Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 94(574) “1920/30”:336.22 Қазақстанда астық дайындау науқаны: қазақ шаруаларын қуғындау

Козыбакова Фатима Акынбаевна

ӘОЖ 94(574) “1920/30”:336.22 Қазақстанда астық дайындау науқаны: қазақ шаруаларын қуғындау

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(09)

Тегтер: дағдарыс, И.В.Сталин, билік, империялық, ауқатты, жекеше, бай, мұрағат
Аңдатпа:
Бұл мақалада И.В.Сталин бастаған большевиктер партиясы ірі мал иелерін тәркілеу саясатын бастамай тұрып-ақ, төніп келе жатқан үлкен қатерден, яғни «Астық дағдарысынан» шығу себептерін түсіндіре келіп, астықпен еркін сауда жасайтын ауқатты шаруаларға қарсы бітіспес күрес жариялауы, оның Қазақстанда жекешелер шаруашылығын одан әрі күйретуге әкеп соқтырған қайшылықты зардабы баяндалады. В.И.Сталин еңбектері талдана отырып, ҚР ПА, ҚР ҚРОМА мұрағаттарындағы деректер мен құжаттар негізінде қарастырылады. Автор кеңестік Қазақстанның империялық билік кезіндегі астықпен еркін сауда жасайтын «ауқатты шаруа» қауымының табиғатына қарсы бағытталған, адамгершіліктен жұрдай, қылмысты саясатын баяндайды. Сондықтан да оның зардаптары да аса ауыр: ауыл шаруашылығындағы дәстүрлі мал шаруашылығын табиғи ерекшеліктерге сай тиімді ұйымдастыра алатын ең іскер, білікті шаруақор адамдардан айырып, дәстүрлі шаруашылықты біржола күйретуге әкелгендігін ғылыми негіздейді. Түйін сөздер: империялық билік, И.В.Сталин, дағдарыс, мұрағат, частник, конференция, тоталитаризм, сот, қаулы, бүлік, мемлекет, қылмыс, кодекс, ауқатты, бай, жекеше.
Мазмұны:

Ірі мал иелерін кәмпескелеу, тәркілеу саясаты басталмай тұрып-ақ, И.Сталин бастаған большевиктер партиясы бүкіл елде бай кулак атаулыны жою саясатын бастап жіберген еді. Оның басты сылтауы астық дайындау жоспарының көңілдегідей орындалмауы болды. БК(б)П-ның барлық ұйымдарына жолданған «Дайындау науқанының алғашқы қорытындалары және партияның алдағы міндеттері» атты нұсқау хатта бұл жағдай түсіндірілді: «... Егер 1927 жылғы январьда біз 428 миллион пұт дәнді астық дайындап үлгерген болсақ, ал дайындалған дәнді астық 300 млн пұтқа әрең жетті. Демек, 1928 жылғы январьда біздегі дефицит, жетімсіздік 1927 жылғы январьдағымен салыстырғанда 128 млн пұт еді. Міне, осы жетімсіздік астық дайындаудағы дағдарыстың шамамен көрсетілген цифрлы мөлшері болып табылады» [1, 11-б.]

Мұнан ары осы нұсқауды Орталық партия Комитеті атынан жолдап отырған И. Сталин «Астық дағдарысы» дегеннің не екенін нақтылап түсіндірді. Бұл дегенің оның, ойынша, біріншіден, «жұмысшы аудандарын жабдықтаудағы дағдарыс, бұл аудандарда астық бағасының көтерілуі, жұмысшылардың реалды жалақысының кері кетуі»;

Бұл сондай-ақ, екіншіден, «Қызыл Армияны жабдықтаудағы дағдарыс, қызыл армияшылар арасындағы наразылық деген сөз»;

Үшіншіден, бұл астыққа бағаның көтерілуіне байланысты «зығыршылар мен мақташылардың астық өндіруге көшуі» және осының салдарынан шикізат жетіспей «тоқыма өнеркәсібінің тиісті тарауларының кемуі деген сөз»;

Төртіншіден, мұның өзі «жабдық пен ауылшаруашылық машиналарын әкелуге қажетті экспорт мұқтаждықтары үшін де арналған астық қорының мемлекет қолында болмауы деген сөз»;

Бесіншіден, мұны «баға жөніндегі бүкіл саясатымыздың бұзылуы» - деп қарау керек [2, 11-12-бб.]

Осындай «нақты» дәлелдер келтірген И. Сталин партия ұйымдарын төніп келе жатқан үлкен қатерден, яғни дағдарыстан сақтандырған болды. Әдеттегідей ол бұл жолы да қорқытып алып, одан соң ақыл айтты. Бірақ айтқан «ақылы» қатал талап қоюмен ұштасып жатты. Оның өзі, негізінен, «128 миллион пұт дефицитті жою керек», - дегенге келіп тірелді.

И.Сталин «мәнін» ашқан астық дағдарысының біз зерттеп отырған мәселеге қатысы мынада: ол осы дағдарыс себептерін түсіндіре келіп, кулактарға, астықпен еркін сауда (Сталинше айтқанда «алыпсатарлық») жасайтын ауқатты шаруаларға қарсы бітіспес күрес жариялады.

«Біріншіден, - деді ол, - Деревня өсіп, баюда. Ең алдымен кулак өсіп, байыды. Үш жылғы бітік егін тегін кеткен жоқ... Алайда, деревняның ауқатты топтары биыл шикізаттық дақылдар арқылы, ет өнімдері арқылы, (т.б. арқылы) тіршілік етуге мүмкіндік алып, астық өнімдерінің бағасын қымбаттату үшін оны өз қолдарында ұстап қалды. Рас, кулакты астық өнімдерінің негізгі иесі деп есептеуге болмайды, бірақ ол деревняда шаруашылық жөніндегі беделді адам, астығына қымбат төлейтін қаладағы алыпсатармен оның байланысы бар, ал біздің дайындаушы ұйымдарымыздың тарапынан ол қарсы әрекет кездестірмегендіктен, астықтың бағасын арттыру мәселесінде орташаны соңынан ертіп алуға оның мүмкіндігі болып отыр» [3, 13-14-бб.]

Көріп отырмыз, нарықтық қатынас атаулыға мүлде жаны қас және бағаны жоғарыдан мемлекеттік жолмен ұстап тұруды жақтайтын И. Сталин ежелден келе жатқан шаруа психологиясын – олардың базар бағасын көтеруге деген ынтасын күйретуге шақырды. «Біздің дайындаушы ұйымдарымыз, -деді одан әрі ол, - алыпсатарлықты ауыздықтау орнына өзара жанталасқан бәсеке жүргізді, дайыналушылардың біртұтас майданын бұзды,астықтың бағасын өршітіп жіберді, сөйтіп жалдаптар мен кулактардың баға жөіндегі советтік саясатты бұзуына, рынокты нашарлатуына, дайындық қарқынын бәсендетуіне еріксіз көмектесіп отырды» [4, 14-б.]

Мұнан ары  И.Сталин партия ұйымдарын осы мәселемен белсенді айналыспады, бұл істе олар өздеріне жүктелетін жұмысты ұмытып кетті,-деп ренжіді. Сонымен бірге ол партия ұйымдарының кулакқа қарсы өз деңгейінде жүргізбей отырғанына да қатты қынжылды. «Кулактарға қарсы және кулактың қауіпіне қарсы күресте алатын болсақ, онда біздің партия ұйымдары әлі де бұл жөнінде істеуге тиісті жұмыстардың бәрін түгел істей қойған жоқ. Соңғы кезде  біздің ұйымдарымызда, партия ұйымдарында болсын, басқа ұйымдарда болсын, партияға жат, белгілі элементтердің пайда болған себептері, тегінде міне осы; бұл элементтер деревнядағы таптарды көрмейді, біздің таптық саясатымыздың негізін түсінбейді, сөйтіп жұмыс жүргізгенде деревняда екімді ренжітпеуге, кулакпен тату тұруға жалпы ажанда деревнядағы «барлық таптарға» бірдей жақсы атты көрінуге әрекеттенеді [5,15-б.]

 Кулакқа қарсы күрес жүргізе алмайтын мұндай коммунистердің барынан жоғы жақсы деп қортындылады өз ойын И.Сталин.   «Осының бәрі, -деді ол, - біздің жұмысымыздағы қателермен, өнеркәсіп тауарларының деревняға кем апарылуы, ауылшыруашылықтың салынуының жеткіліксіздігі, деревнядан басы артық ақшаны жина ала білмеушілік сияқты, т.с. қателер қосыла келіп, - астық дайындаудағы дағдарыстың тууына жағдайлар жасады» [6, 16-б.].

И.Сталин аталған қателерді жоюды талап ете отырып, бұл істе жауапкершілік «тек партияның жергілікті ұйымдарына ғана емес,ең алдымен Орталық Комитетке жүктелді [7, 16-б.]», - деп түйіндеді өз ойын.

Астық дағдарысынан шығудың ең басты жолы кулактарға қарсы РСФСР қылмысты істер Кодекстің 107 бабын қолдану болды.Бұл бап бойынша сатып алу,тағып қою жолмен таурларға бағаны қасақана көтерген кінәлерді үш жылға дейін бас еркінен айырып соттау,олардың дүние-мүлкін түгелдей немесе ішінара кәмпескелеу көзделді [8, 34-б.]

Қылмысты істер кодексінің бұл бабын кулактарға қарсы қолдану туралы нұсқауды И.Сталин өзінің 1928 жылдың 15 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында Сібірді аралаған сапарында берді [9, 69-б.]

Енді кулактардағы барлық артық астықтар сот жолымен мемлекет пайдасына кәмпескеленді, ол кәмпескеленген астықтың 25% (Қазақстанда 20%) [10, 15-б.] кедейлер және қуаты шамалы орташаларға төменгі мемлекеттік бағамен немесе ұзақ мерзімді қарызға берілуі тиіс болды [11, 34-б.].

Жоғарыда аталған 1928 жылы 13 ақпанда «БК(б)П Орталық Комитеті тапсыруы бойынша» И. Сталин қол қойған партияның барлық ұйымдарына нұсқауда ауқатты шаруаларға қарсы тағы да мынандай қосымша қысымдар жасау белгіленді.

«Шаруалардың мемлекетке бересілі борышын (ауылшаруашылық салық, қауіпсіздендіру, қарыз, т.б. жөніндегі недоимкалар) өндірерде, деревняның дәулетті топтарына, әсіресе кулактарға кысым жасау... қажет [12, 21-б.]». 

        «Өзара салық жөнінде деревняның кулактары мен ауқатты топтары үшін ауылшаруашылық салығымен салыстырғанда көтеріңкі салық прогрессиясы қолданылсын... 

        Дайындау науқанының барысында партия, совет және кооператив үйымдарын тексеру, үзілді-кесілді тазарту ісін жүргізе отырьш, олардан жат элементер мен бояма элементтер қуылатын болсын... [13, 21-б.]. 

        Орталықтың нұсқауы жергілікті жерлерде азық-түлік дайындау науқанының негізгі ауыртпалығын байлар мен кулактарға бағыттауға жұмылдырды. Қазақстандағы жағдайды Ақтөбе губерниялық партия комитетінің өзінің жергілікті комитеттеріне 1928 жылдың 29 сәуірінде жолдаған нұсқау-жарлығынан аңғара аламыз. Жарлықта алғаш бүкіл елдегі жағдайға және осыған байланысты губерния алдында «тұрған міндеттерге қыскаша түсініктеме берілген. «Елдің шаруашылықтық жағдайы, ... деп атап көрсетілген онда, —казір барлык күштерді және әдістерді астық даярлау мәселесі төңірегіне барынша жүмылдыруды талап етеді. Өйткені «астыққа деген ең төменгі сүранысты қамтамасыз ету үшін бізге осы кварталда 100 млн пұттан кем дайындамау керек» (БК(б)П ОК Саяси бюросының нүскауынан). Бүкіл Қазақстан бойынша 7 млн пұт дайындалуы тиіс. Осы негізгі міндеттерге сөйкес БК(б)П губкомы астық дайындау науқанын тағы да шұғыл, кеңінен өрістетуді ұсынады. Оның өзін орташаға және кедейге байланысты асыра сілтеулерге жол бермеу және оларды түзету (артық астықты заңсыз кәмпескелеу, тұтқынға алумен әуестену және с, с.), тек ауылмен деревнянын ауқатты, кулак-бай тобына қысым жасау түрінде жүргізу керек. 

 Біздің губерниямызда мамыр-маусым бойы 200 000 пұт даярлануы тиіс [14].

Нұсқаудан көріп отырмыз, Мәскеуден берілген нұсқауда тек «кулакты» жазалау ұсынылса, қазақстандықтар оған қоса «ауқаттыларды» да, «байларды» да қуғындауды ұсынады. Әсіресе «ауқаттыларға» кімдер жататынын әлі ешкім ажырата алмайтын заманда бұл төтенше нұсқау, әрине орташаны да қамтып кетті. 

Бұл аз болғандай осы нұсқаудың қаулы бөліміндегі 3-ші пункті «ауқатты», «бай» деген ұғымға «частник», яғни «жекеше» деген әлеуметтік категорияны енгізіп жазалаудың ауқымын одан ары кеңейте түсті. Түсінікті болу үшін осы бағыт орыс тілінен аудармай сол қалпында оқып көрелік: «З.В. проводимую кампанию необходимо усилить нажим на кулацко-байскую часть аула и деревни и частников (бөліп керсеткен біз – Ф. Қ.), злостно спекулирующих на хлебе, применяя к ним директиву ЦК 107 ст. УК, учитывая при этом необходимости недопущения ранееиимевших место ошибок в применении этой статьи и других мер нажима к середняцким группам [15]. 

 Иә, қаулы өзін-өзі теріске шығарады: орташаларға қысым жасама, «жекешеге» қысым жаса дейді, сөйтіп орташаның да жекеше шаруашылығы бар екенін естен шығарады.

 Нұсқаудың 5-ші пункті «кулак пен байға қарсы кедейлер мен орташаларды топтастырып, нағыз таптық өрлеу туғызуға байланысты түсіндіру жұмыстарын дайындау науқанын да күшейте түсуге шақырды [16]. 

 Ал оның 6-шы пункті «халықтың ауқатты бөлігінен әртүрлі қарыздарды өндіріп алу» жұмысын «астық дайындауды күшейтумен ұштастыра жүргізуді» ұсынады [17]. 

 Осылайша, бұл нұсқау тағы да «халықтың ауқатты бөлігіне» (олардың кім екендері толық айқын болмаса да) қысым жасауға шақырды. 

1928-1930 жылдары Қазақстанда, әсіресе, оның астықты солтүстік аудандарында егін шықпай қалды. Ал 1929-1930 жылғы қыста даланы жұт жайлады. «1928-1929 жылы күз бен қысқа астық тапсыру жоспары 11,5 миллион центнер болып белгіленген еді, мүның өзі шаруа қожалықтарының нақты мүмкіндіктерінен үштен бір бөлікке дерлік артық болатын » [18]. 

  Оның үстіне тапсырылатын астық жинауды төтенше шаралар арқылы жүргізу салған беттен республикадағы жағдайды ушықтырып ала жөнелді. Деревнялар мен ауылдарға өлкелік және округтік органдардан төтенше нұсқаулар мен праволар берілген 4812 уәкіл жіберілді. Қатыгездік пен құралдарды қолдануда талғамсыздық таныту, өрескел іс-қимыл бұлардың жұмысының негізгі өзегіне айналды. Басты соққы кулактар мен байларға берілуі керек еді. Бірақ жағдайды нашар білетін уәкілдер көп ретте орташаларды, кейде тіпті кедей-кепшікті соғып жатты. 

 Әкімшілік шаралар экономикалық тиімділік бере қоймады. Жазаланған 34121 «бай мен кулактан» 631 мың пұт астық және 53400 мал алынды, мұның астық дайындау жоспарының бар-жоғы бір процентке жуығы және ет дайындаудың 3,5 проценті еді. Солай болса да «ВКП(б) Қазақ өлкелік комитеті 1929 жылдың көктемінде астық дайындаудың жоспарын 84,3 процентке, ал ет дайындаудың ірі қара бойынша өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп болғаны жөнінде рапорт берді [19, 170-б.]. 

 Астық дайындау жөніндегі негізгі салмақ орташалар мен кедейлерге түскені белгілі, Және олардың көбісінің астығы соңғы түйір дәнге дейін сыпырып алынды. Мүлдем егін салмайтын көшпелі қазақ қожалықтары да астық тапсыруға міндетті болды. 

 1931 жылғы 23 августе Балқаш ауданы 7 ауыл кеңесінің бас қосқан жиналысында мынадай қаулы қабылданады: 

«Ауданнан келген астық жоспары негізінен қабыл алынсын. Ауылдардан алынған мағлұматтарға қарай әр шаруашылықтың ыңғайына қарай бөлінсін. Бұл жөнінде ауылдарға бөлінген жоспарлар қалай да мерзімді уақытында орындалатын болсын. Бай-кулактар тапсыруға тиісті астық жоспарын бсс күн ішінде орындайтын болсын. Әрқайсысы осы бес күн ішінде орындамаса, тиісті жазасы беріліп, ауылдан қуылуға дейін шара көрінсін. 

 Астық бітпей қашан соңғы түйірге дейін сыпырылып алынғанша, өлкелік комитет басшылары жоспарды калай да орындатумен болды. Тіпті, партия қызметкерлерінің де төзімі түгесіді. Облыстық, аудандық партия комитетінің хатшысы Извари былай деп телеграмма соққан: «Астық әзірлеу жоспарын біз бидаймен емес, балықпен және құс етімен орындай аламыз». Бірақ Голощекин оларды сотқа берген. 

 1932 жылдың басынан бастап Алматыға жер-жердегі аштық туралы хабарлар айтыла бастайды. Оның негізгі себебінің бірі астық дайындауда асыра сілтеушіліктерге бой беру болып табылады. Ырғыз аудандық партия комитетінен Тоқтаров Голощекин атына мынадай телеграмма берген: «Өлкелік комитет, Голощекинге, астық әзірлеу жоспарын орындау есебіне, жұртқа берілуге тиіс бидайды ұстап қалу арқылы, 300 центнер астық жинады. Ішінара 2203 қожалықта анықталған аштықты көріп, әзірленген астықты етке мал өткізушілерге үлестіру үшін кері қайтаруға нұсқау беруіңізді сүрайды [20]». 

 Тұқым жинау барысында жіберілген қателіктер, атап айтқанда тұқым жоспарының түтін басына түсірілуі, бүрын соңды егін екпеген малшыларға да осындай салықтың салынуы малдың базарға көптеп шығарылуына немқұрайлылык көзқарасын тудырды. Мәселен, «Қызылорда округінде түйені 2 пұт, ал қойды 8 қадақ бидайға айырбастай берген [21]». Оның үстіне кей жерлерде егін егу жоспарлары көтеріңкі түрде бекітіліп, жергілікті ерекшеліктер тіптен ескерусіз қалған. Мысалы, мал шаруашылығына негізінен Қармақшы ауданынын мал өсіруден түсетін табысы, округтік қаржы бөлімінің мәліметі бойынша бір миллион сомнан асса, ал жер шаруашылығынан (егіс көлемі 1200 алынғаны бар) 95 мың сом ғана болған. Осыған қарамастан, егістікті 13085 гектарға жеткізу жоспарланған. Бұған себеп тұқым қайда? «Тереңөзек ауданында кедейлердің үйлерін тінтіп, тұқым өткізу жоспарын орындамағандарға 6-ауылдан – 10, 8-ауылдан —15, 10,11-ауылдан 10 кедей мен батырақты қамауға алған [22]. 

 Сталиннің нұскауы кезінде колхоздағы, жеке қожалықтардағы астық түгелімен сыпырып алынды, валюта үшін шет елдерге астық сату шектен тыс арттырылды. Мысалы: «1930 жылғы жиналған 835 миллион центнер астықтың 48,4 миллион центнері экспортқа шығарылған. Ал, 1931 жылы бар болғаны 695 миллион центнер астық жиналса да сыртқы  рынокқа 51,8 миллион центнер астық жөнелтілді. Көп колхоздар тіпті тұқым қорынсыз қалды, Кеңес үкіметі ашыққандарға аяусыз жазалау шараларын қолданды. 1932 жылдың тамыз айында егіс даласында астық алғаны үшін ату жазасын шығарды. Сол жылы 55 мың адам тұтқынға алынып, 2 мыңы атылды [23]. 

 Тағы да деректерге жүгінелік: 5-ші ауыл кенесі алқа мүшелерінін бас қосқан мәжілісінен (16/ХІІ – 1931 жыл №14 тоқтам санынан); Ауылға саяси науқанға байланысты шыққаннан кейін алқа отырысы мына кемшіліктерді көрсетеді. Бұл бригадирлер берілген 48 сағат срок ішінде түрлі науқанды орындамай, жауапкер екендігін білмеген, өздерін жауапкерміз деп санамаған, өздеріне жазылып берілген документтерде не жазылғанын білмеген. Оған дәлел: сол айтылған 48 сағат срок ішіңде түрлі саяси шаруашылыққа екпін беріп, барлық науқанды айтылған срок ішінде орындау орнына 61 пұт қана 6астық алынған. Оның 13 пұты запас азық. «Біз шыққанда бәрін орындаймыз деп шығып уәде берген жоқпыз, келешекте де бәрін орындаймыз деп айта алмаймыз, әсіресе астық жағынан қауіптіміз, бірақ шамамыз келгенінше орыңдаймыз» - дейді. Сондықтан бұл жауапты бригадир Нұржігітұлы, Жұмашұлы, Бақжігітұлы, Сармантай ұлдарының істерін нашар деп тауып, алқа төмендегі тиянаққа келеді. 

 Қаулы: Осы аталған бригадирлердің жұмысты екпіндете алмағаны, қаулыны орындамағаны, жауапкершіліктерінің кеміп кеткені үшін ақырғы қатты сөгіс берілсін. Олардың ақырғы орындау срогі 12 сағат болсын. Егер барлық түрлі саяси науқандары 4 сағат ішінде орындалмаса аяусыз соққы берілсін [24,17-б.]». 

 Бұл мәжілісте сөз болган жайттарды әдейі толық келтірдік. Жоғарыдағы бригадирлерді айыптап, жостарды орындауға мәжбүр ету – буынсыз жерге пышақ ұру еді. Сол себепті жазықсыз сотталғандар да болды. Мысалға: Балқаш аудандық тергеушісі 7 Қазақбайұлының 1932 жылғы 27 майдағы тергеу анықтамасынан үзінді келтірейік: «Балқаш аудандық тергеушісі Қазақбайұлы өз тергеуінде Қазақ заңының 109-110 параграфында айтылғандай, Балқаш ауданының 8-ші ауылындағы азаматтар Жолшыбекұлы, Айқымбайұлы, тағы басқа азаматтардын 65 санды қылмыс істерін таптым. 1931 жылдың август айларынан бастап аудан көлемінде астық дайындау жұмысы, сақтық тұқым қорын жинау жұмысына даярлық жүргізілген. Астық дайындау жұмысы мен түрлі саяси шаруашылық науқандарды өткізуге 11-ауылға аудандық жерден Можитұлы жіберілген. Ол ауылдағы ескі әдетке той қылу, ат шаптыру, үй тігу, қыз ұзату жұмыстары етек алып, түрлі науқан істеріне бөгет бола тұрса да, тиым салмаған. Ауылдағы кеңес, партия үйымдары да бұл сияқты жолсыздықтармен күресе алмай, өздері бас болып той істетіп жүргендіктері анықталды. Мұның үстіне, ауданнан берілген 10980 пұт астық жоспарын орындау орнына оңшылдыққа салынып, бұл жоспарды орындай алмаймыз, орындасақ – ел ашығып қалады деп, солақай оңшылдыққа түскен. Мұндай сорақылықтармен күреспесе болмайды [25, 17-б.]».

Осындай қоқан-лоққыдан кейін мұндай «саяси-шаруашылық науқанға» батылы барып кім қарсы шыққан? 

Иә, мәселе не кулакқа, не социалистік құрылысқа! -деп тым төте, әрі біржақты қойылды. Дамудың балама жолдары бар емес пе? Жекеше шаруалар қожалықтарын немесе кооперативтерін өркендету жолдары ше? – деп ол кезде сұрақ қоюдың өзі қауіпті еді. Ауыл шаруашылығы екі жолдың бірін ғана таңдауы тиіс болды және екінші жолды таңдады. Ал бұл жол – социалистік сектор жолы, меншік иелері атаулыны кулакқа жатқызып, шаруалардың ең іскер бөлігін жау тап ретінде жаппай жою жолы еді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.  Сталин И.В: Шығармалар, Алматы: Қазбірмембас, 1950, 11 том, - 431 бет, -6 сем,  -11-б.

2.  Сталин И.В: Шығармалар, Алматы: Қазбірмембас, 1950, 11 том, - 431 бет, -6 сем,  -11-12-бб.

3. Сталин И.В: Шығармалар, Алматы: Қазбірмембас, 1950, 11 том, - 431 бет, -6 сем,  -13-14-бб.

4. Сталин И.В: Шығармалар, Алматы: Қазбірмембас, 1950, 11 том, - 431 бет, -6 сем, -14-б.

5. Сталин И.В: Шығармалар, Алматы: Қазбірмембас, 1950, 11 том, - 431 бет, -6 сем,  -15-б.

6. Сталин И.В: Шығармалар, Алматы: Қазбірмембас, 1950, 11 том, - 431 бет, -6 сем,  -16-б.

7. Сталин И.В: Шығармалар, Алматы: Қазбірмембас, 1950, 11 том, - 431 бет, -6 сем,  -16-б.

8.  Уголовный Кодекс РСФСР редакцией 1926 года с изменениями 20 марта 1931 года. М., 1931, «История Советского крестьянства», 2-том, -34-б.

9. Сталин И.В. Шығармалар, 11 том, 3 б. Бұл туралы нақтырақ жазылған: Омарбеков Т. Шаруаларға шабуыл қалай басталды? И. В. Сталиннің Сібір сапарының Қазақстандағы салдарлары. // Ақиқат. 1993, № 61-65, Иконникова И.П., Угроватов А.П. Сталинская репетиция наступления накрестьянство. // «Вопросы истории КПСС», 1991, №1. – 69-б.

10. Омарбеков Т. Қазақ шаруаларын жеке меншік қожалықтарынан айыру және ұжымдастыру тарихы мен ағылымы. Докторл.дисс. авторефераты, А., 1994, -15-б.

11. История советского крестьянства. 2 том, -34-б.

12. Сталин И.В: Шығармалар, Алматы: Қазбірмембас, 1950, 11 том, - 431 бет, -6 сем, 25000 дана,-21-б.

13. Сталин И.В: Шығармалар, Алматы: Қазбірмембас, 1950, 11 том, - 431 бет, -6 сем, 25000 дана, -21-22-бб.

14. ҚР ПА, 131 қ., 1т., 1867-іс, 88п.

15. ҚР ПА, 131 қ., 1т., 1867-іс.

16 ҚР ПА, 131 қ., 1т., 1867-іс., 88-89 п. 

17. «Социалистік Қазақстан», 1989 жыл 14 қаңтар.

18. «Социалистік Қазақстан», 1989 жыл 14 қаңтар.

19. «Жұлдыз», 1989, №12, -170-б.

20. «Алматы ақшамы», 1990 жыл 18 мамыр.

21. «Социалистік Қазақстан», 1990 жыл 26 тамыз

22. «Социалистік Қазақстан», 1990 жыл 26 тамыз

23. «Жетісу», 1992 17 наурыз.

24. «Жұлдыз», 1989. №12 -17-6.

25. «Жұлдыз», 1989. №12, -17-6.

References

1. Stalin I.V. Shygarmalar, Almaty: Kazbirmembas, 1950, 11 tom, 431 bet, - 1950, sem 6, 25 000 dana, -11-b.

2. Stalin I.V. Shygarmalar, Almaty: Kazbirmembas, 1950, 11 tom, 431 bet, - 1950, sem 6, 25 000 dana, -11-12-b.

3. Stalin I.V. Shygarmalar, Almaty: Kazbirmembas, 1950, 11 tom, 431 bet, - 1950, sem 6, 25 000 dana, -13-14-b.

4. Stalin I.V. Shygarmalar, Almaty: Kazbirmembas, 1950, 11 tom, 431 bet, - 1950, sem 6, 25 000 dana, -14-15-b.

5. Stalin I.V. Shygarmalar, Almaty: Kazbirmembas, 1950, 11 tom, 431 bet, - 1950, sem 6, 25 000 dana, -15-b.

6. Stalin I.V. Shygarmalar, Almaty: Kazbirmembas, 1950, 11 tom, 431 bet, - 1950, sem 6, 25 000 dana, -16-b.

7. Stalin I.V. Shygarmalar, Almaty: Kazbirmembas, 1950, 11 tom, 431 bet, - 1950, sem 6, 25 000 dana, -16-b.

8. Ugolovnyj Kodeks RSFSR redakciej 1926 goda s izmenenijami 20 marta 1931 goda. M., 1931, «Istorija Sovetskogo krestjanstva», 2 tom, -34-b

9. Stalin I.V. Shygarmalar, Almaty: Kazbirmembas, 1950, 11 tom, 431 bet, - 1950, sem 6, 25 000 dana, -3-b. Bul turaly naktyrak zhazylgan: Omarbekov T.. Sharualarga shabuyl kalay bastalady? I.V. Stalinnin Sibir saparynyn Kazakstandagy saldarlary. // Akikat. 1993, № 61-65, Ikonnikova I.P., Ugrovatov A.P. Stalinskaja repeticija nastuplenija nakrest'janstvo. // «Voprosy istorii KPSS», 1991, №1. – 69-b.

10. Omarbekov T. Kazakh sharualaryn zheke menshіk kozhalyktarynan ajyru zhane uzhymdastyru tarihy men agylymy. Doktorl.diss. avtoreferaty, Аlmaty., 1994, -15-b.

11. Istorija sovetskogo krestjanstva. 2 tom , -34-b.

12. Stalin I.V. Shygarmalar, Almaty: Kazbirmembas, 1950, 11 tom, 431 bet, - 1950, sem 6, 25 000 dana, -21-b.

13. Stalin I.V. Shygarmalar, Almaty: Kazbirmembas, 1950, 11 tom, 431 bet, - 1950, sem 6, 25 000 dana, -21-22-b.

14. RK PА, a.131 , 1 tom., 1867-is, 88 p.

15. RK PА, a.131 ,1 tom, 1867 is.

16 RK PА, a.131 ,  1 tom, 1867 is, 88-89 p. 

17. «Socialistik Kazakhstan», 1989 January, 14.

18. «Socialistik Kazakhstan», 1989 January, 14.

19. « Zhuldyz », 1989, №12, -170-b.

20. «Almaty akshamy», 1990 May, 18-b.

21. «Socialistik Kazakhstan», 1990 August, 26. 

22. «Socialistik Kazakhstan», 1990 August, 26.

23. «Zhetysu», 1992 Mart, 17-b.

24. « Zhuldyz », 1989. №12 -17-b.

25. «Zhuldyz», 1989. №12, -17-b.

                                             Козыбакова Ф.А. 

                  Кампания по заготовке кормов в Казахстане: репрессия казахских крестьян

В этой статье проанализированы причины «Зернового кризиса», действия партии большевиков против зажиточных крестьян. Автор на основе трудов И.В. Сталина и документальных источников АП РК и ЦГА РК доказывает, что центр был заинтересован стабильно держать цену и был против рыночного отношения, не поднимать цену базара.

Исследователь  считает политику имперской власти советского Казахстана по «ликвидации зажиточных крестьян»  противоестественной, лишенной человечности, преступной политикой и указывают на тяжелые  последствия,  как лишение казахских хозяйств знатоков основ и правил организации традиционного скотоводства,  с учетом  природных особенностей сельского хозяйства Края. Автор дает научное обоснование окончательному разрушению традиционного хозяйства казахов.

Ключевые слова: имперская власть, И.В. Сталин, кризис, архив, частник, конференция, тоталитаризм,суд, постановление, мятеж, государство, преступление, кодекс, зажиточный, бай, частный.

                                                                        Kozybakova Fatima

               Сampaign on the purveyance of forage in Kazakhstan: repression of kazakh peasants

In this article analysed reasons of the «Grain-growing crisis», actions of party of bolsheviс against prosperous peasants. The author on the basis of works of Y.V. Stalin and documentary sources of the PA and CGA of the Republic of Kazakhstan proves that a center was interested stably to hold a price and felt strongly about a market relation, not to lift the cost of market. 

Author consider that “liquidation against prosperous peasants” politics of soviet Kazakhstan imperial authority is unnatural, lacking humanism and illegal politics. Thus it has unbearable consequences: liquidation of knowledgeable, experienced people, who knew how to organize traditional cattle breeding based upon natural characteristics of agriculture. Author scientifically prove the final destruction of traditional economics.  

Keywords: imperial power, Y.V. Stalin, crisis, archive, private trader, conference, totalitarianism, court, decision, revolt, state, crime, code prosperous, rich man, private.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 1486

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Қазақстанда астық дайындау науқаны қазақ шаруаларын қуғындау.docx 0.03 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) ӘОЖ 94 (574) «20/30» Қазақстандағы нарық механизмінің соңғы элементтеріне қарсы Сталиндік экстремистік саясат ӘОЖ 94(574) “1920/30”:336.22 Қазақстанда астық дайындау науқаны: қазақ шаруаларын қуғындау КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ ХХ Ғ. 20-ШЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТЫ ӘОЖ 323.31(574)(09) СЫЗДЫҚ СҰЛТАННЫҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ 94(574): 373. 016 Қазақстан тарихы мектеп оқулықтарындағы ұлттың интеграциясы, патриотизмі мен бірлігі мәселелері ӘОЖ 94 (574). 02/.08 ЖОЛАМАН ТІЛЕНШІҰЛЫ БАСТАҒАН КӨТЕРІЛІС АЛДЫНДАҒЫ КІШІ ЖҮЗДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ЖАҒДАЙ

Автордың мақалалары

ӘОЖ 94(574) “1920/30”:336.22 Қазақстанда астық дайындау науқаны: қазақ шаруаларын қуғындау