Басты бет » Материалдар » «Мәңгілік Ел» идеясы: саяси-философиялық негіздері және тарихи сабақтастығы

Сыздықов С.М., т.ғ.д. профессор

«Мәңгілік Ел» идеясы: саяси-философиялық негіздері және тарихи сабақтастығы

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(08)

Тегтер: идеясы, «Мәңгілік, Ел», идея, мұра, түркілер, Алаш, сабақтастық
Аңдатпа:
Мақалада тәуелсіз Қазақстанның «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы өзінің бастауын ежелгі ата-бабаларымыз болып саналатын түркілердің «Мәңгілік Ел» мемлекеттік идеологиясынан алатындығы қарастырылған. Ортағасырлық түркілердің «Мәңгілік Ел» мемлекеттік идеологиясының философиясы әл-Фараби шығармаларында, саяси-құқықтық қағидалары Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білік» еңбегінде негізделіп, ал саяси манифест ретінде Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк бітіктастарында жарияланғандығы баяндалған. Сонымен қатар идеяның тарихи сабақтастығы да зерделенген.
Мазмұны:

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде «Ұлттық идеяның тұжырымы ұлттық тарихи кеңістікте жатыр. Оны өзге бір өрістерден іздеу кезекті әмбебап құрылымдардың біріне қарай құлдырап кету деген сөз.Ұлттық идеяның қалыптасуы өзіміздің төл тарихымызды жаңаша ұғыну негізінде ғана мүмкін болады»[ 1, 40 б.] деген еді. Енді міне «Қазақстан жолы – 2050:бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында ежелгі ата - бабаларымыз – түркілердің мәңгілік ел идеясын – қазақ елінің ұлттық идеясы ретінде жариялауы кездейсоқ емес.

Әдетте, «идея» (грек. ідеа – түсінік, елес, бейне) – теориялық жүйенің, логикалық құрылымның, соның ішінде дүниетанымның негізінде жатқан анықтаушы түсінік  мағынасында қолданылатын философиялық термин. XVIII ғасырдағы немістің классикалық философиясының негізін салушылардың бірі  – И. Канттың тілімен айтсақ: «Адам білімінің қайсыбірі болмасын, түйсіктен басталып, түсінікке ұласып, идеямен аяқталады» [2, 124].Осы бір қарапайым сөз тіркестері «идея» түсінігінің мәнін және қалыптасу жолдарын қысқаша түрде  нақты бере алады.

Осы уақытқа дейін «Мәңгі ел» идеясының негізін салған «Көне түркі жазба ескерткіштері», әл- Фараби мен  Жүсіп Баласағұнның мұраларын сол ғұламалардың өмір сүрген заманымен ғана байланыстырып зерделедік. Енді кейіңгі ұрпақтары егеменді мемлекет құрып, азат санаға ие болған кезде бабаларымыз іргетасын қалап  кеткен «Мәңгі ел» идеясыың теориялық негіздері меноны  ұлттық тарихымыздағы хандар мен билер, Абай мен Алаш азаматтары және де егеменді мемлекетіміздің  Елбасы, Ұлт лидері Н.Назарбаев пен қазақ қоғамындағы зиялылардың іс жүзінде жалғастырып отырғандығын біртұтастықтықта, сабақтастықта зерделеу қажет.

«Мәңгі ел»  идеясының үш негізі. Белгілі бір идеяның мемлекеттік сипат алып, қоғам мүшелерінің көңілінен шығуы үшін  негізгі екі талапқа жауап беруі тиіс. Біріншіден, ол сол мемлекетте өмір сүріп отырған  халықтың мақсат-мүддесімен, болмысымен толық  сәйкес келгені жөн. Бұл туралы Монтьеске: «Заңдар үкіметтің табиғаты мен принциптеріне, басқару формасына, елдің географиялық факторы мен физикалық қасиеттеріне, жағдайы мен көлеміне, климатына, топырақ  сапасына, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, санына, байлығы мен қабілетіне, әдет-ғұрпына сәйкес болу  керек», – дейді. Екіншіден, идеологияның мемлекеттік сипат алуына қажетті тағыбір қасиет оның сол мемлекет тарихымен сабақтас болып, ұзақ мерзімдер бойы сол қоғамда үйреншікті, жетекші идеологиялық деңгейде болу тиістігін айтады [3,289 б.]. Осы негізгі екі белгі де, бірінші бөлімде дәлелденгендей, түркілердің ұлы қағанатын құрғанда бар еді.

Жалпы, ежелгі түркілердің «Мәңгі ел» идеясын екі мағынада алып қарастырған дұрыс. Біріншісі – кең мағынада, яғни біртұтас түркі елі немесе қағанат, бірнеше ұлыстар мен ру-тайпалық мемлекеттерді біріктірген ірі бірлестік, ал екіншісі – тар мағынада, яғни жекелеген түркі мемлекеттері, немесе хандықтар мен ұлыстар. «Мәңгі ел» идеясының алғаш рет манифест, яғни үндеу тұрғысынан жарияланғаны - кең мағыналық сипатта еді. Өйткені ол кезде түркі жұрты – Ұлы Түркі қағанатын, яғни біртұтас елін құраған заман болатын. Кейін Түркі қағанаты бөлшектеніп, бірнеше жекелеген  мемлекетке айналғанда бұл «Мәңгі ел» идеясы тар мағынада, яғни әр түркі мемлекетінің өзіндік ұлттық идеясына айналды. Мұнда, әрине біз «мәңгі ел» деген сөз тіркесі кездеспейді екен деп, ол идея жоқ деп айтсақ,  мәңгүртікке бір табан жақындар едік. Мысалы, ескіден келе жатқан «ел боламыз десек» деген сөздің өзі «мәңгі ел» идеясы ұғымын беріп тұр емес пе?! Қазірде, мысалы Елбасы Н. Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабындағы  «егер біз мемлекет болғымыз келсе», «мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе» деген сөз тіркестері  де «мәңгі елдік»  ұғымды білдіріп тұрғанына ешкім күмән келтірмесе керек.

Ежелгі түркілердің  «Мәңгі ел»  идеясы үш тұғырдан, яғни үш негізден тұрады: 1. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «Мәңгі ел» манифесінің жариялануы; 2. Әл - Фарабидің философиялық шығармаларында (әсіресе «Қайрымды қала» шығармасында), «Мәңгі ел» идеясының теориялық-методологиялық тұрғыдан негізделуі және  3. Жүсіп Баласағұн  осы идеяның іс жүзіне асуын қамтамасыз ететін мемлекеттің Ата заң үлгісінде қызметін атқаратын «Құтты Білік» дастанын жазды. Бұлардың бәрі  бір-бірімен тығыз байланысты, бір заманның жемісі және өзіне дейіңгі бабалар мұратымен жалғаса отырып, кейіңгі ұрпақтарының құрған мемлекетшілдік, яғни «мәңгі  елдік»  идеямен сабақтасады.

«Мәңгі ел» манифесінің көне түркі жазба ескерткіштерінде жариялануы Алғаш рет «Мәңгі ел» идеясы Шығыс Түрік қағанаты әскерінің бас қолбасшысыКүлтегінге арнап қойылған бітіктаста түркі еліне жария етілген. Күлтегін ескерткішіндегі жазудың сол жақ [4,190] бетінде: «Өтікен жынысында отырсаң мәңгі ел тұтып отырар ең», – деп айтылған. Тура осы сөздер Білге қаған ескерткішінің  оң жақ [4,262] бетінде қайталанған. «Мәңгі» сөзі айтылмаса да, оның мағынасы Тоныкөк ескерткішінің екінші ұстынының сол жақ бетінде  «ел» сөзінің бір сөйлемде екі рет  қайталануы  арқылы берілген: «ел  де ел болды»() [4,319].

Тоныкөк ескерткішінде мемлекеттің тұрақты болуы үшін билікті ұстап отырған қаған мен ақылгөй дана бірауыздылығы, сөз бен істің ажырамауы, елдің тұтастығы үшін ынтымақтың, барлық күштердің ұйтқысы болу қажеттігі  түп нысана  ретінде айтылады. Түркі халқының елдігінен айрылып, қағансыз қалып, тағы да басқаларға бағынып, одан қайта көтеріле бастағаны, жаңа қаған отырғаннан кейін елдің басын біріктіру шаралары, яғни «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, түркі елі үшін қызыл қанын ағызып, қара терін төккені, күш-қуатын бергені» паш етіледі. Осының бәрі кейіңгі ұрпаққа да үндеу ретінде айтылғаны көрінеді. Сонымен қатар, бұл жерде «Мәңгі ел» ұғымы, тәуелсіздік рухы, азаттық идеясы бір-бірімен үндесіп тұр.

Көне түркі жазба ескерткіштерін алып қарастырсақ, біріншіден, олардың заттық, яғни материалдық сипатқа ие болып, еркіндік, азаттық пен тәуелсіздіктің нышандарын айғақтайтын мемлекеттік рәміздер белгілерін  көруге болады. Мысалы, Күлтегін ескерткішінің ұшар басы бөрі бейнелі бесбұрышты қалқан түрінде ойылуы кездейсоқ емес. Көк бөрі – түркі халықтарының ежелгі тотемдік нанымына негізделгендігі белгілі. Түркілер әулетінің негізін қалаған Ашина Алтай тауына қоныс тепкеннен кейін, «өзінің тегін ұмытпайтындығын елге жария ету үшін қақпасына қасқыр басты туын іліп қойды»  -  делінген  қытай жылнамаларында. Толық бөрі бейнесін оның басы арқылы беру «тұтастықты бөлшек арқылы беру» деген ғылыми принципіне негізделген. Мұндағы бөрі бейнесі  көркемдік емес, саяси-әлеумет-тік, яғни елдік пен еркіндікті, тәуелсіздік пен азаттықты айшықтайтын тудың рәміздік нышаны. Бөрінің бейнесі көптеген түркі тайпалары мен руларының таңбасы болған. Қазірде кейбір түркі тілдес халықтар қауымдастығының рәмізі ретінде қолданыста.

Л.Н.Гумилев те  өзінің орхон-енисей ескерткіштеріне талдау жасағанда руникалық жазулар эпитафиялық емес, публицистикалық сипатта деп жаңа бір пікірді білдірген болатын: «үш жазудың мәтіндері де түркілердің  барлық қоғам мүшелеріне  үндеу тұрғысында айтылған, оның өзінде ештеңемен  бүркемелемей, халықты сендіргісі келеді. Ендеше жазу – үндеу, ондағы берілген материал таңдап алынған. Мұндай жанрдың болуының өзі  сөздің түркі қоғамында  нақты күш екендігін көрсетеді. Олай болса, дамыған қоғам және қоғамдық пікір де бар». О.Сүлейменов те публицистиканы әлемдік тарихқа ескерткіштің кірігуінің кезеңі ретінде, сонымен қатар, бұқаралық санаға кеңінен тартылуы тұрғысынан қарастырады Ендеше, бұдан шығатын қорытынды: «Мәңгі ел» - көне  түркі жазба ескерткіштерінде Ұлы Түркі қағанаты мемлекетінің манифесі ретінде жария етілген.

  Ескерткіште «мәңгі ел» Өтікенде, яғни түркі мемлекетінің бас  ордасымен бірге айтылған. «Қаған», «қан», «хан» атауларының бір-бірімен тығыз байланысты екеніне кәсіби мамандар ерекше көңіл бөледі. В. Бангтың пікірінше: «йетікан» (жұлдыз атауы) сөзіндегі «кан» және «мәңгілік елдің» сақталуын Түркі қағанатының астанасы – «Өтікенмен байланыстырған Күлтегін мен Білге қаған ескерткіштеріндегі («Өтікен жынысында отырсаң мәңгі ел тұтып отырар ең») сөздің соңғы буыны  «кен» ~ «кан» да осы [ 5, 40 б.]. «Қан» сөзі батыс ғұндарда да болғанын Атилланың Арықан [Арығ қан -таза, пәк патшайым) есімді әйелі болғанынан байқауға болады [6. ІІ, 173; 7, 221; 8, 97]. Атақты ақ ғұн әміршілерінің бірі Византия деректерінде Күн хан (V ғ.) деп көрсетіледі  және «хан»  сөзінің ғұндар дәуірінің өзінде «ел» терминімен қатар қолданылғаны мәлім болып отыр [9, 322]. Асылында түрікше екені белгілі және кей жер атауларында кездеседі (мысалы: Ханбалық - Хазар астанасы) [10,452]. Бұл термин түріктер исламды қабылдаған соң да қолданыстан түскен жоқ. Сөздің кең географиялық аймақта әр түрлі мағынада қолданылғаны мәлім.

«Мәңгі ел» идеясын  Әл-Фарабидің саяси- философиялық тұрғыдан негіздеуі. Әл-Фараби ежелгі грек философиясы мен шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түркі дүниесінің  «Мәңгі ел» философиясының теориялық негіздемесін  жасап берді.  Ғалым «Мәңгі ел» теориясының негізгі  ережелерін «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Азаматық саясат», «Мемлекет билеушінің нақыл сөздері» шығармаларында  баяндайды. Ғұлама ғалым өмір сүрген кезеңде түркілердің қала - мемлекеттері көп болған еді. Сондықтан ол «мемлекетті» көбінесе «қала» түсінігімен қатар қойды. Бақытқа жету жолында адамдардың арасындағы  қайрымдылық пен түсінушілік, бір-біріне көмек беру, достық пен бейбітшілік, тәрбие мен тәлім – Әл - Фарабидің тұтас әлеуметтік - саяси  теориясының ажырамас бір бөлігін құрайды. Мемлекет пен  қоғамның кемелденуі туралы әлеметтік-саяси теориясында  мемлекет басқарушылары мен  сол қоғамда өмір сүретін  адамдардың да ұстануы тиіс  мемлекетті басқарудың императивтері мен механизмдері ашылды. Сондықтан, бұлардың бәрі қазіргі таңда түркі тілдес мемлекеттердің  ұлттық құндылықтары ретінде саналуы тиіс.

Фараби өз трактаттарында қоғамдық саяси мәселе бойынша халық билігімен демократия жайлы айтады. Мәдениетсіз қалалардың барлық түріне қарама – қарсы қайырымды қалаға ең жақыны коллективті қала дейді . Бұл қаланың тұрғындары  барлық іс – қимылды тең құқылы, бұл  жерде бағыныштылар мен билік етушілер жоқ . Ал  қаланың басшылары құрметке иеленгендер ғана бола алады. Фараби  бостандықпен тең құқылыққа ықыласпен қарайды, бірақ басшысыз, оның өкіметінсіз жалпыға ортақ бақытқа жету мүмкін емес деп есептейді .

Өзінің  «қайырымды» және  «қайырымсыз» қалалардың әр түрлі мінездемелерімен  классификацияларында Фараби қоғамның жетілдірілген  әлеуметтік құрылымын қайта жасады. Ол қала – мемлекеттің қоғамдық өмірінің толық мінездемесін  береді .  

Фараби мемлекеттің міндетін және оның ішкі және сыртқы  міндеттерін толық анықтап береді. Сыртқы міндеті мемлекеттің қайрымды қала тұрғындарын немесе мемлекетті сыртқы жаулардан қорғау , яғни күшті қорғаныс ұйымдастырумен жүктеледі .Ішкі  міндеті мемлекеттің  өз халқының  бақытқа жетуі үшін  көрнекті шараларды  іске асыру  керек :  Әділеттілікті  орнату , халықты оқыту , оларды керекті ғылыммен толықтыру оны  адамгер-шілікке  тәрбиелеу , қайырымдылықты тарату және ең жақсы бақытқа жеткізілетін  әдеттерді бойға сіңіру . Қалған мәселелердің бәрі  экономикалық және саяси мәселелерге яғни негізгі міндетке бағынады , яғни адамдардың  бақытқа жетуі олардың рухани жетілуіне тәуелді .

  “Құтты білік”  -  Мәңгілік елдің алғашқы Ата заңы.“Құтты білік” дастаны орта ғасырларда өркениетті ел болған Қарахан әулеті мемлекеті түріктерінің тілінде жазылғаны белгілі. Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті» 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. Қарахан әулеті билік жүргізген дәуірде ұлан-ғайыр өлкені алып жатқан осы мемлекеттің басқару тәртібін белгілейтін ережелер, сондай-ақ, қоғам мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін айқындайтын тиісті заңдар жоқ еді. Міне, елдегі осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Жүсіп Баласағүни өзінің “Құтты білік” дастанын жазды. Демек, дастан белгілі бір мағынада елдегі Ата заң (Конституция) қызметін атқарған. Шығармада ел басқарудың, экономиканы, əлеуметтік-тұрмыстық ахуалды, əскери істі ұйымдастырудың, шаруашылықты, тағы басқа да мемлекеттің əл-ауқатын жақсартудың ерекшеліктері суреткерлік-философиялық тілмен баяндалады. Жүсіп Баласағүни дастанда патшалар мен уәзірлердің, хан сарайы қызметкерлері мен елшілердің, әскербасылар мен нөкерлердің, тәуіптер мен аспаздардың, диқандар мен малшылардың, т.б. қоғам мүшелерінің мінез-құлқы, білім дәрежесі, ақыл-парасаты, құқықтары мен міндеттері қандай болу керектігін жеке-жеке баяндап шығады.

Дамыған ортағасырдағы Ұлы Даланың мемлекеттік басқару дәстүрінің негізі, белгілі бір дәрежеде, орхон-енисей түркілерінің дәуірінде ақ қаланған еді. Шыңғыс ханның Алтын Орда империясы да өзінің мемлекеттік басқару жүйесін құрғанда  өзінің алдындағы, яғни Түрік қағанатының ел басқару құрылымдарын тек жоғары деңгейде  қайталаған болатын.  Тарихи сабақтастық. Алтын Орда дәуірінде «Мәңгілік Ел» идеясы «Мәңгі Тәңірінің күші» тұрғысында кездеседі.Мысалы:

-Күйік ханның мөрінде;

-Арғұн ханның француз королі Филипке жазған хатында;

-Алтын Орда ханы Өзбектің елшісін растаған құжатта  осы «Мәңгі Тәңірінің күші» сөздерімен басталған.

Қазақ хандығы тұсында -  «Алаш» идеясы осы Мәңгілік Ел идеясының жалғасы болды.Қазақ тарихын зерттеуші әйгілі американ тарихшысы Марта Олкотттың: «Осындай ұлан-ғайыр жерге иелік ету оларға оңай болмаған. Сондықтан бір Алаштың баласымыз деген ой-тұжырым тамаша идея болды. Себебі осы идея қазақтардың басын қосты» дегені белгілі.

Сонымен, көне тарихтан бастау алған ұлттық идеямыз қазірде тарихи сабақтастықты бастан кешіріп, тәуелсіз мемлекетіміздің рухани тұрғыдан тұрақты даму ресурсына айналып отыр. Оны Елбасының кеше ғана жария еткен  2015 жылға арналған Жолдауында айқын көрсетіп берді: «Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан 2050» стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры».

Сонымен, көне тарихтан бастау алған ұлттық идеямыз қазірде тарихи сабақтастықты бастан кешіріп, тәуелсіз мемлекетіміздің рухани тұрғыдан тұрақты даму ресурсына айналып отыр. Оны Елбасының кеше ғана жария еткен  2015 жылға арналған Жолдауында айқын көрсетіп берді: «Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан 2050» стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры».

  Әдебиеттер тізімі:

1. Назарбаев Н. Ә. Тарих толқынында. - Алматы: «Жібек жолы»,  2010.

2.Монтескье Шарль Луи. Избранные произведения. – М.: Госполитиздат, 2. 1955. 

3.Кант И. Сочинения в 6 томах, 4  – том. - М., 1963.

4.Орхон ескерткіштерінің толық Атласы. –Астана: Күлтегін,2007.-306 б.

5. F. Laszlo. Kagan ve aіlesі. // Türk Hukuk Tarіhі Dergіsі, І. – Ankara, 1944.

6.Gy. Moravcsіk. Byzantіnoturcіca. І-ІІ. – Berlіn, 1958.

7.Gy. Nemeth /türk.terc./. Hunların Dіlі. – İstanbul, 1962.8

8. P. Vaczy /türk.terc./. Hunlar Avrupa'da. – İstanbul, 1962.

9.Eberhard W. Birkaceski Turk unvani hakkinda. Belleten, no.35.Ankara, 1945.

10.V.Mіnorsky. Hudud'ul-Alem. The Relіgіon of the World, a persіon Geography,GMNS, XІ. – London, 1937

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 10094

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ «Мәңгілік Ел» идеясы: саяси-философиялық негіздері және тарихи сабақтастығы ӘӨЖ 913.1: 94"04/15" Түркі тайпалары мекен еткен территорияның табиғи ландшафты (VI-X ғғ.) ЕУРАЗИЯ КӨНЕ ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНІҢ БАСТАУЛАРЫ ЖӘНЕ МӘДЕНИ МҰРАСЫ (ерте темір дәуірі және қазіргі заман) ДЕМОКРАТИЯ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ» КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ МҰРАТЫ Н.Ә. Назарбаев «Мәңгілік ел» идеясының генераторы ӘОЖ 94(574)930.2 САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАҒАНДАРДЫҢ АРЫЗ-ШАҒЫМДАРЫ ТАРИХИ ДЕРЕК РЕТІНДЕ (ХХ ғ. 20-30 жж.) 94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ «АЛАШ ОРДА» ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ (Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві материалдары бойынша) 16.21.31 «Тәңір тау» (немесе Тянь-Шань) ғұндардан қалған атау ӘӨЖ 94(574) «19/20»АСЫЛБЕК СЕЙІТОВ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНЫ ӘОЖ 82 (091), 801.73 «ДАНА ХИКАР ХИКАЯСЫ» ЖӘДІГЕРІ – АРМЯН ЖАЗУЫНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ҚЫПШАҚ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШІ

Автордың мақалалары

«Мәңгілік Ел» идеясы: саяси-философиялық негіздері және тарихи сабақтастығы