Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 342.4:321.3(=1.574) ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖАЙЛЫ

ҚАЛИЕВ Ж.Н., Мемлекет тарихы институты Ғылыми-ақпарат бөлімінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты

ӘОЖ 342.4:321.3(=1.574) ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖАЙЛЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № №4(12)

Тегтер: саясат, декларация, тәуелсіздік, халық, этнос, конфессия, ұлт, толеранттылық, ассамблея, парламент, заң, диалог, доктрина, сессия, тәжірибе, қасиет, бірлік.
Аңдатпа:
Мақалада Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен ҚР Президенті Н.Назарбаевтың айрықша еңбегінің арқасында елімізде этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасқаны жайлы айтылады. Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея ел Президенті Төрағалық ететін Конституциялық орган болып табылады. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды.
Мазмұны:

Қазақ халқы қашан да болсын елдікке, соның ішінде ел бірлігінің тұрақты болуына аса мән берген. Ата-бабамыз: «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп ынтымаққа шақырып қана қоймай, «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» дегенді де ескертеді. Ғасырлар бойы жалғастығын тауып келе жатқан қазақ халқындағы осы бір қасиетті үдеріс бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның дамуының басты қағидасына айналды. Ол – Қазақ елі тәуелсіздігінің мәңгі мұқалмастығының негізі дер едік. Кезінде Кеңес Одағы құрамында болған республикалардың бірқатарында орын алған ұлтаралық қарама-қайшылықтар негізінде туындаған жанжалдардан біздің еліміз аман өтті.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында еліміздің кейбір аймақтарында бірқатар этносаралық шиеленісті жағдайлар туындағаны мәлім. Этносаралық сипаттағы қайшылықты сол кездегі ішкі саяси жағдайға қауіп төндірген жеке оқиға еді десек те, дер кезінде мемлекет тарапынан тиісті іс-шаралар жүргізілмегенде соңы неге апарып соғатыны белгісіз еді. Ендеше Қазақ елінің шаңырағын шайқалтуға бағытталған осындай жәйсіздіктердің тамырының терең жаймауының басты себебі – қазақ ұлтының ақылға тоқтамдығы, кең пейілділігі мен шыдамдылығында жатыр. Елімізді мекен ететін этнос өкілдері қазақ халқының осы бір тамаша қасиеттерін тереңнен түйсініп, аса жоғары бағалайды.

Қазақ елі тәуелсіз даму жолына түскеннен бері адам құқығын қорғау саласында Жалпыға ортақ адам құқығы жөніндегі Декларация мен басқа да құжаттар бойынша бекітілген халықаралық заңнамаларда берік екендігін дәлелдеп келеді. Ата заңымыз – Конституциямыздың 8-бабында: «Қазақ ұлтының және Қазақстанда тұратын басқа ұлттар өкілдерінің мәдениетін, дәстүр-салтын, тілін қайта түлетіп, дамыту, ұлттық қадір-қасиетін нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі болып табылады», - деп көрсетілген [1, 3 б.].

Қазіргі уақытта, Елбасымыз өзі бас болып жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз елімізде сенімі мен көзқарасы әралуан сан ұлт пен ұлыстың, мақсат-мүдделері ортақ, тату-тәтті, береке бірлікте өмір сүруде. Сондықтан болар, елдегі этникалық үйлесімділікті әлемнің жетекші мемлекеттері жоғары бағалап, әрі тәжірибе алар алаңға айналдырып отыр.

Бүгінде Қазақстан 130-дан астам этнос өкілдерінен тұратын 18 миллион халқы бар полиэтникалық мемлекет. Жалпы, көпэтносты Қазақстан Республикасында тарихи сын сағаттарда этносаралық келісімнің тұрақты болуы, ең алдымен, жергілікті халықтың ұлттық ерекшелігінен, яғни оның даналығы, кеңдігі деуге болар.

Қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы – тәуелсіз ел болу еді. Бұл туралы Президент Н.Ә. Назарбаев «Тәуелсіздік – тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес. Ол – өткен бабалардың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдындағы зор жауапкершілік», - деген еді [2].

Сондықтан еліміз үшін тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудың, этносаралық келісім мен татулықты дамытудың маңызы аса зор. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап-ақ Елбасының бастамасымен елімізде ұлтаралық қарым-қатынастарды реттеу, үйлестіру жұмыстарымен айналысатын арнайы ұйым құрудың жолдары алдын ала қарастырылды.

Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Аталған бастама мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы - 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып құрылды. Осы органға этномәдени бірлестіктер атымен мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының серіктестігі қағидаты негіз болды. Ассамблеяның басты міндеті этностар мүдделерін топтастыруды қамтамасыз ету, тиімді этносаралық қатынастарды жүргізу, этностық үдерістердің бірыңғай саяси, құқықтық, мәдени алаңын қалыптастыру болып айқындалды [3].

Қазақстан халқы Ассамблеясы дамуы барысында Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея ел Президенті Төрағалық ететін Конституциялық орган болып табылады. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды.

Бүгiнгi қоғамдағы түбегейлi өзгерiстер халқымыздың ауыз бiрлiгiн, белсендiлiгiн, әр азаматтың жеке басының жауапкершiлiгiн талап етедi. Қоғамдағы келiсiм мен бейбiт өмiр, саяси тұрақтылық үшiн жан аямай қызмет ету, өз Отанына, отбасына, елi мен жерiне деген сүйiспеншiлiктен ғана туады.

Халық бiрлiгi, ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы ұранымыз ортақ тарихымызға деген көзқарасымыз, өзге ұлт өкілдеріне деген құрметiмiзді келешек ұрпаққа жеткiзу, насихаттау болып табылады.

2005 жылы Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті cессиясында Елбасы Құрбан айт пен Рождествоның алғашқы күндерін мерекелік демалыс күндері етіп жариялауды ұсынды [4]. Халық қызу қолдаған осы бір тарихи оқиғаны желтоқсан айының басында Мәжілістің бір топ депутаттары қолдап, жалпы отырысқа ұсынды. Онда «Мерекелер туралы» Заңға жедел өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде мәселе көтеріліп, кейін Парламентте қаралып, мерекелік демалыс күндері болып бекітілді. Бүгінде бұл діни мерекелер халқымыздың дәстүрлі мерекесіне айналып, жылда республикалық деңгейде аталып өтуде.

Қазақстан халқы Ассамблеясының құқықтық мәртебесінің артуына Елбасының қосқан үлесі зор. Мәселен, 2007 жылы 21 мамырда Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген түзетулер бойынша Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіне Ассамблеядан 9 депутат сайланды [5, 164 б.]. Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі этностық топ өкілдері мүдделерін жоғары заң шығару органында – ел Парламентінде білдіру болып табылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған Парламент Мәжілісінің депутаттары, елдегі барлық этностардың мүддесін білдіреді. Ассамблеядан сайланған депутаттар заң шығарушылық процесіне белсенді қатысып, заң шығарушылық бастамашылық құқығын жиі пайдаланады. Этносаралық қатынастарға қатысты қабылданатын барлық заң жобалары депутаттардың тиісті сараптауынан өтеді.

2008 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына қол қойылды [6]. Осы заң этносаралық қатынастар саласындағы негізгі принциптерді айқындай отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрылымдарының мәртебесін заң деңгейінде бекітті. Этносаралық қатынастар субъектілерінің жұмысының елімізде жүргізіліп келе жатқан саяси бағытпен үндес жаңа жүйесін қалыптастырды.

Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

Заңға сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы ол – заңды тұлға құрылмай, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме.

2010 жылы сәуірде азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың, азаматтардың сындарлы ұсыныстарын жинақтаған Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы қабылданды. Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасында «Жаңа тарихи кезеңде мемлекетіміз Қазақстанға өзінің асқақ есімін берген қазақ халқының алдында ұлтты ұйыстырудың алтын діңгегіне айналу жөнінде жаңа трихи миссия тұр. Жаңа тарихи жағдайда қазақ халқының алдында тарихи парыз тұр» [7] деп, қазақ халқының тарихи миссиясы айқындалған. Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы – халықтың, уақыт талабына сәйкес, бірігу қажеттігін түсінуіне негіз. Бұл – бізді қандай күш біріктіреді және біртұтас етеді - соны түсінудің тәсілі. Бұл – болашаққа бірігіп ұмтылудың серпіні.

Бүгінде республикада Қазақстан халқы Ассамблеясы ақпараттық ресурстармен толықтай қамтамасыз етілген, атап айтсақ, «Достық-Дружба» журналы (республикалық таралымы 5000 дана), «Менің елім» журналы (республикалық ғылыми-ақпараттық, көркем-публицистикалық, таралымы 2000 дана), ҚХА қызметі «Қазақстан» телеарнасындағы «Менің Қазақстаным (Мой Казахстан)» бағдарламасы арқылы насихатталады. Ассамблея Қазақстандағы этностардың бұқаралық-ақпарат құралдарына сүйенеді және журналистер клубы жұмыс істейді [5, 153 б.].

Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше ондаған жаңа кітаптар жарық көреді. Жыл сайынғы халықтық мерекелер - Наурыз, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, Масленица, Сабантой дәстүрге айналды. Егер мемлекеттің қалыптасу кезеңінде басты міндет этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ұлт Бірлігіне жету болып табылады.

Ел Президенті еліміздегі тіл мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Этносаралық қатынастар жүйесінде мемлекеттік тіл ел бірлігін қалыптастырудың маңызды факторы болып танылған. Сондықтан да Ассамблея қызметінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту маңызды орынға ие.

Сонымен қатар, Қазақстанда тұрып жатқан этнос тілдерін қолдаудың тиімді мемлекеттік жүйесі де жүзеге асырылады. Ұлттық мектептерде екітілді және көптілді оқытудың жобасы іске асырылуда. Жоба Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Алматы қаласында 66 мектепті қамтыған (13 - өзбек тілінде 2 - тәжік тілінде 47 - ұйғыр тілінде). 50 қазақстандық театрлардың 9-ы аралас, 15-і орыс, 1-і корей, 1-і неміс, 1-і өзбек және 1-і ұйғыр тілінде жұмыс жасайды. 15 тілде 60 бұқаралық ақпарат құралдары жарыққа шғады, оның ішінде 34 газет және26 этномәдениорталықтардың сайттары бар [5, 205 б.].

Ассамблея қызметі этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешіп келе жатқан ел ретінде Қазақстан Республикасының халықаралық беделінің өсуіне ықпал етуде. Бүгінде Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім үлгісі әлем назарын аударып отыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларындағы Елбасының баяндамалары мәтіндерінің аясында этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім үлгісін құру жолындағы Қазақстанның негізгі белестерін шоли отырып, мыналарды бөліп айтуға болады:

Ассамблеяның үшінші сессиясында қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы, оның ішінде этносаралық, конфессияаралық үнқатысулардағы, демократиялық процестерді дамытуға бағытталған Елбасының идеялары қолдау тапты.

Бесінші сессияда Н.Ә. Назарбаев мемлекеттің ұлт саясатының өзекті қағидаларын тұжырымдады, оның құрамдас бөліктері мен басымдықтарын айқындады.

Жетінші сессия - қазақстандық патриотизм тақырыбының көкейтесті кезеңі болды.

Оныншы сессия - этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісін құру ісін қорытындылады [8, 27 б.].

БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін сипаттай келе «Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының бір елдегі үлгісі» деген тарихи бағасын берген болатын [9].

Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады.

Еліміздің барлық аймақтарында Достық үйлері өз жұмысын тиімді атқарып келеді, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астана қаласында – Бейбітшілік және келісім сарайы салынды. Мұнда жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиялары, Әлемдік және дәстүрлі діндер съездері және өзге де маңызды іс-шаралар өтеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің құрылған кезінен бастап орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап және халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті. Еліміздегі 130-дан аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, республиканың ілгерілей дамуы үшін маңызды рөл атқаруда. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін паш етіп келеді.

Жалпы алғанда негізінен Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы қалыптасты.

Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді. 2014 жылы 26 тамызда Британ іскер топтарының бастамасымен Лондон қаласында Қазақстанның бейбітшілік және келісім орталығы ашылды. Ашылу салтанатында Ұлыбритания Парламенті Палаталар қауымының депутаты, сэр Тони Болдри «Қазақстандық бейбітшілік пен келісім сабақтарын игеру қажеттілігін» атап өтті [10].

2015 жыл - Елбасы Жарлығымен «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» болып жарияланды. Жалпы алғанда, ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынастарды реттеп, үйлестіру мәселесінде өзіндік жаңа үлгіге ие болған, елімізде татулық пен бірлікті, ынтымақтастықты барынша нығайта түсуде ұйтқы болған – Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі айрықша.

Бүгінде еліміздің дін және мәдениеттер арасындағы сұхбатты қамтамасыз етудегі бірегей тәжірибесі әлемдік қауымдастық үшін ерекше қызығушылық тудырып отыр. Біздің этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісі - бұл Қазақстанның жалпыәлемдік даму үдерісіне қосқан үлесі, өзара түсіністік пен сыйластық орнатудан, және де ғаламдық қауіпсіздікті қолдаудан көрініп отыр.

Қорыта айтқанда Қазақстанның мемлекеттілігі мен саяси тұрақтылығының басты тұғыры – этносаралық бейбітшілік пен келісім болып табылады.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.  Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы: Қазақстан, 1993.

2. Н.Назарбаев. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі – Мәңгілік Елдің ұлы тарихы // Егемен Қазақстан. - 2014.

3. Қазақстан Республикасының Заңы. Қоғамдық бірлестіктер туралы: 1996 жылғы 31 мамырда қабылданды, № 3 // Қазақстан Республикасы Парламентінің ведомостары. – 1996. - № 8-9.

4. Н.Назарбаев. «Бейбітшілік, ұлтаралық келісім мен жасампаздықтың 10 жылы» Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында жасаған Елбасының баяндамасы. – 2005.

5. Қазақстан халқы Ассамблеясы: жиырма жылдық тарих. – Алматы, «ҚАЗақпарат», - 2015. – 342.

6. Қазақстан Республикасының Заңы. Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы: 2008 жылы 20 қазанда қабылданды // Егемен Қазақстан. – 2008.

7. Қазақстанның ел бірлігі доктринасы // http: // www.inform.kz/kaz/article/2263392.

8. Нұрсұлтан Назарбаев: Бейбітшілік және қоғамдық келісім идеясы. - Астана: «Жасыл Орда», - 2014. - 282.

9. http://www.inform.kz/rus/article/2185994/.

10. В Лондоне открылся казахстанский Центр мира и согласия // http: //24.kz/ru/news/top-news/item/22747-v-londone-otkrylsya-kazakhstanskij-tsentr-mira-i-soglasija/.

КАЛИЕВ Ж.Н., руководитель научно-информационного отдела Института истории государства, к. пед. наук

О деятельности Ассамблеи народа Казахстана 

Резюме

В республике укрепилась институциональная структура Ассамблеи народа Казахстана, ее объединяющий потенциал, она стала важным инструментом народной дипломатией. Сегодня Ассамблея является Конституционным органом, где председательство осуществляет Президент страны, определяя его особый статус.

KALIEV ZH.N., Head of the Scientific Information Department, Candidate of Pedagogical Sciences

ON THE ACTIVITIES OF THE PEOPLE OF KAZAKHSTAN 

Summary

The Assembly of the People of Kazakhstan plays an important role in the formation of a unique model of social unity. The President issued a decree on the establishment of the Assembly of the People of Kazakhstan granting it the status of the presidential consultative body. The First President of Kazakhstan - Leader of the Nation has the lifelong right to lead the Assembly of the People of Kazakhstan.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 136

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

КАЛИЕВ Макала КАЗАКСТАН халкы Ассамблея кызмети.doc 0.08 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ШОНА СМАХАНҰЛЫНЫҢ – ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ 1920-ШЫ ЖЫЛДАРЫ ТҮРКІСТАН АКСР-ІНДЕГІ БИЛІКТІ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ Религиозная идентичность чамов как инструмент сохранения этничности ЖАҢА ЗАМАНДАҒЫ ӨЗБЕК – ТӘЖІК ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ 94(100)"05/16":327 Роль и место межкультурного диалога в сфере гуманитарного сотрудничества ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ 94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы ӘОЖ 342.4:321.3(=1.574) ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖАЙЛЫ

Автордың мақалалары

ӘОЖ 342.4:321.3(=1.574) ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖАЙЛЫ