Басты бет » Материалдар » ДЕМОКРАТИЯ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ» КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ МҰРАТЫ

Ханкелді Әбжанов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі

ДЕМОКРАТИЯ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ» КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ МҰРАТЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(09)

Тегтер: негіз, «Мәңгілік, конституциялық, демократия, Президент, Қазақстан, институционалдық, реформа., Ел»
Аңдатпа:
Мақалада көне түркілер кезеңінен бастау алатын «Мәңгілік Ел» идеясының демократиялық және конституциялық негізі қарастырылады. Автор Қазақ даласында ұзақ уақыт өмір сүрген отаршылдық-монархиялық демократиялық жүйе және кеңестік-тоталитарлық демократиялық жүйе сияқты демократияның өзге де түрлерін, сонымен қатар олардың тағылымын талдайды. Сондай-ақ мақалада Елбасының 2017 жылдың 25 қаңтарында бастамасымен тәуелсіз Қазақстанның демократиялық жүйесіне және институционалдық реформасына тоқталған.
Мазмұны:

Демократия – грек сөзі. Сөзбе сөз аудармасы «халық күші» дегенді білдіреді. Бүгінде ол «халық билігі» мағынасында қолданылады.

Қысқасынан қайырсақ, халық билігі салтанат құрған кеңістік пен уақыт та, қоғамдық құрылыс пен мемлекет те тарихта болған емес. Ал соған жетудің жолдарын қарастырған заңдар мен интеллектуалдық ізденістерде қисап жоқ.

Әр елдің өз демократиясы бар. Қазақ хандығы құрылған XV ғасырдан беріде Ұлы дала елі үш демократиялық жүйені бастан кешті. Бірі – ұлттық мемлекетіміздегі тарихи-дәстүрлі демократия. Оның құқықтық көрінісі мен негізіне «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» жатады.

Екіншісі – отарлық-монархиялық демократия жүйесі. Бұл дәуірде қазақ халқы мемлекеттілігінен айырылды, билік пен байлықтан шеттетілді, жақсы мен жаманды айырудан қала бастады. Алашшылар көтерген «Оян, қазақ!» ұлттық идеясы демократияны аңсағаннан емес, туған халқын ыдыраудан, интеллектуалдық мешеуліктен, өркениеттік үдерісті жатсынудан сақтап қалу мұратын көздеумен дүниеге келген еді.

Үшіншісі – кеңестік-тоталитарлық демократия жүйесіндегі тапқанымыз бен жоғалтқанымыз. Социалистік демократия халық билігі ұстанымына қайшы екенін әр жылдарғы ашаршылық пен үздіксіз қуғын-сүргіннен миллиондаған қазақтың, әйгілі тұлғаларымыздың құрбан болуы, бірқатар жерден айрылғанымыз күмән-күдіксіз әшкерелейді. Бұлар орнына келмейтін, баға жетпейтін шығынымыз. Ал тапқанымыз не десек, ол жасампаздық әлеуетін ұштаған бәсекеге қабілетті халқымыз және мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізгеніміз.

Бүгінде төртінші демократиялық жүйе мен толқынның куәсі болудамыз. Тәуелсіздік арқасында қанат қаққан ол әлемдік тәжірибе мен жетістіктерге сүйенгенімен, жаһандану ықпалынан тыс қалмағанымен мазмұны һәм формасы бойынша таяу-алыс шетелдерде қазақстандық үлгі ретінде танымал. Айталық, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін демократияландыру үдерісі кешегі барлық одақтас республикаларда жүрді. Алайда тағылымы мен нәтижесі әр елде әр түрлі болып шықты. Латвия мен Эстониядағы, Түркіменстан мен Қазақстандағы, Ресей мен Украинадағы демократия сапасы, деңгейі, болмысы бірдей деп ешкім айта алмас, сірә.

Сонымен, демократияның, яғни халық билігінің мәні халық пен билік арасындағы келісім мен үйлесім, алшақтық пен қайшылық, әділдік пен легитимділік талаптарының бар-жоғымен анықталады.

ҚР Конституциясында: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған. Преамбула мен Жалпы ережелерден кейінгі бөлім «Адам және азамат» атауымен айдарланған. Осыдан кейін «Президент», «Парламент», «Үкімет», «Конституциялық кеңес» бөлімдері орналасқан. Осылайша тағдыранықтаушы фактор – халық, ал халықтан кейінгі құдірет – билік екені конституциялық деңгейде рәсімделген.

Тарихи тұрғыдан келсек, билік мемлекеттен де бұрын пайда болған. Ал оның өкілеттік мүмкіншілігі мен ресурсы қандай да бір заңдық, дәстүрлік, өркениеттік шектеулерден асып кеткенде халық та, мемлекет те жапа шегетінін кеңестік-тоталитарлық дәуірдегі тарихымыз қапысыз дәлелдеді.

Функционалдық еркіндіксіз, тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерінсіз билік берісі – пәрменді жұмыс істей алмайтыны күмән-күдіксіз ақиқат десек, қауіптісі – оның халық пен қоғам тарапынан бақылаусыз қалуы ілгерілеуге қылаудай септесбей, зиян ғана әкелетіні айдай анық дүние. Демек, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстандағы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі бастамасы Отанымыздың бүгіні мен болашағы үшін риясыз алаңдауын бейнелейді. «Мен, - деді Н.Ә. Назарбаев, – мұны жалғыз ғана мақсатпен – елді басқарудың неғұрлым тиімді, орнықты, заманауи жүйесін құру үшін жасап отырмын».

Билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты түрлі әдіс-тәсілмен, өкім-жарлықпен анықтауға болады. Солардың ішіндегі ең салмақтысы әрі мәртебелісі – мәселенің конституциялық деңгейде шешілуі. Ендеше, Президентіміздің «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жыл 25 қаңтардағы өкімі – кемел шешімнің сыртқа шыққан сәті.

Заң жобасымен таныса келе, 98 баптан тұратын Ата Заңымыздың 18 бабына өзгерістер мен толықтырулар енетінін байқадық. Бұған дейінгі конституциялық реформалардың мән-мағынасын жоққа шығаруға болмас. Дегенмен бүкілхалықтық талқылауға ұсынылған осы жолғы заң жобасының билікті демократияландыруға үлесі айрықша болатыны сөзсіз. Қажеттігін соңғы жылдары Елбасымыздың өзі айтып жүрген қозғалысқа – президенттік басқарудан президенттік-парламенттік басқаруға көшуге нақты алғышарт туды. Билік салаларының бәрі, оның ішінде президенттік билік институты да, жаңа регламентте жұмыс істеуге көшетіні анықталды. Бұл заманауи мемлекет құруды әрі бәсекеге қабілетті дамыған елдер қатарына кіруді көздеген «Ұлт жоспары» мен «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру үшін қажет.

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасын толық мақұлдай отырып, бұл қадам халықтың билікке ықпалын, биліктің халық еркіне жегілуін оңтайландыратынын болжауға мүмкіндік бар. Мұның сыртында жемқорлықтың асқынуы, сапасыз салынған ғимараттар мен жолдардың көбеюі сынды жағымсыз құбылыстардың жиілеуі де елде билікті иемденіп кетудің бар екенін бекерлемейді. Тап бүгін Қазақстанда орын алып отырған олқылықтар мен кемшіліктерге халықтың еш қатысы жоқ. Кінә – мемлекеттік билікте.

Конституциялық реформаны талқылау мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға қолғабыс тигізеді деген ниетпен төмендегі ұсыныстарды ортаға салғанды жөн көрдім:

1. Осыдан 3 жыл бұрын Елбасымыз: Қазақстанның XXI ғасырдағы ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел», деп жариялаған еді. Аз ғана уақыт ішінде осынау тұжырымның жасампаз қуаты толық дәлелденді. VIII ғасырда тасқа қашап жазылған бұл пайым арғы бабаларымыздың интеллектуалдық қазынаға салған тамаша олжасы. Енді оған конституциялық тың серпін берген жөн. Басқаша айтқанда «Мәңгілік Ел» формуласын Ата Заңымызға енгізсек, еш қателеспейміз. Конституцияның преамбуласын қазіргі: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген» нұсқасынан гөрі мынадай редакцияда жазуды ұсынамын: «Біз, ортақ тарихи тағдыр мен «Мәңгілік Ел» идеясы біріктірген...». Әрі қарай бұрынғы мәтін сақтала береді.

2. Президент өзінің бірқатар – 40-тан астам – өкілеттігін Парламент пен Үкіметке беретін болғандықтан қазір жұмыс істеп тұрған Конституцияның 3 бабы 3-тармақшасындағы:  «Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді» деген қағидадан «ғана» деген сөзді алып тастаған дұрыс. Ең дұрысы – осы тармақшаны: «Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің және Үкіметтің құқығы бар» деген редакцияда беру.

3. Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу президенттік вертикальға, Парламент пен Үкіметке, жергілікті билікке, Конституциялық Кеңеске, сот жүйесі мен прокуратура қызметіне ғана қатысты емес. Ол білім мен ғылым саласында жалғасын табуы керек. Осы орайда ЖОО-лар мен ҒЗИ-лардағы бақылаушы кеңестің, ғылыми кеңестің рөлін, әсіресе кадрларды іріктеудегі және қаржыны пайдаланудағы жауапкершілігін жаңа биікке көтеретін уақыт келді. Бұдан былайда Үкімет Республика Президентінің, Парламент Мәжілісінің, Парламентінің алдында жауапты болатыны тәрізді ректорлар мен директорлар да Ғылыми кеңес алдында жауапты болуы керек. Ғылыми кеңестің шешімінсіз бір тиын жұмсалмайтын ереже қабылданғаны абзал. Сонда миллион долларынан қапияда айрылған ректор туралы естімейтін болармыз.

ҚР Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуі мемлекетімізді саяси жаңғыртудың ірі қадамы, ал одан кейін іле-шала жарияланған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы технологиялық жаңғырудың әлқиссасы болмақ. «Осы екі бастама да, – деді Н.Ә. Назарбаев, – бірін бірі толықтырып, ел дамуының ұзақ мерзімді мақсаттарына қызмет етеді». Демек, тәуелсіздік тұсында қайта жанған «Мәңгілік Ел» идеясының саяси-экономикалық негізі заманауи ахуалға сай рәсімделді. Түптеп келгенде, Үшінші жаңғыру саясат үшін де емес, экономика үшін де емес, адам үшін, елдің жаңа өмір шындығы жағдайларындағы жаһандық бәсекеге қабілеттілігі үшін жүзеге асырылмақ. Осыны ескере отырып «Мәңгілік Ел» идеясының 2050 жылға дейінгі басты мақсаты мен басымдығы Қазақстан халқының санын, демографиялық әлеуетін, отбасылық құндылықтарын күрт арттыру деп таныған дұрыс болар.

Саннан сапа шығады. Халықтың сапасы интеллектуалды ұлтты қалыптастыру саясаты мен практикасының дұрыс-бұрыстығына байлаулы. Ол адам дүние есігін ашқаннан жер қойнына кіргенге дейін үздіксіз жүруі керек. Интеллектуалды ұлттың бастауы білім мен ғылымда.

«Мектептің де, ЖОО-ның да, педагогтардың да беделі түсіп кетті», деген ренішті жиі естиміз. Білім беру жүйесінің «дертін» оқу-материалдық базасының әлсіздігімен, еңбекақының төмендігімен, биліктің өктемдігімен байланыстырушылар көп. Бекерлемейміз. Бұлардан келіп жатқан зиян шаш-етектен.

Дегенмен, оқу орнының беделі мен мәртебесін, парқы мен нарқын, қадір-қасиетін көтеретін шешуші фактор – түлектерін замана сұранысына сай біліммен сусындата алатын биіктен көрінуі. Бармағынан бал тамған аспаз немесе ағаштан түйін түйетін шебер даярлай алатын мектеп пен колледждің түлегі жерде қалмайтынына кәміл сенемін. Оксфорд университетін әлемге әйгілеп отырған құдірет атауы емес, сол университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен бәсекеге қабілетті шәкірттері. Сондықтан да Жолдаудағы: «Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет», деген Президент тапсырмасын төртінші сатының мәні мен стратегиясы ретінде қабылдауымыз керек.

«Мәңгілік Ел» идеясының көздегені «өлмесем болдыға» саймайды. Көштің соңында салпақтап, шаң жұтқаннан ештеңе таппаймыз. Санмен, сапамен, санамен бай болғанға не жетсін. Оған жеткізетін бүгінгінің қара нары – ұлтын сүйген, барша адамзатқа адал білім мен ғылым.

Ханкелды Абжанов

Директор Института истории и этнологии

им.Ч.Ч. Валиханова,

член-корреспондент НАН РК

ДЕМОКРАТИЯ И КОНСТИТУЦИОННАЯ ЦЕЛЬ «МӘҢГІЛІК ЕЛ»

Аннотация

  В данной статье рассматривается демократическая и конституционная основы идеи «Мәңгілік Ел», берущая свое начало со времен древних тюрков. Автор анализирует другие виды демократии, долгие годы существовавшие в Казахской степи: колонизаторско-монархическая демократическая система и советско-тоталитарная демократическая система, а также их уроки. Особое внимание автор уделяет демократической системе независимого Казахстана и институциональным реформам, инициированным Президентом 25 января 2017 г.

Ключевые слова: демократия, конституционная основа, «Мәңгілік Ел», Казахстан, Президент, институциональные реформы.

Khankeldy Abzhanov,

Director of the Ch.Ch. Valikhanov

Institute of History and Ethnology,

Corresponding Member of the NAS RK

DEMOCRACY AND THE CONSTITUTIONAL PURPOSE

OF THE ‘MANGILIK EL’

Annotation

This article discusses the democratic and constitutional foundations of the ​​"Mangilik El" idea originating from the times of the ancient Turks. The author analyzes other forms of democracy existed for many years in the Kazakh steppe: colonial-monarchical democratic system and the Soviet-totalitarian democratic system, and their lessons. Particular attention is paid to democratic system of the independent Kazakhstan and the institutional reforms initiated by the President on January 25, 2017.

Keywords: democracy, constitutional basis, "Mangilik El", Kazakhstan, President, institutional reforms.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 1921

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

ДЕМОКРАТИЯ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ» КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ МҰРАТЫ.docx 0.03 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ Қазақстанда әкімшілік-аумақтық жүйені өзгертуге қатысты Ресей империясының заңнамасы «Мәңгілік Ел» идеясы: саяси-философиялық негіздері және тарихи сабақтастығы ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҮРДІСТЕР: ФОРМАЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӨРКЕНИЕТТІК ҚҰБЫЛЫС РЕТІНДЕ (ТАРИХИ-САЯСИ АСПЕКТІ) ДЕМОКРАТИЯ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ» КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ МҰРАТЫ 930.1:94.02/08]574 Тәуелсіздік кезеңіндегі отандық тарихнамадағы қазақ-хиуа қатынастары ӘОЖ 94 (574). 02/.08 ЖОЛАМАН ТІЛЕНШІҰЛЫ БАСТАҒАН КӨТЕРІЛІС АЛДЫНДАҒЫ КІШІ ЖҮЗДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ЖАҒДАЙ ТЫЛОВОЙ ГЕРОИЗМ ЖЕНЩИН КАЗАХСТАНА В ГОДЫ ВЕЛИКОЙ ОТЕЧЕСТВЕННОЙ ВОЙНЫ: ПОВСЕДНЕВНОСТЬ И ЖЕНСКИЕ ИСТОРИИ ҒТАМР 03.20 РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШЫҒЫС АЙМАҒЫ, АЛТАЙ ӨҢІРІН ОРЫС ШАРУАЛАРЫМЕН ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ (мақсаты, барысы, нәтижелері)

Автордың мақалалары

АКАДЕМИКТІҢ АМАНАТЫ ДЕМОКРАТИЯ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ» КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ МҰРАТЫ