Басты бет » Материалдар » Өзбек және қарақалпақ халықтарының этномәдениеті

М.Қ. Егізбаева. Т.ғ.к., Қазақстан, 140000, Алматы қ., әл-Фараби даңғылы, № 71, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, археология, этнологи

Өзбек және қарақалпақ халықтарының этномәдениеті

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(08)

Тегтер: киім, салт-дәстүр, этнография, ұлт, Этнос, қолөнер.
Аңдатпа:
Тәуелсіз Қазақстан – көпұлтты мемлекет, елімізде 130-ға жуық ұлттың өкілдері өмір сүреді. Оның ішінде түркі халықтарының орны ерекше. Әлемдік өркениетте өзінің анық ізін қалдырған түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, оның ішінде түркі халықтарының тарихи-этнографиялық құндылықтары әлі күнге дейін толығымен кешенді түрде зерттелмей келе жатыр. Осындай маңызды зерттеу нысанына Орталық Азияның түркі халықтары да жатады. Аталмыш мәселе мақаламызда өзбек және қарақалпақ халықтарының дәстүрлі мәдениеті негізінде қарастырылады. Бүгінгі таңда кең байтақ Еуразия алқабын бізге мұра етіп қалдырған бабаларымыздың мол дүниетанымға толы мәдени құндылықтарының сырын ашу этнология ғылымының алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі. Аталған проблемалар жалпы түркі жұртына ортақ мұра. Мұндай мәселелерді зерттеу Қазақстандағы ұлттар арасындағы түсіністік пен ынтымақтастыққа қол жеткізуде үлкен септігін тигізері даусыз.
Мазмұны:

XXІ ғасырдың басында көпұлтты Қазақстан ұлтаралық келісім мен азаматтық тұрақтылыққа деген ұмтылысын дәлелдеді. Бұл тұрақтылық ұлттық саясат мәселелерін шешудің жолдары мен тәсілдерін таба білген мемлекет басшылығының ықтиятты жұмысының нәтижесі. Бұл стратегияның негізі болып әрқашан мәмілеге келу жолдарын іздеу, халықтар арасындағы келісім мен сенім аймағын кеңіту болып табылады.  Бұл жолда ерекше орынды Қазақстан халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттейтін  еңбектерге беруге болады. Міне, осы мақсатпен біз мақаламызда өзбек және қарақалпақ халықтарының этномәдениетінің кейбір аспектілеріне тоқталмақпыз.

Өзбек халқының киімі.  Өзбектер, түріктер және тәжіктердің киімі негізінен бір-біріне ұқсас болып келеді. Олардың киімдері қарапайым және пішілуі жағынан барлық жастағылар мен ерлердің де, әйелдердің де киімі бір пішінде болды.

Киім тігу үшін ХІХ ғ. екінші жартысында қолдан жасалған дөрекі мақта-мата маталарды қолданды. Фабрикалық маталар (әсіресе ала сиса, қызыл мата, жолақты және ақ қағаз маталар), қала тұрғындарының арасында Ресейге қосылмай тұрып-ақ кең тарады, ауылдық жерлерде темір жолдар салынғаннан кейін, ХІХ ғ. соңында пайда бола бастады.

Ерлер, әйелдер және балалардың киімдері көйлек, шалбар және шапаннан тұрды.  Көйлек немесе «куйляк» туникаға ұқсас етіліп пішілді. Ерлер көйлектері тізеден төмен болып тігілсе, әйелдер мен балалар көйлектері тобыққа дейін түсіп тұрды. Ерлер көйлектерінің жеңінің ұзындығы саусаққа дейін жетсе, ал әйелдердің көйлектері жеңінің ұзындығы қолын төмен түсіргенде тобыққа дейін жететін болды.

Ерлер, балалар және қыздардың көйлектерінің жағасы көлденең жырықты болды, яғни иықтан иыққа дейін жетті (өзбекше айтқанда «киптаки»). Көйлектің жағасын жияк деп аталатын тоқылған таспамен немесе басқа матаның жіңішке жолақ-қиындысымен жиектеді. Әйел көйлегі жағасының ұзын тік жырығы болды. Оны да үш саусақтың көлеміндегі таспамен жиектеп, мойынның тұсынан баумен байлап қойды. Таспаны қара жүннен иіріп, сары және қызыл жіптерден тоқылған кестемен әсемдеді.

Шалбарлар «иштон»  деп аталып, кең болып пішілді. Жасы ұлғайған еркектер балағы тобыққа дейін жететін шалбарлар киді, жастар одан сәл қысқалау шалбарлар киді. Әйелдер және қыздардың шалбарлары өкшесіне түсіп тұрды, балағының етегін ені бір саусақтай болатын жүн таспамен жиектеді. Балалар әдетте шалбарсыз ұзын көйлектер киіп жүрді. Жартылай көшпелі өзбектердің кедей отбасыларында тіпті ұл балалар көйлекті 12-13 жасында немесе одан кейін киетін [1, 15 б].

Жасы үлкен еркектердің көйлектері мен шалбарларын боялмаған бөзден тіксе, қалғандарына дөрекі теңбіл маталар -  калями мен аляктан тікті. Егде әйелдер бөзден тігілген ақ көйлектер киді, алайда шалбарлары калямидан тігілді. Барлық жерлерде әйелдер шалбарының көрінбей тұратын жоғарғы жағын арзан матадан тіксе, көрініп тұратын төменгі жағын қымбат матадан тікті. Ауқатты обасыларында көйлектер мен шалбарларды алачадан тікті.

Сырт киімдердің түрлері сан алуан болды. Оның негізгі түрі – арасына мақта салып сырылып тігілген шапандар мен тондар болды (чапон, тун). Еркектер оны үнемі киіп жүрді, әйелдер суық кездерде ғана киді. Шапанның түймелігі жоқ, етегінің екі жанынан жырық салынып, жеңі ұшына қарай қусырылып тігілді. Ерлер шапанының жіңішке сырылған тік жағасының екі ұшы кеуде тұсында қосылып  тұрды. 

Мақта шапанның сыртынан еркектер жегда  деп аталатын, аталған пішінмен тігілген, бірақ астарсыз жеңіл шапанды киіп жүрді. Көйлекті пен шапанның белін тек қаралы болған жағдайда ғана буынатын. Белбеудің қызметін «белбоғ» деп аталатын, кестеленген мата кесіндісі – бел орамалы атқарды. Оны қиғаштап бүктеп, алдынан түйіндеп байлады. Базарға немесе алыс жолға шыққанда ұзын мата кесіндісін белге орап буынды.

Суық күндері аталған екі шапанның сыртынан мауытыдан тігілген чекмен немесе қойдың тықырланған терісінен тігілген тон пустинді киді. Ауқаттылар елтіріден тігіліп, қымбат матамен тысталаған ішіктер барра пустинді киді [2, 112 б].

Еркектер  қыста шапанның ішінен гуппи деп аталатын, мақтамен сырылып тігілген көйлекті киді. Малшылар суық күндері сырт киім ретінде кебенек деп аталатын астары киізден жасалған шапандарды киіп жүрді.

Тұрмыстағы әйелдің мунисак деп аталатын мақтамен сырылып тігілген, жағасыз, жеңнің астынан бүріліп тігілген шапанның ерекше түрін, сонымен қатар, астарсыз шапан жегдені киді. Қыздардың сыртқы киімі сырылған, жағасыз шапан болды. Оның мунисактан айырмашылығы жеңінің астында бүрмесі болмады.

Қонаққа барғанда әйелдер бірнеше көйлекті бірінің сыртынан бірін киді.  Іш көйлек әдете ақ түсті болса, жастардың сыртқы көйлектері ашық түсті, ал жасы үлкен әйелдердің киімі сыпайы түсті болды.

Ерлердің бас киімі кестесіз тақиялар мен салла (сәлде) болды. Қарт адамдар салланың астынан сырылған немесе теріден тігілген бөрік киді. Кейбір жерлерде бастарына киіз қалпақ киді, оны қазақы қалпақ деп атады [2, 123 б].

Тұрмыстағы әйел адамның бас киімі күрделі болды. Ол шашбаулары, мойын мен кеудені жабуға арналған ақ мата кесіндісі, бір немесе бірнеше орамалдан тұратын сәлдесі бар дөңгелек бас киімнен тұрды. Бас киімнің пішіні, оның атауы, орамалдардың саны әр түрлі этникалық топтарда бірдей болмады.  Жартылай көшпенді өзбектердің көбінде кийгич деп аталатын мұндай бөрік арасына мақта салып сырылған және оның шашбауы бұрымды белге дейін жауып тұрды.

Бөріктің сыртынан румол деп аталатын қиғаш бүктелген үлкен орамалды жауып жүрді. Орамалдың сыртынан сәлденің пішінінде мата қиындысын (дастор) байлап алды.

Мойын мен кеудені тік бұрышты ақ мата кесіндісі лачакпен жауып жүрді.

Жартылай көшпенді өзбектерде сәлденің сыртынан томок румол деп аталатын тағы да бір үлкен орамалды, оның екі ұшын мойынды айналдыра тақты. Жасы егде әйелдер сәлденің сыртынан ақ орамал тақты, ал жастар мұндай орамалыңд түсті жіптермен кестеленген түрін тақты.

Үйден шыққанда әйелдер тағы бір астарсыз, жолақты матадан тігілген желак деп аталатын жеңіл шапанды бастарына жауып шықты.  Желекті кигенде оның бір жеңі арқаға түсіп тұрды. Ал паранджа – алдамшы ұзын жеңі бар, жамылғыш шапан тек байларда ғана кездесті, әдетте оны тойға сатып алатын және оны жас келін бетіндегі торсыз киді [3, 37 б].

Еркектер аяқ киіміне келетін болсақ, олар етік, мәсі (махси) және оның сыртынан галош (кавуш) киді. Әйелдер кавушты жалаң аяқтарына ғана киді. Жас әйелдер кавуштың биік өкшелі түрлерін киді. Ауқатты отбасыларының жасы үлкен әйелдері қысты күні мәсіні кавушпен бірге киді.

Әйелдердің  зергерлік бұйымдары – моншақ, сырға, білезік және сақиналар негізіненкүмістен жасалды, алтын және алтын жалатылған бұйымдар тек ауатты адамдарда ғана болды (әсіресе, отырықшы халықта). Олар Бұхара және Самарқандтың қалалық зергерлерінің бұйымдары еді.

Зергерлік әшекейлердің ішінде маржан моншақтар барлық жастағы әйелдер арасында  кең тарады (чин маржон), ал ақық моншақтар мен күміс теңгелерден  жасалған әшекейді (зебигардон) жас келіншектер тақты. Тұрмыстағы әйел міндетті түрде мұрынның шетіне латиба деп аталатын сырға тақты. Жас келіннің сәлдесіне бір біріне жалғанған күміс қаңылтырлар және салпыншақтардан тұратын шекелік әшекейді (синсила) тақты.

Әйелдер  шашын екі бұрым қылып өрсе, жас қыздар шаштарын көптеген ұсақ бұрымдарға бөліп өрді. Бұрымдарына жүн немесе қағаз жіптен жасалған шашбауларды (пупак) тақты. Ер адамдар шаштарын тақырлап алып, мұрт пен сақал өсірді, мұрттарын шариаттың заңдылығына байланысты қиып отырды.

Қарақалпақ халқының дәстүрлі кәсіптері. Қолөнер қарақалпақ халқының дәстүрлі кәсібі болды. Ел арасында ұсталар, ағаш ұстасы, ерші, зергерлер сияқты  көптеген шеберлер болды. Әйелдер тоқымашылық, кілем тоқу, киіз басумен айналысты.

ХІХ-ХХ ғ. басында қолөнершілер негізінен Чимбай, Кунград, Ходжеили қалаларында шоғырланды. Алайда қолөнершілердің көбі ауылды жерлерде көбірек болды [5, 23 б].

Қарақалпақ ұсталарының өздерінің жеке шеберхналары болды. Бірақ жеке шеберханасы жоқ кейбір ұсталар ашық аспан астында, үйінің жанында жұмыс жасай берді, ал суық түсісімен жұмысын үйінде жалғастырды немесе тапсырыс қабылдауын тоқтатты.

Ұста шеберханасын  дукан деп атады. Барлық Орта Азия халықтарына тән түсініктегідей дүкен киелі орын болып саналды.

Ұсталық кәсібі әкеден балаға немесе кіші інісіне мұрагерлікпен қалып отырды, кейде туыс адамдардың балаларын шәкірт қылып алды. Олар бірнеше жыл ұстаның үйінде тегін жұмыс істеді.

Ұстаның құралдарының бастысы төс пен көрік және тағы басқа саймандар  болды. Төстен басқа негізгі саймандардың барлығын ұста өз жасады, ал төсті Хиуа, Бұқара, Түркістан немесе Орынбор сияқты Ресейдің қалаларынан жеткізілді.

Төс те басқа құрал-саймандар сияқты киелі болып саналды, оның үстіне отыруға болмайтын. Отты үрлеуге арналаған көрік 7-8 ешкі немесе қой терісінен жасалды және қазақ көріктерімен өте ұқсас болды.

Әр түрлі көлемдегі сабы ағаштан жасалған бірнеше темір балғалар да ұстаның құралдарының бірі болды. Қарақалпақтар олардың көлеміне қарай «үлкен балға» немесе «кіші балға» деп атады. Бұдан басқа ұстаның құралдары кескіш, қашау, қысқыш, тескіш, көсеу, бұрғы, дәнекер, егеу және т.б. болды. Аталған саймандарың көмегімен олар кетпен, орақ, күрек сияқты ауыл шаруашылық құралдар мен күнделікті тұрмыста қолданылатын заттарды жасады. 

Қарақалпақ ұсталары қолданған техникалық әдістер, құралдың атаулары, формаларының Орта Азияның басқа халықтарымен айырмашылығы аз болды [6, 45 б].

Қарастырылып отырған кезеңде әр түрлі көлемдегі және үлгідегі, оынң ішінде арба дөңгелектеріне арналған  шегелерге деген сұраныс жоғары болды. Мұндай шегелерді қарақалпақтар гулмыйык шеге деп атады.  Шегенің барлық түрін шеге қалып арқылы соқты.

Ұсталар сонымен қатар, балық аулау құралдары шанышқы, ілме және қой қырқуға арналған қырықтық, аңшының қақпанын жасады.

Жергілкті ұсталар халықты үй тұрмысында қолданылатын қысқаш, қайшы, құлып, қырғыш, кепсер, темирошақ, пышақ, біз, ұстара сияқты металл заттармен де қамтамасыз етті. Әсіресе, халық арасында ұстара мен пышаққа деген сұраныс жоғары болды. Ұстараны болаттан, ал пышақты темірден кейде болаттан жасады.

Зергерлік өнері.  Қарақалпақтар зергерлік өнермен Орта Азия және Қазақстан халықтары сияқты өте ертеден айналысты. Қарақалпақ халқының зергерлік өнері туралы аз зерттелген. Дей тұрғанмен, олардың зергерлік бұйымдарының Орта Азия халықтарының бұйымдарынан өзінше ерекшелігі болды.

ХІХ-ХХ ғ. басында қарақалпақтар арасында зергерлік өнер өте жоғары деңгейде дамыған болатын. Олар негізінен әйелдің әшекей бұйымдары мен ер-тұрман, белбеу және т.б. заттарды жасаумен айналысты. Күмістен және алтыннан жасалған бұйымдар жоғары сұраныста болды. Әр бір үлкен  ауылдың өзінің зергері болды. Ол көршілес ұсақ ауылдардың да талаптарын қанағаттандырып отырды.

Зергерлер тапсырысты өзінің үйінде дайындады, кейде тапсырыс берушінің үйінде жұмыс істеуге де шақыратын. Сирек жағдайларда зергер өзінің құрал-саймандарын ала жүріп, ауыл-ауылдарды аралап, тапсырыс қабылдайтын, жұмыс біткен соң зергерге ақшалай, бидаймен немесе малмен ақысын қайтаратын. Кейбір зергерлер күміспен қайтаруды талап етті.

Әшекей бұйымдарға деген сұраныс үлкен болды, сондықтан тапсырыс беруші өзінің тапсырысын бірнеше ай күтуге тура келетін жағдайлар да болды. Зергерлердің бұйымдарында айырмашылық аз болды. Шебер өз ісіне өзінің баласын, жақын туысының баласын үйретуге тырысты [6, 89 б].

Алайда зергерлердің көбі осы кәсіптен түскен пайдаға күн көре алмады,  сондықтан егіншілік, малшылық, балықшылықпен қоса айналысты.

Қарақалпақ зергерлері әр түрлі әйел әшекейлері: сырға, білезік,  жүзік, қапсырма, әйкел, өңірмоншақ, түйме, тұмар, кілтбау және т.б. жасады. Көптеген зергерлер мыс құман, леген, насыбай шақша, сандықтың құлпы және т.б. заттарды жасады. Олар негізінен бай адамдардың тапсырысы бойынша жасалды. Асыл тастармен, алтын, күміспен безендірілген белбеулер, ер-тұрмандарды жасату тек ауқатты адамдардың ғана қалтасы көтеретін.

Кейбір зергерлердің арнайы шеберханасы болмады, ондай жағдайда олар бұйымдарды өзінің үйінде жасай беретін. Арнайы шеберханалар саз балшықтан жасалған ескі үйлер немесе киіз үйлер болды.

Зергердің құралдарын ұсталар жасап беретін, кейде өздері де жасай беретін. Зергердің құралдары ұрпақтан ұрпаққа қалып отырды. Зергердің құралдары төс, балға, көрік, қалып, егеу, қашау, қысқыш, іскенже, сымтараш, тескіш көсеу, дәнекер болды.

Әр бір зергердің міндетті түрде асыл металдар мен тастарды өлшеуге арналған таразысы болуы тиіс болды.

Зергерлік бұйымдарды жасайтын негізгі материал күміс болды, алтын сирек қолданылды. Кейде күміс пен алтынның ерітінділерін қосып, ашық сары түсті металды дайындады, оны «тилла» деп атады. Одан сырға, жүзік, білезік жасады [2, 56 б].

Қарақалпақ зергерлернің техникалық әдістері сан алуан болды. Олар қақтау, құю, оймалау, сіркелеу, қалыптау, шекіме, қақтау, алтын, күміс  жалату, сым кәптәу және т.б.әдістерді  қолданды.

Қарақалпақ зергерлері өздерінің бұйымдарын ақық, перуза, меруерт, маржан, гаухар сияқты асыл тастармен қатар түрлі түсті шынымен де безендірді.  Тасты бұйымның ортасындағы ұяға немесе жан-жағына  қондырды.

Қарақалпақ халқының зергерлік бұйымдары Орта Азия халықтарының бұйымдарынан көркемдік өзінділігімен және орындалу техникасымен ерекшеленеді. Олар көбінесе күмістен жасалып, ірі, өрнектелген, көптеген күміс салпыншақтармен безендірілген болып келеді. Кейбір бұйымдар түркмен және қазақ халқының зергерлік  бұйымдарымен ұқсас болып келеді [2, 70 б].

Қалайы өңдеу қарақалпақтарда аз таралған еді. Қалайы өңдеумен айналысатын шеберді мыскер деп атады. Бұл металл Ресейден Орынбор және Ташкент темір жолдары арқылы жеткізіліп отырды. Одан негізінен мысқұмған, шәйнек, насыбай шақша, леген, шелек сияқты тұрмыстық заттарды жасады.

Ағаш өңдеу.Қарақалпақ халқындаағаш өңдеушеберлері алуан түрлі ауылшаруашылық құралдарын жасаумен айналысты, олардың ең бастылары – ала, шығыр, арба, қайық және т.б. болды. Сонымен қатар, олар үй өндірісінде қолданылатын  өрмек, мақта тазалайтын шығыршық, ыдыс сияқты ағаш заттарды жасаумен айналысты, ал кейбір ұсталар өте нәзік шеберлікті қажет ететін музыкалық аспаптарды (дутар, қобыз) жасады. Ұсталардың барлығы дерлік ағаш оюдың шебері болды және сандық, киіз үй  есігі, сабаяқ, келінің бетін көркем оюмен өрнектеді.

Шеберлер жұмыстарын ұстаханада жүргізді, олар тек  тапсырысқа ғана жұмыс істеді.  Тапсырыс беруші ағаш материалдарды өзі әкелді.

Арба  жасауда жергілікті  үйеңкі, өрік, жиде талдарын қолданды. Арбаның бөлшектерін бөлек-бөлек жасап, одан кейін бір-біріне қосты.  Бір арбаны жасауға 30-35 күн кетті.

Ер-тұрманды жасауға ақ тал мен теректі қолданды. Ер тоқымның бөліктерін бөлек жасап, одан соң желімдеп жапсырды.

Киіз үйдің ағаш бөліктерін жасайтын шеберді үйші деп атады. Халық түсінігінде олардың өзінің қоғаушы пірі болды, оны Ибрахим Халил деп атады, ол ең алғашқы киіз үйді жасаушы болып табылады. Үйді жасауды бастар алдында шебер оған сиынатын. Үйшілер көбінесе бес, алты, жеті қанатты киіз үйлерді жасады [6, 156 б].

Міне, мақаламызда бізөзбек және қарақалпақ халықтарының этномәдениетінің кейбір аспектілеріне тоқталдық. Олардың зерттелуіне байланысты жазылған еңбектердің көптігіне қарамастан, өзбек және қарақалпақ халықтарының этномәдениеті әлі де болса кешенді зерттеуді талап етеді. Көпұлтты мемлекетіміздегі толеранттық пен бейбіт өмірді одан әрі нығайту үшін осындай зерттеулерді тоқтатпауымыз керек.

Әдебиеттер:

1.  Давлатова С.Т. Трансформация традиционной одежды узбеков Кашкардарьинского оазиса (кон. XIX - XX вв.). Автореф. дисс. на соискание уч. ст. канд. ист. наук. – Ташкент, 2006. – 30 с.

2.  Этнографические очерки Узбекского сельского населения. – М.: Наука, 1969. – 284 с.

3.  Лобачева Н.П. К истории среднеазиатского костюма // Советская этнография. – М., 1965. – С.34-49].

4.  Фахретдинова Д.А. Ювелирное искусство Узбекистана. – Ташкент: «Изд-во лит. и искусства», 1988. -204 с.

5.  Массон М.Е. К истории горного дела на территории Узбекистана. – Ташкент: Узбекгосиздат, 1953. - 231с.

6.  Этнография каракалпаков. ХIX-начало XX века (материалы исследования). – Ташкент: Фан, 1980. – 234.

Резюме

В статье рассматриваются проблемы изучения тюркских народов Средней Азии, на примере узбеков и каракалпаков. Авторы дают описание материальной культуре, в особенности традиционной одежде узбеков, ювелирным изделиям, обработке дерева, а так же традиционному ремеслу  каракалпаков.

Summary

The article deals with the problem of studying the Turkic peoples of Central Asia, the example of the Uzbek and Karakalpak. The authors give a description of the material culture, especially traditional clothing ethnic Uzbeks, jewelry, wood processing, as well as traditional craft Karakalpak.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 3780

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Егизбаева,Бейсегулова.Узбеки, каракалпа. kaz.history.doc 0.07 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

Татарлар: этномәдениеті жайлы мәліметтер Татарлар: этномәдениеті жайлы мәліметтер ЮРТА И ОСОБЕННОСТИ МИРОВОСПРИЯТИЯ КАЗАХОВ ОРТА ҒАСЫРДАҒЫ КЕРЕЙ ХАНДЫҒЫ Өзбек және қарақалпақ халықтарының этномәдениеті УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні УДК 323.15(574) ИСТОРИЯ МЕЖЭТНИЧЕСКИХ, МЕЖКОНФЕССИОНАЛЬНЫХ ОТНОШЕНИЙ В РЕСПУБЛИКЕ КАЗАХСТАН, ВКЛЮЧАЯ ИСТОРИЮ НАИБОЛЕЕ КРУПНЫХ ЭТНОСОВ: ОСН ХІХ-ХХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 342.4:321.3(=1.574) ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ КИІМДЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ТАЛДАУ . ӘОЖ 39(574)(092) Нығмет Мыңжани - этнограф 94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары ӘОЖ 342.4:321.3(=1.574) ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ КИІМДЕРІ: БӨРІК АТРИБУЦИЯСЫ УДК 392 (- 512122) (574.5) Социально-психологический портрет городской семьи в конце ХХ в. (по материалам этносоциологического исследования казахского населения АЛАШ ТАРИХЫ - ТҰЛҒАЛАР ТАҒДЫРЫНДА: Жетісулық Алаш қайраткері Ыбырайым Жайнақовтың тарихи келбеті ӘОЖ94(574) ҰЛТ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫНЫҢ ҚУҒЫНДАЛУ ТАРИХЫ (ХХ ҒАСЫРДЫҢ 20 ЖЫЛДЫҢ СОҢЫ-30 ЖЫЛДЫҢ БАСЫ)

Автордың мақалалары

Өзбек және қарақалпақ халықтарының этномәдениеті