Басты бет » Материалдар » Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі ау құстарының маңызы

Бұлбұл Шәкен

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі ау құстарының маңызы

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(09)

Тегтер: үйрету, Алтай, Қобда, Арқа, Қазақстан, техникасы, ау, құстары, бүркіт.
Аңдатпа:
Мақалада қазақ халқының күнкөріс көзі ретінде саятшылықтың даму маңызы мен ерекшеліктері қарастырылады. Саятшылық, аушылық құстарды қолға үйрету техникасы мен аңға салу үдерісі және қазақ халқының рухани өміріндегі маңызын айқындау осы мақаланың өзегі болып табылады. Зерттеу жұмысының дерегі ретінде төте жазумен жазылған С.Шормановтың саятшылыққа байланысты еңбегі қамтылды. Сонымен қатар осы тақырыпта ғылыми еңбектер жазған Б.Кәмәлашұлының, Б.Хинаят, Қ.Исабековтың еңбектері теориялық негіз ретінде басшылыққа алынды. Зерттеу барысында салыстырмалы түрде саятшылықтың аймақтық ерекшеліктері назардан тыс қалмады. Мақаланың тарихи шеңбері ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырлардың бас кезеңін қамтиды, тарихнамалық мазмұны болса үш маңызды бөлік негізінде қарастырылады.
Мазмұны:

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі ау құстарының маңызы

Абстракт

  Мақалада қазақ халқының күнкөріс көзі ретінде саятшылықтың даму маңызы мен ерекшеліктері қарастырылады. Саятшылық, аушылық құстарды қолға үйрету техникасы мен аңға салу үдерісі және қазақ халқының рухани өміріндегі маңызын айқындау осы мақаланың өзегі болып табылады.

  Зерттеу жұмысының дерегі ретінде төте жазумен жазылған С.Шормановтың саятшылыққа байланысты еңбегі қамтылды. Сонымен қатар осы тақырыпта ғылыми еңбектер жазған Б.Кәмәлашұлының, Б.Хинаят, Қ.Исабековтың еңбектері теориялық негіз ретінде басшылыққа алынды. Зерттеу барысында салыстырмалы түрде саятшылықтың аймақтық ерекшеліктері назардан тыс қалмады. Мақаланың тарихи шеңбері ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырлардың бас кезеңін қамтиды, тарихнамалық мазмұны болса үш маңызды бөлік негізінде қарастырылады.

Кіріспе

Ерте замандардан бастап алғашқы адамдардың күнкөріс, тіршілік көзі болған аңшылық кәсібі орта ғасырларға дейін өзінің осы мақсатын жалғастырып келді. Табиғат қорының сиреуі, жабайы аңдардың азаюы, сонымен қатар адамзат ой-санасының кемелденуі, жаңа күнкөріс көздерінің пайда болуы, егіншіліктің, мал шаруашылығының дамуы сынды себептер аңшылықтың тіршілік көзі ретіндегі маңызын екінші орынға қарай сырды. Осылайша бірте-бірте аңшылықтың тіршілік көзінен ұлттық өнерге айналу үрдісі жүре бастады.

  Аңшылықтың ішінде қазақ халқы үшін маңыздысының бірі – ау құстарымен саят құру. Аушы құстарды қолға үйретіп, оны қыран етіп тәрбиелеудің өзі асқан сабырлықты, тәжирбені, көрегендікті талап етеді. Ау құстарын үйретуде қазақ халқының ертеден қалыптасқан өзіндік дәстүрілі әдістері бар. Осы мақалада түз құстарын қолға үйретіп, қыран етіп баптаудың, аңға салудың әртүрлі қазақы әдістері, қазақ халқының табиғатқа, саятшылыққа өте жақын екендігі көрсетілді.Сонымен қатар саятшылықтың ұлттық өнер ретінде ғана қалыптасып қоймай, қазақ халқының дүние танымына тигізген әсері, оларға байланысты наным-сенімдер мен ырымдар да мақалада қарастырылады.

  Зерттеу жұмысының дерегі ретінде 1907 жылы Қазан қаласынан басылып шыққан Сәдуақас Шормановтың төте жазумен жазылған «Аушы» атты кітабы алынды. Аталған кітап жалпы ау құстарына арналған тұңғыш қазақ тілінде жазылған еңбектердің бірі болып табылады.Мұнда ау құстарын үйретудің әдістері мен аңға қандай уақытта және қандай мезгілде салудың жолдары ретімен қаламға алынған. Бұдан тыс тақырыпқа байланысты негізгі зерттеу еңбектердің ішінен Б.Кәмәлашұлының, Б.Хинаят пен Қ.Исабековтың, Т.Сауыржанұлының саятшылыққа байланысты ғылыми еңбектері де мақалада салыстырмалы түрде пайдаланылды. Сонымен қатар ау құстарының қазақтың рухани өміріндегі маңызы мен орнын көрсету мақсатындаБ.Қанарбаевтың, Б.Әбетовтың(аударма) еңбектері мен «Туркестанские ведмости» газеті беттерінен мақалалар да назардан тыс қалмады.

  Осы деректер мен зерттеулерді негізге ала отырып мақала ау құстарын, оның қазақ өміріндегі маңызын үш бөлімге бөліп қарастырады. Мұнда алғашқы екі бөлім құстарды үйрету мен аңға салудың қазақи техникасы туралы болса, үшінші бөлімде ау құстарына байланысты халық арасындағы наным-сенімдер, ырымдар, халықтық медецинада пайдаланудың маңызы айқындалды.

Ау құстарын қолға үйрету техникасы

  Қандай да бір түз құсын пайдаланудағы негізгі мақсат – аңға салу болып табылады. Ал ол аң алғанға дейін қолға үйрету, жуасыту, аңға баулу, бабын келтіру сынды бірқанша кезеңдерден өтеді. Ғасырлар бойы қазақ халқы түз құсын қолға үйретіп, баптаудың сан-түрлі дәстүрлі әдістерін қалыптастырған.

  Ау құстарын тәрбиелеудің алғашқы қадамы – қолға үйрету деп аталады. Бұл кезеңде құсбегі құсты сылап-сипап, томағасын кидіріп, аяқбауын тағып, тұғырға отырғызады, әуелі қолға, кейін атпен алып жүруге баулиды. Зерттеушілердің пайымдауынша құсты «...уақытында қолға қондырып, жұмсақ майда сипап, жалыққан заманда ұйықтамастай, шошымастай болғанша қай уақытта болсын шошытпауға ыждағат ету тиіс» [1, 3] әйтпесе, «...қолға түскен тағы құс адамнан зәресі ұшып жемсауындағы жемді қорта алмай қалуы мүмкін», сондықтан алғаш қолға үйрету кезінде сақ болған абызал [2, 87].

  Түз құсының тез қолға үйренуіне себепші болатын маңызды әдіс – оның далалық иісін кетіру. Құстың далалық иісін көңге аунату немесе сабынды сумен жуу арқылы кетіреді. Ғалым Б.Кәмәлашұлы бұл әдістің маңызы туралы «құстың түз иісі кетуінің маңызы зор. Ол жаңа орынға тез бауыр басып, сескенбеуіне пайдалы болады» - дейді   [3, 30]. Түз құсын тәрбиелеудегі маңызды қадамның бірі – жуасыту болып табылады. Қолға түскен түз құсын тағылық мінезінен айырып жуасытпайынша, ол аң аулап бере алмайды. «Құсты жуасытудағы басты мәселе – мейірімділік. Құс өте кекшіл, өзіне жасаған қиянатты көпке дейін ұмытпайды. Сол үшін құсбегі оның әніне төңкеріліп, сылап-сипап жуасытады. Құсты жуасытқан кезде күннің салқын кездерін таңдап алған жөн» - дейді Б.Кәмәлашұлы [3, 30].

  Құсты баулудың қатып қалған ережесі жоқ, әр құстың мінезі, тегі, күйі, жасына қарай және құсбегінің өзіндік тәжирбесі мен салатын аңына байланысты болады. Мәселен, кейбір асау құстарды үйреткенде суық су шашу әдісін пайдаланады. Бұл әдіс турасында Б.Хинаят:«... тәкаппар да, тағы түз құсы ішқұсаланып, күйініп өліп кетпес үшін сықпаланған қар, мұз береді» десе [2, 89], Б.Кәмәлашұлы: «асау құсты көп тулатпай үстіне, арқасына, жонына, қанатының астына салқын су бүркіп, қар немесе мұз жұтқызып, денесін салқындату арқылы «қызылмай» болудан сақтап қалады» - деп көрсетеді [3, 31]. Бұл әдістер сақтықпен, өзінің мезгілдік ерекшелігімен, құсбегілер тарапынан тиянақты қолданылды. Себебі әрбір құсқа байланысты әдістер сатылы түрде жүргізіліп тұрды.

  Құсты жуасытудың келесі бір әдісі – құстың ұйқысын алу. Құс ұйқыға өте төзімсіз келеді. Мұнда құсты ырғаққа отырғызып, атпен алып жүріп немесе адам көп, шулы жерге апарып қояды. Осының бәрінен әбден қалжыраған құс ақырында ұйқыдан өлермен болып, жуаси бастайды. «Бұл әдіс – қай жердегі қазақтар болмасын, құсты жуасытуда қолданатын дәстүрлі көне тәсілдердің бірі» [3, 31].

  Құсты жуасытудың кезекті әдісі – құстың көзінің қарашығына тигізбей , астыңғы-үстіңгі кірпіктерін жіп сабақтаған инемен тігіп қою. «Оған аттың құйырық қылын алып, төменгі қабағын жоғары көтеріп, желкеге байлайды. Ол құстың тез жуасуына септігін тигізеді. Бұл көбіне ұсақ құстарға көп қолданылатын амал болып табылады» [2, 91]. Себебі ұсақ құстар ірі құстарға қарағанда қолға үйрету барысында үшып кетуі ықтимал. Ұсақ құстар қолға жылдам үйретілгендіктен құсбегілер тарапынан бұл әдіс ерекше жағдайларда ғана пайдаланылған.

  Ау құстарының әбден жуасып, үйренгендігінің белгісі – шақырған кезде иесінің дауысын танып келуі. Аңның сан етіне аздап тәтті бүркіп, қолға ұстап, құсқа көрсетеді. Әуелі қызыл етті құстың тұмсығына тигізе алыстатып дәніктіреді, бір-екі жұлғыза-жұлғыза алыстан көрсетеді. Осылайша құс алыстан адам қолындағы етке ұшып келіп дағдыланады. Ең соңында қызыл көрсе ұшып келетін болады.

  Ау құстарын қолға үйрету мен жуасытуда қолданатын әдістердің маңызын түйіндей келгенде, жоғарыда аталған әдістердің қайсысын пайдалану құстың мінезіне, күйіне байланысты болатынын аңғара аламыз. Яғни, құсбегі үйретіп жатқан құсының жағдайына байланысты әдістердің ішіндегі керегін ғана алады. Сонымен қатар осындай дәстүрлі әдістерден тыс құсбегілердің өзіндік жеке тәжирбесі негізінде қалыптасқан әдістері де болады.

Аушы құстарды аңға баулу үдерісі

  Құс қолға үйреніп, жуасып, шақыруға келгенен кейін оны аң аулауға баулу үдерісі басталады. Әдетте түз құстарына аң аулауды үйрету қажет емес, тек балапандарға үйретеді. Бұл үдерістің алғашқы кезеңі шырғаға үйрету болып табылады. Шырғаға үйрету дегеніміз аң терісін ұзын жіпке байлап, оны құстың көзіне көрсетіп сүйрету, құсты соны алуға баулу. Шырғаны сүйретіп құсқа ұстатып, ұстаған соң аңның етін жұлдырып дәніктіреді. Шырғаға үйретудің тағы бір маңызын Б.Кәмәлашұлы «... шырғаға көп тартылған бүркіттің қанат-құйрығы берік болып жетіледі» - деп атап көрсетеді [3, 32].

  Келесі кезең тірілеу деп аталады. Мұнда қоян, түлкі сынды кішкене аңдардың аяғын қашып кетпестей етіп тұсап немесе ұзын жіпен байлап ау құсына көрсетеді. Осылайша ау құсы тірі аңға түсуді үйренеді. Б.Кәмәлашұлы тірілеудің барысы туралы «... балапан бүркітті түлкіден айырып алып, түлкіні ұстағаны үшін бүркітке бір-екі рет қызыл ет жұлдырады. Бұл бүркітке түлкі ұстасам ет, жем береді екен ғой деген ой туғызады. Осылай дәніккен бүркіт түлкі ұстап дағдыланады» - деп пайымдаса [3, 32], Б.Хинаят «шырғаны өзі ұшып барып ілсе, істің нәтижелі болғаны. Ондайда алғашқы олжасын өзіне тойғанынша жегізіп дәніктіреді. Алғашқы олжасын қатты қызғанатындықтан оны тартып алуға келмейді... әйтпесе бүркіт қызғаншақ мінезге бой алдырады»- дейді [2, 91]. Б.Кәмәлашұлының Манғолияның қазағы екенін екерсек, осы жердегі пікір айырмашылық аймақтық ерекшелікке барып тіреледі. «Бірінші мәрте тірілеудің мақсаты, аңды көрсету, үй жануары мен түз тағысын ажыратуға үйрету болып табылады» [2, 91].

  Осындай аңға салудың алдындағы бірнеше сынақтан өткенен кейін ау құсы саятқа дайын болады. Дегенмен, қандай ау құсын қандай аңға, қандай уақытта салу мәселесі де маңызды болып табылады.Бұл құсбегінің шеберлігі мен тәжирбесіне байланысты. Мәселен, құсты «шабыт уақытында»аңға салмаса, ол аң алмай қоюы немесе шамасы жететін аңға салмаса, жараланып мерт болуымүмкін. Құстарды аңға салудың ең ыңғайлы, тиімді уақыты «шабыт уақыты» деп аталады. Бұл туралы С.Шорманов «құсбегілері намаздыкерді, яғни күн батып, шапағы ғайып болғанша «шабыт уақыты» деп атайды. Бұл жазғы уақытқа сәйкес болса керек. Күз күні салқын болған үшін ол уақытты, намаздыкер «шабыт уақыты» болуы ләзім емес» - деп пайымдайды [1, 6].

  Құсты аңға салу уақытымен қатар, жіберетін жеріне, желдің өтіне де назар аудару керек. Мәселен, «бүркітті көбіне биік жерден жібереді, ал асаулықтан жаңа үйренген бүркітті төбе басына алып шықпай, желсіз тымық күні жазық жерде қоянға салып байқайды... тұйғын мен қаршығаны да желсіз күні намаздыгер уақытында лайықты аңға салса жақсы болады... ал баршынды жібергенде бетін желге беріп жіберу ләзім. Әсіресе, тұйғын мен қаршыған, қырғиды желге бетін бермейінше әсте жіберуге болмайды» [1, 7]. Б.Кәмәлашұлы да осы пікірге қосыла отырып «ау құстарын жібергенде бетін желге қарай беріп жіберу керек. Себебі, желдің ығымен жіберсе, құс желдің ағынымен кетіп биіктеп ұша алмай қалады. Қонатын кезде денесін тең ұстай алмай қолға жетпей не асып сүрінуі мүмкін» - деп себебін түсіндіреді [3, 34].

  Саятқа алып шыққан құстың сол мезеттегі күйіне де мән беру керек. Себебі, құс жақсы бапталғанымен уақытында аңға жіберілмей күні бойы аттың үстінде жүріп қалса, шаршап, аң алмай қоюы  ықтимал. Дегенмен «бүркіт, ителгі сынды құстар атпен алып жүргенді жақсы көреді һәм бабында жүруіне зор себеп болады. Бұл құстар үйде отырса, іші нәжіске толып бабы бұзылады» [1, 7]. Сондықтан сыртқа алып шығып, ат үстінде көп алып жүру керек. Ал «Тұйғын, қаршыға, қырғиды қолға көп алып жүргенде шаршап, арықтап, еріншектеп қалады. Оларды күні бойы үйде отырғызып, «шабыт уақытында» салса жақсы ықыласпен ұшады [1, 8]. Қазақ құсбегілері олжалы қайту үшін құстың осындай жайына да мән берген.

Ау құстарының қазақтың рухани өміріндегі маңызы

Ау құстары қазақ халқының рухани өмірінде де өзінің ізін қалдырды. Оның бір дәлелі – мемлекеттік туда қыран суретінің бейнеленуі. Құс культінің өткірліктің, алғырлықтың, еркіндіктің символы ретінде мемлекеттік рәмізде бейнеленуі оның қазақ дүниетанымындағы орны мен тарихын тереңдете тұседі.

Археологиялық қазба метериалдарға сүйенсек, аушы құстарға қатысты алғашқы заттық айғақ б.з.д. 2400 жыл бұрын Месапотамия жеріндегі Нойонула тауынан табылған екен. Қазақ жерінде «Атырау облысы Құлсары кентінің солтүстік шығысындағы Аралтөбе қорымындағы үш қорымының бірінен еркек пен әйел мүрдесі, аң стилінде жасалған алтын бұйымдар, бүркіт пен протомалары бірге жерленген. Сонымен қатар Өскемен қаласынан 40 шақырым жердегі Құрық қорғанның(б.д.д ІV-IІғғ.) бірінен мәйітпен бірге жерленген 4 бүркіт қаңқасы табылған» [4, 48]. Ғалымдардың пікірінше сол кездегі адамдардың түсінігінде адам өлгенен кейін оның жанын құстар аспанға алып ұшады деген сенім болған.

Қыран құстарға байланысты мұндай наным-сенімдер қазақ халқының өмірінде де көптеп кездеседі. «Көтеріліп ауырған немесе қатты шошынған аурулардың басына бүркітті қондырып емдеген. Толғақты жеңілдету үшін үйге бүрктітті әкеліп, қанатымен желпіп, қыранды көрсететін болған. Бұл бүркіттің киесі толғатқан әйел мен нәрестені жебесін деген ойдан туған» [5, 53 - 54]. «Егер адам түсіне бүркіт енсе мұратына жетудің нышаны, бойдақтар үйленеді, жұбайлар балалы болады» - деп сенген [2, 126].

Сонымен қатар садақтың жебесіне үкі тағу, шұғыл хаттарға құстың қанатын салу, бүркітке сәлем беру, бүркіттің алдын кесіп өтпеу, бүркітті арулап жерлеу т.б. деген ырымдар ел арасында көптеп кездеседі. Бүгінгі күні Алтай қазақтарының арасында жаңа түскен келіннің орамалына үкі тағу, келіннің төсек-орнына үкі тағу, сүндетке отырған баланың бас киміне үкі тағу сынды көз тимесін деген ойдан туған дәстүрлер әлі де қолданыста. Жалпы осындай наным-сенімдерге қарап отырсақ халық арасында құстардың ішінде бүркіт пен үкінің қасиетті саналғанын түйіндей аламыз. Ал басқа ау құстарына байланысты нанымдар, кие тұту сирек кездеседі.

Ау құстары біреулер үшін «емделу» әдісі болса, орташа дәулетті адамдар үшін күнкөріс көзі, ал бай-бағыландар үшін сән-салтанат, атақ-абырой белгісі болып табылды. «Бай, ауқатты адамдар атағын шығару үшін ел ішіндегі мініскер бүркітшілерді маңайына топтастырып, серілік саят құратын болды. Оларда бір немесе бірнеше бүркіттер болған. Олардың арнайы күтуші, құсбегілері болған» [3, 89]. С.Шорманов та өз еңбегінде қаршығаның бір түрін Түркістан, Мәуренахр хандары жоғары бағалағанын айтады. Әйгілі Тәуке ханның жеті жарғысында «аңға салатын итті, құсты өлтірген адамнан олардың иесі бір құл немесе күң талап ете алады» делінген [6, 32]. Мұның өзі ау құстарын қазақтар кие тұтып ғана қоймай, жоғары бағалағанын көрсетеді.

Қазақ арасында аушы құстың құнын алғырлығы мен қырандығына қарай қысырақтық, жамбылық, бір аттық, тайлық, түйелік деп құнын белгілеген. Бірудің қыран құсына көзі түсіп, көңілі ауса оны қалап сұрап алады. Оның қарымтасына беретін кәдені «тұғыр жабар» деп атайды. «Тұғыр жабардың көлемі ХІХ ғасыр соңында өте қымбат болған. Бүркіттің алғырлығына қарай аталық түйе бастаған тоғыздан бастап 5-6 түйеге тең келген. Шу мен Сырдарияда жақсы бапталған қыран бүркіт 5-6 түйе, қаршыға мен сүңқар 1-2 түйеге бағаланған. Семей губерниясында жақсы бүркітке 250-300 сом не 100 бас қой берген. Ал Зайсаң уезінде ХХ ғасыр басында жақсы қыран бүркіт үшін ауқаттылар 5-9 түйе не 200 бас қой немесе 300-350 сом ақша төлеп сатып алған» [7, 5].

Тіпті  ау құстары ХІХ ғасырда базарларда жоғары бағаланған.А.Янушкевич дерегі бойынша жәй бүркітті қазақтар ХІХ ғысыр ортасында бір түйеге, тіптен одан да көп беріп сатып алған. 1901 жылғы «Туркестанские ведомости» газетінде(№247) бүркіт бағасы 200 сом екендігі көрсетілген. «Құсбегілер қаршығаны Қоқан ханына апарып 200 тілдадан сатқаны айтылады» [7, 5]. Т.Сауыржанұлының дерегі бойынша «ХХ ғасырдың орта шенінде Қобда қазақтары алғыр бүркітті ту сиыр бастатқан бір топ қойға сатып алған. Түркістан базарында бапталмаған лашын 10-15 сом, үйретілгені 80-100 сомға дейін барған. Базарға құстарды сонау Башқұртстанан бастап, Жетісу, Ферғана тауларынан аулап арнайы әкелген» [8, 67]. Мұның өзі құс саудасының кәсіпке айналғанын көрсетеді.

Құс саудасының осылай өркендеуінің бір себебі халықтың медецинаға байланысты. Құстардың өздерінен тыс олар аулаған аңдардың еті, майы, сүйегін емшілер дәрі ретінде пайдаланған. Мәселен, «Көз қарауытып, бас айналғанда үкінің етін асып жеп, сорпасын ішкен, кептердің саңғырығын ақтаңдақ, бел-буын ауруына пайдаланған. Миды қайраттандырып, ұйқыны жақсарту үшін қырғауылдың етін қақтап жеген. Іштің кірнесі ұстағанда борсықтың ішігін суға қайнатып ішкен, бүйректі қуаттандыру үшін бұғының мүйізін пайдаланған, шаштың ағаруын қоянның миын асып жеу арқылы емдеген» [9, 74].

Осылайша ау құстарының қарапайым аң аулау құралынан бір ұлттың күнделікті тіршілігіне, дүниетанымына, саудасына, емшілігіне дейін енуі, қазақ өміріндегі маңызын арттыра түседі.

Қорытынды

  Ау құстарын жуасыту, тәрбиелеу, аңға салу, сол арқылы әртүрлі қажеттілікті қамтамасыз ету қазақ халқының ғасырлар бойы айналысып келген кәсібі. Ау құсының тұлғасынан-ақ тектілігін танып, әрбір қимыл-қозғалысынан, қас-қабағынан, ұшу мәнерінен оның тілін түсініп, бабын таба білу шеберліктің жоғары шегі болып табылады.

Мақаланың бірінші, екінші бөлімдері қазақ халқының табиғаттың, онда өмір сүретін әрбір жануарлардың мінезін, күйін бағамдай алатын жаратылысқа жақындығын көрсетеді. Жаратылысқа жақындығын ғана көрсетіп қоймай, ондағы әрбір құбылыстың үйлесімділігін, тепе-теңдігін сақтай отырып, өз қажетіне пайдалана алатын шеберлігін де айқындайды. Осындай табиғат гармониясын сезіну мен оны пайдаға асырудан туған тәжирбе «саятшылық» деген ұлттық өнерді қалыптастырғаны хақ. Ау құстарын үйрету үдерісінде пайдаланылған әрбір әдіс-тәсілдердің өзі оның табиғилығы мен қазақилығын көрсетіп тұрады.

Мақаланы аяқтай келгенде ау құстарының күнкөріс көзінен ұлттық нышанға дайінгі даму эволюциясын, қазақ халқының тіршілігіне терең тамыр жайғанын түйіндей аламыз.

 

Пайдаланған әдебиет

1.  Шорманов С. Аушы. – Қазан, 1907. – 21б.

2.  Хинаят Б, Исабеков Қ. Саятшылық қазақтің дәстүрлі аңшыылығы. – Алматы: Алматы Кітап, 2007. – 208б.

3.  Кәмәлашұлы Б. Қазақ халқының дәстүрлі құсбегілігі мен атбегілігі. – Алматы: Өнер, 2006. – 120б.

4.  Самашев З, Төлеубаев Ә, Жұмабекова Г. Дала көсемдерінің қазынасы. – Алматы: ОФ Берел, 2004.

5.  Қанарбаева Б. Қазақтың наным-сенімдері. – Алматы: Қағанат-ҚС, 1999. – 304б.

6.  Қазақтың ата заңдары: құжаттар, деректер және зерттеулер. ІІ том. – Алматы: Жеті жарғы, 2003. – 362б.

7.  Оралов Б. Рыжая колыба // Туркестанские ведомости. – 1906, №137.

8.  Сауыржанұлы Т. Құсбегілік. – Өлгей. 1990.

9.  Қазақ емшілігі/ауд. Әдетов Б. – Алматы: Қайнар, 1995. – 288б.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 1209

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

НҰРАЛЫ ХАН БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ КІШІ ЖҮЗДЕГІ САЯСИ ЖАҒДАЙ (XVIII ғ. 50-70 жж.) ӘОЖ 930:94(574) « 06/11» ҚИМАҚТАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР ӘОЖ 930:94(574) « 06/11» ҚИМАҚТАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР ӘОЖ94(574).084.91+327(574:44) ҚАЗАҚСТАН МЕН ФРАНЦИЯ АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың Хиуа және Қоқан хандықтарымен қарым-қатынастары туралы жыраулар шығармашылығында ӘОЖ 341.7 ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ АРАСЫНДАҒЫ САУДА -ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы. 327(574+519.5) ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН-АВСТРИЯ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАМР 03.20 ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІ» АТТЫ КІТАБЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ ӘОЖ 94(574)16/19 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУБЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ СТАТИСТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДАҒЫ КӨРІНІСІ 11.25.91 ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ ҚАЗАҚСТАН-МАЖАР ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ АХУАЛЫ МЕН ДАМУ КЕЛЕШЕГІ

Автордың мақалалары