Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 94 (574) ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРІНДЕГІ БҮКІЛРЕСЕЙЛІК ҚҰРЫЛТАЙ ЖИНАЛЫСЫ САЙЛАУ ӨТКІЗУ НАУҚАНЫНЫҢ БАРЫСЫ

Қ.Ә. ОСПАНҒАЛИЕВ, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің PhD докторанты, Семей қаласы, Қазақстан

ӘОЖ 94 (574) ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРІНДЕГІ БҮКІЛРЕСЕЙЛІК ҚҰРЫЛТАЙ ЖИНАЛЫСЫ САЙЛАУ ӨТКІЗУ НАУҚАНЫНЫҢ БАРЫСЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(21) 2020

Тегтер: Қазақстан, Шығыс, Ақпан, төңкерісі, Бүкілресейлік, Құрылтай, жиналысы, Уақытша, Үкімет, Алаш, қозғалысы, қазақ, қоғамы, сайлау
Аңдатпа:
Мақалада 1917 жылы Ресейдің ұлттық аймақтарының қоғамдық-саяси өміріне елеулі өзгеріс әкелген Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайлауы науқанының барысы Шығыс Қазақстан мысалында жан-жақты қарастырылған. Құрылтай жиналысына сайлау науқаны тұсында Қазақстанның шығыс өңірі қоғамының саяси мәні бар әлеуметтік мақсат-міндеттер мен ұлттық сипаттағы мүдделерді Алаш қозғалысы қайраткерлерінің белсенді қызметі арқылы жүзеге асыру әрекеттері талданған. Бұл зерттеулік мақала әртүрлі санаттағы деректер кешені арқылы дәйектеліп, тарихи тұрғыдағы ұстанымдар негізінде жазылған. Түйін сөздер: Ақпан төңкерісі, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы, Уақытша Үкімет, Алаш қозғалысы, Шығыс Қазақстан, қазақ қоғамы, сайлау
Мазмұны:

Кіріспе. Ресейдің ұлттық аймақтарына зор өзгеріс әкелген 1917 жылғы Ақпан төңкерісі Қазақстанға, соның ішінде оның Шығыс өңірінің қоғамдық-саяси өміріне әлеуметтік сипаттағы тың мазмұн берді. Қазақстан қоғамы да Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы идеясы демократиялық өзгерістерге бастама болатын басты саяси науқан деп қабылдады.

Өйткені, Уақытша Үкіметтің Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы сайлауын өткізу жөніндегі қаулысы жаңа қоғамдық қатынастың орнауына түп негізі деген сенім болды. Қаулыда, Ресейдің және ұлт аймақтарының болашақтағы мемлекеттік басқару формасын анықтау, түрлі әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелер жөнінде шешімдер қабылдау, заңдар шығару Құрылтай жиналысының қолында болатыны нақты көрініс тапты.

Семей облысының жұртшылығы да Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы сайлау науқаны тәрізді маңызды саяси науқаннан тыс қалмады. Бұл жөнінде тарихи баяндауды талқылауда кеңінен қарастырамыз.

Материалдар мен әдістер. Шығыс Қазақстандағы Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы сайлауы науқаны барысындағы өңірлік қоғамдық-саяси үдерістердің жазылуы тарихи сипаттағы әдіснамалық кешенге енетін әдістемелерді  нақтылы тұрғыда ұстануға арқылы жүзеге асырылады.

Бұл тарихи талдауды орындау барысында негізгі деректер көзі ретінде ғылыми-зерттеулік еңбектер, ғылыми құжаттық жинақтар, мұрағат құжаттары мен баспасөз материалдары зерделенеді. Тақырыптық деректер мен тарихи материалдарды жинақтау мен сұрыптау және тиянақты саралай талдау арқылы ұлт тарихында елеулі із қалдырған әрі саяси тұрғыда маңызы зор болған оқиғаның шынайылығын дәйектейміз.

Талқылау. Уақытша Үкіметтің Семей облысы көлеміндегі билік органы болған, 1917 жылдың 5 наурызда құрылған Семей облысының атқару комитетінің негізгі міндеттерінің бірі  - Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайлаудың еркін әрі ашық түрде өтуін қамтамасыз ету болды [1]. Уақытша Үкімет бұрын Дала генерал-губернаторлығының құрамына енген Ақмола және Семей облыстарын бір сайлау округіне енгізді. Дегенмен мұндай шешіммен келіспеушілік те болған. Омбы облыстық коалициялық комитеті Дала округінде Құрылтай жиналысы сайлауын ұйымдастыру мәселесін талқылап, екі облысты бір сайлау округіне біріктіруді қолайсыз деп тапты және Министрлер кеңесінің төрағасы мен Ішкі істер министріне мынадай мазмұндағы жеделхат жолдады:

«Омбы облыстық коалициялық комитеті Ақмола және Семей облыстарын бір сайлау округіне біріктіруге кесімді түрде қарсы. Облыстар арасында өмірлік байланыстың жоқтығы, Дала генерал-губернаторлығының таратылуы, сайлаудың пропорционалдық жүйе негізінде өткізілуі жағдайында қазақтардың әр облыс бойынша жеткілікті орын алуына мүмкіндіктерінің болуы, сайлауға дайындықтың шұғыл түрде жүргізілуі қажеттігі және округ территориясының ауқымдылығы жағдайында үкіметтік, қоғамдық ұйымдардың іс-қимыл жүргізуінің қиынға түсетіні екі жеке сайлау округтерін құруды қажет етеді» [2]. Алайда Үкімет Омбы коалициялық комитетінің бұл ұсынысын қолдамады және "Сайлау істері жөніндегі ережеге" сәйкес құрылған сайлау округтерінің еш өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді. 

Қазақ өлкесіндегі алты округтік комиссияның бірі Омбы қаласында құрылған Дала округтік комиссиясы еді Құрамы: Омбы Семей округтік соттарының бір-бір мүшесінен, Омбы және Семей  облыстық басқармасының екі мүшесінен, Сібір казак әскери басқармасы сайлаған бір мүшеден және Ақмола мен Семей облыстық Қазақ комитеттерінің бір-бір мүшесінен тұрды. Комиссия төрағалығына Омбы сот алқасының мүшесі сайланды [3].

Құрылтай жиналысына сайлау ісі бойынша құрылған Семей облыстық комиссиясының құрамы мынандай негізде: төрағасы – Станкевич, мүшелері: Виноградов, Киниц, Тарабаев, Ермеков, Әлімбеков, Малдыбаев және Никитиннен тұрды. Қатарлас уақытта Ақмола облыстық Құрылтай сайлауы істері жөніндегі комиссиясы құрылды. Комиссияның төрағасына Омбы округтік соты мүшесі ұйғарылып, ал құрамына: бітістіруші соттың бір мүшесі, Омбы қалалық басқармасының екі мүшесі, Ақмола облыстық қазақ комитетінің екі мүшесі және жергілікті әскери басқарманың бір мүшесі енді.

  Семей облыстық шаруа және казак Депутаттары, жұмысшы және Солдат депутаттары Кеңестерінің Құрылтай жиналысына әзірлік барысында атқарған істері мол. 1917 жылдың 5-ші сәуірінде Семей жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесінің пленарлық мәжілісі өтеді. Онда сол уақыттағы қалыптасқан саяси жағдайға байланысты кеңестің позициясы айқындалды. Саяси тұрғыда Уақытша Үкіметке қолдау көрсету және Құрылтай жиналысын өткізуді қамтамасыз ету мәселесінде Петроградтағы жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесімен Уақытша Үкімет іс-қимылдарын бірлесе шешу керектігін айтады [4, 47-б.].

1917 жылдың 1-10 маусым аралығында облыстық шаруалар және казактар съезі өткізілді. Съездің төрағалығына П.П. Косогор ( Павлодардағы кооперативтер серіктестігінің төрағасы), төрағаның жолдастары етіп И.С. Юдин (Семей облыстық жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесінің төрағасы) мен Н.И. Черкасов ( Зайсан уезінің шаруасы) сайланады. Съездің жұмысына қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдерін қатыстыру мәселесі көтеріліп, төмендегідей ұйымдардың өкілдеріне шешуші дауыс құқығын беру туралы шешім қабылданды: облыстық Қазақ комитетінен 3 өкілге, жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесінен 5 өкілге. Кеңесші дауыс құқығын саяси партиялардың әрқайсысынан 3 адамға берді. Олар: социалист-революционерлер, социал-демократтар және «Халық бостандығы» партиясы. Сондай-ақ кеңесші даусы құқығы Облыстық атқару комитетінің, Облыстық азық-түлік комитетінің барлық мүшелеріне берілді.

Съездің қызметі барысында 12 түрлі мәселені талқылап, тиісті шешімдер қабылдау көзделді. 2-маусымда өткен мәжілісінде Құрылтай жиналысы сайлауы мәселесі қарастырылып, қызу пікірталастан кейін мынадай қарар қабылданды: 1.Халықтың еркін білдіретін жоғарғы орган ретінде Құрылтай жиналысын шақыру; 2. Сайлау алды үгіт-насихат жұмысын өрістетіп, Құрылтай жиналысына еңбекші бұқараның мүддесін қорғайтын депутаттар жіберу; 3. Сайлаудың жалпыға бірдей, тең, құпия түрде өткізілуін қамтамасыз ету; 4. Ресей құрамына енетін ұлттарға өз блашағын айқындау мүмкіндігін беру [5].

Құрылтай жиналысы сайлауына мұсылман және казак қозғалыс өкілдері де үлкен жауапкершілікпен әзірленді. Семей қаласында осы өңірдің мұсылмандарының қорғанышы болар «Семей мұсылмандар комитеті» қоғамдық негізде құрылды. Комитет төрағасы болып М. Елшібаев, жолдастары болып Н. Тайыров пен Х. Бектемиров, хатшылары болып В. Сайдашев пен С. Аубакиров, қазынашылыққа Х. Сайдуков сайланды. Бұл комитет Ресейлік мұсылмандар атынан және Семей мұсылмандары атынан саяси өмірдің барлық ағымдық бағыттыры бойынша қызмет ететінін жариялады [4, 42-б.].

1917 жылы 27 наурызда Поповтың төрағалығымен өткен Семей гарнизоны офицерлерінің мәжілісінде «Республикашыл офицерлер одағы» құрылды. Ұйым мына бағдарламаны басшылыққа алып қызмет етуді көздеді:

-  Құрылтай жиналысы шақырылғанға дейін Уақытша Үкіметке қолдау көрсету;

-  Демократиялық республика құрылысын орнату және демократиялық республика идеясын халық арасында кеңінен насихаттау;

-  Соғысты жеңіске жеткенге дейін жалғастыру, қай тараптан төнгеніне қарамастан конрреволюцияға қарсы күресу;

-  Офицерлердің солдаттармен, әскердің халықпен бірлесе әрекет етуі;

Комитеттің 5 адамнан және 2 кандидаттан тұратын президиумы сайланды. Президиумның құрамына Попов, Благовещенский, Балкашин, Зайцев, Солодилин енді. Ал Смирнов пен Ожинский кандидаттар болды. Президиумге солдат және жұмысшы депутаттары Кеңесімен бірлесіп қызмет ету жүктелді[6].

Семей қалалық Құрылтай жиналысына сайлау комиссиясы 1917 жылы 2 қазанда өз қызметіне кіріскен болатын. Оның төрағасы: Семей округтік сотының мүшесі – А.И. Никольский, төраға жолдасы - Семей уезіндегі екінші  учаскенің бітістіруші соты – С.И. Здоровченко және мүшелері: Семей уезіндегі үшінші учаскісінің бітістіруші соты – И.П. Лукась, И.А. Воржиковский, Т.С. Мырзалинов болды [7]. Сайлау заңының І бөлімінің 52 бабында көрсетілген мерзімде округтік және облыстық комиссиялардың құрамына кандидаттар тізімін ұсынған әрбір топтың бір мүшесі енетін болды [8, 104-б.].

1917 жылы маусымында Семей облысындағы билік жүйесінің қайта құрылуы жүзеге асырылып, Семей облысындағы комитет тең принциптер негізінде «Делегаттық кеңес» формасында қайтадан құрылды. Оған  жұмысшы және  солдат Депутаты кеңесі шаруа және казак Депутат кеңесі, Облыстық Қазақ Комитетінің әрқайсысынан 15-тей мүшелер енді. Делегаттар жиналысы тұрақты қызметі барысында саяси маңызы бар мәселелерді көтерді және оған байланысты тиісті шешімдер қабылдап отырды. Делегаттар жиналысының 1917 жылғы 12 шілдедегі мәжілісінде төрт түрлі мәселе қаралды. Соның ішінде Құрылтай жиналысына сайлау жөніндегі мәселе де талқыланды. Қаулыда әрбір ұйымнан бір мүше енетін комиссия құру және комиссия Құрылтай жиналысына сайлауға  дайындық жұмыстарын жүргізуге тиісті деп көрсетілді.

Семей облысы қазақтарының екінші съезі 12 қыркүйекте басталады деп күтілді. Оған әр уезден делегаттар шақырылды. Съезде қарайтын мәселелер: 1. Учредительное собрание сайлауы; 2. Земство құру ісі; 3. Жер комитеттері; 4. Милиция жасағын құру жөніндегі кеңес; 5. Облыстық Қазақ комитетінің есебі және т.б. Осы съезге өкілдердің аз келгеніне байланысты бұл жиылыс Облыстық Кеңес атауымен өтілсін деп ұйғарылды. Кеңес төрағасы Р. Мәрсеков, орынбасары Ж. Ақпаев, хатшылары И. Әлімбеков пен М. Малдыбаев болды. Кеңесте Х. Ғаббасов ұсынған 7 мәселе қаралды. Олар: Қазақ комитетінің есебі, милиция мәселесі, жер комитеттерін сайлау, земство құру, азық-түлік мәселесі, Құрылтай жиналысына өкілдер жіберу және әр тұрлі сипаттағы жай мәселелер бойынша жұмыс істелінді [4, 44-б.].

Облыстың қоғамдық-саяси өмірінде сәуірдің 27-сі мен мамырдың 7-і аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезінің алатын орны ерекше. Съезге облыстың бес уезінен 200-ге жуық делегат және Алтай өлкесіндегі Бийск уезінің екі өлкілі (қазақтар)  қатысты. Делегаттардың ішінде әйел қауымынан жеті адам болды [9, 104-б.]. Облыстық Қазақ комитеті съезге өзінің бағдарламасын ұсынды. Бағдарлама қазақ қоғамы үшін жанды да жауапты Құрылтай жиналысы, мемлекеттік басқару түрі, автономия және жергілікті басқару, жалпықазақ съезі, халыққа білім беру, сот, қоғамдық қазына, 1916 жылғы 25 маусым жарлығына байланысты  шығындарды өтеу сияқты мәселелерден құрылған еді. Көпшілік бұл бағдарламаны бір ауыздан бекітті [4, 43-б.]. Съезд өз жұмысын алты секцияда жүргізді. Оның шешімдерінің көпшілігі мазмұны жөнінен Торғай съезінің қарарларын қайталады. Осыған қарамасытан Семей съезінің өзіне тән басты ерекшелігі онда мемлекеттік басқару мен қазақ халқының автономиясы туралы мәселелер бойынша қабылдаған шешімдер болды. Ол бойынша қабылдаған съезд шешімінде былай делінді: «Россия мемлекеттің территориясының кеңдігін, оны мекендейтін халықтардың ерекшеліктерін олардың мәдени дәрежесінің әртүрлілігін ескере отырып, съезд федеративтік демократиялық республиканы жақтайтындығын білдіреді», «Тұңғыш Россиялық Құрылтай жиналысында, - ұлы Россияны мекендейтін халықтардың бостандығын, теңдігін және туысқандығын қамтамасыз ететін құқықтары бекітілуі тиіс, әрбір халық өзінің ұлттық, тұрмыстық, мәдени-экономикалық, тарихи-жағрапиялық ерекшеліктеріне сәйкес саяси өмірін құру керек. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктері оларға лайықты жергілікті заңдар шығаруды талап етеді; съезд автономияны жақтайды, ал ол мәселені түпкілікті шешуді жалпықазақ съезінің үлесіне қалдырады» [8, 105-106-бб.].

Жалпықазақ съезі қарсаңында "Қазақ" газетінде Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Жәнібеков, С. Кәдірбаев, Е. Омаров, Е. Тұрмұхамедов және Н. Бегімбетов қол қойған "Қазақ халқына (есеп алу тақырыпты) " атты үндеуі жарияланады. Бұл үндеудің мақсаты халыққа жүргелі тұрған ауыл шаруашылығы есебінің мән-жайы мен Құрылтай жиналысы үшін маңызын түсіндіру болатын [10, 18-б.].

"Құрылтай жиылысының сайлауына байланысты қазақ зиялыларының Алашқа" атты үндеуінде халыққа мынадай жалынды сөздер арналған:"Ұлы той, үлкен жиылыс Учредительное Собрание сайлауы таянды, 12 ноябрьде болады, бұған бір-ақ ай қалды. Бірақ осы бір ай – біздің бағымыздың байлауы, ырысымыздың қазығы, тіршілігіміздің тіреуі, еліміздің тілеуі, көгеруі үшін бәйгеге түсіп, жарысып қалатын бір ай. Қазақтың баласы! Қолына қағаз алып, сайлау сандығына саларда дүниеден өшпесіңе, үрім-бұтағынның зар қақпасына, діңіне, жеріңе, еліңе ие болатыныңа салып тұрған қағазың екенін есіңнен шығармассың!» [11, 53-б.].

Ақпан төңкерісінен кейін Қазақстанның шығыс өңірінде де  түрлі ұлттық, қоғамдық негізде құрылған саяси партиялардың ықпалы күшейе түсті. 1917 жылы 18-наурызда кадеттерді жақтаушылардың жиналысы Семейде партияның бөлімшесін ұйымдастыру туралы шешім қабылдады, 20 адамнан оның комитеті сайланды. «Халық еркіндігі» партиясы(кадеттер) Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстарына қызу түрде кірісті. Үкіметтік партия болған кадет партиясы сауда-өнеркәсіптік топпен бірлесіп №6 тізімді ұсынды. Оған оннан астам кандидаттың есімі енгізілді: 1. Маклаков В.А., 2. Кауфман А.А., 3. Скороходов А.А., 4. Буяновский Н.Д., 5. Кошко А.В.,  6. Каргалов Д.С., 7. Станкевич Ф.К., 8. Стаиновский И.П., 9. Федоров А.К., 10. Кадыш С.Ч., 11. Карнаков Н.П., 12. Алчедаевский С.Р., 13. Барышевцев В.В. және т.б. [12].

 Семейдегі эсер ұйымының қатарында 1917 жылдың наурыз-сәуір айларында 300 адам болды. Семей облыстық атқару комитеті құрылған күннен-ақ эсерлер жергілікті Уақытша Үкіметке сенім білдіріп, қолдайтындарын жеткізеді. Эсерлер Семейдегі жұмысшы және солдат депутаттарының, шаруа және казак депутаттарының кеңестерінде көпшілікті құрады. 1917 жылы 2 қыркүйекте облыстық шаруа және казак депутаттары Кеңесінің съезі өтіп, талқыланған мәселелердің бірі-Құрылтай жиналысы сайлауына депутаттар тізімін ұсыну болды. Бірінші болып тізімге социалист-революционерлер партиясының мүшелері- И.С. Юдин, В.Ф. Шишканов, В.Т. Лютов, Логейко, С.П. Голяшев, П.П. Косогор енгізілді [13]. Жалпы социалист-революционерлер партиясының Ақмола және Семей облыстық комитеттері Ақмола және Семей облыстық шаруа депутаттары кеңестерімен, Омбы әскери округінің солдат-шаруа кеңесімен бірге ортақ тізім ұсынған еді.

Социал-демократтардың 1917 жылғы 4 қыркүйектегі мәжілісінде Құрылтай жиналысына Семей қаласынан алты кандидат ұсыну туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ Омбыдан төрт, Петропавл, Көкшетау, Атбасар қалаларынан бір кандидаттан ұсынылды. Сонымен социал-демократиялық жұмысшы партиясы (интернационалистер) Омбы ұйымының тізімінде кандидаттар төмендегідей ретпен берілді: 1. К.А.Попов, 2. К.Д. Ляшкевич, 3. С.И. Редников, 4. А.И. Богданов, 5. А.К. Виноградов, 6. Ф.Т. Устинов, 7. С.Г. Вележев, 8. В.А. Турамжин, 9.  М.И. Белкин, 10. В.П. Короблев, 11. В.И. Петухов, 12. Д.С. Тимофеев, 13. П.А. Михельсон, 14. А.Г. Григорьев [14].  

Сібір казак әскерінің екінші әскери округі Құрылтай жиналысына 21 қыркүйектегі мәжілісінде 14 кандидат ұсынды. Олардың қатарында И.П. Лаптев, Е.Я. Глебов, В.А. Власов, А.Н. Седельников, Е.П. Березовский болды [15].

Жергілікті Қазақ комитеттерінің белсенді қызметі нәтижесінде «Алаш» партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылғы қазан айынан бастап барлық аймақтарда қалыптаса бастады. Әлихан Бөкейханның тікелей ұйымдастыруымен  және басшылығымен қазанның 12-20 аралығында алдымен Семейде, кейін Омбыда партияның облыстық ұйымдары құрылды. Семей облыстық партия комитетінің төрағасы болып Халел Ғаббасов сайланды. Алғашында «Алаш»  партиясы өкілдері халықты бірлікке шақырып, алдағы келе жатқан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы сайлауына қазақ ұлты атынан бір ғана тізім ұсынуды және сол тізім құрамына тек I жалпықазақ съезінде көрсетілген зиялыларды ғана енгізуді насихатайды. Семей және Ақмола облыстарынан депутаттыққа және оларға кандидаттыққа лайықталған адамдар реті мыналар:Семей облысынан: 1. Г. Потанин; 2. Ә. Бөкейханов; 3. Ә. Ермеков; 4. Х. Ғаббасов; 5. М. Боштаев; 6. Ж. Ақпаев; 7. Б. Сарсенов; 8. А. Қозбағаров; Ақмола облысынан: 1. А. Тұрлыбаев; 2. А. Сейітов; 3. Е. Итбаев; 4. С. Жанайдаров; 5. Ж. Тілеулин; 6. Р. Дүйсенбаев; 7. М. Жұмабаев; 8. С. Аблаев; 9. С. Мешінбаев; 10. С. Көсемісов; 11. Х. Болғанбаев; 12. С. Сейфуллин[16, 42-43-б.].

Бірақ, Дала округінде ойламаған жерден тағы да бір қазақ кандидаттары тізімі пайда болады. Бұл тізім жаңадан құрылған «Үш жүз» партиясының тізімі еді. Партияның құрылу мақсаты жөнінде М. Әйтпенов пен Ы. Қабеков «Сарыарқа» және Семейден шығатын өзге газеттер басқармаларына жіберген телеграммасында : «Белгілі кадет Бөкейханов жасаған Алаш партиясының жолына наразы қазақтар жеке Үш жүз деген социалист партиясын жасадық. Мақсаты федерацияны қорғау һәм түрік-татар қауымдарын біріктіру. Учредительное Собраниеге жеке список шығардық. Тұрағы Омбы » - деп баяндайды [10, 17-б.]. «Үш жүз партиясының саяси келбетін көпшілікке кеңінен таныстыру үшін К.Төгісов пен оның пікірлестері өз жақтастарының бір тобын Құрылтай жиналысы депутаттығына кандидаттар етіп ұсынды. Ұсынғандардың қатарында Ақмола облыстық қазақ комитетінің үш мүшесі: Х. Бекқожин, Қ. Торсанов, Б. Әділов; Омбы уездік қазақ комитетінің төрағасы М. Айтпенов және Петропавл уездік қазақ комитетінің төрағасы Ғ. Қуанышев болды. К. Тоғысовтың өзі кандидаттар қатарынан Бүкілроссиялық шаруалар Советінің атқару комитетінің мүшесі ретінде орын алды. Жоғарыда аталғандардан тыс кандидаттар тізімінде Ү. Қасаев, С. Сейфуллин, Н. Құлжанов, М. Уәлиханов, Ш. Әлжанов, С. Аблаев және Ы. Төлебаев болды. «Үш жүз» тізімі бойынша Құрылтай жиналысы депутаттығына ұсынылған жоғарыда аталған 13 адам негізінен сол кездегі ресейлік үш саяси партияға: эсерлерге, ұлттық социалистерге және социал-демократтарға іш тартты [8, 128-б.]. Сайлау басталмай жатып-ақ халықтың қабылдамағанын сезген «Үш жүз» кандидаттары өз еріктерімен сайлау тізімінен шыға бастайды. Олардың кейбіреулері өздерін тізімге сырттан, яғни депутаттыққа кандидаттың келісімінсіз жазылынып алынғандығын ескертеді [10, 17-б.].

