Басты бет » Материалдар » ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ АКСР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН

С.Қ. Шілдебай¹. ¹Т.ғ.к., ЖҒҚ. Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты. Алматы қ., Қазақстан.

ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ АКСР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 2(22) сәуір-маусым 2020

Тегтер: індет, эпидемиология, медицина, халкоматы, сақтау, Денсаулық, ҚАКСР, сөздер:, Түйін, жұқпалы, аурулар, М.С., Шамов.
Аңдатпа:
Аңдатпа. Мақала Қазақ АКСР-індегі денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасу тарихына арналды. Зерттеу жұмысында бұрын тарихшылардың зерттеу нысаны болмаған осы тақырыпқа қатысты материалдар мен дерек көздеріне қысқаша талдау жасалды. Қазақ АКСР-нің жариялануымен бірге Денсаулық сақтау халкоматы құрылды және жұмыс аппараты қалыптаса бастады. Халық комиссары М.С. Шамов 1920–1928 жылдары денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыру мен қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірді. Өршіген жұқпалы ұшпа аурулар мен індеттерге қарсы күресе отырып, ҚАКСР ОАК пен ХКК-і Денсаулық сақтау халкоматымен бірге халық денсаулығын сақтаудың негіздерін қалыптастырды. Денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы барысындағы емдеу желісінің құрылуы; санитарлық бақылау жүйесінің қызметі; ана мен бала денсаулығын қорғау; қараусыз қалған жетім балалармен жұмыс; Орынбор мемлекеттік шешекке қарсы екпе институтын құру; жұқпалы ұшпа ауралар мен індеттерге, жезөкшелікке, безгек пен обаға қарсы күрес; дәріханалар желісінің қалыптасуы; ауыз су жағдайын жақсарту; медицина мамандарын даярлау; курорттар мен демалыс үйлері желісін дамыту; Өлкелік эпидемиология және микробиология институтының құрылуы мен қызметі және т.б. сияқты медицина салаларының қалыптасу тарихына шолу жасалды.
Мазмұны:

Кіріспе. Бүгінгі таңда әлемді шарпып тұрған Коронавирус «COVID-19» індеті экономикасы мен денсаулық сақтау жүйесі әлсіз елдерді тұқыртып, күн санап әлем халықтарының әлеуметтік жағдайы нашарлап барады. Тіпті, әлемдік алпауыт АҚШ-тың өзінде өршіген пандемия мемлекеттің экономикасына ойсырата соққы беріп, жұмыссыздық саны күн санап арта түсуде. Осындай қорқынышты құбылыстарға қарай отырып, бүкіл әлем жаңа әлеуметтік сілкіністер мен өзгерістердің алдында тұрғанын бағамдауға болады. Ал тәуелсіздік алғанына 30 жыл да тола қоймаған Қазақстан үшін де бұл сынақ оңай болмай тұр. Кеңес өкіметі кезінде қалыптасқан алдыңғы қатарлы денсаулық сақтау жүйесі мен санитарлық-эпедемиологиялық қорғаныс тәжірибесі біздің мемлекетке де көп көмегін тигізген сыңайлы.

Бірақ, қазіргі жағдай денсаулық сақтау саласының әлсіз тұстарын айқын көрсетіп берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылы 27 сәуірде жасаған мәлімдемесінде осы жағдайды көрсете отырып, «...Осыған орай, Үкіметке қысқа мерзім ішінде отандық тест-жүйесінің өндірісін қолға алуды тапсырамын. Біз иммунобиологиялық препараттарды әзірлеу үшін қолда бар мүмкіндіктерімізді толық пайдалануымыз керек. Вакцина қолжетімді болған кезде Қазақстан шетелдің дәрі-дәрмегін күтіп отырмауы қажет. Дағдарыстан кейін де біз медицинаны дамытуға баса мән береміз. Бұл салаға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетіледі. Үкімет Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс жобасына осы саланы жетілдіретін нақты ұсыныстар енгізуге тиіс», (Мемлекет, 2020: 1) - деп Үкімет алдына нақты міндеттер қойды. Осы орайда, осыдан 100 жыл бұрын құрылған кеңестік автономиялы Қазақ республикасында болған індеттер мен жұқпалы аурулар тарихын зерттеп, олармен күресу барысында қалыптасқан денсаулық сақтау жүйесі мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тәжірибесін білу – біз үшін аса маңызды тарихнамалық мәселе болып табылады деп ойлаймыз.

Материалдар мен зерттеу әдістері. Кеңестік қазақ автономиясындағы денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы мен даму тарихына қатысты құжаттар мен материалдар осы уақытқа дейін Қазақстан тарихшылары тарапынан ғылыми айналымға тартылмағандығымен ерекшеленеді.

Осы мәселеге қатысты ең алғашқы дерек көзі – 1921 жылы 4–10 қазан аралығында Орынбор қаласында өткен Қазақ АКСР Кеңестерінің екінші съезіне даярланған ҚАКСР Денсаулық сақтау халкомы М.С. Шамовтың есебі болып табылады (Отчет НКЗ, 1921). Есеп 60 беттен тұрады және тыңғылықты даярланғандығымен ерекшеленеді. Халком есебінде Қазақ АКСР-і құрылғанға дейінгі уақыттағы, нақтырақ айтқанда, ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласындағы денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйіне шолу жасалып, одан ары халкоматтың құрылуы мен оның жұмыс аппаратының қалыптасуы, халкоматтың жұмысын ұйымдастыру мәселелері қамтылған. Сонымен қатар, есепте ҚАКСР Денсаулық сақтау халкоматы Ғылыми медициналық кеңесінің 1920–1921 жылдарда қарастырған мәселелерінің тізімі берілген. Бұл тізімде тоғыз айдағы халкомат жұмысын ұйымдастырудың жай-күйі туралы біршама мәлімет алуға болады.

Сонымен қатар, аталмыш есепте халкоматтың санитарлық-статистикалық, ұйымдастыру-нұсқау, фармацевтикалық, санитарлық-эпидемиологиялық, емдеу, қаржы-сметалық, санитарлық ағарту, баспа, жалпы жабдықтау бөлімдері мен тіс дәрігерлік секциясының жұмыс есебі мен ҚазақАКСР-індегі емдеу мекемелерінің 1920 жылдағы тізімі және ондағы орын саны, берілген. Сондай-ақ, 1920–1921 жылдары Қазақстанда жиі кездескен бугорчатка (құрт ауруының түрі, өкпе ауруы), тышқақ (дизентерия), күл ауруы (дифтерия – (corynebacterium diphtheriae (лёффлер бацилласы, дифтериялық таяқша) бактериясынан туындпайтын жұқпалы ауру, көбінесе тіл, тамақ, жұтқыншақ, тері және басқа да органдарды зақымдайды), шошқа ауруы (заушница эпедемический (свинка) – без ағзаларын іріңсіз зақымдайтын ұшпа жұқпалы ауру), көкжөтел (коклюш), қызылша (корь), круп (3 жасқа дейінгі балаларда кездесетін тыныс алу мүшелерінің ауруы), өкпе қабынуы (крупозная), безгек (малярия), жұмсақ шанкр (жыныс жолымен берілетін жұқпалы ауру), шешек (оспа), қара шешек, жел шешек, кәдімгі шешек, ауыспалы (үзіліссіз) безгек (перемежающаяся лихорадка), алапес (проказа), рожа (теріде және жалпы құбылыстармен байқалатын ұшпа жұқпалы ауру), Сібір жарасы (Сибирская язва), мерез (сифилис), жәншау (скарлатина), сүзек (тиф) бөртпе сүзек, іш сүзегі, қайталанған (қайталанбалы) безгегі, белгісіз безгек, трахома (хламидиоздан туындайтын, соқырлыққа алып келетін созылмалы инфекциялық көз ауруы), тырысқақ (холера), қырқұлақ немесе діңгене (цынга), оба (чума) сияқты жұқпалы ұшпа аурулар мен індеттердің губерниялар көлеміндегі саны және осы аурулардан болған өлім-жітім деңгейі көрсетілген. Әсіресе, 1921 жылдың жаз айларында болған тырысқақ індеті туралы мәліметтері ерекше маңызға ие. Есеп соңындағы Орынбор мемлекеттік шешекке қарсы екпе институтының жұмысы туралы мәліметтер өте құнды дерек көзі болып табылатынын атап көрсетеміз.

Ал ҚАКСР Еңбек және қорғаныс кеңесінің 1922 жылдың сәуір – қыркүйек аралығы үшін жасаған есебінің (Отчет СТО, 1922) «Халық денсаулығын сақтау» атты бөлімінде Қазақстандағы және губерниялардағы денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі, халық арасында жиі кездесетін аурулар мен жұқпалы ұшпа аурулар және олардың алдын-алуға бағытталған шаралар туралы толыққанды мағлұматтар жинақталған. 1923 жылы наурызда ҚАКСР Орталық статистикалық басқармасының басшысы И. Крутулиннің алғысөзімен жарық көрген ҚАКСР-ы бойынша статистикалық-экономикалық шолуда (Статистико-экономический, 1923) да денсаулық сақтау саласына қатысты көптеген мәліметтер қамтылған. Қазақ АКСР-і алғаш құрылған жылдардағы денсаулық саласының қалыптасу тарихына қатысты жарық көрген бірқатар дерек көздеріне біз арнайы кеңірек тоқталдық. Бұдан ары қарай, осы мәселе тарихына қатысты дерек көздерін жалпы топтап талдауды жөн деп таптық.

Мақала тақырыбына қатысты дерек көздерінің үлкен тобын ХХ ғасырдың 20–30-шы жылдары мерзімді басылым ретінде шығып тұрған «ҚАКСР жұмысшы-шаруа үкіметінің хабаршысы» мен «ҚАКСР Жұмысшы-шаруа үкіметінің заңдары және бұйрықтарының жинағында» жарияланып тұрған қаулылар мен қарарлар, ережелер мен бұйрықтар құрайды. Сонымен қатар, сол жылдары шығып тұрған газет-журналда жарық көрген ақпараттық мәліметтердің мәні зор болып табылады.

Зерттеу тақырыбы үшін Қазақ АКСР-інде өткен сегіз партконференцияның және олардың аралығында өткен пленумдардың стенографиялық есептері, өлкелік партия комитеті бюросы мен хатшылығының мәжіліс хаттамалары, партконференциялар мен пленумдарға даярланған материалдар жинағы мен оларда қабылданған қаулы-қарарлар, шешімдер аса маңызды дерек көздерінің негізгі парасын құрайды.

Сонымен қатар, Қазақ АКСР Кеңестерінің бүкілқазақтық съездерінің стенографиялық есептері мен баспадан жарық көрген бірқатар бюллетеньдері, съезд шешімдері мен съездерге даярланған есептік материалдар жинақтарында аса бай статистикалық және ақпараттық деректер жинақталған. Ал бүкілқазақ съездері аралығында жоғарғы мемлекеттік орган болып табылатын ҚазОАК сессиялары мен оның Президиумының материалдарын да ұмыт қалдырмаған жөн. ҚазОАК-нің 20–30 жылдары болған 32 сессиясының стенографиялық есептерінде де көптеген деректер бар. Ал ҚазОАК Президиумы мен Қазхалкомкеңес мәжілістерінің хаттамалары Денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына қатысты негізгі дерек көздері болмақ.

Сондай-ақ, кеңес дәуірінде жарық көрген «ҚАКСР ОАК-нің декреттері мен қаулылары» (Декреты, 1921), «1930 жылдың 1-ші қаңтарына дейінгі ҚАКСР-нің қолданыстағы заңдарының жүйеленген жинағы» (Систематическое, 1930), «Қазақ АКСР-індегі социалистік құрылыс: 1920–1935 жылдарға арналған экономикалық-статистикалық анықтамалық» (Социалистическое, 1936), «Қазақстандағы мәдени құрылыс» (Культурное, Т.1. 1965; Культурное, Т.2. 1985) атты құжаттар мен материалдар жинақтарының азғана бөліктерінде қаралып отырған кезеңдегі Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі туралы кейбір мәліметтер топтастырылған. Ал жалпы Кеңес Одағының 1925–1940 жылдардағы денсаулық сақтау жүйесіне қатысты құжаттар мен материалдар жинағынан (Здравоохранение, 1973) кеңестік денсаулық сақтау жүйесінің жалпы сипатына қатысты деректерді көруге болады.

Тарихи процесстерді зерттеудегі формациялық және өркениеттік тәсілдердің жалпы тұжырымдары ғылыми мақала жазуға теориялық-методологиялық негіз болды. Денсаулық сақтау жүйесінің жалпы даму көрсеткіштері мен деңгейі – елдегі немесе мемлекеттегі формациялық және өркениеттік қатынастардың маңызды сипаты болып табылады. Дамушы елдердегі медицинаның жағдайы мен оның кадрлық әлеуеті өркениеттік жетістіктерді бағалау барысында шешуші факторлардың бірі болып келе жатыр. Тарихшылдық пен объективтілік принциптері – зерттеу жұмысының негізгі ғылыми әдістері бола отырып, денсаулық сақтау жүйесінің және оның кадрларының қалыптасу тарихын өткен кезең мен бүгінді және келешекті байланыстыра отырып, тарихи процесстің тарихи жағдайларға сәйкес даму ерекшеліктері мен оның ішкі қайшылықтарын, жақсы және жаман жақтарын салыстыра отырып қарастыруға мүмкіндік берді.

Тарихнамалық талдау. Қазақ АКСР-індегі денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасу тарихы осы уақытқа дейін арнайы зерттеу нысаны болған емес. Жалпы алғанда, Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінің әр саласы мен кейбір мәселелері тарихына арналған бірлі-жарым алғашқы зерттеу мақалалары ХХ ғасырдың 40–50-ші жылдары жарық көре бастады. Сол кезеңде жарық көрген Р.И. Самариннің «Қазақстанның денсаулық сақтау тарихының очерктері» атты монографиялық еңбегі (Самарин Р.И., 1958) ХVІІІ ғасырдан бастап 1958 жылға дейінгі үлкен кезеңдегі денсаулық сақтау жүйесінің тарихына арналған болатын. Сегіз тараудан тұратын осы еңбектің төртінші және бесінші тараулары Қазақ АКСР-і кезіндегі денсаулық сақтау жүйесінің тарихына арналды. Мәселеге жалпы шолу сипатында жазылған зерттеу еңбегінде Қазақ АКСР-індегі денсаулық сақтау жүйесі тарихының көптеген мәселелері зерттеушінің назарынан тыс қалғанына қарамастан, аталмыш еңбек аса маңызды тарихнамалық факті болып табылады.

Тарихшы-ғалым А.Жүнісбаевтың кеңестік Түркістан Республикасындағы денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасу тарихына қатысты көлемді ғылыми мақаласы (Джунисбаев А., 2019) мен Санжар Асфендиаровтың 1923–1924 жылдардағы Түркістан Республикасының денсаулық сақтау жүйесін реформалаудағы қызметіне арналған мақаласын (Жүнісбаев А.Ә., 2019) есептемесек, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жылдарында да аталмыш мәселенің зерттеушілердің назарынан тыс қалғанын атап көрсетеміз.

Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасу тарихы туралы кеңестік және шетелдік тарихнамада да арнайы зерттеу жұмыстары жоқ. Тек қана, кеңестік кезеңде жүргізілген, осы тақырып мәселесіне ұқсас бірқатар зерттеу жұмыстарын атап өтуге болады. Кеңестік денсаулық сақтау жүйесінің ең алғашқы кезеңінің тарихына арналған алғашқы зерттеу жұмыстарының бірі ретінде М.И.Барсуковтың 1950 жылғы диссертациялық жұмысын (Барсуков М.И., 1950) атап көрсетуге болады. Сондай-ақ, Е.Д.Ашурковтың (Ашурков Е.Д., 1957; Ашурков Е.Д., 1958), академик-дәрігер О.В.Бароянның (Бароян О.В., 1959; Бароян О.В., 1962; Бароян О.В., 1967; Бароян О.В., 1970; Бароян О.В., 1971; Бароян О.В., 1975; Бароян О.В., 1977; Бароян О.В., 1981; Бароян О.В., 1985; Бароян О.В., 1986), К.Г.Васильев пен А.Е.Сегалдың (Васильев К.Г., Сегал А.Е., 1960), Д.В.Горфиннің (Горфин Д.В., 1961), Е.И.Лотованың (Лотова Е.И., 1967; Лотова Е.И., 1989), А.Я.Гольдфельдтің (Гольдфельд А.Я., 1970) монографияларында Кеңес Одағындағы денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасу тарихы, індеттер мен жұқпалы ауруларға күрес тарихы, медицина ғылымының өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары әр кезең және әртүрлі қырынан қамтылды. Бұл еңбектер – Қазақстандағы осы тектес мәселелерді терең түсінуге септігін тигізетін зерттеу жұмыстары ретінде маңызды болып табылады.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Ресей федерациясының кейбір аймақтарында денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасу және даму тарихына, медицина мамандарының қалыптасу тарихы мен осы саланың кейбір мәселелеріне арналған бірқатар диссертациялық зерттеу жұмыстары қорғалды. Олардың ішінен О.А.Гончарованың (Гончарова О.А., 1992), Ю.А.Давыдованың (Давыдова Ю.А., 1999), В.П.Бякинаның (Бякина В.П., 1999), Д.Б.Батоевтың (Батоев Д.Б., 2002), Н.М. Матвееваның (Матвеева Н.М., 2004), Е.В.Банзаракцаеваның (Банзаракцаева Е.В., 2005), П.В.Поляковтың (Поляков П.В., 2005), О.В.Касаткинаның (Касаткина О.В., 2006), М.П.Дудкинаның (Дудкина М.П., 2008.), Н.Т.Ерегинаның (Ерегина Н.Т., 2010), Т.Н.Виноградованың (Виноградова Т.Н., 2011), А.В.Мохованың (Мохова А.В., 2012), М.А.Семеновтың (Семенов М.А., 2013), Н.В.Клементьеваның (Клементьева Н.В., 2013; Клементьева Н.В., 2016), Д.Л.Островкиннің (Островкин Д.Л., 2017) еңбектері зерттеу нысаны және қойған мақсаты мен міндеттері жағынан біздің мақаламызда қарастырылып отырған мәселеге ұқсас болып табылады.

ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ. 1920 жылы 26 тамыздағы РКФСР БОАК-і мен ХКК-нің «Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасын құру туралы» декретіне сәйкес ҚАКСР-дегі істерді басқару үшін құрылуы тиіс халкоматтармен бірге денсаулық сақтау халкоматын құру көзделді (КПСС, 1978: 41). Оған дейін ҚАКСР-ын құру жұмыстарына дайындық жүргізген Қазревком құрамында денсаулық сақтау бөлімі жұмыс істеп, оған 1919 жылдың қарашасынан 1920 жылдың 13 қыркүйегіне дейін А.А.Демченко, одан кейін С.Арғыншиев басшылық жасаған болатын. Денсаулық сақтау бөлімі құрамында емдеу, санитарлық-эпидемиялық, фармацевтикалық, статистикалық, бухгалтерлік және жалпы кеңсе бөлімшелері жұмыс істеген еді. Бөлім азамат соғысы жылдары күйреген емханаларды қалпына келтіре отырып, Қазревкоммен байланысы жақсы Орал, Ақтөбе, Торғай және Темір аймақтарындағы емдеу ісін ұйымдастыруға баса назар аударды (Учредительный, 1936: 21).

Денсаулық сақтау халкоматының құрылуы. 1920 жылы 4–12 қазан аралығында өткен ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезінде ҚазОАК мүшесі болған дәрігер М.С. Шамов Денсаулық сақтау халкомы болып сайланды (ҚРОМА, 5-қ., 1-т., 21-іс, 774-п.). Съезд жұмысы барысында Денсаулық сақтау секциясы құрылып, оның жұмысына С. Арғыншиев жетекшілік жасады (Учредительный, 1936: 15). 11 қазан күні таңертең өткен съездің тоғызыншы мәжілісінде А.А. Демченко съездің денсаулық сақтау секциясының атынан баяндама жасап, ҚАКСР территориясындағы жұқпалы аурулар мен індеттерге тоқтала отырып, «кеңестік медицина принципі – бәріне кең көлемді тегін көмек» деді. Одан ары қарай денсаулық сақтау саласына қатысты секция даярлаған тезистер мен қаулы жобасын оқыды (Учредительный, 1936: 64–65). Қырденсаулық сақтау баяндамасы бойынша 14 пункттен тұратын тезистердің соңында «Қырғыз денсаулық сақтау халкоматын, губерниялық, уездік және қалалық денсаулық сақтау бөлімдерін ұйымдастыру» принциптері көрсетілді. Съезд секция қаулысын бірауыздан бекітті (ҚРОМА, 5-қ., 1-т., 21-іс, 408, 413-415-п.).

Жаңа құрылған Денсаулық сақтау халкоматы өз жұмысын бірден бастап кете алмады. Оған дейін, бұрынғы Қазревком құрамындағы денсаулық сақтау бөлімі жұмыс істеді. Халкомат жұмысына Коллегия мүшесі, халком орынбасары әрі 1920 жылдың 13 қазаны – 18 қарашасы аралығында ҚАКСР Денсаулық сақтау халкомы міндетін атқарған А.А. Демченко жетекшілік жасады. Ол 1921 жылдың қарашасына дейін ҚАКСР Денсаулық сақтау халкомының орынбасары қызметін атқарып, 1924 жылдың қаңтарына дейін Коллегия мүшесі болып, ҚАКСР денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуына қал-қадерінше еңбек сіңірген тұлға еді. Бірақ, Денсаулық сақтау халкомы М.С. Шамов ҚАКСР Кеңестерінің 2-ші бүкілқазақтық съезіне даярлаған есебінде денсаулық сақтау халкоматының іс жүзінде құрылған күні 1920 жылдың 15 желтоқсаны деп көрсетеді (Отчет НКЗ, 1921: 6).

ҚАКСР Денсаулық сақтау халкоматына РКФСР Бас санитарлық басқармасы берген 105-ші Орынбор Эвакопункті негіз болды. Бұл 105-ші Орынбор Эвакопунктін алу үшін ҚАКСР Денсаулық халкомы 4 ай бойы үздіксіз жеделхаттар, радиограммалар мен жазба хаттар жолдап, халкомат жұмысын ұйымдастыруға материалдық-техникалық база мен мамандардың қажеттігін дәлелдеумен болған. Міне, осындай жұмыстардан кейін барып, 1921 жылы маусым айының соңында Заволжск округінің госпиталі барлық медсанмүлкімен, медициналық және әкімшілік-шаруашылық құрамымен Қырденсаулық қарамағына берілді. Осы госпиталь қаржысы мен қызметкерлерінің арқасында халкоматтың негізгі бөлімдері құрылып, губденсаулық бөлімдері нығайтылады (Отчет НКЗ, 1921: 6). Бұған дейін қарамағында жартылай сауатты 10 қызметкері бар халком М.С.Шамов 5–6 ай бойы Орынбор губденсаулық бөлімінің екі бөлмесінде отырып, ҚАКСР территориясындағы жұмыстарды жалғыз өзі ұйымдастыруға мәжбүр болған.

Халкомат аппаратының қалыптасуы мен дамуы. 1921 жылдың күзіне қарай Денсаулық сақтау халкоматы жұмыс аппаратының негізгі сұлбасы қалыптасты. Халкомат құрамында фармацевтикалық, ұйымдастыру-нұсқау, санитарлық-статискалық, санитарлық-эпидемиологиялық, емдеу, қаржы-сметалық, іс-басқару, санитарлық ағарту, балалар денсаулығын сақтау, ана мен сәби денсаулығын сақтау, санаторий-курорт, баспа, жалпы жабдықтау бөлімдері, тіс дәрігерлік секциясы мен Ғылыми-медициналық кеңес жұмыс істеп жатты (Отчет НКЗ, 1921: 6).

Орынбор губденсаулық сақтау бөлімі мен ҚАКСР Денсаулық сақтау халкоматы жанынан құрылған Ғылыми-медициналық кеңес 1920 жылы 24 мәжіліс өткізсе, 1921 жылдың 1 қаңтары – 24 тамызы аралығында барлығы 13 мәжіліс өткізген (Отчет НКЗ, 1921: 11-15). Осыдан-ақ, 1920 жылы ұйымдастыру жұмыстарының қаншалықты тығыз әрі шұғыл жүргізілгенін көруге болады.

1921 жылдың 1 шілдесіне қарай ҚАКСР бойынша барлығы 4 505 орынды құрайтын 107 аурухана жұмыс істесе, оның 29-ы (2 390 орын) губерниялық қалаларда, 78-і (1 805 орын) уездерде болды. Сонымен қатар, 385 фельдшерлік пункт, 51 амбулатория, 40 тіс амбулаториясы жұмыс істеді. Осы емдеу мекемелерінде 235 дәрігер, 32 тіс дәрігері, 631 фельдшер, 75 акушер, 219 мейірбике, 29 фармацевт, 1983 төменгі деңгейлі қызметкер жұмыс істеген (Отчет СТО, 1922: 253). ҚАКСР сияқты алып республика үшін бұл көрсеткіш теңізге тамған тамшыдай ғана еді.

Осындай жағдайда, 1922 жылы 6 желтоқсанда жұмысшыларға емдеу бойынша көмек көрсету үшін Денсаулық сақтау халкоматының емдеу бөлімі және губерниялық денсаулық сақтау бөлімдері құрамынан жұмысшыларға көмек бөлімшелері (жұммед) құрылды. 1924 жылы ақпанда Жұммед Денсаулық сақтау халкоматының жеке бөлімі болып қайта құрылды (Государственные, 1984: 36).

1925 жылы 3 наурызда ҚазОАК Президиумы «Денсаулық сақтау халкоматы туралы ережені» бекітті. Ережеге сәйкес, Денсаулық сақтау халкоматы ҚАКСР халқының денсаулығын жақсартуға бағытталған іс-шараларды әзірлейтін және жүзеге асыратын жоғарғы үкіметтік орган болып табылды. Халкомат денсаулық сақтау жүйесіне қатысты барлық қаулылар мен бұйрықтарды тікелей немесе ҚАКСР заң шығару органдары арқылы даярлады және жүзеге асырды. Халкомат халыққа ем-дом көмегін ұйымдастыруға; қалалар, тұрақтар мен ауылдарды санитарлық бақылау мен санитарлық абаттандыруға; еңбекке жарамсыздық істері жөніндегі медициналық сараптама және сот-медицина істерін жүргізуге; ана мен сәби, бала денсаулығын қорғау және өскелең ұрпақты дене тәрбиесі мәдениетіне баулуға; дәріхана ісін, санитарлық ағарту мен санитарлық статистиканы ұйымдастыруға; әлеуметтік және жұқпалы аурулармен күресуге; денсаулық сақтау саласына қатысты ғылыми-практикалық мәселелерді даярлауға; медициналық білім беруді ұйымдастыруға қатысуға; денсаулық сақтау мекемелері қызметіне басшылық жасауға міндетті болды. Халкомат жанынан Коллегия, жоспарлау комиссиясы, медициналық оқу кеңесі, Орталық жұмысшы-сақтандыру кеңесі, Өлкелік санитарлық-техникалық кеңес және Жезөкшелікпен күрес жөніндегі өлкелік кеңес құрылды (Государтственные, 1984: 36–37).

1925 жылдың қаңтарынан бастап ҚАКСР қалаларында еркін қызмет ететін дәрігерлер науқастарды міндетті түрде тіркеуге тиіс болды (Вестник, 1925 (№4). Бірақ, ҚАКСР-інің көшпелі аудандары әлі де медицинадан алыс қала берді. 1925 жылы 6–9 қазанда ҚАКСР-інің құрылғанына 5 жыл толуына орайластырылған мерекелік 5-сайланған Қазаткомның 2-сессиясында халком М.С. Шамов «Көшпелі халыққа медициналық көмек көрсету» деген тақырып бойынша баяндама жасап, көшпелі қазақтар арасында жұмыс істеген жылжымалы дәрігерлік-тексеру отрядтарының жұмыс қорытындысына орай жиі кездесетін ауру түрлеріне тоқталып, олармен күресу жолдарын ұсынды (2-ая сессия, 1925: 9–16).

1926 жылы қаңтарда қабылданған «Қалыпты болыстық (аудандық) денсаулық сақтау ұйымын құру негіздері туралы» РКФСР БОАК және ХКК-нің қаулысына сәйкес, Денсаулық сақтау халкоматы ҚАКСР территориясында болыстық денсаулық сақтау ұйымдарын құруды қолға алады (Вестник, 1926 (№3). Бірақ, мұның барлығы негізінен отырықшы тұрғындарды ғана қамтып, қазақ халқының көшпелі бөлігі үшін медициналық көмек жүйесі қолжетімсіз болды.

1926 жылдың желтоқсанынан бастап Жоспарлау комиссиясы мен Ғылыми кеңестің орнына Денсаулық сақтау халкоматының жанындағы кеңесші орган болған, жылына бір реттен көп шақырылмайтын Санитарлық кеңес құрылды. Сонымен қатар, халкомат жанында Республикалық байқау комиссиясы мен Үнемдеу режимін жүргізу және үнемдеу үшін жүргізілген күрес қорытындысын шығару жөніндегі уақытша комиссия, республиканың сот-медицина сарапшысы жұмыс істеді.

1927 жылы 16 ақпанда БК(б)П Қазөлкекомының бюросы М.С. Шамовтың ҚАКСР халқына медициналық қызмет көрсету туралы баяндамасын тыңдап, халкомат жүргізіп жатқан іс-шараларды дұрыс деп тапты (Сборник, 1927: 127–128). 1927 жылы 2 сәуірде М.С. Шамов ҚАКСР Кеңестерінің бүкілқазақстандық алтыншы съезінде баяндама жасап, 1920–1927 жылдардағы өлкедегі денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына шолу жасады. Съезд баяндама негізінде 16 пункттен тұратын қаулы қабылдап, жүйені жетілдіруге қатысты нақты міндеттер қойды (Постановления, 1927: 26–30).

1927 жылы мамырда халкомат құрамында ана, сәби және бала қорғау бөлімі ұйымдастырылды.

1927 жылы 5 маусымда ҚАКСР ХКК-нің қаулысы бойынша Әлеуметтік қамсыздандыру халкоматы мен оның жергілікті органдары жойылып, оның қызметі Денсаулық сақтау халкоматы мен Қаржы халкоматына бөліп берілді. Осыған сәйкес, 1927 жылдың қыркүйегінде халкомат аппараты қайта құрылды. Санитарлық-эпидемиологиялық, ана, сәби және бала қорғау, әкімшілік-ұйымдастыру және емдеу-профилактикалық бөлімдері жойылып, олардың қызметі инспекторларға жүктелді. Медициналық білім беру мәселесі Ағарту халкоматына берілсе, жергілікті органдар – уездік, облыстық және губерниялық денсаулық сақтау бөлімдері – сәйкесінше атқару комитеттеріне берілді.

1928 жылы 2 мамырда 1920–1927 жылдар аралығында қатарынан 6 рет халком болып сайланған М.С. Шамов Свердловск қаласына басқа қызметке ауыстырылып, М.Қ. Тәтімов халком болып тағайындалды. Көп ұзамай, 1923 жылдың наурызынан бері халком орынбасары қызметін атқарып келе жатқан М.М. Шомбалов Қазақ өлкелік дәріхана басқармасының төрағасы қызметіне ауыстырылып, бұл орынға К.М. Стацинский бекітілді.

1928 жылы 22 қыркүйекте ҚазОАК қаулысы бойынша Әлеуметтік қамсыздандыру халкоматы мен оның жергілікті органдары қайта құрылып, Денсаулық сақтау халкоматына берілген бұрынғы қызметі өзіне қайтарылды.

1933 жылы 23 желтоқсандағы КСРО ОАК мен ХКК-нің «Мемлекеттік санитарлық инспекциясын ұйымдастыру туралы» қаулысы бойынша одақтас республикалардың Денсаулық сақтау халкоматтары құрамынан мемлекеттік санитарлық инспекцияларды ұйымдастыру қажет деп табылды (Законодательство, 1935: 43).

1935 жылы Денсаулық сақтау халкоматының жұмыс аппараты төмендегідей басқармалар мен секторлардан құралды: іс басқару, кадрлар, емдеу-профилактикалық, қаржы, құрылыс, аурухана жанындағы шаруашылық, эпидемиялық, балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру,  балалар ауруханалары, қаржы-жоспарлау, ана мен бала қорғау, мемлекеттік санитарлық инспекциясы, статистикалық және безгек топтары. Халкомат осындай жұмыс аппаратымен 1936 жылдың желтоқсанында ҚКСР Денсаулық сақтау халкоматы болып қайта құрылғанға дейін жұмыс істеді.

Орынбор мемлекеттік шешекке қарсы екпе институты. 1920 жылы 24 желтоқсанда Денсаулық сақтау халкомы М.С. Шамов Орынбор қаласында дәрігер А.А. Черногоровпен бірге алғашқы құрамы 17 адамнан құралған Орынбор мемлекеттік шешекке қарсы екпе институтын ашады. Институт ашылған күні оның қарамағына 7 бұзау беріледі. Институт меңгерушісі А.А. Черногоровтың басшылығымен 1921 жылы қаңтар айында осы бұзаулардан 370 200 дозалық жоғары сапалы шешек детриті мен лимфасы алынған. Ақпан айында институт тағы да 7 бұзау алып, одан 364 000 доза детрит алса, наурыз айындағы 7 бас бұзаудан 321 800 доза, сәуір айындағы 4 сериядағы 7 бас бұзаудан 306 000 доза, барлығы – 1 362 000 дозалық детрит алынған. Осы дозаларды тыңғылықты ғылыми негізде тексеру барысында, Институт 1921 жылдың 25 тамызына дейін 701 400 доза екпе шығарса (Отчет НКЗ, 1921: 59), екінші бүкілқазақ съезі қарсаңында оның саны 800 мыңға жеткізілген. Осы институттың нәтижелі жұмысы барысында 1921–1922 жылдары шешекке қарсы барлығы 5 миллионға жуық детрит дозасы шығарылып, ҚАКСР тұрғындарын шешектен сақтау шаралары ұйымдастырылды. 1922 жылдың екінші жартысында РКФСР аумағындағы 10 институттың бірі болған Орынбор мемлекеттік шешекке қарсы екпе институты өз жұмысын тоқтатты.

Жұқпалы ұшпа ауралар мен індеттерге қарсы күрес. Халком М.С. Шамовтың басшылығымен 1921 жылдың күзіне дейін Қазақстанда 3 230 орындық госпитальдар жүйесі қалыптастырылды. 1921 жылы маусымның соңында ҚАКСР территориясын Самарадан келген тырысқақ індеті шарпып, тамыздың соңына дейін жалғасқан. Осы індетпен 13 789 адам ауырып, 5 706 адам қайтыс болған (Отчет НКЗ, 1921: 30-31). 1920–1921 жылдары Қазақстанда ең көп таралған қырқұлақ (діңгене), шешек, жәншау (скарлатина), Сібір жарасы, тышқақ, безгек, көкжөтел, тырысқақ, бөртпе сүзек, іш сүзегі, қайтпа сүзек, белгісіз сүзек, туберкулез, бруцеллез, сифилис және т.б. індеттері мен жұқпалы ауруларына қарсы шұғыл шараларды қолға алу қажет болды.

Мысалы, 1920 жылы Қазақстан бойынша тіркелген аурулар саны төмендегідей болды: діңгене – 6 186 адам; қара шешек – 2 575; жәншау – 1 589; қызылша – 1 887; көк жөтел – 2 138; күл ауруы – 1 589; іш сүзегі – 16 591; бөртпе сүзек – 31 435; қайталанбалы сүзек – 28 982; белгісіз сүзек – 6 271; тышқақ – 11 447; тырысқақ – 14; Сібір жарасы – 225; безгек – 35 572 адам (Отчет НКЗ, 1921: 20-21). Ал 1921 жылы ҚАКСР бойынша 350 005 адам жұқпалы аурулармен ауырған. Атап айтқанда: қара шешекпен 4 776 адам, жәншаумен 42 230 адам, күл ауруымен 3 225 адам, қызылшамен 8 523 адам, көк жөтелмен 7 881 адам, іш сүзегімен 21 152 адам, бөртпе сүзекпен 19 057 адам, қайталанған сүзекпен 61 792 адам, белгісіз сүзекпен 11 153 адам, тышқақпен 35 502 адам; азиялық тырысқақпен 30 006 адам, өкпе туберкулезімен 9 430 адам, бугорчаткамен 2 410 адам, бастапқы және 2-ші деңгейлі мерезбен 6 518 адам, жұмсақ шанкрмен 26 адам, 767 адам безгекпен, 47 242 адам белгісіз аурулармен ауырғаны тіркелген (Отчет НКЗ, 1921: 20-21, 28-29). 1921 жылы жұқпалы аурулармен ауырған 3 387 адам ғана ауруханаларға жатып емделген (Статистико-экономический, 1923: 129-131). Біз тек тіркелген ауру түрлеріне ғана қатысты статистикалық деректерді көрсетіп отырмыз.

Жұқпалы ұшпа аурулар мен індеттерге қарсы күрес жұмыстарын жүйелі жолға қою үшін 1921 жылы 1 желтоқсанда ҚАКСР Денсаулық сақтау халкоматы жанынан Орталық төтенше санитарлық комиссиясы ұйымдастырылды (ҚРОМА, 30-қ., 1-т., 59-іс, 88-п.). Індетті аурулармен күреске барлық күш пен мүмкіндікті жұмылдыру мақсатымен құрылған Комиссия құрамына денсаулық сақтау халкоматының өкілдері мен Бүкілресейлік төтенше комиссиясының (ВЧК) өкілетті өкілі кірді. Комиссия жанынан бақылау, ревизиялық, жабдықтау, жөндеу және т.б. комиссиялары құрылды. Комиссия жұмысына кәсіподақ, әйелдер және комсомол ұйымдары мен еңбекші халық өкілдері тартылды. Жергілікті жерлердегі губаткомдар жанынан індеттерге қарсы күрес жөніндегі бақылау мен нұсқауларды жүзеге асыратын төтенше санитарлық комиссиялар ұйымдастырылды.

1922 жылдың сәуір – қыркүйек айлары үшін халық денсаулығын сақтау бойынша жасалған есепте ҚАКСР бойынша жүрген жұқпалы аурулар мен індеттерге қатысты нақты мәліметтер топтастырылған. Мысалы, ҚАКСР бойынша бөртпе сүзекпен барлығы 6 385 адам ауырған. Сәуір-маусым айларында сүзек жоғарғы қарқынмен жүріп, шілдеден бастап оның төмендегенін көруге болады. Бөртпе сүзекпен ауырған 809 адам немесе 12 %-ы ғана ауруханада емделген екен. Ал қайталанған сүзекпен ауырған 16 797 адамның 2 874-і ғана (17 %) ауруханада емделген. Қайталанбалы сүзекпен ауырғандардың саны үлкен індеттің болғанын көрсетеді. (Отчет СТО, 1922: 257). Сондай-ақ, іш сүзегімен ауырған 3 313 адамның 1 484-і немесе 44 %-ы ауруханаға жатқызылса, белгісіз сүзекпен ауырған 4 776 адамның 550-і немесе 11 %-ы ауруханаға жатқызылған. Белгісіз сүзек басқа сүзек түрлерінің 20 %-ын құраған екен (Отчет СТО, 1922: 258).

Ең қауіпті індет – тырысқақ болған. Тырысқақпен ауырған 8 158 адамның 4 733-і немесе 58 %-ы қайтыс болған. Тырысқақпен ауырғандардың 1 764-і губерниялық қала тұрғындары болып, олардың 907-і немесе 51 %-ы қайтыс болса, ауырған 6 394 уезд тұрғынының 3 826-ы немесе 59 %-ы қайтыс болған. Қалалық жерлерде ауырғандардың 30 %-ы ауруханаға жатқызылса, бұл көрсеткіш уездерде 14 %-да құраған. Тырысқақ – өлім-жітім жағынан көрсеткіші жоғары індеттің бірі еді. Сонымен қатар, осы есепті кезеңде тышқақпен (дизентерия) 7 151 адам, безгекпен 27 992 адам, күл ауруымен (дифтерия) 314 адам, шешекпен 1 734 адам, қырқұлақпан 2 669 адам ауырған (Отчет СТО, 1922: 259–261).

ҚазОАК пен Қазхалкомкеңес жоғарыда біз санамалап көрсеткен жұқпалы аурулар мен індеттерге қарсы күресті ұйымдастыра отырып, 1920–1921 жылдары ҚАКСР Денсаулық сақтау жүйесін қалыптастырудың алғашқы қадамдарын жасады. Халкомат аппараты құрылып, оның негізгі бөлімдерінің жұмысы қалыптасты. Егер 1921 жылдың соңында ҚАКСР бойынша емдеу жүйесі 9 227 орыннан тұрса (Статистико-экономический, 1923: 106), 1922 жылдың 1 қаңтарында 9 212 орын болды. 1922 жылдың қаңтарынан бастап жүргізілген әкімшілік аппарат пен емдеу жүйесіндегі қысқартулар нәтижесінде, 1922 жылдың 1 қарашасында емдеу жүйесіне қарасты 4 305 орын қалып, 53 %-ға қысқарса, әкімшілік аппараты 300 %-ға дейін қысқарып қалды (Отчет СТО, 1922: 249). Бұл ҚАКСР-інде қалыптасқан қиын жағдайдың көрінісі еді. Азамат соғысы, қуаңшылық, бірінен соң бірі келген індеттер, аштық, қаржының жоқтығы, міне, осылардың барлығы жиылып келіп медициналық-санитарлық істі құлдыратып жіберді. Бұл қысқартулар Кеңес Одағы бойынша жүргізілген еді. РКФСР бюджеті бойынша ҚАКСР-індегі денсаулық сақтау саласы үшін 1921 жылдың соңына дейін 3 421 орын мен 2 541 медицина қызметкерін қамтамасыз ететін қаржы бөлінді. Медициналық құрам барлық губернияларда жетіспеді.

1922–1925 жылдардағы қаржы дефициті салдарынан жұқпалы аурулар мен індеттерге қарсы күрес деңгейі өте төменгі дәрежеде болды. Соның салдарынан, ҚАКСР аумағындағы жұқпалы аурулар өрши түсті. 1925–1926 жылдары халық арасында ең көп тараған жұқпалы аурулар төмендегі кестедегідей болды.

1-кесте. 1924–1925 жылдары халық арасында болған негізгі ауру түрлері (Материалы, 1927: 113)

Жыл

Іш сүзегі

Бөртпе сүзек

Қайт. сүзек

Безгек

Сібір жарасы

Шешек

Тубер-кулез

Мерез

Трахома

1925

1 539

1 111

2 345

176 242

716

885

24 340

28 935

19 226

1926

1 607

409

980

145 613

914

804

37 957

34 957

22 647

Бұл кестедегі аурулар саны тек тіркелген науқастарға ғана қатысты екені түсінікті. 1927 жылы 28 наурыз – 3 сәуір аралығында өткен ҚАКСР Кеңестерінің 6-шы бүкілқазақтық съезінің 2 сәуірдегі кешкі он бірінші мәжілісінде «Қазақстандағы денсаулық сақтау туралы» баяндама жасаған халком М.С. Шамовтың: «Бұл статистикалық мәліметтердің барлығын біздің желінің халықтың тек шамамен 1/3-ін ғана қамтитынын ескеріп барып қабылдаған жөн. Егер біз бұл статистикалық мәліметтерді екіге, тіпті үшке көбейтіп барып айтсақ та үлкен күнә бола қоймас», (6 Всеказакский, 1927: 179) - дегенін де ескергеніміз жөн. Сонда ғана, ҚАКСР аумағындағы аурулар саны мен қозғалысының шынайы картинасына шамамен жақындайтынымыз ақиқат.

Сонымен қатар, 1931–1933 жылдары аштықпен бірге індет қатар жүрген. Ашаршылық кезінде құрбан болған халықтың біраз бөлігі індет пен жұқпалы ұшпа аурулардан қырылды.

Дәріханалар жүйесі. 1922 жылдың ақпанынан бастап ҚАКСР территориясындағы барлық дәріханаларды шаруашылық есепке көшіру жұмысы басталуы тиіс еді. Бірақ, мұндай жаңа істі жүргізетін немесе жергілікті жерлерде нұсқау беретін білікті мамандардың жоқтығынан, аталмыш іс тұралап қалды. Денсаулық сақтау халкоматы Коллегиясының қаулысы бойынша шаруашылық есепке көшірілген дәріханалар Өлкелік дәріхана қоймасынан медикаменттерді 60 % құнын төлеп сатып алуы тиіс болса, қалған 40 %-ы жергілікті жерлердегі жеке құрамды, ұйымдастыру және шаруашылық шығындарын жабуға қалдырылды. Республикада ақылы және ақысыз дәріханалар жұмыс істеді. Ақысыз дәріханалар мемлекет тарапынан жабдықталса, ақылы дәріханалар коммерциялық кәсіпорындар сияқты жұмыс істеуі тиіс болды.

Ауыз су жағдайы. ҚАКСР аумағындағы сумен қамтамасыз ету желісінің нашарлығы жаз айларында жұқпалы аурулардың туындауы мен таралуының негізгі себептерінің бірі болды. Су құбыры жүйесі Семей және Орынбор губернияларында ғана болды. Қалған губерниялардың халқы құдық суын пайдаланды. Семей губерниясында жұмыс істеп тұрған 1 517 құдықтың 754-і немесе 49 %-ы жөндеу мен тазалауды қажет етсе, қалған губерниялардағы жағдай бұдан да нашар болған (Отчет СТО, 1922: 256). Денсаулық сақтау халкоматына қарасты лабораториялар Семей, Ақмола, Орал қалаларындағы құдық суларын үнемі тексеріп, тырысқақтың алдын-алу шараларын жүзеге асырғанымен, бұл шаралар бүкіл ҚАКСР аумағы үшін жүргізілмеді. Ал қалдық суларды ағызу (канализация) жүйесі Орынборда ғана ішінара жұмыс істеген. Міне, коммуналдық шаруашылықтың осындай деңгейде болуы тырысқақ, тышқақ және т.б. жұқпалы ұшпа аурулардың жылдам таралуына әсер етті.

Ана мен бала денсаулығы. ҚАКСР-ы бойынша ана мен сәби денсаулығын сақтау өте төменгі деңгейде болды. Қараусыз қалған балалар мекемелерін ұйымдастыру және оларды медициналық бақылауға алу шешілмеген мәселе болып қала берді. 1922 жылдың басында ҚАКСР аумағында 3 жасқа дейінгі 2 549 баланы қамқорлыққа алған 91 жабық мекеме жұмыс істеп тұрса, олар жергілікті аткомдардың бюджетіне көшірілген соң осы жылдың күзінде 3 жасқа дейінгі 1 010 бала мен 56 ананы қамқорлығына алған 33 мекемені ғана сақтап қалу мүмкін болды (Отчет СТО, 1922: 262). Бұл мекемелердегі балаларды тамақтандыруға қажетті сүт өнімдері жетіспеді. Сондықтан, 1922 жылдың ортасында 83 783 түскі ас мөлшерін берген америкалық «АРА» ұйымының көмегіне жүгінуге тура келген.

1928 жылы 13 қарашада ҚАКСР ОАК мен ХКК БОАК Әйелдер бөлімінің 10 жылдығын және Қазан революциясының 11 жылдығын еске алу үшін, ана мен бала қорғаудың ерекше мәнін ескере отырып жақын арадағы екі жыл ішінде Ана мен бала қорғау институтын ашу жөнінде қаулы қабылдады. Институт ана мен бала қорғау жөніндегі және осы саланың арнайы мамандарын даярлау жөніндегі ғылыми-практикалық жетекші мекеме ретінде ұйымдастырылуы тиіс еді. 1929 жылы 29 қаңтарда ҚАКСР ХКК-і Ана мен бала қорғау институты туралы ережені бекітті. Бірақ, Институтты ашу жұмысы 1933 жылдың қаңтарына дейін созылып кетті. Институт алғашқы кезде бөбек және босануға көмек секторлары мен әдістемелік жоспарлау кабинетінен тұрды. Институт қызметкерлері Қызыл отау мен профилактикалық-емдеу керуендерінің жұмысына белсенді қатысты. Институт балаларда болатын асқазан-ішек және өкпе ауруларының алдын-алу, жас баланың физикалық дамуы мен тәрбиесі, балалардағы рахиттің таралуы мен өрбуі және т.б. сұрақтар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

1932 жылы 16 қарашада ҚАКСР Денсаулық сақтау халкомының бұйрығы бойынша халкоматтың ана мен бала қорғау секторының негізінде ҚАКСР Денсаулық сақтау халкоматы жанындағы Өлкелік бөбек басқармасы құрылды. Басқарма бөбек ісіне, тамақ станцияларына, сүт асханаларына басшылық жасады. Басқарма жанында мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құралған кеңес жұмыс істеді. Жергілікті жерлерде облыстық денсаулық сақтау бөлімі жанынан облыстық бөбек басқармалары ұйымдастырылды. 1934 жылдың ортасында бөбек басқармасы Босануға көмек басқармасымен біріктіріліп, халкомат жанынан Ана мен бала қорғау басқармасы құрылды (Государтственные, 1984: 45). Осылайша, ҚАКСР аумағында ана мен бала қорғау, жас балалардың денсаулығы мәселесімен айналысатын жүйенің негізі қаланды.

Қараусыз қалған балалармен жұмыс. ҚАКСР аумағы бойынша қараусыз қалған аш-жалаңаш балалар өте көп болды. Әлеуметтік тәрбие бас басқармасының мәліметі бойынша 1922 жылдың басында Орынбор және Ақтөбе губерниялары бойынша 177 159 қараусыз бала тіркелсе, Орал, Бөкей, Қостанай губерниялары мен Адай уезі бойынша 663 884 аш-жалаңаш қараусыз бала тіркеуге алынған. Бұл балалардың басым бөлігі қазақтар еді. ҚАКСР бойынша Денсаулық сақтау халкоматының медициналық-санитарлық бақылауына алынған Ағарту халкоматына қарасты 505 балалар мекемесінде 41 215 бала мемлекет қамқорлығына алыныпты (Отчет СТО, 1922: 264). Бұл тіркеуге алынған қараусыз қалған аш-жалаңаш 841 043 баланың 4,9 %-ын ғана құрайтын еді. 1922 жылы бұл мекемелердің көпшілігі үшін балаларға білім беру мен тәрбие мәселесінен гөрі, оларды тамақтандыру бірінші орында тұрды. Міне, осы статистикалық мәліметтерден-ақ азамат соғысы мен ашаршылық жылдарынан кейінгі ҚАКСР-інің аса ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағамдауға болады.

Жезөкшелікке қарсы күрес. ҚАКСР территориясында жыныстық жұқпалы аурулар да аз болмады. Мысалы, 1922 жылғы тіркелген деректерге сәйкес, әрбір 10 000 адамның 73,4-і трахомамен (хламидиоздан туындайтын, соқырлыққа алып келетін созылмалы инфекциялық көз ауруы – С.Ш.) ауырса, әрбір 10 000 адамның 19,8-і мерезбен ауырған (Статистико-экономический, 1923: 132). Әсіресе, ақгвардияшыл әскерлер жүріп өткен (ақгвардияшыл әскерлер тарапынан елді-мекендердегі әйелдер мен қыздарды жаппай зорлау фактілері өте жиі орын алған – С.Ш.) Ақмола және Семей губернияларында трахома ауруы кең тараған болатын. Сонымен қатар, осы ауру түрлерін тарататын жезөкшелік революциядан кейінгі жылдары кеңінен қанат жая бастаған еді. Сондықтан да, ҚАКСР Денсаулық сақтау халкоматы алдында тұрған міндеттердің бірі – жезөкшелікпен күрес болды.

1923 жылы 19 сәуірде ҚазОАК төрағасы С. Меңдешев «Жезөкшелікпен күрес жөніндегі қырғыз (қазақ) орталық кеңесі туралы ережені» бекітті. Ережеге сәйкес, аталмыш кеңес республикалық және губерниялық кеңестер құрамында ұйымдастырылды. Республикалық кеңес құрамына денсаулық сақтау халкомы (төраға), әлеуметтік аурулар бөлімінің меңгерушісі, Ішкі істер халкоматының өкілі, Бүкілресейлік кәсіптік одақтары орталық кеңесінің Қырғыз бюросы мен РК(б)П Қыробкомы Әйелдер бөлімінің өкілдері кірсе, губкеңестер құрамына аталмыш органдардың сәйкесінше өкілдері енгізілді (Собрание, 1923 (№6): 7–8.). Кеңес жөзөкшелікті жою, жезөкшелерден тарайтын венерологиялық жыныстық жұқпалы аурулардың алдын-алу шараларын жүзеге асырып, жұмыссыздықты бақылауға алуы тиіс болды. Кеңес қабылдаған барлық қаулылар мен өкілеттіліктер республиканың барлық әкімшілік органдары үшін міндетті болды.

Жезөкшелік және жыныстық аурулармен күрес одан кейінгі жылдары да жалғасын тапты. Қазақстанда 1925 жылы 28 935 адам мерезбен, 19 226 адам трахомамен ауырса, 1926 жылы бұл көрсеткіш сәйкесінше 34 765 және 22 647 адамды құраған (Материалы, 1927: 113). Бұл кезеңде тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Ресей аумағында Қазан төңкерісінен кейін болған сексуалды революциядан кейін жұқпалы жыныс аурулары өршіп тұрған еді. Сондықтан, 1927 жылы 24 қаңтарда қабылданған РКФСР БОАК және ХКК-нің «Жыныс ауруларымен күрес шаралары туралы» қаулысысына сәйкес, денсаулық сақтау органдарына ауру белгілері бар адамдарды мәжбүрлеп емдеу құқығы берілді. Науқас емделуден бас тартқан жағдайда Қылмыстық кодекстің 150-ші және 192-ші баптары бойынша жауапқа тартылатын болды (Вестник, 1927 (№7): 220-221). 1930 жылы 1 қазанда Венерологиялық диспансер Өлкелік венерологиялық институты болып қайта аталып, республикадағы тері және жыныстық ауруламен күрес жөніндегі өлкелік орталыққа айналды. Институт халық арасындағы тері және жыныстық ауруларының таралуын зерттеп, сауықтыру шараларын жүргізді және емдеу мен профилактиканың жаңа әдістерін даярлауды жүзеге асырды. 1932 жылы 12 қарашада ҚАКСР Денсаулық сақтау халкомы С. Асфендиаровтың бұйрығы бойынша Өлкелік венерологиялық институты Өлкелік тері-венерологиялық ғылыми-зерттеу институты болып қайта аталды. Осылайша, Қазақстанда жұқпалы тері және жыныс ауруларына қарсы күрес жүйесінің негізі қаланды.

Медицина мамандарын даярлау. ҚАКСР денсаулық сақтау жүйесі үшін үнемі медицина мамандары жетіспеді. Жергілікті ауруханалар желісі үшін медбикелер мен көмекші құрамды даярлау үшін 1923 жылы маусымда Қазатком Президиумы «ҚКСР территориясындағы орта және төменгі медициналық білім беруге жетекшілік туралы» қаулы қабылдап, Денсаулық сақтау халкомына қарасты оқу орындарын басқару тәртібін бекітті (Собрание, 1923 (№10): 3–4.). Денсаулық сақтау халкоматына қарасты барлық оқу орындарын ғылыми-педагогикалық, саяси және идеологиялық жағынан бақылау Ағарту халкоматына қарасты болды. Оқу орындарының директоры, оқу бөлімінің меңгерушісі және оқытушылар Денсаулық сақтау халкомының ұсынысы бойынша Ағарту халкомы тарапынан бекітілетін болды. Сонымен қатар, халком М.С. Шамов Орынбор, Орал қалаларынан фельшерлік мектептер ашып, облыс орталықтарында медбикелерді даярлау жөніндегі қысқа мерзімді курстарды ұйымдастырып, олардың жұмысын жолға қойды.

Безгекке қарсы күрес. 1922 жылдың сәуір – қыркүйек айлары үшін жасалған есептен безгек ауруының халық арасында ең жоғарғы көрсеткіш беретін ауру түрінің бірі болғанын байқауға болады. 1923 жылы 16 шілдеде безгекпен күрес жөніндегі ұйымдар мен мекемелердің қызметін біріктіру үшін Денсаулық сақтау халкоматы жанынан Өлкелік безгекке қарсы комиссия ұйымдастырылды. Комиссия құрамына Денсаулық сақтау халкоматы, Жер-су халкоматы, Қызыл крест ұйымы, әскери ведомство өкілдері кірді. Комиссия безгекпен күресетін және безгекке қарсы станцияларды ұйымдастыратын, хинин мен басқа да арнайы медикаменттерді бөлетін және тарататын, сондай-ақ, безгекке қарсы күрес үшін қаржы іздестіретін эпидемиологиялық, клиникалық, статистикалық секциялардан тұрды. Жергілікті жерлердегі губденсаулық сақтау және облденсаулық сақтау бөлімдерінің жанында осылай аталған комиссиялар құрылды (Государственные, 1984: 36). 1935 жылы 17 мамырда ҚАКСР ХКК жанынан Өлкелік безгекке қарсы комитеті болып қайта құрылған соң ғана бұл комиссия өз жұмысын тоқтатты.

Обаға қарсы күрес. ҚАКСР-індегі ең қауіпті ауралардың бірі – оба індеті болды. Біз қарастырып отырған кезеңде ҚАКСР бойынша барлығы қанша адамның обамен ауырғанын анықтау әзірге мүмкін болмады. Тек белгілісі, 1925 жылдың 1 қазанынан бастап 1927 жылдың 15 наурызына дейінгі аралықта ҚАКСР аумағында обамен ауырған 275 жағдай тіркелген (6 Всеказакский, 1927: 181). Оның 271-і обадан опат болған (Салыстыру үшін, 1920–1989 жылдар аралығында КСРО бойынша обамен 3639 адамның ауырып, оның 2060-ы опат болғанын айта кетуге болады – С.Ш.). Негізі, өкпе обасынан ешкім де аман қалмайтын еді. Одан сақтанудың бір-ақ жолы болды. Ол – науқасты халықтан аластау еді. Обаның алдын-алу шараларын жүзеге асыру және Шығыс Қазақстанда көтерілген обаға қарсы күреске басшылық жасау үшін 1930 жылы 13 ақпанда ҚАКСР ХКК қаулысы бойынша Денсаулық сақтау халкоматы жанынан Қазақстанның обаға қарсы іс қылатын өлкелік кеңесі құрылып, ережесі бекітілді. Кеңес құрамына Денсаулық сақтау халкоматы, Ішкі істер халкоматы, Мемлекеттік саяси басқармасы, Қазақ санитарлық-бактериологиялық институты, орталықтағы дәрігерлік-тазалық еңбек одағы, Медсанеңбек өкілдері енгізілді. Кеңестің техникалық жұмыстарын атқару Денсаулық сақтау халкоматының кеңсесіне жүктелді. Кеңес айына бір рет, оба көтерілген кезде қажеттілікке сәйкес төраға тарапынан шақырылды. Кеңеске оба көтерілген кезде жергілікті медициналық құрамды өзіне толық бағындыратын өкілеттілігі бар төтенше Өкіл басқарды (Собрание, 1930 (№6): 109–110).

Курорттар мен демалыс үйлер желісі. ҚАКСР Денсаулық сақтау жүйесіне қарасты саланың бірі – курорттар мен демалыс орындары болды. 1924 жылы 25 қазанда ҚАКСР ОАК қаулысы бойынша республикадағы курорт ісіне байланысты барлық жұмыстарды біріктіру және оған басшылық жасау үшін ҚАКСР Денсаулық сақтау халкоматының жанынан Курорттар жөніндегі бас басқарма құрылды (ҚРОМА, 5-қ., 19-т., 65-іс, 60-а.п.). Осы басқарма құрылғаннан кейін барып, ҚАКСР территориясындағы курорттар жүйесін қалыптастыру мен дамыту жұмысы қолға алына бастады. Бұған дейін де, ҚАКСР территориясындағы курорттар мен қымызбен емдеу мекемелерінің жұмысы мардымсыз болған еді.

Мысалы, 1922 жылы Орынбор губерниясына қарасты Джаннетовка қымызбен емдеу округінде туберкулезбен ауырғандар үшін 75 орындық бір қымызбен емдеу шипажайы жұмыс істеді. Бұл мекемені Орынбор губаткомы тамақпен қамтамасыз еткендіктен, шипажайдағы орындар толығымен осы губернияға берілді. Сонымен қатар, ҚАКСР-імен шегаралас Бузулук уезінде ашылған 125 орындық «Красная поляна» қымызбен емдеу шипажайынан 100 орын өлкелік кәсіподақ ұйымдарының мүшелеріне бөлінді. Мұның 75-і тағы да Орынбор губерниясына берілсе, 25-і Ақтөбеге бөлінді. Сонымен қатар, бүкілресейлік мемлекеттік маңызы бар курорттардан да ҚАКСР үшін орындар бөлінді. Кәсіподақтар мүшелері үшін Кавказдан 10, Қырымнан 10 орын бөлінсе, партия қызметкерлері үшін 85 орын берілді (Отчет СТО, 1922: 254-255).

ҚАКСР территориясында курорт-санаторий ісін дамытуға алғышарттар қалыптастыратын көптеген табиғи минерал көздері, емдік балшықтар мен тамаша таулы аудандардың көп болғанына қарамастан, бұл сала мүлдем дамымаған еді. Патша заманында бүкіл Қазақстанда барлығы 185 орындық 4 курорттың болғанын ескерсек, қазақ жерінде бұл саланың мүлдем қолға алынбағанын байқау қиын емес. 1928 жылдың соңына қарай ҚАКСР аумағында «Бурабай», «Шымған», «Жаңақорған» курорттары және Семей округіндегі 4 курорт (екі таулы-климаттық, бір балшықпен емдеу және бір бальнеологиялық) жұмыс істеген. Сонымен қатар, Орал округі мен Мұғалжар тауларындағы (Бершоғыр) қымызбен емдеу орындары үлкен сұранысқа ие болды (Материалы, 1928: 116–117). 1929 жылы ҚАКСР аумағында 7 курорт пен 7 демалыс үйі жұмыс істесе (Социалистическое, 1936: 317), 1930 жылы барлығы 11 курорт пен 15 демалыс үйі жұмыс істеген екен (Весь, 1931: 389).

1930 жылы 13 қаңтарда Қазхалкомкеңес қаулысына сәйкес ҚАКСР Денсаулық сақтау халкоматының жанынан Курорт басқармасы құрылып, Қазақстандағы санаторлық-курорттық істі біріктіруге кірісті (Культурное, 1965: 459). Басқарма қарамағына «Шымған», «Ауыл», «Баян-ауыл» таулы-климаттық станциялары; «Жаңақорған», «Мойылды», «Барлық-Арасан» балшықты курорттары; «Рахмановские ключи» бальнеологиялық курорты берілді. Сонымен қатар, басқарма қарамағына «Бурабай» таулы-далалы станциясын, «Тершығыр» қымызбен емдеу орыны мен «Бармашка» санаторийін беру қажеттігі туралы шешім қабылданды. 1931 жылы 16 сәуірде ҚАКСР Денсаулық сақтау халкомы Б. Әбдірахмановтың бұйрығы бойынша Басқарма Қазақ курорт тресті (Қазкуртрест) болып қайта аталып, трестке еңбекшілерді Қазақстанның емдеу орындарында емдеуді ұйымдастыру жұмысы жүктелді (Государственные, 1984: 42).

1934 жылы 29 қаңтарда ҚАКСР ХКК-нің қаулысы бойынша Қазкуртрест жойылып, оның қызметі ҚАКСР Денсаулық сақтау халкоматы жанынан қайта ұйымдастырылған Курорт басқармасына берілді (ҚРОМА, 30-қ., 2-т., 1013-іс, 6-п.). Басқармаға ҚАКСР курорттарын жоспарлау, бақылау және оларға басшылық жасау міндеті жүктелді. Басқарма курорттардың жоспарлы жұмыстарына әдістемелік жағынан басшылық жасап, емдеу және санитарлық жағдайын бақылауда ұстады. Сонымен қатар, курорттарды абаттандырумен, іргелі құрылыстарды басқарумен, курорттарды қайта құрумен және тиімділігін арттырумен, оларды білікті мамандармен қамтамасыз ету ісімен айналысты (Государтсвенные, 1984: 46). Басқармаға қарасты курорттардағы орын және емделген науқастардың саны төмендегі кестеде көрсетілген.

2-кесте. 1916–1934 жылдардағы ҚАКСР Денсаулық сақтау халкоматы Курорт басқармасы желісіндегі курорттар (Социалистическое, 1936: 317):

Курорттар атауы

Көрсеткіштері

1916 ж.

1929 ж.

1934 ж.

1

Шымған

Орын саны

Емделген науқас саны

Орында өткізілген күндер

-

-

-

200

921

23 946

650

1 638

34 572

2

Ауыл

Орын саны

Емделген науқас саны

Орында өткізілген күндер

100

270

9 750

150

647

16 050

400

855

21 499

3

Ақкөл

Орын саны

Емделген науқас саны

Орында өткізілген күндер

-

-

-

-

-

-

100

855

21 499

4

Жаңақорған

Орын саны

Емделген науқас саны

Орында өткізілген күндер

-

-

-

200

1 000

28 000

400

935

23 830

5

Мойылды

Орын саны

Емделген науқас саны

Орында өткізілген күндер

25

60

900

100

300

8 270

200

449

12 265

6

Арасан Қапал

Орын саны

Емделген науқас саны

Орында өткізілген күндер

30

90

2 250

50

150

4 050

100

270

6 353

7

Каменское плато

Орын саны

Емделген науқас саны

Орында өткізілген күндер

-

-

-

-

-

-

100

578

15 500

8

Барлық-Арасан

Орын саны

Емделген науқас саны

Орында өткізілген күндер

30

80

2 100

50

120

3 400

-

-

-

9

Рахмановские ключи

Орын саны

Емделген науқас саны

Орында өткізілген күндер

-

-

-

75

170

5 500

-

-

-

ҚАКСР бойынша

Курорт саны

Орын саны

Емделген науқас саны

Орында өткізілген күндер

4

185

500

12 000

7

825

3 308

89 216

7

1 950

5 036

121 931

3-кесте. 1929–1934 жылдардағы Қазкәсіподағының демалыс үйлері мен санаторийлері желісі (Социалистическое, 1936: 318):

Жылдар

Саны

Саны

Демалған

науқастар

Демалған

науқастар

Демалған

науқастар

Демалған

науқастар

Демалыс үйі

Санаторий

Демалыс

үйлерінде

Демалыс

үйлерінде

Санато-

рийлерде

Санато-

рийлерде

1929

7

2

3 229

40 098

352

10 475

1934

9

1

12 564

133 493

291

7 499

Жоғарыдағы кестелерден ҚАКСР территориясындағы курорттар мен демалыс үйлері желісінің өте төменгі деңгейде болғанын көреміз. Бұл шипажайлар мен демалыс үйлерінің материалдық-техникалық базасы әлсіз, медициналық қызметі төмен болды. 1935 жылы Қазақстанда барлығы 3150 орындық 11 курорт болды (Казакстан, 1935: 164). Осыған қарамастан, Бурабай курорты мен Бершоғыр қымызбен емдеу мекемесі Қазақстандағы курорттар мен демалыс орындарының ішіндегі ең жоғарғы сұранысқа ие болған орындар еді. Бұл шипажайларға тек Қазақстанның емес, Ресейдің ішкі аймақтарының да тұрғындары келіп ем-дом алды.

Өлкелік эпидемиология және микробиология институты. 1925 жылы шілдеде ҚАКСР Денсаулық сақтау халкоматы жанынан ҚазОАК атындағы Өлкелік санитарлық-бактериологиялық институты құрылып, 17 қыркүйекте Қазхалкомкеңес институт туралы ережені бекітті (Вестник, 1925 (№ 19). Ережеге сәйкес, институт Қазақстанды емдік және сауықтыру вакциналарымен, аутовакциналармен, сарысумен (сыворотка) және т.б. бактериялық дәрі-дәрмектермен жабдықтауы; санитарлық-гигиеналық және клиникалық-диагностикалық лабораториялық зерттеулерге қажетті өндіріспен айналысуы; лабораториялық істің дұрыс жолға қойылуына ықпал жасауы; Безгек және Пастеровск станцияларының жұмысына басшылық етуі; гигиена, санитария, эпидемиология және лабораториялық іс саласының дәрігерлерлері үшін білім жетілдіру курстарын ұйымдастыруы тиіс болды. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін Институт құрамынан клиникалық-диагностикалық, серологиялық, химиялық, бактериологиялық, сарысулы-вакциналық бөлімшелері құрылып, энтомологиялық және гельминтологиялық кабинеттер ұйымдастырылды және Безгек пен Пастеровск станциялары жұмыс істеді.

1928 жылы Институт құрамында жаңадан протозологиялық, кәсіптің зияны, қауіпті жұқпа (инфекция) бөлімшелері ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Институт жанында Өлкелік сот химия кабинеті уақытша жұмыс істеді. 1928 жылы Безгек станциясы жеке мекеме болып бөлініп шықты (Государственные, 1984: 40).

1931 жылы 27 тамызда ҚазОАК атындағы Өлкелік санитарлық-бактериологиялық институты ҚазОАК атындағы Санитарлық-эпидемиологиялық институты болып қайта аталды. Осы уақыттан бастап Институт Қазақстандағы эпидемиологиялық және санитарлық-бактериологиялық жағдайды зерттеуді жүзеге асыра бастады; індеттермен күрес жөніндегі шұғыл жұмыстарға басшылық жасады; індеттің алдын-алу жөніндегі профилактикалық жұмыстарды, бактериялық вакциналар мен шешек детритін даярлауды жүргізді. Институт құрылысы да өзгеріп, бөлімшелер орнына төмендегідей бөлімдер құрылды: эпидемиологиялық (құрамында бактериологиялық, препараттардың тиімділігін тіркеу, обаға қарсы, протозойлы-гельминтологиялық бөлімшелері болды); санитарлық-гигиеналық (құрамында кәсіптің зияны, коммуналдық санитария, тұрмыстық санитария, тамақ бөлімшелері болды); өндірістік (құрамында вакцина және шешек детриті бөлімшелері болды); әкімшілік-шаруашылық (Государственные, 1984: 40–41).

1934 жылы 29 мамырда ҚАКСР Денсаулық сақтау халкомы Қ. Құлсартовтың бұйрығы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық институты ҚазОАК атындағы Өлкелік эпидемиологиялық және микробиология институты (ӨЭМИ) болып қайта құрылып, Институт құрылымы төмендегіше түзілді: құрамында шешек, вакцина, сарысу, антирабин бөлімшелері бар өндірістік сектор; құрамында дезобөлімше және эпидемиологиялық бөлімшесі, ішек инфекциялары, балалар инфекциясы және шешек, паразитті сүзек жөніндегі кабинеттері бар эпидемиологиялық сектор; құрамында оба, туляремия, бруцеллез, сап және Сібір жарасы жөніндегі кабинеттері бар аса қауіпті инфекциялар бөлімшесі; бактереологиялық бөлімшесі (диагностика және бактериялық диагностикалық препараттар даярлау); құрамында безгек бөлімшесі мен энтомологиялық, гельминтологиялық және протозойлы инфекциялар жөніндегі кабинеттері бар паразитологиялық сектор. Кейіннен, бұл секторлар бөлімдер болып қайта құрылды және жаңа бөлімдер мен бөлімшелер ашылды: сумен қамтамасыз ету, елді мекендер кәрізі (канализация), тамақ санитариясы мен гигиенасы, тұрмыстық-жоспарлау, өндірістік санитария мен гигиена (Государственные, 1984: 41). Міне, осылайша дамудың бірнеше сатысынан өткен Институт Қазақстандағы індеттер мен аса қауіпті және жұқпалы ұшпа аурулармен күресте үлкен рөл атқарып, кейіннен ҚАКСР-і одақтас республика болып қайта құрылғаннан кейін де өз қызметін жалғастырды.

Қорытынды. Қазақ даласында Кеңес өкіметінің орнауы мен Қазақ АКСР-інің құрылуы – кеңестік денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасу процесіне негіз қалады. Бұл процесс бұрынғы патша үкіметінің кезіндегі денсаулық сақтау жүйесін трансформациялау мен модернизациялау арқылы жүргізілді. Денсаулық сақтау халкоматының құрылуы және оның жұмыс аппаратының қалыптасуына өлкедегі аштық пен қайыршылық, өршіген жұқпалы ұшпа аурулар мен індеттер, материалдық-техникалық базаның жоқтығы мен қаржы жетіспеушілігі, бәрінен бұрын, білікті медицина қызметкерлері мен дәрігерлердің тапшылығы әсер етті. Жаңа құрылған Денсаулық сақтау халкоматына халықтың денсаулығын сақтау, емдеу желісін құру, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау орнату, ана мен бала денсаулығын қорғау, жұқпалы аурулар мен індеттерге қарсы күрес және т.б. сияқты өлкедегі барлық медициналық істерді орталықтандыру мен бір жүйеге келтіру міндеті жүктелді.

1920–1928 жылдары 6 рет рет қатарынан халком болып сайланған М.С. Шамов денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуына ерекше еңбек сіңірді. Жоғарыда көрсетілген қиындықтарға қарамастан, ҚАКСР аумағында денсаулық сақтау жүйесі біртіндеп қалыптасып, халық денсаулығын сақтауға қатысты кешенді емдеу, алдын-алу және профилактикалық шаралар қолға алынып, ғылыми-зерттеу институттары құрылды. Халық арасында кең тараған жыныстық жұқпалы аурулардың алдын-алу үшін жезөкшелікке қарсы қатаң күрес жүргізілді. ҚАКСР-інде қалыптасқан денсаулық сақтау жүйесі – Қазақ КСР-і мен бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне баға жетпес тәжірибе және тарихи негіз болды.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

2-ая сессия Казакского Центрального Исполнительного Комитета Советов 5 созыва (Стенографический отчет – Бюллетени № 1–8). – Кзыл-Орда: ЦИК КАССР, 1925. – № 7.

6 Всеказакский съезд Советов и 1-я сессия КазЦИКа 6-го созыва (стенографический отчет). 28 марта-3 апреля 1927 года. – Кзыл-Орда, 1927. – 215 с.

Ашурков Е.Д. В борьбе за народное здоровье: Участие трудящихся в строительстве советского здравоохранения и роль Советского Красного Креста / Е.Д. Ашурков, Л.О. Каневский; Испол. ком-т Союза обществ Красного Креста и Красного Полумесяца СССР. – Москва: Медгиз, 1958. – 75 с.

Ашурков Е.Д. Врачи мира в борьбе за мир / Е.Д. Ашурков, В.С. Гражуль; Под ред. З.А. Лебедевой. – Москва: Медгиз, 1957. – 92 с.

Банзаракцаева Е.В. Охрана детства в годы Великой Отечественной войны 1941–1945 гг.: На материалах Бурят-Монгольской АССР: автореферат дис. ... кандидата исторических наук. – Улан-Удэ, 2005. – 23 с.

Бароян О.В. Актуальные вопросы современной эпидемиологии / О.В. Бароян. – Ереван: Айастан, 1981. – 279 с.

Бароян О.В. В.И. Ленин и некоторые вопросы здравоохранения: Советская власть и охрана здоровья народа / О.В. Бароян, акад. АМН СССР. – М.: Знание, 1970. – 29 с.

Бароян О.В. Закономерности и парадоксы: Раздумья об эпидемиях и иммунитете, о судьбах ученых и их труде / О.В. Бароян. – М.: Знание, 1986. – 142 с.

Бароян О.В. Кишечные вирусы и вызываемые ими заболевания / О.В. Бароян, И.Н. Гайлонская. – М.: Медгиз, 1962. – 151 с.

Бароян О.В. Математика и эпидемиология / О.В. Бароян, акад., Л.А. Рвачев, д-р физ.-мат. наук. – М.: Знание, 1977. – 64 с.

Бароян О.В. Международные и национальные аспекты современной эпидемиологии и микробиологии / О.В.Бароян, Д.Р. Портер. – М.: Медицина, 1975. – 520 с.

Бароян О.В. Наступление на инфекции: Итоги полувековой борьбы с эпидемиями в СССР / О.В.Бароян, действ. чл. АМН СССР. – М.: Знание, 1967. – 32 с.

Бароян О.В. Опыт вакцинации против полиомиелита в РСФСР. – М.: Трест «Медучпособие», 1959. – 68 с.

Бароян О.В. Проблемы прогнозирования в эпидемиологии. – М.: Знание, 1971. – 48 с.

Бароян О.В. Эпидемиология: (Вчера, сегодня, завтра) / О.В. Бароян. – М.: Медицина, 1985. – 54 с.

Барсуков М.И. Великая Октябрьская социалистическая революция и организация советского здравоохранения: Автореферат дис. на соискание учен. степени д-ра мед. наук / М.И. Барсуков, канд. мед. наук; Акад. мед. наук СССР. Ин-т здравоохранения и истории медицины им. Н.А. Семашко. – Москва: Медгиз, 1950. – 51 с.

Батоев Д.Б. История организации и развития здравоохранения, формирования его кадров в Бурятии: Конец XVIII в. – 1960-е гг.: автореферат дис. ... кандидата исторических наук. – Улан-Удэ, 2002. – 20 с.

Бякина В.П. Восстановление и развитие здравоохранения Северо-Запада СССР в условиях Великой Отечественной войны и послевоенного периода 1945–1950 гг.: диссертация ... доктора исторических наук. – Санкт-Петербург, 1999. – 337 с.

Васильев К.Г., Сегал А.Е. История эпидемий в России. – М.: Государственное изд-во медицинской литературы, 1960. – 397 с.

Вестник Рабоче-крестьянского правительства Киргизской Социалистической Советской республики, 1925. – 15 февраля (№4).

Вестник Рабоче-крестьянского правительства Киргизской Социалистической Советской республики, 1926. – 1 февраля (№3).

Вестник Рабоче-крестьянского правительства Киргизской Социалистической Советской республики, 1927. – 1 апреля (№7).

Вестник Рабоче-крестьянского правительства Киргизской Социалистической Советской республики, 1925. – 1 октября (№ 19).

Весь Казакстан: Справочная книга. 1931 год. – Алма-Ата, 1931. – 420 с.

Виноградова Т.Н. Развитие здравоохранения Южного Урала в 1945–1953гг.: автореферат дис. ... кандидата исторических наук. – Оренбург, 2011. – 26 с.

Гольдфельд А.Я. Очерки по истории педиатрии СССР / А.Я. Гольдфельд. – Москва: Медицина, 1970. – 183 с.

Гончарова О.А. История становления и развития системы здравоохранения в национальных районах Юга Сибири 1920–1941 гг.: Автореф... канд. ист. наук. – Томск, 1992. – 22 с.

Горфин Д.В. Очерки истории развития сельского здравоохранения СССР (1917–1959 гг.) / Проф. Д.В. Горфин; Под ред. проф. М.И. Барсукова. – Москва: Медгиз, 1961. – 236 с.

Государственные учреждения Казахской ССР. Спарвочник: 1.3. Органы управления социально-культурным строительством, административно-политические органы и органы правосудия Казахской АССР (1920-1936 гг. – Алма-Ата, 1984. – 132 с.

Давыдова Ю.А. Здравоохранение в городах Сибири в годы Великой Отечественной Войны, 1941–1945 гг.: диссертация ... кандидата исторических наук. – Новосибирск, 1999. – 213 с.

Декреты и постановления ЦИК Советов Киргизской Советской Социалистической Республики. Сб. №1. Кн.І-ІV. 14.Х.1920–1.04.1921 г. – Оренбург: Киргосиздат, 1921. – 270 с.

Джунисбаев А. Из истории становления системы здравоохранения в советском Туркестане (1917–1919 гг.) // Исторический ежегодник (труды ученых ИИиЭ) / Главный редактор Кабульдинов З.Е. – Алматы, 2019. – 452 с. – (321-349 с.

МРНТИ 03.20:03.29

ИЗ ИСТОРИИ СТАНОВЛЕНИЯ СИСТЕМЫ ЗДРАВООХРАНЕНИЯ В КАЗАХСКОЙ АССР

Шилдебай Сабит Камытбекулы¹,

¹Кандидат исторических наук, ВНС. Институт истории и этнологиии имени Ч.Ч.Валиханова, г. Алматы. Казахстан.

Аннотация. Статья посвящена истории становления системы здравоохранения в Казахской АССР. В исследовании приводится краткий анализ материалов и источников, которые ранее не были предметом исследования историков. С провозглашением Казахской АССР был создан Народный комиссариат здравоохранения, и начал формироваться его рабочий аппарат. Нарком М.С. Шамов внес большой вклад в организацию и формированию системы здравоохранения с 1920 по 1928 год. В борьбе с обострившимися остро заразными заболеваниями и эпидемиями ЦИК и СНК КАССР совместно с Наркоматом здравоохранения формировали основы общественного здравоохранения. В процессе формирования системы здравоохранения были организованы нижеследущие работы: создавалась лечебная сеть; начала функционировать система санитарного контроля; защита здоровья матери и ребенка; работа с сиротами; создание и работа Оренбургского государственного оспенного института; борьба с острыми заразными инфекционными болезнями и эпидемиями, проституцией, малярией и чумой; формирование и деятельность сети аптек; улучшение состояния питьевой воды; система подготовки медицинских кадров; развитие сети курортов и домов отдыха; создание и деятельность Краевого института эпидемиологии и микробиологии и др. В данной работе сделан краткий исторический обзор становления систем здравоохранения по этим медицинским направлениям.

Ключевые слова: КАССР, Народный комиссариат здравоохранения, медицина, эпидемиология, эпидемия, заразные болезни, М.С. Шамов.

IRSTI 03.20:03.29

FROM THE HISTORY OF THE FORMATION OF THE HEALTHCARE SYSTEM IN THE KAZAKH ASSR

Shildebay Sabit¹,

¹Candidate’s (Ph.D.) degree in historical sciences, Ch.ch. Valikhanov Instituteof History and Ethnology. Almaty. Kazakhstan.

Abstract. The article is devoted to the history of the formation of the healthcare system in the Kazakh Autonomous Soviet Socialist Republic. The study provides a brief analysis of materials and sources that were not previously the subject of research by historians.With the proclamation of the Kazakh Autonomous Soviet Socialist Republic, the People's Commissariat of Health was created, and its working apparatus began to form. People's Commissar M.S. Shamov made a great contribution to the organization and formation of the healthcare system from 1920 to 1928. In the fight against aggravated acute infectious diseases and epidemics, the Central Executive Committee and the Council of People's Commissars of the Kazakh Autonomous Soviet Socialist Republic together with the People's Commissariat of Health formed the foundations of public health.In the process of formation the healthcare system, the following activities were organized: a medical network was created; the sanitary control system began to function; protecting maternal and child health; work with orphans; creation and work of the Orenburg State Smallpox Institute; the fight against acute infectious infectious diseases and epidemics, prostitution, malaria and plague; formation and operation of a network of pharmacies; improvement of drinking-water; medical personnel training system; development of a network of resorts and rest homes; creation and activities of the Regional Institute of Epidemiology and Microbiology, etc.This work shows a brief historical review of the formation of healthcare systems in these medical areas.

Keywords: KASSR, People’s Commissariat of Health, medicine, epidemiology, epidemic, infectious diseases, M.S. Shamov.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 478

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕГІ РӨЛІ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДАҒЫ ОМБЫ УЕЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӘСІПШІЛІГІ ҒТАХР 03.81.37 ТАРИХ-И РАШИДИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МОҒОЛСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖЕР-СУ АТТАРЫ ДЖ. У. БУШ ТҰСЫНДАҒЫ АҚШ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘӨЖ 94 (574.51) ҰЗЫНAҒAШ ШAЙҚACЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН НӘТИЖЕСІ ҒТАХР: 03.41.91 ШУ ӨҢІРІНДЕГІ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТӨРТКҮЛДЕРДІҢ СТРАТИГРАФИЯСЫ (Х-ХІІ ғғ.) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҒТАХР 03.20.00 ЕУРОПАДАҒЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТАРИХИ БІЛІМГЕ ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ТАРИХИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ҒТАХР 11.25.91 ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫ КЕҢЕЙТУ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕСІНЕ ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕГІ ИСПИДЖАБ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛАЛАР МЕН ЕЛДІМЕКЕНДЕР ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ "КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ" РӨЛІ ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ «КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ» РӨЛІ ҒТАХР 03.09.31ТАНЗИМАТ РЕФОРМАЛАРЫНА ЕУРОПАЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЫҚПАЛЫ ЖӘНЕ МҰСТАФА РЕШИД ПАША ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ ҒТАХР 03.09.03 РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ ҒТАХР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР 03.20.29 СКРИПКАШЫ ӘЛІМ АЛМАТ (ҒАЛЫМЖАН ӘБСӘЛАМОВ) ЖӘНЕ ОНЫҢ МУЗЫКАНТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ҒТАХР 03.09.31:03,20 СӘТТІҒҰЛ ЖАНҒАБЫЛОВТЫҢ «ДОСАН БАТЫР» ДАСТАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде) ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕКЕ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДЕПТІК ТӘСІЛДЕРІ ҒТАХР 03.20.09.31 СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.41.01 СОЛТҮСТІК-ШЫҒЫС КАСПИЙ МАҢЫ ЖӘНЕ ОҒАН ІРГЕЛЕС АУДАНДАРДАҒЫ САРМАТ МӘДЕНИЕТІ: ПРОБЛЕМАЛАР, ГИПОТЕЗАЛАР ҒТАХР 03.20.29 ХХ ҒАСЫРДЫҢ 30-ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ ҒТАХР 03.20.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ҒТАХР 03.20.09.25 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ ЭЛИТА МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ДІНИ ҰСТАНЫМДАРЫ (Ибн Рузбихан және Мұхаммед Әуез еңбектері бойынша) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАХР 03.19.00 ҚЫТАЙДАҒЫ МИГРАЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (ХХ ғ. аяғы – ХХІ ғ. басы) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАХР 16.00.00 ЛАТЫН ӘЛІПБИЛІ ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМЫ: ШЕТТІЛДІК СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ (1929-40 жж. ) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҒТАХР 03.20:03.29 ӘЛЕУМЕТТІК ТОП ҰҒЫМЫ АЯСЫНДА ДІНИ ЖАМАҒАТТАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ МӘСЕЛЕСІ ҒТАХР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАХР 03.09.55 1920-1930 ЖЖ. ШЕТЕЛДІК САЯСИ ЖӘНЕ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ САЯСАТЫ ҒТАХР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында) ҒТАХР 03.09.03 ПАТРИОТИЗМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ ҒТАХР 03.61.91 МАРАТ МҰҚАНОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ОРТА ЖҮЗ РУЛАРЫНЫҢ ТАРАЛУ АЙМАҚТАРЫ ҒТАХР: 03.20:03.09.25 ҒҰНДАРДЫҢ АТТЫ ӘСКЕРЛЕРІ ҒТАХР: 03.20:03.01.09 ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ КӘСІПҚОЙ ЭТНОГРАФТАРЫНЫҢ БІРІ ҚҰСАЙЫН ТӘКЕЖАНҰЛЫ ҒТАХР 03.01.17 КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІН АЙҚЫНДАУ: ТАРИХ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢ ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ АКСР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР 03.81.35 ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРКӘСІБІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖЫЛДАРЫНДА ЖӘНЕ НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ (1924-29 жж.) ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАХР 03.61.91 ТҰРМЫС-САЛТ ЖЫРЛАРЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ НҰСҚАЛАРЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ КОНТЕКСТІ ҒТАХР 11.25.19 COVID-19 ПАНДЕМИЯСЫ ЖАҒДАЙЫНДА «БІР БЕЛДЕУ - БІР ЖОЛ» ИНИЦИАТИВАСЫН ІСКЕ АСЫРУДЫҢ СЫН-ҚАТЕРІ ҒТАХР 03.61.91 ДОҢЫЗТАУДАҒЫ БЕСБАЙ ЖӘНЕ ИЗЕНАҒАШ ДІНИ-ТҰРҒЫН КЕШЕНДЕРІНІҢ МЕШІТТЕРІ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРДАҒЫ БАЛАСАҒҰН ЭТИМОЛОГИЯСЫ ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАХР 03.20:03.09.31 МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС ҒТАХР 03.29:03.20 ЕУРАЗИЯ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЭТНОЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ АЛҒЫШАРТТАРЫ ҒТАХР 03.20.00 ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР: ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ХАЛЫҚТАРДЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ҒТАХР 03.20.00 МҰРАЖАЙ ТОПТАМАЛАРЫНДАҒЫ ФОТОМАТЕРИАЛДАРДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК МАҢЫЗЫ

Автордың мақалалары

ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ АКСР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН