Басты бет » Материалдар » Балық шаруашылығы жазба деректер хақында

Бақытжан Шынар Ержанқызы

Балық шаруашылығы жазба деректер хақында

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2 (10)

Тегтер: балық, шаруашылығы, тарихнама., деректану
Аңдатпа:
Қазақ халқы өз алдына тәуелсіз мемлекет болып қалыптасу барысында қиында күрделі сатылардан өтті. Еліміз егеменді ел болғаннан кейін орын ала бастаған пікірталас еріктілігі, қоғамдағы көптеген өзгерістер, бұрын айтылмай келген немесе айтылсада нақты толық бағаланбай келген келелі мәселелер зерттелуде. Сондықтан ұзақ уақыт бойы идеологиялық шырмауда болып келген тарих ғылымында жабулы жатқан тақырыптар әлі де баршылық. Осындай кешенді зерттеуді талап ететін мәселелердің бірі – Қазақстанның жеке аймақтарының жан-жақты дамуы, соның ішінде әлеуметтік-экономикалық өмірінің тарихы. Отан тарихының ХІХ ғасырдың басына дейінгі кезеңін зерттеу, Ресей империясының құрамында болған Қазақстанның саяси-әкімшілік және әлеуметтік-экономикалық өмірін барынша танып білуге мүмкіндік береді. Жалпы тарихи-географиялық аймақты арнайы да тереңдете зерттеу оның өзіндік ерекшеліктерін анықтап қана қоймай, қазақ даласының сол кездегі даму заңдылықтарын да ғылыми тұжырымдауға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Әр дәуірдің – тарихта өз орны бар. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр бас кезі Қазақстанның балық кәсіпшілігінің мағынасы мен мазмұнына көп ықпал етті. Патшалық Ресейдің еліміздің балық өнімдеріне бай аумақтарында өз саясатын белсене жүргізе бастауының өзіндік себебі бар еді. Яғни, Ресей жағалауларын жауып жатқан ашық теңіз бен өзендері мол балық байлығына қарамастан су бассейндерінде балық аулау ісі өте баяу дамыды және ХІХ ғасырдың 60-жылдары жалпы балық аулау көрсеткішінің тек 5,5 пайызын ғана құрады.
Мазмұны:

Қазақ халқы өз алдына тәуелсіз мемлекет болып қалыптасу барысында қиында күрделі сатылардан өтті. Еліміз егеменді ел болғаннан кейін орын ала бастаған пікірталас еріктілігі, қоғамдағы көптеген өзгерістер, бұрын айтылмай келген немесе айтылсада нақты толық бағаланбай келген келелі мәселелер зерттелуде.

  Сондықтан ұзақ уақыт бойы идеологиялық шырмауда болып келген тарих ғылымында жабулы жатқан тақырыптар әлі де баршылық.

  Осындай кешенді зерттеуді талап ететін мәселелердің бірі – Қазақстанның жеке аймақтарының жан-жақты дамуы, соның ішінде әлеуметтік-экономикалық өмірінің тарихы.

  Отан тарихының ХІХ ғасырдың басына дейінгі кезеңін зерттеу, Ресей империясының құрамында болған Қазақстанның саяси-әкімшілік және әлеуметтік-экономикалық өмірін барынша танып білуге мүмкіндік береді. Жалпы тарихи-географиялық аймақты арнайы да тереңдете зерттеу оның өзіндік ерекшеліктерін анықтап қана қоймай, қазақ даласының сол кездегі даму заңдылықтарын да ғылыми тұжырымдауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

  Әр дәуірдің – тарихта өз орны бар. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр бас кезі Қазақстанның балық кәсіпшілігінің мағынасы мен мазмұнына көп ықпал етті. Патшалық Ресейдің еліміздің балық өнімдеріне бай аумақтарында өз саясатын белсене жүргізе бастауының өзіндік себебі бар еді. Яғни, Ресей жағалауларын жауып жатқан ашық теңіз бен өзендері мол балық байлығына қарамастан су бассейндерінде балық аулау ісі өте баяу дамыды және ХІХ ғасырдың 60-жылдары жалпы балық аулау көрсеткішінің тек 5,5 пайызын ғана құрады [1].

  Ал Ресейдің балық кәсіпшілігі орналасқан су қоймаларына қарағанда Каспий теңізінде ауланған балықтың саны жағынан ғана емес, сапасы жағынан да бірінші орын алатын. 1915 жылы В. А. Кевдин: « Қазіргі уақытта балық кәсіпшілігінің басты орталығы Каспий теңізі болып табылады, онда жалпы империяда өндірілген балықтың жартысы немесе жартысынан аса бөлігі ауланады» - деп жазды .

  Жалпы алғанда Қазақстанның барлық өңірлеріндегі балық кәсіпшілігінің дамуы қазақ даласындағы капиталистік қатынастардың алғашқы тетіктерін қалыптастырып, ақша-тауар айналымын жүйеге келтіруде өз септігін тигізіп, өлке экономикасын одан әрі дамытты. Балық кәсіпшілігі сауданы дамытуда да қозғаушы күшке айналып, Ресейдің ішкі нарығына ғана емес, алыстағы Еуропа мемлекеттерінің нарығына да жол салды. Сонымен қатар балық кәсіпшілігінің дамуының нәтижесінде қазақ даласында көлік қатынастарының жүйесі мен темір жолдарының және көптеген өнеркәсіп орындарының инфрақұрылымдарының салуына негіз болды.

  Сондай-ақ, балық шаруашылығы қазақ халқының этникалық және мәдени біртұтастығына зор нұқсан келтіріп кәсіп іздеген казак-орыстар мен жерсіз қалған Ресей шаруалырының қазақ даласына қарай ағылуына қарай жол ашты. Оның салдарынан қазақтардың тұрмысы күрт нашарлап ғасырлар бойғы қалыптасқан қоғамдық жер иеленуді дағдарысқа ұшыратты. Бұл қазақтардың көшпенді щаруашылығының ыдырауына руаралық қатынастардың бұзылуына әкеп соқтырды. Ірі меншік иелері мен жалдамалы жұмысшы күштерінің пайда болуына жағдай жасап әлеуметтік теңсіздікті одан әрі тереңдетіп, саяси қайшылықтарды қалыптастырды.

Қазақстанды Ресей империясының мұхит, теңіз, өзен-көлдерінде ауланған бағалы балықтар елдің экономикасының өркендеуіне ықпал етті. Сондықтан, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында Қазақстанның балық шаруашылығының қалыптасуы мен дамуы әуесқой зерттеушілер мен ғалымдар қызығушылығын туғызған. Патшалық Ресей үкіметі балық өнеркәсібінің дамуына экономикалық мүддесін арттыру үшін ерекше назар аударып, балығы мол негізгі су алаптарын зерттеуге көп көңіл бөлген. Соның бірі – балықтың әр алуан, ең бағалы түрлері бар Еділ-Жайық өзендері.

Каспий теңізіне құятын ірілі-ұсақты өзендердің байлығын зерттеуде А. Покатилов, Н.Я. Данилевский, И.Бородин, С.Севрюгин, И. Агутин, М. Бирюков, Н. Навозов, Л.С. Берг және тағы басқа түрлі мамандар – географтар, биологтар, ихтиологтар, әкімшілік шенеуніктер көп еңбек сіңірді. Олардың зерттеу нысанасы Жайық өзені мен Каспий теңізіндегі балық шаруашылығы тарихы, аулау әдістері, құрал жабдықтары, қазақтардың балық аулауда жергілікті тұрғындарға көрсетіп отырған қысымы секілді тақырыптарды қамтиды [1].  Әсіресе, А. Покатиловтың 1831 жылы жарияланған «Жайық өзені мен Крспий теңізіндегі балық шаруашылығының сипаттамасы» , Москвадағы ауыл шаруашылық институтының профессоры, академик Л. С. Бергтің «Ресей империясы тұщы суларындағы балықтар» (1916) деген монографиясын бөліп айту керек.

Осы мәселе тарихнамасында В. И. Дальдің еңбектері ерекше орын алады [2]. Себебі, ол тек жазушы ғана емес, сауатты тарихшы, натуралист-табиғаттанушы болған. Оның Каспий теңізі мен Жайық өзеніндегі балық өнеркәсібінің қилы тарихына арнап қалам тартқанын көпшілік бүгінгі күні біле бермейді. Дальдің еңбектерінде орыс шаруалары мен казактарының, жергілікті қазақтардың балық аулау кәсіпкерлігі туралы құнды деректер кездеседі. Оның 1833 жылғы 25 қыркүйекте «В. Луганский» деген бүркеншік атпен жазылған « Письмо к Гречу из Уральска» атты мақаласында Орал қазақтарының мал шаруашылығымен қатар балық аулаумен айналысатынын жазады.

Көктемгі балық аулау мауысымнда балықшылардың ауына – 20 пұттан астам балық түсіп, олардан жарты пұт уылдырық алынғаны туралы деректер бар [3]. Жазушы Каспий теңізінің жағалауларының кейін қайтуы мен Жайық өзеніне құятын арналардың құмға айналуы казак-орыс шаруаларының жұмысына кері әсерін тигізіп, балық аулауға кедергі келтіретінін алға тартты. Ал 1834 жығы «Скачка в Уральске» мақаласында казактардың сазан, көксерке, табан, жайын, аққайраң тұқымдас балықтарды аулануы жиі екендігін алға тартады.

Ауланған балықтарды казактар көпестерге сатып, көп пайда тапқан. Қала басшысы балық сатудан түскен пайданың 20000 рублін казак-орыс іскерін ұстауға жұмсаған. Балық аулау кәсібі кең өрістеген, дегенмен де қазақтар мен орыс шаруалары, казак-орсытар арасында балық аулауда келіспеушіліктер орын алып отырған. Ол жөнінде орыс жазушысының еңбектерінде көп мәлімет болмағанымен, мұрағат қорларында көптеген мәліметтер бар [4].

1838 жылы патша үкіметі орындарының тапсырмасы бойынша В. И. Даль «Орал казак әскерін басқару туралы ережесінің» жобасын жазып шығарады. 146 беттен түратын бұл қолжазбадағы  «Орал әскерінің балық шаруашылығы» бөлімін ерекше атап өткен жөн [3, 80].

Орал әскерінің балық шаруашылығын жүргізу ережесін жазуды В. И. Даль 1819 жылы Петербургтегі теңіз кадет корпусын мичман шенінде бітіріп, Қара теңіз, Балтық теңізінде әскери қызметін атқарып, 1826 жылы лейтенант дәрежесінде отставкаға шыққан. Сондықтан да теңіз офицерінің мол тәжірибесіне сүйеніп, шенеуніктер В. И. Дальге ережені жазуды тапсырған. Ереже 4 бөлімнен тұрады: І Бөлім. Балық аулау және құқығы; ІІ Бөлім. Балық аулау түрлері мен тәртібі; ІІІ Бөлім. Балық аулау атаманының құқығы мен міндеттері; ІV Бөлім. Қызмет бабындағы шенеуніктердің балық аулауға қатысуы.

Ереже балық аулау кәсіпшілігін ретке келтіру мақсатында жасалғаны айқын байқалады. Осы ереже жазылған тұста Fстрахан губернаторы И.С. Тимирязев І Николай патшаға балық кәсіпорындарын қорғау жөнінде ұсыныс тастаған. Бұл мақсатқа патшаның рұқсатымен губернатор 9 әскери кеме бөлген. Осы тектес  В. И. Дальдің  көптеген мақалаларында жергілікті тұрғындар мен казак-орыстардың Жайық өзеніндегі маусымдық балық аулау кезін жан-жақты да қызықты түрде суреттей отырып баяндайды.

Патша үкіметі Орал казактары мен жергілікті балық өндірістерінен түскен балық өнімдерін сату мақсатында оңтүстіктегі Персиямен қызу сауда-саттық жүргізді.

1841 жылдың көктемі мен 1 шілде аралығында Астрахан порты теңізден 80 орыс, 16 парсы кемесі қабылданса, теңізде 3 кеме, 1 яхта, 7 шхуна, 4 бригантин, 3 жеңіл қайық, 49 желкенді кеме балық аулаумен айналысты [5, 63].

Каспий теңізі – балықтың мол қорының қоймасы. 1839 жылдары тек Каспий теңізінде 200-ге жуық тұрақты балық аулау кәсіпшілігі болған [6,34].

1916 жылы жарық көрген «Каспий теңізінің мұқтаждықтары» атты көлемді мақалада Александровск  фортында, қазіргі форт-Шевченкода жергілікті  қазақтар балықшылары көптеген қайықтарының шоғырланып, балық аулау жұмысының күні-түні жүретіндігін жазады [7, 19]. Отаршылдық мүддені басты назарына алған авторға «орыс байлығын» қазақтар талан-таражға салып жатқандай көрінді.

1886 жығы аталған журналдың №1 санында Жайық бойынан аулан,ан қызыл балықтардың (қортпа, шоқыр, бекіре) уылдырығы Астрахан қаласы арқылы Нижний Новгород, Саратов, Қазан және Царицын қалаларының базарларында  сатылып, 60 мың пұт уылдырық сол кездегі баға бойынша 2 миллион рубльге, шетелге 10 мың пұт таза уылдырық 600 мың рубльге сатылғаны туралы жазылған.  Қызыл балық тұқымдастардан алынатын желім үкімет қазынасына мол пайда түсірген. Мәселен, 3 мың пұт балық желімінен қазынаға 400 мың рубль таза пайда түскен.

Астрахан көпестері Марков, Смолин, Ильиндер жергілікті қазақтар мен казак-орыстардан сатып алынған өызыл балықтардан балық өнімін -дайындаса, Осокин, Жижин дегендер уылдырықты шетелдерге шығарған; Бремзена Макаров ж не Широковтар да балық өнімдерін молынан сауда-саттыққа шығарған. [8, 78-79].

Орыс көпестері балық аулау шаруашылығында қазақтар мен қалмақтардың еңбегін кеңінен пайдаланған. Олар маусым біткенше қожайын арқылы тегін тама-суымен қамтамасыз етіліп, кейін балық аулау маусымы аяқталғанда еңбек ақысының көп мөлшерін қожайынына төлеп отырған. Міне, осылай орыс көпестері кеңінен байлыққа кенеле берген.

Патша үкіметі ХІХ ғасырдың 20-жылдарында Қамысты Самар, Үлкен және Кіші өзендерде қазақтарға балық аулауға тиым салған.  Аталған өзендер шебінің командирі, есаул Сумкин жергілікті тұрғындардың өзендерде балық аулап жүргенін біліп, Бөкей Ордасының ханы Жәңгірге қазақтардың балық аулауын тоқтатуды тапсырады [9, 114].  Жергілікті қазақтар өзендердегі балықтарды қармақ, ау, тор сияқты құралдармен аулап, күнкөрістерінен айырғанымен де, негізгі кәсіп көзіне айналдырмаған.

1836 жылы князь Юсуповқа қарасты Жанбай балық кәсіпшілігінің 8 балықшысын Маңғыстау жағалауларынан балық аулап жүрген уақытында түркімендер қолға түсірген, 2 балықшы Улабин мен Соломин қашып құтылып, болған жағдайды орыс әкімшілігіне хабарлаған.

Сол жылдың 9 шілдесінде Орынбор генерал-губернаторы В. А. Перовскийдің № 991 бұйрығымен балықшыларды құтқару және қолға түскендерді сотқа беруді Орданың батыс бөлігі сұлтанына тапсырған [10].

Осындай оқиғалар  барысында балықшыларға үнемі қауіп-қатер төніп тұрғаны байқалады.

Орынбордағы Сауда үйіне Бұхара, Хиуа, Қоқан, Ташкент, Самарқан қалаларынан және Ақмола, Торғай далаларынан айына 2 мыңға жуық түйе, жылқы, сиыр, қой отарлары жеткізілсе, ал Жайық казак-орыстары саудаға қабан, киік еттері, балық және уылдырықтарды әкелген, бір ерекшелігі балық өнімдерінің көпшілігі Гурьев қалашығынан жеткізілген [11, 136].

Сол кездегі жеке еңбектер мен баспасөз беттеріндегі материалдарды саралап, зерделеу арқылы Қазақстанның батыс өңіоінде балық шаруашылығының дамуының негізгі кезеңдері, қазақтардың кедей бөлігінің бұл кәсіппен айналысуы ғана емес патша өкіметінің отаршылдық саясатының әдіс-тәсілдері орыс авторларының еңбектерінде көрініс табуы, түрлі этникалық және саяси таптар арасындағы қайшылықты қатынастар жөнінде алынған материалдардың жарыққа шығуы тарихи ақиқатты баяндайды.

Пайдаланылған әдебиет тізімі

1.  Данилевский Н. Я. Краткий очерк рыбного хозяйства на Урале //  Вестник ИРГО. 1858. Вып. С; Бородин Я. Об успенском рыболовстве// Уральский-вестник. 1869. №10; Серюгин С. Киргизы-работники морского рыболовства. // Туркменский сборник . Т. 25 (1869); Агутин Н. Об открытии лова рыбы на прибрежье Каспийского моря // Уральские войсковые ведомости. 1869. № 1,2,3; его же. Земетки о весеннем Нурхае // Там же. 1876. № 11 . Алексеев И. Заметки о багренном рыболовстве//Там же. № 50,51;

2.  Покатилов А. Описание рыболовства по реке Урал и Каспийском море// Журнал министерства внутренних дел. 1837,  № 2; Берг Л.С. Рыбы пресных вод Российской империи, М. 1916.

3.  Неизвестный Владимир Иванович Даль. Оренбург: Оренбургское книжное издательство. 2002. 468 с.

4.  Астраханский облостной государственный архив РФ; (АОГА). Ф. 198. Оп. 1. д. 726. л. 49.

5.  Астраханские губернаторы. Историко-краеведческие очерки. – Астрахань, 1997.

6.  Райский П. Д. Путеводитель по городу Оренбургу. Оренбург: Оренбургское книжное издательство. 2002.

7.  Нужды Каспийского моря// Русское суховодство. 1916. №1.

8.  Русское суховодство. 1886. № 1.

9.  Қарабалин Ғ. Е. ХІХ ғасырдағы Бөкей Ордасы. Орал. 2004.

10. Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағаты (ҚРОММ). 4 қор. 1 тізбе. 4296 іс. 36-37 п.

11. Райский П. Д. Путеводитель по городу Оренбургу. Оренбург: Оренбургское книжное издательство. 2000. 


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз