Басты бет » Материалдар » XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың Хиуа және Қоқан хандықтарымен қарым-қатынастары туралы жыраулар шығармашылығында

Айсұлу Хайрулдаева, әлеуметтік ғылымдар магистрі ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының PhD докторанты

XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың Хиуа және Қоқан хандықтарымен қарым-қатынастары туралы жыраулар шығармашылығында

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № №2(10)

Тегтер: ақындар, елдер, ортазиялық, Қазақстан, жыраулар, Хиуа, Қоқанд.
Аңдатпа:
Мақалада ақын-жыраулар шығармашылығындағы XVIII ғ.-XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның ортазиялық елдермен қарым-қатынастары қарастырылған. Жанқожа батыр көтерілісіне арналған тарихи жырлардан кейбір мәліметтер келтірілген. Мақала авторы берілген мағлұматтардың ерекшеліктері олардың біртұтас емес, үзінділер түрінде кездесетінідігін айтып кетеді.
Мазмұны:

Қазақстан  Республикасы тәуелсіздікке қол жеткізгеннен  бері осы кезеңге дейінгі  дәуірлердің әлеуметтік-тарихи тәжірибесі және мәдени, рухани мұралар  арқылы өткенге көз жүгірту, әр кезеңдегі мемлекеттілік тарихына жүгіну айрықша өзектілікке ие болып отыр. Өйткені ұлт тарихының кейбір кезеңдері туралы бізде әлі толық түсінік жоқ, тек кейбір фрагментті, объективті емес түсініктер қалыптасқан. Осындай әлі күнге дейін толық зерттелмеген мәселелердің арасында  XVIII ғасырдың екінші жартысы  XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтар мен көршілес Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарының тарихын ерекше атап өтуге болады. Атап айтқанда қазіргі Өзбекстан Республикасының  орнында дамыған Қоқан, Хиуа, Бұхара сияқты мемлекеттермен қарым-қатынастары. Орталық Азия аймағындағы екі ірі мемлекет Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы байланыстар тарихын зерделеудің қазіргі уақытта, яғни осы аталған екі ел арасындағы интеграциялық үдерістердің күрделі түрде өріс алуы кезеңінде ерекше маңызға ие болып отыр. 

  XVIII ғасырдың екінші жартысы  XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтар мен көршілес Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарының тарихын зерттеуде отандық авторлар еңбектерінде мүлдем айтылмаған деуге болмайды, тек әр тарихи кезеңдегі авторлар пікірлері тарихи, объективті себептерге байланысты әртүрлі сипатта зерттелген,  тереңінен зерттелмей сол кезеңдегі басқа тарихи оқиғаларға қатысты үстірт айтылған кездері де болған. Сондықтан аталмыш мәселеге қатысты отандық еңбектерге тарихи шолу жасау қажеттілігі артып отыр. Маңыздылығы жағынан бірінші орынға ие шығармалардың бір тобы сол кезеңдерде өмір сүрген ақын-жыраулар шығармалары. Ақын-жыраулар сол кезеңде өмір сүргендіктен олардың еңбегі дерек ретінде маңызға ие болса, екіншіден ақын-жыраулар қазақ қоғамындағы айрықша мәртебеге ие болып, сол кезеңдерде қоғам қайраткерлерінің рөлін атқарғандықтан, олар белгілі бір саяси оқиғаларды баяндағанда өздерінің бағаларын беріп отырған. 

  Қазақәдебиетітарихындаойыпаларорныбарақындарменжырауларшығармаларыныңтарихилығы – біздің халық ретінде бірнеше ғасырлар бойы адамзат баласының өзге де ұлт өкілдерімен, елдермен қатар өмір сүріп келе жатқандығымызды заңдастыратын, бүгінгі қазақтар мен олардың ата-бабалары тіршілік кешкен бұлыңғыр кезеңдердің арасын жалғастырар ежелгі керуен жолы секілді ерекшелігімен қастерлі. «Жырау»  сөзінің  төркіні  - жыр, жырлау, жырлаушы деген ұғымдармен тығыз байланысты екендігі дау тудырмайды. Бұл жөнінде академик В.В.Радловтан бастап, берідегі қазақ ғалымдарының бәрі де жазған. Жыраулық поэзия туралы алғаш іргелі зерттеу жүргізген ғалымның бірі М.Мағауин жырауды өз тайпасының рухани тірегі, ақылгөй ақсақалы ретінде таниды. Ғалымның  пікірінше, жыраулар поэзиясындағы басты тақырып Қазақ хандығын құраған ру мен тайпалардың татулығы мен бірлігі және мемлекетті нығайту, оның жауынгерлік күшін арттыру болған [1,128-б.]. 

  Е.Тұрсынов жыраудың шығу тегін тарихи типологиялық тұрғыдан саралай отырып,  жырау тұлғасының қызметін мына ерекшеліктеріне қарай жинақтайды: 1.Жеке румен емес, бүкіл тайпалар одағымен , хандықпен байланысты болғандығы; 2.Мемлекет істеріне, соғыс жүргізу істеріне қатысатындығы; 3. Болашақты болжап, хан мен халыққа ақыл айтып, жөн нұсқайтындығы; 4. Батырлар жырлаы мен тарихи жырларды айтып, жауынгерлердің рухын көтеретіндігі [2,160-б.]. Яғни жыраулар қазақ қоғамының айнасы болды, қоғамда орын алған мәселелерге қатысты ой-пікірлерін, қоғамда орын алған саяи, қоғамдық оқиғаларды өз жырлары арқылы қалдырып отырған. Бірақ осы кезеңдерге дейін жыраулар мұрасы қазақ ауыз әдебиетінің мұрасы ретінде әдебиет тарихында маңызға ие болғанымен, тарихи зерттеулерде көп ескеріле бермейтін еңбектер қатарында болып келді. 

  Қазақ-Хиуа қатынастары туралы мәліметтерді Жанқожа батыр жайлы жырлардан табуға болады. Жанқожа батыр (1774-1860) жайында 10-нан (12 мың жол) аса тарихи жыр-дастандар шығарылып, ел арасына кең тараған. Солардың арасында Мұсабай, Нұрмағамбет, Лұқпан, Жөкей, Қарман, Нұрсұлтан, Ізжан, Орнықбай сынды ақын-жыраулардың туындыларын ерекше атаймыз [3] . 

  XIX ғасырдағы еленбей кетуі мүмкін емес жыраулардың бірі Мұсабай жырау. Жыраудың 1840-1860 жылдар аралығындағы Сырдың төменгі саласын мекен еткен қазақ егіншілерінің тыныс тіршілігін, олардың Жанқожа Нұрмұхамедов бастаған Хиуа хандығы мен Ресей отарлаушыларына қарсы азаттық күресін жырлаған "Жанқожа батырдың толғауы" атты  43 шумақтық  жырының Мұсабай жырау нұсқасын Қазалы бекінісінде қызмет атқарған орыс офицері И.В.Аничков оның өз аузынан жазып алып, 1894 жылы  алғаш рет С.Петербургте Н.Веселовский шығарған жинақта қазақ, орыс тілдерінде жариялаған [4, 71-82,117-124-бб.]. Шығарма жайлы алғаш пікір білдірушілердің бірі қазақтың белгілі жазушысы, зерттеуші С.Мұқанов  жырдың Аничков нұсқасы олақ деген пікір айтады[5,109]. Дегенмен де жырдың сол кезеңдегі қазақтар мен хиуалықтар арасындағы қарым-қатынастардан мәлімет беретін дерек ретінде құндылығы аса жоғары. Жырды тарихи жыр деуге толық негіз бар, себебі шығармада есімі аталған кейіпкерлердің барлығы да өмірде болған адамдар. Мұсабай жыраудың Жанқожа батырды ерекше сыйлап, құрмет тұтқанын және оның өлімінен кейін елі үшін қызмет еткен батырдың есімін халықтың есінде сақтауды мақсат еткенін оның "Есіл ер қапияда кетті қолдан, енді батыр қазаққа Жанқожадай табылмайды" - деген сөздермен шығармасын аяқтауы дәлел болады деуге болады [4,124-б.].

  Шығармада негізінен үш оқиға: Жанқожа бастаған Сыр бойы егіншілерінің Хиуа хандығына және Ресей отарлаушыларына қарсы күресі  және батырдың өлімі жырланады, яғни жырдағы негізгі тақырыптардың бірі қазақтардың Хиуа мемлекетімен қарым-қатынастарын жырлауға арналған. Мұсабай жырау өз шығармасының  осы сюжеттік бөлігінде Хиуа хандығының Сыр бойында салдыртқан қамалында билік жүргізген Бабажанның жергілікті халыққа көрсеткен зорлық-зомбылықтарын: зекетшілердің тиісті деп есептелетін салықтардан тыс елдегі жас қыз, жүйрік ат, жақсы бұйымдарды қалдырмай жинап, оған оған наразы болған халықты Жанқожа батырдың інісі Ақмырзаның бастап көтеріліске шыққандығы, бірақ олардың сәтсіздікке ұшырағаны жайлы баяндалады [4,117-124-бб.].

  Жанқожа батыр туралы тарихи жырлардың ең таңдаулыларының бірі және бұрын-соңды зерттелмегені – Лұқпан Кенжеұлы жырлаған нұсқадан да қазақ-өзбек қатынастары жайлы құнды мәліметтер алуға болады.

Осыдан кейін Жанқожа

Нағыз ер болды “келсең, кел”.

Жанқожа батыр ер болды,

Ел ішінде бір болды.

Аңдып жүрген дұшманның

Жүрегіне шер болды.

Ығысқан қазақ елаты

Паналап ерді көп қонды.

Патшалық құрған іргелі

Үргеніш, Қоқан ел болды.

Елші келіп хандардан,

Қатынасы мол болды.

Атағы шығып аспанға,

Күннен-күнге зор болды.

Тыныштық болып бір заман,

Таныды батыр оң-солды.

Екі адам басы қосылса,

  Жанқожа батыр сөз болды [3], - деп бір кездері қазақтар мен көршілес Орталық Азия мемлекеттері арасында  арасында бейбіт, тең дәрежелі қарым-қатынастар болғанын сағына жырлайды.

Хиуалық сарттар ел билеп,

Сырдың бойын шулатқан.

Ақмырзаны өлтіріп,

Бабажан сарт суға атқан.

Бұл хабарды есітіп,

Кіші жүз болып ар тұтқан.

Жанқожа сынды батырдың

Аулында жатқан кезі еді.

Шаһар толған мал-бақта,

Ақмырзаның өлгенін

Батырға барып айтуға

Жеке батыр жол тартқан.

Асығыс жүріп, тез жетіп,

Жанқожадай батырға

Былайша деп сөз қатқан:

“Алты Алаштың ұлына

Пана болған ер едің,

Өрлеген бақыт, талаптан.

Қысымшылық қылып тұр

Бабажан сарттың әлегі:

Салық салып, мал жинап,

Қазақты жиды жан-жақтан.

Бабажанның тырнағы

Сырдағы елге тым батты.

Күннен-күнге дәуірлеп,

  Озбырлық қылды Тәңір атқан” [3]- деген жолдардан көршілес елдердің билеушілерінің қазақтарға тізесі батқандығы жайлы білеміз және бұл оқиғалардың барлығы дерлік шындыққа жанасады, себебі жырда аты аталған Бабажан сарт, Ақмырза есімдері Мұсабай жырау шығарамасында да аталып кеткен еді: "қаласын ортасына салып алып, Бабажан бұ қазақты зекеттеді....... Мінгені Жанқожаның қарала атты .... жазықсыз Ақмырзаны өлтірдің деп, көп қырды қайқы кірпік қара сартты" [4,118-б.] деп жырлайды.

Қайыптың ұлы Жанғазы

Хан болыпты дәріпті.

Сырдарияны жағалай

Көп қаланы салыпты.

Өкім қылып осы елге,

Бабажан деген бір сарттың

Қолына берді жарлықты.

Біздің Алаш баласы

Бабажан сартқа қанықты.

Бабажанныңқорлығы

Қазақтарды налытты.

Налытқан емей немене?

Алмады қошқар, саулықты.

Үй басына салыпты

Қозыдан жорға салықты.

Меңсіз қара қозыдан,

Елде жақсы жар болса,

Елде жақсы мал болса,

Бабажан соны алыпты.

Бастан кетіп ықтияр,

Тамам қазақ тарықты.

Қазақтың тәуір әйелі

  Бетіне күйе жағыпты [3], - деп хиуа билеушілерінің жергілікті басқарушыларының тізесі елге батып отырғанығын Бабажан бейнесі арқылы жеткізеді.

  Осыдан түйетін пікіріміз Сыр бойы  қазақтарының алғашқыда көршілес Хиуа, Қоқан хандықтарымен тату көршілік қатынастарда болғанын, бірақXIX ғасырдың бірінші жартысында  бағынышты болып, салық төлеп отырғандығын және Хиуа билеушілерінің Сыр бойында өз қамалын салдыртып, өз билеушісін отырғызғаны туралы мәліметтер бар және ол тарихи шындықпен жанасады. Мухаммед Рахим хан (1806-1825) және Аллакули хан (1825-1842)  билігі кезінде Кіші жүз жерінде хиуалық билеушілер ықпалы таралған еді. Осы кезден бастап Хиуа Кіші жүздіңәлсіздігін және патшалық Ресей тарапынан отарлау саясатының күшеюі салдарынан қазақтардыңөздерінен пана іздеген шарасыздығын, шегараның Ресей империясынан қашықтығын пайдаланып аймақтық жетекшілік рөлге ұмтылады. Хиуа билеушілері бағындыруды әскери құралдар арқылы ғана емес, салық жүйесі арқылы да күшейтуді көздейді.

  Сол кезеңде Хиуа ғана емес Қоқан хандығы да қазақ жеріне өз үстемдігін жүргізген. Олар өздеріне пана бола ма деген үмітпен қараған қазақтардан жылына бірнеше реттен малдан зекет, астықтан ұшыр жинап титықтатады. Осы сөзімізге дәлел XVIIIғасыр аяғы XIX ғасыр басында  өмір сүрген Жанкісі жыраудың "Қоқан ханына айтқаны" деп аталып жүрген жыры. Жанкісі Арқада туып өскен және өз заманында ділмар билердің бірі болған. XIX ғасырдың алғашқы жартысында Қоқан билігіндегі Сыр бойына қоныс аударған сияқты. Ел аузында Жанкісі бидіңқоқандықтар қолынан қаза тапқаны және өлім арты үлкен құн дауына ұласқаны жайлы дерек сақталған екен [6,386-бет,]Жанкісі шығармасынан сол кездегі Қоқан билігі және қазақтардың жағдайы туралы біраз мәлімет алуға болады:

Ассалаумағалейкум,

Алдияр тақсыр ханымыз!

Алдыңа келді қарашың,

Арызды қабыл алыңыз.

Өтірік болса арызым,

Мінеки сізге жанымыз.

Өзіңіз қосқан зекетші

Біздің елде Жүзбай бар.

Жүзбайдың жүрген жерінде

  Жылау менен ойбай бар,[6,124-б.]- деп сол кездегі Қоқан билеушілерінің халықтан салық жинаушылары болғанын және олардыңқарапайым халыққа тізесі батқандығын көруге болады және салықтың көптеген түрлерінен қазақтардыңқиналғандығы туралы білуге болады:

"Келі түбім"  деп алады,

"Кеусенім" деп алады,

"Отыра зекет" деп алады,

"Құшақ зекет" деп алады.

Арқадан келген сор Найман

Аң-таң болып қалады,

Айтайын десеңұрады,

  Ұрмақ түгіл қырады [6,125-б.] деген жолдардан, Қоқан билеушілерінен пана іздеп келген Арқа қазақтарының шарасыз күйі туралы білуге болады.

  Жанкісі бидің жырынан түйетініміз сол кезеңде Қазақ жерінің кейбір бөлігініңҚоқан билігіне тәуелді болғаны және жыр жолдарынан байқағандай бұл көбінесе егіншілікпен айналысатын аймақ болғандығы және пана іздеп қазақтардың басқа аймақтардан да, яғни Арқадан келгендігі, бірақүміттері ақталмағандқтан, ел ішінде салық жинаушылар тізесі батқандықтан, Қоқан билеушісініңөзіне жүгініп, айтқан сөздері екенін көреміз.

  Қазақтар арасындағы кейбір билеушілер Хиуа және Қоқан мемлекеттерінің ықпалында  болып, солардан пана тауып, олардыңқазақ жеріндегі билігін жүргізуге атсалысқан. 

  XIX ғасырдағы Базар жырау 1840 жылы бұрынғы Сырдария облысы, Қазалы уезі, Көшербай болысының 6-ауылында, Қуаңдарияның Шірік-Рабат деген жерінде (Қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының маңайы) өмірге келген. Кіші жүздіңӘлім руынан, Шөмекей.  [7,11-б.] Базар жыраудың XIXғасырдағы қазақ-хиуа қатынастарына қатысты дерек болып саналатын еңбегі «Елкей Сұлтан өлгенде айтқан көңілқосы». Базар бұрын-соңды жарияланбаған  бұл толғауында қазақ жұртының елдік, бірлік мәселесін алғашқы орынға шығарып, сол арқылы өзінің де азаматтық болмысыныңқаншалықты биіктігін таныта алған. 

  Жалпы Елкей хан туралы қазақәдебиеті тарихында алғаш «Жанқожа батыр» жырына байланысты сөз қозғалады. Жырдың тарихи оқиғалармен қатысты шындығы мен жеке образдардың шынайы тұлғасын салыстырмалы жолмен зерттеп, зерделеген профессор Ж.Тілепов Мұсабай жыраудың«Жанқожа батыр» жырындағы Елікей батыр дегеніміз – Елкей Қасымов екендігін, оның 1856-1857 жылдардағы Қазалы маңында өткен Сыр егіншілерінің көтерілісін жазалауға қатысқандығын айта келе: «Елкейдің ата-тегіне байланысты Молдабай атты ақсақал ел аузындағы әңгімелерді былайша таратады: Әбілқайыр ханның Ералы атты баласынан Қасым туады. Ол жиырма бес жасында ұрыста опат болған.  Әкесі өлгенде анасыныңқұрсағында қалған Елкей Қасымұлын біздің кейбір ресми мәліметтерде Қайыпқали Есімов атты сұлтанның баласы деп жазады. Соған қарағанда оның белгілі тарихи тұлға Қайыпқалидың тәрбиесін көріп, соның перзенттерінің бірініңқатарында аталып жүруі де мүмкін» [8,168-б.]-дейді. Ғалымның осы айтылған деректерін Базар жыраудың төменде келтірілген шежіресінде айтылады:

  Арғы атаңды Ажы хан деп берілді ат,

Етелік әруағына бір мінәжәт

Бақыты асқан ардақты хан – Әбілқайыр,

Ерәлі –шынжыр қатар ежелгі зат.

Бөлекей одан кейін шықты Қасым,

Олар да болған емес дұшпанға мат.

Жас қалған атасынан батыр Елкей –

Гөзел ед артық біткен ақыл, қайрат.

Қайратын  ханағаныңдәріпетпекке

Сөз жолдап, Балқы Базар жаздырды хат.

Қайырлыболған, Үсенмирассізге-

Ежелгі бақ айналған ұлы Рабат [7,48-б.]

  Ал жыраудың төмендегі шумағы әдебиет зерттеушісінің соңғы болжамын растай түсетін секілді:

Серғазы, Хиуада өткен Қайып ханы,

Не тегдар аның да өткен найыбтары

Қасым, СұлтанТемір, батырЕлкей

Заманның шыққан солар сайыбтары [7,48-б.]

  Ж.Тілеповтың мәліметінше, Елкей 1846 жылы Хиуа хандығынан Кіші жүз ханы деген атақ алып, біраз уақыт солардың ықпалында болса керек. Кейін 1851 жылы орыс өкіметіне мойынұсынғандығының арқасында Сырдағы Шөмекей руына билеуші болып жарияланады, полковник дәрежесін алады [8,168], яғни жоғарыда аталған жырларда берілген мәліметтерден түйетініміз, қиын-қыстау кезеңде қазақтардың көршілес бауырлас Орталық Азия патшалықтарынан көмек күткендігі және солардыңқолдауы арқылы елдікті сақтауға ұмтылғандығы. Біраққазақтардыңөз арасындағы кейбір би-сұлтандары да, өзбек билеушілері де қазақ халқының шарасыз күйін өз мүдделеріне пайдаланып, алым-салық арқылы халыққа тізесін батырып, қарапайым халықтың ашу-ызасына тиіп, азаттық күресіне шығуға мәжбүр етті. Дегенмен кейбір қазақ атқамінерлерінің бастапқыда Хиуа, Қоқан билігініңқолдауына жүгінгенімен, кейінірек олардың озбырлығына төзбей Ресей жағына өткендігін көреміз.

  Қазақтардыңәлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени өмірі тарихи және географиялық жағынан  көршілес жатқан Хиуа, Қоқан хандықтарының халқымен тығыз байланыста болған, бірақ, Орталық Азия аймағында  XVIII-XIXғасырларда орын алған геосаяси ахуал олардыңқарым-қатынастарына ықпал етпей қойған жоқ және бұл өзгерістер сол кезеңдегі өмір сүрген қазаққоғамының айнасы жыраулар шығармасынан тыс қалған жоқ.

Сілтемелер тізімі:

1.  Мағауин М. Ғасырлар бедері. - Алматы: Жазушы, 1991. - 432 б.

2.  Тұрсынов Е. Қазақ әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері. - Алматы: Ғылым, 1976. - 200 б.

3.  Қосан Серікбай. Жанқожа батыр // Ана тілі. - 2010. - 4 ақпан,

4.  Веселовский Н. Киргизский рассказ о русских завоеваниях в Туркестанском крае. Текст, перевод и приложения. - СПб, 1894

5.  Мұқанов С. Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінен очерктер. 1-бөлім. - Алматы: Қазақтың біріккен мемлекет баспасы. 1942.

6.  Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық. - Алматы: Жазушы, 2008. 1-том. - 400 б.

7.  Қосан С. Балқы Базар жырау. - Алматы: ЖК «Сейітжанова Ж.Д.»,  2012. - 200 б.

8.  Тілепов Ж. Тарих және әдебиет. – Алматы: Ғылым, 2001. - 376 б.

Айсулу Хайрулдаева, магистр социальных наук, PhD докторант Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова КН МОН РК 

Отношения казахов с Хивинским и Кокандским ханствами в первой половине XIX века в творчестве жырау

Аннотация

  В статье рассматриваются взаимоотношения Казахстана со среднеазиатскими странами в XVIII- первой половине XIXвв. в творчестве акынов и жырау. Приводятся некоторые сведения о казахско-хивинских отношениях, встречающиеся в исторических произведения, посвященных восстанию Жанкожа батыра. Автор отмечает, что отличительной чертой данных сведений является их фрагментарность.

Ключевые слова: Казахстан, среднеазиатские страны, акыны, жырау, Хива, Коканд.


Aysulu Khairuldaeva, Master of Social Siences, PhD Student of the Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, CS MES RK 

Relations of the Kazakhs with the Khiva and Kokand khanates in the first half of the XIX century in the art of zhyrau

Annotation

  The article examines the relationship of Kazakhstan with the Central Asian countries in the XVIII - first half of the XIX century reflected in the art of akyns and zhyraus. There adduced some information about the Kazakh-Khiva relations, which is found in historical works dedicated to the uprising of Zhankozha batyr. The author notes that the distinguishing feature of this information is its fragmentariness.
Keywords: Kazakhstan, Central Asian countries, akyns, zhyrau, Khiva, Kokand.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 3066

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

НҰРАЛЫ ХАН БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ КІШІ ЖҮЗДЕГІ САЯСИ ЖАҒДАЙ (XVIII ғ. 50-70 жж.) ӘОЖ 930:94(574) « 06/11» ҚИМАҚТАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР ӘОЖ 930:94(574) « 06/11» ҚИМАҚТАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР ӘОЖ94(574).084.91+327(574:44) ҚАЗАҚСТАН МЕН ФРАНЦИЯ АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың Хиуа және Қоқан хандықтарымен қарым-қатынастары туралы жыраулар шығармашылығында ӘОЖ 341.7 ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ АРАСЫНДАҒЫ САУДА -ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы. 327(574+519.5) ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН-АВСТРИЯ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАМР 03.20 ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІ» АТТЫ КІТАБЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ ӘОЖ 94(574)16/19 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУБЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ СТАТИСТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДАҒЫ КӨРІНІСІ 11.25.91 ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ ҚАЗАҚСТАН-МАЖАР ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ АХУАЛЫ МЕН ДАМУ КЕЛЕШЕГІ

Автордың мақалалары

XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың Хиуа және Қоқан хандықтарымен қарым-қатынастары туралы жыраулар шығармашылығында