Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 03.20.00 АЛАШ АРДАҚТЫСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ ТУРАСЫНДАҒЫ ОЙЛАРЫ

О.Х. Мұхатова¹. ¹Т.ғ.д., профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының БҒҚ. Қазақстан, Алматы қ.

ҒТАМР 03.20.00 АЛАШ АРДАҚТЫСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ ТУРАСЫНДАҒЫ ОЙЛАРЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(24) қазан-желтоқсан, 2020

Тегтер: мұғалім, ағарту, Сейітов, Асылбек, талдау, деректанулық, беру, білім, өкіметі, Кеңес, пәнаралық, байланыс, тәжірибе.
Аңдатпа:
Аңдатпа. Мақалада Қазақ еліне адал еңбек еткен, «Алаш» қайраткері, дәрігер Асылбек Сейітовтің «Ағарту жолында не шара қолдануымыз керек (Жазды күнгі оқытушылар курсы ашылар алдында)» атты мақаласы талданады. Автор деректанудың әдістемесін және әдістерін пайдалана отырып аталған еңбектің мазмұнын талдап, маңызын анықтайды. Тарихи деректің пайда болуын, репрезентативтілігін, фактілерінің шынайылық дәрежесін анықтайды. Асылбек Жұманұлының кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы Қазақстандағы білім беру бағдарламасы жөніндегі пікірлері большевиктік биліктің ерешеліктерімен байланыстырыла көрсетіледі. Асылбектің қабылданған бағдарламалардың әрқайсысына тоқталып, олардың білім алудағы ұтымды тұстары бойынша жасаған тұжырымдары талданады. Мұғалімдердің міндеттері, біліктіліктерін көтерудің қажеттілігі, білім берудегі пәнаралық байланыстар, өлкетануды оқытудың маңызы турасындағы ойлары сараланып, баға беріледі. Алаш ардақтысының оқушының алған білімін тәжірибемен ұштастыру жөніндегі пікірлеріне ерекше назар аударылады. А. Сейітовтің жаратылыстану пәндерін оқытуға баса назар аударылуы тиістігі төңірегіндегі ойлары талданады. Пәндерді оқытуда қазақ халқының рухани мұрасын, солардың арасында ауызша деректерді кеңінен пайдалану қажеттілігі туралы пікірлері айқындалады.
Мазмұны:

Кіріспе. Білім беру деңгейі – экономикалық және ғылыми техникалық прогрестің ең негізгі көрсеткіші екені белгілі. Ол – мемлекет пен қоғамның табысты дамуының кепілі. Білім беруде артта қалушылық мемлекеттің бәсекелестік қабілеті мен ұлттың болашағына ықпалын тигізері сөзсіз. Сондықтан да білім беру және оны заманауи талаптарына сәйкес жүргізу үшін жаңа технологиялармен қатар өткен уақыттардағы тәжірибенің озық тұстарын пайдалану маңызды. Осы орайда ұлт зиялыларының ағарту саласындағы көзқарастарын зерделеу көкейкесті болып табылады. Өз кезегінде Алаш ардақтылары кеңестік билікті мойындамаса да халқының болашағына алаңдап, ұрпағының білімді болуына баса назар аударды. Өздері мұғалім болмаса да оқулықтар мен оқу құралдарын дайындады, дәрістер оқыды, ақыл-кеңестерін берді. Солардың бірі – Асылбек Сейітов. Кәсібі жағынан дәрігер абзал азамат білім беруге тікелей қатысты бірнеше мақалалар жазып, мерзімді басылым беттерінде жариялаған. 1925 жылы Семейде қоғамдық-саяси, экономикалық, ғылыми-педагогикалық және әдеби-өлкетанулық «Таң» журналы шығып тұрды. Оның құрылтайшылары Семей губерниялық партия, атқару және кәсіподақ комитеттері еді. Журналдың небәрі төрт-ақ саны шықты, солардың барлығында дерлік Асылбектің ұрпақтың денсаулығы және тәрбиесі туралы, халықтың мұң-мұқтажын қозғайтын мақалалары жарияланды. Сол еңбектер күні бүгінге дейін өздерінің мәні мен маңызын жоймай келеді. Білім беру және оны жақсарту турасындағы пікірлері қазіргі уақытта көкейкесті болып саналады.

Материалдар мен әдістер.Асылбек Сейітовтің өз қолымен жазған еңбектері бірлі-жарымы болмаса, сақталмаған. Оның себептері де жеткілікті: біріншіден, Асылбек Жұманұлы Сейітов қамауға алынған кезде оның барлық құжаттары мен жеке заттары жоғалып кеткен. Екіншіден, «халық жауы» ретінде атылған азаматтың ұзақ жылдар бойы есімін атау мүмкін болмады. Үшіншіден, Асылбектің өмірі мен қызметіне байланысты деректерді жинақтатын туысқандары да қуғын-сүргінге ұшырап, өмірден ерте озды. Бірқатар материалдар мен құжаттар қызы Розаның, одан кейін Клара Асылбекқызының табандылықтары арқасында жинақталып, сақталды. Соның нәтижесінде Алматы қаласы мемлекеттік архивіне (ГАгА, 2002) өткізілді. Архивте Алаш ардақтысының жеке қоры құрылды. Студент кезінде жазған «Оқушыларға жәрдем жәмиғаты» (Қазақ, 2014) атты мақаласында қазақ балаларының білім алуына көмек беру үшін жәмиғат ашу қажет екендігін сөз еткен. Ал біз талдап отырған мақаласының көшірмесі Клара Асылбекқызының жеке архивінде сақтаулы. Асылбектің «Таң» газетінде жарияланған еңбектерінің бірі «Ағарту жолында не шара қолдануымыз керек (Жазды күнгі оқытушылар курсы ашылар алдында)» деп аталады. Мақала соңында Асылбек Сейітов өзінің аты-жөнін толық көрсетпей А.С. деп бүркеншік есіммен берген. Мақала араб қарпінен кириллицаға аударылған қолжазба түрінде Асылбек Жұманұлының қызы Клара Сейітованың жеке архивінде сақталған (Сеитова) Кириллицаға көшіріп жазған – Маһисәруар, өкінішке орай тегін көрсетпеген. Мақаланың тарихи маңызымен қатар білім беру саласын дамытудағы мәні зор.

А. Сейітовтың қызметі, өмірі туралы зерттеулер өткен ғасырдың 70 жылдарында басталды. Зерттеулердің басым бөлігі қайраткердің медициналық қызметі мен саяси қызметіне арналған. Зерттеулер өте аз десек болады, олардың басым көпшілігі бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде жарияланған. Сондай еңбектерді шартты түрде екіге бөлуг болады: бірі - Асылбек Сейітов туралы және екіншісі – қызы Клара Сейітованың естеліктері. Дегенмен Асылбектің аты-жөні қазан төңкерісінен кейінгі алғашқы жылдары Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» (Сейфуллин, 1977) заманхатында аталды.

Алғашқы зерттеулер – 1992-2002 жылдар аралығында жарық көрген мақалалар. Алғаш рет Асылбек туралы Л. Власовтың «Анна Портнягина» (Власов, 1992) атты 1992 жылы «Простор» журналында жарияланған мақаласында айтылды. Бұл есімі ақталған Алаш арысы турасындағы тұңғыш еңбек еді. Ұзақ жылдар бойы есімдерін ауызға алуға тиым салынған Алаш қайраткерлерінің есімдері елге қайтарылып, халқына еткен еңбектері айтыла бастаған кез Ұлы Дала Елінің тәуелсіздік алуымен тығыз байланысты болатын. Қазақстан өзіндік ерекшеліктер мен өзіндік ұстанымдары бар дербес мемлекетке айналған тұста Асылбек Сейітовті танытатын кішігірім еңбектер жарық көрді. Солардың қатарында Клара Сейітованың бірқатар жарияланымдары мен сұхбаттары (Сеитова, 1997), Н. Байсақалдың (Байсақал, 2002) Д. Әбіловтің (Әбілов, 2001), О.Х. Мұхатованың мақалалары және монографиясы (Мұхатова, 2018) бар. Бұл еңбектердің барлығы Алаш ардақтысының ғұмыры мен қызметін зерделеуге қосылған үлес болды. Айта кетерлік бір жайт, Асылбек туралы жарияланым авторларының барлығы дерлік журналистер. Оған дәлел – Г. Нагиметовтың «Жизнь, отданная народу» (Нагиметов, 1987), К. Лавровтың «Врач с большой буквы»(Лавров, 1999), М. Сәрсекенің «М. Асылбек Сейітов кім болған?» (Сәрсеке, 2001) тақырыптарындағы жергілікті баспасөз беттеріндегі мақалалары. Медеу Сәрсекенің «Асылбек Сейітов кім болған?» атты көлемді еңбегі жазықсыз жазаның құрбаны Асылбек туралы ең алғашқы біршама көлемді зерттеу болып табылады. Алматы қалалық Орталық мемлекеттік архиві ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің бастығы М. Тахаеваның «Дәрігер жазбалары» атты тезисінде Асылбек Сейітовтің жеке қоры туралы айтылған.

Отандық тарихнамада «Асылбек Сеитов: патриот, общественный деятель, ученый. Сборник статей и архивных материалов, посвященный деятельности выдающегося алашского деятеля Асылбека Жумановича Сеитова (1894-1937 гг.)» атты жинақ (Сеитов, 2013) айтарлықтай орын алады. Өйткені жинаққа Асылбек Сейітовтің өмірі мен қызметіне қатысты бірқатар архив құжаттары, сондай-ақ мақалалар топтастырылған. Деректерді жинақтап, редакциясын басқарған республикаға танымал тарихшы-ғалым З. Кабулдинов. Еңбектің Асылбек Жұманұлының ғұмырнамасын зерттеудегі маңызы зор.

Алайда «Ағарту жолында не шара қолдануымыз керек» еңбегін талдауға арналған зерттеулер жоқтың қасы.

Зерттеу жүргізудің негізі болып деректану мәселелерін дамытуды зерделейтін заманауи идеялар мен ғылыми тұжырымдамалар табылды. Зерттеудің методологиялық негізіне деректерді адамның, тұлғаның өзіндік шығарамашылық әлеуетін және ақпараттық қорын материалдық түрде іске асыратын, мәдени нысан ретінде зерттейтін феноменологиялық тұжырымдама алынды. Зерттеу барысында деректану ғылымының тарихилық, объективтілік және әлеуметтік таным принциптері басшылыққа алынды. Бұл қағидалар тарихи деректің пайда болуының тарихи жағдайларын, дерек авторының ұстанымдарын анықтауда, ой-пікірлері мен тұжырымдарына баға беруде қолданылды. Автор Алаш қайраткерінің еңбегін талдауда деректанудың әдістемесі мен әдістерін пайдаланды. Солардың ішінде деректің пайда болуы объективтілігін анықтау, мәтіндік талдау, деректанулық талдау, деректің шынайылық дәрежесін анықтау, дерек фактісінің маңызын бағалау әдістері қолданылды. Тарихи деректерді өткен кезең туралы мәліметтерді тасушы ретінде, ондағы объективтілік пен субъективтіліктің байланысы, тарихи фактінің шынайылығын анықтау, деректердің түрлері мен мазмұны, олармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері қоса пайдаланылды.

Талдау. Асылбек Сейітовтің өмірбаянынан. Асылбек Жұманұлы Сейітов 1894 жылы 22 қаңтарда Омбы генерал-губернаторы жанындағы кеңсе тілмашының отбасында дүниеге келген. Алайда Асылбек өзін мұғалім отбасында туылдым деп көрсеткен. Алдымен шіркеу-приход, содан соң Омбы классикалық ерлер гимназиясында білім алған. Гимназияны 1911 жылы тәмамдап, сол жылы Том мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түскен. 1916 жылы университетті үздік бітірген Асылбек елге қайта оралып, Баянауылдағы казак станицасы дәрігері қызметіне орналасты. 1917 жылы Орынбор қаласында өткізілген І - жалпықазақ съезіне делегат болып сайланған. 1917 жылдың желтоқсан айында Орынборда ІІ жалпықазақ съезі өткізіліп, Алашорда үкіметі құрылды. Омбыда Алашорда комитеті құрылып, оның құрамына Мағжан Жұмабай, Айдархан Тұрлыбай, Баймұхамбет Серкебай, Асылбек Сейітов, Мұсылманбек Сейітов, Асылбектің ағасы және тағы басқалар енгізілді. 1918 жылдың мамыр айында Омбыда Алаш партиясының тұғырнамасын қабылдаған «Бірлік» жастар ұйымы құрылды. Ұйым жетекшілерінің құрамына Асылбек және Мұсылманбек Сейітов енгізілді. Сол уақытта Семейде құрылған «Жас азамат» ұйымы құрылып, оның құрамына Мұратбек Сейітов (Асылбектің інісі) мүше болып кірді. А. Сейітов халықтық денсаулық саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. 1922 жылы А. Сейітовті Семейге губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырған. Мұнда ол 15 жыл бойы дәрігерлік қызметімен қоса қоғамдық жұмыстарға белесене араласқан. Губерниялық денсаулық сақтаудың меңгерушісі ретінде облыстың денсаулық сақтау саласында қыруар шаруа атқарды. 1937 жылдың маусымы мен 3 желтоқсан аралығы Асылбектің өмірі мен қызметіндегі ең қысқа кезең болды. Ол Қазақ денсаулық сақтау комиссариатына бөлім меңгерушісі болып қызметке шақырылды. Cол жылы Қазақ КСР Денсаулық сақтау халық комиссариатының жоспарлау-қаржылау бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. 1937 жылдың қараша айының соңында А. Сейітовке Алматы қаласындағы темекі фабрикасының жанындағы амбулатория базасында емхана ұйымдастыру жұмысы тапсырылды. Асылбек Сейітов өзіне жүктелген міндетті мерзімінен бұрын орындады. 1937 жылдың 25-қарашасында №5 емхана ашылып, оның бас дәрігері болып көпшіліктің бірауыздан қолдауымен Асылбек Сейітов тағайындалды. Алайда ол өз қолымен құрған емхананы бар болғаны 5-ақ күн басқарды. 1937 жылдың 3 желтоқсанында ол қамауға алынды. Асылбекке шығарылған үкім бойынша 10 жыл хат жазу қақынан, бас бостандығынан айырып, тоталитарлық жүйенің шеткері лагеріне жіберілген. Асылбек Сейітовті ату жазасына кескен «Үштіктің» шешімі бойынша оған «Алашорда» партиясының белсенді мүшесі, Кеңес аппаратын басып алу және орыстарды Қазақстаннан аластату жоспарларын талқылау жиындарына қатысушы, 1927 жылы Кеңес билігінің салықтық шараларын орындамаған, 1930-1933 жылы ауылда дәрігер болып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді, халық жауы Бөкейханов және т.б. байланыста болып, Қазақстандағы контрреволюциялық мәселелерді талқылады» деген айыптар тағылған. Осылайша Асылбек Сейітов жедел тұтқындалып, «халық жауы» деген жаламен 1937 жылы ату жазасына кесілді.

Дәрігер еңбегінің мазмұны. Тарихтан белгілі кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі кезеңде «қараңғы, артта қалған, жабайы халықты» социалистік құрылысқа тарту үшін үгіт-насихат жұмыстарын күшейтіп, сауатсыздыққа қарсы майдан ашты. Мұндай жұмыс ондаған жылдар бойы жүргізілді. Дегенмен кеңес өкіметі сауатсыздықпен күресеті өзі қиындатып жіберді. Қазақ халқының жазу-сызуын екі рет өзгертіп, сауаттыларды емес, сауатсыздарды көбейтіп отырды. Оның үстіне сауат ашуды жүргізетін мамандар, мұғалімдер жетіспеді. Аз уақыттың ішінде мұғалімдер, тәрбиешілерді даярлау міндеті туындады. Сол кезде 2-3 немесе 6 айлық курстар деген ұйымдастырылды. Асылбек Жұманұлы өзінің мақаласында осындай күрмеуі қиын күрделі мәселені көтерді. Тақырыбының өзектілігін автор былайша көрсетті: «Кеңестер өкіметі алдында ұлы қиын мәселенің бірі – елдің надандығын, қараңғылығын жою, сауатсыздықпен күресу, жеткіншек жастарды тәрбиелап жол үйретіп, ең пайдалы өнер техникасымен таныстырып, ел шаруасын, тұрмысын жөнге саларлық білім тәжірибемен таныстыру. Осы жолмен елге үлгі берерлік білімді шаруақор азаматтар тәрбиялап жетіктіру».

Мақаладан А. Сейітовтің жаңа биліктің мүддесінде қызметке араласуды мақсат еткендігі оның партия мен кеңестер саясатын түсінгендігінен көрінеді. 1920-жылдардың бас кезіндегі большевиктік биліктің айқындаған мақсат-міндетін Асылбек «Ел бұқарасы, оқушы жастардың көбінің ұғуынша оқу жалғыз елге билік айтып, ел билерлік азаматтар жетіктіру деп түсінеді. Көп жастардың, мұғалімдердің ойынша саясатқа жүйрік болу, кеңседе қызмет атқару үшін хат білу мен барлық керек білім түгелісетіндей жеп-жеңіл көрінеді. Бұл қата ұғыныс, кеңестер өкіметінің, партияның ұстаған жолына қайшы келерлік нәрсе»,- түрінде көрсеткен.

Әрбір мемлекеттің халқының, соның ішінде жастарының көзқарастарын қалыптастырып, өзінің саясатын қолдауға шақыруда алуан түрлі, тіпті қитұрқы әрекеттерге баратындығы белгілі. Кеңес өкіметі де мұндай үдерістен тыс қалмады. Ол түрлі Декреттермен қатар сан түрлі бағдармаларды Бүкілодақтың большевиктер партиясы Орталық комитетінің съездері мен конференцияларында, пленумдарында қабылдап, бекітіп отырды. Сондай қаулы-қарарлардың бірінің мәнін Асылбек Жұманұлы көпшілікке түсіндірген. Жас билік органдарының мақсаты қатардағы кеңестік азаматты қалыптастыруға бағытталғандығын Асылбек былай көрсеткен: «Кеңес өкіметінің негізгі тәрбие жобасы былай дейді: «Біздің дәуірдегі еңбекші таптың балалары мектепте алған білімі, тәрбиясы арқасында өз табынан, тұрмысынан айрылып, төмен дәрежедегі еңбекші табының төріне шығып төрелер, яки оқығандар болып шықпайды. Бұл ескі өкімет, ескі мектеп саясаты. Жаңа тәрбияның негізгі мақсаты оқып шыққан жастар алған білімі, тәжірибесімен жұртқа үлгі берерлік жұртшылдық шаруашылдығымен алдыңғы қатардағы еңбекші жұмыскер яки қара шаруашы болу. Білімі толық болмаған, кейінгі қатардағы жолдастарына кеңес берерлік азамат болуы». Жас мемлекеттің мүддесі таптар мен тап күресіне негізделгендігін аяулы азамат жылдам түсінген. Биліктің діттеген жерін анық байқаса да халқына қызмет етуді көздеген Асылбек өзгелерді де соған шақырды. Бұны оның мына сөздері дәлелдейді: «Кеңес өкіметінің ұстаған жолы оқығандарды бір өз басына айырым білгіш тап деп қарап ел билеу емес.

Қандай үлкен саяси төңкеріс болмасын егер елдің шаруасын, байлығын түзеу қамын ойламай, жай тәртіп орнату шарасына ғана қараса – бұл төңкеріс пайдасыз, мақсатына жете алмайтын, елді күйзелдіретін залалды нәрсе. Кеңес өкіметінің барлық жер жүзіндегі өкіметтерден басқалығы – жалпы еңбекші табының еңбегінің жемісі өнімді болуын, еңбек жемісінің әділеттілікпен жалпы қоғамның әлеуметтік пайдасына керегіне жұмсауын керек деп табуында». Білім алуда, оқу-ағарту саласындағы тың өзгерістерді көріп, сол бағытта жұмыс жасаудың тиімділігін көрсетуі Асылбек Жұманұлының көрегендігінен, даналығынан хабар береді. «... Жалпы оқу-ағарту жұмысы, мұғалімдер, мектептің оқу жоспарлары туралы сөз жазғандар бұл негізгі жобадан бастамауға болмайды. Біз жаңада ғана мектеп құра бастағанбыз. Бізге жат мәселелер есепсіз көп. Бірақ біздің ниетіміз, бетімізді дұрыс жолға салу үшін ең түпкілікті жобаларды қабылдап, сол жобаны жүзеге асыру шарасын істеу», - деуі сөзіміздің дәлелі.

Білім беру бағдарламасы жөніндегі пікірі. А. Сейітов мақаласын бірнеше мәселелерге бөліп қойған. Алдыңғысы кіріспе ретінде жазылған. Алғашқы, яғни Асылбекше екіншісі, «ІІ - жаңа праграмның түбірі – асылы» деп аталады. Автор кеңес өкіметінің білім берудегі тың бастамасы мен бағдарламасының мақсатын көрсеткен. Ол Асылбектің сөздерімен айтқанды мынадай: «Жаңа праграм ескі жоба ескі жоспарға көңілін бекіткен, машықтанған оқытушыларға аса ауыр. Терең ұлы мағына беріп, қолдан келмейтін іс деген бір қарасында туды. Мұның көп себебі бұрынғы тәртіптің, бұрынғы оқудың бос білім, тұрмысқа үйлеспеген кең дерексіз білім екендіктен туып отыр. Бұрынғы оқығандар өз елінің төңеректік тұрмыс шаруасына, маңайдағы, аймағындағы жаратылыстың шаруаға, тұрмысқа келетін пайдасынан тысқары болған білімге ие болып шығушы еді. Еңбекші табын жаңа өкімет, жаңа тәртіп орнатумен бірінші қатарға қойған мәселе жас буынды тұрмысқа әзірлеу деп қарау». Бұдан әрі Асылбек қабылданған бағдарламаларын әрқайсысына тоқталып, олардың білім алудағы ұтымды тұстарын ашқан. Оқытылатын пәндердің тәжірибелік жақтарына назар аудара отырып, баланың белгілі бір кәсіп иесі болып шығуына ықпалын, білім алушының бойында қазіргі тілмен айтқанда, құзыреттіліктерді, яғни дағды-машықты қалыптастырудың қажеттілігін түсіндірген. Оны былай жеткізген: «Бұл мәселе төмендегі үш жобадан келіп шығады. 1) Оқудың кіндігі төңіректегі елдің еңбекші шаруасын үйрету. Бұл еңбектің бұрынғы ескі түрлерін қазірғы күнде қандайлығын, мәдени техника күштері мол елдерде қалай қойылғандығын білу. Мектепте оқылатын есеп, пизика, қимия сабақтары, тарихи сабақтары жалғыз еңбек шаруа керегіне не түрде пайдалы сол даражада оқылады». Пәндерді оқып-үйренумен қатар алған білімді тәжірибемен ұштастырып, тереңдету мәселелесін де айналып өтпеген. Асылбектің теория мен тәжірибені байланыстырудағы ойы терең. Оған мына бір сөздері арқылы көз жеткізуге болады: «Практика тұрмыста елдің істегенін көріп үйрену, тәжыриба жасаудан баланың жалғастырып білім алуы – тиория шығады. ... Мәселен, елдің өз қолымен жүнді, шуданы жіп қылып ұршық иіруі, онан алаша шекпен тоқуын үйретумен жүннің қандай түрде жаратылысына жолығуын әр түрлі тұқым жүн жабағылы малдардың барлығын, жабай тоқу машиналары – пабрик, заботтағы шыт, кездеме, сөкне тоқитын машиналарды ойлап шығуы керек. Ауылдағы жүн тоқу ұршықтан бастап үлкен пабриктегі жүн тоқитын, жіп жасайтын машиналар техника өнер тариқын, мәданият тариқы дәуірлерін үйрену үшін жеткілікті нәрселер елдің шаруасы, елдің еңбегі арқылы білім алу. Балалар өз күштеріне қарай сол шаруаға қатынасып үйренуі – еңбек мектебі деген сөздің дұрыс жабайы мағнасы». Заманауи Қазақстанда цифрлы индустрияландыруға қол жеткізуде білім мен тәжірибенің рөліне ерекше ден қойылды. Дамыған отыз елдің қатарына қосылуда экономиканың, соның ішінде өңдеуші өнеркәсіпті өркендету ХХІ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстанның басты басымдылықтарының біріне айналып отыр. Осы тұрғыдан келгенде сонау өткен ғасырдың 20-жылдары айтылған А. Сейітов ұсыныстарының құндылығы баға жетпес.

Білім алуды еңбекпен тығыз байланыстырып, пәндерді оқытуда балаларды олардың тиімді тұстарына үйретудің маңызын Асылбек: «2) Үйрену білім алудың кіндігі еңбек арқылы елдің еңбегін байқап үйрену арқылы дедік. Еңбек деген сөз марксизм үйретуінше төмендегі мағынаны білдіреді. Еңбек жаратылысынан тіршілікке керек бір-бір затты шығарып сол нәрсені қолдануға (ішіп-жеуге, құрал-асбаб істеу) жарайтын түрге келтіру. Қолда асыраған мал, шашқан егін, бақ, жер бетіндегі топырақ, түрлі науғы кен тастар, ағып жатқан су жалпы табиғат – шаруаға, тұрмысқа керектік жағынан үйретілуге керек», - деп көрсеткен. Бұл жерде автордың еңбек деп отырғаны білім мен ғылымды елдің экономикасына жарату, яғни өндірілген өнімді өңдеу арқылы елдің байлығын еселеу, сұранысын қанағаттандыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту. Ол үшін Асылбектің пікірінше, өндіргіш күштерді, яғни еңбек құралдарын, техниканы жетілдіру қажет. Техниканың көмегімен табиғат байлығын игеру, оны халықтың игілігіне жарату. Автордың сөздерімен айтсақ, «Елдің күнелтуі бір жағынан еңбегінің түрлі құрал техникасы артуынан болса (бұл ілгері бірінші шарт), екінші сол жердің байлығы. Жаратылысының беретін заттарына барып тірелуі. ... Елдің күнелтуі үшін, шаруасы үшін ең керекті шарттың бірі төңеректегі жаратылысты үйрену».

Асылбек Жұманұлы мектепте жаратылыстану пәндерін оқытудың маңызына ерекше мән берген. Табиғатты, қоршаған ортаны тану, зерделеу оның апаттарынан қорғанудың, алдын-алуды қамтамасыз етудің ұтымдылығына назар аударған. Жаратылыстану пәндерін меңгерудің қоғам үшін пайдасы туралы жазған. Қазақстан мектептерінде бұл пәндерді шет тілінде оқыту әлемдік заманауи үдерістерден тыс, озық тәжірибеден қалыс қалмаудың, жаһан мойындаған іргелі еңбектерден махұрым болмаудың қамы десек артық айтқандық емес. Мұның өзі қазіргі жаһанданған әлем талаптарының бірі. Ал Асылбек Сейітов болса өз заманы үшін ұтымды мәселені өзгелерден бұрын күн тәртібіне шығарды. «Табиғаттағы уақиғаларға таң қалып отырмай бұл уақиғалардың неден болғанын болжап біліп, шаруа күйсіз залалды болған табиғат күштеріне қарсы шара көруге үйрену – мектептегі жаратылыс сабағы», - дегенінен талай жайтты аңғаруға болады.

Мақала кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі уақыттарда жарияланғандықтан автордың тап күресі мен таптық бағытқа балама еңбек жазуы мүмкін емес еді. Сондықтан да ол ұжымдық психологияны, таптық қоғамды, көппен бірге көретін ортаға бейімделудің қажеттілігін ұсынған. «... Жас буын мектепке келгеннен бастап қоғам үшін тіршілік шаруа жолында еңбекпен басқосудың керегін өздігінен сезініп тәртіп жасауға үйретудің қамын торулары керек. Үйренулері керек. Көп бірігіп істеген істің жемісті екенін үйрету керек. ... бала еңбекші таптың жұртшылдығы, шаруасы үшін керек тәрбия алып шығады», - деп кеңестік идеология ауқымында тәрбие беру туралы өз ұсынысын білдірген.

Білім беру бағдармасының еңбекпен, аймақтанумен және қоғамның әлеуметтік жағдайымен тығыз байланысты болуын қадап айтқан Асылбек Жұманұлы оның маркстік-лениндік ілімнің шеңберінде жүзеге асырылуы қажеттілігін «Оқылатын сабақ: 1) баланың аймағындағы еңбек түрлері мен шаруа әдістерінен; 2) сол жердің шаруасы құрылған жаратылыспен; 3) қоғамның тәртібі тұрмысымен толуы керек. Жаңа праграмның Маркс, Ленин көрсеткен жолмен қойылуы осы», - деп көрсеткен. Бағдарламаның осындай ұстанымы социалистік қоғамға лайық ұрпақты қалыптастыруға жол ашатындығын «Баланың барлық білімі, саяси сезімі осы 3 нәрседен құралса бала Ленин тәрбиясын алған еңбекші қоғамның бір толық мүшесі болып шығады», - деп түйіндеген.

Өлкетану турасындағы көзқарасы. Мақаласының келесі бөліміне «ІІІ – мұғалімдердің міндеті» айдар тағып, жаңа қоғамға лайық мұғалімнің білімі туралы сөз қозғаған. Баланы оқулықпен шектелмей, терең әрі жан-жақты білім беру мұғалімнің тікелей міндеті санаған Асылбек Жұманұлы оқытушының көп білуі керектігін ашып жазған. «Жаңа шыққан праграмның негізіне түспей қолайсыз қиын тауып, терең ұлы мағна іздеп, праграмның әр тарауын тарқатып жіберіп кітаптан қарап оқыту орыс мұғалімдерінің көбінің істеген қатесі. Мұның түпкілікті себебі: мұғалімнің өзінің аймағын, елдің шаруасын, жаратылысын білмеуден келіп шығып отыр», - деп білімі таяз мұғалімнің беделінің де болмайтындығын меңзеген.

ΧΧ ғасырдың 20-шы жылдарында түрлі ғылым салаларымен қатар өлкетану, әсіресе мектептегі аймақтану ісінің қолға алынуы жаңа бастама болды. Кеңестік Қазақстан жағдайында өлкетанудың, яғни аймақтанудың негізінің қалануына Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының орны ерекше болды. 1924 жылдан бастап қоғамның негізгі бағыттарының бірі – мектепте өлкетану бөлімдерін ұйымдастыру болды. Бұл бөлімге ең бірінші кезекте төмендегідей міндеттер қатары жүктелді: қолда бар маңызды материалдарын мектептік өлкетану ұстанымдарына бейімдеу, өлкетану жұмыстарына оқушылар мен ұстаздарды тарту, мектепте өлкетану үйірмелері мен ұйымдарын нығайту болды. Осындай іске ұлт зиялылары белсене араласты. Сондайлардың бірі - А. Сейітов еді. Ол аймақты оқып-үйренуді мектептен бастау қажет деп санады. Осы бағытта білім берілуі тиіс деген тұжырым жасады. «Біз жаңа құралып келе жатқан мектептердің праграмын оқу жоспарын қалай құруымыз керек. Алғашқы адымымыз жабайы жеңіл жол жаңа праграм көрсеткен жолмен балаға білім тәрбияны аймақты үйретуден бастап беру. Жаңа мектеп орнату үшін жас бекімеген мұғалімдерді адастырмай осы жолда білім беру әдістерін таныстыру», - деген пікірі осының дәлелі. Автордың бұл ойы өзге ұлт зиялыларының көзқарастарымен үндесті. Мәселен, Телжан Шонанұлы «Мектепте аймақтану» атты мақаласында автор өлкені зерттеу турасында өз ойлары мен тілектерін жазды. ... Аймақтану деген не? Нені қалай үйретеді? Өз алдына бір пән бе? Болмаса педагогиканың тәрбие беретін бір әдісі ме? – деп (Шонанұлы, 1925:31), жүйелі мақсат қою арқылы мәселенің мәнін ашуға тырысты. Аймақтануға анықтама берген Т. Шонанұлы бұдан әрі аймақтану – бәрінен бұрын өз туған өлкесін, оның адам қажеттілігіне қарай өзгерісін оқып-үйрену деп түсіндірді. Мектептегі аймақтану мәселесі туралы аталған еңбегінде автор жергілікті табиғат пен адам әрекетін оқып-үйренуге көңіл бөле отырып, мектептегі пәндер баланы табиғатқа жауапкершілікпен және ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеу керек, ал өз өлкесін тану үшін оның тарихын білуі керек, яғни «Кешегісіз бүгін жоқ, бүгінгіні үйрету арқылы келешекті білуге болады... Балалар қоршаған табиғат ерекшеліктерін басқа жердің табиғатымен салыстыра білулері қажет, туған жерін білмеген адамның ой-өрісі тар болады» – деген пікір танытты, (Шонанұлы, 1925:33). Осыған орай жиырмасыншы жылдардың өзінде-ақ ғалым өз жерінің табиғатын, тарихын, мәдениетін білу үшін мектепте аймақтану үйірмелерін ашу қажет деп есептеді. Аймақтануды туған өлкенің тарихын, этнографиясын, табиғатын, халық шаруашылығын, әдебиеті мен мәдениетін оқып үйренуді бірлестіретін, яғни оқыту мен тәрбиелеудің маңызды бір педагогикалық құралы ретінде кешенді пән деген ойға келген (Абикенова, 2007:94-95). Елбасы ХХІ ғасырдың бас кезінде өзінің «Болашаққа бағдар - рухани жаңғыру» атты мақаласында «... білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» (Назарбаев, 2017), - атап көрсетті. Мұның өзі идеялардың, ұрпақтың сабақтастығы болып табылады, өйткені ХХ ғасыр басында айтылған ой ХХІ ғасырдың бас кезінде жалғасын тапты.

Ұлт зиялылары, соның ішінде А. Сейітов білім беруде өлкені және оның ерекшеліктерін білу маңызды болғанымен кеңестік саясатты, В.И. Ленин ілімін бір сәтте де естен шығармады. Өз ойын «Қазақ елі қазақ мектебі жаңа құрылып жаңа дұрыс Ленин көрсеткен жолмен бекіп орнығуы керек», - деп бекітіп қойды. Осы орайда кеңестік мұғалімнің ұстанымдарын былайша ашып берді: «... Мектептің оқу жоспары тәртібке салынып оқу жаңа жолға салынудан басқа біздің мұғалімдерге міндет қылып артатын жобалар нағыз мыналар: мұғалім ел ішіндегі мәдени күш, елге басшылық қыларлық азаматтың бірі. Сол себепті ол өзінің құлық пиғылымен елге үлгі берердей жаңа жұртшылық орнату жолында қоюы керек. Ел арасындағы жастар ұйымы жас жауынгерлер ұйымымен араласып іс істеу, оларға дұрыс жобалар айтып, жол көрсету үлкен борыштың бірі».

Мұғалімнің біліктілігі. А. Сейітов мақаласының төртінші бөлімі «ІУ – Мұғалімдердің білімін, санасын кеңейту жұмысы» деп аталады. Бұл бөлімде автор жаңа бағдарламаның мазмұнына баға берген. «Жаңа ашылған курстың сабақтары мазмұны жағынан болсын жаңа мектеп жоспарының негізінде жарамды қылып істелген. Оқу жоспары ел мұғалімінің не дәрежедегі білімге ие болуын ыңғайлап, сол білім болымдарының барлығына уақыт сыйғызуына қарап жауап береді» - дегенінен осыны аңғаруға болады. Тың бағдарлама бойынша білім беруде қазақ халқының төл тарихы бейнеленген ауызша тарих айту деректерін пайдаланудың маңызын көрсеткен автор: «... Қалың елдің неше жүз жылдық тарихында теріліп келген көп әңгіме, қиссалар, кестелі мағыналы сөздер бар. Ел аузында жүрген терілмеген, тәртіпке салынбаған әңгімелерді мұғалімдер көбі естіген, біледі, бұл әңгімелер ретінде олардың тарихи дәуірдің сәулесі есебінде қаралмай, сынға салынып, сол дәуірдің мәданияты, тұрмысы, салт-санасының айнасы екендігі ашылмай келеді», - деп жазған. Эпикалық шығармалар тұрғысындағы деректердің білім беруде қолдану және солар, яғни тарих арқылы тәрбиелеу қолға алынбай отырғандығына қынжылған. Асылбектің сөзімен айтсақ, ел аузындағы шығармалардың қазақ тарихы үшін құнды дерек екендігі даусыз. Жалпы қазақ халқының ата-бабасы барлық рухани мұрасын хатқа қондырып, ұрпағына тау-тау етіп, құжат жинап, мұрағат ашпаса да ауызша тарихтан мол деректерді қалдырды. Ауызша тарих айтудың дерек көздері болып табылатын көптеген аңыз әңгімелер, дастандар, эпостық жырлар, толағай толғаулар, ертегілер, т.б. қазақ арасына кең тарап кеткен. Шежіре қылып сыр шертетін деректер бүгінгі күні 100 томдық «Бабалар сөзі» деген атаумен шетінен жарық көрді (Бабалар сөзі, 2009). Ауызша тарих айту деректері өздерінің бойында қазақ халқының дүниетанымының және тарихи білімінің негізін жинақтаған көрсеткіш болып табылады, өйткені оларда халықтың күнделікті өмірі, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, дүниетанымы, көші-қоны, көршілермен қарым-қатынасы жайлы мәліметтері сақталған. Оларды талдап, мол мәлімет алып, тарих жазудың, тарихи шындықты қалпына келтірудің өзегіне айналдырған абзал. Осы орайда тарих ғылымындағы методологиялық ұстанымдар мен әдіс-тәсілдерді, зерттеу бағыттарын пайдалана отырып, ауызша тарих айту деректерінің шынайылығын дәлелдей отырып, ғылыми айналымға көбірек түсіру көкейкесті мәселелердің бірінен саналады. Фольклор арқылы ұрпақ тәрбиелеу өз алдына күрделі әрі дербес мәселе.

Мақалада А. Сейітов білім беруде заманауи тілмен айтқанда, пәнаралық байланыстарды да көтерген. Аймақтануды жаратылыстану пәндерімен, соның ішінде географиямен ұштастыра отырып оқытудың ұтымдылығын көлденең тартқан. Сонымен қатар мұғалімнің міндетті түрде көшпелі мал шаруашылығының өткенін, негіздерін, ерекшеліктерін білуі керектігі туралы қадап айтқан. «Ең көп уақыт белгіленіп отырған сабақ аймақтық тану сабақтары. Аймақты тану не даражада керектігін бастап айтып өттік. Қазақ елінің шаруасы мал асырау, егін салудан құралады. Жерінің жағрапиясы жаратылыс әуесі аймақтың шаруасымен байланып оқылмақ. Мұғалімдер қазақ жұртының мал асырау шаруасын әбден бекіп білуі керек». Мұның өзі төл тарихты, оның өзегін тану дегенді білдіреді.

Асылбек Жұманұлы «Аймақты үйрену әдісі ауылдың тұрмысын, шаруасын үйретуден басталады», - деп жазды. Бұл дегеніміз туған жерді оқып-үйрену, сол арқылы маман иесі болу.

Асылбек Сейітов еңбегінде мұғалімнің атқаратын жұмыстарын атап көрсете келе оның үнемі өзінің біліктілігін арттырып отыруы тиіс екендігін де назардан тыс қалдырмады. Біліктілікті кітаптар, мерзімді басылым материалдар арқылы көтеруге болатындығы өз талабын былайша көрсеткен: «Мұғалімнің білімін арттыру жолындағы жұмысы мұнымен түгесілмейді. Жалпы мұғалім қазақ тілінде шығып жатқан кітап, журналдарды, газеттерді жазып алдырып отыруы керек». Сол үшін Асылбекше «Губернадағы әрбір мұғалім жалобниясының бір бөлімін кітап, журнал, газетке арнауы аса керек. Оқу бөлімдері, оқу бақылаушылары бұл пікірді елге жайып шыққан кітаптарды уақытында жеткізу шарасын көру керек».

1920-жылдары білім беру саласында мұғалімдер жетіспеген уақыттарда оларды даярлайтын курстар ашылды. Кеңес өкіметі тек мұғалімдерді ғана емес өзге маман иелерін 1, 3, 6 айлық курстар арқылы дайындап шығарды. Алайда мұндай курстарда толыққанды мамандардың дайындалуы мүмкін емес еді. осыны Асылбек те көре білген. Сондықтан да «... Мұнан былай мұғалім өз жолына бекілген қызмет болып дұрыс жеміс берердей оқыту үшін білімін толықтыруды өзінің міндеті көруі керек. Хат таныту, төрт амалды білгізу үшін 4-5 жыл сабақ оқытылатын мектеп ашылмайды. Бұл даражаде білім беретін ликпунктдар 3-4 айлық. 3-4 жыл баланы тәрбиялап оқытуға жетерлік білімді мұғалім өзбетімен ізденіп тұруы керек», - деп жазды. Алайда аз оқысада, көп оқыса да мұғалімдер өз білімдерін тереңдетіп, біліктіліктерін көтеріп отырулары тиіс. Қазіргі уақытта бұл мәселеге ерекше мән берілген. Осыған орай кез келген мұғалім әрбір бес жылда арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрады.

Қорытынды. Осылайша жазғы айларда мұғалімдер курсының ұйымдастырылар алдында Асылбек Жұманұлы арнайы еңбек дайындап, көзі қарақты оқырманның назарына ұсынып, бірқатар ұтымды пікірлер айтты. Оқытуда уақыт талабына сәйкес өз ойын білдірді. Кеңес өкіметімен бірге келген өзгерістерді мойындаса да аяулы азаматтың ұлттық мүддені көздегені анық көрінеді.

Қазіргі кезеңде Асылбек Сейітов еңбегінің маңызы зор. Заманауи білім беру бағдарламаларын дайындауда шетелдік тәжірибені насихаттай бермей ұлттық мүддені басшылыққа алу қажет. Білім беруде ұлттық, яғни отандық модельді қалыптастырып, дамыту ел болашағының кепілі. Білім беруді халықаралық деңгейге көтерілуде оқыту мен ғылыми зерттеулер жүргізудің заманауи технологияларын меңгеруді және ғылым мен білімді ұштастыруды, олардың қорытындыларын тәжірибеде пайдалануды, инновацияға негізделген инфрақұрылым қалыптастыру басты міндеттердің біріне шынайы түрде айналдыру қажет. Білім беру мен тәжірибені ұштастырудың сапалы білім беруге, бәсекелестікке қабілетті маман дайындаудың деңгейіне де ықпал етері сөзсіз.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Абикенова К.Е. Телжан Шонанұлының қоғамдық-ағартушылық және ғылыми қызметі (1894-1938 жж.). Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның қолжазбасы. – Алматы, 2007. – 129 б.

Абилев Д. Мечта поэта. – А-Ата, 1981. – 614 с.

Асылбек Сеитов. Центральный государственный архив г. Алматы. – Фонд №357. – Опись №1. Документов постоянного хранения фонда личного происхождения за 1909-2002 гг. 37 дел.

Асылбек Сеитов: патриот, общественный деятель, ученый. Сборник статей и архивных материалов, посвященный деятельности выдающегося алашского деятеля Асылбека Жумановича Сеитова (1894-1937гг). – Астана, 2013.

Бабалар сөзі. 100-томдық. – Алматы, 2009-2012.

Байсақал Н. Асылбекті ардақтау артық емес. //Алматы ақшамы – 2002. – 13-тамыз.

ВласовЛ.Анна Портнягина // Простор. – 1992. – №4. – C. 11-17.

Елбасының «Рухани жаңғыру – болшаққа бағдар» мақаласы: [Электронды ресурс]. 2017. – [Электронный ресурс] – URL:http://www.inform.kz/ (қаралған күні: 19.05.2018).

Лавров К. Врач с большой буквы//Новое поколение. – 1999. – 1 октября.

Сейітов А. Ағарту жолында не шара қолдануымыз керек (Жазды күнгі оқытушылар курсы ашылар алдында). // Клара Асылбекқызы Сейітованың жеке архиві.

Мұхатова О. Асылбек Сейітов – тарихта қалған із. – Алматы: «Қазақ университеті», 2018. – 102 б.

НагиметовГ. Жизнь, отданная народу. //Юридическая газета. – 1987. –19-августа.

Сәрсеке М. Асылбек Сейітов кім болған. // Семей таңы. – 2001. – 20, 27-сәуір, 11, 18-мамыр.

Сейітов А. Оқушыларға жәрдем жәмиғаты. // Қазақ. – 1914. – №55. – 23 наурыз.

Сейфуллин С. Тар жол тайғақ кешу. Тарихи-мемуарлық роман. Төртінші басылым. – Алматы «Жазушы», 1977. – 387 б.

Шонанұлы Т. Мектепте аймақтану // Жаңа мектеп. – 1925. – № 3. – 31-36 бб.

References:

Abikenova K.E. Telzhan Shonanylynyn kogamdyk - agartushylyk zhane gylymi kyzmetі (1894-1938 LJ.). Tarikh gylymdarynyn candidaty gylymi darezhesіn alu ushin dayyndalgan dissertatsiyanyn kolzhazbasy . – Almaty , 2007. – 129 b.

Abilev D. Mechta poeta. – A-Ata, 1981. – 614s.

Asylbek Seitov. Central'nyj gosudarstvennyj arhiv g. Almaty. – Fond №357. – Opis' №1. Dokumentov postoyannogo hraneniya fonda lichnogo proiskhozhdeniya za 1909-2002 gg. 37 del.

Asylbek Seitov: patriot, obshchestvennyj deyatel', uchenyj. Sbornik statej i arhivnyh materialov, posvyashchennyj deyatel'nosti vydayushchegosya alashskogo deyatelya Asylbeka ZHumanovicha Seitova (1894-1937gg). – Astana, 2013.

Babalar sozі. 100-tomdyq. – Almaty, 2009-2012.

Baysqal N. Аsylbekti аrdaqtau artyq emes. //Аlmaty aqshamy. – 2002. – 13-tamyz.

Vlasov L. Anna Portniygina.//Prostor. –1992. – №4. – C. 11-17.

Elbasynyn «Ruhani zhangyru – bolshaqqa bagdar» maqalasy. – [Electron resource] 2017. – URL:http://www.inform.kz/ (qaralgan kүnі: 19.05.2018).

Lavrov K. Vrach s bol'shoj bukvy. //Novoe pokolenie. – 1999. – 1 oktyabrya.

Sejіtov A. Agartu zholynda ne shara qoldanuymyz kerek (Zhazdy kүngі oqytushylar kursy ashylar aldynda) //Klara Asylbekқyzy Sejіtovanyң zheke arhivі.
Muhatova O. Asylbek Sejіtov – tarihta qalgan іz. – Almaty: «Qazaq universitetі», 2018. – 102 b.
Nagimetov G. Zhizn', otdannaya narodu //YUridicheskaya gazeta. – 1987. – 19-avgusta.
Sаrseke M.Asylbek Sejіtov kіm bolgan. //Semej tany. – 2001. – 20, 27-sayіr, 11, 18-mamyr.
Sejіtov A. Oqushylarғa zhәrdem zhәmigaty. //Qazaq. – 1914. – №55.23 nauryz
Seitova K. Odin iz pervyh vrachej kazahov. //Vechernij Almaty. – 1997. – 16 sentyabrya.
Sejfullin S. Tar zhol tajgaқ keshu. Tarihi-memuarlyq roman. Tөrtіnshі basylym. – Almaty «Zhazushy», 1977. – 387 b.
Shonanyly T. Mektepte aymaktanu. // Zhana mektep . – 1925. – № 3. – 31-36 bb.

МРНТИ 03.20.00

МЫСЛИ ДЕЯТЕЛЯ АЛАШ ОБ ОБРАЗОВАНИИ

Мухатова Оразгуль¹

¹Доктор исторических наук, профессор,

главный научный сотрудник Института истории и этнологии имени

Ч. Валиханова. Казахстан, г. Алматы.

Аннотация. В статье анализируется статья Асылбека Сеитова, врача, деятеля движения «Алаша», честно служившего казахскому народу «Что делать на пути просвещения (до открытия летних педагогических курсов)».Автор используя методы и приемы источниковедения анализирует содержание и определяет значимость данной работы. Определяет формы бытования, репрезентативность, степень достоверности исторических фактов получившие отражение в данном источнике. Взгляды Асылбека Жумановича на образовательную программу в Казахстане в первые годы советской власти показываются в связи с особенностями большевистской власти.Анализируются выводы Асылбека по каждой из принятой программе советской властью в Казахстане. Анализируются и оцениваются обязанности учителей, необходимость повышения квалификации учителей, междисциплинарные связи в образовании, важность преподавания краеведения.Особое внимание уделяется взглядам деятеля  Алаша по привязанию полученных знаний учениками с практикой. Анализируются взгляды А. Сеитова на необходимость уделения особого внимания преподаванию естественных наук. Определяются мнения Асылбека Жумановича о необходимости использования духовного наследия казахского народа, в том числе устных преданий, в преподавании дисциплин.

Ключевые слова: советская влась,образование, источниковедческий анализ, Асылбек Сеитов, просвещение, учитель, междисциплинарные связи, практика.

IRSTI 03.20.00

THOUGHTS OF THE ALASH LEADER ABOUT EDUCATION

MukhatovaOrazgul¹

¹Doctor of Historical Sciences, Professor.

Chief Researcher at Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology. Kazakhstan,Almaty.

Abstract.The article analyzes the article by Assylbek Seitov, a doctor, a leader of the «Alash» movement, who honestly served the Kazakh people «What to do on the path of enlightenment (before the opening of summer pedagogical courses)». The author, using methods and techniques of source studies, analyzes the content and determines the significance of this work. Determines the forms of existence, representativeness, the degree of reliability of historical facts reflected in this source. Assylbek Zhumanovich's views on the educational program in Kazakhstan in the first years of Soviet power are shown in connection with the peculiarities of the Bolshevik regime. The conclusions of Assylbek on each of the programs adopted by the Soviet authorities in Kazakhstan are analyzed. The duties of teachers, the need to improve the qualifications of teachers, interdisciplinary ties in education, the importance of teaching local history are analyzed and evaluated. Particular attention is paid to the views of the leader of Alash on linking the knowledge gained by students with practice. The views of A. Seitov on the need to pay special attention to the teaching of natural sciences are analyzed. The opinions of Assylbek Zhumanovich on the need to use the spiritual heritage of the Kazakh people, including oral legends, in teaching disciplines are determined.

Keywords:Soviet authority, education, source analysis, Assylbek Seitov, education, teacher, interdisciplinary connections, practice.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 49

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ӘОЖ 008323.17(574+5) ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЫҒЫС ЕЛДЕРІМЕН ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАРЫ Орта мектептерде арнаулы күндерді оқытудың тәрбиесі мен мәні ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ: КӨШІ-ҚОН ТАРИХЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ (1926-1959 Ж.Ж.) ЖОҒАРҒЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары 1920-1940 жылдардағы Түркістандағы кеңестік білім беру жүйесінің қалыптасуы ҒТАХР 03.20.00 ЕУРОПАДАҒЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТАРИХИ БІЛІМГЕ ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ТАРИХИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ҒТАХР 03.19.00 ҚЫТАЙДАҒЫ МИГРАЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (ХХ ғ. аяғы – ХХІ ғ. басы) ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР 03.20.00 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ҒТАМР 03.20 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАРЫНДА АҚТӨБЕДЕ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРДЫҢ ЖАСАҚТАЛУЫ ҒТАМР 17.71.01 X-XII ҒАСЫРЛАРДАҒЫ РУХАНИ ЖӘНЕ ӘДЕБИ МҰРАЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ МАҢЫЗЫ ҒТАМР 13.09 ТҮРКІ ФОЛЬКОРЫНЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ, ЖИНАҚТАУ ЖӘНЕ ЖАРИЯЛАНУ ТАРИХЫ ҒТАМР 03.20.00 АЛАШ АРДАҚТЫСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ ТУРАСЫНДАҒЫ ОЙЛАРЫ

Автордың мақалалары

ҒТАМР 03.20.00 АЛАШ АРДАҚТЫСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ ТУРАСЫНДАҒЫ ОЙЛАРЫ