Басты бет » Материалдар » ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ БАСТАУЛАРЫ МЕН ТАРИХИ ДӘУІРІ

Әбжанов Х.

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ БАСТАУЛАРЫ МЕН ТАРИХИ ДӘУІРІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3

Аңдатпа:
Аннотация. Мақалада автор тарихи жазба деректер негізінде Қазақ хандығының қалыптасуы мен дамуының бастаулары мен тарихи кезеңдерін көрсете отырып, қазақ мемлекеттілігі мен мемлекеттік биліктің қалыптасу мәселелерін қарастырады. Сондай-ақ автор азаттық пен тәуелсіздікті мемлекет пен оның азаматтарының басты құндылықтары деп санайды. Осыған байланысты «Мәңгілік ел» түркілік идеясы тек толыққанды қалыптасқан мемлекетте ғана өмірге келіп, жүзеге асырылатындығын дәйектейді. Мемлекеттің нығаюы қашанда Абылай сынды даланың ірі тарихи тұлғаларының есімімен тығыз байланысты. Кілт сөздер: Қазақ хандығы, мемлекеттілік, Абылай хан, «Мәңгілік ел», түркілік идеясы
Мазмұны:

1.  Хандық бастаулары

Мемлекет жайлы, оның пайда болу себептері, мәні, мемлекетті басқарудың түрі мен тәсілдері төңірегіндегі ой-толғамдар, ғылыми зерттеулер, пікірталастар мыңдаған жылдардан бері үздіксіз жүріп жатыр. Кімді болсын ойландыратын тағылымы мен сабағы да көп. Мемлекетті басқару ілімін түзгенде әділдікті, заңға жүгінуді, ақыл-ойды бірінші кезекке қойған, «патшалар мен билеушілер скипетр ұстағандар емес, әйгілі вельможалардың сайлағандары емес, билікке жеребемен немесе зорлықпен, алдаумен жеткендер емес, олар басқара білетіндер», деген Сократ құлиеленушілік қоғамда айтқан тым өткір идеясы үшін ж.с.д. 399 жылы өлім жазасына кесілсе, мемлекет пен құқықты қоғамдық-экономикалық формацияның, базистің өзгермелі қондырғысы түрінде ғана қарастырған маркстік-лениндік ілім ХХ ғасырдың 74 жылына бойы Кеңестер елінде үстемдік құрып, сол «уақытша қондырғының» қатыгездігінен миллиондаған адамдардың тағдыры қиылды.

Демек, мемлекет пен мемлекеттік билік мәселесі жәй ғана танымдық маңыз-мәртебеге ие, өткінші, жеңіл-желпі қызу тудыратын әңгіме-дүкеннің санатына кірмейді. Бұл орайдағы ғалымның ойы, шешеннің тілі, батырдың ерлігі, билеушінің таңдауы адамзат баласының озат тәжірбиесі мен тағылымынан, халқының бүгіні мен ертеңіне ет-жүрегі елжірей алаңдаудан туындап жатқаны абзал. Бірінші кезекте мемлекетке, азаматтарына ынтымақ пен ілгерілеу, қауіпсіздік пен еркіндік әкелетін-әкелмейтінін асқан жауапкершілікпен әрі даналықпен ажырата алудың мәні зор. Мемлекет тарихын дәуірлеудің де жауапкершілігі жеңіл емес. Ол үшін қырық қатпарлы деректерді игерумен қатар теориялық-методологиялық ізденістің биік деңгейін ұстай білу керек.

Халықтың мәртебесі, тарихының мазмұндылығы төл мемлекетінің  қашан пайда болғанымен өлшене бермейді. Әлемде мыңдаған тілде сөйлейтін халықтар бар, ал мемлекеттер саны  200-ге жетер-жетпес. Бұдан мемлекеті барлары - өркениетті, жоқтары - өркениет көшіне ілесе алмағандар деген тұжырым тумаса керек. Бар мәселе мемлекетін құрған халықтардың сол байлық пен бақытты сақтай алған-алмағанында.

Мемлекет дегеніміз, біздің ойымызша, нақты аумақта бір немесе бірнеше халықтың басын біріктіруші, мүдделерін қорғаушы саяси-құқықтық жүйе. Бұл жүйенің пайда болуы да, ондағы басқару тетіктерінің қалыптасуы да ұзақ мерзімді қажет етеді. Табиғи-географиялық орта, одан туындайтын шаруашылық-мәдени тип, тарих үдерісі, әлемдік, құрылықтық, өңірлік өркениеттер ықпалдастығы халықтың болмысын даралауға қалай әсер етсе, мемлекеттің табиғатын анықтауға да соншалықты ықпал етеді деп есептейміз.

Қазақ мемлекеттілігінің тарихын ғылыми таным биігінен дәуірлегенде біз басты өлшемдерге және  методологиялық ұстанымдарға мемлекет құраушы халық пен мемлекеттік тәуелсіздік, аумағы мен шекараның тұрақтылығы, қоғам мүшелерінің еркіндігі, биліктің тармақталуы, заңның әділдігі мен ұлттық жаратылысы, тіл, жазу, рухани тұтастық, жеке тұлғаның тарихтағы ролі, елдің ішкі-сыртқы бәсекеге қабілеттілігі мәселелерін жатқызамыз.

Біздің Отанымыздың тарихы ежелгі қазақ жерінде адам баласы пайда болғаннан, яғни 1 млн. жыл бұрын басталған. Ал алғашқы мемлекет ж.с.д. І мыңжылдық ортасында құрылды. Содан кейінгі 20 ғасыр ішінде Ұлы далада кем дегенде 20 мемлекет ғұмыр кешкен екен. Бұлардың құрылымында, елді басқару әдіс-тәсілінде, тіпті заңнамаларында ұқсастық пен сабақтастық аз емес. Ұлттық тарихымызда айтарлықтай ізін қалдырғанына қоса, Қазақ хандығының пайда болуына берік іргетас қалады. Әсілі, жалғастық пен сабақтастық бар қоғамда ғана ілгерілеуге жол ашылады.

Мемлекеттің әлеуметтік негізі – халық, материалдық негізі – жер, саяси тірегі – билік пен заң екенін арғы қазақтар сақ заманынан терең ұғынған. Тұмар ханымның парсы билеушісі Кирді ойсырата жеңуі, хұн тәңірқұты Мөденің Хань патшалығымен қырқысуы – бәрі ұлтарақтай жерді жауына бермеу мақсатын көздеді.

Мемлекеттің мәні мен тірегі жер, халық, билік екенін Күлтегін ескерткішіндегі:

  Жоғарыда көк тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда,

Екеуінің арасында адам баласы,

  Адам баласын басқаруға ата-бабам жаралды, –

деген жолдардан көру қиын емес.

Ал VII ғасыр ортасында Түркі халқы Қытайға бағынышты күйге түскені белгілі. Сонда неден айрылдық дегенде тағы да жер, халық, билік алдымен ауызға алынады:

Түркі халқы елдігінен жойылды,

   Қағандығынан айрылды.

  Табғаш халқына бек ұлдары

  Құл болды,

  Сұлу қыздары күң болды.

Арғы бабаларымыз төл тарихын дәуірлеудің өлшеміне де мемлекетінің бар-жоғын бірінші кезекке қойыпты. Мәселен, байырғы түркі жазуларына зер сала оқысақ, қағанат тарихын төрт дәуірге бөлгенін байқаймыз. Бірінші дәуір – түркі халқы мен мемлекеті пайда болғанға дейін; екінші дәуір – қағанат құрылғаннан табғаштарға тәуелдікке түскенге дейін; үшінші дәуір – табғаш билігінде жүрген жылдар; төртінші дәуір – табғаш бұғауынан шығып, түркі мемлекеттілігі мейлінше күшейген заман.

Мемлекет пен оның азаматтарына ең керек құндылық – азаттық. Қазақ хандығы құрылғанға дейін де азаттықты сақтаудың басты шарты ретінде билік пен билеушінің біліктілігі, халықтың бірлігі мен ынтымағы, ел мен жерді қорғауға қабілетті қарулы күштердің сақадай сай тұруы ұлықталды. Мемлекеттің астанасына айрықша мән берілді. «Өтікен қойнауында отырсаң, – делінген Күлтегін ескерткішінде, – мәңгі елдігіңді сақтайсың». Біздің ойымызша, түркілік «Мәңгі Ел» идеясының астанамен байланыста дүниеге келуі қалыптасқан мемлекетте ғана мүмкін құбылыс.

Сонымен, түйіп айтар болсақ, Қазақ хандығының тарихи тамырлары тереңде жатыр. Оны XV ғасырдағы, тіпті оның алдындағы үдерістермен шектеу методологиялық қисынсыз әрі ғылыми танымға қиянат. Қазақ хандығы тарих сахнасына шыққан тағдыранықтағыш сәттің, айрықша серпілістің мәнді белгілерін тани білудің мәні зор екенін жоққа шығармаймыз. Дегенмен нағыз ғылыми танымға обьективтілік, жүйелілік, даму ұстанымдарына жүгіну жарасқан. Оның үстіне Қазақ хандығының тарихын Орда-Ежен алғашқы ханы (ХІІІ ғ.) болған Ақ Ордадан, Орыс ханнан (ХІV ғ.) бастауды дәйектеген зерттеулер жарық көргені және бар.

Біздің ойымызша, мәселенің тап осылай қойылуы теориялық-методологиялық тұрғыдан дәйексіз әрі ұлттық мемлекетіміздің қадірін ашатындай ақиқатқа апаратын ұмтылыс емес. Өйткені Ақ Орда империялық дағдарысы асқынған Алтын Ордадан бөлініп шыққанымен өзінің, халқының тәуелсіздігін қорғай алмады, бірде Тоқтамысқа, бірде Ақсақ Темірге, бірде Әбілқайырға бағынышты күн кешіп, мемлекеттік шекарасы қалыптаспай, этникалық тұтасуы аяқталмай, тарих сахнасынан түсіп қалған саяси құрылым. Бұл – бір.

Екіншіден, қазақ халқы, ең бастысы – тілі ХІІІ ғасырда да, ХІV ғасырда да қалыптасып біткен жоқ. Ұлты қалыптаспаған жағдайда ұлттық мемлекеттің шаңырақ көтеруі мүмкін емес қой.

Үшіншіден, егер Ақ Орданың географиялық-аумақтық орналасуы бір замандарда қазіргі Қазақстан жерін алып жатқан еді, билік басында Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек сұлтандардың арғы аталары отырды ғой деген тұжырымдарды басшылыққа алатын болсақ, хандығымыздың тарихын бірден Жошы ұлысынан бастауымызға тура келеді. Бұл Шыңғыс ханның Қазақстанды жаулауын, қазақ этногенезін тежегенін ақтау деген сөз. Ал мұндай ұстаным орныға қалса, моңғол шапқыншылығынан әріде бастау алған тарихи сабақтастықты жоққа шығаратыны өз алдына, ол сақ-үйсін, байырғы түркі, оғыз-қыпшақ мемлекеттерінің ұлттық тарихымыздағы мән-маңызын екінші қатарға ысырғанмен пара-пар.

Төртіншіден, Ақ Орданы алғашқы қазақ мемлекеті ретінде қабылдау ұлт тарихындағы Ноғай ордасының, Моғолстанның орнын елемеуге соқтырады. Могулдардың түркілік тегін, ру-тайпалық құрамы Ұлы жүз бен Орта жүздің тарихында айрықша орын алатынын білімпаз шығыстанушы В.П. Юдин бай деректік негізде дәйектеген болатын. Қазақ хандығы құрылмай тұрғанда-ақ Ақ Орда өмір сүруін тоқтатса, Ноғай ордасы мен Моғолстан Қазақ хандығымен бірде табысып, бірде шабысып, ХVІІ ғасырға дейін мемлекеттігіміздің тағдырына тікелей әсер ете алды. Әрі-беріден кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандарға хандықты құруға жер бөліп берген Моғолстан билеушісі емес пе?

Бесіншіден, ұлттық тарихымызда Қазақ хандығының алар орны ерекше екенін Шоқан да қолдаған еді. «…Предание киргиз считает своим ханом  Джанибека, сына Барака, - дейдіол. - Во всяком случае, по преданию, Джанибек был первым ханом казаков из фамилии Джучи-хана… Время управления Джанибека, когда две родные орды ногаев и казаков жили вместе, воспевается в киргизских поэмах, как золотой век. К этому времени принадлежит большая часть преданий, нравственные изречения Джиренчи-Чечена (мудрого), Аз-Джанибека и ногайского философа Асана Горемычного (Асан-Кайгы) употребляются степняками до сих пор».

Сонымен, ХV ғасырдың екінші жартысында (1465 ж.) Қазақ хандығы Еуразияның сайын даласында кем дегенде екі мыңжылдық тарихты артта қалдырған мемлекеттер мен халықтардың өміршең жиған-тергенін, мәнді белгілерін, қағидаларын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қабылдай, бойына сіңіре, жетілдіре жалғастырып, өзіне ғана тән қадір-қасиетімен, даралануымен алғашқы қадамын жасады. Әлемдік тарих кеңістігі көгінде жаңа жұлдыз жанды. 

2.  Хандық дәуір сатылары

Қазақ хандығы алғашқыда орталықтанған, кейін әр жүздің ғана басын қосқан, соңында бытыраңқы, өңірлік шектеулі, ресми мойындалмаған құрылым мәртебесімен 382 жыл (1465-1847) өмір сүрді. Өзінің және азаматтарының егемендігін сақтау қабілет қарымын, ішкі-сыртқы саясатының замана сын-қатеріне төтеп бере алуын, ұлттық қауіпсіздікті тиісті дәрежеде қамтамасыз етуін ескере отырып, хандық дәуір екі сатыдан тұрады деп есептейміз.

Қазақ хандығы шаңырақ көтерген шақта әлем ортағасырлардың соңғы дәуіріне аяқ басып, іргелес Мәскеу мемлекеті мен Қытай мейлінше күшейе түсті. 1453 жылдан Осман империясының тарихы басталды. Батыс Еуропа қайта өрлеу қарсаңында тұрды. Бабаларымызға ақылмен, қайратпен, жүрекпен болашаққа жол салуға тура келді. 

Бабаларының тәжірибесі мен тағылымын бойына жия дүниеге келген сәтінен хандық төл тарихының классикалық ғасырларын бастап кетті. Классикалық саты үш ғасырға жуық созылып, 1715 жылы Тәуке ханның қайтпас сапарға аттануымен аяқталды.

Осынау заманды классикалық деп айдарлауымыздың бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қазақ хандығы бір сәтке тәуелсіздігінен айрылған жоқ. Тіпті, ХVІ ғасырдың жазба дерегі «Бадаи ал-Вакаи» қазақтар елін «Қазақстан» деп атағаны хандықтың нығайғанын көрсетсе керек. Ел басына күн туған сәттер аз емес еді. Жоңғар мен қытай да, қырғыз бен өзбек те, орыс пен қалмақ та қазақ жеріне тамсана қараумен болды. Бірақ олар, Күлтегін жазуында айтылғандай, «игі, білгіш кісілерді, игі, батыл кісілерді қозғалта алмады. Бір кісі жаңылса, рухы, халқы тұқымына дейін қалмас еді». Әрине, Қазақ хандығының күшеюіне көрші мемлекеттердің ішіндегі алауыздық, өзара қырқысулар, мәселен, шейбанидтердің, аштарханидтердің, Ноғай ордасындағылардың билік үшін таласы себеп болғанын да ескеруіміз керек.

Екіншіден, тәуелсіздіктің арқасында қазақ халқының қалыптасуы түпкілікті аяқталды. Қилы тағдырмен қазақтар құрамына кірген түркілік, түркілік емес тайпалар тегіс қазақтанып кетті. Қазақтың тілі, мінезі, әдет-ғұрпы, ру-тайпалық құрылымы, ойындары, этнопедагогикасы, философиясы, өнері, болмыс-бітімі дараланғаны - тап осы тұс.

Үшіншіден, күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған билеушілер мен саны үздіксіз өскен халық ұлан-ғайыр жерін анықтап, шекараларын бекемдеді, Қазақ хандығы халықаралық субъект дәрежесіне көтерілді. А.Левшин, Ш.Уәлиханов, Т.Шонанұлы зерттеулерінде ХVІ ғасырда-ақ қазақтар қазіргі Қазақстан аумағын қоныстанып отырғаны дәйектелген. Ал ортағасырлық Шығыс қолжазбаларында Қазақ хандығының Өзбектермен, Ресеймен, Ауғанстанмен, Иранмен, Индиямен, Түркиямен саяси және сауда-саттық байланыстар орнатқанынан деректер молынан кездеседі.

Төртіншіден, билік жүйесі тармақталып, заң шығару, атқару және сот салалары нақты орнықты. Мемлекеттік биліктің бір адам қолында немесе жалғыз әкімшілік құзырында шоғырлануына жол бермейтін тетіктер мүдіріссіз жұмыс істеп тұрды. Билер институты шешімінің хан жарлығымен бірдей дәрежеде атқарылғаны осыған айғақ болса керек. Хандықты басқарушылардың әлеуметтік иерархиясында ханнан басқа билер, сұлтандар, батырлар, тархандар, қожалар, ақсақалдар жайғасты. ДәстүрлібиліктіңшетжағасынғанакөріпқалғанА.Левшинніңтаңданысынжасыраалмай: «Все соседи киргиз-казаков управляются или монархическим или  деспотическим правлением, все родственные им народы живут в рабстве, достойном сожаления, а они почти совсем не знают подчиненности, у них не существуют даже ни имя подданого, ни имя владельца. Явление очень любопытное для политиков!», депжазғаны бар.

Бесіншіден, мемлекет пен құқық қарым-қатынасы реттеліп, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысы», ислам дінінің гуманизмге толы қағидалары хандық өмірін дала демократиясының арнасына түсірді. Азаматтық, қаржылық, отбасылық, қылмыстық құқықтардың алғашқы үлгілері мен баптары классикалық заман үшін беймәлім емес еді. Адамның өмірі, бостандығы мен бас еркі дала демократиясының өзегін құрады. А.Левшинніңжазуынша, «было время, говорят благоразумнейшие из киргизов Меньшей орды, когда и наш народ  жил в покое, было время, когда и у нас существовал порядок, были законы и правосудие. Сей золотой век, о котором вспоминают они со вздохами, есть царствование знаменитого Тявки, который, если верить преданиям, был действительно в своем роде гений, и в летописях казачьих должен стоят наряду с солонами и ликургами. Усмирив волновавшие долго роды и поколения, он не только ввел в них устройство, порядок, но и дал им многие законы».

Алтыншыдан, мемлекет, құқық және азаматтар арасындағы ақниет ізгілік пен дала демократиясы қоғамның тұрақты да күш жинай дамуына жол ашты. Айталық, классикалық 250 жыл ішінде 17 қазақ ханы билік басында отырған екен, яғни әрқайсысына орта есеппен 14-15 жылдан келеді. Осындайда Платон айтқан: ел басқарушының жасы 50 мен 70-тің арасы болуы керек, әрі ол 20 жылдан артық билік басында отырмағаны жөн, деген қағида еске түседі.

Әрине, бұл утопистер мен марксистер армандағандай әлеуметтік біртекті, қауымдар мен азаматтар арасында сыйластық пен үйлесім толық салтанат құрған, «әркімге еңбегіне қарай, әркімнен қабілетіне қарай» материалдық игілікті теңдей бөлген қоғам еместін. Қайшылығы билік төңірегіндегі қақтығыстардан көрініс беретін. Әйтпесе, Марғасқа жыраудан (ХҮІІ ғ.) қалған:

Ей, қатағанның хан Тұрсын,

Кім арамды ант ұрсын,

Жазықсыз елді еңіретіп,

Жер тәңірісіп жатырсың,

Хан емессің, қасқырсың,

Қара албасты басқырсың,

Алтын тақта жатсаң да,

Ажалыжеткенпақырсың

Еңсегей бойлы Ер Есім

Есігіңде келіп тұр:

Алғалы тұр жаныңды,

Шашқалы тұр қаныңды! –

дегенжолдарбүгінгежетермееді. Ауыз әдебиетінде сақталып қалған осынау қақтығыс тарихы жазба деректермен дәлелденіп отыр: 1627 жылы Есім хан Ташкентті билеп тұрған Тұрсын ханның басын алады. Бірақ, тұтастай алғанда, Қазақ хандығы сыртқы жауларына дес бермегені, ел ішінде қоғамдық келісімді, халықтың егемендігін, биліктің тепе-теңдігін сақтай алғаны ақиқат. 

Қазақ халқы мен билеушілерінің серпінді дамумен классикалық сатыда қол жеткізген ірі жетістігі - бәсекеге қабілетті қоғам түзе алғаны. Ортағасырлардағы Қазақ хандығы алыс-жақын көршілерімен аз соғысқан жоқ. Соның бәріне төтеп бергені экономикалық, саяси, интеллектуалдық, рухани, демографиялық әлеуетінің биік деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Ал, ол алда тосып тұрған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада», орыспен, қытаймен, ортаазиялық билеушілермен тайталасқан, егескен жылдарда өзін ақтады.

Қазақ хандығының шаңырақ көтеруі – халқымыздың тарихы мен тағдырындағы ұлы бетбұрыс. Ал оның нығая өркендеуі Еуразия болашағына пәрменді әсер етті. Сол ілгерілеу мен мақтаныш ұлттық санамызға өшпестей жазылғаны соншалық, тәуелсіздік тұсында хандар мен билерге, батырлар мен сұлтандарға құрметіміз жаңа серпінмен сыртқа шықты. «Мәңгілік Ел» идеясының өміршеңдігіне бұл да бір айғақ-дәлел екені сөзсіз.

Тәуке ханның дүниеден озуымен Қазақ хандығы өз тарихының екінші сатысына аяқ басты. Оны сындарлы (критический) саты деп айдарладық. Хронологиялық шеңбері 1715-1847 жылдар, яғни Кенесары ханның қасіретімен тұйықталады. Соның алдында ғана 1801 жылы Павел І жарлығымен құрылған Бөкей хандығы тарқатылған (1845 ж.) болатын.

ХҮІІІ ғасыр қазақтың «Елім-айлаған» ғасыры. Шоқан ол ғасырды «қанды қырғын» («кровавый»), «жантүршігерлік» («ужасный»), «жаугершілік» («рыцарство») ғасыры деп сипаттаған еді. ХІХ ғасыр «Зар заман» атанды. Ел басына туған сын сағаты ХІХ ғасырдың ортасына қарай хандықтың біржолата жойылуымен аяқталды.

Тәуелсіздігімізден, елдігімізден айрыла бастауымыздың құпиясы жүзге бөлінуде де емес, жоңғармен соғыста да емес. Бар пәле технологиялық дамудың жалынан ұстай алмағанымызда,  ындыны бұзық еуропалықтардың от қаруын иеленгенінде жатыр. ХҮІІІ ғасырда Ресейдің артиллериясы, Англияның кемесі қылыш пен найзаға әмбебап «батыр бір оқтық» екенін алдыға тосты.

Қалай десек те, 1723 жылғы апат, 1731, 1740 жылдарда Кіші жүз бен Орта жүздің Ресейге бодандықты қабылдауы, отарлаушылардың Атырау мен Арқаға, Алтайға сұғына кіруі, Ресей мен Қытайдың «бөліп ал да, билей бер» саясатын жымысқылықпен жүзеге асыруы – бәрі классикалық заманауи құндылықтардың іргесін шайқады. Сол тұста тарих сахнасына шыққан Абылай тәуелсіздікті сақтап қалудың басты шарттарының бірі хандық билік тізгінін нық ұстау деп білді. Шынында да, Ұлы даланың шаңырағын шайқаған «Ақтабан шұбырындыдан» кейін күшті хандық биліксіз қазақтың ел болуы екіталай еді. Әйгілі билеуші мақсатқа жету үшін барын салды. Шоқан Уәлиханов жазғандай, қазақтың ешбір ханы Абылай сияқты шексіз билік құзіретіне ие болған емес.

Абылайдың ана сүтімен дарыған, қатыгез ғасыр шыңдаған мемлекетшілдігі жоңғарлар талқандалғаннан кейін Алтай, Жетісу үшін Қытаймен теке-тірес кезінде толығымен ақталды. Ал  қарсылас осал емес еді. Біріншіден, Қазақ елін өзіне қарату ниетін бірде ашық, бірде жасырын білдіріп жатты. Екіншіден, жоңғарлардан босаған жер бұрынғы иесі – қазақтарға қайтарылмайтынына сенімді болатын.

Мемлекетшіл тұлға Абылай бір орталыққа бағынған хандық құруды аңсады. 1771 жылы хан сайлануымен Орта жүз бен Ұлы жүз аймақтарында осынау ұлы идеяны бірсыдырғы жүзеге асырды да. Заң шығару, атқару, сот билігін қолына шоғырландыруға тырысқаны рас. Ал бұл әлемдік-тарихи маңызы бар талпыныс ретінде бағалануы керек. Көшпелі өмір салтындағы халықтар темірдей тәртіппен орталықтанған мемлекет құра алатынын ХІІІ ғасырда Шыңғыс хан көрсетсе, отырықшы халықтың капиталистік қатынастарға аяқ басқанда да саяси бытыраңқылықтан шығуы оңай еместігін XVІІІ ғасырдағы Германия тағдыры дәлелдеді. Мұнда 300-ден астам князьдық бар еді.

 Абылай тұсындағы Қазақ хандығын мәні мен мазмұны бойынша жаңғыру әлеуетінен айрылған дәстүрлі құрылым деп атаған жөн болар. Оның орталықтанбау негізінде іргелес алпауыт елдердің қысымы, содан туындаған әлеуметтік-экономикалық факторлар жатыр. Өнеркәсіптік өндіріс бой көтермегендіктен әрі ұлттық валюта қабылданбағандықтан елдің ішкі нарығы әлжуаз күйде қалды, яғни өңірлер мен аймақтардың өзара араласуы және жақындасуы тұрақтанбады. Әйтпесе қағаз, сия тәрізді ұсақ-түйекті хан басымен сырттан сұрар ма еді. Алым-салық реттелмей, мемлекеттік бюджет те түзілмеді. Соғыстан түскен олжа мемлекеттің байлығын, экономикалық негізін нығайтуға қызмет етпеді, сауғаға кетті.  Бұл да билікті орталықтандыруға септеспеді.

Бір орталыққа бағынған мемлекеттің қалыптаспағаны Абылайдың жанын күйзелтті, саяси драмасына айналды. Бұл оғлан кезіндегі драмадан – Сарыарқада сандалғаннан әлде-қайда ауыр әрі салдары да салмақты еді. Мәселен,  Қытай елшісінің 1757 жылғы күзде жазған мына мәліметінен біраз жайды ұғынуға болады: «Қазақтардың малы көп, бай тұрады, – делінген деректе. – Дегенмен, олар өзара тым берекелі емес. Ал Абылай болса, ол әрқашан әлгі қазақтардың мінез-құлықтарына бойсынып, солардың ыңғайларына қарай іс басқарады екен. Ол маған бірнеше мәрте: «Мен сендердің басқару жүйелеріңе өте қызығамын. Бірақ қазағым өз мінез-құлқынан айырыла алмас, оған амал қанша – маңқа ақты деп мұрныңды кесіп тастамайсың ғой», дегенді айтты». 

Жоңғарлар талқандалғаннан соң араға 7-8 жыл салып Абылай қырғызбен және қоқанмен соғысты. Ол қазақ жерін сақтаудан, сауда-керуен жолдарын бақылауда ұстаудан туындай қалғаннан гөрі орталықтанған билікті орнатуды аңсайтын саяси драманың жемісі еді.

 XIX ғасырда 40 жыл өмір сүрген Бөкей хандығы да, 10 жыл Ресей отарлаушыларымен айқасқан Кенесары да қазақ қоғамын «қой үстіне бозторғай жүмыртқалаған» биікке көтере алмады. Шынайы азаттық халықтың бостандығы, жерге иелік, саяси еркіндік екенін хан Кене тереңнен ұққанын Ресей патшасы Николай 1-іншіге жазған хатынан байқаймыз. “... Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта, - делінген хатта, – халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады; біздің жұртымызға ешқандайда салық салынған жоқ. Ал онда кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып, Сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның нәтижесінде менің Абылай атама қарасты жерлерге сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, Ұлы мәртебелім, Сізге өтініш айтуға өзімізді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрыңғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын”.

Әрине, талап орындалмады. Өлкеде отарлаумен асқынған дағдарыс әр қырымен көрініс береді. Біріншіден, қазақ хандығы унитарлы тұтастығынан айрылды. Екіншіден, бір орталыққа бағынған билік жүйесі ыдырады. Үшіншіден, ұлттық экономикаға, әлеуметтік ұйымдасуға, қоғамдық-саяси қатынастарға тән табиғи-ырғақты даму заңдылықтары зорлықпен өрескел бұзылды. Төртіншіден, Марғасқа жырау айыптаған билікішілік талас енді билік пен халық арасының алшақтауымен толықты. Сырым Датұлы, Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістер сындарлы сатыдағы хандықтың болашағы бұлыңғыр тартқанын айғақтайды. Жанақ ақынның (1770-1856) Рүстем төреге айтқан айыптаулары біздің ой-тұжырымымызды қуаттай түседі:

Хан түңілді бұл күнде халықтан да,

Ханнанмүлдехалық та жалыққанба?!

Халық – дария, хан – балықемеспееді?

Судан шықсажанкетербалықтан да.

Ханнанқайрат, байынанқайыркетіп,

Телміргентеңдігіжоқ ел болғанкез.

Қайғың – азық, ермегің – шерболғанкез.

Елменараз, татуыңбірболғанкез.

Жуан қамшы той бастаркөсемболды,

Елірмеліекіестішешенболды,

Би кеттімалдылардыңайтағында,

Пәлендімұқатыпбердесеңболды.

Қысқасы, хандық пен тәуелсіздіктің тағдыры бәске түсті. «Ақтабан шұбырынды» қасіретімен қазақ халқы жер бетінен жоқ болып кетуге шақ қалды. Үштен екісі қырылды, жүздеген мыңы көрші мемлекеттерге босып, егемендігінен айрылды, ассимиляцияланды. Бірнеше ұрпақ ақыл-қайратпен жинаған жер Абылай ханның дүниеден озуымен талапайға ұшырап, шекара бұзылды. Кедейшілік жайлады. Соңғы хан Кенесары опат болғаннан кейінгі 70 жыл бойы қазақ халқы қорғансыздың күнін кешті.

АБЖАНОВ Х.М.

Директор Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова

Истоки и исторические периоды Казахского ханства

Аннотация

В данной статье автор на основе первоисточников показывает источники и исторические периоды создания и развития Казахского ханства, а также рассматривает вопросы возникновения казахской государственности  и  государственной  власти. Автор считает  самыми важными  ценностями  государства  и его граждан  -  свободу, независимость. В связи с этим тюркская идея «Мәңгілік ел» может быть воссоздана только в состоявшемся государстве. Укрепление государственности тесно связано с такими историческими личностями  степи как Абылай хан.

ABZHANOV KH.M.

Director of the Institute of History and Ethnology

named after Ch.Ch.Valikhanov

The Origins and Historical Periods of the Kazakh Khanate

Annotation

In this article the author based on primary sources shows the origins and historical periods of formation and development of the Kazakh Khanate, and considers the emergence of the Kazakh statehood and government.

The author believes that the most important values of the state and its citizens are freedom and independence. In this connection the Turkic idea of ‘ManghilikYel’ can be reconstituted only in successful state. Strengthening of the statehood is closely related to such historical figures of the Steppe as Abylai Khan. 


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз