Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 338.484.(574). Орталық Азия аймағындағы су мәселесі: саяси-экономикалық аспектілері

Қилыбаева П.Қ., Нұрсұлтанова Л.Н. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ӘОЖ 338.484.(574). Орталық Азия аймағындағы су мәселесі: саяси-экономикалық аспектілері

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № №2(10)

Тегтер: басқару, Халықаралық, су, мәселесі, трансшекаралық, сулар, су, суды, қоры, пайдалану, су, Аралды, ынтымақтастығы, су, ресурстарын, құтқару, қоры.
Аңдатпа:
Мақалада Орталық Азия аймағы елдерінің Арал теңізі бассейні трансшекаралық су ресурстарын басқару, қорғау және дамытудың ұйымдастыру құрылымын нығайту және тиімді пайдалану мәселелері қарастырылады. Түйін сөздер: су мәселесі, трансшекаралық сулар, су қоры, суды пайдалану, су ынтымақтастығы, су ресурстарын басқару, Халықаралық Аралды құтқару қоры.
Мазмұны:

Аймақтың су ресурстары ұлттық және аймақтық қауіпсіздіктің әртүрлі аспектілерін  анықтайды. Аймақтағы ұзақ жылдар бойы шешімі табылмай отырған мәселенің бірі – су мәселесі болып отыр. Орталық Азия мемлекеттеріндегі ірі өзендердің бәрі трансшекаралық өзен болып есептеледі. Су ресурстарын өз жерінде құрастыратын жалғыз ғана ел – Қырғызстан, аймақтың басқа елдерінің бәрінде судың қажетті көлемі қандай да болмасын мөлшерде іргелес мемлекеттердің жерінен келетін суға тәуелді. Әлемдік су ресурстарының үлкен бөлігі ұлттық шекаралардан өтеді. БҰҰ-ның 2003 жылдық «Water for People, water for Life» есебінде әлемдегі 263 трансшекаралық су бассейндерінің үштен бірі екіден астам елді бөліп өтетіндігі, ал 19 – ы бестен астам елді бөліп ағатындығы; жалғыз Дунай өзені ғана 18 мемлекеттің жерімен ағатындығы атап көрсетілген. Африка мен Таяу Шығыстың көптеген елдері өздерінің суға қажеттіліктерін «шетелдік» су арқылы қамтамасыз етеді. БҰҰ-ның бағалауы бойынша, ХХІ ғ.жарамды ағынды жер үсті суларының шамамен 54 % пайдаланылды. 2025 ж. бұл көрсеткіш 70 % - ке жетуі мүмкін. Жыл сайын ғаламшар халқы 85 млн. адамға артуда, халықтың жан басына шаққанда суды тұтынуы –әрбір жиырма жылдықта екі есе өсуде. БҰҰ – ның болжамы бойынша посткеңістік Орталық Азия халқы 2025 ж.72 млн. адамға артып, 1970 ж. салыстырғанда 2,4 есеге көбейеді [1].

Жоғарыда келтіріп кеткеніміздей халық санының өсуі, сондай-ақ, урбандалу, өнеркәсіптің дамуы және ауылшаруашылық мұқтаждығы суға деген сұраныс пен  суға тәуелділікті үнемі арттыруда. Орталық Азиядағы негізгі су ресурсы Сырдария және Әмудария бассейндері.  Әмудария Орталық Азиядағы ең ірі өзен. Оның негізгі ағысы Тәжікстан жерінде қалыптасады, одан әрі Ауғанстан мен Өзбекстан шекарасын бойлай ағып Тәжікстанды кесіп өтеді де, Өзбекстан территориясынан қайта өтіп Аралға құяды. Сырдария ОА-дағы суының көлемі бойынша екінші және  ұзындығы бойынша бірінші өзен. Оның ағысы Қырғыз жеріндегі  Орталық (ішкі)  Тянь – Шань тауынын бастау алады. Нарынның Қарадариямен қосылуынан кейін өзен Сырдария деп аталады. Сырдарияның негізгі ағысы Қырғызстан территориясында қалыптасып, Өзбекстан мен Тәжікстан  аумағын кесіп өтіп Арал теңізіне құяды. Бұдан Орталық Азиядағы негізгі  су ағысы Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қалыптасатынын көреміз. Төмендегі кестеде (1)  Әмудария мен Сырдария өзендерінің әртүрлі елдер шекараларында қалыптасқан орташа жылдық ағысының көрсеткіші берілген.

Кесте 1.

Арал теңізі бассейнінің  көпжылдық   орташа ағысы (жылына куб.км)

Республика

Су бассейні

Арал теңізі бассейні бойынша барлығы

Сырдария

Әмудария

Куб.км.

  %

Қазақстан

2,426

  -

2,426

2,1

Қырғызстан

27,605

1,604

29,209

25,1

Тәжікстан

1,005

49,578

50,583

43,4

Түркменстан

6,167

1,549

1,549

1,2

Өзбекстан

37,203

5,056

11,223

9,6

Ауғанстан

  -

21,593

21,593

18,6

Арал теңізі бассейні б/ша барлығы:

37,203

79,280

116,483

100,0

* Диагностический доклад для подготовки региональной стратегии рационального и эффективного использования водных ресурсов Центральной Азии / Европейская экон. комиссия, Экон. и социальная комиссия для Азии и Тихого океана. 2002. С. 14.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Орталық Азия республикалары арасында су саудасы басталды. Пайдалы қазбалары аз Қырғыстан мен Тәжікстан үшін су басты байлыққа айналды. Мысалы, Сырдария бассейні төрт республика Қазақстан, Қырғыстан, Өзбекстан, Тәжікстан аумағын алып жатыр. Қырғыстан үлесіне 74%, Өзбекстанға 14%, Тәжікстанға 3% және Қазақстанға 9% тиеді. Ал Әмудария бассейнінде Тәжікстанның үлесі басым.

Орталық Азиядағы су мәселесі  аса өзекті экологиялық мәселелердің қатарына жатады. Аймақтың гидрогеографиясына келетін болсақ, мұндағы су ресурстары жеткілікті, алайда тең емес мөлшерде таралған. Орталық Азия аймағының негізгі гидроресурстары оның оңтүстік-шығыс бөлігінде, яғни Тәжікстан мен Қырғызстанда орналасқан. Суды көп тұтынушылар қатарына Өзбекстан, Түрікменстан, Қазақстан жатады. Осыған байланысты аймақтағы суы аз және сусыз кеңістіктер аймақ территориясының анағұрлым көп бөлігін қамтып отыр. Ол су мәселесінің аймақтағы мемлекеттер үшін шаруашылық қана емес, сонымен қатар әскери-стратегиялық маңызға ие екендігін көрсетеді [2].

Орталық Азияда айтарлықтай қақтығыстық мүмкіндік су-энергетикалық қорларды қолдану мен басқаруда көрінуде. Мүдделердің қарама-қайшылығы аумақтық орналасуларының трансшекаралық шарттарына сай, аймақ мемлекеттерінің су-энергетикалық қорларды тұтынудағы әртүрлі бағыттағы көзқарастарымен түсіндіріледі.

Аталған қорларды мемлекетаралық деңгейде бірлесе пайдалану – өте күрделі үрдіс. Бұл өзара түсіністікті, ымыраға келу, сонымен бірге, нақты жағдайларды қабылдау мен ұстануды талап етеді. Дегенмен, келісімге келу әрдайым жүзеге аспады және  кейбір мемлекеттер су қорларын пайдалануда біржақты шараларға жүгінді, бұл өз кезегінде аймақтың қалған елдеріне қолайсыздықты  туғызады.

Қатаң құрғақ ауа райына  қарамастан аймақта бірнеше ірі және көптеген кішігірім өзендер ағады. Сонымен қатар, жүздеген табиғи және жасанды су қоймалары, жерасты сулары резервуарлары орналасқан. Олардың барлығын қоса есептегенде аймақта шамамен 170-180 мың км2 көрсеткішке бағаланатын су қоры бар, қазіргі таңда олардың 90% астамы пайдаланылуда [3].

Осыған байланысты су-энергетикалық реттеудің келісілген әрі теңгерімді  аймақтық механизмін құрастыру – Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы орталық азиялық векторды жүзеге асыруда алдыңғы қатарлы мәселеге айналды.Елбасының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы халыққа жолдауында Үкіметке берген тапсырмасына сәйкес әзірленген және 2014 жылғы 4 сәуірде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың № 786 жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының «Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламасын» сапалы жүзеге асыру, су шаруашылығы саласын нығайтуға және су үнемдеудің озық технологияларын енгізу арқылы еліміздің экономикасының барлық салаларын толық сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, ауыз су тапшылығының алдын алуға мүмкіндік береді.

  Өзбекстан Парламентінің 6 мамыр 1993 ж. «Су жəне суды пайдалану туралы» Заңы,  Қырғыз Республикасының 23 шілде 2001 ж. ҚР-ның су нысандары, су ресурстарын және су шаруашылығы құрылыстарын мемлекетаралық пайдалану туралы  Заңы, 2005 жылы қабылданған Су Кодексі («Су туралы» Заңы 12.01,2005)  Қырғыз Республикасына  ұлттық су саясатын модернизациялау үшін сенімді құқықтық негізді құрады, Тәжікстан Республикасының 3.03.2006 ж. № 174 ж. және 20.03.2008 ж. № 381 Су Кодексі, Түркменстан Республикасының  Су Кодексі 25 қазан 2004, 1 наурыз 2014  жылғы заңдары  өзгертулер мен толықтырулармен 1 қаңтар 2017 ж. қабылданды. 1998 ж. 17 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Парламенттері арасында  жасалған Келісім, Қазақстан бастамасы бойынша  Қырғызстан мен қазақстандық делегация 2000 жылы Шу және Талас өзендерінен алынатын суларға байланысты шығындарды қалпына келтіру және бөгеттер мен су қоймаларына қызмет көрсету құқығын Қырғызстанға беруге қол жеткізді. 2006 жылы Шу-Талас өзендері сулары бойынша Комиссия құрылды. Аталған фактілердің барлығы аймақтағы су ресурстарын ұлтаралық басқарудың алғашқы тиімді үлгілері болды. 

Негізгі су потенциалы бірнеше трансшекаралық өзендердің суқорларынан құралады, олардың ішінде: Әмудария және Сырдария (Қазақстан, Қырғызстан, Түркменстан, Өзбекстан және Тәжікстан), Талас және Шу (Қазақстан мен Қырғызстан), Іле (Қазақстан мен ҚХР), Тарым (Тәжікстан, Қырғызстан мен ҚХР), Ертіс (ҚХР, Ресей, Қазақстан), Тобыл, Жайық, Есіл (Ресей, Қазақстан).

  Аймақтағы жер бетіндегі су қоры 235,8 млрд.м3 көрсеткішке тең, жан басына шаққанда 1700 м3 көлеміндегі жағдай апатты болып есептеледі, ал ОАА мемлекеттерінде бұл көрсеткіш екі есе жоғары 3287 м3, бұл  халықтың сумен қамтылуы қанағаттандырарлық жағдайда дегенді білдіреді [4]. Алайда, аймақ мемлекеттерінің сумен қамтылуы үлесі біркелкі емес. Орталық Азияда су тапшылығы сезілуде.  Қазірдің өзінде Түркменстан мен Өзбекстан  суды  халықтың жан басына шаққандағы ең төменгі деңгейдегі алғашқы он елдің қатарына  кіреді.

Орталық Азия аймағындағы негізгі су қорлары Сырдария мен Әмудария су бассейндеріне қатысты.  100-120 км2 тең жылдық ағындардың көрсеткіші аймақ халқының 80% сумен қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие. Трансшекаралық өзендермен қатар ірі көлдер мен су қоймаларының да маңызы зор. Ірі көлдер санатына Ардай-Арнасай (көлемі 20 км2 астам) және Сарықамыс (100 км2) көлдерін мысалға алуға болады. Су резервуаларының ішінде Қырғызстандағы Тоқтағұл, Тәжікстандағы Қарақұм, Қазақстандағы Шардара, Өзбекстандағы Чарвак және Әндіжан су қоймаларын атап өтуге болады. Жасанды резервуарлардағы сулар ирригациялық қажеттіліктерге, электр энергиясын өндіруге және ең бастысы аймақты сумен қамтамасыз етуге пайдаланылады.

Су қорларын пайдалануда саяси-экономикалық мүдделердің үйлеспеуі жағдайдың шиеленісуіне аймақ мемлекеттерінің көршілерімен келісілмеген іс-шараларды іске асыруы барысында көрініс табуда. Мысалы, өмірлік маңызы зор су қорының мол көлеміне ие Қырғызстан 2001 ж, 23 шілдесінде «Қырғызстан Республикасының су ресурстары, су қондырғылары және жалпы су шаруашылығы нысандарын мемлекетаралық қолданылуы» аталған заңын қабылдады [5]. Аталған құжат бойынша су табиғи ресурс ретінде белгілі бір экономикалық құқыққа  ие, яғни мемлекетаралық қатынаста суды пайдалануда белгіленген төлемді қажет ету мәселесі заңды күшіне енді. Осыған орай, Түркменстан президенті Сапармұрат Ниязовтың  «Түркменстанда сумен қамтамасыз ету мәселелері туындауы мүмкін емес. Бұған Қарақұмдағы көл құрылысының маңызды жобасы кепіл бола алады» деген сөздерін келтіруге болады [6].

Аймақ үшін тұтастай алғанда ауыл шаруашылығына қарағанда гидроэнергетиканың маңызы төмен, бірақ Қырғызстан мен  Тәжікстан үшін гидроэнергетика елдің экономикалық және әлеуметтік дамуындағы маңызды ресурс болып табылады. Бұл ретте аймақ елдердің екі тобы арасында қақтығысты мүмкіндіктер өрістейді: 1) Қазақстан, Өзбекстан және Түркменстан; 2) Қырғызстан мен Тәжікстан.

Орталық Азияда су-энергетикалық кешенді тиімді дамытуға кедергі келтіретін проблемалар кешенін үш ірі бөлікке бөлуге болады:

1.  Нормативті-құқықтық базаның кемдігі;

  Су-энергетикалық өзара ықпалдастықты  арттыру үшін серіктестік мәселесін қамтитын, нақтыланған және реалистік келісім қажет. Аймақ елдерінің су шаруашылығы ведомстволарының артқарған жұмыстары арқасында жүйелілікті арттыру, қадамдарды детализациялау және декларативтік негізінде  нормативті-құқықтық базаны  дамытудың іргетасы қаланды.

Бастапқы келісімдер Арал теңізі бассейні су қорын басқару мәселелерін реттеуге арналған. Құжаттардың әрқайсысының деңгейі мен мазмұны бітімге келген уақыт шындығына сай келеді. Ондағы негізгі принциптер халықаралық су құқығы мен әлемдік практикаға қайшы келмеді.

Алайда, төмендегі мәселелер анықталмады:

-  Мемлекеттердің әр жылы сумен қамтамасыз ету кезеңіндегі  отын және энергетикалық ресурстарды жеткізудегі жауапкершілігі мен міндеттері;

-  Ортақ шараларды жүзеге асыруда қаржыландыру көздері.

Нәтижесінде, қазіргі қолда бар құжаттар мен әр жылы қабылданған  хаттамалар су қорларын тиісінше пайдалану мен бақылауды қамтамасыз етпейді. Әсіресе, судың төменгі ағысында орналасқан суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету, Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіру үшін  су тарту, су көлемі артып кеткен кезеңде Сырдария өзені бассейнде төтенше жағдайлардың орын алмауына кепілдіктер берілмеді.

Қазіргі кезеңінде су-энергетикалық шаруашылық серіктестігін  құруда мынадай  түйінді  мәселелерде келіспеушілік  байқалуда:

-  Су ресурстарын үйлесімді тұтыну мен  тиімді жұмсауға  бағытталған ауылшаруашылық (жер суару) саясатын жүргізу, әрі ылғал сақтау мен өзге де прогрессивті технологияларға сатылап өту;

-  Электроэнергияны пайдалану мен өндіруде мемлекетаралық дисбалансты реттеуге бағытталған энергетикалық саясат;

-  Су-энергетикалық кешендердің жаңа нысандарын  салу және қолда барларды жаңғырту.

2.  Институционалдық базаның жеткіліксіздігі;

Орталық Азияда су кешендерінің тұрақты және тоқтаусыз қызмет етуі  бірнеше шарттарға тәуелді, мысалы су-энергетикалық қорларды тиімді басқару мен жүйелі пайдалану бойынша мемлекетаралық келісімдердің орындалуын қамтамасыз ету. Бұл мәселені іске асыруда кейбір кедергілер туындайды:

-  Аймақтық интеграция бағдарламасының жоқтығы;

-  Кейбір транзиттік мемлекеттердің суды өз қажеттіліктері үшін рұқсатсыз тартып алуы;

-  Осы күнгі ұлттық жүйелердің арасында аймақтық деңгейдегі гидрологиялық бақылау бойынша ақпарат алмасудың тиімді құралдарының болмауы;

-  Бассейндердің су қорын қорғау мен кешенді пайдалануда экологиялық талаптардың  есепке алынбауы;

3.  Тиімді қаржы-экономикалық механизмнің жоқтығы.

  Орталық Азия мемлекеттерінің ұлттық су саясаттарын үндестіру мен синхронды жүргізу қажеттілігі артуда. Барлық мемлекеттердің мүдделерін қанағаттандыру мүмкін емес, сондықтан ымыраға келу мен өтемақының кепілді жүйесі қажет. 1992 жылы бес мемлекет өкілдері қол қойған Алматы келісімі  бойынша су бөлінісінің бұрынғы жүйесі сақталды, алайда ол негізінен судың төменгі ағысында орналасқан мемлекеттерге (Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстан) ғана тиімді болды. Өтемақы мәселесіндегі оқылықтар, отын және суды тұтынушылардың төлем қабілетсіздіктері, сонымен қатар, өтемақы мөлшерін бағалау механизмінің жетілмегендігіне де байланысты. Сонымен қатар, қалпына келетін тау энергоресурстарының үлкен потенциалының қолданылмауы, кейбір сарапшылардың пікірінше, оларды Қытай, Пәкістан және Үндістанға экспорттауға болатындығын айтады. Атап өтетін жайт, Тәжікстан гидроэнергоресурстардың потенциалының көрсеткіші бойынша әлемде 8-ші орынға ие бола тұрып, электроэнергияның 50% импорттайды. Қырғызстан гидропотенциалының 7% ғана пайдаланады. Қырғызстанның жалпы гидроэнергетикалық потенциалы 18,5 млн кВт, қуаты 142,5 млрд кВт/сағ болып бағаланады, және оның тек 9% сәл астамы ғана игерілген. «Гидрожоба» институтының материалдарына сүйенсек, республика өзендерінде жалпы қуаты 11 400 МВт  95 ірі және орта электростанция салуға болады, және оның жылдық орта өндірісі 49,8 млрд кВт/сағ [7]. Бұлкөрсеткіштер бойынша ТМД елдерінің ішінде Қырғызстан тек  Ресей мен Тәжікстанға жол береді.

Су қоймаларының көпшілігі бұдан 25 жыл бұрын құрастырылған. Қазіргі кезеңде олар тұнбаланған, сөйтіп олардың тиімділігі жоспарланғаннан 30 % - ке төмендеді. Ірі гидроэлектростанциялар да  жаңалануды қажет етеді. Гидроэнергетика нысандарын дамытуға салынатын қаржының болашақта қайтарымдылығына қарамастан  (аймақ энергияның 71%  гидроэнергетика арқылы алу мүмкіндігіне ие), осындай ірі жобаларға инвесторлар табу өте күрделі. Алайда, «Өзбекэнерго» мемлекеттік акционерлік компаниясының хабарлауынша, 2014-2017 жж. Өзбекстан бірқатар гидроэнергетикалық жобаларды жүзеге асыруға 400 миллион доллар көлемінде қаржы бөледі. Сонын ішінде Фархад ГЭС мен Төменгі Бозсуй сарқырамасындағы ГЭС-14 жаңғырту мен қуатын артыруға жалпы көлемі 165,7 миллион доллар бөлінбекші. Ал 2014 жылдың басында ресейлік «Силовые машины» ААҚ Чарвак ГЭС-н жаңғырту жобасының шеңберінде құрылғыларды монтаждауды бастады. Құны 53,9 миллион доллар жоба бойынша Чарвак ГЭС-ның төрт гидроагрегаты жаңғыртылып, әрбір агрегаттың қуаты 155 мегаваттан 175 мегаватқа дейін артты, нәтижесінде электроэнергияны өндіру сағатына 120 миллион киловаттқа жеткізілді  [8].

  Энергетикалық тәуелсіздігі, жоғары гидроэнергетикалық әлеуеті, Тәжікстан мен Қырғызстанды гидроэнергетиканы дамытуға итермелейді.

Нарықтық қатынастарға бейімделген бұл  мемлекеттер:

-  Өзінің табиғи пайдалы қазбаларын нарықтық бағасы бар тауар ретінде қарастыра бастады;

-  Электроэнергияны пайдалану мен өндіруде өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне  жетуге ұмтылды;

-  Қолда бар гидроэнергоресурстарды максималды түрде пайдалануға тырысады.

  Ал суармалы шаруашылыққа негізделген мемлекеттер Қазақстан мен Өзбекстан суармашылық маусымы кезеңінде Нарын-Сырдария су қоймасы каскадындағы су қорының уақытылы жеткізіліп тұруына аса мүдделі, әсіресе, Тоқтағұл су қоймасының су арнасына қатысты мәселесінің реттелуіне Сырдария өзені бассейндегі барлық мемлекеттер мүдделі.

Иранмен байланысын күшейте бастаған Тәжікстан Ресейдің көмегімен Әмударияның негізгі саласы Пяндж өзені бойында 14 гидроэлектрстанция салуды жоспарлап отыр.  Тәжікстан жағы салуға жоспарлаған биіктігі 350 метрлік Рогун ГЭС-і  де күрделі мәселеге айналуда.  Қаржылық қиыншылықтарға қарамастан Тәжікстан Иранмен бірге 2010 жылы іске қосуға кірісті. Тәжікстан аймақтағы электр энергиясын Пәкістанға, Ауғанстанға және Үндістанға шығарушы ең ірі елге айналмақ ойы бар. Тәжікстан 2010 жылы 26,4 млрд. квт-сағат, ал 2015 оның көлемін 35 миллиардқа дейін жеткізбек.

Суға ие екінші ел Қырғыстанның да энергетика саласын дамыту жоспары Парламентте заң арқылы бекітіліп, шет елдіктердің электр энергиясын өндіру саласына жіберуге құқықтық негіз жасалды. Кеңес Одағы кезінде жобасы жасалған, жалпы 30 жылға созылған «Қамбар Ата -1» және кейіннен жобаланған «Қамбар Ата -2» ГЭС-тері ғасыр жобаларына айналды.  «Қамбар Ата -1»  су электр станциясы аяқталмай тұрып,  2010 ж. «Қамбар Ата -2» ГЭС –і іске қосылды.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының жер үсті су ресурстары шамамен 100,5 куб. км құрайды. Соның ішінде ҚР аумағында 56,6 текше км (56%) су құралады және көрші елдерден - Ресей, Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстаннан бізге жалпы көлемі 43,9 текше км (44%) су келеді. Қазақстанның 8 өзен бассейндерінің 7-і трансшекаралық болып табылады.

Су мәселесін шешудің тағы бір жолы ретінде Көксарай су қоймасын салу  қарастырылды. 1998 жылы «Көксарай» су реттегішінің алғашқы жобасы жасалып, 2010 жылғы 18 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Көксарай су реттегіші құрылысының кешені стратегиялық маңызды объект ретінде іске қосылды. 

  Орталық Азия аймағындағы су-энергетикалық ресурстарды дамыту жобаларына Ресей, АҚШ, Қытай, ЕО, Иран мен Үндістан мемлекеттері мүдделілік танытуда. Әдетте сыртқы күштердің мүддесі саудадан гөрі геосаяси тұрғыда, яғни, аймақ өміріне  қатысу және ықпалын арттыруда бәсекелестікке негізделді. Халықаралық даму институттары мен ұйымдары аймақтық серіктестікті дамытуға, әрі күрделі мемлекетаралық үрдістерде су-энергетикалық мәселелерді реттеуге жәрдемдесуде. Сонымен бірге, олар жобаларды техникалық-экономикалық негіздеуге, консалтингтік, аналитикалық, технологиялық және қаржылай көмек береді. Осындай ұйымдар қатарында – Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, ЮСАИД, Жаһандық экологиялық қор.

Бүгінде Арал теңізі бассейнінің  трансшекаралық өзендерін басқару мәселесін шешумен  жалғыз мекеме  Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы (МКВК) айналысады. Ол және оның атқарушы органы «Әмудария» және «Сырдария» бассейндік су шаруашылығы ұйымы  1990 ж. басында  құрылды және Аралды құтқару халықаралық қорының құрамына кірді. МКВК бес мемлекеттің су шаруашылығы ведомстволарының басшылары деңгейінде тоқсан сайын отырыс өткізеді, су көлемін бағалайды және әрбір мемлекет қанша су алуы қажеттігін шешеді.

  Су-энергетикалық саладағы серіктестік пен ықпалдастықты дамыту мүдделі тараптардан мемлекеттер, мемлекетаралық интеграциялық құрылымдар, халықаралық даму институттары, үкіметтік емес ұйымдардан қосымша күш салуды талап етеді. Қазіргі кезеңде су-энергетикалық мәселелер бойынша келісімдік үрдістер Аралды құтқарудың халықаралық қоры шеңберінде қарастырылуда.

2006 жылдың тамыз айында ЕурАзЭҚ-тың мемлекетаралық кеңесі осы ұйымның Интеграциялық комитетіне Орталық Азия аймағының су-энергетикалық қорларын тиімді пайдалану тұжырымдамасының  жобасын дайындауды тапсырды. Бұл жоба дайындалды. Алайда, тараптар осыншама өткір мәселеде ортақ түсіністік таба алмады – бір жағында суды гидроэнергетика қоры ретінде үйлесімді түйістіру тұрса, екінші жағында өз  мақсаттары тұрды, сол себепті «ұстанымдарды тағы бір рет мұқият тексеріп шығару» ұсынысымен шектелді. Әрине бұл ретте әртүрлі форумдар мен кездесулер жүргізіліп, көптеген уәделі келісімдер мен патетикалық декларациялар қабылданып отырады. Мысалы, 1992 ж. 18 ақпанда Алматыда бес мемлекет Мемлекетаралық су қорларын қорғау мен пайдалануда бірігіп басқару бойынша серіктестік құру туралы келісімге қол қойғанды. 1995 жылы 20 қыркүйекте Орталық Азия мемлекеттері мен халықаралық ұйымдар Арал теңізі бассейнін тұрақты дамыту туралы  Нүкіс декларациясына қол қойды. 1998 жылы 17 наурызда Бішкекте Сырдария өзенінің су-энергетикалық қорларын пайдалану туралы келісім жасалды. Бұдан кейінде  осыған ұқсас бірқатар құжаттар қабылданды.2003 жылы Қызылордада Аралды құтқару қоры құрылды. Сол жылы Арал теңізі мәселелерін шешу, Арал өлкесін экологиялық салауаттандыру мен әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету туралы Келісім дайындалды.

2016 ж.  9-10 ақпанында Алматыда «Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдері су шаруашылығының мәдени және білім беру аспектілері» тақырыбында халықаралық конференция өтті.  Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдері су шаруашылығы Желісі ұйымының  президенті Полад Полад – заде конференция қатысушыларына бейне арнауында  қазіргі жағдай ұйымдастырушылық, мемлекеттік  сипаттағы  бірқатар сұрақтарды шешуді талап етеді.  «Бәрінен бұрын су құқығы және су бағасы мәселелері. Әрбір тұтынушы суды мемлекеттік құжатта бекітілген құқық бойынша алуы қажет. Ал су да өз бағасын иленуі қажет» - деп атап кайтты [9].

2016 ж. 22 – 23 қыркүйегінде Алматыда Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылық министрлігі, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі, Швейцария Федерациясы сыртқы істер федаралдық департаментінің  өкілдігі, «Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» ҒАҚ, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, ЮНЕСКО –ның халықаралық гидрологиялық бағдарламасы (МГП), Алматы қаласындағы ЮНЕСКО-ның кластерлік бюросы, ҚР ауыл шаруашылық министрлігінің су ресурстары комитеті ҚР  білім және ғылым министрлігініңгеография институтымен бірге, Бүкіләлемдік банк, ЕҚЫҰ, Аралды құтқару халықаралық қорының атқарушы дирекциясы , БҰҰ – ның  Еуропалық экономикалық комиссиясы, ҚР – ның ұлттық ғылым академиясы,  Қазақ су шаруашылығы ғылыми – зерттеу институты, «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық – техникалық университеті» ҒАҚ, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымы академиясы, Халықаралық гляциологиялық ассоциациясы, Халықаралық гидрогеологтар ассоциациясы (МАГ),  Caspian Services Inc. қатысуымен « Орталық Азияның су ресурстары және оны пайдалану» тақырыбында БҰҰ – ның «Су тіршілік көзі» онжылдығын қорытындылауға арналған халықаралық ғылыми – практикалық конференциясы өткізілді. Конференцияның жұмысының қорытындысы ОАА елдерінің су мәселесі  бойынша шешімдері мен  «Су тіршілік көзі»  (2005-2015 жж.) халықаралық онжылдығы және Халықаралық су ынтымақтастығы жылы (2013 ж.) қойылған міндеттерді орындауда ынтымақтастықты одан әрі  нығайту болды [10].

 2016 жылғы 24-25 қазанында Астана қаласында «Қазақстанның «жасыл экономика» үлгісіне көшуін қолдау» ЕО/БҰҰДБ/БҰҰ ЕЭК біріккен жобасының шеңберінде «Жасыл Академия» Ғылыми-білім беру орталығы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, БҰҰ ЕЭК-тің қолдауымен ұйымдастырған «Қазақстан Республикасының трансшекаралық су ресурстарын басқару саласындағы саясаты» тақырыбына семинар және «Қазақстан Республикасының трансшекаралық су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықтың институционалдық тетіктері мен нормативтік құқықтық базасын жетілдіру» тақырыбына дөңгелек үстел өтті.

Семинар мен дөңгелек үстелде БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссияның сарапшылары бейіндік мемлекеттік органдарымен тығыз ынтымақтастықта дайындаған, трансшекаралық су ресурстарын басқару саласындағы саясатқа шолу және Қазақстан Республикасы үшін ұсынымдар жобасы талқыланды [11].

  Су мәселесі – маңызды геоэкономикалық және стратегиялық даму ресурсы болып табылады. Сондықтан да аймақ мемлекеттері әр тараптың мүдделеріне қайшы келмейтін «су дипломатиясын» жүргізуі, маңызы зор іс-шара.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Вода для людей, вода для жизни: Доклад ООН о состоянии водных ресурсов мира : Программа оценки водных ресурсов мира : Обзор // UNESCO :офиц.интернет-сайт.2002.С.9.URL:http://unesdoc.unesco.org/images/0012/001295/129556r.pdf.

2. Журнал «Экспресс К.», 8 февраля 2001.

3. Шименин З.Л. Реки Центральной Азии. –Астана: Елорда, 2003. -52б.

4. Винокуров Е.Ю. Инвестиции и соотрудничество в гидроэнергетике Центральной Азии // Континент партнерства.-2007, 42 б.

5. Куртов А. Проблемы обеспечения водой государств Центральной Азии: позиция Кыргызстана. // Центральная Азия и Кавказ.-2004.-№6 (36),-130 б.

6. Хроника Туркменистана. Водная проблема Центральной Азии: будет ли решение?// http://www.chrono-tm.org/2013/11/vodnaya-problema-tsentralnoy-azii-budet-li-reshenie/

7. Жангазы Р. О некоторых вопросах водно-энергетического комплекса Центральной Азии: национальная безопасность и интересы Республики Казахстан.//Analytic.-2010/3(55). -53-62 бб.

8. Госкомпания «Узбекэнерго» модернизирует одну из ГЭС в Узбекистане// http://oilnews.kz/novosti/novosti-tek-zarubezhya/16121.html  

9.В Казахстане обсудили проблемы водного хозяйства и мелиорации стран ВЕКЦА // «agroxxi.ru»

10. Итогипроведениямеждународной научно-практической конференции «Водные ресурсы Центральной Азии и их использование» 22-23 сентября 2016 г., г. Алматы, Казахстан.  https://ingeo.kz/?p=6103

11. Астанада трансшекаралық су ынтымақтастығы мәселесі талқыланды. Сәрсенбі, 26 Қазан 2016. http://www.green-academy.kz/kz/esepter/item/367-astanada-transshekaraly-su-yntyma-tasty-y-m-selesi-tal-ylandy.html

   References:

1. Voda dliya ludei, voda dliya zhizni: Doklad OON o sostoianyi vodnykh ressursov mira: Programma otsenki vodnykh ressursiv mira : Obzor // UNESCO :office.internet-sait.2002.С.9.URL: http://unesdoc.unesco.org/images/0012/001295/129556r.pdf.

2. Zhurnal «Express K.», 8 fevraliya, 2001.

3. Shimenin Z.L. Reki tsentralnoi Azii. – Astana: Elorda, 2003. -52 b.

4. Vinokurov E.Y. Investitsii i sotrudnichestvo v gidroenergetike Tsentralnoi Azii  // Kontinent partnerstva.-2007, 42 b.

5. Kurtov А. Problemy obespecheniya vodoi gosudarstv Tsentralnoi Azii: pozitsia Kyrgyzstana. // Tsentralnaiya Aziya i Kavkaz.-2004.-№6 (36),-130 б.

6. Khronika Turkmenistana. Vodnaiya problema Tsentralnoi Azii: budet li reshenie? //http://www.chrono-tm.org/2013/11/vodnaya-problema-tsentralnoy-azii-budet-li-reshenie/

7. Zahngazy R.O. O nekotorykh voprossakh vodno-energeticheskogo kompleksa Tsentralnoi Azii: natsionalnaiya bezopasnost; I interesy Respubliki Kazakhstan.//Analytic.-2010/3(55). -53-62 бб.

8. Goskompaniya “Uzbekenergo” moderniziruet odnu iz GES v Uzbekistane// http://oilnews.kz/novosti/novosti-tek-zarubezhya/16121.html  

9. V Kazakhstane obsudili problem vodnogo khoziyastva I melioratsii stran VEKCA // «agroxxi.ru»

10. Itogi provedeniya mezhdunarodnoi nauchno-prakticheskoi konferencii

«Vodnye resursy Tsentralnoi Azii I ikh ispolzovanie» 22-23sentiabriya  2016 g., Almaty, Kazakstan.  https://ingeo.kz/?p=6103

11.Astanada transshekaralyk su yntymaktastygy maselesi talkylandy.

Sarsenbi, 26 Kazan 2016. http://www.green-academy.kz/kz/esepter/item/367-astanada-transshekaraly-su-yntyma-tasty-y-m-selesi-tal-ylandy.html

Килыбаева П.К., Нурсултанова Л.Н.

Евразийский Национальный Университет имени Л.Н. Гумилева

 Проблема водных ресурсов в регионе Центральной Азии: социально-экономические аспекты

Аннотация. В статье рассматриваются вопросы эффективного использования и совершенствования организационной структуры управления, защиты и развития трансграничных водных ресурсов Аральского моря в регионе Центральной Азии.

Ключевые слова: водный вопрос, трансграничные воды, использование воды, водное сотрудничество, управление водными ресурсами, Международный фонд по спасению Аральского моря.

Kilybaeva PK, Nursultanova LN

LN Gumilyov Eurasian National University

The problem of water resources in Central Asian region: socio-economic aspects

Annotation. The article reviews the issues of effective use and improvement of the organizational structure of transboundary water resources management, protection and development of the Aral Sea in the Central Asian region.

Key words: water problems, transboundary waters, water use, water cooperation, water resources management, International Fund for saving the Aral Sea.

 

 

   

 


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз