Басты бет » Материалдар » ҒТАХР 03.20.29 ХХ ҒАСЫРДЫҢ 30-ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ

Е.Қ. Күлдібаев1, С.Д. Саркулова2. 1Т.ғ.к., Т.Қ. Жүргенов ат. ҚазҰӨА. 2PhD. ҚазҰҚПУ. Алматы қ., Қазақстан.

ҒТАХР 03.20.29 ХХ ҒАСЫРДЫҢ 30-ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(21) қаңтар-наурыз 2020

Тегтер: құрбан, саяси, жауы, халық, саласы, өнер, қуғын-сүргін, үкіметі, Кеңес, сөздер:, Түйін, қылмыс, қайраткер.
Аңдатпа:
Аңдатпа. Мақала ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы Кеңес үкіметінің өнер саласына жүргізген қуғын-сүргін науқанына арналған. Архив құжаттар мен газет материалдарына сүйене, Д. Әділов, М. Әуезов, Т. Жүргенов, Ж. Шанин және тағы басқа қайраткерлердің қазақ өнерін қалыптастырып, дамытуына қосқан үлесін, қызметтерін саралай отырып, олардың жалған айыптармен тұтқындалып, «ұлтшыл-фашист», «халық жауы» ретінде айыпталу барысы айқындалады. Қазақ академиялық театры, облыстық театрлардағы Шара Жандарбекова, Құрманбек Жандарбеков, О. Беков сияқты өнер азаматтарының ұлтшыл бай тап өкілдерінің тұқымы ретінде баспасөз бетінде әшкереленгендігі нақтыланады. Сонымен қатар халық жауы мен алашордашыл-ұлтшыл атанған драматургтардың қойылымдарының сахнадан алынып тасталынуының мәнісі талдана беріледі. Қуғын-сүргін нәубетінің мәдениет, өнер саласына тигізген зияндылығы мен қуғындалғандардың тағдыры зерделенеді.
Мазмұны:

Кіріспе. Отан тарихының өркениетті көзқарас шеңберімен зерделейтін өзекті мәселелері қазіргі таңда жеткілікті деп айтсақ қателеспейміз. Кеңестік үлгідегі тоталитарлық тәртіптің ұлт санасына салған жараларының орны әлі де толықтай зерделеніп кете қойған жоқ. Одан арылу үшін уақыт ғана емес, уақыт ағынымен бірге ұлтшылдық келбетті де қалыптастырып үлгеруіміз қажет. Осы мақсатта өткен тарихымыздың өзекті мәселелерін ақылмен пайымдауға да күш саламыз. Соның біріХХ ғасырдың 30-жылдары болған кеңестік қуғын-сүргін зардаптары. Бұл нәубетке өнер саласында қызмет етіп жүргенұйымдастырушы басшылар,драматургтер, актерлер, музыканттар да іліккен. Бұлардың арасында Д. Әділов, М. Әуезов, Т. Жүргенов, Ж. Шанин және т.б. ел арасына танымал болған драматург, өнер қайраткерлері бар. Кеңестік жүйе табиғи таланттарымен театр өнерінде халық көңілінен шығатындай шығармалар ұсынған драматургтардың, сол қойылымдарды үлкен деңгейде шеберлікпен ойнап беріп, көрерменнің ықыласына бөленген актерлардың ісінен үкіметке жат әрекеттер іздеп, қолдан түрлі кемшіліктер жасап, сынға ұшыратып, ақыры бірін 30-жылдың басында, екіншілерін сол жылдың аяғында қуғындады.

Әдістер. Ғылыми мақаланың методологиялық негізін айқындауда, қоғамдық құбылыстар мен үрдістерді зерттеудің бірнеше әдіс-тәсілдері қолданылды. Зерттеу барысында саралау, талдау және қорыту, тарихи-салыстырмалы, жүйелік-құрылымдық, теориялық таным, модельдеу мен типтендіру сияқты жалпы ғылыми, философиялық, әлеуметтанушылық, тарихи зерттеу тәсілдері қолданылды. Тәуелсіздіктен кейін жарыққа шыққан Алаштанушы ғалымдардың жинақтары мен еңбектерін пайдалана отырып, тарихи-құрылымдық тұжырымдамалық талдау әдісі де пайдаланылды. Сонымен қатар өнер саласындағы тарихи тұлғалардың өмірбаяны мен қоғамдық-саяси қызметі және шығармашылығын талдау мен бағалауда субъективтік тұжырымдар мен пікірлерге жол берілді. Отандық тұлғатанудың қазіргі заманғы методологиялық әдістәсілдерін қолдана отырып олардың қызметі мен тарихтағы алар орнын бағалаудың өлшемдерінің қалыптасуы тарих мазмұнын жаңалауда объективті тұжырымдар жасалды.

Талдау. Қазақтың зиялы қауым өкілдері сол қоғамның ең өзекті мәселесі отарлық езгіге қарсы ұлттың санасын оятып, оны қалыптастыру жолында өздерінің шығармашылық қызметтерімен де, қоғамдық-саяси қызметтерімен де алға шығып, қалың қазақ халқын соңдарына ілестіре білді. Қазақ халқының бойындағы ұлттық рухты, сана-сезімді ояту мақсатында, халықтың көзін ашу жолында аянбай күресті. ХХ ғасыр басында жаппай бастау алған қазақ қоғамында саяси күреске шыққан ұлт зиялыларының әрбір қадамы патша үкіметі тарапынан бақылауға алынып, үкімет саясатына қарсы шыққандар қуғындалып, алдына айыппұл салынса, «аса қауіпті» атанғандардар ұзақ мерзімге басқа өнірге жер аударылды немесе абақтыға қамалды. Ұлтымыздың алдыңғы қатарлы зиялылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Ақбаев және т.б. патша үкіметінің жүргізіп отырған отарлау, қоныстандыру, орыстандыру саясатына қарсы шығып, мерзімді баспасөзге мақалалар жариялап, патша атына үндеухат ұйымдастырғаны үшін түрлі жазаларға тартылды. Сол себепті де 30 жылдары қазақ өнерінің қаймақтары Д. Әділов, М. Әуезов, Т. Жүргенов, Ж. Шанин бастаған көптеген тұлғалардың шығармаларын жаппай тексеріп, кемшілік табуға тырысып, қамауға алынуларына себеп іздей бастады.

ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ зиялылары, оларды жазалау мен қаралаудың жаңа қарқынымен басталған саяси-қуғын сүргін тақырыбы қазақ елі өз тәуелсіздігін алғаннан кейін жаңа қарқынмен зерттеле бастады. Атап айтсақ, Академик М.Қ. Қозыбаевтың қазақ ұлт-азаттық қозғалысы мен қазақ интеллигенциясы тарихына байланысты жарық көрген еңбегі, М.С. Бурабаевтың 1991 жылы шыққан «Общественная мысль Казахстана в 1917-1940 гг.» атты зерттеулері ХХ ғасыр басындағы зиялылардың қоғамдық саяси көзқарастарын зерттеген алғашқы жазылған еңбек болып табылады. Ғалым К. Нүрпейістің «Алаш һәм Алашорда» атты еңбегі Алаш зиялыларының рөлін объективті бағалайтын әрі ғылымилығы жағынан құнды болса, М. Қойгелдиев өзінің «Алаш қозғалысы» монографиясында, Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағында (Қойгелдиев.2007: 151) қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметін ашып көрсетті. Сонымен қатар өнер қайраткерлерінің тағдыры мен қуғындалуын қазақстандық әдебиетші ғалымдар да зерттеген. (Мамраев,1998:262), (Кошенова,1996:96), (Мусин,2000:254). Бұл зерттеулерде қазақ зиялалырын репрессиялау кезеңіндегі қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуы, тұлғалар мен олардың негізгі еңбектеріне талдау жасап, сол уақыттағы рухани өмірдің келбеті сипатталды. Әдебиет пен өнер саласының майталмандары жайлы естеліктер мен деректер жарияланды. Қазақ мерзімді баспасөзі: шығу тарихы мен деректік маңызы (ХХ ғ. 20-30 жж.). атты монографияда (Смағұлова, 2011:325) қазақ театрындағы қатаң тексерулер мен қудалаулар жайлы жан-жақты айтылады.

Қуғын-сүргін тақырыбында жазылған еңбектер қатарында жекелеген тұлғалар жайлы зерттеулер бір төбе. Атап айтсақ Жұмат Шанин (Кәрімхан З.// https://e-history.kz/kz/publications/view/1335), (Сағымбеков Р. 1992:36-37). Шара Жиенқұлова (Құмарова. 2018), Темірбек Жүргенов (Оразбақов, Ибраев, Енсепов., 2014:151-153). Аталған еңбектерде қазақ жұрты ғана емес түркі әлеміне танымал болған тұлғалардың өмір тарихын, қоғамдық-саяси өмірмен тұтастыра отырып қарастырады.

Қазақтың азаматтарын қуғындау үдерісі 1937 ж. жаз айында үдеген. Бұл әсіресе Қазақстан К(б)П-ның І-съезінің шешімінен кейін жандана түсті. Ленин идеясын қарсы ұлтшылдармен аяусыз күрес жүргізуге шақырған осы съезд ұлт азаматтарын бір-біріне қарсы қойды. Нәтижесінде бірін-бірі қаралаған домалақ арыздардың қатары көбейді. Баспасөз беттеріне жариялаған мақалалардың басымы осы сарында болды.

Сол «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Лениншіл жас», «Ауыл коммунисі» жəне тағы басқа газеттер мен журналдарда жарияланған мақалалар барлық саладағы азаматтардың «халық жауы» деп қуғындалуына себепші болды. Мəселен, «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған «Қалдықтардың бет пердесі ашылсын» атты домалақ хат өнер саласындағы азаматтарды қаралады. Биші, Қазақстанның халық әртісі Шара Жандарбекова-Жиенқұлованың шыққан тегі бай тұқымынан екендігі келтірілген бұл мақалада: «Колхозшының қызы» болып, ата-тегін жасырып, Жандарбековтың атымен, ұлтшыл-фашист, халық жауы Жүргенов, Тоғжанов, театрдың директоры болып келген Қадырбаевтың қолтықтауларымен Кремльге еніп, ұлы данышпан, халық көсемі Лениннің шәкірті – Сталиннің қолын ұстап, «Еңбек орденін» алған жоқ па? Алды. Шара Алматының алдыңғы қатардағы бай, 1928 ж. конфескеленіп кеткен Байбұлан Жиенқұловтың қызы..., Жандарбеков Құрманбек 15 жыл болыстық управитель болғанның баласы... көпшілік болып Жүргеновтің қалдықтарын бет-ажарына қарамай аластатуымыз керек» делінді (Дегитаева, 1998: 69-70).

Өнер саласындағы қайраткерлердің тағдыры мен қоғамдық қызметтері, қазақ сахнасының майталмандары мен театр жұмысы жайлы мағлұматтар мен құжаттар негізінен Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде сақтаулы (ҚР ПА).

Нәтижесі. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының басында театрда қойылатын қойылымдардың мазмұнына аса мән беріліп, кеңестік қоғамға жат, ұлтшылдық сарын басым шығармаларды айқындау, әшкерелеу мәселесі қойылып, осының нәтижесінде қазақ жазушыларының драматургия саласындағы барлық еңбектері тексерістен, сыннан өте бастады. Театр сахнасында «зиянды» деп танылған туындылар баспасөз беттері арқылы әшкереленді. Солардың арасында сынға ұшыраған қойылымның бірі – Мұхтар Әуезовтың «Хан Кене» пьесасы болатын. Бұдан кейін оның «Тартысының» да мазмұны тексеріліп, сынға ұшырады. М. Қаратайұлының «Мұхтардың «Тартысы» және кейбір мәселелер» деп аталған мақаласында бұл пьесаның саяси шығарма екендігін, оның құрылымы оқу орындарының бірі – Қазақ институтында болған оқиға желісіне арналғанын айта келе, пьесаны Ілиястың «Түрксібімен» қатар қойып салыстырады. Пьесада ұлтшылдар мен коммунистер арасындағы тартыстың ақиқаты ашылғандығын, бірақ ұлтшылдарда кеңес жастарын мысқылдау, кекету сияқты тұстарының көптеп кездесетіндігін келтіреді (Смағұлова, 2011:325).

Мұхтардың шығармашылығынан ескінің сарынын іздеу одан кейін де жалғасты. 1933 жылы 11 қыркүйекте құпия түрде ОГПУ-дың өкілетті өкілінің Қазақ өлкелік комитетіне жіберген мәлімдемелік жазбасында Мұхтар Әуезовты Алашорданың көсемдерінің бірі санап, оның 17 мамырда қойылған «Еңілік-Кебегін» қазақ байларын, батырларын дәріптеуге арналған пьесаға жатқызды (Қойгелдиев.2007: 151)

Ұлттық театрды ұйымдастыруға белсене араласқан қоғам және мәдениет қайраткері Дінмұхамед (Дінше) Әділов 1930 жылғы қуғын-сүргіннің алғашқы құрбаны. Ол бар-жоғы отыз жыл ғана өмір сүрсе де, қазақ қоғамына, оның ішінде мәдениетін саласын көтеруге ерекше үлес қосты. Қазақ театрын ұйымдастырушылардың бірі болды.

Д. Әділов 20-шы жылдары Қазақ Республикасы Ағарту халкоматында ірі қызметтерді атқарып жүріп, ұлт театрын құруды ұйымдастырудың нақты шараларын жүзеге асырып, театрдың тұңғыш әкімшілік әрі көркемдік басшысы болды. Оның іскерлігінің арқасында театр аяғынан тік тұрды. Қазақ жастарының труппасы жасақталып, актерлердің біліктілігін шыңдауға қайраткер бар үшін салды. Дегенмен құрығы ұзын үкімет оның қызметінен де ілік тауып, «халық жауы» атандырды.

1928 жылы БК(б)П-ның кезекті пленумында И.В. Сталиннің тап жауларын, ұлтшылдарды әшкерелеу туралы міндет қоюы «ұлтшыл-уклонистерді» табу науқанын бастап берген болатын. Осының нәтижесінде 44 ұлт зиялысы қамауға алынды. Дінше 17 желтоқсанында бұрыңғы Алашорда үкіметінің белді мүшесі, Кеңес өкіметінің ірі байларды тәркілеу науқанын өткізуіне қарсылық көрсетті деген желеумен қамауға алынды. Жалпы алашордашыл ретінде Д. Әділовтың әрбір қадамы үкімет орындарына хабарланып отырған. ОГПУ-дың өкілетті өкілінің РК(б)П Қазақ облыстық комитетіне 1923 жылы 1 ақпанда алашордашылар мен қазақ ұлтшыл топтарының қызметі жөнінде оның Ақмоладағы уездік съезге Түркістан республикасының атынан келгендігін көрсетеді (ҚР ПМ. 139-қ., 1-т., 550-іс. 19-п.).

Келесі бір құжатта оның «Бірлік» ұйымына мүше болуы мен оның жұмысына қатысуы, алашордашылармен байланысы айтылады (ҚР ПМ. 141-қ., 1-т., 2406-іс. 46-54-пп). Сонымен қатар Ә. Байділдин ОГПУ-ға берген тергеу жауабында Зәки Уәлидимен кездесуге Діншенің барғандығын, 1920-1921 жылдары Ташкентте Қожанов, Болғанбаевтармен қызмет еткендігі жөнінде айтқан. Ол Д. Әділовтің қызу қанды, шапшаң адам ретінде көрсетеді (Қойгелдиев, 2007: 67-68).

Д. Әділов «Алаш ісі» бойынша ату жазасына кесіліп, 1930 жылы 21 сәуірде Мәскеуде атылып, Ваганька зиратына құпия жерленген. Араға жарты ғасыр салып барып, 1988 жылғы 4 қарашада ғана ақталды (Нұрпейіс, 2014:61).

Театр өнерін қалыптастыруда ерен үлес қосқан қайраткер Жұмат Шанин де қуғындалды. Жалпы, ол қазақ режиссура өнерін кәсіби бағытта дамытып, актерлердің шеберлік деңгейін шыңдауда бар күшін салған білікті басшы, ұйымдастырушы, талантты драматург. Оның «Арқалық батыр» трагедиясы театр сахнасында 1926 жылдан 1936 жылға дейін 266 рет көрсетілген екен. Ж. Шаниннің осы Арқалығының жетістіктері жайында Б. Нұрпейіс былай деп жазған: «Бұл – қазақ театр тарихындағы үлкен феномен. Көптеген пьесалардың сахналық ғұмыры бір маусымға жетпей репертуардан түсіп қалып жатқан кезде «Арқалық батырдың» он жыл бойы үздіксіз жүру – Ж.Шаниннің режиссерлік ойынын тереңдігін көрсететін құбылыс. Спектакль театр өнерінің халықтың ой-санасына сілкініс жасай алатын қуатты күшін танытты» (Нұрпейіс, 2014:80-81).

ХХ ғасырдың 30 жылдары ұлт зиялылары қуғындала бастаған кезде алашордашылардың шашбауын көтергендердің арасында Жұмат Шаниннің де аты аталды. Мәселен, БК(б)П Қазақ өлкелік комитетіне Қазақ пролетар жұмысшы жазушыларының қауымдастығының төрағасының «Театр туралы» анықтамасында театрдағы өрескел қателіктерге, алашордашылардың әрекеттеріне (Иса Байзақов пен Әміре Қашаубаевты) композитор Ковалев екеуі көз жұма қарайтындығы келтірілді (ҚР ПМ. 141-қ., 1-т., 3840-іс. 197-199-пп).

1933 жылы Жұмат Шаниннің «Арқалық» пьесасының мазмұны ОГПУ тарапынан тексеріліп, реакциялық қойылым ретінде бағаланды. Осы театрдағы артистердің де өткен өмірлері жіті тексерістен өтті. Мәселен, Қанабек Бәйсейітовке «бұрын аудандық милиция қызметінде болғанда, басшылық қызметін асыра пайдаланды деген» деген айып тағылды (ҚР ПМ. 141-қ., 1-т., 5817-іс. 17-п).

Бұл кездерде ол Қырғызстанның драма театрының бас режиссері болып, туысқан халықтың ұлттық театрының қатарға қосылуы жолында қызмет етіп жатқан болатын. 1934 жылы Жұмат қайтадан Алматыға шақыртылып, музыкалы театрды (қазіргі Қазақтың Абай атындағы опера және балет театры) ұйымдастыруға қатыстырылады. Осы жаңа театрда Жұматтың режиссурасы бойынша «Жалбыр», «Қыз Жібек» спектакльдері қойылады. Қазақ әдебиеті мен өнерінің 1936 жылы Мәскеуде өткізілген онкүндігі кезінде оның сахналық шығармашылық өнерін Мәскеу көрермендері тарапынан мейлінше жоғары бағаланды (Сағымбеков Р. 1992:36-37).

1936 жылы Мәскеуден оралғаннан кейін Ж. Шанин тағы бір жылдай Бішкекте тұрады. Бішкектен Оралға қоныс аударып, қызмет етіп жүргенде ұсталып, Алматыдағы қазіргі ҰҚК-нің жертөлесіндегі абақтыға жабылған. 1938 жылдың 26 ақпанында не-бары 46 жасында «халық жауы» деген жаламен атылды. Бірақ, араға біраз жыл салып, 1958 жылы ақталды(Кәрімхан З.// https://e-history.kz/kz/publications/view/1335).

Мәдениет, өнер салаларын дамытуға үлес қосқан қайраткердің бірі – Темірбек Жүргенов те 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталды. Ол негізінде 1933-1937 жылдар аралығында Қазақстанның халық ағарту комиссары қызметін атқарып, қазақ өнері мен мәдениетін көтеруге барлық ықыласты бөліп, театр, музыка саласына қазақ жастарын тартқан еді. Ұлт театрында қазақ мамандары яғни режиссерлер мен актерлерді, суретшілерді, музыканттардың қызмет еткендігін қалады және соны даярлауға мол еңбек сіңіріп, қазақ жастарын Мәскеудің театрлық жоғары оқу орындары мен студияларға жіберуге мұрындық болды.

Темірбек Жүргенов 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының І-ші слетін, 1936 ж. Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін негізгі ұйымдастырушылардың бірі. 1934 жылғы слеттің ашылуында Б. Майлиннің «Шұға» пьесасы қойылып, онда Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Күләш Бәйсейітова, Қанабек Байсейітов және тағы басқа қазақ өнерпаздары ойнаған болатын. Аты аталған өнерпаздарға сол жылы республиканың еңбек сіңірген артисі деген құрметті атақ берілді.

1936 жылы мамырында Мәскеуге барған қазақ өнерпаздары Үлкен театр сахнасында қазақ көркемөнері мен әдебиетінің онкүндігі ең бірінші рет Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібегімен» ашылды. «Қыз Жібек» рөліндегі Күләштің, Төлеген рөліндегі Қанабектің, Бекежан рөліндегі Құрманбектің, Шеге рөліндегі Манарбектің, Базарбай рөліндегі Қалыбектің рөльді орындау шеберліктері ерекше көзге түсті. «Қыз Жібектен» кейін қазақ театрының коллективі Бейімбет Майлиннің музыкалы «Жалбыр» пьесасын керсетті. Қазақ көркеменерінің көрнекті қайраткерлерінің бірі – Ахмет Жұбановтың басқаруындағы жаңадан ұйымдасқан халық музыка аспаптар оркестрі қазақтың бірнеше көңілді күйлерін сәнді сазымен орындап, тыңдаушыларды тамаша сүйсіндірді. Сөйтіп, қазақтың жаңа өсіп келе жатқан көркемөнерінің аз уақыт ішінде қол жеткен творчестволық табыстарын Москва халқы аса жоғары бағалады. Осы он күндікте өздерінің өте шебер орындаушылығымен ерекше көзге түскен бірсыпыра көркемөнер қайраткерлері ордендармен, медальдармен марапатталды. Олардың ішінде Қалыбек Қуанышбаев, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Манарбек Ержанов, Қанабек Байсейітов бар еді (Майшекин .1959:5-6,8). 

«Лениншіл жас» газетінде театрдың ішіне кіріп кеткен халық жауларының бірі ретінде Т. Жүргенов та аталды. «Қазақ көркем өнерінің басшылық жұмысына кіріп кеткен халық жаулары Жүргенов, Тоғжанов, Қадырбаевтардың зұлымдық істерінің сыры әшкереленіп отыр. Олар ұлт мәдениетінің, көркем өнерінің қарыштап ілгері басуына кедергі болды. Көркемөнер ісін шатастырып, теріс бағытқа салды, өшіруді көздеді. Бұл ойларын іске асыру үшін театрлар маңына бұзылған жат элементтерді жинады, жақсы артистерді өсірмеуге тырысып, қудалап отырды», - деген жала оның халық жауы ретінде айыпталуына септігін тигізді (Лениншіл жас, 1937: №117).

Өкініштісі сол, өнер жолын көркейтуге жұмылдырған Темірбек Жүргеновтей қайраткер «халық жауы» деген жалған айыппен кеңес үкіметі тарапынан 3 тамызда ұсталды. Тергеу хаттамасында жазылғандай, оған революцияға қарсы ұлтшыл ұйымға мүше болды деген айып тағылды. НКВД қызметкерлері мойындатпақ болып қанша тырысса да ол бұл айыпты мойындамады (Оразбақов, Ибраев, Енсепов., 2014:151).

1929 жылы шілдеде ОГПУ-дың Шығыс бөлімінің өкілетті өкілі Ә. Байділдиннің Алашордаға қызметіне қатысты тергеуге алған кезде Т. Жүргеновтың V-ші конференцияға қатысқан С. Сәдуақасов, Ы. Мұстамбаев, Кадаленко бірге болғандығы айтылады (Қойгелдиев.2007: 74).

Т. Жүргенов халық жауы ретінде ұсталғаннан кейін 1937 жылдың қыркүйегіне дейін кітапханалардағы оның ондаған кітабы қолданыстан алдырылды. Бұлардың арасында «Слет ударников учителей», «Қазақстандағы мәдени революция», «Өзбекстандағы мектептер», «Қазақстандағы сауатсыздықты жою туралы», «Қазақ педагогикалық оқу орындары» және тағы басқа еңбектері бар (ҚР ПМ. 708-қ., 1-т., 604-іс. 102-104-пп).

Түркістан-Сібір теміржол троцкисшілдер мен шпиондық диверсиондық ұйымның әшкереленгендігі жайында ҚП(б)К Орталық комитетіне келген мәліметте бұл ұйымның 1935 жылы құрылғандығы, оның құрамына қазақ оқытушылары болғандығы келтіріледі. Мәлімет бойынша ұйым ұлтшыл-фашист Темірбек Жүргенов және Сәкен Сейфуллинмен тығыз байланыста болған (Қойгелдиев, 2007: 252-253).

Міне, осындай қолдан жасалынған жалған айыптар қайраткердің тағдырын шешіп берді. 1938 жылы 25 ақпанда Темірбек Жүргенов РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10,11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілді. 1957 жылы 18 сәуірде КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының шешімімен тағылған айыптың жалғандығы расталып, ақталды (Оразбақов, Ибраев, Енсепов., 2014:151-153).

Өнер саласын қалыптастыруда, дамытуда іскерлігімен, талантымен есепсіз үлес қосқан қайраткерлердің соңынан «оларға қолдау көрсетті» деген желеумен театр артистеріне де қысым жасалынды. Негізінде 1936 жылы 5 тамызда БК(бП) қазақ өлкелік комитетінің бюросында БК(б)П Орталық комитетінің жауапты қызметке кіріп алып, іріткі салушы «халық жауларын» анықтау жөнінде 29 шілдедегі жабық хаты талқыланып, соның негізінде облыстық, аудандық, қалалық комитеттерге хаттың маңызын түсіндіру жұмыстарын жүргізу міндеттелінді және партия қатарындағы өзін «белсенді және партияға адал берілген мүше» ретінде көрсетіп жүрген тап жауларын әшкерелеу де жүктелінді (ҚР ПМ. 141-қ., 1-т., 10592-іс. 430-п).

1937 жылдың 9 маусымында болған ҚК(б)П-ның І-съезінде зиянкестермен күрес жүргізу мәселесінде О. Исаев бұл жайында былай деген болатын: «…жұмыстың ең үлкені зиянкестерді көре білу. Бұл жөнінде, әрине, көп жұмыс істеуіміз керек. Бұл істерді орындап отыру үшін, кешегі февраль пленумындағы қаулыларды ұмытпауымыз керек. Сталин жолдас айтқан біздегі ең маңызды жұмыс – большевиктік қырағылықты іс жүзіне асырып, соны жақсылап істеуіміз керек.

… Жолдастар, дұшпандар, зиянкестерді құрту үшін, сол зиянкестердің өзін құртуымыз керек. Олар қалай жүріп отырса да, қалай жасырынса да, біз оларды табуымыз керек, жүруіміз керек» (Дегитаева, 1998: 69-70).

1937 жылдың маусымында ҚП(б)К Орталық комитеті Мәскеудегі граммофон-пластинка өнеркәсібі тресіне тез арада шығарылымнан алып тасталынатын қазақ әндері жазылған пластинкалардың тізімі жіберілді. Оның арасында Жүсіпбек Елебековтың орындауындағы «Қанат талды» әні, Құрманғалиевтың «Әмір хан», Әбдімәжит Рузаевтың орындауында «Гуляр» (ұйғыр тілінде), «Шаму-Сахар» (ұйғыр тілінде) әндері бар еді. Бастапқы екі әннің авторы «халық жауы» атанған О. Бековтікі болса, ал ұйғыр тіліндегі әндердің авторы Ә. Рузаевтың өзі болды. Ә. Рузаев «халық жауы» екендігін білгеннен кейін Қытайға қашып кеткен (ҚР ПМ. 141-қ., 1-т., 13587-іс. 37-п).

1937 жылдың 25 қазанында «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына «Қалдықтардың бет пердесі ашылсын» атты тілшінің хаты түсті. Онда театр ұжымдары, коммунистері өз араларында кімнің кім екендігін жақсы біліп отырғандығын, өнер саласы арасында бұрынғы тап жауларының балалары еніп кеткендігін айта келе бірнеше адамға тоқталды. Солардың бірі – Шара Жандарбекова. Ол жайында хатта былай келтірілді: «Жандарбекова Шара кім? «Колхозшының қызы» болып, ата тегін жасырып, Жандарбековтің атымен, ұлтшыл-фашист халық жауы Жүргенов, Тоғжанов, театрдың директоры болып келген Қадырбаевтың қолтықтауларымен Кремльге еніп, ұлы данышпан, халық көсемі, Лениннің шәкірті – Сталиннің қолын ұстап, «еңбек орденін» алған жоқ па? Алды», - дей келе, Шараның әкесі Алматының ірі байы, 1928 жылы тәркіленіп кеткен Байбұлан Жиенқұловтың қызы екендігі, ал күйеуі Құрманбек Жандарбеков те 15 болыстық басқарманың баласы, екеуі де тектерін жасырып келгендігін келтірді. Шара мен Құрманбек екеуі өнерлерімен халық арасына жүрсе де, «өз пайдаларын ойлаған» жандар екендігін театр ұжымы да жасырып қалғандығы сынға алынды.

Бұл хатты «Социалистік Қазақстан» газетінің реакциясы ҚК(б)П-сы ОК-нің саяси-ағарту бөліміне жіберіп, нәтижесі немен тынғанын редакцияға хабарлауды сұрайды (ҚР ПМ. 708-қ., 1-т., 132-іс. 79-82-пп).

Құрманбек Жандарбековтың қандай таптан шыққандығы жөнінде 1936 жылы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндік декадасына қатысқан өнер қайраткерлеріне байланысты баспасөзге жарияланған таныстырылымда шыққан тегін шаруа отбасынан деп көрсеткен болатын. Оның бойындағы таланты, қазақ музыкасы мен әндеріне деген құштарлығы вокальдық қабілеттілігі қазақ халқын тәнті еткен.

Шара Жандарбекованың қазақтан шыққан биші ғана емес, драмалық актриса, әрі балет өнерінің өкілі екендігін мақтанышпен жазған болатын (Құмарова. 2018).

1937 жылы Қазақстан мемлекеттік драма театрына он жыл толды. Осыған байланысты «Қазақ әдебиеті» газетіне «Театрымыз өскен үстіне өсе түсу керек» деген мақала жарияланып, он жыл ішіндегі қиыншылықтар, атқарылған міндеттер баяндалды. Аз жыл болса да, тұрақты көрермендерін жинап алған драма театры енді мемлекеттік академиялық театрға айналғандығын айта келе, осы жылдарда орын алған кемшіліктер мен қателерді тізіп берді. Бұл театрға ұлтшылдардың еніп кетуі. «Олар театрды өсірудің қамын іздемеді. Театрдың артистерін оқытпады, басқа жерлерден білімді маман қызметшілер іздемеді, «қазақ театрына қазақтың өзі де жетеді, оның жұмысына басқа кісілерді араластырудың қажеті жоқ» деп қарады. Мұндағы ойы – қазақ театрын өз алдына бөлектеп тастап, басқа елдердің театр өнерін жуытпау еді, театрды ұлтшылдық мақсатын іске асыру үшін құрал ету еді. Сахнада ылғи ұлтшылдық пікірмен жазылған пьесаларды қоюға тырысты, бірқатар уақытқа дейін бұл тілектерін іске асырып та отырды», - деп келтірілды мақалада. Театр төріне Елубай, Қалибек, Серке, Күләш, Қанабек, Манарбек, Мәлике сияқты талантты азаматтары келіп, өнерлерімен халықтың ықыласына бөленгендігін, алдағы уақытта да осы артистердің классикалық шығармалардан қойылған өнімдеріне жұрт куә болатындығын баса көрсетті (Қазақ әдебиеті,1937: №12).

Академиялық театрдың ішінен жау іздегендер, іріткі салушылар театрдың әр қойылымына аса назар аударып, кемшілік, қателік табуға тырысты. Театр артистерінің халық жауларымен арадағы байланысын анықтауға, әшкерелеуге күш салды. Халық жаулары, ұлтшыл-фашист Жүргенов, Қадырбаев, Тоғжановтар академиялық драма театрды, мемлекеттік музыка театрының көлеңкесі санап, болмаса ескерусіз, елеусіз ұстап, өсу жолына үлкен бөгет жасап, қырсықтарын тигізіп отырғандығын, театрдан совет жазушылары-драматургтерді алыстатып, театрды революцияға қарсы шығармамен шырмап, көркемдік, идея жағынан кейін кетіруге тырысқан пьесаларды қоюға күш салып отырғандары, актерлердің арасында зиянкестік әрекеттер жасап, адастырмаққа бет бұрғандары сыналды (Қазақ әдебиеті,1937: №54).

1934 жылы ұйымдастырылған Семей қалалық театрына бұрынғы Луначарский атындағы театр мүшелері жұмысқа алынған еді. Алайда бұл театрдың ұйымдастырушыларынан бастап, актерлеріне дейін «ұлтшылдықтары» үшін баспасөзде сынға ұшырады. «Лениншіл жас» газетіне жарияланған «Семей театры ұлтшыл Бековтың бөлтіріктерінен әбден тазартылсын» деген мақалада Валиахметов деген жаңа басшы ұлтшыл Шахан Мусинді жұмысқа алып, бұрынғы Төребаев, Мұхаметжанов, Есанжоловтарды актерліктен қуып, олардың орнына басқаларды алғандығын жазды. Сонымен қатар, Валиахметов кеткеннен кейін оның орнына келген Беков та театрды бүлдіргеннің үстіне бүлдіре түсті дейді. Мақалада театрға бұрынғы үстем тап өкілдерінің балаларын, алашордашыларды қабылдап отырғандығы келтірілді. Беков «халық жауы», «ұлтшыл», «контрреволюцияшыл», «алашордашыл» деп айыпталды (Лениншіл жас,1937: №117)

Қорытынды: Кеңес үкіметінің солақай саясатының нәтижесінде ұлттық өнердің майталмандары жазықсыздан-жазықсыз құрбан болды. Ұзақ уақыт «халық жауы» ретінде оларға жабылған айып есімдерін қалпына келтіруге мүмкіншілік бермеді. Баспасөз арқылы жалған айыптармен қуғындалған өнер иелері де біраз уақытқа дейін өздеріне жабылған жаладан құтыла алмады. Тек тәуелсіздігіміздің арқасында өшкен есімдер қайтадан ортамызға оралып, олардың қазақ мәдениетіне сіңірген еңбектері, қоғамға тигізген үлестері қалпына келтіріліп, бағалана бастады. Өнер саласында әлі де сол кездерде жалған фактілермен қараланып, ақталмай, өз бағасын ала алмай отырған өнер иелері, майталмандары бар.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Қаңтар 1929 – шілде 1938 жж. Т.3. Кн.2. – Алматы: Ел-шежіре, 2007. – 344 с.

Кәрімхан З. Жарық жұлдыз – Жұмат Шанин. // e-history.kz. – [Элeктрондық рecурc] – https://e-history.kz/kz/publications/view/1335

Кошенова Р.Н. Возвращенные имена: научное издание. – Алматы: Рауан, 1996. – 96 с.

Қазақстан Республикасы Президентінің архиві (ҚР ПА). 139-қ., 1-т., 550-іс. 19-п.

ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 2406-іс. 46-54-пп.

ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 3840-іс. 197-199-пп.

ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 5817-іс. 17-п.

ҚР ПА. 708-қ., 1-т., 604-іс. 102-104-пп.

ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 10592-іс. 430-п.

ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 13587-іс. 37-п.

ҚР ПА. 708-қ., 1-т., 132-іс. 79-82-пп.

ҚұмароваШ. Шара қазақ биінің бастауында тұрды. // Әдебиет порталы. 07.03.2018 ж.

Майшекин М. Көркемөнер шеберлері. – Алматы: «Қазақ Мемлекеттік баспасы», 1959. – 140 б.

Мамраев Б.Б. Основные тенденции развития казахской литературы первой четверти ХХ века. – Алматы: Ғылым, 1998. – 262 с.

Мусин Ш. Өлең. Өмір. Өнер: Жарлары мен жазбалары: тар заманның тарланы Ш.Мусин туралы мақалалар, естеліктер, өлең-арнаулар. – Алматы: Арыс, 2000. – 254 б.

Нұрпейіс Б. Қазақ театр режиссурасының қалыптасуы мен даму кезеңдері (1915 – 2005). – Алматы: Дәстүр, 2014. – 520 б.

Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг. Сборник докум. / Отв. редактор Л.Д. Дегитаева. – Алматы: Қазақстан, 1998. –336 с.

Сағымбеков Р. Қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шаниннің туғанына 100 жыл толуына. // Қарқаралы. – 1992. – № 7/8.

Семей театры ұлтшыл Бековтың бөлтіріктерінен әбден тазартылсын. // Лениншіл жас. – 1937. – 8 ағұст. – №117 (1381).

Смағұлова С. Қазақ мерзімді баспасөзі: шығу тарихы мен деректік маңызы (ХХ ғ. 20-30 жж.). – Алматы: «Елтаным баспасы», 2011. – 432 б.

Шақымет. Академиялық театрдың актерлері. //Қазақ әдебиеті. – 1937. – 30 декабрь. – №54 (169).

Театр жастары көркемөнердегі зиянкестіктің зардабын жоюға жұмылулары керек // Лениншіл жас. – 1937, 8 ағұст. – №117 (1381).

Темірбек Жүргенов – мұрағат құжаттарында. Құжаттар жинағы. / Құраст. Оразбақов А.Ж., Ибраев У.С., Енсепов Б.Б. – Астана: Фолиант, 2014. – 160 б.

С.Т. Театрымыз өскен үстіне өсе түсу керек. //Қазақ әдебиеті. – 1937. – 8 март. – №12 (127).

References:

Alash qozģalysy. Quzhattar men materialdar zhinaģy. Qaņtar 1929 – shilde 1938 zhzh. T.Z. Kn.2. – Almaty: El- shezhire, 2007.– 344s.

Qárimkhan Z. Zharyq zhúldyz – Zhýmat Shanin. // e-history.kz. https:– [Elektrondyқ recurc] – e-history.kz/kz/publications/view/1335

QR PА. 139-q., 1-t., 550-is. 19-p.

QR PА. 141-q., 1-t., 2406-is. 46-54-pp.

QR PА. 141-q., 1-t., 3840-is. 197-199-pp.

QR PА. 141-q., 1-t., 5817-is. 17-p.

QR PА. 707-q., 1-t., 604-is. 102-104-pp.

QR PА. 141-q., 1-t., 10592-is.430-p.

QR PА. 141-q., 1-t., 13587-is. 37-p.

QR PА. 708-q., 1-t., 132-is. 79-82-pp.

Qumarova Sh. Shara qazaq biіnіn bastauynda turdy. // Adebiet portaly. 07.03.2018 zh.

Maishekin M. Qòrkemòner sheberleri. – Almaty: «Qazaq Memlekettik baspasy», 1959. – 140b.

Núrpeyis B. Qazaq teatr rezhissurasynyņ qalyptasuy men damu kezeņderi (1915-2005). – Almaty: Dástýr, 2014. – 520 b.

Politicheskie repressii v Qazakhstane v 1937-1938 gg. Sbornik dokum. / Otv. Redaktor L.D. Degitaeva. – Almaty: Qazaqstan, 1998. – 336 s.

Saģymbekov R. Qazaqtyņ túņģysh rezhisseri Zhumat Shaninniņ tuģanyna 100 zhyl toluyna. // Qarqaraly. – 1992. – № 7/8.

Semei teatry últshyl Bekovtyņ bòltirikterinen ábden tazartylsyn. // Leninshil zhas. – 1937, 8 aģýst. – №117 (1381).

Smaģúlov S. Qazaq merzimdi baspasòzi: Shygu tarikhy men derektik maņyzy (XX ģ. 20-30 zhzh.). – Almaty: «Eltanym baspasy», 2011. – 432 b.

Shaqymet. Akademialyq teatrdyņ akterleri. // Qazaq ádebieti. – 1937, 30 dekabr'. – №54 (169).

Teatr zhastary kòrkemònerdegi ziyankestiktiņ zardabyn joyuģa zhúmylulary kerek. // Leninshil zhas. – 1937, 8 aģýst. – №117 (1381).

Temirbek Zhúrgenov – múraģat qúzhattarynda. Qúzhattar zhinaģy / Qúrast. Orazbaqov A.Zh., Ibraev U.S., Ensepov B.B. – Astana: Foliant, 2014. – 160 b.

S.T. Teatrymyz òsken ústine òse túsu kerek. // Qazaq ádebieti. – 1937. – 8 mart. – №12 (127). 

МРНТИ03.20.29

ГОНЕНИЯ НА ДЕЯТЕЛЕЙ ИСКУССТВА В 30-Х ГОДАХ XX ВЕКА

Е.К.Кулдибаев1, С.Д. Саркулова2

1Кандидат исторических наук. Казахская национальнаяакадемияискусствимениТ.К.Жургенова.г. Алматы, Казахстан. е-mail: esaga_79@mail.ru

2 PhD доктор. Казахский государственный женский педагогический университет.г. Алматы, Казахстан. е-mail: sarkulova_84@mail.ru

Аннотация. Статья посвящена репрессированным деятелям искусства 30-х годов ХХ века. На основе архивных документов и газетных материалов проанализированы вклад в развитие казахского искусства Д. Адилова, М. Ауезова, Т. Жургенова, Ж. Шанина и др., которые были арестованы по ложным обвинениям «враг народа», «национал-фашист». Кроме того, были запрещены сценические постановки драматургов, причисленных к врагам народа и алашординцам-националистам. В работе автор оценивает ущерб от репрессий, нанесенный сфере искусства и культуры, а также исследует судьбы репрессированных.

Ключевые слова: советское правительство, репрессии, искусство, враг народа, политическая жертва, преступление, деятель.

IRSTI 03.20.29

THE PERSECUTION OF ARTISTS IN THE 1930S

E. Kuldybaev1,S. Sarkulova2

1Candidate of Historical Sciences, T.K. Zhurgenov Kazakh National

Academy of Arts. Almaty, Kazakhstan. е-mail: esaga_79@mail.ru

2 PhD, Kazakh State Women`s Teacher Training University. Almaty, Kazakhstan.

е-mail: sarkulova_84@mail.ru

Аnnotation. The article is devoted to repressed artists of the 1930s. On the basis of archival documents and newspaper materials, it analyzes the contribution to the development of Kazakh art by D. Adilov, M. Auezov, T. Zhurgenov, J. Shanin, and others, who were arrested on false accusations «enemy of the people» and «national fascist». The stage performances of playwrights authored by these persons listed as the enemies of the people and the Alashordins nationalists were forbidden. The author considers the damage of repressions inflicted on the field of art and culture, and also explores the fate of the repressed perosns.

Keywords:Soviet government, repression, art, enemy of the people, political victim, crime, activist.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 18

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

1920-ШЫ ЖЫЛДАРЫ ТҮРКІСТАН АКСР-ІНДЕГІ БИЛІКТІ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫН ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ӘОЖ 94(574):929 ЗИЯТ ШӘКӘРІМҰЛЫНЫҢ ТҰЛҒАЛЫҚ КЕЛБЕТІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА ЫҚПАЛ ЕТКЕН ФАКТОРЛАР ӘОЖ 342.4:321.3(=1.574) ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖАЙЛЫ Қытайдың саяси мәдениетінің дәстүрлі негізі мен сипаты УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ ДЭН СЯОПИННІҢ САЯСИ-МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТІ Т.Т. МҰСТАФИННІҢ ҚОҒАМДЫҚ, ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТІ УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕГІ РӨЛІ ӘОЖ 94(574)16/19 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУБЭТНИКАЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ СТАТИСТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДАҒЫ КӨРІНІСІ ХАҚНАЗАР ХАННЫҢ БИЛІГІ ТҰСЫНДА ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ҚАЙТА ӨРЛЕУІ 94(574).084.6 «ОТАНЫН САТҚАНДАР ӘЙЕЛДЕРІНІҢ АҚМОЛА ЛАГЕРІ» ТАМҰҒЫНДА ӘОЖ 94 (930) ЕҢБЕКПЕН ТҮЗЕТУ ЛАГЕРЬЛЕРІ МЕН ТҮРМЕЛЕРДЕГІ ӘЙЕЛДЕР ЖАҒДАЙЫ (Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарындағы) ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДАҒЫ ОМБЫ УЕЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӘСІПШІЛІГІ ҒТАХР 03.81.37 ТАРИХ-И РАШИДИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МОҒОЛСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖЕР-СУ АТТАРЫ ДЖ. У. БУШ ТҰСЫНДАҒЫ АҚШ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘӨЖ 94 (574.51) ҰЗЫНAҒAШ ШAЙҚACЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН НӘТИЖЕСІ ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҒТАХР 03.20.00 ЕУРОПАДАҒЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТАРИХИ БІЛІМГЕ ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ТАРИХИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕГІ ИСПИДЖАБ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛАЛАР МЕН ЕЛДІМЕКЕНДЕР ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ "КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ" РӨЛІ ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ «КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ» РӨЛІ ҒТАХР 03.09.31ТАНЗИМАТ РЕФОРМАЛАРЫНА ЕУРОПАЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЫҚПАЛЫ ЖӘНЕ МҰСТАФА РЕШИД ПАША ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ ҒТАХР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР 03.09.31:03,20 СӘТТІҒҰЛ ЖАНҒАБЫЛОВТЫҢ «ДОСАН БАТЫР» ДАСТАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде) ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕКЕ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДЕПТІК ТӘСІЛДЕРІ ҒТАХР 03.20.09.31 СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.41.01 СОЛТҮСТІК-ШЫҒЫС КАСПИЙ МАҢЫ ЖӘНЕ ОҒАН ІРГЕЛЕС АУДАНДАРДАҒЫ САРМАТ МӘДЕНИЕТІ: ПРОБЛЕМАЛАР, ГИПОТЕЗАЛАР ҒТАХР 03.20.29 ХХ ҒАСЫРДЫҢ 30-ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ ҒТАХР 03.20.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ҒТАХР 03.20.09.25 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ ЭЛИТА МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ДІНИ ҰСТАНЫМДАРЫ (Ибн Рузбихан және Мұхаммед Әуез еңбектері бойынша) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАХР 03.19.00 ҚЫТАЙДАҒЫ МИГРАЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (ХХ ғ. аяғы – ХХІ ғ. басы) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАХР 16.00.00 ЛАТЫН ӘЛІПБИЛІ ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМЫ: ШЕТТІЛДІК СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ (1929-40 жж. ) ҒТАХР 03.20:03.29 ӘЛЕУМЕТТІК ТОП ҰҒЫМЫ АЯСЫНДА ДІНИ ЖАМАҒАТТАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ МӘСЕЛЕСІ ҒТАХР 03.09.55 1920-1930 ЖЖ. ШЕТЕЛДІК САЯСИ ЖӘНЕ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ САЯСАТЫ ҒТАХР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында) ҒТАХР 03.09.03 ПАТРИОТИЗМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ ҒТАХР 03.61.91 МАРАТ МҰҚАНОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ОРТА ЖҮЗ РУЛАРЫНЫҢ ТАРАЛУ АЙМАҚТАРЫ

Автордың мақалалары

ҒТАХР 03.20.29 ХХ ҒАСЫРДЫҢ 30-ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