Басты бет » Материалдар » ӘОЖ 94(574) «1928/33»:325.1 1928-1933 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ШЕТ ЕЛГЕ БОСУЫ

Ш.О. МАЖИБАЕВА, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 2-курс магистранты e-mal: shinar1983@mail.ru, tel:+77057409104

ӘОЖ 94(574) «1928/33»:325.1 1928-1933 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ШЕТ ЕЛГЕ БОСУЫ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(21) 2020

Тегтер: Ұжымдастыру, диаспора, көшу, эммиграция, ирредент, босуы, шетелге, нәубет, зобалаң, тәркілеу, ашаршылық
Аңдатпа:
Бұл мақалада талқыланатын мәселе, елбасына күн туған қилы заманда қазақ халқының шетелге кетуге тура келген қазақ босқындары жайлы. 1928–1933 жылдардағы Қазақстандағы кеңес билігінің жүргізген саясаты ғасырлар бойы көшіп жүрген халықтың малын-мүлкін тәркілеп, ұжымдастыру, отырықшыландыру жүргізілді. Қазақ жеріндегі жүргізілген бұл саяси науқанның нәтижесі 1931-1933 жылдары халық жаппай ашаршылыққа душар болды, қырылған халық бас сауғалап шекаралас шетелдерге лек-легімен көшуге мәжбүр болды. Осы тақырыпқа байланысты жаңа мәліметтер негізінде, жаңаша көз-қараспен мәселе талданады. Түйін сөздер: Ұжымдастыру, тәркілеу, ашаршылық, зобалаң, нәубет, шетелге босуы, көшу, эммиграция, ирредент, диаспора
Мазмұны:

Кіріспе. Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін қазақтардың шетелге босуы төңірегіндегі тақырыптарға зерттеу жұмыстары жүргізілмеді десе де болады. Шетелдегі қазақ диаспорасы ең ірі диаспоралардың бірі екеніне қарамастан, оны зерттеу былай тұрсын, ол туралы ауыз ашуға да мүмкін болмады. Төл тарихымыз тәуелсіздік алғаннан кейін, қайта зерттеліп, ақтаңдақтар ашылуда. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана шетелдегі қазақ диаспораларын зерттеу жан-жақты қолға алына бастады. Соның бір бөлігі қазақтардың шетелге көшуі мен босу тарихына арналса, келесі бөлігі этнографтар тарапынан шетел қазақтарының мәдениеті мен тұрмыс тіршілігіне арналған зерттеулер жүргізілді. Бұл зерттеулер шетелдегі қазақ диаспорасының объективті қырын ашуға толық мүмкіндік берді деп ойлаймыз. Сондай-ақ, 2000 жылдардан кейінгі зерттеулердің көпшілігі шетелден тарихи отанына оралған қандас бауырларымыздың жергілікті ортаға бейімделуі мен орнығуы мәселелеріне арнала бастады. Қазіргі кезде осындай бірнеше бағыттар бойынша қалыптасқан зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл тұрғыда зерттеу институттарының арнайы мамандары Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресей және т.б. елдерде кешенді экспедициялар ұйымдастырды. Қазіргі кезде шетелдегі қазақ диаспорасының қалыптасуына байланысты бірқатар арнайы зерттеулер қалыптасты. Соның ішінде қазақтардың шетелге босуына арналған архив құжаттарынан қалыптасқан зерттеулердің жөні бөлек.

Архив қорларында сақталған құжаттардың көпшілігі XX ғасырдың басында сақталған материалдар бөлігін құрайды. Бұл құжаттарды басқа да арнайы деректермен салыстырып қарайтын болсақ қазақтардың шетелге босуы бірнеше кезеңнен тұратыны белгілі болып отыр. Соның ішінде 1931–1933 жж. ашаршылық жылдарындағы халықтың шетелге босуы өте қайғылы тағдырмен байланысты. Тарихи отанынан айыруға мәжбүр қылған қолдан жасалған ашаршылық қасіреті аз сан қазақтың одан әрі демографиялық жағдайын әлсіретіп, әлемнің түкпір-түкпіріне босуына негізгі себеп болды.

Бұл жөнінде архивтік құжаттардың қол жетімділігі Қазақстан тарихына үлкен қасірет әкелген оқиға халық ретінде жойылуға аз-ақ қалған кезі яғни «Күштеп ұжымдастыру, байларды тәркілеу, кәмпескелеудің зардабы туралы мәселені ашуға толық мүмкіндік береді.

Бұл кезең тарихта Голошекиндік геноцид, этноцид деген бағаға ие. Бүгінгі күні қазақ халқының басынан өткізген аса ауыр бұл кезең туралы зерттелуде. Қазақты отырықшылыққа мәжбүрлеп, күштеу ашаршылыққа душар қылды. 1931–1933 жылдардағы аштық күшпен ұжымдастыру себептерінен болғаны ақиқат. Болған ашаршылық себебін табиғи жағдай мен басқа себептерден іздеу қате болғаны қазір анық.

Ұжымдастыру мен одан кейінгі 1931–1933 ашаршылық жылдарында қазақ халқының жартысына жуығы және Қазақстанға қоныстанған 200 мыңдай халық қазақ тапты немесе отанынан тыс жерлерге көшірілді. Толық емес деректер бойынша, республикадағы ашаршылықтың құрбандары 2 млн 200 мыңнан аса адамды құрады [1, 414–416-бб.].

Талқылау. 1928-1933 жылдардағы қазақ жеріндегі болған тарихи оқиғалар туралы  белгілі тарихшылар Ж.Б. Абылхожин, К. Нұрпейісов, М.Қ. Қозыбаев, М.Б. Тәтімов, Т. Омарбеков, Ә. Ғали және т.б зерттеді. Оның ішінде Т.О. Омарбеков Қазақстан тарихының XX ғасырдағы өзекті мәселелері еңбегінде аштықтың басталуы,барысы сонымен қатар қазақтардың шетелге босу мәселесі жан-жақты ашылған. Аштық большевиктердің көсемі В.И. Лениннің және оның ізбасарлары мен жақтастарының қолымен жасалынды. Жүргізілген саясат ұсақ шаруашылыққа қарсы бағытталған нағыз соғыс екенін қазіргі тарих анық көрсетеді. Аталмыш «Ұлы басқыншылық» халыққа бағытталған қаса-қана жасалған қиянат. Зерттеушілер осы кезенді «Қызыл табан» десе. Ғалымдар аштықтан қазақтар көп өлгендіктен «қазақцит» деуге болады деді. Бұл жылдарды «Зұлмат», «Нәубет», «Ашаршылық» деп те атайды.

Бүкіл КСРО көлемінде ұжымдастыру, тәркілеу, кәмпескелеу кесірінен ашаршылық болды, бірақта Голощекиннің қазақ жерінде «кіші қазан» орнатуы, аяусыз, қатігез болғаны даусыз.

Деректер. 1928-1933 жылдардағы қазақ халқының қасіреті туралы деректер Қазақстан Республикасы архивтерінда баршылық. «Қазақстандағы ашаршылық халық тағылымы»материалдар жинағы. «Қазақ халқының қасіреті (Құжаттар мен материалдар жинағы: XXғасырдың 20-шы,30-шы жылдарындағы Қазақстандағы ашаршылық) бұл жинақтар архив материалдарын өңдеп,құрастырылған, осы деректер бізге көп мәліметтер береді. Ашаршылық туралы жетік зерттеген қазақтың тарихшысы Талас Омарбеков еңбегінде 1930–1933 жылдары қазақтардың 49% қырылғаны туралы мәліметтерді келтірді. Сонымен қатар, ұжымдастыру алдында 40 млн. мал болып, ал аштықтан кейінгі жылдары оның 4,5 млн. қалғанын жазған [2, 224–227-бб.].

Аштық жылдарында халықтың жиынтық санының төрттен бірі, яғни 1 030 мың адам республикадан тыс аймақтарға көшіп кетті. Оның 616 мыңы оралмады, 414 мыңы кейін Қазақстанға қайтып келді. Мамандардың бағалауы бойынша оралмай кеткен 200 мыңға жуық адам шет елге – Қытайға, Моңғолияға, Ауғанстанға, Иранға және Түркияға көшті [3, 80-б.].

Қазақ халқының қасіреті атты мұрағат пен құжаттар жинағының ішінде естеліктер мен мақалалар аттытарауда «Куәгерлер сөйлейді» бөлімінде куәгерлердің өз аузынан жазылған мәліметтерге толы. Мысалы: Сарқыт Мұхамедәбіқызы Әбенова былай дейді:Менің әкем 1925 жылы сол кездегі Өскемен облысында дүниеге келген.Сарқыт әжем әкесінен ерте айрылды.1928 жылы көмпескелеу басталды, халық аштыққа ұшырай бастады. Көптеген адамдар Қытайға Шәуешек арқылы қашқан еді. Елінде қалған әжейдің отбасы Ертістің сағасы Қарасу өзенінен балық аулап күн көрген екен. Ал сол кезде Сарқын әженің отбасында көшуге жағдайы да көлігі де болмапты. Осындай куәгерлер Демежан Барлықбаев, Жұмағыз Бабалиева тағы басқалардың естеліктерінен біз сол кездегі ашшы ауыр жағдайды біле аламыз. Осы куәгерлер жинағында Фатима Ғабитованың 2 қаңтар 1932 жылғы естелігіне тоқталсам. «Тірі жанның бәрі де тіршілік үшін күреспек. Барлық заттқа тіршілік қымбат, тіршілік ардақты. Адам баласы өзінің тіршілігін сақтау үшін ар-намысына шейін, ожданына бататын, ауызға алмас денең түршігетін қорқыныш, нәжіс істердің барлығын-барлығын істейді»-деген екен. [4, 13,114-б.].

«Ұлы басқыншылық» деп аталған бұл кезеңде 2 млн. шаруаның қоныс аударылуына алып келді; ал 1930–1931 жж. 1,800,000 адам депортацияға ұшырады, миллиондаған халық аштықтан қырылды. Жүздеген мың адам жер аударылды.

Халыққа бағытталған бұл соғыс мұнымен аяқталмады. Ол 30-жылдары әсіресе 1932–1933 жж. шырқау шегіне жетті. Биліктің бастамасымен әдейі ұйымдастырылған аштық шаруалардың қарсылығын басу үшін жасалды.

Шаруаларға келтірілген зала, алдағы уақытта халықты күштеп басуға болатынын көрсетті. Бұл эксперимент ендігі кезде Сталиндік террордың басталуында негізгі рөл атқарды.

1929 жылғы қарашадағы Орталық комитеттің Пленумында В. Молотов баяндама жасап, былай дейді: «ұжымдастырудың қарқыны тек шаруашылықтың төңірегінде ғана емес, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан, наурыз яғни төрт жарым ай ішінде, империалисттер қарсы шабуыл жасамаса, біз экономика мен ұжымдастыруда үлкен жетістікке жетеміз» деді.

Арнайы комиссия ұжымдастыру жоспарын әзірледі. Ол бірнеше рет өзгертілді, мерзімі қысқарды. Сөйтіп жоспар 1930 жылы 5 қаңтарда әзір болды. Солтүстік Кавказ, төменгі және орталық Еділ аумағы, толығымен ұжымдастыруы тиіс болды. Ал елге қарасты басқа аймақтар бір жылдан кейін ауыл шаруашылық аймақтары болуға міндетті еді.

1929 жылы 27 қарашада Сталин жаңа кезеңге өту туралы мәлімдеме жасады. Ол бай-кулактарды толығымен тап ретінде жою керек екенін айтты. Осылайша арнайы комиссия бай-кулактардың үш категориясын анықтады:

–   олар контрреволюционерлер, қамауға алынып, ОГПУ лагерлеріне қамау, отбасы жер аударылып, мал мүліктері тәркіленуі тиіс;

–   контрреволюционер болмаса да қарсылық келтіргендер немесе жақтастары жер аударылып, отбасымен алыс аймақтарға жөнелту;

–   бейтараптылық танытқандарды құнарсыз, шалғай аймақтарға жер аудару.

Бастапқы кезде тәркіленуі тиіс байлар 3–5 % құрауы жоспарланған еді. Осы мақсатта әр бір округте «үштіктер» жұмыс атқарды. Олар Партия комитеті секретары, жергілікті кеңестік атқарушы комитет мүшесі, ОГПУ-ң мүшесі мен байларды жою бригадасынан тұрды [4].

1930 жылдары қаңтар мен ақпан айларында байлардың азайғанын, кедейленгенін көруге болады. Ендігі кезекте «фискальды» ескі тізім бойынша қайта қарау және анықтау қолға алынды.

Толық инвентаризациялаудың орнына бригадалар мынадай ұранды ұстанды: «Бәрі біздікі, бәрін ішіп жейміз» деді. Бұл туралы Смоленск облысына қарасты ОГПУ-дың баяндамасынан көруге болады: тәркілеушілер орта тап  шаруалардың қыстық киімін, аяқ киімін, ескі галошына шейін шешіп алуда. Оларды (кальсон) іш киіммен қалдырды, 50 тиын тұратын шай, көсеу және құмыраға шейін, бригада мүшелері балалар жататын кішкентай жастықтарында тартып алған. Сонымен қатар тәркілеген заттарды сатып пайда тапқан. Мысалы: үйшікті (изба) 60 тиын, ал сиырды 15 тиынға сатқанын айтқан [6, с. 12].

Олар кәмпескелеген заттарды сатқан немесе өздері қолданған. Тәркіленгендердің 80–90 % орташа тұратындар яғни орта тап өкілдерін құрады. Мүліктерін текке бермеу үшін бидайды сатып және де шошқасын сойып жатқан жерінен ұсталғандарда кездескен сөйтіп қамауға алынған [5].

Нәтижесі. И.В. Сталиннің 1930 жылы 2 наурызда шыққан мақаласында: комиссия мүшелері артық кеткендігін айыптады. Осының кесірінен 5 млн адам колхоздарды тастап, қарсылық білдірушілер мен бүлікшілер көбейгені туралы ОГПУ баяндамасында көрсетілді. Мысалы: Черноземье, Солтүстік Кавказ, Украина мен Қазақстан қарсылық көрсету кезінде 6500 жаппай көтеріліс болған, осындай кезде 1500 кеңес қызметкерлерін өлтіргені тіркелген. Көтеріліске шыққандардың қанша екені белгісіз, олар көптеген мың болса керек. Ал сәуір айына қарай билікпен қақтығыстар азайған, сонда да 1930 көтеріліс тіркелген.

1930 жылы билікке қарсы манифестке 2,5 млн шаруалар, 1400 көтеріліске шыққан. Мысалы, Орлов губерниясы бөлімшесінен келген ОГПУ-ға арналған почта телеграммасында. Куба округі бойынша: бай-кулактар мен орта тап өкілдері нан жинау науқаны туралы мынадай көзқараста болды, «Нанды большевиктерге беру қажет емес, оны тығып қою керек немесе таратып кейін ақшасын жинап алу керек» дейді. Кулактар нанды жайлауларға шұңқыр қазып тығып ұсталған фактілерде кездескен [7].

1928 жылы 27 тамызда ОАК пен СНК Қазақ АКСР і декрет қабылдады. Ол бойынша: «мал мен мүлік тәркілеу, байларды тап ретінде жою» мақсат болып қойылды. Бүкіл қазақ жерін бұл науқан қамту тиіс болды, тек Абай округі мақта өңдеуші аудан болғандықтан босатылды. Декрет бойынша байларды және орта феодалдарды, бұрынғы сұлтандарды тәркілеу жоспарланды. Байларды тәркілеу барысында 695 ірі шаруашылық тәркіленді. Бастапқы кезде 1500 шаруашылық тәркілеу жоспарланған еді. Кәмпескелеу үшін 300-ге жуық комиссия, 5000-ға жуық жергілікті комиссия құрылды. 1928 жылы кәмпескелеудің барысында кедейлер мен батырақтар байларды тәркілеуге атсалысу керек еді. Бірақ олар мүлдем асықпады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Ф. Голощекин командасымен И.В. Сталиннің басшылығымен Қазақстанға жіберілді [5, с. 11].

Декрет бойынша 696 ірі бай қожалықтар тәркіленіп, 44000 мал мен ауыл шаруашылық құралдары және басқа да заттар тәркіленіп колхоз, совхоздарға берілді. 84,599 мың мал 25 мыңға жуық кедейлерге берілді. 1931–1933 жылдардағы аштық күшпен ұжымдастыру, мазасыз тәркілеу,баларды кәмпескелеу себептерінен болғаны ақиқат. Болған ашаршылық себебін табиғи жағдай мен басқа себептерден іздеу қажет емес.

Қазақстандағы Ф. Голощекиндік «Кіші қазан» қасіретке толы. Оның қазақ даласына жүргізген ісі, қазақтарды жан-жаққа қашуына, бас сауғалап босуына алып келді. Негізі осы кезге орай «босу», «үдере көшу», (откочевка) сөзі 1926 жылы алғаш болып С.П. Швецов өз еңбегінде қолданды.

Осыған байланысты Т. Рысқұловтың И.В. Сталинге, Л. Кагановичке, В. Молотовқа жазған (1933 жылы 9 наурызда) хатында мұндай үдере көшу туралы былай дейді: «Қонысын тастап, Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшкен қазақтардың мекен-жайларынан келіп түскен, шамамен алынған соңғы деректерге қарағанда Орта Еділге 40 мың, Қырғызстанға 100 мың,Батыс Сібірге 50 мың Қарақалпақстанға,Орта Азияға 50 мың қазақ кеткен. Қонысын тастап қалмақ жеріне, Тәжікстанға, Солтүстік өңірге және басқа осы сияқты шалғай жерлерге көшіп кеткен» дейді [2, 224–225-бб.].

Көп ұзамай 1933 жылы 29 наурызда осынау сорақы жағдай туралы Қазақстанның жаңа басшысы Л. Мирзоян И.В. Сталин мен Молотовқа былай деп хабарлайды: «...Қонысынан ауғандардың жағдайы күрт ауырлап барады. Біздің деректеріміз бойынша, қонысынан ауғандар 71 ауданды қамтып отыр: оның 50-і көшпелі және жартылай көшпелі, ал 21-і отырықшы аудандар. Олар әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысының Алматы облысы мен аудандары, Қарағанды облысының оңтүстік бөлігінде, Ақтөбе облысы, Батыс Қазақстанның бір қатар аудандарында қаптап кетті. Бұрынғы егіншілік аудандарынан, мысалы: Әулиеата, Талдықорған, Мерке, Талас, Шу, Созақ, Қордай, Іле, Қаратал, Жітіқара, Семиозер және т.б. аудандарда қоныс аударғандардың саны көп. Барлық облыстарды алатын болсақ шамамен халықтың саны 300,000 адам болтын 90,000-нан аса қожалық өздерінің туған жерлерінен басқа мекендерге көшкен.

Сонымен қатар Азиядан, Сібірден және Еділ бойынан кері қайтып келушілер тасқыны күшейе түсті, бұл құбылыс бүгінге дейін тоқтамай тұр» деп жазды.

Қазақтардың бас сауғалап өзге елдерге кетуі қазақ санының кеміткені түсінікті. Осы кездегі елді мекендердегі қиын жағдай туралы мәліметтер көп. Қазақ халқының өз ата-мекенінен басқа елдерде өмір сүруінің әртүрлі себептері бар екені анық. Қазақтың басына түскен қасіретті кездерде бас сауғалап аман қалу үшін, құйтұрқы саясатқа шыдамай жан-жаққа әртүрлі себептермен босуы, қашуы тарихтан белгілі.

Қорытындылай келе, өзге елдердегі қандастарымыз көптеген елдердің құрамында өмір сүріп келеді. Олар шекара асып алыс-жақын елдерден пана тапты. Ең көп қандастарымыздың өмір сүріп жатқан ел Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесі болып табылады. Отарлау саясатының салдарынан тағдырдың жазуынан, шекараны асып кеткен қазақтардың елін тастап, шекара асуда, өзге жерде орналасуда, бейімделуде көрген қиындықтары көп. Келешекте жоғарыда аталған мәселелерді толыққанды зерттеу қажет етеді.

   ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕДИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы: «Атамұра», 2010. – 752 б.

2. Омарбеков Т.О. Қазақстан тарихының XX ғасырдағы өзекті мәселелері. – Алматы, 2006.

3. Тәтімов М.Б. Цифрлар шежіресі. – Алматы, 1969.

4. Қазақ халқының қасіреті (Құжаттар мен материалдар жинағы: XX ғасырдың 2-шы,30-шы жылдарындағы Қазақстандағы ашаршылық): Құрастырушы Тахаева М.Қ. Алматы 2010. – 414 б.

5. Куртуа С., Верт Н., Панне Ж-Л., Пачковский А., Бартошек К., Марголен Ж-Л. Черная книга коммунизма. – М.: Издательство «Три века истории», 2001, 2-е издание, исправленное. – 780 с. Ссылки:https://scisne.net/a-1046?pg=4#7. Дата обращения: 04.02.2020.

6. Советская деревня глазами ВЧК–ОГОУ–НКВД. 1918—1939. Документы и материалы. В 4-х т. – Т. 1. 1918-1922 гг. / Под ред. А.Береловича, В.Данилова. – М.: «Российская политическая энциклопедия», 2000. – 864 с.

7. Красный террор: из истории политических репрессий в Казахстане (Сборник документальных материалов политических репрессии 20–50 годов ХХ века). – Алматы: «Алаш» баспасы, 2013. – 384 с.

References

1. Qazaqstan tarıhy (kóne zamannan búginge deıin). Bes tomdyq. 4-tom. – Almaty: «Atamura», 2010. – 752 bet.

2. Omarbekov T.O. Qazaqstan tarıhynyń XX ǵasyrdaǵy ózekti máseleleri. – Almaty, 2006.

3. Tátimov M.B. Sıfrlar shejiresi. – Almaty, 1969.

4. Qazaq halqynyń qasireti (Qujattar men materıaldar jınaǵy: XX ǵasyrdyń 2-shy,30-shy jyldaryndaǵy Qazaqstandaǵy asharshylyq): Qurastyrýshy Tahaeva M.Q. Almaty 2010. - 414bet.

5. Kýrtýa S., Vert N., Panne J-L., Pachkovskı A., Bartoshek K., Margolen J-L. Chernaıa knıga kommýnızma. – M.: Izdatelstvo «Trı veka ıstorıı», 2001, 2-e ızdanıe, ıspravlennoe. – 780 s. Ssylkı: https://scisne.net/a-1046?pg=4#7. Data obrashenıa: 04.02.2020.

6. Sovetskaıa derevná glazamı VChK–OGOÝ–NKVD. 1918—1939. Dokýmenty ı materıaly. V 4-h t. – T. 1. 1918—1922 gg. / Pod red. A. Berelovıcha, V. Danılova. – M.: «Rossııskaıa polıtıcheskaıa ensıklopedıa», 2000. – 864 s.

7. Krasnyı terror: ız ıstorıı polıtıcheskıh repressı v Kazahstane (Sbornık dokýmentálnyh materıalov polıtıcheskıh repressıı 20–50 godov HH veka). – Almaty: «Alash» baspasy, 2013. – 384 s.

Ш.О. МАЖИБАЕВА1

1Казахский национальный педагогический университет им. Абая, магистрант 2-го курса

г. Алматы, Казахстан

e-mail: shinar1983@mail.ru, tel:+77057409104

МАССОВОЕ ПЕРЕСЕЛЕНИЕ КАЗАХОВ  ЗА РУБЕЖ В 1928-1933 ГОДЫ

Резюме

В данной статье рассматривается вопрос переселения казахов в 1928-1933 годах и анализируется новый взгляд по отношению к насильственному переходу  к оседлому образу жизни, коллективизации и конфискации имущества казахских баев. В результате вышеперечисленного произошли массовый  голод и  переселение казахов в ближайшее соседние страны.

Ключевые слова: насильственная коллективизация, конфискация, голод, переселение, эмиграция, ирредент, диаспора.

SH.O. MAZHIBAYEVA1

Abai Kazakh National Pedagogical Univtrsity, Alvaty, Kazakhstan

e-mail:shinar1983@mail.ru,  tel: +77057409104

MASS MIGRATION OF KAZAKHS ABROAD IN 1928-1933

Summary

The resettlement of Kazakhs abroad in 1930. The article analyzes a new view on the attitude of the forced transition to a settled way of life, collectivization and dispossession which led to a great famine and the resettlement of Kazakhs abroad.

Keywords: forced, collectivization, confiscation, hunger, resettlement, emigration,irredent, diaspora


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз