Басты бет » Материалдар » ЕУРАЗИЯ КӨНЕ ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ БАСТАУЛАРЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МҰРАСЫ (ерте темір дәуірі және қазіргі заман)

КАРИЕВ Е.М.

ЕУРАЗИЯ КӨНЕ ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ БАСТАУЛАРЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МҰРАСЫ (ерте темір дәуірі және қазіргі заман)

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(08)

Тегтер: және, мифология, халықтары, көне, түркі, мәдениеті, ерте, темір, дәуірі, бастаулар, қазіргі, заман, түркі, фольклор, мәдени, мұра
Аңдатпа:
Назардағы ғылыми еңбекте, ерте темір дәуірі скиф-сақ тайпаларының этномәдениетінің көріністерін сараптау арқылы Еуразияның көне түркі өркениетінің бастаулары қарастырылады, сонымен қатар қазіргі заманғы түркі халықтарының рухани және заттай құндылықтарының ортақ белгілерін айқындау арқылы көне түркілердің мәдени мұрасына баға берілуде.
Мазмұны:

Сан ғасырлар бұрын кең байтақ Еуразия даласында отырықшы-көшпелі тұрмыс кешкен, өзіндік «әскери демократияға» ие болған, Көк тәңіріне сыйынған зор жауынгерлердің алып бірлестігі тарихи сақынаға шықты. Бұл аты аңыз Көне түркілер. Дегенмен, әлі күнге дейін ғылымда сол түркі халқының шығу тегіне қатысты көптеген мәселелер, көне түркілердің түпкі отаны туралы бірқатар сұрақтар және сонау Саха республикасынан Түркия мемлекетіне дейінгі жердің басым бөлігін алып жатқан қазіргі заман түркі халықтарының рухани және заттай мәдениетіндегі көне түркі өркениетінің мұрасы әлі де болса тиісті назар ала алмай отырғанын мойындау керек. Айтылғанның бірінші қатарындағыларды әлемдік тарих ғылымында европоцентризм атты кері бағыттың салдарымен түсіндіруге болады. Түркілердің ресми тарихы көп жағдайда б.д. VI ғасырынан, яғни, Түркі қағанатының құрылуынан басталады, ал оның алдындағы кезеңдер дауға және жалғанға толы. Мысалға, түркі халықтарының ата жері ерте темір дәуірінде үндіеуропалық халықтардың мекені болған деген аса күмәнді қағида кең етек жайған және қазіргі таңда біраз түркі халықтарының тарихында ресми мойындалып дәріптелуде. Келтірілген тұжырымға сай көлемі орасан зор үндіеуропалықтар/үндіирандықтар біздің дәуірімізге дейінгі  I мыңжылдықтың соңына таман кенеттен жоғалып кеткен немесе жер аударған, қалдықтары, салыстырмалы түрде саны аз, түркітілдес «келімсектермен» түгелдей ассимиляцияланған-мыс делініп, ал түркілердің қайдан келгені туралы нақты айтылмайды - кейбір зерттеушілер Оңтүстік Сібір немесе Алтай десе [1: 185-187], басым жағдайда нақты жауап жоқ, себебі, көптеген мәліметтер бойынша қазіргі түркі халықтары өз жерлерін ертеден мекен еткен – кем дегенде сол ерте темір дәуірінен [2]. Түркі елдеріне тиесілі жерлерді ерте тарихта жаппай үндіеуропалық және үндіирандық етіп көрсету қате екенін бірқатар ғалымдар бұрыннан айтып келуде, соңғы уақытта еуропалық мемлекеттердің және Ресейдің кейбір зерттеушілеріде аталған көлемді жер біркелкі этномәдени сипаттағы халықтың мекені болуы мүмкін емес деп, антропология және тілтану ғылымдарының негізінде үндіеуропалықтардың арасында басқада халықтар болғанын айтуда [3: 776-791]. Әлемдік тарихнамада азиялық ғұндардың тілі және мәдениетіне қатысты белгілі бір ауызбіршілік байқалады – ғалымдардың көбісі олар түркі сипаттағы халық деп тануда [4: 60-61] және бұл қазіргі таңда түркілердің арғы тегінің нақты аңғарылатын ізі десе болады. Бұл тұрғыда түркілердің ерте тарихына қатысты әр-түрлі жалған мәліметтердің көптеп таралуы, басым жағдайда шын тарих айтылмауы отарлаушылар саясатының салдары екенін айта кеткен жөн – жауланған жерлердің халықтарын өз тарихынан алшақтатып, олардың ата жерлерін отарлаушыларға этномәдени тараптан жақын аңыз халықтармен мекендету оларға отар жерлерге өз хұқықтарын «заңдастыру» үшін қажет болғаны анық.

Қазіргі кезде әлем отаршылдықты кері құбылыс ретінде әшкерлеп, дүние жүзілік саясат және мәдениетте түркі халықтарының беделі ұлғайған шақта көне түркілердің шынайы тарихын қалпына келтіріп, жалпыға ортақ мәдени мұрасына баға беретін күн туды. Түркі халықтарының тарихы тереңде жатқаны анық және тұрмысымен мәдениетіндегі ортақтастықтарға қарап ол тарихты жоқ дегенде ерте темір ғасырынан бастауға болады. Бұл тұрғыда отанымыздың беделді ғалымдарының қола дәуірінде өмір сүрген Заратуштра арийліктерінде түркілердің ата-бабаларын тануы орынды деп есептеуге болады [5].

Түркі ғаламының ерте темір дәуіріндегі бастауларын зерттеу алдында ғалымдар аталған кезеңнің халықтарын айқындауда қолданатын негізгі белгілерін айта кетсек  - бұл бірінші кезекте шаруашылық, тұрмыс, мәдениет өмірінің  көріністері болатын заттай олжалар. Осы аталғанның бәрі басым жағдайда археология ғылымының құзырында екені сөзсіз, ал қазіргі түркі халықтарының аумағындағы көп жылдық археологиялық зерттеулер скиф-сақ тайпаларының өмір салты түркілермен бірдей болғанын анық көрсетеді, мысалға, маусымдық көшпелі мал шаруашылығы, осыған бейімделген тұрмыс, наным сенімдер және тағысын тағы.

Бұл тұрғыда балқар ғалымы Мизиевтің зерттеулері өте құнды – өз еңбегінде археология, этнография, өнертану және басқада ғылым салалары мәліметтерінің негізінде сақ-скифтермен түркілердің заттай және рухани мәдениеттегі сабақтастығын айқын көрсетеді [6]. Осы аталғанға европоцентрист ғалымдардың зерттеулерінде аса бір назар аударылмайды, яғни, олардың «кешенді» зерттеулерінде қазіргі заман иран халықтарының этномәдени және өмір-тұрмыстық мұрагерлігі хақындағы этнографиялық ізденістер жоқтың қасы. «Ирантанушылар» өзі еңбектерінде лингвистикалық зерттеулерге ерекше көңіл бөледі – олардың сақ-скиф және сармат тектес тайпалары ирантілді болыпты-мыс дегендей тұжырымдары қазіргі таңда, өкінішке орай, ғылыми аксиомаға айналған [7; 8; 9]. Арине оған түркітанушы ғалымдардың қарсыласуы заңды. Олардың қарастырылудағы мәселе бойынша жарияланған сан алуан және көп жағдайда пәнаралық сипаттағы зерттеулері  [2; 10; 11; 12; 13] жетерлікті, дегенмен аталған еңбектер еуропоцентрист ғалымдар тарапынан «байқалмайды». Салдарынан қазіргі таңда ғылымда сақ-скифтердің ирантілдестігін мойындау басым. Ол қағида өз негізін Ж. Дюмезиль және В.Абаев сынды ғалымдардың еңбектерінен алуда [7; 14].  Мысалға, Абаев скифтердің ирантілдес болғандығын қазірге дейін сақталған адам (басым жағдайда жерлеу-ғұрыптық орындардағы есімдер) және жер-су атауларына лингвистикалық сараптама жүргізу арқылы айтқан [15], бірақ сол есім-атаулар скифтердің үндіиран мәдениеттерімен тығыз байланыста болған аумақтардан алынғаны кең мәлімделмейді. Сонымен қатар, Абаев скифтердің тікелей ұрпағы осетиндер деп олардың қазіргі замандағы тілін негіз етіп көне скиф тілін қалпына келтіру бойынша зерттеулерін жүргізген [16]. Айта кететіні аталмыш осетиндер өздерін алан демейді және демегенде, өз этноатаулары «ирон», ал осы күнге дейін өзін «аланла» деп балқар халқы атайды және көне аландармен сабақтастығын тура айтады [17]. Сондай-ақ скифтектес көне халықтардың ирантілдестігі жөніндегі қағида қазіргі заман Хотан сақтарының және тохарлардың ирантілді болуына да сүйенеді [18]. Шағын осетин халқының және ирани ортада ассимиляцияға ұшыраған хотандықтармен тохарлардың осы таңдағы тілінің негізінде 2-2,5 мың жыл бұрыңғы орасан зор аумақты иеленген скиф-сақ-сібір әлемін ирантілдес ету қаншалықты ғылыми екені түсінікті.

Ирантанушылардың ең әлсіз тұрғысы - жоғарыда аталып өткен, ерте темір дәуірінде Еуразияның көлемді аумағын мекен еткен «ирантілдес» сақ-скифтер кенеттен қайда жоғалып кеткені. Ал қайда деген сұраққа олардың жауабы күрделі емес – келімсек түркілерге сіңіп кетті немесе жер аударды-мыс, бірақ салыстырмалы түрде саны әлдеқайда аз түркілер қалайша көлемді ирантектестерді ассимиляциялады немесе ығыстыра алды? Тіпті өздері секілді жаугер көшпелілерді? Жақын тарих көрсеткендей, мысалға моңғол шапқыншылығын алатын болсақ, саны аздау жаулаушылар  өмір-тұрмыс және мәдени-шаруашылық тұрғыдан жақын халықтарға ізсіз сіңіп кетеді. Бұл жағдайда ирантанушыларда жуырдағы тарихқа сілтеме жасайды – шағын уақытта осман түркілері Кіші Азияның қомақты аумағын өз тілі мен мәдениетіне қаратты деп түркі халықтарын ерекше бір ассимиляциялық дарынға ие етеді. Шындыққа келсе ат үстіндегі шапшаң османдықтар отырықшы Кіші Азия халықтарын түркілендіргені таңғалдырмайды, таңдай қақтырып, жаға ұстататыны – түркілер саны көп «көшпелі ирандықтарды» сіңіріп, бір уыс отырықшы ирандықтарды, атап өтсе тәжіктерді, әлі күнге дейін түркі ете алмағандығы. Бір жерге байланған адамға өз саясатын жүргізудің жеңілдігін отарлаушылар бұрыннан түсінген – Ресей орыстандыру мақсатымен бодандықтағы көшпелі және жартылай көшпелі халықтарды отырықшылыққа өткізу саясатын жүргізгенін мысал етуге болады және сол саясаттың салдарын өз көзімізбен көре аламыз.

Енді теориялық ой тоқулардан нақты ғылымдардың мәліметтеріне бет бұрсақ – генетика саласындағы кейбір зерттеулердің нәтижелерімен танысайық. Генетик ғалымдардың халықаралық зерттеу тобы Ресейдің Ростов облысындағы скиф ескерткіштерінен алынған  көне ДНҚ-ның 16 үлгісіне жүргізген зерттеулер аталған өңірдің скифтері алуан гентикалық түрлілікке ие болғанын көрсетіп [19: 59] алынған мәліметтерді Қазақстан аумағындағы дәл осындай ізденістермен [20] салыстыру сақтарда ұқсас геноқор болғанын айқындаған. Сондай-ақ қазіргі заман халықтарының ДНҚ-мен салыстыру сақтар мен скифтерге ең жақын келетіні Еуразияның орта тұсы - Оралдың және Батыс Сібірдің  оңтүстігінің, Алтай мен Қазақстанның адамдары [19: 60] деген нәтижелі тұжырым сақ-скифтер жер аударды деген пікірдің түкке тұрмайтыны туралы айтады.

Жалпы, ерте темір дәуірінде осыншама көлемді аумақты этномәдениет жағынан біркелкі халықтар мекендеуі шындыққа жанаспайды, сақ-скиф жерлерінде аталған кезеңде прототүркі, палеоазиат, финно-угор, протославян, үнді-иран және т.б. халықтар өмір сүргені сөзсіз. Скиф-сақ әлемінің орталық және шығыс өңірлерінің басым бөлігін түркітектес тайпалар иеленіп, даусыз - уақыт өте жанындағы бірқатар өзге мәдениеттегі аз санды халықтарды өзіне сіңіріп, ерте ортағасырда түркі өркениетін шарықтатты десек қателеспейміз.

Бабалардың ұлылығы ұрпақтарының мұрасынан көрініс табады. Қазіргі таңда түркі халықтары Қиыр Солтүстіктен Кіші Азияға дейінгі жердің айтарлықтай аумағын алып жатыр. Олардың бәрін туыс тілден басқа сонау көне түркілердің рухани және заттай болмысынан бастау алатын мәдениеттеріндегі, әдет-ғұрыптарындағы, наным-сенімдеріндегі және көп жағдайда тұрмыс-шаруашылығындағы ортақтастықтар біріктіреді. Қазіргі таңдағы түркі елдерінің руханиатындағы көне түркі мәдениетінің іздері жайлы сөз алғанда ең бірінші кезекте Тәңірге табыну туралы айту керектігі хақ.  Тәңір сөзі көптеген түркі халықтарының тілінде ұқсас дыбысталады – Таңыр, Теңгрі, Таңра, Тейрі, Таңры, Даңғры, Даңғыр дейді түрік, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, алтай, якут бауырларымыз.

Бір Тәңірге сыйыну түркілердің ислам дінін қабылдауға көп септігін тигізді және қазіргі таңда түркітектес мұсылмандар арасында Тәңір Алланың бір есімі ретінде кең қолданыста. Осы күнге дейін сақталған көптеген көне түркі дәстүрлері тәңіршілдіктен бастау алады: отқа, ата-баба аруағына табынуға, дүниеге келу мен қазаға және т.б. байланысты әдет-ғұрыптар және наным-сенімдер.

Көне түріктер аластау және сақтау қасиеттеріне бөлеген [21: 95-96] отқа табыну ғұрпы осы заманның барлық дерлік түркі халықтарында сақталған десе болады. Аталғанға дәлелді алысқа бармай-ақ қазақтардың «отпен аластау» және «отқа май тамызу» дәстүрлерінің әлі күнге дейін кең таралып баршаға мәлім екенінен-ақ таба аламыз. Отқа май тамызу сынды рәсім қырғыз халқында да бар, олар оны «отқо киргизуу» [22: 27] деп атап тура қазақтар сияқты жаңа түскен келіннің отау жаны отқа сый-сыйапатын білдіртуде және жарылқауын сұрауда қолданған.

Неке қидыру рәсімінде отты қолдану өзбек еліде сақтап қалған –жігіт жарын алып кетуге келгенде арбасы үйдің алдында жағылған кішігірім от арқылы өтуге міндетті болған және жас жұбайлар арбаға мінгескеннен кейін шырақ жағылып, ол үйге жеткенге дейін сөнбеуі тиіс еді. Шырақ келінмен бірге баспанаға кіріп, жастардың бөлмесінде 2-3 күн жанып тұру керек еді [22: 21-22].

Қазақ дәстүрінде малды аластау сынды көне рәсім отқа табынудың бір көрінісі болып келеді. Көктем келе қазақ ауылдарында жағылған оттың арасымен малды айдап өтіп жын-шайтаннан аластағаны белгілі. Тура осындай дәстүр түркімен халқында бар [23: 24].  Сонымен қатар түркімендер «гара чаршенбе» деп аталатын оттан аттап секіру арқылы күнә-жамандықтан тазалану рәсімін кеңінен қолданады [22: 25]

Көне түркі дәстүрлерінің көбісі ата-баба аруқтарына табынумен тығыз байланысты және арғы текке тағзым күрделі жерлеу-аза тұту рәсімдерін өткізу арқылы жүзеге асқан. Қазіргі заман түркі елдерінің жерлеу-аза тұту рәсімдерінде дәстүрлі және ислами әдет-ғұрыптар ықпалдаса араласқаны айқын көрінеді және осыған байланысты наным-сенімдердің басым бөлігінің негізінде ата-баба рухына сыйыну жатқанын аңғаруға болады. Түркітектес халықтар ата-бабасының о дүниедегі өміріне сеніп, олар тірілердің ғұмырына әсер ете алады деп білген. Мүның біз қазақтың «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген мақалынан анық көре аламыз. Көне түркі дәстүрлі рәсімдерін зерттеуші В.Н. Басилов түркімендердің кісі өліміне қатысты әдет-ғұрыптарын сипаттап қазақтың жоғарыда айтылған сөздеріне ұқсас мақалды келтіреді – «өлі тоймай, тірі тоймайды» [24].

Түркілер қайтқан жақындарын бірінші кезекте мол тағаммен разы қылуға талпынған және өлілерді о дүниеге сапарында азықпен қаматамсыз ету сынды дәстүрдің тамыры көне түркілерге дейінгі ғасырлар тереңдігінде жатыр. Ислам келе қабірге адамның мәйітімен бірге ас қою дәстүрі тыйымдалғанмен, трансформацияланған күйде әліде кең тараған және түркі халықтары үшін тұрмыс-салтына сай бұл азық ет болуы міндет еді. М. Бердыевтың пайымдауынша марқұмдарды етті тағамдармен аза тұту дәстүрі түркі-моңғол көшпелі мәдениеттеріне тән келеді және түпнегізі ирантектес халықтарға жат – олар басым жағдайда өсімдіктік азық даярлаған және аза тұтулардың саны аздау болған, сондай-ақ ирани халықтарда адам қайтыс болғаннан кейін алғашқы үш күн бойы оның үйінде тамақ істеуге қатаң тыйым салынады [25: 31]. Ал түркілер жерлеу және азаларын мал союдан бастап мал союмен аяқтайтыны баршаға мәлім. Осыданда тарихи сабақтастық тұрғысында белгілі бір нәтижелер шығару қиын емес.

Көне түркілер уақытты дүние кезек, ұрпақ-буындардың бір-бірін алмастыру тізбегі деп түсінген. Әр адам осы қатарда өз орнын, шежіресін білуге міндетті болған. Көне түркілерде шежіресін білу тектіліктің нышаны еді. Жалпы көне түркілер бұл дүниеге кездейсоқ келмегеніне нық сенген және өзін ата-бабасының жалғасы санап, өзінің жалғасын ұрпақтарында көрген [26: 22]. Бұл қазіргі түркі халықтарында жақсы сақталған – қазақтардың «жеті атасын білмеген жетесіз» деген мақалы дәлел бола алады.

    Көне түркі наным-сенімдері арасында ең жақсы сақталғандардың санына бөріге тағзым етуді жатқызуға болады. Көптеген қазіргі түркі халықтары көне түркілер сияқты өз түп-тегін бөріден бастайды. Қазан татарларының аңызында ақ бөрі адасқан елге жол сілтеп аман алып қалып, піріне айналады, дәл осындай аңыз башқұрттарда да бар [27: 264]. Сонымен қатар башқұрттардың бірқатар аңыздарында олардың халқын оңтүстіктен бөрі алып келген [28: 103-104, 106]. Башқұрт этнонимінің өзі бөріге табыну ғұрпына сілтейді – баш құрт-бас бөрі. Бөріге тағзым көріністері қазақтардың дәстүрлі мәдениетіндеде айқын көрінеді – бақсылар ем-жораларын атқару кезінде бөрі ана және бөрі атаны көмекке шақырады. Қазақтарда және басқада түркі халықтарында бөрінің басы, терісі, тістері және т.б. тұмар ретінде пайдаланылған. Қырғыздың саяқ тайпасы өз тегін Қабе атты жалды бөріден бастайды [27: 265].

  Жалпы қазіргі заман түркі халықтарына көне түркілерден қалған мәдени мұра халық ауыз әдебиетінде жақсы көрініс табады. Исламды және басқада әлемдік діндерді қабылдаған Еуразия түркі халықтарының фольклорына мұсылмандық үлкен әсері еткені анық. Қорқыт баба, Шопан ата, Зеңгі баба және т.б. сынды көне түркі пантеонының өкілдері уақыт өте ислам әулиелері санатына қосылған. Көне түркілердің мифологиялық жүйелерінің қалдықтарын біз бірқатар түркі халықтарының, соның ішінде қазақтардың Жер-Суға, Ұмай анаға, Құтқа, Жады тасына тағзым етуінен аңғара  аламыз. Саян-Алтай түркілерінің ауыз әдебиетіндегі бірқатар аңыздар көне түркі мифологиясынан тікелей бастама алады, мысалға, алтайлықтардың бір эпосында бөрі баланы тәрбиелеп батыр болдырады [29: 536-541].

Қарастырылған салт-дәстүр, жосын-жоралғы, әдет-ғұрыптар - ата-баба рухына, Көк Тәңірге, отқа, бөріге  табыну және тағысын тағы көне түркілердің қазіргі таңдағы түркі халықтарының мәдениетіндегі өшпес ізін көрсетеді.

Сонымен, жоғарыда аталғанның бәрін нәтижелеп бүгінгі барлық түркітектес халықтарына ортақ мәдениет өз бастауын кем дегенде сонау сақ заманынан алады және дамуының негізі түркілердің қазіргі иеленудегі жерлерінің басым бөлігінде салынған деп айтуға хақымыз бар. Осы тұрғыда атақты ғалым Н.Я. Бичуриннің сөзінің жаны бар – «Бүкіл Орта Азия жерінде, Шығыс мұхиттан Каспи теңізіне дейінгі аумақта бұрыннан бері қазір мекен етудегі халықтар өмір сүрген, екі мың жыл бұрынғыдай дәл сол өмір-тұрмысы, кішігірім өзгерген дәл сол жері, шекаралары» [30: 12]. 


Зерттеу «Мәдени мұра» ұлттық бағдарламасы аясында зерттелудегі археологиялық ескерткіштер Еуразия халықтары тарихының дереккөзі ретінде» атты 6D020300 тақырыбы аясында дайындалған

Кариев Е.М.

Истоки и культурное наследие древнетюркской цивилизации Евразии

(ранний железный век и современность)

В представленном научном исследовании, на основе анализа этнокультурной составляющей сако-скифских племенэпохи раннего железа, рассматриваются истоки древнетюркской цивилизации Евразии, также путем выявления общих черт в духовной и материальной жизни современных тюркских народов дается оценка культурному достоянию. Общеизвестно, что в мировой  исторической науке имеет место мнение о минимальном вкладе тюркских народов в  развитие мировой культуры,  так  как  они  будто бы в большинстве своем, являясь  кочевыми  народами,  не имели  ничего  исконного,  а  лишь  пользовались  достижениями,  созданными  оседлыми народами. Роль тюркских народов в развитии человеческой цивилизации в науке игнорировалась и,  к сожалению, игнорируется  до  сих  пор.  Обнаруживаемые  в ареале тюркской культуры  археологические находки считаются продуктами импорта, присваивания или следствием влияния культуры оседлых народов, а то, что тюрки имели свою письменность, монотеистическую религию, развитый язык и многогранную материальную и духовную культуру, уходящую своими корнями в глубь веков, остается в тени. Представленная научная статья исследует ряд вышеотмеченных вопросов и дает наиболее объективные, на взгляд автора, ответы.

Ключевые слова: древнетюркская культура, эпоха раннего железа, истоки,тюркские народы современности, мифология и фольклор,культурное наследие

 

Kariyev Y.M.

The origins and cultural heritage of the ancient Turkic civilization of Eurasia

(Early Iron Age and the present)

In the present research investigated the beginnings of the ancient Turkic civilizations of Eurasia, based on analysis of ethno-cultural component of Saka-Scythian tribes in the early Iron Age and by identifying similarities in the spiritual and material life of modern Turkic peoples assesses the cultural heritage. It is well known that in the world historical science, there is a view of the minimum contribution of the Turkic peoples in the development of world culture, because they seemed to be in the majority, as the nomadic peoples, had nothing primordial, but only to enjoy the benefits created by sedentary peoples. The role of the Turkic peoples in the development of human civilization in science was ignored and, unfortunately, ignored else now. Detectable archaeological finds in the area of Turkish culture are considered to be imports products, an assignment or a consequence of the influence of the culture of sedentary peoples, but the fact that the Turks had their own written language, monotheistic religion, language and developed a multi-faceted material and spiritual culture, rooted in ancient times silenced. Presented scientific article explores all the above-noted issues and provides the most objective, of author's opinion, answers.

Keywords: ancient Turkic culture, the early Iron Age, the origins, the Turkic peoples of our time, mythology and folklore, cultural heritage


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 3759

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Кариев Е.М. Еуразия көнетүркі өркениетінің бастаулары және мәдени мұрасы.docx 0.06 MB Кариев Е.М._Аннотация.docx 0.02 MB Кариев Е.М._Сведения об авторе.docx 0.01 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

Моңғолдардың Шығыс және Орталық Еуропаға жорықтары (1241-1242) ӘОЖ 94 (5) ТОҚТАМЫС ПЕН ТЕМІР АРАСЫНДАҒЫ ҚҰНДЫЗША (1391 ж.) ЖӘНЕ ТЕРЕК ТҮБІНДЕГІ (1395 ж.) ШАЙҚАСТАР ТАРИХЫ 94(574) Бөрі батыр: аңыз және дерек (сыни талдау тәжірибесі) УДК 94 (=5121):502 АЛТЫН ОРДА ХАНЫ ТОҚТАМЫСТЫҢ МӘСКЕУГЕ ЖОРЫҒЫ «Мәңгілік Ел» идеясы: саяси-философиялық негіздері және тарихи сабақтастығы ЕУРАЗИЯ КӨНЕ ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ БАСТАУЛАРЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МҰРАСЫ (ерте темір дәуірі және қазіргі заман) ӘӨЖ 94 (574) Жаһандану үдерісіндегі халықтар бірлігін нығайтудағы түркі əлемінің рухани жəне мәдени тарих мұралары ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҮРДІСТЕР: ФОРМАЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӨРКЕНИЕТТІК ҚҰБЫЛЫС РЕТІНДЕ (ТАРИХИ-САЯСИ АСПЕКТІ) ҚР МЕН ҚХР АРАСЫНДАҒЫ МӘДЕНИ ҚАРЫМ -ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ДАМУЫ Н.Ә. Назарбаев «Мәңгілік ел» идеясының генераторы ӘОЖ 930.001.83 ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ: КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕР ӘРІ ТАРИХШЫ-ҒАЛЫМ ӘОЖ 940.2(574) УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 930.001.83 «ҮЛФӘТ» ГАЗЕТІ – БІРІНШІ ОРЫС РЕВОЛЮЦИЯСЫ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ӨМІРІНІҢ ДЕРЕК КӨЗІ ҒТАМР 03.20. ӨЗБЕКСТАН ТОПЫРАҒЫНДАҒЫ КӨКТЕРЕК, ҚАРАҒАШТЫ, ЖЫЛАНДЫ АТАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ БІРЕР СӨЗ ӘОЖ 930.001.83 ЖӘДИДШІЛДІКТІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫНДАҒЫ И. ГАСПЫРАЛЫНЫҢ РӨЛІ АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ «АЛАШ ОРДА» ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ (Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві материалдары бойынша) 930.001.83 ҚЫТАЙ ЖЫЛНАМАЛАРЫНДАҒЫ ТҮРКІЛІК СӨЗДЕРДІ АУДАРУ, РЕКОНСТРУКЦИЯЛАУ, БІРІЗДЕНДІРУ МӘСЕЛЕСІ ӘӨЖ 940.2 Т 52 ТҮРКIСТАН ӨЛКЕСIНДЕГI ЖӘДИДШIЛДIК ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ҚЫЗМЕТI ҒТАМР 11.25.25 КОНФУЦИЙ ИНСТИТУТТАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚЫЗМЕТІ

Автордың мақалалары

ЕУРАЗИЯ КӨНЕ ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ БАСТАУЛАРЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МҰРАСЫ (ерте темір дәуірі және қазіргі заман)