Басты бет » Материалдар » ҚАЗАҚСТАН БАСПАСӨЗІ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТАРИХТАҒЫ АҚТАҢДАҚТАР

ҮКІБАЕВА Л.Қ.

ҚАЗАҚСТАН БАСПАСӨЗІ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТАРИХТАҒЫ АҚТАҢДАҚТАР

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(06)

Тегтер: журналы, Түйін, сөздер:, Тәуелсіз, Қазақстан, тарихы, баспасөз, ұлттық, «Егемен, тарих, ақтаңдақтар, Қазақстан», газеті, ұлттық, «Ақиқат», қоғамдық-саяси, кәсіби, тарихшы, мамандар, мақалалар.
Аңдатпа:
Мақалада Тәуелсіз Қазақстан баспасөзіндегі ұлттық тарихтағы ақтаңдақтардың зерттелуі қарастырылады. Аталған мәселені зерттеуде жалпыұлттық ресми «Егемен Қазақстан» газетінде, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналында жарияланған кәсіби тарихшы мамандардың тарихи тақырыптар төңірегінде көтерген мәселелері, өзекжарды ойлары мен мақалалары негізге алынды. Түйін сөздер: Тәуелсіз Қазақстан тарихы, баспасөз, ұлттық тарих, ақтаңдақтар, «Егемен Қазақстан» газеті, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы, кәсіби тарихшы мамандар, мақалалар.
Мазмұны:

Еліміз тәуелсіздік тізгінін өз қолына алып, Қазақстан азат ел атанғанда қазақ жұрты тарихи жадын ақтарып ұлт мүддесін көздеген пікірлер айтылып, ата тарихымыздың ақтаңдақтары ашыла бастады. Егемендікке қол жеткізген тұста Қазақстан баспасөзі беттерінде ұлттық рух пен ел мүддесі мұндалап тұратын тақырыптағы мақалалар көптеп жарияланды. Қазақстан тарихын зерттеу барысында кәсіби тарихшы мамандар қай кезде де ылғи гуманистік бағытты ұстанып келеді. Ұлттық тарихтағы ақтаңдақтар мәселесін зерттеу аясында зиялы қауым мерзімді баспасөздің көмегіне жүгінеді, баспасөз арқылы қоғамға ой тастайды. Қазақ ғылымының аса көрнекті өкілі Ахмет Байтұрсыновтың пайымдауынша «Газет – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі». Қоғамның рухани жадын қалыптастыруда аталмыш газет-журналдарымыз бірқатар істер атқаруда. Ұлттық тарихтағы ақтаңдақтардың зерттелуі ұлттық баспасөз арқылы қоғамның салт-санасына өз әсерін тигізуде.

Бүгінде елімізде БАҚ-ы билік пен қоғам арасын байланыстырушы алтын көпір ретінде бағаланумен қатар, төртінші билік көзі болып отыр. Қазіргі таңда елімізде ақпарат алмасу саласында қалыптасқан тұрақты жүйелі түрде қызмет жасап келе жатқан баспасөз құралдары жеткілікті. Олардың ішінде қазақ оқырманының мәдени өмірінің рухани азығына айналып отырғандары: «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан», «Ана тілі» газеттері мен «Ақиқат», «Простор» сияқты қоғамдық-саяси журналдар. Осы аталған газет-журналдар жүйелі түрде шығарылып, еліміздің ақпарат айдынында халыққа қызмет етіп жоғары сұранысқа ие болуда.

Еліміздің Конституциясында: «Бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті», – деп атап көрсетілсе [1], ал Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заңында» оның «...мерзімді баспасөз басылымы, радио және теледидар бағдарламасы, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және бұқаралық ақпаратты мерзімді немесе үздіксіз жария таратудың басты нысаны» болып табылатыны айқындалды [2].

XXI ғасыр ақпарат ағымының ғасыры ғылым мен техниканың дамыған кемеліне жеткен кезі. Ақпарат тарату көздері пайда болған кезеңнен бастап алдымен түрлі қоғамдардың бір-бірімен ақпараттық байланыс жасауда, хабарлар алысты. Ал бүгінгі дамыған елдер бір-біріне ақпараттық ықпал етуге ауыса бастады. Кешегі егемендік алған тұста ақпарат атаулы көпшілік қауымға тек мерзімді басылымдар мен көгілдір экран арқылы ғана емес неше түрлі заманауи құрылғылармен толассыз ағылуда. Қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалу үрейі зиялы қауым өкілдерін алаңдатуда. Дәл осы тұста ұлттық басылымдарымыздың атқаратын рөлі зор.

Жалпы тарихта баспасөз материалдарын дерек ретінде қолдану басымдылыққа ие болып отырғандығын қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші С. Смағұлова: «мерзімді баспасөзі қоғамдық өмірдің маңызды бір саласы болып табылады. Баспасөз – бұл мерзімді және мерзімсіз басылымдардың жиынтық атауы. Оны ақпараттар (хабар, есеп, сұхбат, репортаж), талдамалы (мақала, рецензия, шолу, хат), көркем-публицистикалық (суреттеме, очерк, публицистика, эссе, баллада, сатира) жанрларға бөлуге болады. Мерзімді басылымдардағы материалдар қоғамдағы өмірдің өткені жайында құнды мағлұматтар бере алатын дерек көзі бола алады»,- деп жазады [3, 4-б.].

Солардың бірі «Егемен Қазақстан» жалпыұлттық ресми газеті Қазақстан Республикасында жарыққа шығатын мемлекеттік ресми мерзімді баспасөз құралы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Егемен Қазақстан» біз құрып жатқан жаңа ғасырдың жаршысы болуға тиіс», – деп тарихы тереңнен тамыр тартқан басылымға зор үміт пен жауапкершілік артылатынын баса көрсеткен болатын. «Егемен Қазақстан» қазақ елінің даму жолында даму стратегиясын қоғам ішінде кеңінен насихаттауда, қоғамның ілгері дамуына тікелей әсер етіп отырған бас басылым атанып отыр. Бұл ең алдымен мерзімді басылымның қаламы ұшқыр, қажырлы қаламгерлері мен жігерлі журналистерінің шынайы еңбегі мен көпшілік оқырман қауымның риясыз көңілінің арқасы. Қазақ басылымдарының ішінен «Егемен Қазақстан» газеті мен қатар «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы да қазақ қоғамының рухани жаңғыруына орасан зор үлес қосты. Бұл басылым беттерінде қоғамдық санаға серпін берген өзекжарды мәселер мен көкейтесті сұрақтарға жауап іздеген мақалалар, әр түрлі тақырыпты қамтитын материалдар жарияланды. Жоғарыда аталған газет-журналдар ұлт зиялыларының бас қосып пікір алмасатын «пікір тайқазанына» айналды, ұлттық болмысымыздың қалыптасу жолында ұлттық сананың ұйытқысы бола білуде. Сондай-ақ басылым беттерінде тарихи шежіредеден сыр шертер тақырыптағы материалдарға орын беріліп, ұлт санасында тарихи жадынының қайта жаңғыруына, біртұтас қазақ елінің мақсат-мұраты мен ұлттық мүддесін көздеген шығармалар оқырмандар ықыласына бөленді. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап-ақ бұл баспасөздерде Қазақ тарихына қатысты мынадай тақырыптарда: Алашорда тарихы, жаппай саяси репрессия тарихы, екінші дүниежүзілік соғыс және Қазақстан тарихы, тың және тыңайған жерлерді игеру, кеңестік кезеңдегі демографиялық үдерістер тарихының «ақтаңдақтарына» арналған М. Қозыбаев, К. Нұрпейісов, М. Асылбеков, О. Смағұлов, Қ. Алдажұманов, З. Қинаятұлы, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, М. Тәтімов, Ж. Қасымбаев, Б. Көмеков, К. Байпақов, Х. Әбжанов, Ж. Абылхожин, С. Әжіғали, А. Тоқтабай, т.б. ғалымдардың зерттеу мақалалары жарияланды.

  «Ақтаңдақ» беттер деген терминнің өзі алғаш рет 1987 жылғы ақпанда қолданылған екен [4, 5-6-бб.]. Жалпы халқымыздың дербес халық ретінде қалыптасуы кеше ғана басталған жоқ оның тамыры тереңде жатыр қазақ халқының шығу тегі, яғни этногенезінен басталады деп баса назар аударады. Қазақ тарихының өз зерттеушісін күтіп отырған «ақтаңдақтары» көп екендігіне әрбір тақырыпқа жеке-жеке тоқталады. Қазақ халқының тарихында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны» айтуға болады. Бақ-дәулет басымыздан ұшқан заманда қазақ халқы іргелі көршісі Ресейге үлкен үмітпен қол созды [4, 14-б.]. Патшалық Ресейге бағынышты ұлтқа айналуымыздың себебі де осы еді. Тарихшы ғалым қазақ тарихын кешенді тарихи зерттеулер үшін қоғамдық ғылымдардың пәнаралық байланыста болуы керек сол кезде зерттеу жұмысы өз нәтижесін беріп қоғам дамуын жеделдетеді бүгін қоғам бізден осыны талап етуде деген пікірлерімен бөліседі. Тарихшының «Халық кеңесі» газетіне берген сұхбаты «Ақтаңдақтар туралы ақиқат» деген атпен басылым бетінде жарияланды. Бұл сұхбатта тарихшы: «Тарихымыздағы ақтаңдақтар жағдайы ертеден-ақ белгілі еді. Студент болып жүрген кезімізде біздің ұстазымыз, профессор Ермұқан Бекмаханов Кенесары қозғалысы туралы концепциясы үшін жер аударылды. 1972 жылы мен Коммунистік партияның кадрлық саясаты жөнінде З.А. Голикова деген кісімен бірігіп монография шығардым. Бірақ сол кітапта кейбір еркін айтқан ойларым үшін қуғынға түстім. Алайда, біз догматтық, схоластық рухта тәрбиелендік», - деп мәлімдейді [5].

Кеңес заманында ұлт-азаттық көтеріліске біржақты көзқарасты пікір айтылып келді. Ұлт-азаттық көтеріліс бұқара халықты отарлық езу мен қанаудан туды. Өз елінде бөтеннің кейпін киген ұлт, өздерінің күн көрісінің бірден-бір табыс көзі саналатын құнарлы жерлерінен айырылғандығы олардың ашу-ызасын тудырды. Осы тақырыпта тарихшы-ғалым К. Нұрпейісов «Ұлт-азаттық күрес және «Алаш» қозғалысы» мақаласын жариялады. Мақаласында ғалым: «Өзінің ұлттық құрамы жөнінен Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс негізінен қазақтардан тұрды немесе моноұлттық болды. Көтерілістің тікелей басталуына патша өкіметінің 1916 жылғы 25-маусымда Қазақстан мен Орта Азияның тұрғылықты халықтарының азаматтарын майдандағы қара жұмысқа шақыру туралы шығарған жарлығы түрткі болды. Көтерілісшіл халықты да, оның зиялы қауым өкілдерін де келе жатқан 1917 жылдың қос төңкерісі мен оларға жалғасқан азамат соғысының «тар жол, тайғақ кешу» кезеңі күтіп тұрды» [6].

Қазақстан тарихының келесі бір ауыр нәубеті ашаршылық қасіреті болды. Елді социализм халқы атандыруға асыққан совет үкіметі қазақ жерін иеленуде күштеп ұжымдастыру саясатына көшті. Бұл ұжымдастыру науқанының салдары байырғы ата қонысында отырған қазақ жұртын орны толмас қасіретке душар етті, арты ашаршылыққа келіп тірелді қаншама халық қырылып қалды. Кәсіби тарихшы Т. Омарбековтің архив құжаттары негізінде жазылған баспасөз беттерінде «Ақтаңдақтар ақиқаты» айдарымен мынадай тақырыпта: «Қазақтар шыбындай қырылып жатыр...», «Жазықсыз жапа шеккендер», «Қазақ неге атқа қонды?» сияқты мақалалары жарияланды.

Бүтін елдің мақтанышына айналған хан-cұлтандарымыз, би-шешендеріміз, ақын-жырау, батырларымыз бен ұлт интелегенциясының өкілдері ағартушы-ғалымдарды ұлықтау тарихшыға артылған жүк. Аталған тақырыптарда тарихшыларымыз Ж. Қасымбаев: «Хан тарихы – Халық тарихы» (Абылай хан туралы), Х. Әбжанов: «Қазақстан интеллигенциясы: тарих пен тағдыр», «Жалған жұмақты әшкерелеген хат», «Ұлттың ұлы ұраншысы» мақалалары, М. Қойгелдиев: «Алашорда Ұлттық мемлекет құру мақсатының қойылуы: тарихтағы орны мен тарихи маңызы», «Алаштың Әлиханы немесе ол туралы архив материалдарына сөз берсек» атты тағы басқа да осы сияқты тақырыптар төңірегінде көптеген мақалалары жарияланды.

Осылайша халқымыздың қасіреті мен қуанышы қатар өрілген сан ғасырлық тарихын білу біздің абзал борышымыз. Ал біз сол ата тарихымызды насихаттау үшін ең алдымен біржақты көзқарастардан ада болуымыз керек. Кешегі бізді отар елге айналдырған отарлаушы елдердің үстем көзқарасымен бұрмаланған тарих беттеріндегі ақтаңдақтардан арылу жолдарын қарастыруымыз керек. Осындай ғибратты ғалымдар мен ұлағатты ұстаздардың артында қалған құнды мұраларының ұрпаққа берер тағылымы орасан зор.

Қазіргі таңда Қазақстан тарихының зерттелуі барысында ұлт баспасөзінің алатын орны өте жоғары. Себебі, баспасөз беттерінде жарияланған тарихи тақырыптарға арналған мақалалар мен арнайы сұхбаттар Қазақ тарихын кәсіби тұрғыда зерттеушілер мен қызығушылық танытушылар арасында екі ұдай пікірлер тудыруда. Ғылыми тұрғыда дәйекті зерттелген кәсіби маманның тұжырымы мен әуесқой тарихшының немесе журналистің ортақ тақырыптағы зерттеуінің мазмұны мен қорытындысы екі түрлі болып жататын тұстары болады.

Жалпы Қазақ тарихын зерттеуде архивтердегі құжаттарға жүгініп тиянақты түрде, қолда бар деректермен салыстыра отырып зерттелген материалдар ғана ұлт тарихындағы ақтаңдақтарды жоюға өз үлесін қоса алады.  Сол пікірлерге назар аудару тарихта адасуға жол бермейтіні анық. Мұндай сәтте кәсіби тарихшы мамандарға жол берген дұрыс. Олар өздерінің тарихи зерттеулері арқылы оқырман қауымға құнды мағлұмат ұсына алады. Ал дәл осындай тарихи тақырыптарды төңірегінде кәсіби тарихшы мамандардан басқа да өз бетінше зерттеушілікпен айналысып жүрген журналист, бүгінгі қоғам қайраткерлері, әдебиетші тағы да сала мамандары бар. Бұлардың ішінде журналистер қауымы көп жағдайда көпшілік оқырман қауымның сұранысын қанағаттандыру мақсатында белгілі бір тарихи тақырыпты көркем публицистика стилімен өрнектелген тарихи тақырыпта жазылған материалдарды халыққа жеткізеді. Мұндай көркем тілмен жазылған материалдар оқырман көңілінен шығып бұқара көпшілік тарапынан жоғары бағасын алып жататыны да белгілі. Бірақ осы жерден келіп тарих беттерінің ақтаңдақ тұстарының мазмұны ашылмақ түгілі кей кездері түсініспеушілікке әкеліп соқтырып жататыны өкінішті. Кейінгі кездері әсіресе тәуелсіз елге айналғаннан кейінгі жылдары тарихты түгелдеу жаппай көрініс ала бастады. Бұл түсінікті жайт, өзінің рухани азығын теру ісі деп қабылдауға болатын құптарлық іс. Дегенмен осындай істің арқасында оқырман қауымның тарих беттеріндегі «ақиқаты мен аңызын» қайсы екенін ажырата алмай жатуына жол берілмеуі керек.

Сонымен өткеннен сабақ ала отырып жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру жолында атқарылар істер аз емес. Мерзімді басылымдарда тарихи тақырыпта жарияланған мақалаларды пайдаланғанда аса жоғары сақтықпен қарап қолданғанымыз жөн. Баспасөз беттерінде де оларды жариялағанда жоғары талғаммен іріктеліп алынуы шарт. Сонда біз халқымыздың тарихи зердесін ашуда, тарихи санасын қалыптастыруда, ата тарихты құрметтеген буын өкілдерінің еңбектерімен, құнды мәліметтермен толықтырып рухани қазынамызды байытатын алтын қорға айналадыра аламыз. Бүгінгідей жаһандық даму жағдайында ұлт болып сақталып қалу үшін, ортақ мүддені көздеген, ұлттық мәдени құндылықтарымызды мәңгілікке есте қалдыру, салт-дәстүрімізді құрмет тұтатын ұрпақ тәрбиелеуде үлгі көрсетіп насихаттау ортақ азаматтық парызымыз.

Әдебиет

1 Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы: Жеті Жарғы, 1999. – 10 б.

2 Қазақстан Республикасының «БАҚ туралы» Заңы. – Алматы: Жеті Жарғы, 1999. – 26 б.

3 Смағұлова С. Қазақ мерзімді баспасөзі: шығу тарихы мен деректік маңызы (XX ғ. 30-40 жж.). – Алматы: «Елтаным баспасы», 2011. – 432 б.

4 М. Қозыбаев. Ақтаңдақтар ақиқаты: Оқу құралы. – Алматы: «Қазақ университеті», 1992. – 272 б.

5Қозыбаев М. Ақтаңдақтар туралы ақиқат. // Халық кеңес. – 1991. – 14 қараша.

6 Нұрпейсов К. Ұлт-азаттық күрес және «Алаш» қозғалысы. // Ақиқат.– 1996. №6. – 45 б.

References

1 Qazaqstan Respublikasynyn Konstituciyasy. – Almaty: Zhetі Zhargy, 1999. – 10 b.

2Qazaqstan Respublikasynyn  «BAQ turaly» Zany. – Almaty: Zhetі Zhargy, 1999. – 26 b.

3 Smagulova S. Qazaq merzіmdі baspasozі: shygu tarihy men derektіk manyzy (XX v. 30-40 zhzh.). – Almaty: «Eltanym baspasy», 2011. – 432 b.

4 M. Qozybaev. Aqtaңdaqtar aqiqaty: Oqu quraly. – Almaty: «Qazaq universitetі», 1992. – 272 b.

5 Qozybaev M. Aqtaңdaqtar turaly aqiqat. // Halyq kenes. – 1991. – 14 qarasha.

6 Nurpeisov K. Ult-azattyq kures zhane «Alash» qozgalysy. // Aqiqat.– 1996. №6. – 45 b.

УКИБАЕВА Л.К.

Магистрант 2 курса

Института истории и этнологии им. Ч. Валиханова.

ПРЕССА КАЗАХСТАНА И БЕЛЫЕ ПЯТНА НАЦИОНАЛЬНОЙ ИСТОРИИ

Резюме

В статье рассматривается исследование белых пятен в национальной истории на страницах печати независимого Казахстана. В изучении данного вопроса были взяты за основу поднятые вопросы, мысли и статьи в области исторических тем профессиональных историков, опубликованные в общенациональной газете «Егемен Қазақстан» и национальном общественно-политическом журнале «Ақиқат».

Ключевые слова: история Независимого Казахстана, пресса Казахстана, белые пятна в национальной истории, газета «Егемен Қазақстан», национальный общественно-политический журнал «Ақиқат», профессиональные историки, статьи.

UKIBAYEVA L.K.

2-nd year Master Student of the

Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology

THE MEDIA OF KAZAKHSTAN AND WHITE SPOTS

OF THE NATIONAL HISTORY

Summary

The article deals with the study of white spots in the history of the national press of independent Kazakhstan. At studying this issue the author used the issues raised, the thoughts and articles of professional historians on historical topics, published in the national newspaper "Egemen Kazakhstan" and the national socio-political journal "Aqiqat".

Keywords: history of independent Kazakhstan, the press in Kazakhstan, white spots in the national history, the newspaper Egemen Kazakhstan", national social-political journal "Aqiqat", professional historians, articles.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 5087

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Укибаева Л.К. статья 1.doc 0.08 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ҚАЗАҚСТАН БАСПАСӨЗІ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТАРИХТАҒЫ АҚТАҢДАҚТАР Қазақстанда әкімшілік-аумақтық жүйені өзгертуге қатысты Ресей империясының заңнамасы 1916 ЖЫЛҒЫ МЕРКІ КӨТЕРІЛІСІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ АҚҚӨЗ БАТЫР ХАҺЫНДА ӘОЖ 316.344.55:39(574) Қазақтардың дәстүрлі құқығы туралы революцияға дейінгі жазылған еңбектер ӘӨЖ 2:93(574) МРНТИ 03.01.39 «Мәңгілік Ел» идеясы және қала халқының демографиялық мәселелері УДК 94:502:35(574) РОЛЬ МЕСТНЫХ СОВЕТОВ ПРИИРТЫШЬЯ В УПРАВЛЕНИИ ОХРАНОЙ ПРИРОДНОЙ СРЕДЫ В 80-Е ГОДЫ ХХ ВЕКА СУ БЕЙХАЙ ЖӘНЕ ОНЫҢ «ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ТАРИХЫ » МОНОГРАФИЯСЫ ЖӨНІНДЕ ӘОЖ 930.001.83 «ШУРОИ-УЛЕМА» ҰЙЫМЫ: ҚҰРЫЛУЫ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТІ ҒТАХР 03.20 ҚАЗАҚ - ЖАПОН ТІЛДЕРІНІҢ ТАРИХИ ТАМЫРЛАСТЫҒЫ

Автордың мақалалары

ҚАЗАҚСТАН БАСПАСӨЗІ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТАРИХТАҒЫ АҚТАҢДАҚТАР