Басты бет » Материалдар » ӘӨЖ 930.2:94(574) ХV-XVI ҒҒ. ҚАЗАҚ БИЛЕУШІЛЕРІ МЕН ОРТА АЗИЯДАҒЫ ШАЙБАНИ ӘУЛЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ТУЫСТЫҚ-НЕКЕЛІК ҚАТЫНАСТАР

¹Н.А. Тасилова, ¹А.Т. Ахметжанова, ²Ғ.З. Искакова

ӘӨЖ 930.2:94(574) ХV-XVI ҒҒ. ҚАЗАҚ БИЛЕУШІЛЕРІ МЕН ОРТА АЗИЯДАҒЫ ШАЙБАНИ ӘУЛЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ТУЫСТЫҚ-НЕКЕЛІК ҚАТЫНАСТАР

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2 (14)

Аңдатпа:
Бұл мақалада ортағасырларда тарих сахнасына көтерілген Қазақ хандығының көрші жатқан Мәуреннахрдағы Шайбанилер әулеті арасындағы туыстық байланыстары мен некелік қатынастарының тарихы жазба деректер мен тарихнамалық еңбектердің негізінде зерделенген. Әсіресе, Шыңғысханның ұрпақтарының туыстық байланыстары, екі әулет арасындағы бейбіт келісімдер мен некелік одақтардың маңызы, әскери одақтардың өзара тиімді некелік қатынастарға ұласуы, олардың өзара тиімді байланыстары қарастырылған. Зерттеу мәселесі арнайы бұрын қарастырылмағандығымен өзекті болып табылады. Кілт сөздер: хандық, тамыры, саяси, некелік байланыстар, туыстық қатынастар, дипломатия.
Мазмұны:

Ортағасырлардағы Қазақстан тарихы, оның ішінде ХV-XVI ғасырлардағы мәселелері әлі де болса толығымен зерттелмеген, өте күрделі кезеңдердің бірі болып табылады. Бұл ғасыр Қазақ хандығының негізі қаланып, тәуелсіз мемлекет ретінде өзін таныта бастағанымен ерекшеленеді.

Кез-келген мемлекет пайда болып, қалыптасқаннан кейін-ақ өзінің ары қарай дамуы, күшеюі үшін ішкі және сыртқы саясатын көрегендікпен, дұрыс жүргізе білуі тиіс. Осындай тарихи үрдісті берік ұстаған Қазақ хандығы ХV ғ. соңында өзінің сыртқы саясатында стратегиялық маңызы зор Сыр бойындағы қалалар үшін Орта Азияның жаңа билеушісі – Мұхаммед Шайбани ханмен түрлі бағыттардағы қарым-қатынастар жүргізді. Сондай қарым-қатынастардың ішіндегі әлі де болса толық зерттелмеген мәселелердің бірі – Қазақ хандығының көрші Шайбанилық әулетпен жүргізген дипломатиясындағы некелік қатынастар. Біз бұл мақаламызда осы мәселені қарастырып, Қазақ хандығы мен Шайбани әулеті арасындағы некелік одақтардың атқарған қызметіне, оның маңызы мен сипатына және туыстық қатынастарына жан-жақты талдау жасамақпыз.

Дипломатиядағы әулеттер арасындағы некелік қатынастардың ел мен ел, мемлекет пен мемлекет арасындағы маңызы қандай дәрежеде болғанын сонау ата-бабаларымыздың тарихына тереңірек үңіле отырып, зерделеп көрелік. Мәселен, үйсін, ғұн тайпалары, жалпы түркі халықтары өз көршілерімен немесе одақтастарымен келісімдерін некелік қатынастар арқылы мейлінше жақындастыруға, туыстастыруға ұластырып отырған. Орыс, қытай жылнамаларында, парсы, түркі және т.б. жазба деректерінде әулеттік некелер жайында көптеген мәліметтер кездеседі [1].

Ал, тарих ғылымдарының докторы, шығыстанушы ғалым М.Х.Әбусейітова өзінің ғылыми монографиясында Қазақ хандарының дипломатиясындағы некелік одақтың мәні мен маңызына тоқталып, оның дипломатиядағы рөлін нақты мысалдармен түсіндірген болатын. Сондықтан да ғалымның еңбегі біздің мақаламыздың методологиялық негізі бола алады [2].

Олжас Сүлейменов өзінің «АзиЯ» еңбегінің «Неке» атты тарауында Русь пен көршілері арасындағы некелік қатынастардың қандай мақсат-мүдде тұрғысында жүзеге асырылғанына тоқтала келіп: «Әулет пен әулет өкілдерінің өзара некелесу дәстүрі түркі халықтарында ежелден бар... орыс кінәздары Далаға бағынышты еді. Оған кінәздердің некелік қатынастары дәлел бола алады. Ұлыстық кінәздер Турандот (Тұранның қыздары – авт.) ханшайымдарға үйлену арқылы сайын Даланы билеп-төстеушілермен одақтаса отырып, өздерінің иелік еткен жерлерін кеңейтеді. Некелер ұзақ жылдарға созылған әскери одақтың белгісі еді. Орыс кінәзіне қызын ұзатқан ру онымен туыстасып, оған қарсы шабуыл жасамаған, қауіп-қатерден қорғап отырған және әйел тарапынан қайындасатын туған-туыстар түркі халықтарында ерекше құрмет пен сый-сияпатқа ие болады», - деп некелік қатынастар арқылы одақтасудың мәнін ашып көрсеткен [3]. Тарихи жалғастығы мен сабақтастығы бар осындай дәйектерді негізге ала отырып, біз Қазақ хандығы мен Шайбани әулеті арасындағы некелік және туыстық қатынастарды біршама ашып көрсетуді жөн көрдік.  

Қазақ хандары мен сұлтандары дипломатиялық қарым-қатынастар арқылы елдің сыртқы саясатын өрістетіп, халықаралық байланыстарын нығайтудың әралуан жолдарын өз пайдаларына шебер шешіп отырды. Сөйтіп, соғыстарды жеңіспен аяқтауға немесе төніп тұрған қауіп-қатерді болдырмауға түрліше айла-тәсілдер ойлап тапқан. Сөйтіп, өзге көрші мемлекеттермен достастық байланыстарын сақтап қалу мақсатында қазақ хандары әулеттер арасындағы некелік қатынастарды да шебер пайдаланып отырды. Некелесу барысында тұтанайын деп тұрған соғысты болдырмай, керісінше достастығын нығайтуға қол жеткізіп отырған. Қыз берген қайсібір әулеттер қалыңдықтың жасауы ретінде сыйға жер беріп, құдаларының территория ауқымын кеңейте түскен, әрі сол құдандалы әулеттің қорғаушысына, жақтаушысына айналатын. Ал, қайсібір жағдайларда некелік қатынастардың сәтсіздікке ұшырауынан тату-тәтті отырған іргелес мемлекеттер соғыс өртін тұтандыруға дейін барған кездері де болған.

ХV-XVI ғғ. аралығында Қазақ хандарының сыртқы саясатында халықаралық дау-дамайларды бейбіт жолмен шешуге бағытталған әдіс-тәсілдер халықаралық деңгейдегі өз уақытына сай елшілер, шабармандар, тілмаштар арқылы жүзеге асырылып отырған.

Көптеген деректердегі мәліметтерге мұқият назар аударар болсақ, қазақ хандары мен көршілес мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды, бейбіт одақты нығайтудың бірден-бір жолы – әулеттер арасындағы некелік қатынастар болған. Бұған мысал ретінде «Бахр әл-асрардан» мына бір мәліметтерді келтіруімізге болады: «Темір сұлтанның қалмақтардан қолы босап, қатарына басқа да әскерлер қосылғаннан кейін, оның санасына қазақтар мен қырғыздарға байланысты ой келеді. Ол олардың біріккен шебіне бірнеше дүркін шапқыншылық жасап, қатарын сейілтті. Қысқаша айтқанда, Темір сұлтан сол тайпаның мүліктік жағдайы мен күйін титықтатып тастағаны соншалықты, Абылай сұлтан оған өзінің қызын әйелдікке беруі арқылы, туысқандық қатынасқа баруына тура келді. Осының арқасында бірнеше күннен соң-ақ осы аймақта бүлік шаңы басылып, жүрек айнасы тат пен шаңнан тазаланды», - делінген [4].

Әулеттер арасындағы неке осылайша одақ құрып, оны мызғымастай татулықта ұстап тұрудың дәнекеріне айналды. Мәселен, моғолдар мен қазақтар арасында да осындай дәстүрлі жақындастыққа кең жол ашылған: «Есен Бұға хан дүниеден қайтқанда, Жүніс хан достық пен махаббаттың негізін туысқандықпен, неке арқылы бекітіп, өзінің қызы Михр Сұлтан Нигар ханымды Әбу Сайд мырзаның баласы Омар-Шейх мырза қайтыс болғаннан кейін, Жәнбектің ұлы Әдік сұлтанға берді. Осылайша екі жақ некелік қатынас арқылы достық байланыстарын нығайта түсті», - делінген [5]. Кейін Әдік сұлтан қайтыс болғаннан кейін Михр Сұлтан Нигар ханым Қасым ханның әйелі болады.

Әулет аралық некелік қатынастар ұрпақ жалғастығы арқылы ел мен ел арасындағы тыныштықты мейлінше нығайта түсетініне билеушілердің үміттері зор болды. Бұл сөзімізді мына мәліметтерде дәлелдей түсеміз: «Жүніс ханның үш қызы болды. Олардың үлкені Михр Нигар ханым – Саид ханның шешесі және Қасым ханның әйелі болған. Екінші қызы – Құтлық Нигар ханым – Бабырдың шешесі еді. Ал үшіншісі – Хұб Нигар ханым – Мұхаммед Хайдар Дулатидың шешесі болған» [4, 353- б.]. Бұдан шығатын қорытынды – апалы-сіңілі қыздардан туған, аттары тарих беттерінен өшпейтін тұлғалар бір-біріне бөле туыстар болған. Әрі олар бір-біріне кез-келген қысылтаяң жағдайларда қол ұшын беріп, көмектесіп отырған.

Осындай тарихи деректерге сүйенер болсақ, Қазақ хандығын күшті мемлекетке айналдырып, атын шығарған Қасым ханның да Шайбанилықтармен туыстығы бар еді. Қасым хан мен Мұхаммед Шайбани ханның інісі Махмұд Сұлтанның шешелері апалы-сіңілі адамдар болған. Зерттеулерде көрсетілгендей, Қасым ханның анасы – Жаған бегім Махмұд сұлтанның анасы – Аққозы бегімнің туған сіңілісі. «Шайбани наме» дерегінде Аққозы бегімнің бірінші баласы – Шайбани хан, ал екінші баласы – Махмұд Сұлтан деп көрсетілген[6]. Бұл мәліметтен шығатын қорытынды – Қасым хан тек Махмұд Сұлтанның ғана месе, Мұхаммед Шайбани ханның да бөле туысы болған. Демек, қазақ ханы мен Шайбани әулеті арасындағы туыстық байланыстар шешелері жағынан болған. «Нусрат наме» мен «Шайбни наме» атты шайбанилық деректерде мынандай мәліметтер келтірілген, бірде Шайбани ханың інісі Махмұд Сұлтан қазақ ханы Бұрындықтың қолына тұтқынға түседі. Қасым хан аналары жағынан жақын туысы болып келетін Махмұд Сұлтанды құтқарып, тұтқыннан жасырын босатып жібереді[7]. Сонымен қатар Фазлаллах ибн Рузбиханның дерегінде мынандай туыстық байланыстар туралы мәліметтер бар: Шайбани қазақтарға қарсы қасиетті соғысқа аттанардың алдында Рузбихан мен Убайдолла сұлтан туыстық байланыстары бар қазақтар жөнінде сөз қозғайды. Әңгіме «туыстық қатынас өмірді ұзартады» деген хадиске байланысты еді. Сонда Рузбихан «егер де жақын туысың опасыз немесе Аллаға сенбейтін болса, онымен қатынасты бұзбай, намаз арқылы оның да тура жолға, исламға түсуіне сұрану керек. Қазақ әскерлері құдайдың заңдарына қайшы әрекет жасағанымен, сыртқы келбетімен де, жалпы тектерімен қандарың туыс болып келеді» дегенде, Убайдолла сұлтан: «біздің туыстық байланыстарымыз соғыс пен ұрыстан дұшпандыққа айналып, бәсекелестік пен дұшпандыққа ұштасқан. Алайда, егер де хан ием (Шайбани – авт.) солай болады десе, біз оның құлдары осыны қабылдаймыз»,- дейді. Яғни, қазақтар мен шайбанилар аналары жағынан ғана емес, сонымен қатар тектері бір Шыңғыс ханның ұрпақтары болып келеді [8].

Кез-келген некелік қатынас барысында ұзатылатын ханшаның мойнындағы жүк ауыр болған. Өйткені, екі әулет бүгін құда болып достасып, ертең сол ханшаға тікелей  байланысты қайсібір келеңсіз мәселелерге орай бір-бірінің ата жауына айналмасына кім кепілдік бере алады?

Бірақ ұзатылған қыз басқа әулеттің келіні ғана емес, ол – некелі жар, болашақ ана. Хан да, сұлтан да, ақсүйек те, кедей-кепшік те сол ананың дүниеге әкелген перзенті. Ананың сөзі қашан да өз баласына өтеді. Сондықтан да, басқа елге барған ханша болашақта саясатқа араласа алатын ықпалды, белсенді әйел бола алған. М.Х. Әбусейітова өзінің еңбегінде: «Басқа елге ханша болған қазақ қызы күйеуге беріліп, ұзатылғанда, сол барған елдің Қазақ хандығына бағытталған сыртқы саясатына белгілі бір дәрежеде рөл атқармаса да, аз болса да әсері мен ықпалы болатын шығар, бірақ бұл тек гипотеза» [2], - деген болжам жасайды. Шындығында көп жағдайда қазақ ханшасының тағдыры қай мемлекетте болса да, ондағы тарихи жағдайларға тікелей қатысты болды. Ал, Қазақ хандығы тарихында ханша атаулылардың елдің ішкі және сыртқы саясатында белсенділік танытқандары туралы деректер мол кездеседі. Мысалы, тарихта сондай рөл атқарған әйелдердің бірі Жүніс ханның қызы – Михр Сұлтан Нигар ханым болған. Деректерде келтірілгендей, қазақ ханы Тахир кезіндегі Моғолстан арасындағы ушыққан жағдайды Сұлтан Нигар ханымның араласуымен шешкен болатын, хан қызы екі ел арасындағы достық қатынастың орнауына ықпал жасаған. Сондықтан да қазақ билеушілері өздерінің мұрагерлеріне ғана емес, сонымен қатар күйеуге берген қыздары мен қарындастарының ертеңіне үлкен үміт артқан

Қазақ хандары мен шайбанилер әулеті арасындағы некелік қарым-қатынастар әлі де толық зерттелмеген мәселелердің бірі. Себебі, деректер өте аз, әрі шашыраңқы.

Маңызды дерек көзі ретінде «Нусрат наме», «Шайбани наме», «Бахр ал-асрардан» алынған мәліметтер бар. Мәселен, «Нусрат намеде» Шайбани ханның інісі Сұлтан Махмұд пен баласы Темір сұлтанның әйелдері деген бөлімінде қазақтың ханы Бұрындықтың қызын Мұхаммед Шайбани ханның баласы Темір сұлтанның алғандығы және бұл некеден Абдал шах сұлтанның туылғандығы жайында мәлімет бар. Бұл мәлімет «Бахр ал-асрарда» қайталанады[4].  Ал, «Шайбани намеде» Бұрындық келісімді некелік одақпен бекітіп, бір қызын – Шайбанидың інісі Сұлтан Махмұдқа, екіншісін – оның баласы Темір сұлтанға берді делінген. Бұл мәліметтерден Шайбани әулеті мен Қазақ билеушісі арасындағы бейбіт келісім некелік одақпен бекітілгенін көреміз. Ал, тарихшы С. Жолдасбайұлы өзінің ғылыми еңбегінде: «Осы кезде Өзбек хандығы мен Қазақ хандығы арасында уақытша бітім жасалады. Мұрындық (Бұрындық – авт.) Мұхаммед Шайбани ханмен соғысудың нәтижесі жақын арада болмайтындығын сезіп, онымен құдандалық жасаудың жолына түсуді ойлайды. Сөйтіп, бір қызын – ханға, екіншісін – оның інісі Махмұт сұлтанға тұрмысқа беріп, аралары аз да болса жақындасады. Өзбек ханы қазақтармен құда болғаннан соң, Орта Азиядағы тыныштықты пайдалануға тырысады», - деп келтіреді[9].  Сонымен қатар С.Г. Кляшторный мен Т.И. Султанов: «Бұрындықтың төрт ұлы және бірнеше қызы болды. Бір қызы – Дадим ханым Жәнібек ханның немересі, қазақтың болашақ ханы Шығай сұлтанға тұрмысқа берілді. Қалған үшеуі XV ғасырдың 90-шы жылдарында Шайбандарға, бірі – Мұхаммед Шайбани ханға, екіншісі – Шайбанидың інісі – Сұлтан Махмұдқа, үшіншісі – Шайбанидың ұлы Темір Сұлтанға берілді. Соңғысы Михр Сұлтан ханым Самарқандта тұрып, вакф құжаттарында сақталған мәлімет бойынша ірі меншік иесі болған Бұрындық өмірінің соңында сол қызының қолына кеткен» [10], - деп жазған. Бұл зерттеулерден біз, Бұрындық хан өзінің екі емес үш қызын Шайбанилықтарға ұзатқанын және Шайбани ханның өзі де Бұрындыққа күйеу бала болғанын көреміз. Сондай-ақ үшінші қызы Михр Сұлтан ханымның аса беделді болғанын, Бұрындық ханның сол қызының қолына кеткендігін айқындаймыз.

Зерттеуші Н.Д. Нуртазина өз зерттеуінде «Орталық Азиядағы халықтардың рухани-мәдени, идеологиялық бірігуінде қазақ, қашғар, Орта Азияның хандары мен сұлтандарының әулет аралық некелері маңызды рөл атқарды деп атап көрсетеді. Ақсүйектердің отбасынан шыққан әйел білімді және діндар болған. Ондай әйелдер бейбітшілік пен мәдениеттің таралуына ықпал еткен деп мысал ретінде Бұрындықтың екі қызы Шайбанилықтарға күйеуге берілгендігін баяндайды» [11]. Т.И. Султановтың еңбегінде қазақтың ханы Қасымның бір қызы Шайбанилық Сұлтан Убайдоллаға ұзатылғандығы туралы мәлімет бар. Ал, тарихшы В.Л. Вяткин өзінің еңбегінде бұл мәліметті нақтылай, толықтыра түсіп, өзбек ханы Убайдолла темірлік Бабыр мен Сефевилерді жеңгеннен кейін Қасым ханға елші жіберіп, бір қызына құда түскендігі және Қасым хан ешбір қарсылықсыз Бұхараға Убайдоллаға қызын жібергенін мәлімдейді [12]. Тарихшы Н.Атығаев та осындай дәйектерге жүгіне отырып, бұл әулет арасындағы некелік қатынас екі ел арасындағы 1514 жылдары бейбіт қатынасты мейлінше нығайтқанын айғақтайды [13].

«Бабырнамада» Қасым ханның болашақ жары Сұлтан Нигар ханым өз еркімен Әдік сұлтанға қашып кеткендігі және Әдік Сұлтаннан екі қыз көтергендігі айтылып, оның бірі Сайд ханның баласы – Рашид сұлтанға, ал екіншісі – Шайбани ханның тұқымындағы бір сұлтанға ұзатылғандығы баяндалады [14].

Ал, енді бұл некелік қатынастар қандай мақсатқа негізделгеніне тоқталар болсақ, ең бастысы – ел іргесінің тыныштығын нығайта түсуге бағытталған әрекеттер болғанына көз жеткіземіз. Қазақ хандығы мен Шайбанилар арасындағы қарым-қатынастарды зерттеп жүрген тарихшы-ғалым Б.Б.Кәрібаев өзінің зерттеулерінде бұл одақтардың не үшін жасалғандығын ашып көрсетеді: «Бұрындық хан Шайбани ханмен бейбіт келісім жасасып, оны туыстық байланыстармен нығайту үшін қазақ ханы өзінің екі қызын Шайбанилық сұлтандарға ұзатады, ол ұзақ жылдар бойы жүргізілген Сыр өңірі үшін күресті уақытша болса да тоқтатты» [15]. Сонымен қатар, қазақ билеуші топтары арасындағы тартыстарды келтіріп, ... моғол ханы Шайбани хан әлсірегенде оған әскери көмек беріп, ал күшейе бастағанда оған қарсы шығып отырды. Бұрындық хан да Шайбани ханға қарсы моғол ханының саясатын ұстанады. Жәнібек хан ұлдарының (Әдік, Қасым) тым күшеюінен сескенген ол, Шайбани ханның Түркістанда қалуын қалап, онымен бейбіт келісім-шарт жасау бастамасын өзі көтереді. Жасалған келісім-шарт бойынша Жәнібек хан ұлдарына аймақтың солтүстік өңірлері, ал Мұхаммед Шайбани ханға орталық бөлігі қарады. Осылайша, Жәнібек хан ұлдарының Түркістан аймағын одан әрі иеленуіне Шайбани хан иелігі қарсы қойылды. Бұрындық ханның Жәнібек ұлдарына қарсы әрекеті мұнымен ғана шектелмеді. Ол Шайбани ханмен бейбіт келісім-шарт жасасқаннан кейін, өзінің екі қызын шайбанилық сұлтандарға ұзатады. Осылайша, туыстық қатынастарын орната отырып, Бұрындық хан өзіне одақтас табады. Өз кезегінде Бұрындық ханмен одақтасу арқылы Шайбани хан Түркістан аймағына Қазақ хандығының одан әрі енуін тоқтатып, Мәуереннахр ісіне араласып кетеді.

Жәнібек ханның ұлдары да Бұрындық хан мен Шайбани хан арасының туыстық қатынастар арқылы жақындасуына қарсы шаралар қолданады. ХV ғ. 90-шы жылдарының орта тұсында жасалған келісім бойынша Сырдың оң жағалауында оңтүстік бөлік – Сайрам өңірі Моғолстанға тәуелді болды. Моғолстан да Шайбани ханның Сыр бойында күшеюін қолдамайтындардың бірі еді. Бұрындық хан мен Шайбани ханның жақындасуы Жәнібек ханның ұлдары мен Моғолстан ханының жақындасуына ықпал етті. Жақындасу туыстық қатынастар арқылы жүзеге асырылады. Яғни, Жәнібек ханның ұлы Әдік сұлтан Жүніс ханның Сұлтан Нигар ханым есімді қызына үйленеді. Олай болса, Жәнібек ханның ұлдарының Моғол ханымен жақындасуы, Бұрындық хан мен Шайбани арасындағы туыстық қатынастар орнатылғаннан кейін болған, яғни Бұрындық ханның одағына Жәнібек хан ұлдары өзіндік одағын қарсы қояды», - делінеді. Осы мәліметтен біз, бұл некелік одақтың жасалуына алып келген себептерге Қазақ хандарының өз ішіндегі алауыздық, яғни, Бұрындық хан мен Жәнбектің балалары арасындағы ішкі қарсылық әсер етті десек, ал түпкі мақсаты – Түркістан аймағын Жәнібектің балалары толық иеленіп, мейлінше күшейіп кетуіне  бөгет болу үшін жасалғанын аңғарамыз. Бұл өз кезегінде Шайбани әулетіне өте тиімді одақ болды. Сөйтіп, Шайбанилердің Мәуереннахрды басып алуына, әрі күшейе түсуіне жағдай жасады. Бұл некелік одақты бірінші болып Шайбани хан бұзған болатын. Оның Қазақ хандығына қатысты экономикалық санкциясы екі ел арасындағы бейбіт жағдайды бұзып, арадағы құдалық, күйеу балалық қатынастарды біржолатаға үзді.

Қорыта келгенде, айтарымыз – Қазақ хандары некелік қатынастарды дипломатияда бұрыннан-ақ шебер пайдаланып келген. Қазақ билеушілері мен Шайбанилер әулеті арасындағы некелік қатынастар екі мемлекеттің белгілі бір саясатына қызмет еткендігімен де құнды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.  Материалы по истории Казахских ханств ХV-XVIІІ вв. (Извлечения из персидских и тюркских сочинений). Составители: С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина, В.П. Юдин. – Алма-Ата, 1969. (Ары қарай МИКХ).

2.  Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в ХV-XVIІ вв.: История. Политика. Дипломатия. – Алматы, 1998. -129 с.

3.  Сүлейменов О. Азия. (Ауд. С.Ақатаев). – Алматы, 1992. -133-137 бб.

4.  Махмуд ибн Вали. Бахр ал-асрар // МИКХ. – Алматы, 1969. -334 б.

5.  Захир ад-Дин Мұхаммед Бабыр. Бабырнама. (Ауд. Б.Қожабекұлы). – Алматы, 1993. -56 б.; Дулати М.Х. Тарих-и Рашиди. – Алматы, 2003.

6.  Шайбани наме // МИКХ. -97 б.

7.  Нусрат наме // МИКХ. - 17, 117 бб.

8.  Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман наме-йи Бухара. Под.ред.А.К.Арендса. – М., 1976. -68 с.

9.  Жолдасбайұлы С. М.Х.Дулати және XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығы. – Алматы, 2000. -57 б.

10.  Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячелетий. – Алматы, 1992. -272 с.

11.  Нуртазина Н.Д. Ислам в истории средневекового Казахстан. – Алматы, 2000. -210 б.

12.  Вяткин В.Л. Шейхи Джунбари // В.В. Бартольду. Туркестанские друзья, ученики и почитатели. – Ташкент, 1927. 6-7 стр.

13.  Атыгаев Н. Участие казахов в борьбе узбеков с Сефевидским (Кызылбашским) государством в первой половине XVI в. // Отан тарихы. 2002. -№2. -116 б.

14.  Бабырнама. (Ауд. Б.Қожабекұлы). – Алматы, 1993. -32 б.

15.  Кәрібаев Б.Б. XVI ғ. басындағы Қазақ хандығы мен Шайбанилер әулеті арасындағы қарым-қатынастар // Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының Хабаршысы. 1999. -№1 (3). – 52 б.

Н.А.Тасилова., А.Т. Ахметжанова, Г.З. Искакова

КазНУ имени Аль-Фараби

Алматы г., Казахстан

Аннотация

Родственно-брачные отношения Казахского ханства с династией Шайбанидов в ХV- ХVI вв.

  В настоящей статье на основе анализа исторических источников и исследований изучены проблемы родственно-брачныхотношений казахских ханов с династией Шайбанидов в ХV-ХVIвв.

Захвативший власть и утвердившийся в Мавераннахре, Мухаммад Шайбани хан стремился не допустить усиления Казахского ханства и с этой целью всячески препятствовал возвышению власти казахских правителей в Присырдарье. Но родственные связи, примирение и брачные союзы играли немаловажную роль в отношениях двух династий.

Изучение исторического опыта взаимоотношений двух династий, соседних народов  имеет также и общественно-политическую актуальность для определения перспектив сотрудничества Республики Казахстан и Узбекистана в новых политических и социокультурных условиях независимого существования.

  Ключевые слова: ханства, истоки, политические, брачные узы, родственные связи, дипломатия.

N.A. Tasilova 

Associate Professor, Candidate of Historical Sciences

A.T. Akhmetzhanova, Associate Professor, Candidate of Historical Sciences, 

G.Z. Iskakova, Associate Professor, Candidate of Historical Sciences

al-Farabi Kazakh National University,

Almaty, Kazakhstan

Summary


Kinship and Marital Ties between the Kazakh Khanate and the Shaibanid Dynasty in the XVth-XVIth Centuries

  In this article, on the basis of an analysis of historical sources and studies, the issues of kinship and marriage between Kazakh khans and the Shaibanid dynasty in the XVth and XVIth centuries are studied.

Having seized power and consolidating his authority in Maverannahr, Muhammad Shaibani Khan sought to prevent the strengthening of the Kazakh Khanate, and for this purpose he prevented the rise of power of Kazakh rulers in the Syr Darya in every way. But kinship, reconcilation and marriages played an important role in the relations of the two dynasties.

The study of the historical experience of the relationship between the two dynasties and neighboring peoples also has a socio-political relevance for determining the prospects for cooperation between the Republic of Kazakhstan and Uzbekistan in the new political and socio-cultural conditions of independence.

  Key words: khanates, sources, political, marriage ties, kinship ties, diplomacy.




<b>RELATIVELY-MARRIAGE RELATIONS OF KAZAKH KHANSTVA WITH THE DYNASTY OF SHAIBANIDES IN THE XV-XVI CENTURIES.</b>
 In this article, based on the analysis of historical sources and studies, the problems of the kinship and marriage relations of the Kazakh khans with the Shaibanid dynasty in the 15th-16th centuries were studied.
  Having seized power and established itself in Maverannahr, Muhammad Shaibani Khan sought to prevent the strengthening of the Kazakh Khanate and for this purpose in every way prevented the rise of power of Kazakh rulers in the Syr Darya.
But kinship, marriage and marriage unions played an important role in the relations of the two dynasties.
The study of the historical experience of the relationship between the two dynasties and neighboring peoples also has a socio-political relevance for determining the prospects for cooperation between the Republic of Kazakhstan and Uzbekistan in the new political and socio-cultural conditions of independent existence.
<b>Key words:</b> khanates, sources, political, marriage ties, kinship ties, diplomacy.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз