Басты бет » Материалдар » ҒТАХР 03.09.31:03,20 СӘТТІҒҰЛ ЖАНҒАБЫЛОВТЫҢ «ДОСАН БАТЫР» ДАСТАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР

С.Т. Тайман1, М. Сүгірбай2. 1 Т.ғ.к., доцент, 2 Магистрант. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ. Қазақстан, Қызылорда.

ҒТАХР 03.09.31:03,20 СӘТТІҒҰЛ ЖАНҒАБЫЛОВТЫҢ «ДОСАН БАТЫР» ДАСТАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(21) қаңтар-наурыз 2020

Тегтер: Маңғыстау, отаршылдары, орыс, сардар, көтеріліс, ұлт-азаттық, батыр, Досан, сөздер:, Түйін, өлкесі, Ломакин, тарихи, эпос.
Аңдатпа:
Аңдатпа. Мақалада Сәттіғұл ақынның «Досан батыр» жырындағы 1870 жылғы Маңғыстау қазақтары ұлт-азаттық көтерілісінің жалпы сипаттамасы деректік негізде қарастырылып, ішкі себептері мен негізгі мәселелері ашып көрсетіледі. Нақты деректерге құрылып, негізінде тарихи эпос үлгісінде сомдалған жырдағы қарапайым халықтың өкілі саналатын Досан батыр тұлғасы әсерлі шыққан. Досан батыр – Маңғыстау өлкесіндегі әділдік пен азаттық жолында аянбай тер төккен дала батырларының бірі екені жырда толықтай зерделенген. Орын алған оқиғаның ішіне кіре отырып, деректі тұрғыда түсінікті әрі нақты баяндалған, ақын Сәттіғұл Жанғабылұлы оның тәуелсіздік жолындағы күресінде атқарған қызметінің жалпы бітімін жинақтай алған. Тарихи жыр-дастандарды негізгі дерек көзі ретінде қарастырғандықтан Сәттіғұл Жанғабыловтың «Досан батыр» жырындағы деректер негізінде материалдар жинақталып, сәйкестіктер мен тың мәліметтер зерттелді. Ел арасындағы дау-дамайды шешудегі терең ой толғаулары мен үлкен тебіреністері көрініс берген. Тарихта Досан батыр бастаған ұлт азаттық көтеріліс шын мәнісінде тек Маңғыстау өлкесін емес, бүкіл қазақ қауымының басынан өткерген ең ірі де, ең ақырғы айқасы болатыны анықталған. Сонымен қатар, ғасырдан-ғасырға куә болып бізге жеткен тарихи деректерді негізге ала отырып, жалпы бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпақты елін, жерін сүюге тәрбиелеуде Маңғыстау тарихындағы елеулі оқиғалар сипатталған.
Мазмұны:

Кіріспе. ХІХ ғасыр қазақ халқы үшін ең бір күрделі кезең болды. Бұған дейін хандық болып қалыптасқанымен жоңғар шапқыншылығынан титықтап келген ел, Ресей отаршылдары мен Хиуа, Қоқан әмірліктерінің езгісіне тап болды. Төрт ғасыр бойы тәуелсіздігіне көлеңке түсірмей келген қазақ елі бұл жолы да оңай беріле салмады. Абылайдан кейін хандық дәуірдің жүйесі бұзыла бастаған бұл кезең – ұлт үшін, ұлан-ғайыр жер, азаттық үшін күреске түскен жаңа халық қаһармандарын тарих сахнасына алып шықты. Елдің бостандығы үшін бас көтерген бұл қайраткерлер сыртқы жауға әр аймақтан жеке дара қарсылық көрсетсе де, олардың түпкі мақсат-мүддесі бір болды. Соңғы жылдары ұлт-азаттық көтерілістер тарих ғалымдарының тарапынан кеңінен зерттеле бастады. Көтеріліс аймағы, оның сипаты, көтеріліс жетекшілері, құрамы сияқты зерттеулер мұрағаттық материалдармен толысып тың деректерге жол ашылуда. Дегенмен, әлі күнге дейін төл тарихымызды зерттеуде аса мән берілмей тұрған тұстарымыз да бар. Ол – айтылған тарих пен жыраулар жеткізген жыр-дастандардағы деректік материалдар. Жыр-дастандарда халықтың басынан өткізген тарихи оқиғалар баяндалады. Сондықтан тарихи деректерді саралап топтастырғанда фольклорлық материалдарды да негізге алған дұрыс. Фольклорлық материалдар туралы белгілі тарихшы, профессор Ермұхан Бекмаханов өзінің «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген монографиясында былай дейді: «Қазақстан тарихын зерттеу кезінде аса маңызды дерек ретінде фольклордың маңызы айрықша зор. Мұның бұлай болатын себебі, ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қазақ халқының жазба әдебиеті болмады. Сондықтан тарихи ірі оқиғалар ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп отырған халықтың ауызша шығармашылығы: дастан, өлең, қисса, батырлар жыры, ертегі, аңыз және т.б арқылы қазақ халқының есінде сақталған. Осы фольклорлық материалдарда қазақтардың қоғамдық және әлеуметтік құрылысы, тұрмысы мен әдет-ғұрпы және ақырында, халықтың өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғалар айқын бейнесін тапқан» (Бекмаханов, 1994: 416). Сондықтан да қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің кезеңдерін зерттегенде жыр-дастандандардағы деректердің маңызы зор.

Материалдар мен әдістер. Тарих ғылымының даму барысында еліміздегі отандық алдыңғы қатарлы тарихшылардың басты еңбектері мен айтылған тарих пен қазақ халқының фольклорлық материалдары негізінде қалыптасқан тұжырымдамалар жиынтығы әдіснамалық негізді қалайды. Қазақстандағы азаттық күрес тарихының кезеңдері бойынша ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілістер тарихын зерттеуде ұлттық мүдде, ұлттық рух, ұлттық намыс секілді ұстанымдар негізге алынды.

Талқылау. Досан Тәжіұлы, Иса Тіленбайұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысты деректерді М. Тұрсынованың «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Маңғыстау қазақтары» (Тұрсынова, 1977), Қ. Сыдықовтың «Ақын-жыраулар» (Сыдықов, 1974), Ә. Кекілбаевтың «Ұйқыдағы арудың оянуы» (Кекілбаев, 1979), Е. Жаманбаев пен С. Әділхановтың «Досан батыр» (Маңғыстау газеті, 1993), К. Батырбекқызының «Мақсаты ортақ, тағдыры бөлек қос тұлға» (Батырбекқызы, 2010) атты ғалымдардың еңбектерінен кездестіруге болады. Сонымен қатар, тарихи деректік маңызы зор материалдың бірі – біз айтып отырған халық ақыны Сәттіғұл Жанғабыловтың Маңғыстау-Бозашы жерінде жазылған «Досан батыр» дастаны. Дастан 1939 жылы жазылып, 1942 жылы және 1952 жылдары қайта өңделіп баспадан шығарылған. Айта кетер бір жәйт, Сәттіғұлдың әкесі Жанғабыл Иса-Досан бастаған көтерілістің соңына дейін қатысқан адам. Досан Тәжілі 1876 жылы түрмеде ауыр азаптан қайтыс болған кезде, оның мүрдесін әкелуге қатысқан 16 адамның бірі-осы Сәттіғұлдың әкесі Жанғабыл Әбдіқалықов болған. 1876 жылы туылған Сәттіғұлдың 1952 жыл Қазақстан Жазушылар Одағына жазған хатында: «Тәжіұлы Досан батыр және Тіленбайұлы Иса, Шабайұлы Сүгірлер 1869-1873 жылдары патшаға қарсы халық қозғалысын бастаушы қаһармандар еді. Досан ереуілі менің туып өскен жерім Маңғыстауда болды. Досан батыр өлгеннен кейін батыр сүйегін, ереуілге қатысқан әкем Жанғабыл жерлепті. Досан туралы әкем талай айтқан. Ол көтеріліс жайын жақсы білетін»-дейді (Жаманбаев, Әділханов, 1991: 4).

Демек, Сәттіғұл ақын жырдағы тарихи деректерді тікелей оқиға куәгерінен алды деуге толық негіз бар. Сәттіғұл ақынның өмірі мен шығармашылығы турасында филология ғылымдарының кандидаты Ә. Жеткізгенова, Б. Шалабаев, Қ. Сыдықовтар қалам тартты. Ақынның есімі де көтеріліс тарихымен тығыз байланысты. Олай дейтініміз, Досанды түрмеден алып шығып, жер қойнына тапсырған соң Жанғабыл Досанның немере інісі Өтемісұлы Ожырды ертіп үйіне барады. Барса Жанғабылдың жұбайы босанып, дүниеге ұл бала келген сәті екен. Жанғабыл Ожырдан баласының атын қоюды қолқалайды. Сонда Ожыр; «Біздің бастаған ісіміз сәтсіз аяқталды ғой. Енді бізден кейінгі жастардың талабы сәтті болсын. Есімін Сәттіғұл қойдым деген екен». Сәттіғұл ақын 1966 жылы Маңғыстау жерінде тоқсан жасты еңсеріп барып, дүниеден өтеді. 1986 жылы « Ой толғау» (Алматы «Жазушы»), 1996 жылы «Аманат» атты кітаптары жарық көрді.

Нәтижелері. Патшалық Ресейдің 1868 жылғы «Уақытша Ережеге» («Далалық облыстарды басқару жөніндегі ереже») қарсы Маңғыстау жерінен бас көтерген көтеріліс жетекшілері – Досан Тәжиев, Иса Тіленбаевтар. Бұл екі қолбасшының тағдыры екі түрлі болғанымен, халық жолындағы мақсат, мүдделері бір еді. Ол – халықты ауыр езгіден құтқару, өзге елдің үстемдігіне мойынсынбау болатын.

Соның бірі 1870 жылы басталған Маңғыстау қазақтарының көтерілісі. Көтеріліс мақсаты – бодандық қамытын кимеу, тәуелсіздікті сақтау. Сол үшін қазақ жерінің әр аймағынан әр жылдар ұлт-азаттық сипатында көтерілістер оты тұтанып отырды.

Әрине, жыр-дастандарды фольклорлық немесе әдеби бағыттағы дүниелер деп бағамдауымыз мүмкін. Бірақ, бұлардың көбінде халықтың басынан өткізген тарихи оқиғалар баяндалады. Себебі, дастанда жырланатын тақырып – халықтың түрлі кезеңдерде басынан өткерген тарихи оқиғалар. Демек, жырда нақты тарихи оқиғалар баяндалады. 

Ресей патшасының 1868 жылғы «Уақытша Ережесі» Маңғыстауға 1870 жылы енгізілді. Мұндағы халықты ашындырған негізгі мәселе, шамадан тыс алым-салықтың ауыртпалығы мен көшіп-қонуға тиесілі жайылымдық жерлерге шектеу қойылуы еді. Маңғыстау халқына салынатын салық мөшері төрт есеге өсті, бұл салықты төлемеген жағдайда Жем байындағы жазғы жайлауға көшуге рұқсат берілмеді. Ол аздай салық мөлшері бай мен кедейге бірдей бекітіліп, оны әскери отрядтың адамдары жинастырды. Арасында әртүрі себеппен ұшыр, зекет жинап елді шауып кетіп жүрген хиуалықтардың да пиғылы тағы бар. Осының барлығынан титықтаған халық «Уақытша Ереже» талаптарына қарсылық көрсетті.

Енді, «Иса-Досан» жырындағы деректерді айғақтайық. Жырдың басында:

...Көп жылдардан бері қарай,

Маңғыстаудың Қараойын,

Адай халқы иемденген...

Сол күнде болған батырлар, 

Атақозы, Есетпен,

Сүйінғара, Келдібек,

Тәңірберген, Бердібек,

Мыңбай, Төкеш, Құлыбек,

Балуаннияз, Қармыс, Ер Төлеп,

Шотан, Шабай, Ер Қонай.

Солармен жалғас батырлар,

Иса мен Досан ер соңы-ай... (Жанғабылов,1996: 79)-деп жырланатын жері бар. Осындағы айтылып өткен Атақозы, Ер Қармыс, Балуаннияз, Шотан сияқты есімдер, бұлар – ХVІІІ ғасырдағы Қалмақ, Хиуа басқыншыларына Маңғыстау аймағында қарсылық көрсеткен Кіші жүз батырлары десек, «Солармен жалғас батырлар, Иса мен Досан Ер соңы» - деуі патшалық Ресейдің 1868 жылғы «Уақытша Ережесіне» қарсы Маңғыстау жерінен бас көтерген көтеріліс жетекшілері – Досан Тәжиев, Иса Тіленбаевтар еді. Бұл екі батырдың тағдыры екі түрлі болғанымен, халық жолындағы мақсат, мүдделері бір еді. Ол – халықты ауыр езгіден құтқару, өзге елдің үстемдігіне мойынсынбау болатын. Дастанда оқиға былай өрбиді:

...Астана жұрттың данасы-

Бәймембет биді ақ патша,

Шақырып алып кеңескен.

«Жабайы жүрген елің,-деп 

Бас ұрмай маған көнің,- деп

Түсіндір барып халқыңды,

Кезеней салық берің,- деп.

Бұйрығымнан бас тартсаң,

Ықтиярсыз алуға

Жетеді күшім менің»-деп,

Бәймәмбет келіп патшаның,

Хабарын айтты Адайға.

-Амалың жоқ ететін,

Жерің жоқ қашып кететін,-

Көнесің,-деп – қалайда». (Жанғабылов1996: 80) осындағы Бәймәмбет би деп отырғанымыз кім?

Патша өкіметі Маңғыстау түбегіне қамал, бекіністер салуға қолайлы жер қарастыру мақсатында, 1832 жылы табиғат зерттеуші Г.С. Карелинді осы өлкеге арнайы жұмсады. Карелин Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауын барлай келе Қызылтас мүйісін әскери бекініс салуға қолайлы жер деп таныған соң, Сыртқы істер министрі К. Нессельроттың ұйғарымымен, ақыры сол жерге 1834 жылы Ново-Александровск қамалы салынған болатын. Бұл патшалық Ресейдің Маңғыстау жеріне салған алғашқы бекінісі еді. Онсызда патша өкіметімен ара-қатынасы шиеленісіп тұрған Хиуа әмірлігіне бұл бекіністің бой көтеруі – үлкен қобалжу әкелді. Іргесіне әскери бекіністер, қамалдар салу арқылы түпкі мақсатына жақындап келе жатқан патша өкіметіне қарсы Хиуа хандығы да әртүрлі амал-айласын жасап бақты. Осы маңдағы халыққа төрелік қылып отырған рубасы, билер сияқты беделді адамдарды ордаға шақырып алып Орыстарға қарсы «ғазауат» соғысын бастауға үгіттей бастады. Бұған дейін араға түркімендерді салып салық жинатып, «орыстарға көмек көрсеттіңдер» деген сылтаумен оқтын-оқтын шабуыл жасап, елді тонап сенімнен айрылған хиуалықтардың бұл үндеуіне Маңғыстаулық адайлар қозғала қоймады. Хиуалықтар ордаға шақырып үгіттеп жүрген бидің бірі – біз айтып отырған Баймәмбет Маяұлы.

Бұл турасында, белгілі журналист Естерек Жаманбаев пен Сайын Әділханов Маңғыстау газетінің 1991 жылы 30 шілдеде жарық көрген «Досан батыр» атты ауқымды мақаласында деректер келтіреді: «Бұл кезде Маңғыстау қазақтарын тығыз топтастырып, басын біріктіріп отырған саяси-экономикалық, территориялық бірлестік жоққа тән еді. Он топқа бөлінген Маңғыстаулықтарды он сардар билейтін. Оның бесеуі «жоғарғы» адайлар дистанциясының бастығына бағынса, бесеуі «төменгі» дистанциясының бастығына қарасты болды. Ал, бұл екі дистанцияның басында бір кезінде Хиуа хандығымен тығыс байланыста болған, ол ықпалдан әліде ірге ажыратып кете қоймаған Ғафур Қалбин мен Бәймәмбет Маяұлы деген жергілікті шонжарлар тұрды». (Жаманбаев, Әбілханов 1991: 5)

Осыған дейін Хиуалықтар мен Орыс отаршылдары арасында екі жақты тең дәрежеде ымыралық сақтап, қолдағы билігін бекемдеп келген Бәймембет би, 1848 жылы Хиуа әскері ауылын шауып кеткен соң Ново-Александровск комендантының қосшылығын жегіп, «Жаңа Низамға» сәйкес түздіктерге бекітілген салықты өндіруге түбегейлі орыс отаршыларына қызмет ете бастады.

Жырда айтылған салық мәселесіне келер болсақ, 1868 жылғы «Уақытша Ережедегі» реформаға сәйкес Маңғыстау қазақтары 3 сом 50 тиын төлейтін болып бекітілді. Бұрын бұл салық мөлшері 1 сом 30 тиын болатын.Сонымен қатар, Бәймембет Маяұлын және Ғафур Қалбинді шақыртып алған Орыс шекара үкіметі үй санын нақты есепке алу, паспорт жүйесін енгізу, уездік соттарды тағайындау, жерді мемлекеттің меншігі деп қарау сияқты талаптармен таныстырды. Мұнан да басқа Мағыстау қазақтарына артылған алым-салық жөнінде белгілі қоғам қайраткері Кекілбаев Ә. «Маңғыстау» энциклопедиясында жарияланған ғылыми мақаласында былай дейді:

«Патшаның отарлау саясаты қазақтардан алынатын алым-салықтың түрін бұрынғыдан көбейтіп жіберді. Оның үстіне ол кезде Ресей Каспиден арғы өлкеге басып кіру саясатын мықтап ойластыра бастаған-ды. Бұған байланысты әскери операциялардың ауыртпалығы қазақтардың мойнына түсті. Сол кездегі Кіші жүз қазақтарының бәрінің басында бар бұл тауқымет, әсіресе, Маңғыстау қазақтарына ауыр тиді. Олар бір жағынан Батыс орданы билейтін сұлтандарға алым-салық төлесе, екінші жағынан іргелеріндегі Александровск фортының комендатына алым-салық төледі. Бір бүйірдегі Хиуа хандығы да «біздің жерімізді жайлап отырсың» деп оқтын-оқтын қарулы әскер жіберіп ұшыр, зекет жинап әкететін» (Кекілбаев,1979: 3). 

Орыс өкіметінің осыншама ауыр салықтық міндетінен мезі болып, титықтаған Маңғыстау қазақтарының бір бөлігі амалсыздан Хиуа беткейіне көшіп кетуге мәжбүр болды. Онсызда алым-салық алып отырған Хиуа хандығының ауыртпалығы Патшалы Ресейдің міндеттеп отырған жұмысынан салыстырмалы түрде әлдеқайда жеңіл сияқты болып көрінген еді. Бұл оқиғаның шынайылығын жырдағы деректерде дәйектейді:

... Хабарды естіп осындай,

Жүген- құрық тимеген 

Асаудай халқым шошынды-ай. 

Біреуден біреу айрылып 

Кете жаздады қосылмай.

«Хиуада хан бар,-деп

Соған барсақ біздерді

Кәпірге бермей қамдар» -деп

Хиуаға қарай бет түзеп

Ойлаған халық босуды-ай (Жанғабылов,1996:80). 

Жырдың келесі бөлімі мынадай деректермен толысады:

Полковник уезд Рукин,

Әскерін ертіп бұл шықты

Жібермей алдын тосуға-ай.

«Кетік» деген қаладан

Әскерін ертіп бастады,

Көндірем деп жібермей

Халықтың болса қашқаны.(Жанғабылов, 1996: 80) 

Жырдағы деректерге зер салсақ, амалсыз көшіп бара жатқан Маңғыстау жұртшылығын қарулы қақтығысқа итермелеуге орыстардың өздері бірінші болып қадам жасайды. Себебі, бұқара тарапынан бірінші болып Патшалы Ресейдің бекіткен салық мәселесіне қарсы бас көтеру, ереуілге шығу туралы жырда алғашында ешқандай деректер кезікпейді. Керсінше, осы аймаққа басшылық жасап отырған Ресей әкімшілігі ым-жымсыз Хиуа, Хорезм жеріне көшуге бекінген жағдайсыз халықтың, «салық төлеуден жалтарып, қашып бара жатыр» деген желеумен бекіністен әскер шығарып, алдынан шығады.

Жырдағы Рукин – 1969 жылдың қыркүйек айында Ресей әкімшілігі Маңғыстау аймағы, Форт-Александровскіге пристав етіп тағайындап жіберген орыс офицері. Кейбір деректерде әскери шені подполковник деп те айтылады. Бірақ жырда полковник деп көрсетілген.

Жырда «Кетік деген қаладан, әскерін ертіп бастады» деген дерек бар. Кетік – қазіргі Ақтау облысы, Түпқараған ауданы, форт-Шевченко қаласы. Кетік қаласы Ресей әкімшілігі Маңғыстау аймағына отарлау саясатын жүргізуге географиялық-экономикалық тұрғыды зор маңызға ие, қолайлы жер деп есептелді.

Ол бір биік патшаның,

Қол жеткісіз аспаны.

Зор көрмеген көңілі,

Бір өзінен басқаны.

Сайланып құрал-қарумен

Елге шықты аралап

Сексен солдат составы. (Жанғабылов,1996: 80) - деп жырда Рукиннің өктемшіл мінезімен қатар орын алған оқиғаға байланысты амал-әрекетін баяндай бастайды. Рукин әскерін форттан 1870 жылдың 15 наурызында бастап шығады. Наурыздың 15 мен 21 аралығында қонысынан көшіп бара жатқан елдің алдынан шығып аяусыз дүрбелең салдаы. Жырда жазалаушы отрядтың санын «сексен солдат составы» деп көрсетеді. Бірақ, бекіністен шыққан орыс әскерінің саны мұрағаттық құжаттарда қырық шақты солдат болғандығын айғақтайды. Соған қарағанда, Сәттіғұл ақын патша өкіметіне адал берілген Бәймембет Маяұлы және Ғафур Қалбин сияқты би-шонжарлардың өз адамдарымен Рукин отрядының қасынан табылғанын көрсетсе керек. Рукин осы сапарында бекіністен алып шыққан қару – жарақты Маңғыстау қазақтарынан жиналған 35 түйеге артты. Ендігі елдің әрекетінен Сәттіғұл жыры мынадай деректер береді:

...Құлдығына көнбен деп,

Патшаменен қас болып

Қырық жігітке бас болып,

Інісі Шабай қасында ,

Досан шықты алдынан,

Тұлпарға мініп қарғыған.

Кескір қылыш, көк найза,

Жауыменен қастасқан.

Соғысам деп майданда.

Кездескен жері «Үшауыз»

Шығанақ теңіз айналма (Жанғабылов, 1996: 81).

Досан Тәжіұлы – Адайдың бесінші ұрпағы Дәулеталы аталығынан тарайды. Дәулеталыдан- Тілеуберді, Тілеміс деген екі бала туылса, Тілеубердіден- Дәуқара, Жаманқара атты балалар дүниеге келіп, ал Тілемістен – Итбар,Үсен атты балалары тараған.Үсеннен – Үштолы, Төлебай, Өзенбай, Білкен, Баян тарайды. Үсеннің екінші баласы Төлебайдың – Жәлімбет, Жантай, Өтеміс, Жүсіп деген төрт баласы болған. Ал Төлебайдың үшінші баласы Өтемістен де – Атан, Тайлақ, Ожыр, Барақ деген төрт бала тарап, кенже баласы-Барақтан-біз айтып отырған Досанның інісі Шабай туады. Досан-Жәлімбеттің екінші баласы Тәжіден туады. Досанның Шабайдан да басқа бұл көтеріліске бастан аяқ қатысқан туыстары болған. Олар – Ожыр Өтемісұлы, Қиыр Жүсіпұлы, Алғи Жәлімбетовтер еді.

Жырдың «Кездескен жері Үшауыз, Шығанақ теңіз айналма» деген қатары бар. Бұл дерек Иса-Досан бастаған ереуілшілердің Рукин солдаттарымен шайқасқан жерін нұсқап отыр. Үшауыз – Каспий теңізіне құрлықпен астасып жатқан шатқалдың атауы. 

...Рукиннің сол жерде, 

Қалың қолы көрінді.

Ыңыранған топпенен

Қарасынан қауіп етіп,

Жолдастары Досанның

Кейін қарай шегінді.

«Уәдем бар айтқан-деп

Мың да болса қайтпан» -деп,

Досан жалғыз бөлінді.

Тұлпарын шу деп тебінді.

Араласып өтулі

Бораған оқтың ішімен.

Қаза тапқан Рукин,

Найзасының үшінен. (Жанғабылов, 1996: 81)

Иса-Досан бастаған көтерілісшілер Рукин әскерімен 1870 жылы наурыздың 22-і күні кездескен. Дәл осы күнгі көтерілісшілер саны 400-ге жуық болатын. Бұл туралы арнайы ғылыми еңбек жазған М.С. Тұрсынова мынадай деректер келтіреді: «1870 жылы март айында Форт-Александровскіден Рукин бастаған жазалаушы отряды шығарылды. Оның құрамында Фортта тұратын арнаулы атты әскер жүздігі жүзбасымен (сотник), Рукиннің тілмәші шалбар Қосым Мырзабайұлы елді көндіруге, келіссөз жүргізуге пайдалану үшін Бәймембет Маяұлы болды. Бұл отрядтың шыққалы жатқаны Ғафур Қалбинге белгілі болды, ол Исаға хабар берді. Иса құнанорыс Шабайдың баласы Сүгірге, Бөзжігітке, Қаратаудағы бәубек Айбек мергенге, Қатқылтүптегі Досан мен Алғиға, Ауызорпадағы тоқтамыс Ораққа, тағыда басқа Адайдың сол кездегі белгілі батырлары мен тұлғалы азаматтарына ат (шабармандар 25) шаптыртып хабар бергізіп шақыртады. Соның нәтежесінде үлкен қол жиналды. Саны жағынан бұл қолдың көлемі жазалаушы отрядтан бірнеше есе көп болған. Қол құрамында жәдігерден Өтенұлы Ділман, жаманғара Мұсаұлы Мошандар бар. Қолды Иса, Досан басқарды». (Жаманбаев, Әділханов 1991: 22 )

Байқап отырсақ, бұл деректе Рукин көмекшілерінің бірі – би Ғафур Қалбин Исаға астыртын хабар беріп жақтастық танытады. Ғафур бидің сондағы ойы – қай тарап басым түссе сол жаққа қарай жығысып кетудің амалы еді. Бұған дейін де оның Бәймембет бимен арада айтарлықтай бақталастығы бар болатын.Би бір жағынан Бәймембеттен кек алуды, екінші әлде қандай жағдай болса аман қалып, қолдағы билікті баянды қылу мақсат тұтса керек.

Рукин Үшауызға жеткен бойда әуелі отрядын демалдырып, жан-жаққа қарауыл қоя бастады. Отряды мықты қаруланған Рукин, қолдарына найза, қылыш, садақ ұстаған бұл ереуілшілердің екпінін басып, лезде жермен-жексен қыламын деген сенімде еді. Сол себепті де, аса қатты асығыстық танытқан жоқ. Осы сәтті тиімді пайланып әрі жер бедерін жақсы білетін Досанның адамдары демалып, бейқам жатқан жазалаушы отряттың астыртын барып аттарын ұрлап әкетеді. Жаяу қалған жазалаушы отряд енді тау басына шығып кетуге мәжбүр болды. Себебі, Рукиннің біршама адамы көтерілісшілердің қолына түсіп үлгерген болатын. Мұны білген Рукин дереу Қабақ Ерімбетовті көмек сұратып форт бастығы Зеленинге аттандырады. Рукиннің Қабақ Ерімбетовті фортқа жіберу себебі, ол орысша сауатты адам болатын. Үшауызда болып жатқан жағдайды Зеленинге түбегейлі түсіндіріп бере алатынына сенімді еді. Қабақ фортқа аман-есен жетіп Рукиннің запискасын табыстағанымен, бәрі-бір көмек келіп үлгермеді.

Рукин  Қабақты фортқа аттандырған бойда Бәймембет Маяұлы сияқты билерді ортаға салып, көтерілісшілермен келіссөздер жүргізуге әрекет жасай бастады. Ондағы мақсаты – Зеленинге хабар жетіп, форттан әскер келгенше уақытты создырып, ереуілшілерді алдарқата тұру. Рукин «біз фортқа кері қайтамыз, сендер әуелі аттарымызды қайтарып беріңдер» - деп талап қойды. Көтерілісшілер Рукиннің бұл талабын мынадай шартты орындаса ғана келісім беретінін жеткізді:«Сендер винтовкадан оқ атуды тоқтатыңдар, үш офицер кепілдікке берілсін және отряд аттарын алу үшін қаруларын тастап, төменге түссін». Бірақ, Иса-Досан бастаған көтерілісшілер Рукиннің ойластырып отырған бұл айласын сезген болатын. Оның үстіне форттан бекініп шыққан отрядтың келісімге келіп, кері қайта кою да екі талай жайт еді. Сол себепті, қаруларын тастап төменге түскен Рукин адамдарына, көтерілісшілер лап беріп, көбісін сол жерде қырып тастайды. Бұл оқиға турасында тарихи очерк жазған М.С. Турсынованыңда деректері сәйкестік бар: «...Алдымен казактардың қолдарындағы мылтықтарын тастауды талап етті. Полковник олардың айла жасап тұрғанын түсінбей, казактарға мылтықтарын жерге тастап, оның қасынан аулақ кетуге бұйрық берді. Казактар арасындағы фельдфебель қырғыздар айла жасап тұр деп, әлгі бұйрыққа қарсы шықты; полковник сотқа берем дегеніне қарамастан қолындағы қаруын тастаған жоқ. Казактар полковниктің бұйрығын орындауы-ақ мұң екен, қырғыздар қару-жараққа ұмтылды, ең алдымен өз басқарушыларын өлтіріп, сосын казактарға бас салып, көбін қырып тастады, қалғандарының аяқ-қолын матап тастады» (Тұрсынова, 1977: 44).

Қалай алсақта, Рукин отрядының осы шайқаста жеңіліс тапқаны жөнінде деректерді көптеп кезіктіреміз. Рукин мен Бәймембет бидің де қазасы Үшауыз жеріндегі осы шайқаста болды. Жырда «Қаза тапқан Рукин, Найзасының үшінен»- деп Рукиннің Досан батырдың қолынан қаза тапқандығы туралы айтылады. Ал, кейбір ғалымдар мұрағаттық құжаттарды алға тартып, «Рукин өзін-өзі атып өлтірген» деген байлам жасайды. Біз, деректеріне сілтеме жасап отырған М.С. Турсыновада Үшауыз жеріндегі қанды оқиғаны баяндай келе, «Полковник Рукин атына жетіп, қанша жөнелмекші болып еді, оған үлгере алмайтынын көріп, қырғыздарға тұтқынға түспес үшін өзін қақ маңдайдан револьвермен атып өлтірді» деп түйіндейді (Тұрсынова, 1997: 4). 

Тарихи құжаттардың көбінде Рукин өзін-өзі атып өлтірген деп жазады. Шешірешіл қарттар «Досан Рукинді тірілей ұстап алып, сонан соң ақ тастың үстінде бауыздаған» деп те айтса, жырдағы деректе Рукин, Досанның сұққан найзасына жаншылып қаза тапқан делінеді. Біз осы дерекке сәйкес мәліметті 1991 жылдың 30 шілдесінде Маңғыстау газетіне жариялаған Естерек Жаманбаев пен Сайын Әділхановтың «Досан батыр» атты ауқымды мақалсынан кезіктіреміз: «..Үшауыздағы соқтығыста Рукин мен Бәймембеттің өлімі жайлы Қарақия мұнай, газ барлау жұмысының кешенді экспедициясының бас экономисі Жайшылық Төребаевтың да айтары бар. Жайшылық Сәттіғұл Жанғабыловтың «Досан батыр» дастанын жатқа білетін және облыстық теледидарда жыр айтып жүрген әуені нақышты, жақсы термеші. Ол бұл өнерді әкесі Сарманов Төребайдан алса, Төребай ақсақал «Досан батыр» дастанын Сәттіғұлдың өз аузынан үйренген. Ақсақал 1939 жылы көтеріліске қатысушы әрі Досанның жақын ағайыны Шабай Барақұлын ұшырастырып, Досан батыр туралы көрген білгендерін сұрайды. Сонда Шабай Төребайға «Үшауыздағы оқиғаны былайша сыйпаттапты: – Біз Рукинді қоршап алдық. Бәймембет би Досан, Иса, Алғиларға келіп – «келіссөзге келіңдер. Босқа қырыласыңдар. Талаптарыңды айтуға 5-6 адам барыңдар»-дейді. Бірақ, көтерілісшілер өзара ақылдасып, қалай еткенде де шабуылдауды ұйғарады. Талаптары орындалып, бұл қарулы отрядттың тып-тыныш кете қоярына сенбей тұс-тұстан лап қойған. Солдаттар дүрсілдетіп ата бастағанда, бұрын адамдарға қарай оқ атылғанды көрмеген қыр қазақтары жапырылып кейін қашқан. Тек Досан ғана ақырып шабуылдаған күйі отрядқа жетіп, 4-5 солдатты жайратып, кейін оралады. Осылайша үш дүркін шабуылдағанда да көтерілісшілер кейін қашып, тек Досан ғана солдаттарға қару сермеп, әр ретінде төрт-бесеуден жайратып қайтқан. Осы бір сөздерді айқан Шабай: «Қарағымның қас батыр екенін сонда ғана білдік қой. Солдаттар атып жатыр.Оған бірде-бір оқ дарыған жоқ» деп сақалын жуып жылаған екен. Содан төртінші рет шабуылдағанда соғысқа, оқ даусына еті үйрене бастаған көтерілісшілер  тұтас лап қояды.Отрядты жапырып өтеді. Рукин пистолетін кезей бастағанда Досан оның білегіне ұрып үлгерген. Пистолет шошаң етіп, жоғары көтерілген күйінде атылып кеткен. Оқ Рукиннің маңдайына тиген. Сөйтіп, ол өз оғынан мерт болыпты. (Жаманбаев, Әділханов, 1991: 4)

Бұл, қақтығыстың қақ ортасында болған Досанның тумалас ағайыны- Шабай Барақұлының әңгімесі. Бір қарағанда, Шабай ақсақалдың әңгімесі Рукиннің өлімін бейне-бір атыс-шабысқа негізделген киноның желісін бейнелегендей көрінеді. Бірақ, мұндай жан-алысып, жан-берісіп жатқан үлкен ұрыста әртүрлі ерікті-еріксіз амал-әрекеттер орын алатыны, айтпасақта түсінікті. Бұл оқиға сондай сәттердің бір парасы ғана. Одан бөлек, Шабай осы қанды оқиғаның бірден-бір куәгері екенін де ескергеніміз жөн. Ал, Шабай сияқты көтеріліс куәгерінің естеліктерін «тарихи дерек» ретінде қарастыратын болсақ, біз негізге алып отырған «Досан батыр» жырындағы «Қаза болған Рукин, Найзасының үшінен» деген жолдармен Рукиннің Досан батыр қолынан қаза тапқандығы туралы деректі нақтылауға біршама жуықтаймыз. Себебі, өздері «жабайы» санайтын қайдағы бір түздіктердің қолынан қаза табуы орыс офицерлері үшін күтпеген, әрі өте өкінішті жайт еді. Сондықтан да, орыс солдаттарының абыройын қорғап, жігерін жану мақсатында жоғарыға «Рукин өзін-өзі атып өлтірді» деп мәлімдеме жасаған болуы керек. 

Бұл шайқаста жазалаушы отряд жеңіліс тапқан соң би Ғафур Қалбин көтерілісшілер жағына өтіп кетті. Онсызда ол осыған дейін екі жүзді саясат ұстанып келген болатын. Ақырында, таразының қай табағы басымдық танытса, сол жаққа ойысатыны белгілі еді. Арада Қабақ Ерімбетов, тілмәш Қосым Мырзабаев сияқты бірер адамдар жағалауға жетіп, қашып құтылғаны болмаса, негізінен Рукин тарапындағы жазалаушы отряд түгелдей қырылып қалған. Осы шайқаста Маңғыстау түбегіндегі белді бидің бірі, дистансия басшысы – Бәймембет те қаза тапты. Шайқас аяқталған соң істің насырға шауып, жағдайдың бұдан әрі қиындайтынын білген Бәймембет би: «Сендер Патшаның сенімді өкілін өлтірдіңдер. Енді Орыс өкіметі жайларыңа қоймайтыны анық. Мен араларыңда жоқпын. Сондықтан, қолмен жасағандарыңды мойынмен көтересіңдер» - деп атына мініп азын-аулақ адамдарымен кете барады. Осы сәтте ереуілшілер; «Егер, Бәймембет біздің жаққа өтпейтін болса, ол әлі де болса  Орыс өкіметінің қызметшісі болып қалуды ұйғарғаны. Демек, оны тірі жіберуге болмайды» - деп мәміле жасап, Бәймембетті өз ағайыны Еменнің қолымен өлтіртеді. Шайқаста жазалаушы отрядтың және Бәймембет бидің қаза тапқанын «Досан батыр» жырыда дәйектейді:

...Би Бәймембет ішінде,

Бірі ояз, сексен солдаттың,

Бәрін қырды сол жерде- ай.

