Басты бет » Материалдар » (5-012) ҚХР-ДЫҢ СОЛТҮСТІК-БАТЫС ШЕКАРА ӨҢІРІНІҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ, ЭТНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ ТАЛДАУ

Мадиев Д.А. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасы «6D020900-Шығыстану» мамандығының 1 курс

(5-012) ҚХР-ДЫҢ СОЛТҮСТІК-БАТЫС ШЕКАРА ӨҢІРІНІҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ, ЭТНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ ТАЛДАУ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(09)

Тегтер: өндіріс-құрылыс, Шыңжаң, Қытай, реформа, Халық, Республикасы, солтүстік-батыс, шекара, өңірі, құрамы, ұлттар, әлеуметтік, корпусы.
Аңдатпа:
Мақалада ҚХР-дың шекара-шептері қарастырылып, солтүстік-батыс шекара өңірінің географиялық ерекшеліктері мен этникалық әлеуметтік құрылымдарына талдау жасалады, ҚКП-ның шекара аймағындағы ұлттар шоғырлы қоныстанған өңірлерге қолданған автономиялық құрылымы мен әлеуметтік экономикалық саясатының нәтижелеріне сараптама жасалады. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың 50-60 жылдардағы ҚКП Орталық комитеті мен Шыңжаң үкіметінің ұстанған саясаты мен қабылдаған бағдарламаларының іске асырылуының нақты нәтижелеріне, Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусының шекара өңірін дамытудағы орны мен рөліне талдау жасалады.
Мазмұны:

     Қытай Халық Республикасы--Азия құрылығының шығысында, Тынық мұхитының батыс жағалауында орналасқан алып мемлекет. Құрылықтағы жер көлемі 9,6 млн км² алып жатыр. Жер көлемі жағынан әлемде Ресей мен Канададан кейін үшінші орында тұр. Құрылықтағы шекарасы 22800 км-ге созылып жатыр. Шығысында Корей Халық Демократиялық Республикасымен, солтүстігінде Моңғолиямен, солтүстік-шығысында Ресеймен, солтүстік-батысында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан Республикаларымен, батыс және оңтүстік-батыста Ауғанстан, Пәкістан, Индия, Непал, Бутан елдерімен, оңтүстігінде Мьянма, Лаос, Вьетнам елдерімен шектеседі. Шығыс және оңтүстік-шығысында Корей Республикасымен, Жапон, Филиппин, Бруней, Малайзия, Индонезиямен теңіз арқылы шектеседі.

  Қытайдың шығыс теңіз жағалауында солтүстіктен оңтүстікке қарай бірқатар ірі портты қалалар орналасқан, олар Далянь, Тяньцзинь, Циндао, Шанхай, Гуанчжоу және тағы басқалар. Бұл қалалардың ішінде Шанхай қаласы дамыған өнеркәсібімен, сауда-саттық, банк ісі, теңіз тасымалы салаларында азиялық және әлемдік мегаполис саналады [1].  Ал ҚХР-дың солтүстік-батыс өңірінде Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы орналасқан. Шыңжаң Ресей, Моңғол, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістан секілді елдермен шектеседі.

 Тақырыпқа сәйкес қарастырылып отырған ҚХР-дың солтүстік-батыс шекара өңірі ШҰАА-ныңсолтүстік-батысында орналасқан Іле-Қазақ автономиялық облысының аумағы болып табылады. Ал Іле-Қазақ автономиялық облысы Қазақстанның Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарымен, Ресейдің Алтай өлкесімен және Моңғолдың Баян-Өлгей аймағымен шектеседі. Автономиялы облыс аумағы Тянь-Шань тау жоталарымен екіге бөлініп жатыр, солтүстігінде Жоңғар ойпаты, Алтай тауларының етегінде Алтай және Тарбағатай округтері орын тепкен, ал солтүстік-батысында Іле округі орналасқан.

