Басты бет » Материалдар » ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН ТҰҢҒЫШ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ШАҚЫРЫЛУЫНЫҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ (25 жыл)

Қозғамбаева Г.Б., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, т.ғ.к.

ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН ТҰҢҒЫШ ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ ШАҚЫРЫЛУЫНЫҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ (25 жыл)

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3(11)

Тегтер: диаспора, құрылтай, қауымдастығы, қазақтар, Дүниежүзі, оралман
Аңдатпа:
Мақалада әлем қазақтарының 1992 жылы Алматыда басын қосқан тұңғыш Құрылтайдың шақырылуының тарихи маңызы қарастырылған. Тұңғыш Құрылтайға 33 мемлекеттен келген делегаттар қатысып, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының құрылуын құптады. Елбасы және шетелдерден келген делегаттардың қатысуымен бес Құрылтай өтті. Дүниежүзілік Құрылтайлары шетелдегі қазақ диаспорасының шоғырландыруда қуатты серпін беріп, алыс және жақын шет елдерде қазақ мәдени орталықтары құрылып, онда Кіші құрылтайлары өткізуге ықпал етті. Мақалада Дүниежүзі қазақтарының басын қосқан Құрылтайлардың шақырылуының тарихи маңызы мен Қауымдастық жұмысына ерекше мән берілген.
Мазмұны:

Дүниежүзі қазақтарының басын қосқан тұңғыш құрылтайдың шақырылған кезінен бесінші құрылтайдың арасын уақыт өлшемімен cанасақ 25 жылдың жүзі болады екен. Төрткүл дүниеге тараған қандастарымыздың бірінші құрылтайға жиналған кезінде олардың кіндік қаны тамған атамекені жайлы, ата-баба жеріне оралу туралы қуаныш пен күдікке толы ойларымен, V-ші құрылтайдағы өзгерістерді салыстырып көрсек, өткен 25 жыл уақыт – бірнеше ғасырлық уақытқа тұратындай өзгерістерге ұйтқы болған мерзім екенін байқауға болады.

Тәуелсіздігімізді алып дербес мемлекет болғаннан кейін әлемге тарыдай шашыраған ағайынға көңіл бөлетін жағдай туды. Оған дейін шетелде қазақтың бар екенін білсек те іздеуге, сұрауға мүмкіндік болмай келді. Біздің еліміз шетелдегі қандастарымызға шыңдап назар аудара бастауы тәуелсіздікпен бірге оянды.Қазақстан республикасы тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ ұлтына деген ең басты атқарған ісі мен игі әрекеті - Дүниежүзі қазақтар Құрылтайы шақырылды. Міне, осындай ұлт үшін жасалған игі істердің бірі төрткүл дүниеге шашылған қазақтың басын атамекенде қосты.

Сыртқы саясатта көрші елдермен  бейбіт дипломатиялық қатынастар орнауының арқасында  шет елдермен сауда, мәдениет, достық қарым -қатынастар орнды. Алыс және жақын шет елдегі қазақ диаспорасына деген көзқарас дұрыстала бастады. Елбасымыздың нақты тапсырмасы арқасында Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 27 тамыз 1992 ж.№ 709 қаулысы шығып Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына әзірлену мен оны өткізу туралы нақты жұмыстар қолға алынды [1,92б.].

Осылайша, тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш Президентінің төрағалығымен күллі дүниедегі қазақтардың басын біріктіріп, ата-баба үрдісімен дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайы өтті.

Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайына Түркия, Германия, Швеция, Норвегия, Франция, Монғолия, Ресей, Қырғыстан, Түркменістан, Өзбекістан, тағы басқа алыс және таяу шет мемлекеттерден яғни, 33 елден, сонымен қатар 800-дей Қазақстан облыстарынан келген өкілдер қатысты. Әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайының қарарымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылды. Республика Президенті, Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының төрағасы болып сайланды[2].Төрағаның бірінші орынбасары көрнекті қазақ жазушысы Қалдарбек Найманбаев, төрағаның орынбасары драматург, жазушы Сұлтанәлі Балғабаев болып бекітілді.Құрылтайдың ашылу салтанатында Елбасы,Н.Ә.Назарбаев: «Қайта оралуға осында өзін күтіп тұрған жазадан қорқып,мыңдаған адам туған жерді бір көруге зар болған күйінде өмірден өксіп өтті. Біз демократиялық мемлекет, адам құқығын қорғайтын қоғам құру жолына түскен ел ретінде тоталитарлық жүйе санамызға сіңірмек болған мұндай тарихи әділетсіздікті, мұндай қатыгез идеологияны түп– тамырымен айыптаймыз» деді[3,114].

Құрылтайға барлық елдердегі қазақ диаспорасының өкілдері қатысып, жүздесті. Қазақтар көз жазып қалған ағайындарымен қауышты, ағасы-інісін, інісі-ағасын тауып, көкейдегі армандарын айтты. Құрылтайға қатысқандар халқының өткеніне көз жүгіртті, болашағын болжады, қазақ диаспорасының көкейтесті  мәселелеріне тоқталды. Атамекен қазақ диаспорасы өкілдерін қазақ халқының тұңғыш Президентінің сөзімен айтқанда «құшағымыз бауырларға айқара ашық», деп қабыл алды. Құрылтайда қазақ диаспорасының көптеген өзекті мәселелері шешімін тапты.

Азаттығымыздың айғағы болған  бұл жиын тарихымыздың жаңа кезеңінің басы болды. Тұңғыш Құрылтайда әлемге тарыдай шашылған қандастарымыздың бас қосуы, қазақ елінің шынайы тәуелсіздікке қол жеткізуінің айқын  көрінісі болды. Елбасы бастап, бүкіл халқымыз қоштап, бірлесіп қолға алып өткен тұңғыш Құрылтайда алыс және жақын шетелдегі қандастарымызға байланысты көптеген өзекті мәселелер қаралды. Құрылтайда шетелдегі қазақтарға мәдени-рухани сала негізінде қолдау көрсетудің негізі бағыт-бағдары мен  міндеттері айқындалып, қандастарымыз дың елге келуіндегі көші-қон саясатында көптеген мәселелердің шешімін табуына септигін тигізді. Алғаш шақырылған құрылтайда қазақ ұлтының өзекті мәселелерімен және бірегей мақсаттарын дамыту міндетімен айналысатын Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды.Содан бергі уақытта еліміз ауыз толтырып айтатындай жетістіктерге жетіп, көш ілгері елдердің қатарына қосылды. Бүгінде мәдениеті көркейіп, экономикасы қарқынды даму жолына түскен қазақ елі әлемнің барынша дамыған мемлекеттерімен бәсекеге түсуге бет алды. Тәуелсіз мемлекетіміздің алдында көптеген сан түрлі міндеттер тұр. Сол міндеттердің бастыларының бірі әлемнің 40 - тан астам еліне шашырап кеткен қандастарымызбен байланыс орнату және оларға жан-жақты көмек көрсетіп, атажұртта басын қосу болатын. Міне осындай  әлем қазақтарының басын қосып, өзекті мәселелерді қарастырып, шешетін жалпы дүниежүзі қазақтарының бес Құрылтайы болып өтті.

Арада жылдар салып әлем қазақтарының екінші Құрылтайы 2002 жылы 23-24 қазанда болды. Құрылтайға әлемнің 33 елінен барлығы 470 адам келді[4,65б.].Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен жиналған қазақтар Түркістан қаласында бас қосты. Алайда, ең бастысы, Құрылтай өтетін жердің дұрыс таңдап алынғандығы еді. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен жиналған қазақтар күллі түркі әлемінің алтын бесігі, қасиетті Түркістан қаласында бас қосты. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет сарайында Дүниежүзі қазақтарының ІІ Құрылтайы ашылды. Екінші құрылтай Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің он жылдығымен қатар келгендіктен еліміздің қол жеткен табыстары қамтылды. Құрылтайда жалпы қазақ халқының алдағы уақыттағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, оқу-білім саласындағы өсіп-өркендеуі жөніндегі маңызды мәселелер қозғалды. Елбасының осы Құрылтайдағы терең де тебіреністі баяндамасын тыңдап, құрылтайға қатысушылардың ой пікірін қорыта келіп ең алдымен туған ұлтымыз өкілдерінің, олар қайда жүрсе де – бір-ақ ұлт, қазақ деген ұлттың өкілі екенін мақтан етіп, ұлт бірлігі мұраттарына адалдығын сақтап қалатындығына сенімдіміз. Әлемдегі қазақтардың арасындағы тұрақты байланысты одан әрі тереңдетіп, кеңейту басты міндет және ХХI  ғасырға қадам басқан өскелең ұрпағымыз халқымыздың тарихы мен қалыптасқан рухани-адамгершілік қасиеттеріне сай ата -жұртқа деген адалдығы жолында тәрбиелей беретіндігі сенім мол. Құрылтай әлем қазақтарының алдында тұрған міндеттердің аса күрделі екенін айрықша сезіне отырып, қандастарымыз өмір сүріп жатқан сырт елдермен өркениетті келісімдер негізінде қазақ ұлтымыздың қалыптасу жолын жалғастыра беру, бауырластарымыздың ұлттық-мәдени тұрғыдан жан-жақты дамуына күнделікті қолдау жасау көкейтесті деп санайды [5,5б.].

Дүниежүзі қазақтарының І және ІІ құрылтайларынан кейін шетелдегі жастарымызға білім мен тәрбие беру жолында жасалған сындарлы  жүйесінің  шешу жолдары қарастырылды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өз қызметін ерекшеліктеріне сай шетелдерде, әсіресе қандас бауырларымыз көптеп қоныстанған елдерде Қазақстанның өз тәуелсіздігін нығайтуда,елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін, халықтың тұрмыстық жағдайын көтеруде, ұлттық рухани қазынасын молайтуда, көп ұлтты республика халқының бірлігі мен татулығын күшейтуде қол жеткізген табыстарын насихаттап, алыстағы қандастарымыздың игілігіне айналдыруда бірқатар ізгі шараларды жүзеге асырды. Ал үшінші құрылтай 2005 жылы 28-қыркүйек пен 2-қазан айларының аралығында  еліміздің жаңа ордасы Астанада өтті. Құрылтайға әлемнің 32 елінен 312  қандастарымыз келді[6,3б.]. Тағдыр тәлкегімен әлемнің әр түкпірінде тұрып жатқан қандастарымыздың отанына оралуына ұйытқы болып, мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөліп отырған елдердің бірі – Қазақстан. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі президент Н.Ә.Назарбаев тарыдай шашылған қазақтың бір шаңырақтың астына жиналуына айрықша ден қойып келеді. Сол мақсатта елімізде арнайы жоспарлар жасалынып,  қаржы бөлініп, оның бүгінде нәтижесі де баршылық.Үшінші  құрылтайдың  ерекшелігі іскерлік бағытта өткізілді. Құрылтайда: мәдениет, оқу-білім, бұқаралық ақпарат құралдары және көші-қон мәселелерін қарастырған төрт секциялық мәжілістер өткізіліп, шетелдегі қазақтармен байланыс жасаудың өзекті мәселелері талқыланды. Шетелдегі қазақ диаспорасы мен елге оралған қандастарымыздың өзекті мәселелері жан-жақты айтылып, үш мәселеге: көші-қон, оқу-білім,  мәдени-рухани және бұқаралық ақпарат құралдар мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді. Құрылтайда Елбасы жасаған баяндамасында шетелдердегі қазақ диаспорасы мен оралмандарға қолдау көрсетудің барлық тетіктерін айқындап, алда тұрған міндеттерді белгілеп берді. Ол міндеттердің маңыздысы көші-қонға қатысты жасалынған игі істер мен жетістіктерге талдау жасап, қандастарымызды Отанға оралту жұмысын одан әрі жүйелеп, жетілдіре беру керектігіне тоқталды. 

Ал 2011 жылы 25-27 мамырда Астанада  өткен төртінші Құрылтайға 35 шет елден 380 делегат, Қазақстанның әр аймағынан 300-ден астам адам қатысты. ІV құрылтайдың делегаттарының 60%-ы жастар болды. 

Дүние жүзі қазақтарының ІV Құрылтайында Елбасы, Н.Ә. Назарбаев «Биыл тәуелсіздікпен бірге атамекенге атбасын бұрған Ұлы көшке 20 жыл толды.... « Елге ел қосылса құт» дейді дана халқымыз. Азаттықтың елең – алаңындағы күрделі кезеңге қарамастан, көшіміз көлікті болды.Содан бері ұлы бір сәтке толастаған емес. Ат қазығын байлар атамекенге 20 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы көшіп келді. Осылайша ел халқының саны 1 миллионнан астам қандасымызбен толықты. Біз дүние жүзінде өз қандастарын еліне шақырып, қаражат бөлген үш мемлекеттің біреуіміз» – деп, айтты[7, 41 б.]. Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы шетелдердегі қандастарымыздың кездесуі мен араласуының аса зор тетігіне айналып отыр....Дүниежүзі қазақтар Құрылтайы шетелдердегі қандастарымыздың республика аумағына өз еркімен көшіп келуіне үлкен себепші болады [8, 25б.].Құрылтайда қаралған өзекті мәселелерге қандастарымызға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаудың нақты жолдарын айқындау, көші –қон туралы заң жобасының қайта қаралуы, «Нұрлы көш» бағдарламасының 2-ші кезеңінің жобасын жоспарлап  қолға алу, қандастардың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына жағдай жасау,ұлттық өнерді кеңінен тарату, шет елдерде кіші құрылтайлардың тұрақты өткізілуі және оған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдау көрсету және т.б. келелі мәселелер қаралып бүгінде шешімін табуда. Құрылтайда Елбасы Н.Ә. Назарбаев сөйлеген сөзінде: «Жастар – біздің болашағымыз. Біздің әлемдегі барша қазақ жастарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасауымыз қажет.... Сондықтан, мен әлемнің әр қиырындағы қазақ жастарын атамекенде оқуға және қазақ еліне қызмет етуге шақырамын» деп, атап көрсетті[9]. Жаһандану заманында, жаңа дәуірге қадам басқан қазақ елі үшін  білімді жас мамандарға аса зәру, сондықтан оларды құшақ жая қарсы алу керектігіне ден қойылды.

Төртінші құрылтайды өткізу оңайға түскен жоқ. Құрылтайға тікелей Елбасының өзі қатысатын болғандықтан, алқалы жиында шетел қазақ диаспорасыны мен оралмандардың ең мұқтаж мәселелері де жан-жақты айтылуы қажет еді. ... Құрылтайда осы жоспар бағдарлама толығымен жүзеге асты [10,148- б.].

Ал биылғы жылдың  22-25 маусым күндері Астанада өткен әлем қазақтарының V- ші Құрылтайына  39 шетелдерден  350 адам, барлығы 750 делегат пен қонақ қатысты. Құрылтайда  шетел қазақтарының Қазақстанмен байланыс жасаудың  өзекті мәселелері негізінде әртүрлі тақырыптар бойынша дөңгелек үстелде талқыланды. Дөңгелек үстелде: шетелдегі ағайындармен мәдени-рухани байланыс, көші-қон,  шетелдегі  қазақ жастарының елімізде білім алуы,  бизнес, кәсіпкерлік және тағы басқа мәселелер қаралды. Дөңгелек үстелде  көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстарға сәйкес алдағы уақытта Қазақстан Үкіметінің шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсету жөніндегі арнайы бағдарламасы жасалынатынына сеніміміз мол [11]. Кеңестік кезеңде тарихи отанынан тыс жерде жүрген бауырларымыздың басын қосып, ұлттық мүдде, елдік бірлік төңірегінде табысу-үлкен арман болғаны баршамызға аян.  Алыс және жақын шет елдегі қандастарымыз өздерінің тарихи отаны Қазақстанның егеменді ел болғандығын естігенде  қуаныштарында шек болмағаны белгілі. Бір мақсат, бір мүддедегі төрткүл дүниеге шашылған қандастарымыздың атамекенде тұңғыш рет басын қосып шақырылған  – тұңғыш Құрылтайдың тарихи маңызы зор.

1992 – 2017 жылдар аралығында әлем қазақтарының басын қосқан бес құрылтай өтті. Әлемнің қырықтан астам елінде тұратын қандастарымызға  қолдау көрсету, жағдай жасау жөніндегі Дүниежүзі қазақтар Құрылтайларында талқыланып, оларды шешуде көптеген іс - шаралар атқарылды. Қандастарымызға  сапалы білім беруде мемлекет тарапынан  қолдау көрсету және шетелдегі қазақтардың атамекенге мүмкіндігінше көбірек оралуына жағдай туғызуды басты назарға алуда. Сол мақсатта елімізде арнайы жоспарлар жасалынып,қаржы бөлінді, нәтижесінде 1 миллионнан астам қандастарымыз атамекенге оралды.

Төрткүл дүние қазақтарының басын біріктіру мақсатында шақырылған Тұңғыш құрылтайдың тарихи маңызы ерекше. Бұл бас қосу – қазақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқанның белгісі болды. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1  Сапаралы Т.  Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы. - Алматы, 1993. – 189 б.

2. Найманбай Қ. Қазақ диаспорасы және қауымдастық // Егемен Қазақстан. – 1996. – 25 қазан.

3. Назарбаев Н.Ә.Құшағымыз бауырларға айқара ашық // Дүниежүзі қазақтар құрылтайы. – Алматы, 1993. – 114 б.

4. Дәулетов Т.  Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы. – Алматы, 2002. – 65 б.

5. Райс Ғ. Қуаныш құшағында // Туған тіл. – 2011. – №1 (14).  – 30-33-бб.

6.Әлем қазақтары Астанада бас қосты.- Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2006. - 200 б. Қазақтардың ІІІ Дүниежүзілік құрылтайы. 

7. Уатқан Б.Ұлттың ұлы жиыны. Деректер жинағы. – Алматы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы. – 2012. – 408 б.

8. Омаров Б. Ұлттың ұлы жиыны. - Деректер жинағы. – Алматы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы, 2012. – 408 б. 

9. http://www.kayranelim.com/news/2011-05-26-257
10.Мамашев Т.А. Құрылтай нәтиже мен тағлымы. – Ұлттың ұлы жиыны. – Деректер жинағы. – Алматы: ДҚҚ «Атажұрт» баспа орталығы, 2012. – 147-153-бб.

11. http://www.inform.kz/kz/duniezhuzi-kazaktar-kuryltayy-astanada-besinshi-ret-bas-kosuda-sholu_a 3038867. 

Козгамбаева Г.Б., КазНУ им. аль-Фараби, к.и.н.

ИСТОРИЧЕСКОЕ ЗНАЧЕНИЕ ПЕРВОГО ВСЕМИРНОГО КУРУЛТАЯ КАЗАХОВ

 В статье рассматриваются  историческое значение  первый Всемирный курултай казахов, который созван 1992 году в Алматы. На первом  курултае казахов, где  участвовали делегаты из 33 стран  мира, была  учреждена Всемирная Ассоциация казахов. С участием Главы государства и делегатов дальнего и ближнего зарубежья было проведены пять курултаев. Всемирные курултаи дали мощный толчок консолидации казахской диаспоры за рубежом, способствовали созданию казахских культурных центров, проведению малых курултаев в ближнем и дальнем зарубежья. Особое внимания уделяется  историческое значению  Всемирного курултая казахов и Ассоциации казахов.

Ключевые слова: Всемирная ассоциация казахов, курултай, диаспора, репатриант.


Kozghambayeva G.B.

al-Farabi KazNU, Candidate of Historical Sciences 

HISTORICAL SIGNIFICANCE OF THE FIRST WORLD KURULTAY OF KAZAKHS

Abstract

The article deals with  the historical significance of the first World kurultay of Kazakhs held in 1992 in Almaty. The kurultay was attended by the delegates from 33 countries of the world, and the World Association of Kazakhs was established at this kurultay. Five kurultays were held with the participation of the Head of the State and delegates from near and far abroad countries. Workld Kazakh kurultays 

 gave a powerful impetus to the consolidation of the Kazakh Diaspora abroad, contributed to the establishment of the Kazakh cultural centers and holding small kurultays in near and far abroad countries. A special attention is paid to historical significanse of the World kurultay of Kazakhs and the World Association of Kazakhs. 

Keywords: World Association of Kazakhs, kurultay, diaspora, repatriate.




Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз