Басты бет » Материалдар » Қазақтың аспан әлеміне байланысты түсініктері, ғұрыптары

Ә.Т. Төлеубаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, т.ғ.д., профессор Алматы, Қазақстан

Қазақтың аспан әлеміне байланысты түсініктері, ғұрыптары

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № №3 (11)

Тегтер: Аспан, әлемі
Аңдатпа:
Мақалада қазақтың аспан әлеміне байланысты түсініктері мен ғұрыптары жөнінде баяндалады. Аспан әлеміндегі күн, ай, жұлдыз сияқты аспан денелерінің қазақ тарихының ежелгі дәуірінен тартып олардың түсінігі, сенімінде алатын орны, рөлі жайында зерттеушілер және ғалымдардың пікірі мен қазақ фольклорындағы деректер салыстырыла баяндалады.
Мазмұны:

Күн мінажаты

Күн, Ай және жұлдыздар – аспанның сакралды денелері, оларға қазақтар ежелден мінажат еткен. Шоқанның пікірі бойынша, халықта олардың культіне байланысты көптеген ғұрыптар сақталған [1, 49-б.].

Жалпы, дүниежүзі халықтарының бірінде күнге көбірек мінажат етсе, ал енді бірінің айға құлшылығы көбірек болып келеді. Адам баласы өзіне аса қажетті, пайдасы, не болмаса зияны тиетін дүниелерден, құбылыстардан сескенеді, қорқады. О.Сүлейменовтің пайымынша, күнге құлшылық, әсіресе, солтүстік белдеуде орналасқан халықтарға көбірек тән болуы керек, өйткені олар үшін күннің қажеті ыстық белдеулерде тұратын халықтарға қарағанда маңыздырақ. Біздің ойымызша, қазақ мәдениетінде Ай да, Күн де өз орнымен қасиеттелген.

Қазақстанның ежелгі көшпелі және жартылай көшпелі жұрттарында Күннің культі өте ертеден басталады. Қола дәуіріндегі жерлеу орындарының үстіне салынған дөңгелек қоршаулар, сақтардың «мұртты» обаларының, қабірхана есіктерінің шығысқа қаратылуы, түркі заманының шығысқа қаратылып қойылған мүсін тастары – осылардың барлығы да бұл мәдени нысандарды қалдырушылардың Күнге, күншығысқа мінажат, ғибадат еткендігінің куәлары [2,3, 4, 5].

Қазақ жерінде табылған «алтын адамдардың» киімінің негізінен қызыл және сары түстерден тұратындығы Күннің және оттың құдыретімен байланысты [6, 127-133 бб.; 7, 16-17 бб.].

Ортағасырлық қимақтардың шығып келе жатқан күнді  дауылпаздарды даңғырлатып қарсы алатындығы жөнінде дерек бар [8, 69-б.].

Қазақ ғұрпы бойынша, таңертең ас үстіне келген адам астан ауыз тиюге тиіс. Себебі, "Таңертеңгі асты тастама", "Таңертеңгі асты тастасаң — ауыл-үйің сені тастайды" деген тәмсіл бар. Сондықтан таңертеңгі ас үстіне келген адам жақсылық үшін астан ауыз тиіп аттанады. Таңертеңгі ас бір күндік өмірдің бастамасы. Таңертеңгі асты тастамай, көңілді отырып ішсе, сол күнгі жұмысың да оңға басады деп жорылады [9, 10-б.].

Кейінгі замандарда қазақтарда күннің культі оттың культіне ұласып кетеді.

Күннің культімен органикалық түрде күннің шығатын жағы – шығыстың ғибадаты тығыз байланысты. «Мұртты обалардың»,  ежелгі түрік тас мүсіндерінің, сондай-ақ, қазақтардың  киіз үй есігінің шығысқа қаратылуы шығыстың ғибадатымен байланысты екендігінде дау жоқ [10, 26-27-бб.; 5, 163-164-бб.]. Қазақ жерін мекендеген сақ, түрік тайпаларының, одан қазақтардың түсінігінде, Шығыс туумен, дамумен, өркендеумен, ал Батыс – жоғалу, жойылу, өліммен байланыстырылды.

Ғұндар тәңертең ерте шығып келе жатқан күнге белін бүгіп мінажат еткен. Тәңірге сыйынғанда түріктер бетін шығысқа қаратқан. Көне түріктерде күннің нұрынан ананың құрсағында бала пайда болуы мүмкін деген түсінік болған [11, 93-б.]

Қазақтардың мифологиялық дүниетанымында Күн әйел затымен байланыстырылады [12, 5-10-бб.]. Бұған «Күн астындағы Күнікей қыз» (Қазақ көне ертегісі) да мысал бола алатын шығар.

Көнекөз адамдардың айтуына қарағанда, қазақтар кез келген жұмысты бастау үшін күннің шығу және батуы мезгілдері қолайсыз уақыт деп есептелінген (Автордың жинаған материалдары – бұдан әрі АЖМ). Екінті мен ақшам мезгілінің аралығында дауыс шығарып жыламайды, өксіп үһілемейді, ұйықтамайды, іс, киім тікпейді. Беймезгілде істелген істің берекесі болмайды деп жориды [9, 56-б.].

Ш. Уәлиханов өзімен замандас қазақтарда Күнге табыну ғибадатының болмауына байланысты өзінің таңданысын білдіре келе былай деген еді: Қырғыздарда (қазақтар - Ә. Т.) күнге қаратып дәрет сындырмау әдеті ғана сақталған, бұл осы уақытқа дейінгі бізге белгілі жалғыз ғана ғибадат белгісі» [1, 58-б.]. Жалпы, ертеректе күнге байланысты ғибадаттар қазақ жерін жайлаған жұрттарда аз болмағанға ұқсайды.

Ә.Диваевтің бұрынғы Ташкент уезінде тұрған қазақтар арасынан жинаған мәліметтері бойынша, Күн тозақтың оты, түбінде күнәкәр адамдар сол отқа салынып қинауға түседі [13, 84-86-бб.].

Ә. Диваевтың қазақтардың Күн қозғалысына байланысты, біздің ойымызша, барынша мұсылманшыланған, мына түсінігі қызықты. Ол бойынша, Жаратушы Күнге көтеріл деп әмір берсе, ол жалқауланып жатып алады, сонда періштелер оны күштеп, темір шынжырлармен аспанға көтереді. Ол ашуға булығып, қызарып кетеді, сондықтан, күн шыққанда қызарады. Күн батқанда да осы құбылыс қайталанады екен [14, 374-375-бб.]. Біз жоғарыда атап өткендей Күн ғибадаты көп жағдайда шығысқа мінажат ету, отты қасиеттеу ғұрыптарымен байланысты.

Арғы қазақтар мен бергі қазақтарда күнге мінәжәт отқа мінәжәтпен тығыз байланысты. Қазақ оттың тазалаушылық, аластаушылық қасиетіне қатты сенген. Пәле-жаланы қуғанда отпен аластаған, отпен ұшықтаған. Қазақ отқа түкірмеген, дәрет сындырмаған.

Көне қазақтарда, күнәлі адамдарды қинайтын – тозақ оты Күнде орналасқан деген де түсінік болған.

Орта ғасырларда түркі елінің ішіне бөтен жақтан келген адамдар бірден еніп кете алмаған. Олай етуге қатаң тыйым салынатын болған, себебі ол заманда қалыптасқан магиялық наным бойынша, бөтен елден келген адам, ең алдымен, отпен аласталып, өзімен ала келген бәле-жаласы болса, содан «тазарып», тек содан кейін ғана ел ішіне енуге мүмкіндік алған. Мәселен, Рим империясының түріктермен бейбіт шарт жасасу үшін келген елшілерінің алдынан бақсылар шығып, ең алдымен, елшілер алып келген заттардың бірін қалдырмай оңаша жерге жиып қойып, айналасына хош иісті түтін түтетіп, тоқтаусыз зікір салып, қоңырау соғып, дабыл қаққан. Елшілердің өздерін де лаулап жанған екі оттың ортасынан өткізіп, аластаған. [15, 22-226-бб.; 16, 27-28-бб.].

«Оты өшті», «түтін түтетері қалмады» деген тіркестер бір отбасының құруын, ұрпағының үзілуін бейнелеген. От үйдің, ырыстың қамқоршысы саналған. Оттың орнын басуға, әсіресе, отты сабауға тыйым салынған. Малға ауру-індет келгенде де оны отпен аластаған. Қыстаудан көшкен кезде де малды отпен аластау салты сақталған. Жайлауға шыға беріс көш жолына екі жерден үлкен от жағып, жетектелген түйелі көшті, айдалған қоралы қой менсиырларды осы екі оттың ортасынан өткізіп аластаған. Әдетте, от басында «алас-алас, бар пәлемен талас» деп, пікір айтып, екі кемпір тұратын болған [16, 29-б.].

Қазақта жанып тұрған отқа май тастап, соның лапылына қарап болашақты болжайтын ырым бар. Май тасталған оттың жалыны ашық түсте болса – жақсылықтың нышаны. Оттың жалыны қарақошқыл болса – жамандықтың белгісі [9, 53-б.].

Қазақ от шашпайды. Ыстық күлді төкпейді. От шашса өрт шығады, күл төксе бұрқырап көзді қармайды, сөйтіп, ойды адастырады деп жориды [9, 66-б.].

Күнге байланысты қазақта мынадай тиымдар бар:

- Күнге қарап дәрет сындырма.

- Күн батарда күнмен таласып жұмыс істеме.

- Күн батарда ұйықтама.

- Күн батқан соң қорадан мал шығарма.

- Күн шығарда ұйықтама [17, 262-б.].

Ай мінажаты

Көшпенділердің өмірінде сакралды аспан денесі Ай өте маңызды рөл атқарған. Көшпелі халықтарда бастапқыда ұзақтығы он айлық ай күнтізбесі болған. Қазақтардың және олардың ата-бабаларының алдымен жіңішке орақ түрінде ғана пайда болатын Ай 7 күннің ішінде жарты Айға толысып өседі. Келесі шерігінде (7 күн) Ай толысып шеңбер, дөңгелекке айналады. Бұны қазақ «онбесінде толған айдай» дейді. Ай өскенде сол жағына қарай толысып өседі. Ал енді келесі кезеңде Ай біртіндеп оң жағынан бастап кетіліп 7 күннің ішінде тағы да жартыланады – жарты Айға айналады. Осы кетілу әрі қарай жалғасып қалған 7 күннің ішінде толық мүжіліп бітеді. Сонымен мөлшермен алғанда 28 күндік бір айдың алғашқы 14 күнінде Ай туады, өсіп өнеді, жетіледі, толысады. Ендігі қалған 14 күннің ішінде, былайша айтқанда, Айдың біртіндеп кему, мүжілу, тозу, жоғалып біту үдерісі жүреді. Сондықтан да Ай біздің ата-бабаларымыздың мифологиялық дүниетанымында, түсінігінде жаратылып  пайда болудың, өсіп-өнудің, толысудың, одан біртіндеп кемудің, азаюдың, түбінде  құрып бітудің нақты нышаны, аспандағы көрінісі болып табылған.

Қазақ Айдың 28 күндік бір циклын (айналымын) адам өмірімен салыстырған. Адам баласы да жоқтан бар болып жаратылады, туады, өсіп өнеді, толысады, бұдан соң қартаю басталып, қай жағынан болсын біртіндеп кемиді, мүжіледі, ең аяғында өліп жоқ болады [5, 122-123-бб.]

Жалпы, Азия құрлығындағы көне күнтізбенің тарихын зерттеуші Фролов деген ғалымның зерттеулеріне қарағанда, сонау палеолит заманында пайда болған алғашқы күнтізбені (календарь) әйел заты ойлап тапқан және де ол түп- түгел жатырда баланың пайда болуы, оның жетілуі және дүниеге келуімен және осы үдерістің мезгілдерін анықтап отыру үшін ойлап табылған. Және де ол  28 күндік  Ай календары болған [18].

Өте бір кереметі, қазақта да бала көтеріп оны тууға байланысты өзінше әйелдер күнтізбесі болған. Бір айда отыз күн бар. Оның алғашқы үш күні "аспанда ай керінбейтін үш күн, оны «өлі күн» деп атайды да, бүл күндері екі жастың ақ тесекте кездесулеріне тыйым салынады. Бүл — халық есепшілерінің болжауына сүйенген дәстүр. Ал осындай әйел календарын жүргізетін аққол аналардың өзіндік есебі бойынша аяғы ауырлаган әйелдердің әрбір айы 27 күннен түрады. Әрбір айдың, яғни осы әр 27 күннің басы оның етеккірі келген күнінен басталады. Бұл алғашқы айдың өзі үш тоғызға белінеді. Бірінші тоғызы —"етеккір тоғызы", екінші тоғызы —"арылу тоғызы", үшінші тоғызы —"кездесу тоғызы". Халықтық тәртіп бойынша "бірінші және екінші кезеңде кездессеңдер екеуің де ауруға үшырайсыңдар" деп, олардың кездесуіне тыйым салынады. Халықтық түсінік бойынша, үшінші тоғыздың әр тақ күні неке төсегінде тән қосылса, олардан ұл туады, ал жұп күндері — қыз туады.

Ана тал бойына біткен баласын тоғыз ай, тоғыз күн көтереді. Жоғарыда атап керсеткеніміздей, әрқайсысы 27 күннен болатын тоғыз айда 243 күн бар. Аққол аналар бүған үшінші "кездесу тоғызын" қосып есептейді. Осыдан келіп тіліміздегі "тоғыз ай, тоғыз күн" тіркесі орныққан. Тәжірибелі ана жаңылмас үшін сол сәтті күннен бастап дорбаға 243 құмалақ салып алады да, осы кұмалақтың күніне біреуін лақтырып отырады, осылайша жүкті әйелдің күні жақындаған сайын құмалақ саны да азая береді [19, 57-б.].

Қазақтарда Ай-әйел туралы түсінік соңғы уақытқа дейін сақталғандығы жөнінде бұрынғы зерттеушілер жазған [20; 1, 58-б.].

Жаңа Ай туылғанда қазақтар оған сәлем беріп, былай деген:

Ай көрдік, аман көрдік.

Ат басындай алтын көрдік.

Қой басындай күміс көрдік.

Жаңа ай - жарылқа!

Ecкi ай - есірке!

Айға сәлем бергенде, сәлем беруші бір аяғын бүгіп үш мәрте белін иген, содан соң жаз айы болса, ол жерден бір уыс көк шөп жұлып алып отқа тастаған. Егер айға сәлем берген жерден үйі қашық болса, сәлем берген жерден  бір тал шөп жұлып алып, құлағының артына қыстырған (АЖМ).

Қазақ ай толып, дөп-дөңгелек болып туғанда да сәлем береді. Айға қарап тілек айтып, бет сипайды. Онысы көңіл айдай жарық болсын, сөзім айдай толсын дегені  [9, 66-б.].

Айға байланысты қазақтың наным-сенімі туралы Ш. Уәлиханов мынандай мәлімет береді: "Қырғыздар (қазақтар. - Ә.Т.) Айда кемпір отырады дейді (бұл айдың бетіндегі дақтардың адамның бетіне ұқсатуынан болар). Қырғыздар айға ұзақ қарамайды, сенім бойынша айдағы кемпір адамның кірпіктерін санап қойса, ол адам өледі деп есептеген. Дәрет сындырғанда адам бетін Айға қаратпайды. Жалпы Айға үлкен ғибадатпен қарайды» [1, 58-б.].

Қазақ аңызы бойынша, Ай мен Күн әдемі егіз болған екен, алайда, бірінің сұлулығын бірі қызғанып, ақырыбір-бірін жек көріп кетеді. Бірде Күн-ару Ай-арудың  бетін тырнап алады, осыдан, оның бетінде дақтар қалып қояды [21, 230-б.]. Қазақ тілінде егіздердің бәсекелестік тақырыбы дуалисттік мифтерде кең тараған болып табылады.

Сұлулықтың Ай мен Күндей қос белгісі қазақ өлеңдерінде былай бейнеленген:

Бір қыз бар Маралдыда Қорлы-қайың

Табиғат берген екен Күн мен Айын

Ахау Гулдерайым, Күн мен Айым.

Жаңа туған Айға қарап, қазақтар сол  айдың ауа-райын болжаған. Егер айдың орағы тік орналасса немесе соған жақын жатса (яғни,тігінен туса) бұл қалпы айдың өзіне жайсыз, ал шаруаға жайлы деген. Ал ай шалқасынан жатып туса онда «өзіне жайлы, шаруаға жайсыз деп есептеген». 

Қазақ кейбір ұзаққа созылған тері, ішкі құрылыс, психикалық ауру түрлерін жаңа ай туған кезде емдеген [22, 144-б.].

Қазақта Айға байланысты мынадай ырым-сенімдер бар:

Ай шалқайып туса, күн суытады. Ай еңкейіп туса, қыс -жылы, жаз - ыстық болады. Ай мүйізге ұқсап шаншылып туса, күн қыста желді, суық. Жазда аңызақ желді болады. Ай дөңгеленіп туса, қыс аязды болады. Аспандағы бұлттар ақ шарбы болып баяу қалқыса, күн жақсы болады.

Айдың мүйізі үшкір болса, ауа-райы жақсы болады, ал мүйіздері шалқақ болса күн бұзылады [23, 75-76-бб.].

Қазақ баласы айға телміріп, ұзақ қарамайды, түнде жұлдыз санамайды. Айда бір кемпір бар, айға телміріп қарасаң, әлгі кемпір сенің кірпігіңді санайды, кірпігі саналған адам қазаға ұшырайды деп жориды [9, 43-б.].

Бұл адамдардың күнәсінің көптігінен аспанды билегісі келген Ібілістің ісі, сондықтан ерте кездегі қазақтар Ібіліс айды қолымен ұстап жібермей тұр деген түсінікпен қатты дауыс көтеріп шулап, темірден жасалған заттарды бір-біріне қатты соғын, әртүрлі әрекеттер жасаған.

Халық ұғымыңда жаңа ай туғаңда қолға алған іс жақсылық нәтиже береді. Соңдықтан айға бата жасап: "Жаңа ай өлгендердің күнәсін кешір, тірілердің тілегін орындап, қуанышына атып, бақытқа кенелт" деп, ауруы бар адамдар өзін аурудан қайғы-мүңнан алыстауын сұрайтін болған. Халық сенімінде қолына сүйел шыға беретін адам жаңа ай туғаңда "ай-ау, сүйелімді ал да, қолымды бер" деп тілек тілесе сол тілегі орындалады.

Қазақтың қариялары жаңа ай туғанда соған қарап тағзым етіп, алақанын жайып: "ай көрдік, аман көрдік, баяғыдай заман көрдік. Амандықпен осынша жасқа келдік. Ескі айда есіркелдің! Жаңа айда жарылқа!, — деп бетін сипап, тілек етеді. Үлкендер: "Көкте тәңір, жерде әулие бар", — деп балалардың аяғын аспанға көтертпеген [23, 79-80-бб.].

- Жаңа туған айды алғаш көргенде тізерлеп отырып, үш рет еңкейіп мінәжәт етеді де, сол тізе бүккен жерінің шөбін жұлып, отқа тастайды. Бұл — әулетім оттай қаулап өсе берсін дегені [9, 52-б.].

Ерте кездегі түркілер, жаңа ай туғанда дені сау адамдардың бетіне қарап, бала-шағам аман болсын деп құран оқып, жақсы адамдармен әңгімелесіп, солардың қасиетін қабыддауға тырысқан. Және айға тесіліп қарауға рұқсат етпеген. Қарағанда көз алдына пышақ, алмас секілді өткір заттарды ұстаған.

Халық ұғымында айдың тұтылуы алланың ісі, осы кезде ол қолымен айдың бетін жабады. Сондықтан айдың тұтылуы тоқтағанша Құран сүрелерін оқып отыру керек.

Халыктың тағы бір сенімінде айдың бетіне  пайғамбардың сәулесі түскен. Құраңдағы күнге де, айға да табынбай, Аллаға бағынуды талап ететіні сондықтан болса керек.

Халық ұғымында айдың тұтылуы жердегі адамдардың көбейген күнәсі үшін, Алланың қолданған жазасы. Соңдықтан құран оқып айдан кешірім сұрау керек. Соңдай-ақ, бұл адамдардың күнәсінің көптігінен аспанды билегісі келген Ібілістің ісі, сондықтан ерте кездегі қазақтар Ібіліс айды қолымен ұстап жібермей тұр деген түсінікпен қатты дауыс көтеріп шулап, темір заттарды бір-біріне қатты соғып, Ібілісті қорқытып, айды қыспақтан босатып аламыз деп әртүрлі әрекеттер жасаған [23, 79-80-бб.].

Қазақ Күн тұтылса – мұсылманға, Ай тұтылса – кәпірге көрінеді, патшалары өледі деп жориды [9, 27-б.].

Қазақ Айға, Күнге қарап тұрып түзге отырмайды. Ал құбыла жаққа, күнбатысқа қарап тұрып бұлай істеуге тіпті де болмайды. Бұлай істеу әрі күнә, әрі рух шамданып, ұшынады, ауру иелеп, қуығы тұтылады, жіңішке ауруға тап болады, ауызы қисаяды деп ырымдайды [9, 22-б.].

Қазақта Ай сәулесін бетіңе түсіртпе, Ай толғанда желі тартпа, Ай толғанда жолға шықпа, Ай толғанда көшпе, Ай толғанда қыз ұзатпа, Ай толғанда үй тікпе, Жаңа ай туғанда қойға қошқар жіберме деген де тиымдар бар [17, 261-б.]

Қазақ: «Ай құлақтанса - аяғыңды сайла, күн құлақтанса – күрегіңді сайла» дейді. Оны – Ай қораланса күн жылы болады, Ай шалқасынан туса – қатты аяз болады. Ай қырынан туса – күн жылы болады деп жориды.

Қазақ баласы Айға телміріп қарамайды, түнде жұлдыз санамайды. Айда бір кемпір бар, Айға телміріп қарасаң, әлгі кемпір сенің кірпігіңді санайды, кірпігі саналған адам қазаға ұшырайды деп жориды.

Қазақ өрттің алдына ақ құяды. Онысы оттың тәңіриесінне жалынып-жалбарынғаны, сонда өрт тез өшеді деген.

Жаңа туған Айды алғаш көргенде тізерлеп отырып, үш рет еңкейіп мінажат етеді де, сол тізе бүккен жерінің шөбін жұлып отқа тастайды. Бұл әулетім оттай қаулап өсе берсін дегені.

Аспандағы жұлдыз әрбір адамның жанының бейнесі саналады. Бір жұлдыз ағып түссе – бір жан үзілді деп нанады.

Жұлдыздар қазақ дүниетанымы мен сенімдерінде

XIX ғасырдың ортасындағы орыс саяхатшысы Матвей Ястребов былай деп жазған еді: «Ең алғашқы астрономдар көшпеліі халықтар болғаны даусыз. Кең далада мал бағып өмір сүру олардың аспан денелерінің қозғалысына үнемі бақылау жасауға мүмкіндік тудырды және де сол аспан денелерінің адамның денсаулығына, рухани  жай-күйіне әсер ететіндігі жөнінде өзінше жорамалдар жасауды тудырды» [24, 306-б.].

Шоқан былай деп жазған: «Кейбір қазақтардың ойынша, жұлдыздар асыл тастардан үйілген таулар, олар жерден соншалықты қашықтықта, нүктедей болып қана көрінеді. Қазақтар жұлдыздардың жер бетіндегі бақытқа әсер ететініне сенеді, халық арасында көк күмбез жайлы әңгімелер де баршылық. Енді біреулердің пікірінше, әрбір жұлдыз жердегі әрбір адамның жанымен сәйкестік тұтастықта, адам өлгенде оның аспандағы жұлдызы да жерге ағып түседі.Аспаннан ағып түскен жұлдызды көрген қазақтар менің жұлдызым жоғары дейді. Болып-толған бақытты адамды «жұлдызы жанған деседі» [1, 56-57-бб.; 25, 209-б.]. Осыған ұқсас түсінік Кавказ елдерінде де болған [26,137- 138-бб.].

Өмірде жолы болған адамдар туралы қазақтар "Жұлдызы жоғары", "Жұлдызы жарық адам" деген (Автордың жинаған материалдары – бұдан әрі - АЖМ).

Қазақтардың тағы бір көне діни түсінігі бойынша «жұлдыздар Алла тағаланың аспанда жаратқан тастары, жындар аспанға көтерілгенде  періштелер осы тастармен оларды қуалап ұрады» [13, 84-б.].

С.Е. Маловтың сөзідігі бойынша, ежелгі түріктер ғаламшарды «нысан» деп атаған. М.Ә. Әуезовтың «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы Нысан-абыз ұлы әулие, жұлдызнамашы, дүние сырының білгірі болса керек [27, 212-б.].

Көне қазақтар аспандағы Күн мен Айдан басқа бес үлкен планета-жұлдыздарды жақсы білген. Олар Есекқырған, (латынша - Юпитер, арабша - Мүштәри), Кіші Шолпан (латынша – Меркурий, арабша- Үтәрид (Ғытард), Шолпан (қосымша аттары Керуен жұлдызы, Өмірзая, Тұлқатын, латынша Венера, арабша -Зохра), Қоңырқай жұлдыз (латынша – Сатурн, арабша - Зухаль), Қызыл жұлдыз (латынша – Марс, арабша -Миррих). С.Г.Кляшторныйдің пайымдауынша осы жеті аспан денелері жөнінде түріктер ең бері болса түрік қағандықтары кезінен бері біледі [28, 32-б.].

Көне дүние халықтарында Күн мен айдан кейін ең бір қасиетті саналған жұлдыз Шолпан жұлдызы еді. Оны шумерліктер сегіз тармақпен белгілеп, дингир – құдай деп есптеген [29, 201-202-бб.].

Ш. Уәлиханов бойынша: «Жетіқарақшы (Большая Медведица), қазақ арасындағы аңыз бойынша: бұл жұлдыз жеті қарақшының рухы, олар өлгеннен соң жеті жұлдызға айналған, тағы бір аңызда: жеті қарақшы күні бойы ұрлық жасайды да, түн бола өздерінің күндізгі жасаған күнәларына қайғырады. Жеті қарақшы өлгеннен кейін жеті жұлдыз болып кетіпті. Жеті ұрының тұтқынында Үркердің қызы бар» [1, 180-б.].

Қазақ космогониясы мен күнтізбенің білгірі М.У.Искаков «қарақшы» сөзінің ежелде «күзетші», «қарауылшы» деген мағынаны білдірген, оларды «Жеті кәміл піріміз» деп есептеген»,- дейді [27, 204-205-бб.].

Қазақтардың күнтізбелік танымында Үркер жұлдызы маңызды орынды алған. Ол бойынша, жыл мезгілдерінің ауысуын анықтап, күнтізбе жасап отырған. Г.Н. Потаниннің қазақтардың арасынан жазып алған  аңызы бойынша, « ... бұрынырақта Үркер он екі жұлдыздан тұрған, сол себепті, ол кезде көктем, жаз мезгілі болмаған, мәңгі қыс ғана болатын*. Жануарлар қалай болғанда да Үркерді тауып, оны жоюды ойлаған. Жылқы қуып жүріп Үркердің төрт жұлдызын ұстайды да, таптап тастайды, түйе, екеуін тарпиды, ал алтауы сиырдың тұяғымен жаншылады. Алайда, сиыр тұяғының айыр болғандығынан және сиырдың ұқыпсыздығынан алты жұлдыз аман қалады, сондықтан, ендігі жерде қыс алты айға созылатын болған. Бұған ашуланған жануарлар сиырдан жұлдыздарды неге аман жібергенін сұрағанда, сиыр: «Ыстықта пысынап жүргенше, суықта сықырлап жүрген жақсы», - депті. Сондықтан да, сиыр суықтан қорықпаса керек» [30, 124-125-бб.].

Қазақтың басқа аңызы бойынша, жеті қарақшының бірі Үркердің қызын ұрлап кетеді (АЖМ). Үркердің Жетіқарақшыны үнемі өкшелеп жүретінін қазақтар жақсы байқаған. Жетіқарақшының топ басшысы Қыранқарақшы Үркердің қызы Үлпілдекті мінгестіріп алып, үнемі қашып жүретін және ол қызын құтқармақ болып, қуып жүреді. Қазақтар Үркерге қарап түннің қай уақыты екенін және жыл мезгілін анықтайды [1, 57-б.].

Г.Н. Потанин материалдары бойынша, қазақта мынадай түсінік бар: Үркер жерге түскен соң, қырық күн жерде жатады. Үркердің жерге түсуімен байланысты, мамыр айының соңында, маусым айларында жерге көк шығып, жер беті көкке оранады. Жерге түскен Үркер көк шөпті жер бетіне «қуып» шығарады. Үркер жерде неғұрлым ұзақ жатса, соғұрлым жер шөпті болады, мал тойынады [30, 124-б.].

Барлық түркі тілдерінде «Үркер» атауы үндес айтылады. С.Е.Маловтың пікірінше, «үркер» - «мал табыны» дегенді білдіреді. Х.Абишевтің түсіндіруінше, түні бойы жылқы бағатын жылқышылар, мал күзететін малшылар бөлектеу шоқталып тұрған бір топ жұлдызды үріккен жылқыға ұқсатып «үркер» деп атаған шығар, дейді [21, 284-б.].

Қазақтарда Үркерге байланысты ырымдар мен ауа райын дәл топшылаулар өте көп. Ол бойынша:  "Үркерлі айдың бәрі қыс" "Үркер жерге түспей жер қызбайды"; "Үркер жерге түсерде қой қырқылады"; "Үркер туса сорпа ас болады"; "Үркер көтерілгенде шөп те көтеріледі, бидай бас тартады" (АЖМ және т.б.) [27, 206 б.]. Қазақтар: егер «Үркер суға түссе (яғни, көл не өзен бар жерге түссе) қыс қатты болады, егер құрғақ жерге түссе, қыс жайлы болады...» деген. Сондай-ақ, Үркер жерден көтеріле бастағанда жауын-шашын болады, жел тұрады; егер жауын-шашын мол болса, жыл жақсы болып, мал өседі, егер аз болса- құрғақшылық болып, жем-шөптің аз болады деп сенген [30, 124-б.].

Ұзақ жолға шығардың, көшердің алдында қазақтар жұлдыздардың тууына мән берген. Жаңа жұлдыз туып келе жатқанда жолға шығуға болмайды деп есептеген. Әйтпегенде, жұлдыздар: "Білмегенге білдіремін, біле тұра білмегендей болып көшсе, бүлдіремін" дейді екен. Біздің ел ішінен жинаған материалдарымыз бойынша, жұлдыздар сапарға шығуға «жайсыз» орналасқан жағдайда, ырымшыл қазақтар тиісті бағытқа қарай қырық қадам жүріп, қайта оралған (АЖМ). Бұл астрологиялық нанымдар қазақтардың батырлар эпостарынан да көрініс тапқан. Мысалы, «Қамбар батырда»:

Қара қасқа тұлпарға.

Жұлдыздың мініп оңынан,

Сәтті күні шығайын.

«Қобыланды батыр» жырында мынандай жолдар кездеседі:

"Найзасы аумай қолынан.

Жұлдызы туып оңынан.

Кобыланды сонда шу деді".

Қазақта кейбір жұлдыздардың атауы тұрмыстық, шаруашылық және қоғамдық ұғымдар атуымен байланысты,. Мысалы, «Темір қазық»,"Жеті қарақшы" (Үлкен Аю), "Құс жолы" "Шолпан", "Зухра". Көріп отырғанымыздай, әлемнің мифологиялық, космологиялық бейнесін жасауда адам баласы қоғамындағы бар үлгілер пайдаланылады [31, 49-б.].

Кассиопеяның бес жұлдызын қарақұртқа ұқсайтындықтан «қарақұрт» деп атаған. Адамды қарақұрт шақса, науқасты сол жұлдызға қаратып, былай деген:

Қарақұрт, қарақұрт уыңды ал!

Мына бейшараға көзің сал.

Малы жанының садағасы.

Осы өлімнен алып қал.

Күйту, күйту, күйту (АЖМ).

Қазақта ауа-райы, табиғат құбылыстарына қатысты көптеген ырымдар болған. Олардың кейбірі халықтың метеорологиялық тәжірибе, біліміне негізделсе, енді біреулері таза соқыр сенімге  негізделген. Мысалы,  "Ай қораланса арбаңды сайла, күн қораланса күрегіңді сайла"; "Кешкі Күн құлақтанса, қатының ұл тапқандай сүйін. Ертеңгі күн құлақтанса, елінді жау шапқандай күйін"; "Жұлдыз шақшиып тұр екен, ертең аяз болады"; "Жұлдыз жыпылықтап кетіпті боран болады" деген жорамалдар [(АЖМ);  32, 218-б.; 33, 338, 455-б.).

Құйрықты жұлдыздың пайда болуын қазақ келе жатқан бір апатқа, ауа-райының кеселінен малдың қырылуына жорыған [21, 232-б.]. Қазақтың соқыр сенімге негізделген танымы бойынша құйрықты жұлдыз – қысқа ғұмырдың белгісі. Сүйікті ұлы Әбдірахман қайтыс болғанда ұлы Абай былай деген:

Кұйрықты жұлдыз секілді,

Туды да көп тұрмады...

Қазақтың халықтық нанымы бойынша, Құс жолы – құстардың ұшу жолын көрсететін бағыттаушы,сондықтан оның аты солай қойылған. [1, 180-б.]. Зерттеуші С.Қондыбай қазақ мифологиясында дария, өзенмен шендестіру бар екенін айтады [34, 176-177-бб.].

Қазақтар жұлдыздардың тазалаушы, аластаушы қасиетіне сенген. Сондықтан болар, өліктің үстіне жапқан киізді, кілемді, көрпені "Жұлдыз көрсін, жел қақсын" деп, түнге ашық аспан астына қалдырады.

Қазақта жұлдызға байланысты мынадай сенімдер бар:

Егер жұлдыздар айқын жарық шашса – қатты жел, болмаса жаңбыр болады. Жұлдыз сирек көрінсе, ертеңінде ауа-райы бұзылады. Ал жұлдыздар жиі туса, жазда ыстық, қыста – д аязды болады [23, 75-б.].

Халық ұғымында аспандағы жұлдыздар адамдардың бір сыңары, бір жұлдызы ағып түссе, біреуі өледі, бір жұлдыз туса, бір нәресте өмірге келеді.

Жас жұбайлар үйленіп, той жасап жатқан қүні, аспандағы жұддыздар тығыз, тым көп болса, олар өте тату тұрады және балалары да көп болады деген ұғым қалыптасқан.

Халық ұғымыңда аспандағы жұлдыздарды санауға болмайды. Оңда қолға сүйел шығады, болмаса ауру болып кетеді [23, 80-б.].

Аспандағы жұлдыз әрбір адам жанының бейнесі саналады. Бір жұлдыз ағып түссе – бір жан үзілді деп нанады [9, 52-б.].

Бейтаныс екі кісі жол үстінде кездесіп, бірімен-бірі тез шүйіркелесіп кетсе, жұлдыздары жарасқан деп саналады. Біріне-бірі жұғыса алмай, мәміледе болса, жұлдызы қарсы тұр деп ұйғарылады [9, 58-б.] .

 Жайлау үстінде далаға қазан асқанда түбіндегі судан жұлдыздар шоғыры көрінсе – мал өседі, төл көбейеді, байлық артып, дәулет шалқып, рахат өмір сүреміз деп ырымдайды. Отқа май құйып қоздандырып, ақ тілеу тілейді [9, 22-б.].

Қазақтың көне түсінігі бойынша, тірі және өлі табиғатта мәңгілік ештеңе жоқ. Өмірдің өзі туу мен өлімнен тұратын мәңгілік айналымды білдіреді.

Мысалы, табиғаттың «өлімі» туралы қазақ былай деген:

Ай менен күннін, өлгені.

Қызарып барып батқаны.

Қара жердің өлгені

Бетін ақ қар жапқаны.

Ағын судың өлгені

Бетінде мұз жатқаны

Қapa таудың өлгені

Төбесін бұлт шалғаны (АЖМ).

"Батар күннің атар таңы бар" деген нақыл сөз табиғат пен қоғамдағы ылғи да  айналып келіп отыратын өзгерістер сипаттайтын натуралистік дүниетанымнан туындаған. Қазақ күннің шыққан және батқан кездерінде басқа жұмыстың бәрін сырып қойып, тек тілек тілеген. Өйткені осы мезгілдердегі тлек аса қабыл болады деп есептеген (АЖМ).

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Валиханов Ч.Ч. Следы шаманства у киргизов.// Собрание сочинений в пяти томах. 4-том. – Алма-Ата: Главная редакция советской энциклопедии, 1985. - 461 б.

2. Маргулан А.Х., Акишев К.А., Кадырбаев М.К., Оразбаев А.М. Древняя культура Центрального Казахстана. - Алма-Ата: Наука, 1966. - 435 б.

3. Акишев К.А., Кушаев Г.А. Древняя культура саков и усуней долины реки Или. - Алма-Ата: Наука, 1963. - 300 б.

4. Акишев К., Байпаков К.М. Вопросы археологии Казахстана. - Алма-Ата, 1979.

5.Толеубаев А.Т. Реликты доисламских верований в семейной обрядности казахов. - Алма-Ата: Гылым, 1991. - 214 б.

6. Акишев А.К. Искусство и мифология саков. - Алма-Ата: Наука, 1984. - 176 б.

7. Толеубаев А.Т. Из опыта научной реконструкции костюма сакского «золотого человека из Шиликты».// Материалы международной научно-практической конференции ІІІ Оразбаевские чтения. - Алма-Ата: «Қазақ университеті». 2011.

8. Рашид-ад-Дин Ф. Огуз наме. Пер с персид., предис., коммент., прим. и указ. Р.М.Шукюровой. - Баку, 1987.

9. Қайырбайұлы А., Бопайұлы Б. Қазақ ырымдары. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998. - 159 б.

10. Путешествие в восточные страны Плано Карпини и Рубрука. - Алма-Ата: «Гылым», 1993.

11. Безертинов Р.Н. Тенгрианство – религия тюрков и монголов. - Казань, 2004.

12. Ертегілер. 2-том.// Қазақ халық әдебиеті. Көп томдық. - Алматы: «Жазушы», 1988.

13. Диваев А. Небесные планеты по воззрениям киргизов/ Еженедельник Туркестанского народного университета, 1818. №3. 84-86-бб.

14. Диваев А.А. Легенды о происхождении албасты, джинна и дива// ИОАЭ при Казан.ун-те. 1897. Т.14, вып.2.

15. Фрэзер Дж. Золотая ветвь. 1990.

16. Ахметов Ә. Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер (салыстырмалы этнолигвистикалық зерделеу). - Алматы: Ғылым, 1995.

17. Сейдімбек А. Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау. - Алматы: Санат, 1997. - 458-б.

18. Фролов Б.А. Числа в графике палеолита. - Новосибирск, 1974.

19. Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл. Құрастырушылар: Б.Әлімқұлов, Е.Әбдраманов. - Алматы, «Санат». 1994. - 240 б.

20. Потанин Г.Н. Вопросы по изучению поверий, сказаний, суеверных обычаев и обрядов у киргизов и сибирских татар.// КСГ, 1894. № 29, 30, 31. - 3-б.

21. Әбішұлы Х. Халық астрономиясы. - Алматы: Қазақ мемлекет баспасы, 1959. - 220 б.

22. Құдайбергенова А. Сырдарияның төменгі ағысындағы қазақтардың әдет-ғұрпы мен салт дәстүрлер ерекшеліктері.// Обычаи и обряды казахов в прошлом и настоящем. Ғылыми баспа орталығы, 2001. - 143-157,- 426-бб.

23. Қанарбаева Б. Қазақтың наным-сенімдері. - Алматы: «Қағанат», 1999. - 120-б.

24. Ястребов М. Киргизские шаманы.// Москвитянин, 1851. - №8. 2-кітап.

25. Валиханов Ч.Ч. Тенкри (Бог).// Собрание сочинений в пяти томах. Т.1. - Алма-Ата, 1984.

26. Религиозные верования народов СССР. - М.,1951. Т.2.

27. Искаков М.У. Народный календарь. - Алма-Ата, 1980. - 212 б.

28. Кляшторный С.Г. Представление о времени и пространстве в древнетюркских памятниках // Древнетюркская цивилизация: памятники письменности. - Алма-Ата, 2001.

29. Сулейменов О. О пройсхождении древнетюркских языков и письменностей. - Алматы, 2002.

30.Потанин Г.Н. Очерки Северо-Западной Монголии. СПб., 1881. Вып. 2.

31. Ахундов М.Д. Концепции пространства и времени: истоки, эволюция, перспективы. - М.: Наука, 1982. - 222 б.

32. Қазақ халқының мақал-мәтелдері. - Алматы: «Жазушы», 1980. -352 б.

33. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 6-том. - Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1982.

34. Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. Екінші кітап. - Алматы, 2004.

References

1. Valihanov Sh.Sh. Sledi shamanstva u kirgizov.// Sobranie soshineniy v piyat tomah. 4-tom. – Alma-Ata: Glavnaya redaksiya sovetckoiensiklopediya sovetskoi ensiklopediy, 1985. - 461 b.

2. Margulan A.H., Akishev K.A., Kadirbaev M.K., Orazbaev A.M. Direvnaiya kultura Centralnogo Kazakhstana. - Alma-Ata: Nauka, 1966. - 435 b.

3. Akishev K.A., Kushaev G.A. Drevniyaya kultura sakov I usuney dolini reki Ili. – Alma-Ata: Nauka, 1963. - 300 b.

4. Akishev K., Baipakov K.M. Voprosi arheologiy Kazakhstana. – Alma-Ata, 1979.

5.Toleubaev A.T. Relikti doislamskih verovaniy v semeynoy obriyadnosty kazahov. – Alma-ata: Gilim, 1991. - 214 b.

6. Akishev K.A. Iskusstva I mifologiya sakov. – Alma-Ata: Nauka, 1984. - 176 b.

7. Toleubaev A.T. Iz opita naushnoy rekonstruksiy kostiuma sakskogo «zolotogo sheloveka iz Shilikti» // Materiali mejdunarodnoi naushno-praktisheskoi konferensiy  III Orazbaevskie shteniya. – Alma-Ata: «Khazakhuniversiteti». 2011.

8. Rashid-ad-Din F.Oguz name. Per c persid, predis., komment., prim. iukaz. R.M.Shukiurovoi. - Baku, 1987.

9. Khayrbayuli A., Bopayuli B. Khazakh irimdari. - Almaty: «Khazakh ensiklopediyasi», 1998. - 159 b.

10. Puteshestvie v vostoshnie strani Plano Karpini I Rubruka. – Alma-Ata: «Gilim», 1993.

11. Bezertinov R.N. Tengiryanstvo – religiya tiurkov I mongolov. - Kazan, 2004.

12. Ertegiler. 2-tom.// Khazakh halikh adebieti. Kop tomdik. - Almaty: «Zhazushi», 1988.

13. Dibaev A. Nebesnie planeti po vozzreniyam kirgizov/ Ezhenedelnik Turkestanskogo narodnogo universiteta, 1818. - №3. 84-86-bb.

14. Divaev A.A. Legendi o proishojdeniy albasti djinna I diva// IOAE pri Kazan.un-te. 1897. Т.14, vip.2.

15. Frezer Dj. Zolotaiya vetv. 1990.

16.Ahmetov A. Turki tilderindegi tabu men evfemizmder (salistirmali etnoligvistikalik zerdeleu). - Almati: Gilim, 1995.

17.Seydimbek A. Khazakh alemi. Etnomadeni paymdau. - Almati: Sanat, 1997. - 458-b.

18.Frolov B.A.Shisla v grafike paleolita. - Novosibirsk, 1974.

19. Kuyeu keltir, hiz uzat, toyindi hil. Khurastirushilar: B.Alimhulov, E.Abdiramanov. - Almati, «Sanat». 1994. - 240 b.

20. Potanin G.N. Voprosi po izusheniyu poveriy, skazaniy, suvernih obishaev I obriyadov u kirgizov I sibirskih tatar.// KSG, 1894. № 29, 30, 31. - 3-b.

21. Abishuli H. Halih astronomiyasi. - Almati: Khazakh memleket baspasi, 1959. - 220 b.

22. Khudaibergenova A. Sirdariyaning tomengi agisindagi khazakhtarding adet-gurpi men salt dasturler erekshelikteri.// Obishay I obriyadi kazakhov v proshlom I nastoiyashem. Gilimi baspa ortaligi, 2001. - 143-157,- 426-bb.

23. Khanarbaeva B. Khazakhting nanim-senimderi. - Almati: «Haganat», 1999. - 120-b.

24. Iyastrebov M. Kirgizskie shamani.// Moskvitiyanin, 1851. №8. 2-kitap.

25. Valihanov Sh.Sh. Tenkri (Bog).// Sobranie soshineniy v piyati tomah. Т.1. – Alma-Ata, 1984.

26. Religioznie verovaniya narodov CCCR. - М.,1951. Т.2.

27. Iskakov M.U. Narodniy kalendar. – Alma-Ata, 1980. - 212 b.

28. Kliyashtorniy S.G. Peredstavlenie o vremeni I prostranstve v drevnetiurkskih pamiyatnikah.// Drevnetiurkskaya civilizasiya: pamiatniki pismennosti. – Alma-Ata, 2001.

29. Suleymenov O.O. Proishojdeniy drevnetiurkskih iazikov I pismennostei. - Almati, 2002.

30.Potanin G.N. Osherki Severo-Zapadnoi Mongoliy. SPb., 1881. Vip. 2.

31. Ahundov M.D.Konsepsiy prostranstva I vremeni: istoki, evoliusiya, perspektivi. - М.: Nauka, 1982. - 222 b.

32. Khazakh halihining mahal-matelderi. – Almati: «Zhazushi», 1980. -352 b.

33. Khazakh tilining tusindirme sozdigi. 6-tom. - Almati: KhazkahCCR-ning «Gilim» baspasi, 1982.

34. Hondibay S. Argikhazakh mifologiyasi. Ekinshi kitap. - Almati, 2004.



*Бұл мүмкін үнемі қыс болып тұрған мұз дәуірінің алыс реминесценциясы шығар.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз