Басты бет » Материалдар » ҒТАМР 03.20 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАРЫНДА АҚТӨБЕДЕ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРДЫҢ ЖАСАҚТАЛУЫ

Н.С. Аликулова¹. ¹Т.ғ.к., Қ. Жұбанов ат. Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті. Қазақстан, Ақтөбе қ.

ҒТАМР 03.20 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАРЫНДА АҚТӨБЕДЕ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРДЫҢ ЖАСАҚТАЛУЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 3 (23) шілде-қыркүйек, 2020

Тегтер: дивизия;, құрама;, әскери, Ақтөбе;, соғысы;, Отан, Ұлы, Одағы;, Кеңес, майдан.
Аңдатпа:
Аңдатпа. Мақалада Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында Ақтөбе қаласында әскери құрамалардың жасақталуы баяндалады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен, КСРО өзінің қарулы күштерінің қатарын соғыс жағдайында жедел толықтырып, жаңа құрылымдарды жасақтауды - басты міндет ретінде белгіленді. Бұл іс басқа Одақтас республикалар тәріздес Қазақстанда да жедел қарқынмен жүргізіле бастады. Соғыстың алғашқы айларында республика көлемінде 7 ірі әскери дивизиялары құрылған болатын. Алғашқылардың бірі болып Ақтөбе қаласында - 312 атқыштар дивизиясы жасақталып, майданға аттанды. Дивизия полковник А.Ф. Наумовтың басшылығымен Москва түбіндегі бірнеше ұрыстарға қатысып, ерлік көрсетті. Кейін 1941 жылдың 13 қарашасындағы Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің жоспарына сәйкес, 101-ұлттық атқыштар бригадасы құрыла бастады. Бригаданың командирі полковник С.Я. Яковленко болды. Ал, 1941 жылы желтоқсанда 74-дербес теңіздік атқыштар бригадасы жасақталды. Командирі болып генерал-майор С.В. Лишенков тағындалды. Сонымен қатар, облыс көлемінде бірнеше әскери батальондар да құрылып, майдан шебіне аттанды. Жоғарыда жасақталған әскери құрамалардың негізгі құрамын ақтөбеліктер құрады. Архив құжаттары бойынша, ақтөбеліктер өздерінде жасақталған әскери құрамаларды қару-жарақпен және барлық қажетті заттармен қамтамасыз еткен. Олармен әрдайым байланыста болып, хат алысып, мерекелік сыйлықтар жіберіп, рухтандырып отырды. Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында Ақтөбеде жасақталған әскери құрамалар майдан даласына ерліктер көрсетіп, Жеңіске өзіндік үлестер қосты.
Мазмұны:

Кіріспе. Екінші дүниежүзілік соғыстың негізгі құрамдас бөлігі ретінде 1941-1945 жылдардағы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы тарих бетінде үлкен ізбен қалғаны белгілі. Бұл соғыстың Жеңісіне биыл 75 жыл толса, келер жылы соғыстың басталғанына 80 жыл толады.

Қарттық ғұмырлық уақыт өтседе, соғыс тарихы адамзат тарихында, оның ішінде Кеңес Одағының құрамында болған республикалар тарихында ұмтылмастай із қалдырып, осынау қасіретті дәуірге қайта-қайта назар аударады.

Қазақстанда басқа Одақтас республикалар тәріздес майданға, Жеңіске өзіндік үлес қосты. Әрбір бесінші қазақстандықтың майданға аттанғаны, әрбір отбасының майдан мен Жеңіс мүддесі үшін күні-түні қажырлы еңбек еткені баршаға аян. Әрбір отбасы шежіресінде соғыстың өшпес іздері қалды.

Ұлы Отан соғысына қатысты кейбір мәселелер қайта бағамдауды, жаңа ұлттық көзқарастарды талап етеді.Сондай, өзекті мәселелердің бірі – аймақтарда әскери құрамалардың жасақталуы, оның жабдықталуы мен жауынгерлік жолдары. Әскери құрамаларды адами және материалдық ресурстармен жабдықтау жолында туындағын қиындықтар, халықтың қажырлы еңбектері мен ерліктерін кейінгі ұрпақ санасына сіңіру, мейірімділікке, бауырмалдыққа тәрбиелеу – қазіргі кездегі қажет дүниелердің бірі.

Материалдар мен әдістер. Зерттеу жұмысын орындау барысында соғыс жылдарында қабылдаған нормативтік құжаттар, тарихшы-ғалымдардың іргелі еңбектеріндегі тұжырымдармен қатар, архив материалдары кеңінен қолданылды. Қазақстан Республикасы Президенттік архиві (ҚР ПА), Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві (Ақ.ОМА) қорларындағы Ақтөбе өңірінде әскери құрамалардың жасақталуын айқындайтын құжаттар пайдаланылды.

Мәселелерді ғылыми тұрғыдан ашып көрсету мақсатында тарих ғылымында қалыптасқан ғылыми-әдістемелік қағидалар мен тұжырымдар басшылыққа алынды. Олардың негізгілері ретінде тарихилық, ғылымилық, шынайылық, нақтылық, жүйелілік сияқты қағидалар мен тұжырымдарды атап өтуге болады. Зерттеу мақсатына жету үшін салыстырмалық, статистикалық, сұрыптау, талдау әдістері кеңінен қолданылды.

Талқылау.Қазақстанның соғыс жылдарындағы тарихын зерттеген ғалымдар ретінде – М.Қ. Қозыбаев, Т. Балақаев, К. Алдажұманов, Қ. Ахметов, Қ. Досқалиев, П.Р. Букаткин, К. Аманжолов, П. Белан, А. Мухамеджанов, Т. Көлбаев т.б. қатар, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде өз зерттеулерін арнаған Р.И. Бейсембина, Л.Т. Қожакеева, А.Б. Есимова т.б. сынды тарихшыларды атап өтуге болады.

Тарихшы-ғалым Б.К. Көшербаева өзінің «Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда ұлттық әскери құрамалардың жасақталуы және жауынгерлік жолы (1941-1945)» атты арнайы зерттеуін әскери құрамалардың жасақталуы мен олардың жауынгерлік жолына арнаған болса (Көшербаева, 2006), Ақтөбе өңірінде 101–ші атқыштар бригадасының жасақталуы мен майдан жолы Ғ. Байдербестің «Герой Ржевской битвы» атты еңбегінде баяндалады (Байдербес, 2016).

Зерттеу нәтижелері.Ұлы Отан соғысы басталысымен, КСРО өзінің қарулы күштерінің қатарын соғыс жағдайында жедел толықтырып, жаңа құрылымдарды жасақтауды - басты міндет ретінде белгіленді. Бұл іс басқа Одақтас республикалар тәріздес Қазақстанда да жедел қарқынмен жүргізіле бастады. Әскер қатарына бірінші болып 1905-1918 жылғы туылғандарды, кейін 1890-1904 жылдары, сосын 1923 жылға дейін туылғандар шақырылды.

Республика территориясында соғыстың алғашқы айларында 20-дан астам атқыштар және атты әскер дивизиясы мен бригадасы, бірнеше артиллерия және авиация полкі, алуан әскер түрлерінің ондаған батальондары құрылды. Ірі құрамалары Алматы, Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола, Петропавл, Семей және басқа қалаларда жасақталып, майданға аттанды. Сонымен қатар, қазақстандықтар республикадан тыс, көрші аймақтарда жасақталған әскери бөлімдер мен құрамалардың да қатарын толықтырды.

Республикада алғашқылардың бірі болып, Ақтөбеде жасақталған әскери құрама – 312 атқыштар дивизиясы болды. Оны 1941 жылдың шілде айында Қазақстан К(б)П ОК-нің және Орта Азия әскери округінің директивалары бойынша Ақтөбе әскери комиссариаты жасақтаған болатын.

Дивизияны жасақтау үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияның төрағасы Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Я.П. Иночкин болса, оның құрамында облыстық атқару комитетінің төрағасы М.С. Арменков, облыстық әскери комиссариаттың бастығы С.Д. Алексеев т.б. енді (Аманжолов, 1987: 25).

Дивизия командирі болып, білікті әскери маман, полковник Александр Феодрович Наумов тағайындалды.

Александр Феодрович - Ақмола станциясы казагының ұлы, Сарысу болысының, содан кейін Пішпек уезінің бұрынғы кеңес хатшысы болған. Ташкенттегі прапорщиктер мектебін бітірген, кейін Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, екі орден алды. 1918 жылы қаңтардан Қызыл Гвардияда, содан кейін Қызыл Армияда қызмет етті, герман және поляк әскерлеріне, басмашыларға қарсы соғысты. Орта Азияда әскери қызметте болды. Ол Шығыстану жоғары әскери мектебін бітірді және дивизия командиріне дейінгі бүкіл командалық сатылардан өткен (Қазақстан тарихы.4-том: 454).

Дивизия құрамына ең алдымен, партия және комсомол органдарының жауапты қызметкерлері алынды. Дивизияны жасақтау үшін Ақтөбе облысының тұрғындарымен қатар, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Гурьев және Қызылорда облыстарының да әскери міндеттілері шақырылды.

Дегенменде, дивизияға алынған жауынгерлер мен командирлердің басым көпшілігі Ақтөбе облысынан болды, дивизия құрамында 11377 адам болса, олардың ‒ 6654-і ақтөбеліктер еді. Ұлттық құрамы жөнінен, орыстар ‒ 4460, қазақтар ‒ 3556, украиндар ‒ 2012 адам болды. Сонымен қатар, дивизияда белорустар, өзбектер, түркімендер, татарлар және басқа да ұлт өкілдері болды (Аманжолов, 1987:25).

Дивизияны жасақтау штабы үшін қаладағы №2 мектептің ғимараты берілсе, әскери оқу-жаттығулары қаланың «Тұрғындар» қалашығы ауданында жүргізілді (Байдербес, 2016: 11).

Дивизияны Ақтөбе облысының өнеркәсіп орындары, колхоздары мен совхоздары техникамен, азық-түлікпен, т.б. керек-жарақпен қамтамасыз етіп отырды. 1941 жылғы шілде-тамыз айларында әскери құрама толық жабдықталып, майданға әзір болды.

312-ші дивизияның құрамында 1079, 1081, 1083-ші атқыштар полктері, 859-ші артиллериялық полкі, танкіге қарсы және зенит артдивизиондары, барлау, сапер, байланыс және дәрігерлік-санитарлық батальондар мен басқа да жауынгерлік жабдықтау және материальдық-техникалық қызмет бөлімшілері болды (Белан, Едігенов, 1995: 106).

Дивизия 1941 жылдың 18-27 тамызы аралығында Ленинград темір жолы арқылы Валдай станциясына Солтүстік-Батыс майданының 52-ші резерв армиясының қарамағына жеткізілді. Кейін дивизия 1941 жылдың 6-8 қазаны күндерінде Москва бағытына жеткізілді. Бұл жерде қазақстандық құрама Малоярославец қорғаныс учаскесінің шағын гарнизонымен бірлесе отырып, жаудың 57-моторлы корпусының шабуылына тойтарыс берді. Дивизия командирі А.Ф. Наумов осы Малоярославец соғыс учаскесінің бастығы болып тағайындалды.

Малоярославец учаскесінде шепте тұрған бөлімдер гитлершілермен алғаш рет 1941 жылдың 12 қазанында ұрыс жүргізді. Дивизия Москва бағытындағы жолды батыл қорғады. Олар ұрысты қоршауда жүргізсе де, жеңіп шығып жүрді. Жау 20 автомашинасы бар жаяу әскерінен, бірнеше қару-жарақ пен минометінен, 13 танкісі мен 2 самолетінен айрылды. Дивизияның жеке құрамының ерлігі мен батылдығының нәтижесінде олардан Москваға қарай бір адам да жылжи алмады. 1941 жылғы қазан айында осы Малоярославец шебінде көрсеткен ерлігі үшін дивизияның 53 жауынгері ордендермен және медальдармен марапатталды.

Дивизия командирі А.Ф. Наумов естелігінде былай деп жазды: «Москваның шалғай шептерін қорғауда қазақстандықтар өздерінің жауынгерлік міндетін абыроймен орындап шықты. Жаумен жағаласқан сұрапыл ұрыстардың нәтижесінде біздің дивизияның күші әлсіреді, бірақ ол өзінің шығынынан гөрі жауды анағұрлым көп шығынға ұшыратып, ойсыратты. 312-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің өткен соғыстағы ерлік істері табандылық пен батырлықтың үлгісі бола алады».

312-шi дивизияның жауынгерлiк жолы әрі қысқа, әрі даңқты болды. Жауға қарсы ұрыстарда асқан ерлік көрсеткен дивизия бөлімдерінің қатары азайған соң, 1941 жылғы 23 қазанда 43-армияның қолбасшысы генерал К.Д. ұйғаруы бойынша 312, 17 және 58-атқыштар дивизияларының қалған адам құрамынан жаңа 312-ші дивизия құрылды. Ерлікпен соғысқан бұл дивизия да 1941 жылдың желтоқсанында 53-атқыштар дивизиясының 12- атқыштар полкі болып қайта құрылды (Аманжолов, 1987: 26-27 бб.).

Сол кездегі Одақтық ірі басылымдардың бірі – «Красная звезда» газетінің 25 қазанындағы санында: «Командир Наумовтың жауынгерлері дұшпанға тегеурінді шабуыл жасады. Ищейно пункті іргесінде немістер артиллериядан, минометтен және пулеметтен оқ жаудырып, тегеурінді қарсылық көрсетті. Біздің жауынгерлеріміз ерен ерлікпен шайқасты» деп дивизия ерлігін баяндалса, КСРО-ның жоғары қолбасшыларының бірі, маршал Г.К. Жуков өз естеліктерінде: «Малоярославец түбінде полковник А.Ф. Наумовтың 312-атқыштар дивизиясының бөлімшелері асқан ерлікпен шайқасты» деп баға береді (Қазақстан тарихы, 2010: 455).

Ақтөбеде 1941 жылды жасақталған әскери құраманың келесісі – 101-ші ұлттық атқыштар бригадасы болатын.

1941 жылдың 13 қарашасындағы Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің алғашқы жоспары бойынша, Қазақстан аумағында республика ресурстарынан 5 атты әскер, 4 ұлттық атқыштар дивизиясы және 4 жекелеген ұлттық атқыштар бригадасы құрылуы тиіс еді, бірақ бұл жоспар көптеген себептерге байланысты орындалмады. Тек ұлттық 100, 101-атқыштар бригадалары, 105,106, 96-атты әскер дивизиялары құрылған болатын.

КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің 1941 жылғы 13 қаңтардағы «Ұлттық атқыштар құрамаларын құру туралы» қаулысы мен Қазақ КСР ХКК мен Қазақстан КП (б) ОК-нің 1941 жылдың 17 қарашасындағы «Қазақ КСР-да ұлттық әскер құрамаларды құру шаралары туралы» шешіміне байланысты 1941 жылы 21 қарашада КП (б) К Ақтөбе облыстық комитет бюросында «Ақтөбе облысында ұлттық атқыштар бригадасын құру туралы» турасында мәселе қаралып, бірнеше тармақтан тұратын қаулы қабылдады.

Қаулыда тез арада Ақтөбе қаласында дербес ұлттық атқыштар бригадасын құру, бұл құрылған бригаданы азық-түлік, киім, қажетті техникамен қамтамасыз ету, қалалық, аудандық комитеттердің хатшыларына бригадаға еріктілерді жинау және жасаққа 35-40%-дай партия-комсомол мүшелерін тарту, облыстық комитеттің маман мәселесі бойынша хатшысы Н. Қамбаров пен әскери бөлім меңгерушісі Отарбаевқа екі күн ішінде жасақ құрамына саяси дайындығы бар адамдарды жинау, жасақ құруға кедергі құруға боларлық барлық жағдайларға тосқауыл қою сияқты істерді жүзеге асыру жүктелді (Ақ.ОМА. 85-қ., 1-т., 1304-іс.,1 -п; Ақ.ОМА. 13-қ., 10., 27-іс, 109 п.).

1941 жылы 24 қарашадағы Ақтөбе облыстық атқару комитеті бюросының қаулысы бойынша қысқа мерзім ішінде Ақтөбеде әскери құрама жасақтау және оны қару-жарақпен және барлық қажетті заттармен қамтамасыз ету жұмысын қадағалау үшін арнаулы комиссия құрылды. Комиссия төрағалығына Ақтөбе облыстық атқару комитетінің төрағасы Нығмет Қамбаров тағайындалды.

Осы комиссияның аудандық бөлімдері құрылып, оның төрағалары бекітілді. Мысалы, Ырғыз ауданына – Бирманов, Шалқар ауданына – Хасанов, Темір ауданына – Арсланов, Ключевой ауданына – Лосивский, Байғанин ауданына – Манасов, Ойыл ауданына – Ермағанбетов, Мартук ауданына-Нұрлихин, Степной ауданына – Зинченко, Қобда ауданына – Акбердин, Новорессей ауданына – Тауанов, Қарабұтақ ауданына – Ужкенов және Ақтөбе қаласы бойынша –Урпеков тағайындалды (Ақ. ОМА. 13-қ., 10-т., 27-іс,112 п.). Комиссия төрағалары облыстық атқару комитетіне ұлттық құраманы жасақтау барысында ақпараттар беріп отырды.

Аудандарда ұлттық құрамаларды құру мәселесі бойынша партия-комсомол жиналыстары өткізіліп, ұлттық құрамаға ерікті түрде ниет білдіргендердің өтініштерін тіркей бастады.

Шалқар ауданындағы комиссия төрағасы Хасановтың 1941 жылы 2 желтоқсандағы хабарламасында, әңгімелесу барысында 18 адамның ұлттық бригада құрамына баруға ниет білдіргені баяндалады (Ақ.ОМА.13-қ., 10-т., 310-іс,5 п.).

Барлық аудандарға ұлттық құрама жасақтауға еріктілер жинау мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін облыстан арнайы өкілдер, үгітшілер жіберілді (Ақ.ОМА. 85-қ., 1-т., 1304-іс, 4-п.).

Халық арасында үгіт-насихат, түсінік жұмыстарын жүргізу үшін үгітшілер қалаларда-квартал, совхоздар мен колхоздарда - фермалар бойынша бөлініп, оларға жұмыс барысын басшылыққа күніне 3 рет хабарлау, жаппай жұмысты жандандыру жүктелді.

Ақтөбе облысы аудандарына 21 өкіл, кейін екінші рет тағы 12 өкіл жіберілген. Ақтөбе қаласында 26-28 қараша аралығында осы өкілдердің қатысуымен 723 адамды қамтыған арнайы жиындар өткізілді. Жиындардан соң 185 адам өз еріктерімен майданға аттануға өтініш білдірген, оның 37-сі коммунист, 46-сы комсомол мүшесі болды (Ақ. ОМА. 13-қ.,  10-т., 308-іс, 47-п.).

Шалқар ауданында осындай 35 жиын ұйымдастырылып, оған 1183 адам қатысса (Ақ.ОМА. 13-қор, 10-тізбе, 308-іс,116 –п.), Ырғыз ауданында өткен 95 жиналысқа 3875 аудан тұрғындары қатысқан. Олардан 96 пар жылы кеудеше мен шалбар, 48 келтетон, 103-киім, 52-белбеу, 23ц ет, 67 кг май, 42 бас жылқы жиналып, 5 күн ішінде 50 еріктіден өтініш түсті (Ақ.ОМА. 13-қ., 10-т., 308-іс,136-п.).

Құрамаларды жасақтауға көрші Батыс Қазақстан, Гурьев, Қызылорда облыстары да атсалысты. Ұлттық құрамаға бірінші кезекте партия, кеңес және комсомол ұйымдарының мүшелері іріктеліп алынды.

Дегенмен, еріктілер қатарына жазылу өз ықтиярымен жүргізілмеген сәттерде болған. Мысалы, Шалқар аудандық кеңестің жоспарлау комиссиясының төрағасы, партия мүшесі Калпенов, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, партия мүшесі Л. Сарин, вагон-жөндеу пунктінің партия ұйымының партия бюросының хатшысы Соловьев т.б. еріктілер қатарымен майданға аттануға үзілді-кесілді бастартқан (Ақ. ОМА.13-қ., 10-т., 310-іс, 5-п., 9-п.).

Майданға өз еркімен барудан бас тартқаны үшін олардың көпшілігі партиялық жазаға тартылған. Дегенмен, бұл істеде еріктілерден гөрі мәжбүрлеу шараларының да болғанын байқауға болады.

Архив құжаттарында, бригаданы жасақтау барысында кері саяси әрекеттер жасағаны, әскери міндеттерден жалтарғаны үшін ату жазасы берілгені, жауынгерлер мен командирлердің арасында бір айдың ішінде әскери тәртіпті бұзушылықтың 250 оқиғасы тіркелгенін баяндалады (Ақ.ОМА.13-қ., 11-т., 218-іс, 38-п.).

Дегенменде, сол кездегі кеңестік идеология мен қатаң тоталитарлық режим жоғарыдай әрекеттердің етек алуларына тосқауыл жасап отырды.

Ұлттық әскери құрамаларды жасақтау республика қаражатының есебінен жүргізілді. Әскери құрамаларға қажетті адамдар мен киім-кешектер, ат-көлік, ер-тұрманды республика халқынан жинау жүктеліп, барлық облыс басшыларына орталық тарапынан арнаулы нұсқаулар берілді.

Ұлттық әскери құрамаларды жасақтауға жұмсалатын қаржы республика тарапынан қадағаланды. Арнайы «Республикалық қор» құрылып, оның төрағасы – Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің хатшысы А. Дудин, орынбасары - Қазақ КСР-ы ХКК-і төрағасының орынбасары Н. Бабин болып тағайындалды (ҚР ПА. 708-қ., 5/1-т., 1398-іс, 49-п.].

Жергілікті басқарушы буындарына қорға жиналған қаржы мен материалдық жабдықтар туралы есеп беруге міндеттелді.

Ақтөбе облысынан 1941 жылдың 30 қарашасында келіп түскен мәліметке қарағанда, облыста 462 жиналыс болып, оған 31044 адам қатысқан. Халықтан 254 келте тон, 177 етік, 313 байпақ, 201 мақта шалбар, 242 жылы күртеше, 464 гимнастерка, 579 құлақшын, 740 беторамал, 343 қап заттар, 268 кружка, 364 қасық, 201 белбеу, 184 бақыраш, 69 ц ұн, 10 ц жарма, 100 ц картоп, 28 ц көкөніс-2, 41 ц ет, 5 ц май және 310 бас қой, 520 пішен, 162 дана саман, 135 жылқы, 39-ер, 2-жеңіл автокөлік, 2-жүк көлігі т.б. заттарды майданға дайындаған (Ақ. ОМА. 13-қ., 10-т., 308-іс, 58-п.).

Құраманы жасақтауға өңірдің Гурьев және Батыс Қазақстан облыстары да белсене қатысты. 1941 жылдың 25 қарашасындағы мәлімет бойынша, Гурьев облысынан ұлттық құрамаларды жасақтау үшін 8 келтетон, 4 етік, 4 жылы шалбар, 67 дана қолғап, 5 көйлек, 6 ер, 450 кг балық, 50 кг май т.б. қажетті заттар жиналса, ал Батыс Қазақстан облысы (5 ауданы бойынша) 220 ц. астық, 56 ц. жем-шөп, 372 ц. пішен, 30 ц. көкөніс, 50 ц. картоп жіберілген (ҚР ПА. 708-қ., 5/1-т., 1125-іс, 3-п.).

Қызыл Армияға жылы киім жинау тікелей облыстық партия комитеттерінің бақылауында болды және оны орындау міндеттері жүктелді. Олар істің орындалуы үшін қажетті мүмкіндіктер мен іс шараларды жүзеге асырып, орындалмай қалған жағдайда себебін анықтап, жауапты тұлғаларға шара қолданды.

Аудандар мен қала тігін артельдері құрама жауынгерлері үшін іш киім, келте тон, жылы шалбар т.б. даярлауды ұйымдастырды, тіпті оларға арнайы жоспарлар берілді. Артель тігіншілері ондай жоспарды орындауға ынталы болғанымен, кейде шикізаттың тапшылығы қолбайлау болып, жоспар көрсеткіштерін кешіктіріп орындауға мәжбүр етті. Мысалы, Ақтөбе облысындағы тігін артельдерінде 28 қарашада 60 гимнастерка, 80 жылы шалбар тігілу қажет болса, мақтаның болмауына байланысты жылы шалбар тігу кешіктірілді, тек 50 іш киім дайындалды (Ақ.ОМА. 13-қ., 10-т., 308-іс, 47- п.).

Осындай жағдайда өңір халқы жанқиярлық еңбек және жоғары отансүйгішік сезім арқылы барлық қиыншылықтарды жеңіп, бар мүмкіншіліктерді пайдаланып, ұлттық құрамаларды толық жабдықтауға ұмтылғанын көруімізге болады.

Республиканың мемлекеттік органдары жасақталатын әскери құрамаларға ерекше мән беріп, олардың саяси жұмыстарын басқаратын қызметке партия және комсомол жүйелерінде қызмет жасап жүрген таңдаулы кадрларды жіберді.

Олардың қатарында, бригада комиссары болған Нұри Әлиев – Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы болса, бригаданың саяси бөлімінің бастығы Бекайдар Берниязов – Қостанай облыстық партия комитетінің хатшысы болған, бригада парткомиссиясының төрағасы, кейін бригаданың саяси бөлімінің бастығы Нұғыман Оразалин – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінен өнеркәсіп және транспорт жөніндег Орталық Комитет хатшылығының орынбасары болып қызмет атқарып жүрген жерінен келген болатын. 101-ұлттық дербес бригаданың командирі болып полковник Севостьян Яковлевич Яковленко тағайындалды. Бригаданың құрамында 3815 адам болса, оның 50,5 пайызын партия, комсомол мүшелері құрады (ҚР ПА. 708-қ., 5/1-т., 1398-іс, 89- п).

Бригада құрамындағы жауынгерлердің білім деңгейлері бойынша: 77-сі – жоғары, 559-ы – орта білімді болса, сауаты аз және сауатсыздар - 499 адамды құраған. Ұлттық құрамы бойынша: қазақтар – 80,3 пайыз, орыстар – 10,2 пайыз, украиндар – 3,7, өзбектер – 1,8 пайыз, басқа ұлт өкілдері – 4,1 пайызды құрады. («Ақтөбе», 2020).

Кейін 101-ұлттық атқыштар бригадасындағы адам саны 4356-дан 6000-ға дейін жетті. Бригада құрамында 3-4 атқыштар батальоны, артиллерия және миномет дивизиондары мен басқа да бөлімдер болды.

Бригаданың жеке құрамына қаладағы №6 алғашқы қазақ мектебінің ғимаратында, сондай-ақ педагогикалық училище мен қазіргі Орталық базарға қарама-қарсы орналасқан ғимараттың ішінде орналасты (Керек. INFO, 2017).

1942 жылдың қаңтарында бригада толықтай жасақталды. Бригада бөлімдері өзінің жауынгерлік әзірлік жұмыстарын шыңдап жатқан кезеңде, 1942 жылдың 19 мамырында Ақтөбеге Жоғары Бас Басқарушының арнайы тапсырмасымен Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің мүшесі, Кеңес Одағының Маршалы К.Е. Ворошилов келіп, ұлттық құраманың майданға жіберуге әзірлігін байқау мақсатында бригаданың әскери жаттығуларын көріп бағалаған. Ол бригаданың  командалық құрамымен танысып, жауынгерлермен әңгімелесіп, ақыл-кеңестер берді.

Бригаданың материалдық-техникалық жабдықталуы туралы деректер бойынша оған, 16 жүк және 6 жеңіл автомашина, 460-тан астам бас жылқы, 52 ат арба, 89 дана ер-тұрман, 1089 тон, 1428 құлақшын, т.б. керек-жабдықтар берілген.

Майданға аттану алдында жолда тамақтану үшін әр колхоз, совхоз, мекемелер сыйлықтар ұйымдастырған. Облыс халқы 2000 кг. ет, 500 кг. май, 2000 кг. тары жинаған («Ақтөбе», 2020).

101-атқыштар бригадасы 1942 жылдың 11 тамызында Ақтөбе теміржол станциясында жеке эшелондармен майданға аттанды. Бригаданың бірінші эшелоннын майданға жіберер алдында үлкен митинг ұйымдастырылды, онда 5007 жауынгер сапқа тұрды. Митингті облыстық атқару комитетінің төрағасы Нығмет Камбаров ашып, кіріспе сөз сөйлейді. Кейін облыстық партия комитетінің хатшысы Канапия Муфтахин, бригада комиссары Нұри Әлиев, батальон комиссары Калыш Аскаров сөз алып, жауынгерлерге жалынды сөздерін арнады. Кейін мінбеге жергілікті ақын-жырау Нұрпейіс Байғанин көтеріліп, өзінің жырларынан үзінді оқып, жауынгерлерді рухтандырды (Байдарбес, 2016; 12).

Бригада 1942 жылы тамызда Москва маңына келіп, Москва әскери округінің қарамағында болып, қару-жарақтармен, әскери-техникамен жабдықталып, 25 қарашада ұрысқа кірісті.

Толық емес мәліметтерге қарағанда, бір ғана 101-ұлттық дербес атқыштар бригадасының жауынгерлері 160 елді мекенді азат еткен, жаудың 3 жаяу әскер полкі мен 5 батальонын талқандаған, 9000-нан астам солдаты мен офицерін, көптеген қару-жарағын, әскери техникасын жойды. 1944 жылғы шілде айында 101-ұлттық дербес атқыштар бригадасы әскери қажеттіліктен туындаған себептерге байланысты таратылып, оның бөлімдері 47 және 90 атқыштар дивизияларының құрамымен біріктірілген (Аманжолов, 1987; 54).

1941 жылы желтоқсанда Ақтөбеде қаласындағы №14 орта мектеп үйінде, 74-дербес теңіздік атқыштар бригадасы жасақталды. Командирі генерал-майор С.В. Лишенков, әскери комиссары С.Г. Биберин болды.

Бригада 1942 жылы 29 қаңтарда Старая Руссаның шығысында алғаш рет ұрысқа кірді. Шечково, Чапово, Тулитово елді мекендерін азат етті. Жаудың ірі күшін тежей отырып, біздің әскерлердің жаудың 16-армиясын қоршауға алуына қатысты.

Қысқы және көктемгі шайқастарда 74-бригада Пала станциясының түбінде және Рамушев маңында жаудың 3 мың офицері мен солдатының көзін жойды. 1942 ж. шілде айында құрама резервке шығарылып, 292-атқыштар дивизиясы болып қайта құрылды. 1942 ж. қыркүйектен бастап Сталинград түбінде Ганьшино, Бертячи, тағы басқа елді мекендер үшін аса ауыр қорғаныс және қарсы шабуыл ұрыстарын жүргізген дивизия Паулюс армиясын қоршауға және оны жоюға басынан аяғына дейін қатысты. Сталинград шайқасы аяқталған соң дивизия таратылып, әскер күші майданның басқа құрамаларына қосылды (Аманжолов, Тасболатов, 1999: 211).

Ұлы Отан соғысының барысында Кеңес әскері жаңа күштермен толықтырылып тұрғаны белгілі.

1943 жылдың 1 сәуірінде Ақтөбе қаласында облыс әскери міндеттілер есебінен жеке автоматшылар батальонын жасақтау туралы шешім қабылданды. Осыған сәйкес, 1943 жылдың 2 сәуірінде өтілген Ақтөбе облыстық атқару комитеті мен ҚК (б) П бюро мәжілісінде Ақтөбе қаласында облыста осындай жеке автоматшылар батальонын жасақтаудың жоспары қарастырылды. Облыстық комиссия құрылып, оның төрағасы болып Ш. Оразбаев тағайындалды. Аудандық комиссиялар құрылды.  Батальонға ең алдымен 18- 45 жас аралығындағы әскери қызметке жарамды еріктілер алынды. Барлық шақырылғандарды 20 сәуірге дейін жылқымен қамтамасыз етіп, Ақтөбеге жіберу қажет болды. Оған «Амангелді Иманов» аты беріліп, оны ресми 1943 жылы 10 мамырға дейін құруға шешім қабылданды (Ақ. ОМА. 13-қ., 12-т., 191-іс, 31-32 пп.).

Соғыстың алғашқы жылдарында жасақталған құрама, дивизияларға қазақ батырларының есімін беруді 1941 жылы 24 -қарашада ҚК(б)П ОК-нің хатшысы Н. Скворцовтың атына Қызылорда облысы Шиелі станциясынан комсомол Оспанов өтініш жазып,  құрама армиялардың бірін қазақ халқының бостандығы үшін күрескері «Амангелді Иманов» атын беруді сұраған болатын (ҚР ПА. 708-қ., 5/1-т., 1125-іс, 7 п.) Бірақ, бұл өтініш дәл сол кезде жүзеге аспады. Өйткені орыс емес ұлт өкілдері батырларының есімін беру КСРО тәжірибесінде әлі де болмаған еді.

Кейін Ақтөбеде жасақталған батальонға «Амангелді Иманов» есімі берілді, бірақ бұл есім бұдан да үлкен әскери құрама, дивизияға лайық болса да, батальондағы қазақ жауынгерлерінің рухын асқақтатып, ержүректілікке, батырлыққа жігерлендіре түскені туралы мәлімет сол құраманың мүшелері аузынан естілген.

«Амангелді Иманов» атындағы жеке автоматшылар батальоны жергілікті Ақтөбе облысының қоры негізінде жасақталды. 1943 жылы 13 сәуірдегі мәліметте, жеке автоматшылар батальонын жасақтау үшін облыс аудандары мен Ақтөбе қаласы - 67 кіші сержант, 268 - қатардағы жауынгер, 22 - жылқы, 2 жүк машинасын әзірлегені көрсетіледі (Ақ. ОМА. 13-қ., 12-т., 191-іс, 32 п.).

Жоғарыдағы құрамалармен қатар, Ақтөбеде 129-минометтік полк, 57- жеке автотранспорттық батальон жасақталды. Сонымен бірге, ақтөбеліктер республика, облыстардан тыс аймақтарда жасақталған құрамалар мен дивизиялар құрамында да енген. Мәселен, Чкалов облысында жасақталған 333-ші, 196-шы және 193-ші дивизиялар құрамында болды.

Ақтөбеліктер, басқа отандастары тәріздес өздері жасақтаған әскери құрама жауынгерлерімен үнемі байланыста болды. Майдандағы жауынгерлер мен тыл еңбеккерлері бір-біріне хаттар жазысып, жауынгерлерге мерекелер сыйлықтар жіберіліп отырылды.

Соғыс жылдарында қазақстандықтар өздерінде жасақталған әскери құрамалары мен дивизияларға 60-тан астам хат жолдап, олардан 39 рет хат алған (ҚР ПА. 708-қ., 9-т., 1361-іс, 4-п.).

Ақтөбеліктер де өздерінде құрылған әскери құрамалармен хабарласып, хат алысып тұрғаны туралы мәліметтер мұрағат қорларында сақталған.

Мәселен, олардың бірі, Ақтөбе еңбекшілерінің атынан Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Я.П. Иночкин 312-дивизия жауынгерлерімен №991 далалық пошта арқылы дивизия басшылары А.Ф. Наумов, Я.И. Сировскийге хат жолдап, олардың хал-ахуалынан хабардар болған. Жерлестеріне, командирлері мен жауынгерлерге жолданған хаттарда оларға жаумен шайқаста үлкен жеңістер тілеп, елімізге қауіп төнген уақытта Ақтөбе облысының еңбекшілері басқа кеңес халқы сияқты Отанның қуатын арттыру мен майданға көмек беру үшін аянбай еңбек етіп жатқанын хабарланды. Егін жинау науқаны аяқталғаны, ауыл еңбекшілері егін даласында бір дән қалдырмай жинауға бел байлағанын, қала және аудан тұрғындары көп көмек бергендерін баяндалды. Хатта, Ключевой ауданының «Красный колос», «Прогресс», Қобда ауданының «Авангард» ұжымшары және басқа аудандардың шаруашылықтары мыңдаған пұт астық, бірнеше бас мал және азық-түліктерді Қызыл Армияға жібергенін, облыс 15 қазан айында 2381 дана қолғап, 438 тон, 5 мыңнан астам бас киім, 2386 мақта күртеше, 2290 сырылған шалбар, 1000 астам жылы киім жөнелтіп, майданға қосқан үлестері баяндалды.(Ақ.ОМА.13-қ., 14-т., 310-іс,12 п.). Оларға жауап ретінде жауынгерлердің ерліктері мен ыстық сәлемдемелері баяндалған майдан хаттар да келіп отырды.

Осылайша, соғыстың алғашқы жылдарында Ақтөбеде 312- атқыштар дивизиясы, 101-ұлттық атқыштар бригадасы, 74-дербес теңіздік атқыштар бригадасы, «Амангелді Иманов» атындағы жеке автоматшылар батальоны т.б. әскери құрамалар жасақталып, майданға аттанды. Бұл құрамалардың негізгі адами және материалдық ресурстарын ақтөбеліктер құрған болатын.

Дегенмен, құрылған әскери құрамалар мен бөлімдер республикалық және облыстық бюджеттердің есебінен жасақталса да олардың қолбасшылық құрамы негізінен орыс ұлты өкілдерінен тұрды. Тіпті ұлттық құраманың өзіне-де «ұлы халық» өкілдері басшылық жасады.

Жалпы, Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы жылдарында Ақтөбе облысынан, соңғы деректер бойынша – 122423 адам майданға алынды. Жалпы шығын – 36192 адамды құрайды. Оның ішінде: майданда қаза болғандар – 17008, госпиталдарда қаза болғандар – 1679, тұтқында қаза болғандар – 137, хабарсыз кеткендердің жалпы саны – 17368 адамды құрайды (Ақтөбе облыстық әскери комиссариат архивінен). Бұл көрсеткіштер арқылы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы тақырыбында әлі де зерттеуді қажет ететін мәселелер баршылық екенін көрсетеді.

Қорытынды. Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы жылдарында Ақтөбеде әскери құрамалардың жасақталуын зерделей келе,

біріншіден, соғыстың алғашқы кезеңінен-ақ Ақтөбе өңірі республиканың барлық аймақтары тәрізді аса күрделі жағдайларға, туындаған қиыншылықтарға  қарамастан халықты Отан қорғауға бір кісідей жұмылдыруда өз үлестерін қосып, жұмылдыру орталығы болды;

екіншіден, соғыс жылдарында Ақтөбе – ірі, ерекше әскери құрамаларды жасақтаған аймақ болды. Оған дәлел ретінде,

  • соғыстың алғашқы айларында республикада жасақталған ең ірі әскери құрамалардың бірі -312  атқыштар дивизиясының Ақтөбе жасақталуы;

  • республикада жасақталған тұңғыш екі ұлттық атқыштар бригадаларының бірі -101 ұлттық атқыштар бригадасының құрылуы;

  • соғыстың алғашқы жылдарында Қазақстанда екі теңіздік атқыштар дивизиясы жасақталып, майданға аттанса, соның бірі – 74 дербес теңіз атқыштар дивизиясы да 1941 жылы Ақтөбеде  жасақталуы;

  • Ақтөбеде жасақталған жеке автоматшылар батальонының алғашқыларының бірі ретінде ұлттық атауды, халық батыры «Амангелді Иманов» есімін иеленуі.

үшіншіден, Ақтөбеде жасақтаған әскери құрамалардың негізгі құрамын ақтөбеліктердің құрады және әскери құрамаларды Ақтөбе халқы майдан мүддесіне сәйкес материалдық және техникалық ресурстармен жабдықтап, майдан даласында да оларды қажеттіліктерімен қамтамасыз етіп, рухтандырып, байланыс жасап отырды.

төртіншіден, Ақтөбеден аттанған әскери бөлімдер мен құрамалар майданның негізгі шебінде соғысып, өшпес ерлік үлгілерін көрсетті. Олардың ішінде әрине қазақ ұлтының өкілдері де басым болды.

Ұлы Отан соғысының жылдарында Ақтөбе – республикадағы әскери құрамаларды жасақтаудың негізгі ірі орталықтарының бірі болды деп тұжырым жасауға болады.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Аманжолов К. Ерліктің жарқын беттері. – Алматы: Қазақстан, 1987. – 4-5 бб.

Аманжолов К., Тасболатов А. Қазақстанның әскери тарихы (б.э.д. ҮІ ғасырдан бүгінге дейін). – Алматы: Білім, 1999. – 211б.

Ақтөбе облыстық мемлекетік архиві (Ақ. ОМА). 85-қор, 1-тізбе, 1304-іс

Ақ. ОМА. 13-қор, 10-тізбе, 27-іс.

Ақ. ОМА. 13-қор, 10-тізбе, 310-іс.

Ақ. ОМА. 13-қор,  10-тізбе, 308-іс.

Ақ. ОМА. 13-қор,  11-тізбе, 218-іс.

Ақ. ОМА. 13-қор, 12-тізбе, 191-іс.

Ақ.ОМА.13-қор, 14-тізбе, 310-іс.

Ақтөбе облыстық әскери комиссариат архиві.

«Ақтөбеде атқыштар бригадасы қалай құрылды?». // Ақтөбе. Облыстық қоғамдық-саяси газет. 23 қаңтар 2020 ж.

«Ақтөбелік 101 атқыштар бригадасы қалай құрылды?». // «Керек. INFO». газеті. 17.05. 2017 ж.

Байдербес Г. Герои Ржевской битвы. – Актобе.: М.Стиль», 2016. – 238 стр.

Боздақтар. Жинақтама том. (Құраст.: П.С. Белан, Н. Едігенов). – Алматы: Қазақстан, 1995. – 480 б.

Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 4-том. – Алматы: «Атамұра», 2010. – 752 б.

Қазақстан Республикасы Президенттік архиві (ҚР ПА). 708-қор, 5/1-тізбе, 1398-іс.

ҚР ПА. 708-қор, 5/1-тізбе, 1125-іс.

ҚР ПА. 708-қор, 9-тізбе, 1361-іс.

References:

Amanzholov K. Erlіktіn zharkyn betterі [Bright pages of heroism]. –Almaty: Kazakhstan, 1987. – 4-5 bb.

Amanzholov K., Tasbolatov A. Kazakstannynaskeri tarihy (b.je.d. VІ gasyrdan bugіnge dejіn) [Military history of Kazakhstan (from the VI century BC to the present)].– Almaty: Bіlіm, 1999. – 211b.

Aқtөbe oblystyқ memleketіk arhivі (At. OMA) [Aktobe regional state archive (Ak.RSA)] 85-қor, 1-tіzbe, 1304-іs.

Ak. OMA [Ak. RSA)] 13-қor, 10-tіzbe, 27-іs.

Ak. OMA. 13-kor, 10-tіzbe, 310-іs.

Ak. OMA. 13-kor, 10-tіzbe, 308-іs.

Ak. OMA. 13-kor, 11-tіzbe, 218-іs.

Ak. OMA. 13-kor, 12-tіzbe, 191-іs.

Ak. OMA.13-kor, 14-tіzbe, 310-іs.

Aktobe oblystykaskeri komissariat arhivі [Archive of Aktobe regional military commissariat]

«Aktobede atқyshtar brigadasy қalaj қuryldy?»[«How was the rifle brigade formed in Aktobe?»].Aktobe. Oblystykkogamdyk-sajasi gazet [Aktobe. Regional socio-political newspaper].23 kantar 2020 zh.

Bajderbes G. Geroi Rzhevskoj bitvy [Heroes of the Rzhev battle]. – Aktobe.: «M. Style», 2016, 238 p. [in Russian].

Bozdaktar. Zhinaktama tom. (Kurast.:P.S.Belan,N.Edіgenov). [Bozdak. Collection volume. (Compiled by PS Belan, N. Edigenov)]. –Almaty: Kazakhstan, 1995. – 480 b.

Kazakhstan tarihy. Kone zamannan bүgіnge dejіn. Bes tomdyқ. 4-tom. Almaty: «Atamura», 2010. –752 b.[ History of Kazakhstan. From ancient times to the present day. Five volumes. Volume 4].–Almaty: Atamura, 2010. –p. 752.

Kazakhstan Respublikasy Prezidenttіk arhivі (KR PA) [Presidential archive of the Republic of Kazakhstan (PA RK)].708-kor, 5/1-tіzbe, 1398-іs.

КR PА [PA RK)]. 708-kor, 5/1-tіzbe, 1125-іs.

КR PА [PA RK)]. 708-kor, 9-tіzbe, 1361-іs.

«Aktobelіk 101 atkyshtar brigadasy kalaikuryldy?» [«How was the Aktobe 101st Rifle Brigade formed?»]. «Kerek. INFO» gazetі [Required.INFO. newspaper]. 17.05.2017 zh.

МРНТИ 03.20.00

ФОРМИРОВАНИЕ ВОИНСКИХ ЧАСТЕЙ В ПЕРВЫЕ ГОДЫ ВЕЛИКОЙ ОТЕЧЕСТВЕННОЙ ВОЙНЫ В АКТОБЕ

Аликулова Нурлыгуль Сапаковна¹

¹Кандидат исторических наук. Актюбинский региональный государственный университет им. К. Жубанова, Казахстан, г. Актобе.

Аннотация. В статье описывается формирование воинских частей в первые годы Великой Отечественной войны Советского Союза в городе Актобе.

В 1941 году с началом Великой Отечественной войны главной задачей вооруженных сил СССР было оперативно пополнять воинские ряды в условиях войны, формировать новые воинские структуры. Данный процесс проходил ускоренными темпами как в Казахстане, так и в других союзных республиках.

В первые месяцы войны было создано 7 крупных военных формирований в масштабах республики. Одной из первых, была сформирована и отправлена на фронт 312 стрелковая дивизия в городе Актобе. Под руководством полковника А.Ф.Наумова за участие в боях под Москвой дивизия показала героизм. По решению Государственного Комитета Обороны от 13 ноября 1941 года, согласно плану, начала создаваться национальная 101-стрелковая бригада. Командиром бригады был полковник С.Я. Яковленко. В декабре 1941 года была сформирована самостоятельная 74 морская стрелковая бригада. Командиром назначен генерал-майор С.В. Лишенков. Кроме того, в Актюбинской области было создано несколько воинских формирований, которые были отправлены на фронт. Согласно архивных документов, актюбинцы сформировали воинские формирования, обеспечили вооружением и всем необходимым, отправляли письма, подарки, посылки. Воинские формирования Советского Союза, укомплектованные в первые годы Великой Отечественной войны в городе Актобе показали беспримерный героизм и внесли достойный вклад в Победу над фашизмом.

Ключевые слова: Советский Союз; Великая Отечественная война; Актобе;военский часть; дивизия; фронт.

IRSTI 03.20.00

THE FORMATION OF MILITARY UNITS IN AKTOBE IN THE EARLY YEARS OF WORLD WAR II

Alikulova Nurlygul¹

¹Candidate of Historical Sciences. K. ZhubanovAktobe Regional State University. Kazakhstan, Aktobe. E-mail: Nur.AS_74@mail.ru. Tel.: 8-700-474-01-74

Abstract. The article describes the formation of military units in Aktobe in the early years of the Great Patriotic War of the Soviet Union.

With the outbreak of World War II in 1941, the main task of the USSR was the rapid replenishment of the armed forces in wartime and the formation of new structures.  This work, as in other Union republics, began in earnest in Kazakhstan. In the first months of the war, 7 large military divisions were formed throughout the country. One of the first was the formation of the 312nd Infantry Division in Aktobe, which went to the front. The unit led by Colonel A.F. Naumov took part in several battles near Moscow and showed heroism. Then, according to the plan of the State Defense Committee of November 13, 1941, the 101st National Rifle Brigade was formed.  Brigade commander Colonel S.Ya. It was YakovLenko. In December 1941, the 74th Separate Marine Rifle Brigade was formed. The commander was Major General S.V. Lichenkov was appointed. In addition, several military battalions were formed in the area that went to the front line. The main members of these military units are Aktobe residents. According to archival documents, Aktobe residents provided their military units with weapons and all necessary items. He kept in touch with them, corresponded with them, sent them holiday gifts and inspired them. In the early years of World War II, military units formed in Aktobe showed heroism on the battlefield and contributed to the Victory.

Keywords:Soviet Union; Great Patriotic war; Aktobe; military unit; division; front.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 88

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТЫ КОРЕЙ ЕЛІНДЕ АЯҚТАҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары 930.001.83 ДАЛА ТАРИХЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ШИГАБУТДИН МАРЖАНИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕ ҒТАХР: 03.20:03.09.25 ҒҰНДАРДЫҢ АТТЫ ӘСКЕРЛЕРІ ҒТАХР 03.20.00 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ҒТАМР 03.20 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАРЫНДА АҚТӨБЕДЕ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРДЫҢ ЖАСАҚТАЛУЫ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ «БӘРІ ДЕ МАЙДАНҒА, БӘРІ ДЕ ЖЕҢІС ҮШІН!» ҰРАНЫМЕН ЖЕҢІСКЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ (Жамбыл облысының мысалында) ҒТАМР 03.20.00 АЛАШ АРДАҚТЫСЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ ТУРАСЫНДАҒЫ ОЙЛАРЫ

Автордың мақалалары

ҒТАМР 03.20 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАРЫНДА АҚТӨБЕДЕ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРДЫҢ ЖАСАҚТАЛУЫ