Басты бет » Материалдар » ӘОЖ: 368.08+94(574) СЕЙІТҚАЛИ МЕҢДЕШЕВТІҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТІ

С.Қ. ШІЛДЕБАЙ, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, тарих ғылымдарының кандидаты

ӘОЖ: 368.08+94(574) СЕЙІТҚАЛИ МЕҢДЕШЕВТІҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТІ

«edu.e-history.kz» электрондық ғылыми журналы № 1(21) 2020

Аңдатпа:
Мақалада көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, автономиялы Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы Меңдешев Сейітқали Меңдешұлының қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі талдауға алынады. С. Меңдешев – кеңес дәуіріндегі қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан бірегей тұлға, қазақ жерінің тұтастығын қалпына келтіру жолында және кеңестік билік органдарын қазақтандыру жолында, қазақ ағарту және ғылым салаларының негізін қалауға ерен еңбек сіңірген қайраткер. С. Меңдешев 1903-1916 жылдары Бөкей Ордасы қазақтарының арасында ағартушылық бағыттағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қазақ оқығандарының астыртын ұйымына жетекшілік жасады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Хан Ордасында революциялық бағыттағы үгіт-насихат жұмыстарымен айналысып, Бөкей губерниясы қазақтарының І съезін ұйымдастырушылардың бірі болды. 1920 жылдан бастап 1925 жылға дейін қатарынан 4 рет ҚазОАК төрағасы болып сайланып, кеңестік қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосты. 1920-1921 ж. Қазақ даласында орын алған ашаршылық кезінде Аштыққа қарсы күрес комиссиясын ұйымдастырып, халықты аштықтан құтқару үшін еңбек сіңірді. Қазақ жерлерін бір республикаға біріктіру жолында үлкен еңбек атқарды. Мақалада С. Меңдешевтің өмірі мен қызметінің маңызда тұстары бұрын ғылыми айналымға тартылмаған архив құжаттары мен тың материалдар негізінде талдауға алынған. Түйін сөздер: Меңдешев, Қазревком, Қазобком, Қазөлкеком, ашаршылық, топшылдық, меңдешевшілдік, жергіліктендіру, қазақтандыру, ұлт саясаты.
Мазмұны:

Кіріспе. 2020 жылы Қазақ мемлекеттілігінің негізі болған Қазақ АКСР-інің құрылғанына 100 жыл толады. Қазревкомның бір жылдық жұмысының нәтижесінде құрылған Қазақ АКСР-інің қалыптасуы мен дамуына үлкен еңбек сіңірген қоғам және мемлекет қайраткері, ҚазОАК-нің тұңғыш төрағасы С. Меңдешевтің өмірі мен қызметін зерттеу аса маңызды тарихнамалық мәселелердің бірі болып табылады.

Осы еңбегімізде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының С. Меңдешевке қатысты бұрын ғылыми айналымға енгізілмеген архив құжаттары негізінде оның қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметінің жаңа беттерін ашуды мақсат еттік. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін С. Меңдешевтің қазревкомдағы қызметін, ҚазОАК төрағасы әрі РК(б)П Қырұйымбюро – Қыроблбюро – Қыробком – Қырөлкеком – Қазөлкеком мүшесі ретіндегі қызметін, қазақ жерлерін бір республика құрамына біріктіру жолындағы жарқын еңбегін, жергіліктендіру мен қазақтандыру саясатын жүргізудегі жетекшілік рөлін, РК(б)П–БК(б)П ОК-нің ұлт саясатына қарсылығын, оның халық ағарту ісін ұйымдастырудағы қызметін жан-жақты көрсету міндеттерін алдыға қойдық. Бұл шағын мақала – меңдешевтану саласындағы іргелі еңбектің бастамасы болады деген ойымыз бар.

Талқылау. С. Меңдешевтің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі туралы еңбектер саусақпен ғана санарлық. С. Меңдешевтің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіне қатысты Қазақстан Республикасы Президентінің архиві құрастырған өмірбаяндық анықтамалықта [1], Д. Ашимбаевтың биографиялық энциклопедиясында [2], Д. Ашимбаев пен В. Хлюпиннің «Қазақстан: билік тарихы. Қайта құру тәжірибесі» атты хроникалық жылнамасында [3] қысқаша мәліметтер берілді. Ал П.И. Тибекиннің еңбектері [4] С. Меңдешевтің өмірі мен қызметіне арналған алғашқы қысқаша тарихи очерктер еді. Бұл еңбектерде тұңғыш рет С. Меңдешев ақталғаннан кейінгі уақытта оның қызметіне объективті баға беруге талпыныс жасалды. Сонымен қатар, С.З. Зиманов, С.О. Дәулетова, М.Ш. Исмагуловтардың еңбегінде [5] С. Меңдешевтің Қазревкомдағы саяси қызметі мен оның қазақ даласындағы халық ағарту саласын ұйымдастырудағы рөлі жүйелі көрсетілді. Ал тәуелсіздік кезеңінде жарық көрген Е. Медеубаевтың еңбегі [6] С. Меңдешевтің саяси портретін ұлттық көзқарас тұрғысынан сомдауға жасалған алғашқы еңбектердің бірі болып табылады. Зерттеуші Ғ. Маймақовтың «Қазақ жері тұтастығының қалыптасуы» атты монографиясында [7] С. Меңдешевтің Қазақ Республикасына барлық қазақ жерлерін біріктірудегі тарихи қызметі тың деректер негізінде талдауға алынды. Қорыта айтқанда, С. Меңдешевтің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі – өз зерттеушісін күтіп жатқан тың әрі өзекті тарихи тақырып болып табылады.

Деректері және әдістері. С. Меңдешевтің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі туралы осы тарихи очеркті жазуға Қазақстан Республикасы Президентінің архивінің, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің, Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінің және Ресейдің әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік архивінің С. Меңдешевке қатысты бұрын ғылыми айналымға тартылмаған тың құжаттары, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары жарық көрген партконференциялардың, съездердің, ҚазОАК сессияларының стенографиялық есептері мен материалдары, құжаттар мен заңдар жинағы негіз болды. Жұмысты жазуда объективтілік, тарихилық, жүйелілік және салысырмалы талдау принциптері басшылыққа алынды.

Нәтижесі. С. Меңдешев 1882 жылы Астрахан губерниясы Бөкей ордасының Новая Казанка ауылында дүниеге келген. 1898–1900 ж. Хан ордасындағы 2-сыныпты училищеде білім алған. 1900-1903 ж. Қазандағы мұғалімдер семинариясында оқып, оны бітірген соң туған ауылында 1916 жылға дейін мұғалім болып жұмыс істеген [1, 302-б.]. 

889c875db8fe0132bc689b1e935cb8b1.jpeg

Сурет 1. Бөкей Ордасының қазақ мұғалім қыздары (1904 ж. 3 қазан. Хан Ордасы) (солдан оңға қарай): 1. Майғыз Қартмәмбетова, Хан ордасындағы қыздар мектебі меңгерушісінің көмекшісі. 2. Ханифа Ділмұхаммедқызы Оразбаева (күйеуі бойынша Жақсылықова) – Шолақ-Қопа ауылындағы қыздар мектебінің мұғалімі. Оның күйеуі (артында тұр) Ғаббас Жақсылықов – Хан Ордасындағы педкурс курсанты. 3. Жамал Ахметжанова (күйеуі бойынша Жұманиязов) – мұғалім. Оның күйеуі (артында тұр) Ғабдұл-Мәжит Жұманиязов (сұлтан), Таловск старшындық мектебінің мұғалімі. 4. Рәзия Дүйсалиқызы Ахмедова (куйеуі бойынша Меңдешева) – Хан Ордасындағы қыздар мектебі меңгерушісінің көмекшісі. Оның күйеуі (артында тұр) Сейітқали Меңдешев – Қазақ мұғалімдер семинариясының оқушысы, Хан Ордасындағы екі сыныпты училище мұғалімі. 5. Қалима Ұзаққызы Байтуарова – Хан Ордасынан 90 верст шамасындағы жерде орналасқан Гүлсүйіндік Байбақты ауылдық мектебінің мұғалімі // Тажибаев Т. педагогическая мысль в Казахстане во второй половине ХІХ века. / Под ред. С. Баишева. – Алматы: Казахстан, 1965. – С. 54.

Мұғалімдік қызметімен қатар аударма жұмыстарымен де айналысты. 1911 ж. оның аудармасымен «Малда болатын жұқпалы аурулардың һәм оларға қарсы қалай амал қолдану хақында» атты кітап Оралда жарық көрді [2, 73-б.]. 1911 ж. Сейітқали өз білімін жетілдіру мақсатында Санкт-Петербург университетінің жанындағы 3 айлық мұғалімдер курсын бітіріп, оқытушылық қызметін қайта жалғастырды. 1913 ж. Санкт-Петербургте өткен Халық ағарту қызметкерлерінің Бүкілресейлік съезінде С. Меңдешев қазақтар арасындағы оқу-ағарту жағдайы туралы баяндама жасайды.

1916 жылы Астрахан губернаторы И. Соколовский жергілікті халықтың жерлерін жаппай тартып ала бастайды. Осыған наразы болған қазақтардың арызын Санкт-Петербургке жеткізбекші болған Н. Ибрагимов пен Ғ. Ахметов 1916 ж. маусымда С. Меңдешевке тілмаш әрі жолбасшы ретінде бірге баруды өтінеді. Астанаға келген бұл топ Мемлекеттік думаның жанындағы Мұсылман фракциясына Астрахан қазақтарының арыз-шағымын жеткізеді. Мұсылман фракциясы оларға көмектесуге ынта танытқанымен, мәселені шешуге қауқары жетпеді. Осы сапардан шілденің басында оралған С. Меңдешев 19-43 жас аралығындағы қазақтарды қара жұмысқа алу туралы патша жарлығын естіп, М. Сәрсембиевпен бірге қазақтарды ұлт-азаттық көтеріліске даярлауға қатысады. Мұны білген патша күзетінің тыңшылары С. Меңдешевті 22 шілдеде тұтқындап, 4 айға Астрахан түрмесіне қамайды [3]. Сейітқали қамаудан шыққан соң, саяси оқиғалардан шет қалып, 1916-1917 ж. тұтынушылар қоғамының есепшісі болып жұмыс істейді.

a5d46c2eb67dffc0ed5133e668d3d116.jpg

Сурет 2. Оң жақта отырған – Сейітқали Меңдешев (фото М. Мәмбетовтен алынды).

1917 ж. 21 сәуірде Бөкей Ордасының уақытша комиссары Б. Ниязов Хан Ордасында Бөкей қазақтарының съезін өткізді. Съезд Президиумының төрағасы міндетін адвокат У. Танашев атқарса, дәрігер М.Шомбалов пен студент-заңгер Ш. Бекмұхамедов Президиум мүшелегіне кірді, ал хатшылықты жүргізу ісі – мұғалімдер И. Медыхановқа, С. Меңдешевке және Г. Мұсағалиевке сеніп тапсырылды. Осы съезде Ішкі Орданы басқару жөніндегі патшалық Уақытша кеңес таратылып, Уақытша үкіметтің билік органы ретінде «Астрахан өлкесіндегі қазақ халқын басқару жөніндегі Орталық Комитет» құрылды. Оның құрамына жергілікті белді қайраткерлермен бірге С.Меңдешев те кірді. Сонымен қатар, Астрахан өлкесі қазақтарының комиссары және оның көмекшісі деген лауазымдар құрылып, оларға 1-ші Мемлекеттік думаның депутаты А. Құлманов және мұғалім И. Меңдіханов сайланды. Құрамына С. Меңдешев кірген Орталық комитет Уақытша үкіметтің Астрахан губерниялық комиссарына тікелей бағынып, бір уақытта Астрахан жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесіне – Хан ордасының атқару комитетіне қарады. Басқаша айтқанда, 1917 жылдың сәуірінен бастап облыста қос өкімет орнап, «Бөкей Ордасын басқару жөніндегі Уақытша кеңестің» соңғы төрағасы Подгурский атком шешімімен қыметтен алынып, облыс аумағынан шығарылып жіберілді [4, 151-б.].

1918 ж. 1-10 қыркүйек аралығында М.Тұнғаншиннің басшылығымен Хан ордасында Бөкей Ордасы қазақтарының съезі (Кеңестердің ІІ Бөкей облыстық съезі) өтті. Онда Астрахан өлкесіне қарасты қазақ даласы губаткомының жаңа құрамы сайланды. Съезд шешімімен С. Меңдешев губаткомның төрағасы, ал орынбасары болып Ғ. Бөкейханов сайланды. Жиында кеңестік үлгідегі 1-ші атты әскер полкін құру туралы шешім де қабылданды [4, 169-б.]. С. Меңдешев Қазревком [1] құрылғанға дейін төрағалық қызметпен бірге Бөкей губерниялық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі және Қамыс-Самар жер басқармасының төрағасы міндеттерін алып жүрді.

e0df7e8ba6817a267a1e08d5fa5b386d.jpg

Сурет 3. Сол жақта отырған – Сейітқали Меңдешев (фото М. Мәмбетовтен алынды).

1919 жылы 24 маусымда РКФСР ХКК төраға В.И. Лениннің қатысуымен өткен мәжілісте Қазревкомның жеке құрамы туралы мәселені талқыланып, Қазревкомның бірінші құрамына С. Пестковский (төраға), В. Лукашев, Ә. Жангелдин, М. Тұнғанчин, С. Меңдешев, Б. Қаратаев кірді [5, 69-б.]. Осы күні В.И. Ленин С. Меңдешевке Қазревком мүшесінің мандатын тапсырды. 10 шілдеде РКФСР үкіметінің басшысы В.И. Ленин «Қазревком туралы уақытша ережені» бекітсе, 19 шілдеде «Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитетті құру туралы» декрет шығарды [6, 155-б.]. С. Меңдешевке Қазревкомның құрамында халық ағарту саласына басшылық ету жұмыстары жүктелді. В.И. Ленинмен Москвада болған кездесуден соң Қазақстанға қайтып келген С. Меңдешев 1919 ж. 5 тамызда Бөкей губерниясында РК(б)П қатарына өтті [7].

1919 ж. 12 қыркүйекте өткен Қазревком мәжілісінде С. Меңдешев халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болып сайланды [4, 182-183-б.]. Ол туралы С. Меңдешев өз естелігінде былай дейді: «Ревкомдағы жағдаймен біршама танысқан соң, мен Пестковскийге халық ағарту бөлімін ұйымдастыруды өзіме аламын деп мәлімдеме жасадым. Ол менің ұсынысыммен келісті. Біздің жұмысымыздың алғашқы қадамдары әлі есімде: ревкомның үлкен бөлмесінде үстел және мұнда халық ағарту бөлімі бар деген хабарландыру ілінген қабырға. Біз жұмысымызды барлық облыстарға бөлімнің құрылғандығы туралы жеделхат жіберуден бастадық. Бірнеше күннен кейін бірінші қызметкер пайда болды, мен оған орыс мектептеріне басшылықты тапсырдым. Біз онымен бірге Бөлім туралы ереже жобасы мен бөлімнің құрылымын және штатын даярладық. Көп ұзамай қазақ мектептері жұмысымен айналысатын екінші қызметкер де пайда болды» [5, 60-61-б.].

7c7cc0cc94c7042b6c1f0cd4e5f6b219.jpeg

Сурет 4. Сейітқали Меңдешев

1919 ж. 15 қыркүйекте Қазревком мәжілісінде С. Пестковскийдің ұсынысымен Бүкілқазақ кеңестерінің съезін шақыруға дайындық жөніндегі ерекше комиссия құрылды. Оған С. Меңдешев, В. Лукашев, Петров және т.б. кірді. Комиссияға съезді шақыру жөніндегі нұсқаулықты даярлау тапсырылды. Оның жұмысының нәтижесінде Құрылтай съезінде сайлауға түсетін депутаттарға қойылатын негізгі талаптар анықталды. Комиссия мүшелерінің арасында аталған мәселеге қатысты түрлі көзқарастар мен ұстанымдар болып, қызу пікірталас орын алды [5, 179-б.].

1919 ж. 21 қарашада С. Пестковский, А. Байтұрсынов, М. Тұнғанчин, Ғ. Бөкейханов және Ш. Бекмұхамедов 5-9 желтоқсанда Москвада өтетін VII Бүкілресейлік кеңестер съезіне қатысу үшін аттануына байланысты С. Меңдешев Қазревком төрағасының орынбасары (төраға міндетін атқарушы) болып сайланды. Сонымен қатар, С. Меңдешев, Н. Бегімбетов және Б. Қаралдиндерге революциялық трибунал қызметін атқару жүктелді [4, 184-185-б.]. Ал 1919 жылы 23 қарашада Қазревком төрағасының орынбасары С. Меңдешевке оның өкілеттілігі көрсетілген мандат берілді. Ол бойынша С. Меңдешевке: «Әскери ревком бөлімдерінің және Қырғыз (Қазақ) өлкесіндегі барлық кеңестік мекемелердің кез-келген шешімдерін жою және бекіту; Қырғыз өлкесіндегі кез-келген лауазымды тұлғаны орнынан алып тастау; Әскери ревком несиелері мен қаржысын басқару; Әскери жеделхат жіберу және тіке телеграф жүйесін пайдалану құқығы» берілді [5, 69-б.]. С. Меңдешев делегация Қазақстанға қайтып келгенге дейін, яғни, 1920 жылдың қаңтарына дейін Қазревком төрағасының міндетін уақытша атқарды.

4b714054afb521d5de5290ffc66c7318.jpg

Сурет 5. Сейітқали Меңдешев


1920 ж. 3-11 қаңтарда Ақтөбеде Қазревком мен Түркістан майданының Революциялық әскери кеңесінің бірлесе отырып шақыруымен 250 делегат қатысқан І Кеңестік өлкелік қазақ конференциясы өтіп, ол барлық қазақ жерін бір республиканың құрамында біріктіру қажеттігі туралы мәселені көтерді. Осы конференцияда 1919 ж. 20 желтоқсанда РК(б)П ОК Саяси бюросы бекіткен ревком тізімі құпия түрде дауысқа салынды. Дауыс беру қорытындысы бойынша С. Пестковский бірауыздан өтсе, А. Байтұрсынов пен С. Меңдешев басым дауыстарға ие болды. 1920 ж. 20 ақпанда РКФСР БОАК жаңа сайланған Қазревкомның құрамын төмендегідей бекітті: С. Пестковский, Т.И. Седельников, А. Байтұрсынов, С. Меңдешев, Ә. Жангелдин, Ә. Әйтиев, С. Арғыншиев, Ә. Әлібеков [4, 187-189-б.].

1920 ж. 22 қаңтарда Қазревком С.Меңдешевті халық ағарту бөлімінің меңгерушісі етіп бекітті. Сонымен қатар, ол Қазревкомның саяси қызметкері А.Умеровпен бірге Еділ-Каспий қазақтары ревкомының жұмысына жетекшілік жасады. 1919 жылдың 11 қарашасында Астрахан губаткомының құрамынан шығып, Қазревкомға қараған Бөкей облысы 1920 жылдың басында аса қиын жағдайда қалды [5, 125-б.]. 1920 жылы 13 наурызда Қазревком Бөкей облысында не партиялық жұмыстың, не кеңестік жұмыстың дұрыс жүргізілмеуіне байланысты және ондағы халықтың жағдайының нашарлап кетуін ескере отырып осы облысқа арнайы комиссия жіберу қажет деп тапты. Оның құрамына С. Меңдешев, Қазақ әскери комиссариаттың өкілі және 1-Армияның өкілетті өкілі енгізілді. Түркістан майданынан облыстың бұрынғы басшылары Ямбулатовты, Акчуринді, Сошников пен Аязбаевты зиянкес және қылмыскер элементтер ретінде тұтқындау туралы шешім қабылданды [4, 189-б.]. С. Меңдешев бастаған комиссия Бөкей облысындағы саяси жағдай мен кеңестік жұмыстың жүргізілуін тексеріп, ол жердегі жұмыстың дұрыс жолға қойылуына көмек көрсетті.

Қазақстанда коммунистер санының көбеюіне орай, 1920 ж. 14 мамырда өткен РК(б)П ОК-нің Қыроблбюроның мәжілісінде Қырұйымбюроны жою және оның барлық жұмысын Қыроблбюроға беру жөнінде шешім қабылдады. Президиум сайланғанға дейін уақытша хатшы болып А. Авдеев сайланды. Ал 25 тамызда РК(б)П ОК Саяси бюросы Қыроблпартбюроның жаңа құрамын бекітті. Оған В. Радус-Зенькович, А. Авдеев, А. Коростелев, А. Кулаков, И. Акулов, Ә. Жангелдин, М. Мырзағалиев, С. Арғанчеев және С. Меңдешев кірді [4, 194-196-б.]. Осылайша, С. Меңдешев Қазақстандағы ең жоғарғы саяси билік органының өкіліне айналды. 1920 жылы 28 шілдеде Қазревком С. Меңдешевті Революциялық-әскери трибунал мүшесі етіп тағайындады [4, 195-б.].

Құрамында С.Меңдешев жұмыс істеген Бүкілқазақ кеңестер съезін шақыруға дайындық жөніндегі ерекше комиссия қызметінің нәтижесінде 1920 ж. 23 тамызда Қазревком кеңестерге сайлау жөніндегі нұсқаулықты бекітті. Онда Орал, Торғай, Семей және Ақмола облыстарының, Астрахан губерниясының қазақ бөлігінің (Бөкей ордасы) еңбекші халқының өкілдеріне сайлау құқығы берілетіні айтылды. Сонымен қатар, Қазревком басқаратын аумаққа кірмеген Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарқанд, Закаспий облыстарының қазақ тұрғындары өз араларынан съезге кеңес беру құқығы бар өкілдерді делегат етіп сайлауға мүмкіндік алды. Егер, съезд ашылғанға дейін немесе съезд уақытында бұл аймақтардың Қазақ АКСР құрамына кіретіні шешілсе, делегаттарға дауыс беру құқығы берілетіні атап көрсетілді [5, 183-б.].

Қазревком Бүкілқазақ кеңестері құрылтай съезін ұйымдастыру және шақыру бойынша жұмыстарға басшылық жасау үшін «Қазақ өлкесінің жалпыға ортақ съезін шақыру жөніндегі өлкелік комиссияны» ұйымдастырды. Оның құрамына Қазревком мен РК(б)П Қазоблбюросының және басқа мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Қазревком мен осы комиссияның тікелей ұйымдастыруымен 1920 жылы тамыз-қыркүйекте қазақ даласына қарасты барлық облыстарда, губерниялар мен уездерде Қазревком әзірлеген сайлау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес сайлаулар өткізіліп, ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезіне делегаттар сайланды.

1920 ж. 25 тамызда өткен РК(б)П ОК Саяси бюросының мәжілісінің қорытындысында С.Меңдешев жаңадан бекітілген Қазревкомның және Қазоблпартбюроның құрамына мүше болып кірді [4, 196-б.]. Өзінің ерік-жігері мен қазақ халқына қызмет етсем деген құлшынысының арқасында Қазақстандағы ең жоғарғы кеңестік-партиялық биліктің құрамына енген С. Меңдешев 1920 ж. 8 қыркүйекте Қазревком төрағасының орынбасарлығына тағайындалды. 13 қыркүйекте Қазоблбюро мәжілісінде Қазревком мүшелері арасындағы міндеттер төмендегідей бөлінді: И.Д. Мартынов – азық-түлік бөлімі, В.А. Покровский – Халық шаруашылық кеңесі, С. Меңдешев – ағарту және ревком төрағасының орынбасары, А.Д. Авдеев және Ә. Жангелдин – әскери, Ә. Әлібеков – басқару бөлімі, Ғ. Әлібеков – әділет, С. Арғыншиев – денсаулық сақтау [4, 197-б.].

d863f94f0fd5381f71739017cd222bd0.jpeg

Сурет 6. Алдыңғы қатарда солдан оңға қарай үшінші отырған Ә. Жангелдин, төртінші С. Меңдешев


1920 жылы 4 қазанда Орынборда Свердлов атындағы клубта ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезі салтанатты түрде ашылды. Съезд Президиумының құрамына 9 адам сайланды: В. Радус-Зенькович, Ә. Досов, С. Меңдешев, Ә. Жангелдин, И. Акулов, А. Авдеев, П. Струппе, А. Байтұрсынов, И.Д. Мартынов [8, 9-11-бб.]. Ал  5 қазанда өткен ҚАКСР Кеңестері Құрылтай съезінің екінші мәжілісінде С. Меңдешев Мандат және Жер комиссиясының құрамына, сондай-ақ съездің халық ағарту секциясының төрағасы болып сайланды. Осы мәжілісте С. Меңдешевтің ұсынысы бойынша Башқұрт республикасының еңбекші халқына құттықтау жеделхатын жөнелту туралы шешім қабылданды. Съездің кешкі мәжілісінде Қазревкомның қызметі туралы екі баяндама тыңдалды: Қазревкомның жалпы қызметі туралы – С. Арғыншиев, Қазревкомның жеке салалар бойынша жұмысы туралы – С. Меңдешев [8, 18-24-б.]. Съездің 6 қазандағы мәжілісінде Қазревкомның қызметі туралы баяндамалар талқыланып, жарыссөзге қатысқан Полюдов, С. Айтхожин, И.М. Заромский сияқты делегаттар Қазревком жұмысын сынға алды. Ал Ә. Ермеков Қазревком қызметіне объективті баға бере отырып, жұмыс жүргізетін нақты территориясы да болмаған Қазревкомның Қазақ АКСР-ін құруға қол жеткізуі үлкен жетістік екендігіне назар аударды. Сонымен қатар, ол ҚАКСР құрамына барлық қазақ жерлерін жинау қажеттігін жеке атап көрсетті. С. Меңдешев жарыссөзге орай қорытынды сөз сөйлеп: «...аса қиын жағдайда жұмыс істей отырып, қолдан келгеннің барлығын істедік» [8, 25-29-б.], - деп жауап қайтарды.

10-11 қазанда РК(б)П Қазоблбюросы облыстардан келген өкілдермен бірге біріккен пленум өткізді. Онда С. Меңдешев ҚазОАК Президиумының мүшесі әрі төрағасы қызметіне алдын-ала белгіленді [4, 198-б.]. Съездің соңғы күнінде өткен мәжілісте 75 адамнан тұратын ҚАКСР ОАК, оның Президиумының құрамы мен төрағасы және ХКК-нің құрамы сайланды. С. Меңдешев бірауыздан ҚазОАК Президиумының мүшесі әрі төрағасы болып сайланды [9].

261e3e081711caf8e2f1435d563e4ca0.jpg

Сурет 7. Сейітқали Меңдешев (Бұл фотоны табуға журналист Серікбол Хасан көмектесті) – ҚазОАК төрағасы. Орынбор, 1920 жыл // https://goskatalog.ru/portal/#/collections?id=5553778


 С. Меңдешев 1920 жылдың 12 қазанынан бастап 1925 жылдың 19 сәуіріне дейін ҚазОАК төрағасы қызметін үздіксіз атқарды [10]. 1920 ж. 14 қазанда өткен ҚазОАК Президиумының бірінші мәжілісінде С. Меңдешев ҚазОАК жанындағы Әкімшілік комиссиясының төрағасы болып сайланды [11]. ҚазОАК төрағасы ретінде С. Меңдешевтің алдында тұрған алғашқы міндеттердің бірі әрі бірегейі – Қазақстанның аумақтық тұтастығын қалпына келтіру болды. С. Меңдешев басқарған Әкімшілік комиссия жұмысы 1920 ж. 25 қазанда Маңғышлақ уезі мен Закаспий облысына қарасты Красноводск уезінің 4 және 5-болыстарының аумағын ҚАКСР құрамына қосып, Адай уезін және 5 адамнан тұратын уревком құрамын бекітуден басталды [12].

ҚАКСР-і құрылғанға дейін-ақ Қазревком құрамынан халық ағарту бөлімін ұйымдастырып, Қазақстандағы білім беру ісін жан-жақты қолға алған С. Меңдешев енді Қазатком төрағасы ретінде халық ағарту ісін дұрыс жолға қою және ҚАКСР мемлекеттік мекемелерінің жұмысын сауатты мамандармен қамтамасыз ету үшін нақты іс-шараларды атқаруға кірісті. 1920 ж. 13 қарашада С. Меңдешев төрағалығымен өткен ҚазОАК Президиумының 14-мәжілісінде «ҚАКСР-дегі сауаттыларды есепке алу туралы» мәселе қаралып, сауаттыларды, әсіресе, қазақтарды есепке алу және жұмылдыру қажет деп табылсын», – деген шешім қабылданды [11, 32-33-п.]. Ал 1920 ж. 30 қарашада С. Меңдешевтің төрағалығымен өткен ҚазОАК Президиумының 19-мәжілісінде «ҚАКСР-дағы сауатты қазақтарды есепке алу туралы» мәселе қаралып, ҚазОАК Президиумы 16 жастан 50 жасқа дейінгі екі жыныстағы барлық сауаттыларды (орысша және қазақша) есепке алу туралы шешім қабылдады [11, 44-45-а.п.].

Қазақ АКСР-і құрылған күннен бастап Орталық пен Қазақстан өкімет органдарының арасында, Орталықтан келген орыс коммунистері мен жергілікті коммунистер арасында үнемі түсініспеушіліктер мен талас-тартыстардың орын алғаны белгілі. С. Меңдешев бастаған ҚАКСР басшылары қазақ халқының мүддесін қорғау жолында Орталық билік органдарымен және еуропалық коммунистермен саяси күреске түсті. Бірақ бүкіл саяси билікке ие, әскери күшке арқа сүйеген Орталықтағы жоғары билік ұлт аймақтарына өз өктемдігін қалауынша жүргізді.

1920 жылы қараша-желтоқсанда С. Меңдешевтің төрағалығымен өткен Қазатком Президиумының мәжілістерінде Сібревкомнан Ақмола және Семей облыстарын қабылдап алу мәселесі үздіксіз талқыланып отырды. 1920 жылғы 26 тамыздағы Қазақ АКСР-ін құру туралы декрет бойынша қосылуы шешіліп қойғанымен, бұл облыстарды қосып алу оңайға соқпады. Жаңа ғана құрылып жатқан республикадағы кадр жетіспеушілігі мен кеңестік аппараттардың әлсіздігі, Қазатком мүмкіндігінің шектеулі болуы бұл жұмыстың жүзеге асырылуын ұзаққа созып жіберді. Сібревком өз кезегінде бұл облыстардан айырылып қалмаудың барлық айла-тәсілдерін жасады.

1920 ж. 22-29 желтоқсанда С. Меңдешев Москвада VIII Бүкілресейлік кеңестердің съезіне ҚАКСР-нан делегат болып қатысып, съезд Президиумының мүшесі, ал съездің соңғы күні БОАК мүшесі болып сайланды. [13, 2-3, 287-б.]. Съезд аяқталғаннан кейін С. Меңдешев, Ә. Жангелдин және С. Сейфуллин Москвада қалып, 1921 жылы 1-4 қаңтарда И.В. Сталиннің төрағалығымен өткен РК(б)П ОК-нің ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерімен болған бірінші кеңесіне қатысты. Алқалы жиын Шығыс еңбекшілері арасында бұқаралық-саяси жұмысты коммунистік идеялар негізінде жүргізу мәселелерін талқыға салды. Кеңес шешімімен Шығыс коммунистері ұйымдарының Орталық бюросы таратылып, РК(б)П ОК-нің үгіт-насихат бөлімі жанынан РКФСР-де өмір сүретін түркі халықтары арасындағы үгіт-насихат жөніндегі бюро құрылды [14, 8-б.]. Бюро құрамына Қазақстаннан С. Меңдешев сайланды. Бұл шешім 1921 ж. 6 қаңтарда РК(б)П ОК тарапынан бекітілді. РКФСР тарапынан федерация құрамына кіретін түркі халықтарына осыншама назардың аударылуы – Т. Рысқұлов басқарған Мұсылман бюросының қызметі нәтижесінде күн тәртібіне көтерілген Түрік халықтарының коммунистік партиясы мен Түрік Кеңес Республикасын құру туралы идеяны әлсірету үшін жасалған кезекті ойын болды.

1921 жылдың басында РК(б)П Қазоблбюросы құрамында бірқатар өзгерістер орын алды. 10 қаңтарда бюро хатшы И. Акуловты қызметінен босатып, оның орнына Президиум құрамына М.Мырзағалиевті кіргізді. Көп ұзамай, 27 қаңтарда М. Мырзағалиев Қыроблбюросының хатшысы болып бекітіліп, Президиум мүшелелігіне С. Меңдешев пен В. Радус-Зенькович өтті. РК(б)П ОК-нен жаңа қызметкер келгенге дейін С.Меңдешев ҚАКСР Ағарту халкоматы жанындағы Саяси ағарту жұмыстары жөніндегі Бас басқармасының бастығы қызметін уақытша атқарушы болып бекітілді [4, 204-б.]. Жаңа ғана құрылған жас республиканың басшысы ретінде С. Меңдешев бір уақытта бірнеше мемлекеттік комиссиялар мен халкоматтардың құрамында жұмыс істеді.

1921 жылы 6-13 ақпанда Орынборда бірінші сайланған Қазаткомның 1-сессиясы болып өтті. Бүкілқазақ Кеңестерінің Құрылтай съезі бекіткен «Қазақ АКСР-де Кеңестік өкіметті ұйымдастыру туралы» ережеге [15, 242-247-б.] сәйкес ҚАКСР аумағындағы ең жоғарғы өкілетті мемлекеттік билік – Бүкілқазақ кеңестерінің съезі, ал Қазатком Бүкілқазақ съездері аралығында жоғарғы заң шығарушы, басқарушы және бақылаушы орган болды. Ереже бойынша Қазаткомның сессиясы 3 ай сайын шақырылуы тиіс еді. Сессиялардың арасында Қазаткомның атынан оның Президиумы жұмыс істеді. Сессияда баяндама жасаған С.Меңдешев Қазатком Президиумының осы уақытқа дейін атқарып шыққан жұмыстары туралы есеп беріп, Президиум қызметінің негізінен ұйымдастырушылық сипатта болғанын атап көрсетті [16, 2-5-п.]. Осы сессияда С. Сәдуақасов жасаған баяндаманың негізінде «С. Меңдешев басқаратын Ақмола және Семей облыстарын қосып алу жөніндегі төтенше өкілетті комиссияны» құру туралы қаулы қабылданды.

С. Меңдешев 1921 жылы 6-10 наурызда Москвада өткен «Түрік халықтары коммунистерінің бүкілресейлік 2-ші кеңесіне» қатысты. Қазақстан атынан сөз сөйлеген С. Меңдешев: «бізде қазақ және орыс коммунистері деген бөлініс жоқ, коммунистер арасында қандай қарым-қатынас болуы тиіс болса, бізде сол бар... ҚазОАК декреттерінің тілі қазақ және орыс тілі, біз көрсоқыр фанатизмге бой алдырмаймыз, қай жерде қалай дұрыс болса, біз ана тілін қолданамыз: орыс тұрғындары үшін орыс тілін, орыс тілін білмейтін қазақтар үшін қазақ тілін,» - деді. Кеңес «жергілікті партия ұйымдарына олар Шығыста нағыз Кеңес билігін құру үшін өзбек, қазақ және қырғыз батырақтарына коммунизм әліппесін үйретуді ұсынды. Бұл үшін жергілікті ұлттардан мамандар даярлау қажет. Шығыстағы барлық жаулап алу тағдыры осыған байланысты,» - деген қаулы қабылдады. «Қазақстандағы жұмыстың нашар жолға қойылғанын» көрсете отырып, РК(б)П ОК жанындағы Түрік халықтары арасындағы орталық үгіт-насихат жөніндегі бюроның жаңа құрамына «Қазақ партия обкомына партиялық қызметкерлер мен қазақ тіліндегі саяси әдебиеттерді жіберу жолымен көмектесу» ұсынылды. Орталық бюроның жаңа құрамына Қазақстаннан С.Меңдешев қайта сайланды [4, 206-б.].

Ақмола және Семей облыстарын ҚАКСР-іне қабылдау жұмысы 1921 ж. наурызда басталып, мамырдың соңына дейін жалғасты. Қазаткомның «Ақмола және Семей облыстарын қабылдау және ұйымдастыру жөніндегі төтенше өкілетті комиссиясының» бірінші мәжілісі 1921 ж. 23 наурызда өткізілді. С. Меңдешев бастаған Комиссия Омбы қаласына келіп өз жұмысына кірісті. Комиссияның құрамында И. Заромский, Ә. Досов, Ә. Әлібеков, С. Сейфуллин (мүшелері), кеңесші дауыспен кәсіподақтардан Запольский, денсаулық сақтау халкоматынан Пикман, Азық-түлік халкоматынан Шәрипов, Ағарту халкоматынан Байгелдин, Қазатком мүшесі Сергеев, комиссия хатшысы Ә.Әлібеков болды. Осылайша, С. Меңдешев басқарған төтенше өкілетті комиссияның күш салуымен аталған облыстарды ҚАКСР құрамына қосып алу бағытында жаңа қадамдар басталды.

С. Меңдешев басқарған төтенше өкілетті комиссияның Ақмола және Семей облыстарын қосып алу бойынша 1921 жылы сәуір-мамырда жүргізген жұмыстары Сібревком мен Орталық тарапынан зор кедергілерге тап болды. С. Меңдешев басқарған комиссия Қазақ республикасының мүддесін қорғау үшін үздіксіз күрес жүргізді. С. Меңдешев ҚАКСР құрамына қосылатын облыстарда басқару аппаратын қалыптастыру ісіне М. Әуезов, С. Сәдуақасов сияқты жігерлі де сауатты жастарды тартты. 1921 жылы 8 сәуірде өткен ҚазОАК Президиумының мәжілісінде С. Меңдешевтің жеделхатына орай, «С. Сәдуақасов Ақмола облысы бойынша кеңес аппаратын ұйымдастыру жөніндегі жұмыстар бойынша Сібірге іссапарға жіберілсін» деген шешім қабылданды [17].

С. Меңдешев басқарған Төтенше өкілетті комиссия сәуірде Ақмола және Семей облыстарын ҚАКСР құрамына қосып алуға бағытталған кешенді жұмыстарды жүзеге асырды. Оларды қосу барысында барлық кеңестік-шаруашылық мекемелерді білікті қызметкерлерімен бірге, қажетті керек-жарақтары және мүлкімен бірге қосып алуға баса назар аударылды. Әсіресе, Омбы губерниялық байланыс, пошта және телеграф бөлімдері бүкіл құрылғыларымен, барлық адам құрамымен ҚАКСР қарауына өтті. Сібірден Ақмола және Семей облыстарын бөліп алу ҚазОАК төрағасы С. Меңдешев басқарған Төтенше өкілетті комиссияның табандылықпен жүргізген қажырлы күресінің арқасында мүмкін болды. 1921 жылдың ортасына қарай Ақмола және Семей облыстары түгелімен Қазақстанның қарауына өтті [18, 105-106-б.].

Сонымен қатар, С. Меңдешев басшылығымен ҚАКСР өкімет органдары Омбы облысының Қазақстанға тиесілі аумағын бөліп алу үшін орасан жұмыстар атқарды. Қазақстан тарапы Омбы уезін Омбы қаласымен бірге Қазақстанға қосып алу үшін күрес жүргізді. Ал Сібревком болса керісінше, аталған аумақты қалай болғанда да Қазақстанға бермеудің барлық амалын жасады. Соның нәтижесінде, ҚАКСР үкіметтік комиссиясы мен Сібревком Омбы уезін бөлу мәселесінде ортақ келісімге келе алмады. Тараптар мәселені РКФСР БОАК-тің қарауына шығаруға мәжбүр болды. РКФСР БОАК-тің 1921 жылы 10 маусымдағы шешіміне сәйкес Омбы уезі екіге бөлініп, Оңтүстік бөлігі Есілкөл станциясымен қоса алғанда ҚАКСР-не берілуі тиіс болғанымен, бұл мәселе оң шешімін таппай, Есілкөл станциясы маңындағы 10 болыс Сібревкомға қарасты Омбы облысының құрамында қалып қойды [18, 106-107-б.].

С. Меңдешев Қазақстандағы ең жоғарғы мемлекеттік билік органының басшысы ретінде үлкен саяси беделге ие болды. Оны Қазақстанның партия ұйымында өткен пленумдар мен бүкілқазақстандық партконференциялардан анық байқауға болады. С. Меңдешев 1921 ж. 11-18 маусымда Орынборда өткен бірінші бүкілқазақстандық партконференцияға Бөкей губерниясынан делегат болып қатысты. 

b5d0980df0be2d57e8e1019a3c31656d.jpg

Сурет 8. Бұл фотода 1921 жылдың 11-18 маусым аралығында Орынборда өткен РК(б)П Қыробкомының бірінші бүкілқазақстандық конференциясына қатысқан Бөкей губерниясының делегаттары. Бұл жиынға 147 делегат дауыс беру құқығымен, 15 делегат кеңесші құқығымен қатысты. Солдан оңға қарай: бірінші қатарда екінші – Алма Оразбаева, үшінші - Ғабдұлхәкім Нұрмұхамедұлы Бөкейханов, төртінші – Сейтқали Меңдешев, бесінші - Шафқат Бекмұхамедов, алтыншы – Жүсіп Тәкенов (Фотоны журналист Серікбол Хасан бауырым жіберді).


Конференцияның 15 маусымдағы мәжілісінде В.А. Радус-Зенькович «ҚКСР-дегі партияның кезекті міндеттері» атты баяндама жасап, өз сөзінде еңбекші қазақ халқы барлық жаңалықтар мен өзгерістерге сенбей отыр, оларда бүкіл орыстарға жаулық пиғылдың бар екені сезіледі деген пікір білдірді. Ұлтшылдық тек қазақ кедейлеріне ғана емес, басшы қызметтердегі қазақтарға да тән деді. Баяндамашының сөзінен оның қазақ даласындағы жағдайдан алшақтығы және ұлт мәселесін дұрыс түсінбейтіні анық көрініп тұрды. В. Радус-Зенькович пен Г. Дунаевтың баяндамалары бойынша жарыссөзге түскен А. Асылбеков, С. Меңдешев, Ә. Жангелдиндер қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғады. «Мен, қазақтар арасында кеңестік билік бекіген жоқ деген мәлімдемені естідім. Ал мен шаруалардың (орыстардың – С.Ш.), казактар мен қазақтардың саяси деңгейі бірдей екенін айтқым келеді. Қазақтарға қарағанда, кеңес билігіне қарсылар шаруалар мен казактардың арасында баршылық», [19, 79-80-б.] - деп С. Меңдешев оларға жауап қайтарды. С. Меңдешевтің одан арғы сөздері – оның В.А. Радус-Зеньковичтің Қазақстандағы жағдай туралы түсінігінен әлдеқайда кең ойлайтынын әрі жағдайды алақанындағыдай біліп, РК(б)П ОК-нің ұлт мәселесіне қатысты саясаты мен Қазпартбюросы алдына қойып отырған міндеттерін жетік білетінін көрсетеді.

Конференцияның 18 маусымдағы мәжілісінде 11 адамнан тұратын РК(б)П Қазобкомы сайланды [19, 97-б.]. Дауыс беру қорытындысынан, ең көп дауыс жинаған С. Меңдешевтің партия мүшелері арасындағы жоғарғы беделін және оған деген сенім дәрежесін байқауға болады. 1921 жылы 19 маусымда өткен Қазобкомның І пленумында С. Меңдешев 5 адамнан тұратын Президиум құрамына сайланды [20].

1921 жылы 27 тамызда өткен Қазобкомның кеңейтілген пленумы М. Костеловскаяны РК(б)П ОК қарауына жіберу туралы шешім қабылдап, ҚАКСР ХКК төрағасы және Ішкі істер халкомы қызметтерін атқарып жүрген М.Мырзағалиевті орнынан босатты. Олардың орнына Г.Коростелев пен С. Меңдешевті хатшы етіп сайлады [21]. Бірақ, С. Меңдешев ҚазОАК төрағасы қызметінен босатылмағандықтан, РК(б)П Қазобкомының хатшысы ретінде өз қызметіне толық кірісе алмады.

1921 жылы 23 тамызда өткен ҚазОАК Президиумының мәжілісінде С. Меңдешев «Түркістан іссапары бойынша баяндама» жасады. Ол Ташкентте өткен Түркістан кеңестерінің Х съезіне қатысып қайтқан болатын. С. Меңдешев осы сапары барысында Түркістан республикасы басшылығымен ашаршылықтан зардап шегіп жатқан ҚАКСР халқына көмектесу бойынша іс-шаралар жоспарын талқылап, нақты келісімдерге қол жеткізді. Ол келісім бойынша аштыққа ұшыраған Қазақ АКСР-нің 250 мың адамын Түркістан республикасы қабылдап, азық-түлікпен қамтамасыз етуге келісім берді [22].

Архив құжаттарына қарай отырып, С. Меңдешевтің әрқашан да ұлттық мүддеге адал болғанын, Орталықпен қарым-қатынаста аса сақ қимылдай отырып, қазақ халқының мақсат-мүддесінен туындайтын шешімдерді жүзеге асырғанын және осы бағытта бар күш-жігерін жұмсағанын көруге болады. Мысалы, 1922 жылы 2 наурызда ҚазОАК төрағасы С.Меңдешев Ұлт істері жөніндегі халкомы И.В. Сталинге хат жазып, Қазақстандағы аса қиын жағдайды, азық-түліктің жоқтығын баяндап, РК(б)П ОК-нің Қазақстандағы өкілетті өкілі В.Г. Юдовскийді Қазақстаннан алып кетуді өтінді [23]. Көп ұзамай, С. Меңдешевтің бұл өтініші орындалып, Қазақстандағы жағдайды мүлдем түсінгісі келмеген әрі қазақ топшылдық күресінің арасына түскен В.Г. Юдовский шілдеде РК(б)П ОК қарауына оралды. Бұл оқиғадан С. Меңдешевтің И.В.Сталин алдындағы саяси беделін анық бағамдауға болады.

С. Меңдешев алашордашылармен бірлесе жұмыс жүргізу қажеттігін жақтады. Мұны 1920 жылғы ҚАКСР кеңестерінің Құрылтай съезі қарсаңында болған қазақ қайраткерлерінің жалпы бейресми жиынындағы оның осы идеяны қолдауы; 1921 жылы 11 ақпанда өткен бірінші сайланған Қазаткомның 1-сессиясының 9-мәжілісінде Жер-су халкоматының баяндамасы бойынша орын алған жарыссөзде бірінші сөз кезегін Ә. Бөкейхановқа беруі; 1922 жылы 16 қазанда РК(б)П Қазобком Президиумы «Кенжин туралы» мәселені қарап, оны Қазақстаннан аластау туралы мәселе қойылғанда С. Меңдешевтің анағұрлым толық тексеру-тергеу жұмыстары жүргізілуі тиіс деуі; 1923 жылы 13 сәуірде РК(б)П Орталық Бақылау Комиссиясының мәжілісінде А. Кенжин туралы мәселе тағы да қаралып, бұл жолы ол адмирал Колчакқа барған Алашорда өкілі ретінде айыпталып, оны Қазақстаннан басқа жерге жіберу туралы шешім қабылданғанда, С. Меңдешевтің төрағалығымен 11 мамырда өткен ОК Ұйымдастыру бюросында А. Кенжиннің Қазақстан аумағында қалуына рұқсат беруі және т.б. сияқты нақты мысалдар, С. Меңдешев туралы тәуелсіздік жылдарындағы бірқатар зерттеулерде айтылған «солшыл», «мансапқор» деген айыптауларды теріске шығарады. Біз қолымызда жиналған архив құжаттарын талдау барысында С. Меңдешевтің барынша ұстамды әрі жағдайға қарай ҚАКСР мүддесі үшін әрекет ете білген саяси қайраткер болғанына көзіміз жетті.

bbc8466f4c213be878c92488ea8b3970.jpeg

Сурет 9. Сейітқали Меңдешев (кинохроникадан алынды). Жанындағы кісі Аспандияр Кенжинге ұқсайды екен.

С. Меңдешевтің барлық уақытта да ұлттық мүддеге сай жұмыс істегенін көрсететін дәлелдерді көптеп келтіруге болады. Мысалы, 1922 ж. 10 желтоқсанда Қазобком пленумында «Байлар туралы» мәселе қаралды. Ол бойынша А. Вайнштейн мен А. Асылбеков баяндама жасады. А. Вайнштейн «Қазақ даласы ішкі революцияны әлі басынан кешірген жоқ» дей отырып, ауылдарда кеңестік биліктің әлеуметтік базасын қалыптастыру үшін қазақ байларының мал-мүлкін экспроприациялау мүмкіндігі туралы мәселені талқылауды ұсынды. Бұған С. Меңдешев «Әлеуметтік база қалыптастырудың экспроприация сияқты мұндай әдісі қалаған нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бермейді, саяси және революциялық әсер қалыптастырмайды. Ең жақсы әдіс – шаруашылықты жалпы қалпына келтіру», – деп пікір білдірді. Пленумда С. Меңдешев, А. Асылбеков және А. Оразбаева сынды қазақ қайраткерлері Қазобкомда өз бюджетін өзі жұмсай алатын құқық болуы тиіс деген «ерекше пікірді» ұсынды [4, 221-б.].

1923 ж. 17-22 наурызда Орынборда өткен ІІІ бүкілқазақстандық партконференцияда қазақ коммунистері мен еуропалық коммунистер арасында қазақ ұлтының табиғи құқықтары мен ұлыорыстық шовинизмі, орыс отаршылдығы мәселелері бойынша өткір пікірталастар орын алды. Конференция қорытындысында С. Меңдешев РК(б)П Қазобком мүшелігіне сайланды [24].

82e922c2a9296ab523f4943952620fb5.jpg

Сурет 10. Солдан оңға қарай екінші отырған С. Меңдешев 

С. Меңдешев Қазатком төрағасы қызметінен кеткенге дейінгі барлық уақытта РК(б)П Қазобкомы Президиумының мүшесі болып сайланып отырды. Жоғарғы кеңестік мемлекеттік органның төрағасы ретінде әрі жоғарғы саяси билік мүшесі ретінде С. Меңдешевке шовинистік пиғылдағы еуропалық коммунистерге қарсы үздіксіз күрес жүргізуге тура келді. Бұл кезде, Орталық саяси билік ұлттық автономиялық республикалар мен облыстардың жергілікті ұлт өкілдерінен шыққан қайраткерлерді ұлттық көзқарастары үшін қыспаққа ала бастаған еді. 1923 ж. 9-12 маусымда Москвада өткен РК(б)П ОК-нің ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерімен өткізген IV кеңесі мұның нақты көрінісі бола алады. Онда татар халқынан шыққан аса ірі саяси қайраткер, РКФСР үкімет мүшесі, Ұлт істері жөніндегі халкомның орынбасары М. Сұлтанғалиевтің ісі қаралды. Бұл жиын кеңестен гөрі ашық сот процесіне ұқсайтын еді. Сасяи билік кеңеске бүкіл ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерін жинап, егемендікке ашық ұмтылудың ақыры қалай болатынын М. Сұлтанғалиевті жазалау арқылы көрсетуді мақсат еткендей әсер қалдырады.

Ұлыорыстық шовинизм мен Орталықтың отарлық саясатына қарсылық Қазақстанда да қарқын алып жатты. Бұл туралы Қазобком жауапты хатшысының міндетін атқарушы Г. Дунаевтың 1923 жылы 14 қыркүйекте РК(б)П ОК-нің атына шілде-тамыз айлары үшін жіберген жабық есептік хатында орыс коммунистері мен С. Меңдешев бастаған қазақ коммунистері арасындағы қайшылықтар егжей-тегжейлі баяндалды [4, 229-б.]. Қазақ қайраткерлері ҚАКСР-дегі бүкіл партиялық билік пен кеңестік органдардағы лауазымдарды қазақтандыруға күш сала бастады. С. Меңдешевтің күш салуымен 1922 жылы қаңтарда Қазақ қызметкерлерін есепке алу және тиімді пайдалану жөніндегі ҚазОАК комиссиясы құрылды. Оның міндетіне барлық қазақ қызметкерлерін есепке алу және оларды кеңестік немесе партиялық жұмысқа пайдалану болды. Комиссия жергілікті аткомдардың жанынан өзінің төменгі тізбегін ұйымдастыруға құқылы болды. Комиссия өз жұмысын 1922 жылдың соңына қарай аяқтады.

1922 жылы 6-13 қазан аралығында өткен ҚАКСР кеңестерінің ІІІ съезінде үкіметтің есепті баяндамасына орай қабылданған қаулыда төменнен жоғарыға дейінгі барлық кеңес аппараттарына қазақ жұмысшылары мен кедейлерін тарту жұмысы күшейтілсін, ҚАКСР территориясына қатысты заңдық актілердің қазақ тілінде жарық көруіне қатысты шаралар қабылдансын деген шешім қабылданған болатын. Ал 1923 жылы 22 қарашада қабылданған «Қырғыз тілінде іс жүргізуді енгізу туралы» Қазатком декретінде 1924 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚАКСР-дің барлық қазақ болыстарында және Ақтөбе губерниясының Адай, Торғай, Шалқар, Темір, Ақтөбе, Ырғыз уездерінде, Бөкей губерниясының барлық уездерінде, Орал губерниясының Жымпиты және Гурьев уездерінде, Семей губерниясының Қарқаралы және Зайсан уездерінде, Ақмола губерниясының Ақмола, Атбасар және Чарлык уездерінде қазақ тілінде іс жүргізу енгізілсін деген шешім қабылданды. Ал Орынбор губерниясының уездерінде, басқа губерниялар мен уездерде қазақ тілінде іс жүргізуді 1924 жылдың 1 шілдесінен кешікпей енгізу, оны орыс тілімен бірге қатар жүргізу міндеті белгіленді. Осы декрет жарияланған күннен бастап барлық өлкелік мекемелерге орыс тілімен қатар қазақ тілінде іс жүргізу міндеттеліп, бұл жұмысты 1925 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқтау тапсырылды.

dd433cddec75a7ad05db4944baf47021.jpg

Сурет 11. Ортада отырған С. Меңдешев


1923 жылы 6 желтоқсанда Қазатком Президиумының қаулысы бойынша «Қырғыз тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі Орталық Комиссия туралы ереже» бекітілді. Комиссияға: іс жүргізуге қазақ тілін енгізу жөніндегі жұмыстарды жоспарлау, республика бойынша барлық заң актілерін, қаулы-қарарларды қазақ тіліне аудару және баспадан шығару, ЖШИ халкоматымен бірлесе отырып іс жүргізу үлгілерін даярлау және оны енгізу, губаткомдардың жанындағы қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі жергілікті комиссиялардың жұмысына басшылық жасау, іс жүргізуді енгізу жөніндегі техникалық қызметкер мамандарын даярлау жөніндегі жоспарды даярлау ісі жүктелді. С. Меңдешев бастаған қазақ қайраткерлерінің мұндай ауқымды жұмысы көлемі мен сипаты жағынан 1919 ж. Т. Рысқұлов басқарған Мұсбюроның қызметін еске салады. Осындай жағдайда, Қазақстанда қызмет еткен орыс коммунистері дабыл қағып, С. Меңдешевтің «ұлтшыл-ауытқушылық» бағыты туралы арыз-шағымдар Орталыққа қардай борады. Мәселеге РК(б)П ОК хатшысы И.В. Сталиннің өзі араласуға тура келді. Ол 1923 жылы 21 желтоқсанда С. Меңдешевке: «...Егер Қырреспублика құрамында белгілі бір пайыз орыстар болатын болса, [билік құрамында] орыстардан да өкілдердің болғаны әділетті болар еді», – деп, жеделхат жолдады [25]. Бұл жеделхат РК(б)П ОК-нің позициясын білдіретін еді.

Соған қарамастан С. Меңдешев пен С. Сейфуллин бастаған қазақ қайраткерлері алған бағыттарынан қайтпады. 1924 жылдың 5-10 қаңтары аралығында өткен ҚАКСР кеңестерінің IV бүкілқазақтық съезінде «ҚырОАК және Халкомкеңестің есепті баяндамасы бойынша» қабылдаған қарарында бірінші кезекте қазақ жұмысшыларын кеңес аппаратындағы жұмыстарға тарту, кеңес мекемелеріндегі іс жүргізуді қазақ тіліне батыл түрде көшіру, әсіресе болыстық деңгейдегі қазақ қызметкерлерін жоспарлы және жүйелі түрде даярлау жөнінде шешім қабылдады [26].

Көп ұзамай, 1924 ж. 20 наурызда Қазатком қаулысымен «ҚКСР қырғыз тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі губерниялық комиссиялар туралы ереже» бетіліп, қазақ тілінде іс жүргізу жұмысы республика көлемінде кеңінен қолға алынды. Ереже бойынша, негізгі міндеті – іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру болғанына қарамастан, Қазатком Президиумы жанындағы аталмыш Комиссия республиканың барлық деңгейіндегі мекемелері мен басқару аппараты үшін қазақтардан маман даярлауды жоспарлы түрде іске асыра бастады және оларды жұмысқа орналастырып отырды. 1924-1925 ж. жергіліктендіру (коренизация) ісі республика көлемінде жақсы жолға қойылып, оң нәтижелер бере бастады.

1924 жылдың басында республиканың барлық қазақ болаткомдарындағы орыс қызметкерлері қазақтармен алмастырылып, іс жүргізу қазақ тіліне көшірілді. Сонымен қатар, қазақ болыстары деңгейінде жұмыс істейтін қаржы агенттері, милиционерлер, мемлекеттік сақтандыру агенттері, халық соттары, тергеушілер және т.б. қазақтармен алмастырылды. Қазақ тұрғындарына қызмет көрсететін сот бөлімдерінде іс жүргізу, сот ісін жүргізу және сотта сөйлеу қазақ тіліне көшірілді. Бірақ уездік және губерниялық органдардағы жергіліктендіру ісі айтарлықтай нәтиже бере қоймады. Аппараттарды жергіліктендіруге қажет қазақ қызметкерлерін даярлау үшін қаржы, кооперация, милиция, әділет, ағарту және іс жүргізу мен есепшілердің техникалық қызметкерлерін даярлайтын қысқа мерзімді курстар ашылды. 1924 ж. Петропавл, Қостанай, Семей, Орда, Ақтөбе және Орынбор қалаларында ашылған мұндай курстардың саны 12-ге жетті. Милиция курсын есептемегенде, осы курстарды 322 адам бітіріп шықты. 1925 ж. мұндай курстар Петропавл, Семей және Ақтөбе қалаларында ашылып, бұл курстарды 163 қазақ бітіріп шықты. 1924 ж. 6 маусымда Қазхалкомкеңесі «Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикасы милициясының басшылық құрамының өлкелік мектебі туралы ережені» бекітті. Ереже бойынша ҚКСР Ішкі істер халкоматы жанындағы өлкелік милиция мектебіне негізінен қазақтарды алу көзделді. 1924 жылы 16-19 маусымы аралығында өткен 4-сайланған Қазаткомның 2-сессиясында қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі Орталық Комиссия жұмысы бойынша Ж. Сәдуақасов баяндама жасап, уездік және губерниялық деңгейдегі кеңес органдарының 1923 жылғы 22 қарашадағы декретін толық орындамай отырғанына назар аударды. Сессия қаулысы бойынша барлық халкоматтарға, өлкелік мекемелер мен губерниялық органдарға курстарды ашу үшін Комиссиямен міндетті түрде келісу ұсынылып, осындай курстардың 75% жергілікті халық өкілдерінен жасақтау міндеттелді.

Міне, осындай жағдайда, Қазақстандағы партиялық және кеңестік билік аппараттарында ұлттық басымдыққа ие болуды көздеген және жергіліктендіру саясатын мықтап қолға алған С. Меңдешевті қызметінен кетіру мәселесі РК(б)П ОК тарапынан қолға алынды.

1924 жыл С. Меңдешев үшін ауыр жыл болды. Ол ҚАКСР ОАК төрағасы ретінде қазақ жерлерін біріктіру жолындағы күресті одан ары жалғастырды. «Тұтас Түркістан» идеясының негізі болған Түркістан республикасын ұлттық республикаларға бөліп, оны ыдырату аясында жүргізілген 1924 жылғы Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу саясатында РК(б)П ОК барлық жерде қазақ халқымен шегаралас аймақтардың мүддесін қорғап, қазақтардың жерлерін көпе-көрінеу әділетсіздікпен басқа республикаларға беріп жібергенін бүгінде архив құжаттарынан анық көріп отырмыз. 1924 ж. 20 ақпанда БОАК Президиумы Маңғышлақ және Красноводск аудандарының шегарасын белгілеген жаңа қаулы қабылдады. Осы қаулы бойынша шегара Қарабұғаз шығанағы арқылы орта географиялық ендік бойымен өтетін болып, 1921 ж. 8 тамызда Красноводскіде өткен мәжілісте қазақтар мен түркімендер арасында белгіленген шегараға сәйкес бекітілді. Түркістан АКСР ХКК төрағасы Ш. Исламовтың күш салуымен осылай бекітіліп кеткен шегара қазақтардың мүддесіне қайшы келетін еді. Қаулыға сәйкес, Адай уезіне тиесілі аумақтың үлкен бөлігі, соның ішінде қыстау үшін аса қолайлы «Жаңғақ», «Аққұм» атты жерлер Красноводск уезіне берілді. Бұл жерлер түбірінен қазақтың жерлері еді. БОАК-тің мұндай қате қаулысына қарсы ҚазОАК төрағасы, БОАК Президиумының мүшесі С. Меңдешев, БОАК-тағы Қазақ Республикасының өкілі М. Мырзағалиев, Адай уревкомының төрағасы Ж. Мыңбаев БОАК-ке ресми хат жолдады. Хатта БОАК Президиумының 1924 жылғы 20 ақпандағы қаулысының дұрыс емес екендігі, Красноводск уезіне қазақтардың аса қажетті аумағының негізсіз кеткендігі жан-жақты дәлелденіп, бұл қаулының күшін жоюды, оның орнына шегараны БОАК-тің 1920 жылғы 26 тамыздағы декреті бекіткен күйінде қалдыруды сұрады. Ақыры 1924 жылғы 31 наурызда Түрікатком қазақтар мен түркімендер арасындағы шиеленіс толық жойылғанша бұл ауданды бірыңғай әкімшілік ауданға біріктіру туралы шешім қабылдауға мәжбүр болды. Онда арнайы ревком құрылды және оның қарауына тәртіп сақтау үшін арнайы әскери бөлім берілді. Бұл мәселе тек 1925 жылы ғана түпкілікті шешімін тапты [18, 111-112-б.].

1924 ж. 26 сәуірде «Еңбекшіл қазақ» газетінің №199-санында С. Меңдешевтің «Түркістан Республикасындағы қазақтар Қазақстанға не үшін қосылуы керек?» деген көлемді мақаласы жарияланды. Онда ол: «Қазақ халқының Қазақстанға қосылуын керек қылатындар: 1) қазақ халқының тарихы, табиғи түрлері, 2) шаруашылық тілектері, 3) мәдениет істері, 4) саяси себептер. Бұл республикадағы қазақтың Қазақстанға қосылуын керек қылатын, кеңес құрылымындағы ұлт істері» деп дәлел келтірді. [27, 62-63-б.].

1924 ж. 8 шілдеде Қазобком Президиумы РК(б)П ОК Орта Азия бюросының Межелеу жөніндегі территориялық комиссиясын құрды. Оның құрамына ҚАКСР-нен С. Меңдешев (төраға) пен Ә. Әлібеков (Жер-су халкомы), кандидат болып Т. Жүргенов (ҚАКСР-дің Түрікаткомның жанындағы өкілетті өкілі) енгізілді. Сонымен қатар, құрамына С. Меңдешев (төраға), Ә. Әлібеков және С. Есқараев (төраға орынбасарлары), А. Серғазиев, Т. Жүргенов (мүшелері), С. Қожанов, Ізбасаров, Ж. Мыңбаев (кандидаттар) кірген ТАКСР құрамынан бөлінетін қазақ аудандарын басқару жөніндегі ревком құрылды [4, 229-б.]. 

524b1fa6ce066d4a2ae061bc1496d1af.JPG

Сурет 12. Солдан оңға қарай отырғандар: О. Исаев, Ә. Жангелдин, белгісіз, С. Меңдешев, Н. Нұрмақов, Ә. Әйтиев. Бұл фото жарияланған «Большой атлас истории и культуры Казахстана» атты кітапта «1921 жылғы ҚазОАК Президиумының мәжілісі» деп көрсетілген. Біздің бұған үлкен күмәніміз бар (Мүмкін, фотоның артына жазылған 192"4" жылдағы 4 саны 1-ге ұқсап қалды ма екен?). Өйткені, 1921 жылы мына фотода отырған Ә. Жангелдин, С. Меңдешев, Ә. Әйтиевтер (еуропалықтың кім екенін ажырата алмадық) Қазатком Президиумының мүшесі болғанымен, Ораз Исаев пен Нығмет Нұрмақов Қазатком Президиумының мүшесі болған жоқ. Бұл фото 4-ші сайланған ҚазОАК Президиумының құрамы. Себебі, Н. Нұрмақов 4-ші сайланған ҚазОАК Президиумының мүшесі болса, О. Исаев 1924 жылдың 30 тамызында Адай ревкомының төрағасы қызметіне жіберілген бұрынғы хатшы Ж. Сәдуақасовтың орнына хатшы болып келген болатын. Біздің ойымызша, бұл фото 1924 жылдың қыркүйегі мен 1925 жылдың сәуірі аралығында түсірілген болса керек.

26 шілдеде РК(б)П Қазобкомы Президиумы шешімімен ҚазОАК төрағасы, әрі территориялық комиссияның Қазақ қосалқы комиссиясының (бюросының) және ТАКСР-нен Қазақ АКСР-не кірген қазақ аудандарын басқаратын Ревкомның төрағасы С. Меңдешев Ташкент қаласына іссапарға жіберілді. С. Меңдешев Ташкентте үлкен жұмыстар жүргізді. РК(б)П ОК Орта Азия бюросының, оның Территориялық комиссиясының жұмысына қатысты, Территориялық комиссияның Қазақ қосалқы комиссиясының жұмысына басшылық етті [18, 141-б.].

1924 ж. 11 қазанда С. Меңдешев РК(б)П ОК Саяси бюросының Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы мәселені қараған кезектен тыс арнайы мәжілісіне қатысты. Осы мәжілісте РК(б)П ОК Саяси Бюросы «Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы» мәселені қарап, 24 пункттен тұратын шешім қабылдады. Бұл шешім толықтай өзбек тарапының мүддесін қолдауымен ерекшеленді. Мәжілісте Ташкент қаласын Өзбек республикасына беру туралы Саяси бюроның бұрынғы шешімі өз күшінде қалдырылды [28]. Осылайша, қазақ қайраткерлерінің Ташкент үшін болған күресі ауыр жеңіліспен аяқталып, ежелден қазақ халқы қоныстанған 900 000 кв верст жердің орнына 600 000 кв верст жерге ие болып, 900 000 қазақ Өзбек республикасы құрамында қалып қойды.

Ташкенттен айырылған Қазақ республикасында жаңа астана мәселесі күн тәртібіне көтерілді. 1924 ж. 23 желтоқсанда өткен Қазобком бюросының мәжілісінде Орынбор-Торғай облысын құру және облыс астанасы ретінде Орынбор қаласын қалдыру туралы шешім қабылданды. Ал С. Меңдешев ҚАКСР жаңа астанасы ретінде Ақмешіт қаласын ұсынды [4, 239-б.]. Ал 27 желтоқсанда С. Меңдешев РК(б)П ОК-ге хат жазып, онда Торғай және Орынбор облыстарын біріктіріп, ҚАКСР орталығы етіп Орынбор қаласын қалдыру туралы Қазобком шешімімен келіспейтіндігі туралы мәлімдеді. Сонымен қатар, ҚАКСР астанасы ретінде Ақмешіт қаласын белгілеуді ұсынды [29, 252-255-б.].

1925 ж. 20 қаңтарда Қазобком жанынан Саяси істер жөніндегі комиссия құрылып, оның құрамына В. Нанейшвили (обкомнан), И. Каширин (БМСБ), Н. Панин (Қазобком БК), Қ. Боранбаев (Әділет халкоматынан), С. Меңдешев (ҚазОАК) кірді. Осы күні Қазобком бюросы РК(б)П ОК алдына Қазобкомды Қазөлкеком етіп өзгерту туралы мәселе қоюға қаулы қабылдады [4, 242-б.]. Ал 1925 ж. 19 ақпанда РК(б)П ОК Саяси бюросы Қазобкомды Қазөлкеком етіп өзгертті [30]. 1925 жылы 27 наурызда Қазөлкеком бюросы РК(б)П ОК қаулысын орындай отырып, хатшылықтың барлық мүшелерін Қазөлкеком хатшылары деп есептеу туралы қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес В. Нанейшвили – бірінші хатшы, С. Қожанов – екінші хатшы, Н. Ежов – үшінші хатшы болып есептелді [4, 244-б.].

ҚАКСР мемлекеттік-партиялық билік номенклатурасындағы күштердің арасалмағының өзгеруі – Орта Азия мен Қазақстандағы ұлттық-мемлекеттік межелеу саясаты мен ҚАКСР астанасының Орынбордан Ақмешітке ауысуы барысында жүзеге асты. Ұлттық-мемлекеттік межелеу саясаты қарсаңында Түрікатком төрағасының орынбасары қызметін атқарған, Түркістандағы қазақ қайраткерлері арасында Т.Рысқұловтан кейінгі белді де белгілі қайраткер С. Қожановтың 1924 жылғы қарашада РК(б)П Қазобкомының жауапты хатшысы қызметіне бекітілуі [31, 226-б.] және 1924 жылы қыркүйекте хатшы қызметіне грузин В.И. Нанейшвилидің келуі С. Меңдешев бастаған қазақ ұлтшылдарының жағдайын қиындатып жіберді. Ендігі жерде С. Меңдешевті орнынан кетіруге бұрыннан мүдделі ҚАКСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы әрі Қазобком Бюросының мүшелігіне кандидат С. Сәдуақасов пен С. Қожанов «блогы» құрылды [32]. Алаш зиялыларының зор қолдауына ие болып отырған бұл екі қайраткер бірлесе отырып, С. Меңдешевті орнынан кетіруге кірісті.

С. Меңдешевті орнынан алу жоспары РК(б)П Қазөлкекомы Бюросының 1925 ж. 7 сәуірде өткен жабық мәжілісінде жүзеге асырылды [33]. С. Меңдешев 9-сәуір күні РК(б)П Қазөлкеком Бюросына 1925 жылы 7 сәуірде өткен жабық мәжілістің қаулысына наразылық білдіріп, оны қайта қарауды ұсынып хат [32, 159-159-а.п.] жолдады. 11 сәуірде С. Меңдешевтің талап етуі бойынша 7 сәуірде ұсынылған ҚАКСР үкіметінің жаңа құрамы қайта дауысқа салынды. Бірақ, бұл жолы да С. Меңдешев жалғыз қалды.

1925 ж. 15-19 сәуірде Ақмешітте өткен V Бүкілқазақ кеңестерінің съезінде баяндама жасаған Қазатком төрағасы С. Меңдешев жергіліктендіру мәселесіне тоқтала отырып, Қызыл Армияның ұлттық құрамаларын жасақтау ісінің 1924 жылдан бастап қолға алынғанын, Қазатком атындағы Қызыл Армия командирлері құрамының 8-ұлттық мектебі құрылып, оған 119 жас қазақ жігітінің оқуға қабылданғанын атап көрсетті. [34].

V Бүкілқазақ кеңестерінің съезінде Орталық қолдаған Қожанов-Садуақасов блогы толық жеңіске жетті [35, 193-б.]. Съездің қорытынды мәжілісінде қазақ халқы өзінің тарихи атын қайтарып, жаңа қазақ астанасы Қызылорда деп аталды [36]. Бюро мәжілісінде алдын-ала дайындалған тізімге сәйкес және Съезд Президиумының ұсынысы бойынша тұтас дауыс беру арқылы жаңа Қазатком құрамы сайланды. С.Меңдешев Қазатком мүшелігіне өткенімен, 19 сәуірде 5-сайланған Қазаткомның 1-сессиясында Қазатком Президиумына сайланбай қалды [37].

С. Меңдешевті қызметінен кетіруге мүдделі болған С. Сәдуақасов пен С. Қожанов кейін өзара бақталастыққа түсті. Оның үстіне, Өлкелік Бақылау Комиссиясы Президиумының мүшесі М.И. Озольдің Сырдария губерниясындағы жағдай туралы баяндамасында [38] жақсы көрініс тапқан С. Қожановтың Қазақстандағы топшылдық іс-әрекеттері Орталықтағы партия басшылығы тарапынан да, қазақ коммунистері тарапынан да қолдау таппады. Оның үстіне, С. Меңдешевтің Бюро құрамында қалдырылып, Ж. Мыңбаевтың Бюро құрамына енгізілмеуі, Қ. Күлетовтың С. Сәдуақасовпен бірлесуі С. Қожановтың «жетекшілік» рөлін әлсірете бастады.

Қазатком төрағасы қызметіне ұсынылмай қалған С. Сәдуақасов съезд аяқталған күннен бастап С. Қожановқа қарсы күрес бастады. 1925 ж. 20 мамырда С. Сәдуақасов И.В. Сталиннің атына хат жазды. Онда И. Сталинмен болған кездесуде екеуара болған әңгімені еске сала отырып: «4 жылдық жұмыс тәжірибесі жолдас Меңдешевтің Өлкелік деңгейдегі не кеңестік, не партиялық жұмысқа жетекшілік жасауға қабілетсіз екенін көрсетіп берді... Сондықтан, Меңдешевті одан ары қарай РКП Қырғыз Өлкелік Комитетінің құрамында қалдыру Қырғызиядағы коммунистік партия ісіне және кеңестік билікке ешқандай пайда әкелмейді», – деген қорытынды жасады. Хат мазмұнына қарағанда, кездесу барысында И. Сталин С. Сәдуақасовқа оның Қазақстан басшысына айналу мүмкіндігі туралы тұспалдап жеткізген сыңайлы. Оның С. Қожановпен бірлесіп, С. Меңдешевке қарсы саяси күрес жүргізуінің сыры осында жатқандай көрінеді. Одан ары С.Сәдуақасов: «...Өлкеком хатшысы ретіндегі Қожанов фигурасы Қырғызиядағы партиялық-кеңестік құрылысқа бірқатар қолайсыздықтар әкеледі», - дей отырып, «Меңдешев және Қожанов – бір медальдың екі жағы» деген баға берді [39]. Ол одан ары қарай, Қазақстанда өсіп-жетілген жас қайраткерлер буыны бар, ендігі назар соларға аударылуы тиіс деп, өзінің бар екенін еске салды.

1925 жылы 1 маусымда РК(б)П Қазөлкекомы С. Меңдешевті Қазақ өлкелік тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы қызметіне жіберді. Ал 25 маусым күні Қазақ өлкелік тұтынушылар одағының басқармасы төраға қызметін С. Меңдешевке жүктеді [4, 252-б.]. Бұл жұмыста жарты жылдан астам уақыт қызмет атқарған С. Меңдешев одан ары Қазақстанда қалуды қаламады. 1926 ж. 26 ақпанда Қазөлкеком бюросы С. Меңдешевті БК(б)П ОК-тің қарауына жіберді [4, 252-б.].

1926 ж. 1 сәуірде БК(б)П ОК Саяси Бюросы РКФСР ХКК төрағасының үшінші орынбасары туралы мәселені қарап, бұл қызметке C. Меңдешевті тағайындаудың дұрыстығын тексеруді КСРО ОАК сессиясына дайындық жөніндегі комиссиясына тапсырды [40]. Бірақ, 26 мамырда өткен БК(б)П ОК Саяси бюросы С. Меңдешевті РКФСР Экономикалық кеңес (ЭКОКЕ) құрамына енгізіп, РКФСР ХКК төрағасының үшінші орынбасары етіп Т.Рысқұловты тағайындау туралы шешім қабылдады [41].

1926 жылы 12-14 қарашада Т. Рысқұлов Москвада ұлт қайраткерлерінің құпия кеңесін өткізді. Жоғарғы партиялық биліктің рұқсатынсыз кеңес өткізгені үшін Т. Рысқұлов БК(б)П ОК тарапынан қатты айыпталды. Ал кеңеске қатынасқан ұлт қайраткерлерінің барлығы өз республикаларында партиялық қуғынға ұшырады. «Рысқұлов кеңесіне» қатысқан қайраткерлерді айыптау үшін Татарстанда, Башқұртстанда, Қазақстанда, Қырғызстан мен Дағыстанда арнайы пленумдар ұйымдастырылады. Бұл кеңестің жұмысына РКФСР ЭКОКЕ мүшесі С. Меңдешев те араласып, 14 қарашадағы мәжілісінде сөз сөйлеп [14, 73-81-б.], ұлт мәселесінің өзекті тұстарына тоқталды.

89e47eef36342085ff83519b8597fdc4.jpg

Сурет 13. Алдыңғы қатарда оң жақтан солға қарай екінші отырған С. Меңдешев


1928 ж. 14 қыркүйекте С. Меңдешевтің «Ұлт республикаларында кеңес сайлауы науқанының міндеттері туралы» мақаласы «Правда» газетінде жарық көрді. [42, 107-б.] Осы мақаладан кейін көп ұзамай, І. Құрамысов «Қызыл Қазақстан» журналының 4-нөмірінде «Меңдешевшілдік туралы» мақала жариялап, онда: «Меңдешұлы сияқты партия ұйымының ішіндегі атақты жікшіл көсемдер мақала жазып, орталықтағы баспасөзді өз мүдделеріне жұмсамақшы болса, оған қарсы күрес ашу керек», – деп, С. Меңдешевтің мақала жазуына ашық қарсы шықты.

Ал 1929 жыл – Қазақстандағы І. Құрамысов бастаған қазақ коммунистерінің С. Меңдешевке қарсы соғыс ашқан жылы болды. 1929 ж. наурызда Қызылорда партия белсенділерінің мәжілісінде І. Құрамысов: «Меңдешұлының қызарған солақай сөзі, байшыл ісі» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол өз сөзінде С. Меңдешевтің 1928 ж. 27 қыркүйекте Оралдың округтік партия комитетіне тәркілеу науқанының барысында орын алған кемшіліктерді көрсетіп жазған хатын сынады. Бұл хатта тәркілеуге жатпайтын қарапайым шаруалардың да тізімге ілінгені айтылған болатын. Партия жұмысында орын алған бұрмалаушылықтар мен асыра сілтеуді ашық көрсеткен С. Меңдешевке «меңдешевшілдер сөзде «қызарып» солақайланса да іс жүзінде партияға қарсы істі істейді. Өйткені партиядан сол ешкімде жоқ. Партия жолынан бұрылған жол біздің партия жолы емес, партияға қарсы жол», – деп баға беріп, оны жау қылып шығаруға тырысты [42, 107-б.].

1929 ж. 9 сәуірде «Еңбекші қазақ» газетінің №79-санында Ж. Сәрсекұлы «Меңдешевшілдік жол партияға қарсы жол» атты мақала жариялап, І. Құрамысұлынан да асып түсті. Ол: «меңдешевшілдіктің не екенін партия ұйымына, еңбекшілер жұртшылығына жариялауды біз кезекті міндетіміз деп санаймыз», – деп, С. Меңдешевті жоқ қылуға дайын екенін көрсетті [42, 107-б.]. Қазақстанда С. Меңдешевті осылайша «соғып» жатқанда 5 қазанда өткен БК(б)П ОК Саяси Бюросы С. Мендешевті ЭКОКЕ құрамына қайта енгізді [43].

1930 ж. 20 қаңтарда С. Меңдешев БК(б)П Қазөлкекомының хатшысы Ф. Голощекинге және «Советская степь» газетінің редакциясына «меңдешевшілдікпен» айыптауға қарсылығын білдірген хат жолдады. Ол хатында: «Партия басшылығына қарсы негізгі жік кеңестік Қазақстанның алғашқы жылдарынан-ақ басталды. Қазақстан партия ұйымы ішіндегі алашордашылар және басқа ұлттық буржуазиялық элементтер тарапынан байқалды», – дей отырып, өзінің партиялық бағыттан ешуақытта ауытқымағанын мәлімдеді. Ал Ф. Голощекин өз кезегінде: «Меңдешев жігінде болған жолдастар, ол кезде «солақайланып-ақ» кетсін, оның программасы болмасын, айырықша жікшілдік жасаған-ақ болсын. Бірақ, сонда да олар негізінде партия жолы үшін күресті», – деген дұрыс баға беруге мәжбүр болды [42, 107-110-б.].

1930 ж. 29 шілдеде Н. Манаев денсаулығына байланысты ҚАКСР Ағарту халкомы қызметінен босатылып, оның орнына С. Меңдешев тағайындалды [4, 252-б.]. 25 желтоқсанда БК(б)П ОК Саяси Бюросы С. Меңдешевтің Қазақстанға жұмысқа ауысуына байланысты оны РКФСР ЭКОКЕ мүшесі ретіндегі қызметінен босату туралы шешім қабылдады [44].

1931 ж. 11-16 ақпанда Алматыда өткен ҚАКСР кеңестерінің VIII съезінде С. Меңдешев Орталық тізім бойынша Қазатком құрамына сайланса [45], 16 ақпанда өткен 8-ші сайланған Қазаткомның 1-сессиясында Ағарту халкомы болып қайта бекітіліп, бұл қызметті 1933 жылдың 25 маусымына дейін атқарды.

1933 ж. 19 сәуірде Қазөлкеком бюросы С. Меңдешевті Қазатком жанындағы Жаңа қазақ әліпбиі жөніндегі комитет төрағасы етіп, 25 маусымда Қазатком жанындағы Ғылыми мекемелер жөніндегі комитетінің төрағасы етіп бекітті. С. Меңдешев осы қызметті атқара жүріп Қазақстандағы алғашқы ғылыми мекемелердің құрылуы мен қалыптасуына жетекшілік жасады. Өзі де көптеген мемлекеттік комиссиялардың құрамында жұмыс істеді. С.Меңдешев 1933 ж. 10-14 желтоқсан аралығында құрылған Азамат соғысының тарихына көмектесу комиссиясының, 1936 ж. 28 мамырда құрылған Қазақ халқының және Қазақстан тарихы жөніндегі оқулық құрастыруды ұйымдастыру мен жетекшілік жасау жөніндегі комиссияның мүшесі болды.

1934 ж. 8-16 қаңтарда Алматыда VIII Қазақстан өлкелік партия конференциясы болып өтті. С. Меңдешев конференцияның 16 қаңтардағы мәжілісінде Қазөлкекомның мүшесі болып сайланды [46, 343-б.].

1935 ж. 1-8 қаңтарда С. Меңдешев Алматыда өткен ҚАКСР кеңестерінің ІХ съезіне қатысты [47, 910-б.]. Съезге барлығы 806 делегат шешуші және 98 делегат кеңес беруші дауыспен қатысты. Съез 8 қаңтар күні 215 мүшеден және 78 мүшелікке кандидаттан тұратын Қазаткомды, КСРО ОАК Ұлттар Кеңесіне 5 өкілді сайлады [48, 45-53-б.]. С. Меңдешев съезде Қазатком мүшелігіне [49] және 9 қаңтарда өткен 9-сайланған Қазаткомның 1-сессиясында Қазатком Президиумы құрамына сайланды [50].

1935 ж. 23 ақпанда БК(б)П Қазөлкекомы бюросының мәжілісінде Қазатком жанында тұрақты жұмыс істейтін бірқатар комиссиялар мен комитеттерді сақтау жөнінде шешім қабылданды. Оның ішінде С. Меңдешев басқаратын Ғылым комитеті мен Жаңа әліпби комитеті жұмысын жалғастыруы тиіс болды. [4, 370-б.].

1935 ж. 4 шілдеде БК(б)П Қазөлкекомы бюросы Ұ. Құлымбетовты С. Меңдешев басқаратын Қазатком жанындағы Жаңа әліпби комитетінің қосалқы төрағасы қызметіне бекітті [4, 373-б.]. Ал 15 қарашада Ұ. Құлымбетов өлкелік Жаңа әліпби комитетінің төрағасы болып бекітілсе, 1 қарашада КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы (ҚазФАН) Ғылыми кеңесінің мүшесі болып бекітілген С. Меңдешев комитет мүшесі болып ауыстырылды [4, 375, 381-б.].

С. Меңдешев 1935-1937 жылдары Қазатком Президиумының мүшесі ретінде республиканың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани өміріне қатысты шешімдерді қабылдауға атсалысты. 1937 ж. Қазатком жанындағы Ғылыми мекемелер жөніндегі комитетінің төрағасы, кейіннен ҚАКСР үкіметі жанындағы Қорықтар мен тарихи ескерткіштерді қорғау басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 1937 ж. 24 қыркүйекте С. Меңдешев Қазақстандағы ұлттық антикеңестік ұйым басшыларының бірі ретінде тұтқындалып, 1938 ж. 25 ақпанда ату жазасына кесілді. 1957 ж. 7 желтоқсанда ақталды.

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі:

1 Қазақстанның халық комиссарлары. 1920-1946: Өмірбаяндық анықтамалық. / Ред. М.С. Нәрікбаев (жауапты), Л.Д. Дегітаева, Е.М. Грибанова. Құраст.: М.Х. Жақыпов, А.С. Зұлқашева, А.Н. Ипмағамбетова /жауапты/, Е.В. Чиликова. – Алматы: Қазақ гуманитарлық-заң университетінің баспасы, 2004. – 499 б.

2 Ашимбаев Д.Р. Кто есть кто в Казахстане: Биографическая энциклопедия. – Изд. 12-е. доп. – Алматы, 2012. – 1272 с.

3 Ашимбаев Д., Хлюпин В. Казахстан: история власти. Опыт реконструкции. – Алматы: Credos, 2008. – 920 с.

4 Тибекин П. Служение народу: к 90-летию со дня рождения С. Мендешева // Казахстанская правда, 1972. – 16 июня; Тибекин П.И. Мендешев Сейтгали // Борцы за Советскую власть в Казахстане. – Алма-Ата: «Казахстан», 1982. – 236 с. (С. 154-161).

5 Зиманов С.З., Даулетова С.О., Исмагулов М.Ш. Казахский революционный комитет. – Алма-Ата: «Наука» КазССР, 1981. – 196 с.

6 Медеубаев Е. Первый всеказахстанский староста. С. Мендешев (1920-1925) // Первые лица государства: политические портреты (с точки зрения истории и современности) / Авт. кол.: Е. Абен, Е. Арын, И. Тасмагамбетов и др. – Алматы: Қазақстан даму институты, 1998. – 368 с. (С. 219-230).

7 Маймақов Ғ. Қазақ жері тұтастығының қалыптасуы. – Алматы: М.Х. Дулати қоғамдық қоры, 2005. – 208 б.

8 Араб графикасымен басылған қазақ кітаптарының каталогы (1841-1932) / Құраст.: Н.М. Асқарбекова, Т.А. Замзаева: Ред. алқасы: З.Д. Шаймарданова (ғылыми ред.), Р.Ж. Сейдахметова, А. Әлібекұлы. – Алматы: «Казахстаника» баспа үйі, 2006. – 176 б. + сур.

9 Мендешев С. Мои личные воспоминания о мобилизации казакского населения на тыловые работы в империалистическую войну в 1916 г. – Кзыл-Орда: Издание Общества Изучения Казакстана, 1926. – 9 с.

10 Тибекин П.И. Мендешев Сейтгали // Борцы за Советскую власть в Казахстане. – Алма-Ата: «Казахстан», 1982. – 236 с. (С. 154-161).

11 Қазақстан Республикасы Президентінің архиві (ҚРПА), 139-қ., 1-т., 814-іс, 151-152-п.; Сонда, 2-т., 45-іс, 165-п.

12 Учредительный съезд Советов Киргизской (Казакской) АССР. 4-12 октября 1920 г.: Протоколы. / Под редакцией и со вступительной статьей Е.Г. Федорова. – Алма-Ата-Москва: Казкрайиздат, 1936. – ХХХVІ+127 с.

13 Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві (ҚРОМА), 5-қ., 1-т., 21-іс, 772-774-п.

14 ҚРПА, 140-қ., 1-т., 4-іс, 58-а.п.

15 ҚРОМА, 5-қ., 1-т., 10-іс, 1-2-п.

16 ҚРОМА, 5-қ., 2-т., 3-іс, 12-12-а.п.

17 Восьмой Всероссийский съезд Советов рабочих, крестьянских, красноармейских и казачьих депутатов (22-29 декабря 1922 года): Стенографический отчет с приложениями. – Москва-Кремль: Госиздат, 1921. – 299 с.

18 Қазыбек М., Маймақов Ғ. Құпия кеңестер. – Алматы: «Санат», 1999. – 336 б.

19 Қазақстан: мемлекеттік кезеңдері. Конституциялық актілер – Казахстан: этапы государственности. Коституционные акты / Құраст. Ж.Бәйішев. – Алматы: Жеті жарғы, 1997. – 496 б.

20 ҚРОМА, 5-қ., 19-т., 5-іс, 1-п.

21 ҚРОМА, 5-қ., 19-т., 23-іс, 35-35-а.п.

22 Протоколы первой областной киргизской конференции РКП(б) 11-18 июня 1921 г. / Под ред.: У. Исаева, Д. Садвакасова, Н. Тимофеева. – Алма-Ата – Москва: Казкрайиздат, 1935. – 174 с.

23 ҚРПА, 139-қ., 1-т., 8-іс, 1-п.

24 ҚРПА, 139-қ., 1-т., 8-іс, 10-п.

25 ҚРОМА, 5-қ., 2-т., 23-іс, 88-88-а.п.

26 Ресейдің әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік мұрағаты (РӘСТМА), 558-қ., 1-т., 5632-іс, 30-31-п.

27 ҚРПА, 139-қ., 1-т., 541-іс, 278-282-п.

28 РӘСТМА, 558-қ., 11-т., 32-іс, 22-23-п.

29 Бюллетень 4-го Всекиргизского Съезда Советов. - № 1. – 5 января 1924 года. – С. 3. / Бюллетени 4-го Всекиргизского Съезда Советов. - № 1 - № 10. – 5-10 января 1924 года. – Б.м.: Б.и., 1924.

30 Жәдігер / Құрастырып, түсініктерін жазған Ж. Әлиханұлы. – Алматы, 2004. – 246 б.

31 РӘСТМА, 17-қ., 3-т., 468-іс, 1-4-п.

32 ЦК РКП(б) – ВКП(б) и национальный вопрос. Книга 1. 1918-1933 гг. / Составители Л.С. Гатагова, Л.П. Кошелева, Л.А. Роговая. – М.: РОССПЭН, 2005. – 784 с.

33 РӘСТМА, 17-қ., 3-т., 489-іс, 8-п.

34 Қойшыбаев Б. Сұлтанбек Қожанов. – Алматы: ЖШС «Қазақстан» баспа үйі», 2007. – 320 б. + 16 бет суреттер.

35 ҚРПА, 139-қ., 1-т., 36-іс, 159-159-а.п.

36 ҚРПА, 141-қ., 1-т., 10-іс, 4-п.

37 Пятый Всеказакский (Всекиргизский) Съезд Советов (15-19 апреля 1925 года): Стенографический отчет. – Кзыл-Орда (Ак-Мечеть): Орготдел ЦИК КАССР, 1925. – Приложение к стенограмму.

38 Доклад ПП ОГПУ по КАССР в Киробком РКП(б) «О состоянии и деятельности Алаш-Орды, киргизских национальных группировок за время с 1 октября 1922 г. по 1 января 1923 г.» // Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1920-1928 ж. Движение Алаш. Апрель 1920-1928 гг. – Алматы: «Ел-шежіре», 2007. – Т.3. Кн.1. – 304 с.

39 Бюллетень V-го Всекиргизского Съезда Советов. Ак-мечеть. 19 апреля 1925 г. – №8. – С. 5-7.

40 ҚРОМА, 5-қ., 19-т., 88-іс, 62-п.

41 ҚРПМ, 141-қ., 1-т., 36-іс, 64-74-п.

42 РӘСТМА, 558-қ., 11-т., 806-іс, 44-45-п.

43 РӘСТМА, 17-қ., 3-т., 554-іс, 7-8-п.

44 РӘСТМА, 17-қ., 3-т., 562-іс, 7-п.

45 Махат Д. Қазақ зиялыларының қасіреті. – Алматы: «Сөздік-Словарь», 2001. – 304 б.

46 РӘСТМА, 17-қ., 3-т., 762-іс, 5-6-п.

47 РӘСТМА, 17-қ., 3-т., 808-іс, 14-п.

48 Қазақстан өкіметінің жаңа құрылысы // Еңбекші қазақ, 1931. – 18 ақпан (сәрсенбі). - № 39 (1931). – 1-б.; Список членов Казакского центрального исполнительного комитета VIII созыва (в алфавитном порядке) // Советская степь», 1931. – 1-марта.; ҚРОМА, 5-қ., 15-т., 106-іс, 1-п.

49 VIII Казакстанская Краевая конференция ВКП(б) 8-16 января 1934 г. Стенографический отчет. – Алма-Ата: Казкрайиздат, 1934. – 403 с.

50 Съезды Советов Союза ССР, Союзных и Автономных Советских Социалистических республик. 1917-1937 гг.: Сборник документов в 7-томах. Т. 4, часть 1. – Москва: Госиздат юридлит, 1962. – 1210 с.

51 Постановления: ІХ Всеказакский съезд Советов. – Алма-Ата-Москва: Казакстанское краевое издательство, 1935. – 56 с.

52 ҚРОМА, 5-қ., 16-т., 482-іс, 173-п.; 5-қ., 18-т., 634-іс.

53 ҚРОМА, 5-қ., 16-т., 38-іс, 76-77-п; Сонда, 39-іс, 117-118-п.; Сонда, 40-іс, 5-п.; Сонда 19д-т., 293-іс, 5-п.

References:

1 Qazaqstannyń halyq komıssarlary. 1920-1946: Ómіrbaıandyq anyqtamalyq. / Red. M.S. Nárіkbaev (jaýapty), L.D. Degіtaeva, E.M. Grıbanova. Qurast.: M.H. Jaqypov, A.S. Zulqasheva, A.N. Ipmaǵambetova /jaýapty/, E.V. Chılıkova. – Almaty: Qazaq gýmanıtarlyq-zań ýnıversıtetіnіń baspasy, 2004. – 499 b.

2 Ashımbaev D.R. Kto est kto v Kazahstane: Bıografıcheskaıa entsıklopedııa. – Izd. 12-e. dop. – Almaty, 2012. – 1272 s.

3 Ashımbaev D., Hlıýpın V. Kazahstan: ıstorııa vlastı. Opyt rekonstrýktsıı. – Almaty: Credos, 2008. – 920 s.

4 Tıbekın P. Slýjenıe narodý: k 90-letııý so dnıa rojdenııa S.Mendesheva // Kazahstanskaıa pravda, 1972. – 16 ııýnıa; Tıbekın P.I. Mendeshev Seıtgalı // Bortsy za Sovetskýıý vlast v Kazahstane. – Alma-Ata: «Kazahstan», 1982. – 236 s. (S. 154-161).

5 Zımanov S.Z., Daýletova S.O., Ismagýlov M.Sh. Kazahskıı revolıýtsıonnyı komıtet. – Alma-Ata: «Naýka» KazSSR, 1981. – 196 s.

6 Medeýbaev E. Pervyı vsekazahstanskıı starosta. S.Mendeshev (1920-1925) // Pervye lıtsa gosýdarstva: polıtıcheskıe portrety (s tochkı zrenııa ıstorıı ı sovremennostı) / Avt. kol.: E. Aben, E. Aryn, I. Tasmagambetov ı dr. – Almaty: Qazaqstan damý ınstıtýty, 1998. – 368 s. (S. 219-230).

7 Maımaqov Ǵ. Qazaq jerі tutastyǵynyń qalyptasýy. – Almaty: M.H. Dýlatı qoǵamdyq qory, 2005. – 208 b.

8 Arab grafıkasymen basylǵan qazaq kіtaptarynyń katalogy (1841-1932) / Qurast.: N.M. Asqarbekova, T.A. Zamzaeva: Red. alqasy: Z.D. Shaımardanova (ǵylymı red.), R.J. Seıdahmetova, A. Álіbekuly. – Almaty: «Kazahstanıka» baspa úıі, 2006. – 176 b. + sýr.

9 Mendeshev S. Moı lıchnye vospomınanııa o mobılızatsıı kazakskogo naselenııa na tylovye raboty v ımperıalıstıcheskýıý voıný v 1916 g. – Kzyl-Orda: Izdanıe Obestva Izýchenııa Kazakstana, 1926. – 9 s.

10 Tıbekın P.I. Mendeshev Seıtgalı // Bortsy za Sovetskýıý vlast v Kazahstane. – Alma-Ata: «Kazahstan», 1982. – 236 s. (S. 154-161).

11 Qazaqstan respýblıkasy prezıdentіnіń arhıvі (QRPA), 139-q., 1-t., 814-іs, 151-152-p.; Sonda, 2-t., 45-іs, 165-p.

12 Ýchredıtelnyı sezd Sovetov Kırgızskoı (Kazakskoı) ASSR. 4-12 oktıabrıa 1920 g.: Protokoly. / Pod redaktsıeı ı so vstýpıtelnoı stateı E.G. Fedorova. – Alma-Ata-Moskva: Kazkraıızdat, 1936. – HHHVI+127 s.

13 Qazaqstan Respýblıkasynyń ortalyq memlekettіk arhıvі (QROMA), 5-q., 1-t., 21-іs, 772-774-p.

14 QRPA, 140-q., 1-t., 4-іs, 58-a.p.

15 QROMA, 5-q., 1-t., 10-іs, 1-2-p.

16 QROMA, 5-q., 2-t., 3-іs, 12-12-a.p.

17 Vosmoı Vserossııskıı sezd Sovetov rabochıh, krestıanskıh, krasnoarmeıskıh ı kazachıh depýtatov (22-29 dekabrıa 1922 goda): Stenografıcheskıı otchet s prılojenııamı. – Moskva-Kreml: Gosızdat, 1921. – 299 s.

18 Qazybek M., Maımaqov Ǵ. Qupııa keńester. – Almaty: «Sanat», 1999. – 336 b.

19 Qazaqstan: memlekettіk kezeńderі. Konstıtýtsııalyq aktіler – Kazahstan: etapy gosýdarstvennostı. Kostıtýtsıonnye akty / Qurast. J.Báıіshev. – Almaty: Jetі jarǵy, 1997. – 496 b.

20 QROMA, 5-q., 19-t., 5-іs, 1-p.

21 QROMA, 5-q., 19-t., 23-іs, 35-35-a.p.

22 Protokoly pervoı oblastnoı kırgızskoı konferentsıı RKP(b) 11-18 ııýnıa 1921 g. / Pod red.: Ý. Isaeva, D. Sadvakasova, N. Tımofeeva. – Alma-Ata – Moskva: Kazkraıızdat, 1935. – 174 s.

23 QRPA, 139-q., 1-t., 8-іs, 1-p.

24 QRPA, 139-q., 1-t., 8-іs, 10-p.

25 QROMA, 5-q., 2-t., 23-іs, 88-88-a.p.

26 Reseıdіń áleýmettіk-saıası tarıhynyń memlekettіk muraǵaty (RÁSTMA), 558-q., 1-t., 5632-іs, 30-31-p.

27 QRPA, 139-q., 1-t., 541-іs, 278-282-p.

28 RÁSTMA, 558-q., 11-t., 32-іs, 22-23-p.

29 Bıýlleten 4-go Vsekırgızskogo Sezda Sovetov. - № 1. – 5 ıanvarıa 1924 goda. – S. 3. / Bıýlletenı 4-go Vsekırgızskogo Sezda Sovetov. - № 1 - № 10. – 5-10 ıanvarıa 1924 goda. – B.m.: B.ı., 1924.

30 Jádіger / Qurastyryp, túsіnіkterіn jazǵan J.Álıhanuly. – Almaty, 2004. – 246 b.

31 RÁSTMA, 17-q., 3-t., 468-іs, 1-4-p.

32 TsK RKP(b) – VKP(b) ı natsıonalnyı vopros. Knıga 1. 1918-1933 gg. / Sostavıtelı L.S. Gatagova, L.P. Kosheleva, L.A. Rogovaıa. – M.: ROSSPEN, 2005. – 784 s.

33 RÁSTMA, 17-q., 3-t., 489-іs, 8-p.

34 Qoıshybaev B. Sultanbek Qojanov. – Almaty: JShS «Qazaqstan» baspa úıі», 2007. – 320 b. + 16 bet sýretter.

35 QRPA, 139-q., 1-t., 36-іs, 159-159-a.p.

36 QRPA, 141-q., 1-t., 10-іs, 4-p.

37 Pıatyı Vsekazakskıı (Vsekırgızskıı) Sezd Sovetov (15-19 aprelıa 1925 goda): Stenografıcheskıı otchet. – Kzyl-Orda (Ak-Mechet): Orgotdel TsIK KASSR, 1925. – Prılojenıe k stenogrammý.

38 Doklad PP OGPÝ po KASSR v Kırobkom RKP(b) «O sostoıanıı ı deıatelnostı Alash-ordy, kırgızskıh natsıonalnyh grýppırovok za vremıa s 1 oktıabrıa 1922 g. po 1 ıanvarıa 1923 g.» // Alash qozǵalysy. Qujattar men materıaldar jınaǵy. Sáýіr 1920-1928 j. Dvıjenıe Alash. Aprel 1920-1928 gg. – Almaty: «el-shejіre», 2007. – T.3. Kn.1. – 304 s.

39 Bıýlleten V-go Vsekırgızskogo Sezda Sovetov. Ak-mechet. 19 aprelıa 1925 g. – №8. – S. 5-7.

40 QROMA, 5-q., 19-t., 88-іs, 62-p.

41 QRPM, 141-q., 1-t., 36-іs, 64-74-p.

42 RÁSTMA, 558-q., 11-t., 806-іs, 44-45-p.

43 RÁSTMA, 17-q., 3-t., 554-іs, 7-8-p.

44 RÁSTMA, 17-q., 3-t., 562-іs, 7-p.

45 Mahat D. Qazaq zııalylarynyń qasіretі. – Almaty: «Sózdіk-Slovar», 2001. – 304 b.

46 RÁSTMA, 17-q., 3-t., 762-іs, 5-6-p.

47 RÁSTMA, 17-q., 3-t., 808-іs, 14-p.

48 Qazaqstan ókіmetіnіń jańa qurylysy // Eńbekshі qazaq, 1931. – 18 aqpan (sársembі). - № 39 (1931). – 1-b.; Spısok chlenov Kazakskogo tsentralnogo ıspolnıtelnogo komıteta VIII sozyva (v alfavıtnom porıadke) // Sovetskaıa step», 1931. – 1-marta.; QROMA, 5-q., 15-t., 106-іs, 1-p.

49 VIII Kazakstanskaıa Kraevaıa konferentsııa VKP(b) 8-16 ıanvarıa 1934 g. Stenografıcheskıı otchet. – Alma-Ata: Kazkraıızdat, 1934. – 403 s.

50 Sezdy Sovetov Soıýza SSR, Soıýznyh ı Avtonomnyh Sovetskıh Sotsıalıstıcheskıh respýblık. 1917-1937 gg.: Sbornık dokýmentov v 7-tomah. T. 4, chast 1. – Moskva: Gosızdat ıýrıdlıt, 1962. – 1210 s.

51 Postanovlenııa: IH Vsekazakskıı sezd Sovetov. – Alma-Ata-Moskva: Kazakstanskoe kraevoe ızdatelstvo, 1935. – 56 s.

52 QROMA, 5-q., 16-t., 482-іs, 173-p.; 5-q., 18-t., 634-іs.

53 QROMA, 5-q., 16-t., 38-іs, 76-77-p; Sonda, 39-іs, 117-118-p.; Sonda, 40-іs, 5-p.; Sonda 19d-t., 293-іs, 5-p.

С.К. ШИЛДЕБАЙ1

1Институт истории и этнологиии имени Ч.Ч. Валиханова,

кандидат исторических наук, г. Алматы, Казахстан

S.Shildebai@mail.ru

ОБЩЕСТВЕННО-ПОЛИТИЧЕСКАЯ И ГОСУДАРСТВЕННАЯ ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ СЕЙТКАЛИ МЕНДЕШЕВА

Резюме

Статья посвящена первому председателю Центрального Исполнительного Комитета Казахской АССР, видному государственному и общественно-политическому деятелю Сейткали Мендешеву. С. Мендешев – выдающаяся историческая личность, внесшая значительный вклад в становление и развитие казахской государственности в годы советской власти. С. Мендешев сыграл большую роль в объединение казахских земель в одну республику – Казахскую АССР.

В 1903–1916 годах С. Мендешев осуществлял революционно-пропагандистскую работу просветительского характера среди казахов Букеевской Орды, участвовал в организации тайных сходок казахской интеллигенции. Принимал участие в национально-освободительном восстании 1916 года. После Февральской революции 1917 года в Ханской Орде занимался агитационной работой революционного направления и был одним из организаторов первого Казахского съезда Букеевской губернии. С 1920 года по 1925 год 4 раза подряд избирался председателем КазЦИК, внес неоценимый вклад в становление и развитие казахской государственности. В 1920–1921 годах при голодоморе в Казахской степи создал Комиссию по борьбе с голодом, борясь за спасение народа от голодной смерти. Сыграл значительную роль в объединении казахских земель. В статье важные моменты жизни и деятельности С. Мендешева анализируются на основе архивных документов и первичных материалов, которые впервые вводятся в научный оборот.

Ключевые слова: Мендешев, Казревком, Казобком, Казкрайком, голод, группировщина, мендешевщина, коренизация, казахизация, национальная политика.

S. SHILDEBAY1

1Ch.Ch. Valikhanov Instituteof History and Ethnology

Candidate’s (Ph.D.) Degree in Historical Sciences

Almaty, Kazakhstan S.Shildebai@mail.ru

PUBLIC, POLITICAL AND STATE ACTIVITIES OF SEYTKALI MENDESHEV

Summary

The article is dedicated to Seytkali Mendeshev who was the first chairman of the Central Executive Committee of the Kazakh Autonomous Soviet Socialist Republic, a prominent statesman and socio-political activist. S. Mendeshev was an outstanding historical figure who made a significant contribution to the formation and development of Kazakh statehood during the years of Soviet power. Honored worker who contributed to the unification of all Kazakh lands into one republic.

In 1903-1916 S. Mendeshev carried out revolutionary propaganda work of an educational nature among Kazakhs of the Bukey Horde, participated in the organization of secret meetings of the Kazakh intelegence. He participated in the national liberation uprising of 1916. After the February Revolution of 1917 in Khan (Bukeev) horde he was engaged in agitation work of the revolutionary direction and was one of the organizers of the first Kazakh Congress in Bukeev Province. From 1920 to 1925 he was elected as the Chairman of KazCEC 4 times in succession, and made an invaluable contribution to the formation and development of Soviet Kazakh statehood. In 1920-1921, under famine in the Kazakh steppe, he organized a commission to combat hunger and contributed to saving the population from hunger. He worked on the course of unification of Kazakh lands into one republic. In the article, important moments of the life and work of S. Mendeshev are analyzed on the basis of archival documents and primary materials that were not previously used in scientific circulation.

Keywords:Mendeshev, Kazrevkom, Kazobkom, Kazkraykom, hunger, grouping, mendeshevschina, indigenization, Kazakhization, national politics.



[1] Біз осы мақаламызда 1920 жылдан бастап 1925 жылдың маусымына дейінгі «Қырревком», «Қырпартбюро», «Қыробком», «Қырөлкеком», «қырғыз» және т.б. қазақ халқына қатысты қолданылған «қырғыз» атауының барлығын да бұл порталдың көпшілікке арналуына байланысты автоматты түрде «Қаз...», «қазақ» деп жаздық. Тек қана төл сөз ретінде берілетін архив деректері мен ресми құжаттардағы мәтіндерде «қырғыз» сөзі қаз қалпында беріледі.


Пікір жоқ

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз