Басты бет » Материалдар » ӘӨЖ 94(574) «15» XV ғ. I жартысындағы Әбілқайыр хандығының тарихынан

Кәрібаев Б.Б. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт 15тық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., Ноғайбаева М.С. әл-Фараби

ӘӨЖ 94(574) «15» XV ғ. I жартысындағы Әбілқайыр хандығының тарихынан

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(08)

Тегтер: Қыпшақ, Б.А.Ахмедов, Әбілқайыр, хан, Шибан, ұлысы, «көшпелі, өзбектер», мемлекеті, Дешті, Алаш-бахадүр, Едіге, би
Аңдатпа:
Автор мақаласында XV ғасырдың бірінші жартысында Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы «көшпелі өзбектер» мемлекеті тарихының кейбір мәселелерін қарастырады. Бұл мемлекеттің тарихына арналған алғашқы монографиялық еңбектің жарыққа шыққанына жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ондағы кейбір тұжырымдар әлі күнге дейін қолданыста келетінін автор сынға алады. Сондай тұжырымдардың біріне - «Әбілқайыр Дешті Қыпшақта 40 жыл билік құрды» деген тұжырым жатады. Автор соңғы зерттеулер мен дерек мәліметтерін терең талдай отыра, мұндай тұжырымның шынайы емес екендігін дәлелдеуге тырысады. Сөйтіп, автор мақаласында бұл мәселеге байланысты жеке өзінің тұжырымын алға тартады
Мазмұны:

Әбілқайыр хандығы – XV ғасырда Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы Ақ Орда хандығы мен Қазақ хандығын байланыстырушы саяси құрылым ретінде белгілі. Мемлекеттілік және этникалық тұрғыдан оның атауы ғана өзгеше болып көрінгенімен, оның тарихы  XV ғасырдағы қазақ тарихының құрамдас бір бөлігі болып саналады. Ол мемлекеттің тарихы - Қазақ хандығының құрылуының саяси және этникалық алғышарттарымен тікелей  байланысты және сонысымен өте өзекті.

  Кешегі кеңестік, бүгінгі Отандық тарихнамада Әбілқайыр хандығының тарихына арналған зерттеулер өте аз. Жекелеген зертеу мақалаларынан  басқа бір ғана монографиялық еңбек жарық көрген екен. Ол – XX ғасырдың 60-шы жылдары жарық көрген Б.А.Ахмедовтың «Государство кочевых узбеков» атты еңбегі. [1] Кітаптың жарыққа шыққанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Автордың тақырып шеңберінде жасаған тұжырымдары әлі күнге дейін мәселенің тарихнамасы бойынша кең таралған тұжырымдар қатарына жатады.

Қазіргі күнде автордың кейбір тұжырымдарының ескіре бастағанын көреміз. Кезінде Б.А.Ахмедовтың еңбегіне ғылыми сын-пікірді белгілі шығыстанушы - ғалым В.П. Юдин берген болатын. Оның білдірген сын-пікірін - нағыз классикалық үлгідегі сын-пікір деуге болады. Ол «Б.А. Ахмедовтың зерттеуі – ХV ғасырдағы Шығыс Дешті Қыпшақта өмір сүрген өзбектердің тарихи жолын жүйелеп, ғылыми тұрғыда зерттеуге арналған алғашқы ұмтылыс», - дей келе, зерттеудегі көптеген қате пікірлер мен кемшіліктерді нақты-нақты атап көрсетіп береді де, кітап жөнінде «Б.А. Ахмедов пайдалы кітап жазған», - деген жалпы тұжырым жасайды[2, 261-270 - бб.]. Біз өз тарапымыздан еңбектің маңыздылығына автордың  монографиялық деңгейде мәселені алғаш көтеруін, еңбектегі фактологиялық материалдардың молдылығын жатқызамыз. Қазіргі күнгі тарих ғылымының деңгейінен қарасақ, монографияда бірталай кемшін тұстар кездеседі. Олар мыналар:

1) Жап-жас Әбілқайырдың билікке келуінің және де оны жергілікті ру-тайпа басшылары мен дін басылары  қолдауының себептері ашылмай қалған;

2) 1446-1468/69 жж. Әбілқайыр ханның Мауереннахрдағы Ақсақ Темір ұрпақтарымен жүргізген саясаты, қарым-қатынастары жан-жақты қарастырылмай бар болғаны бір-ақ сөйлеммен берілген;

3) Әбілқайыр ханның Моғолстанға жасаған ең соңғы жорығының мақсаты, бағыты, барысы туралы ештеңе айтылмайды және т.б.

  Аталмыш еңбек жарыққа шыққаннан кейін кеңестік тарихнамада «Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында «көшпелі өзбектер» мемлекеті 40 жылдан астам өмір сүрді», «Әбілқайыр ханның билігі 40 жылдан астам уақытқа созылды» деген тұжырымдар берік орнығып, ол әлі күнге дейін қазіргі кезеңдегі тарихнамамызда жетекші пікірлердің бірі болып отыр. Осы тұжырымдарға байланысты біз осы жұмысымызда  өзіндік ой-пікірлерімізді білдірмекпіз.

1428 жылы Барақ ханның қаза табуынан кейін бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында, оның ішінде аумақтың батыс бөлігіндегі Шибан Ұлысында да феодалдық тартыс-тартыстар күшейе түскені белгілі. Кухистанидың дерегінде Едіге бидің ұлдарының бірі - Ғази бидің билігі, оның саясатына наразы бір топ әмірлер мен бектердің одан бөлініп, шибанилық Жұмадық ханға келуі, хан тарапынан маңғыт әмірлерінің жылылық пен қайырым көрмей тағы да қашып кетуі, сөйтіп Жайтар Жалқын деген жерде оларың бас қосуы туралы айтылады да, одан ары оларға қарсы Жұмадық ханның 70 мыңдық әскер жасақтап, әскердің сол қанатында Әбілқайырдың болғандығы баяндалады[3,141-147 – бб.]. Одан ары дерек мәліметінде екі жақ арасында кескілескен қанды шайқастың болып, Жұмадық хан әскерінің жеңілгендігі, ханның қаза тауып, ал 16 жастағы Әбілқайырдың тұтқынға түскендігі айтылып өтіледі[3,142–б.]. Б.А.Ахмедовтың пікірінше, Жұмадық ханның өзі және әскерінің көптеген қолбасшылары тұтқынға алынып, кейін маңғыт әмірлерінің жарлығымен өлтірілген.[1,46 – б.]. Ал Кухистани болса, «бұл ұрыста Көктегі жарылқаушының қалауымен Жұмадық хан қаза табады», - деп нақтылап айтады [3,142- б.].

16 жасар Әбілхайырды маңғыт әмірлерінің бірі аса жоғары құрмет көрсетіп, оның кейін оралуына жағдай жасайды. Әбілқайыр сол жылдың желтоқсанынан келесі жылдың наурызына дейін батыс өңірдегі аймақтың басшысы, өте беделді және ықпалды тұлға – Алаш-баһадүрдің жұртында қыстап шығады[3, 142 – б.]. Осы кезде Шибан ұлысының болашақ тағына үміткер анықталған секілді. Алаш-баһадүр өзінің жұртында Шыңғыс ұрпағының және жай ғана ұрпағы емес, Шибан ұлысын ХІІІ ғасырдан бері басқарып келе жатқан әулеттің тікелей ұрпағы бар екендігін көршілес өңірлердегі барлық ру-тайпа басшыларына хабарлаған секілді. Көктем шыға Әбілқайыр өз жұртына қайтып оралады. Сол жылы-ақ Әбілқайырды ірі дін басылары - Құл-Мұхаммед Сейд, Қара Сеид, сондай-ақ қият, маңғыт, шынбай, иджан, қаанбайлы, табгут, дурман, құсшы, отаршы, найман, өкіреш найман, тубай, таймас, уат, қытай, барақ, ұйғыр, қарлұқ, кенегес, уйшін (үйсін), қоңырат, құрлауыт, ички, туман, туман-минг және тағы басқа ру-тайпалар басшылары мен Шадбақыт оғлан, Темір оғлан, Мұрат-сопы оғлан секілді Шыңғыс әулетінің өкілдері, тархан лауазымын иеленген бірнеше белді тұлғалар хан етіп көтереді[3, 143 – б.]. А.Б.Ахмедов Махуд бен Уәлидің дерегіне сүйеніп «сол кезде оны (Әбілқайырды – Б.К.) рулар мен тйпалардың 200-ге жуық көрнекті басшылары қолдады», - деп жазады[1,46–б.]. Кухистани Әбілқайырдың билікке келген жылын былай деп көрсетеді: «Он жеті жасында, сегіз жүз отыз үшінші жылы биджин, яғни мешін жылы (1428/1429 жж) [Әбілқайыр] мемлекет тағына келіп отырды» [3,46 – б.]. Осылайша, 17 жасар Әбілқайырдың Шибан ұлысы мен Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігі басталады.

Билікке келген Әбілқайыр ханның басты мақсаты Шибан ұлысындағы саяси бытыраңқылықты жойып, ұлыстың тұтастығын қалпына келтіру болды. Бұл мақсат оны билікке әкелген ірі дін басшылары мен ру-тайпа басшыларының да мүдделерімен ұштасып жатқан болатын. Дінбасылары үшін кішігірім, дербес ұлыстарда жеке-жеке діни кеңістіктің пайда болуы үлкен қауіп туғызып отырды. Әрбір жеке ұлыста бір-біріне қайшы келетін діни бағыттар тарап кетсе, онда ол өз кезегінде әртүрлі мұсылмандық топтардың пайда болуына әкеп соғары сөзсіз болатын. Сол себепті де ұлыстың түгелдей бір саяси кеңістікте болуы әртүрлі бағыттарға жол бермейтін бірден-бір ұстаным болып есептеледі. Ал ру-тайпа көсемдеріне келсек, олардың қоластындағы елдің көшіп-қонуы үшін үлкен кеңістіктің қажет екендігі белгілі жайт. Көшпелі мал шаруашылығы үшін орасан зор шаруашылық кеңістіктің саяси тұрғыда жеке-жеке саяси кеңістіктерге бөлінуі мал шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп отырды. Сол себепті де ру-тайпа басшыларына жеке-жеке саяси кеңістіктен гөрі ортақ саяси кеңістіктің болғаны өте тиімді болды.

Саяси бытыраңқылық сауда-саттыққа де кедергі келтіріп отырғандықтан, саудагерлер тобы да бір аймақта бір саяси кеңістіктің болуына өте мүдделі болды. Ал Әбілқайыр хан үшін сонау ХІІІ ғасырдан бері ата-бабалары үзбей билік жүргізіп келген ұлыстың бірнеше ұлыстарға бөлініп, онда жеке дара билік жүргізген хандардың болуы өте тиімсіз болды. Ол Шибан ұлысында бір ғана биліктің, Шибан әулеті билігінің қайта қалпына келтірілуін көздеді. Осылайша, Әбілқайыр хан мен оны жақтаған әулет өкілдерінің, қолдау көрсеткен дін басылары мен ру-тайпа көсемдерінің мақсат-мүдделері бір арнаға тоғысып, бір бағытқа жұмылдырылады.

Әбілқайыр хан өзінің жақтаушылары мен қолдаушылардың арқасында Шибан ұлысын біріктіру жолындағы күрестерде бірден ірі-ірі табыстарға қол жеткізеді. Жас ханның алғашқы жорығы сол аймақтың саяси, әкімшілік және экономикалық орталығы болған Тура (Тара) қаласына бағытталып, ұрыссыз жеңіске қол жеткізеді. Адаб-бек, Кепек-қожа секілді әкімдер Әбілқайыр ханның билігіне бірден мойынсұнады [3,144 – б.].

Б.А. Ахмедов Әбілқайыр ханның Тура қаласын алғаннан кейін өз атына хутба оқытып, ақша соқтырғандығын және қаланы 1446 жылға дейін өзіне астана еткендігін атап көрсетеді[1,48-б.]. Бұл жеңіс - Әбілқайыр ханның Шибан ұлысын біріктіру жолындағы алғашқы жеңісі болды. Ол Әбілқайыр ханды жаңа жорықтарға аттануға итермелейді. Сондай-ақ бұл жеңіс туралы хабар жан-жаққа тез тарап, Шибан әулетінің өкілдерін, Әбілқайыр ханның туыстарын, сонымен бірге кейбір ру-тайпа көсемдерін жас ханның төңірегіне топтастырады да, олар ханның күшін арттырып, Әбілқайырдың келесі, жаңа жорықтарына белсене қатынасады.

1430/31 жылы Әбілқайыр хан Тобыл өзені маңында шибанилық Махмұд қожа ханның әскерін талқандап, оның ұлысын өзіне қосады[3,146-149 - бб.]. Кухистани Әбілқайыр ханның бұл жеңісінен кейін Дешті Қыпшақтың көп бөлігінің ханның қол астында бағынғандығын атап өтеді[3, 149 – б.]. Шынында да, Әбілхайыр ханның жеңісті екі жорығы нәтижесінде бытыраңқы Шибан ұлысының басым бөлігі біріктіріледі. Сөйтіп ол Шибан ұлысының жеке-дара билеушісіне айналады. Одан әрі ол өзінің бүкіл Дешті Қыпшақтағы позициясын нығайту үшін және Орта Азиямен экономикалық байланыстарда жетекшілік роль атқару үшін келесі жорығын 1431/1432 жылы Хорезмге бағыттайды.

Әбілқайыр хан Хорезмнің астанасы Үргенішті тез алады, бірақ онда тұрақтап қала алмайды. Оның Хорезм өңірінен тез кетуін жазба дерек мәліметтері, сондай-ақ зерттеушілер әртүрлі себептермен түсіндіреді. Кухистанидың дерегінде ол жөнінде мынадай мәлімет айтылады: «Хорезм қаласы мен сол уалаяттың тұрғындары біршама уақыт қайнаған ыстық күннің астында және Сүлеймен секілді қайырымды патша [Әбілқайыр ханның] қарамағында болып еді, Хорезмде оба ауруы пайда болды»[3, 152 – б.]. Одан әрі автор Дешті Қыпшақтың таза ауасына үйренген Әбілқайыр хан әскерінің белді адамдарына Хорезмнің жаман ауасының жақпай, ауыра бастағанын, соған байланысты әскер басшыларының ханға келіп, әскерді оба ауруы мен күннің шыжыған ыстығынан құтқарудың жалғыз жолы Дешті Қыпшаққа оралу екендігі жөнінде кеңес, өтініш бергендігін баяндайды. Әмірлері мен кеңесшілерінің [осы] өтініштері негізінде [Әбілқайыр хан] кейін қайтуға шешім қабылдап, [өзінің] ордасы жағына бет алды», - деп нақтылап түсіндіреді Масуд ибн Осман Кухистани[3, 152 – б.]. Дәл осы жылдары осы аймақта қатты құрғақшылық пен оба ауруының індет болып кең жайылып тарағанын, одан көп халықтың құрылғанын 1364/65-1441/42 жж. өмір сүрген араб тарихшысы Абу Аббас Ахмед Такмаддин Ал-Макризидың «Книга путей для познания» атты кітабында баян етеді[4, 442 – б.]. Ал темірлік әулеттің тарихшысы Абд ар-Раззак Самарканди дерегінде (1413-1482) оба ауруы және күннің ыстығы  Әбілқайыр ханның кейін оралуына себеп болды деп  айтылады[5, 198 – б.].  Одан әрі Абд ар-Раззак Самарканди «834 жылы (19. IX. 1430-8.IX.1431) Хорезммен Шахрухқа хабаршы келіп, өзбек әскерлерінің Хорезмді басып алды, үлкен тонаушылықтар мен талан-тараждар жасады және қайтадан өздерінің Дешті Қыпшағына қайтып кетті»,- деп  хабар береді де, «Ол (Шахрух) сол өңірді бірнеше әмірге тапсырды, [ол] әмірлер батырлық пен қайсарлық көрсетіп, өзбек ұлысына шабуыл жасап, оларды жойды, қалғандарын қашырып жіберді», - деп жазады[5, 198 –б.]. Енді осы дерек мәліметіне терең үңілсек. 1430-1431 жылы Гераттағы Шахрухқа келген хабаршы өзбек әскерінің Хорезмді жаулап алып, тонаушылыққа ұшыратқанын және өзбек әскерінің, яғни Әбілқайыр хан әскерінің кейін қайтып кеткендігін жеткізеді.

А.А. Семенов Әбілқайыр ханның Хорезмнен кетуінің себебін оба ауруының таралуымен байланыстырса, Б.А. Ахмедов осы себепті және Кіші Мұхаммед ханның ұлдары: Махмуд хан мен Ахмед ханның Әбілқайыр ханның ұлыстарына төндірген қауіптері де себеп болғандығын атап көрсетеді[6, 51 – б.; 1, 48 –б.].

Біз Б.А. Ахмедовтың осы пікіріне толығымен қосыламыз. Әбілқайыр ханның келесі жорығының Ахмед хан мен Махмуд ханға қарсы бағытталуы Б.А. Ахмедов пікірінің дұрыстығын көрсетеді. Хорезм жорығынан оралғаннан кейін Әбілқайыр хан бірден ағайынды хандарға қарсы жорыққа мұқият әзірленіп, аттанып кетеді. Бұл жорық және оның барысы туралы шайбанилық әулеттің тарихшысы Масуд ибн Осман Кухистани жақсы баяндап береді. Оның мәліметтеріне қарасақ, Махмуд хан мен Ахмед хан Әбілқайыр ханға тәуелді болып, оған бағынудан бас тартқан да, бүліктер жасаған[3, 153 – б.]. Ал басқа ешбір жазба деректе Кіші Мұхаммед хан ұлдарының Әбілқайыр ханға тәуелді болғандығы туралы айтылмайды. Б.А. Ахмедов болса бұл мәселеден айналып өтіп, бірден екі жақ арасында болған шайқасты талдайды. Әбілқайыр хандығының тарихы үшін бұл мәселенің өзіндік маңызы болғандықтан, оған арнайы тоқтала кетелік.

Әбілқайыр ханың қарсыластары болған Ахмед хан мен Махмуд хандар Алтын Орда тарихында із қалдырып, хан болған тарихи тұлғалар: Темір-Мәліктің, Темір-Құтлықтың және оның ұлы Кіші Мұхаммедтің тікелей ұрпақтары болып келеді[ 7, 40- б.; 8, 116 – б.; 9, 520-521 – бб.].

М.Г. Сафаргалиев Алтын Ордада ХІҮ ғасырдың соңы мен ХҮ ғасырдың алғашқы 30 жылы ішінде Тоқтамыс ханның бес ұлы, Темір Мәліктің бес ұрпағы және Хасанның ұлы Ұлұғ Мұхаммедтің билікте болғандығын айта келе, 1437 жылдан бастап Алтын Орда тағының иесі Кіші Мұхаммед хан мен оның ұрпақтары екендігін атап өтеді де,  өзі құрастырған «Алтын Орда хандарының шежіресі» атты кестеде ол туралы нақты көрсетіп береді[9, 520-521 - бб.]. Кіші Мұхаммед хан Алтын Орда тағын иеленгенге дейін Астрахан аймағында болады. Оның атасы Темір-Құтлық хан 1396 жылдан бастап осы өңірді өзінің қол астына ұстап тұрады. Қадырғали Жалайырдың дерегі бойынша Темір Құтлық Еділ бойындағы Қажы тархандға қожалық етіп, Едіге бимен бірге бірі хан, бірі би болған[8, 116 - б.]. В.В. Вельяминов-Зернов та ХҮІ ғасырда ноғай мырзалары Астраханды – «Темір Құтлұғ патшаның жұрты» деп атайтындығын айтады[10, 123 – б.].

Осылайша, Ақсақ Темірдің Алтын Ордаға қарсы жасаған жойқын жорығынан кейін, Еілдің батыс жағындағы ұлыстар мен өңірлер қатты күйзліске ұшырап, көптеген ру-тайпалар басқа жақтарға қоныс аударса, кейбір ұлыстарда билеушілер ауысып, жаңалары келеді. Темір Құтлұғтың ұрпақтары Астраханда орын теуіп, 1459 жылы оның ұрпақтарының бірі – Махмуд хан дербес Астрахан хандығының негізін қалайды. 1430-шы жылдардағы Астрахан иелігінің шығыстағы шекарасына көз салсақ, оның Маңғыт ұлысы мен Еділ өзені арқылы түйісіп жатанын көрміз. Еділден шығысқа қарай Ембіге дейінгі аралықта маңғыт рулары көшіп-қонып жүрді. Ал сол кездегі маңғыт биі Оқастың Әбілқайыр ханның жағында болғандығын деректердің бәрі бір ауыздан мақұлдайды[7, 16-17 – бб.; 3, 143 – б.; 8, 120 – б.]. Едігенің немересі Оқас бидің шибанилық Әбілқайыр ханға өте жақын болуы, оны билікке әкелуге қатысып, оның жорықтарына белене атсалысуы Темір Құтлығ ханның ұрпақтары Ахмед хан мен Махмуд хандарға ұнамаған секілді. Бұл екеуін жазба деректер 1430-шы жж. басында «хан» лауазымын атағанымен, олар әлі хандық биліктің иеленбеген болатын. Тек әкелері Кіші Мұхаммед хан 1459 жылы қайтыс болғаннан кейін ғана Махмуд – Астраханда, Ахмед – Үлкен Ордада хандық билікке келеді. Ал оған дейін ағайынды екі сұлтан Астраханның шығыс өңіріндегі маңғыттармен шектес ұлыстарда билік жүргізген деп есептейміз.

Біздің ойымызша, 1428-29 жылы билікке келіп, 1431/32 жылға дейін бүкіл Шибан ұлысын біріктіріп, тез күшейе бастаған Әбілқайыр ханнан қауіптеніп, екі сұлтан оны әлсірету мақсатында қарсы әрекеттер жасаған секілді. Қалай десек те, Кухистани айтып отырған ағайынды Ахмед пен Махмудтың Әбілқайыр ханға қарсы бүлік жасады деген дерегі сенімсіз. Мүмкін, шайбанилық әулеттің тарихшысы Әбілқайыр ханның Шыңғыс ұрпақтарына қарсы жасаған жорығын ханды ақтау үшін жазған шығар. Мүмкін, маңғыт биі Оқастың Әбілқайыр ханның жанында жүруіне байланысты оның Еділ мен Жайық, Жайық пен Ембі аралықтарындағы иеліктеріне ағалы-інілі екі сұлтан жорықтар жасаған шығар. Міне, осындай себептерге байланысты Әбілқайыр хан өзінің төртінші жорығын Кіші Мұхаммед ханның ұлдарына қарсы бағыттайды.

Жалпы алғанда, жорықтың барысы мен оған қатынасқан ру-тайпа көсемдері, шайқастың өтуі мен нәтижесі Кухистани еңбегінде жақсы баяндалған[3, 153-156 – бб.]. Әбілқайыр хан бұл шайқаста да жеңіске жетеді. Орда Базарда Әбілқайыр ханның атына хұтба оқылып, ақша соғылады. Деректе Орда Базар – Дешті Қыпшақтың астанасы делінеді, ал дерекке түсініктеме берушілер «хандардың Ордасы әдетте осылай аталаған». «Тарих-и Абулхайр-ханида» кезінде Батыйдың ордасы болған Орда Базар туралы айтылып тұр», - деп жазады[3, 155 – б.].

1431/32 жылғы Әбілқайыр ханның батыстағы жеңісі оның беделін арттырады, бірақ ол ұзаққа созылмайды. Махмуд ибн Уәлидің дерегінде Ахмед пен Махмуд хандардың 1431 жылғы жеңілістен кейін «мұра еткен таққа қайта отырғандығы» айтылады[3, 155 – б.]. Жалпы алғанда, Әбілқайыр хан 1429-1431/32 жылдары Шибан ұлысын қалпына келтіру ісін аяқтап, өзінің алғашқы мақсатына жетеді.

1431/32-1446 жылдары Әбілқайыр ханның өміріне қатысты деректер жоқ. Егерде ол бір жаққа жорық жасаған болса, онда ол туралы деректерде айтылған болар еді. Соған қарап  оның осы кездегі 14-15 жылдық өмірі өз ұлысында өткен деп есептейміз. Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында бұл жылдары жеке-жеке өмір сүріп жатқан бірнеше ұлыстар бар болатын. Олар: Есіл мен Ертіс өзендерінің аралығындағы шайбанилық Мұстафа ханың ұлысы, Сырдың төменгі ағысы бойындағы шайбанилық Буреке сұлтанның ұлысы және Сырдың орта ағысы бойындағы ордаежендік Керей мен Жәнібек сұлтандардың ұлыстары еді. Шамасы оларға қарсы күресу үшін Әбілқайыр ханның күші жетпей, ол қолайлы сәтті күткен секілді. Әбілқайыр хандығының саяси тарихындағы бұл жылдар тыныштық, бейбіт кезеңге жатады.

Әбілқайыр хандығының тарихындағы келесі, үшінші кезең – 1446 жылдан басталады. 1429 жылы 17 жасар Әбілқайырды ру-тайпа көсемдері мен дін басылары қолдап, бытырап жатқан Шибан ұлысын біріктіру үшін билікке әкелсе, енді 34 жастағы хан бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақты біріктіріп, бүкіл аумақта өзінің жеке-дара билігін орнату үшін күресін бастайды.

Күрестің басталуына маңғыт биі Оқас пен шибанилық Мұстафа ханның жақындаса бастауы түрткі болады. Кухистани ол туралы былай деп жазады: «... [оның] (Әбілқайыр ханның – Б.К.) жеңімпаз күзетшілері ханға келіп, Мұстафа ханның өте көп әскермен және Оқас бидің қолдауымен (Әбілқайыр ханға) қарсы жорыққа дайындалып жатқанын жеткізді...»[3, 156 – б.]. Хабарды естіген хан Мұстафа ханның жорығын күтпей, оларға өзі қарсы аттанады да, Орталық Қазақстандағы Атбасар өзенінің маңында ұрысқа түседі. Бұл шайқаста Әбілқайыр хан жеңіске жетіп, Мұстафа хан болса, кейін қашуға мәжбүр болады [3, 158 – б.].

Мұстафа ханды жеңіп, оның ұлысын өзіне қосып алған Әбілқайыр хан бірден келесі жорығына дайындалады. Кезекті жорықты хан Сырдың орта ағысы бойындағы Сығанақ өңіріне бағыттайды. Ол туралы дерек мәліметінде «қыстап шығу үшін хан Сығанақты бағындыруды қажет деп тапты», - делінеді [3, 158 – б.].

Әбілқайыр ханның Сыр бойындағы аймақтарды қалай бағындырғанын деректер мәлімдемейді. Соған қарағанда ол бұл аймақты көп қиындықсыз алған секілді. Шибанилық хан аймақтың  Сығанақ, Аққорған, Аркөк, Созақ, Өзгент секілді қалаларын өзінің әмірлері мен қолбасшыларына басқаруға береді. Ханның өзі алғаш рет осы өңірде қыстап шығады. Ал 1446 жылдан бастап Сығанақ Әбілқайыр хандығының астанасына айналады.

Әбілқайыр ханның Мұстафа ханды жеңіп, Сырдың орта ағысы бойындағы қалалар мен өңірлерді иеленуі оны Шығыс Дешті Қыпшақтың толыққанды және жеке дара билеушісі етеді. Саяси жағынан алғанда ол Барақ ханнан кейінгі бүкіл Шығыс Деші Қыпшақты бір саяси құрылымға біріктіреді. Саяси бірігу этникалық біртұтас кеңістікті де қалыптастырып, тарихи әдебиеттерде жаңа этноқауымдастық  «көшпелі өзбектер» деп аталына бастайды.

1446 жыл - Әбілқайыр ханның жеке билігі мен оның хандығының қуатының өсіп, ең шегіне жеткен жыл болып саналады. Міне, осы кезден бастап Әбілқайыр ханды Шығыс Дешті Қыпшақтың нағыз жеке-дара билеушісі деуге болады. Одан кейінгі 1446-1457 жылдар мен 1457-1469 жылдар  Әбілқайыр хандығының тарихындағы  күшею мен құлдырау кезеңдеріне жатады.

Осылайша, жоғарыда қарастырған мәселелерімізді түйіндей келе, біз «Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақта 40 жылдан астам хан болды» деген тұжырымның нақты емес екендігіне көз жеткізіп, ол 1428 жылы Шибан ұлысындағы көп ұлыстың біріне ғана хан болып сайланған, 1431-32 жылы ғана атасының ұлысын жеке-дара билеген, ал 1446 жылы Сыр бойын иеленгеннен кейін ғана оны бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақтың ханы болған деген қорытындыға келеміз. 

 

 

   Әдебиеттер:

1.  Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. М.,1965.

2.  Юдин В.П. Рецензия на «Государство кочевых узбеков» Б.А. Ахмедова // В кн.: Юдин В.П. Центральная Азия в ХІҮ-ХҮІІІ веках глазами востоковеда. – Алматы: «Дайк-Пресс», 2001. 

3.  Тарих-и Абу-л-хайр-хани. // Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков (Извлечения из персидских и тюркских сочинений) / Сост.: С.К.Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А.Пищулина, В.П. Юдин. – Алма-Ата, 1969. – 652 с.

4.  Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. В.Тизенгаузена. – Т.1. Извлечения из сочинений арабских. – СПб., 1884.

5.  Абд-ар-Раззак Самарканди. Места восхода двух счастливых звезд и места слияния двух морей.  // Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. - Т.II. Извлечения из персидских сочинений. Собранные В. Тизенгаузеном и обработанные А.А.Ромаскевичем и С.Л.Волиным. – М.-Л., 1941. –308 с.

6.  Семенов А.А. К вопросу о происхождении и составе узбеков Шейбани-хана // МИТУСА. Вып. I. ТИИАЭ АН Тадж.ССР. – Т. XІІ. –Столинабад, 1954.

7.  Таварих-и гузида-йи нусрат-наме // Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков (Извлечения из персидских и тюркских сочинений) / Сост.: С.К.Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А.Пищулина, В.П. Юдин. – Алма-Ата, 1969. – 652 с.

8.  Қадырғали Жалайыр. Жылнамалар жинағы / Шағатай-қазақ тілінен аударып, алғы сөзін жазғандар Н. Мигулов, Б. Көмеков, С. Өтениязов. – Алматы, 1997.

9.  Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды. // В кн.: На стыке континентов и цивилизации... (из опыта образования и распада империй  Х-ХYІ вв.) – М., 1996.

10.  Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касымовских царях и царевичах. Ч.2. – СПб.; 1864.

References

1.  AhmedovB.A. Gosudarstvokochevyhuzbekov. M.,1965.

2.  YudinV.P. Recenziyana «Gosudarstvokochevyhuzbekov» B.A. Ahmedova // Vkn.: YudinV.P. Central'nayaAziyavXІҮ-XҮІІІ vekahglazamivostokoveda. – Almaty: «Dajk-Press», 2001. 

3.  Tarih-iAbu-l-hajr-hani. // MaterialypoistoriiKazahskihhanstvXV-XVIIIvekov (Izvlecheniyaizpersidskihityurkskihsochinenij) / Sost.: S.K.Ibragimov, N.N. Mingulov, K.A.Pishchulina, V.P. Yudin. – Alma-Ata, 1969. – 652 s.

4.  Sbornik materialov, otnosyashchihsya k istorii Zolotoj Ordy. V.Tizengauzena. – T.1. Izvlecheniya iz sochinenij arabskih. – SPb., 1884.

5.  Abd-ar-Razzak Samarkandi. Mesta voskhoda dvuh schastlivyh zvezd i mesta sliyaniya dvuh morej.  // Sbornik materialov, otnosyashchihsya k istorii Zolotoj Ordy. - T.II. Izvlecheniya iz persidskih sochinenij. Sobrannye V. Tizengauzenom i obrabotannye A.A.Romaskevichem i S.L.Volinym. – M.-L., 1941. –308 s.

6.  Semenov A.A. K voprosu o proiskhozhdenii i sostave uzbekov Shejbani-hana // MITUSA. Vyp. I. TIIAEH AN Tadzh.SSR. – T. XІІ. –Stolinabad, 1954.

7.  Tavarih-iguzida-jinusrat-name // MaterialypoistoriiKazahskihhanstvXV-XVIIIvekov (Izvlecheniyaizpersidskihityurkskihsochinenij) / Sost.: S.K.Ibragimov, N.N. Mingulov, K.A.Pishchulina, V.P. Yudin. – Alma-Ata, 1969. – 652 s.

8.  QadyrgaliZhalajyr. Zhylnamalarzhinagy / Shagataj-qazaqtіlіnenaudaryp, algysozіnzhazgandarN. Migulov, B. Komekov, S. Oteniyazov. – Almaty, 1997.

9.  Safargaliev M.G. Raspad Zolotoj Ordy. // V kn.: Na styke kontinentov i civilizacii... (iz opyta obrazovaniya i raspada imperij  X-XYІ vv.) – M., 1996.

10.  Vel'yaminov-Zernov V.V. Issledovanie o Kasymovskih caryah i carevichah. Ch.2. – SPb.; 1864.

Б.Б. Карибаев, М.С.Ногайбаева

Из истории ханства Абулхайыра в I-половины XVвека

В статье автор рассматривает некоторые вопросы истории государства «кочевых узбеков»в первой половине XV века на территории Восточного Дешти Кыпчака. Автор критикует некоторыедействующие выводы первой монографи, которая вышла в свет полувека назад, посвященной истории этого государство. Вчисле подобных выводов что «Абилхайыр властвовал в Дешти Кыпчаке 40 лет»так же присутствует. Автор, глубоко анализируя данные последних исследований и фактов, пытается доказать, что такое заключение не правдоподобно. В статье, таким образом, автор ссылается на свои личные выводы.

Ключевые слова: Б.А.Ахмедов, Абилкайыр хан, улус Шибан, государство «кочевых узбеков», Дешти-Кыпчак, Алаш бахадур, Едиге би.

Karybaev B.B., Nogaibayeva M.

From the history of the Khanate Abulkayyr in the I-half of the XV century.

In the article the author considers some issues "nomadic Uzbeks" State history in the first half of the XV century in Eastern Desht-i Kipchak. The author criticizes some of the findings of the first monograph, which was published half a century ago, on the history of this state. In the number of such conclusions that "Abilkayyr ruled in Kypchak Deshti 40 years" is also present. By deeply analyzing data from recent studies and evidence, trying to prove that such a conclusion is not true. Thus, in the article, the author refers to his personal conclusions.

Keywords: B.A Akhmedov, Abilkayyr Khan, Shiban state, "the nomadic Uzbeks", Dasht-i-Kipchak, Alash Bahadur, Edige bi.

(Әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ Хабаршысы, тарих сериясы. №3(82) 2016. 120-126 - бб.)


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 3110

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Карибаев,Ноғайбаева, Әбілқайыр хандығының тарихынан.docx 0.04 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕЛЕРІНІҢ ПАЙДА БОЛУ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ О ТЕРМИНАХ «КАЗАХИ» И «КАЗАХСКОЕ ГОСУДАРСТВО» В ИСТОЧНИКАХ ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ 60-70 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ САЯСИ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ҚАЗАҚТАР МЕН ҚЫРҒЫЗДАРҒА ЫҚПАЛЫ УДК 94 (=5121):502 АЛТЫН ОРДА ХАНЫ ТОҚТАМЫСТЫҢ МӘСКЕУГЕ ЖОРЫҒЫ ӘӨЖ 94(574) «15» XV ғ. I жартысындағы Әбілқайыр хандығының тарихынан Жасқұстағы текетірес пен Тастөбедегі ұрыс ӘОЖ 82 (091), 801.73 «ДАНА ХИКАР ХИКАЯСЫ» ЖӘДІГЕРІ – АРМЯН ЖАЗУЫНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ҚЫПШАҚ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШІ

Автордың мақалалары

ӘӨЖ 94(574) «15» XV ғ. I жартысындағы Әбілқайыр хандығының тарихынан