Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 94(=512.1+=16) ХІ-ХІІІ ҒҒ. ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ОРЫС КНЯЗДІКТЕРІМЕН САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫ

Хабижанова Г.Б. – т.ғ.д., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, Сагинаева А.Н. – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қа

ӘОЖ 94(=512.1+=16) ХІ-ХІІІ ҒҒ. ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ОРЫС КНЯЗДІКТЕРІМЕН САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(08)

Тегтер: мәдениет, славяндар, түркілер, қыпшақтар, сауда, экономика, саясат
Аңдатпа:
Мақалада ХІ-ХІІІ ғасырладағы қыпшақтардың орыс княздіктерімен қарым-қатынасы мәселелері қарастырылады. Екі этностың ортағасырлардағы қарым-қатынасы сауда, экономика және мәдениет салаларындағы байланыстары негізінде зерттеледі. Автор мақалада қыпшақтардың орыс княздіктерімен қақтығысқа түсу себептерін де ашуға тырысады. Сонымен қатар, қыпшақтарда мемлекеттіліктің қалыптасуы кезеңіндегі, екі этностың тығыз байланыс жасағаны, бір-бірінің мәдениетіне ықпал еткені және байытқаны мысалдар келтіріле отырып, салыстырмалы түрде қарастырылады.
Мазмұны:

Түркі халықтарының тарихи мұраларынан бастау алатын қазіргі мәдени игіліктеріміздің қалыптасуы мен даму тарихын білуде түркілердің көрші халықтармен қарым-қатынасын зерттеу өте маңызды. Өйткені, түркі тілдес халықтар көрші халықтармен, әсіресе славян халықтарымен кейде қарсылас, кейде одақтас мемлекет ретінде тығыз байланыс жасап, екі халық  мәдениеттерін жаңа өзгерістермен толықтырып отырған.

Орта ғасырлардағы қыпшақтардың орыс княздіктерімен байланысы бойынша жазба деректер мардымсыз, тек жекеленген халықтар, мемлекеттер, этностар, қағандар мен қағанаттар және т.б.тарихына қатысты фрагментарлық мәліметтер ғана бар. Сол аздаған мәліметтерді осы екі халықтың қоныстанған аумағынан сол дәуірге жататын археологиялық қазба жәдігерлері негізінде салыстыра отырып қарастыру арқылы түркі-славян байланысының тарихын толықтыра аламыз. Ол байланыстардың сипаты негізінен көшпелі түркі халықтарының Шығыс Еуропаның жергілікті cлавян халықтарымен мәдени, рухани, шаруашылық, кейде сауда-саттық негіздерде жүзеге асырылды және олардың мәдени құндылықтарында ерекшелігімен қатар ұқсас, ортақ жақтары көп болды.

ХІ ғ. қыпшақтардың солтүстігіндегі көршілері феодалдық бытыраңқылық кезеңін бастан өткеріп жатқан орыстардың ата-бабалары болатын. Русьтіктердің дамуының басты сыртқы саяси факторы қыпшақтарға байланысты болды. Екі ғасыр тарихтың төзімен көрші болған қыпшақтар мен орыстар бірде жауласып, бірде одақтасып бір-біріне үлкен ықпал етті, бұл олардың экономикасында, саяси құрылысында, мәдениетінде өзіндік із қалдырды. Екі этностың даму үдерісі тығыз болғандығы сондай бүгінгі таңда бір халықтың тарихына қатысты аспектіні жеке қарастыра алмайсын, міндетті түрде орыстармен, славян халықтарымен тығыз байланыста қарастырамыз. Славяндар Ұлы қоныс аударуды бастарынан өткеріп, кейде басқа халықтармен бірікті, кейде жаңа этникалық топтарды қалыптастырып бөлінді, олар өзіндік этникалық элементтерін жоғалтпай басқа тайпалардың мәдениеттерін қабылдаған кезеңі де болды [1, 20-б.].

Орыс-қыпшақ байланысын қарастыруда маңызды тақырыптардың біріне қыпшақ-орыс қақтығыстары жатады. Өйткені, осы күнге дейінгі тарихнамада көшпелілер өркениеті, соның ішінде қыпшақтардың мәдениетіне де көзқарас біржақты жоққа шығарылып келді, олар тек жабайы, соғыс құмар, жаулаушы, отырықшылар мәдениетін жоюшы.

