Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 913.1/913.8 МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ: АЛАШТЫҚ ҚАЛАМГЕРЛЕР МАНИФЕСІ

М.Қ. ҚОЙГЕЛДИЕВ, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, т.ғ.д., проф.

ӘОЖ 913.1/913.8 МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ: АЛАШТЫҚ ҚАЛАМГЕРЛЕР МАНИФЕСІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 4(20) 2019

Аңдатпа:
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақтың жазушылар қауымы үшін шығармашылықтағы ұстаным мәселесі аса маңызды мәнге ие болды. Биліктегі идеология тарапынан телінген соцреализм концепциясы шығармашылықтағы ұлт зиялыларын бүтіндей қанағаттандыра алған жоқ. Бұл ретте оған ең алдымен алаштық зиялылар қарсылық танытты. Мағжан Жұмабаевтың қаламынан туып «Табалдырық» аталған құжат олардың ортақ ұстанымы-тын. Мақалада бұл құжаттың (біз оны мазмұнына сәйкес манифест деп атадық) өмірге келген уақыты мен авторлығы жөнінде зерттеу, манифестің графикасындағы фотокөшірмесі, сондай-ақ құжатқа тікелей қатынасы бар мұрағаттық материалдар берілді. Түйін сөздер «Алқа», манифест, ұлттық әдебиет, Алаш зиялылары, соцреализм
Мазмұны:

Кіріспе. Ұлт–азаттық қозғалыстың жеңілісіне ұшырауы, азаттық үшін күресте белсенділік танытып, көзге түскен ұлт оқығандарына жаңа биліктің суық қабақ танытуы шығармашылықтағы зиялыларға әсері зиянды болды. Ендігі уақытта елді, ұлтты бірлікке, тәуелсіздікке шақыру, билікке, биліктегі партияға қарсы үндеу тастауымен бірдей ұғылатын кезең келді. Қаламгерлерге мүлдем жаңа да бейтаныс, табиғилығынан жасандылығы басым көрінген идеяға бейімделіп шығарма жазып, үн қосу жеңілге түскен жоқ. Соған байланысты шығармашылықта абдырау және тоқырау үрдісі етек алды. Ақынның:

Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,

  Сұм өмір абақты ғой саналыға

  Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,

Сондықтан жаным күйіп, жанады да, – деген жолдармен басталатын дастаны осы көңіл күйді білдіретін еді.

Ұлт қаламгерлері тағдырындағы осындай күрделі кезеңде бұл тұйықтан шығар жолды ұсынған бағдарламалық туынды – «Алқа-Табалдырық» өмірге келді. Оның авторы – Мағжан ақын еді.

«Табалдырық» – қазақ ұлт-азаттық қозғалысы (1916 - 1919 жж.) кезекті жеңіліске ұшырағаннан кейін қалыптасқан тарихи жағдайда ұлттық көркем ойға теориялық негіз беріп, оны жаңа сапа және сатыға көтерген ұлы туынды. Қазақ әдебиетінде бұдан бұрын да, сондай-ақ одан кейін де ұлттық көркем ойға ортақ ұстаным ретінде ұсынылған мұндай бағдарламалық – мәлімдеме болған емес. «Табалдырықтың» жаңашылдығы да, қайталанбас ерекшелігі де, әдеби мұра ретінде құндылығы да оның осы қырынан туындайды. «Табалдырық» – ұлы шығармашылық иесінің кредосы, сенімі. Ол күрделі өзгерістер кезеңінде өмірге келген өткінші мазмұндағы құжат емес, ол бүгін де өзекті, ұлт өмірінің жан дүниесіне жаңа серпін бере алатын қуат көзі. Мағжан ақын оны өзі құрмақ болған «Алқа» ұйымының бағдарламасы, идеялық ұстанымы ретінде 1924 жылы жазғанын айтады.

1924 - 1925 жылдар Мағжан Бекенұлының Мәскеуде көркем-әдебиет институтының соңғы курсында оқуда жүрген кезі. Бұл ақынның кеңестік империя астанасында аз уақыт болса да шығармашылықтағы ортада білім алып, ой қорытып, кемеліне келген шағы-тын. Ол бұл уақытқа дейін бірнеше жинақтардың авторы. Ең бастысы, ақын әлгінде ғана ұлт зиялыларымен бірге азаттық үшін қозғалысқа белсенді түрде атсалысып, бірақ оның дегеніне жете алмай, жеңіліс тапқанын көзімен көріп, тауы шағылып, терең рухани күйзелісті басынан кешіріп, енді ғана сол тұйықтан шыға бастаған кезі-тін.

  Осы арада кезінде ғалымдар арасында дискуссия тудырған «Табалдырықтың» авторлығы мәселесіне тоқталып өткен жөн. «Табалдырық» ұжымдық туынды деген пікір бар [Қамзабекұлы Д. 2010: 25 маусым.;2010: 38]. Ғылымда белгілі бір мәселеге байланысты түрлі пікірлердің болуы әбден мүмкін екендігін мойындай отырып, дегенмен, «Табалдырықтың» авторлығына қатысты ондай тұжырымға негіздің тым әлсіз екендігіне бірден тоқталған жөн. Мәселе мынада. Біріншіден, «Табалдырық» – бұл шығармашылықтағы көзқарастық ұстаным. Ал, ұстанымды мұндай деңгей-дәрежеде білдіру, әрине, үлкен теориялық даярлықты, зор қабілет-қарымды талап етеді. Сол тұстағы қазақ көркем ойында мұндай ортақ ұстанымды тиесілі дәрежеде қорытып бере алатын шығармашылық иелері көп емес-тін. Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин... Бұлардың біреуі де «Табалдырықты» жазуға қатысы болғандығын білдірген емес. Ия, рас, Ж.Аймауытұлы мен М.Әуезов оның мәтінін пошта арқылы алып, авторына хат түрінде жауап бергендіктерін айтқан. Сондай–ақ азаттық қозғалыстың жетекшілері тарапынан ортақ ұстанымды білдіруге байланысты жеке шығармашылық иесіне тапсырыс болғандығын айғақтайтын фактілер де кездеспейді.

Сондықтан да, «Табалдырық» Мәскеудің көркем–әдебиет институтында теориялық даярлықтан өткен, империя астанасындағы түрлі әдеби ағымдардан [Есенин С. 1983: 173] жақсы хабардар, бұған қосымша әрісі еуропа, берісі орыс әдебиеті мен қазақ көркем ойы арасындағы айырмашылықты терең меңгерген Мағжан ақынның қаламынан туған шығарма деп айтуға негіз жеткілікті.

Енді төменде осы тұжырымға айғақ бола алатын фактілерге тоқталайық. Профессор Дихан Қамзабекұлының пікірінше, құжаттың аты «Табалдырық» емес «Алқа», ал «Табалдырық» деп авторлар бағдарламаға кіріспе бөлімді ғана атаған. Ғалымның мұндай пікірге келуін белгілі дәрежеде түсінуге болады, өйткені оған тақырыпқа қатысты басқа құжаттық фактілер таныс емес-тін.

Мағжан ақын соңғы рет 1937 жылы 30 жетоқсанда тұтқынға алынып, келесі 1938 жылы 6 қаңтарда тергеушіге берген жауабында біз қарастырып отырған тақырыпқа байланысты мынадай жағдайды баяндайды: «Алқа» аталатын әдеби үйірмені ұйымдастыруды 1925 жылы ғой деймін, Мәскеуде жүргенімде ойластырған мен едім. «Алқаның» бағдарламасын да ГИЖ[1]-дің студенттері Жәкен Cәрсембин мен Аманғали Сегізбаевтың жақын араласуымен жазған да мен едім. Келесі жылы ГИЖ-ге оқуға келген Ілияс Жансүгіров оған кейбір түзетулер енгізді» [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 07875-іс, 2-том, 54 об п.]. Бұл көрсетуден «Алқа» ұйымын құру идеясының да, сондай-ақ ол ұйымның бағдарламасын даярлаушының да Мағжан ақын екендігін аңғару, әрине, қиынға түспейді. Деректік материалдардың көрсетуіне қарағанда жоғарыда аты аталған Жәкен Сәрсембиннің «Табалдырықты» даярлау ісінде өз үлесін асыра бағалауға ұрынғандығы байқалады. Оның осы мазмұндағы көрсетулері «Табалдырық» авторлық топтың ортақ туындысы деген пікірге, белгілі дәрежеде, негіз болған да сияқты. Профессор Ш.Елеукеновтың мәскеулік студенттердің «Табалдырық» сияқты шығарма жазу деңгейіне көтеріле қоймағандығы жөнінде жасаған тұжырымы орынды. Бұған қосымша айтарымыз, Ж.Сәрсембин тергеу алдында толтырылған анкетада білімінің «бастауыш» сынып (низшее) деңгейінде екенін көрсеткен. Осы ретте Жүсіпбек Аймауытовтың 1929 жылы 24 маусымда тергеушіге берген көрсетулерінен мынадай жолдарды оқимыз: «Алқаның» платформасымен мен алғаш рет 1925 жылдың бас кезінде Орынбор қаласында мынадай жағдайда таныстым: «Мен «Ақ жол» редакциясында Ташкентте қызметте едім, каникулға шығып, Орынбор қаласына бардым. Міне, осы сапарда мен редакцияда Сәрсембинге кезіктім, ал ол менде шаруасы барын айтты... Келесі күні, әлде мүмкін сол күні ме, әйтеуір түскі ас кезінде Алдоңғаровтың үйінде кездестік, онда Сәрсембин, Алдоңғаров, ұмытпасам Сегізбаев және басқа маған аты-жөні мәлім емес кісілер болды. Есімде қалғаны олар қостанайлық студенттер еді.

Сәрсембин «Алқа» платформасын оқи бастады, оны мәскеулік студенттердің Жұмабаевтың қатынасуымен даярлағанын айтты. Кейінірек, Жұмабаевпен өзара алысқан хат арқылы платформаның авторы Жұмабаевтың өзі екенін анықтадым. Құжат Жұмабаевтың почеркімен жазылған еді. Оны жазу ісіне Бөкейханов Әлихан мен Байтұрсынов Ахметтің

1.  қатысы болды ма, ол жағын білмеймін, Сәрсембин де ол туралы ештеңе айтқан жоқ. Ол платформаны Байтұрсыновқа оқып бергенін айтты, ал Байтұрсыновтың қандай пікір білдіргенін мен білмеймін» [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 07875-іс, 3-т., 7-п.].

Сондай-ақ, бағдарламаның аты «Табалдырық», ал оның авторы Мағжан ақын екендігін Ж.Сәрсембиннің өзі де жоққа шығармайды. 1929 жылы 5 мамырда тергеушіге берген көрсетуінде ол 1924 жылы желтоқсанда Мәскеудегі Қазақ өкілдігінде (Казпредставительство) студент жастардың Мағжан Жұмабаевтың «Өлеңдер» жинағын талқылауға жиналып, жиналыстан соң Мағжанның пәтерінде ақынның өзімен болған кездесуі жөнінде мынадай көрсету береді: «Менің Жұмабаевпен кездесуім жиналыс болған күні кешінде өтті. Ол Түркреспубликасы өкілдігінің бұрынғы үйінде тұрады екен. Өзінің шығармаларын талқылауға арналған жиналысқа байланысты Мағжан менен егжей-тегжейлі сұрап, сонан соң жазулы шығармасы бар екендігін, соны тарату қажеттігін айтты. Ол шығарма «Табалдырық» аталатын әдеби платформа болып шықты» [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 011494-іс, 2-т., 94-95 пп.].

Талдау нәтижесі. «Табалдырықтың» Мағжан ақынның қаламынан туғандығына дәлел бола алатын фактілерді келтіре беруге болады. Дегенмен ақынның берген мынадай мазмұндағы көрсетуі мәселеге біржола анықтық енгізеді деп білеміз. Ол 1929 жылғы 14 шілдеде берген жауабында: «Мәскеуде жүргенде мен Плехановтың, Луначарскийдің және басқа авторлардың еңбектерімен танысып, біраз пәндермен тереңірек айналыстым, сонан соң «Алқа» аталған әдебиеттің бағыты жөнінде сыни бағдарламалық мақала жазып, онымен Сәрсембин Жәкен мен Аманғали Сегізбаевты таныстырдым.

.... «Алқа» бағдарламасы мен Жұмабаев жеке өзім жаздым. 1924 жылы қыста Сәрсембин және Сегізбаевтармен бірнеше мәрте талқылап, өзгерістер мен түзетулер енгіздім» [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ.,011494 - іс, 3-т., 159-п.].

Міне, бұл келтірілген құжаттық фактілерден бағдарламаның аты «Табалдырық», ал оның авторы Мағжан Бекенұлы екендігіне жеткілікті дәрежеде көз жеткізуге болады.

Ж.Сәрсембин жоғарыда аталған көрсетуінде «Табалдырық» бағдарламаның аты, ал «Алқа» сол бағдарламаны негізге алып құрылуға тиіс болған жазушылар ұйымы екендігін анық жеткізген. Мәселен, ол Ж.Аймауытовпен бірге өткізген жиында алдымен, «Табалдырық» платформасын жариялап, сонан соң барып «Алқа» ұйымын құруға көшу жөнінде сөз болғанын айтады [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 011494 - іс, 3-т., 97-п.].

Ж.Сәрсембиннің көрсетуіне байланысты мынадай бір жағдайдың ескерілгені жөн. Алдымен, Алматыда, сонан соң Мәскеудегі Бутырька абақтысында алаштық топтың үстінен жүргізілген (1928-1930 жж.) алғашқы толқын сот процесінде басты тергеуші міндетін атқарған атақты Саенко. Ия, бұған дейін Украинадағы «халық жаулары» үстінен жүргізілген сот процестерінде мол тәжірибе жинап, енді осы «құрметті» міндетін «қазақ ұлтшылдарымен» күресте жалғастыруға арнайы жіберілген ОГПУ-дың Шығыс бөлімі бастығының көмекшісі Саенко осы [Тепляков А.Г. 2008: 291]. Саенко Альшанский (Республикадағы ОГПУ бастығының орынбасары) және Петровпен (ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығы) бірге 1928-1932 жж. алаш қайраткерлері үстінен жүргізілген екі дүркін сот процесінде Д.Әділов, Х.Ғаббасов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Ә.Байділдин және басқаларды тергеу жұмысында белсенді рөл атқарды. Арнайы тапсырма алған кәнігі Саенконың М.Жұмабаевтың «Табалдырығына» соншалықты шұқшия төніп, бағдарламаға қатысы болды-ау деген кісілерден түсінік алып, бұл фактіні кеңірек ауқымда және астарда қарауға тырысуы, әрине, жәйдан-жәй емес-тін.

Саенкоға керегі «қазақ ұлтшылдары кеңестік билікке қарсы контрреволюциялық жасырын ұйым құрды және ол ұйымның «Табалдырық» сияқты ұстанымы болды» деген тұжырым еді. Ал, пассионарлық ұстанымда және жоғарғы теориялық деңгейде жазылған «Табалдырық» және оны негізге алып құрылуға тиіс болған «Алқа» ұйымы Саенко сияқтылар үшін таптырмайтын «олжа» болатын. Сондықтан да ол «Алқаға» байланысты А.Байтұрсыновтан, Ж.Аймауытовтан (екі мәрте), М.Әуезовтен, А.Байтасовтан, Ә.Байділдиннен, Ж.Тілеулиннен және басқа алаштық тұтқындардан арнайы түсінік алды. «Табалдырыққа» байланысты егжей-тегжейлі көрсетуді Ж.Сәрсембин де берді. Тергеу ісіне куәгер ретінде тартылған Ж.Сәрсембиннің көрсетуінен оған тергеуші Саенко тарапынан жасалған қысымның табы байқалады. Тұтқынның «бәле» іздеген тергеушінің ыңғайына көнуге мәжбүр болып, шатысуларға жол бергендігі де содан болса керек. Мәселен, Алдоңғаровтың пәтерінде өткен шағын жиылыста бас қосқан кісілердің құрамына байланысты Ж.Аймауытов екеуінің көрсетулерінде алшақтық бар. Ж.Сәрсембин атаған құрам тым ауқымды. Жиналған кісілердің арасында А. Байтұрсыновтың да болғандығы айтылады. Ал Ақаң Алдоңғаровтың үйінде ешуақытта болмағандығын көрсетеді. Бізге бұл ретте Ж.Аймауытов атаған құрам тарихи шындыққа жақын көрінді.

Сонымен, «Табалдырық» 1924 жылдың соңы 1925 жылдың бас кезінде жазылды. Бұл бағдарламалық құжаттың жазылуына сол тұстағы Мәскеудегі жазушылар қауымы арасында қалыптасқан түрлі ағымдар мен теориялық ұстанымдардың өзара қақтығысының әсері болғандығы анық. Алдоңғаровтың үйінде өткен басқосуда отырғандар Сәрсембиннен «Алқа» сияқты ұйымның бар-жоғын сұрағанда, ол «оған идеялық тұрғыдан жақын ұйымның мәскеулік жазушылар арасында бар екендігін», яғни оны қазақ жазушылары арасында құруға болатындығын айтады [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 011494-іс, 3-т., 7-8 пп.]. М.Жұмабаев өз тарапынан Мәскеуде жүргенде Вс.Иванов, Первухин және Л.Сейфуллина сияқты орыс жазушыларымен байланыс орнатып, «бірақ ол байланыстың іскерлік қатынастан аспағандығын» білдірген [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 011494-іс,2-т., 44 п.].

Осы арада тоқталуға тура келетін тағы бір мәселе бар. Әдебиет тарихын зерттеушілер М.Жұмабаевтың «Алқа» ұйымын құруға байланысты идеясын ҚазАПП-пен (Қазақ пролетариат жазушыларының ұйымы) байланыстырады, яғни оны М.Жұмабаев бастаған алаштық ұстанымдағы жазушылар ҚазАПП-қа балама ұйым ретінде құрмақ болды деген тұжырымға бейім екендіктерін байқатады. Бізге мәлім тарихи құжаттарда мұндай пікірге негіз боларлық фактілер кездеспейді. Тіптен, керісінше, билік тарапынан ҚазАПП-ты құру жөніндегі шешімнің қабылдануын тездеткен «Табалдырықтың» қолжазба түрінде таралуы сияқты.

Жоғарыда айтылғандай, М. Жұмабаев «Табалдырықты» 1925 жылдың басында, яғни қаңтар айында даярлаған. Ол жөнінде өз көрсетулерінде Ж.Сәрсембин мен Ж.Аймауытов айтады [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 07875-іс, 2-т., 320 п.; сонда, 3-т., 7 п.]. С.Мұқанов «Есею жылдары» атты өмірбаяндық хикаясында ҚазАПП-ты құру туралы биліктің шешімі 1925 жылдың шілдесінде баспасөзде жарық көргенін, ал бірақ бұл жазушылар ұйымын құру тек келесі 1926 жылы қазанда іске асқаны жөнінде мынадай фактілер келтіреді: «ҚазАПП-тың маған тапсырылған платформасы жазылды да, 1926 жылдың 4 октябрінде еңбекші қаламгерлердің жалпы жиналысында талқыланып бекітілді. Сол күннен бастап ҚазАПП осы платформаның бағытында қызмет атқарды». Жазушы «қазақ совет әдебиетінің белгілі бір дәуірінде туған», яғни партиялық тапсырма бойынша өзі даярлаған платформаның мәтінін «дәуірдің тарихи шындығын түсінуде» пайдалы болар деген ниетпен толық күйінде береді [Мұқанов С, 1964: 229-234].

Міне, бұл ҚазАПП-ты құру ісінің бастау көзінде тұрған, сондай–ақ оның платформасын жазған жазушының көрсетуінен ұйымның 1926 жылдың күзінде құрылғанын аңғару, әрине, қиын емес. Платформамен танысқан кісіге жаңадан құрылған жазушылар ұйымының өз қызметінде қандай мақсаттарды көздегендігі де анық байқалады. Яғни, «қазақ байлары орыс байларындай Октябрьдің таяғын оңдап жеген жоқ. Ауылда әлі де болса байлардың өкілі – Алашорданың ықпалы бар». Міне, осындай жағдайда «қазақтың пролетариат, қарашаруа жазушылары жалпы қазақ еңбекшілерінің салт-санасын тәрбиелеп, еңбекші бұқараны социалдық дәуірге жетектеуге, еңбекші таптың мақсатына теріс пікірлермен күресуге партияға көмектес болулары керек» [Мұқанов С, 1964: 230].

Бұл жаңа құрылған Жазушылар Одағының Ф.Голощекин ұсынған «Кіші Октябрь» курсын қабыл алуы еді. Ф.Голощекин 1925 жылы желтоқсанда Қызылордада өткен 5-ші Өлкелік партия конференциясында жасаған есеп баяндамасында «Ауылда нағыз совет билігі жоқ, байдың билігі бар, рудың билігі бар...» [Отчет Казрайкома РКП (б) 5-ой Всеказакской конференции РКП(б), 1926: 14-15], – деп көрсеткен еді. Кейін ол бұл тұжырымын И.Сталинге жолдаған хатында: «...революция ауылдағы бұрынғы революцияға дейінгі қатынастарға тимей, күшті рулар мен байлардың экономикалық және саяси билігін сол күйінде қалдырып отыр» [15Голощекин Ф.И.,1930: 151],  – деп қайталады.

Яғни, жаңа құрылған Қазақ пролетариат және қара шаруа жазушылар одағының өз мойнына алған негізгі міндеті Д.Қамзабекұлы дәл атап көрсеткендей «тоталитаризмнің рухани саладағы күштеу» құралына айналу еді [Қамзабекұлы Д, 2002: 418].

Сонымен, «Табалдырық» авторы нені көздеді, алдына қандай мақсаттар қойды? Бұл арада, әрине, бағдарламаның көздеген мақсаты деп көп нәрсені тізбелей беруге болар еді, бірақ оның қажеті жоқ. Біздің пікірімізше, ол – әдебиеттанудың міндеті. Сондықтан да, «Табалдырыққа» біз тек тарихи құжат ретінде, белгілі бір тарихи кезеңнің куәлігі ретінде ғана тоқталмақпыз. Міне, осы тұрғыдан алғанда «Табалдырық» авторының алдына қойған мақсаты, одақ көлемінде орнығуға бет алған тоталитарлық идеология жағдайында қазақ қаламгерлері үшін теориялық маңызы бар мәселе, бұл біріншіден, күрделі әлеуметтік және мәдени реформалар алдында тұрған қазақ қоғамының салыстырмалы тұрғыдан орыс қоғамынан ерекшеліктерін анықтау, соған сәйкес, екіншіден, ұлт жазушыларының шығармашылықтағы ұстанымын белгілеу еді. Мұндай міндетті белгілі бір деңгейде шешу жалпы ұлттық мәдениетке, оның зиялылар қауымына үлкен сынмен тең шаруа болатын. Ал осы мезгілде шығармашылықтағы жетекші тұлға (лидер) ретінде мойындалған Мағжан ақынның өз ұстанымын ортаға салып, «Табалдырық» сияқты бағдарламаны ұсынуы өркениет жолында тұрған қоғам үшін толық табиғи құбылыс-тын.

1916 жылғы көтеріліс, қазақ жастарының майдандағы қара жұмысқа алынуы, оның артын ала келген 1917 жылғы революциялық аласапыран, қазақ ұлт-азаттық қозғалысының заманға лайық жаңа қарқын, мақсатты сипат алуы – ұлт өміріндегі осындай күрделі өзгерістер мезгілінде заман қойған түрлі сауалдарға аласұрып жауап іздеген халықтың шерлі көңіл-күйін бағып, оның нәзік қылдарын баса білу, тіптен халықпен бірге қуанып, бірге егілу Мағжан поэзиясына тән қасиет. Ал Мағжан шығармашылығының негізгі өзегі, оның болмыс-бітімін анықтап тұрған тылсым да тұңғиық сыры – ол азаттық идеясы. Мағжан азаттық жыршысы. Жеке тұлғаның, бүтін қоғамның азаттығы – Мағжан поэзиясының іргелі тақырыбы. Мағжан өз уақыты мен заманының ақыны. Сондықтан да ол үшін қоғам жәй абстракция емес, ол оның еркіндікке, теңдікке ұмтылған қазақ елі. Яғни, ол ұлт-азаттық қозғалыс дәуірінің ақыны, ұлт-азаттық күрес жыршысы. Мағжан ақын шығармашылығының ерекшелігі де осында.

Сондықтан да 1917 жылғы революциялық өзгерістерден соң Алаш қозғалысының жеңіліс табуын, қазақ ұлтының шарасыз жағдайын өз шығармашылығы арқылы терең қорытып, осы тарихи мезгілдің ұлт өміріндегі ерекшелігін поэзия тілінде дәл бедерлеген Мағжан ақын еді. Сезімтал ақын үшін бұл тарихи кезеңдегі (шамамен 1919-1924 жж.) өмір «абақтыға» тең, өйткені ақын көңілі айға (яғни азаттыққа – авт.) ұмтылып, бірақ оны ала алмаған балаға ұқсайды, жүрегі жаралы.

Т.Жұртбай құрастырып, алғы сөзін жазған «Алаш ақиықтары» аталатын кітапта Ж.Аймауытов пен М.Жолдыбаевтың 1924 жылы мамырда Мәскеудегі Мағжан ақынға жазған хаты берілді. Хат иелері қазақ әдебиетінде «өзіндік дәуір жасау» Мағжан ақынның ғана қолынан келетіндігін, «сұр айдың артынан күншуақ болмай» тұрмайтындығын, «күннің көзін мәңгілік бұлт басып тұру мүмкін» еместігін ескертіп, ендігі уақытта оны «торығуды, зорығуды, зорлануды» қойып, жаңа тілек, жаңа арман, яғни жаңа жасампаз өмірге ұмтылған ақынның күйіне өтуге шақырады [Жұртбай Т, 2006: 11].

Осы мазмұндағы хаттарды Мағжан ақынның басқа да ұлт зиялыларынан алып, ал қайсыбірінен осы пікірді ауызекі естігені байқалады. Ал «Табалдырық» болса сол айтылған тілектерге байланысты ақынның берген жауабы еді. Құжаттың бағдарламалық, концептуалдық мазмұн және сипатта жазылуы да ақын көзқарасындағы кезеңдік өзгеріске байланысты болатын. Ақын нағыз талант иесі ретінде оның шығармашылық еркіндігіне қол салған зорлықшыл билік пен оның идеологиясына ашық түрде қарсылық танытты, оларды өзінің көзқарас, ұстанымымен есептесуге шақырды.

Бұл ретте соцреализм шығармашылықтағы ұстаным ретінде қазақ жазушысына сырттан қандай зорлықпен телінген әдіс болса, «Табалдырық» та өз ретінде қазақ қоғамының ішкі даму ерекшелігінен бастау алып, оның ішкі табиғи тілек-сұраныстарына жауап беретін таным құралы, зерттеу әдісі болатын.

Мағжан ақын диалектик. Ол Еуропа, орыс өмірінің қазақ қоғамына ықпалын жоққа шығармайды, асыра да бағаламайды. ХХ ғасырдың басындағы Ресей – қазақ қоғамы үшін отарлаушы мемлекет. Бұл ретте ол басқа континенттердегі қазақ сияқты экономикалық дамуда кенже қалған елдерді шикізат көзі және өз тауарларын өткізетін рынок есебінде өзіне бағындыруды көздеген еуропалық мемлекеттердің ісін жалғастырушы ғана. Сонымен бірге, Мағжан ақын пікірінше, «еуропа отаршылдығының бір қасиеті «құлды көп қуып батыр қылуы» өлімге бұйыруы», сол арқылы оны өмірге ғашық етуі, яғни «езілген елдің ұлттық сезімін оятуы», «соққы жеп сүлесі қатқан елдің есін жия бастауы». Бұл ретте 1905 жылғы оқиғалар ұлт әдебиеті үшін сапалы жаңа кезеңнің басталу сәті болды, «Оян, қазақ!», «Қырық мысал» сияқты елім, жұртым деген шығармалар өмірге келді.

Осы ретте кез-келген қоғамға тән мынадай бір заңдылық бар. «Ояна бастаған ел кешегі ел болған күнін есіне түсірмек». Ал, мұндай тарихи кезеңде әдебиеттің бірден-бір міндеті «ояна бастаған елге» оның «кешегі ел болған күнін есіне» салу болмақ. Мұндай әрекет сол өткен өмірдегі, сұрқия қоғамдық қатынастарды қайта орнату үшін жасалмайды. Әдебиетке өткен өмірдің нұрлы беттері мен жарқын тұлғаларын жырлау ұлттың өз құндылықтарына деген құрметін қалыптастыру, ел ретінде өз мүмкіндіктеріне деген сенімін туғызу үшін қажет. Қазақ әдебиеті енді ғана міне осы табиғи міндетін атқаруға кіріскен еді, араға келіп «зор төңкеріс» араласты. Ал, бұл төңкеріс (революция–авт.) қазақ үшін өз тарихы тудырған, өз өмірінен қайнап шыққан төл құбылыс емес, еуропа тарихынан туындап, орыс шындығы арқылы сырттан телінген жат құбылыс. Мағжан ақын жасаған батыл да негізді тұжырымдардың бірі осы.

Сол сияқты әлгінде ғана орнаған билік қазақ әдебиетіне (әдебиетіне ғана емес! – авт.) ұлттық құндылықтарды түгендеуді қойып, жаңа ұстанымға, яғни тек еңбекші бұқараның ғана мүддесін түгендеуге, қорғауға көш дейді. Яғни отарлық тәуелділіктегі қоғамға тән табиғи ұлтшылдық көзқарастан үзілді-кесілді бас тартып, тұтастыққа жете алмай келген ұлтты бөліп-жаруға бастайтын большевиктік-интернационалдық, бибауырмал (А.Байтұрсынұлы) көзқарасқа өт дейді. Мағжан ұғымында бұл домбыраның барлық шегін емес, бір ғана шегін басуды талап етумен тең. Ал, бір ғана шекті басудан терең мағыналы күй шықпайды. Бұл енді ғана ұлт өмірінің толыққанды суретін салуға ұмтылыс жасап отырған өнердің өрісін шектеп, тарылту дегенді білдірмек. Ұлт өмірінің белгілі бір қырын оның басқа қырлары мен беттеріне қарсы қою, өнердің тынысын тарылтумен тең. Еуропа әдебиетінің өмірді барлық қырынан игеруде жиған мол тәжірибесі бар, яғни бұл оның асқар таудай байлығы. «Еуропа өмірінің өрі, қыры, күнгей де, теріскей де беттері әдебиетіне түскен. Еуропа адамының терең сезімдері, асқарлаған қиялдары әдебиет алыптарының сұлу суреттеріне бөленіп жалпы адамзаттың алдына тасталған. Қара да, хан да, бай да, кедей де, данышпан да, надан да, ер де, әйел де, тәңірге махаббатшылы да, елге махаббатшылы да, әйелге махаббатшылы да, ұлтшылы да, ортақшылы да, бүгіншілі де, ертеңшілі де, меншілі де, сеншілі де, бәрі де жақсы да, жаман да жағынан суреттелген». Бұл Еуропа халқының (арасында бұқарасы да бар) атадан қалған мол рухани қоры, байлығы. Адамзатқа, әрбір халыққа өз өмірін түсіну, қорыту ісінде көрсеткен ғажап үлгісі, өнегесі. Яғни кез-келген ұлтқа өзінің жүріп өткен жолын, өмірін қорыту, түсіну ісінде бұл ортақ жол, ортақ тәжірибе, басқа жол жоқ.

Сол сияқты қазақ елінің де «күнді һәм күңгірт дәуірлері болған һәм бар. Қазақтың өзінің жаратылысқа, өмірге, тұрмысқа өзіндік көзқарасы, өзінше философиясы, терең сезімі болған һәм бар. Осылардың бәрі туралы әлі айтарлық қалам тартылған жоқ». Олай болса Мағжан ақын түсінігінде «өзінше елді қоғамдаған хан, қоғамды қорғаған батыр, өзінше қоғамның қорғаны болған би, хан заманындағы құл, төре заманындағы төлеңгіт, бай заманындағы кедей, жауынгер ерге жолдас болған әйел, өткен ертегі күніміз, ертегідей күніміз» бәрі-бәрі неге әдебиет тақырыбына айналмасқа? Яғни енді ғана өз өміріңді игеру жолына түскен әдебиетті белгілі бір тақырыппен шектеу әділеттілік емес. Өмір дарағы қандай бай, мәуелі болса, ұлттық өнердің де салған суреті, тартқан күйі сондай сан қилы, сан қырлы болғаны жөн. Осы арнада өркендемей «қазақ адабияты терең адабият бола алмақ емес. Осылар түспей адабият өз адабиятымыз бола алмақ емес».

Бұл «Табалдырықты» жазып, оны шығармашылықтағы қазақ қаламгерлерінің алдына тастаған Мағжан ақынның ұлт өміріне, оның өткен жолына терең бойлап жасаған тұжырымы, сол арқылы қабылдаған ұстанымы еді. Сонымен бірге мұндай шығарманың өмірге келуі кезінде негізін Әбу Нәсір әл-Фараби мен Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн сияқты ұлы шығармашылық иелері қалаған ұлттық қоғамдық ой мен әдебиеттің өз табиғи арнасында тұрғандығының, өмірдің түрлі аумалы-төкпелі кезеңдерінде оның өзекті идеясы мен биік мақсат-мұраттарын қорғай алатын Мағжан сияқты алып тұлғаларының бар екендігінің де дәлелді көрінісі болатын.

Өткен жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде осылайша ұлттық азаттық үшін күрес жолына түскен қазақ елі ұлт зиялыларының қызметі арқылы өзінің қоғамдық өмірін қайта бағалау арқылы болашаққа ұмтылудың ғажап сәтін басынан кешірді. Ұлт өмірінің бұл ішкі терең сұранысын білдіретін ренессанстық тұлғалар да бүтін бір буын ретінде ұмсынып алға шықты. Сол арқылы ұлт өмірі мен оның болашағын сырттан төнген сұрапыл қауіптен сақтап қала аларлықтай мүмкіндік туды. Өкінішке орай, бұл басталған процесс тағы да сол сырттан болған қатыгез араласудың нәтижесінде өз табиғи арнасында тиесілі даму және өзгеру сатыларынан өте алмастан, бастапқы қарқынды қадамында-ақ ұлыдержавалық зорлықшыл күштің қаһарына ұшырады. Сөйтіп, Құдіретті Жаратушы сирек жіберетін, жанартаудай ұлттық жаңғыру сәті бесігінде тұншықтырылды. Мағжан ақынның «Табалдырық» аталатын бағдарламалық манифесі осы сәттегі ұлттық рухтың идеологиялық отарлауға қарсылығының нақты көрінісі, найзағайдай жарқылы болатын. Оның ұлы таланты, шығармашылық шабыты бағындырған шырқау шыңдарының бірі-тін.

Сонымен, Мағжан ақынға «Табалдырықты» жазуға түрткі болған жағдайға қайта оралайық. Ж.Сәрсембин жоғарыда аталған көрсетуінде (1929ж., 5 мамыр) 1924 жылы желтоқсанда Мәскеудегі қазақ студенттерінің жерлестігі өткізген Мағжан Жұмабаевтың «Өлеңдер» жинағын талқылауға арналған кештен соң ақынның өзімен болған кездесуінде оған Мағжанның ұлтшыл ұстанымдағы жазушылардан алған бірнеше хаттарды көрсетіп, оларда хат авторларының «Алқа» сияқты ұйым құру үшін, оның платформасын даярлау қажеттігі туралы ұсыныстар жасалғандығын айтады. Хат арқылы ұсыныс жасағандардың қатарында Ленинградтан М.Әуезов, Орынбордан Ж. Аймауытов, Ташкенттен Х.Досмұхамедов, К.Кемеңгеров, А.Байтасов және М.Есболов бар еді. Ташкенттік топ осындай ұсыныспен бір емес, екі хат жазған сияқты. Сондай-ақ, осы мазмұндағы хаттар Семейдегі С.Дөнентаевтан, Х.Ғаббасовтан және М.Тұрғанбаевтан, Орынбордағы Алдоңғаров пен Е.Омаровтан, Петропавлдағы Ж.Тілеулин мен Ғ.Кемелевтен, Ақмоладағы Хайретдин Болғанбаевтан келген еді. Өкінішке орай, бұл хаттарды ғылыми айналымға тарту бақытын тағдыр бізге жазбаған сияқты.

Егер бұл фактіні шындық ретінде қабылдасақ, онда Мағжанның «Алқа» ұйымын құруға байланысты осы аталған кісілермен пікір алысып, олардың қолдауын алған соң «Табалдырықты» жазуға кіріскенін аңғаруға болады. Басқаша айтқанда, Мағжан ақын өзінің пікірлестерімен хат арқылы кеңесіп, олардың қолдауын алған соң «Табалдырықты» даярлау ісіне 1924 жылы кірісіп, келесі 1925 жылы аяқтаған еді.

Ендігі уақытта даяр болған платформаның мәтінін қолмен көшіру арқылы көбейтіп, жоғарыда аталған адрестерге тарату қалған-тын. Жәкен Сәрсембиннің бұл іске тартылуы осы мезгілде, яғни платформаны көшіру және тиесілі адрестерге тарату кезеңінде болған. Ж.Сәрсембин: «Жұмабаев хатты оқып болған соң аталған кісілерге пошта арқылы тарату үшін платформаны көбейту керектігін айтты. Осы мақсатта ол маған платформаны көшіруді ұсынды. Мен, Жұмабаев және оның інісі болып бір жетінің ішінде мәтіннің 17 данасын даярладық, олардың бір данасын өзімде қалдырдым» [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 011494 - іс, 2 - т., 96-97 пп.], – деп көрсетеді.

Ж.Сәрсембин көрсетуінде берілген бұл фактілерге сенуге болады. Өйткені Мәскеуде қазақ алфавитіндегі теру машинкасын табу оңайға түспейтін, сондай-ақ болған күннің өзінде ондай машинкамен «Табалдырық» сияқты құжат мәтінін алудың өзі қауіпсіз емес-тін. Сондықтан да платформа мәтінінің қолмен көшіріліп көбейтілгендігі, бұл іске үш адамның бірі болып Ж.Сәрсембиннің қатысқаны ақиқат. Ал Мағжанның інісі деп отырған үшінші кісінің кім екендігін бұл көрсетуінде атамаған. Өз қолымен жазған көрсетуінде (1938 ж., 6 қаңтар) мәтінді көшіруге қатынасқан мәскеулік студент ретінде Аманғали Сегізбаевты атайды. Яғни, Мағжан ақын платформаны даярлауға (оқыған, түзеген және көшірген) қатынасқан кісілерді Мәскеудегі Мемлекеттік журналистика институтының студенттері Сәрсембин және Сегізбаевпен, сондай-ақ осы институтқа тыңдаушы ретінде келген Ілияс Жансүгіровпен шектейді. Ал Сәрсембиннің Мағжанның інісі деп отырғаны А.Сегізбаев болса керек.

Сонымен бірге «Үлкен террор» кезеңіндегі тергеу материалдарына қатысты мынадай бір ерекшелікті зерттеуші назардан тыс қалдыра алмайды. Тергеушілердің басым бөлігі (бұл арада Дмитриенко және Саенко) жүргізген ісіне қатысы болуы мүмкін деген адамдардың санын неғұрлым кеңейте түсуге құштарлық танытты. Сол арқылы кез-келген істі кеңестік билікке қарсы ұйымдасқан топтың қастандық әрекеті ретінде, ал өзін сол ұйымдасқан топты әшкерелеуші «тұлға» ретінде көрсетуге тырысты. Кеңестік репрессиялық машинаның ерекшелігі сонда, оған тартылған, оның торына іліккен адам шыбындай панасыз күйге ұшырады да, ал ол істі жүргізген тергеуші әрқашанда жеңіске жететін ақылды да тапқыр тұлға рөлінде болды.  «Табалдырыққа» байланысты да тура осындай жағдай байқалады. Мәселен, Мағжан ақын атынан баяндалған мына жағдай соның айғағы: «Сонымен, Сәрсембиннің, Сегізбаевтың және Жансүгіровтың қатысуымен мен даярлаған, сондай-ақ Бөкейханов пен Байтұрсынов қолдаған «Алқа» бағдарламасы қолдан көшірумен көбейтіліп пошта арқылы мынадай адрестерге жіберілді: Қызылордадағы М.Дулатов пен Е.Омаровқа, Петропавлдағы Ж.Тілеулин мен Семейдегі М.Әуезовке. Бұл кісілердің бәрінен де қолдау таптым, сондай-ақ «Алқа» бағдарлама-платформасы рухында әдебиет саласында жұмыс жүргізуге уәде алдым» [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 07875-іс, 3-т., 54-54 об пп.]. Міне бұл үзіндіден тергеушінің көздеген мақсаты анық байқалып-ақ тұр. Біріншіден, бағдарламаны жазушы мен оған көмек берушілер анықталса, екіншіден бағдарлама идеясын қолдаушылар мен оған дем берушілер «белгілі», үшіншіден, сондай-ақ, бағдарламаны сұратып алып, ендігі уақытта оның идеясын «іске асырушы» субъектілер де ашылып отыр. Басқаша айтқанда, бұл арада тергеушілер жоспарлағандай «антисоветтік» пиғылдағы қазақ ұлтшылдарының «Алқа» ұйымының «сұлбасы» шығып тұр. Тергеуші үшін ең маңызды нәрсе билікке қарсы «ұйымдасқан» топтың іс-әрекетінің әшкерленуі, топқа тартылған адамдардың аты-жөнінің аталуы еді. Репрессия машинасының жұмыс механизмі, өзіндік логикасы міне осы.

Тергеуші Саенконың Мәскеуде жазылған «Табалдырыққа» қозғалыс басшылары Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың қатынасын анықтауға тырысқандығы логикаға толық сиымды әрекет. Өйткені аталған тұлғаларсыз Саенконың құрған конструкциясы сенімсіз болып шығар еді.

Сондықтан да ол Ж. Сәрсембинге бұл мәселеге қатысты бірнеше сұрау қойғандығы хақ, бірақ тергеуші мен тергелушінің екеуара сөзі «сұрақ-жауап» түрінде емес, жай баяндау түрінде берілген. Дегенмен тергеу хаттамасында тақырыпқа қатысты берілген фактілер көңілге қонымды екендігін мойындаған жөн. Мәселен, Ж.Сәрсембин Мәскеуге жалпыодақтық мұғалімдер съезіне келе жатқан А.Байтұрсынұлының жеделхат арқылы Мағжан ақынға хабарлап, күтіп алуын өтінгенін, ал темір жол вокзалына Ә.Бөкейханов және М.Жұмабаевпен бірге өзінің де барғандығын айтып, сол күні кешінде делегаттар орналасқан жатақханадағы А.Байтұрсынұлы бөлмесінде «Табалдырық» мәтінінің оқылып, оның соңы өзара ой бөлісуге ұласқандығын баяндайды. Міне сол отырыста Әлекең платформаны қолдап, оны тарату жағын ұйымдастыруды қарастыруды ұсынады. Ал Ақаң қазақ әдебиетіндегі жағдайға тоқталып «еуропалықтар қазаққа еуропалық костюм кигізгісі келеді, ал шаруашылық ерекшелігіне байланысты қазаққа шапан кию қолайлы. Қазақтың түйесін поездың артына тіркеп қойғысы бар. Мұндай жағдай оған тиімсіз» екендігін білдіріп, «қазақ әдебиеті ұлтшылдық ұстанымда болуға тиіс», бірақ бұл ретте «әдебиет пен саясатты араластырудан аулақ болған дұрыс» деген тұжырым жасайды. Басқа дерек көздерімен салыстыра отырып Ақаңның бұл айтқандарының оның жалпы ұстанымы арнасында екендігіне көз жеткізу қиынға түспейді.

А.Байтұрсынұлы 1929 жылы 18 маусымда тергеуші Саенкоға берген жауабында «Мен Қазақстандағы әдебиеттегі ағымдармен таныспын, бірақ олардың ешқайсысына да қосылған емеспін, өйткені әдебиеттен қандай бағыттың, яғни пролетарлық бағыттың ба, жоқ әлде ұлтшылдық бағыттың ба үстемдік алатындығы мен үшін соншалықты маңызды емес... Қазақ әдебиетінің қандай бағытта даму алатындығын мен ешкіммен талқыға салған емеспін. Мәселен, Бөкейхановпен бірге М.Жұмабаев даярлаған платформаны оқығандығымыз есімде жоқ. 1924 жылы күзде Мәскеуде өлкетанушылар съезіне барып, РСФСР Наркомпросының жатақханасына тоқтағанда Бөкейханов пен Жұмабаев менің бөлмемде болған да шығар. Сонда отырып «Табалдырық» платформасын оқыдық деп айта алмаймын. Әдебиетке қатысты қолжазба түрінде ме, жоқ әлде газеттік пе материалдарды оқыған да шығармыз, есімде жоқ. Сәрсембинді ұмытқан жоқпын. Мәскеуде болғанда Жұмабаевпен бірге жүргені есімде» [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 07875-іс, 3-т., 1-2 пп.]деген көрсетулермен шектеледі. Әдетте, тергеушілерге берген жауабында фактілерге өте сараң А.Байтұрсынұлының бұл жолы да ақтарыла салмағандығы байқалады.

«Табалдырықтың» біраз адреске таратылғаны анық. Ол жөнінде пошта арқылы бағдарламаның мәтінін алғандар өз көрсетулерінде жасырмай айтқан. Мәселен, М.Әуезов 1931 жылы 20 қыркүйекте тергеуші Поповқа берген көрсетуінде «Жұмабаевтан бір конвертке салынған хат пен «Алқаның» бағдарламасын Семейде жүргенде алдым, ал алдын-ала ешқандай да хат арқылы пікір алысқан емеспіз. Бұл «Алқадан» құпия әрекет ретінде бағалануға тиіс ештеме көргенім жоқ, платформаны алған соң БК(б)П Семей Губкомының үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі» газетінің редакторы Тоқжігітовке көрсеттім, «Алқа» мәтіні менде қалды, ал оны қолдайтындығымды және осы ұстанымдағы қаламгерлердің ұйымын ресми түрде құру үшін қазақ әдебиетшілерінің жиылысын шақыру қажет екендігін айтып Жұмабаевқа хат жаздым, іс осымен аяқталды» [ҚР ІІМ АҚДА. 2370-іс, 4-т., 829-831 пп.] – дейді.

«Табалдырықтың» бір дана көшірмесін Мағжан ақын бұрын өзі жұмыс істеген (1921–1922жж.) Петропавлдағы «Бостандық туы» газетінің редакциясына жібереді [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 07875-іс, 2 т., 16-20 пп.]. Ол жөнінде Жұмағали Тілеулин: «Алқа үйірмесіне байланысты мен бұрынғы көрсетуімде айтқанымды қайталаймын, яғни «Алқа» платформасының бір данасы «Бостандық туына» келді. Ол жөнінде редакцияның қазақ қызметкерлерінің жиналысында Айтқожин және оның орынбасары Бекішев айтты. Ол жөнінде басқа ештеме естігенім жоқ, сондай-ақ М.Жұмабаевтың өзінен басқа ешкімге жазған да емеспін. Ал оған жауап хатымда Петропавлда «Алқаға» қатысты редакция тарапынан ешқандай әрекет жоқтығын айттым...» [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 07875-іс, 2 т., 814 п.], – дейді.

Мағжан ақынның «Табалдырықты» жіберген адрестерінің бірі Ташкент еді. Бұл мезгілде алаштық зиялылардың біразы осы қалада қызметте жүрді, сондықтан да ақынның өз манифесін пікірлес серіктеріне жолдап, қолдау күтуін толық табиғи нәрсе ретінде қабылдауға болады. «Табалдырықтың» Ташкентке пошта арқылы жіберілгенін ақынның жерлесі Байтасов Абдолла тергеушіге берген көрсетуінде (1929 ж., 14 шілде) айтады.

А.Байтасовтың бұл көрсетуіне қысқаша болса да тоқталған жөн. Өйткені құжатта Мағжан ақынның сол мезгілдегі шығармашылықтағы ұстаным ерекшелігі байқалады. «1925 жылы Жұмабаев Мағжан маған бірнеше мәрте хат жолдап, оларда қазақ әдебиетінің ауыл тұрғындарына жақын болғаны дұрыстығын айтты. Жұмабаевтың әдебиеттің бағыты жөніндегі хаттарын Ташкентте редакцияда істеп жүрген Әуезов Мұқтардан да көрдім. 1925 жылы Жұмабаев Мағжан Мәскеуден маған Аймауытов, Кемеңгеров және Ысқақовтан тұрған топқа арнап қазақ әдебиетінің бағыт-бағдары жөніндегі «Алқа» бағдарламасын жіберіп, оны талқыға салып, пікір білдіруді өтінді. Хат пошта арқылы жіберілді, сондай-ақ ол партияда барларға да және одан тыс жүргендерге де арналған еді», – деп көрсетеді А. Байтасов [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 07875-іс,3-т., 1430-1431 пп.]. А.Байтасов осы көрсетуінде бағдарлама нұсқаларының А.Сегізбаевта, Ж.Сәрсембинде және М.Әуезовта болғандығын, ал «Алқа» бағдарламасы жөнінде Ә.Бәйділдиннің білгендігін, сондай–ақ Сәдуақасов, Мұқанов және басқалардың хабардар болуы мүмкін екендігін айтады.

Әбдірахман Байділдин өз ретінде «Табалдырықпен» таныс екендігін мойындайды. 1929 жылы 1 шілдеде тергеушіге берген мәліметінде ол бағдарлама жөнінде 1925 жылы естігенін, тіптен «ұлтшыл» М. Жұмабаевтың «Алқа» ұйымын «құрып» қойғандығын көрсеткен. Сондай–ақ Мәскеуде жүрген Жұмабаевтың Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде (КУТВ) сабақ жүргізіп, «Табалдырықтағы» негізгі тұжырымдарды сонда баяндағанын да білдіріп өтеді [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 07875-іс, 3-т., 73-76 пп.].

Ә.Байділдин көрсетулерінен, сондай-ақ осы мезгілге тән басқа да фактілік материалдардан бір нәрсе анық байқалады. Мәскеудегі Шығыс баспасы, Ташкенттегі «Ақжол» газеті және басқа баспа құралдары арқылы ұлт–азаттық ұстанымындағы шығармашылықтағы топ Орталық биліктің кеңестік жаңа отарлау курсына мүмкін болғанша қарсылық көрсетіп бақты, интеллектуалдық күрестің жаңа әдіс-құралдарын игерді. Газет-журнал беттерінде әдебиеттің өсу және өзгеру бағыттары жөнінде дискуссиялар ұйымдастырды («Ақжол», «Еңбекші Қазақ», «Қызыл Қазақстан» ж.б.). Өз ұстанымдарын цензурадан өткізу үшін олар эзоптық тілмен, яғни негізгі ойды жұмбақтап, жасырып айту, мысалы, ертегі, аңыз кейіпкерлерінің әрекеті арқылы білдіру сияқты әдіс-құралдарын пайдаланды. Алаштық зиялылардың 20-жылдары жүргізген бұл әрекеті интеллектуалдық күрестің қайталанбас ғажап үлгісі ретінде бағалануға лайық.

Қазақ ұлтшылдарының жаңа қалыптасқан саяси жағдайда халыққа өз ойы мен ұстанымын білдіруде эзоптық әдіс–құралдарға көшкендігін кезінде Ф.Голощёкин де тура байқаған еді. Ол Өлкелік партия комитетінің 5- конференциясында (1925 ж., желтоқсан) қазақ басылымдарындағы («Еңбекші қазақ», «Ақжол» ж.б.) материалдардың мазмұнына тоқталып, бұл ақпарат құралдары «анық та түсінікті тілмен айтуға болмайтын нәрселер жөнінде астарлы аңыз, мысал тілімен жазып үйренген, бұл жалпыға бірдей құбылысқа айналған. Белгілі бір мысалдың астарында біреудің іс-әрекеті тұрады. Мұндай әдісті патшалық баспасөзде эзоптық тіл деп атайтын» [Отчет Казкрайкома РКП (б) 5-ой Всеказахской конференции РКП(б).1925:] – деген тұжырымға келіп, белгілі дәрежеде, шындыққа жақындай түскен еді.

Тіке, ашық айтуға болмайтын мәселелерді ыммен, астармен айту әдісін әсіресе Мәскеудегі Шығыс баспасы (қазақ редакциясын басқарушы Нәзір Төреқұлов) тамаша игергендігі байқалады. Ал бұл кезде баспада Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев сияқты астарлы ой айту ісінде әбден төселген сөз шеберлері жұмыс жасады. Қысқа мерзім болса да бұл кісілермен осы баспада қызмет атқарған Ә.Байділдин баспа меңгерушісі Н.Төреқұловтың бұл аталған штаттағы қызметкерлеріне «зор құрметпен әрі сеніммен» қарағандығын айтады. Баспа басшылығы мен оның қызметкерлері арасындағы өзара түсінушілік алаштық зиялыларға бұл маңызды орынды қысқа мезгілге болса да халық шығармашылығының үздік туындыларын (ескі аңыз, ертегі, жыр т.б.с.с.), сондай-ақ өз шығармаларын жарыққа шығарып отыру арқылы, қазақ қоғамымен байланыс үзбеу мақсатында пайдалануға мүмкіндік туғызған еді. Мәселен, А.Байтұрсынұлының ел арасынан жинап, түзетіп, даярлап, осы баспадан шығарған «Ер Сайын» (1923 ж.) және «23 жоқтау» (1926 ж.) сияқты кітаптары осы пікірге дәлел бола алады.

Халық шығармашылығының үлгілерінен құрастырылған бұл екі кітап та, әрине, сол тарихи мезгілдегі алаштық зиялылардың көңіл-күйінен хабар беретін еді. «23 жоқтауға» жазған кіріспе сөзінде Ахаң бұл туындыларды қазақтың тіл мәдениетінің үлгілері ретінде ұсынады. Тек осы ойды ғана басшылыққа алып отырғандығын білдіреді. Ал шын мәнінде астарлы ой тереңде жатты. «23 жоқтау», белгілі дәрежеде, әлгінде ғана жеңіліс тапқан ұлт–азаттық қозғалыс басшыларының шерлі көңіл–күйін білдіретін шығармалардан тұратын еді:

Құйрық атып құлиа,

Түлкідей қашқан жымиа,

Қараңды үзіп барасың

Бізден де, қайран дүниа.

Көп жылдар қудым артыңнан,

Лашындай сызып жер қиа... [Байтұрсынұлы А, 2013: 76].

Кеңестік биліктің шешімімен Мәскеуде жалғыз бөлмелі пәтерде тұруға мәжбүр болған Ә.Бөкейханов тергеушінің «қазіргі уақытта кіммен сыр бөлісесіз?» деген мағынадағы сауалына «Менің екі-ақ жанмен сырласуым мүмкін, олар А.Байтұрсынұлы және М.Дулатұлы, бірақ олармен оңаша сыр алыса қалған күннің өзінде біз өкініш пен мұңнан арыла алмадық», – деп көрсетеді. Шәңгерей ақын айтқан жоқтаудан алынған жоғарыдағы жолдар қазақ азаттық қозғалысы басшыларының сол мезгілдегі көңіл-күйін дәл беретін еді.

Сәл кешірек біз бұл тақырыпқа ораламыз, енді «Табалдырық» авторының өз шығармасын кең ауқымға шығару әрекетіне тоқталайық. Сонымен, 1925 жылы Мағжан ақынның манифесімен Орынбор, Ташкент, Қызылорда және Петропавл сияқты орталықтардағы зиялылар танысты. Олар дерлік түгелдей Мағжан ақын ұсынған ұстанымды қолдайтындықтарын білдіргенімен, «Алқаны» білек түрініп құруға кірісіп кетуден іркілгендіктері байқалады. Бұл арада, әрине, түсініксіз ештеме де жоқ. Одақта күш алып келе жатқан диктатуралық тәртіп қазақ зиялыларына «Алқаны» құруға жол бермейтіндігі анық-тын. Осы ретте Т.Жұртбайдың «Алқа» ұйымы жасырын түрде қызметін жүргізді деген пікірін қолдау қиын. Мұндай тұжырымға негіз боларлық фактілер жоқтың қасында. Ал тергеу барысында алынған көрсетулерді сол күйінде қабылдау қателікке ұрындырар.

Дегенмен, елдегі ұлтшыл ұстанымдағы зиялылардың «Табалдырықты» жариялауға ынта танытқандықтары жөнінде айтуға негіз бар. Ж.Сәрсембин 1925 жылы қаңтарда оқуын аяқтамастан кейін шақырылып Орынборға оралып, журналистік қызметпен айналысқандығын, осы мезгілде Мағжан манифесін басылым арқылы жарыққа шығару жолдарын қарастырғанын мойындайды. Бұл іс бойынша оның алдымен сөйлескен адамы сол тұстағы «Еңбекші қазақтың» бас редакторы Смағұл Сәдуақасұлы. С.Сәдуақасұлы манифест идеясына қолдау жасап, газетке басуға келісімін береді, бірақ оны әуелде Е.Омаровқа, С.Қожановқа және Ж.Аймауытовқа оқытып, олардың пікірін біліп алуды ұсынады. Ж.Сәрсембин С.Сәдуақасұлымен екеуара болған әңгімеде, «Алқа» үйірмелерін құру жөнінде де сөз қозғалғандығын, бұл іске Смағұлдың іштарта қарағандығын білдіреді. Ж.Сәрсембиннің бұл көрсетуі негізсіз емес-тін. Басқа дерек көздері де С.Сәдуақасұлының Мағжан ақын ұсынған «Алқа» ұйымын құру идеясымен таныс болғандығын растайды.

Шешімі 1925 жылы қабылданып, 1926 жылы күзде ұйымдастырылған ҚазАПП (қазақ пролетариат-қарашаруа жазушыларының одағы) шығармашылықтағы зиялылар арасында түрлі қайшылықты ұстанымдар туғызды. Оның платформасында көрсетілгендей басты міндеті қазақ ауылындағы байлармен, «байлардың өкілі алашорданың ықпалымен» күресте «партияға көмектес болу» еді [Мұқанов С, 1964: 230]. Бұл арада әу бастан-ақ бұл одақтың біріншіден елдегі саяси билікті қолына шоғырландырған партиялық диктатураның идеологиялық құралы ретінде өмірге келгендігі айқын болса, екіншіден, оған өзінің табиғи арнасы ұлтшылдық ұстанымында тұрған шығармашылық иелеріне қарсы ашық шабуылға көшу ісінде белсенді рөл атқару міндеті де жүктелген-ді. Басқаша айтқанда, Ресейдегі тап күресі идеологиясын сол күйінде қабылдаған КазАПП, қазақ топырағында (постколониалдық кезеңдегі) өзінің толық табиғи арнасында тұрған қазақ ұлтшылдығымен күрес жолына түсті. Бұл 20–30 жылдардағы кеңестік билік жүйесі жағдайында талантты және белсенді қазақ жазушыларын жаппай репрессиялау саясатына идеологиялық негіз, алғышарт жасаумен, сол арқылы империялық орталықтағы ұлыдержавалық күштердің теориялық, идеологиялық үстемдігіне жол ашып, оларға белсенді қызмет жасауды білдіретін еді.

ҚазАПП-қа жүктелген міндеттің астарын тура түсінген санаулы тұлғалардың қатарында С.Сәдуақасұлы да болды. Міне осы топтың талабы және белсенді атсалысуымен 1926–1927жылдары қазақ тілді басылым беттерінде ҚазАПП төңірегінде қызу айтыс болып өтеді. ҚазАПП идеясын қолдаған жазушылар «Жыл құсы» аталатын әдеби жинақ төңірегіне бірігеді. Айтыс өзінің шарықтау шегіне 1927 жылы жетеді. Міне осы айтыс барысында ҚазАПП-қа қарсы топтағылар бұл ұйымды жауып, оның орнына «Советтік жазушылар одағын» құруды ұсынады. 1927 жылдың басында Өлкелік партия комитетінің баспасөз бөлімінде осы мәселені талқылауға арналған 2–3 кеңес болып өтеді. Ә.Байділдин тергеу барысында берген көрсетуінде бұл кеңестерде орын алған айтыс-тартыстың баспасөз бетіндегіден анағұрлым ымырасыз ашық, қарсыласу түрінде өткендігін айтады. Міне осы болып өткен кеңестердің алғашқысында (1927ж., наурыз) С.Сәдуақасұлы мен Ш.Тоқжігітов ҚазАПП-ты таратып, оның орнына түрлі бағыттағы жазушылардың басын біріктірген Советтік жазушылар одағын құруды ұсынады. Ал олардың бұл ұсынысын О.Жандосов, Ж.Сұлтанбеков, Ғ.Тоғжанов және Орынбаев қолдайды. Міне осы топтың тапсыруымен Ғ.Тоғжанов Өлкелік партия комитетіне аталған ұсыныспен кіреді. Өлкелік комитет бұл ұсынысты «Алқалықтардың» әрекеті ретінде бағалап, қабылдамай тастайды [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 011494 - іс, 6-т., 177-178 пп.].

Бұл баяндалған фактіден С.Сәдуақасұлының «Табалдырық» манифесімен жақсы таныс болғандығын және ондағы ұстанымды іске асыру жолында тұрғандығын аңғару, әрине, қиынға түспейді. Дегенмен, «Табалдырықты» ашық баспасөзде жариялауға С.Сәдуақасұлының ерік-жігері жеткенімен, оған партиялық цензура жол бермейтіндігі айқын еді.

С.Сәдуақасұлының қазақ ұлт-азаттық қозғалысындағы орны мен рөлін жақсы түсінген тергеуші Саенко мен оның серіктері тергеу барысында міне осы мәселеге мүмкін болғанша нақты да толық жауап алуға тырысқандығын атап айтқан жөн.

Біз үшін «Табалдырыққа» байланысты аса маңызды мәселелердің бірі, мүмкін ең негізгісі, ол платформа ұсынған ұстанымдағы қазақ жазушылары мен олардың осы арнада өмірге келген туындыларын мүмкін болғанша анықтау болса керек. Бұл ретте алдымен ұлттық көркем ойда осы тарихи мезгілде қалыптасқан мынадай жағдайға тоқталған жөн.

XX ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысы қазақ әдебиетінде жаңа ағымның қалыптасуымен ерекшеленді. Ғасырдың басындағы азаттық қозғалыстың толқынында өмірге келген жаңа мазмұндағы көркем ойдың көтерген ұраны, қойған мәселесі қазақты ояту, оның аянышты да қауіпті жағдайын халықтың өзіне таныту болды. Осы мезгілде жарық көрген шығармалардың атынан-ақ («Оян, қазақ!», «Маса», «Тұр, қазақ!», «Сарыарқа кімдікі?» ж.б.) олардың мақсат-міндеті көрініп тұрды, сондай-ақ революциялық өзгерістер қарсаңында қазақ қоғамында жаңа ситуация қалыптастыруға тікелей өз үлесін қосты. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, келесі 1917 жылы бүкіл қазақ жерінде болып өткен қазақ сьездері, солардың нәтижесінде қазақ комитеттерінің өмірге келуі (ұлттық мемлекеттілікке ұмтылыс), қазақ қоғамының Алаш партиясы ұсынған бағытқа қолдау көрсетуі, белгілі дәрежеде, ғасыр басындағы қазақ қоғамдық ойы мен ұлттық әдебиеттің мақсатты қызметінің нәтижесі еді. Алашорда мемлекетінің құрылуы, Алаш автономиясын жариялау әрекеті ғасыр басындағы әдебиетті өмірге әкелген буынның осы мезгілде жүргізген ағартушылық, сондай-ақ саяси қызметінің де жиынтық көрінісі болатын.

Өкінішке орай, бұл буынның ерлік қызметі күткен нәтиже бермеді, азаттық қозғалыс жеңіліске ұшырады. Ол үшін, әрине, алғашқы буын ұлт-зиялыларын кінәлау ағаттық болар еді. Трагедияның түп-тамыры империя құрамындағы аз ұлттардың еркіндігін мойындаудан бас тартқан жаңа большевиктік биліктің антидемократиялық табиғатында жатты. Әлгінде ғана бас көтеріп, азаттыққа ұмтылыс жасаған ұлттық сана енді жеңілістің уын ішуге мәжбүр болды. Соған байланысты 20-жылдардың ортасынан басталып 30-жылдардың алғашқы жартысын қамтыған ұлт зиялыларының шығармаларындағы жаңа кезең қазақ қоғамдық ойындағы екіұдай (екіжақты) көңіл-күйінің көрінісі болды. Ахмет Байтұрсынұлының баспа көрген «Жоқтау» жинағы мен «Бесік жыры» алғашқы буын ұлт зиялыларының 1917–1918 жж. жеңіліске ұшыраған азаттық қозғалыстан кейінгі басыңқы көңіл-күйін білдірсе, Мағжан ақын қаламынан туған «Табалдырық» және «Жүсіп хан», М.Әуезовтің «Хан Кенесі», І.Жансүгіровтың «Күйші» және «Құлагері», келесі екінші буын шығармашылық иелерінің ұлтқа жеңілістен кейінгі қайғылы жағдайын білдіре отырып, оны күйректіктен, біржола түңілуден сақтап, жігерлендіріп, жаңа күреске, жаңа ұмтылысқа даярлау әрекетінің көрінісі еді. Өйткені бұл буынның бойында жаңа қарқын, аға буын берген отанға, елге деген махаббат оты бар-тын. Олар Абайдың:

Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме,

Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме, – деген өсиетіне сенетін еді.

Бірақ, елдегі большевиктік тәртіпке қарсы кез-келген болар-болмас наразылықты зор күшпен басып жаншуға даяр тұрған саяси билік жағдайында еркін әдеби ойға да орын жоқ-тын. Соған байланысты ұлтшылдық ұстанымындағы қазақ жазушыларына жоғарыда айтылғандай эзоп тілін, яғни шындықты терең жасырып, астарлап айту әдісін игеруге тура келген еді. Мағжан ақын бастаған жаңа буын ұлт жазушылары бұл жолда табыссыз да емес-тін. Өмірге мазмұндық тұрғыдан жаңа да тұтас көркем шығармалар шоғыры келді. Енді осы «Табалдырық» ұстанымындағы шығармаларға тоқталайық.

М.Жұмабаев 1938 жылғы 6 қаңтарда берген көрсетуінде қазақ қаламгерлері арасында «Алқа» платформасын белсенді түрде ұстанғандар ретінде Ж.Аймауытовты, А.Байтасовты, М.Әуезовты, Қ.Кемеңгеровты және І.Жансүгіровты атайды [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 09797-іс, 87-п.]. Бұл ретте ол Ж.Аймауытов пен А.Байтасовтың Ташкент басылымдарында бірнеше өткір мақалалар жариялағанын, ал І.Жансүгіровтың «Күйші», «Құлагер» және басқа шығармаларын «Табалдырық» және тарихи романтизм рухында жазғандығын мойындайды.

Сонымен «Табалдырықта» баяндалған ұстанымдағы ұлт жазушылары «Алқа» түріндегі ұйымдарын құра алған жоқ, жаңа орнаған билік ондай әрекетке жол бермейтіндігін елдегі қалыптасқан саяси жағдай көрсетті. Сонымен бірге Мағжан ақын ұсынған идея тек ұсыныс күйінде қалып қойды деген тұжырымға келсек, онда «Табалдырық» ұстанымы арнасында өмірге келген қазақ көркем ойының біраз туындыларын түсіне алмағандыққа ұрынар едік. Біздің пікірімізше, жоғарыда Мағжан Жұмабаев атаған жазушылар қаламынан туған біраз туындыларды осы «Табалдырық» ұстанымындағы шығармалар шоғыры ретінде қарастыруға толық негіз бар.

«Табалдырықта» Мағжан ақын ұсынған ұстанымды белсенді түрде талқыға салған Ташкенттегі «Ақжол» газеті болды. 1925 жылы газет беттерінде «Біздің сауалдарымыз (анкеттер)» деген рубрика мен әдебиеттегі процесті талдауға алған жазушы және журналистердің мақалалары тұрақты түрде жарық көріп тұрды. Газет ұйымдастырған бұл дискуссия арнасында Ж.Аймауытов, А.Байтасов, Ж.Сәрсенбин және басқа авторлардың материалдары жарияланды. Олар өз мақалаларында «қазақ әдебиеті жаңа заманда қандай мазмұн және бағытта даму алғаны жөн» деген сауалға жауап іздеді және олардың ортақ ұстанымы «қожалық құрған, билеп-төстеген үстем ұлттың әдебиеті мен төменшік, әлсіз, езілген, бодан ұлттың әдебиеті бір болмайды. Қазақ әдебиетінің ұлы орыс әдебиетінен айырмасы бар һәм болмақ» деген тұжырымға сайды, ал қазақ әдебиетіндегі ұлтшылдықтың толық өмірлік негізі бар, ал ол өмірлік негіздің бірден шайылып жоқ болмайтындығы сияқты, әдебиеттегі ұлтшылдық сезімнің де «тез заманда қала қою мүмкін емес» [Жұртбай Т, 2006: 43].

Ал қазақ ұлтшылдығын олар мынадай мазмұнда түсіндірді «қазақ ұлтшылдығы үстемдікті, бағындыруды көксеген, шегіне жеткен, озбыр ұлтшылдық емес, алдымен бас қорғауға, жансауға қылуға, жете алса теңдік алуға талпынған тіленші ұлтшылдық. Тұрмыс жүзінде уақ ұлттардың қалың бұқарасы теңгерілмей тұрғанда, ұлтшылдық жоғалмайды» [Жұртбай Т, 2006:59].

Сонымен бірге, әдебиет пен өнердегі социалистік реализмді тек бір қара бояумен ғана түстеу орынсыз болып шығар еді. Өйткені, қарапайым еңбек адамы, оның тұрмыс-тіршілігі, игілігі, Мағжан ақын «Табалдырығында» дәл басып айтқанындай, әдебиеттен өзіне лайық орын алуға тиіс құндылық.

Мағжан ақын атап көрсеткендей, «Табалдырық» ұстанымында І.Жансүгіровтың «Күйші» (1935 ж.) және «Құлагер» (1936 ж.) атты шығармалары бар.  «Күйші» дастаны 1929 жылы жарық көрген «Күй» дастанынан соң өмірге келген [Жансүгіров І. 2004: 405]. «Күй» дастанындағы ойдың желісі «Бозінген» күйіне құрылған. Ақын онда бұл зарлы күйді тартқан Молықбай шал мен «жаны жылаулы жапан даланың» арасындағы үйлесімділікті көріп, «әлемнің әуеніне бермес ем–ау, қазақтың мұңын тартқан күйші шалын» деген тұжырымға келгенімен, бұл көңіл–күйін октябрьдің «қып–қызыл боп тасыған суымен» шайып, оның орнын даланы дүркіреткен жаңа социализм күйіне береді. Соған қарамастан, 1934 жылы Ілияс ақын зарлы күй тақырыбына қайта оралып, енді «Күйшіні» жазады. Олай болса, бұл күйші кім, ол тартқан күй не туралы баяндайды?

«Күйшіде» жауаптан сұрау көп. «Күйшінің» астары қатпар–қатпар. Күйді сүйген, оны терең түсіне де білген қатыгез Қарашаш сұлу төре тұқымы. Ал тоқсан күй мен сұңғыла өнердің иесі, «бір өзіне барлық Үйсін татымас» Күйші қара тобырдан. Яғни екеуінің арасында заман тұрғызған зәулім қабырға тұр.

«Күйшіде» жауаптан сұрау көп дедік. Неге күй зарлы да, бірақ ол жеткен көңілге тәтті? Неге толғауы тоқсан күйдің бірі бәрінен артық? Неге өнердің хас жорғасы – күйші жігіт күйді сүйген сұлуға тең емес? Жалғыз ұлын аңға балап атып салған Арша мергеннің тағдыры неге қайғылы? Неге тоқсан күйді түсініп, қабыл алған Қарашаштай сұлу күйші жанынан қайнап шыққан жалғыз күйді түсіне алмайды?...

Бұл қойылған сұраулардың бәріне бірдей жауап беру мүмкін емес, ол біздің қолымыздан да келмес, тек біреуіне ғана жауап беріп көрейік. Қасиетті домбыра, одан шыққан тоқсан күйдің бәрі бірдей інжу-маржан, адам жанының шетсіз де шексіз қырлары мен сәттері. Бірақ сол тоқсан күйден ерекше бір ғана күй бар, ол Азаттықтың күйі. «Күйшідегі» Кене ханның сүйікті қарындасы Қарашаш сұлуда бәрі бар: төрелік тек те, ерекше көрік те, билік те, дүние-мүлік те. Бірақ Ілияс ақын айтқандай басқа тоқсан күйден өзгеше азаттықтың күйін түсінбеген сұлу Қарашаш Күйші көзінде «қыз емес, албасты», «жыландай жиырылған кесіртке», «қара тастай суық». Ілияс ақын үшін Қарашаш билік, мүмкін ол патшалық болар, мүмкін ол кеңестік болар, қайсысы болса да ол билік. Ол жеке басты пенденің азаттығын сыйласа ғана, жеке тұлғаның еркіндігіне басты құндылық ретінде қараса ғана құрметті. «Адамның азат басы дәулет екен, өзінде ердің еркі – сәулет екен», олай болса «домбыра бостандықтың ырғағын тарт!» – дейді ақын.

«Құлагер» бұл да күй. Ілияс ақын айтқандай «қазақтың қиялының жақсы аты», арғымағы. «Құлагер» зарының авторы Ақан сері, Ілияс ақын пікірінше «әулие болмаса да, безеген жан». Неліктен? Бұл сұрауға жауап беруді, жалпы Ақан тұлғасы мен шығармашылығының түпкі себебін түсіндіруді «Құлагер» авторы кейінгі тарихшыларға қалдырады [34Жансүгіров І. 2004:318].

Бұл мәселе тарихи зерттеу тақырыбы ретінде іргелі монографиялық еңбектерде қарастырылған, сондықтан да бұл арада тек жасалған негізгі тұжырымдармен ғана шектелейік. XVIII ғасырдың 50–жылдары Жоңғар қалмақтары біржола ығысқаннан кейінгі уақытта, басым түрде Орта жүз қазақтары жайлаған Арқа жерінде аз мезгілге болса да тыныштық орнап, мал шаруасына аса қолайлы бұл өлкеде қазақ ауылдары салыстырмалы түрде болса да, емін-еркін өсіп-өркендеу сәтін басынан кешірді. Емін–еркін Арқадағы ғажап өмір туралы ертегідей түсінік қазақ санасында міне осы уақытта орын тепті.

Бірақ бұл мезгіл де ұзаққа созылған жоқ. XIX ғасырдың 20–40–жылдарынан бастап, казак посёлкалары енді қазақтың қалың ішіне еніп, Көкшетау, Ақмола, Атбасар өңірлерінде орныға бастады. «Енді еркіндік заман жоқ, дұшпанның құрған торы бар. Ендігі жүрген жігіттің, маңдайында соры бар», – деп Шортанбай ақынның ой түйген заманы шамамен осы мезгілге тұс келеді. Ақан сері мен Біржан салдың әндерін кернеген мұң аяқтың астынан сусып басқаға өтіп бара жатқан атамекен жер, сол жермен бірге кетпек еркіндікті жоқтаған елдің көңіл-күйін білдірсе керек.

Ілияс ақынның Ақан серісінің сүйгені Ақмарқа сұлу да, мінгені Құлагер, жаттағаны жыр, жоқтағаны жер. Ақмарқаны ала алмағаны, Құлагерді төгілтіп өмірінің соңына дейін серік етіп жүре алмағаны, Көкшетау – Бурабайдай жерді ұстап тұра алмағаны үшін «алдымен өзін жазалаған», шерлі де мұңлы Ақан сері. Сөйтіп жалғыз қалған, қоғамнан шеттеп шыққан «артық адам» (лишний человек). Дегенмен, Ілияс ақынның айтпағы ол емес-тін. Оның айтпағы Ақанның Құлагері. Анығырақ айтсақ Құлагерге жоқтау. Қазақы көңіл оны түсіне алады. Арғымақ ат ер жігіттің қанаты, яғни ол қазақ ұғымында азаттықтың жалқы баламасы. Ілияс ақынның «Құлагері» азаттыққа айтылған жоқтаудай оқылатындығы да сондықтан. Мағжан ақынның 1937 жылы Алматыға келіп, Жансүгіровтің «Күйшісі» мен «Құлагерін» оқығанда, оның  «Алқа» «платформасы арнасында үлкен жігермен ізденіс жасағандығына көзім жетті» дегенде айтқалы отырған негізгі ойы да осы болса керек.

 Ілияс ақынның көздегені «Құлагерін» жоқтап күңіренген Ақан серінің бейнесі арқылы азаттығына қолы жетпеген қазақтың шерменде көңілін білдіру еді.

Ал, осы «Табалдырық» манифесін жазып, «Алқа» ұйымын құруды ойластырған Мағжан ақын осы мезгілде өзі ұсынған ұстанымда шығармалар жазды ма? Ақынның 1925 жылдан кейінгі шығармашылық тағдыры жеңіл-желпі қалыптаспағандығын аңғару қиынға түспейді. Осы жылғы мамырда партияның Қазақ өлкелік комитетінің атына И. Сталиннің «Ақжол» газетінің саяси ұстанымына байланысты жолдаған хатынан соң алаштық зиялылардың жағдайы бұрынғыдан күрделене түсті. Олар Мәскеу, Ташкент, Қызылорда және басқа орталықтардағы баспа және редакция ісіндегі қызметтерінен босатылды. Мәскеудегі Орталық баспадағы қызметінен Ә.Бөкейханов та кетірілді. «Ақжол» және «Еңбекші қазақ» газеттерінің редакциясында қызметте жүрген Алаш қозғалысына қатынасы бар деп танылған шығармашылық иелері жұмыссыз қалды. Басқаша айтқанда, «ұлтшыл» ұстанымдағы жазушыларды ашық түрде қудалау басталып кетті. Міне, осы елде қалыптаса бастаған жаңа саяси жағдайды есепке алғанда Мағжан ақынның астарлы оймен біршама еркін жазған соңғы көлемді шығармаларының бірі – «Жүсіп хан». Ақынның 1988 жылы жарық көрген шығармалар жинағында бұл поэма 1924 жылғы қазан айында жазылған деп көрсетілген [Жұмабаев М, 1989: 441].

Бұл мезгілде Мағжан ақын Мәскеудегі Орталық баспаның қазақ секциясында қызметте жүрді. Осы жылдары ақынмен қызметтес болған ұлт зиялыларының бірі мынадай пікір білдіреді: «Орталық баспаның қазақ секциясының қызметінде алашордалық ұстаным басымдылық алды. Н. Төреқұлов (секция басшысы - авт.) әрқашанда Бөкейхановтың ұсыныстарына қолдау көрсетті. Төреқұловтың өзі де халық әдебиетінің үлгілерін жақсы көретін. Олардың қайсыбірлеріне өз атынан мақтау сөздер мен кіріспе жазатын (мәселен, «Кенесары - Наурызбай» атты тарихи жырға, «Мың бір мақал» жинағына, Шығыс баспасы, 1923 ж.). Ол неше түрлі ертегілерді ұнататын. Мәселен, Иран өмірінен алынған өте екіұшты, астарлы және контрреволюциялық мазмұндағы ертегі негізінде М.Жұмабаев «Жүсіп хан» деген поэмасын соның тапсырысымен жазды. Бұл ертегі баспадан 1926-1927 жылдары жарық көрді. Мен ол шығарманың жариялануына қарсы болдым» [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 011494-іс, 3-т., 240 п.].

Шынымен, бұл көрсетуде айтылғандай, «Жүсіп хан» дастаны астарлы, эзоптық тілмен жазылған, сол мезгілдегі ойлы оқырманға айтары көп шығарма еді. Поэмада өткінші «бір сәтке» хан тағына отырған Жүсіп хан жедел түрде кедей-кепшіктің пайдасына тәркілеу (конфискация) шараларын жүргізеді.

...Жарлықты Жүкең жаудырды,

Уәзірді жер аударды,

Қазының басын алдырды.

Машайығын, молдасын,

Қойқаңдаған қолбасын,

Абақтыға салдырды.

Мұналық талай мұңдардың,

Елді сорған сұмдардың,

Қырықтырды басын түймедей.

Байларды айдап жиғызды,

Тұмылдырық кигізді

«Уһ!» – деді көп кедей [Жұмабаев М, 1989: 265].

Сөйтіп, Жүсіп хан «өңшең залым, кезептен еңбекші елді аршыды». Бірақ, парадокс сонда, кедей-кепшікке «мереке» әкелген бұл шара қоғамдық өмірдің заңдылықтарына қайшы келетін еді. Сондықтан да «донкихот» Жүсіп ханның билігі он-ақ күнге созылды.

Тәркілеуден «тірі қалған төбеттер» есін жиып оныншы күні Жүсіпті тағында өлтірді. Ал байтақ ел ше, енді ол жетім. Болған істі көріп, аз «түнеріп тұрды да, «Қап!» – деп санын ұрды да, үн-түн жоқ» тарап кете барды. Белсенділігі осымен аяқталды.

Ресейдегі революциялық өзгерістерді көз алдынан өткізген Мағжан ақын 1924 жылы-ақ бұл аласапыранның соңы осы Иран ертегісіндегідей шындыққа ұласпайды ма? деген сауалды көлденең тартады. Бұл ретте біз профессор Ш.Елеукеновтың Жүсіп хан мен И.Сталин арасынан ұқсастық іздеуіне толық қосыламыз [Елеукенов Ш, 2010: 9 шілде.]. Егер поэма кейіпкері Жүсіптің есімі ислам дініндегі Юсуф және библиядағы Иосиф пайғамбарлардың есімінен бастау алатындығын, сондай-ақ Кеңестер Одағының басшысы Сталиннің де есімінің Иосиф екендігін, елдегі тәркілеу саясатының соның басшылығымен жүргендігін еске алсақ, онда Мағжан ақынның «Жүсіп хан» аталатын жоғарыда баяндалған мазмұндағы поэма жазып, оны Мәскеуде жариялап, қандай тәуекелге барғандығын аңғару мүлдем қиынға түспейді.

Қорытынды. Кезінде тергеу материалдарында «Табалдырық» «платформа» аталған. «Платформа» – француз сөзі, егер оның саяси мағынасын алсақ – белгілі бір саяси партияның, қоғамдық ұйымның, топтың әрекет бағдарламасы дегенді білдіреді [Словарь иностранных слов, 1988: 392.с.].

Өткен ғасырдың 20-30 жылдары елімізде жаппай репрессия саясаты жүргізілген мезгілде Алаш зиялылары, үстінен жүргізілген сот процесі барысында тергеушілер бұл құжатқа мүмкін болғанша саяси реңк, астар беріп, оны Кеңестік билік пен Коммунистік идеологияға қарсы қазақ ұлтшылдарының ортақ бағдарламалық құжаты ретінде қарастыруға тырысып «платформа» деп атады. Яғни «Табалдырық» большевиктер платформасына қарсы қойылған қазақ ұлтшылдарының платформасы. Ал Мағжан ақын болса өз шығармасына бағдарлама немесе платформа деп ат қоймаған. Қалыптасқан жағдайға қарағанда ақында ондай мүмкіндік болмаған да сияқты.

«Табалдырық» жай, ағымдағы шығарма емес. Ол қоғамдағы күрделі де түбегейлі саяси, әлеуметтік және рухани өзгерістер жағдайында өмірге келген туынды. Оны өмірге әкелген сол тарихи мезгілде илеуге түскен қазақ шындығы.

Ресей империясында қазан революциясы жеңіп, кеңестік билік орнағаннан кейінгі уақытта В.И. Ленин бастаған большевиктер партиясы социализм атанған қоғамдық жүйені енгізе бастады. Қазақ қоғамы империяның орыс халқы сияқты жаңа саяси және экономикалық жүйені қабылдауға тіптен де даяр емес-тін. Сондықтан да большевиктер үкіметі көздеген мақсатына тек күшке сүйене отырып қана жете алатын еді.

Жаңа саяси тәртіпке күштеп көндіру әрекеті рухани өмір, мәдениет саласында да жүрді. Шығармашылықтағы қазақ зиялыларының белсенді бөлігі мұндай зорлыққа қарсылықпен жауап берді. 1924 жылдың соңы және 1925 жылдың алғашқы күндері жазылған Мағжан Жұмабаевтың «Табалдырық» аталатын шығармасы міне осы елде тоталитарлық билік жүйесін орнату жолына түскен большевиктік идеологияға қарсы әдеби ағымның негізін қалады, соның нәтижесінде 1917 жылдан кейінгі оқиғаларға қатысты алаштық саяси топтың көзқарасын білдірген шығармалар шоғыры өмірге келді. Эзоптық тіл мен әдіске негізделген бұл әдебиеттегі ағымды біз «Қарсылық әдебиеті» атауды жөн деп білеміз.

«Табалдырықтың» Коммунистік Орталықтың империядағы қазақ сияқты халықтардың қоғамдық өмірдегі ұлттық ерекшеліктерін есепке алмастан рухани өмір саласында да өз ұстанымдарын универсалды құндылық ретінде жоғарыдан күшпен телуіне қарсы көңіл-күйді білдіретін құжат екендігі айқын. Сонымен бірге «Табалдырық» сол бір күрделі өзгерістер кезеңінде ұлттық көркем ой, әдебиет қандай ұстанымда болуы керек деген сауалға берілген негізді де дәлелді жауап еді.

«Табалдырық» жазылған уақыт қазақ зиялылары үшін күрделі де ауыр уақыт болатын. Ұлт-азаттық қозғалыстың жеңіліске ұшырауы, мемлекеттік автономия алу әрекетінің іске аспай қалуы ұлт зиялыларын тұйыққа тіреді.

«Табалдырық» арқылы Мағжан ақын қаламдастарына осы тығырықтан шығатын жолды ұсынды. Мағжан ақын ұстанымында әдебиет идеология құралы болуға тиіс емес. Оның міндеті ұлттың биік адамгершілік, азаматтық және эстетикалық сезімін оятып қалыптастыру арқылы оны жаңа өмірге даярлау еді.

Ал большевиктік идеология ұсынған жол бұл қазақ қоғамына ұлттық мәдениеттің бағыт-бағдары мен мазмұнын анықтау ісінде Орталықтың шешуші ролін мойындау және оның директиваларын бұлжытпай орындап отыру, яғни мәдени құндылықтар жасаушы халықтан өзге мәдениеттер жасаған үлгілерді тұтынушы халық жолына түсу еді.

Яғни, «Табалдырық» мәдени өмір саласындағы идеологиялық зорлыққа берілген интеллектуалдық жауап қана емес, сонымен бірге сол бір аумалы-төкпелі заманда ұлттық өнердің, әдебиеттің бағыт-бағдарын анықтап берген бағдарламалық құжат та еді. «Табалдырықтың» осы екі қырын бірдей бағалау аса маңызды. Өйткені ол жаңадан отарлауға қарсы ұстанымды білдірумен шектелмейді, сонымен бірге көркем ойдағы жаңа ұстаным мазмұндық тұрғыдан қандай болуға тиіс деген сауалға да жауап береді.

Кез-келген дәуір, заман құжатының аты, әрине оның мазмұнына, көтерген жүгіне сәйкес болмақ. Осы тұрғыдан алғанда «Табалдырық» сырттан телінген ресми идеологиялық ұстанымға қарсылық қана емес, сонымен бірге мәселеге қатысты ұлттық көзқарасты ашық та анық білдірген мәлімдеме орнында жүретін құжат. Құжаттың осы қырларын негізге ала отырып, біз оны манифест атауды ұсынамыз. Яғни ақын Мағжан Жұмабаевтың ұлттық көркем ойдың мазмұны қандай болуы керек деген сауалға байланысты білдірген ашық ұстанымы, манифесі.

Қорыта айтқанда, біз бүгін өткен ғасырдың 20-жылдары, қазақ әдебиетінде «Табалдырық» сияқты шығарманың өмірге келіп, сол арқылы қазақ елінің күрделі өзгерістерге қатысты өз көзқарасы мен ұстанымын білдіре алған ел қатарында болғандығын мақтан тұтамыз. Ұлы Мағжан ақынның қаламынан туған «Табалдырық» қазақ көркемдік ойы мен мәдениетін әлемдік өркениетпен жалғастырып, қазақ елінің әлемдік мәдени кеңістікте өз орны, өз қолтаңбасы бар ұлт дәрежесіне көтеріп тұр. Мағжан түсінігінде поэзия, әдебиет ұлттық сананың оянуына ғана емес жаңа заман, жаңа жағдайда ұлттық сананың кемелдікке өтуіне көмектесе алады. Егер соцреализм әдебиеті ұлттық сананы кейінге, екінші, үшінші қатарға ысырса, «Табалдырық» жалпыұлттық құндылықтарды алға шығарып, оларға жаңа серпін, өміршең қуат беру жағында тұр.

Сондай-ақ, 20-жылдардың орта тұсында қазақ көркем ойында жаңа кеңестік отаршылдыққа қарсы бүтін бір ағым қалыптасқандығын айтқан жөн. Ол ағым осы мезгілдегі толық өмірлік негізі бар қазақ ұлтшылдығының әдебиеттегі көрінісі болатын. Ағым ретінде қазақ ұлтшылдығы мемлекеттік құрылыста Т.Рысқұловтың, С.Сәдуақасовтың, Н.Нұрмақовтың, Ж.Мыңбаевтың, С.Қожановтың т.б. қайраткерлердің қызметінде қандай көрініс тапса, көркем әдебиетте М.Жұмабаевтың, М.Әуезовтің, Ж.Аймауытовтың, І.Жансүгіровтың, Қ.Кемеңгеровтың т.б. жазушылардың шығармаларында да сондай көрініс тапты.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

2.  Қамзабекұлы Д. «Алқа» – Ұлт қаламына серт». // Қазақ әдебиеті, - 2010 ж. 25 маусым.; «23 жоқтау – қазақ рухына қойылған ескерткіш. // «Аңыз адам», - 2010. - № 11, - 38 б.

3.  Есенин С. 1924 жылы жазған «О советских писателях» атты мақаласында «Революция жылдары, ескі тұрмыс күйреп, астан-кестен өмірден жаңа тұрмыс әлі туа қоймаған жағдайда еліміздегі көркем шығармашылық та аласапыран күйде еді. Сансыз көп топтар мен ағымдар құрылды», – деп жазды. // Есенин С. Собрание сочинений в 3-х томах. М., 1983, Т.3. –173 с.

4.  ҚР ІІМ АҚДА. 6–қ., 07875-іс, 2-том, 54 об п. Түпнұсқада: «Организация литературного кружка «Алка» (ожерелье) была задумана мною, кажется, в 1925 году в Москве. Программа «Алка» также была составлена мною ближайшем участии студентов ГИЖ-а Жакена Сарсембина и Амангалия Сегизбаева и с некоторыми коррективами приехавшего в ГИЖ, кажется, в следующем году Ильяса Джансугурова».

5.  Сонда, 3-т., 7-п.

6.  ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 011494-іс, 2-т., 94-95 пп. Түпнұсқада: «Встреча моя с Джумабаевым состоялась после собрания вечером. Жил он в доме быв. Представительства Туркреспублики. В беседе на тему о собрании по поводу его произведении, Магжан меня, как выступавшего в его защиту, распрашивал подробно о собрании, а затем рассказал что у него имеется написанное произведение, которое необходимо будет распространить. Произведение это оказалось литературной платформой под названием «Табалдырык».

7.  Сонда, 6-қ., 011494 - іс, 3-т., 159-п.

8.  Сонда, 97-п.

9.  Өкінішке орай Саенконың қызметіне қатысты құжаттық материалдардың құпия қорларда сақталуына байланысты бұл тергеуші жөнінде біз толығырақ мәлімет бере алмадық. Зерттеу еңбектерінде ОГПУ жүйесінде қызмет атқарған екі Саенко жөнінде мәліметтер кездеседі. Біріншісі С.А. Саенко. Ол Украинаның Харьков облысында қызмет атқарып, аса қатыгездігімен көзге түскен (И.Баберовски. Красный террор. История сталинизма. М., 2007. - 40 с.). Екіншісі Г.Н. Саенко Ішкі Істер Халкомының Омбы облыстық басқармасы Құпия-саяси бөлімінің бастығы қызметін атқарып жүріп 443 адамды заңсыз тұтқынға алғаны үшін айыпталып, абақтыда отырғызылып, 1939 жылы камерада асылып өлген (Тепляков А.Г. Машина террора: ОГПУ-НКВД Сибирь в 1929-1941 гг. М., 2008. – 291 с.

9. ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 011494-іс, 3-т., 7-8 пп.

10. Сонда, 2-т., 44 п.

11. Сонда, 6-қ., 07875-іс, 2-т., 320 п.; сонда, 3-т., 7 п.

12. Мұқанов С. Есею жылдары. Өмірбаяннан хикаялар. Алматы, 1964. – 229-234 бб.

13. Сонда, – 230 б.

14.Отчет Казрайкома РКП (б) 5-ой Всеказакской конференции РКП(б). Доклад ответственного секретаря Казрайкома РКП(б) тов. Голощекина, на заседании конференции 1-го декабря 1920 г. Кзыл-Орда, 1926, с. 14-15: «В ауле действительной советской власти нет, есть господство бая, господство рода...»

15. Голощекин Ф.И. Поставить развитие Казахстана на социалистические рельсы/ в кн.: «Партийное строительство в Казахстане. Сб. Речей и статьей (1925-1930 гг.)» М. – А., 1930, - 151 с.: «...революция не затронула старые дореволюционные отношения, оставив в полной мере экономическое и политическое господство сильных родов и бая».

16. Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. Астана, 2002. – 418 б.

17. Жұртбай Т. Алаш ақиықтары. Алматы, 2006. – 11 б.

18. ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 011494 - іс, 2 - т., 96-97 пп.

19. ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 07875-іс, 3-т., 54-54 об пп.

20. Сонда, 3-т., 1-2 пп.

21. ҚР ІІМ АҚДА. 2370-іс, 4-т., 829-831 пп.

22. Ақын 1921-1922 жж. Петропавлдағы облыстық «Бостандық туы» газетінде редакторлық қызметте болады / ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 07875-2 т., 16-20 пп.

23. Сонда, 814 п.

24. Сонда, 3-т., 1430-1431 пп.

25. Сонда, 73-76 пп. Осы көрсетуінде Ә.Байділдин 1923-1924 жылдары Мәскеуде Н.Төреқұлов басқарған Орталық баспада Ә.Бөкейханов және М.Жұмабаевпен бірге жұмыс істегенін, көзқарас үйлесімсіздігіне байланысты 1924 жылы бұл қызметтен кетуге мәжбүр болғандығын баяндайды. 

26. Отчет Казкрайкома РКП (б) 5-ой Всеказахской конференции РКП(б). Доклад ответственного секретаря Казкрайкома РКП(б), тов.Голощекина, на заседании конференции 1-го декабря 1925 г. Кзыл-Орда, где он заметил: «Вещи, которые боятся писать открытым языком пишут в виде побасенок, – это очевидно общепринятое явление. Скрывать под какой-либо басней какое-нибудь имя  – это называалось когда-то, в царской печати, эзоповским языком».

27. Байтұрсынұлы А. Шығармалары. 5-т. Алматы, 2013. - 76 б.

28. Мұқанов С. Есею жылдары. Өмірбаяннан хикаялар. Алматы, 1964. – 230 б.

29. ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 011494 - іс, 6-т., 177-178 пп.

30. Сонда, 6-қ., 09797-іс, 87-п.

31. Жұртбай Т. Алаш ақиықтары. Алматы, 2006. – 43 б.

32. Сонда, 59 б.

33. Жансүгіров І. Көп томдық шығармалар жинағы. 3-т. Поэмалар. Алматы, 2004. – 405 б.

34. Сонда, 318 б.: «Арқада Ақанды айтқан әңгіме көп,

  Қылады оны әулие әлде не деп,

  Әулие болмаса да безеген жан,

   Неліктен? Тарихшылар табар себеп»

35. Жұмабаев М. Шығармалары. Алматы, 1989. – 441 б.

36. ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., 011494-іс, 3-т., 240 п.

37. Жұмабаев М. Аталған кітап, – 265 б.

38. Елеукенов Ш. «Олар қандай, мен қандай...». // Қазақ әдебиеті, - 2010 ж. 9 шілде.

39. Словарь иностранных слов. – М., 1988. - 392.с.

References


1. Kamzabekuly D. "Alka" - Ult kalamyna Sert". / / Kazak adebieti, - 2010 Zh. 25 mаusym.;
2. Yesenin S. 1924 jılı jazgan «O sovetskix pisatelyah» attı makalasında «Revolyuciya
jıldarı, eski turmıs kuyrep, astan-kesten omirden jana turmıs ali twa koymagan
jagdayda elimizdegi korkem shigarmashılık ta alasapıran kuyde edi. Sansız kop toptar
men agımdar kuryldy», – dep jazdy. // Yesenin S. Sobranie sochineniy v 3-x tomax. M.,
1983, T.3. –173 s.
875-is, 2-tom, 54 ob p. Tupnuskada: «Organizaciya literaturnogo
kruzhka «Alka» (ozherele) bila zadumana mnoyu, kazhetsya, v 1925 godu v Moskve.
Programma «Alka» takzhe byla sostavlena mnoyu blizhayshem uchastii studentov GIZH-a
Zhakena Sarsembina i Amangaliya Segizbayeva i s nekotorymi korrektivami priyekhavshego
v GIZH, kazhetsya, v sleduyushchem godu Il'yasa Dzhansugurova».
4. Sonda, 3-t., 7-p.
5. KˌR ÍÍM AKˌDA. 6-kˌ., 011494-ís, 2-t., 94-95 pp. Tүpnұskˌada: «Vstrecha moya s Dzhumabayevym
sostoyalas' posle sobraniya vecherom. Zhil on v dome byv. Predstavitel'stva
Turkrespubliki. V besede na temu o sobranii po povodu yego proizvedenii, Magzhan menya,
kak vystupavshego v yego zashchitu, rasprashival podrobno o sobranii, a zatem rasskazal chto
u nego imeyetsya napisannoye proizvedeniye, kotoroye neobkhodimo budet rasprostranit'.
Proizvedenie eto okazalos' literaturnoy platformoy pod nazvaniem «Tabaldırık».
6. Sonda, 6-q., 011494 - is, 3-t., 159-p.
7. Sonda, 97-p.
8. Okinishke oray Saenkonın kızmetine katıstı kujattık materialdardın qupiya
korlarda saktaluına baylanıstı bul tergeushi joninde biz tolıgıraq malimet bere
almadık. Zertteu enbekterinde OGPW juyesinde kızmet atkargan eki Saenko joninde
malimetter kezdesedi. Birinshisi S.A. Saenko. Ol Ukrainanın Harkov oblısında kızmet
atkarıp, asa katıgezdigimen kozge tusken (I.Baberovski. Krasnıy terror. Istoriya
stalinizma. M., 2007. - 40 s.). Ekinshisi G.N. Saenko Ishki Ister Halkomının Omby
oblıstık baskarması Kupiya-sayasy boliminin bastıgı kızmetin atkarıp jurip 443
adamdı sansız tutkınga alganı ushin ayıptalıp, abaktıda otırgızılıp, 1939 jılı
kamerada asılıp olgen (Teplyakov A.G. Mashina terrora: OGPW-NKVD Sibir v 1929-
1941 gg. M., 2008. – 291 s.
9. QR IIM AQDA. 6-q., 011494-is, 3-t., 7-8 pp.
10. Sonda, 2-t., 44 p.
11. Sonda, 6-q., 07875-is, 2-t., 320 p.; sonda, 3-t., 7 p.
12. Muqanov S. Eseyu jıldarı. Omirbayannan hikayalar. Almatı, 1964. – 229-234 bb.
13. Sonda, – 230 b.
14.Otchet Kazraykoma RKP (b) 5-oy Vsekazakskoy konferencii RKP(b). tov. Goloshchekina, na zasedanii konferentsii 1-go dekabrya 1920 g. Kzyl-Orda, 1926, s. 14-15: «V aule deystvitel'noy
sovetskoy vlasti net, yest' gospodstvo baya, gospodstvo roda...»
15. Goloshchekin F.I. Postavit' razvitiye Kazakhstana na socialisticheskiye rel'sy/ v kn.:
«Partiynoye stroitel'stvo v Kazakhstane. Sb. Rechey i stat'yey (1925-1930 gg.)» M. – A.,
1930, - 151 s.: «...revolyuciya ne zatronula starye dorevolyucionnye otnosheniya, ostaviv v
polnoy mere ekonomicheskoye i politicheskoye gospodstvo sil'nykh rodov i baya».
16. Kamzabekuly D. Alash zhane adebiyet. Astana, 2002. – 418 b.
17. Zhurtbay T. Alash akiyktary. Almaty, 2006. – 11 b.
18. KR IIM AKDA. 6-q., 011494 - is, 2 - t., 96-97 pp.
19. KR IIM AKDA. 6-q., 07875-is, 3-t., 54-54 ob pp.
20. Sonda, 3-t., 1-2 pp.
21. KR IIM AKDA. 2370-is, 4-t., 829-831 pp.
22. Akın 1921-1922 jj. Petropavldagı oblıstık «Bostandık tuı» gazetinde
redaktorlık kızmette boladı / KR IIM AKDA. 6-k., 07875-2 t., 16-20 pp.
23. Sonda, 814 p.
24. Sonda, 3-t., 1430-1431 pp.
25. Sonda, 73-76 pp. Osı korsetuinde A.Baydildin 1923-1924 jıldarı Maskewde
N.Torekulov basqargan Ortalık baspada A.Bokeyhanov jane M.Zhumabaevpen birge jumıs
istegenin, kozqaras uylesimsizdigine baylanıstı 1924 jılı bul kızmetten ketuge majbur
bolgandıgın bayandaydı.
26. Otchet Kazkraykoma RKP (b) 5-oy Vsekazahskoy konferencii RKP(b). Doklad
otvetstvennogo sekretarya Kazkraykoma RKP(b), tov.Goloshekina, na zasedanii
konferencii 1-go dekabrya 1925 g. Kzıl-Orda, gde on zametil: «Veshi, kotorıe boyatsya
pisat otkrıtım yazıkom pishut v vide pobasenok, – eto ochevidno obshcheprinyatoe yavlenie.
Skrıvat pod kakoy-libo basney kakoe-nibud imya – eto nazıvalos' kogda-to, v carskoy
pechati, ezopovskim yazıkom».
27. Baytursınulı A. Shigarmaları. 5-t. Almatı, 2013. - 76 b.
28. Mukanov S. Eseyu jıldarı. Omirbayannan xhikayalar. Almatı, 1964. – 230 b.
29. KR IIM AKDA. 6-k., 011494 - is, 6-t., 177-178 pp.
30. Sonda, 6-k., 09797-is, 87-p.
31. Jurtbay T. Alash akiyiktarı. Almatı, 2006. – 43 b.
32. Sonda, 59 b.
33. Jansugirov I. Kop tomdık shigarmalar jinagı. 3-t. Poemalar. Almatı, 2004. – 405 b.
34. Sonda, 318 b.: «Arkada Akandı aytkan angime kop,
Kıladı onı aulie alde ne dep, aulie bolmasa da bezegen jan,
Nelikten? Tarihshılar tabar sebep»
35. Jumabaev M. Shıgarmaları. Almatı, 1989.
36. KR IIM AKDA. 6-k., 011494-is, 3-t., 240 p.
37. Jumabaev M. Atalgan kitap, – 265 b.
38. Eleukenov Sh. «Olar kanday, men kanday...». // Khazakh adebieti, - 2010 j. 9 shilde.39. Slovar' inostrannıh slov. – M., 1988. - 392.s.

М. КОЙГЕЛДИЕВ, доктор исторических наук, професор, КазНУ им. Абая

МАГЖАН ЖУМАБАЕВ: МАНИФЕСТ НАЦИОНАЛЬНОГО ПИСАТЕЛЯ

Резюме

Для казахских писателей двадцатые годы XXвека стали периодом определения своей позиции в литературном творчестве. Навязанный господствующей идеологией принцип социалистического реализма привел к расколу в рядах писателей. Магжан Жумабаев выступает с инициативой за создание литературного объединения «Алқа», в противовес организации КазАПП (Казахская ассоциация пролетарских писателей), создаваемой по поручению Казахского краевого комитета  партии.  Поэт одновременно пишет программу предполагаемого творческого объединения, назвав ее «Табалдырық» (Порог). Это был фактически программный документ писателей алашского направления.

Ключевые слова «Алка», манифест, национальная литература, инТеллигенция Алаш, соцреализм


M. KOIGELDIYEV, Doctor of Historical Sciences, Professor, Full Member of the Kazakhstan National Academy of Sciences, Abai Kazakh National Pedagogical University, Almaty, Kazakhstan.

MAGZHAN ZHUMABAYEV: MANIFESTO OF A NATIONAL WRITER

Summary

For Kazakh writers, the twenties of the XX Century became a period of determining their position in literary creativity. The principle of socialist realism imposed by the prevailing ideology led to a split in the ranks of writers. Magzhan Zhumabaev is taking the initiative for the establishment of the literary Association «Alka», as opposed to the organization KazAPW (Kazakh Association of proletarian writers), created on behalf of the Kazakh regional Committee of the party.  At the same time the poet wrote the program proposed creative association and called it «Tabaldyryk» (Doorstep). This was in fact a program document of Alash writers.

Keywords “Alka”, program, national literature, the intelligentsiaAlash, socialist realism


[1]ГИЖ – Государственный Институт Журналистики.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз