Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 94(574) «15/16» XV ғ. соңы мен XVI ғ. басындағы Қазақ хандығы тарихының мәселелері

Кәрібаев Б.Б. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы

ӘОЖ 94(574) «15/16» XV ғ. соңы мен XVI ғ. басындағы Қазақ хандығы тарихының мәселелері

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(08)

Тегтер: үшін, бойы, Сыр, хан, Қасым, хан, Бұрындық, хандығы, Қазақ, күрестер, Мұхаммед, Шайбани, хан
Аңдатпа:
Автор бұл мақаласында XV ғ.соңғы – XVI ғ. алғашқы жылдарындағы Қазақ хандығы тарихының кейбір өзекті мәселелерін қарастырады. XV ғ. соңғы шиерегінде Қазақ хандығының Сыр бойы үшін жүргізген күрестері жемісті болып, қазақ билеушілері Сыр өңірінің біршама бөлігіне биліктерін орнатады. Негізінен, Сыр бойындағы қалалар Жәнібек хан ұлдарына тиесілі болады. Осы тұстан бастап Жәнібек хан ұлдары мен Бұрындық хан арасындағы қатынастарғы жік түседі. Бұл қатынас XVI ғ. алғашқы жылдарында одан әрі жалғасын табады. 1505/6-1510 жылдары Мұхаммед Шайбани ханның жорықтары қазақ билеушілері арасындағы қатынасты шиеленістіреді. 1510 жылғы Қасым ханның Шайбани ханды жеңуі – Жәнібек хан әулетінің билігін біржолата Қазақ жерінде орнықтырады.
Мазмұны:

Қазақ хандығының тарихында әрбір кезеңнің алатын орны ерекше. Хандық дәуірдің әр кезеңіндегі аса маңызды оқиғалар мен үдерістер алдыменен, сол кезеңдегі тарихи дамуды анықтаса, екіншіден, келесі кезеңнің алғышарттары  болып табылады.  ХҮ ғасыр ортасында қалыптасқан Қазақ хандығы сол ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап, жаңа кезеңге, өзінің күшею, нығаю кезеңіне көше бастайды. Күшею факторларына  Сыр бойындағы қалалар мен өңірлердің  қайтарылуы,  қазақ сұлтандарының осы аймақтағы  қалалар  мен өңірлерде  билігінің орнауы және тағы басқалары  жатты.  ХҮ ғасырдың  соңғы  жылдары мен XVI ғасырдың алғашқы жылдарында  қазақ қоғамының билеуші топтары  арасындағы  қарым-қатынастар – Қазақ хандығының одан кейінгі тарихына көп ықпал етті. Оның ең бастысы, осы қарым-қатынастардың қорытындысы ретінде хандықтағы билік біржолата Жәнібек ханның ұлдарына ауысады.  Біз төменде осы мәселені қарастырып, XV ғасырдың соңы мен XVI ғасыр басындағы  Қазақ хандығының билеуші әулеті ішіндегі күрделі саяси  мәселелердің жауабын іздестіріп көреміз. Бұл өз кезегінде биліктің Керей хан әулетінен Жәнібек хан әулетіне ауысуының себебептерін түсінуге жол ашады.

Қазақ хандығының күшеюінің басы XV ғасырдың 70 –жылдарының ортасынан Сыр бойындағы жеңісті күрестерден басталады. Түркістан аймағы үшін күрестің алғашқы кезеңдерінде Керей хан ұлы Бұрындық хан мен Қасым сұлтан және Жәнібек ханның басқа да ұлдары дерек мәліметтерінде үнемі бірге айтылады немесе авторлар олардың бәрін жинақтап қазақтар деп жазады.  Мұхаммед Хайдар мырза Дулати осы жылдардағы Бұрындық хан мен Қасым сұлтанның арасындағы қарым-қатынас туралы былай деп жазады: «Қасым хан Жәнібек ханның ұлы. Ол әкесі секілді, барлық жағдайда Бұрындық ханға бағынды және оны тыңдады» [1, 222 – б.].  Түркістан аймағы үшін күрес барысы жылдарында Жәнібек хан ұлдары біртіндеп жаңа жерлерге ие болып, саяси-экономикалық, әскери күштері өсе бастайды. Олардың күшейгендігінің дәлеліне, кейбір жағдайлардағы Жәнібек хан ұлдарының Мұхаммед Шайбани ханмен өз беттерінше, өз ұлыстары төңірегенде  жеке ұрыстар жүргізуі жатады [2,105, 106-107 – бб. ].

ХҮ ғасырдың 90-шы жылдарының соңына таман Қазақ хандығының билігі, оның ішінде  Жәнібек хан ұлдарының билігі Түркістан аймағының басым бөлігіне  орнығады. Сол жылдардағы оқиғалар барысы көрсеткендей,  Бұрындық хан мен Жәнібек хан ұлдары арасындағы қарым-қатынастарға алғашқы жіктер түсе бастайды.

Дерек мәліметтерінде қазақ қоғамының билеуші топтары арасындағы алғашқы жік немесе сызат ХҮ ғасырдың соңында Түркістан  аймағы  үшін жүргізілген күрестің соңғы кезеңінде болады. Сауран қаласында қолға түскен Мұхаммед Шайбани ханның туған інісі Сұлтан Махмұд сұлтанды қала тұрғындары тұтқындап, Қасым сұлтанның қолына тапсырады [3, 30 – б.]. «Шайбани  - нама»  дерегінде  «Қасым сұлтан мен Сұлтан Махмұд сұлтан арасында жақын туыстық қатынас болды, олардың аналары апа-сіңлілер.  Бұрындық хан оны өлтіруге бұйырғанымен,  Қасым сұлтан оны орындамады және оған үлкен құрмет көрсетті», - деп баяндалады[2. 117 – б.]. Тіпті Сұлтан Махмұд сұлтанның тұтқыннан оп-оңай қашып шығуы Қасым сұлтанның көмегі арқасында болса керек.

Жәнібек хан ұлдары ықпалының арта бастауы тікелей Бұрындық ханның көз алдында болып жатты. Жалпы, хандықтың күшеюі Бұрындық ханға атақ-даңқ әкелгенімен, туысқан әулет өкілдерінің күшеюі оған қауіпті бола бастайды. Сол себепті ол Шайбани ханды Жәнібек хан ұлдарына қарсы одан әрі өршіту,  болып жатқан күреске басқаша сипат беруді ойластырады. Сөйтіп, бір-біріне  қарсы екі күшті қанға-қан қағидасы сияқты қақтығыстарға  апару арқылы  Жәнібек хан ұлдарының қуатын әлсіретуден туындаған  еді.

Қасым сұлтанның Шайбани хан інісін өлтірмей, керісінше оған зор құрмет көрсетуі, оның қашуына жәрдем беруі бірнеше жағдайдың бетін ашуға көмектеседі.

Біріншіден, хан бұйрығын орындамай, оған қарсы шешім қабылдап,  оны  жүзеге  асыруы,  сондай-ақ Мауереннахр  мен Моғолстан билеушілеріне арқа сүйеп отырған Мұхаммед Шайбани ханмен қатынас жасауы мемлекетаралық қатынастар дәрежесіне жатады. Қасым сұлтанның бұл қатынас бойынша ресми хан шешімінен тыс, өз бетінше шешім қабылдауы - оның Қазақ хандығы мен Шайбани хан арасындағы қатынастарға өз бетімен, дербес араласа бастағанын көрсетеді.

Екіншіден, бұл әрекет Қасым сұлтанның және басқа Жәнібек хан ұлдарының күшейіп, қуатты саяси күшке айналғандығын көрсетеді.  Үшіншіден,  Бұрындық  хан  өзінің бұйрығының  орындалмағанын  көре тұра, ешқандай қарсы әрекет жасамайды, бұл оның жағдайының XҮ ғасырдың соңғы жылдарында қандай болғандығын көрсетеді.

Төртіншіден, Бұрындық хан Сыр бойы үшін күресте Жәнібек хан ұлдарының қуатының артып отырғанын көре, шибанилық сұлтанды Қасым хан қолымен өлтіру арқылы күрестің сипатын  өзгертуді ойластырады. Қасым сұлтан мұны алдын-ала аңғарып, хан бұйрығын орындамайды. Сол арқылы ол жалғасып жатқан күрестің сипатын, яғни Сыр бойындағы жерлерді қайтару үшін күрестің сипатын сақтап қалады.

Тағы бірде Шайбани ханның інісі ХҮ ғасырдағы оқиғалар барысында Моғолстан ханы Сұлтан Махмұт ханның қолына тұтқынға түскенде, Жәнібек хан ұлдары басқаша  позиция ұстайды[2. 124 – б.].  Бұл кезде Жәнібек ханның ұлы Әдік сұлтан Моғолстанда болатын. Ол шибанилық сұлтанның тағдыры шешілетін хан кеңесіне қатысып, Шайбани ханның інісін өлтіруді қолдайды[3, 32 – б.].  Моғолстан ханы да Қасым сұлтан секілді Шибани ханның інісін өлтіру онымен қандай қатынастарға апарарын біліп, біраз уақыт тұтқында ұстап босатып жібереді. Әдік сұлтанның шибанилық сұлтанды өлтіруді талап етуін - Моғолстан билеушісі мен Шайбани хан арасындағы қарым-қатынасты ушықтыру және Шайбани ханның Түркістан аймағындағы күшін Моғолстанға қарсы аудару, сол  арқылы негізгі қарсыластың күшін Сыр бойынан әкету үшін жасалған  деп санаймыз.

Бұрындық ханның Жәнібек хан ұлдары ықпалының одан әрі күшейе түсуін қолдамайтындығын аймақ үшін жүргізілген күрестің төртінші кезеңіндегі әрекеттерден байқалады. Төртінші кезеңдегі оқиғалар негізінен аймақтың Шайбани хан бекінген орталық бөлігіндегі Яссы және Отырар қалалары түбінде өтеді. Қазақ хандығының Моғолстанмен Шайбани ханға қарсы одақ құруы оны Сыр бойынан біржола толық қууға қолайлы жағдайлар туғызған еді. Бірақта моғол ханы Шайбани ханның Түркістаннан толық қуылуына ынталы емес еді, тек ол Шайбани ханның одан әрі күшеюіне ғана қарсы болды. Моғолстанға күшейіп келе жатқан Қазақ хандығына Түркістан аймағында қарсы тұрар күш қажет болатын. Ол – Мұхаммед Шайбани хан еді.  Оның тым күшеюі қауіптірек те болды. Сондықтан моғол ханы  Шайбани хан әлсірегенде оған әскери көмек беріп, ал ол күшейе бастағанда оған қарсы шығып отырады.

Бұрындық хан да Шайбани ханға қарсы моғол ханының саясатын ұстанады. Жәнібек хан ұлдарының тым күшеюінен сескенген ол, Шайбани ханның Түркістанда қалуын қалап, онымен бейбіт келісім шарт жасау бастамасын өзі көтереді[3, 32 – б.].  Жасалған келісім шарт бойынша Жәнібек хан ұлдарына аймақтың солтүстік өңірлері, ал Мұхаммед Шайбани ханға орталық бөлігі қарады. Осылайша, Жәнібек хан ұлдарының Түркістан аймағын одан әрі иеленуіне қарсы Шайбани хан иелігі қарсы қойылады. Бұрындық ханның Жәнібек ұлдарына қарсы әрекеті мұнымен ғана шектелмейді. Ол Шайбани ханмен бейбіт келісім шарт жасасқаннан кейін, өзінің екі қызын шибанилық сұлтандарға ұзатады.  «Шайбани нама» авторы Камал ад-дин Бинай ол жөнінде былай деп баяндайды:  «Бірін – Сұлтан  Махмұд сұлтан, екіншісін Шайбани ханның ұлы – Мұхаммед Темір сұлтан алды»[2, 121 – б.].  Осылайша, туыстық қатынастар орната отырып, Бұрындық хан өзіне болашақ одақтас табады.

Өз кезегінде Бұрындық ханмен одақтасу арқылы Шайбани хан Түркістан аймағына  Қазақ хандығының одан әрі тереңдеп енуін тоқтатып, Мауереннахр ісіне араласып кетеді.

Жәнібек хан ұлдары да қарап қалмай, Бұрындық хан мен Шайбани ханның туыстық қатынастар арқылы жақындасуына қарсы шаралар қолданады. ХҮ ғасырдың 90-шы жылдар ортасында жасалған келісім бойынша Сырдың оң жағалауындағы оңтүстік бөлік – Сайрам өңірі Моғолстанға тәуелді болып саналатын.  Моғолстан билеушісі де  Шайбани ханның Сыр бойында  күшеюін  қолдамайтындардың бірі еді. Бұрындық хан мен Шайбани  ханның жақындасуы Жәнібек хан ұлдары мен моғол ханының өзара жақындасуын  туғызады. Жақындасу туыстық қатынастардың орнатылуымен жүзеге асырылады. ХҮ ғасыр соңы – ХҮІ ғасыр басындағы қазақ  қоғамындағы ең беделді сұлтандардың бірі, Жәнібек ханның ұлы Әдік сұлтан  моғол ханының  қарындасына үйленеді[4, 353 – б.].  Ал ол туралы Бабыр нақтырақ жазады:  «Жүніс ханның бір қызының есімі - Сұлтан Нигар ханым, ол Сұлтан Махмұт мырзаға атастырылған. Сұлтан Махмұт мырза өлгеннен кейін, Сұлтан Нигар ханым ешкімге айтпастан, ұлын алып Ташкенттегі бауырларына кетіп қалады. Бірнеше жыл өткеннен кейін, ол Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының ұрпағы,  қазақ сұлтаны Әдік сұлтанға ұзатылады»[5,32 – б.].  «Бабыр – намада» Сұлтан Махмұт мырзаның 1494/1495 жылы қайтыс болғандығы дәл баяндалған[5,47 – б.].  Бабырдың  «бірнеше жыл өткеннен кейін» деген сөзіне қарағанда Әдік сұлтан моғол ханының қарындасына 1497 -1498 жылдары үйленген деуге болады.

«Шайбани – нама»  мен «Таурих-и гузида-ий нусрат нама» еңбектеріндегі мәліметтерде Бұрындық ханның шибанилық сұлтандарға қызын ұзатуы, яғни олармен жақындасуы Мауереннахр билеушілерінің 1494/1495 жылдары қайтыс болуынан бұрын айтылады[3, 32 – б.; 2, 121 – б.].  Олай болса,  Жәнібек  хан  ұлдарының моғол  ханымен жақындасуы, Бұрындық хан мен Шайбани хан арасындағы туысқандық қатынастар орнатылғаннан кейін болған, яғни Бұрындық ханның одағына Жәнібек хан ұлдары өзіндік одағын  қарсы қояды. Махмұд бен Уәли Жәнібек хан ұлдары мен моғол ханының жақындасуы туралы «екі жақ одақ және достық жіптерін ұштастырды және нығайтты», - деп жазады[4. 353 – б.].

Осылайша, ХҮ ғасырдың  соңында  Қазақ хандығының Сыр бойы үшін  Мауереннахрмен күресі барысы  қазақ қоғамының билеуші топтары арасында екі топты қалыптастырады.  Бірінші топ – Керей хан ұрпақтарының тобы,  оның жетекшісі  - Бұрындық хан. Екінші топқа Жәнібек хан ұлдарының тобы жатады. Оның  басында  Қасым,  Махмұт, Әдік, Иренші, Қамбар сұлтандар тұрды.

ХҮІ  ғасыр  басындағы  Қазақ  хандығының ішкі саяси өмірінің одан әрі  дамуына  оның  осы  кездегі Мауереннахрмен, Моғолстанмен саяси қарым-қатынастары тікелей әсер етті. Мауереннахрдың саяси билігіне келген Мұхаммед Шайбани ханның моғол хандарымен Ташкент аймағы үшін ХҮІ ғасыр басындағы күресі Қазақ хандығын, қазақ қоғамындағы билеуші топтарды бұл оқиғалардан тыс қалдыра алмады. Екі топтың ұзақ өмір сүруі мүмкін емес еді. Олардың  біреуінің саяси өмірден кетуі заңды құбылыс болатын. Шиеленіскен саяси жағдайдың шешілуіне Мауереннахрмен саяси қарым-қатынастың  ХҮІ  ғасыр басындағы барысы,  яғни Мұхаммед Шайбани  ханның 1505/06-1510  жылдарындағы  қатарынан  Қазақ  хандығына  4 рет жорық жасауы көп әсер етті. Біз басқа жұмыстарымызда бұл жөнінде қарастырғандықтан, бұл мәселеге тоқталмай, тек оның қорытындыларына ғана назар аударамыз.

XVI ғасырдың басында  біз дерек мәліметтерінен Қасым сұлтанның  Моғолстан  ісіне араласа бастағанын көреміз. Қасым сұлтан ХҮІ ғасыр басында  Жәнібек  хан ұлдары ішіндегі ең беделді тұлғаға  айналады. ХҮ ғасыр соңындағы Түркістан аймағы үшін жүргізілген күрестерде  есімдері жиі кездесетін Иренші, Махмұт, Қамбар сұлтандар есімдері ХҮІ ғасыр басындағы оқиғаларда кездеспейді. Жәнібек хан ұлдары ішіндегі беделі зор Әдік сұлтан 1504 жылы қайтыс болғаннан соң, оның жесірі – Сұлтан Нигар ханымды Қасым сұлтан әмеңгерлік жолымен  алады[1, 222 – б.].  Осыдан кейін Қасым сұлтанның  қазақ қоғамындағы рөлі  бұрынғыдан да жоғары көтеріледі[1, 222 – б.]. Ол енді ХҮІ ғасыр басында Қазақ хандығындағы билеуші күштердің бір тобының басында, яғни Жәнібек хан ұлдары тобының басында  тұрады.

 «Тарихи Рашиди» авторы ХҮ ғасыр соңындағы оқиғалар кезін баяндағанда  «Қасым сұлтан әкесі секілді Бұрындық ханға бағынды және оны тыңдады», - деп жазса,  ХҮІ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы қалыптасқан  ішкі саяси ахуалды былай деп баяндайды: «Қасым хан әлі де хан  лауазымын  қабылдамаса да, оның билігінің зор болғаны соншалық, ешкім Бұрындық хан туралы ойламады. Ол Бұрындық ханның жанында болғысы келмеді, егерде ханның қасында болып, оған құрмет көрсетпесе, онда ол ханға қарсы шығу болар еді.  Ал Қасым ханның оған бағынуға жаны қаламады,  сондықтан да ол ханнан алыстау болуға тырысты. Бұрындық хан Сарайшықта, Қасым хан одан алыстап Моғолстан шекарасына жақындау жердегі Қаратал қыстауын таңдап алды»[1, 222-223 – бб.].  Мұхаммед Хайдар мырза Дулатидың осы бір тарихи мәліметі ХҮІ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы ішкі саяси жағдайды  түсінуге көп жәрдем береді. Біріншіден, ішкі саяси жағдайға байланысты Бұрындық  хан мен Жәнібек хан ұлдары, оның ішінде Қасым сұлтан арасындағы қарым-қатынастың ең шырқау шегіне жеткені байқалады.  Автордың  Қасымды “хан” деген лауазыммен  көрсетуіне қарағанда, «оның билігінің Бұрындыққа қарағанда зор болуы» хандықта  екінші бір  хан  билігінің  пайда болғандығын көрсетеді. Екіншіден, дерек мәліметі Қазақ хандығының, оның ішінде Жәнібек хан ұлдары билігінің  Жетісу жеріне ене бастауынан хабардар етеді[1, 223 – б.].  Т.И. Сұлтанов дерек мәліметіндегі Қара-Талды Жетісуда болған деп түсіндіреді[7, 273 – б.].  Қасым сұлтанның  Моғолстан  шекарасына жақындауы,  бізше 1503 жылғы оқиғадан кейін болған. Осы жылы Ташкент аймағы Мауреннахр құрамына кіреді де, Моғолстанның Жетісу өңірін Шайбани ханның жаулап алу қаупі туады. Қасым сұлтанның Бұрындық ханнан алыстау отыруы, оның дербестігін көрсетсе, екінші жағынан Жетісуды Шайбани ханның қолына бермеу үшін, соған жақындау отырудан туындайды.

1506-1509 жылдардағы Моғолстанның ішкі өміріндегі  саяси жағдай біздің ойымызды  дұрыстығын дәлелдей түседі. Сұлтан Ахмет ханның ұлдары  мен  Сұлтан Махмұт хан арасында  билік  үшін  күрес өрши түседі де, жеңілген  Сұлтан Махмұт хан  Мауереннахрдан көмек іздеп, Мұхаммед Шайбани ханға келеді.  Бірақ Шайбани хан оны ұлдарымен бірге өлтіруге бұйырады.  Негізгі  қарсылас  жойылғаннан  кейін, Сұлтан Ахмет  хан ұлдары арасында күрес жалғасады. Осы кезде Қасым сұлтанның Жетісуға келуі және онда өз ықпалын таратуы өзінен-өзі түсінікті.

Дерек мәліметіндегі “Бұрындықтың Сарайшықта болуы” біздің ойымызша,  шындыққа сай емес сияқты. Автор мұнда Бұрындықтың хандықтың батыс жағында, Сарайшық жағында болғандығын көрсетпек ойда болған.

Сонымен,  Қазақ хандығында ХҮІ ғасыр басында бір-біріне бағынбайтын екі билеуші қатар өмір сүреді. Бірақ бұлайша ұзақ болуы мүмкін емес еді. Екі билеушінің біреуінің саяси өмірден кетуі заңды құбылыс болатын. Шиеленіскен саяси жағдайдың шешілуіне Мауереннахрмен саяси қарым-қатынастың  ХҮІ  ғасыр басындағы барысы,  яғни Мұхаммед Шайбани  ханның 1505/06-1510  жылдарындағы  қатарынан  Қазақ  хандығына  4 рет жорық жасауы көп әсер етті. Біз басқа жұмыстарымызда бұл жөнінде қарастырғандықтан, бұл мәселеге тоқталмаймыз.

Шайбани ханның төртінші жорығы Қасым ханның толық жеңісімен аяқталады[7, 133-134 – бб.; 1, 217-218 – бб.].

Қасым ханның бұл жеңісінің маңызы өте зор болды. Халықаралық қатынастарда бұл жеңіс - Шайбани ханның «ең шырқау биікке көтерілген билігін құлдыратады»[7, 133-134 – б.].  Ал қазақ қоғамының ішкі саяси өмірінде Қасым ханның беделін Дешті Қыпшақтың көп бөлігіне жаяды. «Тарихи Рашиди» авторы: «Қасым ханның билігі Дешті Қыпшаққа таралды», - деп жазады[1, 195].  Қасым ханның бұл жеңісі, сонымен бірге Жәнібек хан ұлдарының қазақ қоғамындағы ішкі саяси бақталасы, қарсыласы Бұрындық ханды толық және түпкілікті талқандауымен бірдей болды. Қасым хан бүкіл Дешті Қыпшаққа өз билігін орнатқаннан кейін, Бұрындық ханның Дешті Қыпшақта қалуы мүмкін болмады.

Осылайша, XV ғасырдың соңғы және  XVI ғасырдың алғашқы жылдарындағы қазақ қоғамындағы билеуші әулет өкілдері арасындағы саяси қатынастардың дамуы Қасым хан бастаған Жәнібек хан ұлдары билігінің орнығуымен аяқталады. Олардың билігі бірнеше ғасырға созылып, XIX  ғасырдың ортасына дейін жалғасады. 

Әдебиеттер:

1.  Тарих-и Рашиди. // Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков (Извлечения из персидских и тюркских сочинений) Сост.: С.К.Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А.Пищулина, В.П. Юдин. – Алма-Ата, 1969. – 652 с.(Одан әрі МИКХ.)

2.  Шайбани –наме.//МИКХ.

3.  Таварих-и гузида-йи нусрат-наме.//МИКХ.

4.  Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар.// МИКХ.

5.  Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр. Бабырнама. Толықтырылып, екінші басылуы. Аударған Б.Қожабекұлы. Алматы, 1993.

6.   Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: Летопись трехтысячилетий. – Алматы, 1992. – 384 с.

7.  Зубдат ал-асар. //МИКХ.