Шекара өңірінің географиялық ерекшеліктері күрделі, мұнда биік тау жоталары, орта биіктіктегі далалық аймақ, тіпті шөл және шөлейт жерлер де кездеседі. Жері негізінен құнарлы, мал шаруашылығына, егін шаруашылығына өте қолайлы. Трансшекаралық екі ірі өзен-Іле және Ертіс өзендері осы өңірден бастау алады. Бұл өлке өзінің қалың ормандарымен, кең жайылымдарымен бүкіл қытайға танымал. Орман алқаптары облыс территориясының 67% алып жатыр. Қыс-жаз мезгілдеріндегі ауа-райының айырмашылығы да айтарлықтай алшақ, жаз айларындағы ауа температурасы +42°С дейін көтерілсе, қыс айларының ең суық кезеңдеріндегі ауа температурасы -51°С дейін төмендейді.

  Іле-Қазақ автономиялық облысы 1954 жылы құрылған, үш аймақтан тұрады, ең үлкені болып 9 ауданнан құралған Іле аймағы саналады, орталығы Құлжа қаласы, қытайша атауы Инин. Құлжа қаласы сонымен қатар автономиялық облыстың да бас қаласы болып саналады. Аймақтағы Қорғас, Моңғол-күре, Шапшал-сібе автономиялы аудандары Қазақстанмен шектеседі. Келесі аймақ Алтай округі, орталығы Алтай қаласы, аймаққа 8 аудан кіреді, оның ішінде 3 аудан-Көктоғай, Қаба, Жеменей аудандары тікелей Қазақстанның шығыс облыстарымен шектеседі. Батысында Шығыс Қазақстан облысымен, солтүстігінде РесейдіңАлтай Республикасымен, солтүстік-батыс және батысында МоңғолияныңБаян-Өлгей (450 км) Қобда аймақтарымен шектеседі. Жер көлемі 117,8 км², 8 ұлттың өкілі тұрады. Соның ішінде қазақтар 50,5 %. Алтай аймағы жерінің көпшілігі Алтай тау жүйесінде және тау етегінде орналасқан. Алтай аймағында Алтай тауларынанҚара ертіс өзені және оның салалары Қанас өзені, Бұлғын өзендері баcтау алады. Алтай аймағының жер бедері таулы келеді. Орман тоғайы мол (1,5 млн га). Климаты қатаң континентті. Табиғаты көркем, жер асты кен байлықтарына бай.

  Тарбағатай аймағыбатысында Алматы облысы және Шығыс Қазақстан облысымен, шығысында Алтай аймағымен шектеседі. Әкімшілік орталығы Шәуешек қаласы. Бүкіл Шәуешек қаласының ауданы 98 824 км² құрайды.

  Іле Қазақ автономиялы облысы халқының этникалық құрамы да сан алуан. Мұнда Қытай Халық Республикасында ресми тіркелген 56 ұлттың 47-і қоныстанған. Халықтың жалпы саны әр түрлі деректерге сәйкес 3 млн 800 мыңнан 4 млн 200 мың адам аралығында (2000 жыл). Бұл Шыңжаң халқының 12% құрайды. Ең көп сандыларына хань, қазақ, ұйғыр, дүнген, қырғыз, тағы бірқатар ұлт өкілдері жатады. Жергілікті халықтың 45% хань ұлты, 25% қазақ ұлты, 16% ұйғырлар, 8% дүнген ұлтының өкілдері құрайды. Қытайдағы қандастардың ең көп сандысы осында тұрады.

 Қытайдағы қазақтардың санының өсу қарқыны өте жоғары, ҚХР құрылған 1949 жылдары қазақ саны 443 мың адам шамасында болса, 1979 жылы 848 мыңға жеткен, 1990 жылдары 1млн 200 мыңға жетсе, қазіргі кезде 1млн 500 мыңнан астам деген болжау бар. Қазақтардың үлес салмағы білім беру, мәдениет, өнер, қаржы, сақтандыру, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қызмет көрсету саласында, сондай-ақ партиялық-мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарында басым. Таулы аймақтарда мал шаруашылығымен, жазықта егіншілікпен айналысатын қазақтардың саны жалпы халықтың жартысына жақын [2].

  Іле-қазақ облысының аумағы қазақ халқының байырғы ата қонысы. 1755 жылы Цин империясы Жоңғар хандығын жойып, өз билігін орнатты. 1864 жылы 7 қазан күні Ресей патшалығы мен Цин патшалығы Шәуешек қаласында мемлекеттік шекараны белгілегенде, қазақтардың кейбір рулары өздерінің ата-бабасынан бері көшіп-қонып жүрген жерлерімен бірге Қытайдың Іле аймағы аумағында қалады [3, 12].

  Қытай қоғамындағы түбегейлі өзгеріс ҚХР құрылғаннан кейін басталды.  1949 жылы 1 қазанда құрылған ҚХР, өзінің алғашқы қайта құруын 1949 жылы қыркүйек айында Бүкіл мемлекеттік Саяси Кеңес жиналысында қабылдаған  «Бас бағдарламасы – 总纲» бойынша жүргізді. Конституциялық күші бар бұл бағдарламада: «Қытай Халық Республикасы жеріндегі барлық ұлттардың терезесі тең», «Әрбір аз санды ұлт тығыз қоныстанған өңірлерде ұлттық өңірлік автономия жүзеге асырылады» деп белгіленген. Бұл тұжырымдамалар Қытай Коммунистік партиясының аз санды ұлттарға қолданатын саясатының алғашқы заңдық негізі болып табылады.

  1950 жылдан бастап Қытайдағы әлеуметтік құрылым жүйесінің қайта құрыла бастауына байланысты Қытайдағы аз санды ұлттардың, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі қоғамдық құрылымдары да біртіндеп өзгерістерге ұшырады. Ол өзгерістер алғашқы кезде ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын кооперативтендіру және малшыларды отырықшыландыру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды.

  ҚХР құрылған алғашқы жылдары ҚКП Орталық комитетінің тапсырмасы бойынша жергілікті жердегі ұлттық кадрларды дайындау жұмысы қолға алынды. Осындай талапқа сәйкес 1949 жылы желтоқсан айында Мао Цзе-дунның солтүстік-батыс аймаққа 3 жыл ішінде 10 мың жергілікті кадр дайындау туралы жарлығы шықты. Жарлықты іске асыру мақсатында 1950 жылдың сәуір айынан бастап ҚКП Орталық комитетінің Шыңжаңдағы бөлімшесіне және Шыңжаң халық үкіметінің әкімшілігіне кадр даярлайтын курстар жұмыс істей бастады. Нәтижесінде, Шыңжаң бөлімшесіне үш жыл ішінде 5345 адам, оның ішінде 4043 адам жергілікті ұлт өкілдерінен даярланса, әкімшілікке 6000-нан аса кадр даярланған [4,61]. 

  Осы жылдар аралығында жұмысшы-шаруа жастары жоғары, орта арнаулы оқу орындары, және басқа да дайындық курстарынан өтті. 1952 жылдың аяғына қарай бүкіл Шыңжаң бойынша дайындықтан өткен кадрлардың жалпы саны 22700 адам болса, оның ішінде жергілікті ұлт өкілдірі 16700 адам болды [4,62].

  1952 жылы қыркүйек айында Шыңжаңдағы аграрлық реформаның алғашқы кезеңі басталды. Реформа бірінші кезекте егін шаруашылығымен айналысатын өңірлерде жүргізілді. 1953 жылдың аяғына қарай реформа өз жемісін бере бастады. Аграрлық реформаның нәтижесінде ауыл-қыстақтарда сақталған феодалдық қатынастағы тәртіп жойылып, шаруалардың жер иемдену құқығы қалыптасты. «Жерді кім өңдесе, егінді сол жинайды» деген принцип бойынша жер иелері мен бай шаруалардың иелігіндегі 7 млн 370 мың му жер, жері жоқ, немесе жері аз шаруаларға бөлініп берілді. Осындай шаралардың нәтижесінде, реформадан кейінгі жылдың өзінде егістік жерлердің көлемі көбейіп, алынған астықтың мөлшері 15%-ға артты [4,79].

  Аграрлық реформаның екінші кезеңі мал шаруашылығымен айналысатын аймақтарда жалғасын тапты. Шыңжаңдағы 79 ауданның 22-де мал шаруашылығы халықтың басты күн көрісі болды, одан басқа 33 ауданда мал шаруашылығының үлес салмағы басым еді. ҚХР құрылған алғашқы жылдары мал шаруашылығындағы халық саны 600 мың адам болып, Шыңжаң халқының 13% құрады. 1949 жылы олардың қолында ірілі-ұсақты 10 млн бас мал болды.

  Шыңжаңның мал шаруашылығы негізінен солтүстік-батыс шекара өңіріндегі таулы аймақтарда, және оған іргелес жатқан далалы өңірде дамыған. Шыңжаңдағы малшылардың өміріндегі қиыншылықтарды біртіндеп шешу үшін, олардан алынатын салықты жеңілдету саясаты қолданылды, еркін сауда-саттыққа жол ашты. 1952 жылдан бастап үкімет мал шаруашылығымен айналысатын аймақ тұрғындарына жыл сайын көмек қаржы бере бастады. Үкімет тарапынан аймақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралар өз нәтижесін жылдам көретті. 1953 жылдың соңында мал басы 980 мыңға көбейіп, 7.7%-ға артты [4,83-87].

  1953 жылы ҚКП Орталық комитетінің ел экономикасын қалпына келтіру және дамыту саясатын іске асыру бағдарламасына сәйкес, Бірінші бесжылдық жоспар жарияланды. Жоспарлы экономика жүйесі Шыңжаңда да кеңінен іске асырыла бастайды. Алғашқы бесжылдықтың басты мақсаты-жергілікті халықтың хал-ауқатын жақсарту, тұралап қалған халық шаруашылығын қалпына келтіріп дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы өңірде өндірістік өнімдер шығару ісін жолға қою болатын. Яғни, 1957 жылға дейін өндірілген өнімнің құнын 850 млн юаньға жеткізіп, 1952 жылмен салыстырғанда 35.58%-ға арттыру, оның ішінде өндіріс өнімін 293 млн юаньға өндіріп, 70.35%-ға арттыру, ал ауыл шаруашылығы өнімін 587 млн юаньға жеткізіп, 26.7%-ға арттыру көзделген. Нәтижесінде, аталған межені Шыңжаң үкіметі 3 жылда орындап шықты, ал 1957 жылы 1 млрд 80 млн юаньның өнімін өндіріп, өнім көлемін 1952 жылмен салыстырғанда 58.35%-ға жеткізген [4,168-170] екен.

  Алғашқы бесжылдық кезінде аймақтың инфрақұрылымын жақсарту жұмысына үкімет тарапынан көп көңіл бөлінді. Ең алдымен темір жол құрылысы қолға алынып, ертеректе басталған Ланьчжоу-Шыңжаң бағыты бойынша жол құрылысы өз жалғасын тапты. Авто жолдар бойынша бес жыл ішінде 12 бағыттағы жол құрылысы қолға алынған. Осылайша 2150 км мемлекеттік маңызы бар жолдар мен 979 км жергілікті маңызы бар жолдардың құрылысы аяқталған. 1957 жылғы есеп бойынша, Шыңжаңдағы авто жолдардың жалпы ұзындығы 12039 км-ге жеткен, бұл көрсеткіш 1952 жылмен салыстырғанда 5974 км артық. Шыңжаңның солтүстігіндегі Тяньшань тауының бөктеріндегі аймақтар мен оңтүстік аймақтарды жалғап жатқан жолдар ел экономикасын арттыруға қолайлы жағдай жасады. Сондай-ақ, азаматтық авиация тасымалы жолға қойылды. Әуе қатынасы ел астанасы Пекин мен Үрімжі, Ақсу, Хами қалаларын жалғады. Өңірдің артта қалған инфрақұрылымы алғашқы бесжылдық кезінде  біршама жақсарды. Аймақтың елдің ішкі өңірлерімен және көрші Кеңес Одағы республикаларымен байланысын дамытты [4,174].

  1958жылы Қытайда «Үлкен секіріс» қозғалысы басталады. Осы жылы күзде, ҚКП Орталық комитеті «Ауыл-қыстақтарда Халық коммунасын құру туралы қарар» қабылдады. Коммунаға мүше болушылар 50-ші жылдардың басында өздеріне бөлініп берілген жер телімдерін, малдарын, бау-бақшасын, өндіріс құрал-жабдықтарын Коммунаның меншігіне тапсыруға міндетті болды. Халықтың қарсылығына қарамастан, коммуналандыру жұмысы қарқынмен жүргізілді. Коммуна мүшелеріне арналған асханалар ашылып, олар ортақ қазаннан тамақтанатын болды. Ежелден кең далада көшіп-қонып еркін жүрген қазақ халқы да коммуна тәртібіне көнуге мәжбүр болды.

  Аталған қозғалыстар көп уақыт өтпей-ақ өзінің шикілігін көрсетті, әрі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын қатты қиындатып жіберді. Дегенмен, сәтсіздіктерге қарамастан, Қытай Коммунистік партиясы Халық коммунасының жұмысын жалғастырудан бас тартпады. 1961 жылдың наурыз айында ҚКП Орталық комитеті «Ауыл-қыстақ Халық коммунасының Қызмет ережесін» қабылдады. Осы ережеге сәйкес коммуна мүшелері аз мөлшерде жер иеленуге, мал-мүлік, үй құстарын ұстауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, «ережеге» байланысты Халық коммунасы үлкен және кіші өндіріс отрядтары болып қайта құрылды. Ауыл-қыстақтардың барлық тұрғындары міндетті түрде осы отрядтарда еңбек етіп, отрядтың жылдық табысына сәйкес жалақы алатын болады. Бірақ одан халықтың кірісі арта қойған жоқ, керісінше,  көптеген еңбекшілер бір жыл жұмыс істеп ұжымға қарыз болып, оны келесі жылдың еңбегімен өтейтін жағдайлар жиі кездесетін.

  Ауыл-қыстақтарда құрылған Халық коммунасының өндірістік отрядтары таптық көзқарас бойынша ұйымдастырылды, яғни кедей диқандар мен малсыз шаруалар мал шаруашылығы отрядтарына жіберіліп, бұрынғы дәулетті, орта жағдайдағы шаруалар егін шаруашылығымен айналысатын отрядтарға бөлінді. Осылайша «қанаушы тап өкілдері егіншіліктегі ауыр еңбекті атқаруы тиіс» болды. Қазақтар арасындағы осындай кәсіп алмасу салдарынан екі жақтың да еңбек өнімділігі өте төмен болды. Тәжірибесіздік салдарынан олардың қай-қайсы да табыс таба алмады. ҚКП-ның шаруашылық жүргізудегі әсіре солшыл саясаты халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіншілік бермеді [3, 41].

  ҚКП Орталық комитеті 1962 жылы қаңтар айында «Аграрлық саланы қолдауды күшейтіп, зор күшпен ауыл шаруашылығын дамыту» бағдарламасын қабылдайды. Ол бойынша, үкімет ауыл шаруашылығына берілетін несие мөлшерін көбейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу бағасын 27,1%-ға жоғарылату арқылы ауыл-қыстақтардың экономикалық жағдайын біршама жақсартқандай болды. Осыған байланысты қазақтардың да тұрмыс деңгейі 1963 жылдан бастап сәл де болса көтерілді. Бірақ мемлекет көлемінде орын алған бұқаралық саяси қозғалыстар елдің еңсесін көтертпеді, 1963-1965 жылдары бүкіл мемлекет көлемінде «Социалистік тәрбие қозғалысы» жүргізілді. Оған Маоның «Таптық күрес жүргізілсе, барлық іс алға басады» деген нұсқауы басшылыққа алынады. Нәтижесінде бұл қозғалыс «солшылдық қателіктерге ұрындырды». Сондай-ақ, ол «мәдени революцияны» жүргізуге идеологиялық негіз қалады [3, 42].

  Шыңжаңның шекара аудандарындағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер «Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы» («新疆生产建设兵团») арқылы іске асырылды. Бұл Ұлт-азаттық армиясының жартылай әскери-өндіріс құрылымы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданынында 1954 жылы құрылды. Бұл құрылымның шекара өңіріндегі саяси қызметі де өте маңызды болды, өйткені корпустың мойнына аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттырумен қатар, шекара өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті де жүктелді. Олар Орталық үкіметке және Шыңжаңдағы басқармасына бағынады. Бүгінгі таңда корпус құрамында 14 дивизия, 174 ауыл-қыстақтарда шаруашылық жүргізу бірлестіктері, 4391 өндірістік, құрылыс, транспорт, коммерциялық мекемелер бар, сондай-ақ, ғылыми зерттеу, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт, қаржы, сақтандыру және заң секілді әлеуметтік салаларда да өз өкілдіктері жұмыс істейді. Корпус құрамында ресми тіркеуде 2 млн-нан аса адам бар. 

  Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы өзінің қалыптасып даму барысында бірнеше кезеңдерден өтті. Оған 1949-1954 жылдар аралығындағы негізі қаланған уақытты, 1954-1957 жылдар аралығындағы құрылғаннан кейінгі қызметінің алғашқы кезеңін жатқызуға болады. Одан кейінгі уақытта даму кезеңін, «революция» кезеңін, тың игеру және жаңа дәуір секілді кезеңдерді басынан өткерді. 1949 жылы Шыңжаң азат етілді. 1949 жылдың қазан айынан бастап Ұлт-азаттық армиясының бөлімдері Шыңжаңға еніп, көтеріліс жасаған Гоминьдан әскерлерінен жасақталған 22-і әскери корпус пен Ұлттық жасақтардан қайта құрылған 5-і армиямен бірлесе отырып бүлікшілер мен қарақшыларға қарсы жазалау соғысын жүргізеді. 1952 жылдан бастап Шыңжаң территориясында орналасқан Ұлт-азаттық армиясының әскери бөлімдері өндірістік-құрылыс жұмыстарына жұмылдырыла бастады[5,02]. 1954 жылдың өзінде-ақ корпус күшімен 34 шаруашылық бірлестігі, 8 мал шаруашылығы фермалары құрылды, егін шаруашылығына пайдаланатын жердің көлемі 77,2 мың гектарға жеткен. Корпустың өндірген егін және мал шаруашылығы өнімдері Шыңжаң территориясында орналасқан әскери бөлімдердің қажеттілігін қамтамасыз етіп отырды. Тіпті сол 50-ші жылдардың ішінде корпусқа қарайтын заманауи өндіріс, тау-кен, сауда мекелерімен қатар, мектептер, ауруханалар және басқа да өндірістік емес мекемелер ашылды. 

  1954 жылдың қазан айында Орталық үкіметтің тапсырмасы бойынша Ұлт-азаттық армиясының бөлімдері негізінде халық шаруашылығына аса қажетті өндірістік-құрылыс бөлімшелері құрыла бастайды, ендігі жерде, жартылай әскери құрылымдардың міндеттілігіне еңбек пен әскери қызметті қатар алып жүру, шекара маңындағы тың жерлерді игеру, мемлекеттік шекараны қорғау жүктелді. 1956 жылдан бастап корпус ҚХР-дың Орталық үкіметі мен жергілікті Шыңжаң үкіметіне бағынатын болды. Құрылған күннен бастап корпус жергілікті жерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экономикалық өндірісін арттыруға бағытталған жұмыстармен шұғылданып келеді.

  ХХ ғасырдың 50-60 жылдары құрылыс корпусының күшімен Тяньшань тауының солтүстігі мен оңтүстігіндегі Такла-Макан және Кұрбан-Тұнғұт шөлінде, шекара бойындағы аудандарда суғару жүйелері салынды, тың жерлер игерілді, шөл далада су каналдары, орман белдеулері, авто жолдары салынып, аймақтың экономикасының деңгейін көтеруге үлкен көмек көрсетілді. Корпус өз жұмысын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындарын салудан бастады, ол біртіндеп жеңіл және тоқыма өндірісіне басымдық беретін көп салалы өндірістік жүйеге айналды. Бүгінгі таңда, көп салалы өндірістік жүйе металлургия, көмір өндірісі, құрылыс материалдары, энергетика, химия және машина жасау өндірістерін қамтиды.

  1964 жылдан бастап құрылыс корпусы жергілікті аудандардың даму жоспарын іске асыруына қаржы бөліп, жергілікті халыққа медициналық және басқа да көмек көрсетіп келеді. Шыңжаңның өндірісін дамыту мақсатында құрылыс корпусы өзі салған өндіріс орындарын, транспорттық, құрылыс, сауда мекемелерін жергілікті үкіметтің басқаруына беріп, Шыңжаңның модернизация үрдісіне өз үлесін қосуда.

  Шыңжаң өндіріс-құрылыс корпус мекемелеріне тиесілі аймақтарда 37 ұлттың өкілдері өмір сүреді. Олар хань, ұйғыр, қазақ, дүнген, моңғол сияқты ұлт өкілдерінен тұрады. Олар ислам, буддизм, христиан діндерін ұстанады. Соған қарамастан олар ұлттар бірлігінің үлгісін көрсетіп келеді [6].

  ҚХР құрылған алғашқы жылдарынан бастап, шекара аймағына қоныстанған халықтардың білім алу, денсаулық сақтау, мәдени даму істері үрдіс дамып келеді.

  1958 жылға дейін қазақтар қоныстанған аудан, ауылдарда мектептер салынып, оқу жасындағы балалардың 90% мектептерге барған. 1961 жылға қарай жоғары және орта арнаулы оқу орындарында оқитын қазақ жастарының саны 1949 жылмен салыстырғанда 55 есе көбейген. Жалпы, қазақ халқының оқу-ағарту ісі 1966 жылға дейін даму динамикасында келіп, тек «мәдени революция» жылдарында (1966-1976 жж.) тоқырауға ұшырап, кейін «реформа және даму дәуірінде» қайта дамыды.

  Білім берудің дамуы қытай қазақтарының ақпарат, баспасөз жүйесін де айтарлықтай дамытып, өзіндік ұлттық жүйесін қалыптастырған еді, ХХІ ғасырдан кейін оның даму динамикасы басқа арнаға ауысып, ондағы қазақ тілінің қолданыс аясы тарыла бастағаны байқалады. Әрине, оның өзіндік себептері бар, оларға талдау жасау бұл мақаланың міндеті емес.

  Ал жоғарыдағы баяндаулардан, Қытай шекара аудандарының географиялық болмысының әртүрлі немесе күрделі болуына қарамастан, адам өмір сүруге қолайы екенін көруге болады; Шекара аймақтарға орналасқан ұлттардың көптігі де ерекше құбылыс екенін аңғартады; Қытай шекара аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуы ҚХР құрылғаннан кейін ғана ілгерілей бастағанын анық аңғаруға болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.  Китайская Народная Республика.

https://ru.wikipedia.org/wiki/Китайская_Народная_Республика.

2.  Іле-Қазақ автономиялық облысы.

massaget.kz/tag/Іле+Қазақ+автономиялық+облысы/

3.  Нәбижан Мұқаметханұлы. ХХ ғасырдағы Қытайдың тарихи үрдісіндегі қазақтардың әлеуметтік дамуы: Оқу құралы.- Алматы: Қазақ университеті, 2006. – 168 бет.

4.  当代新疆简史编撰员委会:当代新疆简史。--北京:当代中国出版社, 2003. -406页。

5.  新疆生产建设兵团简史/岳廷俊。--乌鲁木齐:新疆大学出版社,2007.

  -327页。

6.  Синьцзянский производственно-строительный корпус.

  https://ru.wikipedia.org/wiki/Синьцзянский_производственно-

  строительный_корпус

АНАЛИЗ ГЕОГРАФИЧЕСКИХ, ЭТНИЧЕСКИХ И

СОЦИАЛЬНЫХ ОСОБЕННОСТЕЙ СЕВЕРО-ЗАПАДНОГО ПРИГРАНИЧНОГО РАЙОНА КНР

  В статье рассматривается исторические события в Синьцзяне в первые годы образования КНР, предпосылки создания национальных автономных регионов, географическое состояние, этнический состав и социальные особенности северо-западного приграничного района. Анализируется политика и принятые программы ЦК КПК и правительства в 50-60 годах ХХ века, а также их осуществления в приграничных районах и достигнутые результаты. Дается оценка деятельности Синьцзянского производственно-строительного корпуса в развитии региона.

Ключевые слова: Китайская Народная Республика, северо-западный приграничный район, национальный состав, социальная реформа, Синьцзянский производственно-строительный корпус.

ANALYSIS OF GEOGRAPHICAL, ETHNIC AND SOCIAL

FEATURES OF  NORTH-WEST BORDER REGION OF CHINA

  The article deals with historical events in Xinjiang in the early years of the PRC, the premise of creating national autonomous regions, the geographical condition, ethnic structure and social characteristics of the northwestern border area. Analyze policies and programs adopted by the PRC Central Committee and the government in the 50-60 years of the twentieth century, as well as their implementation in the border areas and the results achieved. The evaluation of the activities of Xinjiang Production and Construction Corps in the development of the region.

  Keywords: Peoples Republic of China, the north-western border region, national composition, social reform, Xinjiang Production and Construction Corps.


Пікірлер
Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

11.06.2014, 06:14

Как получилось, что целая страница в истории казахского народа осталась закрытой почти для 10миллионного народа?А не потому-ли, что история казахов связанная с их пребыванием на Кавказе была кому-то очень неудобна? И не потому-ли что наша история вообще сводит на нет некоторые аспекты истории некоторых народов. Считаю, что эту тему надо упорно продолжать во имя наших потомков и еще более тщательно копать в нужном направлении. Казахи и Кавказ (не только Закавказье) два неразрывно связанных тела, которые вряд-ли смогут развиваться по отдельности. Большое спасибо авторам этой статьи, очень надеюсь, что эта тема будет таки продолжена.

12.06.2014, 16:26

Очень интересная тема и написана грамотно. Благодарю автора за статью. как азербайджанцу живущему в Казахстане очень приятно когда подобные исторические исследования ведутся и более того развиваются. уверен есть много исторических связей между нашими народами и тем более что все тюрки вышли из Азии (Казахстанских земель) и распространились на запад и ближний восток. с удовольствием прочитал статью и переправил друзьям, потому как именно Казахский район и город Казах всегда был как бы непонятным доселе историческим моментом. откуда и как и что становится теперь яснее-)) надеюсь работы будут продолжаться и правительство подключится для сохранения исторических реликвий по данному и других вопросам. нужно все восстановить и сохранить для поколений. спасибо Вам.

19.06.2014, 19:52

"Есть крайне интересные сведения о событиях XVI века, когда узбекский Убайдулла-хан просил помощи у казахского хана Касыма против шаха Исмаила. Касым отправил войско во главе со своим сыном Абулхаиром, но Исмаил его разбил. Когда войска отступали за Джейхун, то люди Убайдуллы оттянули паром и до 30 тысяч человек остались на том берегу и вероятно попали в плен" Это выжимки из моей статьи (См.:Атыгаев Н.А. Участие казахов в борьбе узбеков с Сефевидским (Кызылбашским) государством в первой половине XVI в. / Отан тарихы. 2002, № 2.– С. 114 121). Однако еще никто не доказал, что казахи были на Кавказе до 16 века и создали Казахское ханство. Наличие кипчаков и других тюркоязычных групп на Кавказе, не является доказательством, что здесь в это время были казахи, кыпчаки и другие тюркские группы участвовали в формировании многих этносов, но нельзя говорить, что казахи сформировали эти этносы. Для статьи использованы материалы из википедии. Мухтар Магауин профессиональный писатель, но никогда не был профессиональным историком. Нужно знать историографию проблемы - работы Петрушевского, Эфендиева, Фарзалиева и др. Богата и зарубежная историография - Гулям Сарвар, Ғаффари Фард, Е. Денисон, Станфильд-Джонсон и др. Статья показывает, что автор совершенно не знаком с историей как наукой. Нужно знать источники, соответствующую терминологию, определенные критерии и др. К сожалению, сегодня стало очень много таких дилетантских работ. Также появилось много публикации историков, иногда и докторов исторических наук, которые также непрофессионально написаны. Наверное нужно с этим что-то делать. Придется писать отзывы на такие "научные" публикации.

Қаралуы: 1765

Рецензиялар (3)

Жүктеу

Мақала 1-соңғы үлгісі-Данияр.docx 0.06 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) (5-012) ҚХР-ДЫҢ СОЛТҮСТІК-БАТЫС ШЕКАРА ӨҢІРІНІҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ, ЭТНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ ТАЛДАУ ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЛАНДШАФТЫН ЗЕРТТЕУДІҢ КЕЙБІР МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚЫТАЙДЫҢ БАТЫС БӨЛІКТІ ҚАУЫРТ ИГЕРУ СТРАТЕГИЯСЫ ЖӘНЕ ШЫҢЖАҢНЫҢ ШЕКАРА ӨҢІРІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУЫ

Автордың мақалалары

(5-012) ҚХР-ДЫҢ СОЛТҮСТІК-БАТЫС ШЕКАРА ӨҢІРІНІҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ, ЭТНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ ТАЛДАУ ҚХР-ДЫҢ СОЛТҮСТІК-БАТЫС ШЕКАРА ӨҢІРІНІҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ, ЭТНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ ТАЛДАУ