Басты бет » Материалдар » Қытайдың саяси мәдениетінің дәстүрлі негізі мен сипаты

Түргенбай А.А. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасы ainur.turgenbay@gmail.com Шәріпқазы Н.Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасы

Қытайдың саяси мәдениетінің дәстүрлі негізі мен сипаты

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № №1(13)2018

Тегтер: мәдениет, дәстүрлі, қоғам, конфуцийшілдік, құндылықтар, дәстүрлі, мәдениет, саяси, туысқандық, қатынастар, гуаньси.
Аңдатпа:
Мақалада Қытайдың саяси мәдениетінің даму ерекшелігі, оның дәстүрлі негізі мен қазіргі заманғы элементерінің өзара әрекеттесуі қарастырылады. Авторларконфуцийшілдік идеялардың Қытайдың қоғамдық өмірінің түрлі салаларына ықпалын қарастыра отырып, оның саяси мәдениетіндегірөлін сараптаған.
Мазмұны:

Саяси мәдениет термині «саясат» және «мәдениет» деген екі іргелі категориядан тұрады. Саяси мәдениет – бұл адамдардың, топтардың қызметі барысында тарихи тәжірибесі мен білімін, сонымен қатар осы тәжірибені қолдану әдісін қоғамдық-саяси даму мен оны нақтылы түрде іске асыру дәрежесін білдіретін түсінік.  Былайша айтқанда, саяси мәдениет саяси субъектілердің іс-әрекеті мен саяси түсінігін айқындайтын саясат саласындағы тарихи тәжірибе мен қоғам жады  [1].

Бұл құбылыстың нақтырақ сипатын анықтайтын болсақ, ол- оқшауланбаған, жаһандық мәдениет жүйесінің бірі. Сонымен қатар, саяси мәдениеттің тағы бір басты сипаты өткен тарихта жинақталған тәжірибе мен саяси білімді игеру деңгейі. Меңгерілген саяси білімдер, принциптер мен нормалар белігі бір топтың, адамдардың қызметімен тікелей араласып, әдетіне айналғанда ғана мәдениет элементі ретінде қарастырылады.

Әрбір мемлекеттегі саяси мәдениеттің қалыптасуы немесе өзгеруі тікелей саяси тәртіпке байланысты. Қоғамда саяси тәртіп өзгерген жағдайда, саяси мәдениет те сол тәртіпке бейімделіп, қайта қалыптаса бастайды.

Кез келген мемлекет пен кез келген саяси институттардың артында белгілі бір менталитетке ие, тарихи тәжірибесі мен мүддесі бар адам тұрады. Міне осыдан-ақ бір саяси жүйенің әр елде әртүрлі қызмет атқаруын түсінуге болады. Мысалы, АҚШ-тағы демократиялық тәртіп пен өзге елдердегі жағдайды тіпті салыстыруға келмейді. Мұндағы басты мәселе демократиялық үрдістің баяу дамуында емес, керісінше саяси мәдениеттің ерекшелігінде деуге болар. 

Саяси мәдениет құбылысын зерттеу тіпті ерте кезден – ақ жүргізіле бастаған болатын. Конфуций, Платон, Аристотель секілді ғұлама ойшылдардың еңбектерінде осы тақырыпқа ерекше назар аударылған. Ал, жалпы бұл термин ХҮІІІ ғасырда неміс философы И. Гердердің еңбектерінің арқасында пайда болды[2, 368 б.]. Сол кезден бастап, көптеген батыс ғалымдары саяси мәдениет теориясын кеңінен зерттеп, дамыта бастады. Бұл түрлі қақтығыстардың шығу себептерін, саяси институттар мен азаматтардың мінез-құлқын терең түсінуге мүмкіндік берді. Бүінгі таңда бұл терминнің көптеген түсіндірмелері бар, және олардың бәрі мынаған әкеп тірейді: саяси мәдениет – бұл тікелей саяси мінез-құлқына әсер ететін саяси құндылықтарды, бағдар мен дағдыларды, тарихи тәжірибені, соның ішінде саяси және әлеуметік оқиғалар туралы естеліктерді қамтыған жалпы мәдениеттің бір бөлшегі болып табылады.

Осылайша, халықтың тарихын, мәдениеті мен дәстүрін біле отырып, елде орын алып отырған  саяси үдерістердің мәнін анықтауға болады. Қытайдың саяси мәдениетін зерттеуші ғалымдардың басым көпшілігі осы әдісті қолдануда. 

Қытай өмір сүрген ұзақ жылдар бойы өзінің саяси өміріне зор ықпал ететін  мол тәжірибе жинақтады. Оларға тән қасиет дәстүрге деген адалдық пен қоғамдасып өмір сүруге бейімділік. Ұжым, социум әрқашанда жеке тұлғадан жоғары тұрды, сондықтан да бұл жеке тұлғаның бастамаларының жүзеге аспауының себебі болды. Яғни, бұдан шығатын қорытынды қытай дәстүрінде жеке тұлғаның бостандығы мен құқын қорғау бағдары жоқ. Бұл факт батыс сарапшылары тарапынан қатты сынға ұшырағанымен де, қытайлар өз менталитетіне сай бұл жағынан ешқандай да ыңғайсыздық сезінбейтіндігін мойындаумыз керек. Оның үстіне жалпының жекеден (бөлшектен ) басым болуы  белгілі бір дәрежеде мемлекет пен қоғамның тұтастығын қамтамасыз етеді.

Қытайдың саяси мәдениеті дәстүрлі шығыстық және нағыз батыстық құндылықтарды ерекше үйлестіре алуымен жұртшылықтың қызығушылығын тудырып отыр. Батыстан қазіргі заманғы институционалдық жүйенің негізгі элементтерін қабылдағанымен Қытай өзінің  ұлттық дәстүрін жоғалтпай, одан бастартпай, оған адалдығын сақтап қалды [3].

Қытайдың саяси мәдениеті ерекшелігін түсіну үшін алдымен осы елдің тарихи-мәдени ерекшелігіне тоқталу қажет. Қазіргі таңда бұл мәселеге зерттеушілер тарапынан ерекше қызығушылық туып отыр, және олардың көпшілігі әлемдік саяси аренадағы Қытайдың позициясының артатындығы туралы болжам айтуда.

Сондықтан да осы мақалада Қытайдың саяси мәдениетінің қалыптасуының дәстүрлі негізі мен даму тарихына ерекше  басымдық беріледі. Қытайдың саяси мәдениетінің қалыптасу тарихы тереңде. Оның негізінде қытайдың көне діни наным-сенімдері жатыр.

Діни – философиялық синкреттелген дүниетаным қытайлардың шығысазиялық діндерге деген дұрыс көзқараста болуы мен  өзге халықтарға толернаттылығының куәсі.

Даосизм, конфуцийшілдік, моизм, легизм және натурфилософиялық негізде оның дәстүрлі саяси мәдениетінің мәйегі пісіп жетілді.  Қытай қоғамының саяси мәдениеті Қытайдың халықаралық аренадағы бағытын болжамдауға мүмкіндік береді [ 3,157 б.].

Қытайдың саяси мәдениетінің қалыптасуына негізінен мынадай: біріншіден жеке тұлғаның қоғамдағы рөлі мен құндылығын әлеуметтік деңгейіне,  иерархиялық орнын отбасылық- туыстық байланысына қарай анықтайтын қоғамның патриархалды- туысқандық құрылым болып, ал мемлекет супер патримония ретінде ұсынылуы және де ауылшаруашылығы мен транспорт инфрақұрылымын құру мен  қамтамасыз етуде жалпыға ортақ қоғамдық жұмыс қажеттілігінен туындайтын халық шаруашылық қызметінің ерекшелігі сияқты екі факторәсер етті деуге болады.

Осы екі фактор саяси мәдениеттің мынадайсипатын айқындады:

-  Кішінің үлкенге (жасы мен қызметі жағынан да) сөссіз бас июі;

-  Отбасы, клан, қоғам және мемлекет мүддесінің, яғни ұжымдық мүдденің жеке тұлға мүддесінен жоғары тұруы;

-  Әдеттегідей саяси- әлеуметтік белсенділіктің төмендігі;

-  Жеке тұлғаның өз әлеуметінің мүддесін, олардыңтарапынан қолдау болған жағдайда қорғау негізінде әлеуметтік тұрғыдажоғары дәрежеге көтерілу мүмкіндігі.

Осындай Қытайда ерте кезден-ақ қалыптасқан әр сатының өзіне тән артықшылықтары мен өзіндік міндеттері жиынтығынан тұратын мемлекеттік шендердің қатаң иерархиялық баспалдағы қытайлықтардың санасында дәстүрлі түрде: кімнің артында кім тұр, яғни, кімнің тірегі кім деген сұрақтардың жауабын айқындауға деген құлшыныстың ерекше маңызға ие болуына түрткі болды. Нәтижесінде қытайдың саяси мәдениетінде тең дәрежелі адамдар арасындағы қатынас, жоғарғы мен төменгі дәрежедегі адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қарағанда ыңғайсыздық тудырды. Бұл мәселе күні бүгінге дейін сақталып келе жатқан, күрделі мәселелердің бірі.

Тарихи бюрокартиялық номенклатура Қытайда дәстүрге сай ерекше элитарлық топ құрды.  Және оған мүше болуға, шындығында туыстық қатынаста болу міндетті емес еді. Тек, оған мүшелікке кірген кез келген тұлға, өзінің әлеуметтік дәрежесіне қарамастан міндетті түрде белгіленген ережелер мен тәртіптерді қатаң ұстануы тиіс болды. Саяси мәдениеттің конфуциандық моделінің ерекшелігі ˗басшының беделі (жоғары билеуші немесе жергілікті басшының) оның бойындағы жоғары ізгілік пен адамгершіліктің болуына байланысты, ал оны билеуші өзгелердің игілігі үшін жасаған күнделікті қызметінде көрсете білуі және тиісті лауазымдық рәсімдерге сай қатаң сақтауы тиіс.

Конфуцийшілдікте адамгершілік, толеранттылық, парыз, рәсім, ата-бабаға құрмет, үлкенді жасы мен лауазымына қарай сыйлау секілді түсініктерге ерекше басымдық  береді. Бұл ағымның саяси доктринасының негізі «идеалды мемлекет» болып табылады. Конфуцийшілдер оны басқарушылар мен оған бағыныштылар арасындағы қарым-қатынаста әлеуметтік тәртіп бар, әркім табиғатпен, өз-өзімен және өзін қоршаған ортамен үйлесімділікте өмір сүріп жатқан  мемлекет ретінде түсіндіреді

Мамандардың айтуы бойынша саяси ұйымдастырудың осы моделі саяси мәдениеттің төмендегідей элементтерін қалыптастырып, бекіткен. Олар:

·  Заңды басқару жүйесіне қарағанда басқарудың  мораль- этикалық нормаларының басымдылығы;

·  Қалыптасқан саяси жүйе негіздерін сақтауда әлеуметтік ұтқырлық дәрежесінің өте жоғары деңгейде болуы;

·  Қызметтік арақатынасты қатаң сақтау;

·  Билеуші ˗ ол адамгершілік қасиеті ең жоғарғы тұлға деген түсініктің қалыптасуы.

Осылайша конфуциандық компоненттерге негізделген дәстүрлі қытай мәдениетінде жеке тұлға емес, керісінше ұжым (қоғам, мемлекет) басты орында деген тұжырым қалыптасты. Өйткені жеке тұлға ол күш емес, қоғамның бір мүшесі ретінде қаралды.

Жеке тұлғаның мүддесін ұжымның  мүддесіне  қарай  бой ұсындыру, бойын дау-жанжалдан қашық ұстау, билікті құрметтеу, этикалық нормаларға сүйену- Қытайдың саяси мәдениетінің ерекшелік белгілері.

Конфуцийшілдіктегі  адамның өзін -өзі ұстай білуі  мен отбасын болсын, немесе мемлекетті басқара білу концепциясы жаңа индустриалды мемлекеттердің саяси философиясының негізін қалайды.

Конфуцийшілдік иерархиялық қоғамдағы қатынастарды реттестіреді. Оның көрсеткен адамдар арасындағы қатынастың басты бес түрінің ішінде  (билеуші мен бағынышты , әке мен бала, ері мен әйелі, үлкен мен кіші, бауыр мен достар арасындағы) төртеуі иерархиялық тұрғыдан құрылған және олардың әрқайсысының жүріс-тұрысына арналған нақты ұйғарым бар.  Қатаң иерархиялық қатынастың мақсаты-  қоғамда үйлесімді ұжымдық тәртіп орнату, қақтығыстарды болдырмау [4,245 б.]. Бүгінде Шығыс Азия елдерінде үйлесімді қоғамдық өмір құру идеясының кеңінен  таралуы тікелей осыған байланысты.

Ішкі саяси жағын алып қарасақ қытай қоғамы бұрынғысынша дәстүрлі құныдылықтар мен этикалық нормаларға сүйеніп, батыстың демократиялық  моделін мойындамайды.  Сондықтан да қазіргі саяси қайта құрулар процессі Қытай саясатына тән дәстүрлі мәдени факторлармен тікелей байланысты.

Дәстүрлі мәдениет тек өткенді немесе қазіргі мәдениет дегенді білдірмейді, оның мәні тереңде жатыр: дәстүрлі мәдениет бұл-  тамырын сонау көнеден алып,  бүгіннен болашаққа қарай кең етек жаятын  көзқарастар түрі, құнды бағдарлар кешені.

Дәстүрлі Қытай мәдениеті қытай этносының саясат және билік туралы түсінігін, дүниетанымымы мен ойлау жүйесін, болмыс пен адамгершілік-құндылықтар  жүйесі секілді психологиялық ерекшелігін қалыптастырды, сонымен қатар саяси саласына да ерекше ықпал етті.

Қытайдың дәстүрлі мәдениетінде, батыс мәдениетіне қарағанда жеке тұлғаның тәуелсіз, дербес өмір сүруіне қарағанда, оның қоғамға тәуелді, әрі, қоғам, топ алдындағы парызын өтеуіне басымдық берілді. Нәтижесінде бұл тұжырым саясатта автократиялық басқарудың теориялық негізін қалыптастырды.

Батыстың либералды үлгісінде мемлекетті қоғамдық мүдделерден тәуелсіз, социумға қызмет атқарады деп деп таныса, қытайдың ұлттық психологиясы мемлекетті болмыс ретінде қарап, ал қоғамдық және жеке адамның парызы қуатты әрі тиімді жұмыс істейтін механизм құру мақсатында жоғары билікке қызмет атқару деп санайды. Елдің әрбір азаматы осы мүдделерге бағынады [5, 57б.].

Конфуциандық мәдениетке ұстаз- патрон- билеушіні құрмет тұту сәйкес келеді. Осыдан, көсем билігіне негізделген мемлекеттік құрылыс нұсқасы жалғыз ғана мүмкіндік екендігі туралы түсінік қалыптасты. Мемлекет пен қоғам күшті ұлт көшбасшысымен басқарылған жағдайда ғана күшейеді. Көшбасшының әлеуеті конфуциандық дәстүрмен құрметтелген мемлекеттегі орнымен анықталады. Егер ұлт мемлекет күшін қолдағысы келсе, онда ол өз басшысының толық билікті қолына алуына кедергі етпеуі керек: конфуциандық қоғамның бар потенциалы жеке басқару идеясына қызмет ету. Конфуциандық әлемнің саяси жүйесінің негізгі кілті  әр кезде де монарх болды,  (қазіргі таңда  бұл жағдайды –КР президенті, ҚХР төрағасы немесе КХДР «сүйікті басшысы» ) оның билігі аспан еркін жүзеге асырушы ретінде қабылданады, сондықтан, оған халық өз еріктерімен, саналы түрде бағынауына тура келді.

Еуропалық түсінік бойынша – бұл диктатура, бірақ конфуциандық әлемде көсемшілдік  мемлекеттің ерекше рөлін авторитарлы тәртіпке негіздейді. Сонымен қоса, конфуциандық этика көшбасшыдан халыққа қамқор болуды, күнделікті басқаруда шешім шығаруға қажетті  дұрыс пікір мен өнегелілікті талап етеді және оның жүріс-тұрысын ерекше этикалық нормалармен айқындайды. «Лайықты» басқарушысы бар, күшті, бірорталықтанған мемлекет туралы идея шығыс елдеріндегі барлық танымал идеологиялық және философиялық ағымдардың бөлінбес бөлшегі деуге болады [5, 27 б.].

Осылайша, конфуциандық дәстүр мен демократиялық нормаларды ұштастыру үшін шығысазиялық қоғамға алдымен ұлт көшбасшысының моральдық тазалық пен жеке басының жауапкершілігі, жеке тұлға мен әлеуметтік аз қорғалғандардың  құқығын сыйлау секілді факторларға ерекше назар аударулары тиіс.

Қытай бүгінде экономикалық дамуы мен елін әлемдік деңгейге көтеруде, модернизация жолымен ойдағыдай алға басып  келеді. Сонымен қатар, қытайдың саяси мәдениетінде қазіргі саяси жүйені сақтап қалуға бағытталған құндылықтар, бағыттар, стереотиптер мен нұсқаулар басты орында тұрды.

Азия Тынық мұхиты аймағы елдері үшін бірінші кезекте өз елдерінің рухани дәстүріне сүйене отырып  «конфуциандық капитализм» мен «конфуциандық социализмді» құру және реформа жүргізу маңызды рөл атқарды.

Конфуциандық саяси мәдениет туралы сөз қозғағанда екі басты принциптің – қоғамдық тұрақтылық пен халық игілігі алдындағы ел басшысының жекебасының жауапкершілігінің басты орында тұратындығын ескеру қажет. Атақты публицист Ю.Мартин: «Біз экономикада, саясатта, кез келген реформаны жүргізуде адамгершілік факторының шешуші мәнін шынайы бағаламадық»,- деген еді.

Дегенмен Қытайдың дәстүрлі саяси мәдениетінің қалыптасуында тек конфуцийшілдік ерекше рөл ойнаған жоқ. Сонымен қатар, жоғарыда атап кеткеніміздей көне қытайлық діни ілімдерді бірі легизмнің де орны ерекше болды. Оған легизмнің мынадай негізгі доктриналары ықпал етті:

·  чиновниктерді ұсыну арқылы мемлекеттік аппаратты жүйелі түрде жаңартып отыру;

·  чиновниктер пікірін біріздендіру;

·  тең мүмкіндіктер концепциясы, басқарушы таптың өз ішіндегі қатаң градациясы

·  сыбайластық пен шенеуніктің жеке жауапкершілігіне цензорлық бақылау орнату.

Легизм өз атауын әлеуметтік реттестіруде қоғамдық тәртіп пен мемлекеттің гүлденуінің кепілі ретінде қарастырған (фа) заңға басты орынды бергендіктен де алған болатын. Бірақ легизм заңмен қатар адамдардың іс-әрекетін реттестіру нормаларының басқа бір жүйесін, адамдарды басқару өнерін (шу) дайындап шығарды. Легистер үшін «Шу» заңға қарағанда маңызды рөл ойнады. Шу арқылы билеуші алдымен мемлекеттік аппаратта өз билігін нығайтты [6, 340 б.]. Хань Фэйцзы сияқты легистермен жан-жақты қарастырылған адамдарды басқару өнері адамдардың бәрі жауыз, әрі  бұзылған дегеннен басталады. Сондықтан бұл «өнердің» ережесіне биліктен мықтап ұстап, оны өзгелерге бермеу, тұйық, әдіс талғамайтын, ешқандайда моралдық нормалармен есептеспеу, адамдарды тек қана өз мақсатына қол жеткізу құралы ретінде қарастыру, оларды бір-бірін аңдуға және бір-бірі туралы ақпарат жинауға, жасырын мәлімдеп отыруға мәжбүрлеу,  қатаң жазалау және салқынқандылықпен марапаттау, халықты есеңгіреткендерге қолдап дем беру, ой еркіндігіне  және т.б. қарсы күресу жазылған [7, 488 б.].

Легизмнің фа мен шудан өзге тағы бір маңызды бөлігі -  «ши» саяси күш немесе авторитет принципі [3]. Легизм мемлекеттің ішкі саясатындағы сияқты, сыртқы саясатта да  күш көрсетуді қолдады. «Мемлекет өзге елдерге жиі шабуылдар жасаған сайын күшейеді»; «Егер мемлекет халыққа соғысты сүйдіре алса, онда ол Аспан астын түгелдей басып ала алады», сондықтан «аш қасқыр етке қалай қараса, халық соғысқа солай қарау керек» деген секілді жазбалар легистік шығармаларда өте жиі кездеседі.

Легистер ілімінің негізгі ерекшелігі олардың күшті мемлекет идеясын бірінші орынға  қоюы болды және осы идеямен барлық қоғамды бағындырды.  Легистердің бай әрі күшті мемлекет құрамыз деген түпкі мақсатына қызмет етуден бас тартқандарды қатаң жазалады. Бұл ілімде бәрінен бұрын бірінші орынға мемлекет мүддесін қойды.

Олар мемлекеттің әлсіреуі мен күйреуінің себептерін үздіксіз зерттеді. Хань Фэйцзы мемлекетті құлдыратудың  47 себебі бар деп есептеді Легистер осы себептердің бірі ретінде көбінесе адамгершілікті атап айтты [2,38 б.].

  Дәстүрлі саяси мәдениеттің қалыптасуында даосизмнің де ықпалы болды. Ол елді басқаруда «әрекет етпей ел басқару» тұжырымдамасын ұсынды. Онда билеуші елін басқарғанда өз еркін тықпаламай, өзінің адамгершілігімен халқына үлгі болу керек делінген. Сонда мемлекет те өз тәртібімен басқарылады дейді.

Даосизм философиясына сәйкес осы «У-вэй» (无为) әректесіздік принципін сақтау жолы арқылы әлеуметтік үйлесімділік деңгейіне қол жеткізуге болады. «Дао дэцзиндегі» сияқты «Чжуан-цзыда» да адамдарды ешкім басқармауы керек, әкімшіліктің қызметі адамның еркін өміріне кедергісін келтіреді деген пікірді кеңінен насихаттайды [7,227 б.].

Осылайша, даостар негізі теңдік, өзара түсіністік пен өзара сыйластық, толеранттылыққа негізделген үйлесімді қоғамды елестетті.

Олардың көзқарасы бойынша, үйлесімділік – бұл барлық заттарды өзара тәуелділік пен бірлікке әкелетін қандайда бір механизм.

Негізінен қытайдың саяси мәдениетін көбінесе «ымырашыл» мәдениет деп те айтады.

Дәстүрдің тұрақтылығы Қытайдың саяси мәдениетінде бірқатар саяси өмір формалары мен нормалары туралы түсініктердің сақталуына ықпал етеді. Осындай тұрақты құбылыстардың бірі патриархалды ˗туыстық сипаттағы қытай қоғамымен қатар өмір сүріп келе жатқан байланыс немесе қарым˗қатынас институты (гуаньси) «关系»болып табылады. Дәстүрлі қоғамда тұлғааралық қатынастар құрылымы өзге бір адамның өзімдікі және өзгенікі деп бөлуінің арқасында қалыптасты. Бұл жерде шекара, алдымен қандас туыстармен айқындалады. Ал, жерлестік байланыс, біртіндеп қандас˗туыстар байланысы деңгейіне көтеріле бастады. Мұндай жағдайда тәртіп негізінен қалыптасқан мораль˗этикалық нормалар мен рәсімге сәйкес сақталды. Сондықтан қайшылықтарды шешудің негізгі әдістері батыстағы сияқты заңдық немесе сот нормалары емес, керісінше, әділ шешім табу мақсатында келіспеуші тарапқа моральдық тұрғыдан ықпал етті.  Бір жағынан бұл Қытайда заң саласында қылмыстық іске ерекше көңіл бөліп, азаматтық істерді елемегендігінің көрінісі деуге болады. Сонымен қатар, Қытайда шенеунік  ерекше орынды иеленген, оның дәрежесі әрқашан биік, кейде тіпті барлық заңдардан да жоғары тұрды. Сондықтан да шенеуніктермен қарым-қатынас тек белгілі бір заңды нормалармен ғана емес,  ресми емес байланыстар арқылы да құрылды. Дәл осы себептен «关系», яғни «қатынас», «байланыс» түсінігі кез-келген қытайдың менталитетінде маңызды орынды иеленді[8].

 Жалпы құқықтық енжарлық танытылған жағдайда гуанси инситиуты үлкендерге лауазымы бойынша немесе өз әлеуметі мүшелерінің дәрежесіне қарай шағым арыз түсіруіне мүмкіндік беріп, жеке тұлғаның, әлеуметтік немесе әкімшілік бірліктің мүддесін қорғаудың маңызды құралы қызметін атқарады.

Гуаньси Қытайда әлі күнге дейін тек көлденеңінен ғана емес, сондай˗ақ  вертикальды: қоғамның жоғарғы және төменгі қабаты арасындағы, жергілікті аймақ пен орталық арасындағы әлеуметтік байланыстың маңызды өзегі, сонымен қатар әкімшілік басқару мен кадрлар таңдаудың құралы болып отыр.

Гуаньси жүйесі қытай қоғамының тұрмыстан бастап, саясатқа дейінгі барлық салаларындендеп кеткен. Осы немесе өзге де байланыстар жүйесіне кіруің, жеке тұлғаның көзқарасының сипатын анықтайды. Және де саяси салада қытайлықтың кез келген саяси бастамасы өз тобының адамдары арасынан өзіне тірек болатындай, байланыс орнатуға таныс іздеумен жалғасады. Оның ол адаммен жеке, әрі жете таныс болуы маңызды емес, ең бастысы оның осы әлеуметке қатысы болуы. Олардың қарым˗қатынасы мына негізде анықталады:

а) әке мен бала; ә) бауырлар; б) ұстаз бен шәкірт; в) қорғаушы мен қорғалушы; г) туысқандар мен клан мүшелері; д) некелік байланыс бойынша туыстар; е) басшы мен оған тікелей бағынушы; ж) бір облыс, уезд немесе қалада туып өскендер; з) қызметтестер (әскер бірге борышын өтегендер де); и) бір провинция тумалары; к) сыныптас жолдастар[9].

Қазіргі кезде осы гуаньси жүйесін шенеуніктермен қатар, қатардағы қытайлықтар арасында да қатаң сынап, қарсылықтар білдіруде. Оған дәлел соңғы жылдары Қытайда орын алған саяси элита арасындағы күресті айтуға болады.

Қытай билігі осы «феодалдық қоғам» сарқыншағын жоюға қанша уәде бергенімен де, гуаньси жүйесі дәстүрлі саяси мәдениеттің өзге де құбылыстары сияқты бір күнде, немесе бір жылда бас тартып, жоя салатын оңай дүние емес. Ол әлі ұзақ жылдар бойы Қытайдың саяси жүйесіне өз ыпалын жүргізері анық.

Қорыта келгенде, Қытайдың саяси мәдениеті сол ел қоғамының дамуына имманентті ықпал ете алады және оның тарнсформациялануынан демократиялық жаңа құндылықтарға ие бола отырып, өзінің түрін өзгертеді. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.  Политическая культура: теория и национальные модели.- М.: Интерпракс, 1994- 158 с.

2.  Гердер И.Г.Идеи к философии истории человечества.- М.,1977- 368 с.

3.  В.А.Абрамов. Глобализирующийся Китай: грани социокультурного измерения. Монография/ В.А.Абрамов.- М.: Восточная книга, 2010- 240 с.

4.  Переломов Л.С. Конфуций и конфуцианство с древности по настоящее время (V в. до н. э. XXI в.) М.: "Стилсервис", 2009. - 704 с.

5.  Толстокулаков И.А. Посттрадиционное общество Южной Кореи ипроблемы политической модернизации// Известия Восточного института.2010. №16. С.54-70.

6.  Переломов Л. С. Конфуцианство и легизм в политической культуре Китая. – М.: Наука. Главная редакция восточной литературы, 1981.- 340 с.

7.  Васильев Л.С. Культы, религии, традиции и Китае. -М.:«Восточная литература», РАН, 2001.-488c

8.  Титаренко М.Л. Китай – наш сосед (К итогам XVIIIсъезда Компартии Китая). Докл.в СПб Гуманитарном ун-те профоюзов, 21 дек. 2012 г.http://www.gup.ru/events/news/lections/titarenko-lections-1/php.

9.  Традиции в общественно – политической жизни и политической культуре КНР. – М.: Наука, 1994.-325 c.

References:

1. Politicheskayakultura: teoriya I nacionalnyemodeli. –M.: Interpraks, 1994.

2. Gerder I.G. Idei k filosofiiistoriichelovechestva.-M., 1977-368s.

3. V.A.Abramov. GlobaliziruyushiisyaKitai: granisociokulturnogoizmereniya. Monografiya/ V.A.Abramov.-M.: Vostochnayakniga, 2010-240s.

4. Perelomov L.S. Konfucii I konfucianstvo s drevnostiponastoyasheevremya (V v.do n.e.XXIv.) M.: “Stilservis”, 2009.-704s.

5. Tolstokulakov I.A. PosttradicionnoeobshestvoYuzhnoiKorei I problemypoliticheskoimodernizacii// IzvestiyaVostochnogo institute. 2010. №16. S.54-70.

6. Perelomov L.S. Konfucianstvo I legizm v politicheskoi culture Kitaya. – M.: Nauka. Glavnayaredakciyavostochnoiliteratury, 1981.-340s.

7. Vasilev L.S. Kulty, religii, tradicii I Kitae. –M.: “Vostochnaya literature”, RAN, 2001.-488s.

8. Titarenko M.L. Kitai – nashsosed (K itogam XVIII sezdaKompariiKitaya). Dokl.vSPbGumanitarnom un-teprofoyuzov, 21 dek.2012g.http://www.gup.ru/events/news/lections/titarenko-lections-1/php.

9.  Tradicii v obshetvenno – politicheskoizhizni I politicheskoi culture KNR.-M.: Nauka, 1994.

Старший преподаватель кафедры китаеведения Тургенбай А.А., старший преподаватель кафедры китаеведения Шарипказы Н.

Традиционная основа и характер китайской политической культуры

В статье рассматриваются особенности развития китайской политической культуры, ее традиционная основа и взаимодействие современных элементов. Авторы рассмотрели влияние конфуцианских идей на различные сферы общественной жизни, а также их роль в политической культуре Китая.

Traditional basis and character of Chinese political culture

Senior lecturer of the Department of Chinese Studies Turgenbay A.A., senior lecturer of the Department of Chinese Studies, Sharipkazy N.

The article considers the features of the development of Chinese political culture, its traditional basis and the interaction of modern elements. The authors examined the influence of Confucian ideas on various spheres of public life, as well as their role in the political culture of China.

Кілт сөздер: саяси мәдениет, дәстүрлі қоғам, конфуцийшілдік құндылықтар,  дәстүрлі мәдениет, туысқандық қатынастар, гуаньси.

Ключевые слова: политическая культура, традиционное общество, ценности конфуцианства, традиционная культура, родственные отношения, гуаньси.

Keywords: political culture, traditional society, confucianism values, traditional culture, kinship relations, guanxi.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 1429

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

1920-ШЫ ЖЫЛДАРЫ ТҮРКІСТАН АКСР-ІНДЕГІ БИЛІКТІ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ КӨП САЛАЛЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ БІР ҚЫРЫ ӘӨЖ 94 (574) Жаһандану үдерісіндегі халықтар бірлігін нығайтудағы түркі əлемінің рухани жəне мәдени тарих мұралары ҚР МЕН ҚХР АРАСЫНДАҒЫ МӘДЕНИ ҚАРЫМ -ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ДАМУЫ Тарихи зерттеулердегі фотодеректердің тарихи-мәдени маңыздылығы ҚАЗАҚТАР МЕН ЖАПОНДАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ЫРЫМ-ТИЫМ, РӘМІЗДЕР, СЕМИОТИКАЛЫҚ ТАЛДАУ ӘОЖ 39(574)(092) Нығмет Мыңжани - этнограф Қытайдың саяси мәдениетінің дәстүрлі негізі мен сипаты УДК 39 (=512.122)(560) МРНТИ 03.41.01 ТҮРКИЯ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ЭТНОМӘДЕНИЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (экспедицияда жиналған материалдар негізінде) ДЭН СЯОПИННІҢ САЯСИ-МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТІ Т.Т. МҰСТАФИННІҢ ҚОҒАМДЫҚ, ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТІ УДК 2-472(574) К ВОПРОСУ О СОДЕРЖАНИИ УЧЕБНЫХ ПРОГРАММ В МУСУЛЬМАНСКИХ ШКОЛАХ КАЗАХСТАНА САРЫАРҚА ДАЛАСЫНЫҢ ШЫҒЫС АЙМАҒЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МҰРАЛАР* («BR05236868, Сарыарқаның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және дәріптеу» атты жоба бойынша) ХАҚНАЗАР ХАННЫҢ БИЛІГІ ТҰСЫНДА ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ҚАЙТА ӨРЛЕУІ ӘОЖ 94 (930) ЕҢБЕКПЕН ТҮЗЕТУ ЛАГЕРЬЛЕРІ МЕН ТҮРМЕЛЕРДЕГІ ӘЙЕЛДЕР ЖАҒДАЙЫ (Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарындағы) ӘӨЖ 93/94 392.34/34.096 ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰҚЫҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІНІҢ ТАРИХИ БАСТАУЛАРЫ

Автордың мақалалары

Қытайдың саяси мәдениетінің дәстүрлі негізі мен сипаты