Басты бет » Материалдар » СОҒЫС КЕЗІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚТЫ АЗЫҚ-ТҮЛІКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕГІ КАРТОЧКА ЖҮЙЕСІ (1941-1945)

Алдажұманов Қ.С. Ш.Уәлиханов ат. Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к.

СОҒЫС КЕЗІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚТЫ АЗЫҚ-ТҮЛІКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕГІ КАРТОЧКА ЖҮЙЕСІ (1941-1945)

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(08)

Тегтер: соғыс, карточка, азық-түлік, бюро
Аңдатпа:
Мақалада 1941-1945 жж. соғыс кезінде КСРО үкіметінің халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесі, оның Қазақстандағы Бюросының қызметі зерттелген. Қазақстандағы Карточка Бюросы 1941 ж. жаз бен күзде әр облыста, қалада, ауданда, ауыл кеңестерінде, жұмысшы мекемелерінде құрылған азық-түлікті мөлшермен босату (сату) комиссияларының басын біріктіріп, 1942 ж. ақпаннан 1947 ж. желтоқсанның соңына дейін қызмет етті. Карточка жүйесімен азық-түлік сату ауыл-село халқына таралған жоқ. Карточка жүйесі1941-1947 жж. Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2 млн 200 мыңнан астам адамды қамтыды.
Мазмұны:

Соғыс жағдайындағы қандай бір ел болмасын азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесін жолға қоймай ұрыс қимылдарын жүргізе алмайды. Соғысып жатқан кез келген ел үшін азық-түлік мәселесі стратегиялық қару-жарақпен бірдей. Тамақпен қамтамсыз етілмеген әскер соғыспайды және соғыса алмайды. Оның тағы бір алғышарты – соғысып жатқан ел өзінің тылдағы экономикалық қуатын сақтап қана қоймай, оны өсіре білуі керек. Оны ұйымдастыру майданға қажетті әскери техника мен қару-жарақ жасау ісін жолға қоюды талап етеді, ал бұл мәселе өз кезегінде экономикалық қуатты тиісті деңгейде ұстай білетін, жоғары деңгейге көтеретін жұмысшы күшіне, инженер-техник қызметкерлеріне, консрукторлық бюроларға, олардың қабілетіне тікелей байланысты.  Ал соны іске асыру үшін ірі металлургия заводтары, авиация, танк өнеркәсібі, зеңбірек пен миномет шығару өндірісі қажет. Бұларға транспорт жүйесі қажет. Сайып келгенде осылардың бәрі азық-түлікпен қамтамасыз етуге, оның аз-көптігіне, онымен қалай қамтамасыз етілуіне тәуелді.

Тағы бір басты мәселе – соғысып жатқан елдің халқы тылда барынша еңбек етуі, майданға комектесуі үшін, еңбекке және соғысуға жарамсыз адамдар мен балаларды сақтап қалу үшін де азық-түлік қажет. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласы, астық пен басқа да өнімдерді шығаратын, өсіретін ауыл-село халқы да азық-түлікпен, киіммен қамтамасыз етілуі қажет. Қысқасы, осының бәрі азық-түліктің стратегиялық маңызы бар сала екенін дәлелдейді. Аш халық соғыспайды, майданға көмектеспейді.  Бұл – аксиома.

Ал енді 1941 ж. соғыс басталғаннан кейінгі КСРО жағдайы, оның құрамындағы Қазақстанның азық-түлік мәселесіндегі орыны қандай еді? Қазақстан соғысқа дейінгі жылдары КСРО-ның шығысындағы ең ірі аграрлық аймақ болатұғын. Мұндағы егіс көлемі 1940 ж. 7,2 млн гектар көлеміне жетті [1]. Бұл КСРО-ның астық балансында Қазақстанның маңызды орыны бар екенін көрсетеді. Себебі сол үлкен кеңес мемлекетінің әр аймағындағы егістік жерінің  көлемі  жағынан Қазақстан Ресей Федерациясы және Украинадан кейін үшінші орында болатын. Солтүстік Кавказ, Краснодар, Ставрополь, Еділ бойы, Сібір, Алтайдың егістік алқаптарымен қатар Қазақстан да соғыстың қарсаңында астық өндіруші стратегиялық маңызы бар аймаққа айналған еді.

Бұған Қазақстанның  дәстүрлі мал шаруашылығы аймағы болғанын ескерсек, ет өнімдерін өндіру жағынан Қазақстан КСРО республикалары ішінде алдыңғы орында  тұрды [2]. Сондықтан  КСРО-ның батыс аудандары  жау қолында  қалып  қойғанда жалпы КСРО-ны, ең алдымен майданды, қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз етудегі Қазақстанның рөлі ерекше артқаны түсінікті:

1941 ж. 22 маусымда соғыс басталды деп Москва уақыты бойынша сағат  12-де КСРО орталық радиостанциясы хабар таратысымен елдің әр аймақтарында, әсіресе қалаларда үрейлі дүрмек басталып, халық магазиндер мен дүкендердегі азық-түлікті, шырпы, тұз, сабын сияқты ең бірінші кезектегі тұрмыстық тұтыну  заттарын талап әкеткені мәлім. Мысалы, байырғы  қазақ журналисі, 1941 ж. Ақтөбе облыстық «Сталин жолы» газеті редакторының орынбасары болған Хасен Наурызбаев кезінде  мынадай естелік айтқан еді: «Соғыстың қарсаңында сол кездегі Орталық партия комитетінің үгіт-насихат басқармасының жоспары бойынша КСРО-ның  әртүрлі ұлттық республикаларынан бір топ адам Москвада журналистердің мамандығын жетілдіру курсына шақырылдық. Оқу мерзімі бітуге жақындағанда соғыс басталып, КСРО үкіметінің төрағасы және сыртқы істер министрі В.М. Молотов радиодан соғыс басталғандығы туралы ресми мәлімдеме жасады. Москваның магазиндеріндегі халық тұтынатын товарлар мен азық-түлік қолма-қол сатылып кетті. Кейін естідік, қала мен жалпы үкімет басшылығы үрей мен абыржушылықты тоқтату үшін қалған товарларды сатуға қоймауға бұйрық беріпті» [3].

Шынында да соғыстың алғашқы күнінен  бастап осындай алып қашпа қауесет, үрей азық-түлік мәселесін қиындатып жібергені рас. Сондықтан КСРО үкіметі соғыстың алғашқы күндерінде Москва, Ленинград, Киев және басқа да ірі қалаларда, майдан шебіндегі үлкенді-кішілі елді мекендер мен қалаларда  азық-түлікті босатудың, саудаға шығарудың шектелген мөлшерін енгізді. Әуелде бұл шешім тек майдан төңірегіндегі қалаларға арналса да, КСРО-ның барлық жерінде азық-түлікке байланысты қиындықтар тумас үшін оны белгілі бір нормамен ғана сату, босату сол 1941 ж. жазында барлық облыстар мен республикаларды  қамтыды. Бұл жағдай Қазақстанға да таралды.

1941 жылдың 1 шілдесінен бастап азық-түлікті сатудың карточкалық жүйесі Алматыда да енгізілді [4]. Бұл Қарағанды сияқты өнеркәсіп  орталықтарында, артынша Сауда халық комсиссариаттарының бұйрығымен барлық облыс орталықтарында  енгізілді. Сөйтіп 1941 ж. 1 қырқүйегінде Қазақстанның барлық облыс, аудан орталықтарында, жұмысшы поселкелері мен рудниктерде (кен орындарындағы елді мекендерде) азық-түлікке талон енгізілді. Бұл елді мекендерге қоса мемлекет қызметкер, мұғалім, дәрігер, колхоз-совхоз жұмыстарына мобилизациямен жіберілгендерге де азық-түлік карточкасын енгізді.

Халықты азық-түлік карточкасымен жабықтау жүйесі ауылшаруашылығы саласында еңбек ететін, ауылдық, селолық жерлерде тұратын халыққа қатысты  болмады. Олар өз еңбек ақыларына колхоз бен совхоздардан натуралдық түрде азық-түлік алатыны және өздерінің жеке отбасылық шаруашылығы (малы, картофель және басқа да көкөніс өсіретін жер телімі) бар екені ескеріліп, азық-түлікпен өздерін өздері  қамтамасыз етуі қажет деп ұйғарылды. Алдын ала ескерту қажет: бұл шешім ауылда тұратын халыққа оңай болған жоқ. Себебі барлық соғысқа жарамды ер азаматтар майданға, немесе қорғаныс  өнеркәсібіндегі жұмыстар үшін Еңбек армиясына жіберілгенде ауылдағы негізгі  жұмыс күші болып қарт адамдар, әйелдер мен жасөспірім балалар есептелгені жасырын емес. Ауыл шаруашылығы жұмыстарының  жоспарын орындау, КСРО-ның жау басып алған жерлеріндегі егіс көлемін елдің шығысындағы, ең алдымен Қазақстан, Алтай мен Сібір, Орта Азия  республикалары жерінің есебінен ұлғайту сол тылда қалған адамдардың үлесіне тиді.

1930 жылдардың басында ашаршылық нәубетін бастан өткерген қазақ халқы сияқты КСРО-ның колхоз бен совхоздағы, жалпы ауыл шаруашылығындағы адамдарының тағдыры мемлекеттің басыбайлы (крепостной) шаруалары тағдыры іспеттес болды. Сондықтан соғыс ауыртпалығын майдан шебінде жауынгерлер қалай көтерсе, тылдағы танк, ұшақ, зеңбірек пен минаатқыш, автомат, оқ дәрі және басқа да соғысқа керек әскери техника жасаушылармен бірге ауыл шаруашылығы халқы да солай атқарды.

1941 ж. 29 маусымда КСРО үкіметі майдан шебіндегі аудандардан қоймалардағы астықты, барлық материалдық ресурстарды, малды жау қолына қалдырмауға нұсқау берді [5]. Бірақ көп жағдайда  моторлы техниканы қолданған жау шабуылының күштілігінен ондай ресурстарды көшіріп  әкетуге мүмкіндік болмады. Сондықтан азық-түлікпен елді қамтамасыз ету мәселесі аса маңызды шараға айналды. Бұл жұмысты арнайы қадағалап, ұйымдастыруы үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде арнайы хатшы  тағайындалды. Осындай  хатшылар барлық облыстық және қалалық комитеттерде де жұмыс істеді. Олардың ресми лауазымы сауда және қоғамдық тамақтандыру мәселесі бойынша партия  хатшысы деп аталды.

КСРО үкіметі соғыс басталғанға дейін  бекітіліп қойған халық шаруашылығы жоспарын қайта жасап, оны мобилизациялық халық шаруашылығы жоспары деп атады. Әскер қатарының күрт көбеюіне байланысты бөлшек сауда мен қоғамдық тамақтандыру орындарына бөлінетін азық-түлік мөлшері барынша қысқартылды. Сөйтіп шаруашылықтағы қиыншылықтар тиісті қорлардың тапшылығы жағдайында бар азық-түлікті белгіленген мөлшермен жұмсауға мәжбүр етті. Ал 1942 ж. жазы мен күзінде жаудың  Еділ бойына, Сталинградқа дейін жетіп, тағы да көп жерді басып алуы жағдайды  онан сайын ұшықтырды. Себебі Кавказдың солтүстігі, Дон мен Еділ арасы ең қажетті ауыл шаруашылықты аймақтар еді. Бұл қиын жағдайдан 1941 ж. жаз бен күзде азық-түлікті карточка жүйесімен сату құтқарып қалды.

Карточка жүйесі бойынша азық-түлік сатып алуға құқы бар адамдар төрт топқа бөлінді: 1) жұмысшылар және соларға теңестірілген қызметкерлер; 2) қызметкерлер; 3) асыраушының қарауындағы және соларға теңестірілгендер; 4) 12 жасқа дейінгі балалар және 12 жастағылар [6].

Жоғарыда айтылғандарға сәйкес нан алуға арналған карточкалар жұмысшылар үшін екіге бөлінді: 1) қорғаныс, отын өндіру, металлургия  темір жол құрлысы, химия және осылар сияқты маңызды өндіріс саласында істейтін жұмысшылар үшін нан 1200 гр. мөлшерінде  берілді; 2) басқа өндіріс саласында істейтіндерге онан төменірек категория бойынша босатылды.

Жалпы соғыс жылдары азық-түлікті карточка бойынша сату елдің экономикалық жағдайына байланысты әртүрлі өзгерістерге ұшырағаны мәлім. Сатуға мөлшермен берілетін азық-түліктің құрамы жеткіліксіз болған кезді де халық басынан өткерді. Сату орындары тамақтың бір түрінің орнына қолда бар басқа бір түрін беріп, алмастырып отырған кездері де болған. Егер солардың бәрін жинақтап айтар болсақ, олар мынадай мөлшерде және ассортиментте беріліп отырды.  «Нан және азық-түлік товарларын сатып алатын карточкалар мен талондардың тізімі:

1.  Ерекше жоғары мөлшермен берілетін азық-түлік карточкасы.

2.  Жоғары мөлшермен берілетін азық-түлік карточкасы.

3.  Көміршілерге (шахтерлерге) ерекше жоғары мөлшермен азық-түлік берілетін карточка.

4.  Шахтер-көміршілерге жоғары нормамен азық-түлік берілетін карточка.

5.  Ерекше тізіммен азық-түлік берілетіндер карточкасы.

6.  Өнеркәсіп, транспорт және байланыс жұмысшыларына тиісті нормамен берілетін азық-түлік карточкасы.

7-13. Күніне 1200, 900, 800, 700, 650, 600, 500 грамнан берілетін нан карточкалары.

14. Ерекше тізіммен босатылатын карточкалар («А» литері).

15. Өнеркәсіп, транспорт және байланыс нормалары бойынша азық-түлік карточкалары.

16. Қызметкерлерге («В» литері) бойынша берілетін бірыңғай  транспорт карточкалары.

17-20. Жол жүрушілерге берілетін  бірыңғай 700, 650, 600, 450 грамдық нан карточкалары.

21. Жұмысшыларға атаусыз берілетін талондар бойынша қант пен нан карточкалары.

22. Қызметшілер нормасы бойынша берілетін азық-түлік карточкалары.

23. Қызметшілер нормасымен азық-түлік алуға болатын карточка.

24. Күніне 450 гр нан алатын қызметшілер карточкасы.

25. Балаға арналған азық-түлік карточкасы.

26. Жоғарғы сынып оқушыларына арналған нан мен азық-түлік карточкасы.

27. Жұмысқа жарамсыз, біреудің қарауындағыларға арналған азық-түлік карточкасы.

28. Қолөнер училищелері мен фабрика-завод мектебі оқушыларының карточкасы.

30. Өкпе ауруына шалдыққандарға берілетін емдеу азық-түлік карточкалары.

31. Жүкті және балалы әйелдерге  арналған қосымша карточкалар.

32. Балаға арналған екі мезгілдік тамақтану карточкасы.

33. Қан тапсырушыларға арналған бір мезгілді паек.

34. Зиянды өндірісте істейтін жұмысшыларға берілетін арнайы тамақ карточкасы.

35. Көмір өндірушілерге берілетін 50 гр шошқа майы мен 10 гр қант карточкасы.

36-41. Арнайы түскі тамақ паегі (1,2 категория, «А, Б» нормалары бойынша).

42. 1 топтағы партия-кеңес активтеріне арналған түскі тамақ карточкасы [5] т.б».

Жоғарыдағы тізімдегіден басқа да карточкалардың қосымша түрлері шығарылған еді. Олардың ішінде ересек балалар үшін, ауыр жұмыстағыларға екінші ыстық тамақ беруге арналған карточкалар сияқты және басқа да түрлері болды. КСРО-ның тылдағы әртүрлі аймақтарында берілетін азық-түліктің ассортиментіне және қордағы мөлшеріне байланысты оның құрамын жергілікті атқарушы билік белгілеп отырды. Бірақ барлық жұмыс принциптерін, оларды басқарудың, карточкаларды таратудың барысын әр қаланың аудандарында (ірі қала болса), жұмысшы поселкелерінде арнайы карточка жүйесінің Бюросы  іске асырып отырды.

КСРО көлемінде бұл жұмысқа жалпы басшылықты азық-түлікті карточка жүйесі бойынша әртүрлі категорияларға бөлінген адамдарға тиісті мөлшермен таратуды басқаратын Орталық Карточка Бюросы  іске  асырды. Ол 1941 ж. күзде құрылып, оның бөлімдері әрбір одақтас республикаларда орналасты. Кеңес Одағы бойынша Карточка Бюросының  жүйесінде 1944-1945 жж. 127300 адам жұмыс істеді [5, л.43]. КСРО-ның жау басып алған жерлерін азат ету барысында Карточка Бюросының  мекемелері 1944 ж. көбейгені белгілі. КСРО көлемінде әрбір ірі кәсіпорындарда, қалалар мен облыс орталықтарында арнайы осы қызметке тағайындалған 100 мыңдай өкілдері  жұмыс істеді [6]. 

Қазақстанда азық-түліктің карточкалық жүйесі 1941 ж. жаз бен күзден бастап ресми жұмыс істегенімен, әуелде бұл саланы аудандық және қалалық атқару комитетінің сауда бөлімдері жүргізіп отырды. Олардың көпшілігі осыған дейін 1930-1934 жж. жұмыс істеген карточка бюроларының тәжірибесін пайдаланды.  Қазақстандағы 1930-1934 жж. жаппай ашаршылық трагедиясы кезінде қала тұрғындары, аудан, жұмысшы елді мекендерінің халқы осы карточка жүйесі арқылы бөлінген азық-түліктің арқасында тірі қалғаны  белгілі. Ол жылдары да ауыл тұрғындары өз малы бар, жер теліміне көкөніс өсіреді деген принциппен азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесінен тыс қалдырылған болатын. Ал соғыс жылдары  Қазақстанда қайта құрылған Карточка Бюросы  бұрынғы тәжірибені ескергені даусыз. 1941 жылдың соңы – 1942 жылдың бас кезінде Қазақстанға эвакуациямен келген 550 мың  халықты, жер аударылып келген 374 мың немістерді азық-түлікпен қамтамасыз етуді  дұрыс жолға қою үшін республика бойынша бір орталыққа бағынған Карточка Бюросын құру қажет деп табылды. Бұл туралы шешім 1942 ж.  ақпанда шықты [7].

Алғашында Қазақстанда Карточка Бюросы республика үкіметінің жанынан құрылды. Ал 1942 ж. наурызда ол Қазақ КСР сауда халық комиссариатына (министрлігіне) берілді. Облыстардағы  бюролардың  штаттары да әртүрлі болды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облыстық Бюросы 2,5, Өскеменде, 2 штаттан құралды. Басқа облыстарда да солай болды. Оларда ешқандай күзет, касса, бухгалтерия болмады. Бұларды кеңейту, есеп жүйесін қатаң бақылауға қою қажеттігі туындады. 1942 ж. Қазақстанда 119, 1943 ж. – 120, 1944 ж. – 133 бюро жұмыс істеді. Бұлардың көбеюі жаңа жұмысшы поселкелері мен қалаларының пайда болуынан еді. Мысалы жаңа кен орыны ретінде соғыс  кезінде Жезді (кейін Сәтбаев), Теміртау қалалары, Ақшатау, Хромтау сияқты кен орындарының поселкелері  пайда болуы осыған дәлел.

Соғыс жағдайында жергілікті басқарушы органдар Картбюроның жұмысына онша мән бере қойған жоқ. Оған тиісті жұмыс бөлмелерінің, қажетті адамдардың жеткілікті бөлінбеуі кедергі болды. Бірақ уақыт өте келе бұл мәселенің маңызы ерекше екені ескеріліп, билік орындары оған қадағалау орнатты. Бұл іс бойынша партия комитеттерінде арнайы хатшылардың тағайындалуы жұмысты жақсартты.

Әркімге тиісті нормамен азық-түліктің бөлінуін, ол кімдер екенін анықтайтын құжаттар мен есепті жүргізетін мекеме жергілікті кеңестер болды. Халықтың тіркелген мекен-жайына байланысты жұмысқа жарамсыздар, балалар, мүгедектер – қысқасы қоғамның барлық мүшелері тіркеуге алынып, жоғарыда көрсетілген тізім бойынша оларға берілетін карточканың түрі тағайындалды. Ауыр жұмыста жүрген шахтерлер, металлургтер, теміржол құрылысында жүргендер өз мекемелері арқылы тиісті үстеме азық-түлікті жұмыс орнынан алып отырды.

Соғыс кезіндегі көп таралған адамдар әскери қызметкерлер еді. Олардың іссапарда жүруі, жеке тұлға ретінде госпитальдан еліне немесе майданға жүруі әскери бөлімдер тарапынан карточкамен қамтамасыз етілді. Ал көп жағдайда олар жергілікті Картбюроларға келген мерзімі бойынша тіркеліп,  азық-түлік алып тұрды.

Азық-түлік карточкаларын  тарату барысында халықтың әрбір тобына қатысты қосымша паектер тағайындау, әлеуметтік жағдайына байланысты адамдарды қызметіне, жұмысына, оның маңызына қарап жіктеу жұмыстары карточкалардың түрлерін көбейтуге  алып келді. Бұл қоғамдағы халықтың қызметі мен өмірінен туындаған мәселе еді. Сонымен қатар азық-түлік карточкаларын сақтау, оған есеп-қисап жүргізіп, ысырапқа жол бермеу мәселелері де өте маңызды болатын. Себебі карточкаларды қолдан жасап көбейту, ұрлау фактілері де кездесетін болғандықтан олар қазына билеттері (ақша) сияқты  оюлы қағаздың ішкі арнайы жасырын белгісі бар түрінде типографиядан  басылып шығарылатын болды.  Бұл карточкаларды қолдан жасап шығаруға мүмкіндік бермеу үшін қабылданған шара еді.

Соғыс жағдайында азық-түлікпен халықты, әскерді қамтамасыз ету төтенше мәселе болғандықтан карточкаларды олардың түрлеріне байланысты басып шығару жұмысын ішкі істер халық комиссариаты қатаң бақылауға алды. Республика үкіметі ішкі істер халық комиссариатына карточка шығаратын 2 баспаханаға дейін белгілеп берді. Қазақстан  бойыншаазық-түлік карточкаларының  түрлері 1943 ж. көктемде 65, жыл соңына  қарай 101 жетті [7, л. 36 об.]. Кейін оның 109 түрі шағарылды. Бұл азық-түлік өндірісінің жолға қойылуына, әсіресе кондитерлік тағамдар мен өнімдерді шығарып, тиісті адамдарға беруге қосымша мүмкіндіктің пайда болуынан еді.

Карточкаларды  баспаханадан  шығару оңай жұмыс болған жоқ. Олардың бір жолғы тиражы 8,5 млн данаға жеткен еді. Алматы мен Қарағанды қалалары үшін шығарылатын карточкалар түсі ерекше болды. Азық-түлік карточкалары ерекше бақылау арқылы басылып шығарылды: 1) нан карточкалары ІІХК (НКВД) баспаханасында басылды; 2) ауылдық жерлерге берілетін нан және өнеркәсіп товарларының карточкалары, лимиттік өнеркәсіп товарларын алуға болатын кітапшалар (карточкалар) Алматыдағы 19-шы баспаханада шығарылды. Басып шығару жұмысын НКВД типографиясының басшылығы мен ОБХСС (социалистік меншікті талан-таражыға салумен күрес бөлімінің) және Республикалық Карточка Бюросының өкілдері  қатаң бақылауға  алып отырды [7, л.40-41].

Баспаханадан басылып шыққан карточкалар арнайы байланыс жүйесі арқылы облыстарға таратылып отырды. Мысалы, 1943 ж. мамырдан 1 желтоқсанға дейін карточкаларды облыстарға жіберетін экспедиция 19513900 дана әртүрлі карточкаларды жер-жерге жіберген [7, л.36-36 об.].

Карточкалардың түрлерінің  көбеюі оны халыққа тарататын бюролардың да жұмысын қиындатып жіберді. Бұл құнды  қағаздардың да шығынын арттырды. Оларды бөлшек-бөлшегімен қаптап, облыстардағы тарату нүктелеріне жеткізу іске  асырылатын болды. Ондай тарату пункті Қазақстанның 16 облысы бойынша 1943 ж. бас кезінде 93,  ал сол жылдың соңына қарай 133-ке жетті. Бұл карточкаларды  халыққа тезірек жеткізудің  амалынан туындаған еді. Себебі  оларды баспаханаларда  басып шығарып,  тиісті жерлерге жеткізу оңай болған жоқ. Ал облыстан  алыс жатқан қалалар, аудандар мен жұмысшы поселкелеріне жеткізу уақыт  пен көлікті талап етті. Сондықтан халықтың қолына карточкалар айдың  соңында ғана, тіптен келесі  айдың басында тиетін еді.  Осының бәрі соғыс кезінің  тапшылық жағдайында тұтынушылардың  наразылығын тудырып отырды. Мұны болдырмас үшін Республикалық Карточка Бюросының аппараты, оның облыстардағы  бөлімшелері НКВД және үкіметтік байланыс орындары арқылы карточкалардың  уақытында жеткізілуін қадағалайтын  болды.

Карточкалардыңхалыққа күнделікті  таратылуын, онан күн соңына қарай қалған карточкалардың есебін Алматы және басқа облыс оталықтарында қадағалау жұмысы арнайы жолға қойылды. Әрине, мұндай қатаң бақылау мен есепке қарамастан  адам факторы бұл жұмысқа әсер етпей қойған жоқ. Кей жағдайларда карточкаларды ұрлау, есептен заңсыз шығару , қайталап  беру фактілері орын алды. Бұл туралы құжаттарда нақты деректер келтірілген [8].

1 кесте

Карточка Бюросының құрылымы[9]

 1942 ж.

1944 ж.

1945 ж.

1946 ж.

Облыстық бюро

14

14

16

16

Қалалық бюро

10

10

135

145

Аудандық бюро

76

109

109

109

Қызметкерлері

533

879

608

812

 

Облыстық карточка бюролары аудандық және қалалық бюроларға бөлінді. Соңғылары өз кезегінде учаскелік пункттерден құралды. Оларға тиісті деректерді азаматтардың тұрақты өмір сүріп жатқан жерінің атқарушы билігі, үлкен елді мекендерде адамдарды тіркеуші көше комитеттері, паспорт столдары беріп отырды.  Жеке азаматтар азық-түлік карточкаларын алу үшін сол жерлерден анықтама алатын болды. Ол анықтама ай сайын расталып отыруы қажет еді.  Бірақ жеке меншік үйлерде тұратын адамдардың анықтамаларын растау қиындық тудырған кездері де болды. Сондықтан мұндай анықтама беретін арнайы өкілдер атқару комитеттерінде істеді.

Азық-түлікті белгілі бір нормамен босату жолға қойылған соң, бұл саладағы мемлекеттік резервті болжауға, шығындарды жоспарлауға мүмкіндік туды. Шындығында Карточка Бюросының қызметкерлерінің еңбегі ауыр еді. Олардың басқа саладағы жұмысшылар мен қызметкерлерден айырмашылығы болмады.  Қайта жауапкершілігі өте  күшті болды. Себебі карточкаларды сақтау, заңды бұзуға жол бермеу  талаптары орындалмаса олар қатаң жауапқа тартылып отырды.

Семей және Қарағанды облыстарында қалалық бюро болған жоқ. Оның міндетін тікелей облыстық  бюро атқарды. Сол сияқты  Алматыда 4 аудандық бюро, облыс бойынша 11 аудандық бюро істеп тұрды [7]. Оларға әкелінетін карточкалар 15-20 кг бумадан (қораптан) тұратын еді. Карточкаларға берілетін азық-түліктің бағасы тұрақты бекітілген мемлекет бағасынан асқан жоқ.

Карточкаға  сатылатын азық-түлік бағасы соғыс жылдарында кімге де болса  қол жетімді деңгейде болды. Бұл мемлекеттің қарапайым адамдарға да, әскери қызметкерлер мен қорғаныс маңызы бар жұмыста жүргендерге де жасаған тиімді  шешімі еді. Әрине КСРО үкіметі бұл салада өзінің бұрынғы 20-30 жж. тәжірибесін ескергенін, басқа елдерде мұндай жүйе қалай жұмыс жасады, нәтижесі қандай екенін ескергенін байқауға болады.

Соғыс жылдары халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету шарасы ретінде енгізілген карточка жүйесі миллиондаған халықты өлімнен құтқарып қалғанын мойындау керек. Екіншіден, бұл шараның соғыс кезіндегі инфляцияға халықты тәуелді етпей, тұрақты мемлекеттік бағамен азық-түлік сатып алуына көмектескені әскери экономиканы пәрменді жүргізуге септігін тигізді.

1942 ж. соңынан бастап Қазақстандағы азық-түлікті нормамен босататын Карточка Бюросы мен оның жергілікті мекендердегі органдары тіркеудегі барлық  халық пен олардың отбасы мүшелерін толық қамтып, қызмет көрсетті. 1942 ж. күзде әскерлерді қоспағанда  2,2 млнға жуық адамды (қала мен жұмысшы поселкелері, аудан орталықтарының тұрғындарын) азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз ету жұмысы жолға қойылды.

2 кесте

Қазақстан бойынша азық-түлік карточкаларымен қамтылған адам саны  (мың) [10].

 1942 ж.

1944 ж.

1945 ж.

1946 ж.

Қазақстан

2194,2

2178,7

2194,2

2295,6

Салыстыру үшін:

Қырғызстан

-

-

412,6

417,5

Тәжікстан

-

-

313

318,4

Өзбекстан

-

-

1519

1604

Жоғарыдағы деректер көрсеткендей, соғыс жылдары Қазақстан сауда халық комиссариатының құрамында жұмыс жасаған Карточка Бюросы миллиондаған  адамға қызмет көрсетті. Республикаға 1941 ж. күзде және 1942 ж.  эвакуациямен келген 550 мыңнан астам адамның көпшілігі қалалық жерге орналасты. Сонымен қатар 1941 ж. күзде  Қазақстан мен Сібірге шұғыл түрде күштеп  көшірілген немістер, 1943 ж. бастап күштеп көшірілген қарашай, балқар, шешен, ингуш, қалмақ, түрік, курд, ассирия, болғар т.б. халықтардың өкілдерінің бір бөлігі қалалар мен жұмысшы поселкелеріне орналастырылып, карточка жүйесінің тізімінде болды.

Соғысып жатқан елдердің барлығында да кезінде халықты азық-түлікпен қамтамасыз етудің осындай жүйесі енгізілген болатын. Олардың бәрі қиын жағдайда амалсыз енгізілген шаралар. КСРО-да да солай болды. Қазақстанның жергілікті басқару органдары бұл жұмысты дұрыс атқара білгенін айту керек.  Карточка жүйесі халықтың басынан өткерген ауыр кезең, бірақ басқаша қамтамасыз ету әдісі болған жоқ. Бұл арада карточка бойынша берілетін азық-түліктің  бағасын арзан ұстауы мемлекеттің халыққа жасаған қамқорлығы екенін мойындау керек.

Азық-түлікпен қамтамасыз етудің қосымша шаралары соғыс кезіндегі колхоз саудасы арқылы іске асырылды. Қалалық жерге жақын орналасқан ұжымшарлар, жеке адамдар базарларда өз бағасымен азық-түлік сатумен айналысты. Ұжымдық еңбекшілер  атынан сауда жасаушылардың жұмысын үйлестіріп,  баға саясатын жүргізетін арнайы комиссиялар атқарушы биліктің атынан бұл жұмысты реттеп отырды [11].

Азық-түлікпен  халықты қамтамасыз етудің маңызды жолы ол ауылда да, қалалық жерде де жер телімін алып, жеке меншік огород  ісімен айналысу болды. Бұған мемлекет зор  мән беріп, бұл шара да өзін ақтады [12].

Соғыс аяқталған соң да азық-түлік тапшылығы карточка жүйесін созуға мәжбүр етті. Ол халық шаруашылығын қалпына келтіру, әскер қатарын қысқартып, адамдарды бейбіт  өмірге көшіру себептерінен туындады.  Бүгінде кейбір тарихшы  ғалымдар КСРО-ны, СОКП-ны, олардың саясатын сынаймыз деп, артық кем пікір айтып қояды. Көбінесе бұл 1946 ж. КСРО-да тағы да ашаршылық басталып, халық қырылды деген тұжырымға байланысты айтылады.

1946 ж. қуаңшылық болғаны рас, ол Қазақстанның солтүстік облыстарының да кейбір жерлерін қамтыды. КСРО-да  1946 ж. астық шықпай қалу фактісі батыс Украина мен Молдавияда  орын алғаны мәлім. Бірақ шаралар қабылданып, залалы жойылды. 1947 ж. Қазақстанда 2 млн 144080 адам карточка  арқылы азық-түлікпен қамтамасыз етілді [13].

Азық-түлік өндірісінің ұлғаюы, халық шаруашылығының бейбіт жұмыс жағдайында ырғақты жұмыс істеуі 1947 жылдың соңында азық-түлік  карточкаларын да жоюға мүмкіндік  берді. Бұл шара КСРО көлеміндегі соғыс жағдайында орын алған ақша инфляциясын жойып, оның айналымын қалпына келтіру жұмысымен бірге іске асырылды. 1947 ж.  ақша реформасы мен азық-түлікті еркін саудаға шығару, карточка жүйесін жою – осының айғағы [14].

1.  Российский госрахив экономики (РГАЭ). Ф.8043, оп.1, д.530, л. 45, 48 и др.

2.  Қ. Алдажұмановтың 1971 ж. журналист Х. Наурызбаевтан жазып алған естелігінен.

3.  Великая Отечественная  война. 1941-1945. Краткая  история. Москва: Воениздат. 1984, (560 с.), с. 175.

4.  КПСС о Вооруженных Силах Советского Союза. Сб. Документов. 1917-1958. Москва: Гос политиздат. 1958, с.354-356.

5.  РГАЭ, ф.7971, оп.5, д.240, л.32-34.

6.  РГАЭ, ф.7971, оп.5, д.301, л.4-8; д.240, л.43.

7.  РГАЭ, ф.7971, оп.5, д.231, л.18-19.

8.  РГАЭ, ф.7971, оп.5, д.301, л.2-5; д.240, л.22; д.231, л.42-45; д.240. л.1,6,8 и др.

9.  РГАЭ, ф.7971, оп.5, д.231, л.30-31 об.; д.240, л.45.

10.  Кесте мына дереккөздері бойынша жасалды: РГАЭ, ф.7971, оп.5, д.231, д.240, д.420, л.21.

11.   Қараңыз. Балакаев Т.Б. Колхозное крестьянство Казахстана в годы Великой Отечественной войны. 1941-1945. Алма-Ата: Наука,1971.

12.   Госрахив РФ (ГАРФ), ф.5451, оп.25, д.1066, л.91-95; ҚР ОМА, 1482 қ., 5 т., 6-іс, 6 б. т.б.

13.  РГАЭ, ф.7971, оп.5, д.308, л.14-14 об.

14.  РГАЭ, ф.7971, оп.5, д.315, л.1-63.

 

Резюме

Алдажуманов К.С.

Гнс Института истории и этнологии им.Ч.Ч.Валиханова, к.и.н.

Карточная система снабжения населения продовольствием в Казахстане в военные годы (1941-1945)

Статья посвящена деятельности Казахстанского Бюро по нормированному снабжению населения продовольствием в 1941-1945 гг. Функционирование карточной системы обеспечения продуктами питания в городах Казахстана началось с 1 июля 1941 г. С 1 сентября 1941 г. она охватила все районы, города, рабочие поселки республики. Нормированное снабжение продовольствием  по карточной системе не коснулось сельского населения. Ежегодно эта система снабжения  охватывала в среднем 2,2 млн человек  и была отменена в декабре 1947 г. одновременно с реформой денежной системы в СССР.

Ключевые слова: война, продовольствие, карточки, бюро.


Summary 

Aldazhumanov K.S. 

Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology 

Chief Researcher, Candidate of Historical Sciences  


Card System of Food Supply  in Kazakhstan During the War Eears (1941-1945)

  The article is devoted to the activities of the Kazakhstan Bureau for normalized food supply of the population in 1941-1945. The functioning of the card system to provide food in the cities of Kazakhstan was started since July 1, 1941. On September 1, 1941, it covered all the  areas, cities, and workers' settlements of the republic. The normalized ration card system did not affect the rural population. Every year, this supply system covered an average of 2.2 million people, and was canceled in December 1947 at the same time with the monetary system reform in the USSR.

Keywords: war, food, cards, bureau
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Nurtas26.10.2016, 20:31

1941-1945 жылдардағы қиын-қыстау кезіндегі халықтың аса ауыр әлеуметтік мәселелер туралы тың тарихи деректермен таныстым.