Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 391.745/749 Түркі және славян халықтарының әдет-ғұрыптарындағы ұқсастықтар (қазақ және орыс халықтарының негізінде)

М.Қ. Егізбаева, т.ғ.к., әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

ӘОЖ 391.745/749 Түркі және славян халықтарының әдет-ғұрыптарындағы ұқсастықтар (қазақ және орыс халықтарының негізінде)

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № №2(14)2018

Тегтер: қолөнер., ұлт, Этнос, этнография, салт-дәстүр, киім
Аңдатпа:
Тәуелсіз Қазақстан – көпұлтты мемлекет, елімізде 130-ға жуық ұлттың өкілдері өмір сүреді. Оның ішінде түркі және славян халықтарының үлес салмағы басым екені белгілі. Сондықтан да мақалада орыс және қазақ халықтарының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының ұқсастықтары туралы қарастырылған. Мақаланың басты мақсаты - қазақ және орыс халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптарындағы (бала туу, қыз ұзату, ұлын үйлендіру) ұқсастықтарды анықтау болып табылады. Аталмыш екі халықтың «құрсақ той», «кіндік шеше», «құда түсу», «күйеу жігіттің ұрын баруы», қалыңдықтың жасауы, қалыңмал төлеу сияқты салт-дәстүрлері салыстырмалы түрде сараланып, зерделенді. Қолда бар мәліметтерге сүйене отырып, қазақ және орыс халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптарының ішінде ұқсас элементтер өте көп кездесетініне көз жеткіздік. Сонымен қатар, бұл ғұрыптардың пайда болуымен қоса, олардың семантикалық мәніне саралау жасадық.
Мазмұны:

Қазақ және орыс халықтары салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға бай халықтар. Қазақ халқы да, орыс халқы да бала тәрбиесі мен олардың жанұя құру мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Дүниеге сәби келу, қыз ұзатып, ұлын үйлендіру - отбасының зор бақыты. Сондықтан да қай халықтың болмасын әйел адамның екіқабат болып, бала туылғаннан бастап, баланың ер жетіп, үйлену тойын жасайтын уақытқа дейінгі өмірі толып жатқан әдет-ғұрыптары мен жөн-жоралғыларға толы. 

Қарастырып отырған екі халық та ұл бала мен қыз баланың тәрбиесін бөліп қараған. Мысалы, қазақтар ұлды мал бағуға, отын шабуға, қолөнер шеберлігіне, мал табуға, отбасын асырауға, ал қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты  үй ішінің ішкі жұмыстарына  үйрету арқылы экономикалық тәрбиенің көзі болып табылатын үнемшілдікке, тәуекелшілдікке үндеп, сараңдыққа салынып кетуден жирендіріп отырған. Ер бала дүниеге келсе батыр келді, ұрпағымның жалғасы келді деп, қыз бала дүниеге келсе, болашақ ұрпақ жалғастырар ана дүниеге келді деп куанса, орыс халқында да ер бала дүние есігін ашса, ел қамын ойлар азамат, ұрпағымның жалғасы деп, қыз бала дүние есігін ашса, «қыз - қонақ» деп келер ұрпақты дүниеге әкелуші деп қуанған.

Орыстың белгілі педагогі К.Д. Ушинский: «Орыс халқының бала тәрбиесі оның сан ғасырлық тарихымен тығыз байланысты. Тәрбиенің негізін халықтың жақсы-жаман дәстүрінен іздестіру керек», - дейді [1, 326-440-бб.]. Орыс халқының нәресте туылғаннан кейінгі салт-дәстүрлерінің бірі - баланы шіркеуден шоқындырып алып келгеннен кейін оны арнайы босағаға жатқызу. Бұл дәстүрдің мағынасы «Жас сәбиді жамандықтан босағаның киесі қақсын, әрқашан аман сақтасын, есейгенде босағасы берік болсын» дегенді білдіреді. Сондай-ақ тоғыз айға толмай шетінеген баланы босаға іргесіне жерлеген. Сондықтан орыстардың салты бойынша босағаны басуға, босағада тұрып тамақ жеуге, қал-жағдай сұрасып, амандасуға болмайды. Тек әке-шешесінен бірдей айырылған жетім балар ғана босағада тұрып, нан мен тұз жеуіне болады [2, 36-б.]. Жалпы орыс халқының босағаға қатысты ырым-тиымдары да қазақ халқына өте ұқсас. А. Бижанова баланың кіндіген кескен саймандар мен кесіліп алынған кіндіктің бір бөлігі және баланың  жолдасын үйдің  босағасына, не кіре берістің сол жағына тары, не жүгері дақылдарының дәнімен бірге көметін болғандығын айтады [3, 27-б.]. Босағаны киелі деп санап, жастар шаңырақ құрғанында немесе біреу жаңа үй алғанында жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.

Орыс халқы да, қазақ халқы да жас келінге аса құрметпен қараған. Орыс халқы келініне бір жылға дейін ауыр жұмыс істетпеген. Егер жас келіннің жүкті екенін сезсе, абысын-ажындары, туған-туыстары оның сүйікті, қалаған тамағын әкеп берген, қонаққа шақырған [2, 41-б.]. Сол секілді қазақ халқында жас келіннің бойына бала біткенін сезген енесі, оны қамқорлығына алып, пәле-жаладан, тіл-көзден сақтаудың шарасын істей бастайды. Абысын-ажын, ауыл әйелдерін жинап, «құрсақ» тойын өткізеді. Оған жиналған әйелдің бәрі шашуларын әкеп шашып, келінге бата-тілектерін білдіреді. Өз білген ақыл-кеңесін аямайды. Өмір тәжібибесі мол қарт аналар жас келінге бойға бала біткен соң бір жарым айда жерік басталатындығын, ол кезде жүрек айну, бас айналу, құсу сияқты белгілердің болатындығын айтып түсіндіреді [4, 130-б.]. Осы тұста орыс халқындағы  аяғы ауыр әйел жеріктігі арқылы баланың жынысын пайымдаған [5, 124-б.]. Егер әйел тұзды, бұрышалған тағамдарға, етке жерік болса, онда оны ер бала дүниеге әкеледі деп, ал егер шөптен жасалған шәй мен жеміс-жидектерді көп жесе қыз бала босанады деп есептеген. Қазақ халқында аяғы ауыр әйел  өзге үйге өз дастарханынан апарған затты өзі жесе қыз табады деп пайымдаған. Ал ұлды боламын десе, оған ырымдап алғаш сойылған малдың ұлтабарын жегізеді [4, 131-б.].

Орыс халқында да, қазақ халқында да анасының құрсағының сыртқы пошымына қарап,оның ұл не қыз бала екенін де болжай алады: егер ұл болса, іші кішкене, шошақ, үшкір болып келеді; ал қыз бала домалақ, дөңес бітеді; сондай-ақ ұл жоғары, ал қыз бала төмен орналасады. Әдетте қимылдағанда қыз бала сол жақтан, ұл бала оң жақтан қозғалады деп есептеген [6, 100 б.]. Орыс халқында егер бала бірінші рет бұзау емізіп жатқанда қимылдаса, онда ол өскенде шаруа болады, ал, өзен жағасында тұрғанда қимылдаса, балықшы болады, егер базарда қимылдаса, саудагер болады деп болжаған [2, 43-б.].

Орыс халқында аяғы ауыр әйелге тасқа отыруға болмайды, егер тасқа отырса баланы ауыр босанады деп ырымдаса, жерде жатқан арқанды аттауға болмайды, аттаса, ішіндегі баланың кіндігі оратылып қалады, иін ағашты аттаса, бала бүкір болып туылады, мысықты не болмаса итті итерсе бала үстін жүн басып туылады деп ырымдаған [7 , 61-62-бб.]. Қазақ халқында да екі қабат әйел керулі тұрған және шұбатылып жатқан арқаннан аттамайды. Бұлай істесе босанған кезде баланың кіндігі мойнына оралып, өміріне қауіп төнеді ырымдайды [6, 12-б.].

Орыс халқында толғақ жиілесімен барлық есік-терезелерді ашып, шаштарын тарқатып, сандық, шкаф есіктерін ашып толғатып жатқын әйелдің тез босануына «көмек» жасаған. Қазақ халқында да үй ішіндегі әбдірелер ашылып, тендер шешіледі, әдейі арнап түйреген қарынның ауызы ашылады [5, 218-б.].

Мұның бәрі - әйелдің тез босануына арналған ырымдар. Екі халықта да толғатқан әйел жанына бала таппаған әйелді жібермейді. Әрбір қазақ ауылында екіқабат әйелдерді босандыруды машық қылған қолы жеңіл кемпірлер болған. Оларды ел ішінде «Аққол ана» деп атайды. «Аққол аналар» кез келген келіншектің  қай күні босанатынын тап басып біліп отырған. Сол секілді орыс халқында да жүкті әйелдерді кемпірлер босандырған.

Қазақта нәресте шыр етіп дүниеге келгеннен кейін нәрестені жерден көтеріп алатын әйел немесе ауылдың тәжірибелі әйелдерінің бірі ырымын жасап, нәрестенің кіндігін кескен әйелді «кіндік шеше» деп атайды. Бала кіндік шешесін алдын ала дайындап қояды. Ол көп балалы, елге сыйлы адам болу керек. Кіндік шеше қазақ салты бойынша екінші анасы есептеліп құрметтеледі. Кіндік шешеге көйлек-көншегін сыйлап, жолдық береді. Міне, сол сияқты орыс халқында да балаға қамқор болатын «кіндік әке-шешесі» болады. Көбінесе  кіндік әке-шеше болып тума-туысы болып келеді. Егерде баланың әке-шешесі қайғылы жағдайға ұшыраса, баланы тәрбиелеу кіндік әкесі мен шешесінің міндеті болып табылады. Олар бірін- бірі «кум» және «кума» деп атады. Бір қызығы оларда «кіндік әке-шеше» болып 6 жастағы баладан бастап қарияға дейін бола алады [8, 225-б.].

Қазақ халқы нәресте дүниеге келген қырық күнді қауіп-қатерлі деп санаған. Осы күнге аман-есен жеткен баланы сау-саламат болады деген. Қырық күнге дейін үйден шырақ өшірмеуді әдетке айналдырған. Нәресте туылып қырық күнге толғанда жақын туыс-туғандардың, көршілердің әйелдері қырық қасық шілде суын тамызып, нәрестені шомылдырып, нәрестенің қолын ұнға матырып, «қарын шашын» алып шүберекке түйіп, тұмарша етіп баланың оң иығына тағып, тырнағын  алып көміп тастайды.Ұл баланы қырық күнге жеткізбей, 37-39 күнде, ал қыз баланы қырық күннен асырып, 42-44 күнде қырқынан шығарады. Бұл-ұл баланың қалыңдығына төлейтін мал аз болсын, ал қыздың қалың малы көп болсын деген ырым. Міне сол сияқты орыс халқында 40 күннен кейін нәрестенің  «қарын шашын»  алу дәстүрі жүреді. Нәресте шашын туған әкесі ала отырып: «Шашын қалың болсын, ал сен, жақсы болып, туған-туыс, дос-жаран арасында сыйлы болып өс» -  деп айтады. Бұдан кейін баланын шашын алмайды [7, 10-б.].

Қазақ халқы баласын ағаш бесікке салып асырайды. Ағаш бесік көшпелі өмірге өте қолайлы. Бесік иіп кептірілген талдан жасалады. Екі басын қайын ағаштанда шауып жасауы мүмкін. Астына тақтай салып дәрет жүретін жерді тесіп, ойып қояды. Бала бөлеген бесіктің үстіне жеті нәрсе жабады. Әр жабылған нәрсенің өзіндік мәні бар. Мәселең, ең бірінші етіп, бесік көрпе, одан кейін шапан, кебенек, тон, жабу, жүген және қамшы сияқты бұйымдар жабылады. Бесікке баланы қырқынан шығарғаннан кейін салады. Бесікті негізі баланың нағашы жұрты алдын ала жасатып, бесік тойына алып келіп тартатын болған. Баланы бесікке бөлер алдында ананың балаға деген махаббаты «бесік жыры» арқылы жеткізіледі:

Әй-әй бөпем, әй бөпем.
Ән айтайын, бал бөпем.
Ән тыңдағын келсе егер,
Және айтайын, жан көкем…

Бөпемменің ай ма екен?
Шекер ме екен, бал ма екен?
Ойнақтап бір бәйгеден
Озып келер тай ме екен?!

Тас бұлақтар тауда екен,
Жас құрақтар сайда екен.
Көлбең-көлбең ұшатын
Көбелектер қайда екен?! [6,19-б.]

Осы секілді орыс халқында да, баланы аспалы ағаш бесікке салып асырайды. Бесікке бөлерде темір пышақпен аластайды. «Пәле-жаладан, тіл көзден сақтасын» деп темір пышақпен аластап, ер бала болса, жастықтың астына пышақ, ал қыз балаға қайшы салып қояды. Қазақ халқы секілді орыс халқында да, ананың балаға деген сүйіспеншілігін жеткізетін бесік жырлары өте көп кездеседі:

Баю, баюшки, баю
Мудрость я тебе дарю
Будет нас она беречь
От совсем не нужных встреч

Счастье долгожданное,
Радость несказанная!
Умный, ласковый малыш,
Почему же ты не спишь?

Закрывай скорее глазки
И послушай мою сказку
Я пойду с тобою в путь,
Помогу тебе уснуть [9,100-101-бб.].

Дүниеге келген жас нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-той, салтанатты жиындар мен рәсімдер көп. Қазақ халқында мұндай рәсімдердің алғашқысын «жарыс қазан» деп атаса, орыс халқында «проведок» деп атайды. Жарыс қазан атанатыны - мұндайда аяу, ірку, мөлшерлеу деген болмайды. Қазан әр үйде бірнеше жерден асылады. Келіншек аман-есен босанса, босанған әйел қалжасынан ауылдың үлкен-кіші, еркек-әйелді түгелдей дәм татып, ет жеп, сорпа ішеді. Жас босанған әйелге де жас сорпа «баптапа» беріп қалжалайды. Орыс халқында да ана босанғаннан кейін жасалатын рәсім «проведок» деп аталды. Бұл рәсімді отбасылар арасында қарым-қатынас, өзара көмек алмасу деп қарастыруға болады.

  Дүниеге жаңа келген сәбиге ат қою рәсімі адам өміріндегі өте маңызды әрі айтулы оқиға болып табылады. Қазақ халқында бала туылғаннан кейін қырық күн өткен соң ел ішіндегі ауызы дуалы қарияға немесе баланың атасына, әжесіне немересінің атын қойғызады. Ат қойыстың  кезінде бүкіл бір халықтың ұлттық ерекшелігі, таным-түсінігі, ой-арманы ап-айқын көрініп тұрады.  Мәселен, балаға көз тиюден сақтасын деген оймен Итбай, Күшікбай, Жаманбай деген сияқты келеңсіз, оғаш есім қоятын болған. Сол секілді орыс халқында да  балаға ат қою үлкен рөл атқарды. Олардың ойынша есім- адам өмірімен байланысты болды. Егер сәби әлсіз туылса, оның жағдайы тез жақсарсын деп жақсы мағынада аттар қойып отырды. Сонымен бірге оларда өлген бала есімін, тірі бала есімінде қоюға тиым салынды. Қазақ халқы секілді баларына аталары мен әжелері секілді болсын деп, көпті көрген кісілердің есімін берді.Жалпы адам есімі тілге жеңіл, жүрекке жылы мағыналы, әрі мәнді, әрі сәнді болуы қажет. Себебі есім адаммен бірге жасайтын тарихи заңды құбылыс [10, 184- б.].

Көріп отырғанымыздай, қазақ халқымен, орыс халқының бала тәрбиелеудегі ұқсастығы өте көп. Әрбір халықтың салт-дәстүрі баланы үлкенді құрметтеуге, кішіні ізеттеуге, табиғатты аялауға, жақслық жасауға, жамандықтан арылуға, ешқандай қиындыққа мойын ұсынбауға тәрбиелейді.

Енді қызын ұзатып, ұлын үйлендіруге байланысты қарастырайық. Орыстарда кейде құда жіберуге келісім алу үшін алдымен жігіттің әке-шешесі қыздың үйіне ауылдағы сыйлы, тілге шешен адамды да жіберді. ХІХ ғ. ортасында орыстарда, әсіресе ірі қалаларда «кәсіби» құдалардың қызметін пайдаланатындар болды, солар арқылы қыздың әке-шешесінің келісімін алғаннан кейін ғана «нағыз құдаларды» жіберді [11, 125-б.]. Ал қазақтарда болашақ күйеудің әкесі құдалықтың алдында қыздың үйіне  «жаушы» жіберді. Қазақстанның кейбір өңірде жаушылар, әдетте  сырт  белгісімен-ақ  ерекшеленді,  жеңіл киініп, шалбарының бір балағын етігінің қонышына тығып, екінші балағын сыртына шығарып қояды. Бұл салттың қазақтарда өткен ғасырдың алғашқы ширегіне дейін болғандығын дерек берушілердің мәліметтері айғақтайды. Х. Арғынбаевтың айтуы бойынша, бұл әдет қыз әкесі құдалыққа қарсы болмай, жаушының жолы болып қайтуы үшін жасалатын ырым [8, 101-б.]. Орыстарда да қалыңдықтың ата-анасының келісімін беруге септігін тигізеді деген ұғыммен сан алуан магиялық іс-әрекеттер жасалды. Мәселен, Қазан губерниясының орыс селенияларында қыздың үйіне кірмес бұрын құдағи келімен өзін үш рет айналыдыратын болған, бұл құдалық сәтті өтуіне әсер етеді деген сенімнен туса керек. Перм губерниясында құда үйге кірер алдында өкшесімен босағаны үш рет ұратын болған. Ә.Т. Төлеубаевтың көзқарасы бойынша, осындай іс-әрекеттер бұл отбасындағы қалыптасқан әдетті «өзгерту», «бұзу» үшін келгендігін білдіретін ғұрып [12, 15-б.].

Орыс халқында жігіт әкесі құда түспестен бұрын қалыңдықты өзі барып көреді. Келген адамның қызына құда түсіп келгенін жігіт әкесінің ісінен айқын аңғаруға болады. Жігіт әкесі кіре берістегі пешке қарама-қарсы бетін беріп отырады. Мұны «қызыл бұрыш» деп атайды. «Қызыл бұрыш» үйдегі киелі орын болып саналады. Жігіт әкесі өзімен бірге нан мен тұз, т.б. тағамдарды ала келеді. Қыз әкесі келген құдаларға ризалығын білдірсе, болашақ құда әкелген тағамдарын қалыңдық туыстарына ауыз тигізіп, сыйлайды. Орыс халқының сыйлау рәсімінде нан мен тұз негізгі орын алады [11, 122-б.].

Сол сияқты, қазақтарда құдалықтың басы - жайшылықта айттыру немесе құдандалық сөйлесумен басталып жатса, кейде, ұзақтан келетін бейтаныстардың тосыннан құдалық жорасын тұспалдай білдіретін «біз шаншу» аталатын ғұрыппен басталады. Біз шаншуға келгендер ешкіммен сөйлеспей, аттарының ертоқымын біржерге жиып, түскі асын ішкеннен соң да кетпей жатып алады. Үй иесі қонақасына кешінде мал сояды. Қонғандар ертеңінде түсте үн-түнсіз аттанып келеді. Келгендер көбінесе шалдар болады. Қонақтар кеткен соң үйдегілер бұл сырдың жұмбағын шешкілері келіп сырмақ қағады. Сырмаққа шаншылған бізді көреді. Шалдардың сырмаққа біз шаншуы бізде ұл бар еді, сол осы шаңыраққа да ұл болса қалай қарайсыз деген мақамы [13, 124-б.].

Құдалықты қазақтар да, орыстар да әдетте «сәтті» күнге белгілейтін. Қазақтар үшін «сәтті» күн болып сәрсенбі, сенбі күндері саналды. Құдалық үшін орыстар аптаның белгілі бір «жеңіл»  күндерін, яғни жексенбі, сейсенбі, бейсенбінің кешкі немесе түнгі уақытын таңдады.

Қазақта да, орыста да құдалыққа жіберілетін адам мұқият таңдалды, себебі, құдалыққа барған адамның әңгімені жүргізуі, болашақ қалыңдық туыстарында жақсы пікір қалыптастыруы құдалықтың басты шарттарының бірі болды. Орыстар құдалыққа жігіттік кіндік әке-шешесі немесе жақын туыстарының бірін жіберді.

Құдалықтың екінші бір кезеңінде қазақтарда қалыңмал, орыстарда қалыңдықтың жасауы туралы келісілді. Қазақтарда қыз жасауы көбіне жігіт жақ төлеген қалыңмалдың көлеміне сәйкес болса, орыстарда  қалыңдықтың артынан беретін жасауы жігіттің ата-анасының тойға жұмсаған қаржы көлеміне сәйкес болды. Осы жолы екі жақтың бір-біріне беретін сыйлары «киіт» туралы да сөз болды.

Қазақтарда қалың малдың көп бөлігі төленген соң, жігіт әкесі баласын қыз ауылына жібереді. Бұны «қалыңдық ойнамақ» немесе «ұрын бару» деп атайды. Жігіттің қасына үштен тоғызға дейін сенімді адамдар еріп барады. Оларды қосшы дейді. Өздерімен бірге олар әр түрлі сыйлықтар ала барады. Қазақта «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген нақыл сөз бар. Ал, орыстарда қызды көруге күйеу жігітпен бірге оның ата-анасы да барды. Бұл жораға қыздың дос қыздары да қатысып, олар сол жерде қыз өмірі туралы жыр айтады. Қызды көргеннен кейін қалыңдық пен күйеу жігітті алдын ала жайылған тонның немесе ішіктің үстіне тұрғызады [14, 214-б.]. Ал қазақтарда осыған ұқсас ғұрып қалыңдықты жігіттің үйіне апарғаннан кейін орындалады. Келін түскен күні кешке оны жігіт әкесі үйіне шақырады, сол жерге қалыңдыққа арнап қойдың шикі терісін төсеп қояды, қалыңдық сәлем берген соң оны теріге отырғызады. Бұл-келіннің мінезі осы терідей жұмсақ болсын дегенді білдіреді. Орыстардың да жас жұбайларды  тон немесе ішіктің үстіне тұрғызуы осындай мағынаны меңзесе керек.

Қазақтарда қалыңдық үйден шығарда «сыңсу» айтады.

Қазақстардағыдай орыстарда да қалыңдықты алып кетуге келген күйеу жігіттің жолын деревня адамдары шығып, әр түрлі жоралғылар арқылы жолын бөгейтін болған. Мысалы, үйдің қақпаларын жауып тастап, жолына арқан тартатын болған. Құдалардың жолына арқан тарту осы күні Қазақстанның шығысындағы  қазақтарда да кездеседі. Қалыңдықтың үйінің жанында күйеу жігіт пен құдаларды қыздың дос қыздары қарсы алады, олар қақпаны жауып алып, күйеу жігіт және оның қасындағыларды дос қыздарынан «айырыстырушылар» ретінде сипаттап ән айтатын болған. Күйеу жігіттің жолдасы топтың алдында жүрді, ол қолындағы бишігін үйіріп, «қаскөй күштерден» жолды тазалайтын. Ол қалыңдықтың дос қыздарымен сөйлесіп, жақсылап кәдесін берген соң ғана, қыздар жолды ашып, үйге кіргізеді.  Ресейдің кейбір деревняларында күйеу жігіт пен оның жолдасы үйге кірген соң тығылып тасталған қалыңдықты іздейді немесе оның үлкен ағасынан «сатып» алатын болды [15, 135-б.]. Мұндай ғұрып қазақтарда да болған.

Осылайша, қыз ғұмырының символикалық «аяқталуын» көрсететін жоралғылардың бірі - тұрмысқа шыққан қыздың киімінде, әсіресе бас киіміндегі өзгерістер болды. Мысалы, орыстарда қалыңдық жігіттің үйіне келіп, некелері қиылғаннан кейін оның шаш үлгісі мен бас киімін өзгертті. Бұл ғұрыптың орындалу барысына күйеу жігіт пен оның ата-анасы, жолдастары қатысты, олар өлең айтып отырды. Бұрынғы бір бұрымның орнына екі бұрым өріліп, басына айналдыра оралды. Оның сыртынан «кокошник» деп аталатын бас киімді кигізді. Алтайдың орыс ауылдарында қалыңдықты бұрышқа отырғызды, жан-жағын орамалмен жауып, шашын тарқатып, екі бұрым етіп өрді. Басына тұрмыстағы әйелдердің бас киімі «самшураны» немесе орамал тақты [11, 142-б.]. Осы сияқты қазақтарда қалыңдық өз үйінде жүргенде шашын бірнеше бұрым қылып, ұшына шашбау тағатын. Тұрмысқа шыққан соң қазақтың жас әйелдері де енді шаштарын екі бұрым қылып өрді. Бұл ғұрыптар қалыңдықтың стаусының өзгергендігін, яғни, тұрмыстағы әйел қатарына қосылғандығын көрсетті. 

Орыстарда қалыңдықты жігіт үйіне әкелген кезде туыстары мен келген қонақтар мылтық атып, жастардың үстіне бидай немесе құлмақ шашады. Шашуға бидай, жаңғақ, конфет, ақша да қолданылады. Орыс халқы үшін шашылған шашудың мол болуын, келешекте ырыс береке құт мол болсын деп, шашудай бала-шағалары қөп болады деп жақсылыққа жориды.

Бұл ғұрып қазақтардың келінге «шашу» шашатынына ұқсас болды. Содан соң қақпаның алдына от жағып, оның арасынан қалыңдық пен күйеу жігітті өткізеді. Ал қазақтарда жаңа түскен келін отқа май құяды. Бұл отқа табынудан қалған сарқыншақтардың көрінісі. Кейбір жерлерде орыстар жастардың төбесіне нанды сындырып өздеріне берді және оны екеуі де өмір бойы сақтау керек болды. Ал, қазақтарда қыз үйінен шығарда бір кесек ет немесе нанды шүберекке орап, 2-3 рет қалыңдықтың басынан айналдырып алып қалады. Бұл ғұрып осы үйден кетіп бар жатқан адаммен бірге осы шаңырақтың ырысы, берекесі кетіп қалмасын деген ұғым.

Орыс халқында неке қиылған соң үйге кірген келіннің беті орамалмен жабылды. Оларда той келіннің бетін ашумен басталды. Әдетте жігіттің әкесі немесе күйеудің туыстарының бірі қолына нан немесе бәліш ұстап, кей жерлерде көсеумен келіннің бетіндегі орамалды көтеріп, бетін ашты. Сол нанмен жастардың басынан үш рет айналдырды. Қазақтарда да келіннің бетін ашу ғұрпы осы күнге дейін сақталған.

Орыс халқында той кезіндегі дастарханнан қалыңдық пен күйеу жігіттің тамақ ішуіне тиым салынды. Тамақ арқылы оларға көз тиюі мүмкін деп жорыған. Олардың алдына бос тегештер қойылды, қасықтарына қызыл лента байланып, ал сусынға арналған ыдыстары төңкеріліп қойылды [16, 185 с.]. Сол сияқты қазақтарда «өлі-тірі» деп аталатын арнайы сойылған малдың етінен қалыңдық пен күйеу жігіттің жеуіне тиым салынды.

Қарастырылған салт-дәстүрлерден көретініміз, орыс халқының да, қазақ халқының да, салтында жас келінге аса құрметпен қараған. Осылайша, қазақ және орыс халықтарының үйленуге байланысты салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарындағы ұқсастықтарды саралай отырып, олардың бірі түркі, екіншісі славян тілдес болуына қарамастан, отбасылық мәдениетінде көптеген ұқсастықтар бар екендігіне көз жеткіздік. Бұндай зерттеулер одан әрі жалғасытырылып, жан-жақты зерттеуді талап етеді. 

Әдебиеттер:

1.  Мұқанова Б., Ильясова Р. Этнопедагогика: Оқу құралы. – Астана: Фолиант, 2008. - 440 б.

2.  Панченко А. Отношение к детям в русской традиционной культуре // Отечественные записки. - № 3 (17) (2004).

3.  Бижанова А. Е. Семейно-бытовые обряды казахов низовья Амударьи (вторая половина ХІХ-середина ХХ вв): автореф. ... канд. ист. наук.  – Нукус, 2001.

4.  Карутц  Р.  Дүниеге келу және балалық шақ  // Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет ғұрыптары. – Алматы, 2006. – Екінші том.

5.  Русские: семейный и общественный быт. - М., 1989.  - 334 с.

6.  Қалиев С., Оразбаев М., Смайылова М. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. Алматы «Рауан» 1994 ж.

7.  Сумцов Н.Ф. Символика славянских обрядов: Избранные труды. М., 1998.

8.  Арғынбаев Х. Қазақ халқындағы семья және неке. А.,, 1996

9.  Иманбаева С. Орыс халқының салт-дәстүрлері // Ұлағат. – Алматы 1996 -103 б.

10.  Терещенко А.В. История культуры Русского народа. - М., 2006

11.  Балашов Д. М., Марченко Ю. И., Калмыкова Н. И. Русская свадьба. - М.: Современник, 1985. - 402 с.

12.  Толеубаев А.Т. Реликты доисламских верований в семейной обрядности казахов (ХІХ-нач. ХХ в.). -Алма-Ата: Ғылым, 1991. -213 с.

13.  Жүнісов А. Бабалар дәстүрі: қазақтың байырғы тұрмыс-салт ғұрыптары. - Алматы: Өнер, 1992. - 80  б.

14.  Тохтабаева Ш.Ж. Функция казахской традиционной одежды // Известия НАН РК. Серия обществ, наук. - 1994.- № 16. -С.11-20.

15.  Соколова А. Л.Традиции русской народной свадьбы. - М., 2014.-292 с.

16.  Забылин М. Русский народ. Его обычаи, обряды, предания, суеверия и поэзия. -М., 1990. – 616 с.

Егизбаева  М.К.

КазНУ им. аль-Фараби, к.и.н. 


АНАЛОГИЧНОСТЬ В  ОБЫЧАЯХ И ОБРЯДАХ ТЮРКСКИХ И СЛАВЯНСКИХ  НАРОДОВ (НА ОСНОВЕ КАЗАХСКОГО И РУССКОГО НАРОДОВ)


Резюме

В статье рассматриваются аналогичные родильные и свадебные обычаи и обряды казахского и русского народов. Главная цель статьи – выявить идентичность в родильных и свадебных обрядах казахов и русских. Был сделан сравнительно-сопоставительный анализ этих обрядов казахов и русских, таких как «құрсақ той», «кіндік шеше» и т.д.  Опираясь на имеющиеся материалы, автором было выявлено, что в родильных и свадебных обрядах казахов и русского народа много аналогичных элементов. Так же были проанализированы проблемы возникновения и семантический смысл этих обрядов.

Ключевые слова: одежда, обычаи и традиции, этнография, нация, этнос, ремесло.

  

Yegizbayeva M.K., 

al-Farabi Kazakh National University, Candidate of Historical Sciences 


Similarity in the Customs and Rites of the Türkic and Slavic peoples (On the Basis of the Kazak and Russian Peoples)

Summary

The article examines similar maternity and wedding customs and rites of the Kazakh and Russian peoples. The main goal of the article is to reveal the identity of Kazakhs and Russians in maternity and wedding ceremonies. A comparative analysis of these rituals of Kazakhs and Russians was made (such rites as "kursak toy", "kindik sheshe", etc). Relying on the available materials, the author found that in the maternity and wedding ceremonies of Kazakhs and the Russian people there are many similar elements. The issues of the origin and semantic meaning of these rites were also analyzed.

Keywords: clothing, customs and traditions, ethnography, nation, ethnos, craft.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 948

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Егизбаева, Козганбаева Статья электронный журнал.docx 0.03 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

Религиозная идентичность чамов как инструмент сохранения этничности ӘОЖ 342.4:321.3(=1.574) ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖАЙЛЫ УДК 316.334:314.5/.6; 316.356.2ОСОБЕННОСТИ СЕМЬИ И БРАКА И ЭТНОЯЗЫКОВАЯ СИТУАЦИЯ В СРЕДЕ ГОРОДСКИХ КАЗАХОВ В КОНЦЕ 1950 –1980-х ГОДОВ ӘОЖ 391.745/749 Түркі және славян халықтарының әдет-ғұрыптарындағы ұқсастықтар (қазақ және орыс халықтарының негізінде) ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ (Алтыбай болысы бойынша) ӘӨЖ 323.113(=512.122) ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ БЕС ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ӨТКІЗІЛУ ТАРИХЫ (1992-2017 жж.) УДК 94(574) (5-191.2) «20/30»:323.17 Национально-территориальное размежевание Казахстана и Средней Азии: проблемы, дискурсы, мнения УДК: 314.1(574-25) ЭТНО-ДЕМОГРАФИЧЕСКОЕ РАЗВИТИЕ НАСЕЛЕНИЯ КАЗАХСТАНА (1999-2018 ГГ.) 902.7(574). ЭТНИКAЛЫҚ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ CӘЙКЕCТІКТІҢ КЕЙБІР МӘCЕЛЕЛЕРІ

Автордың мақалалары

ӘОЖ 391.745/749 Түркі және славян халықтарының әдет-ғұрыптарындағы ұқсастықтар (қазақ және орыс халықтарының негізінде)