References:

1.  Tarih-i Rashidi. // Materialy po istorii Kazaxskih hanstv XV-XVIII vekov (Izvlecheniya iz persidskih i tyurkskih sochineniy) Sost.: S.K.Ibragimov, N.N. Mingulov, K.A.Pischulina, V.P. Yudin. – Alma-Ata, 1969. – 652 s.(Odan äri MIKH.)
2. Şaybani –name //MIKH.
3. Tavarix-i guzida-yi nusrat-name //MIKH.
4. Baxr al-asrar fi manakib al-ahiyar // MIKH.
5. Zaxir ad-din Muhammed Babır. Babırnama. Tolyqtyrylyp, ekinşi basyluy. Audarğan B.Qozhabekuly. –Almaty, 1993.
6. Klyaştornyi S.G., Sultanov T.I. Kazahstan: Letopis trextısyaçiletiy. – Almaty, 1992. – 384 s.
7. Zubdat al-asar. //MIKH.

Б.Б.Карибаев

Проблемы истории Казахского ханство в конце XV- начале XVIвв.

Аннотация.В данной статье автор рассматривает актуальные проблемы истории Казахского ханства в конце XV- начале XVI веках. В результате успешной борьбы в последней четверти XVвека Казахского ханства за Присырдарьинский регион, казахские правители устанавливают свою власть. В частности, города, расположенные вдоль Сырдарьи, подчиняются сыновьям Жанибека. С этого времени, появляются разногласия между сыновьями Жанибека и Бурындык ханом. Эти отношения усугубляются в начале XVI века. Походы  Мухаммеда  Шайбани  хана в 1505/6-1510  годах  вносят разногласия между казахскими правителями. Победа Касым хана над Шайбани ханом, окончательно устанавливают власть потомков Жанибека на всей казахской земле.

Ключевые слова: Казахское ханство, Бурындык хан, Касым хан, борьба за Присырдарьинский регион, Мухаммед Шайбани хан

B.B. Karibaev
The problems of the history of Kazakh Khanate at the end of  XV- in the beginning of XVI centuries.

Annotation. In this article the author considers the essential problems of the history of Kazakh Khanate at the end of XV – in the beginning of XVI centuries. In the last quarter of the XV century as a result of the successful struggle of Kazakh Khanate for the Syrdarya region Kazakh rulers established their power. In particular the cities along the Syrdarya river  is subordinated to the sons of Zhanibek khan. Since that time there are disagreements between the sons of Zhanibek khan and Buryndyk khan. These relations are aggravated at the beginning of the XVI century. Military campaigns of Mohammed Shaibani khan made disagreements between Kazakh rulers in the 1505/6-1510 years. Victory of Kasim khan over Shaibani khan finally set the power of the descendants of Zhanibek all over Kazakh land.

Keywords: Kazakh Khanate,Burundık Khan,Kasim Khan, The batllefor the near Syr Darya region, Mohammed Shaibani Khan,

(Әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ Хабаршысы, тарих сериясы. №2(81) 2016. 94-99 бб.)


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 3284

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Кәрібаев Б. 15-16 ғғ. Қазақ хандығы тарихының мәселелері (1).docx 0.03 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

Қазақ мемлекеттік университетінің құрылу тарихы (1925-1928 жж.) Қазақ Мемлекеттік университетінің құрылу тарихы (1925-1928 жж.) ӘОЖ 94 (574). 02/. 08 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК АТРИБУТЫ – ХАН МЕН СҰЛТАНДАРДЫҢ МӨРЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ӘӨЖ 94 (574).06/.07 Түркі-мұсылмандық әскер Ұзынағаш шайқасында ӘОЖ 94(574) «15/16» XV ғ. соңы мен XVI ғ. басындағы Қазақ хандығы тарихының мәселелері УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары ӘОЖ (87013761225) УДК 94(547).02/.08 1727-1732 жылдар аралығындағы қазақ-жоңғар соғыстары 94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары ӘОЖ 93/94 Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жасауылдар институты тарихы мен қызметі 304.5 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДІНДАРЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНЕ ШОЛУ ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ МЕН ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ҮДЕРІСТЕР

Автордың мақалалары

ӘОЖ 94(574) «15/16» XV ғ. соңы мен XVI ғ. басындағы Қазақ хандығы тарихының мәселелері