Басты бет » Материалдар » ҚАЗАҚСТАНҒА АРНАЙЫ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ

Кабдушев Б.Ж., Кабдушева Л.Ж. Алматы энергетика және байланыс университеті, Алматы қ.

ҚАЗАҚСТАНҒА АРНАЙЫ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(08)

Тегтер: депортация, арнайы, ұлттар, қоныстаушылар, күштеу, саясаты, қоныстандыру.
Аңдатпа:
Мақалада 1940 жылдары Қазақстанға депортацияға ұшыраған халықтарды күштеп қоныстандырудың тарихы қаралады. Арнайы қоныстандырылған ұлттар мен халықтардың құрамы, республиканың халық шаруашылығына тартылуы, жергілікті әкімшілік органдарының арнайы қоныстанушылар арасында жүргізген әлеуметтік саясаты және олардың жергілікті халықпен арадағы қарым-қатынасы талданады. Депортацияға ұшыраған ұлт пен ұлыстардың басым бөлігі Қазақстанға қоныстандырылған. Олар қазақ халқынан қамқорлық көріп, өз тағдырларын мәңгілікке қазақ жерімен байланыстырды.
Мазмұны:

1930-40 жылдары КСРО саясатының құрбандығына ұшырап Қазақстанға арнайы қоныстандырылған негізінен азшылық болып есептелетін мұндай ұлттар, ұлт өкілдері республикамызда баршылық. Олардың қатарында немістер, поляктар, месхет түріктері, чешендер, ингуштер, қарашай, балқар ұлтының өкілдері бар. Егеменді еліміздің тең құқылы азаматтары болып есептеліп, республикамыздың экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген ұлт өкілдерінің туған жерінен қоныс аударуының негізгі себебі-жалған интернационализмді бетперде қылып ұстанған КСРО саясатында жатыр. Қиыр Шығыстан алғаш құрбандыққа ұшырап жер аударылған корейлер болатын. Корейлер киген кепті арада аз уақыт өткеннен кейін поляктар, немістер, т.б. ұлт өкілдері киеді.

Қазіргі күнде Қазақстан жерінде 51 мыңдай поляктар тұрады. Егер 1989 жылғы санақ бойынша олардың республика көлеміндегі жалпы саны 60 мың адам шамасында болғанын ескерсек, славяндардың батыс тобына жататын осы ұлт өкілдерінің санының кеміп келе жатқанын бағамдау қиын емес. Таңданарлық жай, соғыс  кезінде күштеп қоныс аударылған халықтардың қатарында бұлар жоқ. Сонда поляктар Қазақстанға қалай келіп жүр? Енді мына төмендегі құжатқа көз жүгіртіп  көріңіз.

 «КСРО ішкі істер халық комиссары, 1-ші дәрежелі мемлекеттік қауіпсіздік комиссары жолдас Л.П.Берияға (18 қазан 1940 жыл).

КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 10 көкектегі № 497-178 санды қаулысы бойынша Батыс Украина мен Беларусь КСР-нен поляктардың әртүрлі қуғынға түскен топтары өкілдерінің: бұрынғы поляк армиясы офицерлерінің, полицейлерінің, түрмедегілерінің, жандармының, ірі жер-фабрика иелерінің, сондай-ақ бұрынғы поляк мемлекеттік аппаратындағы чиновниктер отбасы мүшелерінің 50667 адамы (кейбір деректерде 61092 адам) Қазақ КСР-іне қоныстандырылды.

Олар негізінен Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Семей облыстарына орналыстырылған. Қазақ КСР-інің халық шаруашылығындағы жұмыс қолының орасан жетіспеушілігіне қарамастан арнайы қоныстандырылушыларды еңбекке тарту өте қанағаттанарлықсыз күйде. Павлодар облысында арнайы қоныстандырылушылардың тек 40 проценті ғана еңбекке пайдаланылуда. 

КСРО НКВД ГЭУ-і 6-шы бөлімнің бастығы, мемлекеттік қауіпсіздік капитаны Безруков» [1].

Бұған дейін Қиыр Шығыстан корей ұлты өкілдерін 1937 жылы дәл осындай жолмен негізінен Қазақстанға күштеп қоныс аударған КСРО сыңды қатаң тәртібі бар үлкен ел үшін бұл жай, әрине, жаңалық емес. Бірақ мұның Ұлы Отан соғысы кезінде әдеттегі заңдылыққа айналғаны анық. Сонымен корей мен поляктар киген кепті кімдер киді. КСРО көлеміндегі олардың саны төмендегідей (1948 жылғы санақ бойынша):

1.  Немістер – 1 млн 24 мың 722 адам.

2.  Чешен, ингуш, қарашай, балқарлар -608 мың 749 адам.

3.  Қырым татарлары, армяндар, гректер – 228 мың 392 адам.

4.  Түріктер, курдтар, хемшиндер – 94 мың 955 адам.

5.  Қалмақтар – 91 мың 919 адам.

6.  «Оуновшылар» - 100 мың 310 адам.

7.  «Власовшылар» - 148 мың 079 адам.

8.  Литвалықтар – 49 мың 331 адам.

9.  «Жазалылар» - 16 мың 465 адам.

10.   «Фолкдойче» ұйымдағылар – 5 мың 914 адам.

11.   Бұрынғы кулактар – 962 мың 251 адам.

Барлығы 3 миллион 290 мың 367 адам.

Міне, осы халықтар, топтар өкілдерінің үштен бірі 1941 жылдан 1948 жылға дейін негізінен Орта Азия республикаларында, мұның ішінде Қазақстанға 774 мың 730 адам; Қырғызстанға 124 мың 282 адам; Өзбекстанға 167 мың 274 адам қоныстандырылады. Жоғарыдан көріп отырғандарыңыздай, қоныс аударылғандардың қөпшілігі негізінен әртүрлі саяси айып тағылған ұйым, топ, сондай-ақ тап мүшелері екенін ескерсек, республика жеріне арнайы қоныстандырылғандар негізінен «қошқар қойдың сақасы» екенін бағамдау қиын емес. Осындай арнайы жүргізілген күштеп қоныстандыру шараларының саны 2 миллион адамға жуықтап, 1 миллион 976 мың 746 адамға жетеді. Ұлттық  құрамына назар аударсақ, ол төмендегідей.

Еуропа өңірінен: немістер – 448626 адам; поляктар – 35960 адам; Солтүстік Кавказдан: чешендер – 244674 адам; ингуштер – 80844 адам; қарашайлар – 35735 адам; балқарлар – 16819 адам; басқа ұлт өкілдері – 1032 адам. Қара теңіз жағалауынан: гректер – 37619 адам, түріктер - 18 адам, армян дашнактары – 17 адам, басқа ұлт өкілдері – 69 адам. Грузиядан: (1951-1952 жылдары) «Оуновшылар» - 8011 адам; басқа ұлт өкілдері – 3574 адам. Қырымнан: татарлар – 2511 адам; кабардалықтар – 1717 адам; гректер – 1240 адам; ирандықтар – 4707 адам; армяндар – 575 адам; басқа ұлт өкілдері – 366 адам. Краснодар өлкесі мен Ростов облысынан: орыстар – 6057 адам (кулак). Молдовиядан: (1940-1941 жылдары) молдавандар – 3681 адам. Волгоград маңайынан: қалмақтар – 2472 адам. Орта Азия Республикаларынан: 2747 адам (басмашы). Сондай-ақ Прибалтика республикаларынан: – 12. Оның ішінде 4 литвалық, 4 латыш, 4 эстондық арнайы қоныстандырылады.

Әрине, бүкіл КСРО-ны шарпыған жалынан қазақтар да кенде қала қоймаған. Арнайы қоныстандыру қармағына ілініп құқай көрген олардың саны 2074. Қазақтар мұндай «ұлы» арнайы қоныстандырылу тізімінде өзбектерден кейін 25-ші орында тұр. Теперіш көруден алдыңғы орында тұратын халқымыздың бұл «игі» шарадан шет қалуының негізгі себебі 1930 жылдардағы аштықтың кесірінен қырылып және 1937-1938 жылдарда бас көтерерлерінен тұтастай айрылып қалғандығынан болса керек.

Соңдай-ақ арнайы қоныстандырылушылардың республика көлемінде орналастырылуы төмендегідей (1952 жылғы 1 шілдедегі мәлімет, облыстар бойынша):

1.  Ақмола – 117 183 адам.

2.  Ақтөбе – 31618 адам.

3.  Алматы – 55587 адам.

4.  Шығыс Қазақстан – 45055 адам.

5.  Жамбыл – 65581 адам.

6.  Батыс Қазақстан – 1335 адам.

7.  Қарағанды – 133 017 адам.

8.  Қызылорда – 25225 адам.

9.  Көкшетау – 98128 адам.

10.  Қостанай – 81091 адам.

11.  Павлодар – 66680 адам.

12.  Солтүстік Қазастан – 47343 адам.

13.  Семей – 25517 адам.

14.  Атырау – 8128 адам.

15.  Талдықорған -38115 адам.

Барлығы 974 мың 469 адам (Бұл жерде арнайы қоныстандырылушылардың 17 жастан асып арнайы  есепте тұрғандарының ғана саны алынып отыр).

Әрине, «қоныс аударушылардың» жағдайы көңілдегідей болды деп ешкім де айта  алмайды. Мысалы, КСРО көлемінде жер аударылған 608 мың 749 қарашай, чешен, ингуш, балқар ұлты өкілдерінің 144 мың 704-і;

-  228 мың 392 қырым татарлары, армян, гректердің – 44 мың 125-і;

-  94 мың 955 курд, түріктердің – 14 мың 185-і;

-  91 мың 919 қалмақ ұлты өкілдерінің – 16 мың 017-і;

-   100 мың 310 «оуновшылардың»  - 10 мың 384-нің жағдайының ауырлығынан, әртүрлі аурудан өлгенін ескерсек, қоныстандырылушыларға  жасалған жағдайдың «құдасының үйіне келгендегідей» емес екенін пайымдауға болатындай.

Үлкен елдің бір пұшпағы саналатын Қазақстанда да мұндай келеңсіз жай көпке дейін түзеле қоймаған. 

Бұл тұрғыда 1949 жылғы 14 мамырда КСРО Ішкі істер министрі генерал-полковник С.Кругловқа жазған баяндамасыңда КСРО бойынша арнайы қоныстандыру бөлімінің бастығы полковник Шиян төмендегідей жайды мәлімдеуге мәжбүр болады.

«1948 жылғы астық өнімдерінің нашар шығуына байланысты Қазақстанның солтүстік және солтүстік шығыс аудандарындағы халықты, әсіресе арнайы қоныстандырылушыларды азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету өте қанағаттанарлықсыз жағдайда.

КСРО Ішкі істер министрлігіндегі арнайы қоныстандыру бөлімінен алынған толық емес мәліметтер бойынша Ақмола, Ақтөбе, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан және Семей облыстарында көшіп келушілердің 118 мың 259 адамы тамаққа өте мұқтаж екені анықталды. Бұлардың 2590-ы дистрофиямен ауырады, сондай-ақ тамақтың жеткіліксіздігінен 18 адамның қайтыс болғандығы тіркелді » [2].

Сондай-ақ бұл баяндамада арнайы қоныстандырылушылардың Ақмола облысындағы 110 097 адамның – 28 405-і;

-  Көкшетау облысындағы 91 634 адамның – 16 302-і;

-  Солтүстік Қазақстан облысындағы 45 314 адамның – 5 355-і;

-  Семей облысындағы 49 787 адамның – 9 142-і;

-  Ақтөбе облысындағы 30 112 адамның – 6 442-і аштыққа ұшырағандығы көрсетіледі. Сосың салдарынан кейбір аудандардағы «қоныстанушылардың» тышқан, мысық еттерін жеу оқиғалары кездескендігі айтылды. Әрине, бұл сол заманның шындығы.

Үкімет сол кезде Қазақстанға қоныстандырылушыларға жағдай жасауға, оларды құтқарып қалуға қолдан келгенді жұмылдырғанын архив құжаттары дәлелдейді. Ол кезде қысқа жіп күрмеуге келмей, республиканың байырғы тұрғыңдарының да шекесі шылқып тұрмағаны тағы белгілі. Соған қарамастан қазақ халқының тікелей өз тарапынан да, жергілікті үкімет тарапынан да қоныстандырылушыларға қал-қадірінше көмек көрсетіліп, жағдай жасалғанына тарих куә. Қазақтардың қонақжай, қайырымдылығы арқасында көшіп келгендер зауалдан аман қалып, есіп жиып, еңсесін көтерді. Оған сол кездегі бала – қазіргі ақсақал, - аға толқын, немере-шөбере сүйіп, өсіп өркендеген ақ самайлы әжелер куә... «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» дегендей, көзі тірі қоныс аударушылар мұны ұмыта қойған жоқ. Оларға жасалған нақты қамқорлықты төмендегі архив құжаты да растай түседі.

«Министру внутренних дел СССР

тов. Чернышову В.В

…На территории Казахской ССР на 1.Х.1946 г. из числа получивших скот имелось в республике 5123 семьи спецпереселенцев, в том числе 56 семей калмыков. Спецпереселенцев из Грузии в Казахскую ССР было вселено 6295 семей. На IX.1946 г. их имелось – 6573семей. Последним было отпущено – 1332,3 тонн, что могло обеспечить из расчета 215 кг на семью 6192 семей.

Как видно, выделение скота оказалось недостаточным для обеспечения спецпереселенцев из Грузии, и по той причине 165 семей этого контингента получили скот, предназначенный для спецпереселенцев  с Северного Кавказа.

Учитывая изложенное, Совет Министров Казахской ССР не имеет возможности удовлетворить Вашу просьбу.

Д.Кунаев,

заместитель Председателя Совета

Министров Казахской ССР.

11 февраля 1947 год» [3].

Сондай-ақ республика көлемінде қоныстанушыларды арнайы үй-жаймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, балаларын мектепке оқыту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Мысалы, 1946 жылға дейін арнайы қоныстанушылардың жұмысқа жарамды 169 мың 881 адамның 160 мың 390-ы әртүрлі жұмысқа алынып, шаруашылықтың, өңдірістің әр түрлі саласында жұмыс істесе, 1945-1946 жылдары 1000-ға жуық адам әртүрлі зәру мамандықтар бойынша арнайы мамандық алып шығады. Нақтырақ айтсақ, олар елімізге сол кезде өте қажет (трактористер – 189 адам, комбайыншылар – 74 адам, жүргізушілер – 159 адам, ұсталар – 114 адам, жөндеушілер – 432 адам) мамандық иелері-тұғын. Әрі сол жылы 92 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, 60800 отбасы колхоз-совхоздарға әртүрлі артельдерге мүшелікке қабылданды.

Дегенмен Қазақстан көлеміндегі сол кездегі қалыптасқан қиын жағдай қоныстандырушылар балаларының мектепке оқуы тұрғысындағы мәселені көпке дейін күн тәртібінен түсірмейді. Әрі ол кезде қоныстандырушылар өздерінің тұрған жерінен тек НКВД органдарының арнайы рұқсат беруімен ғана шыға алатын еді. Осындай-ақ олардың балаларының мектепке не үшін «құлық» танытпағанын бағамдау қиын емес.

Осындай қиындықтардың әсерінен 1946-1947 оқу жылында қоныстанушылардың мектеп жасындағы 89102 балаларының тек 22000-ның ғана мектеп партасына отыру мүмкіндігі болады.

Сөз орайында айта кетейік, жағдайлары қиын болғандықтан «қоныстанушылар» арасында ұрпақ мәселесі, яғни туу, өсім жалғастыру мәселесі көңілдегідей болды деп айта алмаймыз. Мысалы, 1945 жылғы мәлімет бойынша қоныс аударушылар арасындағы туу мен өлімнің арасалмағы төмендегідей:

Реті

Қоныс аударғандар

Туу

Өлім

1

2

3

4

5

6

7

8

9

Солтүстік Кавказдан келгендер арасында

Немістер

Бұрынғы кулактар

Грузиядан

Қырымнан

Қалмақтар

Неміс пособниктері

Литвадан келгендер

Таза православиелік христандар

2230

1914

1691

1691

1099

351

6

3

1

44652

6930

8194

6202

15997

3735

118

142

72

Барлығы

8039

89659

Көріп отырсыздар, туу өлімнен 11 еседен астам аз...

Әрине, кімге болсын туған жерінен күштеп қуылу оңай емес. Атамекенді, сондай-ақ бостандық аңсау сезімі қоныс аударылғандардың кейбіреуін ғана жүрек жұтқандарын, КСРО-ның темір тәртібіне мойынсұнбай қашып кетуге мәжбүр етеді. Мысалы, НКВД, басқа да құқық қорғау органдары осындай тәртіпке мойынсұнбаған қоныс аударушылардың 1947 жылға дейін 24 мың 524-не, 1947 жылы 10 мың 897-не, 1948 жылы 15 мың 424-не, 1949 жылы 11 мың 205-не іздеу салып қуғындаған. Соғыс жүріп жатқан кезде де тіпті сонан кейінгі уақытта да қашқындарды ұстау, жазалау жүйелі түрде жүргізіліп, 1948 жылдың соңына қарай ұсталып жазаланғандардың саны 30 мың 67 адамға жетеді. Егер бұл жылдардағы жалпы «қашқындар» санының жиынтық мөлшері 50 мың 805 адам болғанын ескерсек, темірдей тәртіп олардың 60 прценттен астамын, түрмеден бір-ақ шығарды. Бейбіт кезеңдей емес, сол аласапыран уақытта да қашқындарды ұстап жазалауға деген мұңдай мұқияттылыққа таңданбау мүмкін еместей... Ал ұсталғандар туралы 1948 жылғы мәліметке көз жүгіртсек, олардың 6577-і неміс, 2208-і солтүстік Кавказдан, 2293-і қырымнан, 315-і курд-түрік, 227-і қалмақ ұлтының өкілдері болатын. 

Жалпы халыққа сенімсіздік көрсетіліп отырғанда, қоныстандырушылардың құқық қорғау органдарында істейтін қызметкерлеріне де сенім көрсетілмегені белгілі. Бұл тұрғыда соғыс аяқталғанына төрт жылдай уақыт өтсе де КСРО Ішкі істер министірлігі тарапынан генерал-лейтинант Рясной қол қойған төмендегідей өкім қабылданады.

«КСРО Ішкі істер министірлігі бойынша ӨКІМ. Өлкелік және облыстық Ішкі істер басқармаларының бастықтарына!

Келіп түскен сұрау салуларға орай КСРО IIM талап етеді.

Ұлы Отан соғысы кезінде тұрақты  тұруға қоныс аударылған халықтардың (чешендердің, қарашайлардың, ингуштердің, балқарлардың, қалмақтардың, немістердің, қырым татарларының тағы басқаларының) бұрынғы НКВД – НКГБ, МВД (IIM) – МГБ-дағы (МҚМ) қызметкерлері отбасы мүшелерімен бірге шұғыл  түрде  жергілікті жердегі арнайы қоныстандырылушылар қатарына есепке алынсын.

КСРО ХКК-нің 1945 жылғы 8 қаңтарда «Арнайы қоныстандырылушылардың құқықтық жағдайы  туралы» №35 санды қаулысын және КСРО Жоғарғы Кеңесіннің 1948  жылғы 26 қарашадағы «Қоныстандырылушылардың ... уақытша және тұрақты тұрған жерден қашуына байланысты қылмыстық жауапкершілігі  туралы» жарлығын басшылыққа ала отырып, КСРО НКВД-ның 8 мамырдағы №00246 және 1945 жылғы 7 желтоқсандағы жарлықтарына сәйкес (оларға) әкімшілік бақылау күшейтілсін. Орындау жайында  мәлімделсін.

Генерал-лейтенант Рясной,

КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары.

12 наурыз 1949 жыл» [4].

Міне, кезінде КСРО-ның Сталин тұсындағы аз ұлттарға жасаған «интернационалистік»  саясатының көрінісі осындай. Халықтар көсемінің қайтыс болуына байланысты ұлттар тағдырына қарсы жасалған қастандықтың темір құрсауы сәл-пәл босаңсығанымен көпке дейін үзіліп кете қоймағаны да көпшілікке белгілі. Ал үзілу КСРО-ның ыдырауымен мүмкін болды.

Қазіргі күнде мақалаға арқау болған ұлт өкілдері егемен елдің тең құқылы азаматтары ретінде байтақ Қазақстанда, ынтымақты тірлікпен бейбіт күй кешіп жатыр.

«Бірлік болмай тірлік болмайды» дейді халқымыз. Сондай-ақ Ата Заңымыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның қымбат қазынасы адам және адамның өмірі мен бостандықтары» деп жазылған. Сондай-ақ Конституциямыздың 10-бабында: «Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды» деп көрсетілген [5].

Мұндай жайдың Қазақстанды атамекен  етіп отырған барлық халықтар мен ұлттардың өкілдеріне, сондай-ақ кешегі күні кеңес өкіметінің қатал саясатының салдарынан туған жерінен қол үзіп қазақ даласына келген, қазіргі күнде республикамыздың тең құқылы азаматтары болып отырғандарға да қатысты екеніне дау жоқ. Лайым солай болғай.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1  ҚРОМА, 30-қ, 10-т, 8-іс, 118-п.

2  Бұл да сонда,1137- қ., 1-т.,15- іс, 1-п.

3  Бұл да сонда,1137- қ., 1-т., 10-іс, 7-п.

4  Бұл да сонда, 1987-қ., 1-т., 19-іс, 27-п.

5  Қазақстан Республикасының Конституциясы. -Алматы, 1999.

  Кабдушев Б.Ж., Кабдушева Л.Ж.

Алматинский университет энергетики и связи, г. Алматы

НАСИЛЬСТВЕННАЯ ДЕПОРТАЦИЯ В КАЗАХСТАН

В статье рассматривается история насильственной депортации народов в Казахстан в 1940 годы. Анализируется состав переселенных наций и народностей, их занятость в народном хозяйстве республики, социальная политика местных органов в отношении переселенцев и их взаимоотношения с коренным населением.

Они были распределены по территории Казахстана. По сравнению с соседними республиками как Узбекистан, Киргизия,  основная часть их была заселена в Казахстан. Переселенные нации и народности навсегда свезали свою судьбу с казахским народом.

Ключевые слова: депортация, нации, спецпереселенцы, насильственная политика, переселение.

Kabdushev B.Zh., Kabdusheva L.Zh.

Almaty University of Power Engineering & Telecommunications

THE FORCED DEPORTATION IN KAZAKHSTAN

 

The article deal with the history of Kazakhstan under the deportation. The analysis of the people and nationalities under the deportation, their participation in the economical, social and political life of the republic and their relationship with native population and local administration is given in this article.

They were located throughout the territory of Kazakhstan as compared to neighboring countries as Uzbekistan, Kirghizia the most part of the emigrants settled in Kazakhstan.

There relocated nations and nationalities  came to the very close relations with the Kazakh people by fade together .

Key words: deportation, nations, special immigrants, violent politics, immigrants.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 7354

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Депортация.docx 0.04 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ҚАЗАҚСТАНҒА АРНАЙЫ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні ҚХР-ДЫҢ СОЛТҮСТІК-БАТЫС ШЕКАРА ӨҢІРІНІҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ, ЭТНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ ТАЛДАУ ӘОЖ 93/94 Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жасауылдар институты тарихы мен қызметі ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ ҒТАХР 03.09.55 1920-1930 ЖЖ. ШЕТЕЛДІК САЯСИ ЖӘНЕ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ САЯСАТЫ ҒТАХР 03.20.00 ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР: ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ХАЛЫҚТАРДЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ТАРИХЫНАН ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЛИТВАЛЫҚТАР

Автордың мақалалары

ҚАЗАҚСТАНҒА АРНАЙЫ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