Біреуін шетке шығармай.(Жанғабылов, 1996: 81-82)

Шайқас біткен соң Иса, Досан бастаған көтерілісшілер форт-Александровскіні басып алуға бекінді. Бұл сәуір айының 5-8 күндер шамасы болатын. Олар алдымен «Армиян» базарын қиратып, ондағы барлық саудагерлерді тұтқынға алды. Сонан соң, Николаевск станицасын өртеп, Қарағантүпте орналасқан маякты құлатты. Осылайша күн сайын күшіне мінген көтерілісшілер енді бекіністі қоршауға әрекет қылды. Бұның алдында Сүгір Шабаев балықшы, жүкшілер жасағын бастап Иса, Досан бастаған ереуілшілер қосынына қосылған болатын. Алайда, бекіністі басып алу оңайға соққан жоқ. Биіктігі 4 метр, енінің қалыңдығы 2 метр болатын Форт-Александровскі бекінісінде жалпы саны 293 солдат, 23 офицер, оқтаулы мылтығын айтпағанда, 18 зеңбірігімен жасанып отырды. Қолдарында найза, қылыш, балта, айыры мен небәрі отызға жуық мылтығы бар көтерілісшілер бекініске үш күн бойы шабуыл жасады. Осы аралықта, бекіністегі солдаттардың әр мылтығынан 200-ға жуық патрон, әр зеңбіректен 25 снаряд атылғандығы туралы мұрағаттық құжаттарда деректер келтіріледі («Қазақстан тарихы» 3том, 2002-4). Мұндай жойқын қарудың соққысына төтеп беріп, қарсылық көрсету көтерілісшілер тарапынан, әсте мүмкін емес еді. Сол себепті, кейін шегінуге мәжбүр болды. Бірақ, Иса, Досан бастаған көтерілісшілер мұнымен шектелмей сәуір айының 10 күні бекініске қайта шабуыл жасаймыз деп пәтуаласты. Рукин қаза тапқан соң бекініс билігі майор Зелениннің қолына көшті. Зеленин Рукин қаза тапқан бойда яғни, 27- наурыз күні Орал әскери губернаторы Николай Александрович Веревкинге жедел телеграма жіберіп, Маңғыстауда орын алған күрделі жағдайды баяндайды. Бұл хабар генерал Николай Андреевич Крыжановскидің қолына 2 сәуір күні тиеді. Крыжановский патшаның төртінші баласы, Кавказдағы тақ мұрагері-Михайлге дереу хабарлап, патша Александрдың ІІ «жазалауды кешіктірмеуге келісемін» деген бұрыштамасын бірге жолдайды. Бұл жағдайдан соң, Петровскіден Александровскі фортына 3 сәуір күні мұздай қаруланған екі рота жаяу әскер және Астраханнан қару-жарақ тиелген әскери  кемелер жіберіле бастады. 10-сәуір күні Кавказдан граф Александр Иванович Кутаисовта жетіп үлгерген болатын. Осылайша, Иса, Досан бастаған көтерілісшілердің «10-сәуір күні бекініске шабуыл жасаймыз» деген жоспары жүзеге аспай қалды. 

Бірақ, көтерілісшілер мұнымен де тоқтап қалмады. Олар форттан 12 верст жерде Кутайсовтың екі ротасымен қақтығыс жүргізді. Қатысқан көтерілісшілер, шамамен 5000 мыңға жуық адам болды. Қақтығыс кезінде граф Кутаисовтың 10 жауынгері қаза тауып, 14 адамы ауыр жараланса, отты қаруға қылыш, найзамен ұмтылған қазақтардың қаза тапқаны өте көп болып, үлкен шығынға ұшырады. Әйтсе де, Иса, Досан бастаған Маңғыстау көтерілісшілері патша әскерінің біршама зәресін алып, абдыратқаны бүкпесіз шындық. Бұған М.С. Тұрсынованың «ХІХ ғасырдың жартысындағы Маңғышылақ қазақтары» атты кітабында осы көтеріліске қатысты жазған орыс әскери шенділерінің естеліктерін дәлел ретінде көрсетуге болады. Мысалы, Форт- Александровскінің комендаты, майор Зеленин: «...Мен 20 жыл бойы топогравтар корпусының офицері бола жүріп, қырғыз даласында жолсапарда олармен соқтығыстарды да кезіктіре жүріп, мұндай көзсіз және табанды шабуылды күтпеген едім...Форттың тағдырын осындай бірнеше шабуыл шешіп кетуі, шынында да мүмкін еді. Онда, мұның өзінің немен аяқталатынын көзге елестетудің өзі қорқынышты еді»-десе, Кавказдан екі ротамен келіп көтерілісшілерге тойтарыс берген граф Кутаисов, Меликовке жіберген телеграмасында: «...Өлке түгелімен көтерілген, қарусыз бір адам жоқ... көп шығынға ұшырағанына қарамастан, олардың тіпті еңсесіде түскен емес. Олар төтенше күшті, үлкен шешімге келген. Бірақ, тек құдайға шүкір, олар нашар қаруланған. Олармен алғаш кездескенде шошып кеттік. Олардың бірде-біреуі қаншама атсақ та құламайды, шауып келеді, шауып келеді. Өлісі қайсы,тірісі қайсы адам айырып болар емес. Адам шошырлық аласапыран. Мұндай қарбаласта әскерлердің бас-аяғын жинап ұстау да қиын болды»(Тұрсынова, 1977: 85,86,87)

Осы болып жатқан оқиғаларды естіп, біліп отырған княз Михайл Александрович патшаға былай деп хабарлайды:«Маңғышылақ түбегіндегі жағдай қиындап барады. Қырғыздар жалпы көтеріліске шықты. Жем бойындағы әскери отрядтан көмек бермесеңіз болатын емес». (Тұрсынова, 1977: 87) 

Осы оқиғадан кейін, яғни 1870 жылдың қақаған қысында Иса, Досан бастаған көтерілісшілер, жобамен 3000 үй Хиуа беткейіне көшіп кетті. Оған жырдағы деректерден де дәлел:

...Болған соң мұндай оқиға

Енді жаман болды деп,

Ел бүлініп, үрікті.

Не қыларын біле алмай, 

Қонысына тұра алмай

Хорезмге қарай жол тартты.

Батырлар да баяндап,

Маңғыстауда жүре алмай... (Жанғабылов, 1996: 82).

Одан басқа жерге үдере қоныс аудару мүмкін емес еді. Себебі, жан-жақтағы малға жайлы, шұрайлы жерлердің барлығы патшалы Ресейдің еншілігіне бірінен соң бірі өтіп жатты. Арасында кейде бейбіт түрде, кейде мәжбүрлі түрде ұшыр, зекет жинап кететін Хиуа хандығы бұлар үшін көшіп бара қойса, өз бұқарасындай қарсы алатын  көрінді. Діні бір, туыстас елдер топтастырылған Хиуа хандығынан Маңғыстау қазақтары, расында да, анау айтқандай теперіш көрген жоқ. Хиуаға көшіп барғандардың арасында би Ғафур Қалбинде бар болатын. Ғафур бидің Хиуа бектерімен байланысы бұрыннан жақсы еді. Сондықтан, осы барған сапарда Хиуа ханы Атажанмен келіссөздер мәселесінде Ғафур бидің де ықпалы  көп көмегін тигізді. Қанша айтсақта, қонысқа мұқтаж болып барған елдің хандық иелігіндегі жерлерден енші алуы оңай шаруа емес. Оған сөзге шешен, нағыз бітімгер саясаткерлер атсалыспаса, күйі қашып көшіп келген елге қоныста табылмас та еді. Атажанмен болған алқалы жиында Маңғыстау қазақтарының батырлары да, ақындары да аянбай барын салады. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бақтыбай Жайлау өзінің «Халық батырлары Дәуімшар мен Құдабай» атты мақаласында Иса, Досандармен қоныс сұрап барғандардың ішінде «Жорық жыршысы» Қалнияз Шопықұлыныңда болғанын жазады. Қалнияз жырау «Хан кеңесінде» Атажанға былай дейді:

...Ар жағым Алаш ұранды

Ел едік байтақ құралды.

Құралым тарқап бүгінде

Көрдік қиғаш заманды.

Атақоныс Маңғыстау

Орыс алды даламды,

Туын жығып ерлердің 

Жылатып қатын- баламды,

Орыстан қашып ығыстап,

Келіп едік жеріңе 

Сағалауға панаңды.

Өзімсініп келгенде 

Қимайсың ба қараңды.

Хан көтерген қазақпыз

Шыңғыс хан – арғы бабаңды (Жайлауов, 2017-4) Осыдан кейін Хиуа ханы Атажан, Досанға еріп келген үш мың шаңыраққа Үргеніш пен Хиуаның арасынан жер бөліп береді. Атажанның бұлай кеңдік қылуының екінші себебі де бар болатын. Ол кезде патша өкіметі Орта Азиядағы іргелі Бұхар хандығы мен Қоқан хандығына біртіндеп құрығын бойлатып келе жатқан болатын. Бекіністер салу арқылы жылыстап, жер аймағын тарылта бастайтын Патша өкіметі, бергісі Маңғыстау беткейінен де осы тәсілді пайдалану арқылы Хиуаның да тынысын тарылта бастаған-ды. Ал, Маңғыстау беткейінен келген қазақтарға Атажанның қоныс беруі – бір себептен, Патша өкіметіне қарсы пайдалануға қалың қаһарлы күш еді. Атажан бұл дәмемен шектеліп қалған жоқ. Ғафур бастаған би, старшындарға грамота табыстап және өздерімен келген Маңғыстау қазақтарынан салық жинау үшін қолдарына мөр берді. Ғафур Қалбин «бегляр-бек» мандатына тағайындалды. Хиуа ханының осынша дарқандық қылуының себебін «Мухаммет Хайдар Дулати» атындағы Тараз мемлкеттік университетінің оқытушысы Дария Қожамжарова Хиуа хандығына қатысты ғылыми мақаласында былай деп түсіндіреді:«Хиуа ханының қазақтармен байланыс орнатудағы мақсатына келетін болсақ, оның басты себебі-Ресей отаршылдығына деген ортақ күрес майданы еді. Өйткені, Орталық Азиядағы басқа хандықтарға қарағанда Хиуа хандығы Ресей империясына үлкен күдікпен қарап, барынша қарсы жаугершілік саясат ұстанды. Яғни, Ресей империясының қазақ даласындағы отаршылдық саясаты ерте ме, кеш пе Хиуа хандығына да жететінін біліп, күндердің бірінде өздерінің саяси бостандықтарына шектеу қоятындығын түсінді және Ресей империясының күшін сезген Хиуа ханы одан қорықты» (Қожамжарова, 2017: 104).

Осылайша, Досан, Иса бастап барған Маңғыстау қазақтарына Хиуа ханы қоныс беріп, жайластыруға мәжбүр болды.

Досан бастаған көтерілісшілер Хиуаға қарай бет түзегеннен кейінгі елде орын алған жайдайды жырда былайша баяндайды:

...Патшаға жетті бұл хабар,

Ломакин деген жандарал,

Бұйрығын алып патшаның

Әскерін судан шығарды -ай.

Солдаты қойдай шулады -ай .

Хабар жайып халыққа 

Жер ортасы Қара тау

Қосын тігіп кідірді.

Қахарын тігіп халыққа,

Патша қатаң қарады.

Қырамын деп шетінен

Айтқан жұртқа хабары (Жанғабылов, 1996:82).

Жырдағы «Ломокин деген жандарал» – генерал Николай Павлович Ломакин, Рукиннің орнына келген Маңғыстау притавы. Жырда Ломакиннің ендігі әрекетінен мынадай деректер береді:

...Біріктіріп елді жинауға,

Жан-жаққа шапты шабары.

Қорыққаннан «көндік» деп,

Ломакинге шұбырып, 

Елдің келді адамы.

Сол жерде салғырт салады,

Шаруалардан жинатып

Атан мен нарды алады (Жанғабылов,1997: 82).

Жырдың осы бөліміне зер салсақ, онсызда патша салығына шамасы келмей тоз-тоз болып тарап кеткен маңғыстау қазақтарының бір бөлігін басын бір жерге біріктіріп, шығынды өтеу үшін қайтадан түтін басына «айып» салығын салғанын байқаймыз. Жазалаушы қарулы отряд көнбеген халықтың біршамасын жазаға тартады. Нәтежесінде, елде қалған қазақ ауылдарын аралап жүріп Ломакин Қаратаудан 500 түйе, Бозашыдан 800 түйе жинап алды. Ломакин осы сапарында Ермембет би бастаған бес жүзге тарта жасақпен Үстірт маңында ашық айқасқа түсті. Онсызда Ломакиннің қарулы отрядпен елді аралап салық жинап жүргенін естіп дүрліккен ел, бұл жолы шамалары келмесін біле тұра Ломакин отрядымен шайқасуға тура келді. Қолдарында айбалта, қылыш, айыр, шоқпар ұстаған қазақтар патша әскеріне төтеп бере алмасы анық еді. Соқтығыс салдарынан қазақтардан 40 шақты адам қаза тауып, жүзге тарта адам ауыр жараланды. Ломакин отряды ұрыс даласынан 59 қылыш, 100- ге тарта жылқы, 20 түйе олжалап қайтты. Ломакиннің осыншама салықты өндіруге және ұрыс даласында түскен олжаны тиянақты жинап алуға тырысудағы мақсаты-Хиуаға қарай өтіп кеткен Досан бастаған қазақтардың соңынан қуып барып, Досанды және Досанның қасындағы сардарларды қолға түсіру болатын. Ол үшін қару-жарақ, азық- түлік артатын түйе, жылқы ауадай қажет болды. Онсызда патша өкіметінің ендігі жоспары қалайда Хиуа хандығын өзіне қарату еді. Досан бастаған қазақтардың Хиуаға өтіп кетуі, әсіресе, Маңғыстауға жаңа ғана пристав болып тағайындалған Ломакин үшін ұрымтал тұс, үлкен мүмкіншілік. Жырдағы «Сол жерде салғырт салады, Шарулардан жинатып, Атан мен түйе алады» деуінің басты себебі- осы. 

Ломакин 1873 жылы арнайы  Кавказдан Маңғыстауға бағыт алған «Тамара», «Иран» деп аталатын әскер толы екі үлкен кемені Борсымұрын шығанағынан қарсы алды. Жырдағы «Патшаның алып бұйрығын, әскерін судан шығарды-ай, солдаты қойдай шулады- ай» деп айтылған қатары -осы деректі нұсқапт тұр. Осы жылдың сәуір айында Ломакин тастүйін дайындықпен әскерін Хиуаға қарай бағыттады. Бұл деректі «Досан батыр» жыры да растайды:

...Қозған елді қорқытып,

Қонысына қондырып,

 Батырдың кеткен соңынан.

Хорезмге барды отряд.

Бір он бес күн жол жүріп,

Көліктері болдырып (Жанғабылов, 1996: 82-83).

Жалпы, Ломакин әскерінің Хиуаға бағыт алуының басты себебі Досан ғана емес екенін басында нақты деретермен келтірген болатынбыз. Ташкент, Самарқант, Бұхара, Қоқанға отарлау саясаты сәтті жүзеге асқаннан кейін кезек, расында, Хиуа хандығына келген. 

«Жан-жағын шөл қоршап жатқандықтан, талай жиһангерлер алыстан айналып өткен бұл өлкені орыс әскерлері бәрібір бағындырмай тынбасқа бел буды.Оған керекті жағдайдың бәрі туған сияқты. Орыс қару-жарағы Орта Азияға дендеп кіріп, Таяу Шығыстағы Британ жолын бөгей алатын болды. Каспийдің шығыс жағалауы да бір жола Россия ықпалына өтті. Оған 1870 жылғы Маңғыстау қазақтары көтерілісінің қанға бөктірілуі түпкілікті әсер етті.

...Сөйтіп, Патша әскері өз жолындағы бұратана халықтарды да біржолата бұғалықтап алғанды. Енді Хиуаға кірер қақпаның бәрі ашылған-ды (Кекілбаев, 1979: 63).

Міне, осылайша Патшалы Ресейдің Хиуаға жоспарлы жорығы басталып кетті. Бұл турасында тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Шәлекенов те «Ақиқат» журналында мақаласында:«Ресейдің әскери күштері Хиуа хандығының төңіректеріне жақындай бекінгенмен, ол Хиуа жорығына асықпай дайындалды. 1872 жылы Ресей өкіметі Хиуа жорығын ұйымдастыру туралы арнайы қарар қабылдап, оның жоспарын жеделдетіп жасап шығу Ресей қарулы күшінің министріне тапсырылды. Осы жоспар 1873 жылдың жазында Хиуа жорығын бастау ұйғарылды. Бұл жорықтың қолбасшысы фон Кауфманға жүктелген» - еді делінген (Шәлекенов, 1994: 39).

Досан бастаған ереуілшірер жасағы Ломокиннің самсаған қолмен Хиуаға бет алғанын естіген бойда оған төтеп беру, тосқауыл қою сияқты амал-шарғыларды ойластыра бастады. Ломакин Хиуаға жетем дегенге дейін оған Досан жасағы екі рет тұтқиылдан соққы берген. Досан жасағының осылай тиіп-қашып ұрыс жүргізуден басқа мүмкіндіктері жоқ еді. Себебі, Ломакиннің Хиуаға бастап шыққан әскерінің саны 3600 болса, сүйретпелі зеңбірігінің саны 24 болғанды туралы деректер кездеседі. Осынша күшпен Досан бастаған шағын жасақтың ашық айқасқа түсуі, әсте, мүмкін емес болатын. Сондықтан, орайлы сәтті пайдаланып тұтқиылдан соққы беріп отырды.

...Хорезмде жатқанда,

Таң сарғайып атқанда,

Иса, Досан бастаған, 

Алпыс кісі аламан

Айналасын қамаған.

Астына мінген аттары,

Өңкей тұлпар жараған.

Көздері көкке қараған,

Тәжінің ұлы Досан бар,

Бір өзінің қайратын, 

Мың кісіге балаған.

Үйіріліп жатқан әскердің,

Жарып өтті ортасын

Төрт солдатын өлтіріп,

Он солдаты сол жерде,

Тұра алмай қалды жарадан.

Сонан соң әскер бекініп,

Топ құрып қақты барабан.

Батырларда содан кетулі,

Ойлағандарын етулі... (Жанғабылов, 1996: 83)

Жырдағы осы деректерге мән берсек, таңсәріде тынығып жатқан Ломакиннің отрядына 60 адам тұтқиылдан шабуыл жасап 4 солдатын өлтіріп, 10 солдатын ауыр жарақаттаған. Сонан соң, есін жиып, қолдарына қару алуға үлгертпей барабан ұрған бойда Досан жасағы дереу кері шегініп, көзден таса болып отырған. Осыдан шегінген жасақ Лаузан тоғайына еніп кеткен.

...Сонда Досан сөйледі,

- «Жеріміз енді тиетін

Қалың біткен қамысы,

Лаузан деген тоғай бар.

Жалғыз аяқ жолы бар.

Жүре алмайд әскер нобай,- деп

Қалың қолмен алысып,

Ұрысуға сол жер қолай»-деп.

Ұйғарысты батырлар, 

«Жүрелік енді солай» деп

Сонан салды жарысты.

Ақ дариядан Лаузанға,

Түзеді маңдай шабысты,

Үзеңгілері қағысты (Кекілбаев, 1979: 83) - деген жырдағы деректер, ұрыс даласындағы болған жайттардан тың деректер береді. Ломакин Хиуаға барар жолда мұндай кедергілерге кездесетінінен хабардар еді. Сөзімізге дәлел ретінде генерал-майор Махмуд Алиханов-Аварскийдің «Хиуаға жорық» атты кітабынан мынадай деректерді келтіруге болады: «Отряд үстірт үстіне көтерілген соң Ломакин бұл кезде Гурьев бетінен Хиуаға беттеп келе жатқан генерал Веревкин мынадай мазмұндағы сақтандыру хатын алды»: «...Сонымен қатар, хандықтың солтүстік бөлігінде қарақалпақтардың, түркімендердің және біздің қашқын қырғыздардың жаңа қарсылық орталығы құрылуы мүмкін. Қазір Алан маңында, жалпы алғанда, сіздердің жолдарыңызда 1870 жылғы Маңғышылақ толқуының айыптылары Ғафур Қалбин, Иса, Досан, Ермембет тағы басқалар көшіп жүр. Сізге бұл туралы да хабарлап қойғанның артықтығы болмас...» (Жаманбаев, 1991: 144.).

Жырда, Досанның Лаузанға жеткеннен кейінгі ендігі әрекетін қолмен қойғандай түсінікті етіп баяндайды.

...Ен тоғайға барысты,

Қаруларын салысты.

Ломакиннің әскері 

Келеді деп сол жерде,

Екі күн күтіп бағысты.

Екінші күні бесінде,

Жеті жүз әскер кіреді.

Қақ жарып қалың қамысты.

Бағып тұрып қапталдан

Бір чиновнигін қадірлі,

Таңдап алып шанышты.

Сонда генерал күйініп долданды,

Өртетті тоғай орманды.

Әскерін қамап иірді,

Бас-аяғы жиылды.

Жазбай жүрдеп тобыңды,

Командирге бұйырды (Жанғабылов, 1996: 85).

Сәттіғұл ақынның «Досан батыр» жыры – 1870 жылғы Маңғыстау қазақтары ұлт-азаттық көтерілісінің жалпы сыйпаттамасына қарағанда, ішкі себептерін, негізгі мәселесін ашып көрсетеді. Орын алған оқиғаның ішіне кіре отырып, деретік тұрғыда түсінікті әрі нақты баяндайды. Мәселен, жырдың біз тоқталып отырған бөлімінен Досанның Лаузан жеріне ығысқанын, сол жерде жасанып екі күн күткендігін, екінші күні түскі уақытта Ломакин бастаған 700 әскердің артынан қуып жеткенін, онымен қоса отрядтың белді мүшеснің сол жерде Досанның қолынан қаза тапқанын, одан кейін ашуға булыққан Ломакиннің тоғайды өртеткенін анық байқаймыз. Досан бастаған жасақ Ломакинге осылай екі рет соққы береді. Оған «Хиуаға олар барғанша, бағып жүріп ер Досан, екі жерден тиюлі» деген жолдары бұлтартпас дәлел (Жанғабылов,1996: 85). Бұл деректерді осы көтерілістің бел ортасында жүріп, бастан аяқ қатысқан әкесі-Жанғабылдың аузынан есіткен Сәттіғұл, оқиғаның бұдан әрі қалай өрбігені туралы мынадай деректер келтіреді:

...Сонан әскер барулы,

Хиуаның барып шаһарына

Қахарлы хакім халыққа,

Әмірі жүрген бәріне.

Қорыққаннан халайық,

Қол қусырды құлдық деп,

Шыдай алмады зәріне.

Ломакиннің дүрілдеген,

Әскері кірді қалаға-ай

Хиуаның шаһрін алады-ай.

Хан қалды ұрысуға жарамай (Жанғабылов, 1996: 85).

Жырдың осы бөліміндегі деректерге мән берсек, Ломакин әскері Хиуаға барғанын, оған Хиуа ханы төтеп бере алмай амалсыздан берілгенін аңғару қиын емес. Бұл 1873 жыл болатын. Яғни, Маңғыстау жеріндегі Иса, Досан бастаған шарулар көтерілісінен 3 жылдан кейін болған тарихи жағдай. Тарихи жағдай деуіміздің сыры-Орта Азиядағы Бұхара, Қоқаннан хандықтарынан кейін, тарих сахынасынан мәңгілікке жойылып, Ресей боданына айналған осы Хиуа хандығы болатын. Біз келтіріп отырған «Досан батыр» жырындағы деректер Досанға батырға байланыстырыла көрсетілген. Хиуаны басып алғаннан кейін де орыс өкіметі Досан батырды және жанындағы сарбаздарды іздеуді бір сәт те тоқтатпады. Ол аз десең, ықпалынан айрылған Хиуаның ханын алдыға салып орыс әскерлері жұмыла іздеді.

...Иеленіп шахарды алған соң,

Ұстап алып беруге ,

Досан болды талабы- ай.

Қастасқан жауым Досан деп,

Өлтірмей тірі ұстаң деп,

Маған үлкен дұшпан деп,

Бұйрық берді генерал,

Хиуаның ханына.

Адамын қосты жанына - деген жолдар соның айғағы (Жанғабылов, 1996: 85).

Досан жасағы Хиуа беткейін паналап жүрген уақыт аралығын да жасақтың шеті бұзыла қоймаған еді. Хиуаны орыс әскері басып алған кезде де Досанның жасағы қасынан табылған. Оны төмендегі бөлімінен көз жеткіземіз:

... Ұстамаққа Досанды,

Қаладан шығып хан жүрді.

Нөкерін алып тағы да.

Бұл хабарды есітіп,

Салады деп ойранды,

Батырлар шықты алдынан.

Сауыттарын жамыла,

Қаруларын тағына.

Мінгендері кіл жүйрік,

Салып жүрген бабына.

Екпіні күшті ерлердің,

Қарасын көріп хан қашты,

Жолай алмай маңына (Жанғабылов, 1996: 86).

Бірақ, бұл уақытша ғана тойтарыс еді. Себебі, Маңғыстау түбегі, Хиуа жері түгелдей дерлік Патшалық Ресейдің боданына айналып үлгерген еді. Енді Досанның да, Досан бастаған ереуілшілердің де барар жері, басар тауы қалмаған уақыт. Атажұрттан ұзап кеткеніне де үш жыл болған көтерілісшілер енді қажи бастады. Сардарлар елін сағынды, үйін сағынды. Ереуілшілердің саны күн санап сирей бастады. Сол себепті Досанның қасындағы жолдасы, көтерілістің белді мүшелерінің бірі – Иса Тіленбайұлы былай деді:

-Ел қайда, Батыр, ел қайда ?

Туып өскен жер қайда ?

Ойнап күліп бір жүрген,

Қатар, құрбы тең қайда?

Шетке кеттік шығынып,

Бұл жүрістен не пайда?

Патшаменен қас болып,

Қиынға кетті ісіміз.

Әлсіреп кетті күннен күн,

Төмендеп қайрат, күшіміз.

Төңірекке қарасақ,

Сегіз арыс Сейілхан,

Көніп болды Кіші жүз.

Ұшты ма деп ойлаймын,

Бастан бақыт құсымыз.

Қалай болды мұнымыз ?

Солдатын қырып өлтірдік,

Рукиндей ояздың

Келген күні жынымыз.

Айнала жұртты алғансын,

Құрығын тегіс салғансын,

Болды ғой қараң күніміз.

Көндірген жұртты әкімге,

Тілімді алсаң баралық,

Батыр, енді өзіңіз біліңіз (Жанғабылов, 1996: 87).

Жырда, Исаның Досанға айтқан осы сөздерінен, көтерілісшілердің күйі қаншалықты қашқанын білуге әбден болғандай. Жырда, «Төңірекке қарасақ, сегіз арыс Сейілхан, көніп болды Кіші жүз» деген қатары бар. Бұл жерде «сегіз арыс Сейілхан» деп Хиуаның құрамындағы түркімен жұртшылығын айтып отыр. Сейілханнан: Ерсары, Дербіш, Сарық, Салар, Теке, Жәуміт, Егідір, Шәудір тарап, бұлар «Сегіз арыс Сейілхан» Түркімен болып аталады. Сонымен, осы уақытта Маңғыстауды мекен қылған Кіші жүз адайларда, Хиуаның құрамындағы түркімендерде орысқа түгел бағынғанын Иса, Досан батырға күйнішпен жеткізіп отырғанын көреміз.Ал, Исаның «Көндірген жұртты әкімге, тілімді алсаң баралық»- деуі, иілген басты қылыш кеспес, не болсада отаршылдардан кешірім алып, ендігі өмірімізді бодан болсақта бейбіт сүрейік деген ойы еді. Оған Досан көнбеді. Көнбеуінің себебін жырда Досанның Исаға айтқан жауабынан көреміз:

Сонда Досан сөйледі, 

-Уайым айтпа маған- деп, 

Рұқсат, кетсең, саған- деп,

Сүйегім тұтам қалғанша,

Қайыспаймын бас ұрып,

Ойлама мені бас иіп,

Патшаға барады деп,

Қауіп етпеймін дұшпаннан,

Ажалдан бұрын өлем деп. 

Мен аруананың баласы,

Мыңқ етпеймін, нардаймын.

Иығымды кессе де,

Қапталымнан тессе де.

Ауыр жүкке болдырман.

Бес қару белде тұрғанда

Шыбын жаным сау тұрса,

Етегіне дұшпанның,

Басымды салып қор қылман.

Айрылмаса көк тұлпар,

Баяғы шабыс қарқыннан.

Әліде жауға алдырман,

Етіме таңба салдырман.

Серттескен жолас сен едің,

Арыстан ерің мен едім,

Дұшпанның есін тандырған.

Халық айтты бізді батыр деп,

Енді барсақ бас ұрып,

Айтпай ма бізді қатын деп.

Бұл айтқан сенің сөзіңді,

Ойламаймын мақұл деп, 

Рұқсат деді Исаға,

Мен барып жауға жалынып, 

Бола алмаймын жақын деп (Жанғабылов 1996: 87).

Жырдағы Досанның Исаға айтқан сөзіндей, расында, Досан алған бетінен қайтпады. Бірақ, Исаға елге қайтуына рұқсат етті. Олай етпесіне де амал жоқ еді. Қару-жарағына қарсы тұру мүмкін емес Ресей өкіметі, табаны тиген жердің бәріне бекініс салып, әскер қондырып, халыққа «Жаңа Низамның» ережесімен қарқынды жұмыс бастап еткен еді. Отарлаудың орағы тиген қазақ жерлерінде дала заңы бойынша қолына найза, қылыш, қалқан алып жекпе-жекке шығып, жеңген батыр үстемдік алатын заманның дәуірі біткен уақыт. Ықтиярсыз ырқына көндіретін Патша өкіметінің айы оңынан туып келе жатты. Мұны Досанның өзі де сезген болса керек. Сол себепті де, Исаға және қасындағы сарбаздарға рұқсат берді. Иса Тіленбайұлы Досаннан рұқсат алып атажұртқа келген соң орыстардың билігін мойындаған жергілікті билерді ертіп алып Ломакиннің алдына барып кешірім сұрайды. Ломакин оған кешірім береді және лауазымды қызметке тағайындайды. Есесіне Досан Тәжиевті ұстауға көмектесесің деген келісімін алады. Бұл бір есептен Исаның қаншалықты шынайы кешірім сұрап келгенін анықтау еді. Сондықтан оған кызмет пен кешірімді қатар беріп, қанды қөйлек жолдасын ұстап беруге көмектесуін талап етті. Бұл туралы М.С. Тұрсынова: «Иса Тіленбаев 1873 жылы Хиуаны Ресей жаулап алғаннан кейін Маңғышлаққа өзін кінәлі санап, Ломакин жасағының қолбасшысына келді. Оны Досан Тәжиевтің ту сыртынан аңдып, ұстауға көмектесу шартымен бостандыққа жіберді. Иса тапсырманы орындауға бар ынтасымен кірісуге дайын екендігін танытты, сол үшін оған кешірім беріліп, 1874 жылы болыстық билеуші болып тағайындалады (Тұрсынов, 1977: 166).

1874 жылы Досан өз жасақтарымен Хиуадан Үстіртке кетуге шешім қабылдады. Орынбордың жергілікті билігі оның келуін күтті. Досанды қолға түсіруге оның бұрынғы жақтастары би Иса Тіленбаев, би Қабақ Ермамбетов, Ғафур Қалбин өз туыстарымен тартылды. 1874 жылы шілдеде Сам және Қаратамақ отрядының начальнигі подполковник Аничкин Досанның ауылына шабуыл жасады. Солдаттар 2 ер адам, 17 әйел мен бала-шағаны тұтқындап кетті. Қарулы айқаста Досанның жолдастарының бірі Жұбанияз қаза тапты » (Жанғабылов, 1996: 116-117).

Досан осының алдында, яғни 1874 жылдың көктемінде Сам жеріндегі «Қосуақ ишанға» не бары он шақты үй болып көшіп келген еді. Көшіп келген бойда көрші ауылға жолдастарын ертіп қару-жарағын қайратуға кеткен-ді. «Аңдыған жау алмай қоймас» дегендей ізінше осы оқиға орын алды. 

«... Досан жолдастарымен Бейнеудің басына жиналды. Осы жерде әркім қалаған жағына кететін болып, бір-бірімен қоштасты. Үшеуі Жем өзені бойына кетті. Қалғандары Жолбаян суына келіп, кідріс жасады. Ғафур Қалбиннің тумаластары Досанды сатып кетті. Оны орыс отряды келгенше кідіртудің амалын тауып, Досанды осы жерде тұтқындап алып кетті. Аничкиннің мәлімдемесінде:«Досан күшті қарсылық көрсетті, бірнеше жерден жараланғанына қарамай арпалысты. Оның ұйықтап жатқан киіз үйі аударылып тасталды. Оның үстінде жай киімнен басқа сауыт бар екен» (Тұрсынова 1977: 1). 

Досанның күндердің күнінде қолға түсері анық еді. Сәттіғұл Досанның қолға түсуін:

...Бес-он кісі жолдаспен,

Досан жүрді бағынбай.

«Бас имен» деген әуелгі,

Уәдеден жаңылмай.

Айнала жүріп әмірі,

Патша қоршап алған соң,

Батырдың жері тарылды-ай .

Тар қоныс талай ерлерді,

Ұшыратқан жазымға- ай.

Қаза тапқан қапыда,

Хан Жәңгірмен қас болып,

Исатай да Нарында- ай.

Батырлық пен ақындық,

Қабат біткен Махамбет

Жазымын тауып жарылды- ай.

Аңдып жүріп ақыры

Қапысын тауып кәпірлер

Досанды қолға түсірді- ай.

Басынан бағы ауған күн,

Қолға түсті асыл ер.

Көк сүңгісін өңгеріп,

Аламанға жел беріп,

Салған талай дүрсілді-ай.

Екі қолы байланып,

Бір солдатқа айдалып,

Басылып көңілі кішірді-ай - деп көрсетеді (Жанғабылов,1996: 89).

Осы кезде Досанмен бірге көтерілістің соңына дейін қатысқан Күмісбек Мүлісбаев, Қарасай Мамаев, Тілеуберген Орақов, Дихан Өтепов, Әлібай Сүткенбаевтар да ұсталды. Оларды Гурьев түрмесіне апарып тоғытты. Бұдан кейін Патша өкіметіне адал қызмет қыламыз деп сөздерін берген болыс, Иса Тіленбаев пен би Ғафур Қалбин көтеріліске қатысқан адамдарды іздеуді жеделдете бастады. Нәтежесінде, Орақ Байдалиевті, Өтеген Итемгеновті, Демеген Жиесовті және Досанның балдары – Шолтаң мен Жанбаланы да қолға түсірді. Осы орын алған жайттардан кейін 1874 жылдың басында Патшаның Кавказдағы мұрагері Михаил Николаевич Ресейге Хиуаның қосылу қуанышына орай көтерлісшілердің көпшілігіне кешірім жариялады. Бірақ, бұл рақымшылыққа Досан Тәжиев ілікпеді. Себебі, патша өкіметі Досанға және оның жанындағы серіктеріне өте қауіпті адамдар ретінде қарады. Досан ғана 1870 жылғы Маңғыстау қазақтары көтерілісін ұйымдастырушы әрі басқарушы екенін мойындап, барлық болған жағдайға өзі жауапты болатынын жеткізді. Жоғарыда тұтқындалған азаматтарға байланысты сот мынадай үкім шығарды:

Тілеуберген Орақовты дарға асуға, Алғи Жәлімбетовті бекіністің түрлі жұмыстарына жегуге, Демеген Жиесовті, Әлібай Сүткенбаевты және Өтеген Итемгеновті Сібірге жер аударуға, Дихан Өтепов пен Шүрен Иманов екеуі Ресей әкімшіліктерінің түрлі жұмыстарына жегіліуіне үкім кесілді. Досанның балалары Жарас Тәжиев үш жылға сотталса, Шотан Тәжиев кінәсіз деп табылып бостандыққа шығарылды. Жоғарда келтірген деректерде Досанның бірге отырған он шақты үйі мен қоса әйел-балаларының да тұтқындалғанын жазған болатынбыз. Артынша олар босатылды. Досан отбасының тұтқыннан босап шығуын халық аузындағы аңыз әңгімелерде былай деп баяндайды:

Досан тұтқындалып түрмеге түскенен кейін, түрме бастығымен жолығуға рұсат сұрайды.

- Әкімсіз бе ?- дейді Досан оған.

- Я, әкіммін, деп жауап береді ол.

- Әйел, балаң да әкімбе ?

- Жоқ, әкім емес.

- Мен тентек болсам, өзім тентекпін, ал, әйел, балам тентек па?

- Жоқ, тентек емес.

- Онда оларды неге тұтқындап, түрмеге жабасыздар. Ешқандай жазығы жоқ әйел, бала-шағаны тұтқындау Ақ патшаның әділетті заңына сия ма? Айыбы жоқ ауылымның адамдарын түгелдей тұтқыннан босатып, елге қайтаруыңызды сұраймын,-депті Досан.

Содан кейін болған жайды түрме бастығы оязға, ояз губернаторға, губернатор Ақ патшаға жеткізіп, бас-аяғы жеті күннің ішінде Досанның отбасы және солармен бірге шапқынға ұшыраған ауылды түрмеден босатыр, еліне қайтарады.

Досан Тәжиев Гурьев түрмесінде бір жылға жуық тұтқында отырып, 1875 жылдың қақаған қараша айында Форт-Александровскіге ауыстырылды. Түрмедегі жөнді-жөнсіз тергеу, әлсін-әлсін ұрып соғудан титықтаған Досан батыр, ақыры 1876 жылы қаза тапты. Бұл оқиға, Досан Форт-Александровскіге ауыстырылғаннан кейін үш айдан болды. Бұл деректі «Досан батыр» жырынан алып отырмыз.

...Көп сөйлетпей сонан соң,

Түрмеге салды батырды.

Сонда үш ай жатулы.

Ақырында аңсызда,

Алдауменен ұсталып,

Тұтқында жатып арыстан,

Қапаменен өлулі (Жанғабылов, 1996:90).

Түрмеде өлген Досан бастаған үш адамға берілген дәрігерлік қортындыда «құдайдың құдыретімен сусақ ауруынан өлді» -деп жазған. Сөйтіп, патша өкіметі 1870 жылғы көтерілістің және 1873 жылғы бас көтерушілердің басшыларын қатаң жазалады» (Тұрсынова, 1977:114-118). Бұл жердегі актіде «Досан бастаған үш адам» деп көрсетудің себебі, сол лазеретте Досанмен бірге Күмісбек Мүсілбаев және Досанның тумаласы Жанбала да қаза тапқан болатын.

Осылайша, Маңғыстау өлкесіндегі әділдік пен азаттық жолында аянбай тер төккен дала батырларының дәуірі аяқталды. Олардың көбісі соңына дейін күресті, ал кейбіреулері заманның ығына қарай жылысты. Солай ете жүріп те халқына қызмет қылудың тетігін тауып, екі жақтың ортасынан ортақ тіл табуға талпынып баққанындарын да жасыра алмаймыз. Қайткенде де, отарлаудың орағын алып епкіндеп келе жатқан патша өкіметіне әр түрлі амал-айла жасап баққанымен, заман толғағы Ресей өкіметінің өктемдігін дүниеге алып келді. Және ол өздерінің қоғамдық және тарихи даму процестерінде Орта Азия халықтарын тізгіндей отырып, бірге бір қазанда қайнауға мәжбүр етті. 1870 жылғы Маңғыстау қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісін негізінде - «Иса Досан бастаған көтеріліс» деп атайды.

Қорытынды. Тарихи жыр-дастандарды негізгі дерек көзі ретінде қарастырғандықтан Сәттіғұл Жанғабыловтың «Досан батыр» жырындағы деректер негізінде материалдар жинақтап, сәйкестіктер табу мен тың мәліметтерді анықтауға ұмтылыс жасадық. Көтеріліс мәселесіне келер болсақ Иса мен Досанды әсте ажырата қарауға болмайды. Екеуі де осы көтеріліске мұрындық болған батырлар. Тек, Иса істің соңына қарай берілуге мәжбүр болды. Өйткені ол бұл істің соңы береке алып бермейтінін ол сол кезде- ақ бағдарлай білді. Досан да бұның соңы немен бітетінін жақсы түсінді. Оны тек бойындағы намыс жібермеді. Ақыры сол намыстың туын жықпай ақырғы сапарына абақтыда аттанып кетті. Ал, Иса ендігі қалған өмірінде болыс болып елге жаңаша бағытта қызмет жасауға мүмкіншілік алды. Белгілі қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев: «Ежелгі гректер тілімен айтсақ, Досан- геройкалық тағдыр несібесі, Иса –трагедиялық тағдыр иесі» - деуінің сыры осында жатса керек. Сәттіғұл ақынның «Досан батыр» атты тарихи дастанынан осындай деректерді көмкердік. Досан батырға арналған жыр, сол кезде орын алған тарихи оқиғаны халық жадында жаңғырып тұруына сеп болатын бұрмасыз дерек.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Бекмаханов Е. «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында». – Алматы, 1994. – 416 бет.

Қожамжарова Д. «Хиуа хандығы мен қазақ жері Ресейге өз еркімен қосылды ма?». // «Ақиқат» журналы. – 1994 жыл. – № 43.

Кекілбаев Ә. «Ұйқыдағы арудың оянуы». – Алматы, 1979. – 4 б.

Қожамжарова Д. «Хиуа хандығының ықпалындағы Сырдың төменгі ағысы» // «Қазақстан мұрағаттары». № 3 (15). 2017 жыл.

Қазақстан тарихы. – Алматы: «Атамұра» баспасы, 2002. – Т.3. – 384 б.

Қабиболла Сыдиықұлы «Бес ғасыр сөйлейді». – Алматы: «Арыс» баспасы, 2014. – 392 бет.

Жанғабылов C. «Досан батыр». – Маңғыстау, 1996. – 177 б. 

Жайлауов Б. «Халық батырлары Қожамжар мен Құдабай» // «Қазақстан тарихы» порталы. E- history.kz. – 2017 ж., 7 тамыз

Жаманбаев Е. Досан батыр. // «Маңғыстау» газеті. – 1991 жыл, 30 шілде. – № 141.

Е. Жаманбаев, С. Әділханов. Досан батыр. //«Маңғыстау» газеті. –1991 жыл, 31 шілде. – № 142.

Е. Жаманбаев, С. Әділханов. Досан батыр. // «Маңғыстау» газеті. – № 144. 1991 жыл, 2 тамыз.

Е. Жаманбаев, С. Әділханов. Досан батыр. // «Маңғыстау» энциклодедиясы. – Алматы: «Атамұра» баспасы, 1997. – 384 б.

Тұрсынова М. С. «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Маңғышылақ қазақтары». – Алма-Ата: «Наука» баспаханасы, 1977. – 184 б.

Шәлекенов М. «Хиуа хандығының ықпалындағы Сырдың төменгі ағысы» // «Қазақстан мұрағаттары», 2017. – № 3 (15). 

References:

Bekmahanov E. «Qazaqstan ХІХ ǵasyrdyń 20-40 jyldarynda». – Almaty, 1994. – 416 b. [in Kazakh]

Qojamjarova D. Hıýa handyǵy men qazaq jeri Reseıge óz erkimen qosyldy ma?. // «Aqıqat» jýrnaly. – 1994 jyl. – № 43. [in Kazakh]

Kekilbaev Á. Uıqydaǵy arýdyń oıanýy. – Almaty, 1979. – 4 b. [in Kazakh]

Qojamjarova D. Hıýa handyǵynyń yqpalyndaǵy Syrdyń tómengi aǵysy // «Qazaqstan muraǵattary», 2017 jyl. – № 3 (15). [in Kazakh]

Qazaqstan tarıhy. – Almaty: «Atamura» baspasy, 2002. – T.3. – 384 b. [in Kazakh]

Qabıbolla Sydıyquly. Bes ǵasyr sóıleıdi. – Almaty: «Arys» baspasy, 2014. – 392 b. [in Kazakh]

Janǵabylov C. Dosan batyr. – Mańǵystaý, 1996. – 177 b. [in Kazakh]

Jaılaýov B. Halyq batyrlary Qojamjar men Qudabaı // «Qazaqstan tarıhy» portaly. E - history.kz. – 2017 j., 7 tamyz. [in Kazakh]

Jamanbaev E. Dosan batyr. // «Mańǵystaý» gazeti. – 1991 jyl, 30 shilde. – № 141. [in Kazakh]

E. Jamanbaev, S. Ádilhanov. Dosan batyr. // «Mańǵystaý» gazeti. 1991 jyl, 31 shilde. № 142. [in Kazakh]

E. Jamanbaev, S. Ádilhanov. Dosan batyr. // «Mańǵystaý» gazeti. – № 144. – 1991 jyl, 2 tamyz. [in Kazakh]

E. Jamanbaev, S. Ádilhanov. Dosan batyr. // «Mańǵystaý» ensıklodedıasy. – Almaty: «Atamura» baspasy, 1997. – 384 b. [in Kazakh]

Tursynova M. S. ХІХ ǵasyrdyń ekinshi jartysyndaǵy Mańǵyshylaq qazaqtary. – Alma-Ata: «Naýka» baspahanasy, 1977. – 184 b. [in Kazakh]

Shálekenov M. «Hıýa handyǵynyń yqpalyndaǵy Syrdyń tómengi aǵysy. // «Qazaqstan muraǵattary», 2017. – № 3 (15). [in Kazakh]

МРНТИ 03.09.31:03,20

ИСТОРИЧЕСКИЕ СВЕДЕНИЯ В ДАСТАНЕ С.ЖАНГАБЫЛОВА «ДОСАН БАТЫР»

1Сүгірбай М., 2Тайман С.Т

1 Кандидат исторических наук, доцент. КГУ имени Коркыт Ата. Казахстан, Кызылорда. E-mail: st-1968@mail.ru

2 Магистрант. КГУ имени Коркыт Ата. Казахстан, Кызылорда. E-mail: Altun_tiek@mail.ru

Аннотация. В статье рассматривается произведение поэта Саттигула «Досан батыр» на основе общей характеристики как национального освободителя в восстании казахов из Мангистау 1870 года, где раскрываются внутренние причины и основные проблемы народа. В историческом эпосеоснованном на реальных событияхрассматривается личность Досана Батыра, представителя трудового народа. Досан Батыр - один из степных героев Мангистауской области, который был сторонником справедливости и свободы для простых граждан. В произведений, поэт Саттигул Жангабылулы подробно описал героическую историю, сумел описать его деятельности в борьбе за независимость. В ходе исследования рассматриваются основные исторические источники, материалы были собраны на основе данных из эпоса Саттигула Жангабылова «Досан батыр», были изучены новые данные соответствия с материалом. В произведении выражается глубокие мысли в разрешении конфликта между двумя сторонами. В истории национально-освободительное восстание под предводительством Досана Батыра было, по сути, самой крупной и последней битвой, пережитой не только в Мангистауской области, но и всей казахской степи. Кроме того, основываясь на исторических данных, свидетелями которых мы являемся на протяжении веков, описываются важные события в истории Мангистауской области, и вносит большой вклад в воспитании сегодняшнего молодого поколения, и патриотов страны.

Ключевые слова: Досан батыр, национально-освободительное восстание, сардар, русские колонизаторы, Мангистауский край, Ломакин, исторический эпос.

IRSTI03.09.31:03,20

HISTORICAL SOURES IN THE EPIC POEM

OF S.ZHANGABYLOV «DOSAN BATYR»

1Sugurbay M., 2Taiman S.T

1Candidate of Historical Sciences, Associate Professor. Korkyt Ata Kyzylorda State University. Kazakhstan, Kyzylorda. E-mail: st-1968@mail.ru

2Master student. Korkyt Ata Kyzylorda State University. Kazakhstan, Kyzylorda.E-mail: Altun_tiek@mail.ru

Abstract: The article considers the work of the poet Sattigul «Dosan Batyr» on the basis of the General characteristics as a national liberator in the uprising of Kazakhs from Mangistau in 1870, which reveals the internal causes and main problems of the people. The historical epic based on real incidents considers the personality of Dosan Batyr, a representative of the labor people. Dosan Batyr is one of the prairie heroes of the Mangystau region, who was a supporter of justice and freedom for ordinary citizens. In particular, the poet Sattigul Zhangabyluly described in detail the heroic history, was able to describe his activities in the struggle for independence. The investigation examines the main historical resources, materials were collected on the basis of data from the epic of Sattigul Zhangabylov «Dosan Batyr», and new data of correspondence with the material were considered.The work expresses deep thoughts in resolving the conflict between the two sides. In history, the national liberation uprising led by Dosan Batyr was, in fact, the largest and last battle experienced not only by the Mangistau region, but also by the entire Kazakh steppes.In addition, based on historical data, which we have witnessed over the century, describes important events in the history of the Mangystau region, and makes a great contribution to the education of today's young generation, and patriots of the country.

Keywords: Dosan Batyr, national liberation uprising, Sardar, Russian colonizers, Mangistau region, Lomakin, historical epic.

Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 711

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

1916 ж., Түркістан: патшалық отаршылдық жүйе дағдарысы УДК 94 (574) : 316. 34 Қазақстандықтардың Украинаны азат ету жолындағы күресі мен ерліктері ӘОЖ 94 (574) 902.2 Құдық қазу ісінің қалыптасуы және құдық түрлері (археологиялық және этнографиялық материалдар бойынша) 94(574)»14/16»:355 Қазақ халқының әскери өнеріндегі батырлар образы ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ ҰЛЫ ҒАЛЫМ, ГЕОЛОГ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДІҢ МӘДЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЕЛШІ - Н.ТӨРЕҚҰЛОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ МЕН ӨМІРІ ҰЛЫ ГЕОЛОГ, ҒАЛЫМ – ҚАНЫШ ИМАНТАЙҰЛЫ СӘТБАЕВ УДК 327(574:517.3)Сыртқы саясаттағы қазақ-моңғол қатынастарының басым-бағыттары ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы. УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ ЕРТІС ӨҢІРІНІҢ ҚАСИЕТТІ ГЕОГРАФИЯСЫНДАҒЫ ТҰЗДЫ КӨЛДЕР ӘОЖ 93/94 Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жасауылдар институты тарихы мен қызметі ӘОЖ 930.001.83 «ҮЛФӘТ» ГАЗЕТІ – БІРІНШІ ОРЫС РЕВОЛЮЦИЯСЫ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ӨМІРІНІҢ ДЕРЕК КӨЗІ УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУДЕГІ РӨЛІ ӘОЖ 902.904 ҮСТІРТ ПЕН МАҢҒЫСТАУ ТАС МҮСІНДЕРІНДЕГІ САРМАТ БАТЫРЛАРЫНЫҢ БЕЙНЕЛЕРІ ӘОЖ 929.52 АКАДЕМИК М.Қ.ҚОЗЫБАЕВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ АЗАТТЫҚ КҮРЕСІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ 4(574) ҚАЗАҚ ҚАЙРАТКЕРІ Н.НҰРМАҚОВТЫҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫНА ҚАТЫСТЫ САЯСИ ҰСТАНЫМЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ АЯҒЫНДАҒЫ ОМБЫ УЕЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӘСІПШІЛІГІ ҒТАХР 03.81.37 ТАРИХ-И РАШИДИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МОҒОЛСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖЕР-СУ АТТАРЫ ДЖ. У. БУШ ТҰСЫНДАҒЫ АҚШ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘӨЖ 94 (574.51) ҰЗЫНAҒAШ ШAЙҚACЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ МЕН НӘТИЖЕСІ ҒТАХР: 03.41.91 ШУ ӨҢІРІНДЕГІ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТӨРТКҮЛДЕРДІҢ СТРАТИГРАФИЯСЫ (Х-ХІІ ғғ.) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҒТАХР 03.20.00 ЕУРОПАДАҒЫ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ТАРИХИ БІЛІМГЕ ҚАТЫСТЫ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ТАРИХИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ҒТАХР 11.25.91 ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚТЫ КЕҢЕЙТУ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕСІНЕ ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕГІ ИСПИДЖАБ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛАЛАР МЕН ЕЛДІМЕКЕНДЕР ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ "КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ" РӨЛІ ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ «КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ» РӨЛІ ҒТАХР 03.09.31ТАНЗИМАТ РЕФОРМАЛАРЫНА ЕУРОПАЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЫҚПАЛЫ ЖӘНЕ МҰСТАФА РЕШИД ПАША ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ ҒТАХР 03.09.03 РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ИСЛАМ ДІНІ ҒТАХР 03.39.15 ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ОРТА ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ САКРАЛЬДЫ ТОПОГРАФИЯСЫ ҒТАХР 03.20.29 СКРИПКАШЫ ӘЛІМ АЛМАТ (ҒАЛЫМЖАН ӘБСӘЛАМОВ) ЖӘНЕ ОНЫҢ МУЗЫКАНТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ ҒТАХР 03.09.31:03,20 СӘТТІҒҰЛ ЖАНҒАБЫЛОВТЫҢ «ДОСАН БАТЫР» ДАСТАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР МИЛЛИОН ИЕРОГЛИФТАН ТҰРАТЫН МАНУСКРИПТ (проф. Т.З. Қайыркеннің «Су Бэйхай. Қазақтың жалпы тарихы» қолжазбасын зерттеу жобасы негізінде) ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕКЕ АДАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ӘДЕПТІК ТӘСІЛДЕРІ ҒТАХР 03.20.09.31 СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.41.01 СОЛТҮСТІК-ШЫҒЫС КАСПИЙ МАҢЫ ЖӘНЕ ОҒАН ІРГЕЛЕС АУДАНДАРДАҒЫ САРМАТ МӘДЕНИЕТІ: ПРОБЛЕМАЛАР, ГИПОТЕЗАЛАР ҒТАХР 03.20.29 ХХ ҒАСЫРДЫҢ 30-ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚУҒЫНДАЛУЫ ҒТАХР 03.20.29 ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДА ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ҒТАХР 03.20.09.25 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ДӘУІРІНДЕГІ ЭЛИТА МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ДІНИ ҰСТАНЫМДАРЫ (Ибн Рузбихан және Мұхаммед Әуез еңбектері бойынша) ҒТАХР 11.25.91 ҚАЗІРГІ ГЕОСАЯСИ ҮДЕРІСТЕР АУҚЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ИРАН ҚАТЫНАСТАРЫ ҒТАХР 03.19.00 ҚЫТАЙДАҒЫ МИГРАЦИЯЛЫҚ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (ХХ ғ. аяғы – ХХІ ғ. басы) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХVIII ҒАСЫРДАҒЫ РЕСЕЙ ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК АЙМАҒЫНДАҒЫ САЯСИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАДАМДАРЫ ҒТАХР 16.00.00 ЛАТЫН ӘЛІПБИЛІ ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМЫ: ШЕТТІЛДІК СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ (1929-40 жж. ) ҒТАХР 03.20:03.09.21 ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ҒТАХР 03.20:03.29 ӘЛЕУМЕТТІК ТОП ҰҒЫМЫ АЯСЫНДА ДІНИ ЖАМАҒАТТАРДЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ МӘСЕЛЕСІ ҒТАХР 03.20:03.09.31 ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОЛТҮСТІК ӨҢІРІН ЗЕТТЕУДІҢ ТАРИХНАМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҒТАХР 03.09.55 1920-1930 ЖЖ. ШЕТЕЛДІК САЯСИ ЖӘНЕ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ САЯСАТЫ ҒТАХР 03.20:03.09.55 КЕҢЕСТІК БИЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘКІМШІЛІК-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ХХ ғ. бас. Солт. Қазақстан өңірі мысалында) ҒТАХР 03.09.03 ПАТРИОТИЗМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ ҒТАХР 03.61.91 МАРАТ МҰҚАНОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ОРТА ЖҮЗ РУЛАРЫНЫҢ ТАРАЛУ АЙМАҚТАРЫ ҒТАХР: 03.20:03.09.25 ҒҰНДАРДЫҢ АТТЫ ӘСКЕРЛЕРІ ҒТАХР: 03.20:03.01.09 ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ КӘСІПҚОЙ ЭТНОГРАФТАРЫНЫҢ БІРІ ҚҰСАЙЫН ТӘКЕЖАНҰЛЫ ҒТАХР 03.01.17 КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІН АЙҚЫНДАУ: ТАРИХ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢ ҒТАХР 03.20:03.29 ҚАЗАҚ АКСР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР ТАРИХЫНЫҢ ПОСТКЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕ ЗЕРТТЕЛУІ (1992-2019 жж.) ҒТАХР 03.81.35 ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРКӘСІБІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖЫЛДАРЫНДА ЖӘНЕ НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ (1924-29 жж.) ҒТАХР: 03.20:03.09.31 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҒТАХР 03.61.91 ТҰРМЫС-САЛТ ЖЫРЛАРЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ НҰСҚАЛАРЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ КОНТЕКСТІ ҒТАХР 11.25.19 COVID-19 ПАНДЕМИЯСЫ ЖАҒДАЙЫНДА «БІР БЕЛДЕУ - БІР ЖОЛ» ИНИЦИАТИВАСЫН ІСКЕ АСЫРУДЫҢ СЫН-ҚАТЕРІ ҒТАХР 03.61.91 ДОҢЫЗТАУДАҒЫ БЕСБАЙ ЖӘНЕ ИЗЕНАҒАШ ДІНИ-ТҰРҒЫН КЕШЕНДЕРІНІҢ МЕШІТТЕРІ ҒТАХР: 03.20 ҒАСЫРЛАРДАН СЫР ШЕРТКЕН – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН (тарихи-салыстырмалы талдау) ҒТАХР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРДАҒЫ БАЛАСАҒҰН ЭТИМОЛОГИЯСЫ ҒТАХР: 03.01.09 АКАДЕМИК МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ ХАКІМ АБАЙ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ХАҚЫНДА ҒТАХР 03.20:03.09.31 МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС ҒТАХР 03.29:03.20 ЕУРАЗИЯ КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ ЭТНОЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ АЛҒЫШАРТТАРЫ ҒТАХР 03.20.00 ЖАЗАЛАНҒАН ХАЛЫҚТАР: ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ХАЛЫҚТАРДЫ ДЕПОРТАЦИЯЛАУ ТАРИХЫНАН ҒТАХР 03.20.00 ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ҒТАХР 03.20.00 МҰРАЖАЙ ТОПТАМАЛАРЫНДАҒЫ ФОТОМАТЕРИАЛДАРДЫҢ ДЕРЕКТЕМЕЛІК МАҢЫЗЫ ҒТАМР 03.20.00 НҰРБАПА ӨМІРЗАҚОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАН КЕЗЕҢІ ҒТАМР 03.20.00 РЕСЕЙ АРХИВ ДЕРЕКТЕРІНДЕГІ АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНЫҢ КЕЙБІР ҚЫРЛАРЫ (1748–1772 ЖЖ.) ҒТАМР 03.20.00 КӨШПЕЛІ ТАЙПАЛАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРІНДЕГІ АНТ БЕРУ РӘСІМДЕРІ: САЛЫСТЫРМАЛЫ ТАЛДАУ ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАРЫ ТУРАЛЫ МРНТИ 17.71.91 РАННИЕ ЭТАПЫ ИЗУЧЕНИЯ ТЮРКСКОГО ФОЛЬКЛОРА В РАБОТАХ ЕВРОПЕЙСКИХ И РОССИЙСКИХ УЧЕНЫХ XVIII – XIX ВВ.

Автордың мақалалары

ҒТАХР 03.09.31:03,20 СӘТТІҒҰЛ ЖАНҒАБЫЛОВТЫҢ «ДОСАН БАТЫР» ДАСТАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР