Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 316.35:39 ОТБАСЫ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН АНЫҚТАУДАҒЫ ТҮРЛІ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР

К.Б.Баудиярова Республика Казахстан, г.Алматы КазНУ им.аль-Фараби

ӘОЖ 316.35:39 ОТБАСЫ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН АНЫҚТАУДАҒЫ ТҮРЛІ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(08)

Тегтер: әдістеме., сұхбат, анкета, неке, тұрақтылық, отбасылық, отбасы, әдіс
Аңдатпа:
Қазіргі таңдағы Қазақстан тұрғындарының алдындағы басты мақсат – отбасы тұрақтылығы. Отбасының тұрақсыздығы қоғамды, мемлекетті алаңдатады. Отбасы тұрақтылығын ғылыми тұрғыда зерттеу үшін теориялық-әдістемелік, ақпараттық, әдістік мәселелер қаралады. Зерттеу барысында түрлі тәсілдер қолданылды: этнографиялық дерек жинау, сауалнама, анкета, сұхбат, құжаттарды талдау, бақылау, психологиялық тест және т.б. Бұл әдіс-тәсілдердің әр қайсысының артықшылығы мен кемшіліктері бар. Аталған талдау неке-отбасылық қатынас мәселесін шешуде, яғни жаңадан құрылған жас отбасының тұрақтылығын алдын-ала болжауға мүмкіндік береді.
Мазмұны:

Бүгінгі күні егеменді Қазақстанның, тәуелсіз қазақ халқының өзінің төл тарихына деген қызығушылығы күннен-күнге артып келе жатқаны белгілі. Оның ішінде неке және отбасы тұрақтылығы жеке адамды, қоғамды, мемлекетті ойландырады. Отбасы – өзінше бір қайнап жатқан әлем болғандықтан, көптеген маңызды мәселелердің жемісі. Отбасы тұрақтылығын анықтауға байланысты әр түрлі тәсілдерді қолданудың барысында зерттеу әдістемесі қалыптасты. Ол үшін әсер ететін факторларды зерттеудің сапасы мен маңыздылығын арттыру үшін теориялық, ғылыми-методологиялық деңгейін көтеру, деректік базасының молдығын, зерттеу барысындағы тәсілдердің жан-жақтылығын, мағлұматтарға терең талдау жасауды көбейту қажет [1]. Белгілі этнограф В.В.Пименов: «Қазіргі этнография әлеуметтік-этникалық шынайылылықты зертей отырып, прогрессивті өзгерістерге бой алдыра, жаңа проблемаларды шешуі үшін теориялық-методологиялық және әдістік жағын толықтырып, дамытуы қажет» – дейді [2]. Сол мақсатта әсер ететін құбылыстар мен процестерді толығырақ сипаттау және болашақтағы дамуын болжау мақсатында соңғы уақыттары сандық және статистикалық, этнографиялық мәліметтер жетілдірілуде [3]. Этнографиялық мәліметтерді талдау барысында математикалық есептеу, әдістерді өзгерту, мәліметтерді алудағы тактика мен процедура неке тұрақтылығын анықтау нәтижиесін шығаруда жүйелік-құрылымдық талдауды пайдалануды қажет етеді. Зертеу барысында этнографиялық және этносоциологиялық мәліметтер деректік мақсаттарды келесі түрде қалыптастырады:

–  ғылымның қазіргі даму дәрежесіне сай теориялық-методологиялық білім беру;

–  этнографиялық және этносоциологиялық деректер кешені туралы ақпарат беру;

–  зерттеудің даму қажеттілігінен шыға отырып, олармен жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіру.

Отбасы тұрақтылығын зерттеу барысында теориялық-әдістемелік, ақпараттық және әдістік мәселелер бір-бірімен тығыз байланысты қаралады. Әдістемелік мәселелерді ашу деректерге шолу жасаумен қатар жүргізіледі, бұл жағдайда көңіл негізінен этнографиялық деректер жеткізген мәліметтер мазмұнына емес, әр түрлі деректердің ақпарат беру ерекшелігін көрсетуге бөлінеді [4]. Зерттеу барысында түрлі тәсілдерді қолдана отырып, негізгі деректерге қол жеткізуіміз қажет. Деректердің мәнін ашудың негізінде бақылау және бейнелеу теориясы жатыр. Отбасы-некелік қатынастар алдымен адамның сезімінде, түйсігінде, ойында, істерінде бейнеленеді, этнографиялық дерек сол бейнелеудің жемісі, қорытындысы, соның салдары ретінде пайда болады.  Отбасы тұрақтылығын анықтауға байланысты деректерді келесі шағын топтарға бөлуге болады:

–  сөздік деректер – хабаршылардан алынға этнографиялық деректер;

–  жазба деректер – этносоциологиялық мәліметтер мен статистикалық құжаттар;

–  дыбысты деректер – магнитофон мен диктафонға жазылған үйлену тойына байланысты сыңсу, беташар, жар-жар т.б. дыбыстар;

–  салттық-деректер – видеотаспаға жазылған тұрмыста, мінез-құлықта қалыптасқан дәстүрлер, әдет-ғұрыптар.

Барлық типтік жіктеулер кезінде негізгі топқа жататыны – жазба деректер. Жазба деректердің аса көп мөлшерде кездесетіндігінен, олармен жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік алу үшін зерттеушілер әр түрге бөледі. Мұндағы негізгі принцип жазба деректердің пайда болуының, формасы мен мазмұнының және арналған мақсатының бірлігі [5]. Осыған сай зерттеуші Л.Н. Пушкарев жазба деректерді екі топқа бөле отырып, оның бірнеше түрлерін көрсетті: құжаттық (картографиялық, статистикалық, актілік, канцеляриялық), баяндаушы (жеке, көркем, тарихи, ғылыми) [6].

Отбасы тұрақтылығын анықтауда түрлі тәсілдерді қолдануға болады. Солардың бірі этнографиялық материалдар. Тақырыпқа байланысты жергілікті жерлердегі әдет-ғұрыптардың ерекшелігін анықтау мақсатында хабаршыларға 1-15 дейінгі аралықты қамтитын сұрақтар қойылды. Бұл сұрақтар үш аспектіні қамтиды: дәстүрдің маңызы, олардың қолданылуы, оған деген көзқарас. Мысалы:

1.  Ауыл тұрғындарының барлығында той бірдей өткізіледі ме? (хабаршыға үйлену тойының қандай түрлері белгілі). Бұрынғы мен қазіргі тойдың айырмашылығы?

2.  Некеге тұру үшін қыз бен жігіттің қай жас шамасы рұқсат береді? Күйеуі әйелінен 2, 4, 6 т.б. жасқа үлкенге қалай қарайсыз?

3.  Қыз бен жігіттің үйленгенге дейін ұзақ уақыт жүруі отбасының тұрақты болуына әсер етеді ме?

4.  Некеге тұруға ата-ананың рұқсаты қажет пе?

5.  Құда түсуге кімдер барады, қанша рет барады, не апарады? Құда түсу рәсімі қалай өтеді?

6.  Үйлену тойына қажет қаражатты екі жақ қашан шешеді? Оған кімдер қатысады? Қалыңмал немесе тоймал т.б. ретінде қанша ақша апарады? (Хабаршының қалыңмал мен жасауға көзқарасы). Жасау кімнің қаражатына жасалады?

7.  Құда түсу мен атастыру арасында жасалатын әдет-ғұраптар қалай аталады? Бұрынғымен салыстырғанда қандай айырмашылықтарға ие?

8.  Қазіргі таңда ұзатылу тойы өткізіледі ме? Жігіт жағынан кімдер, қанша адам қатысады?

9.  АХАЖ арқылы некеге отыру қалай жүреді? Оған кімдер қатысады?

10.Мұсылмандық жолмен неке қию өткізіледі ме? Қайда? Кімдер қатысады?

11.Үйлену тойы қайда және қалай өтеді? Оған кімдерді шақырады? Қанша адам болады? Тойдағы өткізілетін шаралар?

12. Үйлену тойынан кейінгі рәсімдер қалай өтеді? Жас жұбайлар қайда тұрады?

13.Екінші рет үйленсе әдет-ғұрыптардың өткізілуі сақталады ма? Айырмашылықтары қандай?