Жалпы алғанда Дала округі бойынша саяси партиялар, қоғамдық, әскери, діни бірлестіктер, түрлі ұлт өкілдері ұсынған 14 тізімнің кандидаттары сайлауға түсті. Олар: №1. Сібір казак әскерінің екінші әскери округінің тізімі (11 кандидат); №2. Дін қызметкерлері мен тұрғындардың Орталық комитеті (7 кандидат); №3. Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясының (большевиктер) Омбы комитеті (4 кандидат); №4. Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясының (интернационалистер) Омбы ұйымы (14 кандидат); №5. «Алаш» партиясы (19 кандидат); №6. «Халық бостандығы» партиясы мен сауда өнеркәсіптік топтардың блогы (14 кандидат); №7.Мұсылман-социалистер (3 кандидат); №8. Ақмола және Семей социалист-революционерлердің комитеті, Ақмола және Семей облыстық шаруа депутаттарының Кеңестері, Омбы әскери округінің солдат-шаруа Кеңестерінің бірлескен тізімі.(19 кандидат); №9. Сібір казак әскерінің еңбекші кзактары. (5 кандидат); №10. Социалистік топтардың блогы (социалист-революционерлер, социал-демократтар-меньшевиктер, социал-демократтардың «Бірлік» тобы, Еңбекші халықтық социалистік партия) (13 кандидат); №11. Қазақтың социалистік-саяси «Үш жүз» партиясы (13 кандидат); №12. Неміс ұлтының Омбы топтары (4 кандидат); №13. Татардың демократиялық топтары (1 кандидат); №14. Петропавл қаласының православ азаматтарының тобы (7 кандидат) [17].

Құрылтай жиналысы сайлауына дайындықтың  ең маңызды буыны халыққа сайлаудың қыр-сырын түсіндіру мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру болды. Барлық жергілікті саяси партиялар, дін өкілдері, қоғамдық және сауда ұйымдары бұл бағыттағы жұмыстарға белсене кірісті. Сайлау таянған сайын қарбалас күшейе түсті. Бұл жөнінде М. Дулатов: «Тойдың болғанынан боладысы қызық. Қазір ең қызық уақыт. Қазіргі бәйгеге қосылып отырған бір кісінің, иә бір рудың аты емес, бүкіл алаштың аты- Дей келе ...жұртқа ескерту, түсіндіру үшін осы бастан елге комитеттер кісі шығару керек екендігін ескертеді. М. Дулатовтың бұл ой-түрткісі өз шешімін табады. Семей облыстық қазақ комитеті Өскемен, Семей уездеріне жеті кісі шығарады [10, 18-б.].

Құрылтай жиналысының атқаратын қызметі және оған лайықты өкілдер сайлау мәселесі жөнінде жергілікті басылым беттерінде мақалалар жарияланып, Құрылтай сайлауы туралы мағлұмат беріліп отырған. Семейдегі мемлекеттік басқаруға ұмтылған түрлі саяси күштер өздерінің бағыт-бағдарын халық арасында насихаттауды баспасөз арқылы жүргізген. 1917 жылы 5-наурызда құрылған қоғамдық ұйымдар мен армияның Семей облыстық атқару комитеті 1917 жылдың 7-наурызынан бастап «Семей облыстық атқару комитетінің бюллетенін» және сәуір айында осы Бюллетень орнына «Семей облыстық атқару комитетінің хабарлары» сынды саяси газеттерді шығарды.  4-маусымнан «Известияның» орнына қоғамдық-әдеби «Дело» газеті басылады. Семейдегі билеуші партиялардың біріне айналған эсерлер Дело басылымы арқылы халыққа өз бағдарламалары мен идеяларын жеткізуге тырысады. Эсерлердің облыс бойынша алғашқы ресми газеті 1917 жылы 7-маусымнан «Воля народа» деген атпен дүниеге келеді. Эсерлер бағдарламасындағы ең басты жер мәселесі болғандықтан жер саясатын іске асыру үшін «Воля народа» газетіне қосымша ретінде 1917 жылдың шілде айынан «Бюллетень Семипалатинского областного Земельного комитета» газетін шығарады [18, 18-б.]. Халық бостандығы партиясының «Свободная речь» газеті саяси, қоғамдық, әдеби және экономикалық салаларды қамтитын басылым ретінде 1917 жылдың 29 маусымынан бастап шығарыла бастады. 1917 жылдың 24 маусымында Мусиннің редакторлығымен татар тілінде «Халық сюзи» газетінің бірінші саны жарық көрді. Газет бетінде қалалық дума сайлауына, Құрылтай жиналысына қатысты мақалалар жарияланып тұрды. Қазақ тілінде жарық көрген «Абай» журналы мен «Сарыарқа» газеті ел өміріндегі өзекжарды мәселелерді көтеріп, облыстың қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік із қалдырды. Сонымен қатар Қазақстаннан тысқары жарық көрген «Русское слово», «Раннее Утро», «Русская Воля», «Сибирская жизнь» және тағы басқа басылымдар облыс тұрғындарының үлкен сұранысына ие болды [19].

Ұлттық идеяны насихаттауда қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесіне сәйкес идеологиялық ықпал етудің ең басты құралы-баспасөз болғандықтан, ең біріншіден газет-журналдардың саны көбейтіліп, елге тарату ісі жолға қойылды. Өйткені, А. Байтұрсыновтың сөзімен айтқанда, "газет-халықтың көзі, құлағы һәм тіліне" айналды [20, 326-б.].

Үгіт-насихат жұмысын жандандыру мақсатында ұлт зиялылары Семейде "Сарыарқа" газетін (1917 жылы маусым айынан 1919 жылдың тамыз айына дейін шығып тұрған, алғашқы редакторы-И.Әлімбеков), Қызылжарда "Жаңа заман" журналы (1917 жылдың қазанынан бастап шығарыла бастаған, шығарушысы Р. Дүйсенбиев, кейін С. Сейфулиннің ықпалымен большевиктік бағыт ұстанған), Семейде "Абай" журналы (1918 ж. 15 қаңта-1918 ж. қараша аралығында 12 саны шыққан, шығарушылары - Ж. Аймауытов пен М. Әуезов), Қызылжарда "Жас азамат" газеті (1918 ж. 30 шілдесінен бастап аптасына бір рет шыққан, 1919 ж. 8 ақпанға дейін 22 санны жарық көрген, шығарушысы - Қ.Кемеңгеров) шығарылып, әрбір аймақтарда ұлттық идеяны насихаттаудың жүйесін қалыптастырды. Отарлық жүйеде қазақтың маңдайына біткен "Айқап" журналы мен "Қазақ" газеті ғана болғанын және цензура тәртібіне байланысты олардың өз ойларын ашық жеткізе алмағанын ескерсек, Ақпан революциясынан кейін Қазақстанның солтүстік-шығыс аймағында ғана осыншама газет-журналдардың шығарылуы және идеологиялық жұмыстарды цензурасыз ашық жүргізуі маңызды қоғамдық құбылыс болып табылады [11, 48-б.].

Өлкедегі саяси партиялар комитеттері мен қоғамдық ұйымдар өкілдері орыс тілді "Туркестанские ведомости"(Ташкент), "Наша газета"(Ташкент), "Знамя свободы" (Ташкент), "Рабочее утро" (Орынбор), "Семиреченские ведомости" (Верный), "Дело" (Омбы), "Свободная речь" (Семей), "Воля народа" (Семей) тәрізді басылымдар арқылы халыққа Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының сол тарихи кезеңдегі алатын орнын түсіндіріп, Құрылтайдың күн тәртібіне қойылатын саяси-экономикалық проблемалар туралы материалдар жариялады.

 1917 жылы 4 қазанда Құрылтай жиналысы сайлау істері жөніндегі Семей уездік комиссиясының мәжілісі өтіп, уезд территориясында земстволық сайлау кезіндегідей сайлау учаскілерін құру мәселесі қаралды. Нәтижесінде уездік сайлау комиссиясы земствоны енгізу комитеті жасаған сайлау учаскілерінің тізіміне Белағаш болысының енбей қалу себебін анықтауды уездік комиссар мен жер комитетіне жүктеді. Қазақ және шаруа болыстары енген уездің қалған территориясы 104 сайлау учаскісіне бөлінді. 8 қазанда өткен уездік комиссияның мәжілісі Белағаш болысын Томск губерниясының Змеиногорск уезіне қосу туралы шешімге келді [21].

1917 жылдың 11 қазанында Семей облыстық сайлау комиссиясының мәжілісі өтіп, Семей қаласын сайлау учаскілеріне бөлу туралы қалалық сайлау комиссиясының жобасын бекітті. Семей қаласы төрт сайлау учаскісіне бөлінді. Қазақстанның шығыс өңірінде Құрылтай жиналысы сайлауына дайындықтың қызу түрде жүргізілгенін айқын көруімізге болады. Түрлі саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ түрлі ұлт өкілдері өздерінің тізімдерін ұсынды.

Дала округіндегі сайлаудың алғашқы күні 25 желтоқсанға, соңғы күні 31 желтоқсанға белгіленді. Сайлаушылардың тізімі 15 қарашадан бастап мына мекен-жайлар бойынша Семей тұрғындарының назарына ұсынылған:

Бірінші сайлау учаскісінде «Модерн» театрында;

Екінші сайлау учаскісінде  «Гоголь» кітапханасында;

Үшінші сайлау учаскісінде «Клуб-театрда»;

Төртінші сайлау учаскісінде «Пожарное Депо» ғимаратында. 

Тізімге қатысты шағымдарды қалалық басқарма 25 қарашаға дейін қабылдап, толықтырылған, түзетілген сайлаушылардың тізімін қайтадан жариялаған. Кандидаттар тізімін қабылдау да 1917 жылдың 25 қарашасында тоқтатылған [22].

Уақытша Үкіметтің «Құрылтай жиналысына сайлау істері жөніндегі» қаулысына сәйкес Құрылтай жиналысына сайланатын депутаттардың саны халықтың санына байланысты болды. Екі жүз мың адамнан бір депутаттан сайланбақ. Семей облысындағы халықтың саны 1.157.200 адам, ал Ақмола облысында 1.591.000. Сәйкесінше Семей облысынан 6, Ақмола облысынан 8 депутат сайлау көзделді. Қазақтар Семей облысындағы халықтың 73 пайызын (845,756), Ақмола облысындағы халықтың 36,6 пайызын(582,306) құрады. Семей облысындағы қазақ депутаттары - 4, қазақ кандидаттары 8, Ақмола облысындағы қазақ депутаттары 3, қазақ кандидаттары 12 адам болуы тиіс еді.

Семей қаласы бойынша Құрылтай жиналысы сайлауының қорытындысы төмендегідей:

№1 тізім-195 дауыс,  №8 тізім-1056,

№2 тізім- 156,  №9 тізім- 38,

№3 тізім- 1032,  №10 тізім- 296,

№4 тізім- 362,   №11 тізім- 1,

№5 тізім- 3304,  №12 тізім- 9,

№6 тізім- 1872,  №13 тізім- 31,

№7 тізім- 1565,  №14 тізім- 12.

Сонымен бірінші орында «Алаш» партиясы (3304 дауыс), екінші орында «Халық еркіндігі» партиясы (1872 дауыс), үшінші орында татар мұсылман-социалистер тізімі (1565 дауыс).

Құрылтай сайлауы науқаны Алаш қаласы бойынша 1917 жылдың 13 желтоқсаннан басталды. Сайлау 26-30 желтоқсан күндері сағат таңертеңгі 9-дан кешкі 9-ға дейін, ал 31 желтоқсан күні таңертеңгі 9-дан түскі сағат 1-ге дейін өткізілген.

1). Алаш қаласы бойынша халықтың жалпы саны - 8156 адам болған, оның 4598-і ер адам, 3560-ы әйел адам; соның ішінде дауыс беру құқығы барлар (20 жастан жоғары): 1484 - ер адам, 1353 - әйел адам, барлығы - 2887 адам.

2). Сайлауға қатысқандар саны: 2106 адам, оның ішінде-1213-і ер адам, 893-і әйел адам, дұрыс дауыс саны - 2097. Сайлауға қатысқандар саны: 780 адам, оның ішінде 271-і ер адам, 509-ы әйел адам.

Сайлау қорытындысында тізімдер бойынша дауыстар былай бөлінді: №1 тізімге - 5 дауыс, №2 тізімге - 21 дауыс, №3 тізімге - 52 дауыс, №4 тізімге - 25 дауыс, №5 тізімге - 1801 дауыс, №6 тізімге - 67 дауыс, №7 тізімге - 81 дауыс, №8 тізімге - 33 дауыс, №9 тізімге - 4 дауыс, №10 тізімге - 7 дауыс, №12 тізімге - 1 дауыс берілген.

Сайлау қорытындысында №5 тізімді «Алаш» партиясы үлкен басымдықпен жеңіске жеткен: 1801 дауыс [4, 66-б.]. Семей уезінде: Алаш партиясы үшін 58331 сайлаушы дауыс берсе, эсерлер - 3375, казактар (казак-орыстар) - 1910, ал қалған 10 партиялар мен ұйымдар небәрі 1300 дауыс алды [23, 308-309, 311-313, 317-318-бб.].

Дала округінің сайлау қорытындылары толық емес. Бізге белгілі мәліметтерге қарағанда ресми түрде берілген 14 орынның 70-80 пайызын Алаш партиясы иемденген. Олай болса Алаш партиясы тізіміндегі 9-10 кандидат, атап айтқанда, Ә. Бөкейхан, А. Тұрлыбаев, Ә. Ермеков, Х. Ғаббасов, А. Сейітов, М. Боштаев, Е. Айтбаев, Ж. Ақбаев, С. Жанайдаров, Р. Мәрсеков сайлануы мүмкін [10, 21-б.].

Қорытынды. Сонымен қазақ өлкесіндегі, соның ішінде Семей өңірінде де Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайлау науқаны жоғары деңгейде өткізілді. Сайлау алды бағдарламаларында ел тағдыры үшін аса маңызды мәселелер қамтылды. Халық қалаған азаматтарына саналы түрде дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. 

Семей облысы көлемінде сайлау жүйесінің барлық принциптері барынша әділ түрде жүзеге асырылды. Дала округіндегі сайлау мерзімі желтоқсанның 26-31 жұлдыздарына белгіленді. Құрылтай жиналысына сайлау ісі бойынша Дала округтік комиссиясы, Семей және Ақмола облыстық комиссиялары, сондай-ақ уездік комиссиялар құрылды. Бұл комиссиялардың құрамына арнайы тағайындалған мүшелермен қатар кандидаттар тізімін ұсынған әрбір топтан бір мүшеден ену мүмкіндігінің болуы да Құрылтай сайлауының демократиялық сипатын көрсетеді.

 Шығыс Қазақстан жұртшылығы саяси белсенділік танытып, ерікті және саналы түрде қалаған саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдарға өз дауыстарын берді. 1917 жылдың қараша-желтоқсан айларында қазақ қоғамы ең алғашқы демократиялық түрдегі сайлау жүйесін басынан кешірді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. // Бюллетень С.О.И.К. (Семипалатинского областного исполнительного комитета). 17.03.1917. -№11.

2. // Свободная речь.31.06.1917. -№15.

3. // Воля народа.13.08.1917. -№56.

4. // Сайлаубай Е. Алашорда үкіметінің шығыс бөлімі:т.ғ.к. ...дисс. - Алматы,2001.

5. // Воля народа9.06.1917. - №3.

6. // Бюллетень С.О.И.К. 31.03.1917. - №24.

7.// Воля народа. 8.10.1917. - №99.

8. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. - Алматы: «Ататек», 1995. - 256 б.

9. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. - Алматы: «Санат», 1995. – 368 б.

10. Серікбаев Е. Қазақстан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысында даярлық және оның идеяларын қорғау кезеңінде (1917 ж. наурыз-1918 ж. қараша). - Алматы, 2002. - 3-27-б.б.

11. Шаяхметов Н. Ел - бүгіншіл, менікі - ертеңгі үшін. - Алматы, 2001.

12. // Свободная речь.12.11.1917. -№88.

13. // Воля народа.14.09.1917. -№80.

14. // Свободная речь. 8.10.1917. - №58

15. // Свободная речь. 2.11.1917. - №79.

16. Қойгелдиев М. Алашорда – ХХ ғасырдағы қазақтың алғашқы ұлттық мемлекеті // Ақиқат. - 1992. №11. - 32-44-б.б.

17. // Свободная речь. 3.01.1918. - №125.

18. Ыбырайымова М. Семей өңіріндегі басылымдар // Қазақ тарихы. - 2003. - №5. - 54-56-б.б.

19. // Воля народа.8.09.1917. -№76.

20. «Қазақ» газеті. – Алматы, 1998. -  560б.

21. // Свободная речь. 6.10.1917. - №56.

22. // Свободная речь. 16.11.1917. - №91.

23. Спирин Л.М. Россия 1917 год: Из истории борьбы политической партии. - Москва,1987. - 334 с.

References

1. // Bıýlleten S.O.I.K. (Semıpalatınskogo oblastnogo ıspolnıtelnogo komıteta). 17.03.1917. - №11.

2. // Svobodnaıa rech. 31.06.1917. - №15.

3. // Volá naroda. 13.08.1917. - №56.

4. // Saılaýbaı E. Alashorda úkimetiniń shyǵys bólimi: t.ǵ.k. ... dıss. - Almaty, 2001.

5. // Volá naroda9.06.1917. - №3.

6. // Bıýlleten S.O.I.K. 31.03.1917. - №24.

7. // Volá naroda. 8.10.1917. - №99.

8. Nurpeıisov K. Alash hám Alashorda. - Almaty: «Atatek», 1995. - 256 b.

9. Qoıgeldıev M. Alash qozǵalysy. - Almaty: «Sanat», 1995. – 368 b.

10. Serikbaev E. Qazaqstan Búkilreseılik Quryltaı jınalysynda daıarlyq jáne onyń ıdeıalaryn qorǵaý kezeńinde (1917 j. naýryz-1918 j. qarasha). - Almaty, 2002. - 3-27-b.b.

11. Shaıahmetov N. El - búginshil, meniki - erteńgi úshin. - Almaty, 2001.

12. // Svobodnaıa rech. 12.11.1917. - №88.

13. // Volá naroda. 14.09.1917. - №80.

14. // Svobodnaıa rech. 8.10.1917. - №58

15. // Svobodnaıa rech. 2.11.1917. - №79.

16. Qoıgeldıev M. Alashorda – HH ǵasyrdaǵy qazaqtyń alǵashqy ulttyq memleketi // Aqıqat. - 1992. №11. - 32-44-b.b.

17. // Svobodnaıa rech. 3.01.1918. - №125.

18. Ybyraıymova M. Semeı óńirindegi basylymdar // Qazaq tarıhy. - 2003. - №5. - 54-56-b.b.

19. // Volá naroda. 8.09.1917. - №76.

20. «Qazaq» gazeti. – Almaty, 1998. -  560 b.

21. // Svobodnaıa rech. 6.10.1917. - №56.

22. // Svobodnaıa rech. 16.11.1917. - №91.

23. Spırın L.M. Rossıa 1917 god: Iz ıstorıı bórby polıtıcheskoı partıı. - Moskva, 1987. - 334 s.

К.А. ОСПАНГАЛИЕВ

PhD докторант Казахского гуманитарно-юридического инновационного университета, ород Семей, Казахстан

УДК 94 (574)

О ХОДЕ ПРОВЕДЕНИЯ ВЫБОРОВ ВСЕРОССИЙСКОГО УЧРЕДИТЕЛЬНОГО СОБРАНИЯ ВОСТОЧНО-КАЗАХСТАНСКОЙ ОБЛАСТИ

Аннотация

В статье подробно рассмотрен ход кампании по выборам на Всероссийское Учредительное собрание, которое в 1917 году изменило общественно-политическую жизнь национальных регионов России, на примере Восточного Казахстана. В период избирательной кампании на Учредительное собрание были проанализированы попытки общества Восточного региона Казахстана реализовать социально значимые цели и задачи национального характера через активную деятельность деятелей движения Алаш. Эта исследовательская статья была написана на основе исторических принципов, которые подтверждены комплексом данных различных категорий.

Ключевые слова: Февральская революция, Всероссийское Учредительное собрание, Временное правительство, движение Алаш, Восточный Казахстан, казахское общество, выборы.

K.A. OSPANGALIEV

PhD doctoral student of the Kazakh Humanitarian Law Innovation University, City of Semey, Kazakhstan

UDC 94 (574)

ON THE COURSE OF THE ELECTION OF THE ALL-RUSSIAN FOUNDING MEETING OF THE EAST KAZAKHSTAN REGION

Summary

The article describes in detail the course of the election campaign for the All-Russian Constituent Assembly, which in 1917 changed the socio-political life of the national regions of Russia, using the example of East Kazakhstan. During the election campaign for the Constituent Assembly, the attempts of the society in the Eastern region of Kazakhstan to realize socially significant goals and tasks of a national nature through the active work of the Alash movement were analyzed. This research article was written on the basis of historical principles, which are confirmed by a complex of data of various categories.

Keywords: February revolution, All-Russian Constituent Assembly, Provisional Government, Alash movement, East Kazakhstan, Kazakh society, elections.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

Қаралуы: 450

Рецензиялар жоқ

Жүктеу

МАКАЛА ОСПАНГАЛИЕВ 22.docx 0.06 MB

Санат

Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Макро- және микротарих Отан тарихы. Зерттеудің жаңа әдістері Жас ғалымдар зерттеулері Сын. Пікір

Тақырып бойынша мақалалар

Моңғолдардың Шығыс және Орталық Еуропаға жорықтары (1241-1242) УДК 327 (574+4):339.92 Қазақстанның Еуропа мемлекеттерімен энергетика саласындағы ынтымақтастығы ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТЫ КОРЕЙ ЕЛІНДЕ АЯҚТАҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ТАРХАНДАР ИНСТИТУТЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ ШОЛУ (XVIII ғ. - 1917 ж.) АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ КӨП САЛАЛЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ БІР ҚЫРЫ Қазақстанда әкімшілік-аумақтық жүйені өзгертуге қатысты Ресей империясының заңнамасы О ТЕРМИНАХ «КАЗАХИ» И «КАЗАХСКОЕ ГОСУДАРСТВО» В ИСТОЧНИКАХ 923.2 Қожа Ахмет Ясауи ілімі негізінде көне түркілік дүниетанымдағы «биліктің киелілігі» ұғымының исламдық құндылықтармен орнығуы Айдархан Турлыбаев – политический лидер алашского движения. 930:929 The study of heritage Ahmet Baitursynov and his adherents in the period of independence of Kazakhstan ӘОЖ 39(574)(092) Нығмет Мыңжани - этнограф 930:94(574)"14/17" Т.И. СҰЛТАНОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН УАҚЫТЫ ӘОЖ 940.2(574) УАҚЫТША ҮКІМЕТ ТҰСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 940.2 (574) ТҮРКІСТАН КОМИТЕТІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ МЕН ҚЫЗМЕТІ (1917 жыл) ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЛАНДШАФТЫН ЗЕРТТЕУДІҢ КЕЙБІР МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ӘӨЖ 323.113(=512.122) ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ БЕС ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ӨТКІЗІЛУ ТАРИХЫ (1992-2017 жж.) ӘОЖ 314.1 (574-25) ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӨНДІРІСТІК АХУАЛЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ҒТАМР 03.20 «БАЙҒҰСТАР» - XIX ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТОП С. АСФЕНДИАРОВ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ҚЫТАЙ ДЕРЕКТЕРІ УДК 2-472(574) К ВОПРОСУ О СОДЕРЖАНИИ УЧЕБНЫХ ПРОГРАММ В МУСУЛЬМАНСКИХ ШКОЛАХ КАЗАХСТАНА 94(574);930.25 КЕҢЕС НҰРПЕЙІСҰЛЫ НҰРПЕЙІСТІҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ (К. Нұрпейісұлының жеке қор құжаттары бойынша) ӘӨЖ 961/959 (5каз) ЗЕМСТВО ЖӘНЕ АЛАШ-ОРДА ӘОЖ 391.745/749 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ БАЛАНЫҢ ТУЫЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ МЕН ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАРЫ ӘОЖ 94 (574.1) ШЫҒЫС МАЙДАНЫНА ҚАТЫСҚАН ОРАЛ ӨҢІРІНІҢ ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ОӘЖ 94(574): 20/30 373.016 ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ОҚУЛЫҚТАРЫНЫҢ АВТОРЛАРЫ АҚПАРАТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ТАСУШЫЛАРЫ РЕТІНДЕ: ТІЛ ТҰЛҒАЛАРЫН РЕТРОСПЕКТИВТІ ШОЛУ ӘОЖ 94[37:81] (47+57) 1940 - 1980 ЖЖ. БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ТІЛДІК РЕФОРМА ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ҰЙЫМДАРДЫҢ КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ОРНАУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ӘӨЖ: 94(574)(092) Ғ.Н. БӨКЕЙХАНОВ ҚОҒАМ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ ӘОЖ 82 (091), 801.73 «ДАНА ХИКАР ХИКАЯСЫ» ЖӘДІГЕРІ – АРМЯН ЖАЗУЫНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ҚЫПШАҚ ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШІ ӘОЖ 94(574) БҮКІЛРЕСЕЙЛІК ҚҰРЫЛТАЙ ЖИНАЛЫСЫ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОҒАМДЫ-САЯСИ ЖАҒДАЙЫ ӘОЖ 94 (574) ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРІНДЕГІ БҮКІЛРЕСЕЙЛІК ҚҰРЫЛТАЙ ЖИНАЛЫСЫ САЙЛАУ ӨТКІЗУ НАУҚАНЫНЫҢ БАРЫСЫ

Автордың мақалалары

ӘОЖ 94 (574) ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРІНДЕГІ БҮКІЛРЕСЕЙЛІК ҚҰРЫЛТАЙ ЖИНАЛЫСЫ САЙЛАУ ӨТКІЗУ НАУҚАНЫНЫҢ БАРЫСЫ