Қыпшақтар, жалпы көшпелілер өмірінде жаулаушылық жорықтары әрине маңызды орын алды, өйткені ол көшпелілер экономикасында табыс көзінің бірі болды. Десек те, көшпелілердің өздері де бұл  жаугершіліктен ауыр жапа шекті. Қыпшақ-орыс қақтығыстарын қарастырғанда олардың зерттеушілер көрсететін ХІ ғасырдың орта шенінде оңтүстік орыс даласына күшті шабуыл жасайтындай тылда мықты базасы болмады және бұл жерде әлі де болса қыпшақтарға дейін қоныстанған пешенегтер мен оғыздардың қалған бөлігі соғыссыз қыпшақтарға біріншілікті бергісі келмеді [2, 8-9-бб.]. Міне осындай жағдайда қыпшақ-орыс қарым-қатынастары өрби бастады. Қыпшақтардың Русьпен қарым-қатынасы көп қырлы болды, тіпті орыс княздіктері көшпелілер империясының құрылымын қолданды. ХІ ғасырдың аяқ шеніндегі қыпшақтар мен орыстардың қарым-қатынасы туралы баяндайтын деректер әр түрлі, негізінен орыс жылнамалары бойынша екі елдің бір-біріне шабуылы, көрші тайпалармен соғыс жағдайында одақтасқан жорықтары, некелік одақтары туралы, қыпшақ қоғамының әлеуметтік құрылымы жөнінде, сондай-ақ қоғамдық институттары мен шаруашылығындағы бөліністің, рулық түсініктің сақталғаны сипатталды [3, 9-10-бб.].

Русьтің көшпелілермен тығыз қарым-қатынас орнатуға талпынуының бірнеше себептері болды. Біріншісі көшпелілер мықты әскери және экономикалық күшке ие болып, әлемдік саяси аренада көшбасшы ел қатарынан танылды. Орыс жеріне дамыған мемлекеттер институтының келуіне  себепші болған солар. Көшпелілер империясы мен Русь дамудың бір сатысында тұрды. Қыпшақтар мемлекетінің ішкі құрылымы орыс княздіктері үшін жақын әрі түсінікті болды. Бұл өз кезегінде екі мемлекеттің сыртқы саяси құрылымының, титулдарының ұқсас болуынан, мәдени жақын ынтымақтастықта болуынан, ертедегі орыс жерлерінде мемлекеттің қалыптасуындағы көшпелілердің, қыпшақтардың орнын анықтауға байланысты болды [3, 3-б.].

Қыпшақтардың жеке мемлекеттік бірлестік ретінде танылған кезеңі ХІ-ХІІІ ғасырлар аралығын қамтиды. ХІ ғасырдың 70-ші жылдарында қыпшақ командар оңтүстік орыс жерлерін басып алды да, бастапқыда Ертіс пен Еділ аралығындағы далаға қолданылатын атау «Дешті Қыпшақ», енді Еділден Дунайға дейінгі аймаққа да қолданылатын болды. Ортағасырларда қыпшақтардың беделді болғанын Византия сияқты «Әлемдік империялардың» мойындағанын білеміз.

XI-XV ғғ. Еуразияның хақ ортасында қалыптасқан мемлекеттердің тарихында, этногенезі мен мәдениетінде маңызды орын алып, қазіргі түркі тілдес қазақ, башқұрт, татар, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, оңтүстік алтайлықтар және т.б. халықтардың қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан қыпшақтар құрған мемлекеттің орталық аумағы қазақ даласы болды. ХІ-ХІІІ ғасырлардың бас кезіне дейін Ертістен бастап, Дон мен Дунайға дейінгі аймақ «Қыпшақ Даласы» аталып, бұл өңірде ғасырлар бойы қалыптасқан қыпшақ мәдениеті үстем болған.

Мәдениеттердің ұқсастығына бола қыпшақтардікі немесе славяндардыкі деп бөлмей, екі халықтың мәдени жетістіктерін ғасырлар бойы сабақтастығын жоғалтпаған, бірін-бірі толықтырған тұтас бір ұқсас мәдениет деп қабылдауымыз керек. Олардың мәдениеттерінің ұқсас болуына территориялық орналасуы да әсер еткен.

Сонымен қатар, қыпшақтардың славян халықтарымен байланысы туралы жазба деректер де қызықты деректер беріледі. Мысалы мына дерек аса қызықты болып отыр, қыпшақтар мен рустардың арасында қандық туыстық орнату дәстүрі болған. Яғни, қыпшақ өкілі қолын инемен тесіп, өзіне жолдас болатын русьті таңдап, русь жарақаттан шыққан қанды аузына алып, қаны мен жаны бір туысқа айналатын болған. Кейде туыстасуда басқа дәстүр де қолданылды. Мыс ыдысқа сусын құйып, екі достасушы жақ бір-біріне адал болу сертімен ыдыстан сусын ішеді, сол арқылы мәңгілік туыстастықты бекітеді [4, 160-б.].

Бұл дәстүр тарих сахнасынан қыпшақтар кеткеннен кейін де өзінің жалғасын тапқан, мәселен, моңғолдардың арасында кең қолданылғанын Темужиннің Жамұқамен анда болып, бір-біріне адал бауыр болу үшін қанмен серттескенін тарихтан білеміз.

Қазіргі таңда Еуразиялану идеясы аясында ерте ортағасырлық Қазақстан тарихында маңызды орын алатын түркілер, соның ішіде қыпшақтар қалдырған мәдениет жетістіктері күллі Еуразия аумағына таралып, көрші халықтарға оң ықпалы болғаны зерттелуде. Әрине, Батыс пен Шығысты өзара жақындастырып, халықтар арасында мәдениеттер алмасуына мәңгілік көпір, мықты дәнекер болып, өркениеттер қорын молайтуға өлшеусіз еңбек сіңірген түркілер, қыпшақтар әлем өркениетінен тыс қалмайтыны түсінікті.

Қыпшақтардың ортағасырлық халықаралық аренадағы мәдени жағдайы бірнеше факторларға: ортағасырлық халықаралық қатынастағы негізгі күштер-еуразия аумағындағы көшпелілер, осы көшпелілердің көрші жатқан елдермен қарым-қатынасына, олардың мемлекеттерінің ішкі құрылымына, әскери әлеуетіне, климаттық жағдайына және т.б. байланысты болды. Мәселен, қыпшақтардың көрші жатқан елдермен көбіне-көп соғыс жағдайында болуынан «көшпелілер империясы» деңгейінен асып, ұзақ уақытқа түркі тілдес тайпалардан құралған Ұлы көшпелілер мемлекетін құруға мүмкіндігі болмады, оның үстіне бұл үдерісті моңғол шапқыншылығы да тежеді. Нәтижесінде, қыпшақтар тек этникалық атауын сақтай отырып, ортағасырларда түркі тілдес халықтардан құралған мемлекеттердің қалыптасуында маңызды орын алды.

Қыпшақтар көші-қон үдерісін басынан өткеріп, қиын қыстау жағдайда болған кезеңде де түркі мәдени қауымдастығының  бір өкілі ретінде Еуразияның қай аумағында болмасын өзіндік дәстүрін, тұрмысын сақтады және оны жаулап алған аумақтарға таратты. Мәселен, қыпшақтар оңтүстік орыс жерлеріне аяқ басқан ХІ ғасырларда орыс әдебиетіне түркі мифологиясы енді, славяндардың қару-жарақтары көшпелілер қару-жарақтарының үлгісінде жасалды. «Бүгінгі күнгі халық ауыз әдебиетінің сақталған тамаша жазбаша және ауызша нұсқаларынан жырлардың тамыры сонау тереңде жатқанына куә боламыз. Жорықтан шаршап келген кезде қыпшақтар хисса-дастандарды тыңдап, қанаттанады. Русьтар қыпшақтармен қатар жақын орналасқаннан кейін қыпшақтардың жырлары орыстарға да өтті» [5, 159-б.].

 Шынында славяндар өздерінің жазбаша әдебиетінің тамаша туындысы деп санайтын «Слово о полку Игореве» дастаны көшпенділердің ерлік дастандары үлгісінде жазылғаны ешкімге дау тудырмасы анық.

Сонымен қатар, ортағасырларда әскери өнер мен ат үстінде шебер қимылдауға машықтанған көшпенділер тәжірибесі үлкен сұранысқа ие болды. Еуразия даласымен шектесіп жатқан барлық көрші елдер көшпенділермен қарым-қатынасқа түсуге талпынып отырды, оның ішінде әскери одақтар, некелік байланыстағы одақтар, жалдамалы әскерлер және т.б. болды. Мәселен, орыс княздары да қыпшақтармен одақтасудың негізін әулеттік некеде деп есептегенге ұқсайды. Қыпшақтарға қыздарын ұзатып қана қоймай, қыпшақтардың ханшайымдарын әйелдікке алғаны тарихта белгілі жайт. Мәселен, 1094 жылы киевтік Святополк қыпшақ ханы Тугорқанның қызына үйленген. Келесі бір қыпшақ ханы Асеннің немересіне Владимир Мономах ұлы Юрийді үйлендіреді, сондай-ақ ұлы Андрейге Түрік ханның қызын қалыңдыққа алып береді. 1187 жылы Игорьдің ұлы Владимир Кончактың қызына, ал 1205 жылы Всеволод Суздальскийдің ұлы Ярослав қыпшақ ханы Кончактың қызына үйленеді [5, 151-б.].

Қыпшақтардың көрші отырықшы елдермен қарым-қатынасының бейбіт жолмен шешілген кезеңдері де деректерде тіркелген. Әрине ол ұзақ уақытқа созылмаған. Тұрақты бейбіт қарым-қатынастың ұзаққа бармауының себебі билік өкілдерінің тұрақты болмауында еді. Яғни, соғыс жағдайында немесе т.б. себептерге байланысты көшпелілерде хандардың жиі ауысуы, келісім жасалған әскери қолбасшылар тарих сахнасынан кетіп, орнына басқа билеушінің сайлануы сияқты факторлар әсер етіп отырды [6, 149-б.].

Сондай-ақ, қыпшақтардың ортағасырлық мемлекеттермен этно-мәдени байланысқа түсуіне аймақаралық сауда жолының бойында орналасуы, тікелей қатысуы да ықпал етті. Өйткені, Ұлы Жібек жолы басты ортағасырлық сауда магистралі болып қана қойған жоқ, ол экономикалық, этно-мәдени даму мен мәдени өркендеудің негізгі тетігі болды. «Шығыс Еуропада қыпшақ факторының пайда болуы мен қалыптасуы нәтижесінде қыпшақ тілінің сөздігі «Кодекс Куманикус» (ХІІІ ғ.) жазылды. Бұл қыпшақтардың құрлықтағы және судағы сауда жолын бақылауда ұстағанынан, халықаралық қатынас құралы ретінде қыпшақ тілін білу қажеттігінен туындады» [7, 18-б.]. Осы жолдар қыпшақтардың, қыпшақ тілінің ортағасырларда Еуразия аумағында ықпалды күшке ие болғанын тағы да дәлелдей түсетіндей.

Сонымен, қыпшақ-орыс байланыстарының алғашында қақтығыстық сипатта басталуы тарихи заңдылық, бірақ жазба деректердің көрсетуі бойынша көрші халықтар, славяндар мен қыпшақтардың соғыс жағдайларында одақ құрған кезеңдері де болған және екі халықтың мәдениеті бейбіт тіршілік ету нәтижесінде бірін-бірі толықтырып, жаңа деңгейге шығып отырған және жоғарыда айтылған ойдың тобықтай түйінін келтірсек, онда қыпшақтар түркілер мәдениетін жалғастырушы ғана емес, оны ғасырдан ғасырға мұра етіп, жетілдіріп, көрші халықтардың мәдениетіне ықпал ете отырып, әр кезеңдегі қағанаттар мен халықтар мәдениетінің жақсы элементтерін бойына сіңіріп, ұлттық құндылықтарымызды сақтаушылар.

1 Рыбаков Б.А. Древние славяне и античный мир // Держава. М., 1997. №1. С.19-25.

2 Инков А.А. Древняя Русь и кочевники. Монография. М.: Изд-во МГУ, 2007. – 142 с.

3 Любчанская Т.В. Средневековые кочевники Восточной Европы и Древняя Русь(Кочевые элементы в генезиседревнерусской государственности). Авторефератдиссертациина соискание ученой степеникандидата исторических наук. Ижевск, 2004. – 27 с.

4 Голубовский П.В. Печенеги, торки и половцы до нашествия татар.К.: Университ. тип. И. И. Завадского, 1884. – 257с.

5 Печенеги. История. География. Этнография. Отв. ред. В.Кукушкин. М.: Изд. Ломоносовъ, 2013. – 192 с.

6 Гагин И.А. Волжская Булгария: очерки средневековой дипломатии (Х-первая треть ХІІІ вв.). Рязань, СПб гос.унив-т, 2004. – 234 с.

7 Кумеков Б.Е. Кипчаковедение-концептуальное научное направление Евразийского масштаба. //  Сб. мат. международной научной конференции «Кипчаки Евразии: история, язык и письменные памятники». 29-30.05.2013. Астана, 2013. – 430 с.

Резюме

Хабижанова Г.Б. – д.и.н., профессор кафедры Истории Казахстана КазНУ имени аль-Фараби, gulnara02011966@mail.ru

Сагинаева А.Н. – PhD докторант кафедры Истории Казахстана КазНУ имени аль-Фараби, aikos-1978@mail.ru

Торгово-экономические и культурные взаимоотношения кыпчаков с русскими княжествами в ХІ-ХІІІ вв.

В данной статье рассматриваются вопросы взаимоотношений кыпчаков с русскими княжествами в ХІ-ХІІІ веках. А также, исследуется проблемы торговых, экономических и культурных отношений двух народов в средние века. Автор, ссылаясь на источники, приводит примеры взаимодействия и обогащения культур двух этносов, в начальном этапе становления государственности у кыпчаков. Анализируя литературы по теме, раскрывает причины военных столкновений кыпчаков с русскими княжествами.

Ключевые слова: кыпчаки, тюрки, славяне, культура, торговля, экономика, политика.

Summary

Khabizhanova G.B. – d.h.s., Professor, Department of History of Kazakhstan,Al-Farabi Kazakh National University,gulnara02011966@mail.ru

Saginayeva A.N. PhD doctoral student, Department of History of Kazakhstan,Al-Farabi Kazakh National University, aikos-1978@mail.ru

Trade-economic and cultural relations of Kipchaks with the Russian principalities in the XI-XIII centuries.

This article discusses the Kipchak relations with Russian principalities in the XI-XIII centuries. And also, investigate the problem of trade, economic and cultural relations between the two nations in the Middle Ages.The author, citing sources, gives examples of the interaction and enrichment of cultures of the two ethnic groups in the initial stage of formation of statehood in Kipchak.Analyzing the literature on the topic, reveals the causes of armed clashesof Kipchak with Russian principalities.

Keywords: Kipchaks, Turks, Slavs, culture, trade, economy, politics.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 2836

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Хабижанова Г. Сагинаева А..docx 0.03 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ӘОЖ 94(=512.1+=16) ХІ-ХІІІ ҒҒ. ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ОРЫС КНЯЗДІКТЕРІМЕН САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары УДК 327 (574:44)Казахстан-Франция: к вопросу о стратегическом партнерстве в ХХІ веке МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУДІҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ 94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы 327(574+519.5) ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН-АВСТРИЯ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ ӘӨЖ 93/94 392.34/34.096 ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ҚҰҚЫҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕСІНІҢ ТАРИХИ БАСТАУЛАРЫ ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ МЕН ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ҮДЕРІСТЕР

Автордың мақалалары

ӘОЖ 94(=512.1+=16) ХІ-ХІІІ ҒҒ. ҚЫПШАҚТАРДЫҢ ОРЫС КНЯЗДІКТЕРІМЕН САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