Басты бет » Материалдар » ӘӨЖ 930.2:94(574): ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ БОЙЫНША ЖАЗБА ДЕРЕКТЕР

Ж.Е. Жаппасов, Әл-Фараби ат.ҚазҰУ, Қазақстан тарихы каф-ның доценті, т.ғ.к., zhappasov-74@mail.ru, Н.А. Тасилова, Қазақстан тарихы каф.доценті, т.ғ.к., М.

ӘӨЖ 930.2:94(574): ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ БОЙЫНША ЖАЗБА ДЕРЕКТЕР

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(08)

Тегтер: принцип, дерек, деректану, теория, классификация, әдіс.
Аңдатпа:
Бүгінгі таңда Қазақстанның тарих ғылымында деректану мен тарихи зерттеу әдістері мәселесіне ерекше көңіл аударылуда. Қазақ халқының толыққанды іргелі тарихын жазу үшін, ең алдымен сол тарихтың негізін құрайтын деректермен жұмыс істей білу қажет. Үлкен теориялық және методологиялық дайындықты қажет ететін деректану ғылымы – ұлттық тарихты тың, дәйекті мағлұматтармен байытып, толықтыру үстінде. Ортағасырлық Қазақстан тарихында XV ғ. соңы мен XVІ ғ. аяғына дейінгі аралық ерекше орын алды. Өйткені, бір ғасырға созылған осы бір тарихи кезең ішінде Қазақ хандығында тарихи маңызы зор күрделі өзгерістер болып өтті. Қазақстан тарихын зерттеу үшін өткен ғасырлардың аса бай жазба мұраларын шығармашылық тұрғыдан меңгеру өте маңызды болып табылады. Бұл мақалада Орталық Азияда жазылған қазақ халқының тарихы мен мәдениеті туралы толық және құнды мәліметтер беретін XV-XVII ғасырлардағы парсы тіліндегі жазба ескерткіштер қарастырылады. Өткеннің тарихын қайта жаңғыртып, қайта қалпына келтіру үшін түрлі жазба деректерді пайдаланып, ол деректердің ерекшелігі мен сабақтастығын, беретін мағлұматтарының әралуандылығын талдап, обьективті ақпараттарды алу жолдарын қарастыруымыз қажет. XV-XVII ғасырларда Орталық Азияда жазылған деректердің мәліметтері Қазақ хандығының тарихынан анағұрлым толық және жан-жақты мағлұматтар береді. Оларды тиімді түрде классификациялау зерттеушіге жүйелі әрі толыққанды зерттеулер жүргізуге септігін тигізеді.
Мазмұны:

Кез келген халықтың төл тарихының табиғи негізін тарихи деректер құрайды. Бірақта бұл деректің өзін шикі түрінде пайдалану, тарихты бұрмалауға алып келетіні анық. Қазақ халқының толыққанды іргелі тарихын жазу үшін, ең алдымен сол тарихтың негізін құрайтын деректермен жұмыс істей білу қажет.

Үлкен теориялық және методологиялық дайындықты қажет ететін деректану ғылымы – ұлттық тарихты тың, дәйекті мағлұматтармен байытып, толықтыру үстінде. Бүгінгі таңда көптеген деректердің ғылыми айналымға енуі, Қазақстан тарихының деректік базасын кеңейтті. Бұл, деректердің өзіндік ерекшеліктерінен шыға отырып, оларды дұрыс, әрі тиімді пайдаланудың жолдарын, әдіс-тәсілдерін іздеп табуды қажет етіп отыр. Бұл қажеттіліктерді толтыру ұлттық деректану ғылымының үлесінде.

Орталық Азия мен Қазақстан тарихы бойынша ортағасырлық тарихи жазба деректер өзінің саны, көлемі жағынан аса көп, мазмұны, түрі жағынан әр алуан. Оның бәрін қамту аса қиын. Сондықтан тарихи деректер теңізінде дұрыс жол табу, тарихи зерттеулерде оларды тиімді  және пайдалы етіп қолдана білу қажеттілігі оларды классификациялау проблемасын туғызады. Басқаша айтқанда, деректерді ортақ қасиеттері бар, бірақ бір-бірінен ерекше белгілерімен айырылатын категорияларға бөлу [1, 31 б.].

  Ортағасырлық Қазақстан тарихына қатысты жазба деректерді шартты түрде мынандай принциптерге негіздеп бөлуге болады: әулеттік, тілдік, аймақтық.

Көптеген ғалымдар ортағасырлық деректерді бөлгенде әулеттік принципті басшылыққа алады. Аймақтық немесе территориялық принципті басшылыққа алу да маңызды. Яғни, деректің пайда болған жері, оның ерекшеліктері мен табиғи болмысының деректе көрініс табуы өте маңызды. Алайда тілдік, стильдік, жанрлық ерекшелігі деректің обьективтілігі мен субьективтілігіне қатты әсер ететінін де ұмытпауымыз қажет. 

Шын мәнінде кез келген дерек белгілі бір тарихи оқиғаның, құбылыстың немесе қоғамдық процестің салдарынан пайда болады. Дәлірек айтсақ, нақты тарихи оқиға, құбылыс немесе қоғамдық процесс нақты тарихи деректерде бейнеленіп, ол туралы мәліметті бойында сақтайды. Сондықтан да кез келген деректі белгілі бір тарихи оқиғаның дерек көзі ретінде зерттеуде оның пайда болуының обьективтілігін, алғышартын, яғни нақты қандай оқиғаның салдарынан пайда болғандығын анықтаудың маңызы өте зор [1, 35 б.]. Сондай-ақ дерекке деректанулық талдау жүргізгенде тарихилық принципті басшылыққа алып, деректі өзінің пайда болған уақыты контекстінде зерттеу қажет. Өйткені, деректің жасалған уақыты, оның ерекшелігі, нақты айтқанда, сол кезеңде қалыптасқан тарихи жағдай, үстемдік еткен саяси құрылыс т.б. деректің пайда болуына, ішкі мазмұны мен бағытына, мақсаты мен міндетіне әсер ететіні анық.

Ортағасырлық парсы деректерін жүйелі түрде талдап, зерттеп жүрген ғалым Ж.М. Тулибаева өзінің 2003 жылы қорғаған «Персоязычные источники по истории казахов и Казахстана XIII-XIX  вв.» деп аталатын докторлық диссертациясында жүзден аса алуан түрлі шығармаларға деректанулық талдау жасаған. Автор «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында деректерді табу, зерттеу және ғылыми айналымға еңгізу мәселесімен айналысып, көптеген деректерді алғаш рет ғылыми айналымға қосты. Атап айтсақ, Ұлықбек мырзаның «Тарихи арба улус», Хафизи Абрудың «Тарихи Хафизи Абру», Хамдаллах ибн Наср Мустауфи Казвинидің «Нузхатат-кулуб», Мұхаммед ал-Хавафидің «Муджмали Фасихи», Мұхаммед Салимнің  «Силсилат ас-салатин» және т.б. оннан аса шығармаларды тауып, зерттеді. Әсіресе, Орталық Азия халықтарының рухани мәдениетіне қатысты неғұрлым қызықты, бұрын белгісіз болып келген еңбектерді анықтады. Деректанулық еңбектерінде Ж.Тулибаева деректерді классификациялаудың маңыздылығын негіздеп, парсы деректерді сипаттап, олардың ерекшелігін, бағытын, зерттелу деңгейін, Қазақстан тарихына қатысты маңыздылығын айқындап берген. Деректерді түрлік және типтік жағынан классификациялауда зерттеуші бірнеше ғалымдардың көзқарасын талдап, классификациялаудың шартты түрде тиімді әдістемесін ұсынған. Зерттеуше жүзден аса парсы тіліндегі ортағасырлық деректерді классификациялаудың өзіне ғана тән жаңа әдістерін қарастырып, ұсынған. Зерттеуші хронологиялық-аумақтық принцип бойынша деректерді Хулагуидтік, Темірлік, Шайбандық, Бабырлық, Сефевидтік, Аштарханилық, Мыңғыттық және Қоқандық деп қарастыруға болатынын атап өтті. Бұл классификациялау принципі XIII-XIX  ғғ. хронологиялық шегі жағынан үлкен кезең болғандықтан хронологиялық-аумақтық принциптің тиімділігі жоғары[2]. 

Сонымен қатар Ж.Тулибаева Қазақстан тарихына қатысты мәліметтерді сақтаған парсы деректерін құжаттық және нарративті деп аталатын негізгі типтерге бөлуге болатынын негіздеді. Құжаттық деректерге барлық үкімдер, билеушілердің грамоталары, акт, үкіметтік және ведомстваралық мекемелердің ресми құжаттарын жатқызса. Ал нарративті деректерге анналдар, тарихи хроникаларды, мемуарлар, өмірбаян, трактаттарды жатқызған. Материалдарды баяндауы бойынша барлық тарихи нарративті шығармаларды екі топқа бөлуге болады. Олар: жалпы тарих және әулеттер тарихы деп зерттеуші жіктеп көрсетті. Сонымен қатар, парсы деректеріне тән ерекшеліктерді, ол тілдегі шығармалардың көпшілігі кіріспе, негізгі мәтіннен және қорытындыдан тұратындығы және бірнеше томдардан құралатындығы, арасында билеуші әулеттерге арналған дастандардың болатындығын атап көрсеткен.

ХV ғ. соңы мен ХVI ғасырдағы Қазақ хандығының құрылуы, күшейіп және нығаюы мен уақытша әлсіреу, қайта өрлеу кезеңдеріне, Орталық Азия тарихына қатысты деректерді әулеттік принципке сай классификациялаудың тиімділігі зор. Бұл кезеңде ортағасырлық шығармаларды Темірлік, Шайбанилық, Аштарханилық, Бабырлық, Сефевидтік деп билеген әулеттердің тапсырмасымен жазылғандықтан осылайша жіктеуге болады. Өйткені, деректер тікелей сол әулеттің тапсырысы бойынша жазылып, көбінесе әулеттің билеушілерін тізбектеп, олардың бірін екіншісінен керемет етіп сипаттау орын алған.

Әулеттік деректердің ішінде Орталық Азия мен Қазақстанның ХV ғ. соңы мен ХVI ғасырдағы тарихы мен мәдениетінен құнды мағлұматтар беретіні - Шайбани әулетінің шығармалары болып табылады.

Шайбани әулеті - өзбек билеушілерінің әулеті (1500-1598/99 жж.) Орталық Азия мен Мауереннахр аумағында Темірлік әулетті ығыстырып, орнына жаңа мемлекет құрады. Шайбани әулеті Шыңғыс хан тұқымынан тараған, Жошының кіші, бесінші ұлы – Шибанның ұрпақтары. Әулеттің негізін салушы - Әбілхайыр ханның немересі, Шаһ Будақ сұлтанның баласы Мұхаммед Шайбани хан (1451-1510 жж.). 

  Шайбани  хан Орта Азияда Шайбани мемлекетінің негізін қалады. Бұл мемлекет 1500-1598/99 жылдар аралығында өмір сүрді. Бұл мемлекеттің территориясы Каспий теңізінен Тянь-Шаньға, Сырдариядан Орталық Ауғаныстанға дейінгі жерді қамтыды [3].

ХV ғ. соңы мен ХVI ғасырда пайда болған көптеген деректердің ішінде Шайбани әулетінің деректері ерекше құнды болып табылады. Себебі, бұл әулет Қазақ хандығының оңтүстіктегі Орта Азиядағы мықты қарсыласы, әрі көршісі болды. Яғни, екі ел арасында үнемі қарым-қатынас үзілмеді. Сонымен қатар, бұл Шайбанилық деректерде көршілері қазақтар туралы сан қырлы: олардың тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, саудасы, діні, мәдениеті, салт-дәстүрі туралы мәліметтер өте көп. Сонымен қатар, қазақ хандары туралы, олардың саясаты, дипломатиясы, Шайбани әулетімен қарым-қатынасы туралы да көп жазылған.

Біз әулеттік деректерге жататын Шайбанилық деректерді шартты түрде төрт топқа бөлеміз. Ол деректің пайда болған уақытына, мазмұнына байланысты бөлініс. Мәселен, Шайбани әулетінің 1-тобының шығармаларына 1500-1511 жж. аралығында жазылған деректер жатқызылады. Оған:

1.  Михман наме Бұхара;

2.  Тауарихи гузидаий нусрат наме;

3.  Шайбани наме;

4.  Фатх наме жатады. Шайбани әулеті деректерінің біршамасы «Материалы по истории казахских ханств XV-XVIII веков.» деп аталатын 1969 жылы жарыққа шыққан, парсы және түркі тілінен аударылған жинақта шоғырланған. Бұл жинақты кезінде тарихшы-шығыстанушы ғалымдар: С.К. Ибрагимов, Н.Н.Мингулов, К.А.Пищулина, В.П. Юдин аударып, зерттеп, түсініктемесін беріп, жариялаған болатын. Бүгінгі таңда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында қайта жарияланған.

Әулеттік деректер тобына жататын Шайбанилық деректердің бірінші тобына Фазл-аллах Ибн Рузбехан Исфаханидің «Михман наме Бухаре» «Бұхара қонағының жазбалары» атты еңбегін жатқызамыз. Автор 1457 жылы (хижра бойынша 862 ж) Хундж Ларистанда дүниеге келеді. Ибн Рузбеханның әкесі Жамаладдин Рузбехан кезінде белгілі улем, Исфахандағы садрлардың сословиесіне кірген атақты адамдардың бірі болды [4].

Ибн Рузбеханның жастық шағы Шираз бен Исфаханда өтеді. 17 жасынан Меккеге, Хиджаз, Мысырға саяхат жасап, құранды меңгеріп, араб әдебиетін оқып, көптеген ғалымдар мен ғұламалардың еңбектерімен танысып, олардың көбісінен дәріс алады. Оның көптеген еңбектері жарыққа шығып, танымал болады. Олар бізге жетпеген «Трактат землепашце», «Родословное его Величества наместника всемилостивого» т.б. шығармалары еді.

ХVI ғасырдың басында Иранда шииттікті ту еткен Сефевидтік әулет Шах Исмайыл І билікке келгенде, Ибн Рузбехан Хорасанға қашады. Өйткені, оның діні ислам, сүннет жолында болатын.

ХVI ғ. басында  Мұхаммед Шайбани  барлық Орта Азия жерлерін жаулап алып, осы өңірдегі ғалымдар мен ғұламаларды өз құзырына жинағанда Рузбехан да Шайбани ханның жағына өтіп, осы ханның тарихшысына, кеңесшісіне айналады. Рузбехан 1509 жылы 27 қаңтар - 9 қыркүйекте мемуарлық  парсы тілінде «Михман наме Бухаре» еңбегін жазады.  Ол тікелей Шайбани ханға арналған болатын.

Рузбехан ханның жанында жүріп, оның барлық дерлік саяхаттары мен  жорықтарында болады. Фазл аллах Рузбеханисіз Шайбани ханның бір де бір жиналысы да өтпейтін еді. Ол өз ханына 1510 ж. дейін қызмет жасады. 1510 ж. Сефевилік Исмайл І Шайбани ханның Мерв түбінде басын алғанда, тарихшы ханның жиені Ұбайдолла сұлтанның кеңесшісіне айналады. 1515 ж. кейін оның өмірі туралы ешбір мәліметтер сақталмаған [4, 6-7 бб.].

Исфаханидің «Михман наме Бухаре» еңбегі негізінен Шайбани ханның аталарына, ханның өзіне арналып жазылған. Бұндағы көптеген мәліметтер тек өзбек халқы үшін ғана емес, қазақ тарихы үшін де маңызы зор. Дерек негізінен Қазақ хандығы мен Шайбанилер арасындағы байланыстардан, қазақтардың саяси, мәдени, экономикалық, әлеуметтік тарихынан көптеген құнды мәліметтер береді. Негізінен ХV-ХVI ғғ. Қазақстан тарихына қатысты мынандай мәліметтер береді:

1.  Қазақтардың этногенезіне байланысты;

2.  Қазақ хандарының генеологиясына байланысты;

3.  Қазақтардың қалалары туралы мәліметтер;

4.  Қазақтардың шаруашылығы, көшіп-қоны туралы;

5.  Қазақтардың діні;

6.  Қымыз сусыны;

7.  Олардың сауда-саттығы;

8.  Қазақ қоғамындағы ұлыстар туралы;

9.  Қазақтардың қолөнері туралы;

10.  1509 ж. Шайбанидің қазақтарға қарсы 3 жорығы туралы егжей-тегжейлі  баяндалған.

«Михман наме Бухаре» дерегі Шайбаниді мадақтау мақсатымен арнайы тапсырыспен жазылғанымен,  онда обьективті мәліметтер де баршылық. Бұл деректің түпнұсқасы бізге қолжазба күйінде екі түрі жетті. Оның бірі Өзбекстан Республикасының ҒА. Шығыстану институтында, ал екіншісі Стамбұлдағы Нұри-Осман-й мешітінің медресесінде сақтаулы.

Шайбанилық деректің 1-тобына жататын  келесі дерек «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» немесе «Жеңіс кітабынан жинақталған жылнама» - ортағасырлардағы тарихи шығарма. Оны атауына қатысты да бірнеше пікірлер бар. Бұл еңбектің авторы белгісіз. Әртүрлі ғалымдар түрлі көзқарасты білдіреді. Мәселен П. Лерх бұл деректің авторы Жалал ад-Дин Румидің баласы Сұлтан Уәли жазған десе, біріқта ол XIV ғ. басында өмірден озған. Сондықтан оқиғалар желісі 1504 ж дейін жазылған «Тауарихидің» авторы болуы мүмкін емес.

Ал Р.Г. Мукминованың пікірінше «Тауарихиді» жазуға Мұхаммед Шайбани хан атсалысқан, ал оның авторы Шайбани ханның жорықтарында әрқашан бірге жүріп, барлық істердің басы қасында болған адам деп тұжырымдайды. Оның пікіріне сүйенген ғалым А.А. Семенов жоғарыда аты аталған шығарманың авторы Шайбани ханның өзі деп батыл айтады. Зерттеуші А.М. Акрамовтың пікірі мүлдем басқаша. Оның топшылауынша «Тауарихидің» авторы «Шайбани наме» атты түркітілдес шығарманың авторы Мұхаммет Салих. Ал Шайбани хан оған көмектескенін жоққа шығаруға болмайды дейді ғалым. Бұған дәлел ретінде, біріншіден, шығарманың өзінде былай делінген: «Бұл шығарма ханның Бұхара мен Самарқантты басып алғаннан кейінгі шығарған бұйрығымен жазылды», - делінген. Ал «Тауарихидің» авторы Шайбани ханның өзі болса, ол өз-өзіне бұйрық шығармайтыны анық. Екіншіден, «Тауарихидің» құрылымы, ішіндегі өлеңдер «Шайбани наме» дерегіне ұқсас және өлең жолдары содан алынған дейді А.М. Акрамов [5].

Ендігі жерде шығарманың авторы ғана емес атауына байланысты да пікірталастар болған. Көбінесе «Жеңіс кітабынан жинақталған таңдамалы жылнама» немесе «Жеңіс кітабының таңдаулы тарихы» деп аталса, А.М.Акрамовтың пікірінше «Жеңіс кітабы – Таңдамалы тарих». Бұл атаулардың екі нұсқасын да пайдалануға болады, бірақта үшінші нұсқасы ретінде «Жеңістің таңдаулы даталары кітабы» деуге де болады.

Жалпы «Тауарих-и гузида-йи нусратнаме» авторының аты-жөні, ол туралы мәлімет те бұл еңбектің екі белгілі нұсқасында кездеспейді.

Дерек 1502 жылы 2 қарашада басталып 1504 ж. сәуір-мамыр айларында аяқталған, яғни, хижра бойынша 908-909 жылдары. «Тауарихидің» мазмұнындағы басты идея Мұхаммед Шайбани ханның жеңісін көрсету, оның Орта Азияда түпкілікті билеуші болып орныққанын паш ету еді.

Шығарманы жазуда көптеген зерттеушілердің пікірінше монғол шапқыншылығынан кейін Иран мен Орта Азияда жазылған парсы тіліндегі көптеген еңбектер пайдаланылған. Мәселен, Ала ад-Дин Ата-Мелик Жувейнидің «Таварих-и джаханкушай-и Менгу-хан ибн Тулуй-хан», Исламшах Газан-ханның «Таварих-ий гузидай Исламшах Газан-ханның қызы», Хамдаллах Мустауфи Казвинидің «Таварих-ий гузида», Ұлықбек мырзаға жазылған «Таварих-и шахи» еңбектері пайдаланылғанын көптеген шығыстанушылар атап өтеді. А.М.Акрамовтың пікірінше «Тауарихиде» Низам ад-Дин Шамидің «Зафар намесі» мен Абд ар-Раззак Самарқандидің «Матла ас-са дайн ва маджма ал-бахрайн» еңбектері пайдаланылған.

«Тауарих-и гузида-йи нусратнаме» негізінен сонау оғыз, түрік, моңғол тайпаларының Шыңғыс ханның тарихынан бастау алып, оның генеологиясын шежіремен таратқан. Онда Шайбан, Тұқай Темір мен Шағатай ұрпақтарының шежіресі деректің аяқталған уақытына дейін таратылған. Және ең бастысы Мұхаммед Шайбани ханның тарихы жақсы баяндалған. Ерекше тараулар атасы Әбілхайыр ханға, інісі Махмұд Бахадүр сұлтанға, баласы Мұхаммед Темір сұлтанға арналған. Шығарманың соңғы бөлігі Шайбани ханды барынша мықты етіп көрсету, ал оның бәсекелестерін әлсіз етіп көрсету орын алған. 

Бұл шығарманың нұсқасы Ресей ҒА  шығыс халықтар институтының Санкт-Петербург бөлімшесінде және Британ музейінде сақтаулы. Ол екі қолжазба да толық емес, дефектілер көп. Екеуінде де біраз бөліктері жеткіліксіз. Жалпы Лондондық нұсқасы ленинградтық нұсқадан толығырақ. Негізгі екі түпнұсқадан басқа бүгінгі күнге дейін бізге бірнеше қысқа-қысқа көшірмесі жеткен. Олардан негізгі түпнұсқада келтірілмеген қосымша мәліметтерді алуға болады, әсіресе,  1510 ж. Шайбани ханның өлімі туралы мәліметті осы көшірмелерден табуға болады.

Қазақ халқының тарихы үшін бұл деректерде сақталған Мұхаммед Шайбани ханның өмірі мен оның шежіресі, басқа да Жошы ұрпақтарының шежіресі өте құнды. Олар шыңғыстың ұрпақтарының генеологиясына жаңаша тұрғыдан қарауға жол ашады. Әсіресе, Қазақ хандарының шығу тегін анықтауға, олардың туыстық байланыстарын ажырату үшін маңызды. Мәселен, бұл деректен Бұрындық хан мен Барақ ханның балаларының аттары анықталып, Керей мен Жәнібектің туған ағалы-інілі емес екендігі анықталды.

Деректің мәліметтерін В.В. Бартольд, А.А. Семенов, К.И. Петров, С.К.Ибрагимов, В.П. Юдин және т.б. зерттеушілер өз еңбектерінде пайдаланған. «Тауарихиге» Р.Г. Мукминова, С.А. Азимжанова, Б.А. Ахмедов секілді зерттеушілер сипаттама жасаған. Ал С.К. Ибрагимов деректің шағын бөліктерін орыс тіліне аударып, МИКХ жинағына енгізген болатын. Бұл деректерді өзінің бірнеше ғылыми мақалаларында талдап көрсеткен еді. А.М.Акрамовтың ғылыми мақалаларында «Тауарихи» түрлі аспектіде талданып, жан-жақты қарастырылған. Ол шығарманы толығымен аударып, сыни мәтінін жасады.

Бұл еңбекте Қазақстан тарихына қатысты мынандай деректер бар:

1.  Әбілхайыр ханның өлімінен кейінгі Дешті Қыпшақтағы саяси жағдай;

2.  Осыдан кейінгі Керей мен Жәнібектің іс-әрекеттері;

3.  Шейх Хайдарға қарсы күрескен одақтастар;

4.  1453 ж. Сығанақ түбіндегі шайқас;

5.  Шайбани ханның өмірі мен 1470-90 жж. Қазақ хандығымен Сыр бойы қалалары үшін күреске арналған;

6.  ХVI ғасырдың басында Шайбани әулетінің Орта Азияға орнығуы;

7.  Қазақ хандарының шежіресі берілген.

Келесі 1-топ дерегі «Фатх-наме» [5]. Ол «Жеңіс кітабы» немесе «Жеңіс туралы жыр» деп аударылады. Оның екінші атауы да бар, «Фатх-и хани», бұл дегеніміз «Ханның жеңісі» немесе «Хандық жеңіс».  Бұл атауға байланысты шығарманың өзінде:

По той причине оно получило название «Фатх-и хани»,

Что господь даровал ему (Шайбани хан) победу над миром.

Бұл дастан ортазиялық фарси немесе тәжік әдиби тілінде жазылған. Оның жазылу үлгісін Фердаусидің «Шах наме» еңбегі іспеттес.

Еңбектің авторы ханның замандасы Молда Шади. Автор туралы ешбір мәлімет те жоқ.. Тек Темірлік Бабырдың айтуынша сол кезеңде Орта Азияда үш Шади, әкесі мен екі ұлы болыпты. Олар өлең шығарумен, оны әртістер сияқты мәтінді оқып, орындауымен, импровизатор, оригиналды дүниелерді шығаратын декламатор ретінде танылған көрінеді. Сол Шадилердің ішіндегі Гулам Шади атты адам (әкесі) осы шығарманың авторы болуы мүмкін деген болжам бар.

Мұнда Шайбани ханның ерлік жолын өлең жолдарымен баяндайды. Онда Шайбани ханды соңғы билеуші, уақыттың имамы, мұсылмандардың рухани тірегі, идеологиялық басшысы ретінде мадақтайды. Сонымен қатар Орта Азиядағы саяси жағдай, Бабырдың қашуы, Самарқанттағы аштық, Әбілхайр ханнан кейінгі саяси жағдайды өлеңмен жеткізген. Бұл деректегі оригиналды, қайталанбайтын мәліметтер де бар. Ол Шығыс Дешті Қыпшақтағы билікке Әбілхайр ханнан кейін Жәдігер ханның келуі. Бұл мәліметтер кейіннен Әбілғазының «Түрік шежіресінде», Мунистің «Фирдаус ал-икбал» еңбектерінде қайталанады. Сонымен қатар Мұхамед Шайбани ханның сол Жәдігер хан мен оның баласы Бүрекеге қызмет еткені туралы мәліметі де қызықты. Және «Фатх-намеде» ғана Шайбани ханның әкесі Шах Бұдақ сұлтанның қайтыс болған жылы көрсетілген.

Бұл мәліметтерді талдауда, біз Шади деректі жазуда «Тауарихиді» және Шайбани ханның, оның туыстарының ауызша кеңестерін пайдаланған болуы керек деген қорытындыға келдік.

Молла Шадидің айтуынша бұл дастанды жазуда Шайбани хан ұсынған осы шығармамен аттас хрониканы «Фатх-намеде» кеңінен қолданған. Деректе ол туралы мынандай өлең жолдары келтірілген:

Еще искал я у хана «Фатх-наме»,

[И] по своей милости вручил[его] мне шах, убежище веры [5.  46-47 бб.].

Әрине, бұл шығарма Шайбани ханның тапсырысымен жазылған. Мұнда 1501 ж дейінгі оқиғалар жазылған.

Фатх наме жеке тақырыптармен берілген 74 немесе 78 шағын тараудан және қорытындыдан тұрады. Бұл еңбекті тұңғыш рет ғылыми айналымға қосқан В.В. Бартольд болатын. Оның «Тауарихимен» ұқсастығын да зерттеуші атап өткен болатын.

Бұл деректегі ең маңызды мәліметтер:

- Мұнда ешбір деректе кездеспейтін мәлімет, Әбілхайыр ханның қайтыс болған жылы көрсетілген;

-  Шайбани ханның әкесі Шах Бұдақ сұлтанның қайтыс болған жылы жазылған;

- Қазақ хандығы мен Шайбанилер арасындағы қарым-қатынастар туралы мәліметтер де бар.

-  Қазақ хандары мен сұлтандары туралы мәліметтер бар;

Бұл Шайбанилық әулет дерегінің 5 түрлі нұсқасы бар. Олардың 2-і Санкт-Петербордың кітапханасының шығыстану бөлімінде (№925, №962) сақталған. 1-ін В.В. Бартольд сипаттаған, ол Өзбекстанның ҒА (№5369) қорында сақталған. 2-і Тәжікстанның ҒА қолжазба мұралары және шығыстану бөлімінде сақталған (№953, №1464).

1-топтағы Шайбани әулетінің деректеріне Камал ад – Дин Али  Бинаи бен Устад Мұхаммедхан Харавидің «Шайбани наме» немесе «Шайбани туралы кітап» дерегінің мәліметтері де қазақ тарихы үшін ерекше құнды [5]. Бұл еңбектің авторы жазушы, музыкант ретінде белгілі. Гераттың ең төменгі әлеуметтік тобынан шыққан. Ол 1453 ж. туылып, 1512 ж. Қаршыда Сефевидтік әулеттің әскерінің қолынан қаза тапты.

Бинаи Гератта тұрып, Ирак, Бұхара және Самарқантта саяхат жасап, Шайбани хан, Захир ад-дин Мұхамед Бабыр сияқты танымалы мемлекет басшыларының қол астында қызмет жасаған.  Оны барлық зерттеушілер жоғары бағалайды. А. Мирзоев: Бинаи тек тәжік поэзиясын ғана емес, ол өзбек тілінде де өлең шығарады. Ол сонымен қатар шағатай, парсы тілін де білген. Оның көптеген еңбектері бар.  Оның екеуі – «Шайбани наме» және «Футухат –и хани»,- деген болатын. Олар 1504-1510 жылдар аралығында жазылған. Ондағы мәліметтер жоғарыда қарастырған деректердегі мәліметтер қайталанады. Бірақ ерекшелігі, онда көбіне өлеңдетіп, әсірелеп жазу орын алған.

«Шайбани наме» жаңа әулеттің негізін қалаушы Шайбани ханды мақтау-мадақтау үшін, оның  жеңісін күллі әлемге таныту мақсатында жазылған шығарма. Бұл мақсатты іске асыруға жоқшылық итермеледі. Ол шығарманы жазуда хан мен оның баласының қадағалауымен, дайын үлгінің негізінде орындады. Негізгі мазмұны мен жоспары «Тауарихиге» ұқсас.

«Шайбани наме» дерегін зерттеуді кезінде А.А. Самойловичь «Шайбани наме», М. Салье «Кемал ад-Дин Бинаи его покровители», Б.А. Ахмедов «Государство кочевых узбеков», С.К. Ибрагимов «Шайбани наме Бинаи как источник  по истории Казахстана», П.П. Иванов «Очерки по истории Средней Азии», Р.Г. Мукминова «О некоторых источниках по истории Узбекистана начала XVI века», А.А. Семенов «Первые Шайбаниды», А.Мирзоев  сияқты зерттеушілер өз еңбектерінде кеңінен пайдаланған. 

  Қорыта келгенде, ХV ғ. соңы мен ХVI ғасырда пайда болған көптеген деректердің ішінде Шайбани әулетінің деректері ерекше құнды болып табылады. Өйткені, бұл әулет Қазақ хандығының оңтүстіктегі Орта Азиядағы мықты қарсыласы, әрі көршісі болды. Яғни, екі ел арасында үнемі қарым-қатынас үзілмеді. Екіншіден, бұл Шайбанилық деректерде көршілері қазақтар туралы сан қырлы: олардың тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, саудасы, діні, мәдениеті, салт-дәстүрі туралы мәліметтер өте көп. Сонымен қатар, қазақ хандары туралы, олардың саясаты, дипломатиясы, Шайбани әулетімен қарым-қатынасы туралы да көп жазылған болатын.

Әдебиеттер:

1.  Атабаев Қ. Қазақстан тарихының деректанулық негіздері. - Алматы: Қазақ университеті, 2003. - 35 б.

2.Тулибаева Ж.М. Письменные памятники по истории Казахстана XIII-XIX вв. - Астана: Издательство Национального центра археографии и источниковедения, 2009. – 237 с.

3.Телеуова Э. Шайбани әулеті. Шайбани мемлекеті. // Түркістан. Халықаралық энциклопедия. – Алматы:  «Қазақ энциклопедиясы», 2000. - 634-635 бб.

4.Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман наме Бухара. /Пер., пред. и прим. Р.П.Джалиловой. Под. ред. А.К.Арендса.  - Москва: Наука., 1976. – 196 с.

5.Материалы по истории казахских ханств XV-XVIII веков. (Одан әрі МИКХ) /Извлечения из персидских и тюркских сочинений/. Составители: С.К.Ибрагимов, Н.Н.Мингулов, К.А.Пищулина, В.П.Юдин. – Алма-Ата: Наука., 1969. – 652 с.

References

1. Atabaev K. Kazakstan tarihynyn derektanulyk negіzderі. - Almaty: Kazak universitetі, 2003. - 35 b.

2. Tulibaeva Zh.M. Pis'mennye pamjatniki po istorii Kazahstana HIII-HIH vv. - Astana: Izdatel'stvo Nacional'nogo centra arheografii i istochnikovedenija, 2009. – 237 s. 

3. Teleuova E. Shajbani auletі. Shajbani memleketі. // Tүrkіstan. Halykaralyk  jenciklopedija. – Almaty:  «Kazak jenciklopedijasy», 2000. - 634-635 bb.

4. Fazlallah ibn Ruzbihan Isfahani. Mihman name Buhara. /Per., pred. i prim. R.P. Dzhalilovoj. Pod. red. A.K. Arendsa.  - Moskva: Nauka., 1976. – 196 s.

5.  Materialy po istorii kazahskih hanstv HV-HVIII vekov. (Odan әrі MIKH) /Izvlechenija iz persidskih i tjurkskih sochinenij/. Sostaviteli: S.K.Ibragimov, N.N.Mingulov, K.A.Pishhulina, V.P.Judin. – Alma-Ata: Nauka., 1969. – 652 s.

Ж.Е. Жаппасов, Н.А. Тасилова, м.д. бАЙДАВЛЕТОВА

Письменные источники по истории Казахстана и Центральной Азии

Современная историчская наука Казахстана с особым вниманием относится к разработке проблем источниковедения и методов исторических исследований, так как без вовлечения в научный оборот новых исторических источников, невозможно повышение качества и эффективности исторических исследований. Исследования истории казахского ханства является актуальным сегодня и определяется, во-первых, интересом, взросшим к истории истокам казахской государственности в связи с обретением Казахстаном независимости, которая создала для этого историческую основу.Актуальность исследования определяется практической в исторической науке потребностью введения в научный оборот оригинальных источников, содержащих ценный фактический материал по истории Казахского ханства. Для восстановления исторической картины прошлого необходимо привлечение многочисленных, часто противоречивых и разноплановых источников, фактов и данных, которые мы получаем из различных источников, и в первую очередь – письменных памятников. В данной статье рассматриваются письменные памятники XV-XVII вв., созданные в Центральной Азии и содержащие наиболее полные и ценные сведения по истории и культуре казахов. Имеется богатейшая историческая литература на восточных языках, где отразилась многовековая история Казахстана. Письменные памятники Центральной Азии, важные и ценные для изучения истории казахского народа.

Ключевые слова:источник, источниковедение, теория, классификация,  принцип, метод.

ZH.E. ZHAPPASOV, N.A. TASILOVA, M.D. Baydavletova

Sources on the history of Kazakhstan and Central Asia

The modern historical science of Kazakhstan pays special attention to the development problems of sources and methods of historical research, since without the involvement of the scientific revolution in the new historical sources, it is impossible to improve the quality and efficiency of historical research. To research the history of Kazakh Khanate is relevant today and is determined, firstly, increasing interest of the history of the origins of Kazakh statehood in connection with the acquisition of independence by Kazakhstan, which created this historical basis. The relevance of the study is determined by practical necessity in historical science introduction to the scientific revolution of original sources containing valuable factual material on the history ofKazakh Khanate. To restore the historic picture of the past is necessary to attract the many, often contradictory, and diverse sources of facts and data that we receive from various sources, first and foremost - written records. This article discusses the written monuments XV-XVII centuries, started in Central Asia and contain the most complete and valuable information on the history and culture of the Kazakh people. It has a rich historical literature in Oriental languages, which reflected the centuries-old history of Kazakhstan. Written monuments of Central Asia are important and valuable to study the history of the Kazakh people.

Keywords: source, theory, classification, principle, method.

 


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз