Басты бет » Материалдар » 930:94(574)"14/17" Т.И. СҰЛТАНОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН УАҚЫТЫ

Д.Ж. Абнасыров әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Phd докторанты Алматы қ., Қазақстан

930:94(574)"14/17" Т.И. СҰЛТАНОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН УАҚЫТЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № №2(14)2018

Тегтер: мемлекеті, Моғолстан, өзбектер, Көшпелі, хандығы, Қазақ, Герат, Шираз, сұлтандар, ойрат.
Аңдатпа:
Бұл мақалада Қазақ хандығының құрылуы мәселелері мен нақты тарихи оқиғалар қарастырылады. Т.И. Сұлтановтың «Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз хана» және Кляшторный Сұлтановтың бірігіп жазған «Летопись трех тысячилетий» атты ғылыми монографияларына тарихнамалық және деректанулық жүйелі салыстырмалы талдау жасалынады. ХV ғасырда Жошы ұлысы мен Шағатай ұлысы территориясындағы Шыңғыс хан ұрпақтарының арасындағы билікке талас барысында орын алған саяси мәселелерге арналады. Автор аталған еңбектерді талдау барысында Қазақ хандығының құрылуына байланысты басқа да зерттеушілердің көзқарастарын қарастырып, Қазақ хандығының құрылуындағы саяси алғышарттарымен, мерзімін нақты анықтауға тырысады.
Мазмұны:

Тарихтың қалыптасуының өзі біркелкі бола бермейді. Кейде қоғамды дүр сілкіндірер үлкен оқиға уақыт өте келе ұмытылып, өткеннің қарапайым оқиғасына айналуы мүмкін. Ал керісінше, кей кездері ең қарапайым, уақыттың желісімен қалыптасқан оқиға үлкен болашақтың бастамасы болып, бір елдің тағдырына, оның халқының өміріне үлкен өзгерістер әкеліп жатады. Дәл осындай тезисті Қазақ хандығының қалыптасуымен байланыстырсақ болады.

ХV ғасырдың 20-шы жылдарында Дешті Қыпшақ даласында соғыс өрті лаулап тұрған кез болатын. Осындай қанды қырғын соғыстардың бірінде 1428 жылы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының тұңғышы Орда-Еженнен тараған Орыс ханның немересі Ұлы Даланың ханы Барақ сұлтан қайтыс болады. Дәл осы жылы Шығыс Дешті Қыпшақта Жошының өзге ұрпағы Шибаннан тараған Әбілқайыр сұлтанның мемлекеті бой көтереді.

Әбілқайыр билік еткен жылдарда да бейбіт өмір болды деп айту қиын. Себебі өзі билік құрған қырық жылда Шибан ұрпағы үлкенді-кішілі мыңдаған оқиғаларды басынан өткерді. Солардың бірі – Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған хан билігімен келіспеген дешті жерінің тайпаларының Әбілқайыр хандығынан бөлінуі. Дәл сол кездері Әбілқайыр хан да, оны тастап, жаңа өмір бастауға бет алған сұлтандар Керей мен Жәнібек те бұл жағдайдың соңы олардың өмірінде үлкен маңызды орын алатын оқиғаға әкелерін сезбеді де. Осы мәселеден бүгінгі Қазақстанның тарихы жаңа тараудан басталады. Жалпы «Қазақстан» топонимінің шығуының өзі осы оқиғамен тікелей байланысты.

Қазақ хандығының қалыптасу уақыты және мәселелері жайлы Отандық және шетелдік зерттеушілердің еңбектерінде бүгінгі күні түрлі тұжырымдар айтылуда.  Соның ішінде, бүгінде Санк-Петербург Мемлекеттік университетінің Орталық Азия және Кавказ халықтарының тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, кейінгі ортағасырлардағы Қазақстан тарихының ірі маманы Тұрсын Икрамұлы Сұлтановтың зерттеулерінің орны ерекше. Өз еңбектерінде Сұлтанов ортағасырлық деректерге сүйене отырып, оқиғаның уақыты мен шығу себептерін дәл беруге тырысқан. Сұлтановтың 2006 жылы жарық көрген «Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана» атты еңбегінде ««Фатх наманың» авторы Шадиге сүйеніп, Хижраның 864 жылы (шамамен 1459 жылдың қазаны мен 1460 жылдың қыркүйек айларына тура келеді) қырық жасар Шығыс Дешті Қыпшақтың билеушісінің отбасында үлкен қайғылы оқиға орын алады: бүркіт тайпасынан шыққан әйелінен туған үлкен ұлы Шах-Бұдағ сұлтан қыршындай қиылады» [1, 119 б.]. Бірақ «Фатх намада» Шади Шах-Бұдағтың қалай және неден қаза болғаны жайлы баяндамаған. Дегенмен Сұлтанов өзге деректерге сүйеніп, ХV ғасырдың 50-ші жылдары Шығыс Дешті Қыпшақта ішкі алауыздықтар орын алып, таққа талас басталады. Автордың пайымдауынша, дәл осындай қақтығыстардың бірінде бұғанасы бекімеген жас сұлтан әкесінің билігін сақтап қалу жолында күрес жүргізіп, қаза болуы мүмкін. Себебі сол кезде Шайбан Әбілқайыр хан елде алауыздық тудырған жауларының барлығының көзін, ұлының төгілген қаны үшін кек алу мақсатында жояды. Бұл жерде де Шадидің «Фатх намада» «Дешті Қыпшақ даласындағы Жошы ұрпағынан шыққан бір қатар сұлтандарды жан-жаққа шашыратып жіберді» [2, 39б.] дегеніне сүйеніп өз тұжырымын нақтылайды. Султанов С.Г.Кляшторныймен бірігіп жазған «Казахстан летопись трех тысячелетий» еңбегінде «Әбілқайыр ханның саяси жауларының бірі Жошының тұңғышы Орда-Еженнен тараған Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар болатын, бірақ олардың бақытына орай сәттілік жолдас болып екеуі де аман қалады. Сұлтандардың алдында: енді не істейміз? Көршілерді барып паналаймыз ба? Ол уақытта көптеген тайпалар солай жасап жатқан болатын. Не болмаса ұлыста қалып, ажалымызды күтеміз бе? Уақыт талабы жылдам, әрі нақты шешімді талап етті. Ашық таластар мен терең ойлардан кейін Керей мен Жәнібек «бүгінгі күннің шаруасын ертеңге қалдырғанға тағдыр сәттілік әкелмейді» деген шешіммен Әбілқайыр хандығынан кетуді жөн деп санады» [3, 227б.]. Сондай-ақ автор бұл оқиғаның хижра бойынша 864 жылы (1459-1460жж.) Шах-Бұдағ сұлтан дүние салған жылы болды деп көрсетеді. Сонымен қатар өз еңбегінде автор «Болашақ әрқашан беймәлім. Ол уақытта олар дәл қашқын еді» [1, 121б.] деп жазады.

Қазақ хандығының құрылуы жөнінде орта ғасырлық жазба деректерде ең алғаш Мұхаммед Хайдар жазып, ол «...Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға кетіп қалған еді. Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзенінің алабындағы Қозыбасыны берді», «...Керей хан мен Жәнібек сияқты кейбір сұлтандар мен басқалар аз ғана топпен Әбілхайыр ханнан қашып, Моғолстанға келді. Сол уақытта Моғолстан хандығын билеу кезегі Есенбұға ханға жеткен еді», - деп айтқан болатын [4, 310, 305б.б.]. «Тарих-и Рашиди» авторының Қазақ хандығының тарихына қатысты мәліметтерін алғаш рет орыс тіліне аударып, ғылыми айналымға 1864 жылы В.В. Вельяминов-Зернов енгізеді [5, 498б.] Әрине Сұлтановтың Керей мен Жәнібек сұлтандардың іс-әрекетіне осындай баға беруінің себебі жоғарыда көрсетілген авторлардың еңбектеріне жүгінуінің салдары болуы әбден мүмкін. Оның бір себебі басқа дерек мәліметтерінің көпке дейін беймәлім болуы және екінші себебі В.В. Вельяминов-Зерновтың зерттеуінің ғылыми деңгейі мен ғылыми беделінің жоғары болуы кейінгі зерттеушілердің бәріне «Керей мен Жәнібек хандарды қашып кетті» деп жазуға мәжбүр етеді. Ал ХVІІ ғасырдың ортасына таман жарық көрген Махмұд бен Уәлидің «Бахр әл-асрар» шығармасында «...Керей хан мен Жәнібек хан... бағыну мен мойынсұнудан бас тартып, отанынан кетуді қалады. Олар (ата-бабаларынан) мұраға қалған елден бас тартып, бөгде елге (апаратын) жолға аяқ басты. Олар сыйлы адамдар тобымен Моғолстанға апарар жолды таңдады», деп баяндалған [6, 394б.]. Бұл жерде Махмұд бен Уәли «қашқын» сөзінің орнына «мойынсұнбай кетіп қалды» деген сөз тіркесін қолданып отыр. Көріп отырғанымыздай Сұлтановтың еңбектерінде көрсетілгендей өз ажалын күтіп отырғаннан өзге елді паналап, жан сақтау мақсатында Керей мен Жәнібек қашып жүріп Қазақ хандығын құрды дегеннен, Махмұд бен Уәлидің еңбегінде көрсетілгендей «мойынсұнудан бас тартты», «кетіп қалды» деген сөз тіркестері тарихи оқиғаның баяндалу мазмұнын ашатындай.

Сұлтанов еңбектерінде сонымен қатар ауыз әдебиеті шығармаларындағы Ақжол би атанған Дайырқожа мен Қобыланды батыр арасындағы орын алған қақтығыс баяндалмайды. Шәкәрім Құдайбердіұлы алғаш айналымға енгізген Ақжол бидің өлімі жайындағы тарихи әңгіменің өлең түрінде жазылған нұсқасында:

«Қазақтың Әз-Жәнібек ханы болған,

Билеген сыртын ноғай заңы болған.

Арғынның арғы атасы Дайыр қожа,

Дейтұғын бір әділ би тағы болған.

Ол биді Әбілхайыр жақсы көрген,

«Ақжол» деп оң тізеден орын берген.

Қобыланды қара қыпшақ батыр еді,

Намыс қып күндестікпен шайтанға ерген.

Өлтірген аңдып жүріп Ақжол биді,

Қазаққа осы жұмыс ауыр тиді.

Қысқасы Қобыландыны өлтірем деп,

Жар салып Әз-Жәнібек халқын жиды.

Жалынған үш кісінің құнын ал деп

Алмаған «бізге керек емес мал» деп.

Бермеген Әбілхайыр Қобыландыны,

«Мұны өлтірсең қалған ел бұзылар» деп.

Сондықтан өкпе қылып қазақ көшкен,

Қыпшақты шауып, жаншып қатты өштескен.

Шуағы Шағатайдың нәсілінен,

Қараймыз Мұғыл Темір ханға дескен», - деп жырланады [6,394-395 б.б.].

Бұл жырдан біз Қазақ хандығына қатысты екі мәлімет аламыз. Біріншіден Керей мен Жәнібек сұлтандар Көшпелі өзбек мемлекетінен Әбілқайырдың жазасынан қорқып Моғолстанға қарай бас сауғаламаған, қашпаған. Керісінше ханның әділетсіз шешіміне ренішін білдіріп, өкпелеп көшіп кеткен. Екінші мәселе Қазақ хандығының құрылуының саяси алғышарттарының бірі болған Ақжол би мен Қобыланды батырдың қақтығысы, яғни ру аралық қақтығыстың нәтижесінде туындаған саяси оқиға.

Керей мен Жәнібек сұлтандар Жетісуға қоныс тепкенде Моғолстан билеушісі Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдың ұрпағы Есен-Бұға хан болатын. Есен-Бұға хан Орыс хан ұрпақтарын құшақ жая қарсы алып, оларды Моғолстанның батыс территориясында орналасқан Шу мен Қозыбасы аумағынан жер береді. Сұлтанов өз мақаласында моғол ханы Есенбұғаның көшіп келушілерді жылы қабылдауының бірнеше себептерін көрсетеді. Бірінші себепке – солтүстіктегі көшпелі тайпалардың жорықтарына тосқауыл қоюға Есенбұға ханның мүмкіншілігі болмауы жатады. Екінші себепке көшіп келушілер арқылы өз иелігінің батыс шекараларын ағасы Жүністен қорғау мақсатында, ал үшінші себепке – көрші елдегі билеушінің қарсыласын өз жағына тарту арқылы оларды қажет кезінде сол елге қарсы қолдануға мүмкіндіктің болуын жатқызады [7, 54-57 б.б.]. Осылайша, Т.И.Сұлтанов өз мақаласында Қазақ хандығының құрылуының саяси алғышарттары мен себептерін ашып көрсетуге тырысады. Оның тұжырымдары кейіннен зерттеушінің басқа еңбектерінде кеңінен қарастырылады.

Керей мен Жәнібек сұлтандар өз жұртымен Жетісуға қоныстанғаннан кейін 1462 жылы Есенбұға хан дүние салады. Моғолстан билігі Есенбұға ханның бауыры Жүніске тиеді. Моғолстанда орын алған ішкі саяси қақтығыстардан қашқан және Әбілқайыр ханның езгісіне шыдамаған халықтар Керей мен Жәнібекке келіп қосылып жатты. Тұрсын Икрамұлы Махмұд бен Уәлидің «Бахр әл-асрар» еңбегіне сүйеніп, «Әбілхайыр хан Керей мен Жәнібек сұлтандардың билігінің күшеюінен секем алып, хижраның 874 жылы (1468-1469жж.) жер қайысқан қолмен жорыққа шығады. Ала-Таға аймағынан өтіп, хан қолы Жеті-Құдық жеріне жетеді. Осы жерде Әбілхайыр хан 57-ге келген жасында ауырып көз жұмады» [1, 122 б.] Әбілқайыр ханның өлімінен кейін өзбек ұлысында таққа талас орын алады. Шибан ұлысының тағы Шейх Хайдар ханға бұйырады. Ибн Рузбиханның мәлімдеуінше Шейх Хайдар тақта көп отырмайды. Осы сәтте Керей мен Жәнібек сұлтандар Шығыс Дешті Қыпшаққа оралып, билікті өз қолдарына алады. Бұл оқиғаны Сұлтанов хижраның 875 жылы (1470-1471жж.) деп көрсетеді [1, 123 б.].

  Т.И.Сұлтанов қазақ хандарының шығу тегі мәселесіндегі екі тұжырымға негіз болған деректерді топтастыра, олардың мәліметтерін салыстыра келе мынандай қорытындыға келеді. Жошы ханның кіші ұлдарының бірі – Тұқай Темір және оның ұрпақтары Батыйдың кезінен бері солтүстік Кавказ, Хажы Тархан, Қырым, Маңғышылақ аймақтарында билік құрған. Ал Жошы ханның үлкен ұлы Орда Ежен және оның ұрпақтары болса, ХІІІ ғасырдың екінші ширегінен ХV ғасырға дейін Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында хандық билікте болған. Қазақ хандарының арғы атасы Орыс хан – Орда Ежен ұрпағы болып саналады. Оның бұл пікірі қазіргі кездегі қазақ хандарының шығу тегі мәселесі бойынша үстем пікірлердің біріне айналып отыр [8, 80 б.].

Т.И. Сұлтанов Қазақ хандығының құрылған уақытына қатысты пікірінде 1459-1460 жылдарды – бөлінген жылдар, ал 1470-1471 жылдарды хандықтың құрылуының аяқталған жылдары деп көрсетеді. Осы оқиғаларды – Қазақ хандығының құрылу барысындағы маңызды оқиғалар қатарына жатқызады да, оларды бір-бірінен туындаған тарихи желідегі оқиғалар деп санайды. Бұл тарихи үрдістің басында Керей мен Жәнібектің Моғолстанға көшіп келуі тұрса, бұдан Қазақ хандығының құрылу үрдісі бастау алады.

Тұрсын Икрамұлының Қазақ хандығының құрылуының уақыты жайындағы тұжырымына Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев бір қатар сыни пікірлер айтады. Б.Б. Кәрібаев Т.И. Сұлтановтың Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлінген жылын көрсетуде дәлсіздіктің барын айтады. Белгілі шығыстанушы ғалымның бөлінуді 1459-1460 жылдары болған деп көрсетуі біршама шындыққа сай келгенімен, нақты еместігін айтады.

Берекет Бақытжанұлы Шығыстанушы ғалымның Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлінуі мен олардың Моғолстанға келу уақытын 1459-1460 жылдар деп көрсетуінің негізіне – темірлік Әбу Сайд мырзаның 863 (1458-1459) жылы Хорасанды алуы мен Жүніс ханды Шираздан алдыртуы, сонымен қатар Жүніс пен Есенбұға арасында 1,5-2 жылға созылған күрестің алынып отырғанын айтып, осы оқиғалардың даталарын нақтылап кетеді. Кәрібаев өз мақаласында Абд-ар-Разак Самаркандидің деректеріне сүйенген Б.А. Ахмедовтың «Государство кочевых узбеков» еңбегіне сілтеме жасап, 1452-1457 жылдары Гератты билеген Әбіл-Қасым Бабырдың 1457 жылы 21 ақпанда қайтыс болып, Ала ад-Дауланың ұлы Ибрагим мырзаның бірнеше талпыныстардан соң 1457 жылы қыркүйекте Хорасан астанасын алғандығын, Әбу Сайд мырзаның Әмударияның сол жағында Ибрагим мырзаны жеңіп, алғаш рет 1457 жылдың 2 қазанында ұрыссыз Гераттың Қыпшақ қақпасы арқылы қалаға салтанатпен кіргенін айтады [9, 45-47 б.б.]. Көп ұзамай Балхта Абдаллахтың ұлдары – Мұхаммед Жөкі мен Ахмед мырза көтеріліс жасайды да, Әбу Сайд мырза Гераттан Балхқа аттанып кетеді. Көтерілісті тұншықтырып, Әбу Сайд мырза Гератқа да, Самарқанға да қайтып оралмай, сонда қыстап қалады. Гераттың иесіз қалғанын көрген Ибрагим мырза тез арада Гератты қайта иеленеді. Осы кезде Ибрагим мырзаның әкесі Ала ад-Даула қайтадан пайда болып, баласы әкесіне 1458 жылдың 23 сәуірінде Герат тағын ұсынады [8, 81 б.]. 1458 жылдың қазанының ортасында Қарақойлы әулетінің басшысы Жаханшахтың Гератқа төніп келуіне байланысты Ала ад-Даула қаланы тастап кетуге мәжбүр болады. 1 қарашада Жахан Шах Гератты соғыссыз алады. Бірақ оның тылында өте қиын жағдайдың қалыптасуына байланысты, ол Гератқа беттеген Әбу Сайд мырзамен бейбіт келісімге келеді де, Хорасанды тастап кейін оралады. Ал Әбу Сайд мырза болса, 1458 жылдың 16 желтоқсанында екінші рет, бұл жолы түпкілікті түрде Гератты иемденеді [8, 82 б.]. Б.Б. Кәрібаев өз мақаласында Әбу Сайд мырза Хорасан астанасы Гератты екі рет иеленгендігін, алғаш рет – 1457 жылдың 2 қазанында, ал түпкілікті түрде – 1458 жылдың 16 желтоқсанында иеленгенін көрсетеді. Екі дата арасында 14,5 ай айырмашылықтың бар екендігін басты назарға алған ғалым, осы уақыт ішінде аймақта көп саяси өзгерістің орын ала-алатындығын айтады. Б.Б. Кәрібаевтың пайымдауынша, Әбу Сайд мырза Жүністі 1457 жылдың қазан айында шақыртып, сол айда Моғолстан жаққа жіберген. Ал, Т.И. Сұлтановтың ойынша, Жүністі Шираз жақтан алдыртқан уақытқа 1458 жылдың 16 желтоқсанынан кейінгі күндер жатады. Сондай-ақ Т.И. Сұлтанов Жүніс хан мен Есенбұға хан арасында кем дегенде бір жарым-екі жылдай күрес болған деп есептейді. Ал Жүніс пен Есенбұға хандар арасындағы алғашқы шайқас 1458 жылдың жаз айларының соңында болып, осы шайқасқа Есенбұғамен бірігіп шайқасқан әмір Сайд Әлінің көп ұзамай 1458 жылдың қыркүйек-қазан айларының бірінде жасы келіп қайтыс болғаны бізге Тарих-и Рашидиден белгілі. Сонымен қатар Әбілқайыр хан мен Үз Темір тайшы арасындағы шайқастың 1457 жылы болғанын, Әбілқайыр ханның өзіне қолдау көрсетпеген сұлтандарды жазалауға кіріскенін ескере келе, Б.Б. Кәрібаев Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлінуі 1457 жылдың күз айларының соңында болған деген қорытындыға келеді. Өз кезегінде Т.И. Сұлтанов Әбу Сайд мырзаның Жүністі Шираздан шақыртуын 1458 жылдың желтоқсанында болған деп және осы датаны негізге алып, Керей мен Жәнібек сұлтандардың бөлінуі мен Моғолстанға келуін бір жарым жылдай уақытқа кеш көрсетіп отыр [8, 83 б].

Бұл мәселерге байланысты түрлі пікірлердің қалыптасуы, тарихи оқиғаларды әлі де болса нақтылай түсуді талап етеді. Қазақ хандығының құрылуы алғышарттары мәселесіндегі қазақ сұлтандарының бөліну себептері жайлы зерттеулердегі пікірлердің сан алуандығы. Тұрсын Икрамұлы өз тұжырымында қазақ сұлтандарының бөліну себептерін нақтылай түсуге тырысқанымен, автордың назарынан қазақ халқының дәстүрлі ауыз әдебиеті мәліметтері тыс қалған. Екінші мәселедегі Қазақ хандығының құрылу мерзімі жайлы пікірлердің талас тудыруы. Дегенмен Тұрсын Икрамұлы Сұлтанов өзге авторлардың зерттеулерін сөзбе сөз қайталамай өзіндік тың ойлары мен тұжырымдарын өз еңбектерінде көрсете білген. Қазақ хандығының құрылу кезеңдерін белгілі бір оқиғалармен байланыстыру арқылы жаңаша көзқарасын ұсынған зерттеуші. Ол бүгінгі күні Қазақ хандығының құрылуы тарихымен айналысатын бірегей ғалым.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.  Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Ханы казахских степей. – Алматы, 2006. – С. 119.420 С.

2.  Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. – Алматы, 2001. – С. 39.

3.  Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: Летопись трех тысячилетий. – Алматы, 1992. – С. 227.

4.  Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. (Хақ жолындағылар тарихы) – Алматы, 2003. – 110б.; 305б.

5.  Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях ицаревичах. – СПб. 1864. Ч.2. – С. 498.

6.  Кәрібаев Б.Б. Қазақ хандығының құрылу тарихы. – Алматы, 2015. – 394б.

7.  Султанов Т.И. Некоторые замечания о начале казахской государственности // Известия АН КазССР. Серия общественная. Вып. 1. – Алма-Ата, 1971. – С.54-57.

8.  Кәрібаев Б.Б. Т.И.Сұлтанов және Қазақ хандығының құрылу мәселелері// Абай институтының хабаршысы. №4 (10) 2011. – 80б.

9.  Ахмедов Б.А. Узбекарнинг келиб чиқиш тарихидан. – Тошкент, 1962. – 45-47б.

References

1.  Sultanov T.I. Podnyatye na beloi koshme. Khany kazakhskih stepei. – Almaty, 2006. – S. 119.

2.  Sultanov T.I. Podnyatye na beloi koshme. Potomki Chingiz-khana. – Almaty, 2001. – S. 39

3.  Klyashtornyi S.G., Sultanov T.I. Kazakhstan: Letopis treh tysyachileti. – Almaty, 1992. – S. 227.

4.  Mukhammed Khaidar Dulati. Tarikh-I Rashidi. (Khak zolyndagylar tarihy) – Almaty, 2003. – 110 b.; 305b.

5.  Velyaminov-Zernov V.V. Issledovanie o Kasimovskih tsaryakh I tsarevichakh. – SPb. 1864. Ch.2. – S. 498.

6.  Karibaev B.B. Qazaq khandygynyn qurylu tarihy. – Almaty, 2015. – 394b.

7.  Sultanov T.I. Nekotorye zamechaniya o nachale kazakhskoi gosudarstvennosti // Izvestiya AN KazSSR. Seriya obshestvennaya. Vyp. 1. – Alma-Ata, 1971. – S. 54-57.

8.  Karibaev B.B. T.I. Sultanov zhane Qazaq khandygynyn qurylu maseleleri// Abai institutynyn khabarshysy. №4 (10) 2011. – 80b.

9.  Ahmedov B.A. Uzbekarning kelib chikish tarihidan. – Toshkent, 1962. – 45-47b. 

Ж. Абнасыров

PhD докторант Казахского Национального университета

 имени аль-Фараби

г.Алматы, Казахстан

Т.И. СУЛТАНОВ И ПРОБЛЕМЫ, И ВРЕМЯ СТАНОВЛЕНИЯ КАЗАХСКОГО ХАНСТВА.

Аннотация

В данной статье рассматривается проблемы становления Казахского ханства и конкретные исторические события. Проводится историографический и источниковедческий сравнительный анализ научных монографии Т.И. Султанова «Поднятые на белой кашме. Потомки Чингиз хана» и совместный труд Кляшторного и Султанова «Летопись трех тысячелетии». Посвещается политическим процессам на территории улусов Джучи и Чагатая в XV веке. Автор в процессе анализа данных трудов рассматривая взгляды и других исследователей пытается определить политические предпосылки и точное время образования Казахского ханства.

Ключевые слова: Казахкое ханства, государство кочевых узбеков, Моголстан, Герат, Шираз, султан, ойрат.

D.Zh. AД.bnassyrov

PhD student of Kazakh National University named after al-Farabi

Almaty, Kazakhstan

T.I. SULTANOV AND ISSUES OF THE ESTABLISHMENT OF THE KAZAKH KHANATE AND TIME

Summary

This article discusses issues of the formation of the Kazakh Khanate and specific historical events. T. I. Sultanov`s «Raised on a white rug. The descendants of Genghis Khan» and monography written together with Klyashtornyi «Annals of the three Millenniums» made comparative analysis of historiographical and sources. It is dedicated to the political issues that occurred during the power struggle between the Genghis Khan and Genghis Khan Descendants in the Chagatai ulus in the XV century. In the analysis of these works, the author considers the views of other researchers in the context of the formation of the Kazakh Khanate and tries to define the political preconditions and timing of the formation of the Kazakh Khanate.

Keywords: Kazakh Khanate, The state of nomadic Uzbeks, Mogolstan, Herat, Shiraz, sultans, Oirats


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 1012

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Мақала.docx 0.03 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТЫ КОРЕЙ ЕЛІНДЕ АЯҚТАҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) Қазақстанда әкімшілік-аумақтық жүйені өзгертуге қатысты Ресей империясының заңнамасы О ТЕРМИНАХ «КАЗАХИ» И «КАЗАХСКОЕ ГОСУДАРСТВО» В ИСТОЧНИКАХ 923.2 Қожа Ахмет Ясауи ілімі негізінде көне түркілік дүниетанымдағы «биліктің киелілігі» ұғымының исламдық құндылықтармен орнығуы ӘОЖ 39(574)(092) Нығмет Мыңжани - этнограф 930:94(574)"14/17" Т.И. СҰЛТАНОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН УАҚЫТЫ ҒТАМР 03.20 «БАЙҒҰСТАР» - XIX ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТОП УДК 2-472(574) К ВОПРОСУ О СОДЕРЖАНИИ УЧЕБНЫХ ПРОГРАММ В МУСУЛЬМАНСКИХ ШКОЛАХ КАЗАХСТАНА ӘӨЖ 961/959 (5каз) ЗЕМСТВО ЖӘНЕ АЛАШ-ОРДА ӘОЖ 391.745/749 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ БАЛАНЫҢ ТУЫЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ МЕН ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАРЫ ӘОЖ 94 (574.1) ШЫҒЫС МАЙДАНЫНА ҚАТЫСҚАН ОРАЛ ӨҢІРІНІҢ ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ӘОЖ 94[37:81] (47+57) 1940 - 1980 ЖЖ. БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ТІЛДІК РЕФОРМА ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ ӘӨЖ: 94(574)(092) Ғ.Н. БӨКЕЙХАНОВ ҚОҒАМ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ

Автордың мақалалары

930:94(574)"14/17" Т.И. СҰЛТАНОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН УАҚЫТЫ