Басты бет » Материалдар » ҒТАХР 03.20.00 ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР: ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ХАЛЫҚТАРДЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ТАРИХЫНАН

М.Ч. Қалыбекова¹. ¹Т.ғ.к., ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институтының БҒК. Қазақстан, Алматы қ.

ҒТАХР 03.20.00 ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР: ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ХАЛЫҚТАРДЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ТАРИХЫНАН

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(22) сәуір-маусым 2020

Тегтер: шаруашылық, тарату, қоныстандыру, ІІХК, аударушылар, қоныс, арнайы, автономия, депортация, сөздер:, Түйін, орналастыру, еңбекке, жұмылдыру.
Аңдатпа:
Андатпа. Бүгінгі танда Отандық тарих ғылымында халықтың полиэтникалық құрамының тарихи қалыптасуы мәселесіне қызығушылық байқалуда. Өйткені қазіргі уақытта Қазақстан халықтары, бүкіл посткеңестік кеңістіктегідей рухани жаңғыру мен дәстүрлі түп тамырларына оралуды бастан кешуде. Ұлттық бірегейлікті іздеу үрдістері Қазіргі әлемдегі жалпы тарихи және әлеуметтік-мәдени тенденция болып табылады. Ал тоталитарлық тәртіптін аса ауыр қылмыстарының бірі халықтардың этностық-әлеуметтік және аумақтық бірлігін күштеп жою болған. Сондықтанда мақалада ең алдымен, құғын сүргінге ұшыраған халықтарға қатысты жүргізілген репрессиялық шаралардың себептерін, негізгі үрдістерін, ауқымын, салдарын түсіну үшін сталиндік стереотиптерді ұғыну мақсатында мұрағаттық құжаттар мен материалдар негізінде зерделенеді. Депортацияға ұшыраған халықтардың еңбекке жұмылдырылуын, шаруашылық құрылымын зерттеу қатаң климаттық жағдайлар байқалатын шалғай аудандарда мемлекеттің қуатты индустриялық әлеуетін құруда арнайы қоныс аударушылардың рөлін анықтауға мүмкіндік береді. Арнайы қоныс аударушы арнайы қоныс аударуына жағдай жасау жөніндегі мемлекеттік билік органдарының саясаты репрессияның механизмін және минезін анықтауда ерекше қызығушылық тудырады. Қарастырылып отырған мәселе өтті күрделі және қайшылықты саяси және идеологиялық жағдайлар әсерімен қиын қалыптасу жолынан өтті. Бұрын жасалған көптеген маңызды еңбектер қайта қарастыруларды талап етеді.
Мазмұны:

Кіріспе.Жаппай саяси қуғын-сүргін жылдарына тұстас келетін халықтарды депортациялау тарихын жан-жақтылықпен кешенді зерттеу Отандық тарих ғылымы алдында қойылған маңызды міндеттердің бірі ретінде қарастырылады. Қазақстанға депортацияланған халықтардың тарихын қарастыру өткенді зерделеумен қатар, өткен ғасыр тарихы үшін ауқымы мен салдары зор болып табылатын қоныстандыру саясатын зерттеу маңызды. Зерттеліп отырған тақырыптың ғылыми маңыздылығы Қазақстан тарихындағы «ақтаңдақтардың» бірі саналатын этнодемографиялық жағдайдың өзгеруіне, «лагерлік экономиканың» пайда болуы мен жұмыс істеуіне алып келген жер аудару тарихын зерттеуден көрінеді.

XX ғасырдың 30-50-жылдарындағы кеңестік қоныстандыру саясаты мәжбүрлеу әдісімен жүзеге асырылғандығы белгілі. Бұл үдеріс алғашында әлеуметтік, одан кейін ұлттық белгілер бойынша жүргізілді. Тоталитарлық тәртіп Қазақстанды КСРО-ның әртүрлі өңірлерінен жүздеген мың адамды жер аудару аумағына айналдырды. Бұл тақырыпты зерттеу нәтижелері бүкіл республикамыздағы тарихи үдерістердің жалпы көрінісін, сондай-ақ жер аударылған халықтардың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмірінің тарихын нақтылауға мүмкіндік береді. Атаулы мәселені объективті зерттеу жалпыұлттық бірлік негізін нығайтуға ықпал етеді.

Материалдар мен әдістер. Осы мәселелерді зерттеу барысында тарихилық, ғылыми объективтілік, кешенділік ұстанымдары ескеріліп, пайдаланылды. Тарихилық ұстанымына сүйене отырып, біз Қазақстан аумағына жер аударылған халықтар өмірінің жекелеген кезеңдерін мемлекеттің оларға қатысты жүргізген саясатымен тығыз байланыста қарастырып, материалды хронологиялық ретпен баяндауға тырыстық. Бұл проблеманы зерттеуде объективті тарихи фактілер мен тарихи дереккөздерге сүйендік, нақты-тарихи және жүйелілік сынды зерттеу әдістері қолданылды. Зерттеу барысында тарих ғылымының жалпы ұстанымдарын ұстануға негізіділігі сақталып, статистикалық және сипаттамалы әдістер қолданылды.

Зерттеу жұмысында құжаттық материалдар негізге алынды. Зерттеу барысында Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің (ҚР ОМА) бірқатар қорларының құжаттары, Қазақстан Республикасы Президенті архиві қорларында сақталған деректер (ҚР ПА), атап айтқанда №708 (Қазақстан Компартиясы ОК) қоры, сондай-ақ «Ерекше бумалар» (ОП) істері зерттелді. Қарлаг Архивінің көптеген архивтік құжаттары мен материалдары енгізіліп, №23 архивтің, әскери тұтқындар мен бейтарапталғандарға (интернированные) арналған №99 лагерь бойынша, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің №16 архиві қорының (НКВД, ІІМ материалдары); Қарағанды облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті басқармасының №4 архиві қорының құжаттары енгізілді. Сонымен қатар, Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысы партия қорларының құжаттары және №685 – Алматы облыстық Халық депутаттары кеңесі мен оның атқарушы комитеті қорының және Алматы облыстық Мемлекеттік архивінің бірқатар құжаттары зерттелді.

Талқылау. КСРО-дағы жер аударылған халықтардың тарихын зерттеуге алғашқылардың бірі болып А.М. Некрич ұмтылыс жасады. Бұл проблеманы зерттеуге В.Н. Земсков та үлес қосты. Сондай-ақ, Н.Ф. Бугайдың еңбектері 30-40-жылдардағы халықтарды жер аудару туралы архивтік материалдарға бай. Қазақстан ғалымдарының арасынан осы саладағы «ақтаңдақтардың» орнын толтыруға академик М.Қ. Қозыбаев барынша үлес қосты. Бұл тақырып жер аударуды тоталитарлық режімді қылмыс ретінде бағалаған К.С. Алдажұмановтың, Ю.И. Романовтың, М. Хасанаевтың зерттеулерінде қозғалды. Тарих ғылымында «жалпы» сипаттағы жұмыстармен қатар бұл проблеманы жеке халықтардың тарихы тұрғысынан қарастырған зерттеулер де пайда болды. Мысалы, кәріс ұлты өкілдерінің жер аударылу тарихына Г.Б. Хан, Г.Н. Ким, Д. Мен, Г.В. Кан және т.б. ғалымдардың еңбектері арналды. Ал неміс халқының Қазақстанға қоныстандырылу мәселесі К. Эрлихтің, Л.А. Будгарттың, В.Э. Кригердің, А.Н. Фризеннің, Э.В. Лайгернің және т.б. еңбектерінде азды-көпті зерттелді. 90-жылдардың ортасынан бастап архивтік құжаттар құпиясының ашылуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті архиві немістер мен поляктардың жер аударылу тарихы туралы құжаттардың екі жинағын шығарды. Қазақстан аумағына халықтарды күштеп қоныс аудару мәселелері бірқатар диссертациялық жұмыстардың да зерттеу нысаны болды. Әртүрлі ғылыми конференциялар, «дөңгелек үстелдер» мен семинарлар материалдары Қазақстан аумағына халықтарды жер аудару проблемасына қатысты қызығушылық тудырады. Жекелеген халықтардың, атап айтқанда, Солтүстік Кавказ халықтарының тарихын кейінгі жылдары негізінен ұлттық-мәдени орталықтар зерттеуде, алайда әзірше маңызды жарияланымдар жоқтың қасы. Ал Балтық маңынан, Батыс Украинадан, Батыс Белоруссия мен басқа өңірлерден көшірілген халықтар мен этностық топтар зерттеушілер назарына мүлде ілікпеді. Сонымен, осы проблеманың өзектілігіне, теориялық және практикалық маңыздылығына қарамастан, Ұлы Отан соғысы қарсаңында және соғыс кезіндегі халықтарды жер аудару тарихын зерттеу мәселесі әліге дейін республикамызда, оның өңірлерінде кешенді, объективті түрде қолға алынбады десе де болады. Атап айтқанда, жер аударылған халықтарды Қазақстанда орналастыру, оларды шаруашылыққа жайластыру, олардың құқықтық мәртебесі, жұмысқа пайдалану және күштеп қоныс аударту процесінің себептері олардың өздері үшін де, қазақстандық қоғам үшін де аз зерттелген мәселе ретінде қалып отыр.

Зерттеу нәтижелері. 1930-40 ж. соңында КСРО-да қалыптасқан жағдай партиялық және мемлекеттік аппараттардың бірігіп кетуімен, қоғамдық өмірдің барлық салаларын басқарудың әкімшілік-пәрмендік әдістерінің бекітілуімен сипатталады. Әкімшілік-пәрмендік жүйенің бекітілуі, Сталиннің жеке басына табыну қоғамының дамуына барынша ықпал етті. Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО-ның саяси дамуының құрамдас бөлігі Коммунистік партия мен Кеңестік мемлекеттің ұлттық саясаты болып табылды.

Зерттеушілер халықтарды күштеп көшіру мен жер аударудың тарихын негізінен соғыспен байланыстырады. Алайда, мұндай түсінік бұл проблеманың мән-жайын ашып бере алмайды. Өйткені адамдарды әлеуметтік және таптық, ұлттық азшылық және этностық топ белгілері бойынша көшіру соғысқа дейін де болған еді.

Халықтарды жаппай жер аудару сияқты келеңсіз оқиғаның себептері неде? Бұл сұрақ бірнеше ондаған жылдардан бері қойылып келеді, бірақ бұл сұраққа әлі де толыққанды жауап берілген жоқ. Бұл жауаптың ресми нұсқасы осы халықтардың өкілдері соғыс әрекеттері кезінде гитлерлік басқыншылармен белсенді ынтымақтастықта болған, кеңес әскерлерінің тылында бандиттік-көтерілісші қозғалыстарын туындатты және т.б. дегенге саяды (Яхъяев, 1991:235).

Бұл оқиғаларды пайымды әрі алдын ала келісілмеген талдау мұндай тұжырымдармен келіспеуге негіз болып табылады. Егер нақты Шешен-Ингушетияны алар болсақ, күштеп көшіру бойынша операция алдын ала жақсы жоспарланғанымен, халық әбігерге түсті. Назарды басқа жаққа аудару үшін ХКК пен Шешен-Ингуш облыстық комитеті БК(б) П «Таулы жерлер жағдайларында Солтүстік-Кавказ әскери округының (СКӘО) әскери бөлімдерінің тактикалық жаттығуларына даярлықты қамтамасыз ету туралы» арнайы шешім қабылдады (Гунашев, 2001:45).

Таулы аймақтарда Германиямен арадағы Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін әрекет еткен қарулы бандиттер болғаны рас. Соғыс басталысымен олар өздерінің бас пайдасы үшін жағдайды пайдаланып қалуға тырысты. Жекелеген топтардың неміс командованиесімен байланыс жасағаны, Шешен аумағына қару-жарақ пен аздаған неміс диверсанттарының тасталғаны белгілі болды. Дегенмен тасталған қару-жарақ пен әкелінген диверсанттардың саны Шешен аумағындағы кеңес өкіметіне қандай да бір қатерлі қауіп төндіруге жеткіліксіз еді, оның үстіне диверсанттарды НКВД органдары зиянсыздандырып отырды. Олардың азын-аулағы ғана Шешен аумағынан кетіп, майдан шебінен өтіп, өз әскеріне жете алды. Соғыс жылдары ішінде грозныйлық зауыттар мен көлік коммуникацияларында бірде-бір ірі бүлікшілік (диверсия) болған емес. Мұндай жағдайлардың бірі ретінде таулы аймақтардағы «саяси бандиттер» топтарын іздеу мен жоюға жіберілген мемлекеттік қауіпсіздік жасақтарымен және әскерлерімен болған қақтығыстарды ғана айтуға болады» (Сигаури, 1997:355).

Дегенмен 1944 жылғы 23 ақпанда таңғы сағат 5-те шешендер мен ингуштарды Орта Азия мен Қазақстанға толығымен көшіру бойынша операция жүргізілді. Бұл операцияны жүргізуге НКВД, МҚХК пен Смерш (әскери контрбарлау) 19 мың шұғыл қызметкері, НКВД 100 мыңға дейін офицерлері мен жауынгерлері тартылды (Сигаури, 1997:349). Көшіру операциясына дейін, сондай-ақ операция кезінде таулы аудандарды бомбылау үшін әскери авиация қолданылды. Жазық жерлерде көшіру операциясы қысқа мерзім ішінде (жалпы алғанда бір тәулік ішінде) және айтарлықтай қарсылықсыз және құрбандарсыз жүргізілсе, жинау пункттеріне айдап әкелінген адамдарды жазық жерлерге жөнелтуге табиғи жағдайдың қолайсыздығы мүмкіндік бермеген таулы аудандарда жаппай адам өлімі жағдайлары орын алды. Мысалы, Хайбах таулы мекенінде бірнеше жүздеген адам өртелді, Макажой мекені мен Галанчож көлі аудандарында жаппай адам өлімі туралы мәліметтер бар. Сондай-ақ, Урус-Мартан аудандық ауруханасындағы тасымалдауға жарамайтын аурулар да өлтірілді (Сигаури, 1997:353).

Қаңырап қалған шешен мекендеріне жаңа қоныстанушылар келгенше студенттер мен Грозный қаласының мемлекеттік кәсіпорындарында жұмыс істемейтін тұрғындары жіберілді. Олардың біреуі кейінірек былайша еске алады: «Студенттердің міндеті Қорған және Орлов облыстарынан қоныстанушылар келгенше шаруашылықты ретте ұстап тұру болатын. Біз малды жинап, оларға жем-шөп беруге, астықты, мүліктерді қабылдауға және т.б. тиіс болдық. Таулы ауылдарда бұл әрекетті басқаша жүргізді. Барлық мал эвакуацияланғаннан кейін «бандиттерді» тіршілік ету көзінен айыру үшін ауылдарды өртеп жіберді. Тауларда күні бойы жанып жатқан ауылдарды бақылауға болатын. Сонымен қатар тауға кеткен адамдар өз еркімен келетін болса, оларға рақымшылық жасау жарияланды. Олардың кейбіреулері қайтып оралғанымен, оларды көшіріп жіберді» (Уралов, 1991:62). Халықтың көп бөлігі тауларда тығылып, жер аударудан құтылып қалды. Оларға қатысты жарияланған рақымшылық – оларды НКВД органдары дереу құртып жібермей, айдау орындарына жөнелтетінін ғана білдірді. Алайда, құжаттарға сүйенсек, таулы аймақтардағы әскери бөлімдер онда қалған халықты қырып-жоюмен айналысты. Мысалы, мемлекеттік қауіпсіздік төрағасы Шешенстаннан былай деп хабар жеткізді: «Шешендер мен ингуштарды Галанчож ауданына көшіргеннен кейін мал-мүлікті жинау жөніндегі мемлекеттік комиссияға көмектесу үшін майор Сайгактың оқу атқыштар полкінің бөлімдері келді. Галанчож ауданының хуторларына түскен бөлімшелер революциялық заңдылықтар бұзылған бірқатар фактілерге, көшіруден кейін қалған, еріп жүре алмайтын шешен әйелдерін – кемпірлерді, ауруларды, мүгедектерді өз бетінше атып тастауға жол берді. Жалпы алғанда, атып тасталған аурулар мен мүгедектердің саны 60 адамға жетті» (Шахбиев, 1996: 257).

Дегенмен, егер көшірудің басты мақсаты Шешен тауларындағы кеңес үкіметінің қарсыластары әрекет ететін базаларды құрту болса, онда ол – мақсат орындалмай қалды. Елуінші жылдардың аяғыда, шешендер мен ингуштардың айдаудан қайтып оралар сәтіне қарай, тауларда саны біршама абрек топтары әрекет етуін жалғастырды. Олардың ішіндегі ең танымалы Хасуха Магомадов болды, оның ізіне түсіп, 1976 жылы ғана өлтірілді. А. Авторханов: «Шешендерді жер аударудың ресми идеологиясы – немістермен болған коллоборация екендігі – нағыз өтірік», – деп тұжырымдайды. Біріншіден, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде орыстар қоныстанған Малгобек мекенін шегарашылардың аз уақыт иеленуін есепке алмағанда, Шешен-Ингуш республикасының аумағына неміс солдатының аяғы тиген де емес.

Екіншіден, неміс құрылымдарына шешен-ингуштардың қосылуы мүлде мүмкін емес еді, өйткені Шешен-Ингушетияда оның құрылған уақыты ішінде міндетті әскери жұмылдыру болған емес, ал кеңес-финн соғысы кезіндегі жартылай жұмылдыру неміс-кеңес соғысы басталған уақытта барлық шешендер мен ингуштардың Қызыл Әскер қатарынан әскери міндеттен босатумен байланысты алынып тасталды (Қызыл Әскердің Бас қолбасшылығы бойынша 1942 жылғы ақпандағы бұйрық әскерден босатуды шешендер мен ингуштардың шошқа етін жеуден бас тартқан діни сенімімен уәждеді) (Авторханов, 1991: 50).

Бұл мәселе туралы А. Гунашев былай дейді: «Біріншіден, Шешен-Ингуш АКСР аумағында бірде-бір фашист болған жоқ; екіншіден, 1944 жылғы көктемде майдан алаңы алыста – Батыста болды, үшіншіден, шешендер мен ингуштардан тұратын ер адамдардың басым бөлігі Қызыл Әскерге жұмылдырылды немесе Грозный қаласының қорғаныс шебінде жұмыс істеді. Сонымен, Германияға көмектескісі келген адамдардың қандай да бір болмашы тобы болғанның өзінде, олардың әрекеті үшін еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі барлық шешен халқы не үшін жазалы болды?» (Гунашев, 2001:46).

А. Авторхановтың пікірінше, қоныс аудартудың шынайы себебі шешендердің таулықтардың ұлттық тәуелсіздігі үшін үздіксіз күресі мен олардың кеңестік отарлау режімінің рақымсыз жүйесін мүлде мойындамауы болды (Авторханов, 1991:51). Әрине, жаппай жер аудару туралы шешімнің негізінде бізге әліге дейін белгісіз болып келе жатқан аса терең себептер болуы мүмкін.

Түрлі халықтарды өздерінің тарихи отандарынан көшірудің себептері сырттай ерекшеленгенімен, шын мәнінде олардың сипаты бірдей болды. Сталиннің басшылығымен қабылданған тұтас халықтарды жер аударудың негізінде саяси сипаттағы себептер жатты. Мысалы, кәрістерді жер аудару себебінің ресми түсініктемесі «өлкеге жапон тыңшылығының ену жолын кесу» болды. Алайда мұндай түсініктемемен қатар одан ауқымды себепті көрсеткен жөн. Оның мәні – кеңес кәрістері жалпы алғанда КСРО-ның қиыршығыстық саясатының аманаты болғандығында. 1937 жылдың шілде айында Жапонияның қарулы әскері ішкі Қытайға баса көктеп кіріп, айдың соңында Бейжіңді алғандығы белгілі. 1937 жылы көктемде сыртқы күштердің басып кіруінен қорыққан Қытайдың негізгі саяси күштері – компартия мен гомидан – азаматтық соғысты тоқтату мен жапон басқыншыларына төтеп беру үшін бірыңғай майдан шебін құру үшін келісімге отырды. Соғысушы тараптарды қолдау мақсатында сол қарама-қарсы әлемде басты саяси күштерді біріктіру қолға алынды. Оның негізінде идеологиялық тайталас жатты. Батыс державалары бұл соғысты тоқтатуға белсенді шаралар қабылдамады. Қалыптасқан жағдайда Гоминдан үкіметінің Кеңес Одағымен жақындасу әрекеті Қытай компартиясының ықпалына ұшырамай қоймады. КСРО-ның бастамасымен 1937 жылғы 21 тамызда шабуыл жасамау туралы кеңес-қытай келісімшартына қол қойылды. Соғысып жатқан тараптардың бірімен шабуыл жасамау туралы келісімшарт жасасу аталған жағдайда, шын мәнінде, одақтастық қарым-қатынасты білдірді, яғни КСРО мен Қытай Жапониямен соғыста шынымен одақтас болды. Кеңес Одағына мұндай қарым-қатынас сөзсіз қажет еді, оның үстіне ол жақындап қалған Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өзінің оқшау қалғанын сезінді. КСРО Қытайға экономикалық және әскери көмек көрсетті. Сонымен, 1937 жылғы 21 тамызда екі құжатқа: шабуыл жасаспау туралы кеңес-қытай келісімшарты мен Қиыр Шығыс өлкесінің шекара маңы аудандарынан кәріс халқын көшіру туралы КСРО ХКК пен БК (б) П ОК қаулысына қол қойылды. Бұл бір нәрсенің екі жағы іспетті болды. Кәрістерді «жапон тыңшылығының ену жолын кесу» деген сылтаумен жер аударуды «үлкен саясаттың» бір бөлшегі ретінде, Кеңес Одағының өзінің Қытаймен одақтастық қарым-қатынасының тұрақтылығы, өзінің Жапониямен қарым-қатынасын, қиыршығыс саясатындағы көзқарасын білдіруі ретінде қарастыру қажет (Кан, 1994:46-47).

Тоталитарлық тәртіптің қуғын-сүргіндік саясатының жаңа бағыты ретіндегі кәрістерді жер аударуға арналған негіз осылайша даярланды, оның негізінде этностық топқа тиістілігі үшін ұжымдық жауапкершілік қағидаты жатты. Соғыс қарсаңындағы жылдары күшейе түскен идеологиялық қайшылық пен ішкі «жауларды» іздеу нәтижесінде КСРО-ның Түркиямен, Иранмен және т.б. мемлекеттермен шекаралас аудандарда қоныстанған саны аз ұлттарға сенімсіздік білдірілді. Әзербайжан, Армения және Грузияның шекаралас аудандарында тұратын халықтар «сенімсіздер» қатарына қосылды, өйткені олардың көпшілігінің шетелдерде туысқандары болды. Олар этностық жағынан іргелес елдердің халықтарына жақын деп саналды. Бұл сыртқы әлемнен оқшаулану және жақындап қалған соғыс қаупі төнген жағдайда Кеңес мемлекеті тарапынан үлкен алаңдаушылық туғызды.

Халықаралық жағдайдың шиеленісуі мен соғыстың айқын қаупі төнген жағдайда Кеңес мемлекетінің ұлттық саясаты барған сайын қуғын-сүргіндік сипат алды. КСРО-ның Германиямен 1939-1940 жылдардағы құпия келіссөздері мен «Молотов-Риббентроп Пакті» деген атаумен белгілі келісімдер КСРО-ның Балтық маңы елдерін, Батыс Украинаны, Батыс Белоруссия мен Бессарабияны өзіне қосып алуына алып келді. Көп ұзамай бұл өңірлерді «кеңестендіру» мен «коллективтендіру» (ұжымдастыру) бойынша қарқынды науқан басталды және жүйе 20-30-жылдардың өзінде әзірлеген сұлба бойынша Сібірге, Орта Азия мен Қазақстанға «құлақтар» деп аталатын топтар, сондай-ақ осы халықтардың режімге ұнамаған өкілдері көшірілді. Батыс Украина мен Батыс Белорусь аумағында тұрғылықты халықпен бірге поляк ұлтының жергілікті, сондай-ақ гитлерлік әскердің Польшаға баса көктеп енуі салдарынан бұл жерге 1939-1940-жылдары эмиграцияланған өкілдерінің айтарлықтай бөлігі өмір сүретін. Поляктар таптық ерекшелігі бойынша емес, ұлттық ерекшелігі бойынша көшірілген саны мол топтардың бірі болды.

Немістердің жер аударылуы Германияның нұсқауы бойынша немістер қоныстанған Еділ маңы аудандарында болуы мүмкін жаппай бүлікшіліктермен және тыңшылық фактілерімен байланыстырылады. Алайда архивтардан «Германиядан берілген бұйрық бойынша неміс АКСР-і халқын Қызыл Әскердің тылындағы «бесінші отар елге» айналдыруға дайын мыңдаған және он мыңдаған бүлікшілер мен тыңшылардың Еділ маңы аудандарында болғандығы туралы әскери билік хабарлары мен басқа да дабылдарды» растайтын құжаттар анықталмады (Кичихин, 1990:91). Осы жерде неміс халқының еліміздің қарсыластар әлі басып алмаған еуропалық бөлігінің барлық аудандарынан бір мезгілде көшірілгендігін айта кету керек. Ал Еділ маңы немістері АКСР-ін тарату да заңсыз еді. Алайда мұндай «әдептілікті» сақтау И. Сталинге және оны қоршағандарға тән емес еді. Бұл әрекет, әсіресе, лаңкестік іс-қимылдар Кавказ маңы және елдің басқа да өңірлерін қоныстанған өзге де халықтарға қатысты күшейгені кейінгі жылдары айқын байқалды.

Кеңес-герман майданының ауқымды кеңістігінде үдей түскен соғыс қимылдары 1942 жылдың жазында кеңес әскерлері үшін тағы да сәтсіз болды. Батыс, Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік майдандардағы көптеген бөлімдері мен құрамаларынан айырылған Кеңес әскерлері Харьковтен Сталинградқа дейінгі ауқымды аумақты жау қолына қалдыра отырып, шығысқа қарай шегінді. 1942 жылдың күзінде жау әскерлері Еділ өзенінің жағалауы мен Үлкен Кавказ жоталарының сілемдеріне жақын келді. Неміс басқыншыларының қол астында жартылай Шешен-Ингуш, сондай-ақ қарашайлар, балқарлар, қалмақтар тұрған аумақ қалып қойды.

Дегенмен гитлершілердің Сталинград және Курск маңында ойсырай жеңіліс табуымен кеңес әскерлерінің шабуылы басталды. Бұл шабуыл барысында жау қолында қалған айтарлықтай аумақ босатылды. 1943-1944 жж. босатылған аумақта қалпына келтіру жұмыстарымен бірге сатқындар мен жауға дем берушілерді іздеу қатар жүргізілді. Гитлершілер шегініп бара жатып, өздерінің соңында тарамдалған тыңшылық желі мен бүлікшіл топтарды қалдырды. Босатылған аумақты тазарту операциясы барысында әскери жасақтар мен НКВД көптеген автоматтар мен пулеметтер, сондай-ақ артиллериялық қару мен минометтер тартып алды. Алайда НКВД органдарының басшылары жекелеген адамдар мен тұрғындар топтарынан ғана емес, тұтас халықтан қылмыстық белгілер іздеп, күмәнданды. Жекелеген халықтардың аумақтары жау қолында қалған кезде жаумен ниеттес болған халықты айыптау басталды. Сонымен соғысып жатқан елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген желеумен оларды жер аударуға сылтау табылды.

Бүгінгі күні бұл науқанның негізсіздігі күмәнсіз. Жалпы алғанда таратылған автономды республикалардың халықтары Кеңес өкіметіне риясыз берілді және олардың Отанға деген адалдығына күмәндануға мүмкіндік беретін ешқандай себеп болған емес. Егер фашистерге қызмет еткен жекелеген адамдар болса, бұл тұтас халықты айыптап, қуғынға ұшыратуға негіз болуы тиіс емес еді. Бірақ мұндай жағдайларда заңдылық пен құқықтық нормалар есепке алынбады.

Соған қарамастан, жекелеген халықтар мен ұлттық округтерді көшіру науқаны жалғаса берді. Солтүстік Кавказдан халықтарды жер аудару әрекетімен қатар еліміздің кейбір өңірлерін «ұнамсыз элементтерден» тазарту шаралары қатар жүргізілді. Әңгіме Қырымның, сондай-ақ Грузияның түріктер тұратын аудандары жайлы болып отыр. Бұл жағдайда қырым-татар халқын көшіру, сонымен бірге бұл жерлерді балгарлардан, қарайымдардан, гректерден, армяндардан және аз халықтардың басқа да өкілдерінен тазарту Қырым халқының моноұлттық сипат алуына мүмкіндік берді. Бұл халықтарды өздерінің тарихи отандарынан көшірудің уәждері сырттай ерекшеленгенімен, олар, шын мәнінде, бірдей сипатта болды. Мысалы, қырым-татар халқы неміс басқыншыларымен белсенді ынтымақтастықта болды деп айыпталды. Бұл айып олардан КСРО ыдырағанға дейін алынбады және бұрын таратылған автономды облыстар мен республикалар қалпына келтірілген кезде оларға өз Отандарына оралуға 1957 жылы құқық берілсе, ал қырым татарларына, түріктер мен немістерге мұндай мүмкіндік берілмеді. Олар тіпті ақталғаннан кейін де туған өлкелеріне еркін қоныс аудара алмады.

1956 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы өз Жарлығымен қырым-татар халқын формальды түрде ақтады. Алайда олар шынайы ақталмады, жазалау шаралары алынып тасталғанымен, қырым татарларына Қырымға оралуға тыйым салынды. Жер аударудан 23 жыл өткеннен кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі 1967 жылы дәлелсіз айыпты толықтай алып тастады, бірақ мемлекеттің бұл шешімі де нағыз ресми сипатта болды. Қырым татарларының жекелеген топтарының өз тарихи отанына оралуға деген талпыныстары жергілікті биліктің қарама-қарсы әрекетіне тап болды (ҚР ОМА, 1137:30). Қырым-татар халқының ұдайы, табанды күресінің арқасында ғана КСРО Жоғарғы Кеңесі 1989 жылғы 14 қарашада қырым татарларының Қырымға жаппай оралуына бастау болған «Халықтарды күштеп қоныстандыруға алып келген қуғын-сүргін актілерін заңсыз және қылмыстық деп тану және олардың құқықтарын қамтамасыз ету туралы декларация» қабылдады.

1944 жылы 18 мамырда таң қылаң бере, қырым татарларын көшіру науқаны басталған еді. Оны өткізуге жазалаушы жасақтарға бар-жоғы 60 сағат қана және әрқайсысы 50 вагоннан тұратын 70-тен астам эшалон қажет болды. Бұл науқанды іске асыру үшін Ішкі істер халық комиссариаты мен Мемлекеттік қауіпсіздік халық комиссариатына Қырымның тиісті органдарының қарауына 5 мың шұғыл қызметкерді іссапарға жіберуге, операцияны қамтамасыз етуге ішкі әскерден 20 мың адам бөлуге және осы мақсатта 11 атқыштар полкін және батальондар мен жеке мергендер ротасын жіберуге жарлық берілді. Көшіруге дайындық өте шұғыл әрі ұйымдасқан түрде жүргізілді, 7 мамырда көшіру бойынша басшылық Қырымға 20 мың жүкші бөлуді өтінді. Шұғыл халық санағы жүргізілді, операцияны жүргізу штабы өз жұмысын Симферополь қаласында жалғастырды, 13 мамырда арнайы қоныстандырылғандардан мал, ауыл шаруашылық өнімдерін, басқа да мүлікті қабылдауды ұйымдастыру және басшылық жасау бойынша КСРО ХКК комиссиясы келді. Қырым татарларын көшіруден екі күн бұрын Мемлекеттік комиссияға көмекке 20 мыңдай адам бөлінді (Ильясов,1997:5).

Жер аудару тауқыметы Грузияның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандарына қоныстанған түріктердің де бастарына түсті. Ұлы Отан соғысы жылдары Грузия аумағына неміс басқыншылары мүлде енбеген еді. Демек кеңес түріктерін билік немістерге көмектесті деп айыптай алмады. Соған қарамастан, олар әзірленген сұлба бойынша көшірілді.

Шын мәнінде, жер аударуға негіз болды ма. 1948 жылғы 9 желтоқсанда БҰҰ-ның барлық мүшелері ратификаттаған «Геноцидтің алдын алу және геноцид үшін жазалау туралы» Халықаралық конвенция қабылданғаны белгілі. Конвенцияға сәйкес геноцидке қандай да бір адамдар тобына қатысты оны толықтай немесе ішінара жоюға бағытталған жағдайға тікелей немесе жанама түрдегі іс-әрекеттер жатады. Геноцидтің негізінде белгілі бір қауымдастықтың ұжымдық жауапкершілік қағидаты жатады. Бұл қағидаттың негізі, өз кезегінде, аталмыш қауымдастық мүшелерінің шығу тегінің ортақтығы болып табылады. Осылайша, қуғын-сүргін бір нәрсеге жеке кінәлі адамдарға ғана емес, осындай адаммен бір топқа жататын адамдарға да қатысты болды (Кан,1994: 47-48).

Қазақстандық академик, тарихшы ғалым М.Қ. Қозыбаев ХХ ғ. 30-жылдардың соңынан бастап Қазақстан «сталиндік халықтар абақтысына» айналды деп тұжырымдайды (Козыбаев, 1991: 238). Шынында да, Қазақстанның әрбір бесінші тұрғыны әлеуметтік, сондай-ақ саяси себептермен жер аударылған арнайы қоныстандырылған адам болды. Күштеп қоныс аударту НКВД-ның басшылығымен жүргізілді.

Архивтік құжаттарда «жер аудару» сөзі мүлде кездеспейді. «Көшіру», «еңбек қонысы», «арнайы қоныстандыру» сөздерімен қатар науқандардың тізбегі сияқты өтіп жатқан оқиғалардың мәнін дәл беретін «операция» сөзі жиі қолданылады.

Тарихшы А. Некричтің пікірінше, барлық халықтарды жер аударуға БК (б)П ОК Саяси бюросының мүшесі, Мемлекеттік қорғаныс комитетінің мүшесі, КСРО Ішкі істер халық комиссары Л.П. Берия жалпы басшылық жасаған. Операцияны НКВД әскерлері жүзеге асырды. А. Некрич Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халықтарды жер аударуды мемлекет алдын алу шаралары (Еділ маңы немістері, курдтар, түріктер, гректер) ретінде, жазалау шарасы (шешендер, ингуштар, балқарлар, қарашайлар, қырым татарлары) ретінде және шекара маңы тұрғындарының «сенімді» қабатын қалыптастыру мақсатын көздеген әскери-стратегиялық сипаттағы шара ретінде қарастырды деген қорытындыға келді (Некрич, 1993). Шын мәнінде, халықтарды жер аударудың күштеу әдістерін ешқандай әскери немесе басқа себептермен ақтауға болмайды. Жер аударылған халықтарға қарсы тағылған басты айып «жаумен жаппай ынтымақтастық» жасағандығы болды. Бірақ мұндай тұжырым нағыз сандырақ еді, өйткені бұл халықтардың ер азаматтарының басым бөлігі Қызыл Әскер қатарына жұмылдырылған болатын. Мысалы, КСРО НКВД архиві деректері бойынша, Шешен-Ингуш республикасында жүргізілген үш жұмылдырудың нәтижесінде майданға 17413 адам жіберілген. Ұлы Отан соғысы майдан шептерінде 20000 қалмақ солдаттары мен офицерлері соғысты. Жер аударуға ұшыраған қалмақтардың саны 91919 адам болды (Алиева, 1993: 41-42). Архивтік материалдарды талдау нәтижесінде кеңестік органдар Қазақстан аумағына арнайы қоныстандырылғандарды қабылдау мен орналастыруға дайындық алдын ала басталған деген қорытынды жасауға болады.

Мемлекет пен партияның саясаты арнайы қоныстандырылғандарды елді мекендерге жіберіп, ауылдық жерлердегі жұмыс ресурстарының жетіспеуін толтыру болды. Сонымен қатар соғыстың алғашқы айлары Орталық Ресейден Қырғызстан мен Солтүстік Қазақстанға қорғаныстық маңызы бар өнеркәсіптік кәсіпорындардың айтарлықтай бөлігі эвакуацияланған болатын. Оларда жұмыс істейтін арзан жұмыс қолдары қажет болды. Арнайы қоныстандырылғандар дәл осындай мақсаттарға бағытталды. Бұл гипотезаны арнайы қоныстандырылғандардың Шу арнасы сияқты алып нысандар салуда қатысқандығы растайды, олардың көпшілігі ағаш дайындау орындарында, шахталарда, кеніштерде, қорғаныстық маңызы бар кәсіпорындарда жұмыс істеді (Яхъяев,1991: 11).

Шешендерді жер аудару туралы шешімді қабылдауға жеке сипаттағы себептер негіз болды деген бос пайымдаулардың тиянағы жоқ деп саналады. Мысалы, бұл туған немере ағасын шешен шопандарының өлтіргені үшін Берияның кек алуы деген өсек тарады (онда қалмақтардың, қырым татарларының және басқалардың қатысы қанша?) (Яхъяев, 1991: 41). Сондай-ақ халық арасында Берия шешендер мен ингуштарды Каспий теңізінің астына суға жібергісі келген, бірақ бұл жоспарды іске асыруға Сталин бөгет болған деген қауесет те тарады. Сондай-ақ бұл оқиғаларды Сталин мен Берияның Шешен-Ингушетия аумағының есебінен Грузия мен Солтүстік Осетияның шекараларын кеңейтуге ұмтылысымен түсіндіруге тырысу да негізсіз саналады.

Біздің ойымызша, халықтарды жер аударуды жүзеге асырудың себептері бүгінгі күні ешқандай сын көтермейді. Бұл себептерді саяси уәждермен де, лагерьлік экономиканы нығайту қажеттігімен де түсіндіруге болады. Еңбек армиясын құрудың және оның қызмет етуінің тарихы, оған қатысушылардың КСРО-ның әскери қуатын күшейтудегі нақты үлесі ондаған жылдар бойы зерттеусіз қалды. Бұл тақырып тыл тарихы мен халықтың Жеңіс жолындағы еңбек ерлігі тұрғысынан жалпы қарастырылып, «еңбек майданы» деген жалпы ұғымның аясына еніп кетті. Еңбек армияшылары қызметінің ауқымы мен нәтижелері сияқты еңбек армиясына кімнің, қашан және қандай заңдық мәртебемен тартылғандығы саналы түрде қарастырылмай, оның қыр-сыры ұмытылды. Ал уақыт өте келе, «Еңбек армиясы» ұғымы қолданыстан мүлде алынып тасталды, өйткені жеңіс жолында еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейінгі халықтың бәрі жанқиярлық еңбек көрсетті деп саналды.

Мұның сыры қарапайым түрде түсіндірілді: Қызыл Әскер құрамына шақырылмағандардың қатары әскери өнеркәсіпте жұмыс істеу үшін ресми түрде жіберілгендермен бірге Еңбек армиясы майданға жөнелтуге болмайтын ұлттардың және таптық жағынан жат саналатын элементтерден; сондай-ақ, моральдық-саяси түсініктері бойынша әскерге шақыруға болмайтын, яғни ең алдымен арнайы қоныстандырылғандар, айдаудағы еңбекке жегілгендерден; 30-жылдары кәмпескеленген кулактар мен байлар, олардың отбасы мүшелерінен; 30-жылдары шаруа толқулары мен көтерілістеріне қатысушылардың және т.б. өкілдерінен тұрды (соғыстың алдыңғы және соғыс жылдарындағы осылай ресми құжаттарда шақыруға болмайтын халықтардың өкілдері, сондай-ақ моральдық-саяси белгілері бойынша шақыруға болмайтын адамдар деп көрсетілген) (Анес, 1998: 315).

Тоталитарлық тәртіпке ол өзі сол сәтте қоғамнан аластатып қойған адамдардың еңбектерін объективті түрде бағалау тиімсіз болды. Осының салдарынан моральдық-саяси сапасына қарай сталиндік заңдардың критерийлеріне толықтай сай келетін және Еңбек армиясына әбден заңды түрде жұмылдырылған адамдар да ұмытылып қалды. Соғыс жағдайында болған, ұрыс барысында аумағының, материалдық-техникалық және экономикалық ресурстарының айтарлықтай бөлігінен айырылған кез келген мемлекеттің өзінің барлық күшін, оның ішінде тыл жұмысын ұйымдастыру, яғни соғысты нәтижелі жүргізу үшін әскери экономиканың барлық құрылымын реттеу үшін адам күштерін жұмылдыруы тиіс екендігін жоққа шығаруға болмайды. Бұл үшін соғыс уақытының заңдары мен нормативтік актілері еңбекке қабілетті және әскери қызметке жарамды барлық азаматтар майданға жұмылдыруға және еңбек борыштарын атқаруға бағытталды. Алайда, Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихындағы басқыншыларға қарсы соғысып жатқан ел соғыспен қатар өзінің миллиондаған азаматтарын қоғамнан аластатып, осындай жолмен мәжбүрлі еңбек лагеріне тарту тарихта еш кездескен емес.

20-жылдардың соңы мен 30-жылдардың басында, елімізде өнеркәсіпті барынша индустралияландыру және ауыл шаруашылығын күштеп коллективтендіру басталғанда мәжбүрлі түрде еңбекке жегу қайтадан кең етек алды. Бұл жерде сонымен қатар жазалаушы саясаттың да қанат жайғандығын айта кету керек. 30-жылдары Қазақстан өзіндік резервацияға айналды. Ресейдің, Украинаның, Белоруссияның және басқа да республикалардың ішкі аудандарынан арнайы қоныстандырылғандардың жалпы саны 1936 жылы 360 мың адамға жетті (Анес, 1998:317).

Кең ауқымды өнеркәсіптік құрылыс, табиғи байлықтар мен жаңа кен орындарын игеру арзан жұмыс күшін көбейтуді талап етті. Жазалаушы саясаттың күшеюімен Солтүстікте, Уралда, Қиыр Шығыста, Сібірде, Орта Азияда және КСРО-ның басқа да өңірлерінде еңбекпен түзеу лагерьлерінің желісі кеңейді. Осылайша күштеп еңбекке жегу жүйесі жетіліп, лагерьлік экономика қалыптасты.

Тұтас халықтарды жер аударудың негізінде, сондай-ақ, саяси сипаттағы себептер де жатты. Күштеп көшіру Отанға сатқындық деген жалған жала жабумен жүргізілді, бұл адамдардың құқықтық жағынан қорғалмағандығының, жүйенің әкімшілік-пәрмендік озбырлығы мен Сталиннің жеке басына табынудың көрсеткіші болды.

Ұлттық саясатты өрескел бұзу тұтас халықтарды күштеп көшіруден ғана емес, бірқатар ұлттық-мемлекеттік автономды құрылымдарды (Қалмақ, Қырым автономды республикаларын, Қарашай-Черкес автономды облыстарын) таратудан да көрінді.

Соғыстың алдыңғы жылдары күштеп жер аударуға ұшыраған халықтардың бірі қиыршығыстық кәрістер болды. Оларды Қиыр Шығыстан Қазақстанға жаппай көшіруге бастапқыда, 1935 және 1936-жылдары диаспораның барынша белсенді бөлігін әкімшілік жолмен көшіру себеп болды.

1937 жылғы 21 тамызда КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БК (б) П Орталық Комитетінің «Кәріс халқын Қиыршығыс өлкесінің шекаралық аудандардан көшіру туралы» қаулысы шықты. Қаулыда «Қиыршығыс өлкесіне жапон тыңшылығының ену жолын кесу мақсатында» ҚШӨ 23 шекаралық ауданынан барлық кәріс халқын көшіру көзделді. ...Көшіруді дереу бастап, 1938 жылғы 1 қаңтарға дейін аяқтау көзделді. «Кәрістер көшіріліп жатқан аудандарда шекара күзетін нығайту үшін шекара әскерлері саны 3 мың адамға арттырылсын» (Кан, 1995:52).

1937 жылдың қыркүйек айының соңында қоныс аударылған кәрістер мінген алғашқы эшалондар Қазақстанға келе бастады. Лагерьлер бөлімінің, еңбек қоныстарының және НКВД тұтқындау орындарының мәлеметтері бойынша, ҚазКСР-іне жоспарланған 63 эшелон, 18009 отбасының орнына 90 эшелон, 20789 отбасы, шамамен 100 мың кәріс әкелінді (Кан, 1995:17). Қоныстандырылғандарды тұрғын үймен суық түскенше қамтамасыз ету мақсатында қоныстандыру пункттері титульдік тізім бойынша көзделген ғимараттарды тұрғызумен қатар уақытша жертөлелер, барақтар салуға, киіз үйлер, шатырлар тігуге шешім қабылдады. Бұл үшін қаржыландыру жоспарында көзделген қаражатпен қатар қоныстандырылғандарды еңбекке жеге отырып, олардың өздерінің қаржыларын тартты. Қоныстандырылған кәрістердің шамамен 50%-ы дербес кәріс колхоздарында тұра бастады. Ал кәрістердің қалған бөлігі бұрыннан бар колхоздарға, совхоздарға, қалаларға, өнеркәсіптік кәсіпорындарға, кеніштерге, өнеркәсіптік артельдерге таратылды.

1937 жылдың соңына қарай Әзербайжан және Армян КСР-інен Қазақстанға қоныстандырылған курдтардың, армяндар мен түріктердің, ассириялықтардың 1121 шаруашылығы келді. Олар Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылды. Шаруашылықтар мүмкіндігінше барлық қажетті нәрселермен қамтамасыз етілді.

1938 жылдың қазан-қараша айларында Түркіменстанның, Әзербайжанның, Грузия мен Арменияның кейбір аудандарын қоныстанған 2 мыңнан астам иран отбасы жер аударылды (Алдажуманов и др., 1997:6).

1939-1941 жж. Батыс Белоруссия мен Батыс Украина КСРО құрамына енген кезде 102 мың жер аударылған поляк республикамыздың тұрғындары атанды. Бұл республикалардың кеңес режіміне жақпаған барлық өкілдері 20-30-жылдардың өзінде әзірленген сұлба бойынша Сібірге, Орта Азия мен Қазақстанға көшірілді. 1940 жылы Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Талдықорған, Алматы және Жамбыл облыстарына айдалғандардың көптеген отбасылары жіберілді. Олар қуғын-сүргінге ұшыраған көтерілісші ұйымдар қатысушыларының, бұрынғы Польша әскері офицерлерінің, полицейлердің, жандармдардың, помещиктердің, бұрынғы польша мемлекеттік аппаратының фабриканттары мен шенеуніктерінің отбасы мүшелері болды (История СССР, 1992: 124). Олардың арасында арнайы қоныстандырылғандардың «Польша осадниктері мен қашқындары» деп аталатын жаңа контингент пайда болды. Осадниктер – Польшадан қоныс аударылғандар, негізінен 1920 жылғы польша-кеңес соғысында ерекше көзге түскен, украиндар мен белорустар қоныстанған аудандардан жер алған, бұрынғы польша әскерінің әскери қызметшілері. Осадниктер Польшада жергілікті тұрғындарға қатысты белгілі бір полицейлік қызметтер атқарды, сондықтан КСРО-да «еңбекші халықтың қатерлі жаулары» деп аталып, жаппай отбасымен бірге КСРО-ның түкпір-түкпірлеріне көшірілді. Олардың ұлттық құрамының біркелкі болмағандығын да айта кетуіміз қажет. Олардың негізгі бөлігі поляктар болды, алайда олардың арасында еврейлер, украиндар, белорустар, немістер және басқа да ұлт өкілдері айтарлықтай мол болды. Сонымен қатар Қазақстанда Польшаның қуғын-сүргінге ұшыраған офицерлері мен басқа да шенділердің шамамен 66 мың отбасы мүшесі айдауда болды (Земсков, 1994:156).

1942 жылы Саратов облысы аумағында тұрып жатқан поляк азаматтары жер аударуға ұшырап, олар Алматы облысына жіберілді (Бугай, 1986:193-194). Соғыстың соңында көптеген поляк арнайы қоныстандырылғандары отанына оралуға үміттенді, бірақ 1944 жылы, Кеңес Әскері Польша аумағына енгеннен кейін, Өлкелік Әскер мүшелерінің, партия және саяси қайраткерлердің лагерьлеріне тағы да жер аудару басталды. Сонымен, Қарағанды облыстық Мемлекеттік архивінің деректері бойынша, Ұлы Отан соғысы қарсаңында Қазақстан аумағына 104 мың поляк пен олардың отбасы мүшелері көшірілді (Калыбекова, 2008).

Ұлы Отан соғысының басталуымен алғашқы болып Еділ маңы аудандарында тұратын немістер жер аударылды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Еділ маңы Неміс автономды облысын тарату туралы» Жарлығы шықты, «Еділ маңы немістерін Қазақстанға орналастыру туралы» және «Грузиядан, Әзербайжан мен Армян ССР-інен немістерді қоныс аударту туралы» қаулылары қабылданды. Неміс ұлтының барлық адамдары дерлік жер аударылды: еділдік, мәскеулік, Украиналық, Кавказдық немістер жер аударылды, майдан шебінен офицерлер мен солдаттар шақырылып алынды. Немістер күштеп қоныстандыруға ұшыраған барлық халықтардың ішінен ең саны мол ұлттық топ саналды. 1942-1942 жж. барлығы 1209430 неміс қоныс аударылды (Бугай, 1986:42). Олардың ішінен, Қарағанды облысының Мемлекеттік архив деректері бойынша, Қазақстанға 225 мыңнан 350 мыңға дейін немістер жер аударылған. ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті Архивінің деректері бойынша, «ҚазКСР облыстарына қоныстандырылған немістерді орналастыру туралы анықтамада» 1941 жылғы 10 желтоқсандағы жағдай бойынша 34970 адам (ҚР Бас Прокуратурасы ҚСжАЕКА, 7), ал 1942 жылғы 5 қаңтардағы жағдай бойынша 382102 адам болды.

Республикамызда арнайы қоныстандырылған немістерді қабылдауға даярлық алдын ала жүргізілді. ҚазКСР Халық комиссариаты кеңесі мен Қазақстан КП (б) ОК 1941 жылғы 1 қыркүйектегі «КСРО ХКК мен БК (б) П ОК осы жылғы 26 тамыздағы «Саратов, Сталинград облыстары мен Еділ маңы немістері республикасынан қоныс аударылған немістерді қабылдау бойынша» қаулысын іске асыру бойынша іс-шаралар туралы» Қаулысы бойынша Қазақстан облыстарында қоныстандырылған немістерді қабылдау, орналастыру және жайластыру үшін облыстық штабтар құрылды (Из истории немцев Казахстана (1921-1975 гг.) Сб.док.: Архив Президента Республики Казахстан, 1997:97-98). Алайда облыстық ұйымдар қоныстандырылған немістерді қабылдау мен орналастыруға дайын емес болып шықты. Жоспарлы қоныстандырылғандар келместен бұрын олар үшін тұрғызылған үйлер елдің батыс аудандарынан эвакуацияланған халықтың орналасуына берілген болатын. КСРО ХКК 1941 жылғы 21 қарашасындағы Өкімімен Куйбышев облысынан 1677 неміс отбасы жер аударылды, сондай-ақ Қалмақ АКСР-інен 6 мың неміс көшірілді (Хасанаев, 1997: 31).

Жер аударылған осыншама көп немісті орналастыру бойынша Орталықтың тапсырмаларын орындау шын мәнінде мүмкін болмады. Ертіс өзені арқылы өтетін кемелердің тоқтатылуы және темір жолдардың шалғайлығы, сондай-ақ жергілікті биліктің озбырлығы жер аударылған немістерді аштық ұшыратып, жойылуға алып келді. Осыған байланысты жергілікті халықтың жер аударылған немістерді өздерінің үйлеріне орналастыру мақсатындағы бастамасы орасан маңызды болды. Мемлекет саясаты арнайы қоныстандырылған немістерді ауылдық елді мекендерге орналастыруға бағытталды. Осылайша ауылдық еңбек ресурстарының жетіспеушілігін толтыруға ұмтылыс жасалды.

Гитлерліктер басып алған аумақтардың босатылуына қарай жер аударылған халықтардың өкілдерін көшіру жалғасты. Жер аударуға ең алдымен тағы да сол неміс халқы ұшырады. 1944-1945 жж. Украинаның, Белоруссия мен Балтық маңы елдерінің босатылған аумағынан сол жерде соғысқа дейінгі уақыттан бері тұрып келе жатқан неміс халқы көшірілді. Олардың барлығы, тіпті санының аз болғанына қарамастан, Сібір мен Қазақстан аудандарына тұрақты өмір сүру үшін жіберілді. 1945 жылдың соңына қарай Қазақстанға елдің батыс аудандарынан шамамен 9 мың неміс отбасы қосымша орналастырылды (Алдажуманов и др., 1997: 2).

Немістер орналастырылған негізгі жерлер Солтүстік және Орталық өңірлер болған. Ұлы Отан соғысы жылдары ішінде Қазақстан аумағына жер аударылған немістердің саны өзгеріп тұрды, өйткені олардың көп бөлігі еңбек армиясына және негізінен Қарағанды қаласының көмір өнеркәсібіне жұмылдырылған болатын. 1942-1943 жж. құрылысқа, көмір және мұнай өнеркәсібіне және НКВД лагерьлеріне 103733 неміс жұмылдырылды, олардың ішінен 92438 адам, оның ішінде 30403 әйел Қазақстаннан тыс жерлерге жіберілді (ҚР ОМА, 1146с.). Еңбекке жұмылдырылған немістердің көп бөлігі Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі болды.

Күштеп жер аударуға алғашқылардың бірі болып қарашайлар да ұшырады. Бұл халықтың өз автономды облысы бастапқыда 1922 жылғы 12 қаңтарда РКФСР-дің Ставрополь өлкесінің құрамында түзілген Қарашай-Черкесс автономды облысы болып құрылды.

Соғыс жылдары басқа халықтар сияқты қарашайлар да гитлершілерге қарсы соғысқа белсенді қатысты. Дегенмен 1943 жылғы 12 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Қарашай автономды облысы таратылды, ал 1943 жылғы 4 қазанда КСРО ХКК қарашайларды көшіру туралы жабық Қаулы қабылдады. Қысқа мерзім ішінде облыстан жалпы саны 69267 адам болатын 14774 отбасы жер аударылды (Алдажуманов и др., 1997:9). Ал Қарағанды облыстық Мемлекеттік архивінің деректері бойынша шамамен 70 мың қарашай жер аударылды. Көшіру жұмыстарында қатаң шаралар қолданылып, қысқа мерзім ішінде жүргізілді. 1957 жылы Қарашай-Черкесс автономды облысы қалпына келтірілгеннен кейін ол жерге Орта Азия мен Қазақстаннан 90%-ға жуық қарашай оралды.

Қайғылы жер аудару тағдыры балқарлардың да маңдайына жазылыпты. Кабардин-Балқар автономды облысы 1922 жылғы 16 қаңтарда РКФСР-дің құрамында құрылған болатын, 1936 жылғы 5 желтоқсанда ол автономды республика болып аталды. Басқа халықтармен бірге балқарлар да негізінен майдан шебінде болды. 1943 жылдың қаңтарында балқарлардың жері жаудан азат етілді, ал олардың өздері жалған айыппен өздерінің тарихи отанынан көшірілді.

Балқарларды көшіру туралы МҚК қаулысы 1944 жылғы 5 наурызда қабылданды. Жер аударудың салдарынан Қазақстанға жалпы алғанда саны 25 мың адам болатын 4660 балқар отбасы келді.

Көп ұзамай жер аудару нәубеті Қалмақ АКСР-і халқының да басына төнді. 1943 жылғы 28 қазанда қалмақтар КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығына және КСРО ХКК Қаулысына сәйкес жер аударылды. Бұған КСРО-ның басқа да халықтарымен бірге қалмақтар да жауға қарсы күреске аттанып, соғыста көрсеткен ерліктері үшін 21 адам Кеңес Одағының Батыры атанғанына, ал 8 мың қалмақтың орденьдермен және медальдармен марапатталғанына қарамастан, Солтүстік Кавказ халықтарына қарсы тағылған айыптар себеп болды. Олар тұрақты тұрғылықты жерлерінен көшірілді. 1944 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша республика аумағындағы қалмақтар саны ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті Архивінің деректері бойынша 2233 адамды (680 отбасы) құрады (ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің Архиві, 29). Ал ҚазКСР НКВД деректері бойынша 1945 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша – 2541 адам (760 отбасы) болды. Қалмақ АКСР-і 1943 жылғы 27 желтоқсанда таратылды.

Кавказ халықтарының арасындағы ең саны мол Шешен-Ингушетия ежелден Кавказдың қақпасы саналатын. Грозныйлық кеңес зерттеушісі В.И.Филькин соғыс жылдары соғысып жатқан әскерге 18500-ден аса шешендер мен ингуштар жіберілген деп есептейді (Филькин, 1960:43). Шешендер мен ингуштардың көпшілігі Брест қамалы гарнизонында әскерде болды. Брест қамалы мен оған іргелес үш қамалда (қорғанда) қаза тапқан екі мың кеңес солдаттары мен офицерлерінің екі жүзден астамы шешендер болды (Оглаев, 1990: 9-11).

1944 жылғы 23 ақпанда фашистік басқыншы әскерлерге көмектесті деген жалған айыппен шешендер мен ингуштар жаппай Қазақстан пен Орта Азияға жер аударылды. 1944 жылғы 7 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Шешен-Ингуш АКСР-і таратылды. Оның аумағы Ресей мен Грузия арасында бөлінді, жерлерінің бір бөлігі Солтүстік Осетия және Дағыстан АКСР-інің құрамына өтті.

Олар КСРО-ның барлық аумағына қоныс аударылды: Солтүстік Кавказ, Грузия, Әзербайжан республикаларына, Краснодар өлкесіне және т.б. Оларды Қызыл Әскер қатарынан босатып, НКВД арнайы қоныстандыру бөлімдерінің қарауына жөнелтті.

Орта Азия мен Қазақстанға адамдарды теміржол құрамдары арқылы жеткізу кезінде қоныстандырылғандардың өлімі көптеп кездесіп отырды. Олардың біразы айдалаға түсіріп тастаған Қазақстан жерінде де өліп жатты. Көшіру кезіндегі құрбандардың нақты саны белгісіз болып қалып отыр.

1944 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша республикамыз бойынша Солтүстік Кавказ халқының 414046 адамы (101032 отбасы), ал 1945 жылдың 1 қаңтарына қарай 360405 адам (88513 отбасы) есепте тұрды (ҚОМА, 18-қор, 1-тізбе, 165-іс).

Нақты шығындар айтарлықтай көп болды, қоныстандыру 200 мыңнан астам шешендер мен ингуштардың өмірін жалмады (Сигаури, 1997: 354). Бұл шешен-ингуш халқының басына түскен нағыз геноцид болды.

Неміс, кәріс, түрік сияқты тығыз орналасқан басқа халықтарға қарағанда шешендер мен ингуштарды республика бойынша ұсақ топтарға бөлшектеп таратты. Мысалы, Қызылорда және Талдықорған облыстарында кәріс колхоздары мен совхоздары болды, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстарында неміс шаруашылықтары болды. Басқа жер аударылған халықтарға балаларын ана тілінде оқытуға жағдай аз да болса жасалса, жер аудару жылдары шешендер мен ингуштардың негізгі бөлігі толықтай рухани тоқырауда қалды.

Қалмақтарды, шешендер мен ингуштарды қоныстандыру туралы шешім 1944 жылдың сәуіріндегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің жабық мәжілісінде жарияланды.

Қарағанды облыстық Мемлекеттік архивінің деректері бойынша Қазақстанға 190 мыңнан астам қырым татарлары келген (Калыбекова, 2008:187). Сонымен қатар осы операция барысында негізінен Краснодар өлкесінен көшірілген 7 мың болгарлар мен гректер жер аударылды. НКВД деректері бойынша республика аумағында 1945 жылдың 1 қаңтарында 4224 адам (1223 отбасы) болған, олар Гурьев облысында ғана тығыз орналастырылды (ҚР ОМА, 1146с.: 147).

Жер аудару нәубеті Месхетияда, яғни Грузияның оңтүстік және оңтүстік батыс аудандарында өмір сүрген түріктердің де басына төнді. МҚК-ның 1944 жылғы 31 шілдедегі қаулысымен түріктерді жер аудару басталды, нәтижесінде Қазақстанға 27 мыңнан астам месхетиндік түріктер әкелінді.

Кейбір халықтарды жер аудару туралы Үкіметтің бірқатар қаулылары бойынша шамамен 25 мың балқар, шамамен 7 мың гректер, болгарлар мен арямндар көшірілді. Жаудан азат етілген аумақтардан жекелеген халық топтарын көшіру жалғасып жатты. Шығыс Украина аумағынан соғыстың соңында немістермен қатар саны 100310 адам болатын Украина ұлтшылдар ұйымының мүшелері («ОУН-шылар») мен олардың отбасы мүшелері жер аударылды. Жер аудару тауқыметіне кабардиндер, балтық маңы халқы, қалмақтар және т.б. ұшырады. Жалпы алғанда, халықтарды жер аудару 40-жылдардың соңына дейін жалғасты.

Қорытынды. 1989 жылғы 14 қарашада КСРО Жоғарғы Кеңесі күштеп көшірілген халықтарға қарсы қуғын-сүргін актілерін заңсыз және қылмыс деп тану және олардың құқықтарын қорғау туралы Декларация қабылдады. 1991 жылғы 26 сәуірде қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарды ақтау туралы РКФСР Заңы қабылданды. Заңда Кеңес үкіметі жылдары «ұлттық тиістілік белгілері бойынша мемлекеттік деңгейде жала жабу және геноцид саясаты жүргізіліп, күштеп көшірілген, арнайы қоныстарда лаңкестік және зорлық-зомбылық режімі орнатылған халықтар қуғын-сүргінге ұшырады деп көрсетілген. Осы халықтарға қатысты мемлекеттік деңгейде қолданылған озбырлық пен заңсыздық саясаты құқыққа қарсы саналып, қуғын-сүргін көрген халықтардың ғана емес, еліміздің барлық халқының абыройын аяқасты етті. Бұл Заң арқылы, оның алғысөзінде айтылғандай, тарихи әділеттілік қалпына келтіріліп, құқықтарды қалпына келтіретін актілерді қоспағанда, қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарға қатысты қабылданған одақтық, республикалық, жергілікті органдардың, лауазымды тұлғалардың барлық актілерінің күші жойылатындығы жарияланды; олар конституциялық емес және күшін жойған құжаттар ретінде танылды. Заңда бұл халықтардың толық ақталғаны мойындалды: территориялық – олардың өз еріктеріне сәйкес дәстүрлі өмір сүрген жерлеріне оралуды қамтамасыз ету; саяси – еркін ұлттық даму құқығы, өздерінің саяси құқықтары мен еркіндіктерін жүзеге асыруға басқа халықтармен теңдей мүмкіндік беруді қамтамасыз ету; әлеуметтік – қуғын-сүргін салдарынан келтірілген әлеуметтік залалдың орнын толтыру; мәдени – олардың рухани мұрасын қалпына келтіру және мәдени қажеттіліктерді қанағаттандыру бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыру.

Сонымен қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарға қатысты мемлекеттік деңгейде «озбырлық пен заңсыздық, геноцид пен жала жабу саясаты» қолданылғаны мойындалды.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Алдажуманов К.С., Алдажуманов Е.К. Депортация народов – преступление тоталитарного режима. –Алма-Ата, 1997. –16 с.

Белая книга (Из истории выселения чеченцев-ингушей 1944-1957 гг.). / Сост. и отв. ред. Яхъяев Л. –Грозный-Алма-Ата, 1991. –235 с.

Бугай Н.Ф. К вопросу о депортации народов СССР в 30-40 годах. //История СССР. 1986, №6; Правда о депортации чеченского и ингушского народов. //Вопросы истории, 1990, № 7; Л.Берия – И.Сталину: Согласно Вашему указанию… –М., 1995

Гунашев А. 2001. Ичкерия: месть истории. –Алматы, 2001. –45 с.

Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы. / сост. Анес Г. –Алматы: «Арыс»-«Казахстан», 1998. –428 с.

Земсков В.Н. 1994. Принудительные миграции из Прибалтики в 1940-1950 гг. //Отечественные архивы. 1993, № 1; Спецпоселенцы (1930-1959 гг.) //Население России в 1920-1959 гг.: численность, потери, миграции. Сб. –Москва, 1994. –С.156

Ильясов Р. 1997. Крымские татары. Краткий обзор прошлого и анализ социально-экономического положения настоящего. Информационный бюллетень. Вып.5. Алтын Бесик. 1997. –С.5.

Из истории немцев Казахстана (1921-1975 гг.). Сб.док.: Архив Президента Республики Казахстан 1997. –Алматы, 1997.

Калыбекова М.Ч. 2008. История депортированных народов Казахстана (1937-1956 гг.). –Алматы, ТОО «Издательство JEM», 2008. 188с. 

Кан Г.В. 1994. Корейцы Казахстана: Исторический очерк. –Алматы: Казахстан, 1994. –240 с.

Кан Г.В. 1995. История корейцев Казахстана. –Алматы: Ғылым, 1995. –208с.

Кичихин А.Н. 1990. Советские немцы: откуда, куда и почему? // Военно-политический журнал (ВИЖ). –М.,1990. –№ 8. –С.32

Козыбаев М.К. 1991. Немцы Советского Казахстана: факты и действительность // История Казахстан: белые пятна. –Алма-Ата, 1991. –238 с.

Қарағанды облысының Мемлекеттік архиві (ҚОМА), 18-қор, 1-тізбе, 165-іс

ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің Архиві, 7-іс.

Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архиві (ҚР ОМА). 1146с-қор, 1-тізбе, 435-іс, 139-140 бб.

ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің Архиві, 16-қор, 1-тізбе, 30-іс

ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің Архиві, 29-іс

Некрич А. 1993. Наказанные народы // Нева. 1993. № 10

Оглаев Х. 1990. Брест – орешек огненный. –Грозный, 1990. –С.9-11

Сигаури И.М. 1997. Очерки истории и государственного устройства чеченцев с древнейших времен. –Москва: Издательский дом «Русская жизнь». 1997. –355 с.

Так это было. 1993. Национальные репрессии в СССР 1919-1952 гг. / сост. Алиева С.У.,Т.2. –Москва, 1993. –366 с. (77 с.)

Уралов А. (Авторханов А.). 1991. Народоубийство – убийство чечено-ингушского народа. –М., 1991. –79 с.

Хасанаев М. «Для расселения выделить районы Казахстана..» (Архивные документы о депортации народов в Казахстан) // Депортация народов и проблема прав человека. Материалы семинара.–Алматы, 12 июня 1997. –С.31

Филькин В.И. Чечено-Ингушская карательная организация в годы Великой Отечественной войны Советского Союза. Грозный, 1960. С.43.

Шахбиев З. Судьба чечено-ингушского народа. М.: «Россия молодая», 1996. – 479 с.

40-50-е годы: последствия депортации народов (свидетельствуют архивы НКВД-МВД СССР) // История СССР. 1992. № 1. –С.124.

References:

Aldazhumanov K.S., Aldazhumanov E.K. 1997. Deportacia narodov – prestuplenie totalitarnogo rezhima. –Alma-Ata, 1997. –16s.

Belaya kniga (iz istorii viseleniya chechencev-ingushey 1944-1957 gg.). / sost i otv. Red. Yah’yaev L.– Grozny-Alma-Ata, 1991. – 235 s.

Bugai N. F. K voprosu o deportacii narodov SSSR v 30-40 godah //Istoriya SSSR. 1986, №6; Pravda o deportacii chechenskogo i ingushskogo narodov //Voprosi istorii, 1990, № 7; L. Beriya – I. Stalinu: Soglasno Vashemu ukazaniyu… – M. 1995

Gunashev A. 2001. Ichkeriya: mest istorii. –Almaty, 2001. –45 s.

Deportirovannie v Kazakhstan narody: vremya i sudby. / sost. Anes G. –Almaty, «Arys»-«Kazakhstan», 1998. 428 s.

Zemskov B. N. 1994. Prinuditelnie migracii iz Pribaltiki v 1940-1950 gg. //Otechestvennie arhivy. 1993, № 1; Specpereselenci (1930-1959 gg.) //Naselenie Rossii v 1920-1959 gg.: chislennost, poteri, migracii. Sb. – Moskva, 1994. –S.156

Ilyasov R. 1997. Krymskie tatary. Kratkiy obzor proshlogo i analiz socialno-economicheskogo polozheniya nastoyashego. Informacionniy bulleten. Vyp.5. Altyn Besik. 1997. C. 5.

Iz istorii nemcev Kazakhstana (1921-1975 gg.). Sb. dok.:Arhiv Prezidenta Respubliki Kazakhstan. –Almaty, 1997.

Kalybekova M. Ch. 2008. Istoriya deportirovannyh narodov Kazakhstana (1937-1956 gg.). –Almaty, TOO «Izdatelstvo JEM», 2008. –188s.

Kan G.V. 1994. Koreyci Kazakhstana: Istoricheskiy ocherk. –Almaty: Kazakhstan, 1994. 240s.

Kan G. V. 1995. Istoriya koreycev Kazakhstana. –Almaty: Gylym, 1995. –208s.

Kichihin A. N. 1990. Sovetskie nemcy: otkuda, kuda i pochemu? // Voenno-politicheskiy zhurnal (VIZH). –M., 1990. № 8. –S.32

Kozybaev M. K. 1991. Nemcy Sovetskogo Kazakhstana: fakty i deystvitelnost // Istoriya Kazakhstan: belie pyatna. –Alma-Ata, 1991. –238 s.

Karagandy oblysysnyn Memlekettik arhivi  (KOMА). 18-kor, 1-tizbe, 165-is.

KR Bas Prokuraturasy Kukyktyk statistika zhane arnayi esep komitetinin Muragaty, 7-is

Kazakstan Respublikasy Ortalyk Memlekettik arhivi (KR OMА). 1146 s-kor, 1-tizbe, 435-is, 139-140 bb.

KR Bas Prokuraturasy Kukyktyk statistika zhane arnayi esep komitetinin Muragaty, 16-kor, 1-tizbe, 30-is

KR Bas Prokuraturasy Kukyktyk statistika zhane arnayi esep komitetinin Muragaty, 29-is

Nekrich A. Nakazannie narody // Neva. 1993. № 10

Oglayev H. Brest – oreshek ognenniy. –Grozny, 1990. –S. 9-11

Sigauri I. M. Ocherki istorii i gosudarstvennogo ustroystva chechenvcev c drevneyshih vreemen. –Moskva : Izdatelskiy dom «Russkaya zhizn». 1997. –355 s.

Tak eto bylo. Nacionalnie represii v SSSR 1919-1952 gg. / sost. Alieva S.U., T.2.–Moskva, 1993. –77 s.

Uralov A. (Avtorhanov A.). Narodoubiystvo – ubiystvo checheno-ingushskogo naroda. –M., 1991. –79 s.

Hasanayev M. «Dlya rasseleniya vydelit rayony Kazakhstana…» (Arhivnie dokumenty o deportacii narodov v Kazakhstan) // Deportaciya narodov i problema prav cheloveka. Materialy seminara. –Almaty, 12 iyunya 1997. –S. 31

Filkin V.I. Checheno-Ingushkaya karatelnaya organizaciya v gody Velikoy Otechestvennoy voyny Sovetskogo Soyuza. – Grozny, 1960. – S. 43.

Shahbiyev Z. Sudba checheno-ingushskogo naroda. –M.: «Rossiya molodaya»,1996. –479 s.

40-50e gody: posledstviya deportacii narodov (svidetelstvuyut arhiby NKVD-MVD SSSR) // Istoriya SSSR. 1992. № 1. –S.124.

МРНТИ 03.20.00

НАКАЗАННЫЕ НАРОДЫ: ИЗ ИСТОРИИ ДЕПОРТАЦИИ НАРОДОВ В КАЗАХСТАН

М.Ч. Калыбекова¹

¹К.и.н., ВНС Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова

КН МОН РК, г. Алматы, Республика Казахстан.

Аннотация. В отечественной исторической науке на протяжении длительного времени отмечается устойчивый интерес к истории формирования полиэтнического состава населения, так как в настоящее время народы Казахстана, как и всего постсоветского пространства, переживают духовное пробуждение и возврат к традиционным истокам. Важно, что процессы поиска национальной идентичности являются всеобщей исторической и социокультурной тенденцией современного мира. Одним из тягчайших преступлений тоталитаризма является и депортация народов, как насильственное разрушение их этносоциального и территориального единства, имевшего далеко идущие негативные последствия, в том числе и для того народа, в привычную среду обитания которого они были внедрены. Поэтомув статье на основании архивных документов и материалов, для понятия сталинских стереотипов, обусловленные, прежде всего, тем, чтобы понять основные тенденции, масштабы, причины, последствия проводимых государством репрессивных мер по отношению к депортированным народам Казахстана. Изучение  хозяйственного устройства, трудовой мобилизации позволяет проследить роль спецпереселенцев в создании мощного индустриального потенциала страны в отдаленных районах с суровыми климатическими условиями. И особый интерес представляет вопрос о работе государственных органов власти по созданию условий жизнедеятельности спецпереселенцев на спецпоселениях для понимания характера и механизма репрессии.Рассматриваемая проблематика прошла сложный и противоречивый путь становления и развития, испытала многолетнее негативное воздействие политической и идеологической условии. Научные труды, односторонне или упрощенно объяснявшие явления прошлого, уже не могут удовлетворить современников. Многое из сделанного ранее требует серьезного переосмысления, ряд оценок событий прошлого нуждается в пересмотре.

Ключевые слова: причины депортации, автономия, спецпереселенцы, НКВД, расселение, ликвидация, хозустройство, трудовая мобилизация.

IRSTI 03.20.00

PUNISHED PEOPLES: FROM THE HISTORY OF DEPORTATION OF PEOPLES IN KAZAKHSTAN

M.Ch.Kalybekova¹

¹Candidate of Historical Sciences, Ch.Сh.Valikhanov Institute of History and Ethnology SC MES RK,Almaty, Republic of Kazakhstan.

Abstract.In domestic historical science for a long time there has been a steady interest in the formation of the multi-ethnic composition of the population of history. Since now the peoples of Kazakhstan, as well as the entire post-Soviet space are undergoing spiritual awakening and a return to traditional sources. It is important that the processes of searching for national identity are a universal historical and sociocultural tendency of the modern world. One of the gravest crimes of totalitarianism is the deportation of peoples, as the forcible destruction of their ethnosocial and territorial unity, which had far-reaching negative consequencesincluding for the people in whose habitat they were introduced.In this article, in order to understand the Stalinist stereotypes based on documents and materials, the main tendencies, scope, causes, consequences of government repressive measures against deported peoples of Kazakhstan are considered. The study of the economic structure, labor mobilization allows us to trace the role of special settlers in creating a powerful industrial potential of the country in remote areas with severe climatic conditions. And of particular interest is the question of the work of state authorities in creating the living conditions of special settlers in special settlements to understand the nature and mechanism of repression.

The issues under consideration went through a complex and contradictory path of formation and development, experienced a long-term negative impact of political and ideological conditions. One-sided or simplified scientific works explaining the phenomena of the pastcan no longer satisfy contemporaries. Much of what has been done before requires serious rethinking, a number of assessments of past events need to be revised.

Keywords: reasons for deportation, autonomy, special settlers, NKVD, resettlement, liquidation, household management, labor mobilization.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 99

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ҚАЗАҚСТАНҒА АРНАЙЫ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ӘОЖ 94(574)930.2 САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАҒАНДАРДЫҢ АРЫЗ-ШАҒЫМДАРЫ ТАРИХИ ДЕРЕК РЕТІНДЕ (ХХ ғ. 20-30 жж.) Қызылорда облысы Жалағаш ауданына 1960-шы жылдары қоныс аударған отбасылар УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ 902.2 Солтүстік Қазақстан аудандарында бaқтaшылықтың пaйдa бoлуы УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕГІ РӨЛІ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДАҒЫ ОМБЫ УЕЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӘСІПШІЛІГІ ҒТАХР 03.81.37 ТАРИХ-И РАШИДИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МОҒОЛСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖЕР-СУ АТТАРЫ ДЖ. У. БУШ ТҰСЫНДАҒЫ АҚШ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘӨЖ 94 (574.51) ҰЗЫНAҒAШ ШAЙҚACЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН НӘТИЖЕСІ ҒТАХР: 03.41.91 ШУ ӨҢІРІНДЕГІ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТӨРТКҮЛДЕРДІҢ СТРАТИГРАФИЯСЫ (Х-ХІІ ғғ.) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҒТАХР 03.20.00 ЕУРОПАДАҒЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТАРИХИ БІЛІМГЕ ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ТАРИХИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ҒТАХР 11.25.91 ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫ КЕҢЕЙТУ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕСІНЕ ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕГІ ИСПИДЖАБ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛАЛАР МЕН ЕЛДІМЕКЕНДЕР ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ "КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ" РӨЛІ ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ «КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ» РӨЛІ ҒТАХР 03.09.31ТАНЗИМАТ РЕФОРМАЛАРЫНА ЕУРОПАЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЫҚПАЛЫ ЖӘНЕ МҰСТАФА РЕШИД ПАША ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ ҒТАХР 03.09.03 РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ ҒТАХР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР 03.20.29 СКРИПКАШЫ ӘЛІМ АЛМАТ (ҒАЛЫМЖАН ӘБСӘЛАМОВ) ЖӘНЕ ОНЫҢ МУЗЫКАНТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ҒТАХР 03.09.31:03,20 СӘТТІҒҰЛ ЖАНҒАБЫЛОВТЫҢ «ДОСАН БАТЫР» ДАСТАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде) ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕКЕ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДЕПТІК ТӘСІЛДЕРІ ҒТАХР 03.20.09.31 СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.41.01 СОЛТҮСТІК-ШЫҒЫС КАСПИЙ МАҢЫ ЖӘНЕ ОҒАН ІРГЕЛЕС АУДАНДАРДАҒЫ САРМАТ МӘДЕНИЕТІ: ПРОБЛЕМАЛАР, ГИПОТЕЗАЛАР ҒТАХР 03.20.29 ХХ ҒАСЫРДЫҢ 30-ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ ҒТАХР 03.20.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ҒТАХР 03.20.09.25 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ ЭЛИТА МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ДІНИ ҰСТАНЫМДАРЫ (Ибн Рузбихан және Мұхаммед Әуез еңбектері бойынша) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАХР 03.19.00 ҚЫТАЙДАҒЫ МИГРАЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (ХХ ғ. аяғы – ХХІ ғ. басы) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАХР 16.00.00 ЛАТЫН ӘЛІПБИЛІ ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМЫ: ШЕТТІЛДІК СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ (1929-40 жж. ) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҒТАХР 03.20:03.29 ӘЛЕУМЕТТІК ТОП ҰҒЫМЫ АЯСЫНДА ДІНИ ЖАМАҒАТТАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ МӘСЕЛЕСІ ҒТАХР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАХР 03.09.55 1920-1930 ЖЖ. ШЕТЕЛДІК САЯСИ ЖӘНЕ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ САЯСАТЫ ҒТАХР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында) ҒТАХР 03.09.03 ПАТРИОТИЗМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ ҒТАХР 03.61.91 МАРАТ МҰҚАНОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ОРТА ЖҮЗ РУЛАРЫНЫҢ ТАРАЛУ АЙМАҚТАРЫ ҒТАХР: 03.20:03.09.25 ҒҰНДАРДЫҢ АТТЫ ӘСКЕРЛЕРІ ҒТАХР: 03.20:03.01.09 ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ КӘСІПҚОЙ ЭТНОГРАФТАРЫНЫҢ БІРІ ҚҰСАЙЫН ТӘКЕЖАНҰЛЫ ҒТАХР 03.01.17 КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІН АЙҚЫНДАУ: ТАРИХ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢ ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ АКСР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР 03.81.35 ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРКӘСІБІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖЫЛДАРЫНДА ЖӘНЕ НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ (1924-29 жж.) ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАХР 03.61.91 ТҰРМЫС-САЛТ ЖЫРЛАРЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ НҰСҚАЛАРЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ КОНТЕКСТІ ҒТАХР 11.25.19 COVID-19 ПАНДЕМИЯСЫ ЖАҒДАЙЫНДА «БІР БЕЛДЕУ - БІР ЖОЛ» ИНИЦИАТИВАСЫН ІСКЕ АСЫРУДЫҢ СЫН-ҚАТЕРІ ҒТАХР 03.61.91 ДОҢЫЗТАУДАҒЫ БЕСБАЙ ЖӘНЕ ИЗЕНАҒАШ ДІНИ-ТҰРҒЫН КЕШЕНДЕРІНІҢ МЕШІТТЕРІ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРДАҒЫ БАЛАСАҒҰН ЭТИМОЛОГИЯСЫ ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАХР 03.20:03.09.31 МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС ҒТАХР 03.29:03.20 ЕУРАЗИЯ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЭТНОЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ АЛҒЫШАРТТАРЫ ҒТАХР 03.20.00 ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР: ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ХАЛЫҚТАРДЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ҒТАХР 03.20.00 МҰРАЖАЙ ТОПТАМАЛАРЫНДАҒЫ ФОТОМАТЕРИАЛДАРДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК МАҢЫЗЫ

Автордың мақалалары

ҒТАХР 03.20.00 ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР: ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ХАЛЫҚТАРДЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ТАРИХЫНАН