14.Ұлтаралас некеде үйлену тойы қалай өтеді?

15.Неке тұрақтылығына қандай факторлар әсер етеді? Ажырасу себептері?

16.Ажырасқан отбасындағы балалар кіммен тұрады? [7].

Жоғарыда аталған этнографиялық сұрақтар тақырыпты жан-жақты қамтиды. Хабаршылардан жауап алу барысында сұрақтарды әңгіме түрінде сұраған жөн. Сонымен қатар жауап берушілердің жас мөлшерін ескеру қажет. Себебі жоғарғы, орта, төменгі буын өкілдері сұрақтарды әр түрлі қабылдайды және көзқарастары да түрліше болады. Адамның жасы құндылықтармен, ақпараттану деңгейімен ерекшеленеді. Келесі атап өтетін нәрсе, хабаршылардың тұратын жері: қала және ауыл. Қала және ауыл тұрғындарының арасында да өзіндік ерекшеліктері болады. Қала тұрғындарына әлеуметтік ықшам орта, түрлі қарым-қатынас әсер етпей қоймайды. Хабаршылармен жұмыс істеу барысында ұлттық ерекшелікке де мән берген жөн. Әр ұлттың өзіне тән ділі, өзіндік санасы, этнопсихологиясы болады [8].

Қазіргі таңдағы қоғамдағы жаңалықтар тұрмыс пен өмірге ықпал етеді. Аталған мәселелерді есепке ала отырып, хабаршылардан қажетті мағлұматтарды алуға болады. Хабаршыларға қойылған сұрақтарды жинақтай келе, жүйелеп статистикаға айналдыруға болады. Оны компьютерге енгізіп, толық нәтижеге жетеміз. Отбасы тұрақтылығын анықтау тәсілдеріне сауалнама, анкета жауаптары, сұхбат, құжаттарды талдау, бақылау, психологиялық тест жатқызамыз. Әдістердің қолданылу сипаты әр түрлі болғандықтан олар зерттеудің ауқымына, жағдайларына, мақсаты мен міндеттеріне тікелей байланысты болады. Қандай зерттеу жүргізілмесін, зерттеуші әрқашан мол ақпарат жинауға тырысатындығы заңдылық [9].

Тақырыпқа қатысты фактілерді жинау және талдау этносоциологиялық зерттеулерде қолданылатын арнайы кешенді әдістердің көмегімен жүзеге асырылады. Жұмыстың мақсаты некенің даму заңдылықтарын, олардың нақты көрінуін тереңірек зерттеу болып табылады. Зерттеу әр жақтылық пен алуан түрлілік, жекелік және кездейсоқтық сақталатын шындықтың бейнесін береді. Аталған әдістерді анықтап алғаннан кейін, хабаршылардан алынған сауалнамаларға іріктеу жүргізіледі. Бағдарламада бұл операция кейіннен жеке құжатқа бөліне отырып, іріктеу жобасының сипаттамасында көрсетіледі. Іріктелген жиынтық – берілген ережеге сәйкес қатаң іріктеліп алынған басты жиынтық элементтерінің белгілі бір саны. Зерттеуге жататын (сауалнама, сұхбаттасу) іріктелген жиынтықтың элементтері (респонденттер, талданатын құжаттар) талдау бірлігі болып табылады. Олар жекелеген адамдар да, сол сияқты тұтас топтар да, жұмыс ұжымдары да болуы мүмкін. Ең бірінші кезекте барлық топқа тән элементтер іріктелініп алынады. Бұл әдісті негізінен механикалық іріктеме деп атайды. Мұндай іріктеу 10, 20, 30, 40, 50 және одан да көп респонденттер арқылы жүргізілуі мүмкін. Іріктелетіндер арасындағы аралық - іріктеу қадамдары деп аталады [10].

Іріктеме мақсатты болуы да мүмкін, мұнда зерттеуші адамдарды, топты мақсатына орай сауалнама үшін іріктеп алады. Кездейсоқ іріктеу халық құрылымының әрбір элементі біркелкі ықтималдылықпен қосылуы мүмкін. Іріктеуге шамасы қаншалықты көп болса, ықтимал қателесу соншалықты аз болады. Үлкен іріктеумен сауалнама жүргізу қиынға түседі. Мамандардың дәлелдеуінше, басты жиынтықтың 10% іріктеме жиынтыққа қосу ісінде өзін-өзі ақтаған. Мұндайда респонденттердің саны 2-2,5 мың адамнан аспауы тиіс. Телефонмен сауалнама жүргізу кезінде миллион тұрғыны бар қалада 300 респондентке сауалнама жүргізсе жеткілікті. Шағындау қалаларда іріктеме көлемі 150-200 адам болса да болады.

Неке тұрақтылығын анықтау үшін қолданылатын тәсіл – анкета. Анкета – этносоциалогиялық ақпарат жинаудың ең алғашқы тәсілі. Анкетаның неке және отбасы мәселесінде алатын орны зор. Анкета әдісі арқылы неке тұрақтылығына әсер ететін факторларды, ажырасу себептерін, балалардың ұлтын таңдауын анықтаймыз. Бұл әдісті жүргізудің үш кезеңі бар: дайындық (анкета бағдарламасын жасау), негізгі (сұрау жүргізу), нәтижелік (алынған ақпаратты өңдеу). Әдіс келесі факторлармен ерекшеленеді:

1.Барлық аймақтарды қамтуға мүмкіндік береді, тіпті алыс аймақтарды да.

2.Түрлі тақырыпта және таңдау арқылы жүреді.

3.Жауаптарды сандық сипатта алуға болады.

4.Уақыт үнемдеуге қол жеткізеді [11].

Анкета тәсілін жүргізу үшін зерттеушіде ғылыми негіз болуы тиіс. Сонымен қатар мәліметтерді жинау барысында дұрыс мақсат қоя білген жөн. Зерттеуші респондент-хабаршының мінез-құлқын ескере отырып, жалықтырып алмайтындай етіп сұрақтарды даярласа кез келген анкета объективті нәтиже береді. Психологиялық жағын қарастырсақ анкета жүргізетін орын да өзіндік маңызға ие: қызмет немесе оқу орны, көше, үй т.б. Оған қоса анкетаны дұрыс қабылдауға қағаздың түсі де әсер етеді. Ақ түсті, сапасы жақсы қағаз құжатқа деген сенімділікті арттырса, көк-жасыл түс сабырлыққа шақырады. Керісінше сұр-қоңыр түс немқұрайылықты білдіреді. Сұрақтар 20-30 минут көлемінен аспаған жөн. Соған қарап анкетаның шамасын белгілейді [12]. Аталған әдіс арқылы алынған ақпарат талданады, жинақталады және ғылыми тұрғыдан түсіндіріледі. Респонденттердің барлық жиналған жауаптары математикалық өңдеуден өткізіледі (жауаптардың алынған нұсқаларының саны анкета жүргізілгендердің жалпы санына пайыздық қатынаста есептеледі), зерттеудің қажетті типі бойынша топтастырылады. 200 адамға сауалнама жүргізу кезінде және салыстырмалы түрде шағындау анкете (20 сұраққа дейін) арқылы алынған материалдарды қолмен өңдеуге болады. Егер анкетада сұрақтар 20 дан астам болса, ал сұралғандардың саны 200-ден астам адам болса, онда кодталғаннан кейін ақпарат компьютерлік өңдеуге беріледі, мұнда программистің көмегі қажет болады.

Сонымен жинақтау нәтижелері этносоциологиялық ақпарат деп аталады. Ақпаратты былай топтастырады: номиналды белгісі бойынша (кәсібінің түрі, жасы, ұлты), тиісті рангалық шамасы (еңбек сипаты бойынша:қара жұмыс, ақыл-ой жұмысы) бойынша, сандық белгісі (топтар сандық мәнер) негізінде сипатталады: 18-20 жас, 20-25 жас, 25-30 жас бойынша. Топтастырылған анкетамен жұмыс істеу математикалық статистиканың көмегімен жүргізіледі. Зерттеудің логикасы да статистикалық деректерді этносоциологиялық деректерге айналдыру.

Отбасы тұрақтылығын анықтауда ішкі отбасылық қатынаспен қатар экономикалық және тұрмыстық аспектілерді, яғни туыстары мен жұбайлардың, көршілерімен, әлеуметтік ортамен қарым-қатынасын қарастыруды да ұмытпаған жөн. Ішкі отбасылық қатынас мәселесін анықтауда сұхбаттасу әдісі қолданылады. Ол анкетамен салыстырғанда көп уақытты талап етпейді. Респондентпен тікелей сөйлесу арқылы толық ақпарат жинауға мүмкіндік береді. Сұхбаттасу алдын-ала дайындалып, артынан жүргізіледі. Бұл тәсілдің ашық және жабық түрі болады. Жабық түрінде сұрақтарды карточкада берсе, ашық түрінде сұрақтар сұхбаттасу барысында қойылады.

Сұхбаттасудың екі типі кең тараған: стандартты, еркін [13]. Стандартты түрде респондентті алдын-ала тақырыппен таныстырады. Сұхбат барысында үшінші адамды да әңгімеге тартуға болады. Қойылатын талапқа шамадан тыс сұрақ қоймау. Соңғы еркін түрінде алдын-ала сұрақтар берілсе де, нақты сұрақтар даярланбайды. Сұхбат әңгіме түрінде өтеді, 10-15 минут көлемінен аспағаны жөн. Бұл әдістің кемшілігі объективті нәтиже алу қиын, әрі сандық көрсеткіште қолдана алмаймыз. Соған қарамастан сапа жағынан құнды деректерді осы сұхбаттасу арқылы жинаймыз.

Сұхбаттасу әдісін жүргізу үшін зерттеуші мынадай қасиеттерді меңгергені жөн:

–  хабаршыны тоқтатпай тыңдай білу, ойлануына мұрсат беру;

–  сұрақтарды нақты, мағыналы түрде асықпай дұрыс жеткізу;

–  хабаршының көңіл-күйін байқау;

–  бөгде адамдардың кірісуіне жол бермеу.

Аталған қасиеттерді меңгере отырып, неке тұрақтылығын анықтауға байланысты келесі жүйені пайдалануға болады:

1. Өз некеңізді қаншалықты бағалайсыз?

+ бақытты;

+ бақытсыздан гөрі, бақытты;

- бақыттыдан гөрі, бақытсыз;

- бақытсыз;

- айтуға қиналады.

2. Егер қарым-қатынасыңыз бұлай болатынын білгенде некеге тұрар ма едіңіз ?

+ иә;

+ жоқ;

- айтуға қиналады.

3. Дәл қазіргі сәттегі жұбайыңызға деген қарым-қатынасыңыз?

+ махаб(бат;

+ достық;

- әдет;

- ескермеу;

- жек көру.

4. Жұбайыңызбен араңыздағы ұрыс, қарама-қайшылық, жанжал қаншалықты болып тұрады ?

+ ешқашан;

+ сирек;

- жиі;

- әрқашан.

5. Жұбайыңызбен ажырасқыңыз келетін сәттер бола ма ?

+ ешқашан;

+ сирек;

- жиі;

- әрқашан.

Бес сұрақ бойынша «+» алған адамның некесі тұрақты. Керісінше екеуінен жоғары «-» алғандардың некесі тұрақсыз. Егер жұбайлардың екеуі де некемен қанағаттанса, неке тұрақтылығы артады. Біреуі ғана қанағаттанса, неке бейтарап күйде қалады.

Келесі неке тұрақтылығын анықтау тәсілі – психологиялық тест. Тестің ерекшелігі мәліметтердің шынайылығын, дәлдігін, тереңдігін, нақтылығын көрсетеді. Оның қортындысы жұбайлардың некемен қанағаттануы дәрежесі. Әлеуметтану зерттеулерінде неке тұрақтылығына әсер ететін факторлардың ішінде ең алдымен психологиялық, артынан психофизиологиялқ, әлеуметтік-тұрмыстық т.б. факторлар тұр. Сондықтан психологиялық тестерді жүргізудің маңызы зор. Некемен қанағаттану дәрежесін анықтай отырып, отбасының тұрақты немесе тұрақсыз екенін білуге болады. Тесттерді құрастыру барысында зерттеушінің дүниетанымы анық байқалады, әрі дін, нәсіл, ұлт мәселесі кеңінен қолданылады. Мақсат – сұрақты дұрыс құрастыру. Өйткені этносоциологиялық сұрақ біздің күнделікті қарым-қатынастағы сұрақтардан күрделі нәрсе. Сұрақ қоюдың бірнеше ережесі бар:

1.  Әр сұрақ жауап беру үшін мәнді болуы керек.

2.  Қалыптасқан үйреншікті тілді қолдану керек. Зерттеу мақсаты әр сұраққа жауап алу болғандықтан, жалпыға ортақ лексиканы, жазу мен грамматика орынды қолданылуы қажет. Арнаулы терминдер мен әр түрлі қысқартулардан бойды ары ұстаған жөн. Сұрақтар тыңдауға жеңіл болуы тиіс.

3.  Сұрақ тым жекелік сипат алмауы тиіс.

4.  Әрдайым хабаршының тақырыпқа деген көзқарасын байқау керек.

Психологиялық тестті анықтау үшін тұрақты отбасы жоғарғы балл, тұрақсыз отбасы төменгі баллды иеленуі тиіс. Екі топтың ортақ қортындысындағы ерекшелік статистикамен бірдей болуы қажет. Психологиялық тестті қолданудың арқасында зертеуші теорияны тәжірибеде дәлеледейді. 1975 жылы неке тұрақтылығын анықтау үшін Мәскеудің Черемушкинский ауданында арнайы психологиялық тест жүргізілді [14]. Ол отбасы тұрмысын, отбасы басшысын, жанжалдың шығу себептерін анықтады. Нәтижиесінде жұбайлардың қарым-қатынасына әсер ететін келесі факторлар анықталды: өзара көмек, шешім қабылдаудағы келісушілік, бос уақытты дұрыс өткізу, бірін-бірі түсіну т.б.

Отбасы тұрақтылығын анықтаудың келесі бір тәсілі – бақылау. Бақылау – мәліметтерді көзбен көріп, құлақпен еститін алғашқы әлеуметтік ақпарат жинаудың бірінші түрі. Бұл әдіс кеңінен қолданылады. Объект таңдалынып, жүйелі және мақсатты түрде бақыланады. Бақылаудың арқасында объектінің ерекшеліктерін, іс-әрекеттерін есепке аламыз. Әдіс тәуелсіз, адамға айтпай жүргізіледі. Әдістің ерекшелігі респондентпен зерттеушінің арасында тікелей қарым-қатынастың болмайтындығында. Оған қоса респонденттің белгілі бір оқиғада жасаған іс-әрекетінің мазмұнын нақты және кең түрде түсінуге болады. Бұндай ақпаратты басқа тәсілдерде алу қиын. Бақылау барысында бағдарлама жасалынады. Әдіс үш кезеңнен тұрады: дайындық, негізгі, қортынды. Дайындық кезеңде бақылау графигі, күнделік жасалынады. Негізгі кезеңде ақпарат құжатқа тіркеледі. Қортындыда жиналған мәліметтер талдаудан өтеді [15].

Эксперттік бағалау және болжам жасау әдістерінің де неке мәселесін шешуде маңызды екенін атап айтқан жөн. Сондай-ақ саяси құбылыстардың отбасына, жеке адамның әлеуметтенуіне тигізетін әсерін анықтауда нормативті-құндылықты тәсіл қолданылады. Сонымен қатар, адамдардың саясатқа араласуын, олардың табиғи қажеттіліктерін (тамаққа, киімге, баспанаға, қауіпсіздікке т.б.) қанағаттандырумен байланыстыратын антропологиялық тәсіл де жиі қолданылады. Санасыз түрде жасалынатын психологиялық процестерді, жұбайлардың мінез-құлықтарын, отбасындағы ішкі дүниелік райды психологиялық тәсіл анықтайды. Бұл тәсілдің негізіне келесі ішкі отбасылық факторларды жатқызамыз:

–  жұбайлардың көзқарастары мен қызығушылықтарының ортақтығы, психологиялық сәйкестік;

–  отбасындағы сезімдік-психологиясын, махаб.баттың күштілігін, міндеткерлігін, силастығын, жауапкершілігін;

–  үй еңбегінің қолайлы, дұрыс бөлінуі, отбасы басшысының сипаты (авторитарлы, эголитарлы);

–  некемен қанағаттану дәрежесі, ұлтаралас некеге туысқандары мен жақындарының көзқарасы.

Отбасы тұрақтылығын анықтауда ішкі отбасылық қатынаспен қатар, экономикалық және тұрмыстық аспектілерді, жұбайлардың, туыстары мен көршілерімен, әлеуметтік ортамен қарым-қатынасын қарастыру да маңызды. Сонымен аталған әдістерді қолдана отырып отбасы тұрақтылығын анықтаймыз.

Әдебиеттер

1  Атабаев Қ.М.  Қазақстан тарихының деректанулық негіздері. Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 302 б.

2  Массовые источники по социально-экономической истории России периода капитализма. – М.: Наука, 1979. – 415 с.

3  Ковальченко И.Д. Методы исторического исследования. 2-е изд., доп. – М.: Наука, 2003. – 486 с.

4  Гарфинкель Г. Исследования по этнометодологии. – СПб.: Литер, 2007. – 174 с.

5  Жакишева С.А. Историческая информатика в Казахстане: теория, историография, методика и технология. – Алматы: КазАТиСО, 2011. – 336 с.

6  Пушкарев Л.Н. Классификация русских письменных источников по отечественной историй. – М.: Наука, 1975. – 281 с.

7  Медушевская О.М. Источниковедения: теория, история и метод. – М.: изд-во Ипполитова, 1996. – 188 с.

8  Славко Т.И. Математические методы в исторических исследованиях. – Екатеренбург: УрГУ, 1995. – 187 с.

9  Гарская И.М., Изместьева Т.Ф., Малов Л.В. и др. Количественные методы в исторических исследованиях. – М.: Высш. шк., 1984. – 384 с.

10  Доманская Л.В. Психология семьи и семейного воспитания. – Красноярск: Красноярск гос.пед.ун-т, 2013. – 212 с.

11  Абашин С.Н. Статистика как инструмент этнографического исследования (узбекская семья в 20 в.) // Этнографическое обозрение. – 1999. – № 1. – С. 14-15.

12  Интеграция археологических и этнографических исследований. – Алматы, 2004. – 314 с.

13  Антонов А.И., Медков В.М. Социология семьи. – М.: МГУ, 1996. – 304 с.

14  Аженов М.С., Бейсенбаев Д.Э. Социальная стратификация в Республике Казахстан. – Алматы: Білім, 1997. – 112 с.

15  Садырова М.С. Социально-профессиональная мобильность интеллигенции Казахстана. – Алматы: Қазақ университеті, 1999. – 14 с.

References

1.  Atabaev Q.M. Qazaqstan tarïxınıñ derektanwlıq negizderi. Oqw quralı. – Almatı: Qazaq wnïversïteti, 2002. – 302 b.

2.  Massovıe ïstoçnïkï po socïalno-ékonomïçeskoy ïstorïï Rossïï perïoda kapïtalïzma. – M.: Nawka, 1979. – 415 s.

3.  Kovalçenko Ï.D. Metodı ïstorïçeskogo ïssledovanïya. 2-e ïzd., dop. – M.: Nawka, 2003. – 486 s.

4.  Garfïnkel G. Ïssledovanïya po étnometodologïï. – SPb.: Lïter, 2007. – 174 s.

5.  Jakïşeva S.A. Ïstorïçeskaya ïnformatïka v Kazaxstane: teorïya, ïstorïografïya, metodïka ï texnologïya. – Almatı: KazATïSO, 2011. – 336 s.

6.  Pwşkarev L.N. Klassïfïkacïya rwsskïx pïsmennıx ïstoçnïkov po oteçestvennoy ïstorïy. – M.: Nawka, 1975. – 281 s.

7.  Medwşevskaya O.M. Ïstoçnïkovedenïya: teorïya, ïstorïya ï metod. – M.: ïzd-vo Ïppolïtova, 1996. – 188 s.

8.  Slavko T.Ï. Matematïçeskïe metodı v ïstorïçeskïx ïssledovanïyax. – Ekaterenbwrg: WrGW, 1995. – 187 s.

9.  Garskaya Ï.M., Ïzmesteva T.F., Malov L.V. ï dr. Kolïçestvennıe metodı v ïstorïçeskïx ïssledovanïyax. – M.: Vısş. şk., 1984. – 384 s.

10.   Domanskaya L.V. Psïxologïya semï ï semeynogo vospïtanïya. – Krasnoyarsk: Krasnoyarsk gos.ped.wn-t, 2013. – 212 s.

11.   Abaşïn S.N. Statïstïka kak ïnstrwment étnografïçeskogo ïssledovanïya (wzbekskaya semya v 20 v.) // Étnografïçeskoe obozrenïe. – 1999. – № 1. – S. 14-15.

12.   Ïntegracïya arxeologïçeskïx ï étnografïçeskïx ïssledovanïy. – Almatı, 2004. – 314 s.

13.   Antonov A.Ï., Medkov V.M. Socïologïya semï. – M.: MGW, 1996. – 304 s.

14.   Ajenov M.S., Beysenbaev D.É. Socïalnaya stratïfïkacïya v Respwblïke Kazaxstan. – Almatı: Bilim, 1997. – 112 s.

15.   Sadırova M.S. Socïalno-professïonalnaya mobïlnost ïntellïgencïï Kazaxstana. – Almatı: Qazaq wnïversïteti, 1999. – 14 s.

МЕТОДЫ ИССЛЕДОВАНИЯ СТАБИЛЬНОСТИ СЕМЬИ

Одним из важнейших задача жителей современного Казахстана – стабильность семьи. Дестабилизация семьи напрямую отражается на благополучии общества, государства. В процессе научного исследования стабилизация семьи рассматривались научно-методологические, информационные методы. В процессе исследования использовались различные методы: сбор полевых этнографических материалов, опросы, анкета, интервью, анализ документов, наблюдения, психологический тест и др.Каждая из этих методик обладает своими достоинствами и недостатками. Проведенный анализ создает методические предпосылки для решения проблемы семейно-брачных отношений, а именно для создания методики прогнозирования стабильности вновь образуемой семьи.

Ключевые слова: семья, семейная стабильность, брак, анкета, интервью, метод, методика.

RESEARCH METHODSOF STABILITY OF THE FAMILY

One of the most important tasks of the citizens of present-day Kazakhstan is stability of the family. Destabilization of the family directly affects the well-being of society and the state. In the process of stabilization of family researchers examined the scientific and methodological, information methods. The research used a variety of methods: the collection of field ethnographic materials, surveys, questionnaires, interviews, document analysis, observation, psychological test, and others. Each of these methods has its own advantages and disadvantages. The analysis methodology creates prerequisites for solving problems of family relations, namely to create methods to predict the stability of the newly formed family.

Key words: family, family stability, marriage, profile, interview, method.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 2681

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Баудирова К.Б.docx 0.04 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОТБАСЫЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР СТАТИСТИКАЛЫҚ ДЕРЕКТЕР НЕГІЗІНДЕ ОТБАСЫ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН АНЫҚТАУДАҒЫ ТҮРЛІ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР ӘОЖ 316.35:39 ОТБАСЫ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН АНЫҚТАУДАҒЫ ТҮРЛІ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР ҒТМАР 03.20 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ НЕГІЗІ- ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗДАНУ, БЕЙБІТШІЛІК САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ҰҒЫНЫСТЫЛЫҚ (1991-2013 жж) (тарихи-саяси бағыты) ӘОЖ 94 (930) ЕҢБЕКПЕН ТҮЗЕТУ ЛАГЕРЬЛЕРІ МЕН ТҮРМЕЛЕРДЕГІ ӘЙЕЛДЕР ЖАҒДАЙЫ (Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарындағы) ӘОЖ 316.32(574-25) ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ ҰЛТАРАЛЫҚ НЕКЕЛЕРІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДАМУ ТЕНДЕНЦИЯЛАРЫ

Автордың мақалалары

ӘОЖ 316.35:39 ОТБАСЫ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН АНЫҚТАУДАҒЫ ТҮРЛІ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР