящей статье на основе анализа исторических источников и исследований изучена жизнь и деятельность, творчество выдающегося ученного, философа и поэта Омара Хайяма. Известность Омар Хайям снискал, главным образом, как поэт, однако, если бы не его деятельность на литературном поприще, он все равно остался бы в истории науки как выдающийся математик, автор новаторских сочинений.При жизни Хайям был известен исключительно как выдающийся учёный. На протяжении всей жизни он писал стихотворные афоризмы, в которых высказывал свои сокровенные мысли о жизни, о человеке.

  Ключевые слова: философия,мыслитель, рубаи, астрономия, династия Сельджукидов.

Zh.E. Zhappasov, N.A. Tasilova, A.T. Ahmetzhanova

Al-Farabi Kazakh National University,

Associate professors, Candidate of Historical Sciences

Almaty, Kazakhstan

OMAR HAYAM - LIFE AND CREATIVITY

Annotation

In this article, that based on an analysis of historical and researches the life and activity, creativity of the outstanding scientist, philosopher and poet Omar Khaya Hayam.
 Omar Hayam won fame primarily as a poet, however, if not for his work in the literary field, he would still remain in the history of science as an outstanding mathematician, the author of innovative works.
During his lifetime Hayam was known exclusively as an outstanding scientist. Throughout his life he wrote poetic aphorisms, in which he expressed his innermost thoughts about life, about human.
<b>Key words:</b> philosophy, thinker, rubai, astronomy, dynasty of Seljukids.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз